ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕЛЕРІНІҢ
ТҮРЛЕРІ
3.1. Қазақ тілін оқыту әдістемелерінің түрлері
Оқыту әдістемесі - педагогиканың күрделі саласының бірі - дидактика тарауында қаралады. Дидактика /оқыту теориясы/ гректің didaktikos - оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оку процесінің зандылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді.
Мысалы, "Дидактика средней школы" /Москва, "Просвещение", 1975 г. 146 стр./ деген еңбекте И.Я.Лернер, М.Н.Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді. 1. Объяснительно-иллюстративный или информационно-рецетивный. 2. Репродуктивный. 3. Проблемное изложение. 4. Частично-поисковой или эвристический. 5. Исследовательские - деп оқытудың бес түрлі әдісіне тоқталса, Г.А.Ильина "Педагогика" еңбегінде оқыту әдістемесінің 4 түріне тоқталады. Ал академик Ю.К.Бабанский де осындай оқыту әдістерінің түрлеріне тоқталып, оны оқытушының шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп көрсетеді.
Ә.Исабаевтың "Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері" деген 1993 жылғы еңбегінде қазақ тілінен білім беру әдістерін: практикалық жақтан үйрету әдістері, теориялық жақтан үйрету әдістері және теориялық-практикалық үйрету әдістері деп жіктеп, оларды ішінара бірнеше әдістерге топтастырады.
Оқытудың теориясын зерттеген ғалымдар ғылыми еңбектерінде оқыту әдістерінің анықтамасын былай берген. И.Д.Зверев: "Оқыту әдістері дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары", - десе, Ю.К.Бабанский: "Оқыту әдістері дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру", - дейді. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов өз еңбектерінде: "...Қазақ тілін оқыту әдістемесі - казақ тілін оқытудағы мұғалімдердің озық тәжірибелерінің қорытындыларына негізделген оқыту әдістерінің жиынтығы туралы ғылыми пән", - деген.
Профессор Ә.Исабаев: "Қазақ тілінен білім беру әдістері сан алуан. Осы әдістерді әдістемеде жіктеп көрсетудің мәні зор. Жіктеп көрсетуде, біріншіден, оқушыға берілетін білімнің сапасы артады, екіншіден, оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден, мұғалімнің атқаратын жұмысы жеңілдейді... Оқушылар тілді практикалық-теориялық және теориялық-практикалық жағынан меңгереді. Қазақ тілінен білім беру әдістерін топтастыру әдістемесінің соңғы жетістіктеріне негізделеді", - дейді.
Нұржанова Ж. өзінің «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары» атты әдістемелік құралында оқыту әдістерін бес түрге жіктейді:
1. Түсіндіру әдісі. Бұл әдіске ауызша баяндау - түсіндіру, әңгіме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады.
2. Кітаппен жұмыс істеу әдісі: Мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау - анықтама, түсініктер, жоспар, конспект, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
Көрнекілік әдіс, экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану т.б.
Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі - демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі: кодоскоп, эпидоскоп, компьютермен жұмыс, т.б.
5. Жаттығу әдісі, ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.
Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті - ауызша баяндаудан басталады. Мұғалімнің оқушыларға жаңа білімді баяндап айтып беруін - ауызша баяндау әдісі дейміз. Ауызша баяндау әдісі оқушылардың жас шамасына қарай, кысқа, не ұзақ баяндалуы мүмкін. Мұғалім күні бұрын өзінің баяндайтын сөзін ойланып алуы керек, егер бұрын баяндау жолына ысылмаған болса, мазмұндаманың жобасын жазып алғаны дұрыс. Ауызша баяндап, мазмұндап берудің үш түрі бар: әңгіме әдісі, түсіндіру /объяснение/, лекция түрі.
Достарыңызбен бөлісу: |