«жеті» санының этномәдени сипаты қайранбек Гүлнұр 5B011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет6/6
Дата01.04.2017
өлшемі1,78 Mb.
#13208
1   2   3   4   5   6

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Т. Әбдікұлы. Оң қол. Алматы. Атамұра, 2002.

  2. Б. Ыбырайымов. Көркемдік көкжиегі. Алматы. Жазушы, 1981.

  3. Р. Рүстембекова. Қазіргі қазақ әңгімелері. Алматы. Жазушы, 1988/

  4. С. Қирабаев. Уақыт және қаламгер. Алматы. Жазушы, 1975.

  5. З.Қабдолов. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы. Мектеп.1970.

  6. З. Қабдолов. Сөз өнері. Алматы. 1992.

  7. С. Әшімбаев. Талантқа тағзым. Алматы. Жазушы. 1982.


Ж.Аймауытұлының «Елес» әңгімесіндегі екіге жарылу сарыны
Қуандық Зере - 6М011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 1-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., аға оқытушы Таңжарықова А.В.

Қазақ әдебиетіндегі алғашқы сюрреалистік негізде жазылған шығармаға, ХХ-шы ғасырдың басында жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың «Елес» әңгімесі мысал бола алады. 1937-ші жылдың зобалаңында қазақ әдебиетінің өкілдеріне, қандай кіналар қойылатындығын Жүсіпбек алдын-ала болжайды. Әңгіме өң мен түстің арасында болатын елестерге сенетін халық нанымына негізделген. «Сюрреалистердің ерекшелігі, кейіпкердің сандырақтап түрлі түстер мен елестер көруі арқылы, қоғамның алдындағы келе жатқан дағдарыстарды болжап отырғандықтарын астарлай айтып, оны оқырмандардың санасына үрей мен қорқыныш енгізу арқылы жеткізуге тырысады.[1, 254]» - деп ғалым Бақыткамал Қанарбаева сюрреалистік негізде жазылған шығармаларға түсінік береді.

Әңгіме былай басталады: «Басым сынып барады. Сынбай қайтсін, «масленкенің» шелпегін жеймін деп бір жолдастың үйінде отырып қалып, «бозжорғаны» айдаңқырап жібергенмін... қаламымды шықырлатып, қайта қайта маламын... келмейді», - деп арақтың буына беріліп, шабытын қанша шақырса да, онайшылықпен оралмағандығына қиналып отырған кейіп білдірді. Сол кезде бірдеңе қараң ете қалады да, портфель қолтықтап, автомобиль мінген комиссардың кеудесіндей кердең басып, бір жігіт сап ете түседі. Есік ашылғандай болған жоқ еді. «Бұ қайдан келіп қалды?», -деп жазушы аң-таң қалады [2, 66]. Бұдан арғы оқиға желісі есіктен енген елес - образымен дауласқан диалог түрінде дамиды.

Бұл адам қалпында келген елестік образ- Ж.Аймауытұлының өзі деп топшылауымызға болады. Бір адамның екіге бөлінуі, қаһарманның сандырақ халге түсіп, елес көруі сияқты көркем тәсілдер ауыз әдебиетімізден бері келе жатқан сарын. Олардың түп негізі – көне заманғы анимистік, тотемдік, магиялық, т.б. сондай нанымдар мен ежелгі фольклорлық жанрлар, яғни алғашқы қауымдағы мифологиялық сана мен кейінгі дәуірлердегі фольклорлық дәстүр. Мәселен, «Бақтыбай би» деген ертегіде бұндай оқиға былайша көрініс табады: «Өз елінің биінің жалғыз ұлы бар екен, ол келіншегін төркіндетіп келе жатса, бұларға жолдан бір сайтан келіп қосылып алыпты. Әлден уақытта келіншек байқап қараса, күйеуі екеу болып қалыпты. Бір-бірінен титтей де айырмасы жоқ. Келіншек кайсысы өзінің күйеуі екенін айыра алмапты. Ал өңі-түсі айырғысыз би ұлы мен сайтан жол-жөнекей келіншекке таласып керісумен болыпты». Ақыры өз күйеуін тани алмай есі шыққан келіншекті бала би Бақтыбай құтқарады, ол екеуін жарыстырып, «Озғаның құмыраға келіп кіресің, қалғаныңды қылышпен шауып өлтірем» [3, 180], - деп үкім шығарады. Нәтижесінде шайтан озып келеді де құмыраға қамалады. «Елес» бейнесі арқылы Ж.Аймауытов ескі сарынды қайта жаңғыртты. Түсіндірме сөздікте «Елес» деген сөз екі мағынада қарастырылған. 1.Көмескі бұлдыр кескін, бейне. 2. Өткен күннің шым-шытырық суреті, көрінісі [4, 222].

Шығармада үйді былай суреттейді: Үйдің іші алай дүлей сасық тұман... «Үй» сөзі символикалық тұрғыда алынып, үйді қоғам ретінде ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Қоғамды осылай бейнелеу арқылы шынымен де сол кездегі қоғамның бейберекетсіз халде болғанын аңғарамыз.

Елес жазушыдан «Қандай тұтынған жолың бар?»- деп сұрайды. Оған жауап былай беріледі.

- Жолым бар. Жолсыз жүрген сендерден сақтасын!

