Морфологиялық құрылыстың негізгі стильдік белгілері
Жоспар:
1. Морфологиялық құрылыстың негізгі стильдік белгілері.
2. Морфологиялық тұлғалардың жеке стиль түрлеріне қатысы.
Морфологиялық құрылыс стильдік қолданыс тұрғысынан сөздік қормен салыстырғанда біршама бейтарап екені айқын. Өйткені морфологиялық кұрылыс стильдік топтардың қай саласына да бірдей, барлығына да тән. Сондықтан сөз таптарының немесе сөз тудырушы аффикстер мен сөз өзгерту тәсілдерінің бір-бірінен оқшау қолданылу сырлары анық байқала бермейді. Солай бола тұрса да, тілдің морфологиялық тұлғаларының стильдік қолданылу жүйесі мен заңдылықтары бар. Оны мына өзгешеліктерден де байқауға болады. Алдымен стилистика тілдегі синонимдік құбылыстармен ұштасып жатады. Ал біздің тіліміздің морфологиялық құрылысында да мұндай синонимдік қатарлар кездеседі. Әрине, сөз өзгертуші, сөз жасаушы қосымшалардың синонимдік қатарларын айқындау, жіктеу тілдің лексикалық қорымен салыстырғанда әлдеқайда қиын жұмыс. Тіпті сөз қолдану тәжірибесінде белгілі бір аффикстің қай аффикспен синонимдігі барлығын ажырату мүмкін де бола бермейді. Оған себеп: біріншіден, қандай бір аффикс болмасын өзі жалғанған (немесе, біріккен) түбірге қосылып, оның өз мәні айқын жіктеліп тұрмайды. Екіншіден, тілдің грамматикалық құрылысында кез келген аффикс абстрактану процесіне ұшырайды. Соның салдарынан, оның өзіне ғана тән мән-мәнер бірте-бірте көмескіленіп, өшуге айналады. Қазіргі тіліміздегі бүршік, талшық, келіншек, т. б. сөздерді осы сипатында, осы күйінше тұтас ұғынамыз, оны түбір мен қосымшаға жіктеу былай тұрсын, -шік, -шық, -шек аффикстерінің біркезгі кішірейту мәнерін де байқамаймыз. Бірақ түйіншек, інішек, төбешік сөздерінің құрамында бұлардың, кішірейту мәнері айқын сезіледі. Соңғы сөздер құрамындағы (түбіршік, інішек, төбешік) -шық, -шақ ұзынша, сұрша сөздері құрамындағы -ша аффиксімен мәндес болғанмен, алдыңғы сөздер (бүршік, талшық келіншек) құрамындағы сондай аффикстермен мәндес деп есептелмейді. Осылар тәріздес, жеке сөздер ыңғайында, бір-бірінен мәнерлік айырмасы бар, бірақ орайлас мағыналы сөздер жасайтын қосымшалар қатарына сын есім жасайтын -ғыш пен -шақ, -қыр мен ғыш, -шыл мен -қай, -шыл және -паз, -қор қосымшаларын жатқызуға болар еді. Осылар арқылы жасалған сөзшең мен сөйлегіш, тапқыр мен тапқыш, сауықшыл мен сауыққой, шайшыл, шайқор, ойынпаз, ойыншыл тәрізді сөздер орайлас мағыналы, бірақ бір мәнерлі емес. Осы ыңғайда аталған аффикстердің синонимдік қатар құрай алатындығын көруге болады. Бірақ аффикстер арқылы жақа сөз жасауда кездесіп отыратын грамматикалық шектелу процесі де ескерілуі қажет. Мәселе мынада: сөзшең, сөйлегіш сөздерінің синоним болуы олардың құрамындағы -шең, -гіш аффикстеріне байланысты болғанмен, -шаң аффиксі жалғаса алатын түбірлердің бәріне бірдей -гіш аффиксі қосылып айтыла бермейді. Мысалы, ашушаң, бойшақ, тершең деп айта береміз, бұлардың қайсысы да кісінің белгілі бір ерекшелікке бейімділігін білдіреді. Дегенмен осы түбірлерге -гіш аффиксін тікелей қосып айтуға болмайды. Есім түбір туынды етістікке айналғанда ғана (ашуланғыш, терлегіш) жалғанады. Бірак сол түбірге -шыл аффиксі тікелей қосылып, -шең аффиксімен синонимдік қатар құрады: ашушыл, тершіл. Сондай-ақ, тапқыр, тапқыш сөздерінің синоним болуы -қар, қыш, -қыр аффикстеріне байланысты. Бірақ сенгіш, болжағыш, сөйлегіш, байқағыш, аяғыш сөздеріне -қыр аффиксін жалғап айтуға келмейді. Сонымен, сөз жасаушы аффикстердің синонимдік қатар кұруы кез келген сөз құрамынан байқала бермейді. Аффикстердің синонимдігі жайында айтқанда, түбірге қандай аффикс жалғана алатындығы ескерілу керек болады.
Сөз өзгертуші қосымшалар ішінде де контекстік қолданыста бір-біріне синонимдес қолданылатындары бар. Мысал үшін М. Әуезовтің “Абай жолы” романында кездесетін мына сөйлемдерге назар аударайық: Ауыл шаппақ, жылқыға тимек, тұрысатын жерін айтысып бөліспек… Шырағым, Абай мұны істемек болса, ол құпияның ісі емес, әшкеренің ісі ғой… Абай асықпай киініп боп, енді үйге қайтпаққа артына бұрылып еді. Осы сөйлемдер құрамындағы -мақ тұлғасымен келген сөздерді (етістік тұлғаларын), егер авторлық қолданысты ескермесек, өзгертіп айтуға да болар еді. Ауыл шауып, жылқыға тиіп, тұрысатын жерін айтысып бөліспек…— Шырағым, Абай мұны істейтін болса, ол құпияның ісі емес, әшкеренің ісі ғой… Абай асықпай киініп боп, енді үйге қайтуға артына бұрылып еді. Сөйтіп, бұл жерде -мақ қосымшасының -а, -й, -у тұлғаларының орнына қолданылғандығын көруге болады. Сол сияқты, Абай өлеңдерінде де мынадай қолданыстар кездеседі: Мал жияды мақтанын білдірмекке, көзге шұқып малменен күйдірмекке… Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек? Мұнда да -мақ қосымшасының басқа тұлғалар орнына қолданылғандығы байқалады.
Жеке сөз таптарының өздеріне ғана тән категорияларының ішінде сөз қолданыстың белгілі бір заңдылығы қалыптасқан. Осы ретте көптік жалғауларының қолданылу заңдылығын еске алу қажет болады.
Көптік жалғаулары ең алдымен көптік ұғым туғызу үшін қолданылатыны белгілі. Өз табиғатында жекелік ұғымға негізделген сөздер көптік жалғаулар арқылы көптік мән алады (тас — тастар, кітап — кітаптар т. б.). Қазақ тіліндегі кей сөздер сол күйінде, қосымшасыз-ақ көптік мағына бере алады. Бұлар көбіне топталған, жинақталған заттардың атауы болады. Мысалы, шаш, қас, сақал, жүн, бидай, тары, сұлы, жүгері, шөп, өсімдік, т. б. Бұл сөздерге мағыналық тұрғыдан көптік жалғаудың ешбір қажеті жоқ. Бірақ кейде жазушы не басқа автор өз ойын тұспалдап жеткізу үшін жинақты зат атауларына көптік жалғау жалғап та қолданады. Бұндай реттерде зат атаулары өзінің тура мәнінде емес, ауыспалы мәнде айтылады, көп ыңғайда жансыз, зат жандыға айналады.
Көптік жалғау осындай мәнді туғызудың тәсілі болады. Мысалы: Күн көзінің алтын кірпіктері аласа үйлерден асып, биік үйлердің терезелерін шам жаққандай жарқырата бастады (Ғ. Мүсірепов.) Жазушы кірпік сөзін көптік жалғауынсыз да қолдана алар еді, бірақ онда заттық мән айқын болмас еді. Көпбастар шұлғысып, көп сақалдар шошаңдасып қалды. Бұл жүрістің түбі бір жанжалға соғатынын сезінген қу тақымдар шыбындап Игілік тобына өздері қосылып, елден-елге шығарып салып қайтысты (¥. Мүсірепов).
Жинақтық мәнді зат есімдерге көптік жалғауларын қосып қолдану кеңсе стилінде немесе ғылыми әдебиеттер стилінде кездесе бермейді. Мұндай сөз қолданыстары, әрине, тек көркем әдебиет пен публицистикалық шығармалар тіліне ғана тән. Кейде көптік жалғау заттын, көптігін білдіру үшін қолданылмай, оның көп кісіге ортақтығын, теңдігін, қатыстылығын білдіру үшін де айтылады. Ондай зат атауы көбіне сөйлемнің толықтауы-шы, яғни істің объектісі қызметінде тұрады. Мысалы: Сонан кейін шетіңнен ұрысыңдар, қожаларыңды сыйламайсыңдар деп барлығына да жағалай ұрысып, аяңдап өзінің бөлмесіне қарай тартты (Гоголь). Сөйлем құрамындағы ұрысыңдар, қожаларыңды сөздері көптік жалғаулы болғанмен, мағынасы жағынан бірдей емес. Алдыңғы ұрысыңдар сөзі көп кісіні білдіреді де, соңғы қожаларыңды сөзі қожаның көптігін білдірмей, оның (қожаның) біреу болғанмен, көп кісіге ортақтығын, көп кісіге қатыстылығын білдіреді. Сөз қолданыстың бұл түрі тек көптік жалғауларға ғана тән емес. Тіліміздегі басқа да көптік тұлғаларға тән жәйт. Мысалы: “Былшық басқан көзіміз, тарлан тартқан кезіміз” дегендей, бұлтағы көп бұлыңғыр заманыңды шала алмай қаламыз… (Ғ. Мүсірепов). Бұл сөйлемдегі көзіміз, кезіміз сөздері де сондай мәнде айтылған. Егер сөйлем ішінде бірыңғайлас зат атаулары қатарынан, бірінен соң бірі айтылатын болса, сөз жинақы, түсінікті болу үшін көптік жалғауы олардың ең соңғысына ғана жалғанады. Мысалы: Пұшарбай, Садырбай, Мұңсызбайлар боп Майбасарға мықтап дүре соқты (М. Әуезов).
Алайда, аталған заттардың әрқайсысын мағыналық жағынан даралап, әрқайсысының көптігін баса көрсету қажет болғанда, көптік жалғауы жеке-жеке жалғанады. Мысалы: Жолдастар, жауынгерлер мен командирлер! (А. Бек.) Қазақ сөйлемінде қалыптасқан норманың бірі — көптік жалғау бір-бірімен синтаксистік қатынасқа түскен, бірі екіншісіне тікелей қатысты екі есім сөздің соңғы айтылған қосарына жалғанады. Мысалы: Қазіргі жастар шетінен білімді. Дегенмен стиль айқындығы үшін, әрқайсысының жеке-жеке қатыстылығын баса көрсету керек болғанда, жоғарғы сөйлем құрамындағы шетінен сөзіне көптік жалғау жалғанады. Мысалы: Қазіргі жастар шеттерінен білімді. Соңғы сөзге көптік жалғауының жалғануы сөзге логикалық екпін түсіріп, әрқайсысын даралай айтуға мүмкіндік береді. Мына сөйлемдер құрамындағы көптік жалғаумен келген сөздер де сондай мақсатпен қолданылған: Қенесарыға ерген жұрттьң Шу мен Сарысу бойында жатқан жылқыларын айдап бұрылды… Кейбір үйлерде құрмет көрсетіп өзінен жоғары отырғызса, кейде сол жоғарыға өзі отырып алып, кәрі биді төменірек сырғытып жібереді (Ғ. Мүсірепов).
Қөз, құлақ, аяқ, бет, қабақ, тәрізді зат атауларының көптік жалғауында қолданылуы айрықша стильдік мән алады. Бұларды көптік жалғауынсыз қолдану — қазақ тілінің замандар бойы қалыптасқан заңдылығы. Қазақ құлақ дегенде бір ғана құлақты емес, екеуін де, сондай-ақ көз дегенде көздің біреуін ғана емес, екеуін де еске алады. Сол себептен көзі көк (адам), көзін көкшитіп деп сөйлейді де, көздері көк адам, көздерін көкшитіп тәрізді сөз қолданыстарын оғаш көреді. Алайда қазіргі әдеби тілімізде мұндай сөздерді көптік жалғауында қолдану мағына айқындығы, ой саралығы үшін қажет тәсіл есебінде қалыптасып бара жатыр. Мына сөйлемдер құрамындағы көптік жалғаулы сөздер сондай процестің нәтижесі:
Рульді көптен бері ұстамағандықтан әбден тосырқап қалған қолдар оны баппен ұстап олай-бұлай бұрай бастады… Мынау қолдар Сталинградта трактор жасаған қолдар (Ғ. Мүсірепов). Ресчи қағаздар тілінде де осы тәріздес сөз қолданыстың жиі кездесуі сол мақсаттан туса керек.
Көптік жалғауының тағы да мынадай екі түрлі қызметін атаған жөн. Егер көптік жалғауы сан есімдер мен үстеулерге (мезгіл үстеулеріне) жалғанса, ол көптік мағына бермей, долбарлы, шамамен алғандағы мөлшерді, мерзімді білдіреді. Мысалы: Әкелері Тұяқбай ерте өлген, шешелері Ұлберген шаруадан қалмаған, жасы қырық бестердегі кісі (С. Мұқанов). Мұрат ертеңдері келіп қалар. Мұндай сөз қолданыс әрине, ресми қаулы-қарарлар, анықтамалар мен ақпарлар, куәліктер тіліне тән емес. Көптік жалғауларының бұл қызметі көркем әдебиет тілінің ерекшелігі. Әдеби шығарма өмір құбылысының образды көрінісі ғана. Сол себептен оған статистидалық мәліметтерді дәл де тура келтіру қажет те болмайды.
Көптік жалғау жалғанған Оспандар, Омарлар, Мараттар сияқты жалқы есімдер есім иесінің көптігін білдірмей, сол және соның айналасындағылар, қасындағылар дейтін ұғымды білдіреді. Мұндай сөз қолданыстың басты мақсаты — оның жинақы болуын және аты аталған кісіні оның айналасындағылардан, қасындағылардан бөлектеп, даралап айту.
Сөз жүйесінде септік жалғаулары да айрықша көңіл аударуды қажет етеді. Өйткені олар тек сөз бен сөзді байланыстырып қоймайды, жалғанған сөзіне қосымша мән де үстемелейді.
Айрықша көңіл аударатын септік жалғауларының бірі — ілік септігі. Оның жалғаулары бірде айтылады да, бірде айтылмай түсіп қалады. Бұл тек грамматикалық құбылыс қана емес, сөз қолданыспен ұштасатын ерекшелік. Ілік септігінің жалғаулары мынадай реттерде түсіріліп айтылуы мүмкін:
1) Ілік септіктегі сөз конкретті меншікті, тәнділікті білдірмей, абстрактылы немесе коллективтік қатынасты білдірген жағдайда: колхоз малы, товар айналымы, сауда айналымы, мемлекет қаржысы, т. б. Бұл әсіресе жазба тілде қалыптасып келе жатқан салт. Дегенмен, логикалық екпін түскенде немесе тәуелдік жалғаулы сөздің білдіретін мағынасынын. нендей құбылысқа, затқа, кісіге катыстылығын білдіру ниеті көзделгенде, ілік жалғауы түсірілмей айтылады. Мысалы: Дүниежүзінің халықтары бейбітшілік пен бақыт жолындағы қозғалысты қолдай алады… (газеттен). Бұл сөйлемде дүние жүзінің халықтары, яғни ілік жалғауымен келген. Бұл жердегі ілік жалғаулы конструкция нақтылы мақсатпен айтылған.
2) Қейде жалпының жалқыға, бүтіннің бөлшекке қатысын білдіретін реттерде де ілік жалғауы түсіріліп айтылуға бейім болады. Мысалы: гүл иісі (гүлдің емес), тауық сорпасы, қой еті деп қолдану әрі жинақы, әрі қалыптасып қалған норма тәрізді болып көрінеді. Жазба тілде солай қолданылады да. Дегенмен кейде ілік жалғауын түсірмей қолдану да қажет болады. Мына сөйлемге назар аударайық: Сондықтан маған тауықтың еті мен сорпасы жұғын да болған жок, (С. Мүқанов). Жігттің түсін айтпа, ісін айт (мәтел). Онымен бірге басқа иіс емес, әдемі әтірдің иісі ере келгендей болды (газеттен). Осы сөйлемдер құрамындағы ілік жалғаулы сөздердін, жалғауын түсіріп айтса, сөйлем қиыспайды. Өйткені әңгіме жалпы сорпа мен ет жайында емес, тауықтың сорпасы мен еті жайында болып отыр.
3) Мән-мағынасы жағынан айқын анықтауды керек етпейтін жағдайда ілік жалғаулы сөз бен көмекші есімдерден құралған тіркестердің, құрамындағы ілік жалғауы түсіріліп айтылады. Мысалы: бірде кітап стол үстінде жатыр, бірде кітап столдың үстінде жатыр деп айтуға әбден болады. Бірақ екі сөйлемнің айтылу мақсаты бірдей емес. Алдыңғысында кітаптың бар екендігі ғана хабарланып тұр, сондықтан стол сөзі жалғаусыз айтылған. Әдетте іс-қимылдың болған, болатын, болып жаткан мекені айрықша аталып көрсетілуі керек болғанда, мұндай тіркестердің құрамындағы ілік жалғауы түсірілмей қолданылады.
4) Күрделі атаулардың құрамында ілік жалғауы бірнеше рет қайталануға тиіс болса, солардың тек біреуі, кейде екеуі ғана түсірілмей толық айтылады да, басқалары түсіріліп айтылады. Мысалы: Қазақ (тың) мемлекеттік С. М. Киров (тың) атындағы университеті, Шымкент (тің) облысы (ның) Сарысу ауданы (ның) “Победа” колхозының тұрғыны. Мұндай күрделі атаулар құрамындағы ілік жалғауынын, түсіріліп айтылуы қазіргі тілімізде нормаға айналып кетті. Бұлардың ізімен тіпті екі сөзден құралатын атаулар құрамындағы ілік жалғауы да түсіріліп айтылады. Мысалы: балалар (дың) бақшасы, пәтер (дің) ақысы, кафедра (ның) меңгерушісі т. б. Бұндай тіркестер ауызекі сөйлеу тілінде ешбір жалғаусыз, қабыса байланысқан тіркес түрінде де айтылады: балабақша, пәтерақы т. б.
Қазіргі жазба тілде ілік жалғаулы конструкцияға -лық аффиксімен келген тіркестер мәндес болып келеді: қоғамдық, мал, ауылдық совет, мемлекеттік орған, бесжылдық жоспар, т. б. қазіргі тілімізде қалыптасып, тұрақталып кеткен тіркестер абстрактілі тәндікті, қатынасты білдіретіні белгілі. Мүндай сөз колданыс — әдеби тілдің кейінгі дамуының жемісі. Жазба әдеби тілдің жаңа қалыптасу дәуірінде бұл сияқты тіркестер ілік жалғаулы конструкция түрінде айтылған. Бірақ қазіргі әдеби тіл мұндай қалыптасқан терминдік тіркестерді ілік жалғауымен қолданбайды.
Барыс жалғауы іс бағытталған, арналған жанама объект мәнінде, кейде жатыс жалғауымен синонимдік қатар құрады. Мысалы: Терезе алдындағы алма ағашы бөлмеге күн сәулесін түсірмейді. Терезе алдындағы алма ағашы бөлмеде күн сәулесін түсірмейді (газеттен). Ол от-дәріні қай жерге сақтайды, қайтеді — ол жағынан хабарсыз болады. Ол от-дәріні қай жерде сақтайды — ол жағынан хабарсыз болады (Есенберлин). Осы сөйлемдер құрамындағы бөлме, жер сөздері бірде барыс жалғаулы, бірде жатыс жалғаулы болып қолданылған. Барыс тұлғасының жатыс тұлғалы сөзбен жарыса қолданылуы статикалық күйді, қалыпты білдіретін етістіктермен тіркесіп келгенде де байқалады, Қазақ тілінде қону (далада қону, далаға қону), қамау (үйге қамау, үйде қамау), бату (суға бату, суда бату), отыру (орындыққа отыру, орындықта отыру), қалу (жұмыста қалу, жұмысқа қалу) тәрізді етістіктер екі түрлі септік жалғауын қажет етеді. Қай тұлғада (барыс, не жатыс тұлғасы) қолданса да сөз мақсатымен, контекс ерекшелігімен байланысты болады.
- Барыс жалғауы (осы мәнде) кейде көмектес жалғауымен жарыспалы қолданылуы да кездеседі. Мысалы: Төрт түлікке толды аймақ, осынау аулым колхозда (Жамбыл). Осы сөйлемнің алдыңғы бөлігіндегі түлікке сөзін өзгертіп көмектес септікте қолданып, төрт түлікпен толды аймақ осынау аулым колхозда деп айтуға да болар еді. Бұдан грамматикалық тұрғыдан ешбір нұсқан келмес еді. Бірақ бұл жерде мынадай бір ерекшелікті ескеру керек. Барыс жалғауда қолданғанда сөз мағынасы үдемелі мәнде ұғынылады. яғни жоғарыдағы сөйлем ыңғайында айтқанда “қазір көп болғанмен, әлі де көбейе береді” дейтін ұғым туады. Өйткені барыс септік әдетте козғалыспен, қимылмен байланысты қолданылуға бейім. Ал түлік сөзін көмектес септікте айтсақ, онда бүкіл аймақ сонымен толы болды, ешбір бос жер қалмады дейтін ұғым туар еді. Іс-қимылдың болатын мезгіл-уақытын, мезгіл мөлшерін білдіруде барыс септікке жатыс септік синоним болады. Сонымен қатар, сөйлем ішінде іргелес орналасқан сездердің бәрі бірдей жатыс жалғауында айтылуы әуезділік тұрғысынан да, айқындылық тұрғысынан да пайдасыз болар еді. Мынадай бір мысал келтірейік: Айтқан уақытта дәл келу, айтқан жерде дәл болу — біздер үшін қатал заң. Осы мысалда қатар тұрған екі сөздің де жатыс тұлғалы болуы ойландырарлық жай. Сірә, дұрысы алдыңғы сөзді барыс тұлғасында қолданып, “Айтқан уақытқа дәл келу, айтқан жерде дәл болу — біздер үшін қатал заң” деп айту орынды болмақ. Өйткені, сөйлемнің, алдыңғы бөлігіндегі келу етістігі қимылды білдіреді, олай болса, барыс септік айтылу орынды, ал соңғы бөліктегі болу — статикалық қалыпты білдіреді, сондықтан бағыныңқы сөздің жатыс тұлғалы болуы дұрыс.
Қазақ тілінде бірде сөз табыс жалғауымен келеді де, бірде табыс септік мәнді болса да, жалғаусыз айтыла береді. Мысалы: кітапты оқыды, кітап оқыды. Бірақ барлық ыңғайда да табыс жалғауын қоспай айтуға бола бермейтіні айқын. Мына реттерде жалғаусыз айтуға болмайды: а) Кісі аттары: Әйгерім Абайды кінәламаса да, ақтамақшы емес (М. Әуезов). Жіктік және сілтеу есімдіктер: Шеген біржола мені тартып әкетті (Р. Мүсірепов). ә) Сын есімдер мен сан есімдер, есімше етістіктері іс-әрекеттің объектісі мәнінде айтылса табыс жалғауы түсірілмейді: Жақсыны көрмек үшін (мақал). Сағат сегізді соқты… Шын тапқан деп жақсылық тапқанды айтат та (М. Әуезов). Егер осы сөйлемдер құрамындағы сөздердің табыс жалғауын түсіріп айтатын болсақ, онда сөз мағынасы өзгерер еді немесе сөйлемдегі сөздер өз ара дұрыс байланыспай жүйесіз болып шығар еді.
Екінші жағынан, табыс жалғауын әр уақытта қосып айтуга бола бермейді. Бұл, ең алдымен, бір ғана ырғақпен айтылып, қалыптасып кеткен сөйлемдер құрамында жиі кездеседі. Мысалы: Орақшының жаманы орақ таңдайды (мәтел). Ғылым таппай мақтанба, орын таппай, баптанба (Абай). Осы сөйлемдер ішіндегі орақ, ғылым, орын сөздеріне табыс жалғауын жалғап айтсақ, ырғаққа сыймас еді.
Табыс жалғауының айтылмауы кейде сөзге логикалық екпіннің түспеуімен де байланысты. Мысалы: Абай мен Ербол Семей қаласының өз ішінен пәтер алды (М. Әуезов) деген сөйлемдегі пәтер сөзіне табыс жалғауын қосудың қажеті жоқ. Сөйлемнің мақсаты — Абай мен Ерболдың қаланың ішіне орналасқанын хабарлау ғана. Егер ой мақсаты пәтер алуын хабарлау болса, табыс жалғауын қосу керек болар еді. Бала кітап оқыды. Бала кітапты оқыды деген сөйлемдер құрамындағы кітап сөзінін, табыс жалғаулы және жалғаусыз жұмсалуы да осындай.
Бала кітап оқыды дегенде бала бос отырмады, бір нәрсемен айналысып отырды деген біршама жалпы мән болса, бала кітапты оқыды дегенде басқаны емес, тек кітапты оқығандығын хабарлау мақсаты бар.
Қазақ тілінде табыс септік жалғауының кейде барыс тұлғасымен жарыспалы қолданылуы кездеседі. Әкесі Маратты ұрысты, әкесі Маратқа ұрысты тәрізді бір ғана сөзді екі түрлі айтып, жазу салты бары белгілі. Әдеби нормаға жақын түрі, әрине, барыс жалғаулы түрі болса керек. Ұрысу етістігі өз табиғатында барыс жалғауын қажет етеді. Сондықтан жоғарғыдай сөздердің табыс жалғаулы түрін әдеби нормадан ауытқушылық деп қана қарау қажет.
Табыс жалғауы кейде шығыс жалғауымен жарыса қолданылады. Бірақ ондай қолданыстың кейбір мағыналық ерекшелігі бар. Мысалы: судан аттады — суды аттады, бұрыштан айналды —- бұрышты айналды, асудан асты — асуды асты, өзеннен өтті —- өзенді өтті тәрізді бірде шығыс, бірде табыс септік жалғауы айтылады. Мұндай ыңғайда шығыс септіктің қолданылуы жалпы мән берумен байланысып жатады. Екінші сөзбен, шығыс жалғаулы сөз белгілі бір нақты объектіні көздемейді, істің орындалу барысындағы өтілуге тиіс объектінің бірі ретінде ұғынылады. Ал, табыс септігінің қолданылуы нақты объектіні еске алуымен (байланысып жатады. Іс- қимылдың мекен-орнын білдіруде жатыс тұлғасы шығыс жалғауымен жарыспалы қолданылуы мүмкін. Мысалы: Алматы қаласында № 12 мектепте оқыдым. Алматы қаласында № 12 мектептен оқыдым. Мұндай варианттардың жатыс жалғаулы түрі қазіргі тілімізде жиі қолданылып жүр.
Жатыс септікте тек мезгіл мәнді (кез, шақ, уақыт, т. б.) сөздер ғана емес, лексикалық тұрғыдан оған жатпайтын сөздер де мез-гілдік мән ала алады. Мысалы: Тыныштықта сүйген менің қырдағы. әнім— Москва (Ерғалиев). Бұл жерде нақтылы мезгіл — уақыт жоқ, оны (мезгілді) белгілі бір күйге, қалыпқа мезгеу арқылы жобалау ғана бар. Сондықтан мұндай қолданыс публицистика мен көркем әдебиетте ғана жиі кездеседі. Ресми стиль (кеңсе стилі және ғылыми әдебиеттер стилі) мұндай реттерде айқындыққа, дәлдікке ұмтылады.
Шығыс жалгауы мынадай мағыналық мәнерлерде қолданылады: Заттың неден істелгендігін білдіреді: тастан үй салды. 2) Нәрсенің шығар көзін білдіреді: білімді кітаптан алады. 3) Іс-әрекеттің шығатын, таралатын мекенін білдіреді: Қарағандыдан көмір шығады. 4) Іс-қимылдың пайда болу, таралу мезгілін, уақытын білдіреді: жастайынан суретке әуес. Дегенмен халық тілінін практикасында тастан үй салды, ағаштан ыдыс жасады тәрізді тір-кестерді шығыс септігінсіз-ақ “тас үй салды, ағаш ыдыс жасады” деп айту да бар. Әдеби тілде екеуі де жарыса қолданылады. Бұл екі тәсілдің арасындағы айырмашылық: шығыс -септік жалғауы заттың неден істелгендігін білдіріп, сөзге логикалық екпін береді. Егер мүндай даралап, нақтылау қажет болмаса, олар шығыс жал-ғауынсыз, түбір күйінде айтыла береді. Мысалы: Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды (ЬІбырай). Осы сөйлемдегі ақын-ның айтайын деген ойының өзі белгілі дәрежеде шығыс септік тұлғасына байланысты. Сол сияқты, ағаштан ыдыс жасады — ағаш ыдыс жасады тәрізді параллельдер мағыналық мәнер тұрғысынан бірдей емес. Алдыңғысында заттың тегін көрсету басым да, соңғысында заттың жасалу фактісі ғана хабарланған.
Кейде табыс септік пен шығыс септіктің тұлғалары мәндес қол-данылады. Ауызекі сөйлеуде, “қалтаңдағы ақшаңнан жұмса”, “ақшаңды жұмса” деп мәндес қолдану жиі кездеседі. Дегенмен жазба тілде (сөйлеуде де) мынаны ескерген дұрыс. Егер айтылып отырған іс-әрекетке сол зат түгел қатысты болса ғана табыс тұлғасын қолдану орынды, ал ішінара қатысты болса шырыс тұлғасын қолдану дәл.
Шығыс септік тұлғасының мезгілдік мәнде жұмсалуы қарапайым сөйлеуде, әпистолярлык, қағаздарда, сондай-ақ көркем әдебиет шығармаларында жиі кездеседі. Шығыс тұлғасы- мезгіл-уақытты дәл көрсетіп, белгілі мөлшерді білдірмейді, тұтас бір кезеңді, мол уақыт мөлшерін көрсетеді. Әрқашан дәлдікті, басы ашық айқындықты мақсат ететір стильдер жүйесіне бұл ыңғайлы тәсіл болмайтындығы да сондықтан.
Көмектес септік, негізінен, іс-қимылдың не, кім арқылы жасалғандығын, іс-әрекеттің болу ерекшелігін, себебін, орын-мекенін, мезгілін білдіретіні мәлім. Көмектес жалғауы мекендік мәнде жатыс септік орнына жұмсалады. Мысалы: Рахмет бір күні Нева проспектісімен келе жатты (Ерубаев). Жоғарғы сөйлемді Рахмет, бір күні Нева проспектісінде келе жатты деп те айтуға болар еді. Дегенмен бұл жердегі бір ерекшелік көмектес жалғауы істің мекенін сол мекен-орынның ұзына бойына созылған қимылмен байланысты білдіреді. Жатыс септік тұлғасынан мұндай жіктелген мән байқалмайды. Сол сияқты мезплдік мәнде қолданылғанда көмектес септік тұтас мерзімді білдіреді: Күнімен күтті, түнімен жүрді. Көмектес жалғауы бұл мәнде тек бойы көмекші есімді тіркестермен ғана синоним бола алады: Күні бойы күтті — күнімен күтті.
Сонымен, зат есімнің септік жалғаулары, олардың кейбір қолдану ерекшеліктері осы тәрізді. Септік жалғауларын дұрыс қолдану ең алдымен олардың грамматикалық ерекшеліктерін, мағыналары білу деген сөз.
Қолданылу сипаты тұрғысынан назар аударатын грамматикалық категорияның бірі — сын есімдердің заттануы, сөйтіп зат есім мәнінде қолданылуы, Сөйлеуде болсын, жазба тілде болсын сын есімдердін, зат есім мәнінде қолданылуы — сөздін, жинақы, ойдың образды болуы үшін ұтымды тәсіл. Мына төмендегі үзінділерде сын есімдер сондай мәнде қолданылған:
Сонан бері рақымсыз көп жыл өтті,
Орақ келді, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті (Абай).
… Өзен тоқтап, көп мақпал қара ағып бара жатқандай сезіледі
(Ғ. Мүсірепов). Дегенмен, сын есім атаулының бәрі бірдей заттанып, зат есім мәнін алуға бейім бола бермейді. Сапалық сын есімдердің көпшілігі-ақ сондай мәнде жұмсалуға бейім болса, кейбір қатыстық сын есімдердің мұндай қасиеті жоқ. Ауызекі тілде әр кез кездесетш “әлгі құлықсыз келді”, “құнтсызбен жолдас болма” тәрізді конструкциялар жазба- тізде кездесе қоймайды. Жазба тіл мұндай реттерде сын есімді зат есімдермен тіркестіріп қолдануға (құнтсыз адам, құлықсыз бала) ұмтылады.
Ауызекі сөйлеуде де, жазба тілде де адам мағынасында заттануға бейім қатыстық сын есімдер мыналар: -ғыр (-гір), -ғыш (-гіш) аффикстері арқылы жасалған сөздер: білгір, білгіш, айтқыш, сөйлегіш. Сондай-ақ, екі зат есімнің, не зат есім мен сын есімнің бірігуінен жасалған сын есімдер де көбіне бейнелі ойдық көрінісі ретінде ауызекі сөйлеуде де, жазба тілде де жиі кездеседі: тас бауыр, су жүрек, өр көкірек, есалаң, ашқарақ, қан құйлы, жансе-біл, көкжал т. б.
Қатыстық сын есімдердің мағынасы өздерінің арғы төркіндерінің мәніне орайлас келіп жатады. Мысалы: мақтаншақ (мақтануды сүйетін адам), ашушаң (тез ашуланатын адам), білгіш (көп білетін кісі немесе көп білемін деп ойлайтын кісі) т. б. Бұл ерекшелік кейбір қатыстық сын есімдерді реті келген жерінде мәндес конструкциялармен ауыстырып қолдануға мүмкіндік. береді: Бала жаңа туған кезінде ұйқышыл болады. Бала жаңа туған кезінде көп ұйықтайтын болады. Екі сөйлемде де айтылатын ой — біреу.
Тәсілі өзгеше: бірінде сын есім, бірінде синтаксистік конструкция қолданылған. Дегенмен, бұлардың әрқайсысы әр түрлі стильдік жүйеде қолданылуға бейім. Егер публицист жазушы өз шығармасында қатыстық сын есімді қолданса, ғылыми еңбектің авторы онның орнына есімшелі сөз тіркесін лайық көрер еді.
Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебінде” мынадай сөйлемдер бар. Сені жәдиттің молдасын жалдап әкелді деп еді, рас па? — деп сұрайды.
— Рас, — дейді Нұртаза.
— Ондай дін бұзғыштарды қайдан жолатып жүрсің? — дейді хазірет.
— Дінді бұзған молданы көрген жоқпын, — дейді Нұртаза.
Бұл үзіндіде бір ғана мән екі түрлі тәсілмен — сын есім және синтаксистік конструкция арқылы берілген. Бұлай қолданыс — әрі сөз қайталамаудың, әрі ойды мәнерлі де айқын айтудың тәсілі.
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:
Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 2005, 256 б.
https://www.edulife.kz/lesson-plan/56061
Тапсырма:
Дәріс бойынша конспект жазу
Көптік жалғауының жалғануы арқылы сөз мағынасының өзгеруіне көркем шығармадан 5 мысал келтіру. Стильдік қолданысына талдау жасау
Достарыңызбен бөлісу: |