- маркетинг стратегиялары мен мақсаттары; - баға белгілеу; - тауарларды тарату схемасы; - сатуды ынталандыру әдістері; - сатудан кейін клиенттерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру; - жарнама; - фирмалар және тауарлар туралы қоғамдық пікірдің қалыптасуы. «Баға – сапа – рентабельділік» параметрлері бойынша өзара байланыс сақталуы тиіс. Баға белгілеу кезінде бағалардың жалпы құрылымын әзірлеу, оның өзгеруі, баға стратегиясының жалпы пайдаға әсері ескеріледі.
8. Қаржылық жоспар. Бизнес-жоспардағы ең маңызды бөлім қаржылық жоспар болып есептелінеді. Қаржылық жоспар кәсіпорын немесе фирма қызметінің нәтижесін таныстыратын ең соңғы қорытынды бөлімі. Қаржылық жоспардың мақсаты ұсынылып отырған жобаның тиімділігін анықтау. Ол 3-5 жылға жасалады және оның негізгі көрсеткіштеріне сату көлемі, капитал айналымы, пайда, өзіндік құн және т.б. жатады. Бұл бөлімнің жоспарын құрған кезде мұқият түрде ішкі қаржылық операцияларды беру және оны жаңартып отыру талап етіледі. Қаржылық аспект ерекше білімді, атап айтқанда, бірінші кезекте бухгалтерлік есеп пен талдауды қажет етеді. Егер кәсіпорында қаржылық қызмет туралы білімі бар маман болмаса, қаржылық менеджерге басқа фирмалардан мамандар шақырылады.
Қаржылық жоспар табыстар мен шығындар жоспарынан, ақшалай түсімдер мен төлемдер жоспарынан, бірінші жылға баланстық жоспардан тұрады. Оны дайындау кезінде нақты ақшаның (қолма-қол) ағынына, кәсіпорынның тұрақтылығына, қаражаттар көздері мен оларды пайдалану жағдайына талдау жасалады. Көптеген кәсіпорындар үшін негізгі табыс көзі өнімді өткізу болып табылады, сондықтан қаржылық жоспар сату көлемін болжаудан басталады.
9. Фирма қызметінің тәуекелділігін бағалау. Кез-келген жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде белгілі бір қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Кәсіпкерлер үшін осындай қиындықтарды алдын-ала көре білу және оларды жою жөнінде стратегиялар жасау өте маңызды. Осыған байланысты бизнесті іске асыру кезінде кездесуі мүмкін проблемаларды анықтап, тәуекел дәрежесін бағалау керек. Қауіп-қатерлер бәсекелестерден, өндірістік саясат және маркетинг аймағында жіберген кемшіліктерден, басқарушы мамандарды іріктеудегі қателіктерден туындауы мүмкін. Егер кәсіпорын үшін аталған факторлардың ешқайсысы қауіп төндірмесе, онда әрқайсысына тоқталып, қобалжуға болмайтынын негіздеу қажет. Қандай-да бір қауіп-қатерлер ойламаған жерден туындауы мүмкін, ол үшін одан шығу жолдары мен іс-әрекет стратегиясы алдын-ала әзірленген жөн. Баламалы бағдарламалар мен стратегиялардың болуы мүмкін болатын қиындықтар туралы білетінін және оған дайын екенін көрсетеді.