- Менің жолым   -  төңкеріс жолы. Бұл жердегі «жол» ұғымы шығармадағы ойды контекстік тұрғыдан ашып тұр. Жол сарыны ұлттық танымынымызда ертеден келе жатқан ұғым. Батырлық жырларда жолға шығу сарыны арқылы өз бақытын тауып жатқан фольклорлық кейіпкерлердің бар екенін білеміз. Мысалы, «Исламдық жол», «Абай жолы» , «Мұхтар жолы» өздерінен кейінгілерге үлкен ұлағат, мектеп қалдырғаны баршамызға аян. Сол сияқты сол уақытқа дейін өзіміздің ата-бабаларымыздың жүрген жолымен келе жатып мүлде өзгеше , яғни жаңа өкіметтің талабына сай жол таңдау бұл сол кездегі қазақ халқы үшін шынымен де басқа, жаңа жол еді. Автор жаңа жолдың өзіне сеніңкіремей оны елеске айналдырып тұр.

Елес: «Төңкерістен бepi не жазып жүрсіңдер?» – деп жазушыны тергеуге алады. Оның берген жауабында сол кез әдебиетінің тақырыптық, идеялық бағыттары көрініс тапқан: «Біз төңкерістің берген бостандығын, теңдігін жазамыз. Төңкеріс жолында құрбан болған ерлерді өлең қыламыз. Ортақшылдар жолын, Кеңес өкіметін мақтаймыз. ...еңбекшілерді тап күресіне шақырамыз; әйелдер теңдігіне арнап жазамыз. Жастарды оятамыз, жұртты оқуға үндейміз. Байды, жуан жұдырықты түйрейміз... Ескі молдаларға, дінге, ескі әдет-ғұрыпқа қарсы сөздер де жазылады». В. Ленин өзінің 1905 жылы жазған «Партиялық ұйым мен партиялық әдебиет» деген мақаласында социалистік революция мен коммунизм құру дәуірінде көркем әдебиеттің болмысы мен бітімі қандай болу керектігін талдап түсіндірді. «Әдебиет партиялық әдебиет болуға тиіс,— деді Ленин.— Буржуазиялық мінез-құлықка қарама-қарсы, буржуазиялық кәсіп иелеріне тән, жалдаптық баспасөзге қарама-қарсы, буржуазиялық әдеби мансапқорлыққа, жекешілдікке, «бариндік анархизмге» және пайдакүнемдікке түсушілікке қарама-қарсы социалистік пролетариат партиялық әдебиеттің принципін ұсынуға, осы принципті дамытып, мүмкіншілігінше неғұрлым толық және тұтас формада оны жүзеге асыруға тиіс». Осы мақаладан кейін қазақ ақын-жазушылары екі топқа бөлінуге мәжбүр боллды. Бірінші топ жаңа өкіметті жырласа, екінші топ ұлттық дәстүрді өз шығармаларына арқау етті.

Міне осыған орай әдебиеттің өзі екіге жарылды. Бірі, ескі заманды, ескі әдебиетті жырласа, мысалы Мағжан Жұмабайұлының «Батыр Баян» шығармасы баяғы тарихта болған, елі үшін жан беруге дайын батырды жырласа, «Қойлыбайдың қобызы» поэмасы арқылы өткен мәдениетті көрсетсе, «Қорқыт» шығармасы арқылы бұрында өткен мифтік образдарды бейнелейді.Бірі, жаңа заманды, жаңа мәдениетті жырлады. Ол ақын-жазушылардың қатарына С.Сейфуллин, С.Мұқанов, т.б. жатқызуымызға болады.

Жүсіпбек, қазақ жазушыларының жеті жылдың ішінде не тыңдырғандарын елеспен сөйлесу арқылы естеріне салады. Қазақ әдебиетінде ауыз толтырып айтарлықтай ештеме тындырылмай, әдебиеттің негізі емес, елесі жасалды деп сынайды. Оның себебін ақын-жазушылардың пікірі ортақ бір арнаға түспегендіктен, тұрақты ұстанымдарының болмағандығынан екендігін былай жеткізеді: «Сендерде мұрат бар ма? Бақыт бар ма?  Жүрек бар ма?  Бүгін  -  идеалист, ертең  -  материалист, бүгін  - реалист, ертең  -  символист, бүрсігүні  -  футурист,  тағы бірдеме «ист», әйтпесе әрқайсысынан бір шөкім. Ақындықты, жазушылықты сауысқанға айырбастап, неден мұнша адастыңдар?  Күндік күніңе, өшті қасты кегіңе, әлде күншілдігіңе бола  елдің айнасы  -  әдебиетті ұрыс керіске, боқауызға айналдырдыңдар.  Келешектен ұялсаңдаршы! Күйіп кеттім ғой, шыдай алмадым ғой! Айтпайын десем де қоймадыңдар ғой, түге, азып туған мұндардар [2.68]», -деп елес тұра жөнеледі.

Елес нені жазу керектігін жазушыға айтады. Елестің айтқандарынан Жүсіпбектің әдебиетке қатысты көзқарастары көрінеді. «Күнде айғай, күнде даурық, желдеткен қара боран сөз мезі қылғандай болған жок па? Құрғақ сөзден жалықсаңдаршы! Алты жылды айғаймен алдыңдар, тым болмаса енді ойлансаңдаршы! Енді бip өмірге, тұрмысқа келетін сөз жазсаңдаршы! «Біздер – жастар – көппіз, жұлдызбыз, арыстанбыз, батырмыз, қорықпаймыз, жаншып тастап кетеміз, жанып тұрган отпыз, жалынбыз, біз қоймаймыз, біз кеңелтеміз, біз қарық қыламыз...» дей бергеннен не тамады? Мұнын бәpi ет пен терінің арасындағы жел емес пе?..» [2, 68] – деп, сол кездегі құр айғай, ұраншыл әдебиетті сынайды. «Төңкеріс жасасын» деп ұрандатқан, жалаулатқан құрғақ сөздердің әдебиет емес екендігін айтқан. Әңгімеде «айғай» мотиві арқылы негізгі идеяны көрсетеді, яғни қазақ халқынының басынан өткен ауыр күйді, әлеуметтік жағдайдың нашарлығын баяндап суреттейді. Кеңес үкіметінің орнауы қазақ қоғамына үлкен ауыртпалықтар түсірді. Разберске, продналок, көлік,адам салығы түсті. Елді мелитсе, агент, инструктор, отряд қаптады. Сауатсыздықты жоятын дүмше  мұғалімдер тарады. Қазақ жұтқа, ашаршылыққа ұшырады. Халықтың басына түскен жағдайды осы шығарма арқылы терең сезінуімізге болады.

Екіге жарылу сарыны сонау ауыз әдебиетімізден бері келе жатқан сарын. ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытұлы екіге жарылу сарынын өз әңгімесінде шебер қолдана білді. Одан әрі бұл дәстүрді Т.Әбдіков («Оң қол», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды»), М.Мағауин («Жармақ»), А.Алтай («Түсік»), Д. Рамазан («Жын»), т.б. шығармалары арқлы әрі қарай жалғастырып, дамытты.

Жалпы тарих қайталанады деген ұғым бар. Кеңес үкіметі тұсында өзінің шығармаларын былай қойғанда өзінің атын атауға тыйым салынған заман туды. Сюрреалистердің бір ерекшелігі, кейіпкердің саңдырақтап елестер көруі арқылы болашақта қоғамда болайын деп жатқан дағдарыстарды болжап, оны шығармада астарлай бейнелейді. Осы бір «Елес» әңгімесі жазушының өз басы мен шығармашылығына қатысты бір сәуегейлік ойға жетеледі Яғни, Жүсіпбек Аймауытұлының өзі және шығармалары тыйым салынып, қазақ халқының өмірінде елес сияқты кезіп жүрді. Тек араға жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін қазақ әдебиетінің классигі, қазақ романдарының көшбасшысы, белгілі алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлы шығармалары өз оқырманына жол ашты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Б.Қанарбаева Қазақ әдебиетіндегі модернизм: Арнаулы курсқа бағытталған көмекші оқу құралы. - Алматы: Экономика, 2010. - 330 б.

2. Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. ІІ том. - Алматы:Ғылым, 1997. - 272 б.

3. Ертегілер. ІІІ том. - Алматы: Жазушы, 1988. - 320 б.

4. Казақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы:Дайк-Пресс, 2008. - 968 б.

Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін

6-сыныпта оқыту әдістері
Ілияс Ә. 6М011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 1-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: п.ғ.к., доцент – Тамаев А.Т.
Әдебиет пәнінің мектепте өтілетін пәндердің ішіндеоқушыларға терең білім беріп жан-жақты тәрбие беруде алар орны ерекше.Әдебиет адамды рухани биіктетеді, жан сұлулығына тәрбиелейді, ізгілікке адамгершілікке баулиды. Көркем әдебиетте адамдар тағдыры бар тіршілік болмысымен көрінеді.

Әдебиеттің негізгі обьектісі адам. Жазушы өз шығармасына сол адам тағдырын арқау етеді. Оны көрсету үшін жазушы өз кейіпкерлерін әр түрлі саяси, әлеуметтік ситуацияларға қояды. Сан алуан адамдармен қарым- қатынасқа түсіреді.[1]

Жалпы әдебиет пәнінің мақсаты – оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып, эстетикалық, интеллектуальдық, көркемдік, адамгершілік, азамматтық тәрбие беру; оқырмандық талғамды қалыптастыру; әдеби мұраны және онда бейнеленген құбылысты эстетикалық қабылдауына қажетті білім, біліктілікпен қаруландыру; логикалық ойын, ауызша сөйлеу және жазба тіл мәдениетін қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаны дамыту болып тпбылады.

5-7 сыныптағы оқу нысаны ауыз әдебиетінің, классикалық әдебиетіміздің үлгілері. Сонымен бірге балалардың жанына жақын қазіргі өмірді бейнелеген тақырыбы мен жанрлық сипаты жағынан алуан түрлі, айшықты, өткір сюжетті көркем туындыларға маңызды орын берілді. Солардың бірі 6-сыныпта өтілетін ешбір ұлттың әдебиетінен кем түспейтін қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа » повесі. Шығарманың алғашқы нұсқасы «Өзім туралы повесть» деген атпен 1956 жылы жазылып біткен. Кеңес заманыныдағы кілең ұраншыл, аса тәртіпті мінсіз балалардың басты кейіпкер болуына үйренгендер Қожа туралы шығарманы бірден қабылдай алмай, «Қожаның іс әрекеті балаларға кері әсер етуі мүмкін» деп қорыққан, оның жариялануына қарсы да болған.Осындай себептердің әсеріненде «Менің атым Қожа» мектеп бағдарламасына кеш енгізілді.

Мектептегі өзге пәндердің оқыту әдістері сияқты әдебиет сабағын оқытудың да өзіне тән міндеті мен программасы бар, оқыту әдістері бар. Осы уақытқа дейін әдістерді зерттеген ғалымдардың «Түсіндірмелі оқу әдісі», «Баяндау әдісі», «Әңгіме әдісі», «Эксперимент әдісі», «Көрнекілік әдісі» сияқты өзімізге белгілі әдістерді қолдану әдебиет сабағын меңгертуде оң нәтижесін берді. Соларға қысқаша тоқталып және «Менің атым Қожа» повесін оқытудағы сипаты қалай болмақ? дегенге тоқтала кетсек.

