Жертөледегі жазу



бет11/29
Дата19.12.2016
өлшемі5,73 Mb.
#4135
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29

3

Көк балаусаға бөксесiн тыққан «Армян» коньягi бел ортадан төмендеп қалыпты. Коньяктiң қызыл күрең реңi албырап Қосымхан мен Нұржамалдың беттерiнiң ұшына көшiптi. Көздерi күлмiң-күлмiң. «Әй, осы сендер, бiрдеңе iстеп келдiңдер!» деген кiсiше тiнте қарап екеуi жан алқымға ала кеттi.

– Не iстедiңдер соншама, жоғалдыңдар ғой, тегi! – дедi Нұржамал, «бәрiн бiлем» дегендей көзiн төңкерiп.

– Әй, жастар-ай, сабырсызсыңдар ғой! Түн ұзақ емес пе! – Қосымхан салбыраған жалаңаш қарыны iрк-iрк етiп күлдi. Қалай ақталарын бiлмей, сасқалақтаған Әзиз-Сұлтанның аузына сөз түсер емес.

– Жолдан аю көрдiк, – дедi, бiреу не көрдiңдер деп сұраған кiсiше далбасалап.

– Қаңғыған қайдағы аю?

– Шын айтам, қарақаттың түбiнде ұйықтап жатыр екен!

– Кiшкентай қонжық! Содан зәресi ұшып қашқанын көрсең!.. – деп Сәбира сықылықтап сол жерде абыройын айраңдай төккенi. – Бiздiң ауылдың қойшылары аюмен көрген жерде күресе кетiп алып соғады.

– Еркек аюмен алысып жүрген де!

Сәбира түсiнбей көзi жыпылықтап аңтарылып қалған.

– Бәрiбiр емес пе!– дедi Нұржамал Қосымханның иығына басын сүйеп.

– Бәрiбiр емес.

– Неге?

– Оның қызығы бар. Айтсам – күлесiңдер.



– Айтшы, Қосымчик, менiң қызық тыңдағым келедi, күлгiм келедi! – дедi Нұржамал шолжың үнмен еркелеп. – А то здесь скучно!

– Айтуға болмайды.

– Неге?

– Сәбирадан ұят.



– Сәбираның құлағына «алтын сырға» тағып қоямыз, мiне! – деп көзi тұманытқан Нұржамал жанындағы теректiң жапырағын жұлып алып, Сәбираның құлағына iлген. Сәбира «естiмей-ақ қояйын» дегендей бетiнiң ұшы алаулап, шатырдың қалқасына қарай жылдам басып кетiп қалды.

– Баяғыда Шойқара деген аңшы болыпты бiздiң жақта, – дедi Қосымхан қарынын тыр-тыр қасып. – Бiр көзi шыққан соқыр, бiр құлағы жұлынған шұнақ, бет-аузы жырым-жырым, түрiнен адам шошырлық. Бетпе-бет келген аюмен қарусыз айқаса кетiп, шонданайынан шап берiп жiбермей қояды екен...

– Ой, ұятсыз! – дедi Нұржамал сықылықтап.

– Кiм, мен бе?

– Жоқ, Шойқарачиктi айтам.

– Е, бәсе... Аю байқұс бақырып-бақырып, бiраздан соң өлiп қалатын көрiнедi. Кейде сол осал жерiнен ұстаған күйi тiрiдей сүйрелеп ауылға алып келетiн де кезi болыпты. Әбден дәнiккен Шойқара бiр күнi қарсы жолыққан аюмен бассалып тағы да алыса кетедi. Қолымен үйренген жерiн ары да тырналайды, берi де тырналайды – iздеген нәрсесi жоқ.

– Қалайша? – дедi Нұржамал таңырқап.

– Түсiп қалыпты!

– Кетшi ары, қалай түседi?

– Ұрғашы екен.

– Содан кейiн не бопты?

– Не болушы едi, түз тағысы қойсын ба, алып ұрып омыртқасын бiр-ақ опырыпты.

– Өйбүй, бейшара-ай! – үшеуi аспанды бастарына көтере дарылдай күлдi...

Тау iшiне ымырт тез үйiрiлдi. Қарағай-шыршалардың ұшар басын сипап лып-лып сөнген батар күннiң сәулесi сырғанап барып сонау ентелеген қарлы шыңның шоқтығында үйген шоқтай қызара алаулайды. Қаңқайған қыр-жота, ағаштардың көлеңкесi бас түйiстiре ұзарып айналаны лезде қымтап алды. Қаракөк орман, жер-көктi тұтаса көмкерген жасыл шалғын iңiрдiң бояуын қоюлата түскендей, сай-сала тұңғиық тартып қарауытып тұр. Сайраған құс, шырылдаған шегiрткенiң үнi толас. Әлде қайда алыста құлап аққан судың гүрiлi айқындалып, күшейiп естiледi. Анда-санда ағаш басында сыпсыңдай желген самалдан басқа селт еткен сыбдыр жоқ. Мүлгiген дел-сал тыныштық көңiлдi қоңырқай ойға жетелейдi. Қоңыр барқын кеңiстiкте бiр сиқырлы мұң кезiп жүргендей.

Тау басындағы қардың зәрлi демi жер бауырлап жетiп тұр. Ауа салқын тартып, бойды суық қармай бастады. Бар-жоқ лыпасын иықтарына iлiп үшеуi бүрсөң қақса, Қосымханның қаперiне дәнеңе кiрiп те шығар емес, екi қолын кеудесiне айқастырып, қарыны шеңбiрек атып, көк шөптiң үстiнде белуарына дейiн жалаңаш қорылдап жатыр. Нұржамал ары жұлқылап, берi жұлқылап оята алмаған соң үстiне бiр кружка мұздай су құйып кеп жiберген, сонда ғана қорылдың үнi өшiп, басын әзер көтердi, «қайда отырмын өзi» дегендей, мең-зең күйi айналасына сүзiле қарайды.

– Тұр, iңiр болды.

– Бола берсiн.

– Бейуақта ұйықтауға болмайды.

– Неге?

– Жын-шайтан иектеп кетедi.



– Жын-шайтанның бiзде несi бар, өзiмiз жыннан бетер болсақ.

– Осында ұйықтауға келiп пе едiң, тұрсаңшы!

– Есесiне түнде ұйықтамаймын ғой! – деп жырқылдай күлдi де ұшып тұрып, қызды аш белiнен орай құшақтаған.

– Көремiз, көремiз! Кермеде жұлқынған ат бәйгеде шауып жарытпас! – Қыз сықылықтай күлiп қорбаңдаған құшақтан бұлт етiп сытылып кеттi.

Төртеуi төрт жақтап жүрiп жарықта мол ғып отын жинап алған. Жер ошақта ұшқын ата лап еткен жалын қараңғылықты кеудеден итерiп айналадан серпiп тастады. Жартастың қалқасынан, қалың орманның арасынан өрiп, еңбектей жылжыған қара түн ошақ басына жақындай алмай қорғалақтап тұр. Екi жiгiт бiр-бiр қожыр тасты ерттеп мiнiп отты айнала жайғасты. Дастарқан қамымен түртiншектеген қыздар «и-ий, тоңып кеттiк қой!» деп анда-санда жүгiрiп кеп отқа қолдарын тығып-тығып алады. Ұзын сирақ көлеңкелер бiр беткейдi кескiлеп сереңдеп жүр. Ағаш мосыда аспақтаған көк шәугiм жалынның қызыл тiлi түбiнен жалаған сайын жаны кiрiп, мұрын астынан мiңгiрлеп әндете бастады. Ту сыртыңнан суық қапсырғанда, көкiрегiңдi шарпып шымырлай жайылған жылу қандай рахат. Шаланы қағыстырып қойып, маздаған отқа үнсiз телмiрiп отыра бергiң келедi. Көз ашық, көңiл марғау, қыбырсыз мүлгiп кеткендей. Көк шәугiмнiң қақпағы селкiлдеп, шүмегiнен шоққа шырт-шырт түкiре бастағанда селк етiп басын көтерiп алған Қосымхан: – Ура! Шай қайнады, қыздар! – деп қопаң етiп орнынан тұрды. Ыстық тұтқаға қолын қайта-қайта апарып, ұстауға жасқаншақтап, шәугiмдi оттан қалай түсiрерiн бiлмей шыр айналып қорбаңдап жүр.

Оттың жарығына дастарқан жайылды; Сәбира шәугiмдi алып Әзиз-Сұлтанның қатарына тiзе бүккен. Бiлегi бiлегiне тиiп едi, мұп-мұздай екен, бүртiк-бүртiк боп құс еттенiп тұр. «Жаурап қалдым» деп иығын бүрiстiрiп жiгiтке қарай тығыла түстi. Қосымхан өз бикешiнiң оң тiзесiн жастана аяғын сыртқа қарай көсiлiп төрге жайғасқан:

– Келiннiң қолынан шәй iшейiкшi бiр! – деп қулана қасын секiртiп қояды. Қосымханның түрпiдей тиер жабайы әзiлдерiн ести-ести әбден ығыр болып едi, әйтсе де мына сөзi жанына бiртүрлi жағып кеттi. «Айтқаның келсiн, Қосеке. Сол күнге жеткiзсiң, құдайым!» дедi iшiнен елжiрей тiлеп. Көз астынан ұрланып Сәбираға қарап едi, ол да бұл сөзге кет ары емес сияқты, астыңғы ерiнiн жымқырып, ақ бiлегiн соза соншалық бiр iзетпен Қосымханға кесе ұсынып жатыр. Күлiмдеген бақытты жанары түнгi алаумен шарпысып жалт-жұлт етедi.

Кеселермен жарыса бүйiрлерi бұлың-бұлың етiп ендi араға күрең лағыл рюмкалар жүрдi. Қосымханның қолындағы қаз мойын шөлмек тағзым етуiн жиiлеттi – ыстық-ыстық тiлектердi суытпай қалқып келiп дастархан үстiнде сыңғыр етiп бүйiр түйiстiрген рюмкалар басқа жаққа бұлтармастан тура ауызға қарай жол тартады. Қосымханға қосылып Нұржамал да қамшы салдырар емес, ешқандай ашырқанып тыжырынбастан иегiн кекжең еткiзiп бiр-ақ жұта салады. Әзиз-Сұлтан да тартынған жоқ, өнебойын суық қармап жаурап отырғанда қайта қаны жiбiп жақсы болып қалды. Iшпеген тек Сәбира ғана, рюмкаға ерiн тигiзiп, алдына қоя салады, өтiрiк тыжырынып аузын алақанымен басады. Қосымхан мен Нұржамал үгiттеп әлек. Жалынып та, өкпелеп те көрдi. Бiрақ одан Сәбираның рюмкасы ортаяр емес.

– Менi сыйласаң, кәне, алып қой, сiңiлiм! – дейдi Нұржамал өзеуреп.

– Татып көрген нәрсем емес, iше алмаймын.

– Татпасаң, татып көр. Оқушы қыз емессiң ғой, бойжеткенсiң. Өстiп-өстiп үйрен. Өмiрдiң бұл да бiр қызығы. Зиянды, қажетсiз нәрсе болса, адамзат бұны ойлап таппас едi ғой. Ең болмаса, бiр рюмка iшшi, көзiң шырадай жанып жайнап шыға келесiң. Кәне, Әзиз-Сұлтан екеуiңнiң өмiрбақи жұптарың жазылмай бақытты болуларың үшiн iшiп қояйық!

– Тiлегiңiзге рахмет, бiрақ iше алмаймын.

– Мұндай сөз үшiн у болса да iшiп қою керек қой! – дедi Қосымхан тақымдап. Қосымханның неге жанығып отырғаны белгiлi. Бағана бiр әредiкте «паh, шiркiн, өзi де кер маралдай керiлген сылқым екен! – деген Сәбираға сыртынан жұтынып. – Құланның қасыуына – мылтықтың басуы, қапы қалма бүгiн, бала. Басына су құй!» Тiптi болмаған соң, көздi ала берiп, мұны бүйiрден нұқып-нұқып қояды. «Сенiң тiлiңдi алады, iшкiз!» деген ишарасы. Екеуi екi жақтап жан алқымға алған сайын «мына пәледен құтқаршы!» дегендей Сәбира жаутаңдап бұған қарайды.

– Жарайды, қинамай-ақ қояйық. Сәбира үшiн мен iшем! – деп рюмканы аузына төңкере салып едi, Қосымхан жаман көзiмен ата қарады. Жiгi жiптей тартылып жымқырылған ерiннiң арғы жағында «сенген қойым сен болсаң, күйсегенiңдi ұрайын!» тұр тұншығып.

Тырна сирақ рюмкалар аспанды теуiп қайтқан сайын әңгiме-күлкiнiң қызуы өрши түстi. Бұған дейiн де бiрер мәрте айналып шауып шыққан Қосымхан мен бикешi былқ-сылқ етiп тез мас боп қалды. Нұржамал қисынсыз әр ненiң басын бiр шалып, өз-өзiнен жырқылдап күле бередi. Оның қызыл футболканың кеудесiне сыймай бұлқынған қос анарын, тырсиған бөксесiн жаңа көрiп тұрғандай қызығып кете ме, Қосымхан:

– Жеп қояйын ба осы! – деп бас салып құшақтай алады. Анау:

– Жесең, жеп қойшы, ертең кiмдi сүйер екенсiң! – дейдi тұншыға сықылықтап.

Дастархан жиылғанша екi шөлмек босады. Қосымхан иығынан асыра лақтырып қалып едi, әуелей ұшқан шөлмек аузымен ауаны шөп-шөп сүйiп барып анадай жердегi шөптiң үстiне дүңк ете түстi. Айнала баспалаған қараңғы түн. Қарауытқан бұта-қарағанның түбiнде әлденендей құбыжық бұғып жатқандай көз алдыңнан мың сан елес көшедi. Шөп басына шық жүгiрiп, ауа шыңылтыр тартты. Арарат тауының отты суының буы Алатаудың ызғарына төтеп бере алар емес. Қойны-қоншыңа мұп-мұздай саусағын сумаңдатып шымшылаған суық дiрдек қақтырып от басына қуып тықты. Бiр-бiр тастың үстiнде шоқайып ошақты қоршай жайғасқан. Әрқайсының арқасынан бiр-бiр жота «өсiп шығып» қарауытып тұр, ортадағы оттың тiлi көкке өрлегенде – кiшiрейiп, бәсеңдесе – зорайып, дамылсыз тербеледi. Тылсым түн, иен тау, лаулаған от –


жас жүрекке жалын құйған ғажайып романтика! Әзиз-Сұлтан гитар тартып, ән айтты. Абайдың «Қаламқасы». Сым iшектердiң жүректi суырған сиқырлы сыңғырына iлесе кең тыныстап, әдемi қоңыр дауысын көтере созған. Дiрiлдеген үнмен ыңылдап Сәбира қосылды, көзiн жұмып, қиылған қою қастарының ұшы бiресе жоғары серпiлiп, бiресе төмендеп, әуен ырғағымен тербелiп отыр. Қосымхан мен Нұржамал мастықтары тарқап кеттi ме, әннiң қайырмасына келгенде олар да iлiп ала жөнелген. Қараңғы түнде қалғыған тау-тас күңiрене жаңғырып, аспан астын мұң мен сағыныш кернедi. Ұлы махаббат өксiп, кең дүниенi кезiп жүр.

Тұңғиық шермен талықсып барып үзiлген гитар үнi келесi сәтте өзгеше бiр ойнақы леппен құтырына құйқылжыды. Ерке назбен алқына сыбырлап, қаныңа от тастайды. Бұл жолы Әзиз-Сұлтан татарша жырлаған. Қосымхан қызып кетiп ортаға атып шықты да, денесi майшабақша былқылдап биге басты. Оған екi қыз қосылып ию-қию. Iштей бәсекеге түскендей бiрiнен бiрi асыра мықындарын дiрiлдетiп, анда-санда бастарынан әуелете алақандарын ұрып қиқулап қояды. Көстеңдеген ұзын сирақ көлеңкелерге қарасаң тау басында мұнаралар адымдап жүрген тәрiздi.

Үлпершек майы аузына тығылып арсы-гүрсiсi шығып тұрған Қосымхан:

– Сенiң де шешең татар-ау, шамасы, ә! – дедi жоқ жерден «Америка» ашып.

– Оны қайдан бiле қойдың?

