Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары:
Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары толық анықталмаған. Ғылыми тұрғыда 30-ға жуық теориялар бар. Көптеген авторлар гестоздың дамуын жүктіліктің пайда болуымен байланыстырады. Мысалы, тоқтаусыз құсатын әйелдің жатырын тазалап, ұрықты алып тастаса, әйел жағдайы бірден жақсарады, сол сияқты босанған әйелдерде гестоз белгілері бірден жоғалады.
Қазіргі кезде көп теориялардың ішіндегі негізгілері:
1. Нейроген теориясы.
2. Иммунологиялық аллергия теориясы.
3. Ортаға бейімделу теориясы.
Нейроген теориясы бойынша, жүктілік кезінде жатырдан орталық жүйке жүйесіне патологиялық толқындар келіп түседі, соның әсерінен олардың қарым-қатынасы бұзылып, мүшелер мен жүйке жүйесінің қызметтері қалыптан тыс ауытқиды.
Иммунологиялық аллергия теориясы бойынша жүктілік кезінде ана, бала жолдасы, ұрық өзара қалыпты иммунологиялық қарым-қатынаста болады. Жүктіліктің дамуы барысында осы қалыпты жағдай көптеген сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен бұзылады. Олар: 1) сыртқы ортаның әсері; 2) әйел ағзасындағы өзгерістер; 3) плацента жүйесіндегі өзгерістер; 4) ұрықтың өзіндегі өзгерістер.
Сонымен қатар ана мен ұрықтың арасында иммундық генетикалық сыйыспаушылық, яғни олардың антигендік құрылыстарының әр түрлі болуының да маңызы зор. Тіндік антигендер ана қанына өтіп, ағзаның сезімталдылығын күшейтеді, оның қарсы тұру қабілетін арттырып, гестоздың пайда болуына үлкен себепкер болады.
Достарыңызбен бөлісу: |