Азотты сіңіру қабілетіне қарай микроорганизмдердің топқа бөлінуі.
Қөптеген микроорганизмдер азотты күрделі қосылыстардан әртүрлі дәрежеде сіңіреді. Азот — микроорганизмдер тіршілігі үшін аса маңызды қоректік зат. Ол негізінен тірі протоплазманың тірегі. Азотсыз белок, ал белоксыз тіршілік болуы мүмкін емес. Азотты сіңіру қабілетіне қарай микроорганизмдер үлкен екі топқа бөлінеді:
1. Аминоавтотрофты микроорганизмдер. Олар белокты азоттың минералдық және органикалық қосылыстарынан түзеді.
2. Аминогетеротрофты микроорганизмдер. Бұлардың көпшілігі жай қосылыстарда (минерал тұздарда) кездесетін көміртегі мен азоттан кейбір амин қышқылдарын түзеді. Бірақ олардың қалыпты тіршілігі үшін таза күйіндегі амин қышқылдары да қажет. Бірінші топқа аммиак тұздарындағы азотты және молекула күйіндегі атмосфера азотын сіңіретін микроорганизмдер жатады. Ал екінші топқа тірі организмнің белогынан азотты сіңіретін немесе амин қышқылдарының қосылыстарынан азот алатын түрлер жатады.
. Белок заттарын ыдырататын микроорганизмдерге көбінесе спора түзуші — пішен таяқшасы, бациллус микойдес және тағы басқалары жатады. Мұнда белок алдымен микроорганизмдер ферменттері әсерінен пептонға, одан кейін түрлі амин қышқылдарына ажырайды. Соңында басқа микроорганизмдердің қатысуымен амин қышқылдары аммиакқа, органикалық қышқылдарға, спирттерге және түрлі көмірсутектеріне дейін бөлінеді. Егер амин қышқылдарының құрамында күкірт болса, онда ыдырау барысында ұнамсыз иісті күкіртті сутектері пайда болады.