Он сегізінші тарау
ТҮРЛІ УАҚИҒАЛАР
Қайық ендігі сегіз тəулікті де ағысты қуалай ақты. Бұл күндерде
айтарлықтай уақиға бола қойған жоқ. Өзен көпке дейін жыныс
орманның ортасын аралап ақты. Сосын орман таусылып өзеннің екі
беті ұшы-қиыры жоқ балқашты қопаға айналды.
Бұл жер де құнарсыз екен. Дик бұған ренжіген жоқ, ренжігенде
қайтсін. Құнарсыз болғанымен қопаның арасы толып жүрген бөкен
екен. Бұл момақан жануарлар кеш болысымен мекенін арыстан мен
қабыланға қалдырып өздері ашық далаға шығып кететін көрінеді.
Қаншама көп болғанымен жолаушылар күні бүгінге дейін орманда
жыртқыштармен кездескен жоқ-ты.
Дик Сэнд күн сайын қайықты өзен жиегіне тоқтатып, түскі
тамақтың артынан құрылыққа шығып жүрді.
Кішкене отрядқа азық қорын жаңғыртып алу өте қажет. Қаңырап
жатқан бұл елсіз даладан түземдіктердің негізгі азығы болып
саналатын жеміс, не маниок, не сорго, не маис сияқты дəн табу мүмкін
емес. Мұнда бұл азықтық өсімдіктердің бəрі де бар, бірақ олар жабайы
өскендіктен азықтыққа жарамайды. Мылтық атып аң ауласа, біз
мұндалап өздерін түземдіктерге білдіріп алады. Əйтсе де Дик Сэнд аң
аулауға мəжбүр болды.
Жолаушылар анжир ағашының қу бұтағын жарып, оның қуысына
таяқ тығып, таяқты ұршықша шапшаң айналдырып ұшқын шығарып
от жақты. Олар от жағудың бұл əдісін жабайылардан үйренген-ді.
Сөйтіп, бөкен етін отқа қақтап, бірнеше күнге жетерлік қор жасап
алды.
Июньнің төрті күні Дик Сэнд бір қаманы бір атқанда мұрттай
ұшырды. Қама — бөкеннің бір түрі, басы сопақтау, арқасына қарай
шалқая біткен кішкене ғана мүйізі болады. Алдынан қарағанда
қаманың мүйізі бестік (V) рим цифрына ұқсас. Қашқындар қаманың
етін жоғары сапалы деп бағалады.
Күн сайын түнгі демалыста тоқтап жəне күндіз аң аулауға
аялдағандықтан сегізінші июльге дейін жолаушылар небары, жүз
мильдей-ақ жол жүрді. Дегенмен Орталық Африка үшін жүз миль
деген аз жол емес. Мына өзен Дик Сэндке ұшы-қиыры жоқ ұзын боп
көрінді, мұны төмен аға берсе, өздерінің қай жерден барып
шығатынын ойлануы керек. Бұл өзенге бүгінге дейін бірнеше тараулар
келіп құйды. Сонда да болса өзен арнасы ешқандай көбеймеген тəрізді.
Алғашқыда өзен тіп-тіке солтүстікке қарай ағып еді, енді солтүстік-
батысқа қарай бұрылды.
Жолаушылар өзеннен де азық алып тұрды. Олар ұзын
шырмауықтан қармақбау жасап, ұшына ілмешекті тікен байлады.
Сөйтіп, олар санджек деген еті аса дəмді ұсақ балықты, кептірілген
күйінде ұзаққа шыдайтын ұзақ деген балықты, сельд тəріздес кішкене
дағала балықтарын ұстап жүрді.
Июльдің тоғызы күні күндіз Дик Сэндтің аңшылық құмары өзін
жазымға ұшырата жаздады. Жасөспірім өзен жағасында жалғыз өзі
бұта арасындағы жыныштан мүйізі қылтиып көрінген бір қаманы
аңдып жүрген. Қаманы атып жіберген кезде, қайдан пайда бола
қалғанын сайтан біліп пе, өзінен отыз қадамдай жерден өте үрейлі
басқа бір аңшы шыға келді. Мүмкін, ол да үлес алғалы келген болар.
Шамасы ол өзінің аңдып жүрген аңын басқа біреуге бергісі келмесе
керек. Бұл аңы биіктігі кем легенде бес фут келетін бір шомбал
арыстан еді. Жыртқыш аң бір секіргенде, Диктің атып құлатқан
қамасының қасына барып түсті. Бейшара жануар жыртқыштың
салмақты табанының астында дірілдеп бүрісіп жатыр.
Диктің мылтығында оқ жоқ. Қайта оқтайын деп қармана
бастағанда арыстан оны көріп қалды. Ендігі істейтін бірден-бір амалы
— тұрған жерінде қыбыр етпей тұрып қалу ғана. Бұлай етуге Диктің
сабыры жетті. Ол не қашуға, не мылтығын қайта оқтауға қамданған
жоқ.
Арыстанның екі көзі, қызыл көрген мысықтай боп қанталап Диктен
айрылмады. Жыртқыш өзінің алғы астында тыпырлап жатқан дайын
олжаға үңіле қарады да, қыбыр етпей сілейіп тұрған екінші олжаға
көзінің қиығын салды. Екеуінің қайсысы тиімді деп безбендеп тұрған
тəрізді еді.
Осы арбасумен екі минуттай уақыт өтті. Арыстан Дикке қадала
қарап қалған. Дик те оған кірпік қақпай қарап тұр.
Ақырында арыстан екі олжаның біреуін қалады. Ол өлген қоянды
тістеп əкетіп бара жатқан ит сияқты, қаманы тістеп алып қалыңға сіңіп
ғайып болды. Арыстан сабау құйрығымен бұтаны сабалап, орманға
кіріп бара жатқанда, Дик тұрған жерінде тұра беріп еді.
Дик Сэнд сақтық етіп тағы да біраз тұрып, арыстанның сыбдыры
өшкен соң жолдастарына қайтып келді. Ол соншалықты жан
түршігерлік қауіптен қазір ғана құтылып келгендігін жолдастарына
айтқан жоқ-ты. Егер қашқындар өзенмен жүзбей даламен немесе
жыртқыш аңдары көп қалың орманды аралап жүрсе, ендігі олардан
ешкім тірі қалмаған болар еді.
Бұларға əлі күнге адамзат əулетінен ешкім кездескен емес. Өзен
жағалауында адам мекенінен түк те жоқ, қаңырап жатыр. Бірақ адамы
көрінбегенімен көшкен елдің ізі талай рет кездесіп еді. Егер тəжірибелі
саяхатшы болса, айналасына сүттіген өсіп кеткен адам мекенінің
қираған қалдығына, кең алқаптың ортасына жалғыз өскен анжир
ағашына көз салып, бір кездегі көп халықты қыстақтың жұрты екенін,
жалғыз анжирды түземдіктердің əулие ағашы екенін бірден-ақ білер
еді. Бір қыстақтың басшысы өлсе, оның халқы мекен еткен жерін
тастап жаңа қонысқа көшіп барып орналасатын əдет-ғұрып африкалық
рулардың бəрінде де бар.
Орталық Африканың басқа өлкелерінде үй салмай жертөле қазып
алып сонда тұра береді. Бұл жердің халқы да солардың үлгісімен
күнелтуі ықтимал. Жабайы халықтар адамзат дамуының ең төменгі
сатысында. Үңгірінен тек түнде шығатын жыртқыш аңдар сияқты,
бұлар да үйлерінен түнде шығады, жыртқыштармен кездесу қандай
үрейлі болса, бұлармен кездесу де сондай қауіпті.
Бұл жердің халқы адам жеушілер руынан екеніне Диктің күмəні
қалмады. Дик жағалауға шығып аң аулап жүрген кезінде адам
жеушілердің əлдеқалай тап бола қалуы ғажап емес. Сондықтан ол
мүмкіндігі болғанынша жағалауға сирек шығатын-ды, жəне қашан да
болса аңға кетерінде, болмашы ғана қауіптің белгісі білінсе, маған
қарайламаңдар, дереу қайықты өзеннің ортасына алып кетіңдер, деп
əсіресе Геркулеспен сөз байласатын. Геркулес оның талабын
орындауға уəде бере тұрса да, Дик жағалауда жүрген кездерде ол өте
абыржуда болатын. Өзінің бұл жағдайын миссис Уэлдонға білдіргісі
келмей тырысады-ақ, əйтсе де жас əйел мұның бəрін де сезіп жүретін-
ді.
10 июнь күні кешкісін Дик пен Геркулеске қорқынышты минуттар
кешуге тура келді. Алыстан өзеннің оң жақ жағасынан бағана қағып,
су үстіне салынған бірсыпыра құрылыстар көрінді, оның үстінде отыз
шақты лашық бар. Өзен ағысы қайықты тұп-тура əлгі құрылысқа қарай
айдап келе жатыр. Бір жақ жиекке таман жалтарудың мүмкіндігі
болмай қалды, өйткені өзеннің сол жақ жиегінде қайық өтерліктей жол
жоқ, судан сорайып шығып тұрған тастар көрінеді.
Қыстақта адам болуға тиіс. Өзен бетін біртүрлі мұңды əн
тербегендей. Кейбір лашықтардан жылтыраған от көрінеді.
Жабайылардың бағаналар арасына ау құрып қоятын қашанғы əдеті.
Егер ескі əдеттерін істеп мұнда да ay құрып қойған болса,
жолаушылардың халі жаманға айналады. Өйткені қайық ауға
шырмалады, оны қашан жазып алғанша, қыстақ адамдары түгел
жиналып та болады.
Дик Сэнд тұмсықта, сыбырлап команда беріп тұрған. Түн айлы
жарық еді. Бұл жағдай қайықты басқару ісін оңайлатумен қатар оны
адам көзіне түсіретін болды.
Қорқынышты минут жетті. Көпір үстінде суға тақала үңіліп екі
түземдік отыр. Ағыстың ықпалына берілген қайық əлгі екеуінің
арасынан өтуге тиіс. Түземдіктердің қайықты байқамай қалуы мүмкін
емес. Олар аттан салса, қалай болады?
Түземдіктер əбігерлене бастаған кезде қайық пен бағананың арасы
небары жүз футтай-ақ жер қалған. Жабайылардың біреуі ұшып тұра
келіп қасындағы жолдасына ағып келе жатқан «көшпелі аралды»
көрсетті. Олардың шырмауықтан тоқылған ауды суға салғаны сол-ақ
еді, аудың парша-паршасы шығып бүліну қаупі төнді.
Сол сəтте екеуі асығып-үсігіп ауды судан шығара бастады. Олар
өздерінің ауылдастарын жəрдемге шақырып аттандап жатыр. Бірнеше
жабайылар лашықтарынан жүгіре шығып көпірге келді де, ауды судан
шығаруға жанталаса кірісті.
Диктің сыбырлап берген командасы мен Геркулес ескегінің
болмашы шылпылынан басқа қайық ішінде дыбыс жоқ, тым-тырыс.
«Көшпелі аралды» қайық деп сезерліктей белгі жоқ-ты. Кішкентай
Джек, абалап жібермесін деп кішкене қолымен Дингоның аузын басып
отыр. Су ақырын барып бағанаға соғылды. Көпір үсті жабайылардың
айқай-шуымен алай-түлей. Егер қайық, бағана арасындағы ашыққа
жеткенше, жабайылар ауды судан шығарып үлгірсе, жағдайдың сəтті
аяқталғаны. Егер олар ауды шығарып үлгіре алмаса, қайық ауға
тіреледі де, жолаушылар түп-түгел жабайыларға тұтқын болып, құрып
кету қаупі бар. Қайықты тоқтатуға да, немесе басқа жаққа бұруға да
Диктің мүмкіндігі болмай қалды: қарсы алды қаз-қатар самсап тұрған
бағана, екі жағы күз, өзеннің осы арасы қысаң, ағысының қатты жері
еді.
Қайық көпірдің дəл астына кіре берген сəтте,— бұл не деген бақыт
десеңізші! — жабайылар ақырғы күшін салып ауды судан шығарып
алды. Бірақ қайық үстіндегі шөп қалқа көпір ағаштарына ілініп,
сыпырылып қалды.
Жабайылардың біреуі шыңғырып жіберді. Ол оңбаған қалқа
астында жасырынған адам барын байқап қалған болар ма? Əлде адам
көргенін серіктеріне білдіргені шығар? Əрине солай болуы мүмкін.
Не болса ол болсын, жолаушылар қол жетер жерден ұзап кетті.
Қатты ағыс қайықты алға қарай анталатып, бағана үстіндегі қыстақ
оттары əп-сəтте алыста қалды.
— Сол жақ жағаға таман тарт! — деп команда берді Дик Сэнд
əлденендей қауіпті ескеріп.— Ол жақта су астының тастары жоқ.
— Сол жақ жағаға!—деп Геркулес оның командасын қайталады да,
қайықты кілт бұрды.
Дик Сэнд қайықтың артына барып кейін қарай бұрылып тұрды да,
су бетіне түскен айдың жарығымен кейінгі жаққа тесіле қарады. Бірақ
қаншама қараса да күдікті қауіп көре алмады. Бұларды қуып келе
жатқан бірде-бір қайық жоқ. Шамасы жабайыларда қайық та жоқ
болғаны ғой.
Ертеңгі шақ. Күн шайдай ашық. Жабайылардан ешқандай дерек
жоқ. Айнала төңірек тым-тырыс.
Сонда да болса Дик Сэнд, сақтықта қорлық жоқ дегенді ескеріп,
қайықты өзеннің сол жақ жиегімен ағыза берді.
Июльдің он бірі күні жолаушылар жер түрінің мүлде өзгере
бастағанын байқады. Бұл арадан, Ливингстонның бір саяхатында
зерттеп кеткен Калахари сахарасы сияқты, өзеннің екі беті тұтасымен
көсіліп жатқан жазық дала басталды. Өзеннің бас жағындағы құнарлы
алқаптарға үйреніп қалған көзге мына шөл дала өте-мөте жүдеу де
түрсіз көрінді.
Ал өзеннің əлі де болса ұшы-қиыры көрінер емес, көк лента
сияқтанып шұбатылып бара жатыр...
Жемісі жоқ мына құнарсыз жердің бес адамға оңайлықпен азық
тауып бере алатын түрі жоқ. Ескі азық қоры ада-жұда таусылып
қалған. Балық аулау кəсібі жарытар емес. Басқа түрлі əрекеттің ыңғайы
жоқ. Бөкен, тағы сол сияқты шөп қоректі жануарлар бұл жерде
болмайды екен, мұнда олар коректенетін түк те жоқ. Шөп қоректілер
болмаған жерде жыртқыштар да болмайды. Сондықтан бұрынғы құлақ
үйреніп қалған арыстан, қабылан сияқты азулы аңдардың бұл арада
ақырып-бақырғаны түнге қарай естілмейтін болды. Түн тыныштығын
тек бақалардың жаппай бақылдаған концерті ғана бұзатұғын.
Күн қақтап тастаған ормансыз жазық дала өзеннің екі бетін бойлай
көсіліп, шығыс пен батыстың көкжиегін ұштастырып тұрған тауға
барып тірелген. Бұл жазық далаға тек қана сүттіген өскен, бірақ оның
да азықтыққа жарайтын үн сияқты маңыз шығаратын түрі емес,
жарамсыз май шығаратын түрі еді.
Дик Сэнд азық мəселесін шешудің амалын таппай қатты күйзелді.
Геркулес, папоротниктің жас сүйрігі мен папирус сабағының өзегін
түземдіктердің азыққа пайдаланатынын Диктің есіне салды. Миссис
Уэлдонның ізіне түсіп, орманға кірген кездерінде Геркулестің өзі де
əлгі өсімдіктермен талай күндер коректенген болатын. Бақытқа қарай,
папоротник пен папирус өсімдіктері өзеннің екі бетіне қалың өскен
екен. Папирустың дəмді өзегін жолаушылардың бəрі ұнатты, əсіресе
кішкентай Джек сүйсіне жеді.
Дегенмен бұл азық оншалықты нəрлі емес, егер Бенедикт ағайдың
жəрдемі болмаса, жолаушылардың халі мүшкілге айналар еді.
Бенедикт ағай «hexapodes Benedictus» деп өзінің атын өлместік мəңгіге
қалдырарлық табыс тапқалы бері қайтадан көңілденіп, рухы көтеріліп
қалған кезі еді. Ғалым ол жəндігін сенімді жерге — қалпағының
төбесіне қыстырып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізе беру үшін
қайықтың əрбір тоқтағанын, пайдаланып жағаға шығатұғын. Бір кезде
ол қалың шөптің арасын тінтіп жүргенінде, аяғы астынан бір құс
қалбаң етіп ұша жөнелсе болар ма!
Дик Сэнд ол құсты атайын деп мылтығын кезене беріп еді, ғалым
ағай айқайлап жіберді:
— Атпаңыз, Дик! Ата көрмеңіз! Жалғыз торғайдың еті бəрімізге
болса да үнем болмайды.
— Ең болмаса Джекке үнем болар еді ғой,— Дик Сэнд оқ жетер
жерден ұзай қоймаған құсты атуға қайта кезеніп еді.
— Жоқ, жоқ!. Ата көрмеңіз! — деп Бенедикт ағай тағы да безек
қақты.— Атпаңыз оны, «Көзеуші торғай» деген осы. Ол бізге балдың
мол жерін көрсетеді.
Дик Сэнд көзеген мылтығын төмен түсірді. Бұларға бір торғайдан
гөрі бірнеше қадақ бал тиімді ғой. Дик пен Бенедикт ағай бір жоғары
көтеріліп, біресе төмен шүйіліп, адамдарды соңымнан ер деп
шақырғандай болған торғайға ілесіп жүре берді Олар оншалықты
ұзаған жоқ, сүттіген өсімдігінің арасынан іші кеуек бір кəрі ағаштың
түбірін көрді. Айнала төңірегі гүлдеп жатқан бал арасы.
Бенедикт ағай бұл жарғақ қанаттыларды «өз еңбектерінің
мəуесінен» мақрұм еткісі келмеп еді, бірақ оның бұл пікіріне Дик
қарсы болды.Ол бір құшақ қурай жағып түтін түтетті де араларды
ұясынан айдап шығып бірсыпыра бал алды. Сосын араның жаңа
дамып келе жатқан ұрықтарын «көзеуші торғайдың» үлесіне қалдырып
Бенедикт ағай екеуі қайыққа қайтып келді.
Қайықтағылар балға аузының суы шұбыра килігіп жатыр, бірақ бал
əп-сəтте ада болды. Бұлар июльдің он екісі күні жағаға шығып, төсеп
тастаған кілем сияқты жер бетін жапқан қалың шегіртке көрді.
Жолаушылар бұған дейін аштықтың азабын əбден тартып еді. Бұл
арадағы шегірткелер миллиондап бар, орасан көп, кей жерлердегі
бұталар мен шөптерді екі қабат, тіптен үш қабаттан орап алған. Сол
сəтте шегірткені түземдіктердің азыққа пайдаланатынын Бенедикт
ағайдың есіне түсе қалды. Жолаушылар осы арадан «аспан
жармасынан» мол етіп қор жинап алды. Шоққа қуырылған шегіртке
жолаушыларға құнарлы азық болды, мұны тіптен ашықпаған кісілер
жесе де аса дəмді деп мақтар еді. Бенедикт ағай шегірткені аяп күрсіне
отырып əйтеуір жеді-ау, бірақ күрсінсе де көп жеп қойды.
Əрі тəн азабын, бір жағынан жан азабын тартқызған мына қасірет
тізбегі қашан аяқталар екен! Бірақ бұл сапар ағысы қатты өзенді ағып
қайықпен жүзу, орман аралап Гэрристің «гациендісін» іздегендегідей
адамдарды шаршатып қажытқан жоқ. Сонда да болса күндіз аптап
күйдіріп, кешкісін дымқыл тұман тұншықтырып, түні бойы көк
шыбын талап жолаушылардың əбден зықысын шығарды.
Қашқындар ұзақ жүзді. Межелі жерге жететін уақыт болып еді ғой!
Дегенмен бұл саяхаттың шетін Дик Сэнд əлі көре алмай келеді.
Бұл сапар тағы да қаншаға созылар екен? Бір жетіге немесе бір
айға барар ма? Бұл жұмбақтың шешімін болжарлықтай ешбір белгі
жоқ.
Егер мына өзен шынында да Заир немесе Конго болып шықса,
оның ағысы жолаушыларды тұп-тура Португалия жеріне апарып
енгізер еді, өйткені ол ел өзеннің нақ құяр сағасына орналасқан.
Диктің болжалы да осы шама.
Июльдің 15, 16, 17 жəне 18 күндері қашқындар қайығы жалпақ
өзеннің күмістей жарқыраған бетімен төмен қарай аға берді. Өзен
жағалауы енді оншалықты мəуесіз емес. Бірақ Дик Сэнд əлі де болса
сақтанумен келеді. Шөптен жасалған қалқа бұрынғысынша қайықты
жасырып, өзен бойлай ағып келе жатқан қайық емес, кішігірім
көшпелі аралға ұқсады.
Тағы да бірнеше күн жол азабына төзсе болғаны, қайғы-қасіретті
артқа салатын күн жетеді.
Бұл уақыттың ішінде олардың əрқайсысының жанқиярлықтай
істеген ерлігі аз болған жоқ. Мұның ішінде ерліктің ең зоры Диктің
үлесіне тиген, бірақ онысын өзі ескермесе де жолдастары аса бағалап
еді.
Июльдің 19 күні түнде айта қаларлықтай зор уақиға болған.
Қайықтағылардың бəрі түп-түгел құрып кетудің аз-ақ алдында қалды.
Түн ортасы ауып, сағат үштің кезінде, Дик Сэнд алыстан шыққан
біртүрлі күңгірт шуылдаған өрескел дыбыс естіді. Мұның қайдан
шыққан шуыл екенін ажырата алмай жас капитанның тынышы кетті.
Түн желсіз тымық еді. Ауа жапырақ селт етпестей желсіз. Миссис
Уэлдон, кішкентай Джек, Бенедикт ағай тəтті ұйқыға шомып
қайықтың түбінде жатқан.
— Мынау жарға соққан теңіз толқынының шуылы! — деді
Геркулес.
Алыптың көзі қуанғанынан жайнап қоя берді.
— Жоқ,— деді Дик Сэнд басын шайқап,— бұл теңіз шуылы емес
сияқты.
— Теңіз болмағанда ненің шуылы? — деді Геркулес.
— Білерміз, таң атсын. Əзірге сақ болайық.
Геркулес өз орнына қайтып барды. Ал Дик Сэнд тұмсықта тұрып
бар ынтасын сала əлгі естілген шуылға құлақ түрді.
Таң білінісімен ілесе күн шықты. Өзеннің төменгі жағынан жарты
мильдей жерден бұлт сияқтанған буалдыр бірдеңе ауада салбырап тұр.
Тұман сияқты емес, түрі басқа. Күн көтерілісімен өзенге көлденең
тартылған əдемі кемпірқосақ пайда болды. Дик Сэнд жаңағы шуылдың
мəнісіне енді түсінді.
— Жағаға тарт, жағаға! — деп Дик Сэнд бар даусымен айқайлап
жіберді.— Алдымызда сарқырама — су құламасы бар екен! Ана
көрінген бұлт су «шаңынан» құралған! Геркулес, жағаға тарт!
Дик Сэнд қателеспепті. Өзен арнасы бірден жарланып, тереңдігі
жүз фут шамасы құлдилап төмен еңкейді. Өзен суы пəрменімен
зымырап барып құрдымға құлап жатыр. Бар-жоғы тағы да жарты миль
жүрсе болғаны, қайықтың шыңырау түбіне кетуінде сөз жоқ...
Достарыңызбен бөлісу: |