Қорытынды Екі металлмен бір қышқылдан түзілген тұздар қостұздар деп аталады. Бір металл пен екі қышқылдан түзілген тұздар – аралас тұздар. Қос тұздардың мысалы – калий-алюминий сульфаты (алюмокалий ашудасы) KAl(SO4)2⋅2H2O. Аралас тұздар мысалы – кальций хлорид – гипохлориті CaCl(OCl) (немесе CaOCl2). Тұздардың атаулары катион мен анион атауларынан құралады. Оттексіз қышқылдар аниондарының атаулары бинарлық қосылыстар тәрізді беріледі, яғни «ид» жұрнағы жалғанады. Мысалы, NaF – натрий фториді. Ал оттекті қышқыл аниондарының атаулары элементтің тотығу дәрежесінен тәуелді. Жоғары тотығу дәрежесі үшін «ат» жұрнағы қосылады. Мысалы, азот қышқылының HNO3 тұздары – нитраттар, күкірт қышқылының H2SO4 тұздары – сульфаттар. Ал тотығу дәрежесі төмен болса, онда «ит» жұрнағы жалғанады, мысалы, азотты қышқылдың HNO2 тұздары нитриттер, күкіртті қышқылдікі H2SO3 – сульфиттер. Қышқыл және негіздік тұздардың атаулары орта тұздар атауының жалпы ережелері бойынша беріледі. Қышқыл тұздың анионына «гидро» сөзі қосылады, ол металмен орны басылмаған сутек атомын көрсетеді, ал саны грекше сан атаулары арқылы беріледі. Мысалы, Na2HPO4 – натрий гидрофосфаты, NaH2PO4 – натрий дигидрофосфаты. Негіздік тұздардағы катион атауына «гидроксо» сөзі қосылады, ол орны басылмаған гидроксотопты көрсетеді. Мысалы, Al(OH)Cl2 – гидроксоалюминий хлориді, Al(OH)2Cl – дигидроксоалюминий хлориді. Тарихи қалыптасқан дәстүр бойынша хлор (HClO4), йод (HIO4) және марганец (HMnO4) қышқылдары тұздарының атаулары ерекше беріледі: олар сәйкес перхлораттар, периодтар және перманганаттар деп аталады.