Олардың атаулары бейметалдардың латынша атауының түбіріне «ид» жұрнағын жалғау арқылы түзіледі. Терісэлектрлік төмен элемент әртүрлі тотығу күйінде кездесетін болса, онда оның атауынан кейін жақшада тотығу дәрежесі көрсетіледі. Мысалы, Cu2O – мыс (I) оксиді, CuO – мыс (II) оксиді, CO көміртек (II) оксиді, CO2 – көміртек (IV) оксиді. Тотығу дәрежесінің орнына грек сандары көмегімен құрамы көрсетіледі: CO – көміртек монооксиді, CO2 –көміртек диоксиді, Fe3O4 – темір тетраоксиді. Кейбір бинарлық қосылыстар үшін дәстүрлі атаулары сақталады: H2O – су, NH3 – аммиак. Бинарлық қосылыстардың ішінде кең тарағандары – оксидтер. Функционалдық белгілеріне сәйкес оксидтер тұзтүзетін және тұзтүзбейтін деп бөлінеді. Тұзтүзетін оксидтер негіздік, қышқылдық және амфотерлік болып жіктеледі.
Қышқылдармен (немесе қышқылдық оксидтермен) әрекеттесіп, тұзтүзетін оксидтер негіздік деп аталады. Суды қосып алып (тікелей немесе жанама), негіздік оксидтер негіздерді түзеді. Мысалы, кальций оксиді CaO сумен әрекеттесіп, кальций гидроксидіне Ca(OH)2 айналады:
CaO=H2O→Ca(OH)2
Магний оксиді MgO- негіздік оксид. Ол суда нашар ериді, бірақ оған негіз-магний гидроксиді Mg(OH)2 сәйкес келеді.
Негіздермен (немесе негіздік оксидтермен ) әрекеттесіп, тұзтүзетін оксидтер қышқылдық деп аталады. Суды қосып алып (тікелей немесе жанама), қышқылдық оксидтер қышқылға айналады. Мысалы, күкірт (VI) оксиді SO3 сумен әрекеттесіп, күкірт қышқылын H2SO4 түзеді:
SO3+H2O=H2SO4
Кремний диоксиді SiO2 қышқылдық оксид. Ол сумен тікелей әрекеттеспейді, бірақ оған кремний қышқылы H2SiO3 сәйкес келеді Қышқылдық оксидтерді алудың бір әдісі – сәйкес қышқылды сусыздандыру. Сондықтан қышқылдық оксидтерді ангидридтер деп атайды. Қышқылдармен де, негіздермен де әрекеттесіп, тұзтүзетін оксидтер амфотерлік деп аталады. Ондай оксидтерге мысалы, Al2O3, ZnO, PbO, Cr2O3 жатады.
Тұзтүзбейтін оксидтер қышқылмен де, негізбен де әрекеттескенде, тұз түзілмейді. Мысалы, азот (I) оксиді N2O, азот (II) оксиді NO.
Элементтердің оттегімен тағы да бір қосылыстары белгілі, олар құрамы бойынша оксидтер класына, ал құрылысы мен қасиеттері бойынша тұздарға жатады. Ондай заттардың мысалы ретінде металдар пероксидтерін айтуға болады. Мысалы, барий пероксиді BaO2, натрий пероксиді Na2O2. Табиғаты бойынша металдар пероксидтері әлсіз қышқылдың сутегі пероксидінің H2O2 – тұздары болып табылады.
Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластарына қышқылдар, негіздер және тұздар жатады.
Электролиттік диссоциациялану теориясы тарапынан қышқылдар ерітінділерде сутек ионын бөліп диссоциацияланатын заттар. Қышқылдар мен негіздердің протондық теориясы тұрғысынан қышқылдар сутегі ионын беруге қабілеті бар заттар, яғни протондар донорлары. Қышқылдарға тән химиялық қасиеттері – олардың негіздермен әрекеттесіп, тұзтүзу қабілеттері, мысалы:
H2SO4+2NaOH= Na2SO4+2H2O 2 HNO3+FeO=Fe(NO3)2+H2O 2 HCl+ZnO=ZnCl2+H2O Қышқылдар күштеріне, негіздіктеріне және қышқылдың құрамында оттегі болуы мен болмауына сәйкес жіктеледі. Күштері бойынша қышқылдар күшті және әлсіз болып бөлінеді. Маңызды күшті қышқылдар – азот қышқылы HNO3, күкірт қышқылы H2SO4 және тұз қышқылы HCl. Оттегінің болуына сәйкес оттекті қышқылдар (HNO3, H3PO4) мен оттексіз қышқылдарды (HCl,H2S) айырады. Негізділігі бойынша, яғни қышқыл молекуласы құрамындағы сутек атомының санына сәйкес қышқылдар бірнегізді (HCl, HNO3), екінегізді (H2S, H2SO4), үшнегізді (H3PO4, H3BO3) т.б. болады. Оттексіз қышқылдардың атаулары қышқыл түзетін элементтің атауына «сутек» жұрнағын қосу арқылы беріледі: HCl – хлорсутек, H2S – күкіртсутек. Оттекті қышқылдардың атаулары элемент атауына «қышқылы» сөзін қосу арқылы пайда болады. Егер элементтің тотығу дәрежесі ең жоғары болса келесідей аталады: мысалы, H2SO4– күкірт қышқылы, HNO3 – азот қышқылы. Элементтің тотығу дәрежелері төмендеген сайын олардың атаулары келесі тәртіпте жүреді: HClO3- хлорлы қышқыл, HClO2- хлорлау қышқыл, HOCl- хлорлылау қышқыл.
Электролиттік диссоциациялану теориясы тарапынан негіздер ерітінділерінде гидроксид-иондарды бөлу арқылы диссоциацияланатын заттар. Негіздердің маңызды химиялық қасиеттері – қышқылдармен (қышқылдық және амфотерлік оксидтермен) әрекеттесіп, тұзтүзу қабілеттері, мысалы:
KOH+HCl=KCl+H2O Ca(OH)2+CO2=CaCO3+H2O 2 NaOH+ZnO=Na2ZnO2+H2O Қышқылдар мен негіздердің протондық теориясы тұрғысынан негіздер сутек иондарын қосып алуға қабілеті бар заттар, яғни протондар акцепторлары. Мысалы: аммиак – сутек протонын қосып алып, аммоний – ионын NH4+ түзеді. Негіздер тәрізді аммиак қышқылдармен әрекеттесіп, тұз түзеді:
2 NH3+H2SO4=(NH4)2SO4
Қосып алатын протондар санына сәйкес бірқышқылдық негіздерді (LiOH, KOH, NaOH) және екіқышқылдық негіздерді (Ca(OH)2, Fe(OH)2) т.б. айырады. Күштері бойынша негіздер күшті және әлсіз болып жіктеледі: күшті негіздерге барлық сілтілер жатады.
Тұздарға ерітінділерінде сутек ионынан басқа оң зарядталған иондар мен гидроксид-ионынан басқа теріс зарядталған иондар түзетін заттар жатады. Тұздарды қышқыл құрамындағы сутек атомдарының орнын металл басу арқылы түзілген өнім немесе негіздегі гидроксотоптың орнын қышқыл қалдығы басудың өнімі ретінде қарастыруға болады. Толығымен орын басу жүрсе, орта тұздар пайда болады. Қышқылдағы сутегі атомы орны толық басылмаса қышқыл тұздар, ал негіздегі гидроксоптың толық басылмауы жағдайында негіздік тұздар түзіледі. Қышқыл тұздарды негізділігі екі немесе одан да көп қышқылдар береді, ал негіздік тұздар екі және одан да көп гидроксотобы бар негіздерден түзіледі. Мысалы:
Ca(OH)4+H2SO4=CaSo4+2 H2O CaSO4 (кальций сульфаты) – орта тұз
KOH+H2SO4=KHSO4+H2O KHSO4 (калий гидросульфаты) – қышқыл тұз
Mg(OH)2+HCl=Mg(OH)Cl+H2O Mg(OH)Cl – (гидроксомагний хлориді) – негіздік тұз.
Кесте 2.2. Маңызды қышқылдар мен тұздардың атаулары