Төртінші, басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес қазақстандық білім беру әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу міндеті:
«Білім берудің құрылымы мен мазмұнын жаңарту»; «Оқыту технологиясын жетілдіру»; «Білім беру сапасының ұлттық бағалау жүйесін дамыту» жолдары арқылышешіледі.
Білім берудің міндеті - әрбір адамға өз дарыны және бар шығармашылығын толық ашуға мүмкіндік беру. Демек, әркімге өзінің жеке жоспарын жүзеге асыруға жол ашу деген сөз. Бұл басты мақсат болып табылады.
Білім беру ісі қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуы жолында бірқатар міндеттер атқаруы тиіс. Әлеуметтік қажеттіліктердің ең маңыздысы осы қоғамның өзі тұжырымдаған игілік-ізгілік қағидаларын ұстануға ұмтылыс болып табылады.
Ең алдымен, білім алуға үйрену қажет. Алайда, ғылыми прогреспен және экономикалық, әлеуметтік саладағы жедел өзгерістерді ескере отырып, жалпы мәдени білімді шектеулі пәндерді терең игеру мүмкіндігімен ұштастыру қажет болады. Жалпы мәдени деңгейдің биік болуы үздіксіз білім алуға апаратын тікелей баспалдақ деуге болады, өйткені, ол білімге құштарлықты туғызады және өмір бойы ізденуге ықпал етеді.
Екіншіден, жұмыс істеуге дағдылану керек. Мамандықты үнемі жетілдіру – кең мағынада жан-жақты жетілу – болжап болмайтын көптеген тосын жағдайлардан алып шығады. Мұндай тереңділік пен біліктілікке қол жеткізу үшін оқушылар мен студенттердің оқумен қатар, кәсіби және әлеуметтік салада жұмыс істеп, өз қабілеттерін сынай алмайтындай және тәжірибе алатындай мүмкіндіктері болуы қажет.
Үшіншіден, бұл ең бастысы, өмір сүре білуге үйрену керек. Бұл мәселе 1972 жылы ЮНЕСКО қамқорлығымен жарық көрген Эдгар Фордың баяндамасында баса көрсетілген. Баяндамада атап өтілгендей, әр адамның бойында бұғып жатқан дарын атаулы түгелдей кәдеге асатындай жағдай жасалуы маңызды. Оның кейбіреуін атап өтсек, олар: ойлауға қабілеттілік, есте сақтау, қиялдау, дене мүмкіндіктері, сезімталдық ... Мұның бәрі адамның өзін-өзі дұрыс тани білуі қажет.