ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
КӨЛЕҢКЕЛЕР
1
Зухра мединституттың екiншi курсында оқитын. Жас болған соң жылтырап киiнгiсi келедi, сыланып-таранған тең құрбыларынан кем болмасам екен дейдi. Әйткенмен, қол қысқа, арттан келер көмек жоқ. Жалғыз степендия басына тартса, аяғына жетпейдi. Жаздан берi қалалық аурухананың хирургия бөлiмiнде жарты айлықпен медсестра болып iстейтiн. Сабағының ыңғайына қарай кейде түнгi кезекшiлiктi атқарады. Бүгiн екiншi кезекке барып, науқастарға дәрi-дәрмегiн берiп, уколын салып, обходтан соң кештетiп қайтқан. Дала бет қарыған аяз. Бағаналардағы шам жарығы сызды, бұлыңғыр ауада шаңытып, қарға адым ұзай алмай қорғалақтап тұр. Ала-көбең түн қойнында үйлер мен ағаштардың, арлы-берлi өткен жүргiншiлердiң сұлбасы ғана бұлаңытады. Айнала түксие ызғар шашып, үрей шақырған өлi тыныштық. Көлденең көшенi қиып өтiп тротуарға бұрылғаны сол едi, қарауытқан бұтаның түбiнен әлдекiм ыңырсығандай болды. Жүрегi атқақтап аузына тығылды: бұл неғылған адам? ес-түссiз құлап жатқан маскүнем бе? Жүрек тоқтатып, құлақ тiгiп едi: жiңiшке дауыс – әйел не бала сияқты. Сескене басып жақындаған, бұтаның түбiне басын тыққан күйi серейiп бiр әйел жатыр. Қобыраған ұзын қара шашы жарты денесiн жауып кеткен, ақ тон мен ақ етiк қармен астасады.
– Әй, кiмсiң? Не болды саған?
Жаралы мақұлықтай қыңсылаған аянышты дыбыстан басқа жауап болған жоқ. Зухра иығынан жұлқылап дөңбектей дененi шалқасынан аударды. Қос жұдырығын иегiнiң астына айқастыра бүрiсiп дiр-дiр еткен бейшара бейне. Көзiн жұмып, тiстенген күйi дамылсыз ыңырсиды. Екi қолының басы мен жалаңаш тiзесiнде сау тамтық жоқ, қасат қармен еңбектей-еңбектей қанжоса тiлiнген. Сумкасы да, бас киiмi де жоқ. Қарақшылар қаға берiсте таяққа жығып тонап кеткен-ау, шамасы. Алматыда қыс түссе болды, ұры-қарының құндыз бөрiкке қырғидай тиетiн әдетi, тапа-талтүсте жанаса берiп басыңнан жұлып алып тұра қашады. Мына бейшара жанын олжа көрмей қарсыласты ма екен? Аларын алған соң бүйтiп ұрып-соғып қорламай-ақ жайларына кетсе қайтар едi жауыздар, ендi бiр сағат жатса, мына аязда үсiп өлетiн едi ғой. Бет-аузын сипап едi, алақанын темiр қарығандай болды. Бұта түбiндегi ұлпа қардан уыстап алып қыздың бетiн, қолдарын ысқылады. Сәл ес жиды ма, тiстерi сақылдап, ыңырсыған дыбысын онан сайын үдете түстi. «Тұр, айналайын, түрегел, үсiп өлесiң ғой, тұр!» деп қанша жерден жұлқылап тұрғызайын десе де қоқиған жансыз дене икемге келер емес. Ендi қайтпек? «Жедел жәрдем» шақырып, ырғалып-жырғалып ол келгенше қай заман. Қолтық астынан қапсыра ұстап, қар үстiмен дырылдатып сүйрей жөнелдi. Анау көлденең көшенiң қиылысындағы аялдамаға жетiп алса, көмектесетiн бiреу жолығар деген үмiт. Қарға адым ұзамай алқынып қалды, екi аттап, бiр тоқтайды. Айнала тым-тырыс. Анандайдағы үлкен көшенiң бойынан ғана анда-санда бiр жылт етiп машинаның жарығы шалынады. Не iстерiн бiлмей дағдарып тұрғанда кенет қасат қарды қарш-қарш басқан әлдекiмдердiң аяқ дыбысы естiлдi де iле шаңытқан тұман арасынан қараң-құраң көлеңкелер қалықтап шыға келдi.
– Ей, ағайын, кiм болсаң да берi бұрыла кет. Көмектесiңдер! – дедi Зухра айғайлап. Оқыс шыққан дауыстан қалт тоқтаған аналар аңтарылып сәл тұрды да берi қарай жүрдi. Қазақ қыздары екен, «не боп қалды?» дедi үшеуi жамыраса сұрап.
– Мына бiр қызды ес-түссiз жатқан жерден тауып алдым, – дедi Зухра ентiгiн баса алмай алқынып. – Бiреулер тонап, таяққа жығып кеткен-ау деймiн. Аязда көп жатып қалған сияқты. Тезiрек бiр жылы жерге жеткiзу керек.
– Қайда тұратынын айтты ма?
– Тiлге келетiндей шамасы жоқ.
– Онда қайда апарамыз?
– Бiлмеймiн.. Әуелi аялдамаға жеткiзiп алайықшы. Машина тоқтатып ауруханаға апарамыз ба, жатақханаға апарамыз ба – көремiз.
Төртеуi төрт жағынан әуп деп көтере бергенi сол едi, аяғынан ұстаған қыздың бiрi:
– Ойбай, мынаның тiз киiмi жоқ қой! – деп жерге тастап жiбере жаздады.Сумаң еткен суық сөз сана түкпiрiнде шарт-шұрт найзағай ойнатқандай, не сұмдықтың болғанын ендi түсiнген төрт қыз бiрiнiң бетiне бiрi үнсiз қарап сiлейiп тұрып қалған. Сәлден соң барып әлгiндегi қыз бiрiншi тiлге келдi:
– Қандай жауыз екен қаршадай қызды қорлаған!
– Бүгiн не сұмдықты күтуге болады. Итке талатып, қанжоса тепкiлеп жатқан айуандар, орайы келсе, абыройыңды таптағаннан тайынсын ба! Қансырап қалуы мүмкiн, тезiрек «жедел жәрдем» шақыру керек.
– Басқа жерi аман болса, түк етпейдi! – дедi ойнақы үнмен бәкене бойлы кәртамыстау қыз. – Өстiгеннен өлген қыздың моласын көрген жоқпын.
– Бәдiктенбешi! – Жанындағы қыз жақтырмай қабақ шытты. – Сенiң-ақ қылжағың қалмайды екен. Дәрiгерге апармаса болмайды.
– Дәрiгер, дәрiгер дейдi ғой. Онда барса, дабырасы көп. Милицияға, жұмыс орнына хабарлап, жарты әлемге жария қылмай ма. Бүгiн бiр өлген бейшара ертең ұяттан екi өлмей ме. Жабулы қазан жабулы күйi қалсын. Жылы үйге кiргiзiп, жуындырып-шайындырса, өзi-ақ есiн жияды.
Зухра да осы ақылды жөн көрдi. Бiрақ қайда апармақ? Алпамсадай қызды көтерiп жатақханаға жеткiзем дегенше қай уақыт. Есiне осы маңайда тұратын жездесiнiң үйi түстi. Екi-ақ квартал жерде. Қыздарға айтып, солай қарай беттедi.
Жездесi қалалық партия комитетiнде нұсқаушы боп iстейдi. Жасына жетпей төбе шашы жидiп түскен, жалпақ бет дүр қараның өзi. Әйелiне мүлде кереғар. Сафура – ақсарының әдемiсi, екi көзi жаудыраған, қолаң шашты, денесi сүлiктей сұлу келiншек. Әдетте, бiр-бiрiне мiнез-құлық, түр-әлпеттерi ұқсас ерлi-зайыптылар бақытты болады деушi едi. Бұлар ұқсас болмаса да бақытты. Басқалар не десе ол десiн, әйтеуiр Сафура солай есептейдi. «Ең бастысы жоқшылықтан құтылдым, басымда үйiм, бауырымда қазан-ошағым бар, не iшем, не кием демеймiн. Осыдан артық не керек!» дейдi. Онысы рас. Қаршадайынан көргенi түлкi құрсақ, жыртық иiн жоқшылық болса, бұл күнi ұжымақ боп елестемей қайтсiн. Қысты күнi мұзға кетiп әке-шешеден бiрдей айырылғанда бұл тоғызда, Сафура он үште едi. Жанашырлықпен қолымызға алайық деген жамағайынға да бермей, интернатқа да жатқызбай, бiреудiң босағасында жаутаңдатқызбаймын, бiр-бiрiне жат бауыр қылмаймын деп қанына қарысқан кәрi әже қолынан шығарған жоқ. Қам көңiл үш мұңлық әлсiз иықтарын бiр-бiрiне сүйенiш қып қалт-құлт күнелттi. Ешкiмге жалбарынып, қол жайған жоқ. Есiк алдындағы бақшалықты тырмалап, жалғыз сиырдың бауырын тартып өз өлмес күндерiн өздерi көрдi. Бiреудiң алашасын тоқысты, бiреудiң жүнiн түтiстi... шамалары келетiн шаруадан тартынған емес. Өстiп ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, тамыры суалған кәрi емен еңкейiп шөгiп, саясындағы қос шыбық күнге бой созып биiктей берген. Сафура оныншы класс бiтiретiн жылы әжесi қайтыс болды. Көз жұмарында: «Құдай тағала бiрер жыл кеңшiлiгiн бермедi-ау, сендердi бiр қараға жеткiзiп кететiн!» деп иегi кемсеңдеп едi. Оң-солын танымаған жетiмек бейшаралар ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетер ме деп қорықты ма екен, марқұм. Әжесiнiң қырқын берiп, ес жиған соң ендi не iстеймiз деп ойлады. Сафура болса, мiне, оныншы класты бiтiредi. Ауылда қой бағып, трактор айдағаннан басқа қыз балаға лайықты кәсiп жоқ. Сонда екеуi мына абажадай үйде бiрiнiң бетiне бiрi қарап отырмақ па? Үй мен iлiкке жарар мүлiктi сатты да екеуi бiрiн-бiрi жетектеп қалаға келдi. Бұл интернатқа орналасты. Сафура мединститутқа емтихан тапсырып өте алмай қалған соң балабақшада няня болып iстедi бiраз уақыт. Одан кiлем фабрикасына ауысты. Табысы жақсы, шыр жиып оңалып келе жатыр едi, «кедейдiң май асай бергенде мұрыны қанайды» деп, Құдай оны да көпсiндi. Жiптен ұшқан шаң-тозаңды жұтса есiрiп шыға келетiн аллергия дейтiн пәле жабысты. Екi көзiнен жас парлап, денесi теңбiл-теңбiл қызарып қышынып алас ұрады. Жатақханадан айрылмау үшiн, амалсыз еден жуушы боп iстеуге мәжбүр болған. Апта құрғатпай бұған келiп тұрады. Мейрам сайын паркке, театр, концертке апарады. Бiрде, ұмытпаса, Бiрiншi майдың қарсаңы ғой деймiн, бөлмеге ентiгiн баса алмай аптығып кiрдi; көлеңке жақтағы қалғыған күңгiрт бөлменi жарқ еткiзiп көктемнiң бiр құшақ қуанышын алып кiргендей. Алабұртқан бақытты жүзi бал-бұл жанады. Жанары ұшқын атып Сафураның шаттанғанын өмiрiнде көрiп тұрғаны осы. Үстiнде жағасы кестеленген аппақ блузка, қынама бел қызыл юбка. Талшыбықтай денесiнiң ажарын одан сайын ашып көз арбайды. «Адам көркi – шүберек», қандай жарасымды. Жалғыз-ақ сәтте құлпырып шыға келiптi! Әпкесiнiң толықсып бойжеткен болғанын тұңғыш рет сонда ғана аңғарған. «Мен, мiне, бүгiн қандаймын, үстiмдегi көйлегiмдi көрдiңдер ме!» дегендей тiсi ақсиып күлiмдей бередi. Өмiрi иiнiне өңi түзу киiм iлiп көрмеген бейшара қуанбай қайтсiн. Екiншi бiр келгенiнде Сафура бұдан да бақытты, бұдан да қуанышты едi. Өз көңiлiне өзi мас болып аяғын мүлде баса алмай былқ-сылқ. Тағы не боп қалды деп таңырқай қараған, сөйтсе мойнына алтын алқа тағып келiптi. Еден жуушы дейтiндей емес, үстiндегi киiмi анау, алтын алқа мынау, дүкен тонап шыққан адам сияқты. Алтын шынжырға iлiнген алтын крест тоқ анардың құйылысына зәкiр салып байыздап тұр. «Кресің не тағып алған, шоқынғаннан саусың ба?» деген тiксiнiп. «Қайдағы крест? «Т» деген әрiп қой бұл!» Соны айтты да, не құпиясы барын кiм бiлсiн, екi бетi ду қызарып төмен қараған. Үшiншi мәрте келгенде жетегiне бiр жалпақ бет, жылмың қара жiгiттi ерте келдi, әпекеңiздiң бойындағы бар жаңалықтың авторы өзiмiз боламыз дегендей, ақсия күлiп қолын созды. Есiмi Тасболат екен. Тоқ омыраулардың арасына тығылған «Т»-ның сырын сонда бiлген. Ақ мойынға оралған «Т» жарқырап көз арбаған сары алтынның өзi едi, мынау бiр жылты жоқ қара бақыр. Сафураның самардай аппақ жүзiне түсiп тұрған көлеңке сияқты бiр түрлi оғаш, жарасымсыз құбыжықтай сезiнген алғашқы сәтте. «Бәлки сырты жүдеу болғанмен iшi бай шығар, бар асылы жандүниесiнде жарқыраған бекзат шығар!» Өзiн қанша сендiргiсi келсе де, көңiлi құрғыр үрккен аттай осқырынып, ол ойдың аулына аяқ басар емес. Оны тiптi мың жерден сүйкiмдi, перiштенiң аузынан түскендей сұлу болса да қабылдағысы жоқ. «Сафура шынымен осының жетегiнде кетпек пе? Қазан-ошағы бөлектенген соң өз тiршiлiгiн күйттеп бұны ұмытады ғой, бауырым деп қазiргiдей елжiремес!» – әлде бiр жат, озбыр күш қорғаштаған көңiл бақшасына басып кiрiп жайнаған гүлiн отай бастағандай, жүрегiн шым еткiзiп қызғаныштың қызыл шоғы қарып түстi. «Бидайдың баратын жерi – диiрмен», жат жұрттық боп жаратылған соң қыз баланың түптiң-түбiнде бiр кетерiн бiлгенмен, бiрақ ол тықыр дәл бұлай аяқасты тез таянар деп ойламаған. Бөлменiң бiр бұрышын қара күңгiрт қып түксиген мына қап-қара жiгiт дүниедегi жалғыз жанашырынан айырып, ең қимас асылын тонағалы келген қарақшыдай боп көрiндi. Бiрақ бұл алғашқы әсер тез сейiлген. Тасболат сырты дүрдиген ызбарлы көрiнгенмен кiсi көңiлiн тапқыш оңтайлы жан екен. Қашан болсын құрақ ұшып қалбалақтап тұрғаны. Бiрiншi күннен-ақ «қарындасым жоқ едi, Зухра ендi қарындасым болады!» деп бұны бiр жолата иемденiп алды. Жайылып төсек, иiлiп жастық. Әзiл-қалжыңын айтып ұршықтай үйiрiп әкеткенде қабағыңнан қар жауып тұрса да қалай жадырап сала бергенiңдi бiлмей қаласың. «Мә, Зухра, балмұздақ жей ғой», «мiне, шырын iше ғой», «мына көйлек туған күнiңе!», «мына сырға бiрiншi тоқсанды жақсы бағамен аяқтағаның үшiн!..» Бiтпейтiн сый-сияпат, ағыл-тегiл iлтифат. Бiрте-бiрте жатырқау сезiмiнен арылып, бiр туысы екеу боп, аға орнына аға табылғандай қуанып едi.
Тасболат екi жыл бұрын әйелi баладан қайтыс болып, жалғыз өзi даңғыраған үш бөлмелi үйге сыймай басын тауға да, тасқа да ұрып былғақтап жүрген сұр бойдақ екен. Сафурамен көшеде кездейсоқ ұшырасып қалыпты да, жұмысқа барса жұмыста, жатақханаға келсе жатақхананың есiгiн күзетiп, қыр соңынан қалмай жүрiп құрығына iлiктiрiптi. Алғашқыда жасырып келiп кейiн айтса да «үй сынығы» жарасқан көңiлдерге сызат түсiре алған жоқ. Қалыңдығын Ақтөбедегi елiне апарып той жасаған Тасболат ол жақтан қалпағын аспанға атып, асып-тасып шалықтап келдi. Сафураның ажар-көркiне тәнтi болған құрдастары: «бiз әншейiн қатын алдық деп сиыр құшақтап жүрiппiз ғой. Мiне, перiште! Ерледiң, Тасболат!» деп бас бармақтарын шошайтыпты. Молдахан деген есерсоқтау бiреуi Сафураның тойда түскен суретiн алдына қойып алып, әйелiнiң қасына жоламай үш күн бойы бөлек бөлмеде арақ iшiп жатып алыпты. «Жаман Тасболаттан қай жерiм кем, мен де Алматыға барып сұлу iздеймiн!» деп сыртқа жұлқына-жұлқына қашып қатын-баласын ұлардай шулатыпты.
Бақыт деген әркiмнiң өзiн бақытты сезiнуi ғой. Сафура шексiз бақытты едi: өмiр бойы көк желкесiне мiнiп ап қос бүйiрден тепкiлеп тесiк өкпе қылған жоқшылықтың тырнағынан құтылды; жан адамнан естiмеген жылы сөзiн естiдi; елгезек, қамқор көңiлдiң өбектеген iлтифатына ессiз балқыды. Көл-көсiр молшылыққа көзiн жұмып күмп ете түскенiне мәз-мәйрам. Қашан барсаң да аузы жабылмай айтатыны: парсы кiлемi, румын мебелi, Екатерина сарайындағы ескi үлгiмен жасалған шамдал... Бiрiн қағып-сiлкiп, екiншiсiнiң шаңын сүртiп, сылап-сипап ертелi-кеш тыным таппайды. Емен жиhаздың жылт мөлдiр бетiнен, хрусталь вазалар мен рюмкалардың бүйiрiнен жүзi бал-бұл жанып бiр-бiр бақытты Сафура қарайды.
Тасболат бұрын СМУ-да прораб кезiнде езуi жиылмай ыржалақтаған қарапайым қағылез жiгiт сияқты едi, қалалық комитетке қалай орналасты, солай күрт өзгерiп шыға келдi. Жiлiншiктерiне балқытып қорғасын құйғандай жүрiсi ауырлап, қабағына сыз пайда болды. Үй iшiнде де галстук тағып, екi қолын қалтасына салып шiренiп тұратыны бар. Дастарқандары жыйылмайтын думаншыл болып алды. Бiр барсаң: «Ойбай, жеңгейдi алып екiншi хатшының өзi келгелi жатыр!» деп, ендi бiрде: «обкомдағы жiгiттердi шақырып қойдық!» деп шыр-пырлары шығып, қызыл танау болып жатқандары. Соңғы кездерi көңiлдерi тiптен көтерiңкi едi. «Жақында бөлiм бастығының орынбасары пенсияға шықпақшы. Құдайым бұйыртса, орнына жездең болатын шығар!» деп Сафура құлағына қуана сыбырлаған.
2
...Түн қараңғысында өлi-тiрiсi белгiсiз серейген бiреудi сүйретiп бiр қора жан опыр-топыр кiрiп келгенде жездесi мен әпекесi аман жоқ, сәлем жоқ үрпиiсiп, үрейлерi ұшып кеттi. Не iстерiн бiлмей апалақтаған Сафура топты адамды ләм-мимсiз босағаға үйiрiп қойғанына ыңғайсызданып: «Кiрiңiздер, жоғарлатыңыздар!» деп жiк-жапар бола бастап едi, ес жиып үлгiрген Тасболат: «Тоқта!» дедi әйелiне көзiн ежiрейтiп. Ары қарай жiбермеймiн деген кiсiше алдарын кес-кестеп тұра қалды да, жерге қояр-қоймасын бiлмей төртеуi төрт жағынан ұстап көтерiп тұрған қызға қарай иегiн шошайтты: – Бұл неғылған адам?
Зухра мән-жайды түсiндiрген.
– Жоқ, болмайды! – дедi Тасболат қолын сiлкiп. Қап-қара бетi одан сайын қоқ боп күйiп кеттi. – Бүгiн Алаңда не болғанын бiлесiңдер ме? Бұл да сонда барған бұзақының бiрi шығар. Әйтпесе таяққа жығыла ма. Басым екеу емес, пәлеге қалар жайым жоқ. Әкетiңдер!
– Жезде-ау, шын сөзiң бе бұл, не айтып тұрсың! – дедi Зухра ышқынып. Жайшылықтағы мейрiмдi, қайрымды жездесiнiң бұлай тас боп қата қалғанына қайран қалып.
– Хал үстiндегi адамды қуып шықпақсың ба жетi түнде?
– Хал үстiнде болса, дәрiгерге апарыңдар. Бұл үй аурухана емес қой!
– Түнеп шықсын. Жуынып-шайынып, есiн жиған соң алып кетемiз.
– Аулақ! – Тасболат жыланның басын көргендей екi қолын шошына сiлiктi. – Қылмыскердi үйiме паналата алмаймын. Аялап әлпештеген Отанның жағасына жармасқан опасыздар бұлар. Не жетпейдi екен десеңшi. Қазақ осындай деген атқа қалдырып, бүкiл әлем алдында қара бет қылды халқымызды. Құртыңдар қарасын жылдам, әйтпесе, өзiм милиция шақырып ұстап беремiн!
Қорыққаны әлде ашуланғаны белгiсiз, сығырайған бiтiк көздерi қылиланып қалш-қалш еткен жездесiне қарап Зухра сiлейiп қатты да қалды. Төбесiнен жай түскендей есеңгiреп тұр. Аға деп қадiрлеп келген адамы көңiлiнiң шырқау биiгiнен құлап түстi. Жылтыраған сүйкiмдi әйнек бейне быт-шыт сынып жайрап жатыр, құбыжық шайтан отырыпты iшiнде бұғынып. Неткен жиiркенiштi! Жылтырағанға алтын ба деп жүрсе, бәрi алдамшы, көзiнiң алды қара перде екен ғой. «Жезде» деуге аузы бармай күрсiнiп:
– Е, Тасболат! – дей берiп едi, әлгiндегi кексе қыз:
– Жалынбашы осыған! – дедi дауысы шаңқ етiп. – Мынауың адам емес қой. Кәне, көтерiңдер, кеттiк!
– Ойбай, айғайлама, ақырын! – дедi Тасболат жел өтiндегi құрақтай қалтырап. – Көршiлердiң бәрi қазiр құлағын қабырғаға жапсырып отыр. Бiреу зың еткiзiп хабарлап жiберсе – бiттiк, ауыздағы нанымыздан айрыламыз. Баспалдақпен дабырламай ақырын түсiңдер!..
Подъездiң маңдайшасындағы өлеусiреген жарықтан алыстап қараңғыға сiңе бергенде арттарынан Сафура қуып жеттi алқынып.
– Зухра! – дедi жеңiнен шымши тартқан күйi оңашалап. – Мына қызды апарысып тастаған соң такси ұстап қайтып кел. Бiрдеңеге ұшырап қап жүрер, дүрбелең басылғанша шықпай үйде отырсын дейдi жездең.
«Жезде! Ендiгi жерде естiмегенiм сол кәпiрдiң аты болсын!» деп арс ете түспек едi, Сафураның басынан асып шермиiп тұрған қарнын көрiп амалсыз ашуын тежедi. Жүрегiн ауыртпайын деп аяды. Бейшара, бес жылдың iшiнде төртiншi рет құрсақ көтерiп тұр. Осы иттiң ұрпағын көбейтiп жылда күшiктегенде не барқадар таппақ. Ол залымның айласы белгiлi ғой: оң-солын танымаған жетiм қызды жылтырағымен алдап-арбап уысына iлiктiрген соң күндердiң күнiнде желiк бiтiп өнер шығара ма деп қорқып, осы бастан ес жиғызбай бала басты ғып аяқ-қолын матап тастамақ.
– Суық тиiп қалады, үйге бар! – дедi халатының өңiрiн қаусырынып бүрiсiп тұрған Сафураны иығынан ақырын итерiп.
Үш қыз құрылыс комбинатында сылақшы болып iстейдi екен. Науқасты салақтатып көтерген күйi ақ тер-көк тер боп қозы көш жердегi солардың жатақханасына алып келген. Ваннаға апарып шомылдырды да төсекке жатқызып үстi-басын үшеуi спиртпен кезек-кезек ысқылады. Қарысып қалған тiсiнiң жiгiн пышақпен ашып, аузына екi-үш қасықтай спирт тамызды...
3
Бiрталай уақыттан кейiн барып Сәбира есiн жиған. Төбеге тесiрейген күйi қимылсыз сәл жатты да, қобыраған қолаң шашы қара түтiндей бұрқ етiп жастықтан басын жұлып алды. Шошып оянғандай алақтап айналасына қарады. Бәрi беймәлiм, бөтен. Мұнда қалай кеп қалды? Кiсi көрмегендей жан-жағынан анталап бетiне бажырайған мына қыздар кiм? Көрiп тұрғаны өңi ме түсi ме? Ойы отыз, қиялы қырық. Кенет бүгiнгi басынан кешкен сұрқия сұмдық есiне түсiп, өкiрiп жастыққа құлай кеттi. Алма-кезек елестеген жабайы, жәдiгөй суреттер «ал қайтесiң, өлiп кетсең де шындық осы!» деп жүрегiн дал-дұл жұлмалап жатыр. Шыңғырып кереуеттен құлап түстi. «Өлем, бүйткен өмiрдiң маған керегi жоқ!» деп маңдайын еденге ұрып-ұрып жiбердi. Төрт қыз жалма-жан аяқ-қолынан басып тырп еткiзбей тұрып алмағанда, өзiн өзi майып қылудан тайынбайтын түрi бар. Жұлқынып аласұра ышқынды. Ерiнiн қыршып жiбердi ме аузынан қанды көбiк ағып, жiптiктей қайратты дене әл бермей жыланша ширатылды. Бiразға дейiн арпалысып, әлсiреп барып тыншыған соң қайтадан төсекке жатқызған. Зухра басынан құшақтап, бауырына басып едi, екi бүйiрi солқылдап, ышқына өксiп ағыл-тегiл боздады-ай. Зухра жұбатқан жоқ: Шерiн тарқатып, iштегi бар құса, жалынын шығарсын дедi. Жылай-жылай көз жасы сарқылып, өкси-өкси өкпесi өшiп, әлi бiттi ме, сәл уақыт қимылсыз жатып, қайтадан созалаңдай басын көтерiп едi, екi ұрты суалып, маңдайы қатпарланған мүлдем бөтен бiр кексе әйел түрегеп келе жатты. Әлгiндегi он екi де бiр гүлi ашылмаған сәби өңдi Сәбира жоқ. Тәнiндегi тепсiнген жастық қуат, сәулелi ажар көз жасымен бiрге ағып кетiп, орнында тек құр сүлдер, қаңқа қалған әсерде. Бет-жүзi үсiк шалған жапырақтай солып қартайып барады, қара шашы қар жауғандай қазiр-ақ ағарып шыға келетiн сияқты. Түйсiк-сезiмнен ада, мелшиген меңiреу хал.
Кереуетке көлденең көсiлiп, тамға арқасын сүйеген күйi көзi әйнектенiп, қыбырсыз сұлық отыр. «Ұйықтап нервiсiн тыныштандырсын» деген оймен қыздар сумкаларын қопарыстырып, көршiлерден сұрап демидрол таба алмаған соң, су қосып сыйпама шыны спирт берiп едi, су iшкендей қылқ-қылқ жұтып сiмiре салды. Бетiнiң бiр тал нервiсi бүлк етiп тыжырынған жоқ...
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
БАЛҚАННАН - БАЛКОНҒА
Бұрын мен ақылды едiм,
сондықтан дүниенi өзгертуге тырыстым;
Бүгiн мен дана болдым,
сондықтан өзiмдi өзгертуге кiрiстiм.
Көне заман ойшылы
1
Жоғары өрлеген сайын жұрт жан-жақтан лек-легiмен, топ-тобымен саулап қосылып, кең проспект бiрте-бiрте тасыған өзендей кемерiне сыймай шалқып төгiлдi. Түйдек-түйдек қара толқын түнере лықсып өрлеп келедi. Жолындағыны сыпыра жөңкiген, тосқауыл бермес алапат тасқын. Қарсы беттеген машиналар бұл не пәле дей ме, анандайдан үрiккен аттай жалт берiп, көлденең көшелерге сiңiп жоқ боп жатыр. Мүйiздерi қаңқайған троллейбустар жол жиегiне ығысып, қаз-қатар қаңтарылып қалған.
Шеруге шыққандар бiр мақсат, бiр мүддемен тоқайласқандары болмаса, қаланың әр тарапынан жиналған алашобыр халық: Бiрi – «Поршень» заводының жұмысшылары, екiншi лек автопарктiң шоферлары; бiр-бiрiмен қолтықтасып дөңгелене шоғырланып, төскейге бiткен гүлдей, жастық ажарымен ерекше оқшауланып көрiнген қыздар институтының студенттерi өз алдына бiр төбе.
Бетi қушиған бiр мұртты жiгiт қылқиған құс мойнын созып, айналаны шола қарады да, көшенiң кенерiн кере лықсып, көз көрiмдегi соңы ит құйрықтанып сұйыла шұбырған қара нөпiрдi азырқанды ма:
– «Бiздiң «Дария» жақтағы автобустарды тоқтатып тастады. Топтанған адамдарды милиция қуып таратып, тосқауылдап, берi қарай жiбермей жатыр! – дедi, олар келсе, мына жиналғанымыз жиналған ба дегендей өкiнiшпен.
Әзиз-Сұлтандардың тобы шерудiң маңдай алдын бастап келедi. Қой бастаған серке сияқты, ылғи бiр сайдың тасындай сайланған ер тұлғалы, өжет жiгiттер екшелiп алға шыққан екен. Осылар тiзгiндi алмаса, отқа-суға қарамай ентелеген мынау көзсiз тобырға басалқы боп жөн сiлтеп жүрген ешкiм жоқ.
Әзиз-Сұлтан жол жиегiне шығып, шерудiң бас-аяғын шолған. Құжынаған халық етек-жеңi жайылып көз аясына сияр емес. Әр тұстан шашырай көрiнген тулар мен көсемдердiң портреттерi, транспоранттар теңiз бетiндегi желкендердей қылт-қылт қалықтап келедi. Осыншама адам бiр дем, бiр жүрекпен қосылып ән шырқаса, аспан асты күркiрер едi-ау. Қандай айбынды, асқақ көрiнiс! Өз қиялына өзi елiткен Әзиз-Сұлтан қос алақанымен аузын көлегейлей:
– Бауырлар, ән айтайық! – дедi айғайлап. Айтуын айтса да iле ойланып қалды: қайсы әндi айтады? Ешқандай әннiң аты аузына түсер емес. Екi күннiң бiрiнде радио сарнап жататын жайдақ, ерқашты әләулайдан көңiлi сырғып тоқтамайды. Санасының сары тап беттерiн қалай сапырлыстырса да тiл ұшына үйiрiлетiнi:
«... кен қопарып, мал баққан,
па, шiркiн, қазақ елi көңiлдi!..»
«Кең екен жер деген,
Жерге дән шықты ғой.
Дән егiп терлеген
қазағым мықты ғой!..»
Ылғи бiр мал бағып, трактор айдағанына ұшпаққа шықтық деп екi езуi екi құлағына жетiп мәз болған қазақтар туралы шат-шадыман әндер. Қазаққа бар керегi сол ғана ма? Қазақтың өрге жетелеген асыл арманы, асқақ рухы қайда? Ол туралы неге бiр ән аузына түспейдi? Түспейдi емес-ау, ойлап көрсе, ондай ән жоқ екен! Жүйрiк ат, сұлу қыз, ынтық жүрек туралы небiр ғажайып жыр тудырған өнерпаз халық Отан, туған жер, елдiк пен ерлiк жайлы неге асқақ рухты әндер шығармаған? Шiркiн, осындайда мыңдаған дауыспен қолқа суырар құдiреттi әндi күңiрентiп келе жатсаң ғой!
Орыста қаншама отаншыл, патриоттық әндер бар: «Русское поле», «Эта русская сторонушка», «На сопках Манчужурии», «Священная война»... «Менi айт, менi айт!» деп сұранып тұр шетiнен. Осы әндердi шырқаған кез-келген орыс адамының жандүниесi теңiздей тебiренедi; осынау орманды даланың қасиеттi топырағына табаны тиiп жүргенi үшiн, осынау ұлы жұрттың титiмдей бөлшегi боп жаратылғаны үшiн шексiз бақытты сезiнедi өзiн. Неге бiзде мұндай әндер жоқ? Ұлт болып ұйыспағандығымыздың белгiсi ме бұл? Әлде ғасырларға созылған бодандық, кiрiптарлық, бойдағы отаншылдық, патриоттық сезiмдi табанға сап таптап тастады ма? Асылы, солай шығар. Жүрек екеш жүректе еркiндiк болды ма! Барлық iсте қызыл туға қарап бағыт түзедiк. Басқыншыны бауырым деп сүюге тура келдi; елi үшiн от кешкен бабаларды қарақшы дегiздi. Былай жырла, былай зарла дедi. Қайран жұртының шын тағдырын, шын арманын шырылдап айта алмай қақпай көрген сорлы жүрек «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы!..» деп жалған шаттануға мәжбүр болды.
Ал, тәрбие өтiп кеткен кейбiр әсiре мәңгүрттер: «бiреулер Гуннен тудым дейдi, бiреулер Күннен тудым дейдi, ал мен Күңнен тудым!» деп кеудесiн ұрды. О заманда бұ заман, қормын, тексiзбiн деп кiсi мақтана ма екен! Неткен сорлылық!
Әзиз-Сұлтан арындаған ойдың тiзгiнiн тартып, айналасына қарап едi, олар да осы күйдi кешкен, бәрi үнсiз, «қайсы әндi айтамыз» дегендей тосылып қалған.
Сәлден кейiн барып өздерi бiр топ боп қолтықтаса жылжыған қыздар легi «Құстар» әнiн бастап кеттi. Жан-жақтан жамырай қосылып, дуылдата көтермелеп құйқылжыта жөнелгенмен, әпiгi тез басылды. Қабарған шерудiң көңiл-күйiне қабыспай, тойдан тарқаған думанды топтың шалықтауы сияқты бiр түрлi ерсi әсер еткен. Ет қызуымен лап етiп iлiп әкеткенмен «Осы мен не айтып келемiн!» дегендей, көпшiлiк iле ес жиып, бой тартып алды. Әр тұстан бiр естiлген жетiм әннiң жаңғырығы адасқан аққудай сыңсып бұлыңғыр кеңiстiкке сiңiп жоғалғанда, Әзиз-Сұлтан қалықтатып «Елiм-айды» шырқай жөнелген.
«Қаратаудың басынан көш келедi-ай!..»
Көкiрек түбiнен күркiрей шыққан дауысы зор едi, құлаққа жағымды, қою, ауаны қақырата сiлкiп, дауылға қарсы ұшқан қыран құстай сәт сайын бауыр жазып биiктей бердi. Сiлтiдей тына қалған жұрт сәлден кейiн серпiлiп, сөзiн бiлетiндер сөзiн айтып қосылып, бiрi әуенiн ыңылдап, бәрi бiр леп, бiр жүрекпен iлiп әкеткен. Күңiренген құдыреттi гимн! Жел шайқаған қалың қамыс зарын төгiп сыңсиды; асау өзеннiң гүрiлiнен тау тербелiп жаңғырады... Ғасырлардан өксiп жеткен қазақтың қасiрет-мұңы аспан астын күңiрентiп кең көшемен өрлеп келедi.
Жазушылар үйiнiң тұсына таяй бергенде бiр тырна сирақ, бадырақ көз, тыри қара жiгiт топтың алдына атып шығып, қарсы қарап, екi қолын жоғары көтердi:
– Тоқта! Халайық, мына қасиеттi үйдi аттап өткенiмiз дұрыс болмас! – дедi ерекше бiр шабытпен саңқылдап. – Бiле бiлсек, бiздiң бет түзеп, мiнәжат етер Кааhбамыз осы үй ғой. Ұйқыдағы жүректi оятып, елiм-жерiм деп шырылдап отқа түсiп жүрген жазушылар емес пе. Бар болса, сол ағаларды ертiп алайық, басалқы боп ортамызда жүрсiн.
– Дұрыс, дұрыс. Сөйтейiк! – Алды оқыс iркiлiп, соңы екпiнмен ентелей лықсып, серiппедей жиырылған қарақұрым топтың сөз жетер тұсы шашырай шулады.
«Бұнысы да жөн, – деп ойлады Әзиз-Сұлтан. – Мына екi иығын жұлып жеп жұлқынған дүлей күштi арандатпай арнаға салар ақыл керек. Аттан десе, атып шыққалы өздерi де тықыршып әрең отырған шығар-ау!»
Үш қабатты айбынды, асқақ ғимарат жаңа бiр қарағанда сарғыш едi, ендi әппақ боп елестедi көзiне. Жаңа жауған қар, пiрәдардың алдындағы жайнамаз, рулы елдiң анасы атанған аяулы әженiң басындағы қарқара ғана дәл осындай кiршiксiз ақ боп көрiнсе керек. Мынау кiр басқан қара-қожалақ лас дүниедегi бойына қылау қондырмай таза қалған жалғыз нүкте осы ғана сияқты.
Үйiрiлген топ демдерiн iшiне тартып, жүрексiне басып осынау қасиеттi тазалық мекенiне қарай беттедi. Дәл iргесiне жақындап барып тоқтаған. Ары қарай аттауға батылдары жетер емес. Мәрмәр баспалдақты табанымыз ластар, әппақ колонналарға киiмiмiздiң кiрi жұғар деп имене ме, жақындауға асқақтаған құдiреттi ғимараттың мысы басып тұр. «Ендi не iстеймiз» деп сiлтiдей тынған тыныштықты әлдекiмнiң саңқ еткен қыран дауысы бұзды:
– Олжас аға, мiне алдыңа кеп тұрмыз, баста бiздi! Баста өзiң халқыңды!..
Сол-ақ екен:
– Олжас, баста! Олжас! – деп Алматы аспаны күндей күркiреп кеттi. Тасқындаған сол құдiреттi дауыстан селт етiп тау-тас жаңғырып, селк етiп қазақ даласы оянды.
Әзиз-Сұлтанның көңiлi шалқып, көзiне жас үйiрiлдi: Табаны жерде, төбесi көкте. «Бiз де еңсе көтерер ел екенбiз ғой!» деп тұр елжiреп. Түксиген емен есiк қақ жарылып, жанары от шашқан дауылпаз Ақын жарқ етiп шыға келердей қазiр-ақ. Сымша тартылған сұлу денесi шиыршық атып, толқынды қара шашын сiлкiп тастап, оң қолын аспандата сермеп:
«... Невозможны без вас
Ни заботы мои
ни смех.
Невозможны без вас
и победы мои
и смерть.
Вам обязан – атакой!
В свете полдня
и в холоде полночи
Я ищу,
Я иду к вам навстречу,
Серые сволочи!..»
деп, томағасын сыпырған тастүлектей саңқылдай жөнелетiн тәрiздi... Жо-жоқ, бұның аңқаулығын қарай гөр. Қарапайым пенделер таптап, ластаған жерге ондай аруақты Ақынның табаны тиюшi ме едi, iндiкештiң аузындай анау сығырайған есiктен Ол кiрiп-шықпақ емес. Оның тұғыры биiкте, Оны тек жоғарыдан – шыңның ұшар басынан, қыран қалықтаған қиядан iздеу керек. Қара да тұр, қазiр Ол сонау көз ұшындағы балконға ақбоз арғымағын ойнақтатып шыға келедi. Үстiнде етегi ат сауырына төгiлген ақ желбегей. Ауыздықпен алысқан арғымақ аспанға шаншылады арқырап. Арғымақтың жалында ақ ту боп желбiреген асқақ Ақын: «Ер соңымнан, бауырларым!» дейдi саңқылдап. Әне, арғымақтың тұяқ дүбiрi естiле ме, қалай? Ақынның күркiреген аруақты үнi құлаққа жете ме, қалай:
« ... Мы – не рабы, – рабы – не мы,
Ибо рабы – немы!..»
Аспан астын құдiреттi ұран кернедi. Күн күркiреп, тау жаңғырықты, әр көкiрекке от жаққандай, елiртiп, елеуретiп барады. Жер-дүние теңселiп, тебiренiп Ақын рухымен тыныстап тұр. Айнала жап-жарық болып кеткендей, салбыраған ызғарлы тұман, қара бұлт қайда? Күн шықты ма жарқырап? Жо-жоқ, ақбоз арғымағының жал-құйрығы жайылып, ақ желбегейi желбiреп Ақын аспаннан әппақ нұр боп саулап келедi: ақ сәулесiмен айналадағы түнектi қуып, аспан астын кiр-қоқыс, көлеңкеден тазартып келедi. Дүние қандай ғажап, неткен мөлдiр, сыңғырап тұр. Жер бауырлаған жабылықтың жабайы көлеңкесi тiршiлiк айнасынан өшiп, тек Поэзия ғана қалған. Кең әлем – кеңiстiкте Ақынның саңқылдаған асқақ үнi шарықтайды; қай жағыңа қарасаң да мен мұндалап, Ақынның тепсiнген өжет, өр тұлғасы елестейдi. «Кел мұнда, шық биiкке! Харамдыққа қарсы ғарасат майданын ашамыз!» дейдi.
Шын мәнiнде, Олжас – қазiргi адамзат ақыл-ойы жеткен биiктердiң бiрi. Халқымыздың ғасырлар сiлемiнде соқталанып көрiнер еңселi тұлғасы, биiк болмысы. Ойымыз бен бойымызды соған қарап өлшеймiз, қаншалықты бәкене, пәс екенiмiздi көремiз. Оны күндеп, күстәналайтындар – ергежейлiнiң ұзынды көрсе, апшысы қурылып, iшi тарылатыны секiлдi, өзiнiң күйкiлiгiн, мәнсiздiгiн мойындағысы келмейтiн бейшаралар
Достарыңызбен бөлісу: |