Екінші тарау
ГЭРРИС ПЕН НЕГОРО
Дик Сэнд бастаған кішкене отрядтың қонып жатқан жерінен үш
мильдей қашық тоғай ішінде екі адам кездесе кетті. Олар — Гэррис
пен Негоро қалың өскен папирус өсімдігінің арасымен бұраңдай аққан
ағысы қатты бір жыраның кемеріндегі жуан ағаштың түбіне келіп
отырды.
Бұл екеуі біріне бірінің кездесіп тұрғаны осы ғана, енді олар соңғы
шақтардағы бастарынан кешірген уақиғаларын əңгіме ете бастады.
— Сөйтіп Гэррис,— деді Негоро,— «капитан» Сэндтің отрядын
əлде де болса Анголаның алыс түкпіріне таман алыстата түсуіңе
мүмкіндік болмады ма? Өздері сол он бес жасар баланы осылай
атайды ғой.
— Жоқ, достым,— деп жауап қатты Гэррис.— Оларды амалдап
жағалаудан кем дегенде жүз миль алыстатып əкеттім, бұған да
шүкірлік ету керек! Соңғы күндерде менің «жас достым» Дик Сэнд
менен көзін айырмайтын болды. Оның маған деген күдігі ақиқатқа
айнала бастады. Рас айтам!..
— Енді бір жүз миль жүрсе болғаны,— деп Негоро Гэрристің сөзін
бөлді,— бұл адамдар біздің қолға түсуінде сөз жоқ еді. Дегенмен
бұлардан айрылып қалмауға былай да тырысып бағармыз.
Гэррис иығын қозғап бүлк еткізді.
— Олар қайда барар дейсің? — деді ол.— Негоро, мен өз қара
басымды олардың арасынан зорға алып шықтым, нені атып тастағысы
келгенін «жас достымның» көз қарасынан əлде неше рет ұққаным бар,
ал енді мылтық дүкеніндегі бір фунт ақшаға он екі түйірден берілетін
алша сүйегі менің ішіме жақпайтынын айта кетуім керек.
— Түсінікті,— деді Негоро.— Ол жігітпен менің де бір есептесуім
керек.
— Қайтсін, сенің енді қай жағынан болса да толық етіп тіптен
өсімімен төлей алатын мүмкіндігің бар ғой! Сапардың алғашқы
күндерінде Анголаны Атакама даласы деп сендіру маған оншалықты
қиынға соқпады. Өйткені, бір кезде менің ол жерде болғаным бар-ды.
Сосын кішкентай Джек «резинка ағашы» мен шыбын торғайды көрсет
деп əлек салды, оның шешесіне хин ағашы керек болды, ал енді əлгі
ұзынтұра ағайына бар керегі жалтырауық қоңыз ғана. Шынымды
айтайын, бар тапқырлығымды аямай сарып қылдым. Бip күні керікті
түйеқұс деп ем, иланды да қойды, керікті түйеқұс деп нандырған соң,
бұдан ары нендей қулық ойлап табуды өзім де білмедім. Иə, айтпақшы
піл ізіне кездескеннен былай «жас достым» менің сөзіме иланбауға
бейімденді. Қайдан пайда болғанын кім білсін, мұның үстіне
гиппопотам тап болмасы бар ма? Адал адамдардың Бенгуэлладағы
каторға түрмесінде жатуы қандай орынсыз болса, Америкада
гиппопотам мен піл болады деу сондай өрескел, Негоро, сен бұған
түсінесің ғой. Бұдан соң қарт негр бір ағаштың түбінен шынжыр мен
ағаш бұғау тауып алды, шамасы оны қашқан еріксіздердің бірі
қалдырып кетсе керек. Ақырында жақын маңайдан арыстанның
ақырған даусы естілді. Арыстанның ақырғанын, мысықтың
мияулағаны деп айта алмайтыныма өзің де қосылатын боларсың!
Менің ендігі бітірерім атқа міне салып қашу ғана.
— Түсініп отырмын,— деді Негоро.— Дегенмен əлде де болса бір
жүз миль ілгері таман жүре түскені жақсы болар еді.
— Ей, достым, мен қолымнан келгенінің бəрін істеп болдым,— деп
Гэррис қабағын шытты. —Бір жақсы жері, сен бізден недəуір қашық
жүрдің. Сенің сол маңайда жүргеніңді олар сезген сияқты. Онда Динго
деген бір төбет бар... Сені оншалықты сүймейтін сияқты. Сен оған не
жамандық істеп едің?
Əзірге түк те істегенім жоқ,— деді Негоро,— бірақ мен оның көп
кешікпей сыбағасын беремін!
— Оқ жетерлік жақындасаң, сені Диктің өзі де сау жібере қоймас
деймін; расын айту керек қой, менің «жас достым» асқан мерген. Өз
қатарына қарағанда ол нағыз азамат.
— Əй, Гэррис-ай, ол қаншама ер болғанымен маған істеген
иттігінің сазайын тартпай қалмайды,— деді Негоро.
Португалдың өңі сұрланып бетінен қаталдықтың нышаны көріне
қалды.
Бір сəт үндемей отырысты, сосын американ тағы сөз бастады.
— Негоро,— деді ол,— кеме қираған жердің маңында біз екеуміз
ойламаған жерден кездесе кеттік қой, сондағы сенің маған айтып
үлгіргенің, мүмкіндігі болғанынша жолдастарымды неғұрлым
алысырақ əкете гөр деп өтінген едің. Бірақ сен соңғы екі жыл ішінде
өзіңнің не істеп, не қойғаның жайында тіс жарып үндеген жоқсың. Ал
екі жыл деген уақыт біздің өмірге аз мерзім емес. Альвец қарттың
еріксіздер керуенін бастап Кассангодан кеткен күніңнен бері бүгінге
дейін сен туралы ешбір хабар естімедік. Расын айту керек қой, сені
ағылшындардың күзетші кемесіне ұшырап нашар жағдайға душар
болды да, ақырында дарға асылған шығар деп шамалаған едім.
— Гэррис достым, менің тағдырым осылай тынудың аз-ақ алдында
қалды.
— Оқасы жоқ, бəрібір, дардан өзің де қашып құтыла алмайсың ғой.
— Рақмет!
— Қайтерсің,— деп жауап қатты Гэррис философиялай сөйлеп.—
Біздің кəсібіміз бұлтарғысыз бip тəуекел ғой. Африка жағалауында құл
саудасымен шұғылданушыларға өз
төсегінде жатып тыныш өлу бұйыра қоймас деймін, осыған
мойынсұну керек. Демек сен ұсталған екенсің ғой?
— Иə, ұсталып едім,
— Ағылшындарға ма?
— Жоқ, португалдарға.
— Жүкті өткізбей тұрып па, əлде өткізіп болған соң ба?
— Өткізіп болған соң,— деп жауап қатты Негоро шамалы қобалжи
түсіп.— Португалдар өздері құл саудасынан əбден байып алып, енді
оған қарсы болғанси қалыпты. Біреулер мені білдірсе керек. Менің
ізіме түсіп, ақыры ұстады.
— Сонымен, сені соттады ма?..
— Өмірлік каторга жазасын Сан-Паоло де-Лоанд түрмесінде өтеуге
үкім шығарды.
— Өңшең ғана жындар-ай! — деп айқайлады Гэррис.— Каторга!
Таза ауада еркін жүріп өмір сүруге əдеттеніп қалған сенімен мен
сияқтыларға бұдан артық сұмдық болар ма? Мен бұдан гөрі дардың
өзін-ақ артық көрер едім.
— Дарға асылған адам қаша алмайды ғой, ал енді каторгадан...
— Сен қашып құтылдың ба?
— Иə, Гэррис. Мені каторгаға апарған соң, дəл он бес күннен кейін
Жаңа Зеландиядағы Оклендке баратын ағылшын пароходының
трюміне кіріп тығылдым. Мен тұщы су құйылған кеспектер мен
консерв толтырылған ящиктер арасына жасырынған едім, баратын
жеріме жеткенше азық пен суға тарыққаным жоқ. Жарық көрмей
өнебойы қараңғы трюмде жата беру əбден діңкеме тиді. Бірақ пароход
ашық теңізде келе жатқанда палубаға шығу дегенді ойлаудың да керегі
жоқ. Басым трюмнен қылт етсе болғаны, сол сəтте мені ұстап алып
қайтадан қамап тастайтынын, еркімнен айрылып тартатын азабымды
тарта беретінімді жақсы түсіндім. Оклендке барған соң олар мені
ағылшын үкіметіне тапсырады, сосын менің қол-аяғымды кісендеп
Сан-Паоло де Лоандқа кері қайырып жатпай-ақ дарға өздері де аса
салады. Осы жағдайлардың бəрін ескере келіп кісі көзіне түспей, аты-
жөнімді білдірмей қараңғы түнекте жата беруді дұрыс көрдім.
— Билет те алмадың ба? — Гэррис қарқылдай күлді.— Туу,
достым-ай, ұялмадың ба? Əрі ұрлап мініпсің, оның үстіне дайын
тамақ!
— Иə, алғаным жоқ,— Негоро күрсініп қойды,— отыз күн тар
трюмде қамалып жату...
— Бірақ, Негоро, оның бəрі енді өткен іс қой! Сөйтіп, Жаңа
Зеландияға, маврлар
85
еліне бардың ба? Бірақ сен онда тұрып қалған
жоқсың ғой. Сен қалай қайтып келдің? Тағы да трюмде жасырынып
па?
— Жоқ, Гэррис. Мендегі бір ғана ой, Анголаға қайта оралып,
жаңадан құл саудасына кірісу болды.
— Иə,— деді Гэррис,— біз өз кəсібімізді жақсы көреміз ғой... біз
оған əдеттеніп қалдық...
— Ұдайы он сегіз ай...
Негоро осы арада əңгімесін кілт тоқтата қойды. Ол Гэрриске
үндеме дегендей белгі берді де, демін ішіне тартып, ағаш арасынан
шыққан сыбдырға құлақ түрді.
— Гэррис,— деп сыбырлады ол,— папирус арасынан əлдененің
сыбдыры естіледі.
— Білейік не екенін,— деді Гэррис, мылтығын кезене ұстап бəсең
үнмен.
Олар ұшып тұра келді де, сақтана қарап сыбдыр шыққан жаққа
қарай құлақтарын тікті.
— Ештеңе жоқ қой, қағыс естіген боларсың,— деді Гэррис.—
Жаңбыр артынан сай-саланың суы тасып əдеттегіден қатты ағатын
дағдысы ғой, сенің естігенің судың сылдыры болар. Достым, сен өткен
екі жылдың ішінде орман шуылын жатырқап қалсаң керек. Бұның
ешқандай оқасы жоқ, кешікпей-ақ қайта дағдыланып кетерсің.
Басыңнан кешірген уақиғаңды айта бер. Сосын келешектегі істейтін
ісімізді кеңесейік.
Негоро мен Гэррис анжир ағашының түбіне қайта отырысты,
португал өзінің үзіліп қалған əңгімесін жалғай берді.
— Ұдайы он сегіз ай Оклендте тұрып көңілсіз өмір өткіздім. Сəті
түсіп, кісі көзіне түспей трюмнен шығып жер бастым. Бірақ қалтам
көк тиынсыз бос болатын, оны айналдырып қараған кісі бір доллар
таппас еді. Аштан өлмеудің шарасын көздеп, жұмыстың нендей түрі
болса да істей беруіме тура келді...
— Демек, сен кəдімгі адал ниетті адамдар қатарында еңбек істеген
болдың ғой?
— Дəл үстінен түстің, Гэррис.
— Алда ғана бейшара-ай!
— Сол уақытта менің үнемі іздестіргенім сол қарғыс атқан жерден
құтылудың шарасы болды. Бірақ көпке дейін ыңғайы болмады.
Ақырында «Пилигрим» деген кит аулайтын кеме Окленд портына
келіп тоқтады.
— Кəдімгі Ангола жағалауында қирайтын кемені айтып отырсың
ба?
