Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет15/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан

Он бесінші тарау


ГЭРРИС
Ертең жетінші апрель деген күні түнде, таң алдындағы күзетте
тұрған Остин, Дингоның өршелене абалап өзенге қарай жүгіріп
кеткенін көзі шалды. Сол сəтте миссис Уэлдон, Дик Сэнд жəне негрлер
үңгірден жүгіре шықты.
— Динго адамның немесе бірер хайуанның дыбысын сезген, - деді
жасөспірім.
— Басқа біреу болса болар, əйтеуір Негоро емес,— деді Том,—
Динго оған ерекше ызалана үреді.
— Негоро қайда болды екен? — деп сұрады миссис Уэлдон, Дикке
көз қиығын тастап, мұның мəнісіне тек қана Диктің өзі түсінді.— Егер
бұл Негоро болмаса, онда кім болғаны?
— Оның кім екенін қазір білеміз, миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд.
Сосын Бат пен Остинге жəне Геркулеске қарап: — қане, достарым,
мылтық пен пышақ алыңдар да, менің соңымнан еріңдер,— деп үстеді.
Бəрі де белбеулеріне пышақ қыстырып, қолдарына мылтық алды.
Сосын төртеуі де мылтықтарын əп-сəтте оқтап алып, аяқтарын тез
басып өзен жағалауына қарай жөнелді.
Миссис Уэлдон, Актеон жəне Том қарт үңгірдің кіре беpic аузында
қалды, үңгірде ұйықтап жатқан кішкентай Джекті кəрі Нан бағып
отыр.
Күн жаңа ғана көтерілген. Оны биік жар қалқалап тұрғандықтан,
жағалаудың қайраңын əлі көлеңке басып жатыр. Бірақ, теңіздің батыс
жағы сонау көкжиекке шейін алғашқы түскен күн сəулесімен
жарқырап тұр еді.


Дик пен үш негр жарды жағалап, өзен сағасына қарай тез аттап
келе жатты.
Бұларды өзен сағасында Динго күтіп алды. Ит тұрған жерінен
табан серіппей үріп тұр. Ол адамның өзін көрді немесе дыбысын сезді,
əйтеуір оның адамға үргені анық.
Том қарттың айтқаны келді: Динго өзінің ескі дұшпаны Негороға
үрмеген екен.
Құзды қиядан төмен түсіп бір адам келе жатыр. Ол жағалаудағы
қайраңды бойлап, итке күшімдей түсіп, аяғын балпан басып, ілгері
жүрді, оның ашулы тəбеттен қорыққаны көрініп тұр.
— Мынау Негоро емес,— деді Геркулес.
— Негороның орнына басқа біреу келсе, зиян тарта қоймаспыз,—
деді Бат.
— Бұл жергілікті халықтан болса керек,— деді жасөспірім.—
Мұның пайда бола кетуі, алысқа ұзап жер шолудан бізді құтқаратын
болды. Əйтеуір өзіміздің қай жерде екенімізді білетін болдық!
Төртеуі де мылтықтарын арқаларына асынып, жат адамға қарсы
жүрді.
Бейтаныс бұларды көріп таң қалды. Жағалаудың осы бөлегінен
адам кездестірем деп күтпеген тəрізді ол. «Пилигримнің» сынықтарын
оның əлі көрмеуі мүмкін, əйтпесе апатқа ұшырағандардың жағалауда
екенін білер еді. Анығын айтқанда, түнгі соққан дауыл кеме
қаңқасының быт-шытын шығарып талқандаған болатын, енді оның
теңіз бетінде тек кейбір сынықтары ғана қалқып жүр.
Бейтаныс өзіне қарсы келе жатқан қарулы адамдарды көріп, қалт
тұра қалды, мылтығын дереу қолына алды да, қайтадан иығына асты.
Əйтсе де Дик Сэнд оған сəлем беріп, қолын бұлғады. Сірə жат адам
өзіне қарсы келе жатқандардың бейбіт ниетте екенін түсінсе керек, сəл


уақыт толғанып тұрды да, сосын бұлардың қасына келді.
Дик Сэнд оны анықтап көрді.
Бұл, өңіне қарағанда, жасы қырықтарды қусырған, сақал-шашы
бурыл тартқан, ойнақы көз, беті күнге күйіп қарая түскен бойшаң адам
еді. Бұл сияқты күнге күйіп тотығушылық көшпелілерде, өмір бойы
орман аралап сахара кезіп таза ауада жүретін адамдарда ғана болады.
Бейтаныстың басында етекті қалпағы, үстінде тері курткасы, тері
шалбары бар. Қонышы тізесінен асқан былғары етігінің сірісіне үлкен
шпор байлап алған, аттаған сайын сылдыр қарады.
Дик Сэнд өздерінің алдында тұрған пампастың жергілікті адамы
емес екенін бір қарағаннан-ақ таныған еді, шынында да солай боп
шықты. Мұны шетелдік, сезікті аватюрист деуге болады, алыста
жатқан шала жабайы елдерде мұндайлар аз емес. Оның түрі мен
жирендеу келген сақалына қарағанда, ағылшын-саксон қанды адам
деуге болады. Əйтеуір ол жергілікті халық та, испан да емес.
Дик Сэнд бейтаныс адамға ағылшын тілінде сəлем беріп еді, о да
сол тілмен ешбір мүлтіксіз:
— Хош келіпсіз, жас достым! —деп жауап қайырды.
Диктің жорамалдауы шынға айналды. Ол таяу келіп Диктің қолын
алды.
Жат адам Диктің негр жолдастарына тек қана басын изеп қойды.
— Сіз ағылшынсыз ба? — деп сұрады ол жасөспірімге қарап.
— Американмын,— деп жауап қатты бала жігіт.
— Оңтүстік пе?
— Жоқ, солтүстік.
Бұл жауап бейтаныс адамды қуантқандай болды. Ол нағыз
американ салтымен Диктің қолын қайта алып сілкіп-сілкіп қойды.


— Жас достым, бұл жағалауға қалай келіп қалғаныңызды сұрауға
болар ма екен?
Бірақ Дик Сэнд жауап қайырып үлгірмей-ақ, бейтаныс адам
басындағы қалпағын алды да, иіліп тəжім етті.
Миссис Уэлдон құм үстінде аяғын ептеп басып, олардың алдына
келіп тоқтаған еді.
Бейтаныс адамның сұрағына миссис Уэлдонның өзі жауап
қайырды.
— Сударь,— деді ол,— біз апатқа ұшырадық. Біздің кемеміз
жағалау маңының су асты құзына соғылып, кеше ғана қирады.
Бейтаныс адам жаны ашып қынжылғандай болды. Мұхитқа бетін
бұрып, апаттың ізін көзімен шолды.
— Кемеміздің түгі де қалған жоқ,— деді Дик Сэнд.— Оның тас-
талқаны шыққан, қалдық жаңқаларын бүгін түнде толқын шайып
əкетті.
— Бəрінен бұрын,— деді миссис Уэлдон,— өзіміздің қай жерде
екенімізді білсек деймін.
— Оңтүстік Америка жағалауындасыздар,— деп жауап қатты
бейтаныс. Ол миссис Уэлдонның сұрағына таңданған сияқтанды.—
Сіздер мұны қалайша білмейсіздер?
— Ие, сударь, анық біліңкіремейтінім рас,— деді Дик Сэнд.— Біз
бұл жөнінде, күмəнді едік, өйткені жел кемені бағытынан тайдырып
басқа жаққа айдап əкетуі мүмкін, ал мен болсам, өзіміздің қай жерде
екенімізді анықтауға мүмкіндігім болмады. Бірақ, менің сізден өтініп
сұрайтыным, біздің нақ қай жерде екенімізді дəлелдеңкіреп айтсаңыз
екен. Перу жағалауында болсақ керек, дұрыс емес пе?
— Жоқ, жоқ, жас достым! Аздап оңтүстікке таман. Сіздердің
апатқа ұшыраған жеріңіз Боливия
68 
жағалауы. Дəлдеңкіреп айтқанда,


Боливияның оңтүстік бөлегі, Чили шекарасында деуге болады.
— Сіздер мына мүйісті не деп атайсыздар? — деп сұрады Дик
Сэнд, солтүстік жақты көрсетіп.
— Бір өкінішті жері, мен мұны білмеймін,— деп жауап қатты
бейтаныс.—Мен бұл елдің орталық өлкелерімен жақсы таныспын,
өйткені онда жиі-жиі барып тұруыма тура келді, бірақ бұл жағалауға
бірінші рет келіп тұрғаным осы.
Дик Сэнд бейтаныс адамнан мына сөзді есітіп, ойға қалды. Жалпы
алғанда, жасөспірім оншалықты таңданған жоқ. Ағыс күшін білмеген
соң, есептен жаңылуы қиын емес. Бірақ Дик Сэнд «Пилигримнің»
апатқа ұшыраған жері оңтүстік ендіктің жиырма жеті — отыз


градустардың аралығы деп шамалаған-ды, мынаның айтуына
қарағанда, Дик онша көп қателеспеген. Кеме жиырма бесінші градуста
апатқа ұшыраған болды.
Ең соңғы анықталған жер Пасхи аралы еді, ол арадан шыққалы
кеме ұзақ жүрді, қателесу мөлшерінің мұншалықты аз болуы мүмкін
емес.


Бейтаныс адамға шын айтпады деп күманданарлықтай Диктің
ешбір дəлелі болмады. «Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері төменгі
Боливия екенін білген соң, бұл жағалаудың елсіздігіне Дик Сэнд
таңданған жоқ.
— Сударь,— деді ол бейтанысқа қарап,— сіздің айтуыңызға
қарағанда, біз Лимадан
69 
көп қашықтамыз деп шамалаймын?
— Лима қайда, алыс... Лима ана жақта!—деп ол солтүстікке қарай
қолын сілтеді.
Негороның жоқ болып кетуінен сезіктенген жас əйел, мына адамды
зер сала бақылады. Бірақ ол мұның қылығынан да, қайырған
жауабынан да сезіктенерліктей ешнəрсе таба алмады.
— Сударь,— деп бастады сөзін миссис Уэлдон,— егер менің
сауалым сізге ыңғайсыз тисе кешіріңіз! Сіз, Боливияда тудыңыз ғой, ə?
— Мен өзіңіз сияқты американмын, миссис... Қасында тұрған
адамдардың біреуі өзіне əйелдің фамилиясын айтып жіберуін күтіп,
бейтаныс адам тына қалды.
— Миссис Уэлдон,— деді Дик.
— Менің атым Гэррис,— деп бейтаныс сөзін жалғастырды.— Мен
Оңтүстік Каролинада тудым. Бірақ менің туған елімнен кеткеніме
мінеки жиырма жыл, содан бері Боливия пампасында
70 
тұрып келемін.
Мен өз отандастарыммен жолығысқаныма өте қуаныштымын, бұған
сенуіңізге болады!
— Мистер Гэррис, сіз Боливияның осы бөлегінде үнемі тұрып
келесіз бе? —деп сұрады əйел.
— Жоқ, миссис Уэлдон, мен оңтүстігінде, Чили шекарасында
тұрамын. Бірақ мен қазір солтүстік-шығысқа, Атакамаға бара
жатырмын.


— Демек, біз Атакама сахарасынан қашық емес екенбіз ғой? — деп
сұрады Дик Сэнд.
— Дұрыс айтасыз, жас достым. Ол сахара сонау көкжиектен
көрінген тау бөктерінің аржағынан басталады.
— Атакама сахарасы! — деп қайталады Дик.
— Ие, жас достым,— деді Гэррис.— Бəлки, Атакама сахарасы
Оңтүстік Американың ең қызғылықты да, аз зерттелген бөлегі болар.
Бұл тамаша жер басқа елдердің жерінен ерекше...
— Сіз, шөл далада жападан-жалғыз жол жүруге қалай тəуекел
еттіңіз? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— О, мен бұл сияқты асулардан талай-талай асқанмын,— деді
Гэррис.— Осы арадан екі жүз миль жерде Сан-Феличе бар, онда
гациенд—ірі ферма орналасқан. Ол менің бауырымның фермасы. Онда
сауда ісімен жиі барып тұрамын. Егер қаласаңыз, менімен бірге
жүріңіз, онда сізді шын ықыласымен қарсы алатындарына кепіл бола
аламын. Сіз ол арадан Атакамаға оңай жетесіз, менің бауырым сізге
қуана-қуана көлік береді.
Американның мына сыпайы ұсынысы, шын ықыласпен
жолаушылардың пайдасына айтылған сияқты еді. Гэррис бұл
ұсынысының жауабын күтпестен тағы да миссис Уэлдонға қарап:
— Мына негрлер сіздің құлдарыңыз ба? —деді ол Томды жəне
оның жолдастарын көрсетіп.
— Осы күні Құрама Штаттарда құл жоқ,— деді миссис Уэлдон
оның сөзіне наразы үнмен тез жауап қайырып.— Солтүстік Штаттар
құлдықты əлдеқашан жойды, оңтүстіктер де солардың өнегесінен үлгі
алған.
— Ах, айтпақшы, солай екен ғой,— деді Гэррис.— Бұл маңызды
мəселені 1862 жылғы соғыстың шешкені есімнен шығып кетіпті ғой.
Мына мырзалардан кешірім өтінемін,— деп үстеді Гэррис мысқылды


үнмен; 
құл 
иемденушілік 
жойылғаннан 
кейін 
оңтүстіктің
американдары əдетте негрлермен осылай сөйлесетін.
— Бірақ бұл жентльмендер сізге қызмет етіп жүргенін көрген соң,
мен...
— Сударь, бұл адамдар маған қызмет еткен жоқ жəне етпейді де,—
деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді,
— Сізге қызмет етуге борыштымыз, миссис Уэлдон,— деді Том
қарт.— Бірақ бізді ешкімнің иемденбейтіндігі мына мистер Гэрриске
мəлім болсын! Менің құл болғаным рас. Алты жасар күнімде мені құл
саудагерлері Африкадан ұстап алып, Америкаға апарып сатқан. Ал
менің балам Бат, мен құлдықтан құтылып ерікті адам қатарына
қосылған уақытымда туды, жолдастарымның бəрі ерікті адамдардың
балалары.
Ендеше сіздерді сол бостандықтарыңызбен құттықтаймын, — деп
жауап қатты Гэррис; миссис Уэлдонға оның үнінде келеке бардай
сезілді.— Дегенмен, осы күнгі ерікті Боливияда да құлдық жоқ. Олай
болса қорқа қоятын түк те жоқ, Жаңа Англия
71 
штатында
жүргендеріңіз сияқты, мұнда да қауіп-қатерсіз жүре берулеріңізге
болады.
Осы сəтте кішкентай Джек Нанға еріп үңгірден шықты да,
жұдырығымен көзін уқалады.
Бала анасын көре сала, тұра ұмтылды.
Миссис Уэлдон бөбегін аймалап бетінен сүйіп жатыр.
— Қандай сүйкімді бала! — деді американ Джекке жақындап.
— Бұл менің ұлым,— деп жауап қатты əйел.
— О, миссис Уэлдон! Мына ауыр күндерде сіз екі жақтама бірдей
— өзіңіз үшін де, бөбегіңіз үшін де азап шеккен екенсіз ғой!


— Оның бəрі енді өтіп кеткен уақиға ғой, мистер Гэррис. Джек те
аман, басқаларымыз да аманбыз.
— Бұл сүйкімді бөбектің бетінен сүюге лұқсат етіңіз?— деп өтінді
Гэррис.
— Мейліңіз, сударь.
Бірақ кішкентай Джек мистер Гэрристі оншалықты жақтырмаса
керек, анасына тығыла берді.
— Қарай гөр, мұны,— деді Гэррис.— Сен мені сүйгің келмей ме?
Демек, мен саған жексұрын көрінеді екенмін ғой?
— Кешіріңіз оны, сударь,— деп миссис Уэлдон асыға жауап қатты.
— Джек өте ұялшақ бала.
— Біз екеуміз алдымен танысып алайық, сосын достасып та
кетерміз,— деді Гэррис.— Гациендке барған соң, ол жерден сен мініп
серуендейтін əп-əдемі кішкентай ғана ат та табылады, ол жануар біз
екеуміздің тез достасуымызға дəнекер болады.
Бірақ «əп-əдемі кішкентай атты» айтып Джекті қызықтырғанымен,
бала оған оншалықты елжірей қоймады, бұрынғысынша бетін
анасының етегімен жауып жасырына берді.
Миссис Уэлдон əңгіменің бетін басқа жаққа бұруға асықты,
Джектің жылы шырай көрсетпеуі, өз қызметін соншама сыпайылықпен
ұсынған адамның қытығына тие ме деп қорыққан еді ол.
Гэрристің ұсынысы туралы Дик Сэнд ойға қалды. Екі жүз миль
жол жүру миссис Уэлдон мен Джекті өте қажытуға тиіс, өйткені аяқ
артарлық ешқандай көлік жоқ.
Дик Сэнд өзінің неден қауіптенетінін Гэрриске айтты да, не дер
екен деп оның жауабын күтті.
— Шынында да бұл ұзақ жол,— деді Гэррис.— Бірақ жағалаудан
жүз қадам жерде менің атым байлаулы тұр. Мен оны миссис Уэлдонға


шын ризалығыммен беремін. Еркектер жаяу жүреді, бірақ жаяу жүру
еркектер үшін ешқандай қиын емес жəне қажытпайды да, бұған
сенуіңізге болады. Мен, баратын жеріміз екі жүз миль дегенде, өзен
жағалауы мен ондағы жолдың жылан ізіндей ирек-ирек екендігін
есепке алдым, осы жолмен қазір ғана өзім жүріп келдім. Егер біз орман
арасымен төтелеп жүрсек, онда біздің жолымыз кем дегенде сексен
миль қысқарады. Күніне он мильден жүріп отырсақ, гациендке қалай
жеткенімізді білмей де қаламыз.
Миссис Уэлдон американға алғыс айтты.
— Егер айтқан алғысыңыздың шын екендігін дəлелдегіңіз келсе,
менің шын ықыласыммен айтқан ұсынысымды қабылданыз,— деді
Гэррис.—Расын айтқанда, менің бұл орманға келіп тұрғаным осы ғана,
сонда да болса қиналмай-ақ жол табатыныма күмəнданбаймын;
өйткені мен орман аралап үйренген адаммын ғой. Бізді азық мəселесі
ғана қинаңқырайды. Мен Сан-Феличеге жету үшін бір адамға ғана
жетерлік азық алып шыққан едім.
— Мистер Гэррис,— деді миссис Уэлдон,— бізде азық көп, бөлісіп
жерміз.
— Міне жарады, миссис Уэлдон! — деп айқайлады Гэррис.—
Іздесе таптырмастай боп сəтінің түсе қалғанын қараңызшы, меніңше,
ендігі қалғаны тек қана жолға шығу!
Гэррис тоғайға байлап кеткен атын əкелейін деп жүре беріп еді,
оны Дик тоқтатып жаңадан сауал берді.
Теңіз жағалауынан ұзап ұзындығы жүз мильге созылған жыныс
орманды кезу жасөспірімге ұнаңқырамады. Дик Сэнд нағыз теңізші
еді, теңіз жағалауынан ұзап кеткісі келмеді.
— Мистер Гэррис,— деді ол,— Атакама сахарасын кезіп жүз
жиырма миль жол жүру, маған қолайсыз көрініп тұр. Теңіз жағалап
жүргеніміз жөн болмас па еді? Мейлі, біз солтүстікке немесе
оңтүстікке қарай жүрсек те бəрі бір, əйтеуір теңіз маңына жақын
қалалардың біріне жетсек болғаны.


Гэррис жайлап қана қабағын кіржитті.
- Жас достым,— деді ол,— бұл жағалауды мен білетін болсам, теңіз
маңына ең жақын қала біз тұрған жерден үш жүз немесе төрт жүз
миль...
- Дұрыс айтасыз,— Дик Сэнд оның сөзін бөлді,— бірақ оңтүстікте
ме, əлде солтүстікте ме?
— Оңтүстікте,— деді американ,— Чилидің өзіне жеткенше төмен
қарай жүруіміз керек. Демек, жол ұзаққа созылады деген сөз. Мұның
үстіне, 
егер 
мен 
сіздің 
орныңызда 
болсам, 
Аргентина
республикасының пампастарына жуымауға тырысар едім. Бір өкінішті
жері, сіздерге еріп онда өзім де бара алмаймын...
— Чилиден шығып Перуге баратын пароходтар ол жағалауға
жақындамай ма? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Жоқ,— деді Гэррис.— Олар ашық теңізбен кетеді. сірə, сіздерге
бірде-бір пароход кездеспеген болар?
— Дұрыс айтасыз,— деді миссис Уэлдон.— Сөйтіп, Дик, сенің
мистер Гэрриске тағы қандай сауалың бар?
— Бір ғана сауалым бар, миссис Уэлдон,— деді жасөспірім оның
ұсынысына қосылғысы келмей.— Бізді Сан-Францискоға жеткізетін
пароход қай порттан табылар екен, сол жағдайды сұрап білейін деп ем.
— Расын айтқанда, жас достым сіздің бүл сұрағыңызға жауап
қайыру маған қиын соғып тұр,— деді американ.— Сан-Феличедегі
гациендтен сіздерді Атакама қаласына жеткізіп салатын көлік табамыз,
мен осыны ғана білемін, ал сосын...
— Мистер Гэррис,— миссис Уэлдон оның сөзін бөлді,— сіздің
ұсынысыңыз Дикке ұнамай тұр екен деп ойлай көрмеңіз!
— Жоқ, жоқ, миссис Уэлдон,— деп айқайлады жасөспірім.— Мен
мистер Гэрристің ұсынысын жан-тəніммен алғыс айтып қабылдауға


əзірмін. «Пилигрим» бірнеше градус солтүстікке немесе оңтүстікке
таман қирамады, менің өкінетінім осы ғана. Олай болғанда бірер
портқа жақындап, елімізге қайтуға біраз жеңілдік табар едік жəне
мистер Гэррис бізге бола жолынан қалып əуре болмас еді.
— Ғапу етіңіз, мен аса қуаныштымын,— деді Гэррис.— Бұл жерде
отандас адам сирек кездеседі дедім ғой, сондықтан да шын
ықыласыммен сіздерге аз да болса қызмет көрсеткім келді.
— Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз, мистер Гэррис, -деп жауап
қатты миссис Уэлдон.— Əйтсе де сізді атыңыздан айырып жаяу
жүргізгім келмей тұр. Өзім де асқан жүргіш...
— Мен сізден де жүргішпін,— деп Гэррис тағзым етті.— Мен
пампастарды жаяу кезіп шынығып қалған адаммын, егер біздің отряд
жолда кідіріп қалатын болса, оған мен кінəлі емес шығармын. Жоқ,
миссис Уэлдон, сіз кішкентай Джекті алдыңызға алып атпен жүресіз.
Дегенмен гациенд қызметкерлерінің бірі жолшыбай ұшыраспауы
мүмкін емес. Егер салт бара жатса, бізге астындағы аттарын қуана-
қуана түсіп береді.
Дик Сэнд Гэрристің ұсынысына наразылық білдіре берсе
келіншекті ренжітіп алатынын байқады.
— Мистер Гэррис,— деді ол,— олай болса, жолға қашан
шығуымыз керек?
— Тап бүгін, жас достым! — деп жауап қатты американ.— Бұл
араның жауынды маусымы май айынан басталады, лайсаң
басталғанша Сан-Феличедегі гациендке жетіп қалуға асығуымыз
керек. Орман аралап жүретін жол — төте, бəлки қауіпсіз де болар.
Көшпелі үнділер орманға сирек келеді: олар көбінесе жағалаудағы елді
талауды көздейді.
— Ал, Том, достарым,— деді Дик негрлерге қарап.— ендігі мəселе
қазірден бастап жол жүру қамына кірісу ғана. Азық қорынан көтеріп
жүруге ыңғайлы жеңіл-жеңілдерін ғана іріктеп алып, тайлап буамыз
да, барлық жүкті өзара бөлісіп аламыз.


— Мистер Дик,— деді Геркулес,— тілесеңіз, жүктің бəрін бір өзім-
ақ көтеріп жүрейін.
— Жоқ, болмайды, батыр, — деді жасөспірім,— ең абзалы, барлық
жүкті бəрімізге тең бөлу.
— Геркулес, сіз күшті көрінесіз,— деді Гэррис,— бейне бір оны
сатылғалы тұрғандай, басынан аяғына дейін қарап шығып.—
Африканың еріксіздер базарында сізге бағаны аз төлемес еді.
— Маған құнымнан артықты кім төлесін,— деп күлді Геркулес, —
бірақ сатып алған кісі мені ұстау үшін талай жер жүгіруі керек болар.
Жолға шығуды тездету үшін бəрі жұмыла іске кірісті. Дайындық
жұмысы ұзаққа созылған жоқ, өйткені бұлардың қазіргі тұрған
жерінен Сан-Феличедегі гациендке жету үшін небары оншақты күн
уақыт керек.
— Мистер Гэррис, сіздің меймандостығыңызбен пайдаланбас
бұрын, сізді өзіміз қонақ еткіміз келіп тұр,— деді миссис Уэлдон.—
Бізбен бірге отырып ас ішуден бас тартпассыз деймін. Бұған риза
шығарсыз?.
- Əбден ризамын, миссис Уэлдон, əбден ризамын,— Гэррис
көңілдене жауап қатты.
- Бірнеше минутта ас дайын болады.
— Əбден жақсы, миссис Уэлдон, ас піскенше мен атқа барып келе
қояйын. Оның ендігі оты да қанып қалған болар.
— Сізге еріп баруға лұқсат етіңіз? — деп сұрады Дик Сэнд
американнан.
— Егер барғыңыз келсе, жас достым,— деді Гэррис,— мейлі, бірге
барайық, сізге мына өзеннің теңізге құятын сағасын көрсетейін.
Сөйтіп, олар атқа бірге кетті.


Бұл арада миссис Уэлдон, энтомолог-ғалымды іздеуге Геркулесті
жіберді. Айналада не боп жатқанымен Бенедикт ағайдың түк жұмысы
жоқ. Тоғай шетіндегі бұталардың арасынан сирек кездесетін жəндіктер
іздеп жүрген.
Ғалымды Геркулес зорлап əкелуге мəжбүр болды. Миссис Уэлдон
Бенедикт ағайға, алыс елге жаяу кетуге ұйғарылғанын, орман аралап
жүретіндерін жəне жолдың он күнге созылатынын айтты.
Бенедикт ағай қалаған уақытта жүріп кетуге əзір екендігін айтты.
Тек қана оған жолшыбай жəндіктер аулауына лұқсат етілсе болғаны,
Оңтүстік Американың ол шетінен бұл шетіне шейін жаяу баруға риза
екенін білдірді.
Мұның соңында миссис Уэлдон Нанды жəрдемшілікке алып дəмді
ас дайындады. Ұзақ жолға шығар алдында тамақтанып алудың
ешқандай артықтығы жоқ қой.
Бұл уақытта Дик пен Гэррис өзен сағасындағы жарды жағалап,
бірнеше жүз қадам өзенді өрлей жүрді. Біраздан соң ағашқа
арқандаулы тұрған ат көрінді, ат иесін көріп, оқырана қарсы алды.
Бұл бір асқан жақсы ат екен, оның қай тұқымнан екендігі Дикке
мəлім емес. Бірақ аттың тұлабойында арабы тұқымның нышаны бар-
ды, мұны анықтау үшін, аттың жіңішке мойыны мен жатағандау
шоқтығына мал танитын тəжірибелі адам көз жүгіртіп өтсе, жетіп
жатыр.
— Сіз байқайсыз ба, жас достым,— деді Гэррис,— бұл сондай
күшті жануар. Бұған алаңсыз сенуге болады.
Гэррис ағаштан атты шешіп алды да, жүгенінің сулығынан ұстап,
Диктің алдына түсіп үңгірге қарай жүрді. Бала жігіт өзеннің екі
бетіндегі жарға тесіле қарай түсіп, Гэрристің соңынан ерді. Бірақ ол
сезіктенерліктей ешнəрсе көре алмады.
Үңгірге таяу келгенде, күтпеген жерден:


— Мистер, Гэррис, сіз бүгін түнде португал Негоро дегенді
кездестірмедіңіз бе? — деп сұрады Дик.
— Негоро? — деп қайырып сұрады Гэррис, өзінен Диктің кімді
сұрап тұрғанын білмеген кісіше, — Негоро дегеніңіз кім?
— Ол кісі «Пилигримнің» аспазы еді,— деп жауап қатты Дик Сэнд.
— Жоқ болды да кетті.
— Суға батты ма? — деп сұрады Гэррис.
— Жоқ, жоқ,— деді жасөспірім.— Ол кеше кешкісін бізбен бірге
болды, бірақ түнде кетіп қалыпты. Оның өзенді жоғары өрлеп кетуі
ықтимал. Сіз оның кеткен жағынан келдіңіз ғой, сол себепті сұрап
тұрмын.
— Маған ешкім кездескен жоқ,— деді американ.— Егер сіздің
аспаз орманның ит мұрны өткісіз қалың жеріне жападан-жалғыз барып
енсе, оны адасты дей бер... Дегенмен, мүмкін, біз оны жол-жөнекей
қуып жетерміз.
— Ие, мүмкін...— деп міңгірледі жасөспірім.
Дик Сэнд пен Гэррис келгенде, ас əзір болған еді. Кешегі сияқты,
бұл ас та ет консервасы мен кептірілген наннан істелген-ді. Гэррис
асқа аш қасқырша килікті.
— Жолда аштан өлмейді екенбіз,— деді ол.— Бірақ, жас достым,
əлгі португал сорлының халі нешік болар екен?
— А! — деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.— Негороның ғайып
болғанын сізге Дик айтып па еді?
— Ие, миссис Уэлдон, — деді жасөспірім.— Мистер Гэррис
Негороға ұшыраспады ма екен, соны білгім келіп еді.
— Жоқ, ұшырасқам жоқ,— деді американ.— Енді ол қашқын
туралы ойлауды қоялық та, өз ісімізбен болайық. Миссис Уэлдон,
сіздің қалаған уақытыңызда аттануға əзірміз.


Əркім көтеруге тиісті жүгін алысты. Геркулес жас əйелді
қолтықтап атқа аттандырды. Кішкентай Джек өзінің ойыншық
мылтығын арқасына асып, анасының алдына мінді, өзіне сондай
тамаша ат берген адамға алғыс айтуды ойына да алған жоқ.
Тізгін ұстауға асықты Джек, «бұл мырзаның атын» өзім жүргіземін
деді анасына.
Тізгін Джекке берілгенде, жұрттың бəрі өзін отряд бастығы деп
танығандай болды бала.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет