2.2 Қазіргі қазақ және түрік тілдері фразеологизмдерін салыстырудың теориялық негіздеріне тоқталу Қазақ фразеологизмдерін түркі тілдері фразеологизмдерінің бірімен салыстыра отырып зерттеу үрдісі – әлемдік тіл біліміндегі өзекті зерттеу әдістерінің бірі болғандығының көрсеткіші. Осы себепке байланысты түркі тілдерінің ішінде грамматикасы, орфоэпиясы тұрғысынан ортақ ұқсастықтары көп тілдердің бірі – түрік тілін, дәлірек айтсақ, оның фразеологизмдерін қазақ тілінің фразеологимздерімен салыстыра зерттеу үлкен қызығушылық тудыратындығы анық. Қазақ және түрік тілдері фразеологияларындағы мағыналық ортақтықтардың бар екендігін тілдегі ортақ сөздер мен грамматикалық тұлғалардан ғана емес, сонымен қатар лексикалық параллельдер мен тілдік бірліктердің кездесуінен де болжауға болады.Түркі тілдерін тілдік (фонетикалық, морфологиялық, лексикасемантикалық) тұрғыдан топтастыру, классификациялау – түркілік дуниетанымды әлдеқайда терең танып-білуге жол ашады.
Қазақ және түрік тілдерінің өзара байланысы, қарым-қатынасы, өзара әсері мәселесіне тарихи тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жүргізген І.Кеңесбаев, Ә.Т.Қайдаров, Ш.Ш.Сарыбаев сияқты ғалымдар қазіргі қазақ тілінде түркі тілдерінің генеологиялық туыстастығын көрсететін, осыған байланысты қазақ және түрік халықтарының көне дәуірлерден байланыста екендігін дәлелдейтін талай зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазақ және түрік тілдеріне ортақ немесе бір ойды (мағынаны) беретін тұрақты сөз тіркестерін анықтау, салыстырылушы тілдердің фразажасам тетіктеріндегі, образдар жүйесіндегі фразеологиялық мағынаның қалыптасу процесіндегі ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерін айқындау, фразеологиялық сәйкестіктерді, ұқсатықтарды, ортақтықтарды тудырушы факторларды анықтау сияқты мәселелерді зерттеу үшін синхронды салыстырмалы екі жақты сипаттау бағыты ұстанылады. Салыстырмалы фразеологияның теориялық-методологиялық негіздемелерін, олардағы зерттеудің әдіс-тәсілдерін қазақ және түрік тілдік байланысы аясында фразеологиялық материалдар негізінде пайымдау үшін зерттеу объектісі ретіндегі фразеологизмдер ең алдымен «лингвистикалық күрделі құрылым» негізінде түсіндіріледі. Жоғарыда аталған ғалымдардың фразеология ұғымына берген анықтамасын бір арнаға саралайтын болсақ, «фразеология дегеніміз –формасы жағынан синтаксистік құрылымдарға ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталанып қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер» болып табылады [10]. Яғни, фразеологизмдердің басты ерекшеліктеріне: а) мағына тұтастығы; ә)құрылым тұрақтылығы; б) даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы; в)бейнелілігі, мәнерлілігі секілді тән сипаттамаларды жатқыза аламыз.
Сөзге қатысты тұрақты тіркестер екі тілдеде форма жағынан да, мағына жағынан да ұқсайды. Мысалы: Söz vermek – сөз беру, уәде беру болса; Söz almak – сөз алу, ал sözünü gerı almak – сөзін қайтып алу. Бұл жерде түркі тектес халықтардың сөзге қалай мән беретіндігі, сөз қасиетін қастерлейтіні көрініп тұр. Ал жүрекке қатысты фразеологизмдер yüregı acımac – жүрегі сыздады; (sızlamak) yüreğı ağzına gelıyor – жүрегі аузына тығылды деп келеді.
Екі тілде де көзге қатысты тіл оралымдары мол кездеседі. Göze batar gıbı – көзге шыққан сүйелдей; göze çarpmak – көзге ұрып тұр; şıpşak kaşla-goz arasında – қас пен көздің арасында, шапшаң деген сөзбен сәйкес келеді; göz boyamak – көз бояушылық. Бұл оралымдарды ешбір қиындықсыз-ақ түсіне беруге болады.
Араларынан кыл өтпестей тату деген қазақ тіліндегі тұрақты тіркес түрік тілінде aralarından su sızmamak деп қолданылады екен.
Қазақ халқы мен түркі жұртына ортақ тағы бір жайт жылқыға деген құмарлық. Оны ат әбзелдеріне байланысты тұрақты тіркестерінен байқауға болады. Мысалы , басшылыққа ебі бар адамға қатысты тізгінді қолынан бермеу тіркесі – түрікше де dızgınlerını elınde tatmak.
Жердің шалғайлығына қатысты Dünyanın öbür ucunda; Kaf dağının artıda – ит өлген жер, жердің түбі десе, жақын жерді - ıkı adımlık немесе yanı başında яғни, біздің тіліміздегі екі аттам жер тіркесімен ұқсас.
Асығу, алақ-жұлақ ету – affallamok, ışı başından asıyor – ісі басынан асу, көп жұмысқа тап болу екі тілде де дәл осы мағынада қолданылады.
Akılı başına gelmek – ақылға келу, basını alıp gıtmek; çekıp gıtmek – басын тауға да ұрды тасқа да ұрды, yüzünden kan damlıyor - жүзінде қан ойнады немесе жүзіне қан жүгірді .
Yenıden doğmus gıbı olmak – анадан жаңа туғандай болса; мәселенің мәнін түсінбей тұрған кезде айтылатын аспаннан түскендей немесе айдан түскендей деген тіркес aydan gelmıs gıbı деп қолданылады [11].
Екі тілдің фразеологизмдерін салыстыра талдау арқылы әлемнің тілдік бейнесінің әр халықтағы көріністері, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетілді. Осы зерттеуді жүргізу барысында фразеологизмдерді лингвомәдени аспектіде қарастыру арқылы олардың бойында көрініс табатын ұғым-түсініктерде халықтың танымдық білімдері жинақталғанын білеміз. Халықтың танымынан ақпарат беретін ең көне кодтар есебінде фразеологизмдерді тіл білімінің жаңа бағыттарының нысанында жан-жақты қарастыру арқылы сол халықтың ұлттық және мәденитанымдық әлемін танып-білуге көп мүмкіндіктерге жол ашылары сөзсіз.