– Татардан туғандар әншi болады шетiнен.

– Бәрi бiрдей емес шығар?

– Бiз шырағым, фактымен сөйлеймiз. Қараөткелдiң Ғазизiнен бастап Әлибекке дейiн саусағыңды бүгiп санай бер.

– Немене, содан сәнiмiз бұзылып бара ма? – Қалжыңның аяғы көрбiлтеленiп бара жатқаны Әзиз-Сұлтанға ұнамай қалды.

– Жоқ, әншейiн сөз ретi болған соң айтқаным ғой. Неғып шекең шытынап шыға келдi. Әй, бәсе, бәсе! Бiр шикiлiгiң бар ғой... Қалай дегенмен, қазақтың әнiн татарша тамылжытып айттың.

– Бұл – қазақтың емес, татардың әнi.

– Қой, айналайын. «Бояушы, бояушы дегенге сақалыңды бояма», бiздiң де төбемiз тесiк. Радиодан көп орындалып жүрген қазақ әндерiнiң бiрi. Қалай едi, шайтан алғыр, аты аузыма түспей тұрғаны.

– «Махаббат таңы»?

– Иә, иә, өзiң де бiледi екенсiң ғой – дедi Қосымхан, онда несiне таласып тұрсың дегендей таңырқап.

– Бiлем, бiлген соң айтып тұрмын. Төреғалиевтардың семьялық ансамблi орындайды, өзiмiз шығарған ән деп.

– Шығарса, шығарған шығар.

– Атасының басы. Бұл татардың «Сандуғаш» деген жыры, «Ғалиябану», «Сарман бойлары» сияқты жұрт арасына кең тараған. Нұрмұхамедов, Ибрагимов, өзiмiздiң Ришат ағамыз талайдан орындап келе жатыр. Мен солардың айтқанынан жаттап алғам.

– Әйтеуiр, әншiмiздiң де, әнiмiздiң де жақсысына татар жабыса кетедi! – дедi Қосымхан қағытып айтса да қиналып.

– Шындықтан қашып қайда барасың!..

Бiраз қызылкеңiрдек болып, Қосымханның ары қарай айтар дауы таусылған. Сонда да татардың өз әнiн өзiне қимай:

– Ән көп, нота жетеу-ақ. Орнын қанша ауыстырғанмен ұқсап кетедi емес пе. Онда не тұр! – деген, сөз аяғын күлкiге айналдырып.

Қара түннiң шекесiн кертiп ай шықты. Үрлеген шоқтай қып-қызыл. Шыңның басынан домалап кетердей толықсып тұрды да табан үзiп аспанға жайлап көтерiле бердi. Қарлы сайды қуалай лап қойған қызыл тасқын қараңғылықтың қойнына сыбдырсыз саулап құйылып жатыр. Әлгiнде қазанның қақпағына тұнған тамшыдай мөлт-мөлт етiп қол созымда жыпылық қаққан бадана көз жұлдыздар қуқыл тартып сәт сайын биiктеп барады. Көк айдын төсiнде жаңа ғана жүзiп өткен кеменiң iзiндей ағараңдаған құс жолы шаңытып ұшқын атады. Айнала бұлаңытып, қараңғылықтың тұңғиығынан қалқып шыққан үлкендi-кiшiлi әрбiр зат күржиiп көз алдыңа жотасын тосады. Шыңдар ырсиған сойдақ тiстерiн аспанның көк етiне кiрш-кiрш қадапты. Балық көзденiп бұлдыраған түн айдың қызғылтым жұмсақ сәулесiне шекесiн тосып, үнсiз мүлгидi. Дыр-думен отырып үркер иыққа ауа бастары жастыққа тиген. Әзиз-Сұлтан әуелгiде екi шатырға қыздар жеке, жiгiттер жеке бөлiнiп, жатармыз деп ойлаған, сөйтсе Қосымханның жоспары мүлде бөлек сияқты. Бикешiнiң белiнен құшақтап айрылар емес, әукесi салбырап оңаша шатырға әкетiп барады. Әзиз-Сұлтан жеңiнен тартып тоқтатып алды:

– Қыздар жеке жатсын, ыңғайсыз болады ғой!

– Иен тауға атаңның басына келдiң бе?!! – Қосымхан ысылдай сыбырлап, қолын сiлкiп жiбередi. – Бұзау! Мөңiремей жоғал ары!

Шатыр алдында қара бағандай қалшиып қанша тұрғаны белгiсiз, денесi мұздап әбден қалтыраған соң амалсыз iшке енген. Әлде бiр әдептен аттап, жымысқы оймен келе жатқан жырындыдай өз-өзiнен қуыстанды. Сәбира жатып қалыпты. Ала одеялды басына дейiн бүркеп қимылсыз жатыр. Жасқана кеп киiмшең жанына жантайды. Екеуi де үнсiз, тiл қатып, жақындап жанасуға әлденеден қаймығатындай. «Е, сен де арзанның бiрi екенсiң ғой. Иен тауға әкелгенде iшiңе бүккенiң осы ма едi!» деп кiнәлап жатқандай қыз. «Ол осылай деп ойлайды-ау» деген күдiктен бұл қарадай қысылды. Тым-тырс үнсiздiктен құлағы шыңылдады, тек жүрегiнiң тарсылдаған дыбысы айналаны кернеп барады. Кең дүниеде күллi тiршiлiктiң үнi өшiп, тек жалғыз жүрек қана дүрс-дүрс соғып тұр. Шетiн көтерiп одеялдың астына кiрiп едi, Сәбира не ытырынып керi итерiп, не берi бұрылып «келдiң бе, жаным!» дегендей ыңғай бiлдiрген жоқ. Қимылсыз, сұлық. Албыраған ернiнен, көзiнен алма-кезек сүйдi, қарсыласпағанмен, әдеттегiдей бауырына кiрiп ынтызарлық отына шарпылған жоқ, бойын салқын ұстап тартыншақтап жатыр. Сол екi арада көршi шатырдың iшi арсы-күрсi болды да кеттi. Бiр жотаны екеуi жалғыз төңкерiп тастағалы жатқандай бiрiнен бiрi асыра ышқынады. Кiмдi болса да күнәға итеретiн сиқырлы сайқал үн. Арасында Нұржамал: «Жаным-ай, жа-аным!» деп ыңырси өксiп, талықсып кеткендей болады.

Әзәзiл сезiм денесiн ток ұрғандай дiр еткiздi. Бұлшық еттерiнен әл кетiп, қалш-қалш етiп, жүрегi атқақтай соқты. «Тiфу, лағнет! – дедi Әзиз-Сұлтан iшiнен тiстенiп, – әкесiнiң көрiн қазғандай өңкеңдеуiн қарашы. Мен, мiне өстiдiм деп осының өзiн мақтан көрiп жатқан шығар бұл түйсiксiз доңыз!»

Сәбира тұншығып кеткендей, тас бүркенген одеялын серпи лақтырып, басын көтерiп алды. Шегiншектеп барып, бүрiсiп iргеге қарай тығылған.

– Қорқамын! – дедi дауысы қалтырап.

– Мен тұрғанда ештеңеден қорықпа!

– Сенен қорқам!

Ненi меңзеп отырғанын ендi түсiнген жiгiт сәл аңтарылып қалды да:

– Пышақ қай жерде едi? – дедi.

– Оны қайтпексiң?

– Сен қорықпау үшiн бауыздалып өлем!

– Кетшi, жынды, қайдағыны айтпай! Жетi түнде ондай жаман сөз айта ма екен, шайтанның құлағына шалынады.

– Қалжыңдаймын. Әперiп жiбершi!

Сәбира айналасын сипалақтап, бағанағы нан кескен пышақты алып бердi. Әзиз-Сұлтан ағаш сапты пышақты жүзiн төмен қаратып, төсектiң ортасына ұзынынан қойған.

– Кiшкентай кезiмiзде апам ұйықтағанда жастығымыздың астына пышақ тығып қоятын, жын-шайтан аулақ жүрсiн деп. Мынауың не? – дедi қыз таңырқай.

– Ортамызға жын-шайтан кiрiп кетпесiн.

– Мен шайтаннан емес, сенен қорқамын.

– Ендi қорықпай-ақ қоюыңа болады. Сонау көне Сақ заманынан берi көшпендiлер семсердi сертке ұстаған. Жорықта жүрген қыз бен жiгiт қатар жатып арасына семсер тастаса, ол – әдептен аспаймыз, адал боламыз деген белгi. Семсерден аттасаң – серттен тайғандық. Менiң семсерiм – мына қара пышақ, қорықпай жата бер.

Сәбира көңiлi орныққандай, жамбастай жылжып кеп орнына жантайған. Әзиз-Сұлтан да терiс қарап қисая кеттi. Жан тырнаған жәдiгөй ырсыл толастар емес. Түн мылқау, тiлi қырқылған, құлағы едiрейiп, осы бiр дыбысты тыңдайықшы деп демiн тартып тына қалғандай. Неге дүние тым-тырс, сарқыраманың гүрiлi, жапырақтардың шуылы қайда?!! Жо-жоқ, бәлкiм осы сәт қасқыр ұлып, дәл iргеде байғыз шақырып жатқан шығар, жел ұйтқып, қалың тоғай ұлардай шулап тұрған шығар. Бiрақ оның бiр де бiрiн еститiн халде емес. Бүкiл жұлын-жүйкесi сапырылысқан мың-миллион дыбыстардың арасынан тек қана осы бiр арсыз нәпсiнiң жабайы үнiн қабылдайтын антеннаға айналған. Басын бүркенсе де, құлағын тас қып бiтесе де еститiнi – сол үн, құлағының iшiне кiрiп ап, жәдiгөйлене сыбырлап арбайды. Бiлегiн қырши тiстеп қыбырсыз қатып қалған. Жағы қарысып, аузына қан дәмi бiлiндi, маңдайынан шыпшып құйылған суық тер көзiн ашытты.

Дүниенi астаң-кестең қылып сұрапыл дауыл ұйтқыды, буырқанған теңiз жер-көкке сияр емес. Мың бүктелiп, жұлқына жүйткiген долы толқындар жартасты гүрс-гүрс соққылайды; басын сiлкiп кейiн шегiнедi де өкiрiп қайтадан ұмтылады, айдаhардай атылып тас кенердi қарш-қарш шайнап жатыр.

...Азапты сезiммен арпалысып жатып талықсып қашан көзi iлiнгенiн бiлмейдi, бiр уақытта әлдебiр сыбдырдан селк етiп оянып кеттi. Шатыр аузындағы дөңгеленген жарықты абажадай көлеңке басына киiп сүзгiлеп тұр. Аю кеп босағаға сүйкенiп тұр ма дерсiң, бiрақ ешқандай дыбыс естiлмейдi. Iле әлдекiмнiң өңкеңдеген сұлбасы көрiндi. Қосымхан! Балағы тiзесiне түстен қара дамбалдан басқа үстiнде лыпа жоқ. Iшке мойынын созып, ұрлық қылатын кiсiше алақ-жұлақ қарайды. Бұл кеудесiн орай құшақтаған қыздың былқ-сылқ ыстық бiлегiн ақырын ысырып, басын көтерiп едi, берi кел дегендей сұқ саусағымен iлiп-тартып өзiне шақырды. Ақырын басып сыртқа шыққан. Шық қонған шөп үстi мұздай, табанын қарып түстi. Сұраулы жүзбен Қосымханға қарап, иек қаққан. Анау бұған аузын тақап, сасық демiн мүңк еткiзiп жәдiгөйлене сыбырлады:

– Давай, ауыстырайық!

– Ненi? – дедi ештеңенi түсiне қоймаған бұл жайбарақат.

– Былай... Нетейiк те... А то, қызық емес... Менiкi келiсiп жатыр!

Ненi меңзеп тұрғаны ұйқылы-ояу санасына ендi жеткен Әзиз-Сұлтанның тұлабойы тiтiренiп кеттi. Аузына сөз түсер емес. Бiр дем аңтарылып тұрып қалды да, құйрығы болса бұлғап-бұлғап жiберердей жақсы лепес дәметiп бетiне мүләйiмси қараған Қосымханды шынтағынан бүре ұстап, оңашаға қарай дедектете жөнелдi. Шөп басы су, шық шашырап жалаңаш денеге инеше қадалады. Тас лақтырымдағы қарағайдың қалқасына алып барды да үн-түнсiз бар ашу-жиiркенiшiн жұдырығының басына салмақтап, кiндiк тұсынан iрей соққан. Қосымхан екi бүктетiлiп етпетiнен түстi. Бұл жалт бұрылып, шалғын үстiнде нүкте-нүкте боп қарайып жатқан iзбен керi қайтқан. Ыңырсып қыңсылаған жабайы дауыс жетiм күшiктей соңынан ерiп келедi.



4

Қанша ұйықтады, қай уақыт болды – белгiсiз, жүзiн аймалаған нұрлы шуақтан оянып кеттi. Дәл үстiнде жарқырай жанып қос жұлдыз тұр. Мөлт-мөлт етiп тамғалы тұрған тамшы сияқты. Жо-жоқ, тамшы да, жұлдыз да емес, бетiне үңiле төнген Сәбираның қос жанары. Ерте оянып ап, ұйықтап жатқан бұған қарап отырса керек. Бар мейiрiн төгiп елжiрей қарап қалған. Бесiк тербеткен ананың не жырақтан сағынтып жеткен ерiнiң түн ұйқысын күзетiп, мауқын баса алмай үздiге телмiрген адал жардың ғана жүзiнде дәл осындай мейiрiм шапағы ұялайтын шығар. Сұрапыл, қорқау түннiң қанды тырнағына iлiкпей, арайлап атқан таңды өзiнiң пәк қалпында қарсы алып отырғанына шексiз қуанышты едi. «Асылыңды ардақтай бiледi екенсiң, арысым. Ендi тағдырымды өзiңе билеттiм, сендiкпiн өлгенше!» дегендей, кең ашылған қап-қара тұңғиық жанары соншалық бiр шексiз ризашылықпен мөлдiрейдi.

Сызылып атқан жазғы таң жүрек уылжытар тәттiлiкпен тамылжып тұр.

Жып-жылтыр шың басынан сыңғырлай дөңгелеген күннiң алтын теңгесi секеңдеп-ойнап, шық басқан шөп үстiмен сырғанап, тау-тасқа соғылып мың-миллионға бөлiнiп, күл-парша шашырап, лезде Алатау аясын көгiлдiр нұрға толтырған. Күнге шомылған қызыл шашты, қызыл көйлектi, алау жүздi ару қыз лаулап жанып күллi дүниеге шапағын шашып тұр...

Ендi, мiне, темiр доңғалақтардың сартылы дамылсыз жаңғырыққан тар тамбурда темекiсiн үстi-үстiне бұрқыратып өзiнiң сол бiр нұрлы әлемiне жеткенше асығып аласұрып келедi. Қырау басқан терезенiң қиығынан Алматының оттары қашан көрiнер екен деп тағатсыздана телмiредi.

ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ

АЙ ҚОРҒАЛАП АСПАНДА

1

Бiраздан соң машинаның жүрiсi баяулады. Жолсызбен бiршама жер шоқырақтап барып тоқтаған. Есiк ашылды. Шiңкiлдек сары арбиған саусақтарымен жағасына шап берiп, жұлқи тартып, жерге түсiрдi. Көп жүргендей көрiнгенмен онша ұзай қоймаған екен. Цирктiң желке тұсындағы шағын гүлзар. Бетон каналдың жағасын қуалай өскен қалың итмұрын мен долананың арасына машина тұмсығын тыға тоқтапты. Айнала тым-тырс. Күрегейлеген бұтаның ортасынан анандайдағы үйлердiң төбесi қылт-қылт етiп әзер шалынады.

Шеруге қатыстың деп шатақ iздесе, тергейтiн жер бар емес пе? Мұнда алып келгенi қалай? Қалың ағаштың арасы. Ала-көлеңке ымырт. Санасын сұп-суық ойдың қанжары осып өттi. Көңiлiне қоңсы қондырғысы келмей жаны ышқынғанмен iле сол сұмдықты растағандай бетiне жабайы күлкi жапсырған, жiңiшке, жирен мұртының ұшы тiкiрейген дәу сары бiлегiнен шап берсiн.

– Бағың бар екен, Мурка! – дедi, түбi қарайған ұп-ұсақ сирек тiстерiн ақсита ыржиған күйi, орысшалап. – Если попала в руки ментам, оказалась бы за этим. Менттердiң қолына түскенде ғой, көзiң бозарып мында отырар едiң! – Саусақтарын айқастырып түрменiң терезесiндегi торды бейнеледi. – Благодаря этим спасешься может быть.– Мынаның арқасында бiр пәледен құтылайын деп тұрсың! – Арсыздана ыржалақтаған шiңкiлдек сары бөксесiнен қағып-қағып қалып едi, анау жақтырмай қабақ шытты:

– Қысқарт, Орлов! Командирiң сөйлеп тұрғанда қыстырылма!

– Кiнәлiмiн, жолдас старшина! – Шiңкiлдек қолын шекесiне апарып қалшиып тұра қалғанымен, мазақ қылғандай танауы делдиiп ыржың-ыржың етедi. Шофер жiгiттiң бұлармен iсi жоқ. Терiс қараған күйi машинаның оны-мұнысын шұқыған боп өзiмен-өзi күйбеңдеп әлек. Старшинасы бiлегiнен айрылар емес.

– Не бойся. Не будем бить тебя. Ну сама же понимаешь это... Қорықпа. Бiз сенi ұрып-соқпаймыз. Тек түсiнесiң ғой өзiң, былай... – дедi шегедей тесiрейген кiшкентай шегiр көздерiн ойнақшытып. – Нас культурно обслужишь и баста. Иди к чертовой матери, на все четыре стороны! Дұрыстап қызмет көрсетсең – бiттi, жайыңа жүре бер.

Шiңкiлдек бастығын құптағандай басын шұлғып құнжың-құнжың:

– Да, немножко некомфортабельно. Ну ничего! Иә, аздап қолайсыздау. Оқасы жоқ! – дедi күрегейленген итмұрынның түбiн кiлкиген көзiмен тiмiскiлей шолып.

«Не деп тұр мына жауыздар! Сонда... сонда...» Ары қарай ойлаудың өзiнен қорқып шар етiп шыңғырып жiбердi қыз:

– Ағатай-ай, жiбершi! Өтiнемiн, құлың болайын, қоя бершi. Ендi ол жаққа аттап баспаймын. Ертең ауылыма кетем. Мүлдем кетем. Алаң түгiл Алматының маңын баспаймын қайтып. Қоя берiңдершi. Сендердiң де қарындастарың бар шығар мен сияқты. Қорлай көрмеңдершi!.. – Жалынышпен жаутаңдаған қара көзiнен тарам-тарам жас парлап, тұлабойы қалш-қалш етедi. Мөлдiреген ыстық жас дiрiлдеген сүйiр иектiң ұшынан мөлт-мөлт тамып жатыр. Өлердегi сөзiн айтып ары да жалынды, берi де жалынды; саталақ-саталақ кiр жұққан тонының етегi дөңгеленiп ары да жұлқынды, берi де жұлқынды. Бiрақ, анау селт етер емес. Түбiне бетон құйып қатырып тастаған дiңгек тәрiздi. Ботқа бетiнiң бiр тал қылы да қыбыр етпестен:

– Плачь, плачь. Красивее становишься. Жылай түс, жылай түс. Жылаған сайын сұлу боп бара жатырсың! – дедi өң-бояусыз дауыспен қырылдап.

Қыз жылауын кiлт тыйды. Қаншама жалынып-жалпайғанмен ешбiр сөздiң құдiретi көрбiлте, бiтеу көкiректi жiбiте алмасын бiлген. Аяушылық сезiмiнен жұрдай меңiреу, өзiнiң тарыдай пайдасы үшiн өзгенiң тағдырын таптап өтетiн қорқау мақұлық. Бұнымен тек қарсыласып, жағаласып өлу керек. Талшыбықтай денесi ширығып шиыршық атты. Жаудыраған аялы қара көзi тұңғиық тартып, өзгеше бiр ұшқынмен өжеттенiп алған.

– Азғын! Сүмелек! – дедi тiстенiп. – Сен менiң әкемнiң кiм екенiн бiлесiң бе? Министр! Жақсылықпен қоя бер, әйтпесе тұқымыңды тұздай құртқызам!

– Ой, моя конфетка! Министерская дочь говоришь. Ой, дражу прямо. Министрдiң қызымын дейсiң бе? Ой, қорқып кеттiм! – деп жуан сары зәресi ұшқан адамның қалпымен көзiн бақырайтып, қол-аяғын дiрiлдетiп қалш-қалш еттi.

– Қисалаңдағанды көресiң әлi. Жiбер кәне, жiбер! – Қыз жұлқына тартып, бiлегiне қара қақпан боп қарысқан тарамыс қолды қыршып-қыршып алған. Сiрi боп қалған көнтерiге тiсi батар емес.

– Ой-ой щекотно, моя сладкая. Ой, ой, қытығым кеп барады, тәттім менің! – дедi анау ендi ырқылдай күлiп. Қыз ызаға булықты. Өршелене бұлқынып, бос қолымен айналасын сипалады. Мелжемдi ештеңе iлiне қоймаған соң уыс-уыс боратып, жентек қармен былш-былш ұрды арсыз беттi.

– Дегенiң бола қоймас, жауыз. Өлтiрсең де қорлығыңа көнбеймiн, көнбеймiн!... – деп долыра ышқынып, аяқ-қолы жеткен жерден ұрып-соғып жүр. Төмпештеп, тепкiлеген сайын «хо-хо-холаған» жабайы күлкi жан тырнап жаңғыра түскен...

Кенет: «Чо с ней церемонишься!» деп шiңкiлдектiң құлақ түбiнен ысылдағаны сол, асқазаннан iрей соққан жұдырықтан сылқ етiп, екi бүктеле құлады. Буына лоқсып, iш құрлысы түгел қотарыла кеңiрдегiне кеп кептелгендей. Шүйдесiмен жер сүзе шалқалай аунап түскен. Жердүние төңкерiлiп, өзi балағына басын сүйей құлаған балапан қайың көз нұрын суыра шыркөбелек айналып, көкке сiңiп барады. Одан арғысы қара түнек.

Аққу қалықтаған аспанда жапалақ ұшты жалпылдаған қанатымен қара түндi сапырып; қорқау қасқыр баспалап кеп, бұта түбiн паналаған сұр көжектi бас салып, шыңғырта жұлмалап жатты. Шырылдаған жетiм дауыс тау-тасқа қаңқ-қаңқ жаңғырығып, қараңғы түндi теңселтiп тұр.

... Тұңғиық түнекке шым батқан қыз еш нәрседен бихабар едi.

Жендеттер жедел iске кiрiскен. Өлi ме, тiрi ме – онда шаруалары жоқ. Бағанадан берi терiс қарап, машинаның айналасында күйбеңдеп жүрген шофер, басқасы – басқа, әрiптестерiнен дәл мұндай жыртқыштықты күтпесе керек, старшина апыл-ғұпыл ышқырын ағытып, тiзерлей бергенде, тебiтiп жетiп келдi. Түтiгiп кеткен:

– Хорошие вы скоты! Труп хотите износиловать.. – Аузын аша бергенi сол, «Заткнись!» деп, шiңкiлдек сары шынтағымен бiр түйiп, шалқасынан түсiрдi сорлыны.

Жемтiк шоқыған құзғындай құнжындаған старшина сәлден кейiн:

– Ой, не могу! – дедi. Дауасында тау бұзғандай қиналыс бар. – Оказывается девочка! Қыз екен!

– Может, не туда суешь? Басқа жаққа тығып жатқан шығарсың? – дедi, үстiне түсердей ентелеп тұрған шiңклiдек қабағын жымсия қағып.

– Пошел ты! Честно говорю. Оттамашы! Шын айтам.

– Ну и дефи-цит!..

Алла-ай, мұнша қинайтындай не жазып едi. Кiндiгiнiң төменгi тұсы... иә, иә, дәл сол жерiн пышақ па, iстiк пе – сүйем қарыс сумаңдаған өткiр бiрдеңе қонжоса тiлiп, үңгiп барады, тереңдеп, iшек-қарынымен қоса қопарып жатқандай. Жанұшыртып ышқына айғайлайын десе, бiр әлеуеттi, жап-жалпақ алақан аузына желiмше тас жабысып алған. Бозамықтанған ала-шұбар аспан да, сида бұталардың тасасынан қалтырай сығалаған шашау жұлдыздар да жоқ – көз алдын ырс-ырс етiп, сай-сүйегiн сықырлата жаншып құнжыңдаған құбыжықтың апайтөсi тұмшалаған. Жiңiшке, жирен мұртының ұшы тышқанның құйрығындай ширатыла едiрейген, бiрi айға, бiрi сайға қараған ақи көз, шикiлсары. Кигенi әуе десантының сары теңбiл күртесi – көзi шатынап, азуы сақылдаған тарғыл жолбарыс алып соғып алқымдап, жұлмалап жатыр бұны. Үстiндегi киiмi дал-дұл, түте-түте. Бет алдын жапқан көлеңке сәл шегiнiп, сұп-суық сiлекей ерiн өнебойын өлiп-өше сылп-сылп сүюге көштi, ашық-шашық көкiрегiне кiрпiдей қадалған жүн-жүн сасық ауыз жолындағыны түк қалдырмай жалап-жұқтап қорсылдаған күйi тоқтаусыз төмендеп... төмен сырғып барады... Тiфу, хайуан!.. Бұл өзi қайда жатыр? Шораяқ шабан торыға мiнгендей тепеңдеп, үстiндегi арсы-гүрсi ырсылдаған не пәле? Сонда мынау?.. Масқара-ай!

Тұманға малтыққан бұлыңғыр санасын кенет жарық сәуле осып өткенде, шоқ басқандай шар етiп шыңғырып жiберген. Бiрақ ол дауысын ешкiм естiген жоқ. Шырылдап жатқан тек өзiнiң жүрегi сияқты. Ұшынып, ұйтқып келген алақұйын жан айқайы көмейiне кептелiп, берi шықпайтындай, Шыбынын көзiне көрсете бiр от, бiр мұз боп алма-кезек тәнiн тiлгiлеген жалаң қанжар жарақаттың уытын ендi сезер емес. Көкiрегiн таптап, езгiлеген қорлық түртiп оятқан мына ақкөз ашу-ыза ешқандай дертке де, өртке де дес берместей. Бұл мазақты көргенше неге өлiп кетпейдi? Қалай төзiп жатыр! Үстiндегi өңкiлдеген құбыжықты кеудесiн қаздай шулатып неге қос аяқтап теппейдi, болмаса, мiне, қар үстiнде бiр ұшы үшкiр, бұжыр-бұжыр жұдырықтай қара тас жатыр менi ал деп, сонымен қақ төбеден бiр перiп, миын аузына лақ еткiзсе қайтедi!.. Бiрақ аяқ-қолы еркiне көнсе кәне, тас байлап қойғандай зiл-батпан. Қалай бұлқынбақ болса да тырп ете алар емес.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет