Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет17/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан
Теңдеу 25,01, 1. Қысқаша көбейту формулаларының көмегімен өрнект (1), Ерімбет Әлібек 1, Алгебра 1-тоқсан 10-сынып ЖМБ (1), 13 Презентация13 (1) сонгы, Суюнхан Ж
Он жетінші тарау


ОН КҮНДЕ БІР ЖҮЗ МИЛЬ
Əдетте, тропикалық орман арасында ашық ауада қонып жатқан
саяхатшылар мен аңшыларды таңертең құлақ тұндырарлық концерт
оятады. Бұл музыканың ішінен шошқаша қорсылдаған, қарқылдаған,
адам күлерліктей міңгірлеген неше түрлі дауыстар естіледі.
Жаңа шығып келе жатқан күнді маймылдар осылай қарсы алады.
Тропиктік ормандардан кішкентай «мирикина», сапажу, сұр «моно»
аңдарын кездестіруге болады, үндістер бұлардың терісінен мылтыққа
қап жасайды, маймылдардың бұлардан басқа төрт қолдылар тобына
қосылатын толып жатқан түрлері бар.
Олардың ішінде ең қызғылықтысы жылауық маймыл. Бұлардың
басы сопақтау, тайқы маңдай, тұмсығы ұзын болады. Бұлардың ұзын
құйрықтары жүріп-тұруларына да жəрдемдеседі.
Жылауық маймылдардың үйір бастығы күн батысымен бір
қалыпты ұзақ əуенге басады. Бұл—баритоны — жуан дауыстысы,
оның соңынан ертеңгі симфонияны тенорлары— жіңішке дауысты
жастары жалғастырып, айнала бірнеше километр жерге естіледі.
Бірақ бүгінгі таңда, не себепті екенін кім білсін, жылауық
маймылдар да, басқалары да күн сайын таңертең беретін концерттерін
бермеді.
Маймылдар концертінің тына қалуына үндістер қатты ренжиді.
Олар маймылдың көп дауыспен концерт беретін түрін жақсы
көргендіктен ренжиді емес, мұнда мəн бар. Үндістер маймылдарды
жаны сүйіп аулайды, олар бұл жануарлардың етін аса қымбат
бағалайды, маймыл еті шынында да дəмді болады, əсіресе кептіріп
ысталғаны аса дəмді.


Бірақ Диктің өзі де, оның жолдастары да жылауық маймылдардың
сырынан ешқандай хабарсыз болатын, əйтпесе олар маймылдар
концертінің тына қалуын ескерер еді.
Жолаушылар бірінен соң бірі ояна бастады. Түн тыныш өтті,
адамдар бірнеше сағат жатып демалғанның өзінде-ақ, күш жинап
тынығып қалған.
Алдымен оянғандардың бірі кішкентай Джек. Ол көзін тырналап
ашысымен Геркулесті көріп, сен түнде қасқыр жемедің бе деп сұрады.
Бірақ түн ішінде бұлардың қонып шыққан жеріне қасқырлардың бірде-
бірі жуымапты, сонымен, Геркулес қасқыр жемегесін өзінің қарны
ашып, ішінің ұлып бара жатқанын айтып, Джекке шағынды.
Басқа жолаушылар да аш еді, кəрі Нан тұрып ас əзірлей бастады.
Жолаушылар кеше кешкісін жеген тамағындай, бүгін де құрғақ нан
мен кептірілген ет жеп қанағат етті. Бірақ ертеңгі таза ауа бəрінің де
аранын ашты, жолаушылар қайсысы болса да талғампаз адамдар емес
еді. Күндізгі ұзақ жол адамды қажытады ғой, күш жинап дайындық
жасау керек, бұл жағдай жолаушыларға мəлім еді, сондықтан өнебойы
жеп ығыр болған бір ыңғай асты бүгін де құныға жеді. Тіптен ішіп-
жемнің өмір үшін пайдалы екенін жəне парықсыз еместігін, бəлки өз
өмірінде біліп тұрғаны осы болар, Бенедикт ағай асты сүйсіне жеді. Ол
жұртқа естірте: «Бұл жаққа екі қолды қалтаға салып серуендеу үшін
келгеніміз жоқ» дегенді айтты.— Егер Геркулес,— деп ол сөзін
жалғастыра берді,—менің жарқырауық қоңыз, тағы басқа қоңыздар
аулауыма кедергі жасауын қоймаса, сазайын тартатынын біліп қойсын!
Бенедикт ағайдың қорқытқаны алыпқа оншалықты ой түсірмеген
сияқты. Бірақ жас келіншек Геркулесті оңаша шығарып алып, мына
сақалды сəбидің көзден таса болмай, алысқа ұзамай ойнауына лұқсат
етерсің, деп ескертті.
— Бенедикт ағай егде адам,— деді миссис Уэлдон,— сонда да
болса шыбын-шіркей аулауды ар көрмейді, керісінше, қызық көреді,
өзіне қажетті қызығынан мақұрым етудің керегі жоқ.


Кешегі жол жүру тəртібін сақтай, кішкене отряд ертеңгі сағат
жетіде шығысқа қарай тағы жүріп кетті.
Жол орман аралай жүрді. Ыстық ауа мен қандыра жауған жаңбыр
өзі тусырап жатқан жерді одан сайын маңыздандырып жіберген. Тау
қырқалары тропиктік ендікке жақын орналасқан. Жаз айларында күн
бұл жерге тіп-тіке төбеден түседі. Дымқыл жер қыртысының астыңғы
қабатына түскен кезде, үстіңгі қабаты жылуды мол жинап алады.
Сондықтан ол өлкенің қалың орманды болуы таң қаларлық жағдай
емес.
Гэрристің айтуына қарағанда, кішкене отряд пампастар тауында
жүр, Дик Сэнд бұл жағдайды ғажап қайшылық деп шамалайды.
«Пампа» үндістер тілінде «жазық» деген сөз.
Дик өз қатеріне онша сене бермейді, сонда да болса, пампас деген
жер — жылдың жаңбырлы шақтарында түгел тікен басып кететін,
ағашы жоқ, сусыз шөл дала деген сөз оның есінде болатын.
Жылдың ыстық кезінде əлгі түйетікендер ағаш сияқты бойлап өсіп,
ит мұрны өткісіз қалың жынысқа айналып кетеді. Пампаста тырбық
өсетін ергежейлі, тікенекті ағаштар да болады.
Диктің көріп келе жатқан жері пампасқа ешқандай ұқсамайды.
Оның көрген жерлері ит мұрны өткісіз, бір шеті сонау көкжиекке
барып енген жыныс орман. Жоқ, жасөспірімнің есебінше, пампастар
бұл сияқты болмауға тиіс. Бірақ Гэрристің, Атакама тауының
қырқалары кереметтей жақсы жер деп мақтауы шын болар. Атакама
туралы Дик не білетін еді? Атакама — мұхит жағалауынан Анд
тауының етегіне дейін көсіліп жатқан Оңтүстік Американың байтақ
далаларының бірі, оның Атакама туралы білетіні тек осы ғана.
Сол күні Дик Сэнд американға пампастың бұлай көрінуіне өзінің
таң қалғанын айтып еді, бірақ Гэррис оның күдікті ойын таратып
жіберді. Ол Боливияның осы бөлегі туралы толып жатқан түсініктер
айта келіп, бұл жақты өзінің жақсы білетіндігін аңғартты.


— Сіз дұрыс айтасыз, жас достым,— деді ол Дикке,— нағыз
пампастар, шынында да сіздің кітапта оқығаныңызға сəйкес. Бұл
құнарсыз жазықта жол жүру өте қиын. Пампастар біздің Оңтүстік
Америка саванналарына бірсыпыра ұқсаңқырайды, бұл екеуінің
арасындағы айырма, саванналар көбінесе батпақты болады. Ие, Рио-
Колорадо да, кендірлі Ориноко мен Венецуэл да нақ осы сияқты. Бірақ
біздің тап болған жеріміздің түрі тіптен мені де таң қалдырып келеді.
Дұрысын айтқанда, мен Атакама тауының қырқаларымен төтелеп
алғаш рет асып келем, əдетте бұл тауды айналып жүретінмін. Бірақ
мен бұл жерде бұрын болып көргенім жоқ. Атакама тауы пампастарға
мүлдем ұқсамайды дегенді естігенім бар. Пампастарға бару үшін
тауды бөктерлей асу керек: пампастар Атлант мұхитының нақ өзіне
дейін созылып материктің шығыс бөлегін алып жатыр.
— Біз Анд тауынан асамыз ба? — деді Дик Сэнд жұлып алғандай.
— Жоқ, жас достым,— американ күлімсірей жауап қатты.— Мен,
«асу керек» дедім ғой, «таудан асамыз» дегенім жоқ. Қам жемеңіз, тау
қырқаларынан ұзамаймыз, мұның ең биік шоқысы мың жарым фут.
Қолда бар көлікпен Анд тауынан асуға дəмелену, таза ақымақтық
болар еді. Маған салса, ол жолмен жүруге ешқашан көнбес едім.
— Теңіз жағалап жүру анағұрлым артық болар еді,— деді Дик
Сэнд.
— О, айтарың бар ма, жүз есе артық,— Гэррис оның сөзін қостаған
болды.— Бірақ Сан-Феличедегі гациенд Анд тауының бергі бетінде
ғой. Сондықтан мегзеген жерімізге жеткенше кездесе қоятын елеулі
кедергі жоқ.
— Ал сіз орман арасымен жүргенде, адасу жағынан қауіптенбейсіз
бе? — деп сұрады Дик Сэнд.— Өйткені сіз бұл арамен алғаш рет
жүріп келесіз ғой.
— Жоқ, қауіптенбеймін,—деп жауап қайырды Гэррис.— Бұл орман
ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз сияқты, тіптен түбі жоқ терең
теңіздерде жөн таппай сандалатын теңізшілер де болады, бұның дəл
соған ұқсайтынын да жақсы білемін. Бірақ мен орман кезіп əдеттеніп


қалған адаммын ғой, сондықтан бұл орманнан жол тауып жүре
алатыныма сенімім мол. Мұның үстіне кейбір ағаштардың бұтақ
бітісінен бағдар аламын, оның жапырақтары маған жөн сілтейді, жер
қыртысының қосындысы мен жер бетінің ой-шұқырынан да жəне сіз
байқамайтын мыңдаған болымсыз заттардан да бағдар алуыма болады.
Қам жемеңіз, сізді жəне сіздің жолдастарыңызды межелі жерге тура
бастап апара аламын.
Гэррис бұл сөздерді өзіне өзі толық сенетін кісіше айтты.
Отряд алдында қатарласа жүріп келе жатқан Дик пен американ бұл
сияқты мəселелерді жиі талқылаумен болды, бұл екеуінің əңгімесіне
басқа ешкім қатысқан жоқ. Жасөспірімнің ойындағы кейбір күмəнді
пікірлерді таратуға американның шамасы келмей қалса, ондайларды
əзірше ішке сақтай тұруды мақұл көрді Дик Сэнд.
Апрельдің 8, 9, 10, 11 жəне 12-сі күндері ешқандай уақиғасыз өтті.
Отрядтың орта есеппен он екі сағатта жүрген жолы сегіз — он
мильден асқан жоқ. Қалған уақыттары кідіріп тамақтану мен түнгі
демалысқа кетті. Жолаушылар өздерінің кəдімгідей қаржалып
қалғандарын сезді, бірақ ауру-сырқаудан тегіс аман еді.
Бір сарынмен орман кезіп жүре беру кішкентай Джекті əбден
қалжыратып жіберді. Мұның үстіне үлкендер де өз уəделерін
орындамады. «Резинка ағаштар» да, шыбын-торғайлар да үнемі
кейінге қалдырыла берді. Дүниедегі ең əдемі тоты осы орманда болуға
тиіс. Бірақ көк құйрықты алқызыл арарауынның өсіп-өнетін жері осы
еді ғой, олар қайда кеткен? Кемпірқосақ тəрізді түрлі түспен безенген
ұзын құйрықты араканглер қайда? Əсіресе тропиктік алаптарда көп
болатын жасыл тотылар қайда құрыған? Олардың былдырлағаны
жойылып кеткен халықтың тілі екен дейді үнділердің аңыз
əңгімелерінде.
Осыншама көп тотылардан үлкендердің Джекке көрсеткені тек
жако деген қызыл құйрық сұр тотылар ғана. Бұлар ағаш жапырағының
араларында қаптап жүр. Бірақ кішкентай Джек жаконы бұрын да
көрген. Оларды дүниенің түкпір-түкпіріне апарады. Тотының бұл түрі
үйлесімсіз былдырлап екі континенттегі адамдардың құлақтарын


тұндырған. Майда тілді тотылардың бəрінен адам тілін жако жақсы
біледі.
Егер Джек наразы болса, Бенедикт ағайдың да қуанарлықтай дəлелі
жоқтығын айта кету керек. Расын айтқанда, енді оның ағаш арасын
тіміскілеуіне ешкім кедергі болмады. Əйтсе де күні бүгінге дейін
коллекциясынан көрнекті орын аларлықтай бірде-бір жəндік іздеп
тапқан емес. Бұл ара жарқырауық қоңыздардың ордасы болуға тиіс еді,
алайда олардың жалғыз-жарымы болса да отряд жүрген жерден
кездеспей-ақ қойды, бұл жағдай ғалымның ісіне əдейі қастандық
жасаған тəрізді еді. Сорлаған ғалымды табиғат мазақтаған тəрізді
болды. Бенедикт ағайдың өнебойы жабығыңқы жүруі таң қаларлық
уақиға емес.
Отряд соңғы төрт күнді де оңтүстік-шығысқа қарай жүрумен
өткізді. Олар апрельдің он алтысына дейін мұхит жағалауынан кем
дегенде жүз миль ұзап кеткен. Егер Гэррис адаспаған болса, бұлардың
бүгінгі қонып шыққан жерінен Сан-Феличедегі гациенд жиырма
мильден артық емес. Демек, ең ары болса қырық сегіз сағатта
жолаушылар меймандас гациендтің қонағы болуға тиіс!
Отряд Атакама қырқаларының бір шетінен түсіп, бір шетінен
шықты деуге болады, сонда да болса соншама ұзаққа созылған жолда
жергілікті халықтардың бірде-бірі кездеспеді.
Дик Сэнд «Пилигримнің» басқа бір жерде апат болмағанына қатты
өкінді. Егер «Пилигрим» екі-үш градус оңтүстікке немесе солтүстікке
таман қираса, миссис Уэлдон жолдастарымен бірге плантацияға,
қыстаққа немесе бірер қалаға əлдеқашан жетер еді.
Бірақ бұл өлкенің халқы жерін тастап ауып кеткен деуге болады,
соңғы күндердің ішінде отрядтың алдынан жиі-жиі хайуандар кездесе
бастады. Кешкісін əлдеқайда алыстап белгісіз бір аңның созып ұлыған
даусы естіле берді. Бұл ұлып жатқан жалқау маймыл ғой деп түсіндірді
Гэррис.
Он алтыншы апрель күні отряд түскі демалысқа тоқтаған кезде
ауаны жара ысқырған бір түрлі ащы дыбыс естілді. Бұл ысқырық


миссис Уэлдонға тіптен жат сезілді.
— Бұл не? — деп сұрады ол, сасқалақтап ұшып тұра келіп.
— Жылан! — деп айқайлады Джек.
Дик Сэнд мылтығын ала салып, миссис Уэлдонды қалқалай берді.
Шынында да осы маңайдағы қалың шөптің арасымен жылжып келе
жатқан бауырымен жорғалаушылар тобының бір түрі болар. Алып
жылан — айдаһар болуы да мүмкін, олардың кей біреулерінің
ұзындығы жиырма футқа жететін-ді.
Бірақ миссис Уэлдонды Гэррис тыншайтып қойды. Қорқып қалған
əйелге жəрдем еткелі ұмтылған Дик пен негрлерге де отырыңыздар
дегенді айтты.
— Бұл айдаһар емес, айдаһар ысқырмайды,— деді американ.—
Тынышталыңыз,— деп үстеді ол,— зиянсыз хайуанды үркітпеңіз.
— Бірақ бұл нендей хайуан? — деп сұрады Дик Сэнд, ол кезі келіп
қалған жағдайды пайдаланып қалуды көздеп, бұл жақтың сыр-
сыпатын американнан анығырақ сұрап білгісі келді. Американ да
жалындырып тұрмай айта берді
— Бұл бөкен ғой, жас достым,— деп жауап қатты американ.
— О, оны мен де көрейінші!—деп айқайлады кішкентай Джек.
— Оны көру тым қиын, балам,- деді Гэррис,— өте қиын.
— Сонда да болса бұл ысқырғыш бөкендерге, мүмкін, жақындай
алармын? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Сіз үш аттап та үлгірмейсіз,— американ басын шайқады,— олар
үйірімен қаша жөнеледі. Босқа азаптануыңыз орынсыз болар.
Бірақ Дик Сэнд өзінің ептілігі мен мергендігіне сеніп еді.
Мылтығын ала салып, қалың шөптің арасымен еңбектеп жөнелді. Бұл
уақытта кішкентай мүйіздері біздей өткір, көркем денелі бірнеше


бөкен құйындата зымырап əлдеқайда алыстап кеткен-ді. Олардың
жирен жүндеріндегі күрең дақ, ағаштардың қара көлеңкесінде
жылтылдап бара жатты.
— Мінеки, көрдіңіз бе, сізге айтып едім ғой! — деді Гэррис, жас
жігіт қосқа қайтып келген соң.
Бөкендер əп-сəтте ғайып болды, тіптен оларды анықтап көре де
алмай қалды. Отряд сол күні тағы бір үйір ғажап хайуандар көрді.
Бірақ өте алыстан көрінгенмен, бұл жолы ол хайуандарды Дик
анықтап қалды. Бұлардың көрінуі Гэррис пен басқа жолаушылардың
арасында недəуір қызғылықты таластар туғызды. Түстен кейін сағат
төрттің кезінде, кішкене отряд орман алаңына кідіріп шамалы уақыт
дем алды. Сол кезде бұлардан бірнеше жүз қадам қашықтағы орман
арасынан өзге түрлі бір үйір ірі хайуандар көрінді де, бірден қаша
жөнелді.
Дик Сэнд американның сан рет ескерткеніне қарамастан, иығына
асулы мылтығын ала салып, кезей берді. Бірақ шаппаны шаптыра
бергенде, Гэррис мылтықтың ұңғысын жалма-жан итеріп жіберді, Дик
Сэнд асқан мерген болса да, бұл жолғы оғы дарымай мүлт кетті.
- Атпаңыз! Атпаңыз! — деп міңгірледі Гэррис.
— Бұл — керік екен!—деп айқайлады американның ескертуіне
құлақ аспаған Дик.
— Керік! — деп қайталады кішкентай Джек.— Маған керікті
көрсетіңдерші!
— Керік деймісің! — деп қайталап сұрады миссис Уэлдон.—
Шырағым Дик, сен қателесіп тұрсың. Оңтүстік Америкада керік
болмайды ғой.
— Əрине, бұл жақта керік болуы мүмкін емес!—деді Гэррис
ренжіген пішінмен.
— Əйтпесе бұлар нендей хайуан?


— Не деп жоруға өзім де білмей тұрмын,— деп жауап қатты
Гэррис.— Сіздің көзіңіз алданып қалған жоқ па, жас достым? Мүмкін,
бұл түйеқұс болар?
— Түйеқұс? — миссис Уэлдон мен Дик қосарлана қайталады.
Екеуі де аң-таң болып біріне бірі қарап қалған.
— Ие, ие, кəдімгі түйеқұс,— деп өзеленеді Гэррис.
Бірақ түйеқұстың нəсілі — құс қой, — деді Дик,— ендеше, олар екі
аяқты...
— Нақ соның өзі,— деп Гэррис оның сөзін бөлді,— менің де көзім
соны шалып қалды, зымырап бара жатқан екі аяқты хайуандар.
— Екі аяқты? — деп қайталады жасөспірім.
— Ал маған төрт аяқты болып көрінді,— деді Том қарт.
— Бізге де, бізге де! — деп жамырасты Бат, Актеон мен Остин.
— Төрт аяқты түйеқұс болады екен-ау! — Гэррис қарқылдап тұрып
күлді.— Табиғаттың мазағы деп міне осыны айт!
— Сондықтан да біз мұны түйеқұс емес, керік деп шамалаймыз,—
деді Дик жеңістік бергісі келмей.
— Жоқ, жас достым, жоқ! — деп Гэррис кесіп айтты.— Сіз оларды
анықтап қарамағансыз. Мұның осылай көріну себебі, түйеқұстардың
аса тез жүгіріп кеткендігінен. Мұндай жағдайларда аса тəжірибелі
аңшылар да жаңыла береді.
Американның айтқаны шындыққа жуық еді. Алыстан көрінген ірі
түйеқұсты керіктің кішкенесі екен деп шамалауға бола береді. Керіктің
де, түйеқұстың да мойны ұзын, басы шалқақ келеді. Түйеқұс артқы
аяғын шауып тастаған керіктен айнымайды. Зымырап бара жатқан
түйеқұс пен керікті бірінен бірін айыра алмай шатысу қиын емес.


Оңтүстік Америкада керік болмайды, миссис Уэлдон мен басқа
жолаушылардың қателесуіне ең басты себеп осы еді.
— Егер қателеспесем, Америкада түйеқұстар да болмайды,— деді
Дик Сэнд.
— Қателесіп тұрсыз, жас достым,— деді Гэррис оған бой бергісі
келмей,— Оңтүстік Америкада түйеқұспен тұқымдас дəл түйеқұс
сияқты нанду деген болады. Біздің көргеніміз сол — нанду.
Гэррис дұрыс айтқан.
Нанду — Оңтүстік Америка жазығының тұрғылықты аңы. Бұл —
биіктігі екі метрге шамалас, түзу тұмсықты ірі құс; нанду — көгілдір
қанатты, мақпалдай құлпырған мамық жүнді аң. Аяғы үш тармақ,
башпайының арасын қосып тұрған қысқалау жарғақ болады. Жас
нандулардың еті аса дəмді келеді.
Нандуды жақсы білетін Гэррис, Дикпен толық та дəл пікір алысты.
Миссис Уэлдон мен басқа жолаушылар өздерінің қателескендіктерін
амалсыз мойындады.
— Мүмкін, біз түйеқұстардың тағы бір тобына кездесерміз,—деді
Гэррис.—Екі аяқты құсты төрт аяқты хайуан деп тағы қателеспеу үшін
оларды əбден анықтап қарауға тырысыңыздар. Ал, жас достым, ең
абзалы, менің мəслихатымды ұмыта көрмеңіз, хайуанның нендей
түріне кездессеңіз де, шарасыздың күнінде ғана болмаса, ата көрмеңіз.
Азыққа бола аң аулаудың керегі жоқ, азығымыз жетерлік, мен мылтық
даусын шығарып, өзіміздің осында екенімізді білдірмеу керек деп
баста ескерткенмін, сол сөзімді тағы қайталаймын.
Гэрриске Дик Сэнд ешқандай жауап қайырмай терең ойға шомды:
оның ескі күдігі қайта қозды...
Ертеңіне апрельдің он жетісі күні отряд ерте тұрып жолға шықты.
Гэррис жолаушыларды ең ары кетсе жиырма төрт сағатта Сан-
Феличедегі гациендте боласыздар деп сендірген-ді.


— Миссис Уэлдон,— деді ол,—сізді онда құрметтеп қарсы алады.
Бірнеше күн жатып дем алып, тынығып күш жиып аласыз. Сіздің Сан-
Францискодағы əдеттеніп қалған сəн-салтанатыңыз ол жерде түп-түгел
табылмауы мүмкін, əйтсе де бұл жақтың қараңғы түкпіріндегі
гациендте бірсыпыра жақсы тұрмыс бар екенін өз көзіңізбен көре
аласыз Біздер кісі сенбестей жабайылар емеспіз ғой.
Мистер Гэррис,— деп жауап қатты миссис Уэлдон,— біздің
бізге істеген жақсылығыңыздың шегі жоқ, оны өзіміз де жақсы білеміз.
Бір өкінішті жері, сіздің жақсылығыңызды қалай қайырар екенбіз,
мұның шын ықыласпен айтылған сөз екендігіне сеніңіз! Ие, межелеген
жерімізге жетіп тыншаятын мезгіл болды білем!..
— Миссис Уэлдон, сіз өте шаршадыңыз-ау деймін?
— Əңгіме мен туралы болып тұрған жоқ қой,— деп жауап қатты
əйел.— Менің бөбегім күннен күнге жүдеп барады. Оның күн сайын
белгілі сағатта безгегі ұстайды.
— Бұл арадағы тау қырқаларының ауа райы жаман емес, таза
деседі,— деді Гэррис,— бірақ март, апрель айларында адамдардың
сары безгек болып ауыратындары болады дегенді естігенім бар.
— Біздің бағымызға,— деп үн қатты Дик Сэнд,— табиғат алдын
ала ескеріп, удың емін өзімен бірге өсіріпті...
— Сонымен, жас достым, не айтқыңыз келіп еді? — деп сұрады
американ.
— Мұнда хин ағашы болмай ма? — деді жас жігіт.
— Ах, ие, ие,— деді Гэррис,— сіз əбден дұрыс айтасыз. Хин ағашы
осында өседі, оның қабығында ыстық қайыратын тамаша қасиеті бар.
— Расын айтқанда, біз күні бүгінге дейін бірде-бір хин көргеніміз
жоқ, мен осыған таңданамын,— деп үстеді Дик Сэнд.


— Хин ағашын бірден тани қою оңай емес,— деді Гэррис,— бар
гəп сонда, жас достым. Ол ірі жапырақты, хош иісі аңқып тұрған
алқызыл гүлді биік ағаш. Бірақ хин ағашы, əдетте өз алдына бөлек
өспейді, жеке-жеке, басқа ағаштармен араласа өседі. Хин ағашының
қабығын жинаумен шұғылданған үнділер тек оның мəңгі көгеріп
тұратын жапырағынан ғана таниды.
— Мистер Гэррис, егер ондай ағаш сіздің көзіңізге түсе қалса,
тəңір жарылқасын, маған көрсетіңізші,— деп өтінді миссис Уэлдон.
— Əлбетте, миссис Уэлдон, бірақ сіз күкірт қышқылды хинның
нағыз өзін Сан-Феличедегі гациендтен таба аласыз, бұл дəрі əншейін
хин ағашының қабығынан гөрі безгекті тез тоқтататын бірден-бір
шара.
Сапардың ақырғы күні ешқандай уақиғасыз өтті. Күн кеш болып,
кішкене отряд бұрынғы əдетінше қонуға тоқтады. Ауа райы өнебойы
құрғақ та ашық болған еді, бірақ бүгін жаңбыр жауатын тəрізді.
Жерден жылы бу көтеріліп, орманды қалың тұман басты.
Бұл күтілмеген жағдай емес, өйткені жылдың жаңбырлы маусымы
басталып қалған. Кішкене отрядтың бақытына қарай, енді гациенд те
онша қашық емес, жақын еді. Ендігі қалғаны тек бірнеше сағат шыдау
ғана.
Гэрристің шамамен айтқан есебіне қарағанда, отрядтың тұрған
жері мен Сан-Феличедегі гациендтің арасы алты мильден артық емес.
Сонда да болса түнге қарай қолданылып келе жатқан бұрынғы сақтық
шараларының бəрі бүгінгі түнде де қолданылды: Том мен оның
жолдастары кезектесіп күзетте тұруға тиіс. Дик Сэнд осы тəртіпті
қайтсе де бұзбауға тырысты. Əйтеуір ол қайткен күнде де сақ болғысы
келді. Үрейлі күдік оның ойынан кетпеді, бірақ бұл сезік шынға
шықпай тұрып, алдын ала дабыралағысы келмеп еді.
Отряд биік орманның іргесіндегі қалың бұтаның арасына келіп
тоқтады. Ұзақ жүрістен шаршап қажыған миссис Уэлдон мен оның


жолдастары жатысымен ұйықтап қалған, бірақ оларды біреудің кенет
бақырған даусы оятып жіберді.
— Айқайлаған кім? —деп сұрады Дик Сэнд, бəрінен бұрын ұшып
тұра келіп.
— Мен... мен ғой айқайлаған! — деп жауап қатты Бенедикт ағай.
— Не болды?
— Мені бірдеме шағып алды...
— Жылан ба? — деп сұрады миссис Уэлдон шошынып.
— Жоқ, жоқ, жылан емес, жəндіктердің біреуі,— деді Бенедикт
ағай.— Тоқтай тұрыңдаршы, мен оны ұстадым, міне!
— Ендеше, оны аяғыңызбен жаншып тастаңыз да, біздің
ұйқымызға маза беріңіз,— деді Геркулес ашуланып.
— Жəндікті жаншып тастауға ма? — деп айқайлады Бенедикт ағай,
— қой, оныңыз болмас! Жоқ, мен оны көруім керек!
— Түкке тұрғысыз бір шіркей шығар,— деді Гэррис иығын бір
қозғап қойып.
— Жоқ,— деді Бенедикт ағай,— бұл шыбын... Шыбын болғанда да
аса қызғылықты шыбын.
Дик Сэнд өзінің қол фонарын жақты да, Бенедикт ағайдың қасына
барды.
— Жасаған-ау, мен не көріп тұрмын! — деп ғалым айқайлап
жіберді.— Қаншама еңбек зая кетті деп қатты ренжіген едім, əйтеуір
бəрінің есесі ақыры қайтты-ау! Мен аса зор жаңалық аштым!
Табысына масаттанған ғалым жөтеліп шашалып та қалды. Ұстап
алған шыбынына сұқтанып қайта-қайта қарай береді. Тіптен шыбынды
сүйіп алғалы тұр.


— Немене бұл? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Бұл қос қанатты жəндік, қараңызшы өзін, қандай тамаша?..
Бенедикт ағай, бауырында сары сызығы бар ұзын тұмсықты ірі
шыбынды жұрттың бəріне тегіс көрсетіп шықты.
— Мұныңыз улы шыбын емес пе? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Жоқ, қарындас, мұның адамға зияны жоқ. Бірақ бұл
хайуандарға, əсіресе бөкен, буйвол, тіптен пілге де аса қатерлі дұшпан!
Шіркін! Қандай сүйкімді өзі. Қандай əдемі шыбын!
— Бұл нендей шыбын, айтыңызшы бізге? — деп айқайлады Дик
Сэнд.
— Бұл шыбын,— деді энтомолог,— бұл менің қолыма ұстап тұрған
сүйкімді шыбын
— Бұл цеце.
74 
Бұл шыбын жөнінде осы күнге дейін тек бір ғана
континент мақтана алады! Ғалымдардың бірде-бірі цецені Америка
жерінен əлі күнге көрген емес!
Бұл қарғыс атқан шыбын бұған дейін дүниенің қай бөлегінде
болғанын Бенедикт ағайдан сұрауға Диктің батылы бармады.
Мына уақиғаның кесірінен ұйқылары бұзылған жолаушылар,
қайтадан жатып ұйқыға кірісті, бірақ Дик Сэнд қатты қажыса да, таң
атқанша кірпік ілмеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет