Байланысты: СӨЖ 4 Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларының қарама қайшылықтары
1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгір хан қазақ балалары үшін орыс мектеп-пансионатын ашты.
1846 ж. Сібір қазақ-орыс әскери училищесі негізінде Омбы кадет корпусы ірге көтерді.Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бітірді.
1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін жеті жылдық мектеп ашылды. Осы мектептің түлегі қазақтың демократ-ағартушы педагогі Ы.Алтынсариннің басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебі және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерінің (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистік идеяларын басшылыққа алып, өзі ашқан мектептердің оқу жүйесіне енгізді.
1879 – 89 ж. Торғай облысы халық ағарту училищелерінің инспекторы қызметінде жүріп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептерін, 1888 ж. Орскіде мұғалімдер мектебін ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдісіне қарсы күресті. Мектептерде ана тіліне қоса орыс тілін, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткізуді қуаттады. Алтынсарин патша үкіметі жүргізіп келген бұратана халықтарды орыстандыру – шоқындырып, тілінен, дінінен бездіру сияқты миссионерлік саясатқа қарсылық білдіріп бақты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ мектептері қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібіне қойыла бастады. Ол жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарастағы топтар пайда болды. Бірі – бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетінен қол үздіріп, бірте-бірте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екіншісі – орыс халқының прогресшіл озық мәдениет үлгілерін игеру арқылы өз елін өркениетті елдердің деңгейіне көтеруді көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар еді. Абай “Дүниенің кілті өнер-білімде”, “Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз”, – деп жастарға жар салды. А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бір топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесінің төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тілінде жүргізілсін” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тілінде тұңғыш әліппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жеті рет қайта басылып, 1925 жылға дейін қазақ мектептерінің негізгі оқу құралы ретінде пайдаланылып келген.