Шаршысөзде коммуникативтік байланыс жасау мен байланысты күшейтудің тілдік тәсілдері әр алуан. Сөйлеуші мен тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруда “біз” – “сіздер” есімдігі ерекше қызмет атқарады. Біз сіздермен біріге отырып, өздеріңізбен ойласа келе, өздеріңіз көз жеткізгендей, бірге ойласып көрейік т.б. тәрізді есімдікті құрамалар белгілі бір мәселені бірлесіп ойластыру сияқты эффект туғызады. Бұл тәсіл (“біз – сіз”) сөйлеуші мен аудитория арасындағы “қашықтықты” жақындастыра түседі.
Өздеріңіз байқағандай, өздеріңізге мәлім, өздеріңіз айтқандай, өздеріңіз көз жеткізгендей т.б. тәрізді қыстырма құрамалар сөйлеуші мен тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруға, әрі қарай күшейте түсуге қызмет етеді. Еске түсіріңіздер, оқып көріңіздер, ой жіберіп байқаңыздар, өздеріңіз шешіңіздер т.б. тәрізді бұйрық тұлғалы етістік құрамалар белгілі бір ой-пікірге тыңдаушыларын “авторластыру” тәрізді эффект тудырады.