3.4. Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі
Мектептерде техникалық құралдарды оқу-тәрбие жұмысына енгізу 1960-70 жылдары басталды. Алғашқылардың бірі болып С.И.Архангельский, Н.М.Шахмаев, Т.К.Кирш, тағы басқалары оқу-тәрбие ісінде техникалық құралды пайдалануға зор мүмкіндіктер барлығын ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы дәлелдеп берді.
Н.М.Шахмаев: “Урок с применением технического средства - это качественно новый тип урока, на котором учитель вынужден согласовывать методику своего объяснения учебного материала с той методикой, которая принята в телевизионной: передаче кинофильма, звукозаписи, радиопередаче" /Шахмаев Н.М. "Технические средства обучения", Москва, 1974 г., с. 5/.
Соңғы кезде біздің елімізде сабақта жаңа технологиямен жұмыс істеу - мысалы, компьютермен жұмыс істеу де қолға алынуда.
Қазақ тілі сабағы бойынша сабақта техникалық құралдарды пайдалану жолдарын Б.Құлмағамбетова зерттеп, құнды пікір айтты: "...техникалық кұралдарды пайдаланып өткізген сабақта оқушылар жалықпай тыңдаған жаңа оқу материалын қабылдау процесінде олардың әр түрлі сезім мүшелері /көру, есту, т.б,/ қатысатындығын, соның нәтижесінде оқушылардың қызығушылығы артып, түсіндірілген материалдардың бәрін қабылдауға мүмкіндік туғызады", - деді. /Б.Құлмағамбетова "Қазақ тілі" сабағында техникалық құралдарды пайдалану, 1975/.
Қазір мектептерде көбірек қолданылып жүрген техникалық құралдар - эпидоскоп, кодоскоп, магнитофон. Осыларды ана тілі сабағында пайдалана отырып оқыту мұғалімнің уақытын үнемдеп, оқушыларды білім алуға қызықтыра түседі. Мысалы, фонетика, тарауын оқытқанда лингафон аппаратымен жұмыс істеу дыбыстарды жіктеріне қарай тез ажыратуға жәрдемін тигізеді. Әуелі сөздер оқылады, кейін сөздегі буындар буынға бөліп оқылады, кейін буын саны сұралынады.
3.5. Жаттығу әдісі
Жаттықтыру сабақтың барлық сатысында, жұмыстың барлық түрімен байланысты өте кең дәрежеде қолданылатын белсенді тәсіл.
Жаттығулар, әдетте жеңілден басталып барған сайын күрделене, қиындай береді. Жаттығулар алуан түрлі, солай болуға тиісті. Жаттығулар біркелкі болса оқушыны жалықтырады. Жаттығуларды екі топқа бөлуге болады: 1) тілдік жаттығулар, 2) сөйлеу жаттығулары.
Тілдік жаттығулар тілдік нұсқалар туралы алғашқы білімді оқушыда бекітуге арналады. Оқулықтардағы жаттығулардың көбі – осы тұрғыдағы жаттығулар. Бұл жаттығулар оқушыны сөйлей білуге үйретуге, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға керек. Тілдік жаттығулар нақты бір тілдік нұсқаларға, материалға арналады. Жаттығу мазмұны дидактиканың талабына сай оқушының білім деңгейіне, жасына лайықты, тәрбиелік мәні күшті болуы керек.
Сөйлеу жаттығуларының да мәні өте зор. Сөйлеу жаттығулары белгілі үлгі бойынша сөйлем құрастырудан басталады. Сөйлеу жаттығуларына мазмұндама да жатады. Мазмұндама ауызша және жазбаша түрде жүргізіледі. Мысалы, оқушыға мәтінді оқытып, оның мазмұнын ауызша және жазбаша жазғызуға да болады. Сонымен қатар шығарма жазғызу да сөйлеу жаттығуларының бір түріне саналады. Шығарма – оқушының өз ойын, түсінігін, пікірін басқаға өзінше жеткізудің бір түрі. Шығарма жазуға қойылатын талаптар да оқушының сыныбына, тілдік білім дәрежесіне қарай белгіленеді.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы, 1965.
Исабаев У. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы, 1999.
Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы, 1995.
Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. -Алматы, 2004.
Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы, 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |