Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді Алматы, 2016



бет4/7
Дата15.12.2016
өлшемі5,61 Mb.
#3872
1   2   3   4   5   6   7
Саметеев Нығметжан

(1920 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)
Ол кездерде мен 8 жаста едім. Біз бір жанұяда үш ағайындымыз. Ең үлкені - Мұхаметжан, кішісі мен едім. Әкемнің есімі - Сәметей, шешем - Бәдіжамал. Біз Таңсық стансасының қасында орналасқан Ақши деген жерде колхозында тұратын едік. Үш қарындасым – Қаби, Ығи, Бази – ашаршылық кезінде Қытайда болған екен.

Сол кезде үкімет басына Сталиннің жіберуімен Голощекин деген келіп, халықтың малын түгел алды. Сондағы көздеген мақсаты, қысқаша қарапайым сөзбен айтқанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бүкіл елді бір жұдырықта қысып ұстау.

  • Сонда сіздер қалай күнелттіңіздер, не жедіңіздер?

  • Е, балам, ол кезде көп жанды үйлерге бір сиырдан берілетін болған. Қазақ деген ол кезде картоп қазуды білмейді, балық аулауды білмейді. Әйтеуір «мал, мал» деп малдың артынан кеткен халықпыз ғой...

Ой, шырағым , содан не керек, бір сиыр не болады дейсің, ол да суалды. Енді қалай қылғанда да жан сақтап қалу керек. Содан әкем әлгі сиырды сойып, соның етін жедік. Сол үшін әкемді өкімет он жылға соттайтын болған соң, әкем үш қызды алып Қытайдың Шәуешек деген қаласына қашты. Әкем кеткен соң біз Таңсықтың Қызылқия мектебінің интернатына келіп, сонда тұрып жан сақтадық. Шешеміз 50 жасында, ал әкеміз 82 жасында дүниеден өтті.

Ал енді ашшыққан ел не жемеді дейсің? Таңертең тұрып, тышқанның інін суға толтырады, қашан тышқан інінен шыққанша. Аңдып отырып, сол тышқанды ұстап алып жейді. Біздің үйдің жанында бір дәулетті кісі болды. Ол кісі аштық кезінде түгел жанұясымен қырылды. Бір күні үлкен кілемін, сандығын сүйретіп алып келіп: «Бала – шағама бір тілім нан бер» деп жылады. Өзі де аш халық несін берсін?..

Менің әкем бірде ертеңгісін «ит-құс, аң қолыма іліксе» деп үйден шығып бара жатып, жолдан бір үйде екі баласы бар ерлі-зайыпты жанұяны көреді. Әкем үйіне кірсе, барлығы да аштықтан ісініп кеткен екен. Кешкісін қайтып келе жатып, әкем жаңағы жолда тұрған үйдің есігін сыртынан біреу таспен тіреп кеткенін көреді. «Бұл қалай, кім екен?» - деп қараса, әке-шешесі екі баланы қалдырып, өздері кетіп қалыпты. Әлгі екі бала бірін-бірі құшақтаған күйінде өліп қалыпты.

- Е, шырағым, халық жаппай қырылды ғой. Анау Тарбағатайдан Таңсыққа келіп, жан сақтаймыз деп шыққан халық жол бойында тегіс қырылған...

Содан 1933 жыл да келді ғой ақыры. Аштықтан қалған халықты аман алып қалу үшін үкімет азық бере бастады: әр адамға бір уыс тары, бидайдың ұны. Сөйтіп тірі қалған халық жан сақтап қалды ғой...

Қазіргі уақытта зейнеткермін, қалқам. Аллаға шүкір, сегіз балам бар. Бүгінде немерелерім мен балаларымның қызығын көріп отырмын, – деп әңгімесін аяқтады қарт ақсақал.

Жазып алған

Оспанова Жадыра

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Саметеева Нүрзия

(Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)
Мен 1919 жылы Аякөз қаласына қарасты Жарма ауылында тудым. Әкем -Нұрахмет, анам - Күлбарам. Біз жанұяда 6 қыз болдық. Шешем қатарынан 7 ұлды дүниеге әкелген екен. Жетеуі де бірінің артынан бірі шетіней беріпті.

Анам артынан қатарынан 6 қызды дүниеге әкеліпті. Екеуі дүниеден өтіп, қазір төртеуміз қалдық, солардың ішінде ең үлкені менмін. Сіңлілерімнің біреуі бүгінде Алматыда, екіншісі Аякөзде, кенжесі Жармада тұрады.

Біз әкеміздің арқасында ашаршылықтың азабын аса көргеніміз жоқ. Біздің жалғыз сиырымыз болып еді, соны сауып, бір кесе сүтін ішіп отырдық. Әкеміз сол кезде таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 10-ға дейін ауылдың диірменінде жұмыс істеді. Күнде үйге келгенде қалтасына бір уыс бидай мен 4 жапырақ нан салып әкелетін. Жалақысы, әлі есімде, 5 – 10 сом төңірегінде болатын...

Әкем жұмыстан келгенде талай-талай жан түршігерлік әңгімелерді айтатын: бір жерде бір топ адам мысықты немесе итті ұстап жепті, басқа біреулер аштықтан өлейін деп жатқан кішкентай нәрестесін жепті дегенді естіп жататынбыз.

Біздің көршіміздің малы көп болушы еді. Сол көршіміз барлық малын шетінен сойып жеп отырды. Бірақ нан болмаса, қара ет ішке тұрмай ағып кетеді екен... Қасымызда екі үйден кейін тұратын бір бай қолына қымбат тасты алқасын ұстап, әкеме «Нұрахмет, мынаны ал да, маған бір жапырақ нан берші!»- деп келгенде, әкем оны «Маған бұл алқаң тамақ бола ма?!» – деп қуып шыққаны есімде.

Бір күні әкем жалақысын алып, шәй-сабын сатып алуға қалаға кетіп еді. Соларды алып, қайтып келе жатса, пойызда орыстың бір әйелі әкемді қасына шақырып алып:

- Сен үш күннен кейін өлесің! - депті.

Әкем сол жерде оны балағаттап, «Менің 4 бірдей балам бар, мен өлсем - оларды кім асырайды?!»- деп кейіпті. Әкем сол кеткеннен екі күннен кейін үйге келді де, есіктен кіре құлады. Мен оны көтеріп алып, төсекке жатқыздым . Әкем мені қасына шақырып алып:

- Балам, маған орыстың бір әйелі «үш күннен кейін өлесің» деді. Егер айтқаны дәл келсе, ертең түскі сағат екіде мен дүниеден өтемін. Қолыңа қалам ал да, маған қарыз адамдарды және менің қарызымды жазып ал, - деді.

Әкемді бір бөлмеге жатқызып, есігін жауып қойып, ешкімді кірбізбей, оған өзім қарадым. Ертеңінде түскі сағат екіде, орыстың әйелі айтқанындай, әкем дүниеден өтті...

Ол кезде әкем 45 жаста еді. Шешем әкемнен 8 жылдан кейін қайтыс болды. Өзім 17 жасымда тұрмыс құрдым да, 23 жасымда жесір қалдым. Жолдасым Сәбит соғысқа кеткеннен, жаралы болып қайтып келіп, екі күннен кейін 25 жасында дүниеден өтті. Одан кейін 31 жасымда Мұхаметжан аталарыңа қосылдым. Сәбиттен қатарынан 6 ұл, 6 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі де бір жарым жасқа келмей, шетінен өле берді. Енді Сәбиттен бір ғана қызым бар. Мұхаметжан атаңнан 7 балам бар. Қазір 8 немере, 9 жиен, 3 шөбере көріп отырмын.

Жазып алған

Оспанова Жадыра

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Байсақов Темірәлі Хасенұлы

(1924 жылы Ақсу ауданында туған)
- «Ақ сақалы қартықтың белгісін көрсетеді»,- деп қария сөзін ауыр күрсініспен бастады.

- Мен ол кезде 12 жасар бала болғанмын. Есімде сол шақ: өршіп тұрған күз мезгілі болатын. Жегендеріміз - ұнның қыпығы, соның өзі бізге табылмайтын ас еді ғой. Әжелеріміз бір дөңгелек құрт беріп тамақтандырушы еді, соған біз біреуіміз емей, әр отбасынан 14 адам тояттанып қалушы едік. Әкемнің айтуынша, Голощекин бүкіл асық пен етті қырманға жаптырып тастап, ақырындап Ресей еліне тасып отырыпты.

Ақсу ауданы «Қызылтаң» совхозындағы Баймұхамбет елі аш болды. Әкем қоймада астықты күзетуші еді, кейіннен халық «сол астықты елге бермей сақтадың» деп әкемді жауапқа тартпақшы да болды. Бірақ 1932-33 жылдары сол астықты аз-маздап елге бергені үшін Сталин адамдары әкемді соттамақшы болғанын ешкім де елеген жоқ еді...

Иә, көргенге - шын, естіген құлаққа - өтірік шығар.

Сол кезде тіпті өзенде жыбыр еткен балық пен әуеде пыр еткен торғай көрінбестей болып кеткен еді: бәрін де жеп қойғанбыз...

Ал қазір «Заман қиын, қиын!» деп шулайды жастарымыз. Қазір еңбек етсең, бәрі де бар емес пе?!.

Сол заманда ғой бәрінің де өте қиын болғаны, Голощекиннің сайқал саясаты емес пе, қазақ жерін тойпаңынан келтірген! - деп көзіне жас алған қария үнсіз қалпы ұзақ отырды...

Жазып алған

Оспанова Жадыра

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Серікберген ата
1931-33 ашаршылық жылдары, Серікберген атаның айтуы бойынша, елде жейтін тамақ болмай, адамдар бір-бірін жеген екен.

- Ол кезде мен 15 жасар бала едім,- деп бастады әңгімесін көнетоз қария.- Біз үйде бес жан едік. Шешем, мен, інілерім Мәулімберген, Өрікберген, қарындасым Зұлқия.

Біздің тұрғанымыз су жоқ жер, шөлейтті аймақ еді. Жол жиегінде өліп жатқан адамдар жиі кездеседі. Кейде оларды жерлеп кетеміз, кейбір әйелдер емшектегі баласымен өліп жатады, сәбидің аузында шешесінің емшегі тіреліп қалған. Осындайларды көргенде қалай қорқып, шошымайсың?

Тамақ, нан деген жоқ. Шешеміз берекелі кісі болатын. Бал қасықпен өлшеп бір қасықтан тары береді бәрімізге. Кейде түйені үш мезгіл сауып, сүтіне су қосып шалаптап, үлкен қазанға қайнатып, тошалаға сүйектерді қоса қайнатып, тау сарымсағын ұсақтап турап салып, бізге кесеге құйып беруші еді. Біз ет жеп, сорпа ішкендей болып қанағаттанатынбыз...

Кей қыстақта қалған жүнін қырқып, тұздап алған мал терілері ешқашанда бұзылмайды екен. Шешеміз сол теріні ұсақтап турап, қазанға үш рет қайнатқанда, тері аппақ болады екен. Төртінші рет қайнатып, кәдімгі ет ретінде бізге береді. Біз ашпыз, соны соғып алатын едік.

Жауқазын сияқты аппақ сәбіз өсімдік болады, соны шоққа пісіріп жейтінбіз. Сөйтіп аш-жалаңаш жүріп, қара суық күзге де іліктік, жағдайымыз тіпті ауырлай бастады. Інілерім Мәулімберген мен Өрікберген, аштықтан болу керек, екеуі де жатып қалды. Құдай қуат берген шығар, мен әйтеуір сау болдым.

Картоптың қабығын тауып, бір үлкен табыс тапқандай болып қаламын. Сол әкелген картоптың қабығына өзі сіріңкедей қана, сықсаң су шығатын қара нанды темір қалбырға салып, отқа-шоққа қайнатып, тұз болмағандықтан өзімше бір тұзын шығарып, бал қасықпен ең алдымен қозғалмай жатқан шешемнің ауызына құятынмын, сонан соң інілеріме және қарындасыма беретін едім. Түбінде қалған бір-екі қасықты өзім ішіп жерге жата кететін едім.

Етігімнің табанында туырлық киізден жасалған ұлтарақ сияқты бірдеме болатын, жер-жерді тамақ іздеп шарлағандықтан ол екі-ақ күнге шыдайтын. Бұтымда жүнін ішіне қаратып шешем қолдан тіккен иленген тері шалбар еді. Өзі жылы болғанымен, аяздан сыртына қараған терісі сіресіп қатып қалатын, кеудемдегі тері тон да дәл шалбардай, басымда қолдан тігілген шүберек тұмақ болатын. Қыстан сол киіммен шығып едім...

Бір айтарым, аштық кіргенде неше түрлі аурулар да жай жатпайды екен, «Сыпной тиф», «Брюшной тиф» деген аурулар қаптап, аштыққа қосыла, шөпті шалғымен шапқандай, адамдарды қырып салды. Сондағы бізді аман-есен алып қалған орман-тоғай болды. Отынды сындырып алып, жаға бердік. Бірақ тіккен қоста пана болмайды екен, отты маздатып қанша жақсаң да, бет жағыңды ғана жылытып, арқа жағың мұздап отырады екен...

Осыны айқанда Серікберген атаның көңілі босап, көзінен жас парлап, ары қарай әңгімесін жалғастыруға мұршасы болмай қалды. Кемсеңдеп отырған қарияның келіні ымдаған соң, мен әрі қарай сөз жалғастыруға ыңғайсызданып, үй ішіндегілермен қоштасып, далаға шықтым...

...Серікберген атамен тағы да сөйлесіп, әңгімесін тыңдауға басқа мүмкіншіліктің сәті түспеді...

Жазып алған

Оспанова Жадыра

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Бітікенова Сәди
- Мен 1916 жылы қазіргі Алакөл ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келдім. Әкем кезінде беделді би болған кісі. Сол байлықтың арқасында малдары тәркіленіп, өзі түрмеге қамалды. Ол 1917 жыл, қазақ жеріне орыстардың қоныстана бастаған кезі еді.

Кейін 1928 жыл келді, әкем босатылды, мен онда он екідемін. Сонымен үйде мал жок, бірде ток, бірде аш қалыппен өмір кештік...

Ашаршылық кезінде күн көру үшін орыс жеріне қыстыгүні жаяу жолға шықтық. Жолда келе жатып, көптеген адамдардың қырылғанын көрдік, біздің де ішімізде өлгендер жетерлік еді. Сонда өлгендерді шетке тастап, аяктарымызбен тарпып, қарға көміп кете береміз.

Шұбартаудан Ақсуға барамыз деп, Көлбайға да жеттік. Ата-анам кайда қалғанын да білмеймін. Ұзақ жолға елдің шыдағаны шыдады, шыдамағаны шетінен өліп жатты. Өлгендерді лактырып жүріп кетеміз...

Содан Көлбайдан бес шақырым жерде орналасқан орыстың селосына таядық. Бұл жерге келіп нан-су сұрап, ит күнді көрдік. Сосын біреуден пәленбай деген жерде қара бидай өседі дегенді естідік. Барсақ, шындығында да қап-қара боп, шайқалып өсіп тұр екен. Кезекке тұрып, бір-бір уыс қара бидайды алып келеміз, кәдімгідей қуанамыз, казіргі балалар кәмпитке қуанғандай...

Түнімен келі-келсаппен уытып, әлгіден талқан жасаймыз. Ол уақиға шамамен 1930 жылы еді. Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі солай күн кешіп еді. Солай тағы бір жыл өтті, 1931жыл келді. Ол жыл әбден сұмдык болды. Шұбартауда адамды жеуге шықты, - деп Сәди әженін көзіне мөлт еткен жасы келді.

Жаным ашып, әжені аяп кеттім. Біраз демін басып, әңгімесін әрі қарай жалғастырды қарт ана:

- Жер үйде отырамыз. Ортаға от жағып, жылынамыз. Сол арада 17-ге де келіппін. Ширақтығыма қызықты ма, білмеймін, бір жігіт маған сөз айтты. Екеуіміз тұрмыс құрдык. Бір күні үстінде ескі күртешесі бар, кір тақия киген жасы үлкен кісі есіктен кірді де:

- Әй, балалар, жиналыңдар. Менде бір тақия толы бидайым бар, соны егейік,- деді. Сонда не кетпен жоқ, не күрек жоқтығына қарамай, егін ектік. Егін жақсы шықты. Оны жинап алдық. Сонымен қыс бойы қалтақтап, келер жылы үш тақия бидай ектік. Жаз ұзақ титтей баламызды арқалап, егінге барамыз. Еңбек еттік. Ақырын қолымыз тоқтыға да жетті. Сол жылы үш тоқты, бір танамыз болды. Ол бұзаулағанда, сүті тіпті рахат болды,- дейді сол кездегі бір кесе сүтті кәдімгідей бір күннің азығы қылған Сәди әже.

Осындай қилы замандарда, аштыққа төтеп тұра алған, қиыншылыққа төзіп, ұрпактарын жалғастырған батыр әжеміздердің алдында әрқашанда бас июіміз керек.

Бұл әңгімені мен Талдықорған қаласы, Нестеров көшесінде тұрып жатқан Бітікенова Сәди әженің аузынан жазып алғанмын.



Жазып алған

Ерденбекова Жұлдыз

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Айгүл Қалысбаева

Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы

студенті
Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...

«Елім-ай» әнінен



Тарих бетіндегі деректерге жүгінсек, қазақ халқы ХХ ғасырдың басында екі рет 1921-1922 және 1930-1933 жылдары ашаршылыққа ұшыраған. Осы кезде Кеңес үкіметі «Шаш ал десе, бас алған» дегендей асыра сілтеу саясатын жүзеге асыра бастаған. Қысқа мерзім ішінде көшпелі қазақ халқын отырықшылыққа көшіру қолға алынды. Ауылдар ұжымшарларға (артель) біріктіріле бастады. Осы әлеуметтік эксперимент қазақтың тарихында болмаған апатқа әкеп соқты.

Жаппай ұжымдастыру менің анамның туып өскен жері Екпінді ауылына да ауыр тиді...

Бұл ауыл басқа да ауылдар сияқты мал шаруашылығымен, оның ішінде астық дайындаумен айналысып, өз күнін кешіп жатқан сүттей ұйыған ауыл еді. Аяқ астынан зорлықпен іске асырыла бастаған мал, астық салығы және елден тартып алынған малдың арнайы бүлінген орында бірнеше тәулік бойы қамауда тұрып, жаппай қырыла бастағаны ауыл тұрғындарының қабырғасын мүлдем қайыстырып жіберді.

Елді жайлаған аштық пен зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеген Екпінді ауылының бірнеше отбасы артельде біраз уақыт жұмыс істеген соң, бір-ақ түннің ішінде көршілес жерлерге, Қытайға қашып кеткен екен. Бірақ «Бәлен жерде алтын бар, барсам - алтын түгіл бақыр да жоқ» демекші, ол жерде де жақсылық аз екен. Құжаттары дұрыс емес немесе кейбіреуінде құжат мүлдем жоқ болғандықтан Үрімшіден асып кете алмаған.

Нағашы апамның айтуы бойынша, барар жері жоқ ауыл тұрғындары бар жиған-терген малын артельге тапсырған соң бала-шағасын асырау үшін Қоғалы жақтан бидай, картоп масағын, ал көктемде таудағы шуындық гүлінің тамырын қазып жеп, зорман деген аңды аулап, кекілік атып күн көреді.

Менің анам Рахымова Басар 1932 жылы туған. Ол дүниеге келгенде әкесі артельге бермей қойған тайын қалжаға сойыпты. Кейіндері «басқа балаларым қой жегенде, менің тай жеген батыр қызым» деп еркелетеді екен.

Нағашы апамның құдасы Нұрсағи бірде Шымыр мен Талдықорғанның ортасында орналасқан Нұра ауылына таяу бір үйге бет бұрып дем алмақшы болып, ат басын тірейді. Дәлізден үйге кіре бере адамның сирағын көріп, «Бұл не болды екен деп әрі қарай кірсе, екі ер Адам: «Е, жолаушы, жақсы келдің, кел, ауыз ти», деп оны тамаққа шақыра бастайды. Аштықтан бірінің етін бірі жеген адамдар екенін сезген Нұрсағи құда бұл үйден тұра қашады.

Біздің ауылдың тұрғындары да аштық кезінде пайда болған жұқпалы аурудан көз жұмған. Сонда жотадағы қабырстан басына апарып жерлеуге шамалары жетпеген туған-туыстары мәйіттерді өздері отырған жақын маңға жерлей берген екен.

1930-1933 жылдардағы «қызыл қырғынға» ұшырап, Қытайға күн көріс іздеп кезіп кеткен ауыл азаматтарының тірі қалғандары 1955 жылы қайтып ауылға оралады. Голощекиннің қазақ халқына алып келген шығыны, 1932 мешін жылы болған зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады.

Ал ашаршылық жылдарына куә болған ауылдың көнекөз қариялары бұл күні шейіт болған жерлестеріне Құран бағыштап, ас беріп жатады деп естимін.

Адырханқызы Гүлзира

(Ескелді ауданы, Сырымбет ауылы, Жұматай Жақыпбаев атындағы орта мектептің ұстазы)
«Қазақ халқы не көрмеген халық. Жақсыны да, жаманды да басынан өткерді. Сонда да «жоқпын» деп жабықпады, «бармын» деп толыспады. Қазақ халқының басынан өткерген қиындығын басқа ешқандай ұлт көрген жоқ па деп ойлаймын. Себебі атам жарықтық «Зобалаң жылдық зорлығын ұмытпаңдар!» деп басынан өткерген қиындығын баяндап беретін. Сондағы ата-бабаларымының тартқан мұқанатын бүгінде Отаныма оралып, өмір өзгеріп, тыныштық арнаған шақта баяндап отырмын.

Менің аталарым Балқаш өңірінің сары төсін мекендеген керей руынан таралған халық екен. Кең жазықта жайылған малын қайырып, жат-жұртқа жамандығыны тигізбей отырған кезде халық арасына көмпеске деген сөз тарайды.

Ел аузынан тараған сөз құлақтан құлаққа жетеді. «Өкімет бардың малын алады, жоқтың жанын алады» деп шулады ел іші. Шынында да бұл шыққан сөз шындыққа айналды. Халықтың малы мен қамбасына қарауыл қойылды. Басында бірден алса, соңынан мыңнан алды өкімет. Қарсы шыққан адам қылмыскер атанып, жазалана бастады. Халық қол бастайтын қарттардың аузына қарады:

- Кешікпей аштық болады, өстіп қарап отырып, өле береміз бе? – дегендей.

Мұны көрген ауыл ақсақалдары қолынан келер қайран жоқ болып, қиналды. Қарсы келсе - басы кетеді, қарсы келмесе - аштықтан жасы кетеді. Не істейді, алдында үлкен сын. Ауыл аймағын аман алып қалудың үлкен негізі – қашып, шетке кету деген ой туады қарияларда. «Бауырларым мен бала-шағамның аштан өлгенін көргенше, қаңғырып шетте жүрсем де тірі жүргенін көрейін» деп бел байлайды көп ел.

Неше ай атам түйе мен аттарды ұрлап, оларды бағады, жорытады. Неше күндік жолға шыдасын деп, сақадай сай болады. Асыл азаматтардан топ құрып, қарауыл қояды. Сонда да халықтың арасы ала-құла емес пе? Арасынан жансыз бен жандайшаптар шығып, «пәленше қашқалы жатыр» деп өкіметке хабар жеткізеді.

Өкіметтің белсенділері келіп, ауылдың бас көтерерін алып, ұрып-соғады, олардың кейбірі сол арада қаза болады. Мұны көрген ел ашынады. Аштан өліп жатқан адамды, зорлық пен зомбылықты көрген халық топ болып ұйымдасып, көтеріліске шықпақ ниет білдіреді. Бірақ амалы мен себебін таппайды...

Не істеуге қолынан қайран жоқ халық «Елім-ай!» деп зарлай-зарлай, туып өскен елін, жерін, тігулі үйін, құрулы төсегін тастап, жолға жетер азығын ғана алып, ауыл-аймақ болып жолға шығады. Алдында не күтіп отырғанын, қайда барып, қалай күн көретінін түсінбесе де: «Өлтіре қоймас, Голощекиннің тырнағынан шықсақ, ептеп күн көрерміз», - деп ел тәуекелге бел байлайды.

Сол кеткеннен мол кетіп қалады, жолда аштықтан жүре алмай қалып, өлген ұл мен қыз, қарт адамдар қаншама десеңізші. Олардың қайсы бірін көмдік, қайсы бірі көмусіз де қалды,- деп атам жарықтық еңірегенде етегі жасқа толатын.

Сол бетімен Қытайға түсіпті. Менің өңімде, 11-жасыма дейін Қытайда тұрдым. Атамды Қытай халқы киімін тонаса да, ниетін тонамай қарсы алыпты. Әрине алғаш барғанда жатар орын, жейтін тамақ, сөйлейтін сөзден бастап қиын болды.

Бірақ ел «Аштық пен өлімнен құтылдық»,- деп қуаныпты.

Дегенмен елінен, жерінен, Отанынан айырылу қандай қиын! «Қайран елім, қайран жерім!» деп жол айыртпағы бір жағы, Отанын-елін, ат ойланғысыз ауыл-аймақ, туған-туысын сағынып, қарт адамдар құсадан өліп те қалды деп қиналып айтатын атам.

Қытайда егін ектік, мал бақтық, құлдықта жүрдік. Үйдегінің ит ішпейтіндігі, түздегінің ері шетік. Күн көріп, өмір сүру үшін барған халықтың ұнжырғасын түсірмей қамқоршы болу бізге, ақсақалдарға, міндет болды.

Не керек, елден кеткеніме «Отаныма сатқындық жасадым ба?» десем, өзіме өзім:

- Жоқ, Отаның ұрлап көшкен жоқсың, халқыңды қатерден қорғап қаштың, Голошекиннің зорлығына төзбедің! Өзіңді қажытпа! Енді шет елде қазақ екеніңді, дініңді, тіліңді ұмытпа! - деп қамқоршы боламын.

- Көрген қорлығымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! - деп атам еркек басымен еңкілдеп жылағанда, кішкентай менің сәби жүрегім езілуші еді.

Атаңа нағлат Голощекин қамбадағы астығымды, қорамдағы қойымды аямағанда, елімнен кетер ме едім!» - деп еңірейтін атам.

Иә, тәубә. Атамның жетпеген арманына бүгіндері біз жеттік. Сонау 1961 жылы ата мекенімізге оралдық. Өз мамандығымыз бойынша жұмыс жасап, бала-шағамызды оқытып, орны толмас оқиғаның жартысын болса да жалғап жатырмын.





Ата-бабамның туған топырағына барып, Голошекин мен оның құйыршықтарына қарғыс айттым. Жазықсыз бабамды жат елге қаңғыртып жіберген үшін жер астында тыншымасын солардың аруағы.

Филипп Исаевич Голощекин

Бүгінде Моңғол, Қытай аттанып отырған қазақтардың қандай қиындықпен өзінің тілін, дінін, сақтап қалғанын өз елінде өмір сүрген қазақ түсінбейді деп ойлаймын. Жат елде, бөгде тілде сөйлеп, бөгде елдің дәстүр- салтымен қалыптасу кімге оңай дейсің?!.

Дегенмен де ертеден қара кешке дейін «Сен - қазақсың. Кеудеңде қазақ деп соққан жүрегің, денеңде қазақ деп жүгірген қаның бар. Тіліңді ұмытпа, тіліңді ұмытсаң - ұлтыңды ұмытасың, құрисың!» деп ұқтырудың арқасында ана тілімізге дақ түсірмеген, ата-салтымызды асқақтатқан, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды қастерлеген қалпымызда қазақ еліне қайта оралдық.

Қазіргі қазаққа айтарым:

- Біріңді бірің жамандама, қолыңды шошайтып «Анау сөйтті, мынай өйтті!» деп! Ұлтыңды сатпа! Қаншама жыл тентіреп, Отанына сағына оралған қандастарыңда тарихтың бір бөлігі бар. Олардың кеудесінен итерме, кеңес өкіметі мен орыстан таяқ жеп, жат жерде тентіреп өскені де жетеді оларға! Оларды енді сендер өгейсіретпеңдер! Татулық пен береке бірлікті Абылайдың ақ туындай асқақтатыңдар! «Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді» демекші тату болыңдар!

Голощекиндер әлі де бар, байқаңдар! Еліңнен айырылма, жеріңнен жетімсіреме! Төбесі асқар, түңлігі бүтін іргесі бекем ел болайық!

Ашаршылық келмесін, голощекиндер мен құйыршықтар қайта тумасын!»

Жазып алған

Шымшықова Динара

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Әлімхан Исабаева

Ашаршылық жылдарында қаншама қиыншылықты бастан өткізген Кербұлақ ауданы, Қаспан ауылының тұрғыны апам Әлімхан Исабаева өзінің көргенін және ауыздан ауызға тараған әңгімелерді айтып отырушы еді.

- Сол кезде бір бөлке нан үшін не істемедік? Түрлі ауыр жұмыс істеп, таудан көйлектің етегіне көмір толтырып тасып жүріп, күндік ақысына бір бөлке алып, соған риза болатынбыз. Асығып үйге келіп, сол нанды үстел жағалай отырып, адам басына үш мезгілдік асқа тұрарлықтай бөліп, балаларға нан кескен пышақтың қырын жалататынбыз.

Ас болса - болды, болмаса ауылдың ашыққан қатын, бала-шағасы бір үйге жиналып, еркектері болса тентіреп нан, масақ іздеп кететін. Бір табақ бидай қуырып, оны бір талдап дәмін алып қана, қаншама күн бастан өткердік десеңші. Ауылдың көп адамдары әлсіреп, ашаршылықтан қашып, тамақ тойдырмақ ниетпен ел кезіп, тентіреп кетті. Амал таппағандықтан аштықтан адам етін жеп тірі қалғандар қаншама. Өз ішінен, ет-жүрегінен жаралған нәрестесін жеген аналар, әкелер қаншама болды!..

Сол заманда бай мен кедейде айырмашылық болмады. Байлар тыққылаған алтынын бір дорба ұнға айырбастауға зар болды. Сол қыстың жұтында мал да қырылды. Қаншама қазағым ашаршылыққа шыдай алмай өліп кетті!..

Апа-аналарымыз аштық кезінде тышқан аулап жеген, жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаны да жеген. Өкімет малды отар-отар қылып қалаға айдап, халыққа жегізбей кеткен...

Жазып алған

Ибраимова Сандуғаш

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Бектербеков Егебай
1924 жылының желтоқсан айында қазіргі Ескелді ауданы Шұбар ауылында дүниеге келген Бектербеков Егебай деген ақсақалдың аузынан жазып алған әңгіме келесідей.

Бұл ашаршылықтан кейінгі 1934 не 1935 жылдары Сорноқай жотасы деген жерде болған оқиға. Сол қыста Егебайдың ашаршылықта жоғалып кеткен ағасы Беққали тауда жападан-жалғыз, тамақ болмағандықтан шөптін басын теріп жүргеннін естіген шешесі Рахима Ағыбайқызы баласын іздеп барады. Аштықтан есінен адаса бастаған, ісіп-кеуіп кеткен ұлы Беқкали анасын танымай қалыпты. Содан әйтеуір арбаға салып, алып келген баласын адам қалпына келтіруге ұмтылады. Баласының өзегіне аш түсіп, өліп қалмауы үшін күніне тек екі реттен қана бір қасық тамақ береді екен. Ол кезде тамақ та жоқ, тек бидай бұқтырып жейді екен ел. Содан кейін тамақты күніне бір қасықтан көбейткен. Сөйтіп, әйтеуір, бір айдан соң баласын қалпына келтіріпті анасы.

Жазып алған

Ибраимова Сандуғаш

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Ұлбосын Қасымқызы
Ел есінде сақталған "Ұлы жұт" қазір бізге тарих болып қалғанымен, немересінің соңынан нан қоқымын терген Ұлбосын апайдың балалық шағы еді...

«1920 жылдың сұр бұлт, суық кезінде ел жайлаудан түскен кез бе еді? Сол уақыттарда Лабасы тауының етегінде Талапты ауылында Қасым атты байдың бәйбішесінен туғанмын. Азан шақырып қойған атым Ұлбала, кейіннен Ұлбосын деп кеткен. Есте қалғаны соңымнан сіңілім ерді, ылғи қыз болған соң, оның есімін Ұлтуар деп қойыпты. Артынан бір ұл туып, ол бір жасында шетінеп кеткен...

Естігендер сенбесе, көргендер ұмытпайды. Туғанынан ажыратып, айрандай ұйыған қазақ халқының айманын шығарып, арыстай азаматтарын соққыға жығып кетпес қасірет туғызды. Малдарды күштеп жинап әкетті. Содан ол аз болғандай тінтіп, тіміскілеп, тыққан, жасырған азын-аулақ астықты тауып алып, тік көтере тиеп әкетті. Оның үстіне жан басына ет салығын салып, тағы да әуселей бастады. Ұра қазып жинаған астықтан да қалдырмады, егіс алқабында өсіп тұрған бір уыс бидайды алғандарды жазалап, он жылға дейін бас бостандығынан айырған.

Қару кезеніп шапқыншылар шапқанда, шешеміз сіңлім екеумізді қазанның астына бастырып тығып қойған. Бір сағаттай қазанның астында қалып, айғай-аттаннан, ат дүбірінен зәреміз ұшып, түншыққанымызда зорға шығарып алып еді... Сол ашаршылық кезінде кейбір адамдар далада бұрын өлген малдың сүйегін тауып, қайнатып ішкен. Семіз малдың сүйегінен майлы сорпа шығады екен, соған табылса бір екі тал дән салып, біраз қорек жасаған. Кейбіреулер тіккен үйін, мал мүлкін тастап, бас сауғалап арғы бетке, яғни Қытайға жер аударған.

Ашаршылық зұлматының құрбаны болып талай-талай жақсы да жаман да кетті ғой. Бірақ солардың дені жасөспірім, жаңа өрім ұрпақ еді. Небір асыл ару қыздар, ел тұлғасы болар атпал азаматтар бір үзім нанға зар болып қорлықта опат болды. Бұл теңдесі жоқ зұлматты заманды басынан кешірген атамыздың айтуы бойынша қара ормандай тұтас бір халықты қасақана арандатып, алдын-ала ойластырған әдіспен қыру болатын.

Бала-шағасын шұбыртқан сай-сайды, тау-тауды кезген қалың ел - қайда қарасаң да. Қырманның орнын, аңыздың орнын түртінектеп, талшық іздеп кеткен ел. Суық түсіп, қырбық жауған соң жағдай тіпті қиындай түскен. Ұзаңқырап сыртқа шыға қалсаң, жол ернеуінен, бұта арасынан, ескі қора-қопсы маңынан аштықтан ісіп-кепкен аруақтай сидиған адамдарды көресің. Кешікпей әр жерде әл-дәрмені құрып, сұлап жатқандар да, қыбырсыз жан тапсырғандар да кездесетін болды...
Жетпісбаев Жұмажан
... Несін айтасың, үрейлі, қорқынышты күндер туды. Қазір соның барын айтып отырсақ біреу сеніп, біреу сенбейді. Адам ашыққан соң тіске басарлық, талға жау етерлік нәрсенің ешқайсысын талғамайды екен. Көзіне қан толып, хайуан кейпіне түскендер де болды.

Бірде Кенжебек аға мен оның Әбдібек деген досына ілесіп Ақшоқы суының Көксуға құя берісіне, ескі диірменнің түбінен балық іздеп бардық. Қыстың күні болатын, бейуақ болып қалған мезгіл. Біз мұз ойып, тор әзірлеп жүргенімізде, төменіректе бір сай ішіндегі тас қорадан құлаққа әлдеқандай бір жан түршігерлік дыбыс естілді. Елегізіп, елеңдесіп қалдық. Сөйтсе де үрейді жеңіп, үшеуміз тас қораға жақындап бардық.

Баспалап келіп қарасақ, үйшік ішінде сығырайып, жаяу шам жанып тұр. Бір-екі адам жүр. Біреуі тіреуге ілген жас етті боршалап, екіншісі ағаш жарып, қазанның астына от жағып жатыр. Не де болса мұның тегін іс еместігін сездік. Есікті жұлқа тартып ашып, ішке кіріп келгенімізде әлгілердің біреуі бізді қаға-маға сыртқа ытқып шығып жоғалды. Екіншісін ұстап қалдық. Ағайынды Байғазы, Жанғазы дегендер болушы еді. Сол екеуі екен. Ал қазанға салып асып жемекші болғаны үлкенінің бес-алты жас шамасындағы ұлы болып шықты. Оны баланың ілулі тұрған бөркінен, кішкене кеудешесінен сездік. Қолға түскен сұмырайды итше тепкілей беріппіз. Бірақ амал қанша, болар іс болып қойған... Ертеңіне әлгіні Қапыш Құсайынов деген милиция алдына салып, қалаға айдап әкетті. Міне осындай сұмдықты көзбен көргенмін деп әңгімелеуші еді атамыз Жұмажан Жетпісбаев.
Абылханов Ахметбек және Кенеханова Бәти

Ашаршылық жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықың басына түсетін нәубет. Ол адамдардың жаппай қырылуына алып келді.

Соған қарамастан халық арасында тараған, үлкендерден естіп жүрген әңгімелер баршылық. Мен ауылдан сұрастыра жүріп, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылының тұрғыны 79 жастағы Кенеханова Бәти апаймен сырластым. Бәти апай Ашаршылық жылдары туралы күйеуі Абылханов Ахметбек атаның (1923-1997) аузынан естіген әңгімесін маған айтып берді.

1931-1933 жылдары Ахметбек ата 8-10 жастағы бала екен. Әкесінің малын өкімет кәмпескелеп алып кетіпті. Көп ұзамай ағайымен бірге азын-аулақ малдарын Қытайға алып өтпекші болғанда, әкесі мен ағасы өкімет адамдарының қолдарынан қаза тауыпты. Ахметбек ата, он бір жастағы әпкесі, анасымен бірге Көкжар деген ауылда аш-жалаңаш, жоқтық күндерге душар болыпты.

Атаның іні-әпкелері қылша, сүзек ауруларынан қаза тауыпты. Талай жанұя тегіс қырылған. Тамақтың жоқтығына шыдамай шөп-шөптің тамырларын сорған күндер де болыпты.

Әкелерімен Қытайға өтпек жолда қалып қалған Ахметбек ата жанұясымен паналауға боларлық ауыл іздеп, жолда көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріпті. Жол бойы ырсиған сүйектері ғана қалған адамдардың өліктері көмусіз жатыпты.

Анасы ауыр науқасқа душар болып, жүруден қалыпты. Ахметбек ата анасын арбаға салып сүйреп, тау арасындағы Кеңес ауылына келеді. Бұл ауылдың жағдайы да мәз емес екен. Азық іздегендіктері соншалықты арам өлген малды жерден қазып алып жегендер де болды дейді. Жағдайлары күннен-күнге ушығып отырыпты. Халық жоғалған балаларын іздеуден де қалыпты. Аш адамдар бала ұрлауға дейін барыпты.

Ата көрші қызының көз алдында ұрланғанына куә болыпты. Анасы кейіннен қызының киімдерін жаман қорадан тауыпты. Бірақ бәрі кеш еді. «Кісі етін жеген шұбартауықтар» деген содан тараған дейді. Адам аш болғанда тіске басарлық нәрсені талғамайды екен.

Бұлардың тапқан үйі ауылдың шет жағындағы есіктері жоқ бұзылған үй еді. Анасын сүйреген арбадан алған ескі киізді бүрісіп-бүрісіп үшеуі паналады. Жалғыз қалған көрші әжей көп ұзамай әжей аурудан қайтыс болды. Ауру анасы мен әпкесі әжейді жуындырып, жерлейді. Ал жерленбей тау-тасқа, құзда қалған өліктер көп еді. «Әкеміз тірі кездегі нанның, малдың қадірін енді түсіндік» деп терең күрсінді Ахметбек ата.

Бәти апамызбен Ахметбек ата 55 жыл бірге шаңырақ көтеріпті. Алғашында Кеңес ауылда тұрып, бірер жылдан соң Жайпақ ауылына көшіп келіпті. Әпкесі жанұя құрғанымен балалы болмай, ұрпақ жалғастыра алмапты. Құдайға шүкір, Бәти апа мен Ахметбек атаның қазірде 5 баласы бар.

Атамыз Абылханов Ахметбек өзінің ғұмырында осыншама қиыншылықтарды басынан өткерді. Ата 73 жасында дүниеден озған. Бәти апамыз үлкен ұлы мен келіні, немерелерімен ауылда тұрып жатыр.Уақыт өз дегенін алған екен - апамыз да ауырады. Соған қарамастан өз есінде қалмаса да жолдасынан естігенін маған айтып берді. Апа соңында маған ақ батасын айтып, ұзақ ғұмыр тіледі.

Қазақ атамызда бір сөз бар: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» - деген. Сондықтан сол ашаршылық жылдары қаза тапқан ата-бабаларымызға арнап ескерткіш орнатып, оларды еске алып, Құран бағыштап, құрбанға мал сойылса, өлілер разы болар еді.
Жабықбай қария
Әркімнің жан сыздатар өз қайғысы, өз қасіреті бар. Тіпті арада 70-жылдан астам уақыт өтсе де ол жөнінде ауызға алып әңгімелеу соншалықты ауыр, тіпті кейде мүмкін емес нәрсе. Алғашқы жүздескенімде Ақсу ауданы, Діңгек ауылының тұрғыны Жабықбай есімді қария да айтқысы келмеді. Менің сөзімді селсоқ тыңдап, ақырын жымиды:

- Айта алмаймын, қызым, ауыр, өте ауыр,- деп қолын сілтеді. Бірнеше минутқа созылған үнсіздіктен кейін оның тұнжырай сөйлеген сөзі естілді.

- 1932-1933 үрейлі ашаршылық жылдары қаншама адам жазықсыз қырылды,- деп әңгімеледі Жабықбай қария. - Сол кездегі оқиғаларды еске алудың өзі қорқынышты,- деп бір сәтке үндемей көзіне жас алды.

Бес жасар жасөспірім шағында қария өз көзімен көрген жан түршігерлік суреттерді жадында сақтапты.

- Далада өлген адамдардан аяқ алып жүргісіз, көше таң атпай мәйіттер тиеген арбаның жағымсыз шиқылынан жаңғырады. Есімде, ауылдағы бір шал адам етін жеп, бір айдай күнелтіпті,- деп күңкілдескен ел.

- Мені әсіресе мына бір оқиға қайран қалдырды.

Бір күні далада айқай-шу шықты. Не болды екен деп терезеден басымды созып қарасам, анадай жерде бір шұңқырдың ішінде жас қазақ жігіті етпетінен жатыр екен. Бүйірімен жерге жабысып, қолдарымен басын ұстап, қалш-қалш етеді, басын қан жапқан. Оның үрейді ұшыратындай арып-ашқан қу сүлдеріне қарау мүмкін емес еді...

- Қандай аянышты қал десеңші, - деп күрсінді қария. Әбден титықтап аш өзегі шыдытпаған соң, біреулердің таба нанын жұла қашқысы келсе керек. Бірақ сүйретіліп жүрген жігіт бір аттап үлгермей, таяққа жығылып, басын жарыпты...

Жазып алған

Мұхаметчина Гүлмира

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Әлібаев Айтжан Нұрымқұлұлы

Мен 1928 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Ескелді ауданындағы Шымыр ауылында дүниеге келгемін.

Ашаршалық кезінде Талдықорғаннан, осы біздің Шымыр, Қарабұлақ маңайынан адамдар Қоғалыға масақ, бидай алып келуге жаяу баратын. Сол жақта бидай бар дегеннен кейін кейбіреулер жолға шығып, жете алмай, шамалары жетпей, әлдері бітіп, жол үстінде қайтыс болып кететін. Талдықорған мен Қарабұлақтың ортасында жол-жөнекей өліп жататын. Сонда менің шешем Орынбасар Шоқықызы мен жеңгем Жібек жандарында әкемнің інісі Нұрман бар - үшеуі Қоғалыға барып, ол жақта бір айдай болып, екі қап бидай алып келген болатын. Сонда бара жатқан кезде, жолда ісініп жатқан өлі адамдарды көрдік, деп айтып келгені есімде.

Шымыр ауылында қазірде Ашаршылықта қырылғандарға қойылған ескерткіш бар. Ол кезде Шымыр ауылы бүгінгі тұрған жерінен сәл жоғары болатын, ал ескерткіш тас тұрған жер ауылдың төмен жағы болатын. Қазір енді ауылдың ортасы болып қалды.

Сол жердің маңайында кезінде ауылдың тұрған жері ауысып, жаңа үйлер салына бастағанда, топырақ астынан сүйектер шығатын. Сол жерге жүзге жуық ауылдың адамдарын, оларға қоса Талдықорған мен Қарабұлақтың екі ортасында жолда қайтыс болған адамдарды көмген. Барлығы екі жүзден астам деп айтатын ел.

Біз сол жылдары Қарабұлақта тұратынбыз. Дәл үйіміздің жанында, қазіргі базардың орнында, көл болатын. Қыс уақытында сол көлдегі қатқан мұздың үстінде сырғанап ойнап жүрген кезде, өлген адамдардың денелерін шанамен төмен қарай апара жатқанын көретінбіз. Шымыр жаққа апара жататын...

1997 жылы ел аузында көп тараған сөз болғаннан кейін, адамдар бұл жәйт туралы жиі айта бастағаннан соң аудан әкімшілігінің ұйғарымымен тура сол жерге 1931-1933 жылдары Ашаршылықта құрбан болған адамдарға ескерткіш тас қойылды. Ал 2005 жылы сол жер қоршалып, ел жиылып, Құран оқып, мал сойылып, кешеннің ресми ашылуы болды.
Жазып алған



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет