Жұртымызда үлкен аға, кіші аға дей­тін ұғым бар. Үлкен ағамен аралықта сырластықтан гөрі сыйластық басым да, кейін­гісімен керісінше келетініне өзімнің де көптен бергі тәжірибем көз жеткерді



Дата01.04.2018
өлшемі133,66 Kb.
#39973
Кіші аға

Кіші аға
Жұртымызда үлкен аға, кіші аға дей­тін ұғым бар. Үлкен ағамен аралықта сырластықтан гөрі сыйластық басым да, кейін­гісімен керісінше келетініне өзімнің де көптен бергі тәжірибем көз жеткерді...


Орал рабфагының дайындық курсында бір жыл өткеріп, бірінші курсында оқып жүрген кезім еді. Жалпы жағдай алдыңғы жыл­дан жақсырақ болғанымен, соңғы 1935 жылдың өзі де жеке басыма жеңіл тимеген. Ауыл жақтан азық, қаражат жіберердей қарт шешеде қауқар жоқ. Көбінше сорпаға бола соғып кетіп жүретін үйім – облыстық театр артистері – ерлі-зайыпты Шәкір, Түмия Оразғалиевтердікі болатын. Шәкір бұған дейін біздің ауданда милиция бастығы кезінде өзі аға, әйелі жеңге болып, әбден туысып кеткенбіз. Олардың үйінде домбыра, скрипка, мандолина дегендеріңіз сол кездің өзінде самсап, барша бабында тұратын. Мен күй тартуды Сейтектің «Заман-айы», Әлкейдің «Қоңыраласынан» бастап сол үй­де, Шәкірдің әкесі Оразғали қарттың өзінен үйренгем.
Күздің демалыс күнгі түс мезгілінде Совет көшесінде тұратын солардікіне келсем, ауыз үйде шал шайын самарқау ұрттап, кем­пір бір жасар немересі Советті (ол бала бұл күнде музыка маманы) аспалы бесігімен ақырын қозғап қойып, үнсіз отыр екен.
Екеуі де менің сәлеміме бастарын ғана изеген болды. Шал тіптен бір қолын көтеріп, «қоя тұр» дегендей белгі берді. Келгенімді жақтырмай отыр ма деп күдіктенуіме болатын еді, болмай қалды. Бұлар есігі жабық төргі үйден төгіле шалқыған тамаша сазға ұйып отыр. Скрипка мен мандолина, бірі сызыла, бірі мөлдіреп, өзара үндесіп ал­ған. Оларға бір еркек, бір әйел қосыла шыр­қайды. Еркек даусы бейтаныс, ал өз жең­гемнің аса сүйкімді, мейлінше нәзік лиризмге толы тамылжыған тамаша даусын бірден таныдым. Әйел затында өзі қандай сұлу болса, өнері де сондай жан еді-ау ол!... Жібектен бастап сахнада ол жасаған қыздар образы ешкімге ұқсамаған, өзінше бір тамаша болатын. Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген артист атағын алғандардың алғашқы тобында болуын болып-ақ еді-ау, әттең тым ерте кетті дүниеден. Марфуға Кенжеғалиеваның Қасым жөніндегі естелігінде фамилиясы дұрыс, аты сәл жаңсақ аталған әйел осы Түмия ғой.
Төргі үйдің есігінен елеусіз еніп, жақ­тауына жапсырыла қалғам. Түмияға қосы­лып ән салушы ақын Қуан Тастайбеков (ән­­шейінде тұтығып сөйлегенімен, әнге бө­гелмейтін), Шәкір скрипкасына мандолина қосушы Қасым Аманжолов екен.
Мен бұларды осының алдында Оралға келіп кеткен Сәбит Мұқановпен кездесу ке­шінде көрген едім.
Абай әні аяқталысымен сәлем беріп ем, жалт қарағандардың басқасынан бұрын Қа­сым сөйлеп:
– Ей, мынау әлгі тақта отырғанда тапжыл­майтын ханның өзі емес пе? – деді.
– Иә, мен соның дәл өзімін.
Бұның алдында пединститут пен педра­б­фак студенттерінен құрылған труппа «Ең­бек сарайы» аталатын үйде Жұмат Шаниннің «Арқалық батырын» қойғанбыз.
Спектакльде мен ханның ролін ойна­ғам. Оны біз бір күнге сыйғыза алмай, жал­ғасын келесі күнге шығарғанбыз. «Комсомол ұрпағы» газетінде Қасым екі күнге екі бөлек рецензия жазған. Алғашқысында ол «Хан тағында қозғалмай, тап бір манекен тәрізді отырады да қояды екен» деп сынаса, ке­лесі күні «Хан кешегідей емес, бүгін ширады» деп жазған. Сондағы «ханды» қазір ол танып отыр екен. Сәбит келгенде оның «Қара айғырынан» үзінді оқығанымды да ұмыт­папты.
– Әй, бала, сенен артист шығады, – деді Қасым.
– Бұның ақындығы да бар. Сен әнеугі Асылханымға шығарған өлеңіңді айтшы,–деп, Шәкең мен Түмия екі жақтап жармасып алған соң, қызды суреттеген қысқа бір өлеңімді домбырамен айтуға тура келді. Оным «Жаңа теңеулер қосылса жаман болмас еді» дегеннен артық баға ала алған жоқ.
Қасымның «сенен артист шығады» деуі – сол уақытта мені театрға тартпақ болғаны екен ғой. Ал мен оның газетке келгенге дейін театрдың көркемдік жағын басқарушы болғанын күні бүгінге дейін білген емес ем.
Жақында ғана Жәкең (Жәрдем Тілеков) айтты. Әлгі рецензияларды ол газетте емес, театрда жүргенде жазған екен.
Бұл кездесу солай өтті. Келесі жылдың күзінде Қажым Жұмалиевтің айтуымен Ұлы Октябрьге арналған «Тұңғыш» атты өле­ңімді «Екпінді құрылыс» газетінің редакциясына, оның жауапты секретары жаңағы Қуан ағай Тастайбековке апарғанымда сонда жұмыс істейтін Қасыммен екінші мәрте кездестім. Менің өлеңімді қарауға тиісті адам да соның өзі екен. Төрт-бес жерін жөндеп, кей шумақтарын кесіп, өзіме қайтарып бер­генде 60 жолдай өлеңімнің көлемі екі есе қысқарғанын көрдім. Жөнделген же­ріне келіссем де, қысқартылған сөздерге қиналғанымды жасыра алмай, біраз дау ай­тып едім:
– Әй, сен бала, өзің бір қисық болмағай едің?! –деп басын бір ғана иығына жыға, маған жымия қарады.
Мен өзімді онша қисықпын деп ойламайтынымды айтып көріп едім, орны келгенде қисық болудың қажеттігін және ескертті ол. Сөйтті де мұрнын балаша бір тартып қойып, республикалық жастар газетінде жа­рияланған өз өлеңін көрсетті. Соның бір жеріндегі редакциясына не себепті келіс­пейтіндігін өте қисынды дәлелдеді. Бұдан соң ол мені газет редакторы С.Иманқұловқа ертіп барып, ақын деп таныстырды. Сөйтіп, мен осы барысымда бір Қасымның өзінен алғашқы редакторымды, алғашқы консультантымды тауып және алғаш мәрте ресми адам аузынан ақын атандым.
Кейін байқасам, өлеңім редакцияға осал күйінде келген де, Қасымның мықты қамқорлығына кездескен екен. Өлеңнің со­ңындағы «Ленин жазған тойдамыз» деген жолды Қасым қосқаны есімде. Егер бұл өлең о баста мықты жазылса, кейін кітапқа кір­гізерде мен оны тағы да қысқартып, небәрі сегіз жолға түсірмеген болар едім.
Бұдан кейін «Екпінді құрылыс», «Комсомол ұрпағы» газеттерінде жария болар алдында менің көптеген өлеңдерім Қасым қолынан өтіп жүрді. Тетелес те тілегі түзу екеуіміз сырлас жандар сыпатында тез табысып кеттік. Осы Сағынғали Сейітов те біледі, редакцияға барғанымызда ол біз­ді баласынбай, «Сен мынаған қалай қарайсың?»– деп, өз өлеңін де оқып беріп отырушы еді. Ол кезде үйлене қоймаған комсомол ұстаз Қажым Жұмалиевтің Саратов көшесіндегі үйінде Қуан ағайлар бәріміз неше дүркін бірге болдық. Ғинаят Хафизов, Зұлқарнай Оразақов сияқты әде­биетші сту­денттердің жатақханадағы бөл­месінде де бөліскен дәмдеріміз, айтқан ән­деріміз, шер­­тіс­кен сырларымыз аз емес-ті. Жайық, Шаған жағаларында «Ханская роща» дейтін қалың бақта қала жұртшылығы серуендеген кезде де, біз тобымызды жазбаушы едік. Қайда да бізбен бірге көркем сөз әңгімесіне көшіп жүруші еді. Бұл тұсты:
Оралым, сенің қойныңда
Ойнақтап өткен жылдарым;
Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғамын,–
деген Қасым өлеңінен өрнекті етіп сипаттау мүмкін емес. Ақынның ажырамас айрықша досы Жәрдем Тілеков еді. Әлгі өлеңде ай­тылған «сонау бір шетте сонау үй» күні бү­гінге дейін бұл кісінің де есінде бар шығар-ау...
Қасым Алматыға жұмысқа ауысар алдында Шәкір үйін тағы да бір думанға айналдырып, қыз, жігіттер қимастық айтқанын білеміз. Алматыға Қасым, артынша көп ұзамай мен Гурьев рабфагына ауыстым. Бірақ бұдан кейін кездесу сәті кешіккен жоқ. 1938 жылы Жамбыл творчествосының 75 жылдығына келгенде ең алдымен ізде­геніміз – тау жақтағы Қасым үйі болды. Оралда шала-шарпы танысқан күйімде қала берген Абдолла Жұмағалиевпен сол үйде әбден біліскен, достасқан жайым бар. Екеуі де сол жолы менің «Дауыста, ата, дауыста» деген, Жамбылға арналған, толғау ретінде жазылған өлеңіме аздап сыпайы сын айт­қанда сол тұстағы жастарға қойылатын жаңа талап лебізін сезініп қайтқам.
1939 жылы Орал қаласында облыс­аралық ақын-жазушылар кеңесі өтті. Оған қатысу үшін астанадан келген өкіл өзіміздің Қасым екен. Екі күнге созылатын кеңесті ол екі ауыз сөзбен ашты да:
– Жігіттер,– деді, – кәне, бос әңгімені қо­йып, шығармалар оқылық. Білгіш болсаң­дар, соларға пікір айтыңдар.
Қызулы да қызық айтыстардан кейін бірсыпыра дүниелер іріктелді. Қасым өмі­рінің ақырына дейін берік ұстанған өзінің турашыл қасиетін ол тұста да бүккен жоқ: «міне, мынау– ақын», «Сен шырағым, бүй­тіп бекер әуре болма» деген сияқты тура тұжырымдарын дөрекі күйде емес, дөп ба­сып, бұлтартпай дәлелдеп отырады. Ке­ңестен кейін Орал, Гурьев облыстарынан құралған біздің бір тобымызды Жазушылар одағының сол кездегі облысаралық өкілі Жәрдем Тілеков екеуі Қазақстан Жазушылар одағының ІІ съезіне қатыстыру үшін Алматыға алып жүрді. Ол топта Қуан аға Қайырғали Байғалиев, Далабай Жазықбаев, Бекқали Қарабалин, Ғинаят Хафизов, Бө­пеғалиев, Селезнева (аттарын ұмыттым) сияқты жастар, Сәттіғұл Жанғабылов, Сұ­раубай Үттібаев, Қасым Бисалиев сияқты қарт ақындар болды. Жолшыбай Тұзтөбеде келесі поезды күтіп, теміржолшы пәтерінде өткізген бір тәулікте Қасым астанаға барған соң кімнің не оқитынын тексерді. Әсіресе, қарт ақындармен өткізген репетициясы тамаша болды, «Ақсақал-ау, мына жерін былай қайырмас болар ма?!» деп, домбыраны қағып-қағып термелете жөнелгенде темір жол маңындағы тұрғындар көктемгі айқара ашық терезелерден анталап тұрған еді. Солар бізге қонақасы да беріп, түгелімен түн ішінде шығарып салған.
Қасым ол тұста литфондының директоры боп, Городская көшесіндегі саяжайлық үйлердің бірінде тұратын. Кетер-кеткенше біздің штабымыз бірде қонақ үй, бірде Қа­сым үйі болып жүрді. Ақын үйіне басқа облыстардан келушілерді де көп көріп, іштей оны қызғанғаным қызық.
Міне, менің балаң кезімдегі, Қасым ақынға қатысты оқиғалардан ойып алып бір айтарым осы.
Ал енді келесі кезеңге ойыссақ... Отан соғысы басталардан бір жарым жыл бұрын Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінде оқып жүргем. Бір күні Жетісу қамалындағы әскери комиссариатқа шақырылдым, шашымды алғыздым. Бірақ операцияға жатуыма байланысты, жара жазылған соң, армияға Гурьевтен аттануға рұқсат алдым. Елге жүрер алдында Қасымды Жазушылар одағынан тауып, жай-жапсарды айттым. Ол Абдолла екеуімізді «Алатау» ресторанына апарып, сол жерде әңгімелестік.
– Гитлердің тықыры тығыз, сірә, соғыс басталатын шығар. Талайдың басын жұт­паса неғылсын?!– деп Абдолла турасын айтқанда, аяғы үзеңгіге ілігіп тұрған маған бұл сөз ұнаған жоқ. Қасым соны сезді-ау деймін, жұмсарта сөйледі:
– Қой, тап солай бола қоймас. Бізге тиісу оған да оңай емес. Және қазір онымен жасасқан шартымыз да бар ғой. Ал алда-жалда соғыс бола қалса, бәріміз де от ішінен табылатын шығармыз,– деді де, әңгімені басқа жаққа бұрып, аяғын қайдағы бір гонорардан «қолүздік» алғыш бухгалтер жайлы күлкіге айналдырып жіберді.
Одан кейін көріспей, арада өткен алты жылдың соңғы төртеуінде Абдолланың айт­қаны болды да тынды. Абдолла, Бекқали, Далабай, Ғинаяттарды ақын айтқан сұм соғыс қыршынынан қиды. Мен ауыр жараланып, он үш госпитальдің шипалы пы­шағынан ажалға араша тауып, 45-жылдың көктемінде Алматыға оралдым. Қасым армия қатарынан сәл кейінірек келді.
...Қасым ақындық жағынан тамам дос танымастай өте ғажайып өскен еді. Өз басым оның соғыстан соңғы өлеңдерін көзіме жас алмай тыңдай алмаушы едім. Сол өлең­дердің алғашқы жинағы Жазушылар ода­ғында талқыланғанда да мен ауық-ауық босап кетіп отырдым. Соғыстан кейін тапқан достарым, қатарымда отырған Мұқан Иманжанов пен Қайнекей Жармағамбетов мені мүсіркегендей болды: олар жиналыстан шыққан соң «еңбек сенікі» деп маған шарап алып берді.
Некрасовтың «Ақын мен азаматын» қазақшаға аударып, Қасымға көрсеткенімде, «салыстырып оқымай, түк те айтпаймын» деп үйіне алып кетті. Ертеңіне «Социалистік Қазақстанның» редакциясындағы Мұқан екеуі­міздің жұмыс бөлмемізге келгенде сәлем-сауқаттан бұрын ол маған: – Әй, сен, жолдас, булығу дәуірінен әбден өткен екен­сің. Әлде сенің көкейіңді көзеп ашқан осы ұлы орыстың өзі ме екен?... Әлде газет пе екен?– деді.
Енді ойласам, қайсы болғанда да, Қа­сымның осы сөзінде шындық бар секілді. Май­данда жүргенде жеке шумақтарын ғана еміс-еміс бұлдыр сезінетін «Әке сыры» поэ­масын әлгінің соңынан іле-шала қолға алдым да, тез жазып шықтым.
Ендігі әңгіме осы «Әке сырынан» бас­талсын.
...Бұл кезде біз Пушкин көшесіндегі жалғыз бөлмеден ипподром жанындағы «Крас­ный трудовик» колхозына, қайын атам­ның үйіне көшкенбіз. Жұмысқа велосипедпен келуші едім. Поэманың соңғы нүктесі жаздың бір демалыс күнгі таң мезгілінде қойылған. Қуаныш пен күдік екі жақтап еркімді берген соң, сапарға ерте шықтым...
Жеңі шолақ көйлекте қолжазба тығар­дай қойын қалта болмаған соң, оны шиыр­шықтап орадым да, велосипедтің арыс теміріне кендір жіппен келістіре байладым. Күн көтеріле бастаған бұл күнгі сапарым күн батардың аз-ақ алдында аяқталды. Ұзақ күн бойында әлгі қолжазбаны үш мәр­те шешіп, үш қайтара байлауға тура келді. Әуелі қаланы қақ жарып отырып, тау жақтағы Қасым үйіне «ат басын» бір-ақ тіредім. Ойдан өрге өне бойы мықшыңдау оңай ма, он шақты шақырым жерге едәуір қиналып жеттім. Ертеңгі астан бір үзім нан ауыз тидім де, маңдай терімді сыпыра отырып шаруамды айттым. Ол үйден үнсіз шықты, іргедегі айғай-шуы мол өзен бойына ертіп барды.
– Әлгі сенің соғыстан жарғағы жарылмай қалған, еститін құлағың қайсы еді?– деп бір айғайлады. Оң құлағымды көрсеттім. Ол соны екі қолымен қорғаштап, аузын тақай сөйледі:
– Сен бұған бірден қойып кетпей, әуелі салқында, содан соң шомылып ал. Ал менде жұмысың болмасын, әкел!- деді.
Қолжазбаны ұстата бердім де, су жаққа кеттім.
Жағада өзінің бір ұнататын жайлы жал­пақ тасы бар еді. Оны сонау бір жылы Абдолла, Жәрдем төртеуміз шомылған жолы «менің тағым» деп мақтанғаны есімде. Ол соған орналасты. Бас-аяғы 450 жолдай поэ­маны ұзақ оқыды. Байқауымша, талай жерін қайталап қарайтын секілді. Сағат шамасы болды. Содан соң ғана суық судан жаурап шығып, күнге қыздырынып отырған маған қол бұлғап, өзі үйге беттеді. Менде дегбір жоқ, жүре киініп жүгіріп келем.
Ауыз үйдегі көне диванға қатар жай­ғасқан соң оның айтқандарынан ұмытылмай есте қалған мыналар еді:
– Өзіңе мәлім, мен бөсуді білмейтін кісі­мін. Бүгін сенің мынауыңды жуып, кешке дейін отыруға болар еді. Бірақ қалт-құлт еткен көлігіңмен сені қайтар жолда машина қағып кетуі мүмкін ғой. Көр де тұр, бұл жырдың төңірегінде саған пайдалы көп сөз айтылады. Құтты болсын!
«Үлкен жолдың үстінде» дейтін поэмам Жазушылар одағындағы талқыдан табысты өтіп, Шахмет Құсайынов, Қасым үшеуіміз Пугасов көпіріндегі көк жаймаға тоқтаған жерде Шахаң маған:
– Так держать!– деп, өзінің аз білетін орысшасынан екі-ақ сөз айтты. Қасым осыдан артық сөздің керек еместігін ескертті де, кейінірек пікір жазатын ойы барын білгізді. Ол, бірақ, осы уәдесін орындай алмаған. Оның есесіне «Біздің ауылдың қызы» атты поэмам жайлы «Әдебиет және искусство» журналына көсілте жазды. Бірыңғай мақтау емес, сыны да соның ішінде бар-ды. Дилогияның екінші кітабында, яғни «Сенің өзенің» атты поэмада Қасым сындары түгелге жуық қабылданды, олқы образдардың толық шығу жағы ескерілді. Журналдың сол кездегі жауапты редакторы Қайнекей Жармағамбетов «мақаланың аяғындағы төрт жол өлең тым шырқап тұрған соң алып қалдым, этикалық жағын өзің түсінесің ғой, сен оған ренжіме» деп дос көңілден айтқан соң, өлеңде қандай пікір барын сұраған да жоқ едім. Арада көп жылдар өткен соң, менің 66-жылғы бір томдығыма алғы сөз жазғанда Қасымның әлгі өлеңін Қайнекей өз архивінен алып пайдаланды.
Қасым Аманжоловтың мен байқаған және мен үйренген бір қасиеті, ол не жазса да соны баспаға бергенге дейін біреуге не бірнеше адамға оқытуды шарт көруші еді.
«Абдолла» атты поэмасы Жазушылар одағында оқылар алдында соның тал­қылауына қатысу үшін Иманжанов екеуімізді телефон арқылы өзі шақырды, өзге зауқы барларын ертіп келуді өтінді. Ал автор «Біздің дастанды» (Ол кезде аты басқа болатын. Бұл – сол аса талантты үлкен полотноның бір бөлігі не фрагменті ғана) ең алдымен «Социалистік Қазақстан» редакциясында журналистер талқысына салды. Коллективте өлеңнің өзіне тән болып жатқан нәзік қасиеттерін түгелдей тап басып түсіне бермейтін кейбір газетшілер, тіпті әріпшілер (буквоед) де ол уақытта кездесіп қалуы мүмкіндігіне қарамастан, Қасым жұртты көңілдегіні ірікпей, ұнатпаған жерді ұрғыштап (өз сөзі) айтуға шақырды. Дастан үзіліс аралатып үш сағатқа жуық оқылды. Марқұм досымыз Асқар Лекеров үзілістен кейінгі отырыста ақын алдына сусын толы графинді қоярда оның кірпігінен ылғал көріп, жұрттың оған ризашылықтан күлгені бар. Мен күлген жоқпын: ондай жайлар өз басымда болғанын жоғарыда айттым ғой. «Социалистік Қазақстан» өз аппаратының автормен аралығын аса сыпайы ұстауды дәстүрге айналдырған газет емес пе, біздің жолдастар (Б.Әлиманов, М.Иманжанов, З.Сарыбаева, әлгі Асқар, басқа да пікір айтқандар) дастанды қуана құптай отырып, кейбір тілектерін келістіре, әдеппен жеткізді. Автор тек қана айтылған сын жағын жазып алып отырды, жауабын алғыспен білдірді. Авторды редактор Балтабек Асановтың машинасымен үйіне апарып салу маған тапсырылды. Журналистердің жоғары мәдениетіне ризашылығын ол жол бойында неше дүркін қайталап айтты. Дас­танның кейінгі редакциясынан біздің жі­гіттердің автор қабылдаған талай пікірін таптық.
Мен Төңкеріс көшесіне көшкеннен кейін Қасымның біздің үйге келуі тағы да жиіледі. Сол келістің бірінде өзінің «Дариғасын» домбыраға қосып, сәл қарлығыңқы дауыс­пен ақырын жылжытып отырды да, «өлеңімді айтып, келемін қайтып» деген жеріне ілік­кенде кілт тоқтады. Басқа бір құлақ күйін шертіп отырып мені бір әңгімеге шақырды. Сонда екеулеп өрбіткен пікіріміздің түп қазығы шамамен айтқанда, мынаған саяды. Өлең пішіндерін байытудағы Абай дәстүрін көптеп-көлемдеп жалғастыру – болса-бол­маса да мойындағы парыз. Ол өз алдына бөлек мәселе. Ал осы ұйқасқа келейікші...
Біздің ғой өлеңдік тіршілігіміздің тірлігі – анадан туғалы ақиқатында силлабика. Тоникамен үндестік заңымыз арасы алшақ. Ішкі ырғақтан ұтысымыз аздау. Ендеше, осы біз өлеңнің ұйқасын неге күрделі күйге көшірмейміз? «Тас-бас», «алды-салды», «байғұс-құс» деп қашанғы төпей береміз? Әлгі («Дариғадан» алынған) ұйқастың өзі екі сөзден құралады. Соның біреуін бір сөзбен келтірсе, жанып кетпес пе еді?.. Ондай ұйқас қазақта бұрын болғанымен, ол өзі ешбір шығармада үнемі сақталмайды екен. Ал соны ой қоғалысына ешқандай нұқсан келтірмей-ақ үнемі сақтап отыруға болады. Рас, ақын жұмысын біраз ауырлатады. Бірақ жеңілдің қажеті қанша?!
Ерте киліккен ажал ақынның қолын бұл келісімді орындауға жеткізбей кетті. Мен бұны сол кезден кейінгі жұмыстарымда есте тұттым. «Құрманғазының» бірінші бөлімі мен екінші бөлімін салыстырып көріңіз. Содан бастап, жаман да, жақсы да, біздің ұйқастың бірлігі табиғатын өзгертті. Орны келгенде жасырып қайтем, осы тенденция жастарға жариясыз да риясыз ауысқаны мені іштей мейлінше қуантады.
Сөз басындағы анықтамаға байланысты айтылатын ендігі бір сыр: сырластығы аз, сыйластығы мол, жасы үлкен, бұл күнде дүние салған ағалар мұрасы жайлы бас-басына пікір айтуға міндеттене алмаймын. Ал кіші ағам Қасым мүлкі хақында өз пікірімді іркілмей айтсам да, оның төңірегінде айтыса да аламын. Қасым мұрасының бәрі бірдей асыл емес. Меніңше, оған себеп үш тараптан табылады.
а) әдебиетке келерде бәріміз сияқты оның да теориялық білімі, сусындаған бас­тау-бұлақтары жеткілікті болған жоқ;
ә) құлашын кейінірек жазуына байланысты үлкен серпілістердің көбіне үлгермеді;
б) еркін ағып келе жатқан, еріктен тыс іркілуді талап еткен ( жеке адамға табыну сияқты) кейбір мезгіл мінезі салқынын салмай қойған жоқ.
Бірақ, осыларға қарамастан, оның сыр­шылдығы, еркін төгілер жердегі батылдығы сол кезде барлығымыздан да басым болды. Ол сондай Қасым болды деп сынадық біз... Қасымды зерттеушілер де, оны ұстаз тұтушы өнімпаз өркендер де бұл жайларды өз қалпында асырмай, жасырмай түйінбек, пайымдамақ керек.
Әлгіде «дүние салғандар» деген сөз айтылып қалды-ау. Соған бір соға кетейікші. Қай жұртта да өлген адамның жақсылығын асыра мақтау айып емес, кешеуілдетіп кемшілігін айту күнәдан ауыр саналады. Оның дұрыстығын дәлелдеп жату ұят болар еді. Бірақ менікі, оллаһи ол қағидаға жығылу емес. Мен осы адам өмірден кеткелі талай дүркін ойға беріліп отырғанымда «сенің де мынадай бірдеңең болып еді-ау» дегізердей жайды түгел зердемнің түнек жағына шырақ шығарып та таппадым ғой. Байқап жүрміз, асылы, бірде болмаса бірде арандамақ шын мағынасындағы ақын байғұстың тағды­рына тарту ма деп те қаласың.
Біреудің қиянатына Қасым төзімі жоқ­тығын жоғарыдағы бір сөз арасында айт­тық. Сірә, өзінің біреуге қиянат істеу қо­лынан келмейтіндігінен болу керек, кейде әділетсіздікке кейістікпен арандап, бекер­ден-бекер күйіп қала беретін. Мұхтар Әуезов туралы естелігімде Қасымның торғайдай басы толықсып, топ талқысына түскен бір ауыр кезеңін жазып едім. Сонда тағылған айыптағыдай, Қасым тіпті де эстет емес, елінің нағыз коммунист патриоты, сыршыл, шыншыл, ақыны бола тұра принципсіз бі­реу­лердің ұсақтығын «ұрғыштап тастаймын» деп ұрынған жері еді ол.
Жетімдіктің азабынан соғыстың доза­ғына дейінгі екі аралықта көп қиыншылықты бастан кешірген ақынның өмірге құштар­лығы өлшеусіз еді. Ал өмірге қызмет көр­се­туге одан бетер қызыққан жан еді. Өзі өлсе де, халыққа қызметінің қысқармауы, яғни шығармаларының шындықпен бірге шырқай беруі содан да шығар.
Қасымның ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болғаны жайлы жазылып жүр. Сол ұзақ уақытта көңілін сұрауға бәріміз де барған шығармыз. Ауырып жатқанда жазған өлеңдерін бәрімізге де оқығаны көптеген жолдастардың естеліктерінен аң­ғарылады. Бұл арада сол айтылғандарға менің қоса қоярым жоқ. Жалғыз-ақ бір жай, ақын қайтыс болардан он шақты күн бұрын кездескен сағаттар есте сақталыпты. Дене шіркінді дерт әбден меңгеріп алғанда адам жанының жасуы, өлімді ойлауы да заңды делік. Әңгіме онда емес.
Әңгіме соның қалай жасып, қалай ой­лауында ма деп қаламын. Біз Зейнолла Қабдолов екеуміз шай үстінде Қасым қалауы бойынша бір-бір көзелек шампан ішкенімізде тап бір үшінші көзелекті бізбен бірге өзі босатқан адамша еңсесін көтеріп, жастық астындағы дәптерін қолына ала отырып сөйледі. Жөтел қыса берген соң, біз оны аз сөйлетуге тырыстық. Сол үздік-үздік айтылған әңгіменің төркіні «мына бір өлең аяқталмай қалып тұр», «мына жайды келістіре жырлап шығу керек-ақ еді» тәрізді боп, өкінішке қарай ойыса берді. «Өзің жазылып алған соң өлең де жазылады» деген сияқты жұбатпа сөздерді аузым айтқанымен, көкейіме «ойпырмай, қайран ақын өмірдің өзінен бұрын өнерін қимай отыр-ау» деген түйін тұрды.
Ол жаңағы ойларын көбінесе бізге емес, терезеге, одан арғы жарқырап тұрған кең дүниеге сыр етіп шерткендей, мұң етіп шақ­қандай, сол жаққа көзін тіге берді. Бар­лық Қасым қалжырағанда жүдемеген, жа­нарынан нұры таймаған сол қос шырағы болатын. Ақын денесін күзеткен ақырғы ауыр түнде маған сол қос шырақ өзінің өз­гер­мегенін біздің көзімізден жасыру үшін ғана жұмылған секілденді.
Жазушылар одағының басқармасы ақынды жерлеу жұмысының жауапкершілігін маған жүктеді. Зират басында сөз сөйлеуді де тапсырды. Сондағы үш-төрт минуттық ащы зарымның жанымды жарақаттағаны соншалық, оны қайталап жазбақ түгіл, ойша еске түсіруге де жүрегім дауаламайды. Асыл ақын азамат Аманжолов Қасымға – қайран өзімнің кіші ағама – көрсетсем деген қызметім көп еді де, тек соңғысы ғана соның ішінде жоқ еді. Амал қанша!.. Біз онымен осылай қауышып, осылай қоштасып едік.

Хамит Ерғалиев.



1978 жыл. Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 қыркүйек (№ 147/148). - 5 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет