Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет36/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан

Он жетінші тарау


ӨЗЕН АҒЫСЫНЫҢ
БОЙЫМЕН
Əлгі сөздерді сиқыршы бейнесіне енген алып негр Геркулес айтып
еді. Жас жігіт қайық түбінде жатқан, əлі өте əлсіз, Бенедикт ағайға
сүйеніп басын көтеріп, жаңа келгендерді қарсы алып, амандасуға əрең
шамасы келді. Динго ғалымның аяқ жағында шоңқайып отыр.
Миссис Уэлдон есін жиған соң əлсіз үнмен:
— Бұл сенбісің, Дик? Сенбісің?..— деді.
Дик тұрайын деп еді, бірақ миссис Уэлдон өзі барып оны құшақтай
алды. Кішкентай Джек те ағасын құшақтап шөпілдетіп сүйіп жатыр.
— Қымбатты достым менің! Сүйіктім Дик! — деп бала қайталай
берді. Сосын Джек Геркулеске бұрылып: — Ал мен сені тіптен
танығаным жоқ!.. Тіптен...— деп үстеді.
— Маскарад жақсы орындалған шығар,— деп күлді Геркулес.
Сосын төсіндегі айбақ-сайбағын сүртіп жуып тастады.
— Түу, жаңа ғана өзіңнің ұсқының жаман еді!—деді сонда
кішкентай Джек.
— Таң қалатын не бар мұнда? Мен шайтан бейнесіне ендім ғой, ал
шайтан қашан да болса сұмпайы болады ғой.
— Геркулес мені де құтқарды,— деді Дик Сэнд. Бірақ алып негр
бұл туралы айтып мақтағанды жақтырмайтын тəрізді.
— Құтқару жөнінде айтуға əлі ерте! — деді Геркулес.— Миссис
Уэлдон, егер Бенедикт мырза маған ұшырап сіздің қайда екеніңізді
айтпағанда, біздің қолымыздан ешнəрсе келмес еді.


Ғалым шұбар қоңыздың соңына түсіп, орманның қалың жеріне
таман ұзай түскенде, Геркулес тап болып оны бас салып арқалай
жөнеледі. Егер Бенедикт ағай ұшыраспағанда, Дик пен Геркулес құл
саудагерінің миссис Уэлдонды қайда жасырып қойғанын білмес еді,
ендеше Геркулестің бақсы болып Казонде қаласына келетін басқа
жұмысы да жоқ-ты.
Қайық өзенді төмен бойлап аға берді. Геркулес өзінің Куанза
жағасындағы лагерден қашқан күнінен бергі басынан кешірген
уақиғаларының бəрін миссис Уэлдонға бастан-аяқ баян етті. Миссис
Уэлдонды бөбегімен көтеріп бара жатқан зембілдің соңына түсіп
астыртын торығанын, жараланған Дингоны қалай тапқанын, Казондеге
Дингомен бірге келгенін, Дикке Динго арқылы хат жазып жібергенін,
бұдан соң ойда жоқта Бенедикт ағайдың тап бола қалғанын, қабат-
қабат күзетші қойылған факторияға кіруге əрекет еткенін, ақырында
құл саудагерінен тұтқындарды құтқарып алудың амалын тапқанын
түгел баяндады.
Уақиға былай болған екен: Геркулес фактория қоршауына кірудің
ыңғайлы кезеңін аңдып, ондағы болып жатқан істерді сырттан бақылап
жүрген кезінде, оның жанынан бір бақсы өтіп бара жатады. Бұл кəдімгі
солтүстіктен келетін Казонде халқының зарыға күткен бақсысы
болатын. Бақсыға бас салу, үстіндегі киімі мен əшекейлерін сыпырып
алып оның түріне ену, бақсының өзін шайтан да шеше алмастай етіп
шырмап тастау, тағысын тағы осы сияқты əрекеттердің бəрін Геркулес
əп-сəтте істеп үлгіреді. Сосын байлаулы жатқан бақсының түр-
сипатындай етіп өз денесіне бояумен өрнек-əшекей салады. Ендігі
қалғаны тек жаңбырды сиқырлайтын бақсының ролін атқару ғана.
Жабайылардың сенімпаз аңқаулығы арқасында оның бұл əрекеті өте
сəтті аяқталған.
Геркулес өзінің бұл əңгімесі кезінде Дик туралы лəм деп тіл
қатпағанына миссис Уэлдон қайран қалды.
— Ал, Дик, сен қалай құтылдың? — деп сұрады ол.
— Миссис Уэлдон, мен бе,— деп жауап қатты Дик,— менің сізге
айтар түгім де жоқ. Мен өмірімнің ақырында сіз бен Джекті ғана


ойладым. Өзімді бағанаға байлаған арқанды үземін деп босқа
азаптандым... Қапыл көтерілген су əп-сəтте басымнан асты... Өзім
талып қалыппын... Есімді жиып көзімді ашсам, қалың папирустың
арасында жатыр екемін. Ал Геркулес менің басыма жастық, аузыма
сусын болып қасымда отыр...
— Бəлі деген! Сонда дəрігер де, білгір де, бақсы да, жəдігөй де,
болжаушы да — бəрі-бəрі де мен болғаным ба?
— Геркулес,— деді миссис Уэлдон,— сіз Дикті қалай құтқардыңыз,
соны айтыңызшы. Оныңызды мақтанға санамаспыз, қорықпай-ақ
қойыңыз.
— Мен құтқарыппын ба оны? — деді алып мақтанғысы келмей.—
Ескі арнасына құйылған судың екпінді ағысымен омырылған бағана
Дикті өзімен бірге ала кетті емес пе? Менің ендігі атқаратын жұмысым
оны судан шығарып алу ғана. Түн қараңғысында жасырынып барып
қабір қазылған өзен табанына түсіп, бөгеттің бұзылғанын күту де
жұмыс болып па? Сүңгіп барып капитан байлаулы тұрған бағананы
суырып жіберудің несі қиын? Жоқ, мұның ешбір қиындығы жоқ. Бұл
кімнің де болса қолынан келетін іс. Тіптен мына Бенедикт мырза да...
немесе Дингоның да... Бұл шынында да Дингоның ісі шығар?..
Динго өзінің атын атағанда, көңілдене маңқ етті.
Джек кішкентай қолымен төбеттің қауғадай үлкен басын құшақтап
сөйлесе бастады:
— Динго, достымыз Дикті сен құтқардың ба?
Иттің басын біресе оң жағына, біресе сол жағына бұрды.
— «Жоқ, мен емеспін» деп тұр Динго,— деді Джек.— Геркулес,
Дикті құтқарушы Динго емес екенін көріп тұрсын ғой. Кəне, айтшы
Динго, капитан Дикті құтқарған Геркулес емес пе?
Джек енді иттің басын біресе төмен тұқыртып, біресе жоғары
көтеріп, бірнеше қайтара изеп қойды.


— Динго «солай» дейді! Ие, «солай» деп тұр,—деді бала.— Міне,
көріп тұрсың ба, Дикті құтқарған сен деп тұр!
— Əй-яй-яй, Динго,— деді Геркулес, итті еркелетіп.— Ұят емес
пе? Айтпаймын деген уəдең бар еді ғой!
Расын айту керек қой, басын өлімге байлап Дикті құтқарған
Геркулес болатын! Бұл ерлігін мақтаныш еткісі келмей сыпайыгерлік
сақтап көпке дейін мойындамай келген. Бұл істегенін ерлікке балайын
деген оның ешқандай ойы жоқ-ты. Менің орнымда кім де болса солай
істер еді деп білетін-ді ол.
Əрине, бұл əңгімеден соң Геркулестің құлдыққа сатылып кеткен
төрт жолдасы туралы сөз қозғалды. Ол бейшараларды осы күні Үлкен
Көл өлкесіне айдап бара жатыр. Геркулес оларды еріксіздер керуенінде
айдалып бара жатқанын көріпті. Ол керуеннің соңынан бірсыпыра
ерген екен, бірақ жолдастарымен тілдесудің ешбір лажын таппапты.
Бейшараларды айдап əкетіпті. Олардың халі мүшкіл!
Геркулестің əлгіде ғана күлкі ойнаған көзін енді қайғы басып жас
жуып кетті. Үлкен кісінің жұрт алдында кеңкілдеп көз жасын
бұршақтатып отыруы көлденең кісіге ерсі көрінеді ғой, сонда да болса
жолдастарына жаны ашыған алып көз жасын тоқтата алмай жылай
берді.
— 
Жылама, 
достым,— 
деді 
миссис 
Уэлдон.— 
Сіз
жолдастарыңызға қосыласыз, бұған менің сенімім кəміл!
Миссис Уэлдон, Альвецтің факториясында болған жағдайды
бірнеше ауыз сөзбен Дикке айтып берді.
— Мүмкін,— деді ол сөзін қорыта келіп,— біздің Казондеде
қалғанымыз қауіпсіз болар ма еді, кім білсін...
— Демек, мен босқа əуреленген екем ғой. Сізді қатерлі жолға
шығарыппын...— деп ренжіді Геркулес.


