Жерге орналастыру жобасында берілетін (өзгеретін) жер учаскесінің алаңы, оның шекарасы және орналасқан орны, бөгде және шектес меншік иелері немесе жер пайдаланушылар, сондай-ақ жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуттары айқындалады.
Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң нормалары бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жаңадан қалыптастырылатын ауыл шаруашылығы ұйымдары, шаруа (фермер) қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтары үшін құрылатын жер учаскелерінің шекаралары қосымша ескеріледі, олардың жинақы орналасуы ескеріле отырып белгіленеді, табиғи және (немесе) жасанды шекаралармен (өзендермен, бұлақтармен, арналармен, орман алаптарымен, жолдармен) біріктіріледі.
Жерге орналастыру жобасын әзірлеуші, тапсырыс берушінің және қажет болған жағдайда үшінші тұлғалардың қатысуымен жер учаскелеріне далалық зерттеуді жүргізеді.
Далалық зерттеу процесінде жылжымайтын мүлік объектілерінің орналасқан жері мен жер учаскелерінің нақты шекараларын нақтылау жүргізіледі.
Жер учаскелерін далалық зерттеудің нәтижелері далалық зерттеудің сызба схемасын дайындаумен бірге далалық зерттеу актісімен ресімделеді.
Жерге орналастыру жобасының мәтіндік бөлігінде:
1) жер учаскесіне құқық беру туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның өтініші; 2) жер учаскесі шекараларының жобасымен қоса жер учаскесін таңдау актісі; 3) сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы жер комиссиясының қорытындысы; 4) жаңа жер учаскесін қалыптастыру немесе оны ретке келтіру кезінде қабылданатын жобалық шешімдердерді негіздеу үшін қажетті материалдар (құжаттар) қамтылады. Қолданыстағы жер учаскелері үшін жерге орналастыру жобасының мәтіндік бөлігіне жылжымайтын мүлік объектісіне құқықты белгілейтін құжаттардың көшірмелері және тапсырыс берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қосылады. Жерге орналастыру жобасының техникалық бөлігінде түсіндірме жазба, жер учаскесінің орналасқан орнының жобалық схемасы қамтылады.
Жобаның жоспарлау-картографиялық материалдарына елді мекендерде
М: 1:500, 1:2000, 1:5000 масштабында, басқа санаттағы жерлерде жұмысқа ыңғайлы масштабта құрылатын схема қосылады, оған жобалық шешімдерді қабылдау және негіздеу үшін қажетті ақпарат енгізілген (қалданыстағы жер учаскелерінің шекаралары, олардың кадастрлық нөмірлері, күзет, санитариялық-қорғау және жерлерді ерекше шарттармен пайдаланатын өзге аймақтардың шекаралары). Жергілікті жерде жобалық элементтердің орналасқан жерін анықтау үшін қажетті барлық жобалық элементтер (шектесу мен бағыттарды сипаттау нүктелері, жер учаскелерінің шекаралары, сызықтардың өлшемі, тірек нүктелері мен олардың нөмірлері) жерге орналастыру жобасының сызбасында қызыл түспен, бұл ретте, бөгде жер пайдаланушылар көк түспен белгіленеді. Схемада жер экспликациясы (елді мекендердің жерлерінен басқа), шартты белгілер, шектесу және бөгде тұлғаның пайдалануындағы жерлердің сипаттамасы қамтылады. Схеманың мөртабанында жерге орналастыру жобасының атауы, жерге орналастыру объектісі, масштабы, парақтар саны және жұмысты орындаушы көрсетіледі. Схемада жерге орналастыру жобасының сызбасын бекіту және келісу деректемелерін орналастыруға арналған орын көзделеді.