Жертөледегі жазу



бет10/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29

2

... Сол күнi таң да ерекше тамылжып атып едi. Көгiлдiр нұрға бөккен аспан астын бiр сиқырлы сыңғыр кезiп жүргендей. Жүрегi өз-өзiнен елегiзiп, әлденеге алып ұшты да тұрды.

Құрылыс отрядындағы жетi студент жеке базар боп «Жаңа тұрмыста» мал қора салып жатқан. Қабырғасын қаңқайтып тұрғызып қойды. Төбесiн жабуға сырғауыл жоқ. Тамның саясында аяқтарын аспанға асып тастап, карта соғып жатқандарына, мiне, үшiншi күн. Қиратам да жоям деп Қаскелеңге кеткен командирдiң өзi ұшты-күйлi жоғалған. Жата-жата зерiккен Әзиз-Сұлтан жуынып-таранды да почтаға барып келейiн деген сылтаумен қалаға тартып кеттi. Бас почтамтқа кiрiп едi, үйден хат-хабар жоқ екен. Сәрсен паспортын берiп жiберген. Оған сегiз хат келiптi. Бәрi ауылдағы Тойған деген сауыншы қыздан. Әрқайсысының қалыңдығы елiге таяу, конвертке тырсиып әзер сиып тұр. Апта құрғатпай өстiп төпеп келедi де жатады. Бiрақ Сәрсен мұның бiрiн оқыса, бiрiн оқымайды, кейбiрiн тiптi ашпастан жырта салады. Неткен жалықпайтын, жалындаған көңiл. Жауап болмаса да жаза бередi. Ал, Сәрсен сарылып басқа адамнан хат күтедi. Айтуынша, Павлодарда педучилищеде оқитын Лиза деген сүйген қызы бар. Бiрақ ол хат жазбайды. Хат келген сайын жүгiрiп барып бас салады да, конверт сыртындағы «от меня» деген Тойғанның айбақ-сайбақ жазуын көрiп, қабағы түсiп кетедi. Темекiсiн үстi-үстiне бұрқыратып, қара-шұбар жүзi түнерiп үн-түнсiз отырғаны.

Хаттарды целлофан дорбаға салып едi, жартысынан асты, ап-ауыр. Алыстағы бейтаныс бойжеткеннiң арманы мен сағынышын көтерiп келедi.

Сусын iшпек боп бүйiрдегi «Аққу» кафесiне бұрылған. Гүлзар iшi сабат-сая. Көгалдағы жаңа ғана машинамен орылған десте-десте балаусаның иiсi мұрын жарады. Ағаш басында сыпсыңдай желген желемiк бар– жол жиегiне төгiлген жапырақтың көлеңкесi қоңыз өрiп бара жатқандай жыбыр-жыбыр етедi. Кафе аузында кезекте тұрғандар көп болған соң, саябырсығанын күтiп, көлшiк жиегiндегi жайдақ орындыққа тiзе бүктi. Кемерi малта таспен өрiлген төртбұрыш көлшiктiң ортасында кiшкентай дөңгелек арал бар. Жағасында жапырағы суға малынып бiр түп мәжнүн тал өскен. Су бетiнде жалғыз аққу қалықтайды. Қалқыған бiр шөкiм ақ қар сияқты. Толқын қақпақылдап арлы-берлi қозғалтқаны болмаса, қимылсыз. Бұршақтай сұрғылт көздерiн айналаға анда-санда бiр самарқау төңкерiп, қыбырсыз мүлгiп қалған. Жабырқау, мұңлы. Бұрын екеу боп жүзiп жүретiн. Бiрi ақ, бiрi қара. Қарасы таяуда жоғалып кеттi. Бiреулер өлiп қалды дейдi. Ендi бiреулер тiптi құбылтып айтады. Осында, зооветте оқитын бiр жiгiттiң Шымкент жақта тұратын жеңгесi қара қудың жүрегiне жерiк бопты-мыс. Көптен берi бала көтермей жүрген мұңлық екен. Жiгiт түнделетiп келiптi де күзетшiге бес жартылық берiп, құсты қағып кетiптi. Содан берi аққу жалғыз. Жарқыраған күнге жадырап қунабайды. Әне, мойнын арқасына қайырып, ештеңенi көрмейiн, естiмейiн дегендей, тұмсығын қауырсын астына тығып алды. Сәлден кейiн, түсiнен шошығандай, оқыс сiлкiнiп, қанатымен су сабалап шыркөбелек айналды. Сұңқылдай өксiп қанатын далақ-далақ қағып ана жағаға бiр, мына жағаға бiр барады. Шарықтап кетуге дәрмен жоқ. Сыңарын iздеп, шыр-шыр етiп жылап жүргендей. Аспан асты өксiкке булықты. Күн де осы сәт алақандай бұлтқа бетiн басып, айналаны күңгiрт көлеңке жайлап алған. Жер бетiн құлазыған жалғыздық кезiп жүр.

Әзиз-Сұлтан өз-өзiнен мұңайып, жүрегi сыздап орнынан тұрды. Қайда баратынын өзi де бiлмейдi. Әйтеуiр осы жерден тезiрек кетпек оймен қозғала бергенi сол едi, бес қадамдай жерде шыршаның саясындағы орындықта қара шашы жайылып жылап отырған бiр қызды көрдi. «Япыр-ау, бұл не деген қаптап кеткен жылау!» Жiгiт аңтарылып қалды. Қыздың жайылған қап-қара шашы бет алдын, арқасын дөңгелене белуарына дейiн жапқан – жетiм аққудың сыңары тiрiлiп келiп, көлiне жете алмай сұңқылдап сыңсып отырғандай. Жiгiт жасқаншақтай басып жанына келдi. Қыз қос алақанымен бетiн жауып, иығы бүлк-бүлк етiп тұншыға өксидi. Саусақтың жiгiнен мөлт-мөлт етiп мөлдiр тамшылар жерге тамып жатыр.

– Айналайын, қарындасым, не болды? Бiреу жәбiрледi ме? Әлде... ақшаңды жоғалтып алдың ба?

– Бақытымды жоғалттым!

– Қой, олай деме, айналайын. Сенiң құлпырған жап-жас өмiрiңнiң өзi бақыт емес пе! – дедi жiгiт, сақалы белiне түсiп тұрғандай дауыспен мақамдап.

– Құрысын. Бақытсыз құр жастықтан не пайда. Бiттi. Үмiтiмнiң жолы кесiлдi. Өлем! Қазiр станцияға барам да поездың астына бiр-ақ секiрем!

– Тек, өйтiп тентек болма! Айтшы, не болды сонша?

Қыз iшiн тарта терең бiр өксiп алып, төгiлген қара шашын керi сiлкiп едi, қара бұлттың арасынан жарқ етiп күн шыққандай болды. Аспан астын жайлаған күнгiрт көлеңке жым-жылас жоғалды; көкiрегiн тырналаған азалы сұңқылдың үнi өштi. Көз алдында, жан- жүрегiн тұтқындаған әлемде таңғы шыққа шомылған қарақаттай жаудырап қос жанар ғана қалды. Кiршiксiз ақша жүз, қыр мұрын, керме қас... «Мiне, ғажап! Мiне, перiште!» Жүрегi аузына тығылып сиқырдай арбалып қалған бiр сәт.

– Әне, ана үй менiң арманымды тонады! – дедi қыз бас почтамт жанындағы университет үйiн иегiмен нұсқап. Ағасына шағынған шолжаң баладай еш риясыз бiр сәби тазалықпен албыраған әдемi ернiн бұртитты. – Менде ендi болашақ жоқ!

– Емтиханнан құладың ба?

– Иә. Биофакқа тапсырып едiм. Химиядан төрт алғам. Биологиядан ұшырып жiбердi.

– Дайындығың шалағай болған ғой?

– Жоқ, бас алмай дайындалдым. Мектепте де жақсы оқығам. Химия мен биологиядан грамоталарым бар.

– Қанша жақсы оқыдым дегенмен ауыл мектебiнiң жайы белгiлi ғой. Көп жағынан ақсап жатады.

– Жарайды, озып-жарып алға шықпай-ақ қояйын. Бiрақ басқалармен салыстырмай ма? Әдiлет деген болу керек қой. Бiрге кiрген екi қыздың бiреуiне тексерген боп iшке кiрген бiр көзәйнектi еркек шпаргалка әкеп бердi. Екiншiсi кiтапты ашып қойып көшiрiп отырса да мұғалiм байқамағансып отыра бердi. Бiреуiне төрт, бiреуiне үш қойды. Мен жауап бергенде жалпақ бет қазақ тыңдаған да жоқ, қасындағы орыс әйелiмен сөйлесiп отырды. Фамилиямды оқып, дәптерiнiң астындағы әлдебiр қағазға үңiлдi де, ДНК-ден шығарған есебiмдi қаламмен ортасынан бiр-ақ сыза салды. Осыдан кейiн қалай күйiнбессiң? Көзiңдi бақырайтып тұрып қиянат жасайды. Өңкей парақор, алаяқ жалмауыздар жайлап алған! Бүйтiп қорланғанша өлген артық. Өлем, өлем!.. – Қыз көз жасына булығып, жұдырығымен орындықтың ернеуiн түйiп-түйiп жiбердi.

– Пәлi, қарындасым, азғындардан жәбiр көрдiм деп аяқ астына лақтыра салатындай сенiң өмiрiң соншалық құнсыз нәрсе ме едi?

– Қорлығын айтсайшы, қорлығын!..

– Е, айналайын-ай, өмiрдiң соққысы бiр бұл емес. Әлi талай қорлықты да, зорлықты да көресiң. Желкенiңдi жаймай жатып бiр соққаннан қалмай қаусап-күйреп қалсаң не болғаның. Жастық жалын қайда!

– Қатты соқты ғой. Есеңгiретiп кеттi!

– Түсiнем.

Жiгiтке таныс хал. Әскерге баратын жылы өзi де емтиханнан құлаған болатын. Ой, сондағы күйiктi-ай. Көзi қарауытып түк көрмейдi. Төртiншi қабаттағы ұзын коридордың тұйығындағы терезе алдында теңселiп ұзақ тұрды. Бiр теуiп секiрiп кеткiсi келдi. Талай оқталып барып тоқтады. Жер тырнап аңырап-зарлап қалатын артындағы ата-анасы мен бауырлары көз алдына елестедi. Бiр көгi бiр көгiне iлiнiп әзер жүрген бейшаралардың қиналып азапқа түсетiнiн ойлады. Әйтпесе, өзi үшiн өмiрдiң көк тиындық құны жоқ едi сол сәт.

– Өмiр – тынымсыз күрес, арпалыс, айналайын. Бiрде жеңесiң, бiрде жеңiлесiң. Бiр ғана сәтсiздiк үшiн бәрiнен түңiлiп, бiржолата күйреп, жасып қалғаның қалай. Өзiң тiптi нашар екенсiң ғой. Өмiр бүгiнмен бiтпейдi. – Қараңғы көңiлiне үмiт отын үрлеп, жiгер бере сөйледi. – Биыл түспесең, оқуға ендiгi жылы түсесiң. Ер бала емессiң ғой әскерге алып кетедi деп қорқатын. Осында қыздарға кел-кел деп құшағын ашып тұрған АХБК-а деген бiр айналайын фабрика бар. Қаласаң, сонда жұмыс iсте, болмаса басқа бiр жерге орналасарсың. Қыстай дайындық курсына бар. Емтиханға екi-үш ай қалғанда репетитор жалдап бас алмай дайындалшы, қалаған оқуыңды қалпақпен қағып аласың.

Жанашыр жылы сөз естiген соң қыз көңiлi одан сайын босады. Көз жасына үнсiз тұншығып, қыстыға өксiдi. Ортасына айқастырып қос қызғалдақтың суретi салынған, жиегi оймыш-оймыш кестiленген көкшiл шытын төрт қаттап, көзiне кезек-кезек басады. «Жыласын. Шерiн әбден тарқатсын», деп ойлаған жiгiт басу айтып әуре болған жоқ. Темекi тұтатты. Аяқты айқастырып, оң қолын орындықтың арқалығына асып, шалқалаған күйi ерiн ұшынан көк түтiндi ауаға сыздықтата үрлеп алысқа қадалып үнсiз отыр. Бiраздан кейiн қыз:

– Темекiңiзден берiңiзшi, – дедi қысылу-қымтырылуы жоқ өзiмсiнген ерке дауыспен. Жiгiт қораптың түбiн бiр шертiп, сопаң етiп шыға келген сары құйрық «Қазақстанды» алдына тосқан. Қыз бiр талын алып, кәнiгi темекiшiше сабағын арлы-берлi уқалап, мұрнына көлденең тосып, құшырлана иiскеген. «Мынау нағыздың өзi болмаса игi едi!» дедi жiгiт көңiлi құлазып. Бiрақ қыз тұтанған темекiнi сорар-сормастан түтiнге қақалып, қиқылдап-шиқылдады да қалды. Тынысы бiтелiп, лоқсып, қолындағы темекiнi лақтырып жiбердi.

– Жүре ғой, сусын iшейiк. – Жiгiт орнынан тұрды. Қыздың ләм-мимсiз еретiнiне нық сенгендей, артына қарайламастан кафеге тура тартты.

Жабайы жүзiмнiң саясындағы оңаша үстелге жайғасып, даяшыға бiр графин сусын, екi стакан кофе, екi бутерброд және бойжеткенге арнап плитка-шоколад алдыртқан. Қыз селқос, стаканға құйып, ұсынған сусынға қол созған жоқ.

– Ащылау бiрдеңе алдырыңызшы! – Қыз сумкасынан бүйiрiнде үндi актрисасының суретi күлiмдеген жылтыр әмиянын алып бұның алдына жылжытты. Бұл бетiне қарап едi, – Арақ iшкiм кеп тұр. Көкiрегiм өртенiп барады! – дедi. Жiгiт әмиянды керi ысырды:

– Салып қой. Бүгiн мен сыйлайын.

Даяшыны ымдап шақырып алды да құлағына сыбырлаған. Мың болғыр, лып еткiзiп жүз елу грамм «Қазақстан» коньягiн графинге құйып, екi рюмкасымен әкеп алдарына қойды. Жiгiт екi рюмкаға мөлтiлдете құйып:

– Ал, қарындасым, күн жаманы осымен кетсiн. Алдағы өмiрiңе сәттiлiк тiлеймiн! – деп, күрең лағыл коньяктi мөлтең еткiзiп, көмейiне төңкере салған. Қыз су iшкен тауықтай басын кекжите көтерiп, ұзақ сыздықтатып түбiне дейiн iштi. Түк ашырқанған жоқ. Рюмкасын тағы да ұсынды. Iзiн суытпай оны да тартып жiбердi де көзiн жұмып, үн-түнсiз отырып қалды. Бiр демнен кейiн:

– Уh, – дедi аузынан жалын атып, – кәпiрдi қалай iшедi жұрт!

– Сен қалай iшсең, солай iшедi.

– Менiкi күйiк!

– Әркiмнiң өз сылтауы бар.

– Тағы да iшем. Мас болғанша iшем. Бәрiн ұмытқым келедi...

– Болмайды, айналайын. «Мешкей деген жақсы ат емес». Танымайтын жат жерде бiрдеңеге ұшырап қаларсың.

Қыз ары қарай сөз таластырып өңештеген жоқ. Әзиз-Сұлтан даяшымен есеп айырысып, орнынан тұрды. Екеуi қатарласып гүлзар iшiнде арлы-берлi қыдырыстады. Жолдың қос жиегi саясын төгiп самсаған қайың. Аракiдiк орындықтарда бiр қолымен коляска тербеп газет оқып отырған жас әке, шахмат ойнап шүңкiлдескен шалдар болмаса, бақ iшiнде кiсi аяғы саябыр. Жақын маңнан әлдебiр құс осынау жадыраған жаймашуақ жаз күнiне жүрегi шаттанып тамылжыта сайрайды. Қыз да көкiрегiндегi қара бұлт сейiлгендей, екi бетiнiң ұшы албырап, көзi ұшқындап жадырай бастады. Бiр-бiрiне аты-жөндерiн айтып танысты. Анекдоттағы әуелi сүйiсiп, содан кейiн танысатын қыз-жiгiт естерiне түскендей, ет пiсiрiм сөйлесiп отырып ендi жөн сұрасқандарына екеуi де күлiсiп алды. Есiмi Сәбира екен. Сонау Зайсан көлiнiң жағасындағы балықшы ауылдан келiптi. Бiр көрген адамның жетегiне елп етiп ере кеткенiне бұл қалай деп ыңғайсызданар емес, жалғызсыраған жетiм көңiл бiр ауыз жылы сөз айтып жұбатар жанашыр iздеп келе жатқанын жiгiт те түсiндi. Көңiлiн аулап, жүрегiн тырналаған азапты ойдан қалай арашаласам деп әлек. Кiтаптан оқыған, жолдас-жорадан естiген әртүрлi күлдiргi уақиғаларды бiрiнен соң бiрiн айтып ауыз жаппай келедi. Көлденең бiр арықтан аттай бере демемек боп қолын созып едi, пейiш бағынан үзiлген жапырақтай әппақ саусақтар үлбiрей қалықтап кеп алақанына қонды. Қайтып тартып алған жоқ. Нәп-нәзiк сүйрiк саусақтар уысында бұлқыныссыз бейбiт жатыр. Қыз қайта бағанадан берi осы қимылды күткендей бетiн бұның иығына сүйеп, бауырына тығыла түстi. Япыр-ау, шарықтаған қиялы жетпес шырқау биiктегi арманын қолын жалғыз-ақ сермеп iлiп түскенi ме! Бәлки жаңағы коньяктың буы шығар көз алдын көк тұман боп буып тұрған? Әлде өзi... жо-жоқ, тоқта, сабырсыз жүрек! Айдалада адасып қалған жалғыз лақ кiсi қарасын көрсе жүгiрiп жанына жетiп келмей ме. Маңырап соңынан қалмайды. Бұл да қазiр сондай, сенi ес көрiп пана тұтады, қысылған сәтiнде қол ұшын берген қамқоршы санайды. Бұнда көретiн көз, еститiн құлақ жоқ. Жалғызсырап жабыққан жүрек қана бар, қамығып, қалтырап әлсiз соғады. Жанашыр дос iздейдi, жылылық, мейiрiм тiлейдi. Көрмейдi деп жетелеп апарып орға жықсаң, естiмейдi деп арқасынан қанжар салсаң – сенен жауыз, қиянатшыл кiм бар!

Қол ұстасқан күйi екеуi «Целинныйға» барып, киноға кiрдi. Француздың атақты «Ватерлоо көпірі» фильмi. Жас ғұмырын соғыс өртi шарпыған қос мұңлықтың қайғылы махаббатты. Аласапыран бейуақта ұшырасқан екi жас жалғыз-ақ сәтте ұғысып, ыстық iңкәрлiкпен табысып едi, шексiз бақытты едi. Офицер көп ұзамай майданға аттанады. Жоқшылық тақсыретiн тартып, шырғалаңға түскен бишi қыз күн көрiс үшiн ақыры жезөкшелер үйiнен бiр-ақ шығады. Бiр күнi майданнан қайтқан солдаттардың көңiлiн көтеру үшiн вокзалда отырса, өлдiге санаған өзiнiң жiгiтi кiрiп келедi. Көкiрегi шерге толып құсаланған бейбақ қаңғалақтап жүгiрген күйi көпiрден секiрiп мерт болады... Жүрегiң мұздайды. Өмiр неткен қатыгез. Тағдырдың алдында адам қандай қорғансыз, бейшара. Қырына алса, қандай құрыштың өзiн борша үгiтiп, күлiн көкке бiр-ақ шашады екен-ау!

Қараңғыда сипалақтап қыздың қолынан ұстаған. Үркiтiп алар ма екенмiн деп жүрексiнiп едi, жұп-жұмыр тiзе үстiнде дамылдаған сүйiр саусақтар ондай асаулық танытқан жоқ. Тасада табысқан ыстық алақандар үнсiз аймаласты. Қыз жанарын жарқ еткiзiп еркелей бiр қарап алды да бұның иығына басын сүйедi. Қимылсыз қалғанға, экрандағы өмiрдiң қызығына берiлiп кеттi деп ойлаған. Бiраздан кейiн басы ауырлап, тынысы бiр қалыпты шуылға ауысты. Ұйықтап отыр. Анда-санда iшiн тартып өксiп қояды. Күнi бойы жылай-жылай әбден титықтап кеп аш қарынға iшкен әлгiндегi коньяк буынына түсiп кеттi-ау, шамасы. Оятып алмайын деп өбектеген жiгiт иығын қозғауға қорқып қимылсыз отыр. Қобыраған қолаң шаштан кеңсiрiк қытықтап жусанды даланың жұпар иiсi аңқиды.

Ертеңiнде Гагарин мен Киров көшесiнiң қиылысындағы жатаған үйге тағы келдi. Кеше шығарып сап тұрып осы жерде жолығуға уәделескен. Ашық тұрған қақпадан үңiлiп едi, жонарқасы қырқылып, бауыр жүнi салбыраған саталақ-саталақ ақ кәнден шәуiлдеп қоя бердi. Бүйiрдегi времянканың терезесiнен әлдекiм сығалағандай болды да, iле есiк ашылып, iштен Сәбира шықты.

– А ну-ка, Шарик, на место! – кәнден ләббай, тақсыр, дегендей құйрығын бұлғаңдатқан күйi шынжырын салдыр-гүлдiр сүйретiп үйшiгiне кiрiп кеттi. Тұңғиық түбiнде жарқ-жұрқ ойнаған сазанның бауырындай жұп-жұмыр, әппақ балтыр, көкшiл көйлекке малынған сүйрiктей сұңғақ дене – көлеңке үйездеген күңгiрт аулаға жапырағы жайқалып толықсып балапан қайың өсiп шыға келдi, жо-жоқ, аспан астын бiр нәзiк сиқырлы қуанышқа толтырып көгiлдiр сәуле қалықтап келедi. Бақыттан басы айналып, жiгiт көзiн жұмды. Кiрпiгiн ашса, алдында тұрған мүлде басқа Сәбира! Ұяң, сынық. Ерiнi томпайып, тостағандай мөп-мөлдiр жанары жыпылықтап, үрке, жатырқай қарайды. Бiр-ақ түнде жасарып бала боп шыға келдi. Сирағы серейiп, жасқаншақтап жаутаң қаққан аңғал жасөспiрiм. Төбесiн қақ жара өрiп, алдына түсiрiп қойған бiлектей-бiлектей қос бұрымының ұшындағы ақ бантик те шәкiрт қыздiкi. Үстiндегi шолақ етек, оңа бастаған көк шыт көйлек те шәкiрт қыздiкi. Тек шырын жиып томпиған қос анар мен серпiндi толық мықын шәкiрт қыздың тар көйлегiне сыймай есейдiм, бойжеттiм деп бұлқынып жатыр. Бүгiнгi Сәбира қол созымда тұрса да қолы жетпестей боп жырақтап кеткендей. Екi көзi бұлаудай, өксiп бауырына тығылған, аузынан коньяк аңқыған, қимылы батыл, ашық мiнез кешегi бойжеткендi iздеп көңiлi қоңылтақсып қалды.

Назары төменшiктеп бiр қырын қараған қыз:

– Кешiрiңiз, аға, кеше алдыңызда көп оғаштық жасаппын! – дедi, жайпақ табан көк туфлиiнiң тұмсығымен саз топырақты дөңгелете сызып.

– Ондай ештеңе де болған жоқ, – дедi жiгiт мән бермегенсiп.

– Жоқ, түнiмен ойлап бетiмнiң оты шықты.

– Түнiмен ұялсаң, ендi ұялмай-ақ қой, – дедi Әзиз-Сұлтан әзiлге бұрып. – Бiр отқа екi күйме.

– Бәрiнен бұрын арақ iшкенiмдi айтсайшы. Сiздiң орныңызда бөтен ойлы бiреу болса... – «Бөтен ойлы» не iстейтiнi көз алдына елестегендей қыз өз-өзiнен үрейленiп, қорғансыз көжекше жүрегi дүрс-дүрс соғып бұның бауырына тығылды. – Сiз жақсы адам екенсiз. Мың да бiр рахмет, сiзге!..

Кешегi қолаң шаштан бұрқыраған жусанды даланың жұпар иiсi тағы да танауын қытықтады.

Екеуi жүгiрiп жүрiп сол күнi университеттен Сәбираның документiн алды. Мақта-мата комбинатына барып едi, бiр қолын екi ете алмай кiсiге зәру болып отыр екен, аяқ-қолын жерге тигiзбей сол бойда жiп иiру цехына шәкiрт қып қабылдап, жатақханадан орын бердi. Балконы бар, үш кiсiлiк үлкен бөлме. «Жыртық үйдiң де құдайы бар» дегендей, iстiң сәтi оңай түсiп кеткенге iштей тәуба қып екеуi де қуанысты. Таксиге отыра сап, жалғыз чемодан мен буыншақ-түйiншектерiн артып, әне-мiне дегенше көшiп те алған. Сәбира мәз. «Бәрi сiздiң ақылыңыз, сiздiң қамқорлығыңыз» дегендей, жайнаң қағып жымиып қояды... Жүрек пен жүректiң арасындағы айлап-жылдап алқынып жете алмайтын алыс жолды осынау бiр күннiң iшiнде жүрiп өткен тәрiздi. Аға мен қарындас әлде бiрге өскен дос сияқты ма, әйтеуiр араларында бiр ыстық қимас жақындық сезiмi орнаған.

Сол кеткеннен бұл, ұшарға қанаты жоқ болса да жұмыс басты боп байланып, он күннен соң бiр-ақ оралған Алматыға. Апыл-ғұпыл киiнiп-таранып, комбинаттың жатақханасына тартқан. Сәбира бұны терезеден көре сап, сыртқа атып шықты. Балаша жүгiрiп кеп әй-шай жоқ құшақтай алды да, жұдырығымен кеудесiнен түйiп-түйiп жiбердi:

– Өзiңiз жаман адам екенсiз ғой!

– Неге?


– Үн-түнсiз жоғалып кеттiңiз!

– Айттым емес пе, «Жаңатұрмыста» қора салып жатқанымызды.

– Бәрiбiр!..

Жiгiт көкiрегiне лап қойған алапат қуаныштан теңселiп кеттi.

Бәйтеректiң түбiнде тiл ұшынан бал сорып мәңгiлiкке серттескен сол бiр айлы түн өлсе есiнен кетер ме! Желмен сыбырласқан теңге жапырақтар қуана қол соғып, тұнық аспанның тұңғиығынан сығалаған меруерт көз жұлдыздар «куәмiз, куәмiз» дегендей қызыға жымыңдасқан. Шын бақытты сәтiнде адам жылайды екен. Шексiз мейрiммен бiр-бiрiне елжiрей телмiрген жанарларда таңғы шықтай мөлдiреп қос тамшы тұр едi...

Сол күннен бастап жұптары жазылған жоқ. Түсте көрсе, кешке дейiн сағынысып тұрады. Көретiн түсi, айтатын сөзi... – тек Сәбира, Сәбира! Қасындағы Қосымхан бұның балаша қуанып өз-өзiнен шалықтаған түрiне қарап, «түк көрмеген бейшара, бiр шүйке бастың қолынан ұстағанға есi шығып кеттi!» деп iшiнен жымсиып күлетiн. Сәбираны алғаш рет бөлмеге ертiп келгенде күлегеш жiгiттiң бiр тиындық бiтiк көзi бес тиындық бақырдай боп бадырайып кеттi. Не дегенмен жөннен жығылмайтын мырза, аңқылдақ неме. «Қазақтың осындай қызын көргенiме бақыттымын!» деп сол жерде арақ-шарап үзiлмейтiн тумбочкасынан бiр шөлмек шампанды суырып алып, тығынын тарс еткiзiп бiр-ақ атқан. Қосымханмен екi жылдан берi бiр бөлмеде тұрады. Тәттiнiң дәмiн ерте татып, жастық базарында бiраз сайрандаған тiсқақты қу. Биыл ақырғы курста оқитындықтан, ноқта-жүгенсiз еркiн заманның әр күнiн барынша «үнемдi» пайдаланып жүр. Алматыдағы қызы көп институт-техникумның барлығына «күйеубала».Жыл он екі ай күйек науқаны. Екi күннiң бiрiнде: «Бала, ағаңның бүгiн ышқыры босап тұр. Қызжiбек жеңгең келедi, басқа жерге барып қон!» деп бөлмеден қуып шығады. «Қызжiбегiнiң» бiрiнiң бетi шұбар, бiрiнiң көзi қыли. Бiрақ Қосекеңе бәрiбiр, санын пәленшеге жеткiзем деп мiндеттеме алған кiсiше, түнгi қонақтарын жиi-жиi жаңалап тұрғанға мәз. Қасқыр көз кезекшiлер есiктен кiргiзбесе, қыздарды терезеден кiргiзiп алады; простыняларды жалғап екiншi қабаттың балконынан тартып алып жатқанда комендантқа ұсталып қалып талай рет күлкi де болды. Оған айыл жиып жатқан Қосекең жоқ. Беделдi сайыстың чемпионы атанғандай кеудесi қайқайып жүргенi. Тек Сәбираны көргеннен кейiн, «Е, бауырым, бiздiң қыз деп жүргенiмiз қызыл сиыр екен ғой!» деп екi апта жортуылға шықпай терiс қарап үһілеп, қара жамылып жатып алған.

Бiр күнi Қосымхан: «Бала, бiр жеңгең күн жылыда тауға шығып қайтайық деп қыңқылдап жүр. Қақтаған балықтай түтiнге қақалып жата беремiз бе, таза ауа жұтып, серпiлiп келейiк. Келiн баланы көндiр. Алдағы сенбiде барамыз... с ночевкой!» деп көзiн жымысқылана қысқан. Ақылы бұның да көңiлiне қона кеттi. Сәбира екеуi өздерi де сәтi түскенде тау бөктерiн тамашалап қайтсақ па деп жүрген. Уәделi күнi бұл Сәбираны, Қосымхан кезектi «Қызжiбектiң» бiрiн ертiп, артынып-тартынып жолға шыққан. Медеуге дейiн автобуспен барып, ары қарай шатқалды өрмелеп жаяу тартты. Қия беткей, айқыш-ұйқыш жалғыз аяқ жол. Жол қапшықтары арқасында шодырайып тасбақаша жыбырлап өрiп бара жатқан ел. Әрқайсысы көзден таса, оңаша, тыныш жердi iздеп неғұрлым сұғынып, аулақ кетуге асық. Бұлар да дамыл-дамыл тынығып, сусын iшiп, ұзақ жүрдi. Мүк басқан қожыр-қожыр жартастар мен алып самырсын, ұшқат, бүргеннiң арасын қуалай бұралаңдап жүгiрген шырмау-шату сүрлеулердiң сорабы көнерер емес. Қай жағыңа қарасаң да сарғайған газет пен аузын бақадай ашқан консервi қалбырлары, тоңқалаң асқан бос бөтелкелер. Аракiдiк «оңаша қалғанда осылай етпегенде не iстеушi едiк» дегендей бiр-бiрiмен анайы, ашық-шашық айқасқан жұптарды көресiң. Дарылдап аспанды басына көтерген дарақы, масаң дауыстарды естисiң. «Құдай-ау, арақ iшу үшiн де осында келе ме екен!» дейсiң iшiңнен қайран қалып. Қанатты қиял, асқақ романтикамен қоса көр-жер қоқыс пиғыл, даңғаза дарақылық та өрмелей-өрмелей тау басына шығып алыпты.

Қадау-қадау шырша, бүрген өскен құлама беткейдi қиялай бiресе құлдилап, бiресе өрлеп жыланша ирелеңдеген соқпақ қыр арқаға iлiнген соң бiрте-бiрте жiңiшкерiп, тарқатылған қамшының ұшындай жан-жаққа шашырап, шөп арасына сiңiп жоғалды. Шайыр аңқыған ауа ширап, қар демi бiлiне бастады. Шығандап биiкке шығып кетiптi. Бас-аяғы көз аясына сиып, дөңгеленiп Алматы жатыр төменде.

Көкжиектi көзден қымтаған қара түтiн киiздей ұйысып жым-жылас тұмшалап алған. Суға батқан кеменiң мәтшасындай, «Қазақстан» мейманханасының алтын тәжi ғана анда-санда бiр бұлың етiп көрiнiп қояды. Ұлы шаhар екi өкпесi қысылып ыңыранып жатыр. Осы алып тiрлiктiң бiр бөлшегi екенi есiне түскенде тұлабойы тiтiркенiп кеттi: бұл уақытқа дейiн тұншықпай қалай тыныстап келген! Осынша лас дүниенiң арасында жиiркенбей қайтып жүрген! Ендi, мiне, сол иiс-қоңыс, күйе-қоқыстың бәрiн – кiр киiмiн төменге шешiп тастап тау басына шығып тұр. Ойы да, бойы да тазарып кеткендей. Биiктеген сайын адамның көңiлi асқақтап, жан сезiмi жуған әйнектей сыңғырлап мөп-мөлдiр бола түсе ме, қалай, көңiлiнде қылаудай қара ноқат, дұшпандық жоқ, еш жатырқаусыз жан бiткенге жүрегiнiң төрiн ашып аңқылдап елжiреген бiр хал. Күн астында iлiнген күмiс қоңырау – шыңдарды күмбiр-күмбiр сыңғырлатып ән салғысы келедi. Әлде мынау гүлден-гүлге қонған теңбiл қанат көбелектi қуып, көк шалғында асыр сап алаңсыз сәбиге айналып кетсе ме екен!.. Әйтеуiр, өз-өзiнен қуанып алып ұшқан асау жүрек ерiк берер емес.

Шашырай бiткен орманның шетiндегi алаңқайға шатырларын тiктi – тербелген көк шалғынға ғайыптан бiр-бiр алып ақ көбелек қанаты дiрiлдеп кеп қона қалды ма дерсiң.

Қосымхан қарағайдың дiңiне арқасын сүйеп екi аяғын көсiлiп отыра кеттi де жоқ сақалын сипап, шал бола қалды:

– Уh, жан-ай, кәрi сүйегiмдi сүйретiп Алатаудың басына да шықтым-ау! Шаршап қалды шалың, – деп, балағын тiзесiне дейiн түрiп тастап, етiмен ет қып қоңыр трико киген Нұржамалды мықынынан ұстай берiп едi, анау үрлеген доптай тырсиған бөксесiн бұлтың еткiзiп ыршып түстi:

– Шал сипаған денемдi құрт жесiн, секiремiн терең суға! – дедi сахынада тұрғандай майыса сыңғырлап. – Маған жас жiгiт керек!

– Пардон, мадам! Кешке дейiн жiгiт боламыз! – дедi Қосымхан қасын қағып. – Мына жастар сайға түсiп су алып келсiн. Сен екеумiз оған дейiн жерошақ қазып, шөмшек терiп қояйық. Солай ма, кемпiр?

– Кемпiрден құдай сақтасын! – дедi Нұржамал одан сайын қылымсып. – Менiң жас болғым келедi.

– О, жасартамыз, жасартамыз сiздi! – дедi Қосымхан теке көздене қыздың тырсиған денесiн тiнткiлеп.

«Шалдың» жарлығымен бар қуыс ыдысты арқалап Әзиз-Сұлтан мен Сәбира су әкелуге кеттi. Бас түйiстiре ентелеген құзарттардың арасынан сығалаған шатқал табаны жап-жақын боп көрiнгенмен оңайшылықпен жеткiзер емес. Құлама тiк, сүрiнiп кетсең, домалап етекке бiр-ақ түсесiң. Бала кездерiнде жайлауда жауынды күнi осындай күреңшелi беткейден легенге отырып ап сырғанаушы едi, мұз төбеден құйғытқандай жұлдызша ағатын. Әр қадамын санап басып, оңды-солды қиялай орағытып шым-шымдап түсiп келедi. Тiзе қаққан қалың шалғын. Аттаған сайын бұрқ етiп шегiртке шашырайды. Жарлауыт жерден әуелi Әзиз-Сұлтан өзi секiрiп түсiп, сонан соң Сәбираны көтерiп алады. Қыз ондайда «жо-жоқ, өзiм!» деп өтiрiк болса да бәлсiнiп шегiншектемейдi. Ақ бiлегiн созып, мойнына асыла кетедi. Аймаласуға сылтау iздегендей, айқасқан құшақтар жазылмай тұрып қалады. Алқынып, ынтыға сыбырлап, ыстық ерiндер үлбiрей табысады.

Анандайдағы көлденең қолаттың бойына қарауытып жалданып тұрған соң су бар шығар деген оймен барса, түп-түп боп тұтаса өскен қарақат екен. Шырыны сыртына теуiп күрең лағылдай мөлдiреп самсап тұр. Аяқ астынан ұшырасқан олжаға естерi шыға ұмтылған екеуi үн-түнсiз келiп шеткi бұтаның екi жағына тұра қалды. Сарай ашар сап-салқын қышқылтым шырын таңдай үйiредi. Араны ашылып ашқарақтана уыс толтырып үстi-үстiне асап жатыр. Жыланы қайтып тояттаған соң көңiлiне қулық ендi – Сәбираны қорқытайын деп ойлады: бет-аузына қызыл ала ғып қарақат жағып, төбесiне ши қадап попуас боп ақырын айналып барып арқа тұсынан шыға келмек. Уысындағы қарақатты езгiлеп тiзе бүгiп бұға бердi де бұта түбiндегi шалғынды жапырып шиырлаған iздi көрiп қалт тұрып қалды. Бұларға дейiн бiреулер келген бе? Бiрақ адамның iзi жалпақтау болса керек едi. Шалғын үстiндегi шырмау-шату iз сорабын қуалаған жанары анандайдағы қарауытқан әлденеге тiрелгенде бақырайып шарасынан шығып кете жаздады. Аю! Сырмақтай жердiң шөбi ойран-асыр жапырылған, төс жүнi ағараңдап, бауырын күнге төсеп керiлiп жатыр. Қарақатқа тойып ап мас боп ұйықтап кеткен-ау, шамасы. Бүкшиiп алға ұмсынған күйi қатып қалды, аяқ-қолы икемге келер емес. Әзер дегенде ес жиып, жүрек тоқтатты. Сыбдырсыз барып Сәбираны бiлегiнен шап бердi де әй-шай жоқ жетелей жөнелдi. Түкке түсiнбей таңырқаған қыз тартыншақтай бiрдеңе демек едi, Әзиз-Сұлтан үндеме деген ишарамен саусағын ернiне басқан. Жiгiттiң әлем-тапырық жүзiн көрiп шошыған қыз ендi өзi де елпектей ұшты. Жүгiре басқан екеуi бүйiрдегi мiнбелеген үйтастың төбесiне қалай шығып кеткенiн бiлген жоқ. Ентiктерiн басып, өз-өздерiне келген соң: – Не болды? – дедi Сәбира жеңiнен тартып.

– Бұтаның түбiнде аю жатыр.

– Ой, тәйiр-ай! – дедi қуыршақ қонжық туралы сөз қылғандай жайбарақат.

– Сен не, аюдан қорықпайсың ба?

– Несiне қорқам, көрмей жүрген аюым ба? Бiздiң «Барлыбай» жайлауында аю деген өрiп жүредi. Былтыр нағашымдiкiне барғанда, бiр күнi түнде киiз үйге кiрiп кеткен. Жатқанымыз сол болатын, есiктi мойнына iлiп қорсылдап кiрiп келе жатыр. Гүлсара тәтем қазандағы қайнап тұрған сүттi басына шашып кеп жiберiп едi, өкiрiп тұра бездi.

– Не деген жүректi адам, нағыз батыр ғой!