— Дəл соның өзі. Миссис Уэлдон өзінің кішкентай бөбегін алып,
қасына Бенедикт деген немере ағасын ертіп, жолаушылар қатарында
сол кемемен жолға шығатын болды. Сəті түсіп, əлгі кемеге оп-оңай
қызметке орналаса қалдым: өйткені мен еріксіздер таситын кемеде
капитанның екінші жəрдемшісі болып қызмет істеген бұрынғы
теңізшімін ғой «Пилигрим» капитанына барып, өзімді қызметке алуын
өтініп ем, оған матрос керек емес екен. Менің бақытыма, кеменің
аспазы қашып кетіпті. Ол ас пісіре білмейтін нашар теңізші болған.
Бұл жағдайды білген соң, мен тəжірибелі кеме аспазы едім дегенді
айттым. Менен жақсы аспаз таппаған соң, капитан Гуль мені
аспаздыққа жалдап алды Арада бірнеше күн өткен соң «Пилигрим»
Жаңа Зеландия жағалауынан якор көтеріп жолға шықты...
— Бірақ,— деп Гэррис оның сөзін бөлді,— «жас достымның»
сөзінен менің ұққаным, «Пилигрим» Африка жағалауымен жүзуге
ұйғармаған. Ал кеме бұл араға қалай келіп қалды?
— Дик Сэнд бұл жағдайды күні бүгінге дейін білмейтін болса
керек,— деп жауап қатты Негоро,— мұның мəнісіне əлі де болса түсіне
қоюы екіталай. Бірақ, Гэррис, бұл уақиғаның қалай болғанын саған
айтып түсіндірейін, егер қаласаң, менің бұл əңгімемді өзіңнің «жас
достыңа» бір ұтыры келген кезде қайталап айтарсың.
— Неге айтпасқа! — деді Гэррис қарқылдай күліп.- Айта бер
достым, айта бер!
— «Пелигрим»,— деп Негоро əңгімесін сабақтады,- Вальпарайсоға
қарай бет алды. Менің аспаздыққа жалданғандағы мақсатым, тек қана
Чилиге жетіп қалу еді. Өйткені Чили Жаңа Зеландия мен Анголаның
жарым жолында ғой, онда жетсем, Африканың батыс жағалауына
бірнеше мың миль жақындап қаламын. Бірақ жағдай жолда да өзгерді.
Оклендтен шыққан соң, үш жұмадан кейін кит аулап жүріп капитан
Гуль мен бірге матростары да түгелдей қаза тапты. Бұл күні
«Пилигрим» бортында бар болғаны екі-ақ теңізші қалды, оның біреуі
жас матрос Дик Сэнд, екіншісі — кок Негоро.
— Сөйтіп, сен кеменің капитаны болып алдың ба? —деп сауал
берді Гэррис.
— Алғашқыда бұл үміт менің бойымды билеп еді. Бірақ
басқалардың маған сенбейтінін байқадым. Бəрібір, мұндай жағдайда
кемедегілерге өкімімді жүргізе алмас едім. Сондықтан ойлана келіп
бұрынғы қызметім — «Пилигрим» аспазы күйімде қала беруді мақұл
көрдім.
— Демек, кеме Африка жағалауына кездейсоқ келіп қалған екен
ғой?
— «Жоқ, Гэррис,— деді Негоро,— біз «Пилигримнің» қираған
жерінде ойда жоқта кездестік қой, міне, кездейсоқ деп осыны айтуға
болады. Кеменің беталысын басқа жаққа бұрып, оны Ангола
жағалауына келтірген мына мен боламын! Сенің «жас достың» теңіз
ісіне аузынан ана сүті кетпеген шіп-шикі бала, ашық теңізде кеменің
қай жерде екенін компаспен, лагпен ғана шамалай алады. Сөйтіп, бір
сəті түскен күні лаг теңіз түбіне кетті. Тағы бір сəті түскенде нактоуз
астына бір қарыстай жалпақ темір қойып, компас тілін басқа жаққа
бұрдым, дауыл қуалап атқан оқтай зымыраған «Пилигримнің» бағыты
кенет өзгере қойды... Сапарымыздың неліктен мұншалықты ұзаққа
созылғанына Дик Сэнд түсіне алмады. Əйтсе де оның орнында
қаншама тəжірибелі басқа теңізші болса да, бəрібір, тұйыққа қамалар
еді. Горн мүйісін айналып кеткенімізді бала білмей де қалды, бірақ бар
ғой, Гэррис, мен сол мүйісті тұман арасынан байқап қалдым. Бұдан
соң көп кешікпей-ақ нактоуз астына қойған темірді қайта алып, компас
тілін бұрынғы қалпына келтірдім. Құйындатқан дауылдың айдауымен
зымырап келе жатқан кеме, солтүстік-шығысқа беттеп тұп-тура Ангола
жағалауына қарай тартты.
— Дəл осы кезеңде,— деп Гэррис іле түсті,— сенімен кездессін,
сенің жолдастарың мен достарыңа басшылық етсін деп осы жағалауға
кездейсоқ жағдайдың мені айдап келтіре қойғанын айтсайшы! Олар
өздерін Америкадамыз деп күдіксіз сенген еді, сондықтан да Анголаны
төменгі Боливия деп оларды оңай алдауыма мүмкіндік болды... Ол
жердің расында да біріне бірінің ұқсастығы бар.
— Олар шынында да Анголаны Боливия деп білді. Сондай-ақ
Диктің өзі де Тристан д'Акунья аралын Пасхи аралы деп алжасқан.
— Оның орнында басқа біреу болса, бəрібір, осылай қателесер еді.
— Білемін, Гэррис, əрине, Диктің қателескенін пайдаландым.
Соның арқасында миссис Уэлдон мен оның жолдастары жағалаудан
жүз миль жерде, Экваторлық Африкада, түк панасы жоқ ашық далада
қонып жатыр.
— Бірақ енді олар өздерінің қайда екенін білді ғой.
— Біле берсін, білгенде қайтеді? — деп даурықты Негоро.
— Сен бұларды қайтпексің? — деп сұрады Гэррис.
— Қалағанымды істеймін,— деді Негоро.— Ал сен маған мынаны
айтшы, біздің қожайын Альвец мырзаның жайы қалай? Ол қартты
көрмегеніме екі жылдан асып бара жатыр.
— О, ол талайды көрген кəрі тарлан ғой, тұрмысы өте жақсы! —
деді Гэррис.— Сені көрсе қатты қуанады.
— Ол бұрынғысынша Бихода тұра ма? — деп сұрады Негоро.
— Жоқ, достым, ол өзінің «конторын» Казондеге көшіргеніне бір
жыл болды.
— Жағдайы жақсы ма?
— О, айтарың бар ма! Ол ант соққанның жағдайы жақсы ғой,—
деді Гэррис дауысын көтере сөйлеп.— Дегенмен құл саудасын жүргізу
əсіресе осы жағалауда күннен күнге қиындап барады. Португалия
үкіметі бір жағынан, ағылшынның күзетші кемелері тағы бір жағынан,
— құл жеткізу ісіне барынша кедергі жасауда. Тек қана бір жерде —
Анголаның оңтүстік жағында, Массамедес маңында қара товарларды
жайбарақат тией беруге болады. Сондықтан қазіргі уақытта бүкіл
барақ біткен еріксіздерге лық тола, оларды Испания отарларына
жөнелту үшін кеме күтудеміз. Бенгуэлла мен Сан-Паоло де-Лоанд
арқылы жүк жөнелтуге болмайды деседі. Губернатор мен чиновниктер
бұл жөнде тыңдағысы да келмейтін көрінеді. Альвец қарт Африканың
ішкі аймақтарына барып орналасуды ойластырып жүр. Енді
жөнелтілетін керуенді Танганьика ауданында жабдықтамақ. Ол ара
тоқыма товарларды құл мен піл сүйегіне айырбастауға өте тиімді.
Жоғарғы Египетпен, Мозамбикпен саудамыз əзірге жаман емес, онда
сатылатын еріксіздер Мадагаскардан келтіріледі. Бірақ жуық арада құл
саудагерлеріне істейтін жұмыс қалмайды-ау деп қорқам. Африканың
ішкi аудандарына ағылшындар күн құрғатпай келіп бекініп жатыр.
Жасыл соққыр Ливингстон!—Үлкен Көл өлкесін зерттеп болды, енді
оның Анголаға бару ойында бар. Лейтенант Камерон деген біреу
шығыстан батысқа қарай бүкіл материкті кесіп өтпекші деседі.
Американ Стенли деген де оның істегенін істемек дегенді тағы естідім.
Негоро, бұл зерттеушілер бізге зиянын қатты тигізеді. Егер де біздер өз
мақсатымызды жақсы түсіне білсек, шақырусыз келген меймандардың
бірде-бірін Европаға қайта оралып, орталық Африкадағы өздерінің
көрген-білгендерін оттамайтын етер едік.
Егер Гэррис пен Негороның кеңесін көлденең біреу естісе, мына
құрметті саудагерлер бір аса маңызды іс жөнінде пікір алысып отыр
екен дер еді. Бұл екеуі бір таймақта немесе бір қап кофе туралы емес,
«тірі товар» жөнінде келісіп отыр екен деп кім ойлай қойсын? Бұл
«саудагерлер» əділеттікті əділетсіздіктен айырмайтын адамдар.
Бұларда ар-намыс, ұят жəне басқа адамгершілік белгілері бір заманда
болды да, бірақ құл саудасының жан түршігерлік қаталдығына қатыса
жүріп, əлгі қасиетті əлдеқашан жоғалтқан.
Гэррис, құл саудагері Альвецтің бұрынғы агенті Негороны екі жыл
шетте жүрсе де өзгермеген екен деп сүйінді. Негоро бұрынғысынша
қылмыстың нендей түрі болса да істей беруге əзір еді. «Пилигримде»
апатқа ұшырағандардың келешектегі тағдыры туралы жолдасының
пікірі қандай, Гэрристің біле алмай отырғаны тек қана осы.
Сондықтан:
— Ал енді сен маған мынаны айтшы,— деп сұрады Гэррис,:—
өзіңнің бұрынғы жолдастарыңнан қалай құтылмақсың?
Негоро көп ойланып тұрған жоқ, жауапты тез қайырды. Шамасы,
бұл жөндегі жоба оның ойында көптен-ақ қайнап піскен тəрізді.
— Біреулерін құлдыққа сатамын, қалғандарын...
Португал айта бастаған сөзін аяқтамады, бірақ оның түнеріп кеткен
беті, жаңағы сөзінің жалғасын ауызбен айтылған сөзден де анығырақ
білдіріп тұрды.
— Олардың кімдерін сатпақшысың? — деп сұрады Гэррис.
— Миссис Уэлдонға еріп жүрген негрлерді,— деді Негоро.— Том
кəрі ғой, оған көп алып болмас, бірақ ана төртеуі қылшылдаған
жастар, Казонде базарында оларға жақсы баға алуға болады.
— Дұрыс айтасың, Негоро!—деді Гэррис.— Ол төртеуі тым ірі де
жұмысқа шыдамды негрлер ғой, ішкі Африкадан келтірілген
«хайуандар» сияқты емес. Олардың тиімді бағаға өтетіні өзінен өзі
белгілі. Америкада туған негр, Ангола базарында сирек кездесетін
товар. Бірақ,— деп ол сөзін жалғастыра берді,— сен маған мынаны
айтуды ұмытып барасың: «Пилигримде» нақтылы ақша бар ма еді?
— Ауыз жарырлық түк те жоқ! Қалтама түсіре алғаным небары
бірнеше жүз доллар. Сəті түссе, менің көп ақшалы болатын басқа да
товарларым бар...
— Достым, оларың қандай товарлар? —деп сұрады Гэррис білуге
құмартып.
— Түрліше, — деп Негоро шорт қайырды.
Шамасы, ол өзінің артық сөйлеп жібергеніне өкініп қалса керек.
— Демек, ендігі қалғаны, бұл қымбат товарды қолға түсіру ғана?
— деді Гэррис.
— Қолға түсіру соншалықты қиын болып па тəйірі? — деді Негоро.
— Жоқ, достым. Осы арадан он шақты миль теңіз жағалауында
араб Ибн-Хамис бастаған еріксіздер керуенінің лагері бар. Олар
Казондеге жүру үшін менің қайтуымды ғана күтіп жатыр. Керуенді
айдап келе жатқан жергілікті халықтан алынған солдаттар тым көп,
бала капитанды жолдастарымен қоса тұтқынға алатын күш артығымен
жетіп жатыр. Егер менің «жас достым» Куанза өзеніне қарай жол
тартуға ниеттенсе...
— Егер ниеттенбесе қайтер едің? — деп Негоро Гэрристің сөзін
бөлді.
— Əрекеттенер деймін! — деді Гэррис.— Ол ақылды бала ғой,
жəне ол жақтан өзіне қауіп төнеді деп ойламайды да. Дик Сэнд
жағалауға қайта оралғанда біз жүрген жолмен жүрмейді. Орман аралап
жүрсе, адасудан көз ашпайтынын өзі де жақсы біледі. Мұхитқа құятын
бірер өзенге жетуге тырысады ол, сосын салмен төмен ағуға
қамданады. Бұдан басқа оның аман құтылатын жолы жоқ. Мен ол
баланы əбден сынап білдім, ол тап осыны істейді.
— Иə... сөйтуі де ықтимал,— деді Негоро шамалы ойлана түсіп.
— «Ықтимал» демей-ақ, «сөзсіз солай етеді» десең де болады,—
деді Гэррис дауысын көтере сөйлеп.— Мен бұған «жас достымның»
өзі Куанза жағалауында менімен кездесетін боп сөз байласқандай-ақ
сенер едім.
— Демек, кідірмей жүруіміз керек болды ғой,— деді Негоро.— Ол
баланы мен де жақсы білемін. Бір сағат уақытты бекерге өткізбейді, біз
одан айламызды асыруымыз керек.
Несі бар, жүру керек болса, жүрейік!
Гэррис пен Негоро жүргелі жатыр еді, папирустың қалың жерінен,
португалды абыржытқан манағы сезікті сыбдыр қайта естілді.
Негоро тұрған жерінде қалшиып қатты да қалды.
Сол сəтте иттің маңқылдап үрген дауысы естілді, ізінше қалың
қаудың арасынан өзі де шыға келді. Ит орасан ірі екен, арқа қылшығын
тікірейтіп, ауызын арандай ашқан, өздеріне шапқалы келе жатыр.
— Динго! — деп айқайлады Гэррис.
— О, бұл төбет енді аман құтыла алмас! —деді Негоро.
Ит португалға қарай ұмтыла берген сəтте, Негоро Гэрристің
мылтығын жұлып алды да, кезене беріп басып қалды.
Иттің қаңсылаған аянышты дауысы тоғайды жаңғыртты, Динго
өзен жиегін көмкерген қалың бұтаға кіріп ғайып болды. Негоро жүгіре
басып өзен жағасына дейін барды.
Папирус сабақтарының бірнешеуіне қан тиіпті, жағалаудағы малта
тастардың үстінде жосыла аққан қанның ізі жатыр.
— Бұл қарғыс атқан төбетпен ақыры есептесіп болдым,— деп
айқайлады Негоро.
Гэррис тырс үндемей бұл екеуінің шайқасына қарады да тұрды.
— Байқап тұрмын, Негоро,— деді Гэррис,— бұл иттің тісі саған
көптен-ақ қайраулы екен.
— Айтарың бар ма! Бірақ ақыры бұл оңбағаннан құтылдым ғой!
— Бұл төбет сені соншама неге жек көреді?
— Иə, ол екеуміздікі ескіден келе жатқан басараздық қой,— дей
салды Негоро.
— Ескі бас араздық?—деді Гэррис оның сөзін қайталап.
Негоро əріптесінің бұл сауалына жауап қайырған жоқ. Мына сұм
португал өткендегі бір ісін менен жасырып отыр екен деп ойлады
Гэррис, бірақ ежелеп сұрай беруді өз басына лайық көрмеді.
Бірнеше минуттан соң сыбайластар жылғаны бойлай жүріп
Куанзаға қарай тартты.
Достарыңызбен бөлісу: |