Түсіндірмелі оқу әдісі ең көп қолданылатын әдістерінің бірі. Бұл әдістің бірінші сатысында оқушылар текстті өзінше мақамдап оқуға тиіс. Екінші сатысында бала оқып қана қоймай, соның мазмұнын айта білуге тиіс. Үшінші сатысында талдау, шығарманың мән-мағынасын білу, шығарманың идеясын ұғынуға талпынуға тырысу керек. Бұл әдісті біз талқылап отырған повесті оқушыға меңгертуде ең тиімділердің бірі болмақ. «Менің атым Қожа» повесін ең бірінші оқушыларға үйден түсініп оқуға беріледі. Сынып жұмысында оның мазмұнын айтқызып өз деңгейінде талдануы тиіс. 6- сынып оқушыларына меңгеруге тиіс нәрсе оқып мазмұндау болып табылады. Оқығаны мазмұндату – оқу сабағының мәйегі, нәтижесі. «Менің атым Қожа» повесін мазмұндатудағы негізгі мақсат: 1) шығарманың тақырыбын ұғыну, 2) оқиғаның ретімен логикалы түрде айта білу, 3)текстің тіл өрнектерін сақтай айту 4) көркемдеп айту, 5) кейіпкерлер табиғатын түсіну. 5-7- сыныпта қысқаша мазмұндау жүргізіледі. Бұл: оқиғаның тақырыбы мен идеясын таба білуге, логикалық түрде ойлауды дамытуға, сөйлей білуге үйретеді. Оның үстіне қазіргі бағдарламада «Менің атым Қожа» повесі 1 сағатқа берілген. Сол үшін уақытты үнемдеудің манызы ерекше. Қазіргі таңда да әр мектепте де бұл әдісті қолданады.

Әңгіме әдісі. Бұл әдісті риторикалық оқуға қарсы күресте В.Я. Стоюнин енгізген еді. Әңгіме әдісі бойынша оқушылар көркем сөздің мазмұны, тақырыбы, идеясы, образдары, тілі, композициясы жөнінде де өз түсініктерін айта бірліктей бағытта жұмыс істеуі тиіс Әңгіме әдісінің орталығында сөз емес, зат, сұрақ-жауап, бірлесіп істеу, сабақты активтендіру тұрады.[2 13] Әңгіме әдісі сұрақ-жауапқа негізделеді. «Менің атым Қожа» повесін оқытқанда бұл әдіс бойынша повесттің мазмұнын ашатын негізгі әрі маңызды сұрақтар қойылуы тиіс.Мысалға алатын болсақ; лагерьге жолдама бермегені үшін Майқанова апайды ренжіткен Қожаның ісіне қалай қарайсың? «Қысқы кешті» жаттамаған Қожа қандай күйде болды?Оқулықты алу үшін мұғалімді алдағаны дұрыс па?Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу Жантасқа мінездеме беріңдер? Оның ісін қолдар ма едіңдер?Мұғалімдер жиналысынан кейін Қожа қандай шешім қабылдайды?Осы сынды сұрақтарға оқушылар жауап беру арқылы тақырыпты жеңіл әрі тиімді меңгеруге тырысады. Әдебиет сабағында ,әңгіме әдісін қолданғанда барлық жұмыстың тізгіні мұғалімде болады, сондықтан құрғақ бояудан аулақ болғаны жөн.

Сонымен қатар жоғарғыда атап өткен әдістерде осындай оқу, мазмұндау, талдау, сұрақ-жауап, тапсырмалар орындау, салыстыру, зерттеу, мінездеме беру сияқты тәсілдер арқылы оқушыға сабақты меңгеруге мол мүмкіндіктер береді.

Қазіргі таңда оқушылардың білімін тереңдетуге құрылған жаңа әдіс тәсілдер көп. Жалпы білім беретін мектептерде оқытудың түрлі формаларының пайдалануы оқытудың әдіс тәсілдердің жаңаруы, бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.Жеке тұлғаға бағытталған білім беру жүйесіне көшуде мұғалімдерге көмек ретінде интербелсенді әдістерді ұсынсақ болады. Кембридж оқу бағдарламасына негізделген «жеті модуль» бойынша оқытудағы жаңа әдіс тәсілдер бар. Осы сынды жаңа әдістер қарқынды даму үстінде.

6-сыныпқа Бердібек Соқпақбаевтың шығармасын оқытуда ең алдымен оқу бағдарламасына тоқтала кетсек: оқу бағдарламасында Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі (хикаяттан үзінді 2сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет. Оқиға және характер. Шығарманың бас кейіпкері Қожа мінезінің қалыптасуына мектептің, өскен ортаның, отбасының әсері. Қожаның қиялшыл, сезімтал, зейінді бала екендігі. Хикаятта бала табиғатына тән мінездердің көрінуі. Кейіпкер сана-сезімінің өсіп, өзгеруі, рухани жан дүниесінің баюы. Қаламгердің баяндау тілінің жасөспірім бала психологиясына сай екендігі. Хикаят оқиғасының тартымдылығы, шынайылығы. Шығармадағы юмор... Осындай мәселелер қамтылуы керек екенін баса назарда ұстауымыз керек.

Прозалық шығармалардың үлкенді-кішілі формасының қайсысында болмасын сюжет те, композиция да бар. Өйткені олар оқиғаға құрылады.[1.107] Сондықтанда «Менің атым Қожа» повесін талдағанда, оның сюжетімен композициясына арқа сүйемей, ондағы кейіпкерлер характерін ашу мүмкін емес.

Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін тиімді әдістерге салып өтудің үлгілері көп. Солардың бірі әрі бірегейі болып саналатын талдау, сұрақ-жауап, сын тұрғысынан ойлау әдістерін пайдаланып төмендегі сабақ жоспарына назар аударайық.

Жоспар бойынша:

- «Менің атым Қожа» повесін композициялық құрылым арқылы талдау.

- «Ой шақыру» әдісімен, кейіпкерлер бейнесін ашу.

- «Егерде мен Қожанын орнында болсам» деген тақырыпқа ой – толғау жазу (дәптермен жұмыс).

- Деңгейлік тапсырмалар

- Сәйкестендіру тесті (тақтамен жұмыс).

-Қорытынды: «Адам болу-парыз.Сол жолдан жеңіп шығу – ерлік» (сұрақ-жауап).

Кіріспе сөз: -Жас ұрпақтың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірген. Содан соң Нарынқол ауданында мұғалім болған. Жазушының тырнақалды туындысы «он алты жасар чемпион» повесі 1951 жылы жарық көрді. Оның атын ерекше танытқан шығармасы «Менің атым Қожа» повесі болды. Ол орыс, француз, украин, литва, латын, молдаван тілдеріне аударылған.1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясында экрандалған. Осы көркем лента 1967 жылы Канндағы халықаралық кинофестивальда арнаулы жүлдені жеңіп алды. Кинофильмнің режиссері – Абдулла Қарсақбаев.

Повесть туралы. Көлемі жағынан әңгімеден үлкен, романға жақын баяндау түрінде қара сөзбен жазылған оқиғалы көркем шығарманың түрін повесть деп атайды. Егер әңгімеде қысқа оқиғалар суреттелсе, повесттегі оқиғалар желісі кеңірек, кейіпкерлер саны да көбірек, бірақ сюжеттік желі бір арнада өрістейді. Мысалы, Б.Соқпақбаев ағаларыңның «Менің атым-Қожа» шығармасы повесть жанрына жатады.[3.196]

Шығарманы тұтас, жүйелі қабылдау – талдау әдісіне байланысты.


I.Композициялық құрылым арқылы талдау.
Повестің басталуы –

1.Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады. 2. – Ех, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім?


Дамуы –

1.Лагерьге жолдама.

2Майқановаға жолығуы.
Байланысуы-

1.Орыс әдебиетінен Анфиса Михайловна А.Пушкиннің «Қысқы кеш» өлеңін жатқа сұрағанда . . .

2.Бір бақаны сумкаға сүңгіткен Қожа.
Шиеленісуі –

1.Анасының Қожаға ренжуі.

2.Педкеңестегі талқы.
Шарықтау шегі –

1.Майқанованың педкеңестен шығып бара жатып айтқан сөзі.


Шешімі –

Өзіне берген уәдесі.


Әңгіме мен повесті оқытып, талдаудың жолдары – ауызша мазмұндау, жоспар жасау, композициясын анықтау, кейіпкерлеріне мінездеме жасату, портрет, пейзаж, диалог сияқты компоненттерін таныта білу, шығарма мен автор идеясын анықтау, мазмұндама мен шығарма жаздыру сияқты тәсілдер[119]

«Ой шақыру» әдісімен кейіпкерлер бейнесін ашу.





Кейіпкерлер бейнесі




Қожаның сотқар болуына себепкер нәрселер:

Әжесінің еркелетуі, әкесін сағынуы, зеректігі, өзінің менмендігі, анасының жұмысбастылығы.



Қожаның әдепті жолға түсуіне себепкер нәрселер:

Анасын аялауы, Сәйбек қарт, Оспанов ағайдың айтқан естеліктері, Майқанованың педкеңестен шығып бара жатып айтқан сөзі



III. «Егер мен Қожаның орнында болсам» деген тақырыпқа ойтолғау жазу.(Дәптермен жұмыс)


IV. Деңгейлік тапсырма.
Лагерьге жолдама бермегені үшін Майқанова апайды ренжіткен Қожаның ісіне қалай қарайсың?
«Қысқы кешті» жаттамаған Қожа қандай күйде болды?
Оқулық алу үшін мұғалімді алдағаны дұрыс па?
Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу,сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш кім?

Келесі сабаққа қайсың бақа ұстап әкелесіңдер деп айтқан кім?

Қожаның айнаға қарап ойланған сәті...
-Қара көже, мынаның не екенін білесің бе? Біз лагерьге баратын болдық. Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың. Осы сөздерімен Жантастың қандай сипаты көрінеді?
-Жоқ, Қадыров түзелмейді. Ол уәдесін бізге талай берген.

Қожаның бір ауыздан қаулы қабылдауы туралы не айтар едің?

Анасы Қожаға соңғы рет қандай ақыл айтты?
Жантас Қара Қожа деудің орнына керісінше қалай атайды?
Қожа бейнесін суретте.
V. Сәйкестендіру тесті.(тақтамен жұмыс)

-“Лагерьге жолдама. Біз баратын болдық. Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қаласың.” (Жантас)


-“Қожа, Қожатай, акем-ау, сен бүгін сабағыңа бармаушыма едің?” (Әжесі)
-Біз екеуміз таныс шығармыз деймін? (Майқанова)
-Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын.(Сәйбек қарт)
-Мен оқулық емес, қант аламын. (Қожа)
-Япырай, мұндай да шаш біте береді екен-ау!(Әубәкір)
-Қадыров, немене, ұйықтап қалғансың ба? Тоқта галстугыңды түзе. (Aнфиса)
-Қадыров, сені біз мұнда неге шақырып отырмыз, білесің бе? (Ахметов)
-Ал, Қожатай, ақылың бар баласың. Бәрін түсінуің керек (анасы Миллат)
VI. Қорытынды.
Адам болу-парыз. Сол жолда жеңіп шығу-ерлік”
II топ. Сұлтанға еріп, “бұзық бала” атануына көзқарастарың? (Бұндай балалар бүгінде араларыңда кездесе ме?) Егер Қожаның орынында сендер болсаңдар қандай әрекет істер едіңдер?

II топ. Қожаның оқулық сатып алуындағы кезекші мұғалім Майқановаға өтірік айтуы дұрыс па? Сендер не істер едіңдер?

III топ. Майқановамен ерегесуі, жолдама жөніндегі тілегін орындамағаны үшін кінәлауына қалай қарайсың? (оқушылардың өз пікірі)
Осындай мазмұнда, осындай әдістерді пайдалана отырып тақырыпты оқушыларға жетік меңгерту негізгі міндет.Бұл шығарманың басты мақсаты – жақсылыққа тәрбиелеу.

Қазақ прозасына қайталанбас соңғы леп, өзгеше өрнек, қайталанбас сыр-сипат әкелген көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. Жазушы шығармаларының ішіндегі бала жүрегіне жол тапқан үздік туындысы «Менің атым Қожа» повесі болды. Жазушы С.Шаймерденов: «...Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын, қағазды бекерден-бекер шимайламайтын еді ғой.» деп бекер айтпаса керек.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Т.Ақшолақов. Көркем шығармаға талдау жасау. –Алматы: «Мектеп»,1983

2. Ә.Қоңыратбаев. 4-7 класстарға әдебиетті оқытудың методикасы.-Алматы: «Мектеп»,1998

3.Рыскелдиева Г.Д., Тұрсынғалиева С.Ч. Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. –Астана: «Арман-ПВ», 2014. – 344 бет.




Сыр бойындағы шығармашылық тұлға ерекшеліктері
Қару Нұрзат – 6M020500 - «Филология»

мамандығының 2-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Сатемирова Д.А.

Жалпы Сыр өңірінің ақындар шығармашылығын басқа өңірлермен салыстырып қарайтын болсақ айырмашылықтар біршама. Себебі, Сыр сүлейлері шығыстық стильдегі қисса-дастандарды, қайта жаңғыртумен бірге өздері де, шығыс мәдениетіне, философиясына негізделген толғау-термелерді, өлең-жырларды туғыза білді. Бұл орайда Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері де шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше ден қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып, қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған.

Белгілі ғалым Б.Кәрібозұлы Сыр бойындағы ақын-жыраулар шығармашылығында көрініс табатын шығыстық дәстүр туралы: «Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше ден қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе Шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, әсіресе, Сыр сүлейлері шығармашылықтарында небір ғажайып үлгілі, көркемдігі қамшы салдырмайтындай туындылар Шығыс әдебиетінің дәстүрі негізінде дүниеге келіп, оқырмандарын тауып, халық арасына кең тарай бастаған болатын» [1, 12 б.],– деп бағалаған болатын.

Жалпы Сыр бойындағы қисса айту дәстүрінің өкілдері болып есептелетін ақын-жыраулар халық арасында «сүлей» атымен танылған.
Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін Сыр бойының жыраулық мектебі жайында көптеген зерттеу кітаптар жазылып, ондаған диссертациялар қорғалса да, олардың ешқайсысында «сүлей» сөзінің нақты анықтамасы берілмеген.
Біз сөздің мәнін терең зерделей келе, «сүлей» сөзінің «Қиссаларды жырлаушы адам» деген мағынаны білдіретіндігін анықтадық. Бұл сөздің тууына кітап атауындағы «сүл» сөзі негіз болған деп бағамдаймыз.
Ал оған қосылған қазақ тіліндегі«-ай», «-ей» қосымшасы сөзжасамдық қасиетке ие жұрнақ. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Қытай қазақтарының Құран қиссаларын жырлап, оларды үнемі насихат ететін ақсақал, қарияларды «қиссашы», «қиссагер» деп атайтындығымен түсіндіруге болады. 

Сүлейлермен қатар ахундар да қиссалық дәстүрді жандандырған. Яғни ахун «ақын» сөзінің бастапқы төркіні. «Ахундар» деп тек ақиқатты жырлаушыларды ғана атаған. Олар ұйқасты, ырғақты мақаммен Құран хикаяларын жырға қосқан, пайғамбарлардың, әулиелердің, ғалымдардың ғибратты өмірлерін сырлы сазбен жеткізе білген. Осы өнердің іргетасы алғаш рет медреседе қаланған.

Сыр бойында өте көп сүлейлер мен ахундар өмір сүрсе де, олар бір ғана мақсатты көздеген. Ол мақсат – халыққа Құран қиссаларын өлең-толғау түрінде таратып, ел-жұрттың сауатын ашу, рухани иммунитетін күшейту, жас ұрпақты зейінді, зерек, кемел азамат етіп тәрбиелеу. Соның көрінісі білім мен ғылым заманында суырылып шығып, ғалымдық атақ иеленгендер. Қиссалар кең жайылған өлкелерден есімі елге танымал ғалымдардың, профессорлардың көптеп шығуы бұл дәстүрдің адамның зейінін арттырып, ой қуатын күшейтетін қасиеті бар екендігіне нақты дәлел келтіреді.

Сыр өлкесіндегі ақындық ортаның мұсылмандық-ағартушылық әдеби бағытты ұстануына елеулі ықпал жасағандар ахун-ұстаздар. Осы ахун-ұстаздар медреселік білім алып, әрі ислам діни негіздерін және Шығыстың классикалық әдебиетін де халық ортасына таратушы ұстаздық қызмет еткен. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мұсылмандық-ағартушылар болған: Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы (1836-1894), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858- 1936) және т.б. Зерттеуші Т.Тебегенов: «Ахундар – қазақ ауылдарын құрсаулап, рухани аздыруға әрекет ете бастаған ресейлік жатжұрттық отаршылдық ықпалға қарсы өздерінің мұсылмандық-ағартушылық жұмыстарын кеңінен өрістетті. Бұлар мұсылмандық көзқарас негіздерін шәкірттерге, қалың жұртшылыққа терең меңгерте отырып, сопылық-ойшылдық мазмұндағы шығармаларды араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін қайталай жырлаған. Қолжазбалар тарату немесе кітап етіп жариялап насихаттау жұмыстарын жүргізді» [2, 312 ].

Тұрмағамбет Ізтілеуов, Омар Шораяқұлы, Қарасақал Ерімбет, Жүсіп Ешниязұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Оңғар Дырқайұлы және т.б. ақын-шайырлар – бәрі де есімдері аталған ахун – ұстаздардан білім, тәлім-тәрбие алған. Бұл ақындық орта өкілдерінің шығармашылық мұраларына тән ортақ ерекшелік – қазақтың төл әдеби шығармашылық дәстүрлеріне исламдық мәдениет қағидаларын байланыстыра жырлаушылықты қалыптастыру. Аты аталған ақындардың жазба айтыстарында ислам негізіне сүйенген я болмаса, Жаратушы Алланың есімі көп аталып отырған.

Бұл ақындардың өздерінің дін жағынан білім деңгейлерінің жоғары екендігін қарсыласқа көрсету мақсатында жазатын болған.



Сырдағы қиссашылдық мектебінің басында Насируддин Рабғузи тұр. Уақыт өте келе, Рабғузи тек Сыр бойы ғана емес, барлық көшпенді түркі халықтарында қиссашылдықтың өркен жаюына әсер етті.
Рабғузи түркілердің діни тәжірибесі мен дін психологиясын үйлестіріп, әдебиеттегі жаңа бір жанрға жол ашты. Ол қиссаларды түркінің салт-дәстүрінің, дүниетанымының, тұрмыс-тіршілігінің ажырағысыз бір бөлігіне айналдырды.

Насируддин Рабғузиден кейін Сыр бойындағы қиссашылдық дәстүрін жандандырған Ораз Мұхаммет ахун. Ол Қармақшы өңіріндегі Сыр сүлейлерінің ұстазы, мыңдаған шайырлар мен сүлейлерге Құранның хикметті сырларын ашқан.Ораз Мұхаммед ахун Көкілташ медресесінде он екі пәнді меңгерген ғұлама болған. Бұхарадағы «Көкілташ», «Мир-араб» медреселері, Түркістан маңында Қарнақ қаласында орналасқан медреселер елдің ұйтқысы болған ғұламаларды, рухани көсемдерді тәрбиелеген. Ораз Мұхаммед ахунның шәкірті Алдашбай ахунның шәкірттеріне Құранның мағынасын түсіндіргені жайлы мәліметтер бар. Соның арқасында сүлейлер көші жан-жаққа таралып, халықтың діни сауатын ашты. Оларды Құранның мәні мен мағынасына жүйрік қылды.Ораз-Мұхаммед бабамыздың мешітінде оқып білім алған Қожабай, Алдашбай, Әлібай, Тоқсанбай, Тапал, Шаймағанбет, Әбдікәрім, Баймағанбет, Табынбай, Қонар, Садық, Ақмырза т.б. көптеген кісілер ахун жолдамасымен «Көгліташ», «Мирарап» медреселерін бітіріп келіп, ахунға көмекші ұстаз болған екен. Олар көбінесе «Диуани хикметті» жаттатуға, содан кейін қиссаларды оқуына мән берген.
Хикметтерді діліне сіңіріп, қиссаларды жүрегіне тоқып алуға баса назар аударған. Бұл зерттеуді қажет ететін құбылыс. Өйткені жастайынан хикметтер мен қиссаларды жаттап өскен шәкірттер өсе келе, өз жанынан өлең, жыр шығарып, жұртқа насихат айтатын болған. Әдетте қара сөзбен айтылған уағыздан гөрі өлеңмен айтылған насихат кез келген жанның көңілін тербеп, оның ішкі дүниесіне қатты әсер етеді.
1934-1936 жж. Алдашбай ахунды діни сеніміне байланысты Киржот деген НКВД агентінің қамауға алу үшін толтырған протоколында «жеке бір өзінің мектебінде 2000-нан аса молда оқып шықты» деп жазылған қаралау мәліметі бар. Кейбір деректерде ол молдалардың барлығы ахун дәрежесіне жеткен болса керек.

Сыр бойы шығаршалық тұлғалардың бірі – шайырлар. Жазба айтыстың дамуына Сыр шайырларының қосқан үлесі зор. Әсіресе, діни жазба айтыстың жаппай легі осы Сыр бойындағы ақын-шайырларында кездеседі. Осыған байланысты Сыр бойындағы әдеби өкілдерінің «шайыр», деген атаумен аталуына назар аударсақ: шайыр–араб сөзі (шаъир: поэт, рассказчик, стихотворец)» [3, 161] . Бұл атау Сыр бойы ақындарының барлығына дерлік телініп айтылғандай. Қазақ әдебиеті тарихында «шайыр» деп көбінесе мұсылманша сауатты, шығыс дәстүрінде жазып шығаратын Сыр бойындағы сөз зергерлерін атау үрдіс болған. Сөзімізді ғалым Ә.Қоңыратбаевтың мына сөздерімен сабақтамақпыз: «Кейін Сыр бойында өлең, дастан шығарушылар «шайы», орындаушылар «жырау» деп бөлінеді. Мәселен: Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Нақып қожа, Нұртуғандар шайырлар. Бұлар өздері жанынан шығарып ішінара өздері жырлаған, бірақ ел қыдырып өлең айтпаған» [4, 218 ]. Бұлар сөз арқауына алып отырған ежелгі замандық түркі, араб, парсы әдеби-фольклорлық ауызша және жазба шығармашылық дәстүрлердің бәрінің де іздерін, сілемдерін жоғалтпай сақтаған.

Қорыта айтқанда, Сыр бойындағы шығармашылық тұлғалар ұлттық болмыс пен нақышымыздың, ана тілінің қадір қасиетінің ең мол және құнарлы сақталған әдеби туындылардың үлгісін ұғынуға және Құрандағы сүрелер мен аяттары, пайғамбардың хадистеріндегі сөздер, ислам тарихының оқиғалары үнемі сөз арқауына алып, мұсылмандық парызды орындауға, имандылық тәрбиесіне арналған тәрбиелік, насихаттық бағытын тануға негіз болды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Кәрібозұлы Б. Беталыс. – Алматы: Арыс, 2005. –200 б.

2. Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. – Алматы: Жазушы, Білім, 2001. – 332 б.

3. Арабско-руский словарь. Москва, Советская энциклопедия, 1970. – 591 б.

4. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы: ҚМКӘБ, 1962. – 428 б.




М А З М Ұ Н Ы

Қазақ тіл білімінің теориялық мәселелері
Серікбаева Гүлдана. Қазақтың ойын атаулары (М.Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясының І томы бойынша)…………………………………………………….3

Құрбанбаева Гүлжан. «Жан» концептісі…………………………………….10

Шыңғыс Әбдіманап. Қ.Жұмаділовтың «дарабоз» романындағы мақал-мәтелдерді тілдік-семантикалық талдау………………………………………..17

Орынбасар Айгерім. Тұрақты сөз тіркестері (Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы бойынша) ………………………………………….22

Нұреке Ақмарал. Әбжаппар Аблақовтың сөз тіркесі туралы ой-тұжырымдары……………………………………………………………………26

Жанғазы Ақиқат. Web кеңістігіндегі жастар тілінің ерекшеліктері………..31

Сейтжанова Сымбат. Қазақтың халық және дәстүрлі ән мәтіндерінің танымдық мәні мен лингвостилистикалық ерекшелігі………………………..40

Орақ Дина. Қазақ тіліндегі тыйым сөздердің этнолингвистикалық мазмұны…………………………………………………………………………51

Садуова Дина. «Қоңыр» сөзінің когнитивті-семантикалық мәні……………60

Изтаева Балкис. «Ала» сөзінің семантикалық құрылымы………………….64

Жұман Назерке. Жастар тіліндегі фонетикалық ерекшеліктер…………….70

Мырзабек Бибіхан. Қазақ тіліндегі орфографиялық ережелердің өзгеруі мен дамуы……………………………………………………………………………..74

Оңалбек Аида. Шағын радиоақпараттардың тілі……………………………83

Қызырхан Шыңғар. Қазақ дүниетанымындағы «ит» ұйытқы сөзінен жасалған фразеологизмдердің этномәдени қызметі..........................................88

Қайранбек Гүлнұр. «Жеті» санының этномәдени сипаты................................97

Мұсахан Ұлжан. Коммуникативті мағынаның ұлттық ым-ишараттар арқылы берілу жолдары......................................................................................................101

Мұралбек Мейіргүл. Сын есім шырайларының функционалдық өрісі.........107
Қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелері
Мұратбекұлы Нұрбол. Таңжарық Жолдыұлының реалистік жырлары. ….112

Мансурова Эльнара. Қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанр. …………118

Бектасова Мадина. Аягүл Мантай әңгімелеріндегі бүгінгі күннің шындығы………………………………………………………………………..123

Орал Бибіажар. М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін орта мектепте оқытудың тиімді жолдары. ……………………………………………………128

Мырзабек Бибіхан. М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» мен Р.Мұқанованың «Күнә» әңгімелеріндегі күнә мотиві ………………………131

Тілек Мархабат. Ақын Омарғазы Айтанұлының лирикасындағы дәстүр мен жаңашылдық. …………………………………………………………………..137

Абдуллаева Тоғжан. Ұлы прозаик – Тынымбай Нұрмағамбетов. ………...141

Сәрсенбай Айдидар. Мұқағали өлеңдерінің стилистикалық, көркемдік ерекшелігі. ……………………………………………………………………...153

Базылбеков Маралбек. «Ант» тарихи дастанын зерттеуде математикалық есептеулерді пайдалану. ………………………………………………………161

Нұрекешова Әселхан. Б.Момышұлы шығармаларындағы психологиялық талдау түрлері. («Ұшқан ұя» повесі бойынша). ……………………………..166

Жетібай Рахымберді. Т.Әбдіков әңгімелерінің көркемдік әлемі. ………..174

Қуандық Зере. Ж.Аймауытовтың «Елес» әңгімесіндегі екіге жарылу сарыны. …………………………………………………………………………………...178

Ілияс Ә. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін 6-сыныпта оқыту әдістері. …………………………………………………………………………182

Қару Нұрзат. Сыр бойындағы шығармашылық тұлға ерекшеліктері. …...188
Мазмұны………………………………………………………………………..192

Студенттер мен магистранттардың № 71 дәстүрлі ғылыми конференциясының материалдарына арналған баяндамалар мен мақалалар жинағы. –Алматы: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Ұлағат» баспасы, 2017. – 194 бет.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет