Тоғызыншы тарау
КАЗОНДЕ
Майдың жиырма алтысы күні құлдар керуені Казонде қаласына
жетіп тоқтады. Тұтқынға алынып құлдыққа сатылатындардың тең
жарымы жолда қырылған-ды. Сонда да болса құл саудагерлері көп
пайда табамыз деген зор үмітпен келді: құл алушылар əлі азайған жоқ-
ты, Африка базарларында құлдың бағасы көтеріңкі еді.
Ол кезде негр саудасының ең зорын Ангола жүргізіп жатқан.
Португалияның Сан-Паоло де-Лоанд пен Бенгуэлладағы жергілікті
үкіметтері қырсыз, босаң болғандықтан еріксіздер керуені материктің
ішкі өлкелеріндегі ит мұрны өткісіз қалың ормандары арасымен
жөнелтіліп жатты.
Жағалаудағы барактар қара тұтқындарға лық тола. Африка
жағалауын күзетіп жүрген Португалия кемелеріне соқпай аман өтіп
жүрген еріксіздер тиелген кемелердің шағын тобы Испания
отарларына жөнелтуге арналған «қара товарлардың» бəрін түгел
əкетуге мүмкіндігі жоқ-ты.
Куанза өзенінің сағасынан үш жүз миль қашықтағы Казонде
қаласы Анголадағы негр құлдар сатылатын ең ірі базарлардың бірі
болып саналады. Əдетте адам сату мен сатып алу ісі қаланың бас
алаңында жүргізілетін. Бұл арада «товар көрмесі» бар. Үлкен Көлге
жөнелтілетін керуені де сонда жасақталып, сол жерден аттанады.
Орталық Африканың басқа қалалары сияқты Казонде қаласы да екі
бөлімге бөлінген. Қаланың сауда бөлімінде жергілікті халық, арабтар
мен португал саудагерлерінің үйлері бар, еріксіздер барактары да
сонда, екінші бөлімінде жергілікті халықтың патша сарайы
орналасқан. Бұл патша қанішер қаталдықтың, ұрып-соғудың күшімен
өкімін жүргізіп, құл саудагерлерінен түскен түсіммен күн көруші
тұрған маскүнемнің өзі болатын.
Ол кезде Казонде қаласының сауда кварталы тұтасымен Хозе-
Антонио Альвец деген бір құл саудагеріне қарайтын-ды. Гэррис пен
Негоро сол Хозе-Антонио Альвецтің агенті болатын.
Альвец өзінің бас конторын Казондеге орнатып, контордың
бөлімшелерін Вихо мен Кассангодан ашып еді. Айтылып өткен
уақиғадан соң арада бірнеше жыл өткеннен кейін Камерон Альвец
конторының Кассангодағы бөлімшесінде болып, сондағы жағдайды
суреттепті.
Казондедегі сауда кварталының үлкен көшелерінің екі бетіне
бірдей ұзына бойға бір қатар жалпақ төбелі үйлер салынған,
балшықтан соғылған төрт бұрышты ауланың ішкі жағында малдары
тұрады. Үлкен көшенің бір жақ басында еріксіздер барагімен айнала
қоршалған үлкен алаң бар. Үйден əлденеше есе биік көкке мойнын
созып тұрған тамаша анжир ағаштары, көшенің ұзына бойына
желпуіш тəрізденіп пальмалар өскен, бұл өсімдіктер тікесінен қойған
сібірткіден айнымайды. Көше шаңының арасында қаланың тазалық
сақтау қызметін атқарып үймелеп жатқан күшігендерді көресің.
Мінеки Казонденің сауда кварталының ұсқыны осындай болатын.
Конгоның бір тарауы — Лухи өзені базар алаңының іргесінен ағып
өтеді.
Казонденің сауда кварталына тірей король сарайы орналасқан,
оның тұрған жері тұтас бір шаршы миль жерді қамтыпты, үйлерінің
түрі үйме-жүйме салынған лашықтар тобына ұқсайды. Кейбір
лашықтардың айналасын қамыспен қоршаған болыпты, енді
біреулерін
жас
анжир
ағаштарын
жиі
егіп
қоршапты,
бірсыпыраларының ешқандай қоршауы жоқ. Маниок плантациясы мен
папирус сабағынан ерекше тоқылған шарбақ қоршау аралығында
король құлдарының лашықтары, король əйелдерінің гаремасы
91
бар,
король «тембесі» де сол жерде, ол басқа лашықтардан аз-кем ғана
биіктеу де кеңірек. Мінеки король сарайының болмысы осы ғана.
Казонде королі Муани-Лунга елуді қусырған адам, оның
қоластындағы бұқарасы бұрынғы корольдің тұсында да күйзелген еді,
енді
жаңа
корольдің
дəуірінде
мүлдем
титықтап
қалды.
Португалиялықтың құл саудагерлері пайдаланып жүрген жалдама
солдаттарының саны жиырма мыңға жеткенде, корольдің қазіргі
уақытта небары төрт мыңдай-ақ əскері бар. Сондықтан қазір Казонде
королінің күн сайын жиырма бес-отыз құлдан құдайға құрбан шалып
тұратын бұрынғы дəурені жоқ.
Маскүнемдіктің салдары оны зұлымдық пен қиянатқа айдап салды,
əлі де болса кəрілік еңсесін баса қоймаған орта жастағы адамды
мезгілінен бұрын кеудіретіп, ақылынан алжастырып, ашушаң, қияли
етіп жіберді Ол өзінің қыңырлығын істеп құлдарының денесіне
өмірлік дақ салып жарымжан етті, əскербасылары мен министрлерінің
біреуінің мұрнын кесіп пұшық, біреуінің құлағын кесіп шұнақ еттi,
тағы біреуінің қолын кесіп шолақ, біреулерінің аяғын кесіп ақсақ етіп
тастады. Бағынышты адамдары королінің өлуін асыға күтуде еді...
Бүкіл Казонде халқының ішінде Муани-Лунганың өлімі тек
болғаны жалғыз-ақ адамды — Хозе-Антонио Альвецті ғана күйзелте
алады. Құл саудагері маскүнем əкімнің көңілін аулап, бүкіл өлкені
билеп алған. Король өлген соң тəж бен таққа корольдің бəйбішесі
Муана ханым ие болуға тиіс. Халық əйелді əкім екен деп елемейді, лаң
шығарады, көршілес елдің патшасы Оукус деген кісі Казонде елінің
ішкі бүлігін пайдаланып Муани-Лунгаға шабуыл жасауы мүмкін деп
қауіптенді Альвец. Оукус маскүнем патшадан гөрі жас та жігерлі адам
еді, жəне ол Альвецтің бəсекелесі, құл саудагерлерінің ішіндегі ең ірісі
Типо-Типо деген арабпен сыбайлас болатын.
Хозе-Антонио Альвецті сол африкалық мемлекеттің королі деуге
болады, ол залым есінен айрылып ақымақ болған үкімет
басқарушысын ішімдікке дəндетіп, өзіне мүлдем бағындырып алды да
оның топастығын пайдаланды.
Альвецтің өзі тоқтасқан адам, ақ денелілерге жақындығы жоқ.
Оның есімі ғана португалдық, о да болса сауда iсіне байланысты,
қосалқы аты еді. Альвецтің негізі негр, шын аты Кенделе болатын. Ол
Куанза өзенінің жағасындағы Дондода туып, мансапты ісін негр
саудасының қарапайым агенттігінен бастаған-ды. Енді бұл жексұрын
қақбас ірі құл саудагерлерінің бірі болып алды.
Альвецтің өзіне лейтенант Камерон 1874 жылы Килвибода
кездескен. Камерон соның керуеніне ілесіп Вихоға дейін жеті жүз
мильден астам жол жүріпті.
Қазіргі келген керуенде небары екі жүз елудей-ақ құл бар. Əбден
əлсіреп аяқ басып тұруға əрең шамасы келетін шала өлікке ұқсаған
тұтқындарды Казонде көшесімен малша айдап əкеліп ит байласа
тұрғысыз баракқа қамай салды. Мың жарым шамасындай құлдар
барактарда жəрмеңке күтіп жатыр. Жəрмеңке енді екі күннен соң
ашылуға тиіс.
Бұрынғылардың үстіне жаңадан адамдар қосылып барак адам
айналғысыз тығыздалып кетті. Жаңа келгендердің мойнындағы ағаш
бұғауларын алып қойды, бірақ шынжырдан босатқан жоқ. Жүк
көтерушілер алаңға тоқтап,əкелген жүктерін жерге үйді де, еңбек
ақыларына бірнеше метр шыт немесе басқа түрлі заттар алып, тағы да
жалдану үшін басқа бір керуен іздеп кетті.
Баракқа келген соң Том қарт пен оның жолдастары бес жұма бойы
азапқа салған мойындарындағы ағаш бұғаудай құтылды. Бат ақырында
əкесін құшақтап аймалай бастады. Еріктерінен айырылған сорлылар
қол алысып көрісті де. Бірнеше ауыз сөз айтып тіл қатысып үндерін
өшірді. Бұлар басқа не шаруа жайлы сөйлессін? Тағдырына назаланып
зарлануы керек пе? Бат, Актеон мен Остин денелері ауыр еңбекке
көндігіп қалған жас адамдар ғой, олардың жол азабы қажыта алмады.
Бірақ Том қарт əбден əлсірей халден тайған. Егер керуен тағы бір-екі
күн жолда жүрсе, Нанның өлігі сияқтанып Том да жолда қалар еді...
Төртеуін де айдап апарып бір кішкене сарайға қамады да есігіне
құлып салып сыртынан бекітті.
Тұтқындар жарытымсыз аспен жүректерін жалғады құл
саудагерлерінің бастығын күтіп жата берді. Альвец бұлардың американ
азаматтары екендігін білген соң, өздерін босатады деп балаша иланды
бұлар.
Дикті алаңда жалғыз қалдырып оған хавильдардан күзетші қойды.
Дик Сэнд ақырында Казондеге де жетті! Ол миссис Уэлдонды,
кішкентай Джекті, Бенедикт ағайды əлдеқашан осында деп шамалаған.
Оларды өздері жүріп өткен көшелердің екі бетіндегі базар алаңдарына,
аула қақпаларына көзін қадап іздеумен болды.
Бірақ миссис Уэлдон еш жерден көрінбеді.
«Шынымен-ақ оны Казондеге əкелмегені ме? — деп сұрады Дик
өзінен өзі.— Мұнда жоқ болса, ол қайда болады? Жоқ, Геркулес
қателесуге тиіс емес! Гэррис пен Негороның жобасы қандай, бұл жағы
маған мəлім емес, бірақ бұл қаніпезерлердің оны осында əкелгендігіне
сенімім кəміл. Дегенмен ол оңбағандардың мұнда өздері де көрінбейді
ғой...»
Диктің тұла бойын қорқыныш билеп əкетті. Миссис Уэлдонды
қамауда ұстаған болды, оны Диктің көре алмау себебі де осыдан. Бірақ
Гэррис қайда, Негоро қайда? Енді біздің күллі тағдырымыз сол
екеуінің қолында ғой, олар, əсіресе португал жас капитанмен
жүздесуді кейінге қалдырып, істі кешіктірмес еді. Жоқ, олар өздерінің
жеңісін мақтаныш етіп Дикті қорлап мазақтау үшін, азаптап, ақырында
одан кек алу үшін осы сəтте-ақ келіп жетулері керек еді. Бұлар неғып
көрінбейді? Шынымен-ақ олардың Казондеде жоқ болғаны ма? Олай
болса миссис Уэлдон да Казондеде емес, Орталық Африканың басқа
бірер пунктінде болғаны ғой?
Геркулестің хатын əкеліп тапсырғаннан бері Динго да қатынаспай
кетті. Сөйтіп Диктің дайындап қойған жауап хаты да тиісті адамына
тапсырылмайтын болды. Дик Сэнд бұл хатта миссис Уэлдонды
бақылап жүр, адасып қалма деп Геркулеске əдейілеп тапсырған-ды.
Динго бір кезде лагерге кіріп еді ғой, Геркулес оны екінші қайтара
неге жұмсамайды? Бірақ, мүмкін, сенімді төбет оның тапсырмасын
орындаймын деп жүріп өзі құрыған болар? Немесе миссис Уэлдонды
жырақтағы орманды қырқалардың алыс түкпіріне əкеткен шығар,
Геркулес те, Динго да соның соңынан кеткен болар?
Осы сияқты əбігерлі болжалдар. Диктің ойынан шықпай-ақ қойды.
Егер миссис Уэлдонның өзі де, оны əкелушілердің де бұл қалада
жоқ екендігі анық болса, не істеу керек?
Дик Сэнд миссис Уэлдонды қайткенде де Казондеден кездестіремін
деп үміттенген еді, енді ол үміті жоққа шыққалы тұр.
«Жақсы көретін адамыңа тар жол, тайғақ кешуде қол ұшын беріп
жəрдем ете алмасаң,— деп ойлады Дик,— тірі жүріп өмір сүрудің
қажеттігі қанша? Жоқ, итшілеп күнелткеннен гөрі өлген артық...»
Бірақ та Диктің бұл пікірі қате еді. Басқа түскен ауыр күндер жас
баланы бірден ересектер қатарына қосты. Дик сияқты қажырлы
адамдардың торыға қалуы тек қана қажығандықтың уақытша еткен
əсерінен еді.
Айқай-шу мен тартылған фанфар дауысы бос жатқан алаңды
бірден күңірентіп жіберді. Дик Сэнд қайғыға шомып шаңдақ құмның
үстінде отыр еді, қас қаққанша болмай ұшып тұра келді. Əрбір
жаңалық оған іздеген адамының ізін сілтейтіндей болатұғын. Оның бір
сəт иығын басқан босаңдық лездің арасында таралып, күреске қайта
дайындалды.
— Альвец! Альвец! — деп айқайлайды алаңға ағылып келіп жатқан
солдаттар мен жергілікті халықтар.
Ақырында еріксіздер Альвецті де көрді-ау. Тұтқынға түскен
соншама көп адамдардың тағдыры тек қана осының қолында еді.
Гэррис пен Негоро оны қошаметтеп келе жатқан болар. Он бес жасар
капитан көздерін адырайта ашып, танауын делдите, тартқан сымдай
ширатылып тікесінен тік тұр, егер ана екі опасыз оның алдына келе
қалса, Дик олардың бетіне тайсалмастан тіке қарауға əзір, «Пилигрим»
капитаны өзінің бұрынғы аспазы алдында қалтырамайды.
Үлкен көшенің арғы басынан зембіл көтерген адамдар көрінді,
оның үстіндегі арзан матадан құрылған масаханасы оңып дал-дұлы
шығып жыртылып қалған. Зембілден шығып бір кəрі негр жерге түсті.
Хозе-Антонио Альвец деген құл саудагері осы болатын.
Бірнеше қызметкерлер жүгіріп барып, басы жерге жеткенше иіліп
оған тəжім етті.
Альвецтің соңынан құл саудагерінің португал досы Коимбра да
зембілден түсті, бұл үкімет бастығы майор Вихенің баласы еді.
Лейтенант Камеронның айтуынша, Альвецтің досы, бүкіл Африкадағы
барып тұрған оңбағанның өзі. Бұл, бадырақ көз, сарғылт беті ісіңкілеу
келген, қалың бұйра шашты, кекілі шудаланып қалған, бір жексұрын
жігіт еді. Оның жүзінде адам қарағысыз біртүрлі жиіркеніш нышан
бар. Үстінде жыртық көйлегі, шөптен тоқылған белдемшесі, басында
тозығы жеткен сабан қалпағы бар, түріне қарасаң, мүгедек кəрі
албастыдан аумайды. Коимбра Альвецтің серігі де сенімді адамы
болатын,
ол
бейбіт
қыстақтарға
шапқыншылық
жасауды
ұйымдастырушы, сонымен қатар құл саудагеріне қызмет ететін
талаушы армияның өзіне лайықты көсемі еді.
Құл саудагерінің өзі қасындағы қимас досынан гөрі келбеттірек
болатын.
Альвецтің нөкері ішінде Гэррис пен Негороның болмауы Дикті
бірден торықтырып тастады.
Бұл арада керуенбасы Ибн-Хамис келіп Альвецпен, Коимбрамен
қол алысып амандасты. Олар керуенбасының жолы болып олжалы
қайтқанын қызу құттықтады. Алайда керуендегі еріксіздердің тең
жарымы шығын болғанын естігенде Альвец кіржиіп ренжігендік пішін
көрсетті. Бірақ жалпы алғанда жағдай жаман емес, құл саудагерінің
барактағы бағулы жатқан «қара товарларына» жаңа келтірілген
еріксіздерді
қосса,
ішкі
базарлардың
құл
алушыларын
қанағаттандыруға молынан жетіп жатыр. Құлға айырбастап қанша піл
сүйегі мен бақыр алуға болатынын ойша есептеп, тіптен көңілденіп те
қалды.
Құл саудагері айдаушыларға алғыс айтып, сол сағатында жүк
көтерушілермен есеп айырысуға əмір берді.
Хозе-Антонио Альвец пен Коимбра португал тілі мен африкан
тілдері араласқан біртүрлі будан тілде өзара сөйлесіп тұр, бұл тілге
Лиссабонда туған адамдардың түсінбейтіні мəлім, бұған Диктің де
түсінбейтіні белгілі. Бірақ «құрметті құл саудагерлерінің» əңгімесі
Диктің өзі жəне оның жолдастары туралы болып жатқанын жасөспірім
шамалап білді. Ибн-Хамистің иек қаққан белгісі бойынша
хавильдарлардың біреуі Том, Бат, Остин мен Актеон қамаулы жатқан
сарайға қарай бет алғанын көріп, Дик өзінің ойша болжалдауының
дұрыс екенін білді.
Дик Сэнд байқаусызда жолдастарының қасына жақындап барды.
Бұлшық еттеріне қол батқысыз қайратты негрлердің бір жерге
топтана қалғанын көргенде Хозе-Антонионың беті күрең тартып күлім
қақты. Бірнеше күнгі демалыс пен тол жеген ас қажыған адамға өң
кіргізіп ширатуға тиіс еді. Құл саудагері Томға тек үстіртін қарап өтті,
өйткені оның қартаң тартқан жасы, кəрі негрдің бағасын түсірді. Бірақ
оның есесін басқа үш негрден шығарып алуға болады.
Кəрі саудагер американ Гэрристен үйренген бірнеше ауыз ағылшын
сөздерін есіне түсіріп, жəдігөйлене, өзінің жаңа келген құлдарының
аман-сау жеткендігін мысқылдай құттықтады.
Том қарт Альвецке таман бір аттап басты да, өзінің үш жолдасы
мен өзін көрсетіп:
— Біздер ерікті адамдармыз... Құрама Штаттардың азаматтарымыз!
— деді.
Шамасы, Альвец оның сөзіне түсінсе керек. Көңілдене күлімсіреп
бетін тыржитты да, басын изей түсіп жауап қатты:
— Ие... ие... Американдар, жақсы келгенсіздер! Хош келдіңіздер!
Ол сөйдеді де Остиннің қасына барып, оның иығын, арқасын
сипап, бұлшық еттерін қысып көрді, мұны басқа біреулер көрсе,
жəрмеңкеден ат сатып алғалы жүрген алып сатар екен дер еді. Коимбра
сеньор Остиннің аузын ашып қарап тістерін түгендей бергенде,
негрдің салмақты жұдырығы оның аузына сарт ете түсті. Мұндай
«дəмді» жұдырықты бұған дейін ешбір майордың баласы татып
көрмеген болар.
Альвецтің досы он қадамдай бір жақ шетке ұшып түсті.
Коимбраның аузында бар болғаны алты-ақ тісі бар-ды, Альвецтің
қадірлі досы, осы арада сол алты тістің екеуінен айрылды, құл
саудагері мұны көріп шек-сілесі қатқанша қарқылдап күлді.
Бірнеше солдат Остинге тап берді, егер Альвец ара түсін
тоқтатпағанда, Остин бұл ерлігіне лайықты сыбағасын алар еді, құл
саудагері өзінің қымбат санайтын «товарын» солдаттарға бүлдірткісі
келмеген-ді.
Альвец ызаға булыққан Коимбраға тоқтау айтып тыншайтқан
болды. Коимбра жығылған жерінен зорға тұрып құл саудагерінің
қасына келді де, Остинге жұдырығын түйіп қаһар көрсеткен болды.
Осы арада хавильдарлар Дикті итермелеп Альвецтің алдына алып
келді. Жасөспірімнің кім екенін, оның Анголаға қалай келіп қалғанын
жəне Ибн-Хамис керуеніне қай ретпен тұтқын болғанын құл саудагері
алдын ала естіп білсе керек. Түсін суытып ызғарлы көзімен Дикке
қарады да ағылшынша былдырлап əлденені айтқан болды:
— Aha, кішкентай янки!
92
— Ие, янки,— деп жауап қатты Дик.— Сіздер мені жəне менің
жолдастарымды не қылмақсыздар?
— Янки, янки! Кішкентай янки,— деп қайталады құл саудагері.
Ол Диктің сұрағына түсінбеді немесе түсіне тұрса да түсінгісі
келмеді. Дик тағы қайталап сұрады. Құл саудагері жауап қайырғысы
келмегенін білген соң, Коимбраны европалық болар деп шамалап,
соған қарай бұрылды. Коимбра түюлі жұдырығын бір сілтеді де,
арақтан ісініп кеткен ұсқынсыз бетін теріс қарай бұрды.
Осы кезде Альвец пен Ибн-Хамис арасында қызғын əңгіме жүріп
жатқан. Шамасы, ол екеуінің əңгімесі Диктің өзі мен оның жолдастары
туралы болса керек. «Альвецтің қандай пікірде екенін кім біліпті? —
деп ойлады жасөспірім.— Ендігəрі достарыммен тағы бір көрісіп бір-
екі ауыз тіл қатысуға мүмкіндік бола ма жоқ па!»
— Достарым,— деді ол дауысын бəсең шығарып, өзімен өзі
сөйлесіп тұрған кісі сияқтанып,— менің сөзімді тыңдаңдар. Геркулес
маған Динго арқылы хат жіберіпті. Ол біздің ізімізбен келе жатыр екен.
Гэррис пен Негоро миссис Уэлдонды, кішкентай Джек пен Бенедикт
мырзаны өздері алып кетіпті. Қайда əкеткендерін білмеймін. Мүмкін,
олар Казондеге келген шығар. Сабыр етіңдер, шыдап бағыңдар— ең
абзалы, сəл ғана мүмкіндік болса да пайдаланып қалу жағын
қарастырыңдар!
— Нан қайда екен? — деп сұрады Том қарт.
— Нан өлген.
— Бірінші құрбандық...
— Ең ақырғы құрбандық, — деп жауап қатты Дик Сэнд,— Біздің
қолымыздан...
Осы сəтте бір салмақты қол Диктің иығын басты, өзіне жақсы
таныс бір үн естілді.
— Aha, егер қателеспесем, сіз өзімнің жас достым боларсыз? Сізді
аман көргеніме аса қуаныштымын!
Дик Сэнд жалт қарады. Оның алдында өзінің ескі досы — Гэррис
тұр еді.
— Миссис Уэлдонды қайда жібердің? — деп айқайлады Дик.
— Қайран келіншек,— деп жауап қатты Гэррис күйінген кісі
сияқтанып,— бейшара ана! Жол азабына қайдан төзсін...
— Өлді ме? — деп айқайлады Дик. Ал оның баласы қайда?
— Бейшара бала,— деп жауап қатты Гэррис əлгі əуеніне салып,—
ол байғұс жол азабын көтере алмады...
Диктің жанындай жақсы көретін адамдары өлген... Жасөспірімнің
сол сəттегі күйіп-піскенін айтып жеткізу мүмкін емес. Ызалы кек оның
бойын кернеді, американның белбеуіне қыстырулы тұрған пышақты
бас салып жұлып алды да, сабына дейін бойлатып Гэрристің кеудесіне
сұғып жіберді.
— Қарғыс атсын!..— деп айқайлады Гэррис құлап бара жатып.
Бұл Гэрристің ақырғы сөзі еді. Адамдар оның қасына келгенше
американ ана дүниеге аттанып та кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |