Жұмыстың жалпы сипаттамасы Зерттеудің өзектiлiгi



бет1/5
Дата15.09.2017
өлшемі1,24 Mb.
#33116
  1   2   3   4   5
Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеудің өзектiлiгi. Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек – ҮІI-ІХ ғасырлардан жеткен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштері тiлi түркi жазба тiлiнiң бiзге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан қазіргі барлық түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік береді. Көне жазба мұралар тілінің лексикалық құрамы, фонетикалық жүйесі мен морфологиялық, синтаксистік құрылымы, стильдік ерекшелігі қазіргі түркі тілдерінен де көрініс тауып отыруы тек табиғи-генеалогиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймайды, жалпытүркілік рухтың, тілдік сананың беріктігіне де дәлел бола алады. Түркi халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтiк сипатын танытуға қызмет ететiн жалпытүркiлiк танымды жаңғыртып, түркi жұртшылығы арасындағы рухани үйлесiмдiлiк пен тарихи тұтастықты сақтауға жол ашады. Бұл көне түркi жазба мұраларын зерттеудiң тек түркiлiк тiлтану ғылымында ғана емес жалпы түркi әлемi аясындағы өзектi мәселе екенiн көрсетедi.

Көне түркі дәуірінде өмір сүріп, артына мол жазба мұра қалдырған мемлекеттік деңгейдегі түркілік бірлестіктер тек этникалық негізде ғана емес, географиялық-аумақтық негізде де құрылғаны тарихтан белгілі. Кең байтақ аумақты алып жатқан түркі елі өзіндік тілдік ерекшеліктері бар бірнеше түркі этникалық топтарын қамтығанын, сол көне тайпалардың қазіргі түркі халықтарының этностық құрамына шашырай таралғанын ескерсек, көне түркі жазбаларының барлық түркі халықтарына ортақ жәдігер, ортақ құндылық екені анық. Көне тілдің ерекше белгілері қазіргі тілдердің тек біреуінен ғана емес, әр топтағы бірнеше тілдерден көрініс беруі де кезінде өзiндiк диалектiлiк ерекшелiктерi бар жалпытүркілік ортақ жазба әдеби тілінің қолданыста болғанының куәсі. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік деңгейдегі тайпалық бірлестіктер құрамындағы саны жағынан басым топтардың немесе билеуші тайпалардың тілі де басымдыққа ие болатынын естен шығармау керек. Соған орай, көне түркілердің қазіргі мұрагерлерінің көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысы қаншалықты дәрежеде, үлес-салмағы қандай деген мәселелердің туындауы да заңды. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде көне түркі тілінің фонетикалық, лексика-грамматикалық құрылымын дәлме-дәл қайталайтын бірде-бір тіл жоқ. Тіл үнемі даму үстіндегі құбылыс болғандықтан, бұл – табиғи лингвистикалық заңдылық. Сондықтан ҮII-ІХ ғасырлардағы көне түркі елінің ортақ әдеби тіліне арқау болған тайпа тiлiн немесе диалектісін анықтау көне жазба мұралар тілін қазіргі түркі тілдерімен бірден жеке-дара салыстыру негізінде емес, сол дәуірлерде өмір сүріп, түркі қағанаттарының құрамында болған көне тайпаларға тікелей қатысы бар қазіргі түркі тілдерінің макротоптарын құрайтын бірнеше тілдер деректері негізінде қарастырса нәтижелі болмақ. Сондай түркілік макротоптардың бірі – көне түркі бірлестіктерінің құрамында болған көне қыпшақ тайпаларымен тікелей генетикалық-тарихи жалғастықта қалыптасқан, қазіргі түркі тілдерінің қыпшақ тобын құрайтын – қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, қырым татарлары, башқұрт, құмық, қарайым, қарашай-балқар халықтарының тілдері. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi салыстырмалы-тарихи негiзде арнайы зерттеу нысаны ретiнде алынбауы көне мұралар тiлiн оғыздық, ұйғыр-оғыздық, қырғыз-қыпшақтық сипатта тануды қалыптастырып, батыс қыпшақ тiлдерiне қатысы күңгiрт қалып отыр, бұл жұмыстың өзектiлiгiнiң тағы бiр қырын анықтайды.

«Ескерткіш тілін зерттеудің көп жолының тиімді де нәтижелі бір жолы – ол түбі бір түркі тілінің түбіріне тереңірек үңілу» (Ә. Қайдар) ескерткіштер тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі моносиллабтардың фоно-морфо-семантикалық ерекшеліктерін айқындау. Орхон, Енисей, Талас көне түркі жазбаларының тілі мен қазіргі қыпшақ тілдеріндегі бір буынды түбір-негіздердің тұлғалық ерекшеліктерін анықтау аталған тілдердің дыбыстық жүйесін, морфологиялық құрылысы мен семантикалық құрылымын тереңірек тани түсуге жол ашады. Түркi тіл біліміндегі түбiртану өзiндiк тарихы бар, жан-жақты талданған сала болғанымен, түбiр сөздердiң құрылымдық типтерiн анықтауда әлi даулы мәселелердiң болуы да ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде саралаудың көкейкестiлiгiн көрсетiп, зерттеу жұмысының өзектiлiгiн танытады.

Соңғы жылдары тіл біліміндегі когнитивті бағыттың, тіл бірліктерін танымдық тұрғыдан зерделеу мәселесінің жандана бастауына орай мазмұн мен мағынаға ерекше мән беріліп, сыртқы тұлға, оның тарихи өзгерістері назардан тыс қалып жатқаны да белгілі. Шын мәнінде туыс тілдердегі сабақтастық гомогенді түбірлер мен түбір-негіздердің тұлғалық сәйкестіктерін олардың мазмұнымен, архитұлға мен архисеманың лингвогенездік негізімен, алғашқы дыбыстық тіл бірліктерінің акустикалық қалып-бейнесі мен идеялық бейнесін тұтастықта қарағанда ғана айқын ажыратылады. Сондықтан түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды құрылымдық-жүйелiлiк, тарихи-салыстырмалы және антропоцентристiк парадигмаларды ұштастыра отырып зерттеу де қазіргі тіл білімінің даму бағытына сәйкес көкейкестi мәселелердiң бiрi.



Зерттеу нысаны – Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң құрылымы; моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттар.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi. Зерттеу жұмысының мақсаты Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi бiр буынды түбiр-негiздердi қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi сәйкес нұсқаларымен салыстыра отырып, түркi тiлдерiнiң көне түркiлiк қабатындағы түбiрлер жүйесінің құрылымдық модельдерiн нақтылау, көне жәдiгерлер тiлi мен қыпшақ тiлдерiнiң қатыс-дәрежесiн моносиллабтар құрамындағы фоно–корреляттар негізінде анықтау. Осы мақсатқа орай мынадай мiндеттердiң шешiмiн табу көзделедi:

– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң тілдік тұрғыдан зерттелу деңгейiн саралау;

– ҮII-ІХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн моносиллабтық деңгейде салыстыра зерттеудiң тарихи-лингвистикалық негiзiн көрсету;

– ескерткiштер тiлi мен қыпшақ тiлдерiндегi ортақ моносиллабтық жүйенi анықтау;

– V және СV модельдерiнің түркілік моносиллаб концепциясындағы тарихи орнын зерттеу нысанына сәйкес YII-IX ғасыр ескерткіштері және қазіргі қыпшақ тілдері деректері негізінде бағамдау;

– VС, СVС, VСС, СVСС модельдi моносиллабтардың тарихи эволюциясы мен өзгерiстерiн түбірлес сөздер аясындағы табиғаты негізінде шамалау;

– көне түркi және қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi тарихи дыбыс сәйкестiктерiнiң толық құрамын көрсету;

– ескерткiштер тiлiнiң өз iшiндегi және қыпшақ тiлдерiнiң бiрi – қазақ тiлiнiң iшiндегi дыбыс сәйкестiктерiн салыстыру арқылы көне түркі тілі мен қазіргі қыпшақ-ноғай тілдері моносиллаб жүйесіндегі ортақ фонологиялық заңдылықтарды анықтау;

– дыбыс сәйкестiктерiнiң фоно-семантикалық қырларын V, VС, СV модельдерi негiзiнде зерделеу;

– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн құрылымдық– жүйелілік, тарихи– салыстырмалы, антропоцентристік парадигмаларды ұштастыра отырып бағалау;

– көне түркiлер мен қазақтардың таным ортақтығының тiлдегi бейнесiн анықтаудағы моносиллабтық деңгейдің мәнін көрсету;

– көне түркi және қазақ тілдері ономажүйесіндегі ортақ моносиллабтық негiздiң этно-мәдени қырлары арқылы ескерткіштер тілі мен қазақ тілінің (қыпшақ тілдерінің) сабақтастығын көрсету.



Зерттеу жұмысының дереккөзi. Орхон ескерткiштерi – Бiлгеқаған, Күлтегiн, Туниқуқ, Күлi Чор, Мойун Чур, Онгин жазбаларының, Енисей ескерткiштерi – Уюк-Тарлақ, Уюк-Аржан, Барык жазбаларының, Талас өңiрiнен табылған Айыртам-ой ескерткiштерiнiң, Шу, Талас бойынан табылған басқа да шағын жазбалардың мәтiндерi (В.Радлов, П.Мелиоранский, С.Малов, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлының оқылымдары мен аудармалары бойынша); И.А.Батманов, З.Б.Арагачи т.б. авторлардың «Современная и древняя Енисейка» (1962), «Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках. Глоссарии. Указатель аффиксов» (1971), Д.Д.Васильевтiң «Корпус рунических памятников Енисея» (1983), «Древнетюрский словарь» (1969), Э.В.Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков» (1974, Т.I; 1978, Т.II; 1980, Т.III, 1989, Т.IҮ), Л.З.Будаговтың «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» (1869, Т.1; 1871, Т.2.), В.Вербицкийдiң «Словарь алтайского и аладагского наречий тюркского языка» (1884, 2-басылымы, 2005), М.Қашқаридың «Девону луғат-ит түрк» (Муталибов, 1960, Т.1; 1961, Т.II; 1963, Т.III), Ә.Құрышжановтың «Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХII в. “Тюркско-арабского словаря”» (1970) еңбектерiндегi деректер; Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi, 10 томдық (1974, 1976, 1978, 1979, 1980, 1985, 1986), I.Кеңесбаевтың «Қазақ тiлiнiң фразеологиялық сөздiгi» (1977), «Қазақ тiлiнiң диалектологиялық сөздiгi» (1996), сондай-ақ қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, құмық т.б. тiлдердің түсiндiрме, диалектологиялық және екi тiлдi сөздiктерi қолданылды.

Зерттеудiң әдiс-тәсiлдерi. Жұмыста зерттеудiң лингвистикалық әдiс-тәсiлдерiнiң бiрнеше түрi пайдаланылды. Олардың негiзгiлерi – дәстүрлi сипаттама әдiсi, тарихи-салыстырмалы, диахронды-синхрондық, типологиялық салыстыру әдiстерi, морфемдiк-компоненттiк талдау, ретроспективтi талдау тәсiлдерi, тарихи-семантикалық, этимологиялық, семасиологиялық, танымдық-логикалық талдау әдiстерi.

Зерттеудiң ғылыми жаңалығы. Жұмыста Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiнің моносиллабтық деңгейі арнайы зерттеу нысаны ретінде алынды, әрi көне түркiлiк моносиллабтардың тұлғалық ерекшелiктерi қыпшақ тiлдерi аясында алғаш рет арнайы қарастырылып отыр.

–Орхон Енисей Талас ескерткіштері деректері негізінде ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тiлiнiң моносиллабтық жүйесі анықталды;

– ескерткiштер тiлiмен салыстырыла отырып, батыс қыпшақ тiлдерi ортақ моносиллабтық жүйесiнің көне түркілік қабаты жіктелді;

– көне түркi тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық типтерiнiң тарихи даму бағыты айқындалды;

– ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесiндегi дыбыс сәйкестiктерiнiң толық құрамы ажыратылды;

– ескерткiштер тiлiндегі қыпшақтық белгілер ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тілі мен қыпшақ-ноғай топшасындағы тiлдердiң өзара жақындығын көрсететiн моносиллабтар құрамындағы дыбыс сәйкестiктерi негізінде дәлелденді;

– V, СV модельдi моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттардың сөз мағынасына ықпал ету мүмкiндiгi бастапқы архетиптердiң полифонды және полисемалы болып келуiмен байланысты құбылыс екені анықталды;


  • моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн қалыптастырудағы фоно-корреляттардың мәні ашылды;

  • ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлi онимдік жүйесiнiң ортақ моносиллабтық негiзi лингво-танымдық сабақтастықтың көрiнiсi ретінде бағаланды;

– ескерткiштер тiлінiң қыпшақ-оғыздық сипаты зерттеу мақсаты мен нысанына сәйкес фоно-корреляттар негізінде дәйектелді;

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы.

Тақырыптың теориялық маңызын жұмыстың өзектiлiгi айқындайды. ҮII-ІХ ғасыр ескерткiштер тiлi мен қазіргі қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық жүйесінiң негiзiн анықтап, олардың құрылымдық модельдерiнiң даму эволюциясы мен тарихи орнын саралау түркілік моносиллаб концепциясын теориялық тұрғыдан дәйектеп, түбіртанудың күрделі мәселелерін шешуге, жалпытүркілік түбірлер корпусын сомдауға септігін тигізеді. Қазiргi түркi тiлдерiнiң үлкен бiр бұтағын құрайтын қыпшақ тобындағы тiлдер мен көне түркi мемлекеттерi қалдырған жазба ескерткiштер тiлiн моносиллабтық деңгейде зерделеу тарих пен тіл сабақтастығы арқылы жалпы түркiлерге тән онтологиялық, семасиологиялық стереотиптердi модельдеуге жол ашады.



Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу материалдары мен тұжырымдары жоғары оқу орындарында түркiтануға кiрiспе, көне түркi тiлi, түркi тiлдерiнiң салыстырмалы грамматикасы, қазiргi түркi тiлдерi, қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы пәндерi бойынша ғылыми курстардан дәрiс оқуда, қыпшақ тiлдерiнiң тарихи морфологиясы, тарихи дыбыс өзгерiстерi, түбiр мәселелерi бойынша арнайы курстар мен арнайы семинарлар өткiзуге, көмекшi оқу құралдарын дайындауда септiгiн тигiзедi. Сондай-ақ жинақталған тiлдiк материалды тарихи этимологиялық зерттеулер мен лексикографиялық еңбектерде де пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын негiзгi тұжырымдар:

– Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiн салыстыра зерттеу негізінде моносиллабтардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтаудың тарихи-лингвистикалық негiзi бар;

– қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң көне қыпшақ тiлiмен генетикалық байланысын сипаттайтын белгілердің және қыпшақ тiлдерiн классификациялаудың шарттылығын зерттеу барысы көрсетіп отыр;

– ескерткiштер тiлi лексикасының негiзiн құрайтын моносиллабтар қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтық жүйесiнде толық сақталған;

– ескерткiштер тiлiндегi СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар түркі түбірінің архетипі бола алмайды;

– V, СV модельдi моносиллабтардың архитұлғасы мен архисемасы бiрнеше вариантты қамтитын полифонды, полисемалы болып келедi, олардың тұлғалық өзгерiстерi о бастағы көп мағыналы архитұлғаның варианттары ретінде семасиологиялық-онтологиялық даму барысында дербес мағыналық реңктерге ие болған;

– салыстырмалы тілдік деректердегі СVС, СVСС, VС, VСС модельдi моносиллабтар құрамындағы соңғы дауыссыздар мағынаны нақтылаушы, даралаушы қызмет атқаратын идео-сема-фондар;

– моносиллабтар дамуындағы тұлға мен мазмұн үйлесiмдiлiгiн фоно-корреляттар қамтамасыз етеді;



  • моносиллабтардың тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы таным ортақтығының көрсеткiшi;

  • YII-IX ғасыр ескерткіштері тілі мен қыпшақ- ноғай топшасындағы тілдердің өзара жақындығын моносиллабтар құрамындағы тарихи дыбыс сәйкестіктері айқындайды.

– ескi қыпшақ-оғыз тiлi, қазіргі қыпшақ тілдері Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiмен тiкелей сабақтастықта дамыған тарихи мұрагерлері.

Зерттеудiң талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негiзгi мазмұны мен бағыттары, басты тұжырымдары бойынша «Байырғы түркi өркениетi: жазба ескерткiштер» (Астана, 2001), «Байырғы түрк мұралары қазақ мәдениетiнiң түпнұсқасы» (Астана, 2002), Ә.Т. Қайдардың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Академик Ә.Т.Қайдар және тiл бiлiмiнiң мәселелерi» (Алматы, 2004), Академик Ә.Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған «Уақыт ұштастырған желi: көшпелiлер әлемi ХХ ғасырдағы тарих ғылымында» (Астана, 2004), «Көне түркi жазба ескерткiштерi: жазу мәдениетiнiң бастаулары, тiлдiң даму құбылыстары» (Астана, 2005), Т.Р.Қордабаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Тiлтанудағы тұлға» (Қарағанды, 2005), «Азаттық идеясының қазақ әдебиетiндегi көрiнiсi: әдiснама, таным, көркемдiк» (Астана, 2006), Ә.Қоңыратбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ежелгі түркі өркениеті және Қорқыт ата мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері» (Қызылорда, 2006), «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті: саясат, экономика және мәдениет» (Орал, 2007) «Отандық түркология: мәселелер, iзденiстер, нәтиже» (Астана, 2007) атты халықаралық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда; «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» (Астана, 2003), «Н.Оңдасынов – Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi» (Астана, 2004), «Қазақ ономастикасының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005), «Қазақ ономастикасы мен терминологиясының өзектi мәселелерi» (Астана, 2005), «А.Байтұрсынұлы оқулары» (Астана, 2006) атты республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды; республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда 30-дан аса мақала жарияланды; «Қазақ жазуының тарихи негiздерi» (Астана, 2002. –123 б.), «Қазақ тілі» (Астана 2001. -208 б.) оқу құралдары, «Түркi филологиясына кiрiспе» (Астана, 2004. –144 б.) оқу-әдiстемелiк құралы, «Тарихи дыбыс өзгерiстерi» (Астана, 2003 –184 б.), «Көне түркiлер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң моносиллабтық негiзi» (Алматы, 2007. –250 б.) атты монографиялар жарыққа шықты; ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдiстемелiк семинарында баяндама жасалды (2006). Жұмыстың қолжазбасы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының тіл тарихы және диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертация құрылымы. Жұмыс кiрiспеден, бес тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Дисертациялық жұмыстың кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны айқындалып, мақсат, міндеттері белгіленді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық құндылығы көрсетіліп, әдіснамалық негіздері мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдар туралы мәлімет берілді.

Дисертацияның «Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарды зерттеудiң теориялық-методологиялық және тарихи негiзi» деп аталатын І тараудаVII–IX ғасыр көне түркі жазбалары жайлы қысқаша мәлімет беріліп, ескерткіштердің лингвистикалық тұрғыдан зерттелу деңгейі анықталады. Орхон, Енисей, Талас жазбалары тілін қазіргі қыпшақ тілдерімен сабақтастыра қарастырудың тарихи – лингвистикалық негізі дәйектеліп, түркілік түбіртанудың теориялық – методологиялық негіздері сараланады.



Орхон-Енисей, Талас жазба ескерткіштерін зерттеудің бастапқы кезеңі негізінен рунологиялық, текстологиялық мақсаттарға, мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару жазудың генезисi мәселелеріне арналса, таза лингвистикалық тұрғыдан зерделеу ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан басталады. Көне түркі жазба мұраларының тілін зерттеудің көш басшысы В.В.Радловтың ескерткіштер тілінің фонетикалық жүйесі, морфологиялық құрылымы жайлы, көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдерінің агглютинациялық табиғаты, аффикстердің шығу тарихы туралы құнды пікірлері түркітану ғылымының ғылыми қағидаларына айналып, кейінгі зерттеушілердің бағдаршамы қызметін атқаруда. П П.М.Мелиоранскийдің көне түркі жазбалары тілінің фонетикалық жүйесі, лексика-грамматикалық құрылымы жайлы зерттеулері қазіргі түркі тілдерінің тарихи грамматикасының қалыптасуына негіз болды, ескерткіштер тіліндегі синкретикалық жұптардың күрделі табиғаты туралы алғаш пікір білдірген ғалым түркі түбірлерінің полисемялық сапасы жайлы тұжырымдардың теориялық негізін қалады. А.Н.Самойлович түркі тілдерін жіктеуде негіз тіл ретінде Орхон-Енисей жазбаларының тілін алып, ескерткiштер тiлiнiң фонетикалық белгілерін жіктеудің басты критерийі ретінде қолданды. Осы тұрғыдан алып қарағанда А.Н.Самойлович Орхон-Енисей жазбаларының тілін түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасында қолданудың методологиялық қырларын жетілдіруге үлес қосқан ғалым.

С.Е.Маловтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде көне түркі тілінің теориялық іргетасы қаланды. Ғалым ескерткіштер тілінің фонетикалық жүйесіне талдаулар жасау негізінде түркі тілдерінің тарихи–хронологиялық жіктемесін ұсынып, lt, nt, nč үнді–қатаң дауыссыздар тіркесін, γ, g дыбыстарының сақталуын көне құбылыстар ретінде қарастырса [1, 5-7], 1958, 1959 жылдары жазылған кейінгі еңбектерінде көне түркі тілінің диалектілік ерекшеліктеріне сараптама жасайды И.А.Батмановтың көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жайлы зерттеулері көне түркi ескерткіштері тілі деректерін жинақтап, жүйеге түсіруімен ,сөздiгiн түзуiмен,дыбыстардың комбинаторлық өзгерістерін, лексикалық сәйкестіктерді, лексикалық–тақырыптардың ортақтығы мен айырмашылықтарын саралап беруімен құнды болса [2.], В.М. Насиловтың еңбектері өзіне дейінгі зерттеушілер көп бара бермеген ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылымы, сөздердің байланысу тәртібі, сөз тіркестерінің жасалуы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібі мен ойды жеткізудегі қызметіне айрықша мән беруімен ерекшеленеді [3]. ҮІІ-ІХ ғасырдағы көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін оғыз, ұйғыр, қырғыз, қыпшақ басқа да көне түркі тайпалары бірдей қолданған әдеби қалыпқа түскен тіл ретінде қарастырған Э.Р.Тенишевтің «у огузов и кипчаков эти были j – языки, у уйгуров d – язык, у киргизов z – язык» [4,165] деген пікірі аса маңызды. Ескерткiштер тiлiнiң грамматикасын түзу барысында көне түркi тiлiндегi түбiрлердiң фонетикалық құрылымы, бiр буынды етiстiк – есiм омонимиясы, сөзжасамның фонетикалық тәсiлi тәрiздi түркiлiк түбiртанудың маңызды мәселелерiне арнайы тоқталған зерттеушi көне түркi түбiрiнiң ең шағын тұлғасы дауысты, дауыссыз – дауысты, дауысты – дауыссыз құрылымды түбiрлерден тұратындығын көрсетеді, қазiргi түркi тiлдерiне кеңiнен таралған дауыссыз – дауысты – дауыссыз дыбыстардан тұратын үш құрамды моносиллабтарды Э.В.Севортян, Б.М.Юнусалиев тәрiздi белгiлi түркологтар негiзiн қалаған грамматикалық синкретизм немесе етiстiк – есiм мәндi түбiр-негiздер мәселесiне қатысты қарастыруды қолдайтынын бiлдiредi [5, 76]. Көне түркі жазба ескерткіштері тілінде көне оғыз, көне ұйғыр тілдерінің ықпалы сақталғанын көрсеткен Н.А.Баскаков Орхон, Енисей жазбаларын көне оғыз және көне қырғыз тілдерімен байланыстырса, манихей жазбаларынан көрініс беретін көне ұйғыр тілін п диалектісіне және j диалектісіне жіктейді [6, 165-166]. В.Г.Кондратьев көне оғыз ескерткіштерінде де, көне ұйғыр ескерткіштерінде де Орта Азияда жүздеген жыл бойы қолданылған біртұтас түркі тілі сақталған деп санайды. [7, 26].

Көне түркі мұраларының тілі жайлы алғаш пікір айтқан қазақ ғалымдарының бірі – С. Аманжолов ҮII-ІХ ғасыр ескерткіштер тiлi негіз тіл ретінде барлық түркі тілдері жайлы тарихи-салыстырмалы зерттеулердің тіні, арқауы қызметін атқаруы қажеттігін көрсетеді [8, 131-133]. Көрнекті түрколог-лингвист Ғ.Айдаров көне түркі жазбалары мәтінінің қазақ тіліндегi лингвистикалық аудармасын жасаған әрі көне түркі тілі мен қазақ тілінің сөздігін түзген, көне түркі тілінің грамматикасын қазақ тілінде жазған тұңғыш ғалым. Түркі рунологиясында өзіндік орны бар А.Аманжоловтың еңбектері тек рунолог ретінде көне мәтіндерді оқып, транслитерациялау, аудару, жазудың генезисін зерттеу ісінде сіңірген қажырлы еңбегімен ғана емес, көне түркі тілі деректері негізінде жалпы түркі тілдерінің тарихи грамматикасының күрделі теориялық мәселелері жайлы, көне түркі тілінің диалектілік ерекшеліктері туралы тұжырымдарымен, сөз этимологиясын ашудағы дәйекті ой-пікірлерімен де құнды. Қазақ тіл біліміндегі А.Есенқұлов, Е.Ағыманов, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, Т.Қордабаев т.б. сынды белгілі ғалымдардың көне түркі жазба мұраларының тілі жайлы әр жылдары айтқан ой-пікірлері ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлiн салыстыра зерттеудiң теориялық-әдiснамалық негiзiн қалыптастырып, түркiтану ғылымына қосылған қомақты үлес болды. Жалпы көне түркi ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан кеңiнен зерттелуi өткен ғасырдың 50-90 жылдары аралығына сәйкес келедi. Осы кезеңде Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерiнiң жекелеген мәселелерi жөнiнде, қазiргi түркi тiлдерiне қатыс-дәрежесi, сабақтастығы жайлы бiрнеше диссертациялар қорғалып, көптеген мақалалар мен iрi монографиялар жазылды.

ҮІІІ ғасырдың мұрасы Мойун-Чур ескерткішінде түрік-қыпшақтардың елу жыл қағанат басында отырғаны жайлы деректің сақталуы қазіргі қыпшақ тілдерін көне мұралар тілімен сабақтастықта қарастырудың тарихи негізін көрсетеді, осы дерек негізінде қыпшақтар ҮІІ ғасырдың соңында-ақ көне түркі тайпалары ішіндегі дербес те беделді ірі тайпалардың бірі болғанын байқаймыз.

ХI-ХҮ ғасыр аралығындағы қыпшақ тiлiнiң деректерiнен мәлiмет беретiн мол жазба ескерткiштер қоры жинақталып отыр, олардың iшiнде қыпшақ тiлiнiң табиғатын терең танытатын грамматикалық, лексика-грамматикалық, лексикографиялық-грамматикалық еңбектер де бар. Орта ғасыр түркi ескерткiштерiн жинау, жариялау, оқу, аудару, тiлiн зерттеу мәселелерiнiң көш басында Г.Ю.Клапрот, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович т.б. тәрiздi ұлы тұлғалар тұрса, кеңестiк дәуiрде, одан кейiнгi кезеңде орта ғасыр ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттелуi Э.Н.Наджип, А.К.Боровков, Э.Фазылов, А.М.Щербак, Ә.Құрышжанов. Б.Сағындықұлы, А.Ибатов, Р. Сыздық, Ә.Керiмов, Т.И.Грунин, А.Н.Гарковец сынды т.б. зерттеушiлердiң есiмдерiмен байланысты. Аталған мәселе бойынша еңбек етiп жүрген кейiнгi буын өкiлдерiнен С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов т.б. зерттеушiлердiң еңбегiн атауға болады. Орта түркi жазба мұраларының тiлiн талдау нәтижелері оғыз, қыпшақ тілдері сараланып шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық, оғыз-қыпшақтық жағдайдың орныққанын көрсетіп бергені белгілі. Орта түркi дәуiрiнiң алдындағы көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен орта түркi дәуiрiнен кейiнгi дәуiрде қолданылып жүрген қазiргi қыпшақ, оғыз тiлдерi деректерi де қыпшақ  оғыз тiл бiрлестiгiнiң iздерi сақталғанын көрсетедi.



Қыпшақ тобына кіретін тілде сөйлейтін түркі халықтары тіліндегі ортақ белгілердің біразы қыпшақ бірлестігі кезінде қалыптасса, енді біразы Алтын Орда дәуірінде қалыптасып, көне түркі дәуірінде-ақ өзіндік ерекшеліктері аңғарыла бастаған қыпшақтық белгілер тереңдей түсті. Қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының тарихи тамырластығына олардың этникалық құрамындағы ортақ ру-тайпалар, салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиеті үлгілеріндегі, жалпы мәдениетіндегі ортақтықтар дәлел бола алады. Әуел баста қыпшақ тілінің диалектілерінде сөйлеген қазіргі қыпшақ-ноғай топшасына енетін тілдерді Алтын Орда, Ноғай ордасы кезіндегі лингво-этникалық процестер жақындата түсті. Ал қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец топшаларындағы тілдерде сөйлейтін халықтардың этногенездік тарихында біраз өзгешеліктер бар. Татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым татарлары өз тарихын негiзiнен Ғұн мемлекеті ыдырағаннан кейін қалыптасқан Бұлғар мемлекетімен байланыстырады. Кезінде Н.И. Ашмарин ұсынған «бұлғар-чуваш» теориясына қарсы М.З. Закиев көне бұлғар тілінің жазба мұралары тілінің деректері негізінде бұлғарлар о бастан-ақ қазіргі татар тілінің кейбір белгілері бар z тілінде сөйлеген, ешқандай ротацизм, ламдаизм белгілері болмаған деген қорытындыға келеді. Ғалым пікірі бұлғар тілі z тілді оғыз-қыпшақ тілінен жаңа z тілді қыпшақ-оғыз тіліне ауысып, кейіннен қыпшақтық сипат алған дегенге саяды. [9, 110]. Башқұрттардың этникалық құрамындағы угро-финдердің, мадьярлардың үлесіне байланысты қалыптасқан «мадьяр-башқұрт» теориясы әлi шешiмiн таппай келе жатқан мәселе. Башқұрттардың венгерлiк тегiне негiзделетiн «мадьяр-башқұрт» теориясын этногенетикалық зерттеулер толық қуаттап отырған жоқ, сондай-ақ башқұрттар құрамындағы мадьяр/мажар компонентін де жоққа шығармайды. Зерттеушілер Орал бойы башқұрттарының, Волга бұлғарларының, ІХ—Х ғасырдағы венгрлердің ортақ этникалық компоненті–түркі тілді мажар-мишарлардың тілі деп таниды [10, 139-140]. Тарихи әдебиеттерде қарашай-балқарлардың этногенезі, глоттогенезі жайлы түрлі теориялар ұсынылып жүргенімен, олардың көне бұлғарлармен генетикалық байланысын қолдаушылар басым. Қарашайлар мен балқарлардың қыпшақтану процесі кумандардың біраз бөлігі қарашай-балқарлардың арасына сіңіп кетуімен түсіндіріледі [11,16-19]. Батыс қыпшақ тобына жататын қырым татарлары тілі оғыз ықпалына ұшыраған тілдер қатарында қарастырылады. Қырымды билеген қыпшақтардың ұрпағы саналатын қырым татарлары тіліне оғыз тілдерінің ықпалы Қырым өлкесінің Түркияға қосылу кезеңінен басталып (1475 жылдары), Қырымды Ресей патшалығының отарлауынан кейін де үзілмеген [12,26-30]. Шағын этнос – қарайымдар да хун тайпаларының құрамында, кейін бұлғар-хазарлар тобында болып, соңғы кездерде қыпшақтық сипатқа ие болған тілдерге жатады. Құмық тiлiнiң табиғаты жайлы да көзқарастар екi бағытта өрбидi, бiрiншi бағыттағы зерттеушiлер ХIII ғасырға дейiн-ақ қалыптасқан қыпшақ тiлi ретiнде таныса, екiншi топтың пiкiрi монғол шапқыншылығынан кейін қыпшақтық сипаты басымдыққа ие болды дегенге саяды [13,119]. Түркі тілдеріне қатысты барлық жіктемелерді салыстыра қарағанда, қазіргі қыпшақ тобына жататын тілдердің фонетикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының ұқсастығы сол тілде сөйлеуші этностардың генетикалық немесе тарихи жақындығы ғалымдар тарапынан принципті түрде ажыратылатын пікір қайшылығын тудырмайтынын байқауға болады. Жалпы бір негізден тараған тілдердің өзі де түрлі ішкі, сыртқы факторларға байланысты негіз тілдің белгілерін бірдей дәрежеде сақтай алмауы лигво-эволюцияның заңдылығы. Қазіргі қыпшақ тобына енетін тілдердің бір бөлігінің негізінде оғыздық сипаты бар көне бұлғар тілінің жатуы, қыпшақтану процессінен кейін де басқа туыстас тілдермен қатынаста болуы олардың лексикалық қорындағы қыпшақтық қабаттың өзгерістерге түсуіне алып келді. Мұндай өзгерістер негізінен сөз тұлғаларындағы дыбыс сәйкестіктері арқылы айқындалады. Қазіргі қыпшақ тілдерінің ішінде қыпшақтық белгі қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдерінде, татар диалектілерінде басым екенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр ( С.Е.Малов, Қ. Жұбанов, Н.Сауранбаев, т.б.).

Оғыз және қыпшақ тілдерінің дербестік сипатқа ие болуы тұстас бір тілдің екіге жарылуы нәтижесінде емес, бұрыннан өздеріне тән мүддесін қорғау ыңғайында, яғни өздеріне тән белгілерді сақтап қалу ыңғайында қалыптасқанын байқаймыз. Орта ғасырдағы оғыз-қыпшақтық аралас тілдік жүйедегі қыпшақ тілдерінің дербестік сапасының айқындала бастауы бір ғасыр шеңберінде ғана қалыптасқан құбылыс емес түркi тiлдерi дамуының алғашқы кезеңдерiнде-ақ оғыздық немесе қыпшақтық белгiлердiң сiлемдерi қолданыста болуы әрi олардың арасында дифференциациялық және интеграциялық процестердiң кезең-кезеңiмен бiрнеше мәрте қайталануы да мүмкiн. Сондықтан көне түркi дәуiрi мен орта ғасыр дәуiрiндегi түркi жазба әдеби тiлi арасындағы сабақтастық та аралас тiлдiк жүйе арқылы айқындалады.

Түркітану ғылымындағы түбір сөз проблемасының зерттелуі өзіндік дәстүрі мен қағидалары қалыптасқан, мақсат-мүддесі айқындалған классикалық сала болып табылады десек те, тілдің негізін құрайтын бір буынды сөздердің табиғаты толық ашылып болмағаны белгілі. Түбір проблемасының күн тәртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған кезден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына байланысты. Түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен, фонетикалық заңдылықтарға орай кезең-кезеңімен кері процестерді де (ықшамдалу, редукция, элизия т.б.) басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі тәрізді мәселелер де түбір табиғатын айқындауда қиындықтар туғызады. Фонетикалық құбылыстар гаплалогия мен редукция, үнемдеу принципi жаңа дыбыс тiркесiмiн, жаңа фонологиялық жағдайды тудырады. Фонетикалық жүйедегi өзгерiстер моносиллабтардың тұлғасына әсер етiп, семантикалық даму барысында қарапайым фонетикалық өзгерiстер фонологиялық құрылымға да ықпал етуi мүмкiн. Осы процестiң нәтижесiнде дыбыс сәйкестiктерiнiң екiншi дәрежелi фоно-морфо-семантикалық қырлары қалыптасады. Сөздің шынайы болмысын танып-білу әрдайым тұлға мен мазмұнды бірлікте қарауды талап ететіндіктен жалпы түркі лексикалық қорының негізін құрайтын моносиллабтардың семантикалық дамуы да адам санасымен, дүниетанымымен тікелей байланысты құбылыс ретінде семасиологиялық жүйенің сан қырлы заңдылықтарына орай психо-физиологиялық процестермен өзара сабақастықта жүріп отыруы мәселені одан әрі күрделендіре түседі.

Кез келген тілдің лексикалық жүйесінің даму жолын, басқа тілдермен туыстық деңгейін анықтау ең алдымен түбір құрылымын айқындап алуға негізделетіндіктен түркі түбірлері жайлы алғашқы пікірлер де түбір құрылымын анықтауға бағытталып, моносиллабтық, дисиллабтық бағыттар қалыптасты. Түркі тілдеріндегі дисиллабтар мен полисиллабтар құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық негіз бар. Сондықтан моносиллабтық бағыт көптеген ғалымдар тарапынан (Н.Сауранбаев, Б.Юнусалиев, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.В.Севортян, А.Н.Кононов, Ә.Т.Қайдар, Ә.Ибатов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, Ж. Манкеева, Е. Қажыбек т.б.) қолдау тауып, зерттеу нәтижелері түркі тілдері бойынша түбір және түбір-негіздер жүйесін құрайтын 6 құрылымдық модельді – V, VC, VCC, CV, CVC, CVCC – негізгі тұлғалар деп танығанмен, осы модельдердің қайсысы алғашқы (этимон түбір, этимологиялық түбiр, архетүбір, өлі түбір, ілкі түбір, бастапқы түбір, т.б.) деген мәселе үлкен пікірталас өзегі болып отырғаны белгілі.



Түркi тiлдерiндегi түбiр морфемалардың фонетикалық құрылымын әр қырынан қарастырған Н.А.Баскаков түркi түбiрiнiң CVC тұлғалы болып келетiнi жайлы алғашқы ойын қарақалпақ тiлi деректерi негiзiнде көрсетiп, В.Котвичтің «Исследования по алтайским языкам» (1981) еңбегіне жазған алғы сөзінде түркi түбiрiнiң екi дыбыстан тұратын ашық буынды болып келетiнiн негiздеген В.Котвич теориясына қарсы аргумент ретiнде созылыңқы дауыстыларды мысалға келтіру түркі түбірінің шынайы табиғатын ашып бере алмайтынын айтады. Н.А.Баскаковтың көзқарасына қарсы А.Зайончковский орта ғасыр ескерткiштерi тiлiнде CV тұлғалы модельдердiң көп мөлшерде кездесетiнiн, тарихи түркi түбiрi V, VC, CV, CVC тұлғаларында қолданылғанын көрсетеді [14, 28-29]. Бұл пікір Б. М. Юнусалиев, А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, А.А. Юлдашев т.б. ғалымдардан қолдау тауып, тереңдетіле түсті. СVС тұлғалы моносиллабтар құрамындағы соңғы дауыссызды аффикстiк деңгейде қарастырған А.Н.Кононов түркi түбiрiнiң ең шағын тұлғасы V, СV, VС модельдерi екенiн морфологиялық талдау нәтижелерi көрсетiп отырғанын айтады [5,108]. Э.А.Макаев түркiлiк түбiр құрылымы жөнiндегi даулы пiкiрлердi шешудiң жолы ретiнде хронологиялық стратиграфия әдiсiн қолданудың қажеттiгiн ұсынса [15, 21-25], И.В.Кормушин СV тұлғасын тектiл дамуының алғашқы кезеңiне, (СV + С >) СVС екiншi кезеңiне сәйкес келсе, келесi кезеңiнде кейбiр түбiр құрамындағы соңғы дауыссыздар қайта түсiп қалуы мүмкiн деген болжам ұсынады [16,11-13].

Қазақ тiлiндегi қарт, қария, кәрi; айт, айтыс, айқай т.б. сөздерiнiң құрамынан қар, ай тұлғаларын түбiр морфема ретiнде ажыратып, -т, -йа, -i, -т, -ыс, -қай тұлғаларын түбiр құрамына қатысы жоқ элементтер ретiнде таныған М. Томанов «осы азғана фактілер тобына жасалған талдаудың өзі де қазіргі тіл нормалары бойынша бөліп-жаруға келмейтін жалаң түбір деп қаралатын сөздердің недәуір тобы «мағынасыз» түбірлер мен белгісіз қосымшаларға ажырайтынын көрсетеді» деп қорытады [17,140]. Түркілік түбір табиғатын қазақ тілі аясында әр қырынан жан-жақты қарастырған академик Ә.Т. Қайдар ұзақ жылдар бойы түркі тілдеріндегі түбір, негіз терминдерінің ара-жігі толық ажыратылмай келгеніне ерекше мән беріп, аталған ұғымдардың өзіндік ерекшеліктерімен сараланатын ғылыми анықтамасын ұсынады. Нақты тілдік деректер мен В.В.Радлов бастаған белгілі лингвист-түрколог ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, «... разложимость односложных корней-основ в тюркских языках ... вполне реальный факт» [18, 28] деген қорытындыға келеді. Түркі тілдері бойынша ғалым пікірінің негізділігіне дәлел бола алатын, дисиллабтармен қатар моносиллабтардың да біразы тіл дамуындағы ұзақ мерзімді қамтитын агглютинативтік процестің жемісі екенін көрсететін тілдік деректер қоры жинақталып, маңызды теориялық тұжырымдар жасалды. Е.Қажыбек түркі тілдеріндегі гомогенді моносиллабтарды етіс-есім омонимиясы тұрғысынан зерттеп, синкретизм құбылысының теориялық сипаттамасын ауқымды тілдік дерек негізінде дәйектеп берсе [19], қазақ тіліндегі етістік негіздерді морфемдiк-компоненттiк талдау барысында тілімізде қолданылып жүрген етiстiктер құрамындағы өлі түбірлердің мол қорын анықтаған ғалым Ж.Манкеева қазақ тіліндегі айт, арт, кет императивтерінің құрамындағы т етістік тудырушы тарихи жұрнақ екенін көрсетеді [20,55]. Аса ежелгi дәуiрлерде қолданылған түбiрлер мен қосымшаларды мүмкiндiгiнше бастапқы қалпына келтiрудi өз зерттеуiнiң басты мақсаты етiп алған Б.Сағындықұлы қазiргi түркi сөздерiнiң ежелгi тұлғасын реконструкциялауда дәстүрлi салыстырмалы-тарихи әдiстер жиынтығымен қатар математикалық амал-тәсiлдерге де, атап айтқанда теңдеу теориясына жүгiнедi. Жалғамалылыққа дейінгі флекциялық құрылымның басты ерекшелігі ретінде түркі түбірлерінің бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұратынын дәйектеп көрсеткен ғалым, жеке дауыссыздар заттардың, қимыл-қозғалыстың, сын-сапа, қасиеттердің атауы болса, дауысты дыбыстар әртүрлі семантикалық өзгерістерді, реңктерді жеткізгенін айтады. [21, 5]. Б.Сағындықұлының көзқарастары жалпылама алғанда лингвистикадағы фонология теориясының қағидаларымен, императив теориясындағы идеяфондық идеялармен үндесiп, жалпы лексикадағы фоно-семантикалық құбылыстарды нақтылай түседi. Түркi тiлдерi түбiртану мәселесiн зерттеуде дәстүрлi әдiс-тәсiлдермен қатар тың теориялық-методологиялық қағидаларды да ұстанудың қажеттiгiн көтерiп жүрген башқұрт ғалымы А.Шайхулов түркi түбiрлерiнiң құрылымдық сипаттамасын жасау үш деңгейлi (фонологиялық, морфологиялық, семантикалық) зерттеу аясында жүргiзiлгенде ғана нәтижелi болатынын баса көрсетеді. Ғалым тұжырымдарынан түбiр табиғатын зерттеуде теориялық-танымдық бағытты да ұстанатынын, имманенттiк талдау мен когнитологиялық талдауды ұштастыра қарастыруды қолдайтынын байқаймыз [22]. Қазақ тiл бiлiмiнде түбiртану жайлы соңғы жылдары айтылған маңызды ой-пiкiрлер мен тұжырымдарды А.Салқынбайдың, Ш.Жалмахановтың, М.Сабырдың, Ұ.Исабекованың т.б. еңбектерiнен кездестiремiз.

Түркi лингвистикасындағы түбiртану мәселесi бойынша айтылған ой-пiкiрлер, түбiрлер мен түбiр-негiздердiң жекелеген аспектiлерiн қарастырған зерттеу нәтижелерi де, кешендi түрде жүгiзiлген зерттеулер де тiлдегi түбiрлiк деңгейдiң қалыптасуы мен дамуы фонетика-фонологиялық, морфологиялық, семантикалық, ономасиологиялық құбылыстардың өзара тығыз байланысына негiзделетiнiн, түбiр табиғатын тереңiрек тани түсу үшiн моносиллабтардың сыртқы тұлғасы мен iшкi мазмұнын сабақтастыра қарастырудың қажеттiлiгiн көрсетiп отыр. Себебi, жалпы лексикалық байлықтың өзегiн құрайтын моносиллабтар адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты моносиллабтардың құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-корреляттардың өзара сәйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық, идеофондық, идеосегменттiк қырларымен сипатталады.



«Орхон, Енисей, Талас және қазiргi қыпшақ тiлiндегi моносиллабтардың құрылымдық модельдері» деп аталатын ІІ тарау ескерткіштер тіліндегі бір буынды түбір негіздерді қыпшақ тілдеріндегі сәйкес нұсқаларымен салыстыра отырып, гомогенді моносиллабтар негізінде бастапқы құрылымдық типтерді, олардың даму бағытын шамалауға бағытталған. Орхон, Енисей, Талас жазбаларында 350-дей ғана бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздер қолданылған. Аз ғана бiр буынды модельдер бабалар тiлiнiң лексикалық қорына негiз болған түбiрлер жүйесiн толық көрсете алмасы да анық. Көне мұралар тiлiндегi моносиллабтар көлемiнiң қазiргi түркi тiлдерiндегi моносиллабтарға қарағанда ықшам болуы, бiрiншiден жекелеген авторлар мен бедiзшiлердiң сөз қолданысына, тiл байлығына, дара стилiне байланысты болса, екiншiден арада өткен 1300 жылдық тiл дамуының табиғи заңдылығы да ықпал етпей қоймайды. Көне жазбалар тiлiнде сақталған моносиллабтар сандық көрсеткiшi шағын болса да, көне тiлдiң басты ерекшелiктерiн, түбiр сөздер мен түбiр-негiздер жиынтығының сұлбасын анықтауға мүмкiндiк бередi әрi қазiргi түркi тiлдерiндегi түбiр табиғатын саралауда деректiк құндылығы аса жоғары.Түркi тiлдерiнiң түбiр және түбiр-негiздер жүйесiн құрайтын «классикалық алтылықтың» барлық модельдерi де көне түркi тiлiне тән болғанымен, олардың қолданыс жиiлiгi, мағыналық дербестiгi, қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi нұсқаларымен тұлғалық сәйкестiгiнің деңгейі де әртүрлi.

Дауысты дыбыстан тұратын бiр құрамды V моделi көне түркi жазбаларында алты-жеті сөздi ғана қамтитыны белгiлi [5,76.18,40.24,96]. Түркi тiлдерi дамуының бастапқы кезеңiнiң көрiнiсi болып табылатын бұл сөздер ҮII-IХ ғасырларда дербес мағыналы сөз түрiнде қолданылса, қазiргi қыпшақ тiлдерiнде е «быть» Тал. ІІІ етістігінен басқасы дербес лексикалық қабiлетiнен ажырап, түбiр-негiздер құрамында ғана сақталып отыр.



u «увеличивать» Эл. 1 (ДТД, 74). Көне жазбалар тiлiнде «ұлғаю, өсу» мәнiн беретiн u түбiрiнiң дербес лексема ретiнде қолданылуы Тува аймағындағы Элегест елдi мекенi маңынан табылған ескерткiште ғана кездеседi. Өзге Орхон, Енисей, Талас жазбаларында осы түбiрден жасалған *ul түбiр-негiзi қолданылады: ulga «расти, сделаться большим» Е. 29, 7 (ДТД, 76); ulgat «вырастить» ХБ (ДТД, 76); uluγ/ulug «большой, важный, старший» Е. 47, Тон. 5, КЧ. 3, КТү. 28, 34 (ДТД, 76). Ескi қыпшақ тiлiнде ulaldur «увеличивать, умножать», ulu «большой» (Құрыш. 209); башқ. оlo; тат. оlï/olü; ққалп. ullï; қаз. ulï/ulïq «великий, большой». Қазiргi түркi тiлдерiндегi ülken «үлкен» сөзi де u тұлғасымен түбiрлес: ü → ül → ülken. Қыпшақ тiлдерi деректерi бойынша көне түркiлiк u түбiрiнiң u, ü, o нұсқалалары ажыратылады.

ï «растение» (ДТС, 603): ï bar bas asdïmïz «бұтасы бар шыңнан астық» Тон. 26 (Айд. II, 52). Н.А.Баскаков ï моносиллабы жайлы «... корень у, который встречается главным образом в парных словах типа y – yγač «всякая растительность», y – taryγ «посева злаковых культур», y – taš «заросли и скалы (камни)» и поэтому также представляется либо заимствованным из других языков, либо графически ущербно оформленным, либо фонетически редуцированным» деп ï тұлғасының дербес лексемалық қабiлетiне, түркiлiк табиғатына күмәнмен қарайды [23, 41-42]. Тоникук ескерткiшiнде ï тұлғасының дербес қолданылуы: Atïγ ïqa bajur ertimiz «Атты бұтаға байладық» Тон. 27 (Айд. II, 109) аталған моносиллабтың көне түркiлер тiлiнде дербес мағыналы сөз екенiн көрсетедi, сондай-ақ ï дыбысын белгiлейтiн таңба айқын бедерленгiндiктен (екi сөйлемде де) графикалық көркемдеуден кеткен олқылық деуге де келмейдi. И.А.Батманов бастаған зерттеушiлер ï сөзiнiң «ағаш» мәнiн де көрсетедi (ДТД, 83). Сондықтан жалпы түркiлiк ïγaš/ïγač/aγaš/agač/jïγaš лексемаларының негiзiнде ï түбiрi жатқанын байқауға болады. Тониқук ескерткiшiнде қолданылған ïγač tutunu aγturtum «Ағаш ұстап шықтық (көтерiлдiк)» Тон. 25 (Айд. II, 109) сөзi қыпшақ тiлдерiнде а тұлғасымен қалыптасқан: е. қып. jïγač/aγas/aγač «дерево, древесина, лес» (Құрыш. 77); құм., тат., қар. аγač; ноғ., ққалп., қаз. aγaš; башқ. аγas. Махмұд Қашқари еңбегiнде ïγač сөзi jïγač түрiнде тұлғаланып «густое дерево» (МҚ. II, 25), «қалың жыныс, ну орман» мәнiн бередi. Ескерткiштер тiлiнде jïš «тау, орман, тоғай» (Айд. I, 163) лексемасы да қолданылады: Ötuken jïšqa jig idi joq ermis «Өтүкен жынысында игi (жақсы) ие жоқ едi» КТк. 4 (Сартқ. 259). *jï тұлғасы ï, ïγ моносиллабтарымен генетикалық жағынан туыс екенi анық аңғарылады. Гомогендi моносиллабтардың түркi тiлдерi дамуының көне түркiлiк кезеңiнде қатар қолданылуы олардың тарихи қалыптасуы әлдеқайда ертеден, түркiлiк тектiл, баба тiл кезеңдерiнен бастау алатынын аңғартады. Көне түркi тiлiндегi ï түбiрiнiң «ағаш» мағынасымен қатар «жалпы өсiмдiк» мәнiн беруi қазiргi қазақ тiлiндегi arša, ïpγaj, arpa т.б. өсiмдiк атауларының этимологиялық негiзiн анықтауда есте ұстайтын мәселе.

Тiл де адами құндылықтардың негiзгiсi ретiнде саналы адамзат өмiрiндегi маңыздылығы артқан сайын күрделене бередi, жетiлген дыбыстық тiлде оның бастапқы жай-күйiнiң сiлемдерi мен болмашы iздерi ғана сақталады. Түркi тiлдерiндегi V модельдi моносиллабтарды да сондай реликт белгiлер, өте ежелгi лексикалық қордың сұлбасы ретiнде қабылдағанымыз жөн. Қазақ тiлiндегi ös, ön, ör (өрле, өрбi, өршi, өркенде) тәрiздi моносиллабтардың ортақ мазмұны мен тұрпатындағы ұқсастықтарды кездейсоқ құбылыс деуге келмейдi, ортақ мазмұнды арқалап тұрған ö дауыстысы екенi аңғарылады. «Даму, жетiлу, көбею, пайда болу» идеясы *ur (ұрпақ, ру, ұрық, ұрғашы) моносиллабында да сақталғаны белгiлi. ör, *ur тұлғаларын гомогендi моносиллабтар ретiнде қарастырылады [28, 111]. *Ur тұлғасының жалпы мазмұны *ür (үрiм-бұтақ, үрпi), ul ← oγul, um (Ұмай), *ul (ұлы, ұлғаю, ұласу), *ül (үлкен) т.б. моносиллабтарында сақталуы да u, ü дауыстыларының идеялық қабiлетiн танытады. Демек қазiргi түркi тiлдерiнде «пайда болу, даму, жетiлу, жалғасу, көбею» идеясын сақтаған u, ü, o, ö дыбыстарынан басталатын гомогендi сөздердiң гипотезалық iлкi түбiрi ретiнде V модельдi *u, *ü, *o, *ö моносиллабтарын ажыратуға мүмкiндiк бар. Мұндай мысалдар VІІ—ІХ ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі V модельді моносиллабттардың тарихилығына күмәнмен қарауға болмайтынын, керісінше оларды жалпы түркілік моносилаб концепциясының өзегі ретінде тану қажеттігін көрсетеді.



Ескерткiштер тiлiнде VС модельдi моносиллабтардың бiразы дербес лексема түрiнде қолданылса, бiразын дисиллабтар мен полисиллабтар құрамынан ажыратуға болады.

*aγ→aγït «отгонять, разгонять» (ДТС, 20): Oza kelmis süsin Kültegin aγïtïp, Toņra bir oγuš alpaγu on erig toņatigin joγïnta egirip ölürtimiz «Оза келген әскердi Күлтегiн қуып, Тоңра руынан шыққан он ердi Тоңатегiндi жерлегенде өлтiрдiк» КТү. 47 (Айд.І, 181). *aγ моносиллабы қазақ тiлiнде «босату, жiберу» мәнiн беретiн aγït етiстiгiнiң құрамында сақталған: құлынды, бұзауды ағыт; түймеңдi ағыт; суды ағыт т.б.; қырғ., ққалп. aγït. Көне түркiлiк aγït сөзiнiң «айыр, ағыт, босат, жiбер» мағыналарын Ғ.Айдаров көрсетедi (Айд. I, 206). *ad→adaγ/adaq «нога» (Лев. 43): Türk budun adaq qamaštdi «Түркi халқының аяғы әлсiредi» КТү. 47 (Айд. I, 181) ~ ескi қыпшақ тiлiнде – adaq/ajaq (Құрыш. 79); тат., башқ., құм., ноғ., ққал., қаз. ajaq. *ad→adïnčïγ «другой, иной» (ДТС, 10) «ерекше»: Aņar adïrčïγ barq jaraturdïm «Оларға ерекше жай салдырдым» КТк. 12 (Айд. 170) ~ е. қып. *aj/ej → ajruq/ejriki (Құрыш. 81); ққалп. ajrïq, қаз. ajrïqša/erekše. *ad→adiril «отделиться» (ДТД, 32): Qara Čur esiz ... özüge ujalarïna adïrïlmiš «Қайран Қара Чур өз ұяларынан, туыстарынан айырылды» Тал. 2 (Аманж. I, 44) ~ е. қып. aj→ajrïl (Құрыш. 81); башқ., ноғ., қар., ққалп., қаз. ajïrïl; тат. ajerïl: Көне түркiлiк *ad моносиллабы қазақ тiлiндегi adïra qal тiркесiнiң, adïr (адыр-адыр жер) лексемасының құрамында сақталған. *ad→adγïr «жеребец» (ДТД, 40): Kultegin Bajïrqunïņ aq adγïrïγ bïnïp oplaju tеgdi «Күлтегiн Байырғының ақ айғырын мiнiп шабуылға шықты» КТү. 35 (Айд. I, 179) ~ е. қып. *aj→ajγïr, *az→azγïr (Құрыш. 80); баш., ноғ., тат., құм., ққалп., қаз. ajγïr. Түркi-монғол тiлдерiне ортақ adγïr лексемасы жалпы алтай тiлдерi бойынша *ad ≈ *az ≈ *až ≈ *at ≈ *as ≈ *ax ≈ *aj ≈ *oj ≈ *öj түбiрлес моносиллабтар кешенiн құрайды. *az→azman «кличка лошади» (ДТС, 73) Kültegin azman aqïγ binip oр laju tegdi «Күлтегiн Азбан ағып мiнiп шабуылға шықты» КТү. 45 (Айд. I, 181) ~ қаз. az(ban); ққалп. az(man) «жеребец». *aγ «бөлiну», *ad «айақ», *ad «бөтен», *ad «бөлiну», *ad «айғыр», *az «азбан» моносиллабтары «қозғалу, қимыл, бөлiну» идеясын сақтаған жалпы түркiлiк aq ≈ аγ ≈ at ≈ ad ≈ az ≈ až ≈ aj ≈ aw т.б. гомогендi моносиллабтар кешенiне кiретiн туынды тұлғалар, гипотезалық iлкi түбiрi a/ï тұлғалы V моделi. «голод, голодный, голодать» (ДТД, 32): bir todsar ačsïq emezsen «бiр тойсаң аштықты ойламайсың сен» КТк. 8 (Айд. I, 169) ~ е. қып. ; қар., құм., тат. аč; башқ. аs, ққалп., ноғ., қаз. . Жалпы түркiлiк aš/as «еда, пища» (ДТС, 61) сөзi көне түркi жазбаларында кеңiнен қолданылады, мысалы: Ičir ašsïz, tašra tonsïz «iшi ассыз, сырты тонсыз» КТү. 26 (Айд. I, 176) ~ (Құрыш. 89); башқ., тат., қар., құм. аš, қаз., ноғ., ққалп. аs. «Тамақ, ауқат» мәнiндегi as/aš моносиллабы мен «аштық, қарны ашу» мәнiндегi aš/ač синкретизмi де түркi түбiрлерiне тән антиномиялық қатынастағы гомогендi бiрлiктер. öņ «впереди»: öņr kün toγsïqda Bökli čöllig il, tabγač, tüpit, apar, nurum, qïrïq az, uč qurïqan, otuz tatar, qïtan, tatabï bunča budun kelipan ... «әуелi (алдымен) шығыстан Бөклi шөлiнiң есi, табғаш, тибет, авар, үрiм, қырық аз, үш құрықан, оғыз татар, қытан, татабылар сонша халық келiп ...» КТү. 4 (Айд. I, 172). Көне түркi тiлi сөздiгiнде öņ моносиллабының 1. «алдыңғы жақ (шығыс)»; 2. «алды, алдыңғы»; 3. «алдымен, бұрып, ерте» мағыналары көрсетiледi (ДТС, 385, 386). Орхон ескерткiштерi тiлiнде қолданылған öņ сөзiнiң «алды, алдыңғы жақ» мәнi қазiргi қыпшақ тiлдерiнде кеңiнен қолданылатын «оң жақ» (матаның, киiмнiң оң жағы), öņ «түр-түс», «жүз, бет», «оңу (өңi түсу)» сөздерiнде сақталған: қаз., ққалп., ноғ., қырғ. öņ/oņ; тат., башқ. öņ, joņ, oņ, uņ. Қазақ тiлiндегi өңмеңдеу, өңiр (киiмнiң алдыңғы жағы), өңгеру, өңдеу лексемалары құрамындағы моносиллабы да аталған тұлғамен түбiрлес. Қазiргi түркi тiлдерi бойынша öņ моносиллабының «бояу», «ала», «жылтырақ» (полировка, глянец), «әдемiлiк» мағыналары да тiркелген (ЭСТЯ I, 534, 535). Орта ғасыр қыпшақ ескерткiштерiнде де öņ сөзiнiң «алдыңғы» мәнi қолданылған: öņ ajaqlarï «передние ноги (лошади)» (Құрыш. 179). *üz→üze «наверх, вверху» КТү. 1, 10, 16; Тон., 16; БҚ. 3; Е. 32 (ДТД, 78): Üze kök teņri, asra jaγïz jir qïlïntuqta ekin ara kisi qïlïnmïs «Жоғарыда көк тәңiрi, төменде қара жер жаралғанда екеуiнiң арасында адам баласы жаралған» КТү. 1 (Айд. I, 171): қаз., ноғ., ққалп. üsti; қырғ. üstü, тат. üzre, öst; башқ. ös, östö. Э.Севортян üst лексемасын üs түбiр-негiзiнен жасалған туынды сөз ретiнде қарастыра отырып, «Более ранней формой үс является, по-видимому, үз, для которого ср. тур. диал. üz dermek «снимать сверху» (о посеве)...» деген ой айтады (ЭСТЯ I, 639). Орта ғасыр ескерткiштерi тiлiнде üzere, üct тұлғалары қатар қолданылады. Көне түркiлiк üze сөзiнiң «жоғарылау» мәнi қазiргi түркi тiлдерiндегi ер-тұрман жабдығы üzengi сөзiнде сақталған: қаз. üzengi; тат., башқ. özäņgi; ққалп. üzeņgj. Киiз үй жабдығы üzik «киiз үйдiң жоғарғы бөлiгiне, уыққа жабылатын киiз жамылғы» лексемасы құрамынан да üz моносиллабын ажыратуға болады. ҮII-IХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi деректерi жалпы түркi түбiрлерiнiң құрылымдық жүйесiнде дауысты, дауыссыздан тұратын тұлғалы моносиллабтардың кеңiнен қолданылатынын, олардың басым көпшiлiгi қазiргi қыпшақ тiлдерiнде өзгерiссiз сақталғанын көрсетiп отыр. Мағыналары мен тұлғалары ұқсас модельдерiнiң негiзiнде олардың тек дауыстыдан немесе жартылай созылыңқы дауыстыдан тұратын V моделiнен дамығанын аңғаруға болады.

Сандық көрсеткiшi аз болғанымен түркi тiлдерiндегi СV модельді моносиллабтардың бәрi дерлiк синкретизмдер қатарынан табылуы аталған құрылымның етiстiк, есiм сөз таптары қалыптасуының тарихи кезеңдерiнен мағлұмат беретiн көне белгiлер қатарына жататынын көрсетедi. Ескерткiштер тiлiндегi дербес қолданылатын СV тұлғалары негiзiнен етiстiк мәнiн сақтаған, жалпытүркiлiк континуумда олардың есiм мәнiн ажырату қиындық тудырмайды.

kü «молва, слух» КТү. 12, 25, 26; БҚ. 36; Тон. 32 (ДТД, 55): Tašra jorïjur tijin kü esidep ... «Шетте жүр деген хабар есiтiп ...» КТү. 12 (Айд. I, 173). ku моносиллабы М.Қашқари шығармасында да кездеседi (МҚ. III, 212). Көне түркi тiлi сөздiгiнде «оберегать, охранять» мағынасы тiркелген (ДТС, 322). Көне түркiлiк «хабар, дыбыс» лексемасы қазiргi қыпшақ тiлдерiнде дербес мағыналы сөз ретiнде кездеспейдi. Қазақ тiлiндегi kübir, küņkil сөздерiнiң мазмұны көне түркiлiк моносиллабының мазмұнына сәйкес келуiне қарағанда ортақ түбiр елiктеуiштен жасалуы мүмкiн.

«войско» КТү. 12, 28, 32; МЧ. I, 6; КЧ, 10, 20; БҚ. 25, 26 (ДТД, 66): birgerü tabγač tapa uluγ su eki jegirmi süņüšdim «Бергерi Табғашқа қарсы үлкен әскермен он екi (рет) соғыстым. КТү. 28 (Айд. I, 177). Орхон жазбаларында моносиллабы арқылы жасалған süle «соғысу, шайқасу», süņüš «соғыс» сөздерi де кездеседi. Ғ.Айдаров süņüš лексемасын қазақ тiлiндегi cüņgi сөзiмен байланыстыра отырып «сүңгiлес» деп аударады (Айд. I, 218).

СV тұлғалы моносиллабтардан С моделiн тарату түркi түбiрiнiң даму табиғатына қайшы келмейді. Жалпы түркi тiлдерiндегi өзара семантикалық байланысы анық байқалатын СVС тұлғалы моносиллабтардың алғашқы екi компонентi тұлғалас — тұрпаттас болып келуi де әрдайым кездейсоқ сәйкестік бола бермейді. Мұндай құбылыстарды VII-VIII ғасыр жазба ескерткiштерi тiлiндегi СVС тұлғалы моносиллабтардан да аңғаруға болады. Түркi тiлдерiндегi СV тұлғалы моносиллабтар құрамынан о бастан-ақ дауыссыз + дауысты дыбыстардың тiркесiнен тұратын тарихи түбiрлердi де СVС моделiнiң соңғы дауыссызының ықшамдалуы негiзiнде жасалған түбiр-негiздердi де кездестiремiз. Сондықтан СV моделі кейде үшiншi дәрежелi процесс болуы да мүмкiн: СV → СVС → СV. Тiл де адами құндылықтардың бiрi болғандықтан тiлдiк жүйедегi құбылыстар арасындағы қарама-қайшылықтың болуы табиғи заңдылық. Синхронды тұрғыдан алғанда жалпы тiлдiк жүйеге жүйелiлiк тән болғанымен, оның құрамы үнемi қозғалыста, бұл процесс прогрессивтi де регрессивтi де болуы ықтимал.

Қазiргi түркi тiлдерi моносиллабтар жүйесiнде саны жағынан басым СVС моделi көне түркi жазба ескерткiштерi тiлiнде де ең көп қолданылатын дербес лексемалар қатарына жатады, ендi бiр тобын туынды сөздер құрамынан кездестiремiз.



*jab→jabuz – jablaq «дурной, плохой» (ДТД, 42), БҚ. 32; Он. I, 7, КТү. 26: Ičire ašcïz, tašra tonsïz, jabïz, jablaq budunta üze olurtim «Iшi ассыз, сырты тонсыз, әлсiз, нашар халыққа отырдым» (Айд. I, 176) ~ қаз., ққалп. žawïz; қар. juυuz; тат. jaυïz; башқ. jawïz. Ескерткiштер тiлiнде қос сөз түрiнде де, жеке-дара да қолданылған jabuz, jablaq тұлғаларының түбiрлес екенiн байқауға болады. Көне түркi тiлi сөздiгiнде jaυuz сөзiнiң «жаман, әлсiз, бейшара», jaυlaq сөзiнiң «жаман, нашар, қаскөй» мағыналары көрсетiледi (ДТС, 222). Бiлге қаған жазбасында jabïr «әлсiрету, талқандау» (Сартқ. 196). Ортақ негiзi – *jab моносиллабы. Зерттеушiлер jaυuz, jablaq лексемаларын жалпы түркiлiк zaman/jaman сөзiмен байланыстырады (ЭСТЯ IҮ, 48). Қаз., ққалп. žaman; қар., қтат., құм., ноғ., тат., башқ. jaman. *jab≈jam моносиллабтарын генетикалық байланыста қарастыруға фонологиялық заңдылықтар да, семантикалық заңдылықтар да қайшы келмейдi. Қазақ тiлiндегi жабы «қазақ жылқысының қарабайыр тұқымы»: Жалы бар деп, жабыдан айғыр салма (мақал); Жабы болды «жүнi жығылды, жүнжiп кеттi» (ҚТТС. III, 482) сөзiнiң мазмұнынан да *jab моносиллабының семалық белгiлерi байқалады. *jab, jam моносиллабтарының жалпы мазмұны jaγ «жау» моносиллабының мазмұнына сәйкес келедi. Сондықтан jab/jaυ, jam моносиллабтарын да *ja тұлғасынан таратуға негiз бар.

*bal→balbal «ритуальный камень» (ДТС, 80) Е. 32; КТү. 16: Bašlaju qïrq az qaγanïγ balbal tiktim «Қырқ аз қағанынан бастатып балбал қойдым» КТү. 25 (Айд. I, 176) ~ қаз., ққалп., қырғ. balbal. Монғол тiлiнде bal balbalax тiркесiнiң «қаз тұру», «қаз-қаз басу» мағыналары тiркелген (МҚС, 63). Түркiлер дәстүрiндегi балбал тасты тiгiнен тұрғызып қою balbal сөзiнiң семантикалық уәжiне негiз болуы мүмкiн. Салыстырыңыз bala «бала».

*qob→qobrat «собирать» МЧ. I, 5; КТк. 10: qaγan olurïp, joq,, čuγaj budunïγ qop qobratdïm «Қаған болып, жоқ, жарлы халықты көп көтердiм (жинадым)» (Айд. I, 170). Қазiргi қыпшақ тiлдерi сөздiктерiнде qob моносиллабының «жинау» мәнi тiркелмеген. Салыстырыңыз: qora, qotan «мал түнейтiн орын»; qobïra «шашылу», qobïraγan «көп, қаптаған (адам)». *qo тұлғасының мазмұнынды оппозициялық қатынастағы «жинау» ↔ «шашу» мәндерi де де сақталған тәрiздi.

teņ «мера, количество, равенство» Е. 26 (ДТД, 72) ~ қаз., қырғ., құм. teņ; тат., башқ. tijņ. Жалпы алтай тiлдерiне ортақ teņ моносиллабының қазiргi түркi тiлдерi бойынша бiрнеше мағынасы тiркелген: «салмағы, көлемi бiрдей», «құрдас (жасы бiрдей)», «тектес (негiзi бiр)», «жұп», «келiн», «ұқсас», «салыстыру», «салмақ, көлем», «жас», «ыңғайлы уақыт», «тәртiп», «реттiлiк», «жүктiң жартысы» т.б. (ЭСТЯ III, 192-193). teņ лексемасының көрсетiлген мағыналарының бәрiне ортақ мазмұн «көлемi, салмағы, жасы, тегi т.б. қасиеттерi бiрдей». Қазақ тiлiндегi teņ «түйеге арту үшiн салмағын, көлемiн бiрдей етiп орап, байлаған жүк» зат есiмi көшпелi өмiр салтына байланысты өте ерте кезеңде қалыптасқан көне сөз: Тең теңiмен, тезек қабымен (мәтел). Сондықтан teņ сөзiнiң зат есiм мәнiнде жұмсалуын семантикалық субстантивтену құбылысы ретiнде қарастыруға келмейдi. Жалпы түркiлiк моносиллабтарға тән полисемантикалық қабiлеттi teņ лексемасының табиғатынан да байқауға болады. teņ моносиллабының түпкi мазмұнында заттық, сындық, iс-әрекеттiк семалардың бәрi болуы мүмкiн. Хакас тiлiнде töj тұлғасының қолданылуы «байлау» мағынасын беретiн tüj, taņ (жараны таңу) моносиллабтарымен қатысын тереңiрек қарастыруды қажет етедi..

šeg «падаль» (ДТД, 82), Тон. 8: Biz šeg ertimiz «Бiз өлiмшi едiк» (Айд. II, 105). «Өлексе, өлiмтiк» мәнiн беретiн көне түркiлiк šeg моносиллабының сұлбасы қазақ тiлiндегi жас нәрестелерге, өте кәрi адамдарға қатысты қолданылатын šetinew «қайтыс болу» етiстiгiнен байқалады. šeg≈*šet(ine) моносиллабтарының мазмұндық сәйкестiктерi арқылы ортақ негiзi *še тұлғасы екенiн аңғарамыз. Салыстырыңыз: set →setine.

ҮII-IХ ғасыр түркiлерi тiлiнде дербес лексемалық сападағы немесе дисиллабтар мен полисиллабтар құрамынан айқын ажыратылатын СVС тұлғалы моносиллабтардың ауқымдылығы жалпытүркiлiк моносиллабтар жүйесiндегi архимодельдi анықтаудың критериi бола алмайды. Өз дәуiрiнде бейнелi де көркем тiл болған көне түркiлер тiлiнiң базистiк лексикасы қазiргi тiлдердегi бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздерден айрықша ерекшеленбейдi. Көк түркiлер дәуiрiне дейiн де бiрнеше тарихи кезеңдердi басынан өткiзген жалпы түркiлiк лингво-эволюция барысында моносиллабтар жүйесi де кезең-кезеңiмен даму жолынан өткенi белгiлi. Ескерткiштер тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi СVС құрамды моносиллабтарды морфемдiк-компоненттiк және танымдық-логикалық-семантикалық талдау барысында Орхон, Енисей және Талас ескерткiштерi тiлiндегi СVС тұлғалы модельдердiң бәрi бiрдей архитұлға бола алмайтынына, олардың тең жартысы тiлдiң тарихи дамуына байланысты СV моделi негiзiнде дамып-жетiлгенiне көз жеткiзу қиын емес. Жасырын синкретизм құбылысын көрсететiн гомогендi корреляттар құрамында СVС модельдi тұлғалардың жиі кездесуі де кездейсоқ құбылыс емес. CVC модельдi гомогендi параллельдердiң ауслаут корреляттар арқылы семантикалық жiктелiске ұшырауы моносиллаб құрамындағы CV компонентiнiң интеграциялаушы мазмұнды, ал соңғы консонант дифференциациялаушы мазмұнды иеленуiне байланысты қалыптасуы мүмкiн.


Түркi тiлдерiнде VСС модельді дербес түбiр-негiздердiң сандық көрсеткiшi тым аз екенi белгiлi. Қазiргi қазақ тiлi бойынша VСС модельдi 19 дербес лексема тiркелсе [25,63-64], А.М.Щербак реконструкциялаған жалпы түркiлiк бiр буынды сөздер тiзiмiнен 6 сөздi ғана кездестiреміз [24,193-198].

*alk «ослабевать, уменшаться» (ДТД, 59); alq→alqïn КТк. 9; Тон. 3: türk budun ölti, alqïndï, joq boltï «Түркi халқы қырылды, алқынды, жоқ болды» (Айд. II, 104) ~ қаз., ққалп. alqïn; қырғ. alkïn. Қазақ тiлiндегi alqïn етiстiгiнiң «ентiгу», «әлсiреу, шаршау» мағыналары арқылы *alq моносиллабының негiзiнде елiктеуiштiк мазмұн жатқанын аңғаруға болады. Alqïm «тамақ, мойын», alqa «мойынға тағылатын әшекей» сөздерiнің негізі де *alq моносиллабы.

elt «тянуть, вести, уводить» (Лев. 40) КТү. 23: jarаqlïγ qantan kelip jana eltdi «Жарақты қайдан келiп айдап кеттi» (Айд. I, 176) ~ ескi қыпшақ тiлiнде еlt (Құрыш. 111); ққалп., қар., құм. еlt; тат., башқ. ijlt. Э.В.Севортян elt лексемасын el «әкелу», «апару (алып бару)», «жеткiзу» түбiр етiстiгi мен бұйрық райдың қосымшасы -t арқылы жасалған екiншi дәрежелi етiстiк ретiнде таниды (ЭСТЯ I, 269). elt лексемасын el→elig «қол» сөзiнiң құрамындағы *el моносиллабының семантикалық, тұлғалық парадигмасының аясында қарастыруға мүмкiндiк бар. Бiрақ «қолмен ұстап әкелу, апару» мәнiн беретiн еl/аl түбiрiмен «iлестiрiп әкету, апару» мәнiн беретiн елт лексемасын байланыстыру логикалық қисынға қайшы, екi тұлғаға ортақ семантикалық уәж жеткiлiксiз. Ә.Құрышжанов күнелту сөзiнiң құрамындағы -еlt тұлғасын ХIII ғасырдан жеткен қыпшақ ескерткiштерi тiлiндегi еlt етiстiгiнiң қазiргi қазақ тiлiндегi көрiнiсi ретiнде көрсетедi (Құрыш. 111). Қазақ тiлiндегi el/elt → eltiw, eligiw, eliktew сөздерiнiң жалпы мазмұнында «iлесу, iлестiрiп әкету» мағыналарын аңғарамыз. Салыстырыңыз: er→ ert iлестiру». Көне түркi әлiпбиiнде рт, нч, нт, лт тiркестерiнiң бiр таңбамен ғана белгiленуi VСС тұлғалы моносиллабтардың көне түркi тiлiне етене жақын екенiн бiлдiредi. Ал жалпы түркi түбiрлерiнiң тарихи эволюциясы тұрғысынан қарағанда VСС моделi түркiлiк тектiл кезеңдерiнде қалыптаса бастаған екiншi дәрежелi моносиллабтар болуы мүмкiн.

Жалпы түркi тiлдерi бойынша СVСС модельді моносиллабтар да бiршама аз кездесетiн тiлдiк модельдер қатарына жатады. Жалпы түркi тiлдерiне ортақ көне тұлғалар қатарында 11 СVСС модельдi моносиллаб тiркелсе [24,193-198], қазақ тiлi бойынша, кiрме сөздердi қоса есептегенде, 190-195 сөзден аспайды, олардың басым бөлiгi елiктеуiш негiздер [18,64].



bars «барс» (ДТД, 34) Е. 11: jäti böri ölürdim barsïγ kökmäkid ölürmädim «Я убил семь волков. Я не убивал барсов ланей» (Аманж. 121) ~ қаз., ққалп. barïs; қар., құм., қырғ., тат. bars. Жалпы түркiлiк bars сөзiн кiрме элемент ретiнде қарастырушы пiкiрлер де бар. Э.В.Севортян bars сөзiн түркi тiлдерiнiң ең көне лексикалық қабатына жатқызады (ЭСТЯ II, 69). Түркi тiлдерiнде зоонимдер мен орнитонимдердiң бiраз бөлiгi елiктеуiштерден жасалғаны белгiлi: arïstan, qabïlan, kökek, tïrna, qarγa т.б. Қатты дыбысқа байланысты қолданылатын bars (барс-барс) елiктеуiшi мен barïs зоонимiнiң мазмұнындағы сәйкестiк те кездейсоқ құбылыс болмауы мүмкiн. Елiктеуiштер мен бейнелеуiштер арқылы жасалып, атау сөздерге айналған лексемалар жайлы К.Ш.Хусайын «Название, имеющее звукосимволическое или звукоподражательное происхождение, со временем теряет свою природную связь и приобретает конвенциональности, знаковости» [25,166] деген ойлары арқылы сөз дамуындағы тұлға мен мазмұнның табиғи байланысының iздерi сақталатынын көрсетедi. СVС тұлғалы елiктеуiштерге дауыссыз дыбыстардан тұратын грамматикалық индикаторлардың немесе модификаторлардың жалғануы сөз мағынасын нақтылай түсетiндiктен [18,175] қатты шыққан дыбыстың жалпылама мазмұнын бiлдiретiн bar (бар-бар, негiзiнен адам дауысына қатысты) елiктеуiшiне -*s модификаторы жалғануы арқылы кенеттен шыққан қатты дыбысты (негiзiнен иттiң, жыртқыш аңдардың дауысына қатысты) бiлдiретiн сөзге айналғанын аңғаруға болады.

jurt «земля, страна, родина» (ДТД, 45) КТү. 49; Тон. 19: Usun bunta atlï jurtda üguzke qalur erti «Үйсiн мұнда атты жұртта жатып қалып едi» (Айд. II, 107) ~ қаз. žurt; қырғ., ққалп. žuwrt; ноғ. jurt; башқ. jort; тат. jort/jïrt. Түркi тiлдерi бойынша jurt лексемасының «Отан, туған жер», «елдi мекен», «халық», «мал жаятын орын», «киiз үй», «көшкен ауылдың, үйдiң орны» мағыналары белгiлi. Э.В.Севортян jurt сөзiн jur «жүру» және етiстiктен есiм сөз тудыратын -t аффиксi арқылы жасалуы мүмкiн деген пiкiр айтады (ЭСТЯ IҮ, 255). Ескерткiштер тiлiнде jorï «идти, ходить, передвигаться» етiстiгi де қолданылады: КТк. 4: Bunča jirke jorïtdïm «Сонша жерге жүргiздiм» (Айд. I, 169) ~ қаз., ққалп. žort; тат., башқ. jurt; ноғ. jort. Қыпшақ тiлдерiндегi тарихи негiз jurt/žurt моносиллабының мағынасын «көшпелi халық», «көшпелi халықтың мекенi (ауылы)» ұғымдары арқылы анықтауға болады. Жорға, жортуыл, жорғала сөздерiнiң құрамынан да *zor моделi ажыратылады. Jurt лексемасы тұлғалық жағынан да, мазмұндық жағынан да бiрнеше даму сатысынан өткен алтай тiлдер тобына ортақ көне лексема, салыстырыңыз: жүр, жүгiр, жүйрiк, жылжы, жылдам, т.б.

Көне түркi тiлiндегi СVСС модельдi моносиллабтардың құрылымдық, мазмұндық табиғаты олардың тарихи негiздерден тұратынын жоққа шығармайды. Жалпы агглютинативтi түркi тiлдерi ғана емес барлық адамзат тiлiнiң қалыптасу, даму эволюциясы өте қарапайым (шағын) тұлғалар мен полисемантикалық жалпылама мазмұнға негiзделетiнi жайлы гипотезалық тұжырымдар мен пiкiрлер көптен берi айтылып жүрген мәселе. Тiлдiк деректер арқылы дәйектелген, ғылыми-теориялық тұжырымдар да бар. Осы тұрғыдан алғанда СVСС моделiн кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруға мүмкiндiк бар. Мыңдаған жылдарды қамтитын түркi тiлдерi дамуындағы көне түркiлiк кезеңнiң сипатын көрсететiн ҮII-IХ ғғ. ескерткiштерi тiлi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi түбiрлес моносиллабтардың тұлғалық парадигмасы мен семантикалық деривациясы негiзiнде бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң даму бағытын дербес фонемалардың сұлбасы анықталғаннан кейiнгi кезеңдерден бастап былай шамалауға болады:

СVС VС

V VС СV СVС СVСС

VСС СV

Бұл жерде есте ұстайтын мәселе, бiрiншiден, белгiлi бiр сөзжасамдық қабiлетi бар фоно-модификаторларды жетiлген агглютинативтiк кезеңдегi түбiрлерден айқын ажыратылатын сөзжасамдық аффикстермен бiрдей деңгейде қойып, қызметi айқын грамматикалық көрсеткiш ретiнде қарастыруға келмейдi, екiншiден лингвоэволюцияның iшкi заңдылықтары мен сыртқы ықпалдарға орай керi процестердiң орын алуы СVС, СVСС, VСС модельдi құрылымдардың қайтадан ықшамдалуына алып келедi. Түркi түбiрлерiнiң V, VС, СV, СVС, VСС, СVСС модельдерi түркiлiк тектiл (протоязык) дәуiрiнде-ақ қолданыста болған құбылыстар. Тектiлдiк дәуiрге дейiн де тiлдiң өмiр сүргенiн, бiзге белгiлi тiлдiк құрылымның флективтi, полисинтетикалық, агглютинативтi кезеңдерiне дейiн де белгiлi бiр идея-мазмұн жүктеген тiлдiк бiрлiктердiң тұлғалық қалыптасуы дыбыс дыбыс тiркесi дыбыс тiркестерi дыбыс тiркесi дыбыс процесiнен өткенiн жоққа шығаруға болмайды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет