Бүгінгі күні дүниежүзілік мұнай қорының 3%-на ие Қазақстан, әлемдегі мұнайға бай 15 елдің қатарына кіреді.. Мұнай қорларының 90%-дан астамы– Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кенқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозащы, Әлибекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское ірі кен орындарына шоғырланған. Кен орындары Қазақстанның 14 облысының алтауында орналасқан. Олар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте, көмірсутектері қорларының шамамен алғанда 70%-ы Қазақстанның батысында топтасқан.Аумағында 930 млн. тонна өнеркәсіптік санаттағы қорлары бар 75-тен астам кен орындары ашылған Атырау облысы неғұрлым барланған мұнай қорларына ие. Облыстың ең ірі кен орны – Теңіз (бастапқы алынатын қорлары – 781,1 млн. тонна). 150 млн. тоннаға жуығы қалған кен орындарының үлесіне тиеді. Бұл қорлардың жартысынан астамы екі кен орнына – Корлевское (55,1 млн. тонна) мен Кенбайда (30,9 млн. тонна) шоғырланған.
Маңғыстау облысының аумағында өндірілетін 725 млн. тонна өнеркәсіптік санаттағы мұнай қоры, 5,6 млн. тонна конденсаты бар 70-тен астам кен орындары ашылды. Бұл кен орындарының жартысына жуығы пайдаланылуда. Олардың көпшілігі игерудің соңғы сатыларында. Қалдық қорлардың басым бөлігі алынуы қиын кен орындарына жатады. Ең ірі кен орындар – Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас. Батыс Қазақстан облысында сұйық көмірсутегі шикізатының алынатын қорлары 320 млн. тоннаға жететін және газдың алынатын қорлары 450 млрд. текше метрден астам Қарашығанақ кен орны болып табылады. 2005 жылдың қыркүйегінде Қарашығанақпен жалғас жатқан Федоровский блогында көмірсутегі шикізатының табылғаны туралы жарияланды. Мұндағы мұнай және газ конденсаты қорлары 200 млн. тонна болады деген болжам жасалып отыр.
Мұнайгазға қанықтығы жағынан алғанда тағы бір болашағы зор аймақ Ақтөбе облысы болып табылады. Мұнда 25-ке жуық кен орындары ашылды.
Қызылорда мен Қарағанды облыстарының мұнай өндіруші салаларының негізін Қазақстандағы бесінші мұнайгазды өңір – Құмкөл кен орындары тобы құрайды. 2005 жылдың жазында осы аймақта жұмыс істейтін «ПетроҚазақстан» компаниясы Қызылқия кен орнының солтүстік шекарасына жалғас жатқан Көлжан лицензиялық аумағында мұнайдың коммерциялық қорлары аңғарылғаны туралы жариялады.
Достарыңызбен бөлісу: |