– Ондайлар толып жатыр. Бiздiң жақта жалаң қол жекпе-жек шығып аюды соғып алған адамдар да бар. Батыр да, басқа да емес, жай ғана малшылар. Абайсызда үстiне түсiп қалғанда қорқып шаппаса, аю өздiгiнен адамға тиiспейдi.

– Батырдың бәрi сiздiң ауылда екен ғой!

– Бiздiң ауылдың қыздары да батыр. Е-е-еhе-ей! – деп аузын қос алақанымен қалқалап құтырына айғай салған. Шалғынның арасы ұйпа-тұйпа шайқалып, ұйықтап жатқан аю атып тұрды. Кiшкентай қоңыр қонжық. Құлағы едiрейiп, жан жағына алақ-жұлақ қарап алды да қарсы бетке қарай домалаңдап тұра зытты. Тентек айғайдың жаңғырығы тыныштық тұнған тау арасында тажал боп күркiрегендей, жан-жақтан қалбалақтап құстар ұшты. Жиырма-отыз қадам төмендегi қалың бытқылды қақ жарып орғи секiрiп бiр сұр қоян қашты. Шалғынның арасынан жоны анда-санда бiр қылт етiп қонжықтың iзiнен салып ұрып барады. Айбарлы жыртқыш деп сескенетiн емес, ең қатерлi жау мына алапат айғайдың иесi ғана сияқты.

– Мiне, көжек қорықпаған қонжықтан соншама зәремiз ұшты. Өй, сужүрек! – деп Сәбира жiгiттiң құлағын наздана бұрап-бұрап жiбердi.

Сай табанына түскенде алып науаның iшiнде тұрғандай сезiнесiң, екi қаптал қия беткей. Өзектегi ылғалды қуалай өскен қалың қау өз бойын көтере алмай жапырылып жатыр. Жұртта қалған айнаның сынығындай былқылдаған саздың үстiнде ойдым-ойдым көлшiктер жылтырайды, ауыз суға жарамайды, жиегiн балдыр тұтып, шiркей үйiрiлiп, бақа-шаян жыбыр-жыбыр етедi бетiнде. Өзектi өрлеп сәл жүргенде шөккен нардай дәу ақ тастың бауырынан шымыр-шымыр қайнап шығып жатқан тұма ұшырасты. Түбiндегi қиыршық тас пен құмның арасынан бұрқырап ақ көпiршiк көтерiледi. Жиектен жырыла қашқан су өзi


салып алған жiңiшке жылғамен жылан құйрықтана
ирелең қағып шөп арасына сiңiп жоғалады. Айналасының шөбi тапталып, шыркөбелек шиырланған iз. Маңайдағы аң-құстың бәрi сусағанда осында келiп таңдай жiбiтетiн болса керек.

Әзиз-Сұлтан термостың қақпағымен iлiп алып қызға су әпердi де өзi етпеттей кетiп тұмаға бас қойған. Мұп-мұздай, тiс сындырады. Шөл қысып қомағайлана жұтып-жұтып жiбергенде, шекесiне ойнап бiр-ақ шықты. Орнынан тұрам дегенше, жылан ба, сұп-суық әлдене желкесiне оратыла кеткенi, өнебойы тiтiренiп атып тұрған. Мұздай су жауырынының жiгiн тiлiп құйымшағына құйылды. Қашқақтап анадайда Сәбира сақ-сақ күледi.

– Су шашуға болмайды – жаман болады! – дедi бұл иығын қаусыра дiрiлдеп.

– Не болады?

– Бiр-бiрiмiзге судай суық боп кетемiз!

– Ой, әже! Кимешегiң қайда, неге кимейсiң? Бiз ондай қартайған, тiсi түскен ескi ырымның құшағына сыймаймыз. Бiздi ешкiм де, ешнәрсе де суыта алмайды! – деп ойнақылана күлген қыз тұманың жиегiне жүрелей қалды да қос алақанымен суды күреп алып бұған шаша бастады. Әуелгiде ыршып кетiп, тайсалақтап сәл орағытып жүрдi де су болғанына қарамай ұмтыла берiп едi, Сәбира шыңғырып тұра бездi. Киiмi етiне жабысып, етек-жеңiнен су сорғалап тұр.

– Тоқта, су патшасы – Сүлеймен құшақтайды қазiр! – деп кiсi бойы шалғын арасымен сықылықтап қашқан ерке күлкiнi қуалап жүгiре жөнелген.

Асыр сап арсалаңдап көк майсаны ұзақ шиырлады екеуi. Көңiлiнде қылау жоқ, жалаң аяқ жүгiрген алаңсыз сәбиге айналып кеткендей. Бiр-бiрiмен жарыса көбелек қуды; бақбақтан тәж-шеңбер тоқып, бастарына кидi. Саздауыттағы тұтасқан жасыл мүк кiлемдей былқылдап табаныңды қытықтайды. Ортасында сорайып өскен сасырдан су мылтық жасап, бiрiн-бiрi сумен атқылады. Сәл нәрсеге мәз, риясыз шаттанып күлiседi. Шегiрткенiң шырылы, көк майсаның күн сiңдi иiсi, көлбеңдеп ұшқан көбелек... – бәрi-бәрi тұлабойыңды тәттi шымырлатып қуаныш сыйлайды. Айтар сөзi, басқан iзi түгел есепке құрылған қатыгез, қасаң кекселiктен қажыған жүрек сәбилiкпен сағыныса табысқан. Қанша жүргендерi белгiсiз, бiр уақытта Қосымханның: «Ей, ит өлiп қалды ғой, қайда жоғалып кеттiңдер!» деген қырылдақ дауысы қарсыдағы үңiрейген қара құзды қаңқ-қаңқ жаңғыртып өткенде ғана неге келгендерi естерiне түсiп, тұма басында қылжиып жатқан ыдыстарға қарай аяңдады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет