Жұмыстың жалпы сипаттамасы Зерттеудің өзектiлiгi


«Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар»



бет3/5
Дата15.09.2017
өлшемі1,24 Mb.
#33116
1   2   3   4   5

«Моносиллабтар құрамындағы дауыссыз фоно-корреляттар» деп аталатын IҮ тарау бір буынды түбір-негіздер құрамындағы дауыссыз дыбыстар сәйкестілігінің толық кешенін анықтап, ескерткіштер тіліндегі қыпшақтық белгілерді ажыратуға, дауыссыз фоно-корелляттар негізінде моносиллабтардың даму бағытын нақтылай түсуге арналған.

Көне түркілік консанантизмдердің өзгерістері мен сақталу деңгейі барлық түркі тілдерінде де абсолютті емес, яғни көне түркілік интеграциялаушы белгілер де, дифференциациялаушы белгiлер де қазіргі тілдердің бәріне тән. Қыпшақ тобындағы тілдерде де көне түркілік дауыссыздардың түрліше қалыптасуы аталмыш тілдердің дыбыстық ерекшеліктері мен даму жолын ғана көрсетіп қана қоймайды, сол тілдерде сөйлеуші халықтардың ұлт болып ұюына негіз болған этногенездік процестерден де хабар береді.

Баба түркi тiлдерi дамуының алғашқы кезеңiндегi консонантизмдер жүйесi жайлы негiзгi үш түрлi ғылыми болжам белгілі: 1. Баба түркi тiлiнде қатаң дауыссыздар да, ұяң дауыссыздар да анлаут позицияда қолданылды. Бұл бағытты қолдаушылар қазiргi түркi тiлдерiндегi таза түркiлiк бiр буынды сөздердiң басындағы консонанттардың қатаң-ұяң оппозициясы негiзiнде *k – *g (j, γ, x рефлекстерi бар), d – t фонемаларын ажыратады; 2. Түркiлiк баба тiлде 1) бiр ғана ұяң b дыбысы, 2) b, d, g дыбыстары, 3) g, k, t, b, s дыбыстары қолданыста болған; 3. Түркiлiк баба тiлде бiрде-бiр ұяң дауыссыз қолданылмаған [СИГТЯ, 172].

Қалыптасқан графикалық жүйе болып табылатын Орхон-Енисей әліпбиінде 31 әріп 16 дауыссыз фонемалар мен фонема варианттарын белгілейді. Олардың ішінде 5 фонема (z, m, ņ, p, č) бірнеше нұсқалары бар дербес таңбаларды иеленсе, 11 фонема (b, γ-g, d, j, q-k, l, n, r, s, t, š) жуан, жіңішкелігіне қарай әрқайсысы полифонды екі вариантты таңбалармен белгіленеді. Бұған қосымша дауыссыз дыбыстардың тіркестерін белгілейтін 4 таңба қолданылады. rt, lt тіркестері монофонды таңбалармен берiлсе, nt, nč тіркестері полифонды таңбалармен белгіленеді. А.С.Аманжолов соңғы көрсетілген фонемалардың таңбалары Орхон, Енисей жазбаларында кей жағдайда жуан, жіңішке фонемаларды талғамай қолданыла беретінін, ал Талас ескерткіштерінде жуан, жіңішке вариантты фонемалардың таңбаларынан бейтараптану құбылысы тек біршама жiңiшке s дыбысына қатысты ғана байқалатынын, басқаларының дыбыс ажыратқыш сипаты қатаң сақталатынын ескертеді (Аманж., 51). Көне түркі жазбаларында жұп дауыссыздардың ажыратылып көрсетілуі аллофондардың фонемалану процесі ерте кездерден-ақ басталып, ұзақ даму жолынан өткенін білдіреді.

Көне түркі әліпбиіндегі дауыссыздардың жуан-жіңішке айтылуына байланысты графикалық таңбаларының түрліше қолданылуы әрбір дыбысты жеке фонема ретінде қарастыруға мүмкіндік береді және көне түркі тілін қазіргі түркі тілдерімен салыстыра қарастыруда, олардың фонетикалық жүйесіндегі, лексикалық құрамы мен морфологиялық құрылымындағы айырмашылықтарды анықтауда біршама нақтылыққа қол жеткізеді. ҮII-IХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi қолданыста жоқ өлi тiл болғандықтан оның фонологиялық жүйесiнiң акустикалық, артикуляциялық сапасының жалпы сипаты түркi тiлдерiнiң басты ерекшелiгi үндестiк заңы негiзiнде жуан-жiңiшке, қатаң-ұяң оппозициялары бойынша айқын ажыратылғанымен, дыбыстардың айтылу рефлексiндегi ерекшелiктердi тап басып анықтау мүмкiн емес. Тiл дыбыстарының фонемалық сипаты айқын белгiлi болған жағдайда олардың жекелеген туыс тiлдердегi айтылу рефлексiнiң кейбiр ерекшелiктерi сөз мағынасына дефинициялық реңк беру қабiлетiне де ие бола алатыны фонологияда белгiлi құбылыс. Көне түркi жазба ескерткiштерi фонологиялық жүйесiндегi мұндай нәзiк құбылыстар бiзге беймәлiм болғандықтан көне түркiлiк дауыссыздар жүйесi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi дауыссыздардың гомогендi моносиллабтар құрамында айқын көрiнiс берген, фонетикалық заңдылықтарға тәуелсiз еркiн алмасуының фоно-морфо-семантикалық табиғатына сүйенемiз. Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері тілі мен қыпшақ тілдерінде моносиллабтар құрамында бiрнеше дауыссыз фоно-корреляттар кездеседі.

Анлаут жағдайдағы j дыбысының қалыптасу, даму жолы түркі тілдері тарихи фонологиясындағы шешімі табылмаған мәселе. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталған пікірталастар нәтижесінде аталған дыбыстың жалпытүркілік баба тілдің фонологиялық жүйесіндегі алғашқы немесе кейінгі құбылыс екені, сәйкестіктер тізбегіндегі тарихи орны жайлы бірнеше көзқарастарды қамтитын екі түрлі бағыт қалыптасты. Анлаут j дыбысының көне, түркi, орта ғасыр түркiлерi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi қолданыс аясы аталған фонеманың түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiнен түркiлiк баба тiл кезеңiнде-ақ орын алғанын толық қуаттағанымен анлаут ž-ны кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруды негiздей алмайды. ХI ғасыр мұрасы М.Қашқари сөздiгiнде қыпшақ, оғаздардың сөз басында ž дыбысын да қолданылғаны жайлы дерек сақталуы (МҚ. II, 364-389), ҮIII-ХII ғасырлардағы Волга бұлғарларының тiлiнде анлаут ž-ның қолданылуы [13,47-49] қыпшақтық анлаут ž-ны ХIII-ХIҮ ғасырлардың жемiсi ретiнде қарастырудың ұшқарылығын көрсетедi. А.Н.Бернштамның «Языком Западнотюркского каганата стала одна из жекающих наречий, которое с течением времени подчинило себе все остальные иокающее» [28,465-466] деген ойы YII-IX ғасыр түркілері тілінде j, ž дыбыстарының қолданылу мүмкіндігін корсетеді. Көне түркi әлiпбиi дауыстылар жүйесiнде о, u; ö, ü; ï, i(е), а, е жұптарын бiр таңбамен белгiлеу дәстүрi болғаны да белгiлi. Мұндай дәстүр көне түркi диалектiлерiнде фонологиялық мән жүктемей өзара алмаса беретiн дыбыс сәйкестiктерi көрiнiс беретiн бiр сөздiң варианттарын қамту мақсатында қолданылуы мүмкiн, j дыбысының жартылай дауыстылық сапасы да оны таңбалауда дауыстыларды таңбалау дәстүрiн пайдалануға себеп болуы ықтимал.



j фонемасының тарихи даму жолы жайлы бұрын-соңды айтылған теориялық тұжырымдар мен гипотезалардың, дәйектемелердің барлығына дерлік талдау жасаған Б.Сағындықұлы түркі тілдері фонетикалық жүйесінің даму заңдылықтарына, тарихи үрдістеріне, артикуляциялық, акустикалық ерекшеліктеріне, тілдік деректерге сүйене отырып, j фонемасының эволюциялық қалыптасуын Т [с/ш] күрделі аффрикатынан таратып, тш ≈ тс ≈ тй ≈ дй ≈ дж ≈ дз ≈ т‘с‘≈ д‘з‘ ≈ т ≈ д ≈ с ≈ з ≈ ш ≈ ж ≈ й ≈ һ ≈ х ≈ қ ≈ к ≈ ғ ≈ г ≈ с‘ ≈ з‘ ≈ т‘ ≈ д‘ ≈ о дыбыстар сәйкестігі тізбегінің аясында қарастырады [21,18].

j ≈ ž. Көне түркілік анлаут j-дің қыпшақ тілдеріндегі өзгерістері негізінен j ≈ ž сәйкестігінен көрінетiнi белгiлi. Қыпшақ-ноғай топшасының басты белгісі болып табылатын ž-мен сөйлеу дәстүрі қазақ, қарақалпақ тілдерін қамтыған: Күлтегін ескерткішінде jat «жат», jaz «жаз», jol «жол», joq «жоқ» (Айд. І, 211-213) ~ қаз., ққалп. тілдерінде žat, žol, žaz, žoq. Ал осы топшаға кіретін ноғай тілінде j тұлғасы сақталған: jat «лежать», jaz «лето», jol «путь, дорога», jok «нет» (РНС, 280, 283, 455, 353). Қыпшақ-половец топшасындағы тілдерде ž-мен сөйлеу балқар тілінде кеңірек белең алған: žol «дорога», žut «глотай», zaj «лето», т.б. Аталған құбылыс қыпшақ-бұлғар топшасында да ішінара кездеседі: тат. тілінде žijņgä «невестка», žijmeš «фрукт», žijl «ветер», т.б. Көне түркiлiк анлаут j дыбысының қазiргi қыпшақ тiлдерiнде ž дыбысына өзгеруiн жалпы қыпшақтық белгi ретiнде қарастыруға келмейтiнiн тiлдiк деректер көрсетiп отыр. Анлаут j ž сәйкестiгi қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң бiр бөлiгiн ғана қамтуы, ескi қыпшақ тiлiнiң iшiнде j-тiлдi, ž-тiлдi тайпалардың да болғаны жайлы деректердi нақтылай түседi. Анлаут j ž сәйкестiгiнiң сөз мағынасына ықпал етпей өзгеруi олардың фонологиялық референттер екенiн көрсетумен қатар, көне түркi тiлiнде анлаут ž-ның қолданыста болу мүмкiндiгiн де кеңейте түседi. j ≈ ø. Қыпшақ тілдерінде жиі кездесетін фонетикалық заңдылықтың бірі көнетүркілік j дыбысының е дауыстысының алдында түсіп қалуы, бірақ е дыбысы біршама созылыңқы айтылады: башқ. ēl «ветер», ēm «корм», ēņ «рукава», (БРРБУС, 23, 24). Әдетте анлаут j-дiң қазiргi тiлдерде түсiп қалуы j-дiң протезалық қасиетiне байланысты тым қарапайым заңдылық ретiнде түсiндiрiледi. Кейбiр тiлдiк деректер анлаут j фонемасының нөльдiк тұлғаға айналуы тек фонетикалық құбылыс емес, тiл дамуында өзiндiк орны, белгiлi бiр функционалды-идеялық мәнi бар заңдылықтардың iзiн сақтағанын да аңғартады. Түркi тiлдерiндегi «үй» мағынасын беретiн ög ≈ og ≈ ug ≈ üg ≈ oj ≈ öj ≈ uj ≈ üj ≈ ub ≈ üb ≈ eb т.б. тұлғалы моносиллабтар кешенi жалпы түркiлiк ük/üg «собирать, складывать в кучу» етiстiгiмен байланысын қарастырылады. (ЭСТЯ IҮ, 515). üj «үй» сөзiмен üj «үю» етiстiгiнiң генетикалық сабақтастығы түркiтануда толық қабылданған көзқарас емес, қарсы пiкiрлер де бар. üg етiстiгiнiң jïγ «собирать» (ДТС, 265), juk «груз, тяжесть» (ДТС, 285) лексемаларымен төркiндес екенiн тұлғасы да мазмұны да айқындап тұр. Ескерткiштер тiлiнде jïγ/juγ «волить, складывать, собирать» (ДТД, 46): Keligme beglerin budunun ilin jïγïр «Келген бектерiн, халқын жиып жатқанда» Тон. 43 (Айд. II, 142) етiстiгi де, juk «вьюк» (ДТД, 46) сөзi де қолданыста. Қазiргi қыпшақ тiлдерiнде көне түркiлiк jük моносиллабы ортақ мазмұнды сақтай отырып j ≈ ž сәйкестiгiн түзiп те, j дыбысы түсiп қалып та қолданылады; қаз., ққалп., қырғ., қ.балқ. žük, тат., ноғ., башқ. jük, қар. jik «грузь»; қаз., ққалп. üj, тат., башқ. öj «складывать, сваливать». Қазақ тiлiнде анлаут ž-ны сақтаған тұлға жүк → жүктi, жүкте, жүктеме т.б. сөздерi арқылы берiлсе, ž(j)-дiң түсiп қалуы арқылы қалыптасқан тұлға үй → үйме, үйiндi т.б. сөздерiн белгiлейдi, үйме – жүйме қос сөзi екi тұлғаны да сақтап тұр. Қазақ тiлiндегi üj ≈ zïj корреляттары бойынша ž, ü дыбыстары iс-әрекеттiң сапасын нақтылаушы қызмет атқаратынын аңғарамыз, үй «затты т.б. қалай болса солай үю, жинау», жи → жый «белгiлi бiр реттiлiктi сақтап жинау», жүк лексемасының қазақ танымындағы алғашқы мәнi де «түйеге арту үшiн реттелiп, жиналған зат».

Көне түркі ескерткіштері тіліндегі бір буынды түбірлер мен түбір-негіздер соңындағы j дауыссызы қазіргі қыпшақ тілдерінде негізінен сақталған, мысалы: қаз., ққалп. тілдерінде aj, baj, qïj(ïn), uj(a), башқ. тілінде – aj «луна, месяц», baj «богатый», qïj(ïn) «трудность», oj(a) «гнездо» (БРРБУС, 9, 13, 43, 107); құм. тілінде aj «луна», baj «богатый», uj(a) «гнездо», qïj(ïn) «трудный» (РКС, 154, 385, 1030, 153); ноғ. тілінде aj «луна», «говорить», baj «богатый», uj(a) «гнездо» (РНС, 289, 131); тат. тілінде aj «луна», äj(tiw) «говорить», boj «богатый», oja «гнездо» (ТРС, 27, 52, 417). Енисей ескерткіштерінде жиі ұшырасатын «увы, ох» мәніндегі ïj сөзі қазақ тiлiнде өкінішті, ауырсынуды білдіретін ïj/іj одағайы, «тек, ру» мағынасындағы uj(äl) моносиллабы üj(elmen) «отбасы» сөзiнде сақталған. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi моносиллабтар соңындағы j дыбысының қазiргi қыпшақ тiлдерiнде толық сақталуы аталған тiлдердiң тарихи-генетикалық сабақтастығын тереңдете түседi.



Түркi тiлдерi консонантизмдер жүйесi дамуындағы ең көне фонемалар қатарында аталатын қатаң р дыбысы Орхон-Енисей, Талас ескерткіштерінде негізінен моносиллабтар соңында ғана кездеседі. Сөз басында қолданылуы өте сирек, екi-үш сөздi ғана қамтиды. p ≈ υ. Этноним ap(ar) қазiргi қыпшақ тiлдерiнде υ тұлғасымен қалыптасқан: tüpüt, apar, nurum ... bunča budun kelipen «... авар, үрiм сонша халық келiп» КТү. 4 (Айд. I, 172) ~ қаз., ққалп., ноғ., тат. т.б. aυar. Авар этносының түркiлiк тегi жайлы пiкiрлер айтылып жүргендiктен apar этнонимiнiң де түркi лексикасына қатысы болуы мүмкiн. р ≈ b сәйкестiгi tüpüt онимiнен көрiнедi: қаз, ққалп., ноғ., тат., т.б. tijbet. Кiрме сөздер құрамындағы р b, рυ сәйкестiктерi жалпы түркiлiк сөйлеу дәстүрiне байланысты қалыптасқан ерекшелiктер. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi таза түркiлiк моносиллаб құрамындағы ауслаут р қазiргi қыпшақ тiлдерiнде қатаңдық сапасын толық сақтағанмен ескерткiштер тiлiнiң өз iшiнде ауслаут р, b тұлғалы түбiрлес моносиллабтар қатар қолданылады: qab «хватать», qab «мешок», qab(ïs) «присоединять», qab(ïs) «воевать» (ДТД, 49, 120) ~ qap(ïγ)/qap(ïγ) «ворота», qap(ar) «ворота» (ДТД, 50, 51). Бұл құбылыс қазiргi түркi тiлдерiнде морфема жiгiндегi қатаң р дыбысының өзгерiстерiнен кеңiнен орын алған.

Көне түркі тiлiнде анлаут b дыбысы жиі қолданылатын фонемалар қатарына жатады. Дыбыстық тiлдiң генезисi тұрғысынан, алғашқы түркiлердiң акустикалық-артикуляциялық мүмкiндiгi аясында қарастырғанда қатаң дауыссыздардың алғашқылығы жайлы гипотезалардың негiздi болуы да мүмкiн. Ал түркiлiк баба тiлмен (пратюркский) тiкелей хронологиялық жалғастықта қалыптасқан көне түркi тiлiнде анлаут b-ның айқын сақталуы (бұл жөнiнде ешқандай пiкiр қайшылығы жоқ) түркiлiк баба тiл дәуiрiнде-ақ анлаут b-ның белгiлерi болғанын аңғартады. Себебi өзара жалғасып жатқан хронологиялық кезеңдердi қамтитын бiр тiлдiң даму үрдiсiнде сабақтастықтың сақталмауы мүмкiн емес. Орта ғасыр түркi ескерткiштерi тiлiнде де анлаут b-ның қолданылғанын тiлдiк деректер толық қуаттайды. Сондықтан теориялық тұрғыдан билабиаль b дыбысының қатаң p фонемасынан қалыптасу мүмкiндiгiн қолдай отырып, анлаут b-ның түркi тiлдерi дамуының ерте кездерiнде p дыбысымен қатар қолданыста болғаны жайлы көзқарастардың негiздiлiгiн көрсеткiмiз келедi. b ≈ m. ben ≈ men «я» (ДТД, 33): Bilig esi čab esi ben körtim «Бiлiк иесi, сөз иесi (деп )менi көрдi» Тон., 7 (Айд. II, 105) ~ қаз., ққалп., қар, құм., қбал., ноғ. men, тат., башқ. mijn. Ескерткiштер тiлiнде анлаут b ≈ m сәйкестiгiнiң қолданылуы аталған сәйкестiктi көне түркi және қыпшақ тiлдерiндегi ерекше дифференциал белгi ретiнде қарастыруға келмейдi, мысалы Орхон, Енисей ескерткiштерiнде кеңiнен қолданылған beņgü/beņkü «мәңгi» сөзiнiң meņkü Е. 39 (ДТД, 60) тұлғасы Енисей ескерткіштерінен тiркелсе, Тониқук ескерткiшiндегi ben «мен» сөзi Бiлгеқаған, Мойун-Чур, Күлтегiн және Енисей ескерткiштерiнiң кейбiрiнде men (ДТД, 60) түрiнде тұлғаланған. Бiр өңiрде орналасқан ескерткiштер тiлiнде анлаут m, b дыбыстарының фонологиялық мән жүктемей араласа қолданылуы, көне түркiлердiң сөйлеу тiлiнде де m-мен сөйлеу дәстүрi де b-мен сөйлеу дәстүрi де болғанын көрсетедi. Көне түркi әлiпбиiндегi b дыбысының тiгiнен орналасқан таңбасы m дыбысын белгiлейтiн көлденеңiнен орналасқан таңбаларына сәйкес келуi көк түркiлер тiлiндегi осы ерекшелiктi меңзеуi де мүмкiн. Ауслаут b қазiргi қыпшақ тiлдерiнде бiршама өзгерiстерге түседi. b ≈ w. aυ ~ aw «охота» (ДТД, 32): Ab ablasar erim eli tegirti «Аң ауласа ерлердiң елi белсенiп шығар едi» КЧ., 9 (Сартқ. 232) ~ қаз., башқ., тат., ққалп. aw. Бұл құбылыс қыпшақ тiлдерiн толық қамтымаған, мәселен, қыпшақ-ноғай топшасындағы ноғ. тiлiнде υ тұлғасымен сақталған. aυ(laυ) «ловля», aυ(as) «охота» (РНС, 287, 403). Қыпшақ-половец топшасында да осы тұлға қолданылады: қар. ; құм. аυ(ču) «охотник» (РКумС, 382). b ≈ υ. қазiргi түркi тiлдерiнде комбинаторлық өзгерiстерге жататын әдеттегi құбылыс ретінде қарастырылғанымен түркi тiлдерi дамуындағы w ≈ p ≈ b ≈ υ сәйкестiгiнiң аясына кіретін тарихи өзгеріс. b ≈ j. ob(ut) ≈ uj(at) «стыд»: Arïγ obutï jig tidi «Таза ұят игi дедi» Тон. 37 (Айд. II, 111) ~ қаз., ққалп., ноғ. uj(at), тат., башқ. oj(at). Ауслаут b ≈ j сәйкестiгi түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiндегi шешiмi табылмаған күрделi құбылыстар қатарына жатады [СИГТЯ,184].

Фонологиялық еңбектерде m дыбысы p/b дыбыстарымен сабақтастыра қарастырылады. Б.Сағындықұлы m дыбысы тiкелей b, p дыбыстарынан емес, аралық n дыбысы арқылы қалыптасқанын көрсетедi [28,50]. Ғалым пiкiрi моносиллабтар соңындағы немесе морфема жiгiндегi құбылыстарға негiзделген, мысалы: сен+бе → сембе. Ал анлаут жағдайдағы b ≈ m сәйкестiгiнде жанама ықпал байқалмайды. Моносиллабтық деңгейдегi анлаут m дыбысының қалыптасуы мен ауслаут m фонемасының қалыптасуында өзiндiк тарихи ерекшелiктерi бар екенi аңғарылады. Ескерткіштер тіліндегі моносиллабтар құрамында анлаут m сирек кездессе, ауслаут m дыбысы бiршама жиi қолданылады. m ≈ b. men ≈ ben, min ≈ bin, mïņ ≈ bïņ, т.б. Көне тiлге де қазiргi тiлдерге де ортақ бұл құбылыс негiзiнен анлаут жағдайда кездесетiнiн жоғарыда атап кеттiк (қараңыз: b дыбысының өзгерiстерi). m ≈ ņ.Дауыссыз m дыбысының ņ фонемасына өзгеруi моносиллаб соңында бiр сөзде ғана кездеседi, басқа сөздерде m сақталған. tam(γa) ≈ taņ(ba) «тамга, клеймо» (ДТД, 70): türgis qaγanta Maqrač tamγačï, Oγuz Bilge tamγačï kelti «Түргеш қағаннан Мақраш таңбашы, оғыз Бiлге таңбашы келдi» КТү. 53 (Айд. I, 182) ~ қаз. taņ(ba). Ауслаут позициядағы m ≈ ņ сәйкестiгi қыпшақ тiлдерiн толық қамтыған құбылыс емес, ноғ., ққалп. tam(γa).

Тiл алды n сонанты жалпы түркi тiлдерi бойынша сөз басында сирек қолданылатын фонема. Ескерткiштер тiлiндегi n дыбысының қатты айтылатын (ne «не?», neke? «не үшiн») және жұмсақ айтылатын (qanï «қайда», jana «және», altun «алтын») түрлерi ажыратылады [СИГТЯ,322-21]. Дауыссыздардың ауслаут жағдайда екпiндi, екпiнсiз айтылуы экспрессивтiк реңкке байланысты өзгере беретiнi барлық тiлдерге тән құбылыс болғандықтан бiр фонеманы екiге жiктеудiң ретi жоқ сияқты. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi анлаут n қазiргi қыпшақ тiлдерiнде өзгерiссiз сақталған. Ауслаут жағдайда ņ дыбысына ауысуы байқалады. n ≈ ņ. jan ≈ jeņ/žеņ «побеждать» (ДТД, 42): Anï janïp, Türgi jarγun költe buzdimïz «Оны жеңiп, Түргi Иарғын көлiнде талқандадық» КТү. 34 (Айд. I, 178) ~ қаз., ққалп. žеņ, тат. jeņ, башқ. еņ. Имплозивтiк мұрын жолды сонор фонемалар n, ņ дыбыстарының жасалу жолдары өте ұқсас болғандықтан ауслаут жағдайда өзара ауысуы табиғи заңдылық. Ескерткiштер тiлiндегi моносиллабтар соңындағы ņ дыбысының қыпшақ тiлдерiнде өзгеруi бiр сөздiң құрамында ғана кездеседi, басқа сөздерде толық сақталған. ņ ≈ j ≈ υ. *süņ/*seņ ≈ *süj ≈ suυ → süņ(uk)/seņ(ük) ≈ süj(ek) ≈ suυ(aq) «кость» (ДТД, 66): qanïņ subča jügürti, süņüküņ taγča jatdï «Қаның судай ақты, сүйегiң таудай болып жатты» КТү. 24 (Айд. I, 176) ~ қаз., ққалп. süj(ek), тат. söj(äk) (ТРС, 502), ноғ. suυ(ek) (РНС, 268), құм. sijuek (РКумС, 355). ņ ≈ j сәйкестiгiн түзетiн түбiрлес сөздерден мағыналық дербестiктi де аңғаруға болады. Орхон ескерткiштерi тiлiндегi süņ(ug) «копье» (ДТД, 66): сөзi қазақ тiлiнде süņ(gi) түрiнде моносиллабтық негiздi сақтай отырып қолданылады. Осы сөзбен түбiрлес süj(men) лексемасы бар: сүймен «қатқан жердi, мұзды оятын ауыр және ұшты сом темiр, лом», «балық аулауда қолданатын темiр үштi таяқ» (ҚТТС ҮIII, 410); татар тiлiнде söjmän «вид лома» (ТРС, 500). *süj,* süп, моносиллабтарында сақталған ортақ мазмұн олардың гомогендi негiздер екенiн анық аңғартады, iлкi түбiрi *sü, моносиллаб соңындағы j және ņ дыбыстарынан сөз мағынасын даралап, нақтылай түсетiн идеялық реңк байқалады.

Ескерткiштер тiлiнде сөз басы l фонемасы үш сөзде ғана кездеседi, оның екеуi қытай антропонимдерi lüsün taj seņün «имя» (ДТД, 60); likeņ «кiсi аты» (Айд. II, 216): Онгин жазбаларында lüj «дракон» (ДТД, 60) лексемасы қолданылған: ~ қаз. uluw, қар., ққалп. uluυ. uluw лексемасын қытай, тибет тiлдерiнен енген кiрме элемент ретiнде қарастырушы пiкiрлер бар. Э.В.Севортян түркi тiлдерiндегi uluυ/uluw тұлғасы тибет тiлiндегi klu сөзiнен гөрi lu лексемасына жақын екенiн көрсетедi. (ЭСТЯ I, 591). Синхронды тұрғыдан қарағанда көне түркiлiк lüj сөзiнiң қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi қолданысынан да анлаут l-дiң протезалық дыбысты қабылдау мүмкiндiгi аңғарылатын сияқты. Диахронды негiзде алсақ, lüj *ul моносиллабынан туындаған, u протезалық дыбыс емес, жалпы түркiлiк *ul ≈ *ül → ulï/ulïγ/ulγaj/ulas ≈ ülken моносиллабының негiзгi құрамындағы редукцияға ұшыраған дыбыс.



Қыпшақ тiлдерiнде моносиллабтар соңындағы көне түркiлiк l дыбысы екi сөзде ғана өзгерiске түскен, басқа сөздерде толық сақталған. l ≈ t. ол(ur) ~ ot(ur) «сидеть» (ДТД, 126). Түркi тiлдерiнде otïr/odïr/olur/oltur т.б. түрiнде қолданыла беретiн «отыр» мәнiн беретiн етiстiк ескерткiштер тiлiнде olur тұлғасымен сақталған: neņ jïlsïγ budunqa olurmadïm «Ең болмаса, бай халыққа отырмадым» КТү. 26 (Айд. I, 179) ~ қаз., ққал. otïr, тат. ūtïr, башқ. utïr/ultïr, қар., қырғ. otur, құм. oltur, ноғ. oltïr. Қыпшақ тiлдерiнде көне түркiлiк l тұлғасы мен t тұлғасы қатар қолданылады. Э.В.Севортян «Глагол otur восходит к более старой форме oltur через ottur и далее к ol» (ЭСТЯ I, 491) деген пiкiрi арқылы етiстiктiң археформасы ol моносиллабы екенiн көрсетедi. Қыпшақ тiлдерiндегi otur/otïr лексемаларының бастапқы тұлғасы ottïr/ottur, екiншi буын басындағы t дыбысы элизияға ұшыраған. *ol, *ot моносиллабтары l ≈ t сәйкестiгiн түзiп тұр. Түркi тiлдерiндегi orun «место, трон, престол» (ДТС, 372): қаз., ноғ., ққалп., қар. orïn, құм., қбалқ., қырғ. orun, тат., башқ. urïn лексемасы құрамындағы *or/*ur моносиллабының мәнi арқылы *ol, *ot, *or моносиллабтарының әрi етiстiк, әрi есiм мәндi ортақ мазмұнға негiзделген гомогендi синкретизмдер екенiне толық көз жеткiзуге болады. l ≈ r. bul(uņ) ~ bur(ïš): tört bulundagï budïnïγ qop baz qïltim «Төрт бұрыштағы халықты көп бейбiт еттiм» КТү. 30 (Айд. I, 177) ~ қаз. burïš: дүниенiң төртбұрышы. *bul ≈ *bur моносиллабтарының ортақ негiзi *bu тұлғасы. Түркi тiлдерiндегi l ≈ r сәйкестiгi түбiрлес сөздерде фонологиялық мән жүктемей де, семантикалық реңк арқалап та қолданылуы сирек те болса кездеседi: ül(ker) ≈ ür(ker) «плеяды» (ДТС, 625), қаз., ққалп. ül(ker), башқ. ül(kär), қырғ. ür(kör). ül(ker), ur(ker) лексемаларының түбiрi *ul/*ur моносиллабтары (ЭСТЯ, I, 630, 634). Зерттеушiлер морфема жiгiндегi l ≈ r сәйкестiгiн бiрiншi морфема соңындағы l-ға екiншi морфема басындағы r-дiң әсерi арқылы түсiндiредi: qolromal ≈ qoromal «носовой платок» [СИГТЯ,349]. Мұндай тұжырым дербес лексема деңгейiндегi моносиллабтар соңындағы өзгерiстi түсiндiре алмайды. l ≈ r сәйкестiгiнiң залал ≈ зарар «зиян» жұбы тәрiздi кiрме элементтердi де қамтуы аталған құбылыстың түркi тiлдерi қалыптасуымен бiте қайнасқан төл ерекшелiк екенiн бiлдiредi.

Артикуляциялық ерекшелiктерi бойынша күрделi дыбысқа жататын r фонемасының ауслаут жағдайда қолданылуы алтай дәуiрiне дейiнгi кезеңде-ақ қалыптасқан құбылысқа жатады Көне түркi жазба ескерткiштерiнде анлаут r қолданылмайды. Кули Чор жазбасында кездесетiн сөйлемдi С.Е.Малов ab ablasar r2m2lä teg erti Кч. 9 түрiнде транскрипциялап «он охотился на дикое животное?» деп аударады [Малов 1,102], автор сұрақ белгiсiн қою арқылы өзi де күмәндi екенiн бiлдiрген. Қ.Сартқожаұлы осы сөйлемдi Ab ablasar erim eli tegirti түрiнде транскрипциялайды, аудармасын «Аң ауласа сарбаздардың елi белсенiп шығар едi» түрiнде бередi (Сартқ. 232-234). К.М.Мұсаев С.Е.Маловтың транскрипциясы бойынша r2m2сөзi Византия (Рим) болып аударылуы қажеттiгiн көрсете отырып «... можно интерпретировать как: «он охотился до Византии», подчеркивая этим обширность принадлежащей Кули Чуру территории» деген ой айтады [СИГТЯ,361]. Сөйлемде қолданылған r2m2сөзiнен басқа лексемалардың бәрiнiң мағынасы айқындалған сөздер: Ab «охота» (ДТС, 2) «охота (на зверей, дичь)» (ЭСТЯ I, 62); teg «до» (ДТС, 546), «доходить, касаться» (ДТД, 71), erti «едi» (Айд. II, 100). Бiздiң ойымызша ғалымның пiкiрi негiздi, сөйлемнiң тұлғасы да, контекстегi мазмұны да «Аң ауласа Үрiм (Рим) елiне дейiн жетер едi» сөйлемiне сәйкес келедi. Түркi халықтары Византия елiмен де қарым-қатынас орнатқаны жайлы дерек Күлтегiн ескерткiшiнде де сақталған КТү. 4. Қазақ тiлiнде Ұлын ұрымға, қызын Қырымға оралымының сақталуы да осы қарым-қатынастың дәлелi. Түркi тiлдерiнде r тұлғалы сөздердiң протезалық дыбыстармен айтылуы басқа тiлден енген сөздерден анық ажыратылғанымен, түркiлiк төл сөздердегi анлаут ерiндiктер u, ü, қысаң i, ï, e дыбыстарын тек протеза ретiнде қабылдауға болмайды. Мысалы, ор, өр, ұр, iр(i), ер т.б. сөздердегi анлаут дауыстылар моносиллабтардың негiзгi сұлбасын құрайды. Ескерткiштер тiлiндегi моносиллабтардың соңында қолданылған r фонемасы қазiргi қыпшақ тiлдерiнде толық сақталған, тек бiр-екi сөзде ғана өзгерiс байқалады. r ≈ z. Мойун-Чур ескерткiшi тiлiнде қолданылған jar(ïš) «равнина» (ДТД, 44) сөзi түркi тiлдерiндегi jaj «развертывать» (ЭСТЯ, I, 76), jaz «распускаться» (ДТС, 250) сөздерiмен төркiндес болуы мүмкiн, қаз. žaz → žazïq, žaj → zajdaq (жайдақ жер), ққалп. žaz/zaj, ноғ. jaz/jaj, тат., башқ. jäj. Орхон ескерткiштерi тiлiнен bor «вино» (ДТД, 35) сөзi тiркелген. қаз. boz(a), қырғ. boz(oo). Жалпы алтай тiлдерi бойынша кеңiнен танымал ротацизм құбылысының сөз мағынасына әсерi жасырын синкретизм құбылысының аясында қарастырылып жүргенi белгiлi. r, z дыбыстарының күрделi табиғатын, тiл дамуындағы маңызын көрсететiн ar ≈ az, kör ≈ köz, tiz ≈ tir ≈ ter тәрiздi түбiрлес жұптар ескерткiштер тiлiнде де жиi қолданылады.

Түркi тiлдерi фонетикалық жүйесiнде жан-жақты зерттелген, тарихи даму жолы мен фонематизациялануы, сәйкестiк түзу мүмкiндiгi кеңiнен қарастырылған консонанттар қатарындағы q, k, γ, g дыбыстары ҮII-ІХ ғасыр түркiлерi тiлiнде қолданыс аясының кеңдiгiмен ерекшеленедi. Қатаң q, k дыбыстарының ұяңдану процесiнiң алғашқы нәтижелерi алтай дәуiрiне дейiнгi кезеңде-ақ байқалып, олардың бәсең спирант аллофондары анлаут жағдайда да, ауслаут жағдайда көрiнiс бере бастаған [23,78]. Ұяң γ дыбысы ескерткiштер тiлiнде анлаут позицияда қолданылмайды. Қыпшақ тiлдерiндегi анлаут γ кiрме сөздерге тән, түркiлiк төл сөздердiң ұяң γ-мен айтылуы қарақалпақ тiлiнде кездеседi: γaz «қаз», γarγa «қарға», γawγa «қауға» (ҚқТТС II, 40-46). Оғыздық белгi қарақалпақ этносының, тiлiнiң қалыптасу кезеңiнен бастау алатын құбылыс болса керек. Бәсең артикуляциялы γ фонемасы сөз ортасында және сөз аяғында өзгермелi табиғатымен ерекшеленедi, қазiргi қыпшақ тiлдерi моносиллабтар жүйесi құрамындағы ауслаут γ-ның сақталу деңгейi әртүрлi. γ ≈ g ≈ w ≈ υ ≈ j. *aγ ≈ *aw ≈ *aυ ≈ aj → aγïl ≈ awïl ≈ аυïl: aγ(ïl) «загон для скота» (ДТД, 39) ≈ қаз., ққалп. aw(ïl) ≈ ноғ., тат. аυ(ïl) ≈ қырғ. ajïl «аул». Қазақ тiлiнде көне форма сақталған, aγïl «шөп не қамыстан жасалған төбесi биiк мал қорасы (аула)» (ҚТДС, 13). Енисей ескерткiштерiнен ajïl «аул» Е. 48 (ДТД, 32) тұлғасы тiркелген. Э.В.Севортян *aγ моносиллабын етiстiк-есiм мәндi омоним қатарына жатқызып, архетұлғасын а : γ түрiнде бередi (ЭСТЯ, I, 84). γ ≈ q ≈ k. *jaγ ≈ *jaq/*žaq ≈ *jak → jaγuq ≈ jaqïn/žaqïn ≈ jakïn: jaγuq «близкий» (Айд. I, 211) ≈ ноғ., башқ. jaq(ïn), қаз., ққалп. žaq(ïn) ≈ тат. jak(ïn). Қазақ тiлiнде *jaγ моносиллабынан тараған žuwïq сөзi де қолданыста. γ ≈ ø. Ескерткiштер тiлiнде моносиллабтар құрамындағы ауслаут γ-ның элизияға ұшырауы бiршама жиi кездеседi. *oγ ≈ *u → oγul ≈ ul: oγul «сын» (Айд. I, 216) ≈ қаз., ққалп., ноғ. ul.

Ескерткiштер тiлiнде моносиллабтар соңында ғана қолданылатын ұяң g дыбысының өзгерiс деңгейi γ дыбысының өзгерiстерiмен бiрдей, g фонемасының ауслаут жағдайда қолданылуы қарақалпақ тiлiнде кездеседi: gew(de) «кеуде», güz «күз», gün «күн» (ҚқТТС II, 19-32). g ≈ j. teg ≈ tij: teg «касаться» (ДТД, 71) ≈ қаз., ққалп., ноғ. tij; g ≈ υ сәйкестiгi. *jug ≈ *juυ → jugur ≈ juυïr: jugur «бегать» (ДТД, 48) ≈ ноғ. juυïr; g ≈ k. keg ≈ kek: keg «месть» (Айд. I, 215) ≈ қаз. kek; g ≈ ø. *üg ≈ *ü: ≈ *ö: → ügüz ≈ üzen ≈ özen: üguz «река» (Айд. I, 221) ≈ тат., башқ. üzän ≈ қаз., қар., ққалп. özen. Түркi тiлдерiндегi γ, g дауыссыздарының элизиясы екiншi дәрежелi созылыңқы дауыстылардың қалыптасуымен тiкелей байланысты құбылыс. Қырғ. тiлiнде оо, öö, uu, üü созылыңқылары жиi кездеседi: *aγ ≈ *oo → aγïz ≈ ooz «рот», suγ ≈ suu «вода», taγ ≈ too «гора» (КРС II, 72, 166, 250), boγ ≈ boo «веревка» (КРС I, 144). Алт. тiлiнде оо, öö, uu, üü созылыңқыларымен қатар аа, ее, ïï, ii созылыңқы дауыстылары да кеңiнен қолданылады: аas «рот», аal «брать», jaa «идти (дождю, граду, снегу)», jaak «щека, косяк», jüü «сок», joon «толстый», jïït(ta) «нюхать», kiij «надевать», soo «остыть», söök «кость», čee «молодой хвойный лес» (Верб. 4, 66, 100, 112, 177, 428). Қазақ тiлiнде көне түркiлiк моносиллабтар соңындағы γ дыбысының көпшiлiгi өзгерiстерге түскенiмен олардың көне формалары да сақталып, ауызекi тiлде, кейде әдеби тiл iшiнде де қолданылатынын аңғару қиын емес.

Көне түркiлiк анлаут q қыпшақ тiлдерiнде негiзiнен қатаңдық табиғатын сақтаған кей тiлдерде ұяңдану, жiңiшкеру процестерi байқалады, мәселен қарақалпақ тiлiнде ұяң γ тұлғалы сөздер кездессе, татар тiлiнде жiңiшке k арқылы айтылатын сөздер бар. Бiрақ бұл құбылыс аталған тiлдердi толық қамтымайды, қатаң q-ны сақтап қалған сөздер де қатар қолданылады. q ≈ k.qal ≈ kal: qal «остаться» (ДТД, 156) ≈ тат. kal (ТРС, 285); q ≈ γ сәйкестiгi: qaz ≈ γaz: qaz «копать» (ДТД, 151) ≈ ққалп. γaz. Бұл дерек ауызекi тiлге негiзделген, қарақалпақ әдеби тiлiнде қатаң тұлға сақталған qazïw «жердi ойыу, шұқырлау, үңгиу» (ҚқТТС III, 91). Сондықтан қарақалпақ тiлiндегi q ≈ γ сәйкестiгi сөйлеу дәстүрiнде оғыздың ықпалмен қалыптасқан фонетикалық заңдылық қатарына жатады, сондай-ақ қарақалпақтардың этногенездік құрамындағы оғыздық элементтерді де ескерген жөн.q ≈ х сәйкестiгi. Қатаң q-ның х дыбысына өзгеруi ноғай, татар тiлдерiнен байқалады, *qaγ ≈ *ха → qaγan ≈ xan: qaγan «правитель» (ДТД, 120) ≈ қаз., ққалп., ноғ., тат. т.б. xan; *qat ≈ *xat → qatun ≈ xatïn: qatun «госпожа, жена» (ДТД, 51) ≈ ноғ. xatïn «женщина» (НРС, 176). Жалпы түркi тiлдерiне тән qayan сөзi құрамындағы q дыбысының бiршама ұяң х-ға айналуы түркi тiлдерiне араб-парсы тiлiнiң ықпалы күшейген кезең – Х-ХI ғасырларда қалыптасқан болуы керек. Басқа қыпшақ тiлдерiнде қатаң табиғатын сақтаған qatïn сөзiнiң татар, ноғай тiлдерiнде ұяңдануы да осы әсердiң ықпалы.

Көне түркiлiк моносиллабтар құрамындағы анлаут k қазiргi қыпшақ тiлдерiнде өзгерiске түспеген, ауслаут жағдайда ұяңдануы sekiz «сегiз» сан есiмiнiң құрамынан байқалады. k g. *sek ≈ *seg → sekiz ≈ segiz: sekiz «восемь» (ДТД, 65) ≈ қаз., ноғ., қар., тат. segiz/segijz, башқ. hijgez, ққалп. segijz/sekkijz. Қыпшақ тiлдерi iшiнде қарақалпақ тiлi негiзiнен көне тұлғаны сақтап қалғанымен, ұяң варианты да кездеседi: *küm ≈ *güm → küm(üš) ≈ güm(ijs): Орх., Е. küm(üš) «серебро» (ДТД, 56) ~ ққалп. güm(ijs) «қымбат, бахалы ақ түсли металл» (ҚқТТС II, 35). Көне түркiлiк γ, g дыбыстарының ауслаут жағдайда iлгерiлеу заңдылығына ұшырауы немесе үнемдеу құбылысының әсерiнен элизияға түсуi ең жаңа тiлдер қатарында саналып жүрген қыпшақ тобындағы тiлдерге тән болғанымен, жүйелi заңдылық емес.

Ескерткiштер тiлiнде анлаут d фонемасының қолданылмауы түркi тiлдерi консонанттар жүйесiндегi анлаут d-ны көне түркi дәуiрiнен кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруға негiз болмау керек. ХI ғасырда оғыздардың ата-бабалары анлаут d-ны қолданғаны М.Қашқари еңбегiнен белгiлi. Түркi жазбалары дүниеге келген ҮII-IХ ғасырлар мен М.Қашқари заманы арасындағы 100-150 жыл iшiнде бiр дыбыстың ұяңдану процесi толық аяқталып бiтуi мүмкiн емес. Бұл Орхон ескерткiштерiн қалдырған батыс түрiк қағанатында батыс оғыз тiлiнде сөйлейтiн түркiлердiң ата-бабалары билеушi топ құрамына ықпалы аз болғанын аңғартады. Күлтегiн ескерткiшi мәтiнiндегi Budïnïγ igidejin tijin jïrγaru oγuz budun tapa, ilgerü qïtan, tatabï budun tapa, birgerü tabγač tapa uluγ sü eki jegirmi süņüšdim «Халықты көтерейiн деп, терiстiкте оғыз халқына қарсы, iлгерiде қытан, татабы халықтарына қарсы, бергерi табғачқа қарсы үлкен әскермен он екi (рет) соғыстым» КТү. 28 (Айд. I, 177); jazïņa oγuzγaru sü tašïqdïmïz Oγuj jaγï orduγ «жазына оғызға әскер шығардық, оғыз жауы орданы басты» КТү. 48 (Айд. I, 181) деген сөйлемдер де ескерткiштер иесi оғыздар емес екенiн көрсетуi мүмкін.

Ескерткiштер тiлiнде моносиллабтар соңында келетiн d дыбысы қазiргi қыпшақ тiлдерiнде біршама өзгерiске түскен. d ≈ j. qod ≈ qoj: Орх., Е. qod «оставлять» (ДТД, 52) ≈ қаз., ққалп., тат. т.б. qoj; Орх., Е. qïd ≈ qïj: qid «резать» (ДТД, 52) ≈ қаз., ққалп. qïj. Қазiргi тiл деректерi бойынша qïd ≈ qïj моносиллабтарының *qï моделiнен жасалған туынды тұлға екенiн аңғаруға болады: қыр(ық), қыс(қар). Көне түркi және қыпшақ тiлдерiндегi d ≈ j сәйкестiгi көптеген сөздердi қамтығанмен кей жағдайда d тұлғасының сақталуы да кездеседi. Мысалы, қазақ тiлiнде аяқ сөзiмен қатар ада болу «аяқталу, таусылу» лексемасы, көне түркiлiк bediz «орнамент» (ДТД, 36) сөзiмен төркiндес бедер лексемасы қолданылса, Талас ескерткiштерiнде кездесетiн idiš «сосуд» (ДТД, 290) сөзi қаз., ққалп., ноғ. тiлдерiнде ыдыс түрiнде сақталған. d ≈ t. öd ≈ öt: od «жельч» (ДТД, 78) ≈ құм., ноғ., қаз. öt/ тат., башқ. üt; Тектес дыбыстар қатарына жататын d ≈ t сәйкестiгi түркi тiлдерiне кеңiнен таралған құбылыс j ≈ d ≈ t ≈ z сәйкестiктер тiзбегiне кiредi. Көне түркi жазба ескерткiштерi тiлiндегi ауслаут z қазiргi қыпшақ тiлдерiнде толық сақталған, өзгерiске түсуi бiр лексемадан ғана көрiнiс бередi. z ≈ s. *üz ≈ *üs → üze ≈ üsti: üze «наверх, вверху» (ДТД, 78) ≈ қаз., ққалп. üsti / башқ. ös(tö). Тат. тiлiнде көне форма сақталған üz(rä) «вверху» (Құрыш. 212). Қазiргi тiлдерде z ≈ s сәйкестiгi кең таралмағанмен аталған дыбыстардың сәйкестiк түзуге теориялық мүмкiндiгi бар.

Ескерткiштер тiлiнде t дыбысы өзiнiң тұрақтылығымен ерекшеленедi, тұрақтылық сапасы қазiргi қыпшақ тiлдерiне де тән. t ≈ d. at ≈ ad: Орх., Е., Тал. at «имя» (ДТД, 67) ≈ қар. ad t ≈ d сәйкестiгi ескерткiштер тiлiнiң iшiнде де фонемалық мән жүктемей сәйкестiк түзе бередi Тiл деректерi t ≈ d сәйкестiгiнiң сөз мағынасын да ықпал ете алатынын көрсетедi: ат(та) ≈ ад(ым), ад(ымда), бұл жерде t-ның ұяңдануын екiншi буындағы дауысты ï-ның ықпалы ретiнде түсiндiруге келмейдi, *аt моносиллабымен тұлғалас аt етiстiгiнен жасалған атым: бiр атым насыбай сөзiнде t-ның сақталуы, олар өзiнен кейiн дауыстының ықпалын қабылдамайтынын көрсетедi. Құд(ық) ≈ құт(ы) сөздерiнiң құрамынан да t ≈ d сәйкестiгiнiң iзi байқалады, елiктеуiштер жүйесiнде t, d дыбыстарының идеофондық табиғаты бiршама айқын көрiнедi.



Түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiндегi ең көне дыбыстардың бiрi [21,26] тiл алды қатаң аффрикат č ҮII-IХ ғасыр ескерткiштерi тiлiнде жиi қолданылатын фонемалар қатарына жатады. Қыпшақ тiлдерi iшiнде č дыбысын аз қолданатын қыпшақ-ноғай тобындағы тiлдер. Қыпшақ-половец, қыпшақ-бұлғар тобындағы тiлдерде анлаут позицияда сирек қолданылғанмен, ауслаут позицияда бiршама кеңiрек тараған. č ≈ š. čöl ≈ šöl: čöl «степь, пустыня» (ДТД, 81) ≈ қаз., ққалп. söl; čet ≈ šet: čet «граница, край» (ДТД, 81) ≈ қаз. Šet. Жалпы ескерткiштер тiлiнде č дыбысынан басталатын моносиллабтардың бәрi қыпшақ-ноғай тобындағы тiлдерде š-дыбысына өзгерсе, басқа қыпшақ тiлдерiнде č тұлғасының сақталуы да, š-ға өзгеруi де кездеседi. Ескерткiштер тiлiнiң өз iшiнде де č ≈ š фонологиялық мән жүктемей қолданыла бередi. Ауслаут жағдайда č ≈ š ≈ s сәйкестiгi. ač ≈ aš ≈ as: ač «открывать» (ДТД, 80), қар., құм., тат. ≈ қаз., ққалп., ноғ. аš ≈ башқ. as; üč ≈ üš ≈ ös: üč «три» (ДТД, 80), тат. öč ≈ қаз., ноғ., ққалп. üš ≈ башқ. ös. Түркi тiлдерiндегi č, š, s дыбыстары тарихи-генетикалық тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да сәйкестiк түзу мүмкiндiгi бар тектес дыбыстар.

Тiл алды спиранты š фонемасы ескерткiштер тiлiнде č, s дыбыстарымен фонологиялық мән жүктемей ауыса бередi, бұл көне жәдiгерлер иесiнiң этностық құрамында әртүрлi диалектiде сөйлейтiн түркi тайпалары шоғырланғанын көрсетедi. š ≈ s. šïk ≈ sïq: šïk/sïk «теснить» (ДТД, 82) ≈ қаз., ққалп., ноғ. sïq; šuw ≈ suw: šuw/sub «вода» (ДТД, 82) ≈ қаз., ққалп., тат. suw, ноғ., қар. suυ, башқ. тiлiмен š ≈ s ≈ h сәйкестiгi түзiледi. hïw «вода» (БРРБУС, 105). Башқұрт тiлiндегi h дыбысының күрделi табиғаты көптеген зерттеулерден белгiлi [31,81. 34,402]. Түркi тiлдерi бойынша тұрақтылығымен ерекшеленетiн s фрикативi түркi жазба ескерткiштерi мен қазiргi қыпшақ тiлдерi арасында да өз табиғатын сақтаған, жүйелi өзгерiсi бұлғар-қыпшақ тобындағы башқұрт тiлiнен көрiнiс бередi. s ≈ h. sa ≈ *ha: sa «считать» (ДТД, 64) ≈ башқ. ha(n); sï ≈ *hï: sï «ломать» (ДТД, 64) ≈ башқ. hï(n); sen hijn: sen «ты» (ДТД, 65) ≈ hijn. s ≈ š i. is ≈ iš: is «работа, дом» (ДТД, 64) ≈ құм. ijš, тат. эš; bis ≈ bijš: bis/beš «пять» (ДТД, 39) ≈ тат., башқ. bijš, құм. beš; *bis ≈ *bijs: bisük «потомство» (ДТД, 39) ≈ башқ., тат. bijšek т.б. Келтiрiлген мысалдар негiзiнде көне түркiлiк анлаут s қыпшақ тiлдерiнде сақталып, тек башқұрт тiлiнде өзгерiске түссе, ауслаут s қыпшақ-ноғай тобындағы тiлдерде өзгерiссiз сақталып, қыпшақ-половец, қыпшақ-бұлғар тiлдерiнде s, š тұлғалары араласа қолданылатынына көз жеткiземiз.

Ескерткішер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдері моносиллабтар жүйесіндегі дыбыс сәйкестіктері аясында көрініс беретін дауыссыз фоно-корреляттар жалпы түркі тілдері эволюциясының алғашқы кезеңдерінен бастау алатын түркі түбірінің тұрақтылығымен қатар өзгермелі де икемді сапасын көрсетін фоно-морфо-семантикалық құбылыс. Түркi тiлдерi лексикалық қорының негiзiн қалайтын бiр буынды түбiрлер мен түбiр-негiздердiң белгiлi бiр дәрежеде тұрақтылығын сақтаумен қатар өзгеруге де бейiмдiлiгiн моносиллабтар құрамындағы фоно-корреляттар айқындайды. Жалпы тұрпат пен жалпы мазмұнның тұрақтылық сапасы гомогендi моносиллаб-корреляттардың дербес лексемаға ыдырауы нәтижесiнде өзгермелi, икемдi сапаға айналады. Тiл онтологиясының күрделiлiгi жүйелi тiлдiк құрылымның аясында кейбiр қайшылықтардың iз қалдыруымен де сипатталады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет