Жоспар: І. Тілдің құрылымдық және жүйелілік сипаттары



Дата13.10.2019
өлшемі64,69 Kb.
#49803
Байланысты:
Тілдің таңбалық — копия
Шакарим Багжан, Фонетика
Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелілік сипаттары

Жоспар:


І.Тілдің құрылымдық және жүйелілік сипаттары

1.1 Құрылым, жүйе терминдерінің сипаттамасы және олардың ғылымда қалыптасуы

1.2 Жүйе элементтерінің байланыс түрлері

1.3 Гетерогендік, гомогендік жүйелер

ІІ. Тілдің таңбалық сипаты



2.1 Тілдің таңбалық жүйесінің қалыптасуы. Семиотика

2.2 Жалпы семиотика мен тілдік семиотика

2.3 Тілдік таңбалардың түрлері және өзіндік ерекшеліктері

 

І.Тілдің құрылымдық және жүйелілік сипаттары



1.1 Құрылым, жүйе терминдерінің сипаттамасы және олардың ғылымда қалыптасуы

Құрылым, жүйе терминдері жалпы ұғымдарымен бір-біріне балама сөздер сияқты болып көрінуі мүмкін. Орыс тілінде структура, система сөзері кейбір мағыналарында бір-бірімен синоним бола алады. «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде» система грек тілінен алынған, «құрамдас бөліктердің жиынтығы, бүтіні» деген ұғымды берсе, структура латын тілінен алынған, «құрылысы», «орналасуы» деген мағынаны меңзейді.

Қазақ тілінде жүйе сөзі белгілі бір реттелген, тәртіптелген, бірінен соң бірі реттеліп келетін, бір-бірімен байланысты бөлшектердің тұтастығын білдірсе, құрылым бүтіннің іштей бөлшектерге бөлініп, бір жүйеде топтасуын білдіреді. К.Ахановтың оқулығында «бүтіннің элементтерінің арасындағы қатынастардың схемасы құрылым деп аталады» деп көрсетілген. Оқулық авторының пайымдауынша, жүйе тек құрылымнан тұрмайды. Әрбір жүйе оған тән және бір-бірімен байланысты үш түрлі атрибуттың – құрылым мен субстанцияның және қызметтің ұштасып келуінен және олардың диалекткалық бірлігінен тұрады.

Жалпы білім тұрғысынан алғанда, жүйе деп белгілі бір тәртіпте, бір-бірімен тығыз байланыста, қарым-қатынаста тұратын элементтерден құрылған біртұтас объектіні айтады. Жүйе құрамына енетін бөлшектер, тұлғалар жүйе элементтері деп аталады. Жүйе элементтерінің бірлігі – әр түрлі бөлшектердің өзара жымдасып, берік бірлікте, шартты қатынаста тұратын ұйымдасқан тәртіпті бірлік.

Көне заманнан бастап-ақ зерттеушілердің тілді фонетика, морфология, синтаксис, т.б салаларға жіктеп, әр саланы өз алдына қарастырған. Алайда, ол кезде объекті ұсақ элементтерге бөлшектеніп, әрбір элементтердің өзіндік қасиеттері жеке-жеке талданды да, элементтер бірлігіне , олардың ара-қатынастарына жете мән берілмеді. Жүйе, құрылым деген терминдердің өздері де әр түрлі мағынада түсіндірілді. Тек ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап объектіні жүйелілік, құрылымдық бағытта зерттеу мейлінше кең етек алып, зерттеудің көпшілік таныған үстем бағытына айналды.

Дыбыс тілінің әр түрлі элементтерінің кездейсоқ жиынтығы емес, бөлшектері бір-біріне тәуелді, өзара тығыз байланыста, шартты қатынаста тұратын біртұтас, бірбүтін күрделі тұлға екендігін алғаш атап айтқан ғалым – В.Гумбольд. Ол тіл-тілдің қай қайсысына болса да, екі түрлі тұлға, сала болады: оның бірі тілдің сыртқы формасына жататын материалдық сала да, екіншісі – тілдің ішкі формасына жататын – идеялық жағы. Бұл екеуінің бірінсіз бірінде күн жоқ. Осы екі форма бірігіп тілдің құрылымын құрайды деген болатын. В.Гумбольд жасаған бұл тұжырымдарды тіл білімінің басты міндеті деп санау – И.А.Бодуэн де Куртене мен Ф. Де Соссюр еңбектерінен басталады. Жүйе, құрылым деген атаулардың тіл білімінде кең қолданылып, тұрақты ғылыми терминге айналуы да осы кез.

Тілдік жүйе, тілдік құрылым деген терминдердің өзара байланысты екені, бірақ олардың тепе-тең еместігі, бір-бірінен өзгешеліктері барлығы , тіл білімі үшін бүгін айқындалған шешім. Жүйе тілдік құрылым деген ұғымға қарағанда кең мағынаны білдіреді, бүкіл тілдік фактілердің барлығының жиынтығына, бірлігіне қатынасты ұғым ретінде қолданылады, ал құрылым тілдік элементтердің тек қарым қатынасына ғана қатысты, жүйенің айрықша бір бөлшегі деп қана саналады.

Тілдік жүйе құрайтын кесек тұлғалар – фонетика, лексика, грамматика. Бұлар ғылымда ярус – қабат, уровень деңгей немесе жүйе я құрылым элементтері деп аталады. Бұл элементтер бірлігі – белгілі тәртіпке, ретке келтірілген, біріме-бірі жалғасып, бірінен-бірі туындап өрбіп, ұлғайып жататын өзектес, өрістес, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын шартты қатынастағы біртұтас бірлік. Бұлар – тіл деп аталатын тұтасқан күрделі объектінің жеке тармақтары. Өзара бірікте тұратын бұл салалардың құрылымы жағынан да, атқаратын қызметі мән-мағыналары жағынан да бір-бірінен елеулі өзгешеліктері бар, оның құрамына енетін элементтер белгілі бір тәртіпте сала-сала, жүйе-жүйе болып, ұсақтары бірлесіп кесек тұлғалар жасап, кесектері өздерінен төменгі элементтерге бөлшектеніп, бір-бірімен сабақтасып жатады.

Ал құрылым – бүтін нәрсенің элементтерінің арасындағы қатынастар схемасы. Құрылым бүтiннiң бойындағы әр тектес элементтердiң арақатынасынан және бiрлiгiнен тұрады. Ол элементтер мыналар: а) дыбыс (фонема), ә) морфема, б) сөз, в) сөйлем. Бұл элементтердiң арасындағы айырмашылықтар – сапалық айырмашылықтар. Демек, аталған элементтер бiр-бiрiнен сапасы жағынан ажыратылады. Әрбiр элементтiң сапасын оның қызметi айқындап белгiлейді.

а) Дыбыстар (фонемалар) – "құлаққа естiлетiн жай ғана дыбыстар емес", тiлдiң материалдық таңбалары (терминдiк емес, қарапайым мағынадағы таңбалар). Тiл дыбыстары (фонемалар) бiрiншiден, есту мүшелерi арқылы қабылданады, екiншiден, бiр сөздi екiншi сөзден, бiр морфеманы басқа морфемалардан ажыратады. Мысалы: т, д дыбыстары тән, дән деген сөздердi бiр-бiрiнен ажыратса, н, ң дыбыстары тон, тоң деген сөздердi бiр-бiрiнен ажыратады. Бұларға қосымша мына мысалдарды салыстырыңыздар: күн, түн, жүн; күз, күң, күш, құс, құл, күт; жүк, жүр, жүз; жан, жон, жөн; бас, бес, бос, бөс; досым, досың, досы; доспын, доссың және т. б.

ә) Морфема – мағына мен дыбысталудың бiрлiгiнен тұратын ең кiшi тiлдiк элемент (единица). Морфеманың түбiр (немесе негiзi) морфема деп аталатын түрi (мысалы, орыс тiлiндегi красный деген сөздiң құрамындағы красн-, қазақ тiлiндегi бүлiн деген сөздiң құрамындағы бұл - морфемасы) заттық (вещественное) мағынаны бiлдiрсе, аффикстiк (немесе көмекшi) морфема деп аталатын түрi не деривациялық мағынаны (сөз тудырушы аффикстiң мағынасы: мысалы, жылқышы, балалық деген сөздердiң құрамындағы –шы, -лық аффикстерiнiң мағынасы), не реляциялық мағынаны (сөздердi түрлендiретiн және олардың байланысын, бiр-бiрiне қатынасын бiлдiретiн аффикстердiң мағынасы; мысалы, ағаштың бұтағы дегендегi – тың, аффикстерiнiң мағынасы) бiлдiредi.

б) Сөздер заттар мен құбылыстарды, сапа мен белгiнi iс-әрекет пен қимылды және т.б. атайды, солардың атаулары ретiнде қызмет атқарады. Сөздiң бұл қызметi – номинативтi (атау болу) қызмет.

в) Сөйлем ойды бiлдiредi, хабарлау қызметiн атқарады. Сөз номинативтi қызмет атқарса, сөйлем коммуникативтi қызмет атқарады. Сөйлем коммуникативтi қызметтi, әдетте, сөздердiң бiр-бiрiмен тiркесiн, өз ара байланыста, предикативтi қатынаста жұмсалуы нәтижесiнде атқарады.

Тiл бiлiмiнде тiлдi жүйелiк қасиетi бар құбылыс, барлық элементтерi бiр-бiрiмен байланысты, өз ара бағынышты (тәуелдi) бiр тұтас (бiр бүтiн) құбылыс деп қарау тiлдiң табиғатын, бүтiн мен оны құрастырушы бөлшектердiң арақатысын, атап айтқанда, бүтiннiң оны құрастырушы бөлшектерге (тiлдiк элементтерге) тәуелдiлiгiн, керiсiнше, бөлшектердiң бүтiнге (тiлдiң бүтiндей жүйесiне) тәуелдiлiгiн айқындауға мүмкiндiк бередi.

1.2 Жүйе элементтерінің байланыс түрлері



Жүйе элементтері жүйе мүшесі ретінде жүйе құрамына еніп, өзі сияқты басқа тұлғалармен тікелей немесе жанама түрде байланысқа түседі. Тілдік тұлғалар байланысының төмендегідей бірнеше типтік түрлері болады:

Синтагмалық байланыс. Грек тілінен тараған бұл атау алғашқыда бір нәрселердің қосылуы, жалғасуы деген мағынаны білдірген. Қазіргі заман тіл білімінде тілдік элементтердің бір-біріне тіркесе жалғасуы деген мағынаны білдіреді. Синтагмалық байланысқа алдыңғысының кейінгісіне тіркесе, жалғаса айтылатын, я жазылатын элементтер байланысы жатады. Тіл өзінің қатынас құралымдық қызметін элементтердің синтагмалық байланысы арқылы атқара алады. Сөйлеу, сөйлесу процестерінің барлығы да тілдік тұлғалардың бір біріне тіркесе, жалғаса байланыстары нәтижеснде іске асады. Синтагмалық байланыс элементтер байланысының ең алғашқысы. Синтагмалық байланысқа келетіндер бір тектес тұлғалар: морфема мен морфема, сөз бен сөз. Құрылымы, мағынасы, қызметі жағынан әр тектес болып келетін тұлғалар синтагмалық байланысқа келе алмайды. Мысалы: дыбыс пен морфема, сөз бен сөйлем, т.б.

Парадигмалық қатынас. Грек тілінен ауысқан бұл атау мысал, үлгі деген мағынаны білдірген. Қазір ол – бір тектес элементтердің тобы, класы деген мағынаны білдіреді. Парадигмалық топ құрамына енетіндер – мағыналық, құрылымдық жақтарынан бірдей болып келетін тұлғалар. Мысалы, септік жалғаулар парадигмасы, фонемалар парадигмасы, т.б. Парадигмалық топ құрамына, класына өзара синтагмалық қатынасқа келе алатын тұлғалар енеді.

Иерархиялық қатынас (Төмендегінің өздігінен бір табан жоғарыға бағынуы). Бұл әр тектес тұлғалар байланысы деген мағынаны білдіреді. Қатынастың бұл түрі ұсақ парадигмалық топтағылардың өздерінен бір саты жоғары тұрған парадигмалық топпен байланысына негізделеді. Мысалы: дыбыстар материалдық көрсеткіш ретінде морфемалар құрамына енсе, морфемалар сөз құрамына, сөз тіркесі немесе сөйлем құрамына енеді. Иерархиялық қатынас арқасында тіл қабаттары бір-бірімен байланысқа келіп, біртұтас тілдік жүйе құрайды, сөйтіп, бүкіл тілдік механизм тұтасып қимыл жасайды. Иерархиялық қатынас мүшелері фонетика, лексика, грамматика, яғни тілдегі ұқсас жүйе элементтері.

1.3 Гетерогендік, гомогендік жүйелер



Тіл – жүйелер жүйесі. Тілдік жүйенің өмірдегі басқа жүйелерден өзгешелігі – оның күрделілігінде, көп қабаттылығында. Тіл бүтін, кесек жүйе бола тұра, өз ішінен әр түрлі ұсақ жүйелерге бөлшектенеді. Сондықтан тілдік жүйе жалаң болмайды, жүйелер жүйесі немесе гетерогендік жүйе деп аталады. Гетерогендік жүйе әр тектес тұлғалардан құралады, басқаша айтқанда, бұған мүше болатындар – фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жүйелер. Ұсақ жүйелерді, әдетте, гомогендік жүйе деушілік те бар. Гомогендік жүйе бір тектес тұлғалардан құралады. Тілдің жоғарыда аталған әр қабаты өз алдарына жеке бір-бір гомогендік жүйе болып есептеледі.

Біртұтас тілдік жүйе мен (гетерогендік) ұсақ жүйелер (гомогендік) арасында елеулі айырмашылықтар бар. Гетерогендік жүйеге мүше болатындар – әр тектес элементтер. Бұлар бір-бірімен тек иерархиялық қатынасқа ғана келе алады. Сондықтан жалпы тілдік жүйеге өзара иерархиялық қатынаста туатын әр тектес элементтердің бірлігі, байланысы деген анықтама дәл келеді. Ал оның құрамына енетін гомогендік жүйелерді құраушы бөлшектер бір тектес болады және олар бір-бірімен синтагмалық, парадигмалық қатынаста тұрады. Сондықтан гомогендік жүйе дегенге өзара синтагмалық, парадигмалық қатынастарда тұратын бір тектес элементтердің жиынтығы деген анықтама сай келеді.

Ұсақ жүйелер де өз ішінен тағы әр түрлі салаларға, топтарға бөлшектеніп келеді. Мысалы, тілдің дыбыстық құрамы өз алдына тұтас бір жүйе. Оның құрамындағы элементтердің, яғни жүйе мүшелерінің барлығына ортақ қасиет олар жеке қолданылмайды, жеке тұрғанда ештемені де білдірмейді. Олардың мәні бір-бірімен өзара байланысқа келгенде ғана айқындалады. Мұндай байланыста тұрғанда тіл дыбыстары сөз жасауға қажетті ең кіші материал ретінде пайдаланылады да, сигнификативтік қызмет (сөз мағынасын ажырату, бір сөзді екінші сөзден бөліп таныту) атқарады. Міне, бұл – дыбыстық жүйе құрамындағы элементтерге тән ортақ қасиет. Осындай ортақ белгілерімен қатар, дыбыстық жүйе құрамындағы элементтердің бір-бірінен азды-көпті өзгешеліктері де жоқ емес. Мысалы, т дыбысы мен а дыбысын салыстып қарасақ, алдымен алдынғыдан үннің, дауыстың жоқтығын, соңғыда олардың барлығын көреміз. Осы қасиеттеріне қарай жіктелгенде т дыбысына ұқсас келетін де, а дыбысына ұқсас келетін де дыбыстардың барлығы айқындалады. Сөйтіп т дыбысына ұқсастары өз алдына дауыссыз дыбыстар деген атпен бір топ болып бөлінсе, а дыбысына ұқсастары дауысты дыбыс деген атпен екінші топ болып бөлінеді. Осындай салыстыруларды т мен д, а мен о дыбыстарына да қолдануға болады. Соның нәтижесінде қатаң дыбыстар тобы, ұяң дыбыстар тобы немесе жуан дауыст дыбыстар тобы, жіңішке дауысты дыбыстар тобы деген тәріздес әр түрлі ұсақ топтар келіп шығады. Ал осы ұсақ топтар жоғарыда айтылған ортақ қасиеттері негізінде бірігіп, парадигмалық ең жоғары топ (қабат) – тілдің біртұтас дыбыстық (фонетикалық) жүйесін құрайды.

Жоғарғы және төменгі топтарға морфема, сөз жүйелері де жіктеле алады. Мысалы, морфема өз ішінен түбір морфема, қосымша морфема деген топтарға бөлінсе, қосымша морфема өз ішінен жұрнақ, жалғаудеп аталатын, алдынғылардан гөрі де ұсақ топтарға бөлінеді. Ол-ол ма, жалғаулардың өзін септік, көптік, тәуелдік жалғаулар деп бұрынғыдан да гөрі ұсақ топтарға бөлшектеп әкетуге болады. Бұл топтағылар сөздің мағыналы бөлшектері, сөз құрайтын материалдар дейтін барлығына ортақ қасиеттері негізінде бірігіп, парадигмалық ең жоғарғы топ (қабат, уровень) – тілдің біртұтас морфемалық жүйесін құрайды.

Осы айтылғандай жоғарғы, төменгі топтарға сөздер жүйесі де синтаксистік жүйелер де бөлінеді.

Тілдің басқа қабаттарына қарағанда лексиканың өзіндік ерекшеліктері бары даусыз. Мұның жүйелік элементтері фонетика мен грамматикадағыдай айқын, ашық та, көп те емес. Мұндағы элементтер де әр түрлі жолмен өзара байланысып жатады. Бір-бірімен салыстыруға, біріне-бірін қарама-қарсы қойып айқындауға болатын жүйелік сипат бұдан да табылады. Мысалы, ақылды – есті, амандасу – сәлемдесу, ниеттес – тілектес, жау – дұшпан тәріздес синоним сөздерді, жақсы – жаман, үлкен – кіші, алыс – жақын тәріздес антоним сөздерді, сол сияқты амоним мен полисемия сөздерді, т.б. бір-бірімен тендестіре немесе қарама-қарсы қоя қарасақ, оларда бір тектес сипаттың барлығы байқалады. Осылай тәріздес сипаттарын есептеген ғалымдар лексиканы тілдің фонетикалық, грамматикалық жүйелері сияқты өз алдына гомогендік бір жүйе деп санайды. Бұл – дұрыс пікір.

Жүйеге байланысты айтылуға тиісті тағы бір пікір – тілдегінің барлығы бірдей жүйелі ме, жүйесіздік деген онда бола ма деген мәселе. Тілдің негізіне жататын нәрсе – жүйелілік екендігі, жүйелі болу – оның табиғатына тән қасиет екендігі даусыз. Бірақ бұдан тілде жүйеге жатпайтын, одан ауа жайылған ештеме жоқ деген қорытынды шықпайды. Мысалы Дауыссыз дыбыстар қатаң, ұяң болып жұпталып келеді, бірақ сонор дыбыстарда ондай жүйелілік жоқ. Дауыссыз дыбыстардың ішінде к, қ, г, ғ дыбыстары жуан, жіңішке мәнде бір-біріне қарсы қойылады, бірақ дауыссыздардың басқа түрлерінде мұндай жүйелілік жоқ. Грамматикада зат есімдердің кейбір түрлерін жіктеп айтуға болса (студентпін, студентсің), басқа көптеген түрлерін (стол, кітап) олай жіктеп айтуға болмайды. Бұл жағдай тілде мүмкіндіктің орасан молдығын, оның жүйесінің ашықтығын, оны жеріне жеткізе, бар мүмкіндігін сарқа пайдалау мүмкін еместігін байқатады.

Сонымен, тілдің өз алдына біртұтас жүйе екендігі, өзіндік заңы бойынша өмір сүріп, қызмет атқаратындығы талассыз қағида. Тіл жай ғана жүйе емес, ол өз ішінде қайшылықтарға толы жүйе екендігін, онда күні бітіп құрып бара жатқан көнелер мен өмірге енді ғана келген жаңалардың өмір сүре беретіндігін, оған қоғамның әсерін тигізіп, ықпал жасап отыратындығы жете ескерілуі қажет.

ІІ. Тілдің таңбалық сипаты

2.1 Тілдің таңбалық жүйесінің қалыптасуы. Семиотика

Дыбыс тілі қатынас құралының ең маңызды түрі болғанымен, оны қолдану әрдайым мүмкін де, тиімді де бола бермейді. Кейде дыбыс тілі арқылы хабарлауға, білдіруге болмайтын жайттар өмірде жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда бір нәрсе жайында басқаларға хабар беру, сол хабардың шартты көрсеткіші ретінде әр түрлі материалдық белгілерді қолданған. Ондай шартты белгілер қазақ тілінде таңба деп аталады. Таңба деп басқаларға білдірмекші болған белгілі бір хабардың орнына қолданылатын сезім мүшелерінің біріне заттық, құбылыстық, дыбыстық, сәулелік, әрекеттік, тағы сол сияқты белгілерді айтады. Белгілі бір нәрсені білдіру, хабарлау қызметін атқарып тұрған материалдық көрсеткіш, яғни таңба, таңбалаушы деп аталады да, ол білдіріп тұрған мағына таңбаланушы деп аталады. Мысалы: бағдаршамның қызыл жарығы – таңбалаушы да, ол білдіріп тұрған «жүруге болмайды» деген мағына – таңбаланушы. Ондай шартты белгілер – материалдық жағынан да, білдіретін хабарының мазмұны, оны беру тәсілі мен таңбаның құрылымдық сипаты жағынан да алуан түрлі, ол ғылым объектісі болуға жарайтын, мейлінше күрделі құбылыс. Осы себептен үстіміздегі ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап таңбаларды зерттейтін семиотика деп аталатын дербес ғылым қалыптасты.

Семиотика грек сөзі, мағынасы – белгілі. Семиотика – хабаршы таңбалар туралы жалпы теориялық ілім. Ол таңбалардың табиғатын, жүйесін, түрлерін, қолданылу процесіндегі құбылыстарын, таңбалардың бір-бірімен және өздері білдіретін мағынамен қарым-қатынасын зерттейді.

Семиотика – жас ғылым болғанымен, әр түрлі материалдық таңбаларды хабаршы таңба ретінде қолдануды адамдар ежелгі заманнан бастап-ақ білген. Мәселен, Аристотель «ауыз екі айтылған сөздер – ойдағы түйсіктің символы, ал жазу – сөздің символы», - деген. Кейінгі заманда өмір сүрген Гоббс, Локк, Лейбниц, т.б философтар тіл – таңбалар жүйесі деп есептеген. Тілде таңбалық сипаттың барлығын ХІХ ғасырдағы көрнекті тіл ғалымдары – Ф.Бопп пен В.Гумбольд айтқан. Дегенмен, бұл мәселенің тіл білімінің негізгі проблемаларының бірі ретінде қойылып, тіл білімінде оны зерттейтін тілдік семиотика дейтін саланың болу қажеттігіне көз жеткізген ғалым – Ф. Де Соссюр.

2.2 Жалпы семиотика мен тілдік семиотика



Жалпы семиотика бүкіл таңба атаулыға бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ теория қалыптастыруды көздейді. Ол таңбалар арасында болатын өзгешеліктерге, әсіресе тілдік таңбалардың спецификалық ерекшеліктеріне онша мән бермейді. Семиотика үшін тілдік таңбалар да бірдей, барлығы да хабар беруші, коминикативтик қызмет атқарушы тұлғалар. Сондықтан, олардың барлығы да бірыңғай ортақ заң ережелерге бағынуы керек. Іс жүзінде семиотиканың теориялық тұжырымдары көбінесе тілге жатпайтын көмекші тұлғаларға негізделеді. Бірақ, тілдік таңбалар мен тілге жатпайтын таңбалар арасында түбірлі өзгешеліктер болады. Осы себептен семиотиканың жалпы теориялық тұжырымдары тілдік таңбалардың сырын ашуда біраз септігін тигізгенімен, таңбалардың өзіндік сипаттарын, таңба мен ол білдіретін мағына арасындағы қарым-қатынасты айқындай мәселелеріндегі оның қағидалары тілдік таңба сипатына сай келмейді. Бұл жағдай тілдің таңбалық сипатын жалпы семиотикалық шеңберінде қалдырмай, одан бөліп алып, ерекше сөз етудің қажеттігін байқатады.

Тілдік семиотика біраз мәселеде жалпы семиотиканың қағидаларына сүйенеді, соны басшылыққа алады. Өйткені, жалпы таңбаларға тән кейбір қасиеттер тілдік таңбада да болады. 1)Барлық таңбалар сияқты тілдік таңба да сезім мүшелерінің біріне білінетін материалды болады; 2)Бір нәрсе жайын хабарлайды, коммуникативтік қызмет атқарады; 3)Белгілі бір мағынаға, мазмұнға бағытталады; 4)Өзі білдіретін мағынамен қатынасы емін-еркін болады, олардың арасында табиғи байланыс болмайды; 5)Өз жүйесіндегі басқа таңбалардан бір немесе бірнеше айырым белгілері арқылы жекеленіп танылады.

2.3 Тілдік таңбалардың түрлері және өзіндік ерекшеліктері



Тілдік таңбалар: фонема, морфема, сөз тіркесі, сөйлем. Тілдік таңбаның белгілері: 1)еріктілік, 2) шарттылық.

Еріктілік, шарттылық дегеніміз – таңба мен сол таңба арқылы белгіленген заттың немесе ұғымның арасында ешқандай табиғи байланыстың жоқтығы.

Сондықтан бір зат әр түрлі тілдерде әр түрлі аталады. Тiлдiң таңбалық сипаты оның негiзгi ерекшелiктерiнiң бiрi болып саналады. Осылай болғандықтан, философтар мен лингвистер бұл мәселеге (тiлдiң таңбалық сипаты туралы мәселеге) ертеден берi-ақ көңiл аударып келедi. Тiлдiң таңбалық табиғаты әсiресе Бодуэн де Кутэненiң еңбектерiнен және Фердинанд де Соссюрдiң «Жалпы лингвистика курсы» атты еңбегi жарыққа шыққаннан бергi дәуiрде кең көлемде қарастырыла бастады. Ф. де Соссюр тiлдi таңбалардың жүйесi деп есептейдi де, оны таңбалардың басқа жүйесiмен салыстыра қарайды. Ол былай деп жазды: «Тiл дегенiмiз идеяларды бiлдiретiн таңбалардаың жүйесi, демек, оны жазумен, мылқаулар үшiн жасалған әлiппемен, символ мәндi әдет-ғұрыптармен, сыпайылық формаларымен,әскери сигналдармен және т. б. салыстыруға болады.

Жалпы таңба атаулының, әсiресе тiлдiк таңбаның айырықша белгiсi оның табиғатының екi жақтылығында. Семиотикалық ереже бойынша таңба бір жақты, тек материалды ғана болады. Мағына таңба құрамына енбейді. Таңбалық қызметтен айырған күнде олар бастапқы қалпында қала береді. Бұл қағидаға жеке тұрғанда ешқандай мағынаны білдіре алмайтын, бір нақты элемент болып есептелетін фонемалар болмаса, тілдегі басқа тұлғалардың ешқайсысы да сай кемейді, өйткені тілдегі сөз болсын, сөйлем болсын екі жақты тұлғалар. Оның үстіне, бұлардың мағыналары өздерінің материалдық жағынан бөліне алмайды, бұл екеуі айрылмастық бірлікте тұрады, егер бір-бірінен айрылса, өмір сүруден қалады. Шындығын, тілдік жүйе мейлінше күрделі, көп сатылы, көп қабатты, көп элементті жүйе. Тілдегі алуан түрлі тұлғалар тек құрылымдары жағынан ғана емес, мағыналары мен қызметі жағынан да түрлі-түрлі. Олардың ішінде екі жақты да, жартылай екі жақты да, бір жақты да тұлғалар бар.

Екі жақтағыға сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер жатады. Жартылай екі жақтыға көмекші морфемалар жатады. Бір жақтыға фонемалар жатады. Тілдің негізгі тұлғаларының қатарына дыбыс, морфема, сөз, сөйлем жатады. Дыбыс – тілдің ең кіші материалды бөлшегі. Ол, біріншіден, тілдің өзінен бірер басқаша жоғарыда тұратын тұлғаларын жасауға материал болса, екінші жағынан бір тұлғаны екінші тұлғадан айыратын танытқыш белгі қызметін атқарады. Дыбыс жеке тұрғанда ештемені де білдіре алмайды, мағынасыз болады. Сондықтан, ол екі жақты мәні бар таңба жасауға қатысқаны болмаса, өзі таңбалық қызмет атқара алмайды. Өйткені, таңба болу үшін бір нәрсені хабарлауы, білдіруі керек. Дыбыстардың осы айтылған ерекшеліктеріне қарап оны ғалымдар бірде диакритикалық белгі десе, енді бірде фигура деп атайды.

Фонемалардан бір басқыш жоғары тұратын тұлға – морфема. Морфеманы, әдетте, өзіне тән мағынасы бар екі жақты тұлға деп санайды. Бірақ морфеманың мағынасы атауыштық, хабаршы мағына емес, грамматикалық мағына және ол мағынасы номинативтік мәні бар негізгі морфемамен бірге тұрғанда ғана білінеді. Екіншіден, сөздердің морфемаларға жіктелуі тіл атауының барлығына бірдей тән құбылыста емес, сөздердің құрамын морфемаларға бөлуге болмайтын тілдер де болады. Морфема – атауыштық мәні бар лексемалар мен фонемалар арасындағы аралық категория. Ол тілдің структуралық тұлғасы, бірақ хабаршы таңба бола алмайды.

Морфемадан жоғары тұратын тілдік қабаттың үшінші басқышы – сөз. Сөз – тілдегі негізгі тұлға. Сөз – ұғымның материалдық көрсеткіші. Ол жеке тұрып та белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіреді. Сөз жеке мағынаны, ұғымды барлап көрсету сияқты атауыштық қызметтен бастап, ойды білдіретін сөйлемге дейін орасан көп міндет атқарады. Сондықтан да сөздің табиғатын, таңбалық мәнін зерттеген ғалымдардың көпшілігі оны тілдің ең өзекті, ең универсалды, айрықша тұлғасы, тілдегі негізгі таңба деп санады.

В.Гумбольд, Ф Де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ сияқты әйгілі ғалымдардың «Таңба – екі жақты құбылыс: оның бір жағы сыртқы материалдық, дыбыстық көрсеткіші де, екіншісі ішкі мағыналық, идеялық жағы. Таңба дейтініміз осы екеуінің бірлігі», - дейтін тұжырымдарына толықтай сай келетін тілдік тұлға – сөз. Бірақ сөз көмекші таңбалар сияқты өз бойында мағынасы жоқ, құр материалдық белгі емес, материалдық жағы мен идеялық жағы бір-бірінен ажырамайтын бірліктегі біртұтас тұлға.

Тілдің тіршілігі сөйлеуде, сөйлесуде екені белгілі. Сөйлеу сөйлемнен, сөйлемдер тіркесінен құралады. Сөйлем – сөйлеудегі, пікір алысудағы ең негізгі және бірден-бір коммуникативтік тұлға. Сөйлемнің негізгі түрі – бірнеше сөздерден құралатыны. Сөйлем құрамына ену арқылы тілдің төменгі қабаттары жанданып, өз бойларындағы барлық мүмкіндіктерін жарыққа шығара алады. Сөйлем тілдің тұлғалардың ең жоғары, құранды қабаты болумен бірге, таңбалық жағынан да ең күрделі тұлға болып есептеледі.

Сонымен, семиотикалық сипаты жағынан тілдік тұлғаларды таңбалар жүйесі, фигуралар жүйесі деп екіге бөлуге болады. Таңбалар жүйесіне сөздер, сөйлемдер жатады да, фигуралар жүйесіне фонемалар мен морфемалар жатады. Бұлардың алдыңғылары екі жақты тұлғалар да, соңғылары таңба құрайтын материалдар болғандықтан, бір жақты тұлға болып есептеледі.

Егер белгiлi бiр элемент семиотикалық жүйеде ешбiр мәнге ие болмаса, онда ол сол жүйенiң таңбасы емес, жай ғана физикалық дыбыс болып қалады. Тiлдiк таңбаның екi жақты сипаты оның ең мәндi белгiлерiнiң бiрi болып саналады. Шартты жүйелердiң (тiл жүйесiнен басқа жүйелердiң) таңбаларында бiр таңбалаушыға, әдетте, бiр ғана таңбалаушы сәйкес келсе, тiлдiк таңбаның екi жағы бiр-бiрiмен басқаша пропорция бойынша қатынасқа түсуi мүмкiн. Мұны былайша көрсетуге болады: «бiреу: бiрнешеу» (бiр ғана таңбалаушы: бiрнеше таңбаланушы) немесе «бiрнешеу: бiреу» (бiрнеше таңбалаушы: бiр ғана таңбаланушы). Тiлдiк таңбаның таңбалаушы және таңбаланушы жақтарының мұндай қатыстарының салдары үлкен және олар тiлдегi полисемия мен омонимия құбылыстарынан (бiр ғана таңбалаушы – бiрнеше таңбалаушы), синонимия құбылысынан (бiрнеше таңбалаушы – бiр ғана таңбаланушы) және тiл жүйесiндегi синкретикалық формалар мен дублет формалардан көрiнедi. Тiлдiк таңбаның екi жағының белгiлi бiр дербестiгi таңбаланушының меншiктi қызметiнен басқа қызметке ие болуына, ал таңбаланушының оның таңбасының өз формасынан басқаша құралдармен айтылуына мүмкiндiк бередi.

Тiлден басқа барлық таңбалар жүйесi қолдан жасалады. Олар келiсiм бойыншы жасалады және келiсiм бойынша өзгере алады. Таңбалардың мұндай жүйесi қоғамдағы адамдардың қатысуымен және солардың келiсiмi бойынша жасалады. Ал дыбыстық тiлдiң дамуы қоғам мүшелерiнiң еркiне бағынышты емес. Әрбiр жаңа ұрпақ сол қоғамда тарихи қалыптасқан тiлдi қабылдайды, үйренедi. Шартты таңбалар жүйесi өзгерiске ұшырауы, жетiле түсуi, бiр таңбаны басқа бiр таңбаның ауыстыруы мүмкiн. Мысалы, рим цифрларының жүйесi араб цифрларының жүйесiмен ауыстырылады, жаңа ноль таңбасы енгiзiлдi. Таңбалар жүйесiндегi мұндай өзгерiстер стихиялық түрде емес, саналы түрде, келiсiм бойынша болады. Дыбыстық тiл бұлайша өзгерте беруге көнбейдi. Ол өз дамуының заңдары бойынша өзгередi, дамиды, өзiнiң дербестiк қасиетiн сақтайды.

Барлық таңбалар жүйесi, сайып келгенде, дыбыстық тiлге негiзделедi. Шартты таңбалардың барлығының да мағынасы тiл арқылы айқындалады және дыбыстық тiлге «аударылады».

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қордабаев Т. «Жалпы тіл білімі». – Павлодар, 2010. – 234 б

  2. Аханов К. «Тіл білімінің негіздері». – Алматы, 2002. – 664б

  3. https://helpiks.org/7-13519.html

  4. Кодухов В.И «Введение в языкознание». – Москва, 1979.


Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлігі

Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

СРОП

Тақырыбы:«Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелілік сипаттары»

Тексерген:Самекбаева Э.М

Орындаған:Нұрбек Д.Н



Тобы: КЯ-903С

Семей, 2019

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет