Он сегізінші тарау
СУЫҚ СӨЗ
Межелі жерге жететін уақыт болды. Миссис Уэлдон əбден шаршап,
бұдан ары жүре алмастай халге жетті. Баласының да түрі көрген
адамның жаны ашырлықтай. Безгегі ұстаған кезде Джектің беті
жалындай албырап, басылған соң бордай бозарып қалатын-ды.
Анасының мазасы кетті, тіптен кəрі Нанға да сенбей, баланы қолынан
түсірмей өзі бақты.
Ие, бұлар мегзеген жерге əлде қашан жетулері керек еді! Егер
американның сөзі рас болса, сол күні көптен қалмай, он сегізінші
апрельде кішкене отряд Сан-Феличедегі гациендтің қорасына кіреді...
Миссис Уэлдон қажырлы əйел еді, сонда да болса тропиктік
орманды кезіп сандалған он екі күн, ашық далада қонып өткізген он
екі түн оны аса қажытты. Мұның үстіне кішкентай Джектің ауырған
қайғысы мен оны емдейтін дəрінің табылмауы қосаметкей болды. Бұл
халде қаншама қажырлы ана болса да күйзелер еді.
Дик Сэнд, Том жəне басқа негрлер жол азабына шыдамдылықпен
төзді. Азық қоры таусылуға айналған еді, бірақ отряд соңғы күнге
дейін ешнəрседен мұқтаждық көрген жоқ. Соның нəтижесінде
еркектердің денсаулығы барынша жақсы болды.
Гэррис ит мұрны өткісіз ормандарды ұзақ кезуге əдейі жаралған,
шаршап қажу дегенді білмейтін адам сияқты.
Бірақ Дик Сэнд гациендке жақындаған сайын Гэрристің
бұрынғыдай емес, аз сөйлесіп, өз-өзінен қамдана бастағанын сезді.
Американның пиғылы жақсылықта емес, керісінше болуға тиіс деп
ойлап, оның Гэрриске деген сенімі күннен-күнге кеми беріп еді. Дик
бір ғана жағдайға түсіне алмай жүр: Гэрристің жолаушыларды
алдағанда көздеген мақсаты не? Бұл сауалға бала жігіт жауап таппаған-
ды. Бірақ ол американның ізін қырағы бақылауға ұйғарған.
Шамасы, Диктің өзінен күдіктенгенін Гэррис те сезсе керек. «Жас
досының» сезіктенуіне, американның өзінен өзі қуыстануы мен
көңілсіздене түсуі себеп болған шығар.
Апрельдің он сегізі күні күн көтерілісімен отряд тағы жолға
шықты. Орман сирей бастады. Ит мұрны өткісіз қалың ну ара-
арасында кең алаңды ашығы бар үйірім-үйірім тоғайға айналды. Бұл
əлде Гэррис айтқан нағыз пампастың кіреберіс есігі болар ма?
Сапардың бастапқы кезінде Диктің мазасыздануына тізгін
боларлықтай ешнəрсе байқалмаған. Бірақ ол екі жағдайға таң қалды.
Бұл екі жағдайдың өз алдына ерекше маңызы жоқ-ты. Жолаушылар
мұндай ауыр халде тұрғанда, тіптен болмашы нəрселерді де елемей
қалдыруға болмайтын еді.
Дик Сэнд Дингоның ерекше қылығына көңіл бөлді. Ит соңғы
күндері тұмсығын төмен салып, бұта біткенді, шөп-шөңгені иіскелеп,
өнебойы жүгірумен болды. Кейде өз өзінен түнеріп, аянышты үнмен
жер жаңғырта ұлитын болды, оның ұлуы бір жері ауырған немесе бір
нəрсеге күйінгеннен ұлығанға ұқсамайды. Бірақ иттің бүгінгі ұлуы,
кенет ызаланған ұлу, тіптен ауық-ауық өршелене абалайды. Динго
бұрын, каютадан шығып «Пилигрим» палубасына көтерілген
Негороны көргендегі абалағанындай абалайды.
Диктің көңіліне күңгірт күдік елестеді. Бұл күдікті Том қарттың
мына сөздері шынға айналдырды:
— Дик, мына ғажапты қара! Динго соңғы күндердегісіндей шөп
біткенді иіскелемейді. Көріп тұрсыз ба, тұмсығын жел жаққа көтереді,
жүні тікірейіп кеткен, өзі аса əбігерленулі, бірдеңені сезген деуге
болады.
— Негороны сезген болар, солай ма? — деді Дик бірден.
Бала жігіт қарт негрдің қолынан ұстай алып, ақырын сөйле
дегендей белгі білдірді.
— Ие, Негоро. Менің ойымша, ол біздің ізімізбен келе жатыр...
— Өзім де солай шамалаймын, Том. Ол мүмкін бізге таяу келе
жатқан шығар.
— Ол неге бүйтеді? — деп сұрады Том.
— Мүмкін, Негоро бұл жерді білмейтін шығар,— деп жауап қатты
Дик Сэнд.— Олай болса оның бізді өкшелеп келе жатуы əбден
түсінікті. Немесе...
— Немесе? — деп Том қобалжыған пішінмен Дикке қарады.
— Немесе ол керісінше, жергілікті жерге жақсы таныс болғаны,
олай болса...
— Бірақ Негоро бұл елді бұрын-соңды көрген емес қой. Бұл жақты
қалай біле алады?
— Оны бұл елде болып көрген емес деймісің?...— деп күбірледі
Дик.— Ай, білмеймін. Дегенмен Дингоның қылығынан аңғаратын бір
ғана даусыз нəрсе, төбеттің жек көретін адамы осы маңда, бізбен қатар
келе жатқан сияқты.
Ол кенет сөзін үзді де, итті шақырды.
Динго сүйретіле басып жас жігіттің қасына келді.
— Айтақ! Айт!—деді Дик.— Негоро, Негоро, Динго! Айт, айт!
Ит өршелене абалады. Кеме аспазының аты итке кəдімгідей əсер
етті, ол Негороны жақын маңдағы бұталардың біріне жасырынып
жатқанын сезген тəрізденіп ілгері қарай жүгіре жөнелді.
Гэррис бұл көріністі алыстан байқап тұрған. Ол жасөспірімге таяу
келіп:
— Сіз Дингоға не айттыңыз? — деп сұрады тістене сөйлеп.
— Жай, елеулі түк те жоқ,— деді Том қарт қалжыңдаған пішінмен.
— Кемеде бірге болған бір жолдасымыз жоғалып кеткен еді, Дингодан
соның хабарын сұрадық.
— Ə,— деді американ,— ол əлгі өзіңіз айтқан кеме аспазы болар?
— Ие,— деп жауап қатты Том қарт.— Дингоның қылығына
қарағанда, ол алыста емес, осы маңда болуға тиіс.
— Ол мұнда қалай келе алады? — деп сұрады Гэррис.- Оны
Боливияда бұрын-соңды болып көрген емес дедіңіз білем?
— Мүмкін, ол арасын бізден жасырған болар,— деді Том қарт.
— Жасырып қайтеді? — деді Гэррис.— Бұта түптерін тінтіп
қарауға болады. Мүмкін, ол бейшараға жəрдем керек болар? Əлде
бірер бəлеге ұшырап қалса!..
— Жоқ, ол кісі жəрдемге мұқтаж емес,— деді Дик Сэнд.— Егер
Негоро бұл араға жалғыз келе алған болса, ұшырасқан бəледен де
біздің жəрдемімізсіз-ақ құтыла алады.
— Ықтиярыңыз білсін,— дей салды Гэррис.
— Өшір үніңді, Динго! — деп ақырды итке Дик Сэнд, Жағымсыз
əңгімені тоқтатқысы келіп.
Бала жігіттің тағы бір тəжірибе етіп байқағаны, американ атының
қылығы жайлы еді.
Аттың қылығына қарағанда, жақын маңда «атқораның исі» жоқ
тəрізді. Ат ауаны ішіне тартып, жүрісін жеделдетпейді, оқыранбайды
да, қысқасы, ұзақ сапардың шегіне жетіп, дем алатын уақыттың
таянғанын сезіп асыға жүретін жылқыға тəн мінездердің бірде-бірін
білдірмеді. Гэрристің аты гациендте əлденеше рет болған, аттың
қылығына қарағанда гациенд əлі алыста, жүз мильден астам арыда
жатқан сияқты.
«Жоқ, егер аттың қылығын тəжірибеге алсақ, жолымыздың шеті
көрінер емес» деп ойлады жасөспірім.
Гэррис сол күні ертеңгісін, енді гациендке небары алты-ақ миль
қалды деп сендірген болатын, бұл алты мильдің түстен кейін сағат
беске дейін кем дегенде төрт миль алынды. Дегенмен, əлі атқораның
исін сезген аттың түрі көрінбейді жəне айнала төңіректегі жер, Сан-
Феличедегі сондай ірі плантацияның жақын маңындағы жерге
ұқсамайды.
Тіптен өнебойы бөбегінің қамын ойлаумен болған миссис Уэлдон
да жер жағдайының түрі бұрынғы иесіз дала түрінен ешқандай
өзгермегенін байқап таң қалды. Гациенді енді қашық болмағанымен,
оның қызметкерлерінен бірде-бірі əлі күнге кездеспеді, ең болмаса
жергілікті халықтардың да ешқайсысы көрінбеді. Гэррис адаспады ма
екен? Миссис Уэлдон бұл ойдан аулақ болғысы келді: адасып басқа
жаққа кетіп, жол тағы ұзара түсетін болса, науқастанып келе жатқан
кішкентай Джектің өміріне қауіп төнгені...
Гэррис бұрынғысынша отрядтың алдында келе жатыр. Бірақ ол
өзіне өзі сенбеген кісі сияқтанып, біресе орманның алыстағы қараңғы
түкпіріне, біресе оң жағына, біресе сол жағына, біресе өзі жүріп келе
жатқан жолға қараумен болды.
Миссис Уэлдон Гэрристің бұл ісін көргісі келмей көзін жұмды.
Енді бір миль келетін тегістіктің аржағында тағы орман көрінді,
бірақ ол батыс жақтағы орман сияқты қалың емес, отряд биік
ағаштардың саясына қайта енді.
Жолаушылар кешкі сағат алтының кезінде қалың бұта өскен жерге
келді, мұнда бұтаны бойлай жүрген бір түрлі ірі хайуанның ізі жатыр,
шамасы, жуырда ғана жүріп өтсе керек.
Дик Сэнд əлгі ізге үңіле қарады.
Бұтаның кісі бойынан жоғарырақ жеріндегі бұтақтары қирап
қалыпты, шөптер жапырылған, кейбір дымқыл жерлерде алып аяқтың
ізі жатыр, бұл ягуардың да, кугуардың да ізі емес. Ненің ізі болды
екен?
Бұтаны жапырып көсілте жол салып, дымқыл жерде бұл сияқты із
қалдыруға тек пілдің ғана шамасы келеді. Бірақ Оңтүстік Америкада
піл жоқ. Демек, бұл пілдің ізі болуы тиіс деген ақылға сыйғысыз
жорамалдан аулақ болу керек екен.
Дик Сэнд мына жұмбақты ізді көрген соң, бұл туралы өзінің ойына
келген пікірін айтып, ешкіммен ақылдаспады. Ол тіптен американнан
да сұраған жоқ. Əрине, керікті түйеқұс деп түсіндірген адамнан не
үміт, не қайыр? Гэрри тағы бір қайдағы жоқты ойлап табар, бірақ
бұдан отрядқа келер пайда не?
Қалай да, Дик Сэнд Гэррис туралы өзінің белгілі пікірін қорытты.
Ол американды барып тұрған опасыздың өзі деп таныды. Дик оның
бет пердесін сыпырар жағдайды ғана күтті, жолшыбай кездескен
жаңалықтар бұл сырды ұзаққа жібермей ашады деп сенген еді.
Бірақ Гэрристің көздеген қандай құпия мақсаты болуы тиіс? Ол
өзіне сенген адамдарды қандай бəлеге ұшыратқалы жүр?
Дик Сэнд өзіне ерген жолдастарының тағдырына əлі жауаптымын
деп ойлады. «Пилигрим» апатының нəтижесінен осы жағалауға шығып
қалған адамдарды аман сақтап қалу, қашан да болса Диктің міндеті.
Мына жас ананы, оның кішкентай бөбегін, негрлерді, Бенедикт ағайды
—қысқасы жолдастарының бəрін ажалдан арашалап қалатын тек қана
жалғыз өзі. Дик Сэнд өз алдында орасан зор қауіп тұрғанын, оны
жеңуге өзінің күші жететінін алдын ала болжаған еді, бірақ бұл қатерге
қарсы қолданарлық жас жігіттің қандай шарасы бар? Үрейлі күдік
бірден бірге анықталып шындыққа айнала түсті, мұның алдында Дик
Сэнд көз жұмып тізе бүгуге тиіс емес. «Пилигримнің» он бес жасар
капитаны, қауіпті жағдай төнген минутта басшылықтың қиын міндетін
өз мойнына тағы алуы керек болды. Бірақ Дик Сэнд кішкентай
Джектің бейшара анасын күні бұрын абыржытқысы келмеді, уақиға
шындыққа шыққан кезде оған бəрін де айтып үлгерермін деп ойлады.
Ол тіптен сай ішінен кішкене отрядтың жолын бөгеген орасан ірі
бірнеше хайуандар көргенін де айтпаған.
Ол «Гиппопотам! Гиппопотам»
75
— деп айқайлағысы келген еді.
Бірақ үндеген жоқ. Дик Сэнд жүз қадамдай отрядтың алдында келе
жатқан. Бұл мыртық аяқты, үлкен басты, ауызы орасан үлкен, ақсиған
тістерінің ұзындығы бір фут келетін дембелше хайуанды бұл арада
Диктен басқа ешкім көрмеген-ді.
Америкада гиппопотам болғаны ма?!
Отряд кешке шейін алға басумен болды. Ең төзімді дегендер де
қалжырайын деді. Мегзеген жерге жететін уақыт болды! Немесе
тоқтап қону керек.
Барлық ынта-жігері кішкентай Джектің қамында болып, миссис
Уэлдон өзінің шаршағанын да сезбесе керек, бірақ əбден қалжырап
біткен еді. Басқа жолаушылардың да халдері онша мақтарлық емес.
Мойығандыққа бойсұнбаған тек жалғыз Дик қана, бар жігерін, бар
қайратын өз борышын өтеуге сарықты.
Түстен кейін сағат алтының кезінде, Том қарт шөп арасынан бір
түрлі өрескел зат тауып алды. Бұл жалпақ соғылған, түрі жаман, қайқы
жүзді, піл сүйегінен жасалған жуан сабына тұрпайы өрнек салынған
селебе пышақ еді.
Том қарт пышақты алып, Дикке əкеліп көрсетті. Бұл олжаны
жасөспірім мұқият көріп болды да, сосын американға берді.
— Сірə, жергілікті халықтар алыс болмаса керек,— деді ол.
— Шынында да,— деп жауап қатты Гэррис.— Бірақ...
— Бірақ?—деп Сэнд тіп-тіке Гэрристің көзіне қадала қарап, оның
сөзін қайталады.
— Біз ендігі гациендке жетуіміз керек еді,— деді Гэррис қипақтай
сөйлеп.— Бірақ мен жерді жете таныңқырамай тұрмын...
— Сіз əлде адасқан боларсыз? — деді Дик жұлып алғандай.
— Адасу? Жоқ. Гациенд үш мильден əрі болмауға тиіс. Жолды
қысқарту үшін мен орман аралап төтелеп жүрдім ғой... Мен жаңылған
екенмін...
— Ықтимал,— деді Дик Сэнд.
— Мен жалғыз барып алдыңғы жақты шолып келсем деймін, ең
дұрысы осы болар,— деді Гэррис.
— Жоқ, мистер Гэррис,— деп Дик Сэнд кесіп айтты, бөлінбеуіміз
керек.
— Ықтиярыңыз білсін,— деді американ.— Бірақ есіңізде болсын,
мен түн ішінде жол таба алмаймын.
— Несі бар! — деді Дик Сэнд.— Бүгінше осы араға қона кетерміз.
Бір түн ашық ауада жатып шығуға миссис Уэлдон да қарсылық ете
қоймас, ертең күн шығысымен жүріп кетерміз. Ендігі қалған екі-үш
мильді бір сағатта алуға болады.
— Мақұл,— деді Гэррис.
Нақ осы сəтте Динго өршелене абалап қоя берді.
— Кейін, Динго, кейін! — деп айқайлады Дик Сэнд.- Маңайда
ешкім жоғын өзің де жақсы білесің, біз елсіз жердеміз ғой!
Сөйтіп, ақырғы кешті тоғай ішіне түнеп өткізуге ұйғарылды.
Миссис Уэлдон қай жерге қонудың билігін жолдастарына тапсырды
да, өзі тіс жарып үндеген жоқ. Безгегі басылған соң ұйықтап қалған
Джек анасының қолында жатыр еді. Жолаушылар қос тігетін жұрт
іздей бастады.
Дик Сэнд қолайлы болар деп шоғырлана өскен бірнеше ірі
ағаштарды көрсетті. Том қарт соған қарай жүре түсті де, кенет
айқайлап жіберді.
— Мынаны қара! Мынаны қарашы.
— Немене, Том? — деп сұрады Дик байсалды үнмен, төтеннен тап
бола кеткен нендей жағдай болса да қарсы тұруға əзір кісіше.
— Ана жерде, ана жерде...— деп міңгірледі Том,— қанның дағы
бар... кесілген қол...
Дик Сэнд Том көрсеткен ағашқа қарай тұра жүгірді. Томның көрген
затын көрді де, қайтып келіп:
— Үніңді шығара көрме, Том! Ешкімге айтушы болма!..— деді.
Жерде адамның кесіп тастаған қолдары, оның қасында
шынжырдың үзігі мен сынып қалған ағаш бұғау жатыр екен.
76
Бір жақсы жері, мына сұмдық көріністі миссис Уэлдон көрмей
қалған еді.
Гэррис бір жақ шетте тұрған. Егер осы сəтте американның түрін
көлденең біреу көрсе, оның кенет өзгеріп кеткендігіне таң қалар еді:
Гэрристің бетінен мейрімсіз қаталдықтың жалыны шашырап тұрған.
Динго қан мен сүйек жатқан жерге барып ызалана ырылдады.
Итті жасөспірім əрең қуып жіберді. Том қарт тырп етпестен сілейіп
тұр, оның аяғы жерге жабысып қалған тəрізді. Жерде жатқан шынжыр
мен бұғаудан көз айырмай, түсініксіз бірдеңелерді айтып міңгірлей
береді.
— Мен мұны көргенмін... білемін... бала шағымда... шынжырды
көргенмін... ағаш бұғауды да...
— Үндей көрмеңіз, Том! — деді Дик Сэнд.— Миссис Уэлдон үшін
үндей көрмеңіз!..
Бала жігіт, қарт негрді бір жақ шетке əкетуге асықты.
Отрядты басқа жерге көшіріп қондырды. Кəрі Нан ас əкеліп еді,
бірақ адамдардың шаршап қажығандығы аштықтан басым болып,
ешқайсысы асқа қол созбады. Аяқ астынан тап бола кететін үрейлі
лаңның жуықтап қалғанын сезген тəрізді, бəрінің де дегбірі кете
бастады.
Іңір қараңғысы тез қоюланып, көп кешікпей түн болды Нөсердің
қалың қара бұлты аспанды торлап, батыс жақтан, көкжиектің қиыр
шетіндегі найзағайдың жарқылдаған жарығы төбені бүркеп тұрған
ағаш бұтағының саңлауынан жылтылдап көрінеді. Жел де басылған,
ағаш жапырақтарының бірде-бірі желп етпейді. Күндізгі шаң-шұң
тыныштыққа ауысқан. Қою ауа электрмен суарылып дыбыс
өткізбестей зілдене түскен тəрізді.
Дик Сэнд, Бат пен Остин — үшеуі бірдей күзетте тұрды. Олар
ешбір сезікті сыбыстарды қапы жібермеу үшін құлақтарын түріп,
көздері талғанша қараңғылыққа тесіле қарасты. Бірақ түн тыныштығы
мен түн қараңғылығын ешнəрсе бұзған жоқ.
Том қарт күзеттен бос еді, сонда да болса ұйықтамады. Басын
төмен салып, тырп етпестен қалың ойға шомып, өткен күндерін есіне
түсіріп отыр. Ойда жоқта төбеден тиген соққыдан қарт негр əлі айыға
алмаған сияқты.
Миссис Уэлдонның бар ойы тек қана бөбегінде болып баласын
тербетті де отырды.
Бұлардың ішінде тыныш ұйықтаған тек қана Бенедикт ағай.
Ешқандай жамандық деген оның ойына кіріп те шықпайды.
Түнгі сағат он бірдің кезінде, алыстан соза өкірген бір қаһарлы
дауыс естілді, іле-шала ұлыған жіңішке дауыс тағы шықты.
Том қарт ұшып тұра келді де, өздерінің қонып жатқан жерінен бір
мильдей қашықтағы қалың жынысқа қарай қолын созды.
Дик Сэнд қарт негрдің қолын ұстай алды, бірақ Томның айқайлап
жіберуіне кедергі жасауға үлгірмеді.
— Арыстан! Арыстан!
Қарт негр өзінің жас кезінде арыстанның ақырғанын талай рет
естіген болатын, өзінің бұрынғы естіген дауысын қазір де танып тұр...
— Арыстан! — деп қайталады ол.
Диктің шыдамы таусылды. Пышағын суырып алып Гэррис жатқан
жаққа қарай тұра жүгірді.
Американ жатқан жерінде жоқ боп шықты. Өзімен бірге оның аты
да ғайып болған.
Дик Сэнд өзінің Гэрриске деген сезікті ойының шынға айналғанын
біле қойды...
Отряд мүлдем басқа жерде!
«Пилигрим» Оңтүстік Америка жағалауында қирамаған!
«Пилигримнің» мұхит ортасындағы жанай өткен арал, Пасхи аралы
емес! Басқа арал!
Компас дұрыс бағыт көрсетпеген, бұзылған болды.
Кеме дауылдың ықпалына беріліп, бет алған бағытынан адасып
басқа жаққа лағып кеткен...
«Пилигрим» Горн мүйісін айналып өтіп, Тынық мұхиттан Атлант
мұхитына келіп түсіпті.
«Пилигримнің» жүріс тездігі қате есептелген, өйткені оның жүрісін
дауыл екі есеге жеткізген еді.
Сөйтіп, теңіз жағалауынан немесе орман арасынан жолаушыларға
хин ағашы, не каучук ағашы кездеспеу себебі де осы еді. Хин ағашы
Оңтүстік Америкада болады, бірақ жолаушылардың қазіргі жүрген
жері Атакама сахарасы да, Боливия пампастары да емес, мүлде басқа
жер.
Диктің көргені түйеқұс емес, керік екенінде күмəн жоқ! Бұта
арасындағы жол, пілдер жүріп өткен сүрлеу болатын! Ықтың жыра
ішінен көргені гиппопотам. Бенедикт ағайдың ұстаған шыбыны
Африкада болатын цеце деген аса қауіпті улы шыбын, оның
шаққанынан бір керуен түйе тұтас қырылады.
Түн қараңғысын жара ақырған арыстан болатын!
Ал, ағаш бұғау, шынжыр, түрі жаман пышақ — құл саудагерлерінің
қаруы еді. Кесіліп қалған қол еріксіз қара адамдардың қолы.
Португал Негоро мен американ Гэррис — бұл екеуі сыбайлас
адамдар болатын!
Ақырында Диктің жорамалдауы шынға айналып, оның аузынан
жан түршігерлік сөз шықты:
— Африка! Экваторлық Африка! Құл саудасы мен еріксіздер елі!
|