К. К. Хасенова Островская орта мектебінің



Дата16.03.2017
өлшемі86,57 Kb.
#11646
Ақмола облысы

Жақсы ауданы

Баяндама

«Балаларды оқуға ынталандыру»

К.К. Хасенова

Островская орта мектебінің

математика, физика мұғалімі.

2012-2013 оқу жылы

Мақсат:Балаларды қалай ынталандыру керек

Задачи:1 Ынта адамның қандай қасиеттерімен байланысты.

2 Ата-аналар мен мұғалімдер оқушылар ынтасын дамытуын білу.

Мазмұны


  1. Кіріспе

  2. Ынта-адамның басқа да бағалы қасиеттерімен байланысты.

  3. Балаларды оқуға ынталандыру тәрбиесі туралы.

  4. Оқушылар ынтасын дамыту.

  5. Қорытынды.

  6. Пайдалынған әдебиет

Адам баласы кез келген нәрсеге бой

үйрете алатын жаратылыс.

Ф.М. Достоевский

Ынта-адамның ықылас және адал ниетпен еңбек істеуі.Ынталы оқушы тек мұғалімнің тапсырмасын,мектептің және семьяның талабын орындап ғана қоймайды.Алдымен ол іске өзі ұмтылады.Жемісті орындаған жұмысынан,рухани қанағат алып, рақаттанады және қуанады. Осының нәтижесінде оқуға, еңбекке байланысты жұмыстарды аса қайратпен орындап,өз іскерлігін ұдайы дамытып отыратын болады.

Іске ынтасыз оқушы оқуға да,еңбекке де селқос болып,қо-

ғам жұмысына бой ұсынбайды. Оқытушы мен ата-ананың түрлі

тапсырмаларын орындау ол үшін өте ауыр сияқты сезіледі.

Ынта-адамның басқа да бағалы қасиеттерімен байланысты.

Ынта-ең әуелі адамның еңбек сүйгіштік ерекшелігімен байланысты.Өзі ынталы,бірақ еңбекті сүймейтін оқушы бар деуге болмайды. Оқушының ынтасы мен еңбек сүйгіштік ерекшелігі бірге тәрбиелініп, бірге дамиды. Еңбекті сүю- адамның іске берілінің себепшісі. Сондықтан оқушының қызығып істеген жұмысы,оның ынтасын дамуына жәрдем береді.

Ынтаның дамуы және тәрбиеленуі,оқушының мақсатқа талпыну әрекетімен шарттас. Оқушының мақсаты неғұрлым анық және игілікті болса,оның мақсатына жету үшін істеген әрекеті соғүрлым жігерлі болады.

Ынталы оқушыда шыдамдылық және табандылық тәрбиеленіп жетіледі. Басталған істі игілікті аяқтауға талпыну, оқушыдан ой әрекеті мен белгілі күш жұмсауды талап етеді. Себебі, оқушы жұмысты орындау үстінде қиындыққа,үйде сабақ әзірлегенде түрлі көңіл аударарлық нәрселерге тап болуы ықтимал. Іске қедергі келтіретін жағдайлармен тым әуестенбей, бастаған ісін жемісті аяқтауға шыдамдылығын дамытқан бала ғана нәтижеге жете алады.

Ынталы оқушының тағы да бір бағалы жағының бірі -жұмысты атқарғыштық әрекеті. Атқарғыштықты әрқашан істе жауапкершілікті сезу,көпшілік жұмысына көңіл бөлу, сабақты мезгілінде даярлау тағы осы сияқты бір қатар әрекеттермен шарттас деуге болады.

Ынталы оқушы жұмыстың қандайын болса да өз бетінше істеп, нәтижелі аяқтайды. Жұмыстың қалай басталып, қалай орындалуын өзі жоспарлайды.Сабақта және үйге берілген тапсырманы орындау кезінде, оқушының өз біліміне сүйеніп, жете түсініп, өз бетінше істей білуі, оның әрқашан, әр түрлі іске сын көзбен қарау әдетін дамытатын сапасының бірі десек қателеспейміз.

Ынталы оқушыға тән ерекшеліктің бірі-оның ісімен әрекетіне берік орныққан тәртіптілік.Тұрмысына тәртіптілікті берік енгізген оқушы,өз күш-қайратын мақсатына жету талабына бағындырады. Жұмысын жақсы ұйымдастыра білетін оқушы,айқын жоспар,нақтылы амал қолданып, жұмыстың барысын үнемі бақылап отырады. Орындайтын жұмысына керекті оқулықтар мен басқа құралдар әрқашан даяр тұрады. Сабақта түрліше жүргізілетін жұмыстарға тез бағытталып, тез кірісе алады.Мұғалімнің берген сұрауы мен балалардың жауабына көңілденіп құлақ салатындығынан, кенеттен өзіне сұрау берілсе, жолдастарының жауабына жалғастырып, толық және мағыналы жауап бере алады.Күнделікті режимді қатты сақтау, істелетін жұмыстың уақытын белгілеп, оны жоспарлап алу, ұқыпты оқушының әдетіне айналады.

Істің реті болуы адамның мұқияттылығына байланысты.Мұқияттылыққа дағдыланған оқушыны ұқыптылықпен орындалған жұмыс қана сүйсіндіреді. Ондай оқушының оқу-құралдары, басқа да саймандары ұқыпты ұсталады. Қандай жұмыс болса да тәптіштеп істеуге әдеттенген оқушыдан сасқалақтық, салақтық мінез қездеспейді.

Жүйелі іске дағдыланбаған адамда ынталы әрекет те болмайды. Білімнің жүйелі болуын, оның ғылыми, логикалық үйлесімді құрылысынан, әрекеттің жүйелілігін әрқашан, әр уақыт істелген жұмыстан байқауға болады. Жүйелі іс істеп үйренген оқушы, еш уақытта да бос отырмайды. Қажетті білім мен дағдыны жақсы меңгере алмаса , тиісті білім керекті дағдыны дамытып, бастаған жұмысының жақсы нәтижесін көргенше істей береді. Өз білімін әржақтылы кеңейтіп, тәртіппен орындаған жұмысы, білім мен дағдыны берік орнатады.

Кім де болса, өз баласын үздік оқушы болуын жақсы көреді.Бұл заңды да, солай болуға тиісті де. Бірақ балалардың бәрі бірдей үздік оқушы бола бермейді, тіпті өте нашар оқитын да болады.Осындай нашар оқитын балалардың ата-анасы, көп реттерде баласының артта қалуын не мұғалімнен көрді, не баланың өзінен көреді.Баланың жақсы оқуын оның оқуға деген ынтасына байланысты екендігін олар ескермейді. Бала неғүрлым оқуға ынталы болса, солғұрлым оқуда да жақсы оқиды.Бірақ кейбір ата-ана:

-Менің балам мектепке бармастан бұрын пысық, айтқанды тез аңғаратын бала еді, мектепке барғаннан бері «кері кетті»-деп мектепті кінәлайді. Ал , кеібір ата-аналар баласының оқуды жақсы оқи алмағандығын оның «жаратылысынан қабілетсіз, зейінсіз туғандығынан» көреді.

Мұндай ата-аналар әдетте:

-Меңреу,айтқанды ұқпайды,-деп баланың еңсесін түсіріп, тауын шағып, мүлдем жасытып жібереді.

Мұндай ата-аналар баланың нашар оқуына өздері де кінәлі екендігін аңғармайды.Біз әлгінде баланың жақсы оқуы оның оқуға деген ынтасына байланысты дедік. Дегенмен, баланың оқуға ынталы болуы оның оқу жасына дейінгі үйдегі тәрбиесіне де байланысты.

Оқуға ынталы бала мұғалімнің айтқанын барлық ықыласымен тыңдайды. Білмегенін білуге тырысады, өзінің оқыған дәрісін жақсы ұғып алады. Жалпы айтқанда, үлкен ынта қойып оқиды.Мұндай бала, әрине, жақсы, үздік оқушы болып шығады. Ал, кейбір оқушылар «сабақ қашан бітер екен» деп ойлап отырады, бұл балада ешқандай ынта жоқ. Ол өзін «зорлықпен оқып жүрмін» деп ұғады. Әрине, мұндай баланың сабағын білмеуі, үйге берген тапсырманы орындай алмай келуі сөзсіз де, заңды да.

Сондықтан да баланы оқуға ынталандырудың зор маңызы бар. Рас, балалардың үй-іштері, ата-аналары балаларының үздік оқушы болуын жақсы көреді. Бұл жөніндегі өзінің қолынан келген көмегін де аямайды. Бірақ, көп реттерде олардың қолданған әдістері жақсы нәтиже бермейді. Мысал келтірейін.

Бір туыстарымның қызы алты жасқа жеткен шағы еді. Оқу жылының басталу қарсаңында осы бала мектепті төңіректеп, «оқу қашан басталады» деп күнде сұрап, оқу басталғанша асығып жүретін. Мен бұл бала оқуға өте ынталы екен, жақсы оқыр деп ойлап, қуанып жүрдім.Бірақ олай болмады. Оқу басталғаннан кейін әлгі бала тіпті оқығысы келмейтін, сабағын да білмейтін балалардың бірі болып алды. Мұның себебін зерттегенімде, баланың оқу басталғанша асығуы, ал оқу басталғаннан кейін оқығысы келмеуі оның анасының теріс түсіндіруінен болып шықты. Баласын қызықтыру үшін шешесі оған мектепті асыра мақтап, мадақтағанда: «Оқу оп-оңай.Барып отырсаң: мұғалім қызық-қызық ертегілер айтады,ойнайсыңдар, өлең айтасыңдар, әр түрлі әдемі ойыншықтар, кәмпит бар...» деген сияқты сөздерді айтып, еліктіріп қойыпты.Ал оқу басталғаннан кейін әлгіндей«тамашалар» болмаған соң, баланың бірден тауы шағылып, мектепке да барғысы келмей, оқығысы да келмей қойған екен.

Кейбір ата-ана баласын жақсы оқыту үшін, оған:

-Жақсы оқып келсең, саған ананы алып берем, мынаны алып берем,- деп қызықтырады.Сөйтіп, баланың ұғуынша, оның жақсы оқуы ата-ана тарапынан «берілуге тиісті» белгілі бір «сыйлыққа» байланысты болып шығады. Бала жақсы оқуды өзінің міндеті деп санамайтын болады, жақсы оқу ата-анадан «сыйлық алу» үшін ғана керек деп санайтын болады.

Кейбір ата-ана балаларының жақсы оқуын көздеп ақыл айтқанда, балаларына мүлдем теріс тәрбие беретін сөздерді айтып: қызықтырмақшы болады.

-Жақсы оқысаң, оқуды тез бітіресің...Ал оқуды тез бітірсең,үлкен қызметкер боласың, ақшаны көп табасың...-деген сияқты сөздерді айтады. Сөйтіп, баланы ғылым, өнер-білім иесі болуға, халыққа қызмет ететін, не саналы, білімді болуға үгіттеудің орнына оқуға теріс түсінік береді.

Осы жоғарыда айтылған «әдістердің» бірде-бірі баланы оқуға ынталандыра алмайды,оған оқудың шынайы мәнін де түсіндіре алмайды, керісінше, мүлдем теріс пікір туғызады.

Баланы оқуға қалай ынталандыруға болады?

Мектепке барсаң, оқысаң-адам боласың, өнер-білім иесі боласың деген сөздер жеткілікті ме? Жоқ, жеткілікті емес.Мектепке баланың жақсы қарауы, оқуға ынталы болуы, баланың ұғымына және сезіміне күнбе-күн тікелей әсер етіп отыратын әр әлуан нәрселерге көзқарастан туады.

Баланың білімге, кітапқа,әдебиет және көркемөнер шығармаларына, еңбекке көзқарасы жақсы болса,осы айтылғандарға қызығатын болса, онда ол бала мектепке де,оқытушыға да, оқуға да жақсы қарайтын болады. Ал, осы көзқарасты қалыптастыратын- ең алдымен ата-ана және мектеп.

Бал өзінің әрбір естіген сөзіне дейін есінде тұтып, оның мәнін түсінгісі келіп отырады.Баланың осы сезімін дамыта түсу-ата-ананың ең басты міндеті. Олай болса баланың әрбір сұрауына түсінікті етіп жауап қайырып, оның келешектегі білмеген нәрсесін тайсалмай сұрауына жағдай туғызып лтыру керек болады. Айталық, бала анасынан, не әкесінен:

-Мен үлкен болғанда ұшақ жасай аламын ба?-деп сұрайды.

-Әрине, жасай аласың, егер инженер болсаң...-дейді әке.

-Инженер бола аламын ба?-деп сұрайды бала.

-Әрине, боласың, егер оқысаң.

-Оқымаса ше?

-Оқымасаң, әрине, инженер бола алмайсың.

-Оқу деген не?

-Оқу деген ғылымды үйрену, дейді әкесі.

Бала түсінбей қалады, кейін оның ойына «ғылым» деген сөз түседі. Сол арада бала оны да білгісі келіп, әкесінен:

-«Ғылым» деген не? – деп сұрайды. Сонда әкесі баласына:

-Сен жаңа ұшақты айттың ғой, сол ұшақты да, мына тұрған компьютерді де,машиналарды да жасау өнерін үйрететін –ғылым, ал ғылым оқумен табылады,- дейді.

Міне, баланың сұрауымен туған әңгіме, баланың оқуға деген көзқарасын қалыптастыруға осылай себепші болады. Осы сияқты,баланың жастайынан еңбек сүйгіш болуына, оның мектепте оқыған кезде шыдамды, табанды болуына, сабақты ерінбей оқуына, тапсырманы жақсы орындауына да бұл үлкен себепші болады.Сондықтан да, балаға оқу жасына дейін-ақ қолынан келетін жұмысты істетіп, еңбек етуге дағдыландыруға аса қажет.

«Жақсы оқымайтын болсаң-жақсылық күтпе, нашар деген баға алсаң-үйге келуші болма» деп баланы қорқытып оқытудың пайдалы нәтиже бермейтіні сияқты, нашар оқып, сабағын үлгере алмай жүрген баларға ұдайы ұрысу «меңреусің,басың істемейді, сенен түк шықпайды» деген секілді сөзді айтып, баланы кері тарту, оның оқудан үмітін үздіру, сенімін нашарлату да зиянды әдістердің бірі.



Қорыта айтқанда, балаларды оқуға ынталандыру, оларды өнер-білімге қызықтыру, еңбекке баулу, балаларға мектепте ғылым негіздері оқытылатынын ұғындыру арқылы тәрбиелеуге болады. Атақты ғалымдардың, өнерпаздардың кім болғанын, қалай оқығанын, кейін қандай өнер иесі болғанын баланың ұғымымен сыйымды етіп, қысқа түрде әңгімелеу арқылы, тағы басқа осылар сияқты әр алуан әдістерді қолдану арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Мұны әрбір ата-ана да, мұғалім де жақсы түсінулері керек.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет