Жүрегі жүз жыл жырлаған
Менің пірім — Сүйінбай...
Қазақ халқы табиғатынан ақын халық. Есте жоқ ескі замандардан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да сөз зергерлері – ақындар.
Ғасырдан ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласын телегей-теңіз жыр тудырған жыраулар құрайды. Олар: Йоллығ-тегін, Тоныкөк, Сыпыра, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шөже, Майкөт, Марабай. Қазақ жыраулары тарихты түптен таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын ұлы даланың көшпелі академиясы еді. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл. Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ерен ұлысы. Жамбылдың құдіреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңғалдырған.
Жамбыл Жетісудың төрінде, жырдың тұнып тұрған шағында туды. Бұл кезде Жетісу ән мен жырдың бесігінде болатын.
Жамбыл дүниеге келгенде Жетісу Қоқан хандығының қол астында еді. Құдияр ханның датқалары елге лаң салып, жұрттың аузына қақпақ, басына тоқпақ болып, қазақты оңынан да, солынан да доптай домалатты. Шапқыншылықтан, қысымнан әбден ығыр болған ел ығысып, сынаптай сырғып, жел айдаған бұлттай жөңкіліп көше берген. Үдере көшкен сондай бір боранды қыста Ұлдан ана көш-жөнекей түйе үстінде толғатып, болашақ ақын Байғара, Хан Жамбылдың етегінде, ықтырмада дүниеге келеді. Шапырашты – Екей осында қыстап, жаз Алатаудың баурайын, Құлансаз, Суықтөбені жайлаған. Ата қонысын қорғамаққа Сұраншы батыр мен Сарыбай би қол жинап, Ұзынағашта Қоқанның биі Қанатшаны талқандап, өз елін, өз жерін азат етеді. Әулиеатаны да босатып, Ұлы жүз батырларының Қоқанға қарсы соғысында Сұраншы 1864 жылдың шілдесінде Сайрамда ерлікпен қаза табады. Сарыбай аяғынан жараланып, Ташкентке дейін барады.
Сайрамнан Сұраншының сүйегін әкеліп ауылына жерлеген, жан-жаққа бытырап кеткен Екейдің басын қосып ел еткен осы Сарыбай еді. Жаугершілік заманда Екейдің бір ауылы Найман арасына, енді бірі Іле бойындағы Сарыүйсінге, біразы Албанға, бір бөлегі Ыстықкөлдегі қырғызға сіңісіп кетеді. Осыншама бытыраған Екейді біріктіріп, ел етуде Айдос баласы Сарыбай бидің орны бөлек. Өкініші, Жетісу, Оңтүстік өлкесін Қоқаннан азат еткен Сұраншының да, Сарыбай бидің де осы уақытқа дейін есімдері еленбей келеді. Мұны ескеретін мезгіл жеткен тәрізді.
Сұраншының өлімін елдің игі жақсылары түгел жиылып естіртсе керек. Сонда анасы аңырап көп жылапты деседі.
— Бәйбіше, бір күндері сауыны келген биедей едің, бұл күндері ботасы өлген түйедей болдың. Кедейбайың Сұраншыдай болмай ма? Орта құрсағың толмай ма? Кедейбай да ер жетер, көп жыласаң ел кетер, сабыр ет! – деп Бердібек шешен көпшіліктің атынан басу айтқан екен. Кедейбай бертінде болыс болған.
Міне, Жамбыл осындай қарбалас кезеңде, аласапыран заманда, керең дүние кедейдің үнін естімейтін кезде өмірге келген.
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам,
– деп өзі айтқандай, Жамбыл өмірге өлең болып туған. Ылғи ақын әрі батыр Шапыраштыдан Сүйінбайдай, Жамбылдай ақындардың туылмауы мүмкін емес еді.
Жарық дүниеге көзін ашқанда алдында Сүйінбайдай ақынның болуы Жамбылдың ең ұлы бақыты еді. Жамбыл батаны Сүйінбайдан алды, отыз бес жыл ұлы ақынның өнегесін үйренді.
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай, – деді.
Сүйінбайды пір тұтты, Сүйінбайсыз сөз бастамады. Бір ғана Жамбыл емес, Ұлы жүз ақындарының бәрі де Сүйінбайды ұстаз тұтты.
Ұстаз өнегесін жанымен сезініп, өсиетін өзінің ақындық мұратына айналдырған Жамбыл балалық пен даналықтың арасындағы барлық шығармаларында ұстазы секілді халық өмірінің ақиқат шындығын, елінің асыл арманын, мұратын жырлады, елдікті, ерлікті дәріптеді. Сөйтіп, ол Сүйінбай дәстүрін өзінің жауһар жырларымен суарып, одан әрі дамытты, тереңдетті, жаңа биікке көтерді. Мұның айқын мысалын ақынның айтыстарынан, “Домалақ ананы”, “Көрұғлыны”, “Өтегенді”, “Жеті дастанды”, Сұраншыны жырлағанынан көреміз. Сөйтіп, Сүйінбай Жамбыл өмірінде шыншылдықтың, азаматтықтың, халық мүддесі үшін күресудің үлгісіне айналады.
Шынында да, Сүйінбай – ақындықтың асқар шыңы, айтыс өнерінің ең үздігі, оның Қатағанмен айтысы айтыс атаулының эталоны. М.Әуезов Сүйекеңді айтыс өнерінің алтын діңгегі деген. Сүйінбайдай ақынның болмысын, табиғатын біз әлі аша алғанымыз жоқ. Сүйінбай – қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел. Күніне шауып жараған, айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Шешендікті де, жырдағы көсемдікті де, кесіп шындықты айтуды да, халықтың қорғаны болуды да, әділеттің туын жықпай, жоғары ұстауды да – бәрін де Жамбыл Сүйінбайдан үйренген, сөйтіп өзі де ақындықтың ұлы тұлғасына айналған. Ұстазының: “Шындықты айт, әділдікті жырла. Көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа, даңғыл жолға түс. Өлеңің бүкіл халық сүйсініп тыңдайтын өлең болсын. Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын”, — деген өсиетін бұлжытпай орындады, сөйтіп ұстазының орнын басты.
Қазақта сәуегей даналар көп болған ғой. Қолын алып, сәлем берген бала Жамбылға Бөлтірік:
— Қай баласың, атың кім, шырағым? – депті.
— Атым Жамбыл, – депті бала.
— Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар, шырғанақтан сөз келсе, шырқаушының өзі боларсың түбі, – деген екен Бөлтірік сонда. Қалай таныған, не деген көрегендік, не деген даналық десеңізші! Айтқаны айнымай келді.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінен елге оралған Жамбылға жүзден асқан бір ақсақал:
— Жамбыл, сен аспанға мұнан ары ұшпасаң, енді түспейсің. Осыдан он бес жыл бұрын түс көріп ем. Жібек жолымен біреу отыз жорғаны айдап барады екен, соның ішіндегі ең әдемісіне көзім түсіп, қызығып сұрап едім, айдаушы: “Бұл – Сүйінбайдың Жамбылға берем деген жорғалары, аманатын өзіне тапсырамын”, — деп жүріп кетті. Сол ескі жолмен айдаған жорғалар жарықтық Сүйекеңнің жырлары еді, ол енді сенің маржандай тізілген сөздерің, саған Сүйінбайдың бағы қонды. Сүйінбай сияқты майталман жорғасың. Өкімет сені дәл тапты, жолың ашылды, жаңа заманың құтты болсын, – депті.
Бір ғасырдан асқан өмірінде талай жырды естіген жарықтық әлгі қария Жамбылдың Сүйінбайдың орнын басатындығын, алып ақынға, құбылысқа айналатындығын дәл жорыған ғой. Айтса айтқандай, шынында да Жамбыл адам айтса нанғысыз қиял адамындай құдіретке айналды, оның есімі әлемге аңыз болып тарап жатты.
Жамбыл бір ғана Сүйінбайдан үйренген жоқ. Ол ел өнерінің қайнар көзінен, мөлдір тасқынынан туған, сол өнердің бөлеуінде өскен, халық жырауларынан үйренген. Жамбылдың өнеге мектебі – бір ғана Сүйінбай емес, Қабан, Шөже, Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт, Жанақ, Түбек, Бақтыбай, Қуандықтай ақындар; Кебекбай, Ноғайбай, Байсерке, Бөлтірік, Қылышбай, Сарыбай, Қосай секілді билер, шешендер; бұған ақындығын сайыса жүріп шыңдаған Құлмамбет, Сарбас, Шашубай, Досмағамбет, Сара, Айкүмістерді; кезінде жиын-тойларда бас қосқан үзеңгілес Әсет, Жүсіпбек қожа, Тілеміс, Әлмейін, Балқыбек, Орақбай, Төребай, Балқы Базар, Нұралы, Мәулімбай, Молда Мұса, Орынбай, Өзбек, Қарабектерді; қырғыздағы Қалмырза, Тоқтағұл, Мұраталы, Шөйке, Сағынбай, Қара Ырчы, Төкпе, Османқұл, Алымқұл, Атай, Халықтарды; шәкірттері Мақыш, Шүкітай, Бармақ, Кенен, Үмбетәлі, Өтеп, Саяділ, Өмірзақ, Әбдіғалиларды қоссақ: “Жамбылдың өз айналасына келгенде қоюланған қалың үйір, үлкен шоғыр, ордалы өлеңді көруге болады”, — деген М.Әуезовтің сөзі расталады.
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майкөт ақын, Құлмамбет
Орын берді қасынан.
Майлықожа, Құлыншақ –
Пірім еді бас ұрған.
Айтқандары нұсқа еді,
Жаралған сөзі асылдан –
деп ақынның өзі айтқандай, Жамбыл олардың біразынан үйренген, қайсы бірімен тең, қатар жүрген, кейбіріне ұстаз болған.
Жамбыл ана құрсағынан жарық дүниеге ақын болып туған, халық әдебиетінен өнген, ел өнерінің бөлеуінде, алтын бесігінде өскен. “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Қамбар батыр”, “Ер Төстік”, “Манас”, “Шаһнама”, “Ерназар мен Бекет”, “Шора батыр” эпостарын дамытып, өз жанынан қосқан оқиғалармен, толғаулармен байытып, нұрландырып жырлаған. “Қыз Жібек”, “Мұңлық-Зарлық”, “Көрұғлы”, “Ер Қосай” эпостарының сюжеттерін дамытып, өзінше толғаған. Көлемді эпостармен қатар халық жырларын да, қара өлеңді де жете білген. Ауыз әдебиетін көп білу, халық эпостарын бірнеше күн бойы толғау Жамбылдың кемел ақындық өнерін қалыптастырды. Ақын эпостарды ғана жырлап қойған жоқ, өзіне дейінгі дәуірдің, өз заманының құбылыстарын да эпос үлгісіндегі тамаша толғау өнеріне дейін көтерді. Жадындағы асыл үлгілерді адам таң қалғандай жатқа айтты, үнемі жаңғыртып жырлады. Кейбір эпостарды күймен астастырып отырған. “Ақсақ құлан”, “Көрұғлы” күйлерін тартқанда, олардың тарихына қатысты аңыздарды қара сөзбен емес, жырмен айтады екен. “Көрұғлы” күйі мен “Көрұғлы” эпосын сабақтастырып орындайды екен. Алма-кезек орындап отырып, эпосты да, күйді де тың сарындармен, жаңа сюжеттік желілермен байытқан. Мәселен, “Көрұғлы сұлтанды” өмір бойы жырлап, айтқан сайын байытып отырыпты. “Көрұғлыны” әуелі Сүйінбайдан, кейінірек Сарыбайдың асынан соң арнайы барып Майкөттен үйреніп, толықтырады.
Жамбыл үйренуден жалықпаған. Майкөттен “Алпамысты”, “Қазықұрт” хиқаясын, “Шаһнаманы”, “Қисса-сүл-әнбиені”, Яссауидің “Хикматын” үйренген. “Көрұғлының” бір нұсқасын, “Қыз Жібекті”, “Тотының әнгімесін”, “Мың бір түнді” Оңтүстікке барған сапарында Майлықожадан үйреніп қайтқан. Қай шығарманы да кемелдендіріп, ажарландырып, жұрт қызығып, тамсанатындай жырлаған. “Көрұғлыны” кейде он бес, кейде отыз, қырық бес күн жырлайды екен. Қартайған шағында қайсы бірін әңгімелеуге ауысқан. Мәселен, жас кезінде таратып жырлаған Байғара, Хан Жамбыл тауларына қатысты аңыздарды, “Ақсақ құлан” күйін кейін жырлаудан әңгімелеуге көшкен.
Жүрегі жүз жыл жырлап өткен ақынның өмір бойғы мұрасын жинап, жазып алып, кейінгі ұрпаққа сақтап жеткізе алғанда не болар еді? Өкінішті-ақ, ондай бақыт бізге бұйырмады. Ал, заты қазақ жырауларының байтақ мұрасы хатқа түсіп, сақталғанда ше? Неше том болар еді? Кітапханаларға сияр ма еді, симас па еді? Ешқашанда орындалмайтын, орнына келмейтін бұл арманның өкініш болып қала беретіні анық. Осындайда Әбділда Тәжібаевтың:
– Қазақ жыраулары миллиондаған жыр шумақтарын жатқа білген. Эпосты жырлаудың алдында олар сан түрлі тақырыптарды шолып, толғанысқа түскен. Содан соң барып эпостың өзіне көшкен. Мұны желі деп атайды. Қазақ жырауларының желісінің өзі бірнеше күнге созылған, – деген сөзі еріксіз еске түседі.
Жыраулық дәстүрдің осындай ғажайыптығына таң қалмасқа болмайды. Жамбылдың өзі туып-өскен өлкедегі жеті өзеннің тарихы туралы “Жеті дастан” деп аталатын көлемді эпикалық шығармаларының тұтасқан бір тобы болған деседі. Сүйінбайдың Қабан жыраудың көшіне жеті күн ілесіп жүріп, бата алғанын, оның әрбір жеті күнін, жеті түнін жырлаған екен. 1898 жылы Сүйінбай дүниеден өткенде Жамбыл ұстазын жыл он екі ай жоқтапты. Сүйінбайдың ата-тегі, ақындығы жайында эпосқа бергісіз байтақ дастан айтыпты. “Домалақ ана”, “Замана ағымы”, “Патша әмірі тарылды”, “Зілді бұйрық” деп аталатын шығармалары да оңайлықпен таусылмайтын жырлар болған екен. Амал не, солардың қайсы бірінен жұрнақ та қалмады, кейбірінің қысқа үзінділері ғана жетті. Халық мұрасының, ауыз әдебиетінің ежелден бергі өкінішті тағдыры осы.
Жамбыл Сүйінбайдың отты жырларының жарқылдап туған талай сәтін көзімен көрді, көп айтыстарының куәсі болды. Тарихи тұлғаларды, батырларды эпос дәрежесіне көтере жырлауды да Сүйінбайдан үйренді. “Өтеген”, “Сұраншы” – соның айғағы. Екеуін де Жамбылдан бұрын Сүйінбай жырлаған.
Задында қазақ эпостарының қай-қайсысы да батырдың қазасына арналған жоқтау жырларынан, ерлігін дәріптеген мадақ жырларынан құралатыны мәлім. Әдепкіде батырды оның жорығына қатысқан ақын жырлайды да, кейін сол батырдың ерлігін неше буын жыраулар жалғастырып, әлденеше цикл жырлар біріктіріліп, батыр жайында тұтас, байтақ эпос туған. Ал, XVІ-XVІІ ғасырлардан бергі жерде өмір сүрген батырлар жайындағы шығармалар, біріншіден, авторы сақталғандықтан, екіншіден, ол батырлардың өмірі жайындағы деректер халыққа әбден таныс болғандықтан, эпосқа айналмаған, тарихи жыр ретінде қалыптасқан. Оның үстіне эпос туу үшін ұзақ ғасырлар керек. Осының айқын бір мысалын Сұраншы жайындағы жырлардан көреміз.
Сұраншыны өлгенде ақындар – жырында, күйшілер күйінде жоқтаған. Жас Жамбыл сол жиынның ішінде болған. Он сегіз жасар жас ақын топ алдында суырылып жыр төгіп, Сүйінбайдың сынынан өткен. Өкініші, батырдың азасында айтылған не бір айтулы ақындардың жоқтау жырлары бізге жетпеген. Жеткені – Сүйінбай жырлары ғана. Сұраншының ерлігін мадақтаған Сүйінбай жырлары кейін желілі, тарихи дастанға айналған.
Сұраншыны кейін өмір бойы Жамбыл да жырлайды.
Ескіден есте қалғаннан,
Жасымда айтқан жырлардан
Ескерткіш еді батырға
– деп бастап, Сұраншыны эпостық батырлар деңгейіне дейін көтереді.
Топты жерге барғанда
Саулап тұрған сөз едім,
Жаулы жерге барғанда
Көкберен болат кез едім,
– деп өзі айтқандай, Жамбыл кейін айтыс өнерінің де киесіне айналады. Оның Құлмамбетпен айтысы Жамбыл поэзиясының ғана емес, заты қазақ айтысының озық үлгісіне айналды.
Айтыс 1881 жылы өтеді. “Құлмамбетпен айтысқанда отыз бес жаста едім, Құлмамбетті мен жеңгенім жоқ, батыр атамыз Қарасай мен пірім Сүйінбайдың атағы еді жеңдірген, әйтпесе, Құлмамбет қырғыз-қазаққа даңқы тегіс жайылған, аузымен құс ілген жүйрік ақын еді ғой” – дейді екен Жәкең. Осы айтыстан кейін Жамбылдың жолы да, бағы да ашылып, ұлы ақынға айналды.
Албырт шақ
“Менің өмірім” атты әңгімесінде он жастан өлеңге көңіл бөлгенін, он бес – он алтыда ауыл таныған ақын болғанын, он жеті жасында биікке самғап шыққанын айтады:
Топ десе он жетімде тартынбадым,
Семсердей майдандағы жарқылдадым.
Ақынды ауылға ермек басып озып,
Жұлдыздай көзге түсіп жалқындадым,
– демекші, Жамбыл алдымен айтыста танылады. Айкүміспен, Сарамен, Бұрыммен айтыстарынан соң-ақ түлеп келе жатқан жыр-қыранның есімі ел ішіне аңыз болып тарай бастайды. Әсіресе, Сарамен, Бұрыммен айтыстары жастық дәуренінің қимас сырлы оқиғасына айналады.
Албан Бөлек батырдың қызы Сарамен ақын 1875 жылдың күзінде Қарқара жайлауында кездеседі. Айлы түнде, алтыбақан басында Сара тамылжытып ән айтады, Жамбылдың жас жүрегіне шоқ салып, неше алуан күйге түсіреді; шырайлы қыздың әдемі өңі балбырап, танадай көзі оттай жанып, еріксіз тартады. Ынтыққан Жамбыл көкірегінде жалын боп шарпыған арман барын, сол арманның асыл еркесін осы жайлаудан, ай нұрына қосып айналасын да нұрға бөлеп, сырмен тербеген сұлу әннен тапқанын жырға қосады. Сара да алтыбақанда тербетіліп, кісінің жүрегін жандыратын сан алуан әнге салады. Жамбылға тұспалдап жауап қайтарады.
Бұдан кейін де Жамбыл мен Сара осындай сауық кештерде, жиын-тойларда бірнеше рет кездеседі. Сараның “Угай-угай, әй-угай” деп салатын әні ақынның өмірлік сырына айналады. Екі өнерпаз өлеңмен табысып, жүрекпен ұғысады. Өмірлік жар болмаққа уәде де байласады. Бірақ әкесі қызды атастырған жеріне ұзатып жібереді. Жамбыл қыздың ұзатылған жеріне де барады. Ебін тауып кездеседі де. Сара сонда көзінің жасын зарына қоса төгіп отырып, өмір бойы арманда, шерменде болып, мұңлықта өтетінін айтады. Мұны сезген күйеуі бейшараны жәбірлеп, ұрып-соғады. Соншама қасірет пен қайғыны көтере алмай есіл Сара ақыры құсадан қайтыс болады. Осының бәрі есіне түскенде Жәкең:
– Сара десе дегендей еді-ау, шіркін! – деп күрсініп, үнемі терең ойға шомып, ыңылдап Сараның “Угай-айына” салып отырады екен. “Угай-угай, әй-угай” жұрт айтып жүргендей, Жамбылдың әні емес, Сараның әні. Бәлкім, Сарадан да бұрын келе жатқан ән болуы мүмкін. Қайырмасы да әйел шығарған ән екенін байқатады.
Жамбыл жиырма жеті жасында Айқым еліндегі бір тойда Қыдырма қызы Бұрыммен танысады. Бұрым да әнші, көрікті қыз екен, екеуі әуелі қайымдасып жөн сұраса келе бара-бара айтыстың ұзақ сүресіне түседі. Сан рет кездесіп, бірін-бірі жеңе алмайды. “Жамбыл-ау, бұл қызбен ұзақ айтыстың ғой, не жеңбедің, не жеңілмедің” – дегендерге: “Мен Бұрыммен айтысқанда жеңейін деп айтысып жүр деймісіңдер”, – дейді екен.
Айтыстың аяғы жарастыққа ұласады. Ақыры қызды алып қашады. Бірақ, қоршаған орта Бұрымды Жамбылдан айырып тынады. Қызды қайтармаған жағдайда жаңа ғана басы құралған Екей қайта бытырайтын болған соң Сарыбай Жамбылды күшпен көндіріп, Бұрымды төркініне қайтарады. Осы оқиға жас ақынның ойын ойрандап, жанын жаралайды. Махаббат, жастық мұңы Жамбылға терең ой салады. Әділетсіздікке налиды. Осылай жабырқап жүргенде әкесі құда түсіп Орынбек дегеннің қызы Момынды алып береді. Момын дүниеден ерте өтеді. Одан – Қожаш, Қожамберді, Қожақ атты үш ұл қалады. Жасы қырыққа таянғанда Жамбыл Тілеуқабыл қызы Қанымжанды еркімен айттырып алады. Жар қызығын, үй жылуын осы Қанымжаннан көреді. Қанымжаннан – Алғадай, Шымбай, Ізтілеу, Тезекбай туады.
Халық мұңшысы
Заманның ағымын аңғарған, төңіректегі құбылысты шолған, кедейдің күйін көрген, әділетсіздікті жан-тәнімен сезінген Жамбылдың тұла бойын ендігі жерде ашу-ыза кернейді, жұртқа бірдей өмірді аңсайды. Намысын кекке жаныған, көптің көкейіндегісін таныған Жамбыл байдан гөрі жүрегі, ары, пейілі таза кедейді жақыным деп таниды, солардың туын көтереді. Қоғамдағы теңсіздік ақынды тез есейтеді, ащы тілін, азаматтық үнін шығарады. Бұл шынында да көпшіліктің кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған; құлағынан күн көрінген, сіңірі шыққан, соры қайнаған, кісіні байлығына, мансабына қарай сыйлаған уақыт еді. Балбыраған бай мен қалжыраған кедейдің арасы жер мен көктей еді. Осының бәрін көзімен көріп, жанымен сезінген ақын көпшіліктің сөзін сөйлейді; ендігі жырлайтыны да сол “туғалы сөзі өтпеген, қолы есеге жетпеген, құлшылықтан кетпеген” кедейдің күйі, жарлы мен жалшының өмірі болады.
Ұзынағаш, Қаратас,
Қалқабайдай қайран жас,
Бекеттен нан қоймайды
Жалаңаяқ, жалаңбас.
Оған ауыз жарымас
Қысы-жазы қарны аш,
Қайтіп жаның ашымас,
Неткен заман қатыбас! — деген ақын енді бірде:
Жаман көйлек жыртылып,
От басында итініп.
Әрі дімкес, тамақ аш,
Әрі тұттай жалаңаш.
Аш бұралып, күн суық,
Жұрт соңынан жоқшылық,
Көшке ілескен итше ұлып, – деп ащы шындықты айтады.
Дуадақ болдым шөлі жоқ,
Аққу болдым көлі жоқ.
Сыбызғы болдым үні жоқ,
Асыл болдым құны жоқ.
немесе:
Бүйтіп көрген күн құрсын
Жапырақтай қалтырап,
Таусылғандай тынысың
Күнде жүрек қансырап–
деп, өзі айтқандай, құны болмаған асыл, тілі байланған бұлбұл тіршіліктен түңіліп, өмірден безгендей болады, өзге бір заманды аңсайды, ызасын кекке жанып, біржолата азаматтық жолға түседі.
Ақын және заман
Кеңес дәуірі орнағанда қарт Жамбыл барлық отандастары секілді менің заманым туды деп ойлады. Балаша қуанды. Құдай тілеуімді берген екен деп қайран ақын соның бәріне иланды. Саясат солай сендірді. Бір ғана Жамбыл емес, бұған сенбеген ол кезде адам болған жоқ. Жаңа қоғам, жаңа идеология Жамбылды алақанына салды, аялады, сөзін сөйлетті, ақынның дуалы аузымен саясатын жүргізді. “Мен шыңырауда тудым, қараңғы қапаста өстім, осы заманды жетпіс жыл аңсадым. Тұрмыс түрленіп, өмір өзгерді. Қуатым кіріп, жасарып, домбырамды қайта алдым. Ауыл-аймақты аралап, жаңа өмірді жырға қостым. Мен халықты түсіндім, халық мені түсінді. Көңілімдегі табылды. Менің өмірім қайта басталды”, – деп ағынан жарылды. Шынында да солай сияқты болды. Идеологияның құдіреті осында еді.
Өмірде адам баласы танып болмаған, болжай да алмайтын құбылыстар аз емес. Сондай ашыла алмай кеткен баянсыз тарих жұмбақтарының бірі – Кеңес дәуірі, социалистік қоғам. Ол біздің айналып өте алмайтын, соқпай кете алмайтын, пешенемізге жазылған тарихымыздың бір кезеңі еді. Бұл дәуірді Жамбыл жетпіске жетсе де шын жүрегімен, қуана қарсы алды, бар шынымен қабылдады. Сол үшін енді бүгін Жамбыл қателесті деу қиянат болады. Өйткені, қоғамды қоздыратын да, тоздыратын да, заманды оздыратын да, аздыратын да – кезеңнің көшін бастағандар. Социалистік қоғамды жасаушылардың, оны баянды ете алмағандардың, жұрт аңсағандай қоғам орната алмағандардың бар кінәсін Жамбылдардың басына үйіп-төгу әділеттілікке жатпайды. Ақын болсын, қайраткер болсын, – бәрі де өз заманының перзенті, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, керісінше сол дәуірге тәуелді болады. Ақын – өз заманының куәсі, шежірешісі. Сондықтан да біз ақынды нені жырлады, неге жырлады деп емес, қалай жырлады деп бағалауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, Жамбыл өзі өмір сүрген екі дәуірдің де айғағы, шын айнасы, заңғар тұлғасы бола алды. Нені жырласа да өз замандастарынан оза жырлады, даңқын асыра жырлады. Сондықтан да әлем Жамбылды өнердегі құбылыс ретінде таныды.
Ойлап қарасаң, Жамбыл өмірінің адам таңғалатындай ғажайыптары аз емес. Ол – Абайдың құрдасы. Дүниеге екі рет келген адам. Тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде замана құрсағынан қайта туды. Ұлы ақынды тудыру үшін заман тоқсан жыл толғатты. Ақынның екі рет дүниеге келгені де, түрлі дәуірде жасағаны да, қартайған шағында күллі әлемге танылғаны да, қайта жасарғаны да – феномен. Жамбыл туғанда Гоголь де тірі еді, Тургеневтің, Достоевский мен Толстойдың замандасы еді. Байтақ ғұмыр кешіп, жырларының күллі әлемге тарап жатқанының куәсі болды. Бұл да – ғажайып құбылыс.
Кеңес өкіметі тұсында Жамбылдан мәртебесі биік ақын болған жоқ. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, поэзиядағы импровизациялық тамаша өнерді жаңа арнаға бұрды. Жаңа сипаттағы, жаңа мазмұндағы халық поэзиясының көшін бастады, көсеміне айналды. Қайта туды. Қайта түледі. Қанатты бүркіттей биікте қалықтады, жыр кемесінде шалықтады, дәуір шындығын анықтады, ел бірлігі мен халық тағдырын жырлаудан жалықпады; туған елінің құрметіне бөленді, балқып нұрға батты. Солай дариға-дәурен сүрді. Өле-өлгенше ел-жұртының ыстық құшағынан шыққан жоқ; көзінен, көңілінен таса болған жоқ; қалың елінің тәтесі, асқақ жырдың атасы болды; айтқан сөзі ем болды, тарыққанға дем болды, жыры аққан сел, соққан жел болды; жырдың асылзадасына, халықтың басындағы құндызына, маңдайындағы жұлдызына айналды. Оның құдіреті осындай халық поэзиясын жаңа арнаға салған даңғылдығында, ешқашан қайталанбайтын жамбылдығында еді.
Өз сөзімен айтқанда, Жамбыл: өлеңді өрнектеп төккен, жырдан ұрық сепкен, өлеңді қойдай тоғытқан сөздің кестесі, әннің дестесі; сөзді мініп желген, ақындықтың апшысын қуырған, жырдың өрісін ұзартқан кәрі тарлан, шашасына шаң жұқпаған, желігі басылмаған албырт, құйындай көкке шапқан асыл пырақ; жауға қарсы жырдан оқ жонған, сөзі – жалын, домбырасы – берен, жыры – оқ, дұшпанның тынысын тарылтқан жырдың ақ семсері; асыл жырдың асқар тауын соққан, өлеңнің тау мен тасын құлатқан асау өзен, ағып жатқан сел, жырдың дауылы, өлеңнің қара бораны, елге жыры ем болған кәрі бармақ – сөзден туған дана; әнмен ғана мауқын басатын ақ басты Алатаудың Жамбылы, өлеңнің ұлы сүре даңғылы; көмейінен жыр қоздаған дария, терең теңіздің тұнбасы, биік бәйтерек, төкпе өлеңнің таусылмайтын бұлағы, жырдың асыл кені, тіккен туы.
Жамбыл өз заманының тұтас келбетін жасады, ақындықтың сарқылмас қазынасына, жырдың алтын діңгегіне, тозбайтын асылына, өшпейтін өнегесіне, ұлы мектебіне айналды. Нені жырламасын, нені толғамасын, шыншылдықпен, ұлылықпен жырлады, сөйтіп, өзі өмір сүрген дәуірдің тұтас бейнесін, келбетін жасады. Ақынның ұлылығы да, міне, осында.
Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер, жыраулықтың көшпелі академиясы, ойшыл, данышпан ақын, туған халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы. Оның поэзиясы жалпақ әлемдей ұлан-ғайыр. Жырлары ғасырлар бойына бір тұтанып, бір сөнген, сөйтіп қайта лаулаған қазақ халқының өз жыры, өз сыры; бақ қонып, қызыр дарыған ақын. Сондықтан да ол әр ұрпақтың сырласындай, қимасындай, халық пен поэзияның өзі секілді мәңгі жасай береді.
Жамбыл – тарихта мың жылдарда бір-ақ кездесетін, қайталана бермейтін, оқыған сайын ашыла түсетін, мейіріңді қандыра беретін, құдіретіне таңғалдыратын, кейде нанар-нанбасыңды да білмейтін жұмбақ жан. Сол себептен де Жамбыл мұрасына күмәнмен қарайтындар бұрын да болған, әлі де болуы мүмкін.
Жамбылдың жолбарысы
1936 жылы Мәскеуде өтетін қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында: “Жамбыл деген ақын өмірде болмаған, ол ойдан шығарылған, қиялдан туған адам”, — деген арыз түседі. Анық-қанығын тексеру үшін Орталық партия комитеті Қазақстанға Леонид Сергеевич Соболевті жібереді. Ол кісі келе сала М.Әуезовтен:
– Жамбыл деген ақын бар ма? – деп сұрапты.
– Иә, бар, Алматының іргесінде, өзі өсіп-өнген жерде тұрады, – деп жауап беріпті Мұхаң.
– Көрсем, ондай адамның бар екеніне көзімді жеткізу үшін бірге барып қайтсақ қайтеді, – депті.
Сөйтіп, Л.Соболев, М.Әуезов, Ә.Тәжібаев үшеуі Жамбылдың үйіне бірге келіпті. Жамбыл қарсы алыпты, байтақ әңгіме айтыпты, жыр төгіпті. Мұхаң қолма-қол аударып отырыпты. Тез қайтамын деп келген Л.Соболев ақынның үйіне үш күн қоныпты. Жамбылдың ұлы сүре даңғылдығына, асқан жыраулығына, соншалықты хикаяшылдығына қайран қалыпты.
— Бізге импровизациялық өнер өткен күннің романтикасы тәрізді ғой. Жеке басым “Сирано де Бержеракты” сахнадан он рет көруге әзірмін, бірақ қазір де сондайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай, классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады дегенге сенбеген болар едім. Ал Жамбылдың “Манасты” он жеті күн, “Көрұғлыны” қырық күн айта алады, барлық қазақ эпосын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шығаратын болуы керек, бұл ғажап екен! Мен үш күнде Жамбыл университетінен өттім, Жамбыл тайниктерін аштым. Жамбыл өнері – импровизацияның өнері, өзі сол өнердің, поэзияның данасы екен, бұл расында көзі тірі, бізге көрініп тұрған Гомер екен, мұны көрген кісіде арман жоқ, – деп, Жамбылды қайта-қайта құшақтап, сақалынан сүйіп аттаныпты.
Сол жолы Жамбыл оған темекі туралы әңгіме-ертегі айтып беріпті. Оның өзі бір күнге созылыпты. Тапжылмай, ұйып тыңдаған Соболев:
– Егер Лев Толстой темекі туралы әңгіме жазса, дәл осыдан артық жазбас еді, – деген екен.
Жамбылды тану, оның ақындық болмысын, ұлылығын тану деген, міне, осы. Түптеп келгенде, Жамбылдың ұлылығын тану – оның жолбарысын тану деген сөз.
Жамбыл өмірінің соңғы күндерінде орталық емханада жатыпты. Қайта-қайта нашарлап, қысыла беріпті. Қысылған сайын Әбділда Тәжібаевты шақыртады екен. Әбекең:
– Тәте, жақсы боп кетесіз, – деп көңілін жұбататын көрінеді.
Бір күні кешкісін қысылып жатыр деген соң Әбекең тез жетеді. Келе сала қолын ұстап әдеттегідей:
– Тәте, тәуір болып кетесіз, – дей бастағанда Жәкең:
– Жоқ, енді оңалмаспын. Сарыбай тапсырып кеткен қызыл жолбарысым болушы еді, қиналғанда, тарыққанда құйрығын бұлаңдатып жанымда жатушы еді. Сол қызыл жолбарысым жаңа ғана кешкісін батысқа қарай кетті. “Пұшайт! Пұшайт! Пұшайт!” – деп үш рет айқайладым, жолбарысым артына қарамады. Алладан хабар келген секілді, аманатын тапсырайын, қамдарыңды жасай беріңдер, – депті. Айтқандай-ақ, сол күні Жамбылдың алып жүрегі тоқтапты.
Осы әңгімені кейін Әбділда ағамыз өзінің досы, атақты сыншы Виктор Шкловскийге айтыпты. Таңғалған Шкловский Жазушылар одағының кезекті бір пленумында мінбеден:
– Мой друг Абдильда Тажибаев мне говорил, что у великого Джамбула был свой тигр. У настоящего поэта должен быть свой тигр! – деп айқай салыпты.
Шындығында да Жамбыл – жолбарысы болған ақын. Жамбылдың жолбарысы деген сөз Жамбыл ақындығының Феномені, Киесі, Құдіреті деген сөз.
Жамбылдың даңқы жөніндегі мақаланы мына бір әңгімемен аяқтағым келіп отыр. Мұхтар Әуезов университетте оқып жүргенімізде бізге үш жыл қатарынан лекция оқыды. Ол кісіден “Қазақ халқының ауыз әдебиеті”, “Манас”, “Абайтану”, “Туысқан халықтар әдебиеті” курстарын тыңдадық. 1957 жылы Үндістанға барып қайтқан сапарын бізге жырдай етіп айтып берді. Соңында былай деп еді:
– Менің аты-жөнімді, “Абай жолы” романымды үнділер жақсы біледі екен, бірақ ұлтымды білмейді екен. Ұлтымның қазақ екенін білдіремін деп келтірмеген мысалым қалмады. Бір кезде аузыма Жамбыл түсті. Жамбылдың есімін атадым. Сол кезде залда отырғандар ду қол шапалақтап, дүрлігіп орындарынан тұрып кетті. Үндінің бір ақыны мінбеге шығып, Жамбылдың “Жаңа заң” дейтін өлеңін өз тілінде жатқа айтты. Жұрт қошамет көрсетіп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алды.
– Міне, мен сол Жамбылдың ұлтынанмын, – дедім. Жамбылдың даңқы әлемге жайылғаны былай тұрсын, ұлы ақынның есімі қазақ ұлтының паспортына айналған екен, – деп еді асыл ағамыз.
Шынында да Жамбыл – қазақ халқының төлқұжатына айналған адам. Қазақ халқы барда Жамбыл есімі де бірге жасай беретін болады.
Авторы: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
Достарыңызбен бөлісу: |