Он бесінші тарау
МАНТИКОРА ҚАЙДА
АПАРМАҚ
Суға кеткен тал қармайды. Өлім жазасына кесілген адамға иненің
жасуындай ғана үміт сəулесінің өзі айтарлықтай зор, мол жұбаныш
боп көрінеді ғой.
Миссис Уэлдонның да үміті сол сияқты. Бангвеола жағасындағы
кішкене негр қыстағында доктор Ливингстонның қайтыс болғанын
Альвецтің өз аузынан естігенде, миссис Уэлдон жұбайы өлгеннен
бетер қатты күйзелген-ді. Ол өзін өзі жапан түзде жалғыз қалған
сорлыдай сезінді. Оның мəдениетті дүниемен байланысып тұрған
қылдай ғана үміті үзіліп кетті. Жандалбасалап жармасқан тал
шыбығынан айрылып қалды, жанарындағы үміт сəулесі өшті. Жолдас
негрлерін Казондеден Үлкен Көлге айдап əкетті. Геркулестен əлі күнге
хабар жоқ. Өзіне жəрдемге келетін ешкім қалмағанын миссис Уэлдон
жақсы білді... Ендігі қалғаны істің сəтті аяқталуын қамтамасыз
етерліктей шарт енгізіп, Негороның ұсынысын қабылдау ғана.
14 июнь, белгіленген мерзімді күні Негоро миссис Уэлдонның
лашығына келді.
Португал өзін өзі іскер адам сияқты ұстаған. Ол бəрінен бұрын
айтылған сомадан соқыр тиын кемітпейтінін мəлімдеді. Дегенмен, бұл
жөнінде миссис Уэлдон да одан қалысқан жоқ, ол былай деп бастады:
— Егер сіз келісім жасалсын десеңіз, қабылдауға болмайтын
шартты енгізбеңіз. Сіздің талап еткен сомаңызды төлеуге ризамын,
бірақ қоятын шартым бар: менің ерім бұл елге келмейтін болсын.
Оның мұнда келуіне менің ешқандай ризалығым жоқ.
Негоро бірсыпыра қобалжып тұрды да, келіншектің ұсынысын
қабыл алды. Олар былай келісті: Джемс Уэлдон Африканың қауіп-
қатерлі алыс түкпіріне келмейтін болды. Ол Анголаның оңтүстік
жағалауындағы құл саудагерлерінің кемесі жиі соғып өтетін
Моссамедес деген кішкене портқа келеді. Негоро бұл портты жақсы
біледі екен. Ол мистер Уэлдонды сонда əкелетін болды. Мерзімді күні
Альвецтің агенттері миссис Уэлдонды баласымен, Бенедикт ағайды
қоса уəделі жерге, Моссамедес портына жеткізеді. Мистер Уэлдон
кесімді ақшасын төлейді, сосын тұтқындар бостандық алады да,
миссис Уэлдонның «адал қызметкері» Негоро жайына кетеді.
Казонде мен Моссамедес арасының қашықтығынан миссис Уэлдон
қорыққан жоқ. Егер мына 600 мильдік ұзақ жолда, өзінің Казондеге
келген сапарындағыдай жағдай болса, оншалықты қиындығы жоқ.
Мұның үстіне жүз мың доллардан үлес алатын болғандықтан,
тұтқындарды уəделі жерге аман-есен, қажытпай жеткізуге Альвец те
көңіл аударуға тиіс.
Барлық жағдайдың қауіпсіз жағын қамтып Негоромен сөз байласып
миссис Уэлдон еріне хат жазды. Негоро олардың тұтқыннан қашып
шығуына жəрдем еткен адал ниетті дос болып көрінді. Джемс Уэлдон
бұл хатты алған бойда, əрине, қобалжымай-ақ Негороға еріп
Моссамедеске қарай жол тартады.
Негоро хатты алды да, 20 негр эскорт ертіп, келесі күні солтүстікке
қарай тартып кетті. Оның бұл жаққа қарай жүруінің себебі не? Ол əлде
Конго сағасына келетін бірер кеменің жолаушысы болмақ па? Немесе
оның бұл маршрутты таңдауының себебі, өткен кездерде үкімет
орындарымен сүйкімсіз жағдайда болған Португалия қалаларына
соқпай өтуді көздеді ме? Болса, болар. Əйтеуір, ол Альвецке нақ
осылай түсіндірді.
Миссис Уэлдонның ендігі бітірері, қалған күнге қажырлы шыдап,
Негороның қайтып оралуын күту ғана. Негоро Сан-Францискоға дейін
үш ай жол жүруі керек. Ал оның қайта оралуына да сонша уақыт
қажет.
Миссис Уэлдон Альвецтің факториясынан кетуді ойлаған да жоқ.
Бұл ара əзірге оның өзі үшін де, бөбегі мен ағасы үшін де қауіпсіз еді.
Халиманың қамқорлығы мен сақтығы арқасында кішкентай Джек
өздерінің қамауда екенін естіген де жоқ. Тұтқындарды факториядан
шығарып жіберуге құл саудагерінің өзі де көне қоймас еді. Ол өз
қалтасына түскелі тұрған зор пайданы есінде тұтып, қамаудағыларға
қатал күзет қоюға бұйырды. Альвецтің бұл іске аса зор мəн бергендігі
сонша, тіптен өзінің Вихе мен Кассангодағы факториясына да бармай
қалды. Бейбіт елді шабуға жіберілген жаңа экспедицияның бастығы
болып Коимбра аттанды.
Негоро жүрер алдында миссис Уэлдон туралы Альвецке нақтылы
мəлімет қалдырды. Əйелді қырағы бақылау керек деді ол, өйткені оған
Геркулестің тағдыры əлі күнге мəлімсіз еді. Егер алып-негр жыныс
орманда арыстан-қабыланға жем болмаса, ол Альвецтің қолынан
тұтқындарды босатып алуға сөзсіз қамданады.
Мол олжадан қол жазып қалмау үшін қандай шара қолдану
керектігін құл саудагері жақсы түсінді. Ол миссис Уэлдонды кассадағы
ақшамдай сақтармын деген.
Қамаудағы көңілсіз күндер бір қалыпты өте берді. Факториядағы
тұрмыстың негр қаласындағыдан ешқандай айырмасы жоқ-ты. Альвец
өз үйінде Казонденің жергілікті əдет-ғұрпын берік сақтайтұғын.
Қоршау ішіндегі əйелдер өздерінің қаладағы апа-сіңлілері не істесе
соны істейтін-ді. Олар сорго мен маниок егетін, келіге түйіп күріш
ақтайтын, маисті қол-диірменге тартып үн жасайтын, мпафуды сығып
зəйтүн майы сияқты май шығаратын, ас пісіріп, помбе жəне малафу
сияқты ішімдіктер əзірлейтін, жіп иіріп мата тоқитын, үй хайуандары
мен үй құстарын күтіп бағатын, қысқасы үй шаруасының барлық
салмағы солардың мойнында болатын-ды.
Əйелдер сондайлық ауыр жұмыстар атқарып жүргенде, еркектер
шылым, наша тартып текке жататын-ды. Олар піл аулауға немесе
бейбіт елді шауып еріксіздер əкелуге аттанғанда ғана болмаса, əлгі
кəсіптерінен қолдары босамайтын.
Миссис Уэлдон Альвецтің факториясында серуендеп жүріп, оқта-
текте жұмыс істеп жатқан күндердің қасына кідіріп, олардың бір
қалыпты қол қимылдарына көз салатын. Олар ақ əйелді барынша жек
көргендік тұр көрсетіп, бет-аузын тыржита қоятын-ды. Миссис
Уэлдонның тұтқын екенін біле тұрса да олар ақ адамды жек көретін,
оған жандары ашымайтын да. Тек Халима ғана іш тартатын-ды.
Миссис Уэлдон жергілікті тілдің бірнеше сөзін жаттап алып,
кешікпей-ақ еріксіз əйелдермен тілдесе бастады.
Кішкентай Джек əдетте анасымен бірге қыдырыстайтын. Бақ
ішінде қызғылықты нəрселер бар-ды: биік өскен баобаб ағаштарының
басында қураған бұтақтардан тоқып салған марабу
99
ұялары көрінеді,
бұл құстардың түрі қара фрак
100
пен тырсылдап тұрған тар шалбар
киген қасқа бас кəрі чиновниктен айнымайды. Ағаш бұтақтарында
күрең түсті, арқа жүні қызғылт-қоңыр құртымдай ғана торғайлар
қонып отыр. Бұлар ұя салуға шеберлігімен даңқы шыққан амарант
тоқымашылары деп аталатын торғайлар еді. Шөп арасына шашылған
дəнді теріп, шыбын-шіркей аулап секеңдеп жүрген жесір торғайлар да
бар. Зор дауысты калао дейтін құстар үн қосқанда аспан əлемін
жаңғырықтырады. Жергілікті халықтың «роус» деп атайтын қызыл
құйрық тотылардың шаңқылдаған ащы дауыстары құлақты жарады.
Бұтақтан бұтаққа секіріп, шыбын-шіркей қағып қоректенетін шырша
торғай сияқты торғайлар да бар, бірақ олардың тұмсығы қызыл
болады. Бұталардың басында ұйлығып ұшқан алуан түрлі көбелектер,
əсіресе олардың көп жері фактория қоршауының ішінен ағып өтетін
бұлақ маңы. Бенедикт, ағай үнемі солардың маңында болды, бірақ
кішкентай Джек көбелектерден тез зерігіп кетті. Бала фактория
қоршауының сыртына шыққысы келеді. Ол өзінің аса көңілді де
тапқыр досы Дикті сағынып, оны көбірек ойлайтын болды. Екеуі
«Пилигрим» мачтасына бірге шығатын-ды. О, егер Дик Сэнд осында
болса, Джек екеуі ең биік баобабтың басына шығар еді-ау!
Бенедикт ағайдың маңында шыбын-шіркей болса болғаны, оған
басқа ешнəрсенің керегі жоқ, көңілі көтеріңкі, мəз-мəйрам болады да
жүреді. Ол фактория қоршауының ішінен құртымдай ғана бал арасы
мен тоғышар сары ара тауып қатты қуанды. Жұмыртқасын басқа
құстың ұясына тастап кететін көкек сияқты, тоғышар аралар да өз
ұрығын басқа бір жəндіктің ұясына жапсыра салады екен. Ғалым бұл
жəндіктерді мүмкіндігі болғанынша көзілдіріксіз, лупасыз қарап
тексерді.
Фактория қоршауының ішінде, əсіресе бұлақ маңында ұсақ көк
шыбындар көп еді. Бір күні əлгі шыбындар бейшара ғалымды есін
тандыра талап тастапты. Оның өзін өзі шыбынға талатып адам
танығысыз халге жеткеніне миссис Уэлдон ұрса бастап еді, ғалым өз
денесін қаны шыққанша қасып тұрып:
— Қайтесің, немере қарындас, олардың ішкі сезімі сондай ғой. Көк
шыбындардың бұл қылығына ренжуге болмайды,— деді ғалым.
Бір күні— 17 июньде — Бенедикт ағай дүние жүзіндегі
энтомологтардың ішінде ең бақыттысы боп қала жаздады.
Бұл уақиға ойда жоқ істердің тууына себепші болғандықтан
толығырақ əңгімелеу керек болар.
Сағат ертеңгі он бірдің шамасы еді. Ми қайната шыжым алған күн
фактория адамдарын лашыққа қуып тықты. Казонде көшелерінде
қыбыр еткен жан жоқ. Миссис Уэлдон тəтті ұйқыда жатқан бөбегінің
қасында жалғыз отырған.
Тропиктік аңызақ тіптен Бенедикт ағайға да əсер етіп, ғалым
əлсірейін деді, ол өзінің кезекті серуеніне де шыға алмады. Турасын
айтқанда, бұл жолы ол амалсыздан шыға алмай қалған, бірақ шығуы
керек еді. Өйткені, күн тас төбеге келіп шыжып тұрған кезде, шыбын-
шіркейге ауа толып, əлем жүзі быжынап кетеді.
Бенедикт ағай лашығының ішінде бірсыпыра сенделіп жүрді де,
төсегіне барып жата кетті. Бірақ ол ұйықтап кете қоймай, ұйқылы-ояу
жатыр еді, бір кезде ғалымның құлағына біртүрлі ызың шалынғандай
болды. Жəндіктің кəдімгі қанат қаққанда адамның төбе құйқасын
шымырлататын ысыңы бұл.
— Жəндік! Алты аяқты! — Бенедикт ағай айқайлап жіберді.
Ғалымның ұйқысы шайдай ашылды. Сұлап жатқан жерінен дереу
ұшып тұра келді. Ызыңдаған дыбыс бірер жəндіктің қанат қаққанынан
шыққан ызың екенінде күмəн жоқ.
Бенедикт ағай жақыннан ғана болмаса алыстан көре алмайтын-ды.
Бірақ оның есту сезімі əдеттен тыс: жəндіктің қай түрі екенін
ызыңынан айыра білетұғын. Дегенмен, бұл ызың Бенедикт ағайға
таныс жəндіктің қанатынан шыққан ызың емес еді.
«Бұл алты аяқтының қай түрі болды екен?» —деді ол өзіне өзі.
Ызыңның шыққан жерін анықтағысы келіп кезін адырайта қарады
ол. Оның бөлмесіне ұшып кірген жəндік қандай да болса бұрыннан
өзіне таныстары емес, жəндіктердің ішіндегі əйгілісі екенін Бенедикт
ағайдың энтомологтық сезімі білдірген-ді.
Бенедикт ағай есікке жүгіріп барып тырп етпестен сілейіп тұрып
бар ықыласын ызыңға аударды. Күн сəулесі дамылсыз түскендіктен,
лашық ішін қара көлеңке басқан еді. Ұзақ іздеп ақырында ауада
айналып ұшқан бір қаралтым нүктеге ғалымның көзі түсті. Бірақ бұл
жəндік ғалымның недəуір қашықта, ол бейшара қаншама тесіліп
қараса да əлгі жəндікті анықтап көре алмай-ақ қойды.
Бенедикт ағай демін ішіне тартып тұра қалды. Егер бейтаныс
мейман өзін шағып жатса да тырп етпестен тұра беретін түрі бар.
Өйткені қапыл қимылдан сескеніп əлгі жəндіктің қашып кетуі мүмкін.
Бұл жəндік бірнеше қайтара айналып ұшып, ақырында қыбыр
етпей сілейіп тұрған ғалымның басына келіп қонды. Бенедикт ағай
күлімсірей ыржиғанда, екі езуі құлағына жетті. Ол əлгі жəндіктің
білінер-білінбес боп шашында жорғалап бара жатқанын сезді.
Ғалымның қолы ырық бермей басына таман созыла беріп еді, бірақ
ұшып кетер деп қауіптеніп қолын төмен түсіріп жіберді.
«Жоқ, жоқ! — деп ойлады Бенедикт ағай,— қолға түспей кетуі
мүмкін, немесе жазым қылып алсам, қатты өкініш сол болар. Сабыр
ете тұрайын, төменірек түссін. Жорғалағаны қандай тамаша! Титімдей
ғана аяқтарын төбе құйқама қадай басқанын да сезіп тұрмын. Бұл сірə
орасан ірі жəндік болса керек. О, егер бұл төмендеп мұрнымның дəл
ұшына келсе, көзімнің қиығымен қарап, қай семьяға жəне қай топқа
жататынын анықтар едім-ау!»
Бенедикт ағай осылай ойлады. Бірақ оның шоп-шошақ төбесі мен
салбыраған ұзын мұрнының ұшына дейінгі екі ара недəуір жер,
мұндай ұзақ сапарға кербез жəндіктің жүргісі келер ме екен, кім
біліпті? Немесе ыз етіп ұша жөнеліп ғалымның қараңғы лашығынан
шығып, күннің ыстық нұрында құжынап ұшқан өзінің туыстарына
қосылып кетер ме?
Мұның ұшып кетуі ықтимал деп Бенедикт ағайдың зəресі қалмады.
Энтомолог ешуақытта да тап мұндай қысылмаған еді. Оның төбесінде
жүрген жəндік əлі өзіне мəлім емес Африкалық алты аяқтылардың бір
түрі немесе солар сияқты бір жəндік болар. Оның түрін анықтайтын
ғалымның бірден-бір жағдайы, жəндік ғалымның көз алдына бір дюйм
жақындауы керек.
Ол жəндік ғалымның жабайы ескен бұта сияқтанып ұйпаланып
қалған шашын аралап, жайымен маңдайына таман жылжып,
кеңсірігіне қарай беттеді. Бенедикт ағайдың шыдамы таусылды,
жəндік тау шоқысында тұрғандай, енді ол етекке таман қайтіп қана
түспес екен?
«Мен болсам, бұлданбай-ақ төмен түсер едім!» — деді ғалым өзіне
өзі.
Бенедикт ағайдың орнында басқа біреу болса, сөз жоқ, өз
маңдайын шапалақпен шарт еткізіп, мазасын кетірген жəндікті
жайрата салар, немесе үркітіп жіберер еді. Жəндіктің жыбырлай
жорғалап денесін қытықтауына ғалым тырп етпей шыдап, шағып
алады деп те сескенбеуі айта қаларлық ерлік еді. Денесін түлкі
жұлмалап жатқанда ыңқ етпеген спартандық пен жанып тұрған қып-
қызыл шоқты жалаңаш қолымен ұстаған римдіктің шыдамдылығы
Бенедикт ағайдың шыдамынан артық емес. Энтомолог-ғалым мына екі
ердің даусыз ұрпағы деуге тұрарлық еді.
Жəндік ғалымның маңдайын шарлап болып, енді кеңсірікке келіп
тыныстады. Бенедикт ағайдың жүрегіндегі барлық қаны кері тепті:
Жəндік қайтадан жоғары өрлеп қасқа таман бұрыла ма, немесе төмен
түсіп мұрнының ұшына барар ма екен?..
Жəндік төмен түсті. Бенедикт ағай мұрнының қырында жəндік
аяқтарының білінер-білінбес қыбырлағанын сезді. Жəндік оңға да,
солға да бұрылған жоқ, көзілдірік батып ояң түсірген (бұл оптикалық
құрал қазір бейшара ғалымда жоқ еді) кеңсірік үстіндегі ойпатқа келіп
бір секундтай кідірді де, сосын тіп-тіке төмен түсіп мұрнының дəл
ұшына жетіп тоқтады.
Жəндік бұдан артық қолайлы орынды таппаған тəрізді. Бенедикт
ағай екі көзінің жанарын бір нүктеге түйістіріп, енді лупа арқылы
қарағандай-ақ, жəндікті көре алатын болды.
— Ойпырмой,—деп Бенедикт ағай қуанғанынан есі шығып
айқайлап жіберді, — күржік мантикораның өзі ғой мынау!
Ғалым қуанамын деп орасан зор қателік жасап алды. Бірден айқай
салмай-ақ, ішінен ғана ойлап қойса да болар еді. Бірақ та энтомологтар
арасындағы ең ынталы энтомологтан мұндай шыдамдылықты талап
етуіміз артық болар. Егер өзіңіз энтомолог болсаңыз, ызыңдауықтар
семьясына жататын қанат қабығы жалпақ күржік мантикора
мұрныңыздың дəл ұшында отырса, қуанғаныңыздан айқайлап
жібермей қайтіп қана шыдар едіңіз? Бұл тек қана Африкада өсіп-
өнетін мантикоралардың, сирек кездесетін түрі ғой, Бенедикт ағай
жинағының ішінде бұдан қадірлісі болмайды!
Мұндай ірі табыс кезінде айқайламағанда қайда айқайларсың?..
Бірақ қырсық деген жексұрын жалғыз келмейді екен. Бенедикт ағай
айқайлап қана қойған жоқ, түшкіріп те жіберді. Айқай —
мантикораның «құлағын» тұндырып, түшкірік — аяғын тайдырып
жіберді. Ғалым дереу қолын көтеріп, саусақтарын тістене жұмды,
қайтерсің, ол байғұс тек мұрнының ұшын ғана ұстап қалды.
Мантикора ұшып кеткен!
— Қарғыс атсын! — деп ғалым тағы айқайлады.
Бірақ ендігі жерде ұшқалақтанбай, салмақты да салқын қанды бол
деп ұрысты ғалым өзіне өзі.
Бенедикт ағай мантикораның ұзап ұшпайтынын, тек қана бір
жерден бір жерге секіріп түскен сияқты жақынға ұшып қонатынын,
кейде шарықтап та ұшатынын білетін-ді. Ол кешікпей-ақ мұрнынан он
дюймдей жерде күн нұрымен жылтың қағып жорғалап бара жатқан
қаралтым нүктені қайта көрді.
Енді мұны ұстау керек,—деді Бенедикт ағай өзіне өзі, — ұстаймын
деп жаншып тастауға да болады. Жоқ, мен мұның соңынан еңбектеп
ере берейін. Мұның мінезін табиғи түрінде тексеруім керек. Əбден
тамашалайыншы өзін. Ұстау ешқайда қаша қоймас.
Бенедикт ағайдың пікірі дұрыс емес пе? Əрине бұл сұраққа жауап
қайыра қою оңай емес. Не болса ол болсын, бірақ Бенедикт ағай
мантикораның артынан мұрнымен жер сүзе еңбектеп ере берді. Ол
лезде лашығынан шығып тал түстегі шақырайған күннің аптабымен
қызған шөптің үстімен жорғалап фактория қоршауына қарай тіке
тартты. Бірнеше минуттан соң қоршаудың іргесіне барып жетті.
Мантикора қайтер екен? Өзінің ізімен келе жатқан əуесқой
ғалымды жайына қалдырып ауаға көтерілмесе, сосын қоршаудан асып
кетпесе жарар еді-ау? Жоқ, ондай əдет мантикорада болмайды,
Бенедикт ағай ызыңдауық қоңыздардың мінезін жақсы біледі.
Ол, қоршауды бойлай тез жылжып бара жатқан үлкен қоңырқай
нүктеден көз айырмай қарап, кесіртке сияқты төртаяқтап жорғалай
берді.
Қоршаудың дəл іргесінен қазған көртышқанның үлкен іні кездесіп,
мантикораның жолын бөгеді. Бірақ бұл арада ызыңдауық ойланып
тұрған да жоқ, қуысқа кіріп өз жөніне кете берді. Бенедикт ағай
айрылып қалдым ба деп жаман састы. Бірақ энтомологтың бақытына
қарай, көртышқан іні екі футтай кең көрінді. Өзі қатпа арық ғалым
бұған қысылмай-ақ сыйып кете алатын түрі бар. Ол мантикораның
соңынан ере інге кірді. Қуғынның қызығына түсіп тіптен фактория
қоршауының астынан шығып бара жатқанын өзі де сезбей қалды.
Көртышқан інінің бір аузы қорғанның сыртында екен. Жарты
минуттан соң Бенедикт ағай факториядан далаға — бостандыққа
шықты. Бірақ ғалым мұны ойына да алған жоқ: оның есі-дерті өзі еріп
бара жатқан əдемі жəндікте болды.
Шамасы, мантикора жаяу жүруден жалықса керек, қанат қабығын
жазып, жұқа қанатын жайды. Ғалым қорқайын деді, жəндікті бас
салғалы қолын соза беріп еді, кенет ыз ете түссе болар ма! Сөйтіп
мантикора ұшты да кетті.
Бенедикт ағайдың сондағы күйінгенін көрсеңіз! Бірақ мантикора
ұзап ұша қоймапты. Ғалым ұшып тұра келіп, екі қолын алдына қарай
созып, мантикораның соңынан жүгірді.
Мантикора ауада, ғалымның төбесінде ызыңдап айнала ұшып
жүрген. Көзге ілінер-ілінбес құртымдай ғана қоңырқай нүкте оның көз
алдында көлбеңдеді де жүрді. Бенедикт ағай жəндікті өзінің үрпек
шашына қайта қонар деген үмітпен тұрған жерінде сілейді де қалды.
Бірақ аңғал ғалымның сорына, Альвец факториясы Казонденің
солтүстік шетінде болатын, факторияның бір жағы ұзындығы бірнеше
мильге созылатын қалың орманмен ұштасатын-ды. Егер мантикора
ағаш саясында ұша қалса, бұтақтан бұтаққа ұшып қонады да жүреді.
Оны қаңылтыр қалбырға қамап коллекциямды көркейтем деген
үміттен біздің ғалым біржола күдер үзетін болар.
Амал нешік! Ақыры солай болды! Мантикора ауада айналып жүрді,
жүрді де жерге қонды. Ойламаған жерден энтомологтың жолы бола
қалды: жəндіктің қонған жерін көріп қалды да, дереу жерге үңілді.
Бірақ мантикора қайтып ұшуға қамданған жоқ, бір жерден бір жерге
секіріп түсіп жүре берді.
Бенедикт ағай мантикораны еңбектеп қуып үсті-басын шиедей қан
қылды, қолдарын шөп жырып əбден азап шекті, сонда да болса
қоңыздың соңынан қалар емес, еңбектеп бара жатыр. Біресе оң
жағына, біресе сол жағына бұлталақтап, біресе жығылып қайта тұрады
да, көз алдында жорғалап бара жатқан қоңырқай нүктені ұстау
үмітімен екі қолын үнемі алдына қарай соза берді.
Ақырында есіл еңбек босқа кетті-ау! Оның қолы жер сипап қалды.
Қоңырқай жəндік қас пен көздің арасында ғалымнан ұзап сала берді.
Сөйтіп, көгілдір орманның қалың жеріне жетті де, аспандай көтеріліп,
қош боп тұр, дегендей, ғалымды ызыңдай келіп бір қағып өтті де
ғайып болды.
— Қарғыс атсын! — деп Бенедикт ағай енді еркін айқайлады.—
Жоқ боп кеттің-ау... мейірімсіз шіркін!.. Мен саған өз коллекциямнан
құрметті орын белгілеп едім! Жоқ, мен сенің соңыңнан қалмай,
қайтсем де ұстаймын!
Ызаға булыққан энтомолог мұрнынан арыдағыны көрмейтіні есінде
жоқ, мантикораны көк шөп арасынан іздеудің бекер əурешілік екенін
мүлдем ұмытты. Бірақ ол өзін өзі билей алмай қалған еді. ЬІза мен
намыс қабаттасып ғалымның жанын жегідей жеді. Сəтсіздікке
ұшырауына оның өзі себепкер. Ол егер əлгі қоңызды, «мінезін табиғи
түрінде тексеремін демей-ақ бас салып ұстап алса, түк те жоқ,
таңғажайып экспонатты боп қалар еді.
Бенедикт ағай не қыларын білмей тұйыққа қамалды. Тіптен
мантикораның соңынан еріп Альвец факториясынан далаға шығып
кеткенін, осы сəтте өзінің бостандықта жүргенін де сезген жоқ. Оның
мантикорасы осы күні мына қалың орманның бір жерінде ызыңдап
жүр ғой.
Қайткенде де оны ұстауы керек.
Энтомолог ендігі істейтін ісін ойланбай-ақ ну орманды кезіп жүгіре
берді. Оның көзіне айнала төңіректің бəрінен əлгі бір асыл жəндік
елестей берді. Қолын алдына созып, оңды-солды сермеп ауа қармады.
Бұл əурешілік оны қайда апарып ұрындырар екен, факторияға
қайтадан жолын таба ала ма, мұнда оның жұмысы жоқ сияқты.
Сөйтіп, Бенедикт ағай орманға кіріп кем дегенде бір миль шамасы
ұзап кетті.
Қайдан тап бола кеткенін кім білсін, ағаш арасынан бір алып адам
шыға келді де, ғалымды бір қолымен жағасынан, екінші қолымен
ышқырынан ұстап көтерді де иығына салып, есін жиғызбастан,
орманның жыныс жеріне қарай ала жөнелді.
Бейшара болған ғалым-ай! Жер шарының бес континентіндегі
энтомологтардың ең көрнектісі болатын мүмкіндіктен дəл бүгін
біржола айрылып қалды!
Достарыңызбен бөлісу: |