Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді Алматы, 2016



бет2/7
Дата15.12.2016
өлшемі5,61 Mb.
#3872
1   2   3   4   5   6   7

Игорь Логвиннің коллажы

«Аргуметы и факты Казахстан» гәзетінен

Бір мәрте философия сабағында студенттермен қазақ ұлттық мінезінің ерекшеліктеріне тоқтап, осы тақырыпты жан-жақты талқыладық. Тақтаны екі бөліп, оның сол жағына қазақтың жағымды, ал оң жағына жағымсыз қасиеттерін жаздық. Әрине, жағымды бөлігі толықтау болды, мұнда студенттер халқымыздың қонақжайлығын, кішіпейілділігін, көнбіс-шыдамдылығын, сабырлығын, білімге құштарлығын, кеңпейілділігін, дәстүршілдігін келтірді. Ал жағымсыз қасиеттер жағына не жасасақ та, дәлме-дәл жасамай, мөлшерлеп жасайтын әдетімізді, басқаға бейімшілдігімізді, жалқаулығымызды, дарақылығымызды, жүздерге және ру-тайпаларға бөлінетін жікшілдігімізді, білгенімізді жеткізе алмай тұратын жуастығымыз бен жасықтығымызды, өзімізге-өзіміз деген немқұрайдылығымызды жатқызды студенттер.

Соңғы жағымсыз қасиет туралы олардың түсініктемесін сұрағанымда, Мөлдір есімді студент бұл қылыққа ана тіліне деген немқұрайлықты – қазақтың 60% өз тілін білмейді дейді ресми деректер, және төл дініміз Исламға мойынсұнбауды – шамамен 500 мыңдай қандасымыз басқа діндерге ауып кеткен – жатқызды. Ал «Бейімшіл дегеніміз басқалардың мәдени, тұрмыстық, идеологиялық ықпалына тегеурін бермей, тез-ақ бойымызды үйретіп аламыз» деп түсіндірді маған Талғат.- «Қазір тіпті тамақ рационымыз, киім киісіміз, үйді жиһаздау, музыка – бәрі де не орыс, не Батыс үлгісінде болып кетті емес пе?»

Мен бұдан кейін «қазақ халқы дәстүршіл» деген оймен келіспейтіндігімді білдірдім. Студенттерден біздің қандай дәстүрлерді жіті ұстанатындығымызды айтып беруді сұрадым. Олар маған «Біз дәстүрлерді мықты ұстанатын халықпыз, мәселен, Наурыз, құрбан айт пен ораза айт, жарапазан айту, беташар, жар-жар, құда түсу, бата беру, жаназа шығару, сүндетке отырғызу, ас беру, ат шаптыру сынды ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлеріміз бар» деп шұбыртып ала жөнелді. Мен «Бұл дәстүрлердің барлығы да рәсімдік әрекеттерге жатады. Олар діни рәсімдерге, үйлену тойына, өлім-жітімге қатысты ғана емес пе? Және де олар күнде-күнде көрініп жатқан жоқ қой. Ал дәстүр дегеніміз күнделікті өмірде орын алған әдет пен ғұрыптар болуы керек. Маған сондай дәстүрлерді келтіре аласыздар ма?» деп сұрадым.

Студенттер аңтарылып қалды, оларға жауап беру қиын екендігін сезіп, мен оларға жәрдемдесе бастадым: «Мәселен, ата-ананы, жасы үлкенді, әйел адамды құрметтеу дәстүрі; өмірге деген байыпты, философиялық көзқарас дәстүрі; өмірді бірлесе сүретін қауым дәстүрі; қоғам мүдделерін жеке бастың мұқтажынан жоғары қою дәстүрі; «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» сынды өмір қағидасы да қазақтың байырғы дәстүріне жатады; бағана өздеріңіз келтірген тамақ рационы, үйді жиһаздау мен киім киіс дәстүрі, т.б.». Ары толғап, бері талқылап, күнделікті тіршілігімізде ұстанатын мұндай ата дәстүрлердің бүгінгі күні тіпті де ұмыт қалғанын студенттер қынжыла мойындағандай болды. Олар тіпті «Қазіргі кезде ата дәстүр біз үшін тек ұлыстың ұлы күндері ұлттық киімдерімізді киіп алып, кейбір мерекелік дәстүрлерді театралды-жасанды түрде келтіруімізбен шектеліп қана қойған» деген пікірге ойысты.

Сөйтіп, талқылау барысында халқымыздың ұлттық мінезі бойынша студенттердің тұжырымы келесідей болды: «Қазақ қонақжай, кішіпейіл, көнбіс, шыдамды, сабырлы, білімге құштар, кеңпейілді; алайда ол өзіне-өзі немқұрайды, басқаға бейімшіл және өз дәстүрлерін ұстанбайтын халық». Осыған тоқтады студенттер.

Талқыланған ұлт ерекшеліктері мәселесі менің өзімді де терең толғандырады. Япырау, біз неліктен осылайша біреудің айтқаны және меңзегеніне, өзгелердің салты мен дәстүріне құлай жапырыламыз, өзімізді-өзіміз жақтырмаймыз? Басқаларға еліктей береміз, өз тіліміз, дініміз бен дәстүрлерімізді менсізбейміз, оларды тіпті ұмыт қалдырғандаймыз. Қит етсе, «Қазақ» десең, өзіңе тиеді!» деп өзімізге-өзіміз шүйлігіп шығамыз, бір-бірімізді жақтырмай «мәмбет», «қазақбай» деп кемсітеміз. Біз сонда «мәмбет» сөзінің төркіні «Мұхаммет» есімімен байланысты екендігін аңғармағандай боламыз, сөйтіп тілімізді пайғамбарымызға (С.Ғ.С) да, дінімізге де тигіземіз. Жастар ата-баба салған сара жолмен емес, Батыстың ықпалына ырық беріп, солардың үлгісі бойынша дамып, өскісі келеді.

Айта берсе, сөз де, мін де табылады емес пе?!

Осы сынды ұлттық нигилизмнің немесе мәңгүрттіктің себебі қайда жатыр?

Сонда халқымыз әу бастан осындай ма еді, жоқ, әлде бұл қасиет кейін жабысқан кесір-кесапат па? Осы мәселелер төңірегінде көп толғандым.



Сол ойларымды ортаға салсам деймін, қазақ жанды, Алаш рухты оқырман!

Менің ойымша, мұндай ұлттық нигилизмнің, мәңгүрттіктің, рухани әлсіреудің (басқаша айтуға да болмас!) негізінде әлеуметтік-саяси себептер жатыр. ХХ ғасырда қазақ халқы секілді тағдыр тауқыметіне ұшыраған халық кемде кем шығар. Нендей нәубет пен зұлматты кешпеді дейсіз қазақ?!



Тарихшы Қалибек Данияровтың пайымдауы бойынша, 1911 жылы қазақтардың саны 8,4 млн.болған екен (Данияров К. История казахского государства. ХV-ХХвв. В 2-х ч.- Алматы: Жібек жолы, 2000. - ч.2, с.86). Сол санға Қазақстанда араға жүз жыл салып біз енді ғана жеттік. Кейініректе, 15 жыл өткен соң, 1929 жылғы санақ бойынша қазақ саны екі есеге кеміп қалған екен – 4,2 млн. Ал 1939 жылғы санақ бойынша халық саны 1,9 миллионға дейін кеміген. Яғни, ширек ғасыр аясында халқымыз 6,5 миллион перзентінен айрылып қалған!(Егер осыншама халықтың табиғи өсімін де ескеретін болсақ, бұл санның біршама өсіп кететіндігі айдан анық)...

Қазақтың саны сонда қалайша азайған? Оның себебі ХХ-ғасырдың саяси-әлеуметтік дүрбелеңдері.



1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы аяусыз жаншылды патша жендеттерімен, талай ауылдар мен ру-тайпалар үдере көшіп, шет елдерге ауып кетті. Бұдан кейін азамат соғысы қазақ ұғымында «ақ-қызыл орыс соғысы» болған емес пе? Бейбіт өмір сүріп жатқан қазақты ақтар келіп бір қырып кетсе, іле-шала қызылдар да ауыл ойранын шығарып отырды. Әлі де социалистік реализмге ден қойып, партияның темір қыспағына түсе қоймаған, әлеуметтік ащы шындықты бүкпесіз жазған ХХ-ғасырдың 20-шы жылдарындағы орыс әдебиеті бұған куә. Әсіресе, Вс. Иванов, Б.Лавренев, т.б. жазушылардың әңгімелерін оқып қараңыз - азамат соғысының басты құрбаны қазақ болған сияқты.

Бұдан кейін қазақ 1921-23 жылдары болған ашаршылық кезінде тағы да қырылды. Біз бұл әлеуметтік зұлмат туралы тіпті де білмейміз десек болады. Қалың жұртқа жария қылып, ол туралы ешкім де тіс жарып, мардымды ешнәрсе айтпады. Бұл ашаршылықтың қасіретін біз тек орта мектептің 4-сыныбының әдебиет кітабына қырық жылдан астам уақыт еніп келген Бейімбет Майлинның «Күлпәш» әңгімесінен ғана сезінуімізге болады.

Кейінірек қазақ кәмпеске кезінде жан-жаққа тарыдай тағы бір шашылды. Өзбекстан, Ресей, Түркменстан ғана емей, сонымен бірге Қытай, Иран, Ауғанстанға дейін қандастарымыз ауып кетті. Шекарадан өткенде талайы қырылды да ОГПУ жендеттері қолынан. Мәселен, Жәркент өңірінде (жаңылмасам, Шежін ауылының маңында) «Жалайыр қырылған» атты жер бар, халық аңызы мұнда 1929 жылы Қытайға өтеміз деп келе жатқан жалайыр руының бір көшін қызыл әскерлер бала-шаға, қатын-қалаш, шал-кемпіріне қарамай, пулеметтермен кескілеп, турап тастаған дейді. Ал кәмпеске мен ұжымдандыруға қаншама қазақ ауылы наразы болып, көтеріліске шыққан! Олардың барлығын кеңес өкіметі аяусыз жаншып тастаған. Алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы облысында Кәстек көтерілісі, Қызылағаш көтерілісі, Қапал өңіріндегі Бөрібай (Бәрібай) көтерілісін есімізге алайық. Ал мұндай көтерілістер бүткіл қазақ жерінде кеңінен өріс алды емес пе?! Тіпті А.Солженицин өзінің атақты «Архипелаг ГУЛАГ» шығармасында «30-жылдан бастап лагерлерге кең даласымен Буденныйдың атты әскері жеңіспен жүріп өткен қазақтар түсе бастады» деп жазды емес пе?

1937-39 репрессия жылдары 66 мың қазақ (кейбір деректерге қарағанда) «халық жауы» айыбымен өлім жазасына кесіліп, атылды, қаншасы итжеккенге айдалды. Бұл да бір нәубет еді қазақ басына төнген...

Ұлы Отан соғысында, ресми деректерге қарағанда, орыстардың 6%, украиндардың 8%, белорустардың 25%, ал қазақтардың 12% қаза тапқан екен. Алайда славян тектес халықтардың барлығы да оккупацияда болған емес пе? Мәселен, немістер бүкіл Белоруссия мен Украинаны, Ресейдің еуропалық бөлігін толығымен дерлік басып алды ғой, демек, қырылғандардың қатарында тек солдаттар ғана болмай, сонымен бірге бейбіт тұрғындар да болған ғой (балалар, әйелдер, қарттар). Ал қазақ арасында кілең дерлік еркек кіндік шейіт болды. Қандай да болмасын ұлттың гендік қорын еркектер құрайтындығы баршаға мәлім...

Алайда ең ауыр қырғын 1931-1933 жылдардағы АШАРШЫЛЫҚ болды...

Бұл нәубет кезінде, тағы да сол тарихшы Қ.Данияровтың айтуы бойынша, халықтың 70% қырылған (басқа деректер бойынша, ашаршылықта қазақтың 40-тан 75 % дейіні опат болған).

Қазақтың басына қара түнек туған кез осы еді... Бұл зұлматта қаншама қазақ аштан бұралып, жеуге нан түйіршігін таба алмай, өліп кетті, қаншама қазақ жанұшыра бөтен жерге ауып кетті десеңізші! Тіпті осы жылдары қазақтың ұлт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі де туды емес пе?!

Бірақ ашаршылықтың салдары тек халық санының күрт төмендеуімен ғана шектелген жоқ, оның ең басты әсері қазақтың санасын түбегейлі түрде өзгертіп жіберуінде. Міне, жоғарыда көрсетілген ұлттық мінездің келеңсіз жақтары мен ұлттық нигилизмнің бастауы осы ашаршылықта жатыр деп есептеймін.

Ашаршылықтан кейін қазақ жалтақ та жасық болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ бейімшіл болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ өзіне немқұрайды болып кетті, ашаршылықтан кейін қазақ рухы әлсіреп кетті! Ашаршылықтан кейін біз кім екендігімізді, қандай екендігімізді, қайда бара жатқынымызды ұмытып қалған секілдіміз...

Тап сол кезде халық санасында емес, бейсанасында «қазақ» атының өлімнен, тағдыр тауқыметінен арашалай алмайтындығы туралы тұжырым қалыптасты деп ойлаймын. Өйткені айналаға көз жүгіртсең, қырылып жатқан кім? Қазақ! Кең далада жосып, тентіреп кеткен кім? Қазақ! Аштықтан есі адасып, бірін-бірі – кішкентай нәрестелерін, бірге туғандарын, тіпті сегіз жолдың торабын аңдып, әрлі-берлі өткен жүргіншілерді - бауыздап жеп жатқан кім? Қазақ!..

Ашаршылық басқа халықтарға тап осындай ауыр да аянышты халде көрінді ме екен?!

Бұл не деген сөз? Бұл дегеніңіз, «қазақ» атаулының жаңа өмірге деген еш бейімділігі жоқ екендігін аңғартты, «қазақ» есімі тек өлім мен қасіретпен ғана байланысты, «қазақ» ұғымы адамды құтқара алмайды екен бұл дүниеде азаптан» деген ой қазақ бейсанасында мықтап орын алды. «Қазақ – жүрген жерің азап!» деген сөз сол жылдардан қалған шығар...



Сонда мына дүниеде тірі қалу үшін не істеу керек?

«Қазақпен» байланысты барлық нәрседен арылу қажет» - деп жауап береді сол уақыттағы күнделікті өмір тәжірибесі бұл сұраққа. Тіл, дін, ұлттық рух, салт-дәстүр, әдет-ғұрып дейсіз бе? Бәрінен де бас тарту керек! Өйтпеген жағдайда кеңес өкіметі билеген мына аласапыран заманда өркендеу тұрмақ, тірі қалудың өзі екіталай нәрсе. Міне осындай ұғым халық бейсанасында мықтап қалыптасты деп ойлаймын.

Ендігәрі қазақ сапалық өлшемдерден сандық, немесе мөлшерлік өлшемдерге ауысты. Бұдан былай қазақта бұрынғы әке махаббатынан ана махаббатына бетбұрыс басталды.

Мен сапалық өлшемдерді әке махаббатымен байланыстырамын (ана және әке махаббаттары жайлы мен «Ана» және «әке» архетиптерінің кейбір философиялық аспектілері» атты мақалада толығырақ жазған едім; қараңыз: «Қазіргі қоғамдағы отбасы: ахуалы және болашағы» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. - Талдықорған: Принтланд, 2007. -202-206 беттер). Өйткені әке махаббаты шартты: ол баланың алдына түрлі талаптар қояды және әке баласын тек сол талаптарға сай болғанда ғана сүйеді. Әке махаббатының басты формуласы: «Балам, егер қойған талаптарыма сай болсаң ғана мен сені сүйемін». Сол себепті де әке тек ең озық балаларын сүйеді, ал озбаған балалары әке үшін «шешесіне» немесе «нағашыларына тартып кеткен» болады. Әке махаббатын иелену үшін еңбек сіңіру қажет.

Ашаршылыққа дейін қазақ өмірінің негізін әке махаббаты құраған деп ойлаймын. Оның айғағын Абайдың «Рақымшалға» атты өлеңінің келесі сөздерінен келтіруге болады: «Бал болатын бала бар, бал болар ма Рақымшал?! Бүйтіп берген балаңды, берген Құдай, өзің ал!» Міне осылай, аз да, көп те емес: талапқа сәйкес келмеген баланың әкеге керегі жоқ – ол тіпті өліп қалсын! Сапалық қатынас дегеніміз, міне, осы.

Ал ана баласын ешқандай шарт пен талап қоймай сүйеді. Ана үшін баланың бар болғаны жеткілікті, ана махаббатының формуласы: «Балам, мен сені қандай болсаң да сүйемін!» Басқаша сөзбен айтқанда, «Жақсы бол, жаман бол, - бірақ аман бол!» қағидасы ана махаббатының басты мазмұны болып табылады. Мұнда сапа жоқ, тек қана мөлшерлік өлшем бар: бала қандай болса да – мейлі көрінгеннің жетегінде кететін әлжуаз болсын, өз күнін өзі көре алмайтын, жұртта қалған жасық болсын, мейлі қырық жасқа дейін әке-шешесінің мойнында отырған парықсыз масыл болсын, мейлі арақтан аузы босамаған маскүнем болсын, мейлі көзі бейнеттен ашылмаған бейшара болсын – ана оны бәрібір сүйеді, мүсіркейді, аяйды да аялайды. Ана махаббатының қасиеттілігі осында жатыр...

Ашаршылықтан кейін қазақ халқы да осындай мөлшерлік қатынасқа ауысты: өмірлік басты мәселе сапа хақында емес, сан жайында болды. Құрып кетпей, тарих бетінде тірі қалу - қазақ үшін ендігәрі ең басты мақсат болып табылды. Қалай болса да тірі қалу керек, ол үшін тіпті өзіндік қасиеттер мен ерекшеліктерден айрылса да! Құрып кетпеу үшін керемет бейімшілдік көрсету керек: «Жақсы бол, жаман бол, - бірақ аман бол!» деген қағиданың аясында тіпті ана тілін ұмытып, басқа дінге өтіп кету де әбестік емес, бөтен халықтардың дәстүрлерін де қабылдау ерсі көрінбес. Баяғы биік талап та, асқақ рух пен зәулім идея да жоқ: олардың орнын тек аман қалу, қу тіршілікке бейімделу, - яғни еш шарықтауы мен самғауы жоқ әрекеттер басты.

Осылайша, менің ойымша, ашаршылықтан кейін қазақтың өршіл әрі қайсар мінезі де, заңғар идеясы да, асқар рухы да өзгеріп сала берді. Бұдан бастап қазақ қара басының қамын жыртуға кірісті. Осылайша бізде ұлттық нигилизм белгілері орныға бастады...

Бүгінгі күні өз жерімізде қожайын атанып, еңсемізді көтеріп отырсақ та, жоғарыда айтылғандай, бізде әдет-ғұрыптарымызға, тілімізге, дінімізге деген немқұрайдылық табы сезіледі. Қазақта «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» деген аталы сөзі бар. Қырық күніміз әлі де өтпеген бе? Аш өзегімізге түскеннен әлі де айыға алмай келеміз бе?..

Нигилизм дегеніңіз жүйке дерті іспеттес. Біз, қазақ, жүйке ауруына шалдыққанбыз деп айтуға тұрарлық. Әйтпесе, өзімізді-өзіміз жақтырмау, менсінбеу, өзімізге деген немқұрайдылық әдеті қайдан туған?

Жақтырмау ғана емес, тіптен бір-бірімізге деген өшпенділік бар секілді қазақ арасында. Біз ашаршылық кезінде бір-бірімізді жегенімізді естен өшіре алмаған сыңайдамыз, сол сұмдықты әлі бір-бірімізге кешпеген секілдіміз. «Адам жеген шұбартаулықтар» деген сөз бар. Алайда бірін-бірі жеу тек Шұбартауда ғана болмаған, ашаршылықтың ол кеселі барлық жерде болды десек, қателеспеспіз. Менің деректерім бойынша, каннибализм Жетісуда, Арқа өңірінде, оңтүстікте, Семей жақта, Батыс Қазақстанда кең етек алған... Біз бәріміз де не жегендердің, не желінгендердің ұрпақтарымыз...

Мектепте бірге оқыған жолдасым Рапбек кезінде әскери борышын Забайкальедегі Даурия стансасы маңында өткерген еді. Сол досым әскери өмірдің оңай еместігін айта келе, ең басты пәле егеуқұйрықтар (крыса) болғандығын әңгімелеуші еді. «Тіпті ұйықтағанда, аяғымызға етігімізді киіп жататынбыз, өйткені егеуқұйрықтар түнде аяғыңды тістелеп кетуі жиі кездесетін» деп айтатын Рапбек. Олардан құтылудың ең тиімді, алайда адам түршігерлік амалы келесідей екен: 7-8 егеуқұйрықты ұстап алып темір бөшкенің ішіне салып, оларға су да, жем де бермей қояды екен; біраз уақыт өткеннен соң әбден ашыққан тышқандар бірін-бірі жей бастайды екен де, аяғында ең мықтысы қалғандарын жалмап, жалғыз қалады екен; оны орыстар «Крысобой» деп атайды екен; сол Крысобойды түзге жібере салады: ол анталай жетіп, аш бөрідей өзі шыққан егеуқұйрықтар ұясын түгелімен қырып шығады екен. Крысобой ақылынан адасып, құтырған секілді болып, оның миында өзі секілділерге деген өшпенділік пайда болады: ендігәрі ол тек солармен ғана қоректенеді екен. «Осылайша ғана кеміргіштерден құтылады деп еститінбіз. Алайда өзіміз ондайды жасап көрмедік»,- деп әңгімелейтін Рапбек досым.

Біз де құдды сол крысобойлар секілді емеспіз бе?.. (Я, Алла! Я, Жаратушы Ием, кешіре гөр мен секілді құлыңды осындай ойлары үшін!)

Философ Эрих Фромм махаббаттың бес объектісін ажыратады, олар: бауырлық махаббат, ана махаббаты, Аллаға деген махаббат, эротикалық махаббат және өзіңе деген махаббат (Э.Фромм. Душа человека. – М.: Республика, 1992. - С.134-152). Осылардың ішінде өзіңе деген махаббат басқа махаббаттардың негізін құрайды: өзін-өзі сүймеген басқаларды да сүймейді деп есептейді Э.Фромм. Басқаша сөзбен айтқанда, әр адам мен қоғамның өзіне деген сүйіспеншілігі болуы шарт. Ал бізде осындай ыстық сезім бәсең емес пе?..
Біз сонда қалайша өз-өзімізді менсінбеушіліктен, мәңгүрттіктен, ұлттық нигилизмнен арыламыз? Мен әңгімені осы мәселе төңірегінде қозғағым келеді.
Бұл жерде жеке адамның ауруы мен бүкіл ұлттың дертін салыстырып қаралық: ұқсастықтары өте көп. Сол себепті алдымен мына сұраққа жауап берелік: «Психоздар мен невроздар сияқты жүйке аурулары қайдан пайда болады»?

Жүйке ауруларының дені адамның бала кезіндегі (әдетте бес жасқа дейінгі уақытта) жағымсыз әсерлерден қалыптасады деп есептейді психологтар. Үрей, қорқыныш, жиіркеніш, ұят секілді сезімдермен байланысты немесе баланың психикасы үшін түсінуге мүмкін емес, ол түсіндіре алмаған жағымсыз іс-әрекеттер, оқиғалар, жағдаяттарды баланың санасы ұмытуға тырысады. Алайда адам психикасы ұмыту дегенді еш білмейді: келеңсіз жәйттер адам психикасының ең көлемді, әрі санаға бағынышты емес бөлігі - бейсанаға ығыстырылып, сонда сақталады.

Бұл жағымсыз әсерлер кейініректе, адам есейе келе, оның мінезінде жағымсыз қасиеттердің қалыптасуына мейлінше ықпал жасайды. Адам бойындағы жасқаншақтық, жасықтық, қорқақтық, жаман әдеттер, өрескел қылық пен ашуланшақтық, психоздар мен невроздар – бәрі де саналы түрде ұмытылған, бірақ бейсанада жинақталған әсерлердің ықпалынан туындайды.

Ал психоз бен невроздарды медицина қалай емдейді? Ең алдымен дәрігер-психоаналитик дерттің себебін анықтап, оны бейсана аумағынан сана бетіне шығаруға жағдай жасайды. Ауру адам ол үшін бір кездері үрей, қорқыныш, жиіркеніш сияқты сезімдерді туғызған бала күнгі оқиғаларды есіне түсіруі керек. Есіне түсіріп, сол туралы әңгімелеп берсе – бейсанадан сана бетіне шығару деген сөз. Ал адам саналы түрде қандай да болмасын жәйтті түсіндіре алады, яғни «түсіндірме берді» дегеніміз бұл жәйт проблема қатарынан шығарып тасталды, ол енді жүйке ауруын тудырмайды: адам психикалық дертінен жазылды деген сөз.

Бұған дәлел әрі мысал ретінде адам өмірінің мына бір оқиғасын келтірейік. Әлде біреу жақынын жоғалтып, қайғыға оранып отыр делік. Әгәрәкім ол ағыл-тегіл жыламай, дауыс шығармай, қасіретін сыртқа шығармай ішінде сақтайтын болса, бұл қайғы оған дерт болып ауысатындығын бәріміз де жақсы білеміз. Қайғыны сыртқа шығару керек, жылау керек, басқаларға мұңымызды шағып, шер тарқатуымыз қажет, сонда ғана біз сол күйіктен арыламыз...

Ал біз, қазақ, ішіміздегі шел болып, беріштей қатып қалған кесел-қасіретімізді әлі де сыртқа шығарғанымыз жоқ. Біздің қасіретімізді өзімізден басқа ешкім де білмейді емес пе?.. Тіпті өзіміз де бұл туралы жан-жақты білеміз деп айтуға болар ма екен?..



Сенбесеңіз, 1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы қаншама кітап жазылды екен? Бірнеше ондаған болар. Қаншама зертеу бар екен? Олар да сол құралпы болар. Қанша фильм түсірілді екен? Өз басым біреуін де білмеймін, көрген де емеспін. Қанша ескерткіш қойылды екен ашаршылық құрбандарына? Бірен-саран шығар... Тарихымыздың бұл парағын ұмытуға жақынбыз және саналы түрде ұмытқымыз да келеді.

Біз тіпті бұл қасіретті әжуа-қалжыңға айналдырып жіберуге тырысып бағамыз. Алдыңғы жылдары марқұм болған талдықорғандық жерлесіміз – театр және эстрада артисін еске түсірген гәзет мақаласында (қандай гәзет екендігін айтпай-ақ қояйын) оның сөз шеберлігі дәріптеліп, сол қасиеттің айғағы мен дәлелі ретінде актердің мынандай бірқақпайы келтіріледі: «Театрдағы үзеңгілес пәленше руынан (немесе түгенше руы – қайсысы екені бәрібір емес пе: бәріміз де қазақпыз?!) шыққан құрдасы марқұмды қалжыңдап сөгіпті: «Өй, жынды!» деп. Сонда әлгі кісі жұлып алғандай: «Мен жынды болмай қайтейін: баяғыда, ашаршылық кезінде әкем бір түгеншенің (немесе пәленшенің) миын жепті, содан болар кеселім!» деген екен». Күлеміз... Халық трагедиясын қалжыңға айналдырып жібергіміз келеді... Руға бөліну не теңің сенің, қазақ, кезінде құрып кете жаздап едің ғой Жер атты ғаламшар бетінен?!.

Жүрген жеріміз азап...

Бұған кері мысал ретінде еврейлердің жағдайын алайық. Екінші дүние жүзі соғысында еврейлердің 6 миллионнан астамы қырылды. Бұл қырғынды тарихта Холокост деп атайтындығы бәрімізге де мәлім. Бүткіл дүние жүзі адамдары еврейлердің трагедиясын біледі, олардың қайғысымен ортақтасады.

Холокост туралы қаншама кітап жазылып, қаншама фильм түсірілді дейсіз (олардың ішінде ең атақтыларының бірі - талай Оскар сыйлығын иемденген «Шиндлердің тізімі» көркем фильмі)! Тіпті қазіргі күнге дейін Германия еврейлерге айып-пұл төлеп жатыр емес пе? Немістер өздерінің кінәсін қалай жуып-шайуын білмей жүр, оларда тіпті еврейлердің алдында ұлттық кінә комплексі де қалыптасқан. Мұндай комплекс бүткіл Еуропа халықтарында бар десе де болады. Олар кезінде еврейлерді фашистердің қырғынынан арашалап қалмағанына өздерін құдды кінәлі сезінеді.

Еврейлер өз тарихының қасіретті беттерін ұмытқан емес, ешқашан ұмытпайды да! Тель-Авив қаласының маңында Яд Вашем атты мемориалдық кешен бар. Жер астында орналасқан бұл мұражай Холокост қырғынын фотосуреттер, куәгерлердің естеліктері мен басқа да материалдармен айғақтап баяндайды. Мұнда келген адам қайта жер бетіне шыққанда өзгеріп, басқа күйде болып шығады дейді білетіндер. Өйткені еврей халқының қасіреті кімнің де болса жанын түршіктіріп, қабырғасын қайыстырып, қайғы мен мұңға бөлейтіндігі рас...

Холокост трагедиясын насихаттау, баршаға паш ету – бүгінгі Израиль мемлекетінің ұлттық саясатының басты мазмұны. Әрбір еврей, отбасы, мектеп, мекеме бұл саясаттан тысқары қалып отырған жоқ, әрқайсысы да ұлттық қасіретті естен кетірмеу үшін, бүкіл әлемді мойындату үшін аянбай қолынан келгенін жасайды. Тіпті бүкіл мемлекеттің өмірі осы қасірет аясында құралған деп айтуға тұрарлық. Ұлттың тәубеге келуі деген осы да болар...

Тағы да бір мысал келтірелік. Түркияның бүгінгі күні ортақ Еуропаға кіре алмай отырғандығының бір себебі оларға 1915 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында 1миллион армяндарды қырып жіберген деген айып тағылып отыр. Еуроодақ Түркиядан осы жәйтті мойындауды және армяндардан кешірім сұрауды талап етуде. Тіпті Францияда осы геноцидті мойындамағандарды бас бостандығынан айыру туралы заң да шыққан 2006 жылы.

Ал армяндар барша ұлт болып әр жылы, ұмытпасам, сәуірдің 25 күні, сонау 1915 жылғы қырылғандар бойынша мейлі Арменияда болсын, мейлі Франция не Америкада болсын, қара жамылып, аза тұтады.

Украинада 2007 жылы Голодомор, яғни 1931-33 жылдарда жүзеге асырылған ұжымдандыру саясатынан туындаған ашаршылық, туралы заң қабылданды. Мұнда да украин халқының бұл қасіретін геноцид деп атап, оны мойындамағандарды жауапқа тарту туралы шешім қабылданған. Барлық украиндар әр жылы қарашаның үшінші жексенбісінде Голодомор құрбандары бойынша аза тұтады...



Ал біз болсақ ашаршылық туралы аракідік сөз қозғамасақ, оны ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ деңгейіне шығара қоймадық. Ашаршылыққа кеңес өкіметі ұйымдастырған қазақ халқының ГЕНОЦИДІ деп баға бермедік. Аза тұтып, қара жамылмаймыз. 31 мамырда біз 1937-1939 жылдардағы саяси репрессия құрбандарын еске алуға басты назарымызды аударып, ашаршылықта қаза тапқандар жайында көп әңгіме көтермейміз.

Қазақтың көбі қырылған нәубет туралы біздің білетініміз де шамалы. Мүмкін бұл туралы тарихшы ғалымдар талай зерттеулер жүргізген де шығар, алайда олар кең жұртшылыққа беймәлім, өйткені халық санасында ашаршылық кесапаты, оның қазаққа келтірген кесірі мен залалы мықтап орын алмаған.

Жалпы қоғамда төл тарихымызға деген немқұрайдылық орын алған деп айта алмаймыз. Талай өткен күндер деректері жан-жақты зерттелген. Репрессия жылдары атылған 66 мың қазақтың аты-жөні бәрімізге де белгілі: олардың есімдері басылған мартиролог баяғыда жарыққа шыққан. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 280 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің есімдері де баршаға аян: әр ауданда «Боздақтар кітабы» басылып шыққан.

Ал ашаршылық туралы осындай кітаптар мен тізімдер бүгінгі күні әлі де жоқ. Неліктен осы біз ашаршылық туралы айтқымыз келмейді?

Бір жағынан ол түсінікті де: бастан өткен қайғы-шерді кім жадында ұзақ сақтағысы келеді дейсіз? Ал қазақ дегеніңіз болашағына жарқын үмітпен қарайтын, оптимистік көзқарас ұстанған халық. Мүмкін біздің 75 жыл бұрын бастан кешкен ұлт трагедиясын жадымызда сақтағымыз келмейтіндігінің себебі осы да болар? Біз болашаққа ұмтыламыз, ертеңгі күнді болжаймыз. Сол себепті де өткенге көз жүгірткенде, біз көбіне-көп тарихымыздың айбынды да қаһарман беттеріне ұңіліп, ата-бабаларымыздың ерлігі мен абыройын паш етеміз, олармен рухтанамыз...

Алайда кешегі күннің келеңсіз мезеттерін де ұмытуға болмас. «Өлі риза болмай, тірі байымас». Ашаршылықта қырылғандардың көз жасы мен төгілген қаны бізге серт болып тұрған жоқ па деп ойлаймын. Біз олардың алдындағы борышымызды толық өтедік пе?.. Әй, қайдам...

ХІХ-ғасырдағы бельгиялық атақты жазушы Шарль де Костердің кейіпкері Тиль Уленшпигель түнде ұрланып барып, инквизиция жалған айып тағып, отқа өртеген әкесі Клаастың мәйітінің жүрек тұсынан күл алып, оны тұмар қылып мойнына іліп алады. Бүткіл өмірін инквизиция мен олардың қолдаушысы болған испан басқыншыларымен күреске бағыштаған Тиль әрқашан да «Клаастың күлі менің жүрегімде соғып тұр!» деп өзін-өзі жігерлендіріп, рухтанып, қайраттанып тұрған. Бұл сөз тіпті Фландрияда азаттық күресінің басты ұранына айналып кетеді.



Біздің де жүрегімізде ашаршылық құрбандарының күлі, қаны, көз жасы, қасіреті дүрс-дүрс соғып тұруы керек! Бәріміздің де басымызға түскен қасірет тұрғысынан біз - бүкіл қазақ - бірігуіміз керек!

Сөйтіп, ұлттық мінезде ашаршылықтан кейін қалыптасқан келеңсіз қасиеттерден сол қасіретімізді сыртқа шығару, яғни жария ету арқылы ғана арыламыз деп айтқым келеді.

Эстетикада «катарсис» деген ұғым бар. Ол дегеніңіз қайғы мен қасіретті бастан кешу арқылы олардан арылу, ішкі жан дүниені жаңғырту, тазаландыру, пәктендіру дегенді білдіреді. Менің ойымша, біз әлі де катарсисті бастан кешкен жоқпыз, әлі де толық қасіреттен арылғанымыз жоқ. Ал тәубеге келусіз болмайды, онсыз біздің рухымыз жаралы күйде қала бермек...



Қасіреттен арылу үшін, тәубеге келу үшін ашаршылық туралы бүкіл дүние жүзіне күңірене жар салу керек еврейлер мен армяндар секілді. Барлығы да білсін ХХ-ғасырдың отызыншы жылдары бейбіт кезеңде, еш соғыстың жоқ шағында қазақтың 70% қырылғанын! Мойындату керек барша әлемді ұлттық геноцидтің орын алғанын! Мұндай зұлматты ұмытпау керек және басқаларды да ұмытқызбау керек!

Сол нәубетті ұмытпай, оның төңірегінде бүткіл ұлт болып бірігу керек! Бір-бірімізден – жегендер мен желінгендердің ұрпақтары - кешірім сұрауымыз керек! Сол қасіретті санамыздан тағы да бір өткізіп, «Біз – қазақпыз!» деген идеямен рухтану қажет!

Ал бізден кім кешірім сұрайды бұл геноцид үшін? Кімді жауапқа тартып, кімді соттау керек? Жексұрын нәубетті қасақана қолдан жасаған кеңес өкіметі мен Кеңес Одағы баяғыда құрдымға кеткен. Мүмкін Кеңес Одағының ізбасары рөлін өз еркімен көтеріп алған Ресейді жауапқа тарту керек болар?! Өйтетін болсақ, біздің шағымымызды қандай сот қарауға қабылдай қояр екен? Гаага қаласындағы Халықаралық сотқа шағым түсіруіміз керек пе? Немесе бүкіл дүние жүзіне жар салып, «Қазақтар кеңес өкіметіне қарсы» атты жария процесті жүргізуіміз керек пе?Бұл процеске барша ұлт болып куәгерлік көрсетулер (орысша: «свидетельские показания») берсек, дүниежүзілік жұртшылықты қазақ халқының геноциді болғанын мойындатсақ, ұлттық мәртебеміз бұрынғыдан бетер өсер ме еді?..

Ал бұл мәселеге біздің саясаткерлер мен әлі де империялық райынан қайта қоймаған солтүстік көршіміз қалай қарар екен? Ресей өз кінәсін мойындап, бізден былай деп кешірім сұрар ма екен: «Иә, кеңес дәуірі кезеңінде 6,5 миллион қырылған қазақтың және олардың тумаған ұрпақтарының обалы мен айыбы бізге қалып отыр. Кешіріңіздер бізді, қазақтар!»?

Шіркін! Егерде сол кезде қазақ қырылмаған болса, қазіргі күні біздің санымыз 25-30 миллиондай (мүмкін одан да көп) болмас па еді?! Кім біледі: бәрі де бір Алланың құзырында...

Жүрген жеріміз азап...



Ашаршылық қасіретін біз ұлттық идеяның, ұлт саясатының, ұлттық тәрбиенің негізгі қағидасына айналдыруымыз керек сияқты. Сәби кезден бастап, балаларымызды сол нәубетті естен шығармауға үйрету қажет, мектеп бағдарламасына «Ашаршылық» сабағын енгізсе дұрыс болар ма еді. Репрессия құрбандарын еске алатын 31мамырдан басқа бір күнді немесе тіпті үш күнді ашаршылық құрбандары бойынша аза тұту деп белгілесек, бұл күні бүкіл қоғам болып қара жамылып, шейіт болғандарға бағыштап ас беріп, Құран оқытсақ, игі болмас па еді?! Ғұлама діндар Халифа Алтай бір кездесуде былай деп қысқа қайырып еді: «Біз әруаққа мұқтаж емеспіз - әруақ бізге мұқтаж. Әруаққа не керек? Құрбандық пен Құран бағыштау ғана». Осыны жасау керек!

Бізге тіпті Яд Вашем сынды мемориалды кешен ашу да артық болмас! Өткеннің би-батырларына ғана белгі қоймай, бірінші мезетте халық жадында сақталып қалу үшін, келешек ұрпақтарды осындай нәубеттен сақтандыру үшін ашаршылықта қырылғандарға әр ауылда ескерткіш орнатсақ абзал.

Ғалымдарымыз жаңа, тың зерттеулер жүргізіп, бүкіл қоғамға жария қылса екен өз жұмыстарын. Сонымен қатар бізге тек тарихшылардың зерттеулері ғана емес, сонымен бірге қарапайым халық куәсі де керек. Тарихты біз көбіне-көп қоғамның жалпылама дамуы мен оның саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістері деп түсінеміз. Ал қарапайым адамдардың өмірі мен ахуалы, олардың ойлары мен мұң-мұқтаждары тіпті де көп жағдайда тарих назарынан тыс қалып отырады. Бірақта, менің ойымша, нағыз тарих дегеніміз осы.

Әр ауыл, әр аудан ашаршылық жайлы өз кітабын жазса, мұнда алапат куәларының бастан өткерген қасіреттері келтірсе.

Уақыт болса алақанға жинаған құм сияқты сусып барады, сусып барады: кешегі күннің куәгерлері - көнетоз қариялардың дені арамыздан бақиға жол салған. Олармен бірге тарих беттері де жабылып, көмескілене түскендей. Сондықтан да асығу керек. Бұл жұмысты зиялы қауым өз қолына алса жақсы болар еді. Мектеп оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындары студенттері ұстаздардың жетекшілігімен жасы үлкендердің куәлік келтірген әңгімелерін жазып алып, «Менің жанұям ашаршылық жылдарында» және «Менің ауылымның ашаршылық жылдарындағы тарихы» атты кітаптарды әр оқу орнында шығарсақ. Іле-шала халық жазған және халық аузынан жазылған осындай тарихты том-том болып жарыққа шығарсақ. Бұл кітаптар бірінші мезетте куәгерлік көрсетулерден құралса: мұнда сол зұлматты басынан кешіп, тірі қалғандардың естеліктері немесе олардың әңгімелерін естігендердің куәліктері келтірілсе. Тек қана осындай деректер қажет бізге, ешқандай патетика мен риториканың, талдау мен пысықтаудың, пайымдау мен тұжырымдаудың керегі жоқ сияқты бұл кітаптарда: оларды өз кезегінде (осы кітаптар бүкіл еліміз бойынша басылып, жарық көрген соң) тарихшы, саясаттанушы, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы ғалымдар мен философтар жасасын. Ал бұл кітаптарға тек деректер, деректер және тағы да деректер керек!

Ашаршылық туралы естеліктер фольклорға айналып кетпей тұрғанда, осы істі қолға мықтап алу керек.


Мен бүткіл иісі қазақ, ұлт тағдырына шынайы жаны ашитын оқушылар мен студенттерге, ұстаздарға үндеу тастап отырмын бұл жерде! Кез келген пән бойынша екі-үш кітаптан көшіріп, ешкімге де керегі жоқ, толып жатқан рефераттар, бақылау мен курстық жұмыстарды жазғанша, дәп осы секілді қоғамға, ұлтымызға септігін тигізетін, ар-намысымызды асқақтатаын, жігерімізді ұштай түсетін пайдалы еңбекпен айналысқан дұрыс болар!
Осылайша біз ашаршылықта қырылған ата-бабаларымыздың алдында аз да болса қарызымыз бен парызымыздан құтылатын шығармыз.

Алайда бұл парыздан түбегейлі құтылу мүмкін емес деп ойлаймын өз басым...



Мұндай әрекет пен жұмыс әр қазақтың азаматтық парызы деп түсінемін. Бәріміз де жұмылып, шама-шарқымызша атсалысайық, қандас бауырлар!

Мен тіпті сол кездер мен бүгінгі күн арасында параллель жүргіземін: ақша мен нарық билеп тұрған осы шақта біз ұлттық рухты тағы да, екінші мәрте тұқыртып алып, мәңгүрттенудің екінші кезеңіне жол беріп қоймаймыз ба екен? Қазір қоғамымызда ұстанатын негізгі құндылықтар байлық пен билік төңірегінде қалыптасып отыр: соларға ұмтыламыз, өмірді де, өзіміз бен өзгелерді де солармен екшейміз, өлшейміз және бағалаймыз – «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесіннің» кері дәп бүгін келген секілді. Ұлтымызда әлеуметтік жікшілдік орын алып, кең етек жая бастады. Бұл кесел тіпті мектеп пен бала бақшаларында көрініс тапқан. Бір ғана мысал. Менің жақын жолдасымның бала бақшаның жоғарғы тобына баратын алты жасар үлкен қызы бақшаға бірінші рет баратын үш жасар інісін былай деп үйретіп жатыр: «Сен бақшада бізде «Ауди» машинасы бар екендігін айтып қойма, онда сенімен ешкім де ойнамайды. Бізде джип немесе «Мерседес» бар деп айт»... Күлетініңді де, жылайтыныңды да білмейсің...

Жүрген жеріміз азап...

Біз осы нашар қазақтың тұқымы емеспіз бе? Исі жақсы қазақ ашаршылық кезінде басқалардың нанын тартып жеуге ұяты жібермей, адамның етін жемей, қырылып кеткен жоқ па?..

Сол себепті қазаққа байлық пен билік жолында ышқына күшенген, күреске, дода мен бәсекеге толы дүниеде бір сәтке болса да басын көтеріп, айналаға баппен және байыппен көз тастап: «Біз кім боламыз? Қайданбыз? Қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтар төңірегінде толғану қажет, ойлану керек. Тұңғиық Көкке жанарымызды тосып: «Жаббар Иеміз! Жаратушы Аллаһ-Тағала-уа-Тағала!.. Бұл біз ғой – қазақпыз!!! Кешір бізді!..» деп тәубеге келу керек болар... Бәріміз де: ашаршылықтан зардап шеккендердің және ашаршылықты тудырғандардың да ұрпақтары, қазақ етін жегендердің және жем болғандардың да ұрпақтары. Ашаршылық нәубетін ескеруді ұлттық дәрежеге көтеру - рухсызданудан сақтанудың басты амалы деп ойлаймын. Бәріміздің де басымызға түскен қасірет тұрғысынан бірігуіміз керек!


Мен студенттер арасында насихат жүргізіп, оларға ашаршылық туралы әңгімелер жазуды тапсыру жұмысымен айналысқаныма үш жылдың жүзіндей болып қалды. Алдымыздағы таяу күндері студенттердің жұмыстарын біріктіріп, алғы сөз жазып, бірінші рет кітап қылып шығарсам ба деген ойдамын.

Алғашында студенттер мұндай тапсырманың қиындығын айтып, маған «Ашаршылық куәгерлері қазір сексен жастан асып кетті емес пе? Ондай қариялар ауылымызда қалған да жоқ. Біз ашаршылық жайлы қалай жазамыз?» деп қиылды. Мен оларға «Ашаршылық куәгерлерінің бүгінгі күні бірлі-жарым ғана қалғандығы рас-ақ. Олардың өзінен болмаса да, сіздер олардың әңгімесін естігендерден сұрап білсеңіздер болады. Бұл көз көргендердің куәсін естігендердің куәсі болады. Мысалы менен сұраңыздар: менің жасым елуге жетпесе де, мен марқұм әкем мен шешемнің әңгімелерін жақсы білемін. Мен солардың куәсінің айғағымын» деп жауап бердім.



Студенттерге әкемнің айтқан әңгімесін қысқаша баяндап бердім.

Менің әкем – Қамза Әлімұлы, 1923 жылы қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. «Біз бір әке, бір шешеден 13 бала туған едік, солардан үлкен әпкем екеуміз ғана тірі қалдық» деп күңірене әңгімесін шертуші еді қайран әкем.

«1932 жылдың суық күзінде бас сауғалап, жаяулатып Шамалған стансасына жеттік. Бір орыс машинистке алтын-күміс беріп, жүк пойызына отырдық. Бағытымыз – Қырғызстан, ол жерді ашаршылық жайламапты дегенді естігенбіз, мақсатымыз сонда жету. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, пойыз бізді Тоқмақ қаласына әкеліп тастады. Стансаға түссек, ана жер, мына жерде сіресіп өліп жатқан қазақтар. Қала халқының дені өзбектер екен, олар ашаршылыққа ұшырамаған тәрізді: әр жерде шайханада сораптап шай ішіп отырғанын көрдік. Ал шайхана табалдырығында қатып қалған қазақтардың өлі денелерін киген киімдерінен танисың.

Бұл жерде де қазақ үшін жан сақтаудың оңай еместігіне көзіміз жеткендей болдық. Әрі оңтүстікке қарай қашуға қауқарымыз қалмаған. Не де болса осында тұрақтауды жөн көрдік. Қаланың шетіндегі бір сайда аузы-мұрны жоқ біреулер тастап кеткен там бар екен, есік-терезесінің орнына текемет пен алаша жауып, соны паналадық. Екі үлкен ағаларым 17 жасар Мұғали мен 15 жасар Аббас (үйде Қабас дейтінбіз) сайдан қамыс орып, базарға отын ғып сатады. Содан тапқан азын-аулақ тиын-тебенге нан алып жейміз. Шешем елден алып шыққан алтын мен күмісті нанға айырбастайды. Кейін ол да таусылды. Бәріміз де ашпыз.

Әкемнің інісі Кәртеңбай ертеректе қайтыс болып, оның төрт әйелі де бізбен бірге болатын (кіші әкемнің баласы жоқтұғын, сондықтан да әйелді үсті-үстіне ала берген екен), алдымен сол төрт жеңгем қайтыс болды...

Әкем кезінде Бұқара мен Самарқант жақта медресе бітіріп, ауылда молда болып, балалардың сауатын ашып, оқытқан кісі еді. Ауылдағы елді отырықшылдыққа үйрететін: үй салып, тауық-қаз ұстататын, бақ салдыратын. «Еңбекші» ауылының күнбатыс жағында «Әлімнің бағы» деген жер әлі күнге шейін бар. Әкем сол кезде 58 жаста еді. Әбден қажыған, әлсіреген, қозғалуға да қауқары жоқ, күні бойы есікте отыратын, ауыл жаққа көз тігіп. Менің жасым тоғызда, күн ұзақ жеті жасар Күлсім қарындасыммен ойнаймын, ойнағанда да көбінесе отырып немесе көрпе астынан басымызды қылтитып қана, асыр салып, жүгіріп ойнау деген жоқ...

Көктем шыға бізге де хабар келді «Қазақстанға жаңа бастық жіберіліпті, аты Мырзажан дейді, қазақ оңала бастапты» деп. Осыдан кейін екі ағам да қозғалыңқырай бастады «Елге қайтайық!» деп. Әкемнің «Мен елге жете алмаймын, осында әл шақырып алайық» дегеніне қарамай, ақпан айының орта шенінде «Қайдасың Қазақстан, қайдасың туған жер!» деп жаяулатып жолға шықтық.

Шу өзенінің бойында әкем қайтыс болды. Оны өзеннің бойына көмдік. Кейінірек жолда Аббас ағам да көз жұмды. Оны көмуге мұрша жоқ, денесін бір ескі дуалдың іргесіне қойып, дуалды шайқап-шайқап мәйітіне құлаттық – ит-құсқа жем болмасын дегеніміз ғой...

Арып-ашып қырғыздың Қарабұлағы деген жерге де келдік-ау! Алатаудың ар жағы Қастек – қазақ жері, одан ауыл да алыс емес. Тек биік асудан өту керек. Анадай жерде қырғыздың киіз үйі тігіліпті, алдында он шақты қой жайылып жүр. Шешем Мұғали ағама «Менің әрі қарай жүре алмайтын түрім бар. Күлсім екеуміз осында қалайық, сен Қамза екеуің асудан өтіп, елге жетіңдер. Содан соң туған-туысты жиып, көлік алып, мені алып кетерсіңдер. Мен бір-екі күн мына қырғыздарға барып паналайын, мұсылман болса, қуып жібермейтін шығар» деді. Шешемнің сөзін жөн көрдік те ағам екеуміз жүріп кеттік.

Қарлатып, борандатып асудан да өттік екі иінімізден әрең дем алып. Төмен түссек, елдің бәрі де қолдарына шелек ұстап, жотада жүр. Күні бойғы кәсіптері - сарышұнақтың ініне су құйып, тышқан аулау. «Қазақ оңала бастапты» деген әңгіме бекер болып шықты. Содан жаяулатып, ауылға келдік. Ауылдың жартысы қырылып қалыпты, аштықтан естері кеткен ел бізді елеп-ескермеді, тіпті жақтырмады да. Қысқасы не керек, ары ұмтылып, бері қарманып, Алматы жаққа тарттық та, ағам Мұғали біраз уақыттан соң Боралдайда салынып жатқан радиостанса құрылысына жұмысқа жалданды. Алайда бірер күннен соң ағама оба ауруы жабысып, ол да қайтыс болды. Жалғыз қалдым. Қарғалыдағы әпкеме тарттым. Жаяулатып, екі күн дегенде әпкеме де жеттім. Бірақ аш өзегіне түсіп кеткен жездемнің үй-іші мені құшақ жая қарсы алған жоқ.

Бұл жердегі де күйім мәз болмаған соң, екі-үш күннен кейін қайтадан Алматыға жол түзедім. Түнде бір бұтаның басына жатып қондым. Түсіме әкем мен ағаларым кірді: бір ордың ар жағында тұр, ордың бер жағы сым темірмен қоршалған екен, маған күле сөйлеп: «Кел, келе ғой!» деп қолдарын бұлғап шақырады. Ұлдың ең кішісі болғандықтан әкем марқұм мені қатты еркелететін, қасынан тастамайтын, соған орай өзім де ерке-шолжаң болып өстім: әкем мені бір жерге алмай кетсе, ызаланып, долданатынмын, тіпті пісіп тұрған қазанның ішіне шаптырып та жіберетінмін. Әкемнің менің бар қылығымды бәрібір кешіретінінбілемін...

Сол еркелігіме салдым да, әлде қырсықтығым ұстады ма, әйтеуір әкемнің шақыруына бармай, жалт бұрылып, қаша жөнелдім... Оянып кетсем, түсім екен. Қайтадан жолға шықтым. Ақсайға жете бере жолдың жиегінде асылып тұрған, астына от жағылған қазанның қасында бүкшеңдеп жүрген еркек пен әйелді көріп, «Бұлар маған тамақ берер ме екен?» деп дәметіп, соларға қарай жүрдім. Әйел мені көріп, сасып қалды да, сонан соң «Келе ғой бермен, келе ғой, балам!» деп маған қарсы жүрді. Ер кісі де басын көтерді, бет-әлпеті қап-қара екен, көздері де жынданған адамның жанарындай қорқынышты. Ішім, бір нәрсені сезгендей, зу етті. Қаша жөнелдім. Жаңа ғана жылы шыраймен жұмсақ сөйлеп тұрған әйел еркегіне өктем дауыспен «Ұста ананы!» деп бұйырды. Екеуі де артымнан тұра жүгірді.

Қашып келемін, олар ентелеп келеді. Екі өкпем өшіп, «енді ұсталдым-ау!» дегенде бір дөңнің басына шығып үлгердім. Қарасам, дөңнің асты жол екен, сол жолда қасында кемпірі мен бала-шағасы бар, сақалы белуарына жеткен бір орыстың шалы ат жеккен арбамен шоқаңдатып келе жатыр екен. Соларға қарай жүгірдім. Әлгі екеуі орыстарды көре сала, жерге отыра қалып, шөпшек теріп жүргендей кейіп көрсетті. Мен тоқтамай, сайдан бірақ жүгіріп өттім. Орыстар да мүдірместен өз жолымен кетті, жаңағы екі адамжегіш те көрінбей кетті... Бір ажалдан құтылдым, білем, сол жолы...

Айтып-айтпай не керек, Алматыда қайыр сұрап, бірнеше тәулік күнелткен соң, мені милиция ұстап алып, Сергиополдегі (қазіргі Аягөз) балалар үйіне өткізіп жіберді. Екі жылдан кейін ғана күйеуі мен барлық балалары аштан өліп, өзі ғана тірі қалған Қарғалыдағы Секер әпкем әр жерге хат жазып жүріп, мені тауып алып, қолына алды.

Сөйтіп, ашаршылықта әкемнен, екінші әпкем Ынтық пен оның барлық балаларынан, үлкен ағаларым Мұғали мен Аббастан (ең үлкем ағам Мәди ауыл кеңесінің төрағасы еді, 1931 жылы ашаршылық ә деп басталғанда, оны «бидай ұрлады» деп айыптап, атақты «үш масақ туралы» заң бойынша ату жазасына кескен болатын) айрылдым. Шешем мен қарындасым Күлсіннің не өлі, не тірі екенін де білмедім...

Осыдан бастап Секер әпкемнің қолында болдым, орта мектептің жеті сыныбын бітірдім. 1941 жылдың күзінде соғысқа шақырылып, кеңес-түрік шекарасында бір жыл қызмет жасаған соң, 1942 жылдың қарашасында қылмыс кодексінің 58 бабының 12 тармағына сәйкес «антисоветтік үгіт-насихат жасады» (АСА) деген жалған айыппен 10 жыл бостандық айрылуға кесілдім. Сол кезде таралған анекдот бар емес пе еді:

- Не үшін отырсың түрмеде?

- Еш жазығым жоқ, кінәсізбін!

- Өтірік! Кінәсіз болсаң, саған он жыл берер еді! Ал сенде - он бес жыл!

Воркута мен Хальмер-Ю қалаларының маңындағы лагерлерде шахтыда белшемнен суық суға батып көмір қаздым, қарағай құлаттым. Елге 1951 жылдың қысында ғана қайтып келдім».

Марқұм әкемнің хикаясы осындай. Кейінірек, ес жинап, үйлі-баранды болып, алты бала сүйгеннен кейін, 1968 жылы әкем Қырғызстанға барып қайтқан еді. Ондағы мақсаты қарындасын табу: «Шешем баяғыда қайтыс болып кетті ғой, алайда Күлсім қарындасым тірі шығар, соны тауып алайын». Қасына бір жеңгесін алды, өйткені «Қарындасым әкеме ұқсаған аққұба еді, менің жадымда әкемнің бейнесі көмескіленіп қалды ғой, қарындасымды таныса, әкемді келін болып түскеннен көрген осы жеңгем танитын шығар» деп. Қырғызстанда әкем бір айдай жүрді, бірақ қарындасын таба алмады: ешкім де естімеген, білмеген болып шықты.




Әкемді тұтқындау үшін берілген ордер

Бірақ әкем іздеуін тоқтатпады: хаттар да жазды, ылғи да біреулер арқылы сұрастырып та жүрді. Тіпті «Үмітсіз – шайтан» деді ме, қайдам, дінге берік әкем, бал ашудың күнә екендігін біле тұра, ауылдағы таныс балгерге қарындасы тұрғысында бал аштырып та еді. Балгер: «Қарындасың тірі: тұрмыс құрған, алты баласы бар екен» деп әкемді үміттендіріп қойған да.

Әкем біреулердің «Қырғыз деген қазақ сияқты аңғал емес, олар араларында болғанды ешкімге де тіс жарып айтпайды. Ал бала асырап алғанда, қара қойды сойып, барлық туған-туыс жиылып, қойдың ішек-қарнына қолдарын салып, «Бұл жәйтті енді бір адамға да айтпаймыз!» деп серттеседі екен. Сондықтан да қарындасыңызды бекер іздейсіз: бәрібір таппайсыз!» деген сөздерін де елемеді. Іздеу сала берді... Тек өзінің қайтыс болғанынан бір жыл бұрын (әкем 1995 жылы ақпан айында қайтыс болып еді) басқа бір балгер «қарындасың қайтыс болыпты» деп сәуегейленгеннен кейін ғана, бейсенбі-жұма күндері әруақтарға бағыштап Құран оқығанда, әкем Күлсім қарындасын дұғаларына қоса бастады...

Ал тап осындай болмаса да, осы сынды тағдырлар мен оқиғалар әр қазақ жанұясында болып, сол кездегі әр қазақтың басынан өтті деп айтуға тұрарлық емес пе?! Бұл менің әкемнің тағдыры ғана емес – бүкіл халықтың тағдыры...


Мен студенттеріме «Дәл осылайша ашаршылықты бастан кешкендердің куәларын жазып алыңыздар. Біз бұл деректерді кітап қылып шығарамыз, сол арқылы қазақ тарихының ақтаңлақтарын жабуға өз үлесімізді қосамыз, бұған қоса, бүкіл халықтың бейсанасында жатқан дерттен арылуға аз да болса медеу боламыз. Сөйтіп үлкен азаматтық борышымызды өтейміз» деп үндеу тастап отырмын соңғы үш жыл ішінде.

Талай студенттер бұл іске жауапкершілікпен қарады. Оларға мың да бір рахмет.

Біз, міне, осындай ойдан шығарылмаған, бүкпесіз шындықты ғана келтірген, халық аузынан шыққан шынайы хикаяларды жазып, жарыққа шығарып, осы кезге дейін айтылмай, ұмыт болып тұрған тарихымызды жандандыруымыз, дүние жүзіне жария етуіміз керек. Осылайша қазақ тағдыры бүкіл адамзатты адамгершілік сипаттан ада, адами мақсаттан жұрдай, жан түршігерлік нәтижелерге алып келетін әлеуметтік-саяси тәжірибелерден сақтандырады, қазақтың қасіреті барлық адамдарға үлгі-өнеге болады деп ойлаймын.

Менің жүрегімде ашаршылық құрбандарының күлі, қаны, көз жасы, қасіреті дүрс-дүрс соғып тұр... Мазалай береді... Тыншытпайды...


Бұл әңгіменің жалғасы бар...

Биылғы жаздың шілде айында Қарғалыдағы үйдің ескі көршісі (ауылдағы әкемнің үйінде жалданып бөгде адамдар тұрады) Алматыдағы әпкеме телефон соғып былай депті: «Жақында жасыалпыстан асқан бір ер адам келіп, «Мен Қамзаның Қырғызстандағы жиені боламын. Сол кісінің балалары қайда екен?» деп сұрады. Мен сендер туралы айтып бердім: «Бәрі де Алматыда тұрады» деп. Алайда біреуіңнің де телефоныңды білмейді екенмін. Әлгі кісі солай сендермен қалай хабарласуды білмей кетті». Әпкем оған: «Ол кісінің аты-жөнін, телефонын немесе мекен-жайын жазып алмадыңыз ба?» десе, 70-тен асқан апай: «Ой, ондайды тіпті ойламаппын!» деп жауап беріпті. Ол кісі де өзінің координаттарын көршіге қалдырмапты...



Сонымен әкемнің қарындасының балалары бар болып шықты. Енді жиендерімізбен қарым-қатынас құрсақ деп армандаймыз.


КУӘГЕРЛЕР СӨЙЛЕЙДІ

Игорь Логвиннің коллажы

«Аргуметы и факты Казахстан» гәзетінен



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет