Дипломдық жұмыстың көлемі мен құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспе, үш бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады
1 ЖЕКЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІН ҚОЗҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖҮРГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
1.1 Жеке, жеке жариялы және жариялы ізге түсу мен айыптау істері
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде қылмысты санаттау туралы арнаулы норма енгізіліп, онда қылмыстар сипатына және қоғамға қауіптілік дәрежесіне және кінәнің түріне байланысты онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр деген санаттарға бөлінген. Қылмыстық ізге түсу мен сотта айыптау жеке, жеке-жариялы және жариялы түрде жүзеге асырылуы жасалған қылмыстың сипаты мен жоғарыда аталған қылмыс санаттарына қарай жүзеге асырылады.
Жеке жариялы айыптау істері жәбірленушінің шағымы бойынша ғана қозғалады және айыпталушы бірінші рет кішігірім нем
есе ауырлығы орташа қылмыс жасаса, сондай-ақ егер, ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірген зиянның есесін толтырып берген жағдайда қысқартылуы мүмкін. Прокурор жәбірленушінің шағымы болмаған жағдайда қылмыстық іс қозғауға құқылы. Ал, айыптау істері жәбірленушінің шағымы бойынша ғана қозғалады және жәбірленуші мен айыпталушының бітісуімен қысқартылады. Жариялы айыптау ісі бойынша қылмыстық іс жәбірленушінің шағымы болу немесе болмауына қарамастан қылмыстық ізге түсу жүзеге асырылады [1,89б].
Сонымен, қылмыстық ізге түсу сотта айыптау істері жеке, жеке-жариялы, жариялы тәртіпте жүргізіледі.
Жеке айыптау істеріне Қылмыстық кодексте көрсетілген мына қылмыстар жатқызылады: денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру; денсаулыққа абайсызда зиян келтіру; қорқыту; жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс әрекеттерге мәжбүр ету; жала жабу; қорлау; балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтару; еңбекке жарамсыз жұбайын немесе зайыбын асыраудан әдейі жалтару; жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу; бөтен адамның мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру; көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ережелерді бұзу. Бұл аталған қылмыстық істер бойынша іс қозғауға жәбірленушінің арызы немесе прокурордың шағымы қажет.
Егер әрекет дәрменсіз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы немесе басқа да себептер бойынша өзіне тиесілі құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабілетсіз адамдардың мүдделерін қозғайтын болса, прокурор Жеке айыптау ісі бойынша жәбірленушінің шағымы болмаған кезде де іс қозғауға құқылы.
Ал, жеке-жариялы айыптау істеріне Қылмыстық кодекстің мына баптары жатқызылады:денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру; заңсыз аборт жасау; зорлау; нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану; бала асырап алу құпиясын жария ету; қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын теріс пайдалану; сеніп тапсырған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету; интеллектуалдық меншік құқықтарын бұзу; заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау; мәміле жасауға және оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету; компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру;
ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату; өкілеттіктерді теріс пайдалану т.б. қылмыстар кіреді. Аталған қылмыстар бойынша қылмыстық іс жәбірленушінің шағымы болмаса қозғалмайды.
Прокурор, егер әрекетке дәрменсіз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы немесе басқа да себептер бойынша өзіне тиесілі құқықтарды жүзеге асыра алмайтын немесе өз бетінше пайдалануға қабілетсіз адамдардың мүдделерін қозғайтын не басқа адамдардың, қоғамның немесе мемлекеттің елеулі мүдделерін қозғайтын болса жеке-жариялы айыптау ісі бойынша жәбірленушінің шағымы болмаған жағдайда да қылмыстық іс қозғауға құқылы.