Жоңғар Хандығы – Батыс Моңғолияда 17 ғасырдың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет. Жоңғарлардың хан тағына көрнекті тарихи тұлға әрі қолбасшы Себан-Рабдан (Цэван-Рабдан) келді (1697-1727). Ол 20 жылдай Мань-чжур әулетінің билеушілерімен және Қытаймен ашық соғысудан бас тартып отырды. Мұның өзі Жоңғар хандығының тез арада күшеюіне мүмкіндік жасады. Батыр қонтайшы кезінде (1635 – 53) хандықта қалалар сипатындағы отырықшы елді мекендер салына бастады, жер игеру біршама ілгеріледі. Осыған қарамай Жоңғар Хандығы көшпелі мемлекет ретінде тарихта қалды. 1640 жылы Тарбағатай тауларының етегінде біріккен моңғол, қалмақ және ойрат тайпалары басшылары моңғол – ойрат заңдарын қабылдайды. Жинақ “Цааджин бичиг” деп аталды. Онда моңғол-ойрат тайпаларының ішкі тіршілігі, мемлекет құрылымы, әскери қызмет атқару тәртібі, діни ұстанымдары белгіленген. Батыр қонтайшыдан кейін билік басында болған қонтайшылар Сенге (1653 – 1671), Қалдан Бошақты (1671 – 1697), Севан Рабдан (1697 – 1727), Қалдан Серен (1727 – 1745) Батырдың саясатын одан әрі жалғастырды. Олар хандықтың ішінде егін шаруашылығы мен ұсақ кәсіпшіліктер, сауда қатынастарының дамуына едәуір ықпал жасады. Қол өнері мен кәсіпшілік дамыды. Оларда соғыста қолға түскен тұтқындар да жұмыс істеді. Саудаға Шығыс түркістандықтар белсене қатысты. 18 ғасырларға қарай Жоңғар Хандығындағы адам саны 1 млн-ға жетті, басқа ұлттарды қосқанда мемлекеттегі халық саны 1,5 млн-ға жуық еді.
Билеушілер
Жоңғар Хандығында билеушілердің сатылы бағыныштылық тәртібі орнатылды, билеушілер тобына ұлы тайшылар, кіші тайшылар, зайсандар және жоғары ламалар кірген. Кіші тайшылар ұлы тайшылардың вассалдары болып есептелді. Ұлы тайшылар және кіші тайшылар көшпелі тайпалардың мал жайылымдарын, жоғары ламалар ғибадатханаларға тиесілі жерлерді иеленді. Зайсандар кіші тайшыларға бағынды. Ал төменгі әлеуметтік топтар араттар (қарапайым шаруалар) деп аталып, екіге бөлінді: албату –билеушілерге және шабинарлар – діндарларға тәуелділер. Олар өз иелеріне басыбайлы бекітіліп берілді. Албату Жоңғар Хандығы әскерінің негізін құрады, ал шабинарлар әскери қызметтен босатылды. Хандықта құлдар да болды, бірақ олардың қоғамда рөлі болмады. Хандықтағы жоғары билікті хандар жүргізді, хан тағына тек шорос тайпасынан шыққандар отырды. Хан лауазымы қонтайшы деп аталды.
Жоңғар мемлекетінің әскери күш-қуатының нығаюы 1635 жылы Батыр коңтайшы бастаған Жоңғар хандығы құрылды. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағында еді. 1640 жылы жоңғарлар «Далалық жарғы» деген атпен әскери және азаматтық заңдар жинағын шығарды. Жоңғарлардың бірлігі нығайды, әскери күш-қуаты арта түсті. Соғыс жағдайы кезінде жоңғарлардың әрбір рулық бөлімшесі өте қысқа мерзімнің ішінде жауынгерлік бірлік тобына айналып шыға келді. Жоңғар хандығы жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға дейін жететін қуатты атты әскер шығара алатын еді. Олардың 60 мың жауынгері бар тұрақты әскері болды.
Жоңғария өзімен көрші мемлекеттердің жерін тартып алуды көксеген, барынша әскерилендірілген мемлекетке айналды. Жоңғарлықтардың рухани бірлігін қамтамасыз етуде Тибет ламалары елеулі рөл атқарды. Жоңғарларда әскери іс-қимылдар жасаудың ерекше тактикасы қалыптасқан болатын. Олар ашық кең далада соғысуға машықтанған еді. Оқ-дәріні селитра мен күкірттен өздері қолдан жасап алатын. Олардың қолынан қылыш, сауыт, дулыға және басқа қару-жарақ түрлерін жасау да келетін. XVII ғасырдың аяқ жағына қарай жонғарларда білтелі мылтық пайда болды. Жоңғарлар тіпті зеңбірек жасауды да үйреніп алды. Зеңбірек құюды оларға тұтқын болып қолға түскен швед Иоган Густав Ренат үйретті. Жоңғарларда шекаралас жатқан мемлекеттердің аумағында жүріп, қүпия ақпараттар жинаумен айналысатын жансыздардың — тыңшылардың кең жүйесі құрылды. Жоңғария тұғындары да қазақтар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі халық еді. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Халқының саны 1 миллионға жуықтайтын. Жоңғарлар аз ғана уақыттың ішінде Алтайда тұратын көптеген ұсақ Ұлыстарды бағындырып алған еді. Олар алым-салық төлеп тұрды, әскер қатарын толык- тырып отырды. Жоңғарияның өзімен көрші мемлекеттерге күшті қауіп төндіргені соншалық, XVIII ғасырдың бірінші жартысында тіпті Қытайдың сыртқы саяси кызметі негізінен осы мемлекетке қарсы күрес жүргізіп, оны әлсіретуге бағытталды.