— Жоқ, жоқ, Геркулес, миссис Уэлдон байқамай айтып қалды,—
деді Дик.— Адам саудасымен шұғылданған оңбағандардың миссис
Уэлдонды алдап қақпанға түсіруге əрекеттенуіне күмəн жоқ. Бəріміз
бірге қашуға тиіспіз, жəне Негороның Моссомедеске қайтып
оралуынан бұрын теңіз жағалауына жетіп үлгеруіміз керек. Онда жетіп
алсақ бізді Португалия үкіметі қамқорлығына алады, ал Альвец өзіне
тиісті жүз мың долларды алуға келген кезде...
— Ол оңбаған қақбас, жүз мың доллардың орнына жүз мың сойыл
жейді,— деді Геркулес қызулана сөйлеп.— Басқа ешкімді
қатыстырмай-ақ онымен есепті өзім айырысамын!..
Миссис Уэлдонның Казондеге қайта баруды ойына да алмайтын
болды. Ендеше, қайткенде де Негороның алдын орау керек. Қалай да
болса осы жобаны жүзеге асыруға Дик Сэнд бел буды. Ақырында,
өзенді төмен ағып мұхит жағалауына жетсек деген жас капитанның
арман үміті жүзеге асатын болды.
Өзен солтүстікке қарай ағып жатыр. Өзеннің ағыс ыңғайына
қарағанда оны Конгоға барып құяды-ау деп шамалауға дəлел бар.
Ендеше біздің қашқындар Сан-Паоло де-Лоандқа барудың орнына,
Конго сағасында болады. Олар енді өздерінің жолы болатынына
алаңсыз сенді, өйткені Сан Паоло де-Лоандтан күтетін жəрдемді
Гвиней орталығынан да күтуге болады.
Дик Сэнд бұл жолы су өсімдігінен құралған көшпелі аралдарды
101
пайдаланамыз деп шамалаған еді. Бірақ қашқындардың бақытына
қарай, Геркулес кезіп жүріп əлдеқалай бір қайықтың үстінен шыққан.
Кездейсоқ олжаның ойдағыдай пайдасы тиді. Бұдан артықты тілеудің
де қажеттігі жоқ. Бұл қайық жергілікті халықтың өзенде жүзетін
шағын қайығы емес, ұзындығы отыз фут келетін кең қайық еді. Бұған
жолаушылар еркін сыйды. Өзеннің қатты ағысымен төмен аққан қайық
шапқан аттай жүйткіп бара жатыр. Ескек есіп қиналмаса да болады,
басқару үшін бір ғана артқы ескектің өзі-ақ жетіп жатыр.
Дик Сэнд алғашқыда жергілікті халықтардың көзіне түспеу үшін
тек қана түнде жүруге ұйғарып еді. Бірақ жиырма төрт сағаттың тең
жарымын ғана пайдаланатын болса, жол екі есе ұзарады. Сондықтан


Дикке мынадай бір ой келді: қайықтың үстіне кісі көзіне түспейтін етіп
шөппен жауып қос тігу керек. Сөйтіп, қайықтың алды-артына
құлаштай ашалы бақан орнатып, оның үстіне ұзын сырғауыл тастап
қос жасады да үстін шөппен жапты. Қосқа жабылған шөп суға
малынып тұрғандықтан, тіпті артқы ескекті де жауып көрсетпей
тұрды. Енді қоспен бүркелген қайық кəдімгі көшпелі аралдың өзі
болды да қалды. Сөйтіп, ешкімнің көзіне түспей күндіз де ағуға
болады. Қайықтың бүркеншігін көшпелі арал екен деп тіптен құстар да
алданып, қара жүнді, қызыл тұмсық шағалалар «rhinngas» мен ақ жəне
сұр түсті балықшылар да жем іздеп қалқаға қонып жүрді.
Үстіне көк шөп жабылған қалқа қайықты жасырумен қатар шыжып
тұрған күннен қорғанарлық көлеңке де болды. Осындай жайлы
жағдайлармен сапар шеккендіктен адамдар оншалықты қажыған жоқ,
əйтсе де қауіпті еді.
Мұхитқа жеткенше əлі талай күндік жол бар, оның үшін жолшыбай
бес адамға азық табу қажет. Жолаушылар өзен жағалауына шығып аң
аулайтын болды, əйтпесе өңкей балық жеп күнелту өте қиын. Диктің
бар сенімі жалғыз ғана мылтық,— Геркулестің баяғы қашқанда ала
кеткен мылтығы,— оның да оқ-дəрісі аз, сондықтан əрбір атылған оқ
мүлт кетпеуі шарт.
Ағыс бойымен аққан қайық сағатына кем дегенде екі миль жүзіп
отырды. Тəулігіне елу миль жол жүреді екенбіз, деп шамалады Дик
Сэнд. Өзен ағысы өте қатты еді, су астының шың тастары, қайық
шөгіп қаларлық қайраң немесе ағаш түбірлері кезіге қалса, ондайларға
ұрынбай айналып кету керек, судың еңкеуге қарай зымырай аққанына
қарағанда, алдыңғы жақта сарқырама — су құламасы болуы керек деп
шамалауға болады. Бұл сияқты сарқырамалар Африка өзендерінен жиі
кездеседі.
Дик Сэнд жолдастарына қауышудың қуанышымен рухтанып,
басқару ісін өзі алды да қайықтың тұмсығына барып тұрды. Шөп
қалқаның саңылауынан сығалап қайықтың жүретін жолын бақылап,
арт жақтағы руль ұстап келе жатқан Геркулеске былай жүр, былай бұр
деп жөн сілтеп отырды.


Миссис Уэлдон кебу жапырақ төсеніп қайықтың табанында жатыр.
Бенедикт ағай кіржиіп ренішті күйінде екі қолын төсіне айқастырып
қайықтың ернеуінде отырған. Ол бұрын көзілдірігі барында түсіп
кетпесін деп пешенесін оқтын-оқтын көтеріп қоятын-ды, қазірде де
сол əдетін істеп, көзілдірігі жоғы есінде де жоқ, қолын көзіне қайта-
қайта апара береді. Ол Казондеде қалған өзінің баға жеткісіз
коллекциясы мен энтомологиялық жазуларын есіне түсіріп мұңаюмен
болды. Қаңылтыр қалбырдағы шыбын-шіркейдің қандай бағалы
қазына екенін жабайылар қайдан білсін! Ғалымның көзі əлдеқалай
Геркулеске түсе қалса, өзінен өзі ренжіп кіржие қалатын-ды, ол
мантикораны қуып бара жатқан жолынан қалдырғаны үшін Геркулеске
кешірімсіз қатты ренжіп еді.
Кішкентай Джек дыбыс шығаруға болмайтынын біледі, бірақ оның
қайық ішінде əрлі-берлі жүруін ешкім тыйған жоқ, сондықтан ол
өзінің досы Дингоға еліктеп төртаяқтап қайық ішін кезумен болды.
Жолаушылар алғашқы екі күн бойы Геркулестің жолға шығардағы
жинаған азығымен қоректенді. Дик Сэнд бірнеше сағат кідіріп демалу
үшін қайықты тек қана түнде тоқтататын, бірақ өзі жағаға шықпайтын-
ды. Мұқтаждық зорламаса босқа тəуекел еткісі келмейтұғын. Азық
қорын үстеуге ғана болмаса құрғаққа шықпады.
Бұлар бейтаныс өзенді төмен ағып келе жатыр, бұл сапарда əзір
айтарлықтай жаңа уақиға болған жоқ. Орта есеппен өзеннің ені жүз
елу футтан аспайды. Ағыс ағызып бара жатқан бірнеше көшпелі
аралдар ұшырасты. Бірақ олардың аумағы қайықпен шамалас
болғандықтан Дик Сэнд соқтығысудан қауіптенбеді.
Өзен жағалауы елсіз. Казонде жерінің бұл жақ бөлегіне халық аз
қоныстанады. Өзеннің екі бетіне бірдей өскен ағаштардың бұтақтары
жайылып біріне бірі айқасып кеткен, қайық сол қалың нудың
ортасымен ағып келе жатыр. Ол өсімдіктердің арасында шпанжик
қызғалдақтары, бальзамин, қолшатыр сияқты өсімдіктер, алоэ,
папоротник пен папирустар да бар.
Өзен үстіне төніп тұрған қалың орман. Су бетін сығылысқан қатты
жапырақты акация ағаштары, «темір ағаш» деп аталатын баугин,


анжир ағаштары бүркеп тұр.
Биіктігі жүздеген фут ағаштардың мұнартқан басы біріне бірі
матасып, күмбездей шашақтары күн түсірмей өзен бетін жауып кеткен.
Кей жерлерде өзеннің екі бетіндегі лиан-шырмауықтар біріне бірі
айқасып өзенге салған аспалы көпірге ұқсайды.
27 июнь күні жолаушылар əлгідей аспалы көпірлердің бірімен
шұбырып өзеннен өтіп жатқан бір қора маймылдарды көрді. Олар,
шамасы, шырмауық көпір өздерінің салмағына шыдамай үзіліп кетер
деп қауіптенсе керек, бірінің құйрығынан бірі ұстап матасып алыпты.
Джек бұларды көріп мəз-мəйрам боп шек-сілесі қатқанша күлді.
Сол күні кешке таман қайық кенеттен тоқтай қалды.
— Немене, не боп қалды? — деп сұрады үнемі артта руль ұстап
келе жатқан Геркулес.
— Бөгет! — деді Дик Сэнд.— Табиғи бөгет.
— Оны бұзсақ қайтеді? — деді Геркулес.
— Ие, Геркулес, балталап бұзамыз ғой. Бөгет мықты шығар,
көшпелі аралдардың бірнешеуі салмағын сала басса да былқ етпеуін
қараңызшы!
— Не тұрыс бар, капитан, іске кірісейік,— деді Геркулес қайықтың
тұмсығына барып,
«Тикатика» деген су өсімдігі ағып келіп бөгеліп қалыпты.
Өсімдіктің майысқақ талшықтары əбден ұйысып киіз боп қалған. Бұл
сияқты су өсімдігінен құралған бөгеттің үстімен кəдімгі көпірден
өткендей, өзеннен əрлі-берлі жайбарақат өтуге болады. Бөгеттің үстіне
көз қызықтыратын лотостар өскен.
Іңір қараңғысы қоюланып қалған кез еді, Геркулестің қайықтан
түсуіне мүмкіндігі бар. Ол балтасын оңтайлы сілтеп екі сағатқа
жеткізбей-ақ шырмалып қалған су есімдігін ортасынан қақ бөлді.


Бөлінген бөгетті өзен ағысы жайымен ысырып екі жақ жиекке апарып
жапсыра салды.
Қайық төмен қарай аққан кезде, ымырт жабылып қараңғылық
орнап еді.
Сақалды сəбидің мінездері əңгіме етуге арзыр ма екен? Қайық
бөгетке тірелген кезде, Геркулес бөгетті бұза алмайды, сонда қайықтан
түсіп шыбын-шіркей аулаймын деп үміттенген кісіге не дерсін! Өзен
ағысымен жүзу ғалымға жан төзгісіз жабығу болды. Ол Альвецтің
факториясын, ондағы өзінің пəтерін, қаңылтыр қалбырында қалған
баға жеткісіз коллекциясын есіне түсіріп өкінумен болған. Оның
мұншалықты сорлап қалуы бəріне де аянышты болды. Шынында да
байғұстың қолында бірде-бір жəндігі қалмап еді.
Бенедикт ағай Геркулесті «шəкіртім» дейтұғын. Геркулес бөгет
үстінен бір жексұрын жəндік тауып алып оны ғалымға тарту еткенде,
жəндікті қолына алып тұрып ғалымның қандай қуанғанын сөзбен
айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл арада бір таң қаларлық нəрсе,
Геркулес өзінің тартуын ғалымға беріп жатып əлденеден
қымсынғандай түр білдірген.
Бенедикт ағай жəндікті сұқ қолы мен бас бармағының арасына
ақырын ғана қысып ұстады да, дəл көзіне апарып тақады, осы сəтте
оның көзілдірігі мен лупасы есіне түсіп қамығайын деді. Əттен, нақ
қазіргі сағатта сол екі құралы түскір оның қолында болар ма еді!
Ғалым кенет айқайлап жіберді:
— Геркулес, а Геркулес! Сен маған кінəлі едің ғой, бірақ оны түп-
түгел кешірерліктей қызмет еттің. Уэлдон қарындас! Дик! Мынау
ерекше жəндік жəне африкалық жəндік екенінде талас жоқ! Бұл алты
аяқтыны менен алам деген кісінің қолында өлермін, айрылмаймын,
ешкімге бермеймін де!
— Демек, бұл расында да бағалы табыс болды ғой? — деді миссис
Уэлдон.


— Айтарын бар ма! Əлде сіздің бұған күмəніңіз бар шығар? —
Ғалым даурығып қоя берді.— Қатты қанаттылар тобына, тор
қанаттылар тобына немесе жарғақ қанаттылар тобына қосуға
болмайтын бұл жаңа жəндікке құн жетпейді!.. Жəндіктердің ғылым
жүзінде анықталған он шақты тобының бірде-біріне қосылмайтын
жəндік бұл... Кейбір надандар ойланбай-ақ мұны өрмекші тектес
жəндік дей салар еді. Шынында да мұның өзі өрмекшіге
ұқсаңқырайды. Егер бұл жəндіктің сегіз аяғы болса, ойланбай-ақ
өрмекші деуге болар еді, ал мұның тек қана алты аяғы бар ғой! Ах,
достым, мен мұндай бақытты күтіп пе едім? Ақырында менің атым
ғылым құрамына енетін болды! Бұл жəндіктің аты «hexapodes
Benedictus»
102 
болады. Ғалымның қуанғаны сонша, өткен кездердегі
көрген зəбір-жапасының бəрін əп-сəтте ұмытып, келешекте кездесетін
қиыншылықтарды есіне де алмастан, өзінің сүйікті мылжыңына басып
«көкшолағын» борбайлай берді. Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд
ғалымның табысын шын ықластарымен құттықтаған болды.
Бұл кезде қайың өзеннің қараңғы бетімен жылжып бара жатқан.
Түн тыныштығын тек қана гиппопотамның оспадарсыз жүрістері мен
жағалауда жорғалаған крокодилдердің сыбдыры ғана бұзып тұр.
Он бесі толып биікке өрлеп бара жатқан айдың бұлтсыз түнгі
жарығы қамыс қалқаның саңылауынан сығалап, қайық ішін нұрға
бөлеп тұр.
Бір кезде өзеннің оң жақ жағалауынан, қатар қойылған бірнеше
насостың су тартқаны сияқты порылдаған көмескі дыбыс естілді. Бұл
кезде бір қора піл өзеннен су ішіп жатыр еді. Олардың салбыраған
өңеш мұрындары машина сияқтанып бірде жоғары көтеріліп, бірде
төмен түсіп жатқан. Алып жануарлар өзен арнасын құрғатып кеткелі
келген сияқты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет