№3 дәріс. Қалқа Жапсарбаев (1886-1975), Қуат Терібаев (1890-1952) шығармашылығы.
Жоспары:
1. Қалқа Жапсарбаев шығармашылығы.
2. Қуат Терібаев шығармашылығы.
Әдебиеттер:
1.Қабан жырау “Алтын қазық”. Алматы,-1993ж.
2.Жолдасбеков М. “Асыл аналар”.
3.“Бабамыз Балпық хақында мақала-зерттеу.//Кітапта:Балпық әулие,-Талдықорған 1994ж. 3-28 беттер.
4.Есенгелді мен Балпық бидің төрелігі // Кітапта: “Қабан жырау”Алматы. “ Берен’’1993 ж. 138-бет.
1.Халықққа асқақ та әуезді ән, әдемі жырмен әйгіленген Жетісу жерінің желмая ақындарының бірі – Қалқа Жапсарбаев.
Ол импровизатор, суырып салма айтыскер ақындар өлкесіндегі өркеші өте биік көрінетін Қабан жырау, Сүйсінбай, Бақтыбай Жамбыл сынды тұлпардың тұяғы, асылдардың көзі, алтындардың сынығы.
Қалқа Жапсарбаев 1886 жылы шілде айында Жетісу өлкесінің Тай Жалайыр болысына қарайтын Мұқыры ауылында, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. (Қазіргі Алматы облысы, Көксу ауданы). Он үш жасынан Көпжасар, Тақтабай деген байлардың Хорлов деген кулактың малдарын бақты, шөптерін шапты, жалшылықта болды. Әкесі кедей болды. Қалқа оңай тұрмысқа жаси қоймады – домбыра тартты, ән салды, өлең айтты. Қабан, Қыдыралы, Бақтыбай ақындардың өлеңдерін жаттап, айтып жүрді.
Қапал төңірегінде Қалқа қатыспаған той-думан болмады. 1908-1922 ж арсында ел аралап, Омарбек, Құрама, Әлежек, Қайрақбай, Кене ақындармен айтысып жүрді. 1920 жылы Қосшы Одағын құрғанда соғанн мүше болып, 1930 жылы колхозға кірді.
1938-1945 жыл арасында Киров ауданындағы колхоз-совхоз театрларында істеді. Соғыс кезінде үлкен еңбек сіңірді. Ол кездегі Талдықорған, Арқаның бірнеше облыстарын аралап, халықты жеңіске, үлкен тылдағы еңбекке шақырды. 1961 жылы Қалқаға “Халық ақыны” деген құрметті атақ берілді.
Қалқа бұрынғы заманда малы болмай, қалың беріп алатын шама жоқтан ұзақ уақыт бойдақ жүреді. Сол кезде:
Ішпедім ел қатарлы шынымен шай,
Мінбедім той болғанда астыма тай.
Жоқтықтан қойнымда жоқ сүйген жарым
Өмір бос өткені ме, о, дариға-ай –
деп өлең айтады. Елінің, жерінің де жақырғанын ақын жырына қосады. Оны әсем Көксудан бастайды.
Көксудың басы сол жерде,
Содан шығар мың бұлақ,
Бұрала ағып күмістей
Тарам – тарам сылдырап
Жеріме бақша егіліп,
Жібекке жерім көміліп,
Басында жанды шамшырақ –
дейді.
Қалқа Жапсарбаев өзек жарды өз жырын төгілдіре жүріп, халық қазынасын да қатты қастерлеп, сақтап, бүгінгі ұрпаққа ұқыптылықпен жеткізген мұрагер жандардың бірегейі.
Қалқа, негізінен, айтыстың ақыны. Ол өз өмірінде жиырмаға жуық ақындармен айтысып, айтыс абыройын асқақтата жоғары көтерген өрен жүйрік. Ол айтысқандардың ішінде: Нұрбала, Омарбек, Байбосын, Мақсұт, Әбежек секілді ақындармен қатар, бүгінгі ұрпаққа таныс: Құрама, Қайрақбай, Иманжан, Жылқыайдаров, Үмбетәлі Кәрібаев, Кене Әзірбаев, Қуат Терібаев сынды небір жыр дауылпаздары бар. Осылардың арасынан ақсулық Қ. Терібаев екеуінің айтысына аз-кем тоқтала өту жөн. Себебі, кезінде “тұйғын ақын” аталған Қуат Терібаев екеуі көп кездескен.
Қалқа – көп қырлы, терең сырлы ақын. Оның қабілетін өзінше бір өнер мектебі десе болғандай. Мәселен: әншілік компазиторлығын, батырлық-ерлік жырларын, Отан, туған жер туралы толғауларын (сынды) былай қойғанда, оның шежірешілдігі, аңыз – ертегілерге ұқыптылығы, ел-тұрмысы, ауыл өмірі, оның ардагерлері туралы терең мазмұнды арнаулары табандап зерттеуді қажет етеді.
Ақын шығармаларының дені – дастандар оның өзіне тән ерекшеліктері – аттары аңызға айналған арғы, бергі замандардағы тарихи тұлғаларды жырға қосады. Мәселен, аңыз-әңгімелер негізінен мына шығарылған “Орақты батыр”, “Тұрлымбек туралы” , “Уәли Шора”, дастандары тарихынан, шежірелерінен алынса, “Біздің Ораз”, “Партизан Шаймерден” , “Сеңгірбаев Мұсабек”, “Нұрмолда” атты дастандары халқымыздың күні кеше ғана өткен өмір өткелдерінен туындаған.
Ал ертегі, аңыз-әңгімелердің желісімен шығарған, “Қарлығаш пен дәуіт”, “Дана қыз”, “Ата мен бала” тәрізді туындылары кейнгі толқын-жасөспірімдерді отаншылдыққа, өнерпаздыққа, адамгершілікке баулитын ойлы дүниелер.
Ақын 1975 жылы қаңтар айында 89 жасында дүниеден өтті.