1921 ж. ақпанның 18-інде Бүкілқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бірыңғай мектеп жүйесін құру, кәсіптік-тех. білім беру, саяси тәрбие ісі, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды.
1922 – 23 ж. ұлт мектептерін төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде біраз шаралар іске асырылды, қазақ тілінде 14 оқулық шығарылды. Олардың ішінде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты.
1920 – 30 ж. республика мектептерінің оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-і күрделі жөндеуден өткізілді. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жетті (оның 1231-і қазақ мектебі), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жетті (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлі де өз дәрежесінде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары еді.