Кабдеш Жумаділов. Тагдыр



Pdf көрінісі
бет2/5
Дата12.04.2023
өлшемі2,44 Mb.
#174394
1   2   3   4   5
Байланысты:
Тағдыр. Қабдеш Жұмаділов-1
№7 дәріс бойынша тест Неке-отбасы құқығының негіздері, ОСНОВЫ БИОСТАТИСТИКИ
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ТАҒДЫР ТАЛҚЫСЫ
I
Арада біраз жылдар өткен. Тарихтың дөңгелегі күн шығыс елдерінде
тым жер табандап, қанша баяу айналғанымен, бір орында тұрып та қалмай,
өзінің шабан-шардақ жүрісімен алға қарай жылжып келе жатыр еді.
Адамзатты баладай алдарқатып, соңынан сүмендетіп ертуге келгенде
уақыттан шебер, уақыттан жымысқы не бар екен бұл дүниеде?! Осынау
жарық жалғанға бұдан бұрын да талай ұрпақтың соғып өткенін, бұдан
кейін де талайлардың келіп-кететінін, ал бүгінгі тіршілік сол ұзақ салқар
адамзат көшінің бір үзігі ғана екенін ойлап жатуға бұл жұрттың тіпті
мұршасы жоқ. Қуанышы мен қайғысы кезектескен қарбалас тіршілік тек
өздерінен басталып, өздерімен ғана аяқталатындай жанталасып жүрген бір
адамдар.
Қазір Шəуешек көшелерін жаяу аралап келе жатқан Демежанның
басында күнделікті тірлік қамымен бірге жаңағыдай оқшау ойлар
қабаттасады. Мына бір кез алдында қайшыласып, тез ауысып,
сапырылысып жатқан адамдар теңізі де осы өмірдің өтпелілігін тіпті айқын
сездіргендей. Қара нөпір қалың көпшіліктің ішінде жеке адам бейне толқын
шайтан жаңқа тəрізді. Жол бермей иығымен қатып, жағалауға қарай
ығыстырып тастағысы келеді... Бірақ адамның да адамы болады екен.
Кейде өмірде бір адамның басына қанша нəрсе тіреліп тұрады десейші.
Кісінің шын қадірі тірі жүргенде емес, өлгеннен кейін білінетіні несі?
Демежан қазір орны толмас екі адамды қатты жоқтайды. Осыдан үш-төрт
жыл бұрын Шəуешектегі орыс консулы Балкашин қайтыс болды. Құлжаға
кетіп бара жатқан сапарында түйнек ауруына тап болып, небəрі қырық жеті
жасында кенеттен дүние салды. Адам өмірі қандай қысқа?! Жат жұрттық
болса да, Тарбағатай халқына көп жақсылық істеген кісінің бірі сол еді.
Содан бері бұл қала консулға жарыған жоқ. Үш жылдай Шишмеров деген
қартаң кісі отырды да, ол да ұзақ байырқаламай, жақында арғы тегі орыс,
не неміс екені белгісіз, Борнеман деген біреу келді. Бірақ Балкашиннің
орны əлі үңірейіп тұр. Жаңадан келгендер оның үстеліне ие болғанмен,
үлкен адамның орнын толтыра алған жоқ.
Өлгеннен кейін қадірі қатты білінген екінші адам — Төртуылдың
ақсақалы, кəрі зəңгі Сымайыл. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ол кісі де
дүниеден өткен. Сымайыл барда ағайын арасындағы таразының басы тең
тартып тұрғандай, жоқтан өзгеден ілік іздеп, ауа жайылатындар тым аз еді.
Кəрі зəңгі ондайларды беделімен басып, өз үйірін шашау шығармайтын
сақа айғырдай, ел ішіне ұйтқы болып жүретін. Сымайыл қалай өлді солай,
Төртуыл іші бұрынғы береке-бірлігінен айрылып, сиырдың бүйрегіндей


пышырады да кетті. Қазір əр рудан Керімбайға дүм көрсететіндер, аяқтан
шалып, арыз жазатындар шыға бастаған. Ши-амбы тірі тұрғанда,
Керімбайды алатын жау жоқ, əрине. Дегенмен, үй ішінен үй тігілгендей,
іргеңнен іріткі шығуы жақсылықтың нышаны емес.
Мұндай жағдайда Керімбайға да өз күшін маңайына топтап, тас түйін
сақ отыруы керек еді. Сондықтан Ши-амбының соңынан қалмай қолқалап
жүріп, осыдан үш-төрт жыл бұрын Демежанды қаладағы қызметінен
босатып алған-ды. Керімбайдың өзі қағаз-қаламға шорқақ. Ал үкірдайдың
мөріне ие болып, қағаз жағын реттеп отыратын сауатты хатшы керек.
Мұндай құпия қалтарысы көп жауапты жұмысты екі тілге бірдей жетік,
оқымысты өз ұлы тұрғанда, кімге сеніп тапсыруға болады? Сонымен, қазір
Демежан əкесінің оң қолы, ала ауыз ағайынға көрсетер күш-қайраты, тірек-
сүйеніші болып, қыр елінде жүріп жатқан жайы бар.
Балаға мықты əкенің ығында жүру қиын емес, өз бетіңмен жол салып,
тыңнан тірлік бастау қиын екен. Қазіргі заң мен заманға баға бергенде,
кейде əке мен баланың ойы бір жерден шықпай, кереғар тартатын кезі де
болып тұрады. Қазір заман басқа, заң басқа. Ұшы-қиырсыз кең сахарада
төрт түлік малдың соңынан бұлттай жөңкіліп көшіп жүретін қазақтың
баяғы дəурені өтті. Жер танабы тартылды, айнала төңірекке шекара-шеңбер
түсті. Енді бұдан былай зеңгір аспан төсінде емін-еркін шарықтайтын кез
адыра қалып, шыжыммен ұшып, шырғамен қонатын күн туды. Ендігі күнде
адамы тығыз аядай өлкеде қысыла-қымтырыла өмір сүруге тура келеді. Ол
үшін бұл ел көші-қонды азайтып, отырықшылыққа айналуы керек. Ендігі
тіршілік мəні кеңдікте емес, тереңдікте. Кім тамырын тереңге жіберіп, аз
жерден көп өнім алса, сол озады. Қарным тоқ, тұрмысым тұрлаулы болсын
десең, малдан басқа да əртүрлі кəсіп істе, егін сал, қора-жай, қыстау
тұрғыз. Осы бір шындыққа Демежанның өз көзі жеткенімен, былайғы
ағайын жұртты иландыра алмай-ақ қойды. Басшысы өз əкесі Керімбай
болып, мұның сөзін жап-жақсы тыңдап отырады да, былай шыға бере
ұмытып кетеді.
Осыдан кейін Демежан өзінше бір оқшау тірлік бастап еді. Өз ойларын
енді сөзбен емес, іспен дəлелдеуге бел байлаған. Екі-үш жылдан бері
маңайына əр жақтан көшіп келген жарлы-жақыбай, бейнетқор жұртты
жинап алып, Боздақ даласына егін салуды бастады. Əзірше тау өзенінен
тоған тарта алмаса да, бастау-көзін бергі жазықтан алатын қарасуларды
пайдаланбақ. Биыл көктем шыққалы сол егіс басына тақау жерден өзіне
арнап қора-жай салдырып жатыр. Қазір Керімбай ауылдары əлдеқашан
жайлауға шығып кетсе де, Демежанның өзі егіс басында сондай
шаруалармен бөгеліп жүрген. Жаңа үй құрылысына көп ақша, қаражат
керек болып, осы жолы қалаға біраз мал айдатып əкелген-ді. Бүгін қасына
Бабалықты ертіп, сол малдың сатылу жайын білуге шыққан беті еді.
Бабалық бұл күнде Шəнішевтердің қарамағынан босап, өз алдына жеке
кəсіп қыла бастаған. Қазір үйлі-баранды, осында сатып алған қора-жайы,


ат-арбасы бар. Əзірше қаладағы бай саудагерлерден бұл, шай, тағы басқа
ұсақ-түйек бұйым алып шығады да, оны қыр еліне апарып сатып,
ортасынан қыруар пайда түсіріп жүр. Қаланың да, даланың тіршілігін жетік
білетін, еті тірі жас жігіт енді өз алдына дүкен ашып, сауданы ұлғайта
түсетін ойы бар... Демежанның қалаға келгенін естіп, от жаққан жерін
көрсетуге қонаққа шақыра келген екен. Базардағы малды сатуға көмектес
деп, оны да қасына ертіп алды.
Бұлар жолдың екі қапталында ине шанышар жер қалдырмай, иін тіресіп
тұрған жайма базарынан өтіп, қаланың орта тұсындағы мал базарына таман
жақындады. Көшеде шөп артқан, отын тиеген арбалар, оны-мұны сүйреген
көтермеші саудагерлер қайшыласады. Неше түрлі ұлт, неше түрлі кəсіп
иелері. Демежанның бүгін бір таң қалғаны — Шəуешектің ұйғыры мен
татары, қытайы мен дүнгені тіпті сібе-солаң, қалмағына дейін бір-бірімен
қазақша сөйлеседі екен. Бұлар үшін ең ұғымды, жеңіл тіл — қазақ тілі
болғаны ма сонда? Жоқ, олай емес шығар. Қазақ бұл аймақтағы ең көп
халық қой. Қалаға мал айдап əкелетіндер, жүн, тері, отын-шөп əкеліп,
сауда-саттық жасайтындар да — қазақтар. Өне бойы солармен қатынас
жасаған соң, қала жұрты қазақша сөйлемегенде қайтеді.
Орталықтағы үлкен алаңның бір жағы астық базары да, екінші жағы мал
базары болатын. Бұл маңда жүрген халықта тіпті қисап жоқ. Босағаларына
бордақы қойдың ұшасын тұтас іліп қойып, мəнті, палау, кəуап жасап
сататын ашпұзылдардың маңайы тіпті ығы-жығы. Анда-санда тай
қазандарының буын бұрқ еткізіп, мəнті пісіретін қасқандарының қақпағын
жұлып алған аспаздардың ащы айқайы естіледі.
– Уа, келіңдер, ағайындар! Май жейсің, я жейсің... Бір мəнті, екі мəнті...
отыз мəнті, — деп сарнаған үндері күн ұзақ бір сембейді. Бұған неше түрлі
тілде, неше алуан үнде сөйлеген былайғы көп дауыстар қосылып, айнала-
төңірек ештеңе ұғуға болмайтын тұтас бір гуілге айналып кетеді.
Бүгін мал базарында да адам көп екен. Сатушысы қайсы, алушысы
қайсы, — айырып алудың өзі оңай емес. Тек сатылатын жылқылардың
ноқтасына, сиырлардың мүйізіне жентектелген шөп қыстырып қойыпты.
Демежандар өздері айдатқан малдың қай бұрышта тұрғанын таппай, бір
жағы мал саудасын қызықтап, едəуір жүріп қалды. Мұндайда бедекші,
делдал 
дейтіндер 
болады. 
Сатушы 
мен 
алушының 
арасын
жарастыратындар — солар. Алдымен мал иесінен малдың түсер бағасын
сұрап алады да, алушымен солар саудаласады. Кейде мал алушының да өз
бедекшісі болады. Мұндайда сауда келісімі енді екі бедекшінің арасында
жүре бастайды. Сөйтіп əлгілер сатушы мен алушының міндетін жеңілдетіп,
ортасынан «сіріңке» түсіреді. «Сіріңке» дегені — екі жақтан берілетін
сыйлық ақша.
Демежандар əлден уақытта бір құлынды биені орталарына алған екі
бедекшінің үстінен шығып, солардың əрекетіне көз салып біраз тұрды. Мал
иесі де, алушы да жайына қалған. Ендігі əңгіме осы екеуінің арасында


жүріп жатыр. Бұлардың айтысатын сөздері, өзара ым-ишара, белгілері де
қызық. Біреуі шапанының бір жеңін түсіріңкіреп жіберіп, екіншісімен жең
ішінде саусақпен «сөйлесіп» тұр. Жұрт айта беретін «жең ұшынан
жалғасу», немесе «жең саудасы» дегеніңіз осы.
– Мынау қалай? — дейді біріншісі анаған екі саусағын тұтас, бір
саусағын бүгіңкірей ұстатып. Мұнысы — биеге екі жүз елу сом берем
дегені.
– Əй, мынауың кем болады, тым обал ғой, — дейді екіншісі мынаның
алақанына үш саусағын бірдей тықпалап. — Алсаң осы, одан бір тиын кемі
жоқ...
Не керек, мұндайда бедекшілер екі жақты келістірмей қоймайды.
Олардың кереметі сол — соңынан мал иесі малымды қымбатқа бұлдап
саттым деп куанса, алушы су тегін арзанға түсірдім деп мəз болады.
Базарға мал сата келген, сауда жөнін білмейтін қазақтар бедекшісіз аттап
баса алмайды... Қайтсін, оларға да бала-шаға бағу керек. Бұл қалада
осындай делдал бедекшілікпен, алыпсатарлықпен қанша қауым күн көріп
отыр. Тəңертең қалтасы қағылып құр қол шыққан алыпсатар күні бойы
бірді-бірге соғып жүріп, кешке қарай үйіне қалайда шай-шалаңын, көже-
қатығын айыратын бірдеңе тауып қайтады. Имам ағзамның жолы, əйтеуір
сауда істеген адам напақасыз қалмайды. Бұл күнде Шəуешекте сауданың
етек алғаны сонша, «алыпсатар атын шықсын, алтыға алып, беске сат»
деген мəтел де тарай бастаған.
Демежан өз базаршылары — Диқанбай мен оның інісі Қараманды қалың
нөпірдің арасынан зорға тауып алды. Бұл — баяғы ауылдарының үстінен
шекара сызығы тартылғанда, Ақшоқыдан көшіп келетін Диқанбайдың дəл
өзі еді. Кейін сондағы уəде бойынша Керімбайдың аулын қара тартып
келген жерінен, Демежан іздеп тауып алып, таяу маңнан өздеріне қолайлы
қоныс бергізген болатын. Былтырдан бері Диқанбай — Демежанның бас
егіншісі болып жүр. Қазір Боздақтағы бар жұмысты өз қолдарына алып,
сол маңнан үлкен зəйімке салуға қолғабысын тигізіп жатқандар да —
сондағы жатақ аулының адамдары.
Қысқаша аман-саулық сұрасқаннан кейін, Диқанбай Демежанға шағына
бастады.
– Не істейміз, мырза? Базарды мал керіп кетіпті. Саудагерлердің кекірігі
азғаны сонша, семіз малды көргенде төніп келеді де, айныған бүркіттей
тайқып кетеді. Кешеден бері екі атан өгіз бен бір атты бедекшілерді салып
жүріп, орташа бағасына зорға өткіздік, — деді ыстықтан тершіп кеткен
маңдайын беліндегі мата белбеуінің бір ұшымен сүртіп жатып.
– Қайтеміз, бір бұйырғаны болар. Сəл арзандау кетсе де, осы əкелген
малды қалайда базарлап қайтуымыз керек, — дегеннен басқа Демежан да
ештеңе айта алмады.


Демежанның да жай мал иесі ретінде төбе көрсеткені болмаса, саудаға
қыры жоқ. Базардың бірде олай, бірде бұлай құбылып тұратын өз заңы бар,
оған не айла жасарсың. Бұлар тығырыққа тірелгендей, бір сəт торығып
тұрып қалды. Бұл əңгімені Бабалық та тыңдап тұрған. Кенет ол есіне
бірдеңе түскендей Диқанбайға жалт бұрылды да:
– Енді қанша малыңыз қалды? — деді керме ағашта байлаулы тұрған ірі
қаралар шоғырын көзбен шолып.
– Əлі де бес-алты жылқы, төрт-бес өгіз бар.
– Қап, əнеугүннен бері маған айтқанда, мен бұл жануарларды күнге
борсытпай, əлдеқашан орналастырып беретін едім — деп Бабалық жанағы
ат, өгіздерді бір айналып шықты. — Əлде де кеш емес, бір амалын
табармыз.
– Құдай тілеуіңді берсін. Сөйтіп бір азаматтық көрсетші, айналып
кетейін. Сен бізден гөрі қаланың жыртық-тесігін жақсы білесің ғой, — деп
Диқанбай да жабысып жатыр.
– Ендеше бағымызды сынап көрейік. Осы қазір малыңызды айдап, менің
соңымнан еріңіз.
– Қайда? Қайда апарамыз? Жақын жер ме өзі? — Диқанбай дегбір
таппай қалбалақтап қалды. Демежан да жас жігіттің не ойы барын
түсінбей, оның бетіне сұраулы жүзбен қарай берген.
– Жел тиірмен жақта Қоянды жəрмеңкесінен келген Сорокин деген орыс
көпесі жақыннан бері осындағы жұрттан мал алып жатыр, — деді Бабалық
бұларға мəн жайды ұғындырып. — Мен білсем, соның оқпаны əлі тола
қоймаған шығар. Мынадай түсті, ірі малды ол, сөз жоқ, қағып əкетеді.
– Ой, рақмет, бауырым. Мал сатыла қалса, «сіріңкең» мойнымызда, —
деп Диқанбай байлауда тұрған жылқылары мен өгіздерін босатып, інісі
екеуі атқа мінуге қам жасады.
Демежан бұдан ары не істерін білмей, өзін мүлде артық адам сезініп, сол
орнында тұрып қалған-ды.
– Демежан аға, сіз ол жаққа барып əуреленбей ақ қойыңыз. Ендігісін
мына ағай екеуіміз реттейміз ғой, — деді Бабалық оған енді ғана назар
аударып. — Тек манағы айтқан менің өтінішімді ұмытпаңыз. Ертең кешке
таман үйімізді көріп, келініңіздің қолынан дəм татыңыз.
– Оған қам жеме. Біздің қолдан басқа келмесе де, ас ішіп, аяқ босату
келеді, — деп Демежан жас жігітті арқасынан қағып шығарып салды.
Арқасы босап, тынысы кеңіп қалғандай. Демежан өзімен-өзі оңаша
қалған соң, базар алаңынан шықты да, ұлықтарға жолығатын бір


шаруалары есіне түсіп, ескі жамбылға қарай аяндады. Жол бойы жаңағы
Бабалық туралы ойлап келеді. Осы бір жас жігітті бұрын да іштей жан
тартып, жақсы көріп жүруші еді, бүгін оған деген ықыласы тіпті арта
түскендей. Былай қарасаң, Бабалықтың артында тіреп тұр дейтін елі-
жұрты, не ағайын-туысы жоқ, жал-құйрықсыз жалқы жігіт. Бірақ соған
қарамастан, өзін қандай батыл, қандай еркін сезінеді?! Мына сапырылысып
жатқан қым-қуыт дүние оның бейне өз үйі секілді. Жеке қазақ қана емес,
осындағы татар, өзбек, ұйғыр, қалмаққа бірдей сыйлы. Бəрінен де
тіршілікке бейімділігін, дүниенің көзін танитын іскерлігін айтсайшы. Міне,
бүгін келді де, Диқанбай екеуінің неше күннен бері сарсаңға түсіп жүрген
шаруасын бір демнің ішінде тындырды да тастады... Əлде халықтың жаңа
легі, ерекше оқшау бітімді жас буыны осы Бабалықтардан басталар ма
екен? Ал халық дегеніміздің өзі кім? Ол тек жік-жікке бөлініп, жөңкіле
көшіп жүретін рулардан ғана құралуы керек пе? Руға, атаға бөлмей, адам —
тек адам ретінде өмір сүруге неге болмасқа?! Мəселен, бұл біреуді жан
тартып, жақсы көруі үшін, оның міндетті түрде Төртуыл болуы шарт па
екен? Адам тегінде өзінің қай руға жататындығымен емес, бойындағы
қасиетіне, қолынан келетін өнеріне, алдына қойған мақсатына қарай
бағалануға тиіс қой. Мұның ағайындары осыны неге түсінбейді? Маңайыңа
Диқанбай секілді кірмені, қырық темірдің қылауындай қайдағы-жайдағыны
жинап алдың деп, көзіне айтуға батпаса да, сыртынан үнемі қыжыртып
жүретіні несі?
Қазақтың мінезін өзгерту үшін, алдымен оның кəсібін өзгерту керек
деген ой келді Демежанға. Бұрын көшпенділерге жат болып келген əрбір
жаңа өнер, жаңа кəсіп адам бойына жаңа қасиеттер дарытуы мүмкін.
Мəселен, жаңағы Диқанбай да былайғы мал соңында жүрген көп қазаққа
ұқсамайды. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Жер тырмалап егін ексе, еңбегінің
жанатынын біледі... Ал Бабалықтың жөні тіпті бөлек. Мына заманда егін
екпей, сауда істеп, тиынның көзін танымай тұрып, тіршілік ету қиын. Ли-
шансың дұрыс айтады; Көшпенділердің басынан бақ тайып, дəурені өткелі
қашан?! Төрт түлік малдың соңына ілесіп көшуден мүйіз шығатын болса,
ендігі қазақтың мүйізі қарағайдай болып тұратын еді ғой... Жоқ, енді бұлай
кете беруге болмайды. Жаңа кəсіптерді игеру керек. Тегінде халықтың
қанын жүргізіп, бойын ширататын осы сауда болуы да ғажап емес. Түбі,
бəрімізден жаңағы Бабалық озып жүрмесін.
Демежан осындай ойлардың жетегінде келе жатып, ескі жамбылдың
қақпасына қалай кіргенін өзі де аңғармай қалыпты. Ши-амбы кеңседе жоқ
екен. Үш-төрт күннен бері қызметке келмей, үйінде ауырып жатыр деген
хабар алды. Бұрын бірге қызмет істеген таныс жігіттермен амандасып, енді
шығуға бет алғанда, ала көлеңке дəлізде Шихалдаймен соқтығысып қала
жаздады. Ол мұны көріп қуанып кеткен түр байқатты.
– О, Демежан мырза, жаңа ғана өзіңді еске алып, қатты іздеп отыр едім,
жақсы келдің ғой. Сөйлесетін сөз бар, уақытын болса маған кіріп шық, —
деді кабинетіне қарай бейімдеп.


Кабинет деп отырғаны — осындағы «халдайлар кеңесі» деп аталатын
ерсілі-қарсылы екі бөлме. Шихалдай қазір осындағы Бас халдай саналады.
Былайша, шені үкірдай дəрежелес болғанымен, қоластындағы маньчжур,
сібе-солаң ғана емес, кейде қазаққа да үкімі жүре береді. Өкіметтің оң көзі,
билік иесі ретінде, қазаққа түсетін алман-салықты, тағы басқа жоғарының
əмір-пəрманын осы халдайлар жүргізіп отырады. Шынтуайтқа келгенде,
бұл аймақтағы Ши-амбыдан кейінгі екінші адам — осы Шихалдай.
Əйтеуір, «үйреніскен жау атысарға жақсы» деп, Керімбай сияқты беделді
үкірдайлар кейде Шихалдайды бойларына тоғытпай, Ши-амбымен тіке
байланыс жасап жүргені болмаса, өзге көп үкірдай-зəңгілер оның алдында
құрдай жорғалайды.
Арық, тарамыс денелі, тал-тал сақалы иегінің астына жарылып біткен,
мысық мұрт Шихалдай қазақшаға судай ағып тұр. Демежанға орындық
ұсынып жатып:
– Ал, ханзада, төрлет... Сенің бұлай бас сұғуыңның өзі біз үшін үлкен
мəртебе ғой, — деп сирек тістерін көрсете шиқылдап біраз күліп алды.
Бірақ жылтыраған қысық көздерінде түк жылу жоқ. Мұны өзінше ажуалап,
кекетіп отырғаны белгілі.
– Ал қойғанын суып бара жатса келдік, мінеки, — деп Демежан да
салқын қабақ танытты. — «Ханзадаң» не айтып отырған?
– Ойбай-ау, Керімбай — қазақтың қарадан шыққан ханы болғанда, сені
ханзада демей не дейміз? — деп Шихалдай селдір сақалың тулата,
тырқылдап күліп алды.
– Мені табалағаның ба бұл? Амал не, қазақтың қолы хандыққа жетпей
қалды ғой. Егер мен шын ханзада болсам, сен бүйтіп мына жерде суырдың
айғырындай шақылдап отырмаған болар едің, — деді Демежан да есесін
жібермей. — Одан да шақырған шаруаңды айт. Асығыспын.
– Жə-жə... Ренжіп қалдың ба соған да? Менікі жай əзіл ғой, — деп
Шихалдай жуып-шайған болды. Сонан соң: — мына бір құжаттармен
таныса отыр, — деп қызыл жиекті, жылтыр қағазға басылған əлдебір заң-
жарлықтарды ұсынды.
Демежан қағазды қолына алып, көз жүгіртіп қарап шыққан. Кенет қара
сиямен баттитып жазылған иероглифтер жыбыр-жыбыр қозғалып,
өрмекшідей өріп бара жатқан сияқтанды. Қыр еліне түсетін алман-салық
екі есе көбейіпті. Бұрынғы «сары ноқта» салығы мен шөп бажының үстіне
енді тағы «қан бажы», «қара шығын» дегендер шығыпты. Жақында осы
салықтарды жинау үшін ел-елге адам аттанатын көрінеді...
– Бұл не? Бұл тек қазаққа келген зауал ма, əлде аймақтағы басқа
халықтарды да қамти ма? — деді Демежан сұрлана түсіп. Шихалдай
əлденеден қуыстанғандай күмілжіп қалды.


– Малға түскен салық қазаққа қаратылады ғой, əрине. Өзін білесін,
мəнжу, сібе-солаң, қалмақ қауымына Еженханның ежелден жасап келе
жатқан жеңілдігі бар. Олар мұндай салықтардан азат етілгелі қашан, — деді
жай келді-кеттісі жоқ, сүйей салды əңгімедей.
– Еженханның сетерлеп ұстайтын сенімді құлы сендер болғанда, шетке
қатып, шөміштен қысатыны — біз бе сонда? Қазақ та қазір осы елдің тең
хұқықты бұқарасы болған жоқ па?
– Ол жағы енді... Қалыптасып кеткен нəрсе ғой. Өкіметке сендер мал
беріп құтылсаңдар, біз жанымызды қиямыз? Осы жүрген мəнжу, сібе-солаң,
шахар дегендер — Еженханның тұрақты əскері саналады... Мал жаннан
артық емес шығар.
Демежан лықсып келген ашуын зорға басып, мырс етіп күліп жіберді.
Осы сендердің де жан беріп, қан төгіп жатқандарыңды көрмедік қой.
Еженханды кімнен қорғап қалып едіңдер соншама?
Шихалдайдың да енді беті ашылып, өз үстемдігін айқын сезінгендей
сыздана түсті.
– Қорғамасақ енді қорғаймыз. Баяғы ата-бабаларымыз қорғап келген....
Біреулер іштен бүлік шығарып, не ел шетіне жау келсінші, алдымен барып
кеудесін оққа төсейтіндер — мына біз боламыз.
«Əттең, дүние-ай, осы сендермен бір шайқасып, кеуделеріңді оққа қалай
төсейтіндеріңді бір көрер ме еді!» деп ойлады Демежан ішінен. Не істеу
керек? Соры қайнап, сорпасы төгілген қазаққа тағы бір зауал келіпті. Қазақ
— бұл елге кірме. «Қоспа қонақ айырады» дегендей, қашан да кірменің
көрген күні осы. Шихалдайдың айтып отырғаны рас: осындағы сібе-солаң,
мəнжу-шахарлар — осы жердің иесі, Еженханның сенімді гвардиясы
саналады. Бұлардың ер-азаматы жылына екі ай казармаға жиналып, əскери
дайындықтан өтіп қайтады. Олар салық төлеу былай тұрсын, сібе-солаң
семьясында ер бала туса, өкімет оны айрықша қамқорлыққа алып, қашан ер
жеткенше сауға беріп тұрады... Ана жылғы көтерілісті жаныштауда ерекше
көзге түскені үшін, бертінде мұндай артықшылыққа қалмақтар да ие болды.
Күнкөріс не істетпейді? Азған-тозған ұрпақ нендей сатқындыққа
бармайды? Бір кезде дүниені тітіреткен, аты шулы Ойраттар əулеті бұл
күнде баяғы өз елін қанға бояп, жермен-жексен еткен ата жауына малай
болып, Маншың өкіметінің ештеңеден тайынбайтын жалаң қылышына
айналып отыр.
Демежан бұл арада Шихалдаймен тəжікелесіп отырғысы келмеді.
Қағазды өзіне қайтарып берді де:
– Бұл мəселені əлі де анықтау керек. Бəлкім, бұл жоғарғы ұлықтан
келген пəрмен емес, халдайлардың ойлап тауып жүрген қитұрқысы ма, кім


білсін. Алдымен Ши-амбының алдынан өтпей тұрып, салық жинап
шабылатын жайымыз жоқ, — деп орнынан тұрды да жүре берді.
Көшеге шыққанда бетін əлдене шалып кеткендей болды. Қазір шілденің
ортасы ғой, əуе айналып жерге түскендей күн қатты ысып тұр екен. Талма
түс кезінде күн көзі аспан төріне шығып алып, төңіректі төстіктей қақтап,
шыжғырып тұр. Демежан көшенің көлеңке жағына шығып алып, өзі түскен
ұйғыр досы Əсенажының үйіне қарай ақырын аяндап келеді. Күннің
ыстығына іштегі қыжыл қосылып, пысынап терлей бастаған. Əншейінде
көшеде қайшыласып жүретін бержабай да кезіге қоймады. Бір ауық өзінің
осы жүрісіне ызасы келді.
«Салқын жайлауда бағланның, етін жеп, қымызға бөртіп, Бибінің
қасында шалқалап жататын адаммын ғой. Ит байласа тұрғысыз қаланың
мына қапырығына мені қай құдай айдап келді екен? Елден ала бөтен егін
салып, үй тұрғызып, басыма артық бейнет тауып не азабым бар еді? Осы
қазақты ұшпаққа шығаратын мен бе сонда? Кім біліп, кім бағалап жатыр
сенің осы жанталасып жүргеніңді?».
Көз алдынан Шихалдайдың сығырайған бітік көзі, мысық мұрты,
шиқылдаған сүйкімсіз күлкісі кетпей, қанша ұмытайын десе де əлсін-əлі
ойына орала берді. Солар ел үстінен қарайтын ақсүйек, төтенше хұқықты
өкімет өкілі саналған соң, бұл тағдырға не шара?! Бір елге кірме, екінші
сортты адам болудан ауыр не бар екен бұл жалғанда.
Кенет оның ойын таяу маңнан шыққан əлдебір дауыс бөліп жіберді.
Біреу мұның атын атап шақырғандай болған. Бұрылып қараса, көшенің
арғы бетінде Ли-шансың тұр екен. Басында шиден тоқылған даңғарадай
шляпасы бар... Демежан қуанып кетіп, солай қарай аяндады. Бұл күнде
жасы алпысқа таяп қалған Ли-шансың əлі сол бұрынғы қалпы: сақал-
мұртсыз, шаш-айдарсыз, тап-тақыр, жып-жылмағай. Тек əдейілеп жіті көз
салған адам ғана бетіндегі əжім іздерінің тереңдей бастағанын,
бұрынғысынан сəл жүдеу тартқанын байқар еді. Екеуінің көктемнен бері
көрісіп тұрғаны осы болатын. Шұрқырасып қалды.
– Иə, қашан келдің?—деді Ли-шансың мұнын бас-аяғына көз жіберіп. —
Ауыл саған жағыпты, толыса бастапсың.
– Қалаға келгеніме екі-үш күн болды. Сатуға біраз мал айдатып едім,
соның шаруасымен жүрмін.
– Қалай, үй бітейін деді ме?
Ли-шансың Демежанның Боздақта үй салдырып жатқанын білетін-ді.
Көктемде жаңа үйдің жобасын сызып, іргетасын қойғанда, басы-қасында
болып қайтқан.
– Сол үйдің əуресі де баяғы. Қабырғасы қаланып болды. Енді асты-үстін


жабатын тақтай, тағы басқа жабдықтар керек. Қысқа дейін бітсе тəуір
болар еді, — деді Демежан жабырқау үн қатып.
– Өзіңнің қабағың пəс қой. Бірдемеге ренжіп жүрген жоқсын ба?
– Жай, үйреншікті нəрсе ғой. Жаңа Шихалдаймен ұшырасып қалып
едім. Сол ит тұнығымды лайлап кеткені.
– Бəсе, өзім де солай болар деп ойлап едім. Халдайлардың жүрген жері
сол ғой қашан да. — Ли-шансың Демежанды қолтықтап алды. — Қазір
қолың бос па? Жүр, ендеше екеуіміз менің лашығыма барып, асықпай
отырып бір əңгімелесейік.
Демежан қарсы болған жоқ, қайта мұңдасарлық кісі табылғанына
қуанғандай ұстазының соңынан ілесе берді. Екеуі əрнені əңгіме етіп, көше
жағалап келе жатқан. Кенет таяу маңнан баж еткен дауыс шықты да, іле-
шала Ли-шансыңда:
– Қап, өлді-ау ана пақыр! — деп қалды.
Демежан да солай қарай жалт бұрылған. Жанағы бір əлетте көшенің оң
жақ қапталында екі қолына бірдеңе ұстап, қалтаңдаған бір шиаяқ
22 
кетіп
бара жатқан сияқты еді. Соны арт жағынан өте берген бір арба абайсызда
қағып кетіпті. Əртүрлі көкөніс салған себеті төңкеріліп, əйелдің өзі баж-
баж етіп орнынан тұра алмай жатыр. Ли-шансың ұмтылып жеткенше,
қасынан өткен біреулер қолтығынан демеп тұрғызып жіберді. Өзі егде
тартқан, жардай семіз əйел екен. Анадай денені анадай аяқтың қалай
көтеріп жүргені белгісіз. Əр халықтың басқа жұрт алдында өрескел
көрінетін кейбір сорақылықтары болады ғой. Мына шиаяқтар да соның бірі
еді. Сондықтан Демежан өзі сыйлайтын қытай адамының алдында бұл
көрініске мəн бермеген, елемеген сынай танытты. Бірақ Ли-шансың қатты
назаланып келеді екен:
– Əлемге əйгілі үлкен халық бола тұра, осы бір масқаралықтан арыла
алмай-ақ қойды-ау! — деді өзіне-өзі тіл қатқандай. — Біздегі ақсүйектер
əулетінің артына қалдырған бір қайғылы мұрасы осы.
Енді Демежанға да бірдеңе айту керек еді.
– Сіздің елде əйелдердің аяғын танып, қолдан кішірейту қашан шықты
екен? Бұл өзі қай дəуірден келе жатқан үрдіс? — деді жай сөз сырағысы
ретінде.
Ли-шансың сəл ойланып қалды да:
– Мұның тарихы тым əріде жатыр. Жанылмасам, сонау Таң дəуірінде
басталған болуы керек, — деп бастап, шиаяқ бикештердің арғы шығу
төркінін таратып кетті.


Иə, сол Таң дəуірінде бір императордың жұрттан асқан керемет сұлу
əйелі болады. Ол сұлудың өзге сұлулардан бір артықшылығы, дүние
жүзіндегі ең сүйкімді, кішкене аяқ жаңағы əйелге біткен екен. Аяғы —
небəрі жеті жасар баланың аяғындай, өзі сəл жел тұрса құлап қалатындай
аса нəуетек, нəзік болыпты. Даңқы шыққан осы əйелден кейін-ак
императорлар үйленгенде, канизактар гареміне сұлулар жинағанда, ең
алдымен қыздардың аяғына қарап, соның ең кішкентайын таңдайтын
болған. Императордың назарына ілігеміз бе деп үміттенген сарай
маңындағы ақсүйектер содан былай қыздардың аяғын танып, қолдан
кішірейтуге көшеді. Бұл дəстүр бірте-бірте бүкіл елге жайылып, шиаяқ
қыздардың бағасы қатты көтеріледі. Өзін ақсүйек санайтын ауқатты
адамдар, шамасы келсе, шиаяқ əйелге үйленгісі келеді... Міне, сол дағды
ғой, осы күнге дейін қалмай келе жатқан.
– Ал қыздардың аяғын қолдан кішірейту — тұрған бойы азап, — деді
Ли-шансың əңгімесін жалғастырып. — Ол үшін бес-алты жасқа толған
қыздың аяғын мақтамен, шүберекпен Орап, ағаш не сірі қалыпқа салады
да, тас қылып танып тастайды. Аяқтың сыздап ауырғанына, баланын
шырқырап жылағанына ешкім құлақ аспайды. Ақыры қан айналысы
нашарлап, аяқтың еті өліп, ауырғанын қояды... Оның есесіне шиаяқ қыздар
өтімді. Оларға қолы жеткендер күні бұрын құда түсіп, қырылысып қала
жаздайды.
– Неткен қаталдық! — Демежан қарадай тітіркеніп кетті. — Бұл енді
сап-сау адамды жарымжан етіп, көпе-көрінеу мүгедекке айналдыру ғой.
Мұндай əйелдер қатты қайырым жұмысқа жарамайды емес пе?
– Қайдағы жараған?! Бірдемені екі қолына тең ұстамаса, олар оп-оңай
жығылып қалады. Мұның өзі əу баста əйел ауыр жұмыс істемесін, жұмыс
істеуді былай қойып, адымын керіп қатты жүгірмесін, тек еркек лəззатының
құрбандығы ғана болып қалсын деген нəпсі құмарлықтан туған нəрсе ғой,
— деп Ли-шансың терең тыныс тартты. — Екі қолын алдына сыйдыра
алмай іші пысып отырған император мен тоқшылықтан кекірігі азған сарай
маңындағы алпауыттарға не керек? Оларға ең алдымен тəн құмарын
қандыратын осындай қуыршақ əйелдер керек. Сонан соң ешбір қарсылық
көрсетпей, айтқанына көніп, айдағанына жүретін момын, мəңгүрт жұрт
керек. Əйелдің жастай аяғын таңып тастаса, халықтың санасына саңылау
енгізбей, ақыл-ойын буып ұстайды... Енді түсінікті ме?
Демежан «түсіндім» дегендей басын изеді. Бұлар жайма базарынан бір-
екі орам төмен түсіп, «Қытай базары» деп аталатын көлденең көшеге қарай
бұрылған. Араның ұясындай нағыз таршылық қаланың осы жағында
болатын. Көшенің екі қапталы бірдей қаз-қатар тізілген жайма-дүкендер,
құжынаған құжыралар. Бұл көше негізінен, ішкергі өлкелерден ауып келген
қытайлар мекені. Есігі бірден көшеге шығатын ауыз үйлерін дүкен-жаймаға
айналдырып, суырдың ініндей түпкі үйлерінде бала-шағасымен өздері
тұрады. Бұлардың арасында: ішкеріде əлдебір бүлікке қатысқаны үшін Цин


өкіметі тарапынан жер аударылған саяси сенімсіз «чампандар» да, жай
кəсіп іздеп өз аяғымен ауып келгендер де аз емес. Олардың көпшілігі
осындай бақалшы, ұсақ саудамен айналысса, екінші бір бөлігі қаланың
шет-шетінен жер үй қазып алып, əртүрлі көкөніс-сəй егіп күн көреді.
Бұлардың сыртында етікшілік, ағашшылық, шыны-шəйнек шегелейтін
түрліше қол өнермен шұғылданатындар да бар.
Ал ішкі өлкелерден күшпен жер аударылған қытайлардың тұрмысы тым
ауыр еді. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, үнемшіл төзімділігімен ғана
қиыншылыққа шыдап келеді. Əлі орын, кəсіп таппаған панасыздары
қаншама. Ауып келгендердің ішінде қыстың күні Тарбағатайдың
сақылдаған сары аязына шыдамай, көшеде серейіп қатып қалғандарды
Демежан өз көзімен талай көрген. Сол шақта: «байғұс, өз жерінен ауған
елдің күні осы ғой қашанда» деп, əлгілерге жаны ашып, көкірегін мұң
торлайтын-ды.
Ли-шансыңның пəтері жаңағы көп жайма-дүкендердің қатарында, ішке
елеусіз тар есіктен кіретін, екі бөлмелі шағын ғана үй болатын. Бұлар сол
тұсқа таман келгенде, тағы бір көріністің куəсы болды. Қолдарына найзалы
мылтық ұстаған екі шерік алба-жұлба киінген он шақты қытайды алдарына
салып айдап барады екен. Кейбіреулері жалан аяқ, енді біреулерінің
сүйретіп киіп алған шүберек шоқайлары бар. Сəл ілесе алмай кейіндеп
қалғандарын шеріктер мылтықтың дүмімен түйгіштеп, кейде аяқтарымен
теуіп тықсыра түседі.
– Мыналарды, сірə, жаңа қамалдың құрылысына айдап бара жатыр-ау, —
деді Ли-шансың əлгілердің соңынан қарап тұрып. — Қой, құрысын, үйге
кірейік. Көшеге шықсаң болды, қалайда бір қайғылы көрініске тап
боласың. Айналаң толы азап пен тозақ, тіпті қашып құтылатын жер жоқ.
Алдында кішкентай верандасы бар, тап-тұйнақтай екі бөлмелі үйде Ли-
шансың жалғыз тұрады. Əйелі ертеректе қайтыс болған. Ауыз
жағындағысы — ас ішетін, жататын бөлме де, түп жағындағысы — кішілеу
кітапхана. Үй иесі кішкентай ошаққа шай қойып, шөп-шалам турап əлекке
түсіп жатқанда, Демежан түпкі үйге кіріп, қаз-қатар тізіліп тұрған
кітаптарды тамашалады. Əр дəуір, əр ғасырда шыққан түрлі-түрлі
басылымдар. Көпшілігі көрінгеннің тісі бата бермейтін қытайдың көне
жазуымен шыққан дүниелер. Ара-арасында ағылшын, орыс тілінде
басылған кітаптар да ұшырасады. Төменгі бір сөресінде ішкеріде шығатын
газет-журнал тігінділері орын алыпты. Демежан басқаларына таңырқаған
жоқ, Омбыдан қазақ тілінде, араб əрпімен шығатын «Дала уалаяты» деген
газеттің тігіндісін көргенде аузын ашып қалды.
– Ли-шансың, сіз мынадай да газет алып тұрады екенсіз-ау, — деді түпкі
үйден таңырқай дауыстап.
– Нені айтасың?


Демежан жаңағы газеттің бір данасын алып, бері беттеп келе жатқан. Үй
иесі қарсы жолықты да:
– Ə, мынаны айтасың ба? Мен бұл газетті оқи бастағаныма бес-алты
жылдай болып қалды, — деді күле тіл қатып. — Бұдан бұрын ол жақта
«Түркістан уалаяты» деген газет шығушы еді. Кейін ол тоқтап қалды да,
осы «Дала уалаяты» шыға бастады... Осыған жазылуға кезінде консул
Балкашин көмектесіп еді. Жаны жайсаң, жақсы адам еді той марқұм.
– Ал бұған енді жазылуға бола ма?
– Неге болмасын, болатын шығар.... Ол үшін Борнеманға кіруің керек.
Жаңа консулмен қалай едің? Таныстың ба?
– Бір-екі рет көргенім бар. Бірақ баяғы Николай Никоноровичтай қайдан
болсын. Мынау бір немістің бароны дей ме... Пенснесі жалтылдап, шеніне
келтірер емес тіпті.
– Дегенмен, биыл күзде мына газетке жазылып қал, — деді Ли-шансың
қазан-аяқ жаққа қайта оралып. — Жақсы газет: Ресей мен Қазақ
даласындағы жаңалықтарды үзбей жариялап тұрады. Тегінде, қазақтың
«Қара шаңырағы» сонда ғой. Сендерге ол елдің өмірінен көз жазуға
болмайды.
Ли-шансың ауыз үйдегі дөңгелек үстелдің үстіне жұмсақ қалаш турап,
əдемілеп кесілген əртүрлі сəй қойып, шай құя бастады. Сонан соң
қаралдысы оймақтан аз-ақ қалқыңқы екі рюмка əкеліп, құм шөлмектен
сыздықтатып арақ құйды.
– Өзін білесің, мен апиын тартпаймын, — деді Демежанға қарап. —
Бірақ жаңағыдай жүйкеге тиер жайларды көргенде, осыдан аздап
ұрттайтыным бар. Көп емес, анда-санда ғана. Бүгін сенің де қабағын
келіспей тұр екен... Түк етпейді, мынадан ептеп алып қой.
Екеулерінің де ыстық шайға маңдайлары жіпсіп, шөлдері қанып,
жадырай бастады. Көбінше əңгіме бастап отырған Ли-шансыңның өзі.
– Мінеки, өзін көрген сол баяғы үйде тұрып жатырмыз, — деді
қолындағы қос шырпымен шаштай жіңішке туралған лобының бірнеше
талын іліп алып. — Ши-амбыға айтып, бұдан гөрі кеңірек үйге шығуға
болушы еді. Бірақ не көрсем де өз отандастарыммен бірге көрейін деп, осы
көшеден кеткім келмеді. Қолымда үлкен билік болмаса да, олар мені
кəдімгідей ес көреді. Қысылғанда ақыл сұрап, мұңдарын шағып, келіп-
кетіп тұрады.
– Сіз білмедіңіз бе, Ши-амбыныкі не науқас екен? Бірталайдан бері
кеңсеге келмей, үйінде ауырып жатқан көрінеді ғой, — деді Демежан есіне
өзінің бір шаруалары түсіп.


– Білмеймін, сол лаухан
23 
кейінгі кезде маған ұнамай жүр, — деп үй иесі
жымиып күліп қойды. — Бəлендей алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ,
өзінін үйреншікті дерті-ау деймін... Кезінде апиынды көп тартты ғой, содан
жүрегі нашарлаған болуы керек.
Ли-шансыңның түр əлпетінен, езуінде ұйып қалған күлкіден ар жағында
айтылмай жатқан ой ұшығы білінген. Кеседегі шайды жаңартып қайта
құйды да, əңгімесін əрі қарай жалғап əкетті.
– Білем, сен Ши-амбыны жақсы көресің. Ол да саған жаман қарамайды.
Бірақ жалпы билеушілерден жақсылық күту қиын ғой. Рас, Ши-амбы
басқалармен салыстырғанда, шамасы келсе əділ болуға тырысатын, ептеген
демократтығы бар, табиғатынан жұмсақ адам. Былайша айтқанда, көп қара
қарғаның арасындағы ақ қарға сияқты. Бірақ түсі бөлек демесең, ол да —
қарға. Бүкіл коғамдық құрылыстан, отаршылдық тəртіптен ол да алысқа
ұзап кете алмайды. Түсін бояған ондай əрі-сəрі адамнан гөрі, қайта
Шихалдай сияқты ашық жаудың өзі жақсы.
Демежан Ли-шансың пікірінің дұрыстығын жалпы мойындағанымен,
өзіне бала кезінен көп жақсылық еткендей боп көрінетін Ши-амбыны көңіл
түкпірінен сызып тастай алмай отырған. Əсіресе, оны Шихалдайдан да
сорақы деген тұжырымына мүлде қосыла алмады.
– Дегенмен Ши-амбының тұсы жеке маған ғана емес, қарапайым
халыққа да онша жайсыз болған жоқ қой. Қолы- нан іс келетін қабілетті
адамдарды шетке қақпай, бағалайтын қасиеті тағы бар. Осы өзіңізді де
қызметке тартып, қатарға қосқан — сол Ши-амбы емес пе? — деді
ұстазының жүзіне сынай көз жіберіп.
Ли-шансың бұған да бөгелген жоқ. Бұдан бұрын да талай толғанған
жайы болуға керек, айтар ойын түйдек-түйдегімен тастап, қызулана сөйлеп
кетті.
– Оның бəрі — саясат, қымбатты Демежан. Өз үстемдігін ұзарта түсуді
көздеген əдіс-айла ғана. Қазір Цин империясының тозығы жетіп,
мемлекеттік 
аппаратты 
басқарудан 
қалғаны 
соншалық, 
халықтың
наразылығын басу үшін, қытай ұлтынан шыққан бірлі-жарым адамдарға
жоғары шен, қызмет беруге мəжбүр болып отыр. Мəселен, қазіргі
астаналық Чжили өлкесінің бастығы Ли Хунчжан мен бұрын Кореяны
билеп тұрған генерал Юнь шикай — қытай ұлтынан шыққан чиновниктер...
Бірақ дүниенің кең-тарлығын, жақсы-жамандығын əркім өз басымен ғана
өлшемеу керек. Бұл қателікке ұрындыруы мүмкін. Адастырмайтын бір ғана
жол бар. Ол — халық мүддесі. Нені де болсын, сол халықтың мүддесімен
өлшеу қажет!
«Иə, бұл айтқаны қисынға келеді, — деді Демежан іштей мойындап. —
Егер осы жолы халықтан жинайтын алман-салық туралы бұйрыққа Ши-
амбының өзі қол қойғаны рас болса, онда ол шалдың да əуселесі белгілі


болды».
– Сіз сонда империя қазір құлдырау, ыдырау сатысында тұр деп
ойлайсыз ба? — деді ол негізгі əңгіме желісіне қайта оралып.
– Оған титтей де күмəнің болмасын. Не нəрсе ақылға сыйымсыз болса,
оның өмірі ұзаққа бармайды... Қазір елдің ішкі ахуалы оңып тұрған жоқ. Ал
сыртқы халықаралық жағдайы одан да сорақы. Империяның тоз-тозы
шығып, қол астындағы бодан мемлекеттер бірінен соң бірі уыстан шығып
кетіп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын франиуздармен соғыста оңбай
жеңіліп, айыпқа Вьетнам мен Лаосты, Камбоджаны беріп құтылып еді.
Өткен жылы күзде қытай-жапон соғысында Цин армиясының күл-талқаны
шығып, нəтижеде Кореяны қолдан берудің сыртында, миллиондаған лян
айып төледі. Ал сонда сарайда отырғандар не істеген дейсіз ғой? Осыдан
бірнеше жыл бұрын соғыс-теңіз флотын құруға қыруар қаржы бөлінген
екен, ол соманы жесір патшайым Цыси өзіне жаздық сарай салуға жұмсап
жіберіпті... Осы масқараны көре тұрып, бойында қаны бар адам төзіп
отырады деп ойлайсың ба?
– Ал Цин империясы күні жетіп, құлады дейік. Сонда оның орнына
қандай өкімет орнауы мүмкін?
– Егер маньчжур үстемдігі құласа, батыстағы дамыған елдер сияқты
біздің елде де буржуазия келеді өкімет басына.
– Əй, бірақ, жығыла кеткелі тұрған Цин өкіметін көрмедім-ау! — деп
күлді Демежан. — Қайта, бұратана халықтарға тырнағын бұрынғыдан ары
батыра түсіп отырған жоқ па? Мана Шихалдайдың айтуына қарағанда,
қазақтан алынатын алман-салық бірнеше есе көбейе түскен көрінеді.
– Енді не істейді? Аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысады. Өкімет
шетелге төлеп жатқан айып ақшаның есесін қарауындағы халықтан
қайырмағанда кімнен алады? Мұны жан тапсыру алдындағы соңғы тұяқ
серпу, ышқыну деп ұғынуымыз керек.
Ли-шансың соны айтып, біраз үндемей отырды да, өз ойын онан ары
сабақтай түсті.
– Жалпы халықтың, мемлекеттің қамын ойлап отырған Цин өкіметі жоқ
қой, — деді имек трубкасына темекі толтырып жатып. — Цин династиясы
өкімет басына келгелі, міне, екі жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Қазір тақта
отырған Гуансюй — тоғызыншы император екен. Табиғатынан жетесіздеу
жаралған жиырмадағы жас жігіттің император деген аты ғана. Бар билік
жесір патшайым Цысидың қолында. «Кемпір араласқан ертегі оңбайды»
деуші ме еді қазақтар? Miне, соңғы отыз жылдан бері біздің елімізді сол
жесір əйел басқарып келеді. Цыси — бір кездегі император Сяньфанның
некесіз əйелі, нақсүйер кəнизəгі болатын. Императорға мұрагер ұл туып
берді де, сарайда біржола орнығып қалып қойды. 1862 жылы император


Сяньфан өлген соң, алты жасар Тунжи тақ мұрагері атанды да, оның
шешесі Цыси жас императорға регентша — бас уəзір болып тағайындалды.
Тунжи балиғатқа толар-толмастан апиынмен əуестенген, Пекиндегі
жезөкшелер үйінен шықпайтын, серімастау жігіт еді. Ол ақыры таққа
ресми отырар-отырмастан, небəрі он тоғыз жасында өліп тынды. Оның
орнына Цыси 1875 жылы өзінің сіңлісінен туған жиені — төрт жасар
Гуансюйді тақ мұрагері етті. Бұл жолы сарай маңындағылардың
наразылығына қарамай, тізеге салып отырып, өз ойын зорлықпен
орындатқан. Ал өзі тағы да тақ мұрагерінің бас уəзірі — регентша болып
қала берді... Бұл əйелдің не істеп отырғанын жоғарыда айттым: бүкіл бір
мемлекеттің соғыс-теңіз флотына бөлінген қаржыны өзіне сарай салдыруға
жұмсап жіберген адамнан не үміт, не қайыр күтуге болады?
– «Е-е, бұл дүние жоғарғы жақта, хан сарайының өзінде былығып жатыр
екен той, — деп ойлады Демежан. — Өзі жарымағанның сарқытын
ішкендей, мұндай елге бодан болған қазақтың шекесіне қайбір шор-шор
алтын бітер дейсің. Ит-қорлықпен өтетін өмір болды ғой мұның өзі...»
– Əй, біздің халықтың да маңдайының соры қалың-ау! — деді Ли-
шансың 
əлден 
уақытта. 
Осыны 
айтқанда 
əншейіндегі 
салқын
сабырлылығынан айрылып, орнынан тұрып кетті. Қызулана, алқына сөйлеп
тұр. — Өзін ойлашы, ежелгі ерте заманда біздің Хань ұлты кімнен кем еді?
Қазір Еуропадағы ең дамыды деген мемлекеттер əлі тарих сахнасына
шықпай тұрған кезде, біз дүние жүзіне əйгілі өркениетті ел болатынбыз.
Суда жүзетін ең алғашқы кемені, компасты, жібек пен қағазды, шай мен
мылтық дəрісін ойлап тапқан кім? Біздің халқымыз еді ғой... Ақыры не
болды? Соның бəрі де жалғасын таппай, сабынның көбігінше ыдырады да
кетті. Он жетінші тасырда Еуропада қайта өрлеу дəуірі басталғанда, біздің
ел керісінше Цин династиясының құлдығына түсті. Өкімет басына келген
маньчжур ақсүйектері халықтың қамын, мемлекеттің болашағын ойлап бас
қатырып жатпады. Олардың жатса-тұрса ойлағаны — өздерінен жүз есе,
мың есе көп хань ұлтын бас көтертпей тұншықтырып, қалайда басып
отыру ғана болды... Халықтың алға басар ақыл-ойына тұсау салды. Сөйтіп,
бүкіл Еуропаға шарапатын тигізген қайта өрлеу дəуірі Қытайға соқпай өтті
де, біз дүниежүзілік бəсекеде батыс елдерінің шаңына да ілесе алмай,
баяғы орта ғасырлық деңгейде қала бердік. Ал артықшылық бар жерде
кіріптарлық болмай тұра ма. Бір елдің қоғамдық құрылысы алға кеткен
екен, ол сені қанжығасына бөктермей қоймайды. Біз, басқаны былай
қойғанда, кеше ғана өзімізден өсіп-өнген жапондардан да артта қалып
қойдық қой... Ең алдымен теңіз флоты сай португалдар мен испандар келіп,
кейін оған ағылшындар мен француздар қосылып, Қытайды Тынық мұхит
аймағынан ығыстырып шығарды. Енді, міне еліміздің қалаларына
ішкерілей еніп, өзімізді апиынға еліттіріп қойды да, бар байлығымызды
танауымыздың, астынан тонап əкетіп жатыр... Масқара емес пе?! Енді
біздің халықтың алдында екі ғана жол бар: не осы бетінде құлдыққа
көндігіп, шет мемлекеттердің отарына айналады да, не болмаса Цин
династиясын құлатып, бұғаудағы прометейдей бəрін тас-талқан етіп бұзып


шығады.
Манадан бері Ли-шансыңның əңгімесін қалт жібермей тыңдап отырған
Демежан көп жайға қаныққандай болды. Айтып отырса, бұл кісінің де өз
қайғысы өзіне жетіп жатыр екен. Ол бүкіл хань ұлтының жоғын жоқтап,
соның жарғысына түсіп отыр. Тауда бұғы мөңіресе, ойдағы өгіздің мүйізі
сырқырайды. Қатын мен қатын көріссе, əрқайсысы өз қасіретін айтып
жылайтыны секілді, екеуінде бір ортақ күй бар. Цин өкіметінің тұсында
бүкіл елдің тоқсан бес процентін ұстап отырған хань ұлтының жағдайы
əлгіндей болғанда, қоралы қойдың бір шетінде жусаған бір шөкім ешкі-
лақтай көрінетін қазаққа не сорым?! Демежан осы ойын Ли-шансыңнан да
бүгіп қала алмады.
– Өз халқыңыздың артта қалғаны жанға батады демесеңіз, хань ұлты дəл
қазір құрып кетейін деп тұрған жоқ қой. Мұндай көп халық ешкімнің
кеңірдегінен өте қоймас... Ал біздің жайымыз не болады? Цин династиясы
құлап, өкімет өзгергендей болса, біздің қазаққа тиетін жеңілдік бар ма? —
деді ұстазының жүзіне жымия қарап отырып.
– Қазаққа қай өкімет тұсында да жеңіл емес, əрине. Халық неғұрлым
кіші болған сайын, оның уайымы соғұрлым үлкен болады, — деді Ли-
шансың. — Цин өкіметі құласа, қазақ, ең бастысы, халдайлардың
үстемдігінен құтылады. Бұл аз олжа ма? Демек, сіз бен біздің қарсы
күресетін жауымыз ортақ. Ол — Цин династиясы.
Демежан іштен тына күрсінді.
– Император сарайына біздің қолымыз жете қоймас. Бірақ Шихалдай
мен Бахалдайлық болармыз... Шіркін, солардың кекірейген сасық кеудесіне
мініп отырып, басындағы айдарын тұтамдап тұрып кесіп алсам, бұл
жалғанда арманым болмас еді...
Осы мезетте сыртқы есік ашылып, дəлізге біреу енгендей болған. Көп
кешікпей бұлар отырған ауыз бөлмеге қолында себетке салып көтеріп алған
бірдеңесі бар, бір қартаң қытай кірді. Басында қолдан тоқыған қамыс
қалпақ, үстінде етегін сыртына салған көнетоз көйлек, аяғында шүберек
шоқай... Шиден тоқыған желпуіші мен темекі дорбасын беліне байлап
алыпты. Бүкіл түр əлпетінен-ақ өне бойы күн астында жүріп, мейіздей
қатып қалған қытай шаруасы екені бірден аңғарылып тұр. Қолындағы екі
себетті босағаға қойды да, үй иесіне тəжім етіп:
– Шансың, сізде қонақ бар екен ғой. Мен бір айналып келейін, — деп
қайтадан шығып кетуге ыңғайланған.
Бірақ Ли-шансың оны жібермеді. Орнынан тұрып барып, зорлағандай
үстелге əкеліп отырғызды. Өзі əркімнен жəбір көріп, əбден зəтте болған
адам секілді. Осында баса-көктеп келгеніне ыңғайсызданғандай, төрде
отырған Демежанға əлсін-əлі иіле береді. Соны сезген Ли-шансың:


– Сіз бұл кісіден қысылмаңыз. Бұл осындағы қазақ жұртының мырзасы,
менің досым, əрі шəкіртім Демежан деген кісу... Ал мына кісі — Жаң
Шули, менің аньхойлық жерлесім — деп екеуін таныстыра бастады.
Жан енді қысылғанын қойып, қытай тілін жақсы білетін жігітті іш
тартқандай, Демежанмен шүйіркелесіп кетті. Ішкі өлкеден келгеніне төрт-
бес-ақ жыл болыпты. Аньхойлық шаруалардың кезекті бір толқуына
қатысты деген желеумен осы жаққа тобымен жер аударған... Қасында əйелі,
інісі жəне ер жеткен ұлы бар. Қала сыртындағы қарасулардың бірінде екі-
үш жылдан бері əртүрлі көкөніс өсіріп, өнімін сатып, жан бағып жүреді
екен. Биыл сол маңай əлдебір ұйғыр помещигіне қарап кетіпті де, ол
жерден енді көш деп жатқан көрінеді. Өзінің сол жағдайын Ли-шансыңға
хабарлап, ақылдаса келген беті екен.
Шаруа осы жайларды асықпай баяндап отырды да, кенет əлдене есіне
түскендей орнынан ұшып түрегелді.
– Кешіріңіздер... Ұмытып кетіппін ғой. Шансын, менің сізге əкелген
азын-аулақ сауқатым бар. Биылғы жылдың жаңа өнімі ғой, ауыз тиіңіздер,
— деп мана босаға жаққа қойып кеткен екі себетті бері таман алып келді
де, əлгілердің ішінен помидор, қияр, бейсай мен жусай, тағы бірнеше
əңгелек қауындарды шығара бастады.
– Жаң, достым-ау, сен мені мүлде байытып тастадың ғой. Мұның бəрін
маған қалдырмай-ақ жарым-жартысын базарға апарып сатсаң болмай ма?
— деп үй иесі қалбалақтап қалды.
– Биыл өнім жаман емес. Шетінен жабылып сатып та жатырмыз...
Мынау сізге əкелген дəм ғой, — деген Жаңның өзі де мəз-мейрам.
– Міне, көрдің бе, біздің шаруалар қандай, ə? — деді Ли-шансың енді
Демежанға бұрылып. — Бүкіл империяны асырап отырған — осы
шаруалар ғой. Біз кейде соның да қадірін білмейміз-ау... Ал кəне, мына
қауыннан жемейміз бе? —деп жаңағы əңгелектердің бірін пышақпен тіле
бастады.
Əңгелегі балдай тəтті, əрі сап-салқын екен. Аузына сал сан тіліңді
үйіреді. Иісі де керемет, жұпардай аңқып бүкіл бөлмені алып кетті.
– Бұл өлкенің топырағы тамаша ғой. Не ексең сол шығады, — деді Жаң
мына оқымысты адамдардың өз қауынын түшіркене соғып жатқанына
баладай қуанып.
– Ол жерден көшсеңіз, енді қайда баратын ойыңыз бар? — деді Демежан
қауынның тағы бір тіліміне қол созып жатып.
– Білмей тұрмын. Бұл жақта жер көп қой... Бірақ бəрінін де иесі бар.
Əлде қала төңірегіндегі помещиктердің біріне жалданамыз ба... Басымыз


қатып тұр...
Осы сəтте Демежанның басына бір ой келе қалды да, Жаңға мынадай
ұсыныс айтты:
– Мына Ли-шансың біледі, мен былтырдан бері қырдан жаңа зəйімке
салдырып жатырмын. Жер жағы жетеді, су да тапшылық етпейді... Егер
алыссынбасаңыз, сол жерге барып, бау-бақша өсіруге қалайсыз? Күш-
көлік, жер-су, бəрі менен. Тек шыққан өнімнен бізді де құр тастамасаңыз
болғаны.
Күтпеген ұсынысқа Жаң не айтарын білмей, жаутаңдап Ли-шансыңға
қарай берген.
– Міне, табылған ақыл... Жаң, сені бүгін бұл жаққа құдай он бастап
келген екен, — деді Ли-шансың оны бірден қостап.
– Ол қай жерде? Қаладан тым қашық емес пе?
– Оншалық қашық емес. Қаладан ұзаса отыз шақырымдай болар, — деді
Демежан. — Өздеріне үй салып алуға көмектесемін. Ал алған өнімдеріңді
базарға əкеліп сатам десеңдер, ат-арба тауып берейін... Əйтпесе, көкөніс,
қауын-қарбыз дегенің қазақ үшін жеңсік ас, оларыңды егіс басынан-ақ
талап əкетуі мүмкін.
– Ойланайын. Əйеліммен, ініммен ақылдасайын...
– Ойланатын ештеңе жоқ, келісіміңді бере бер, — деді Ли-шансың
əңгімеге араласып. — Демежан сенің бақшаңның өніміне қарап отырған
кісі емес. Тек күздің күні бала-шағасын қауын-қарбызға тойдырып, қазақ
ағайындарды көкөніске дəніктірсең жетіп жатыр, — деп рахаттана күліп
алды.
Жаң желкесін қасып, аз ойланып отырды да:
– Егер Шансың да солай ұйғарып тұрса, не істейміз, барамыз да, — деді
ақыры көнген рай танытып, — Бірақ биылғы өнімді саудалап, жиып-теріп
алғанша, мұрсат бересіз.
– Жарайды. Тек əбден дайын болған кезіңізде мына Ли-шансыңға
құлаққағыс етсеңіз, өзім көлік жіберіп, көшіріп алам, — деді Демежан. —
Көкөністен басқа, тал-терек, бау өсіруге қалайсыз.
– Ол қолдан келеді...
– Онда тіпті жақсы. Мен болашақ зəйімкемнің төңірегіне күндік жерден
көрініп тұратын зəулім теректер, əр алуан жеміс ағашын өсірсем деген
ойым бар.


Сонымен екі жақ уəде байласып, қол алысты. Демежан қарапайым
қытай адамдарымен қош айтысып далаға шыққанда, күн кіші бесінге таман
еңкейіп қалған еді.
II
Сауданың өз заңы бар. Ол ешкімнің де бет-беделіне қарамайды.
Сондықтан да болар, қалалы жерде ақшасыз аттап баса алмайсың.
«Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» дегенді бұл жұрт тегін
айтып жүрген жоқ. Қалаға келгелі Демежанның мал сатылып, қалтасына
ақша түскеннен кейін ғана көп шаруасы біртіндеп біте бастады.
Кеше Бабалық пен Диқанбай олжалы оралған. Айдап апарған малдарын
орыс көпесіне жақсы бағамен бұлдап өткізіпті. Содан кейін-ақ іс оныңа
айнала бастады. Бүгін Бабалықтың көмегімен қаладан тағы бірнеше
ағашшы-ұста жалдады. Шəнішевтердің қоймасынан толып жатқан есік,
терезе сатып алды. Үйдің төбесін жабатын, еденге төсейтін əлденеше
бөрене-мəтшалар, тілінген дайын тақтайлар керек еді. Оны да бір бай
саудагердің қоймасынан тауып, сұрағанын беріп, сатып алысты. Сол
алынған дүниелерді бүгін бірнеше арбаға тиеп, оған Диқанбайды бас етіп,
Боздаққа жөнелтіп жібергеннен кейін ғана, Демежан уһ деп тыныс
алғандай болып еді.
Күн екіндіге еңкейе бергенде, кешегі уəде бойынша, Бабалықтың үйіне
келген. Жас жігіт қойын сойып, қолын қусырып, күтіп отыр екен. Бұлай
адам санатына қосылып, ел қатарлы шаңырақ көтеріп, кісі түсетін үй
болғанына өзі де разы сияқты. Демежанды құрақ ұшып, қуана қарсы алды.
Сұңғақ бойлы, талдырмаштау келген, кісі көрсе бет моншағы төгілердей
ұялып тұратын, ақ сарының əдемісі деуге болатын, жап-жас келіншегі бар
екен. Бабалық қазақ салтына бағынбай, əйелін бірден таныстыра бастады.
– Ал, Демежан аға, сұр бойдақ атана жаздап, қыздан қыз таңдап жүріп,
ақыры қолымызға қондырған келініңіз осы кісі. Аты — Шəкет... Бір
тəуіптің ертеректе маған бал ашып бергенін өзіңізге бұрын айтып едім ғой.
Соның айтқаны рас болса, бұл келініңіз осы оттың басын шүпірлеген қара
домалақтарға толтыруға тиіс.
Онсыз да үлбіреп əрең тұрған жас келін бетін басып, есіктен зыта
жөнелді. Екеуі біраз қалжың айтысып, күлісіп алған соң, Бабалық өзінің
Шəкетке қалай үйленгенін əңгімелеп берді. Шəкет — мына төменгі Еміл
бойын қыстайтын Қарақұрсақ ішіндегі Итемер деген ауқатты кісінің
қарындасы екен. Бабалық жеке кəсіпке көшкелі сол ауылдарға саудамен жиі
барып жүреді де, ақыры осы қызбен көңіл жарастырады. Оң жақта отырған
бай қызына кезінде құда түсушілер де аз болмаса керек, бірақ Шəкеттің өз
басы Бабалықты қалаған. Бастабында қыздың өзге туыстары: «жалғыз атты
саудагерге қарындасымызды бермейміз» деп біраз өрекпіген екен. Ауыл
ағасы Итемер алды-артын ойлайтын аңғарлы кісі болса керек, басқаларына
басу айтып:


– Əй, мен бірдеңе білсем, бай-манаптың мырзасынан осы жалғыз атты
саудагерім озып жүрмесін. Бұл заманда өзіне-өзі сенген кісі ғана жалғыз
жүреді... Өзі бір басқа бір көз, еті тірі жігіт екен. Оның үстіне баланың өз
көңілі де осыған ауып тұрса, екі жасты жылатып, обалына қалып қайтеміз.
Сүйгеніне қосайық, — деп кəдімгідей той жасап, қарындасын былтыр
күзде жасау-жабдығымен ұзатыпты...
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген рас. Онсыз да еті тірі
Бабалық былтырдан бері өзіне қайын жұрт — сүйеніш тауып, арқа-басы
кеңіп қалған көрінеді. Жаңадан бас құрады дейтін емес, жас жігіт үй ішінің
жиһаз-мүлкін де қордаландырып, жинап тастапты. Қырдың оюлы сырмақ,
тұс киіз, текеметіне, қаланың кілем-кілшесі, биік айна, үстел-орындығы
қосылып, айрықша бір жарастық танытады.
Екеуі қымыз ішіп, шөл басып, біраз əңгімелесіп отырған соң, бой жазу
үшін далаға беттеді.
– Сізбен сұхбаттас болсын деп, қаланың екі-үш саудагерін қоса
шақырып едім. Олар да келіп қалар, — деп, үй иесі төс қалтасынан күміс
баулы сағатын алып қарады.
Бабалықтың қазіргі отырған үйі жұпынылау көрінгенімен, ауласы ат
шаптырым, қора-қопсы, бау-бақшасы тіпті мол екен. Тұрған жері де
көтеріңкі,«дөң көше» деп аталатын үстіртке орналасқан. Жаңа байып келе
жатқан жас жігіттің көңілі тіпті арыда жатыр: болашақта ауланың төрінен
жаңадан үй салдырмақ. Тал-терек, жеміс ағаштарын отырғызып, айналасын
түгелдей бауға айналдырмақ. Мал қорасы, сауда бұйымдары сақталатын
қойма-склад дегендерін мына оң жақ қапталға түсуге тиіс. Жəне соның
бəрін орындалмас армандай, бұлдыр қиял түрінде айтпайды, күні ертең
солай болатынына көзі жетіп, төндіре, сендіре сөйлейді. Оның сөзіне
Демежан да титтей шəк келтірген жоқ. Кеше ғана Шəнішевтің делбесін
ұстап жүрген атшы баланың аз уақыт ішінде мынадай дəрежеге көтерілуі
көп сырды аңғартқандай. Ол Бабалықтың əңгімесін зейін қойып тыңдап
тұрып: «шіркін, біздің қазақтың əрбір жасы тіршілікке осындай бейім
болса, мұртымызды балта кеспес еді-ау!» деп іштей сүйсініп қалды.
Осы сəтте сыртқы қақпадан үш-төрт кісінің дабырласып кіріп келе
жатқаны байқалды. Алдындағысы — Шəуешектің атақты байы Рамазан
Шəнішевтің өзі. Қасында сəнді киінген тағы бір жап-жас татар мырзасы
бар. Ал жасы қырықтар шамасындағы, басына сəлде ораған, ұзын бойлы,
бөгде кісіні екеуі де тани алмады. Рамазан бай өзіне жарасқан еркіндікпен
сонадайдан самбырлап сөйлеп келеді.
– Уа, Бабалық бай, қайдасың? Қонақтарды қабылда... Мына жаңа
қонысын, қора-жайын құтты болсын!
– Рақмет, байеке, айтқаныңыз келсін. Айтқан сөзіңіз періштенің
құлағына шалынсын. Сіз сияқты бай болуға жазсын құдай тағала, — деп


Бабалық та қонақтарының алдынан шығып, қошемет көрсетіп жатыр.
Шəнішев бай мана таңертең Демежанмен көріскен-ді. Дегенмен тағы да
қол беріп амандасты.
– Демежан мырза, сіз келіп те қалғансыз ба? Қыр қазағы жайбасарлау
болушы еді. Біздің алдымызды орап кеткеніңіз қызық болды-ау.
– Біз сіздер сияқты сағат-минутқа қарап отырмаймыз. Қонаққа шақырған
жер болса, «шабан үйрек бұрын ұшар» деп, күн еңкейген соң-ақ солай
қарай тарта береміз, — деп күлді Демежан.
Шəнішев Демежан мен Бабалыққа енді қасында тұрған серіктерін
таныстыра бастады. Алдымен жас татар мырзасын көрсетіп:
– Бұл — Ыбырай деген азамат. Ыбырай Ғабдулжаппаров... Семейден
келіп осында дүкен ашып жатқан атақты Ысқақ байды білесіздер ғой?
Соның туған інісі. Атымтайдай жомарт, серілігіне қарап, жұрт бұл жігітті
Ыбырай байбатша деп те атайды... Ал мына кісі, — деді қасындағы биік
қабақ, құс тұмсықтау келген, сəлделі адамды нұсқап. — Қаламызға таяуда
келген, исламияттың адал құлы, əрі насихатшысы, бір сөзбен айтқанда,
біздің жаңа піріміз — Ешен-Сейіт дамолла.
Рамазан бай сол үрдіспен Демежан мен Бабалықтың да кім екенін
серіктеріне айтып шықты. Жəне бұл екі кісінің де Демежанды сырттай
білетінін, тіпті бір көруге құмар болып жүргенін, бүгін оңтайлы сəтті
пайдаланып, əдейі ертіп келгенін де сөз арасына қыстырып жіберді.
Бабалық қала салтымен оң қолын кеудесіне қойып:
– Ал, құрметті қонақтар, үйге кіріңіздер! — деп жатқанда, қақпадан тағы
екі адам көрінді.
Бұл келген — Шəуешектегі саудагерлер қауымының бағынатын
басшысы Хасен ақсақал деген кісі еді. Ақсақал деген атақ бұл арада оның
қарттығына қарап қойылмаған. Бұл кісінің лауазымы солай. Əйтпесе жасы
тым үлкен емес, ұзаса елудің ішінде ғана. Ресейден келген татар, өзбек,
орыс саудагерлерін осы ақсақалдар басқарады да, сол арқылы орыс
консулына бағынады. Бұрын бұл қызметті Таужан Жұртбайұлы деген кісі
жеке атқарып келген еді. Кейін ол орнынан түсті де, жыл сайын молая
бастаған саудагерлер жұртшылығын Тасқожа Ишан мен осы Хасен ақсақал
бөліп басқаратын болды... Хасен шарға бойлы, көзі шүңірейген, шикіл сары
кісі екен. Кешіккеніне қайта-қайта кешірім сұрап, тұрғандарға жағалай қол
беріп жатты.
Қонақтар үйге кіріп, төр алдына төселген көпшік-көрпелерге жайғасты.
Кешікпей ортаға дөңгелек үстел қойылып, қымыз құйыла бастаған. Бұл
жердегі əңгіме негізінен сауда төңірегінде, базардың арзан-қымбаты, мал


бағасы жөнінде айтылып жатыр. Күміс қорының азаюына байланысты,
жақында күміс ақшаның орнына мысқал деген жаңа ақша (жиырма тиын —
бір мысқал) шығады екен. Сол туралы да біраз сөз болды.
Бұл отырыста сөз тізгінін ұстап, əңгімені өрбітіп отырған — Рамазан
Шəнішев. Бұл күнде қырықтың жуан ішін аралап, ақбөртеленіп, семіріп
алған бай саудагер бүкіл түр-тұлға, сөйлеу мəнерінің өзімен-ақ шаруасы
шалқып, тасы өрге домалап тұрған адамның қалпын танытады. Осыдан екі
жыл бұрын орыс саудасын шет елде қанат жайдырғаны үшін, осындағы
бірнеше татар, өзбек көпестеріне «Ресейдің құрметті азаматы» деген атақ
берілген. Соның бірі — осы Рамазан бай. Аздаған татар акцентімен бұл да
қазақша таза сөйлейді. Көршілес екі патшалық — Ресей мен Қытайда
нендей жаңалықтар болып жатқанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай
сайрап біліп тұр. Əсіресе сауда жөніне келгенде үстінен су төгілмес
жорғадай тайпалып кетеді. Ол үшін тіршіліктің тірегі — сауда. Одан басқа
дүние асты-үстіне келіп аударылып түссе де бəрібір сияқты.
Рамазан енді бір ауық Орта Азия қалаларының Ресей иелігіне біржола
өтуіне байланысты, соңғы жылдары Шығыс Түркістанға Қоқан, Хиуа,
Самарқант, Марғұланнан келетін сауда керуенінің азайғанын, мұның өзі
жергілікті кəсіп иелерінің емін-еркін көсілуіне кең жол ашқанын қыбы қана
отырып əңгімеледі. Қазір қазақ даласында үлкен сауда орталығына
айналып отырған Қоянды жəрмеңкесі де сөз болмай қалған жоқ. Тек екі ел
арасына жүріп тұратын саудагерлерге Маңшың өкіметі кеден салығын тым
ауырлатып жіберіпті. Отырғандар соны біраз тілге тиек етісті.
Оқта-текте жас мырза Ыбырай да сөзге араласып қояды. Өзі өте
қазағуар, қыр елінің салт-санасын жақсы білетін жігіт сияқты. Дəл мына
Шəнішевтердей болмағанымен, оның да Омбы, Семей, Шəуешек, Құлжа
арасын қосып жатқан ірі саудагер əулетінен екені көрініп тұр. Екеуі оңаша
қалған бір əредікте Демежан оның арғы тегін, Шəуешекке қашан жəне
қалай келіп орналасқанын сұрастырған. Сондағы Ыбырайдың жауабынан
қысқаша ұққаны мынау болды.
Əрине, бұлардың да түп-төркіні Қазанда жатыр. Арғы атасы
Ғабдулжаппар да орташа дəулеті бар, саудамен көзі шыққан адам екен.
Татарлар орысқа ерте қараған, Ақ патшаның пəрманындағы ел ғой. Осыдан
қырық жылдай бұрын орыс-түрік соғысы кезінде Ғабдулжаппардың жалғыз
ұлы Мұзаппарды солдатқа алу қаупі туады. Көзі ашық, сұңғыла əке жалғыз
баласын көпе-көрінеу өлімге айдағысы келмейді де, қалтасын қаржыға
толтырып, қазақ даласына жылыстатып жібереді... Содан, не керек,
Мұзаппар жай сауда жасаған боп, ел ішімен жылжи-жылжи, Семей
қаласынан бір-ақ шығады ғой. Мұнда келген соң да қарап жатпайды, бірден
кəсіп істеуге кіріседі. Ата кəсібі — сауда. Ол барлық жерде керек. Жер
шарының қай түкпіріне барсаң да саудасыз өмір жоқ. Сауда ұлтты да, жерді
де таңдамайды. Сауданың көзін танитын Мұзаппар айналасы бірнеше
жылдың ішінде-ақ қатарға қосылып кетеді. Сөйтіп жүргенде айы оңынан


туып, атақты орыс капиталисі Савва Морозовтың саудасын жүргізетін
адамдармен ұшырасып қалады. Арада көп уақыт өтпей, бұл да сол
компанияға кіреді. Орталығы Омбыдан басталатын сауда капиталының
бұйдасын ұстап, бүкіл қазақ даласын шарлайды. Келе-келе Савва
Морозовтың капиталына қазақ даласы да тарлық етіп, енді оның бір ұшы
Шығыс Түркістанға өтеді. Алтай, Үрімжі, Құлжа қалаларын қамтиды... Бұл
жылдар ішінде Мұзаппардың өзі де əбден қоттанып, байып алған-ды.
Берітінде Морозов капиталынан бөлініп шығып, өз саудасын дербес
жүргізетін күйге жетеді.
Мұзаппар осыдан үш-төрт жыл бұрын Семейде қайтыс болыпты.
Артында төрт бірдей ұл қалған. Ең үлкені Ысқақ екен. Қазір Ысқақ бай
атанып жүрген жігіттің жасы отызға жаңа ілінген. Əкеден қалған мол
дəулеттің тізгіні сол Ысқақтың қолында. Бұл да — жаңағы «Ресейдің
құрметті азаматы» деген жоғары атақты алғандардың бірі. Сауданың бір
ұшы Семей — Зайсанда, екінші ұшы Үрімжі — Құлжада жатыр... Ал
Ыбырайға қарайтыны — тек Шəуешектегі бір ғана тармағы екен. Соның өзі
ұшы-қиыры жоқ қыруар дүние көрінеді. Өзінен кейінгі үйелмелі-сүйелмелі
екі інісі Семейде шешелерінің қолында. Ыбырайдың өзі жиырмаға жаңа
шыққан бозбала дейтін емес, сауданың қыры-сырына судай ағып тұр.
Шəуешектен жаңа қора-жай салдырып, бірнеше жерден сауда дүкендерін
ашқыза бастаған. Түбі Тарбағатай өлкесіне біржола орын тебетін ойы бар.
Қазақ ортасынан зəйімке салдырып, төрт түлік мал ұстап, бір жағы
егіншілікпен айналысудан да кет əрі емес секілді. Қыр елімен қоян-қолтық
араласу үшін, қалаға таяу қоныстанған Төртуыл ішін қолайлы көріп,
Демежанмен жүздесіп, танысқысы келетін себебі сол екен. Қазір қыр
қазағының ішінде ұлыққа да, халыққа да беделді, ең абыройлы азамат —
Демежан дегенді сыртынан көп естіпті. Жас жігіт осы жайларды таратып
айтып келді де, Демежанға бұрылып:
– Дүниеде қанға тартпайтын ешкім жоқ. Мен мына Рамазан абзи секілді
таза татар емеспін. Бойымда аздаған қазақтың да қаны араласып жүр. Арғы
əжелеріміздің бірі — қазақ қызы, — деді күле тіл қатып. — Сондықтан да
болар, көк жайлауды, жүйрік аттарды көрсем, делебем қозып тұрады. Егер
қарсы болмасаңыздар, нағашы жұртқа жанаса жүрсем деген ойым бар.
Демежан оның бұл сөзін ұнатып қалды. Ыбырай былайғы көп саудагерге
ұқсамайтын, ер көңілді, адамға жұғысып тұратын, жайсаң жігіт болатын
түрі бар. Ол да əзілдей жауап қайтарды.
– Келіңіз, құшағымыз ашық. Біздің елде жиендерге жол бос қой, — деп
сəл ойланып қалды да: — Біздің қазақта: «жиен ел болмас, желке ас
болмас» деген де сөз бар. Бірақ жиен неге ел болмасын малы болса, желке
неге ас болмасын жалы болса... Дəл сіздей қалталы жиеннің ортамызға
келуінен зиян тарта қоймаспыз, — деп отырғандарды ду күлдірген.
Бұл əңгімеге Рамазан бай да көңіл аударып, өз тарапынан қошемет-
қоштау сөз қыстырып жатыр.


– Ыбырай, мен саған айтпадым ба... «Демежан мырзаның етегінен
ұстасаң қор болмайсың» дегенім қайда. Демежан да — қазір өз елін
отырықшылыққа үйретем деп, егін егіп, зəйімке салдырып жатқан кісі. Енді
оған сен келіп қосылсаң, екеулерің екі жақтап Төртуылды біраз қырға
асырасыңдар.
Бұл əзілдің астарында ептеп қағытқан əжуа да жоқ емес еді. Бірақ оны
Демежан бұл жолы елемеген болды. Ыбырайға деген жаңағы ілтипатын
бұзбай:
– Егер қыр елінің тұрмысымен жақынырақ танысқыңыз келсе, біздің
ауылға қонаққа келіңіз. Қазір жайлаудың нағыз қызып тұрған кезі. Атқа
мініп, қымыз ішіп дегендей, біраз күн бой жазып қайтасыз. Қаладағы
шаруаларым бітсе, мен де бөгелмей қайтқалы отырмын, — деді.
Ыбырай бұл ұсынысқа тіпті құлап түсті:
– Рақмет, Демежан əпенді. Бұл қалада менің таныстарым аз ғой. Ішім
пысып, бек қапаланып жүр едім. Құдай қосса, сіздің артыңыздан іле-шала
мен де жайлауға барып қалармын, — деді құлшына бел байлап.
Əлден уақытта қонақтардың алдына үйеме табақ ет келді. Бабалық
табақтың үстіндегі қойдың басын кімге қаратсам екен дегендей сəл кідіріп
қалды да, мыналардың ішінде қалтасы қалыңы осы-ay деп, тұмсық жағын
Рамазан байға қарай бағыттаған. Ол бас ұстаудың машақатынан қашты ма,
Демежанға таман сырғытты.
– Мал өсірген ауылдың баласысыз ғой, сіз алыңыз.
– Жоқ, бір атаның ұлы, əрі құрметті қонақсыз. Сіз ұстаңыз басты.
– Онда мына Хасен ақсақал ұстасын.
– Жоқ, сіз ашаңыз...
Қонақтардың ешқайсысы қол соза қоймай, сыпайылық салты тым ұзаққа
созылып бара жатқан соң, Демежан басты бөлек тарелкаға салды да,
манадан бері сөзге араласпай үнсіз мүлгіп отырған сəлделі кісінің алдына
қойды:
– Меніңше, бас ұстайтын жол — осы кісінікі. Бəлкім, басқалардан жасы
кіші болар. Бірақ жолы үлкен, оқуы үлкен... Басты Ешен-Сейіт дамолла
ұстасын.
Оны өзге қонақтар да қостап кетті.
– Иə, айтпақшы солай екен-ау.
– Сіз тауып кеттіңіз, — десіп жатыр.


Ешен-Сейіт көп бəлденген жоқ. Қолын жайып қысқаша дұға қайырды
да, талай басты кершеулеп төселген адамның қалпымен, білегін сыбанып,
іске кірісіп кетті.
Ас үстінде Рамазан бай үй иесі Бабалыққа өзінін ризашылығын айтып
отырды. Бес-алты жылдай қолында жұмыс істегенін, сол уақыт ішінде
қылдай қиянат көрмегенін, өз ісіне адал, тыңғылықты екенін еске алды.
– Мен бұл жігітті туған інімдей жақсы көріп кеттім, — деді ағынан
жарылып. — Өзі адал болған соң, мен де бұдан ештеңені бүгіп қалғам жоқ.
Өзім білетін сауданың жай-жапсарын біраз үйреттім-ау деймін. Міне, сол
еңбегім жанды, Бабалық өз алдына отау тігіп, кəсіп қыла бастады. Түбі,
қазақтан шыққан тұңғыш саудагер осы Бабалық болатынына менің титтей
күмəнім жоқ.
– Илайым, солай болсын.
– «Жақсыдан — шарапат» деген осы. Сіздің білгеніңіздің оннан бірі
жұқса да, бұл жігіт жерде қалмайды, — десті отырғандар.
Алдына бас келіп, жұрт назары өзіне ауғандікі ме, кеш бойы жым-жырт
отырған Ешен-Сейіт дамолладан да тіл шыға бастады.
– Дін-қарындас қашанда бір-біріне жəрдем қолын созып, қайырым
етерге керек. Ол — сенің мұсылмандық борышың... Мұндай ғадалаттік,
əсіресе, сіздер секілді жат жұрттың қолына қарап отырған жамағатқа өте-
мөте қажет, — деді үйдегілерге жағадай көз салып.
Сөзінің арасына кітаби лұғаттарды көп кірістіріп, аздап шағатай, татар
тілдерін араластырғаны болмаса, бұл кісі де қазақша жатық сөйлейді екен.
Сөз сыңайына қарағанда, Ешен-Сейіт қазаққа жақын, сүйегі — қожа,
өзіміздің Түркістан төңірегінде өскен көрінеді. Жас кезінде бұл да əлдебір
себеппен Аягөз маңайына келіпті де, біраз жыл сонда моллалық құрып,
бала оқытыпты. Содан патша өкіметі тарапынан қудалауға ұшырай ма, ол
жағын таратып айтпады, осы бетке қоныс аударуға тура келген. «Ғылымды
Бүхара-шарифте тамамдадым» деуіне қарағанда, өзінің оқу-тоқуы да аз
болмауға тиіс. Алайда мұнда келгелі оның қадірін біліп, хан көтеріп жатқан
да ешкім жоқ көрінеді. Бұл күнде Шəуешектегі бірлі-жар мешіттің тізгіні
көбінесе ұйғыр, өзбек хариларының қолында болатын. Олар шеттен келген
мұны қақпайлап, орталарына енгізбей жүргені байқалады. Содан
Шəнішевтей ауқатты адамдарға арқа сүйеп, қаланың тек татарлар
қоныстанған махаллаларында ғана өз ықпалын өткізіп, бейтаныс ел ішіне
енді-енді сіңе бастаған жайы бар тəрізді. Өз өмір жолын түгел қазып
айтпаса да, отырғандарға шет-жағасын сездіргендей болды да, келесі бір
сəтте бетін Демежанға бұрды.
– Демежан мырза, сіз қазір жас болсаңыз да, бір елдің үміт күткен
азаматысыз. Сізді халыққа ғадалатті, дін мұсылманға жаны ашитын,


көкірегі ояу, көзі ашық жігіт деп, сыртыңыздан көп естимін... Менің де
сізге айтатын өз илтимасым бар, — деп өзінің бүгін əдейі келген
шаруасына көшті.
Айтып отырғаны Ешен-Сейіттің өз мұңындай көрінгенімен, оның түп-
төркінінде жалпы халыққа қатысты жайлардың да жатқаны анық еді. Дін
арбабының пайымдауынша, Орта Азиядағы мұсылман қауымының басым
көпшілігі Ақ патшаға бағынса, үлкен бір бөлігі Еженханның қол астына
қарап отыр. Мұндағы халық та аз емес. Шығыс Түркістанды ежелден
мекендейтін ұйғырлар мен қазақтардан басқа, сауданы кəсіп еткен татар,
езбек бауырлар да жыл сайын көбейіп келеді. Демек өз тізгініңді біреуге
беріп, бөтен бір патшалыққа бодан болған екенсің, ендігі күнде əркім өзінің
елдігін сақтап, азып-тозып кетпеудің қамын ойлауы керек. Ол үшін əр
халықтың ұстанған діні, ілім-білімі, соны үйрететін мешіт-медресесі болуы
шарт. Бұларсыз əрқандай қауым қараңғылық құрсауынан шыға алмай,
дінсіз жабайы тобырға айналмақ... Əрине, күнкөріс қамы үшін шаруа
бағып, мал өсірген де жақсы. Имам-ағзам жолымен сауда істеп, кəсіп
қылған да жаман емес. Бірақ халықтың ар-иманы, ұждан-сенімі жөнінде еш
қарекет жасамай, қол қусырып қарап отыру жол ма екен? Бұл туралы
қаладағы кəсіпқой қауымның, ел атасы үкірдайлардың не ойлағаны бар? Ал
болашақ ел мүддесін, көпшіліктің тілегін өз халқына жаны ашитын
Демежандай азаматтар ойламаса, біреулер сырттан келіп бірдеңе жасап
бере ме?!
Бұл, шынында да, Демежанның бұрын ойына келмеген тосын нəрсе еді.
Қапелімде не жауап қайтарарын білмей бөгеліп қалды. Жер-су, өріс-қоныс
іздеп, халдайлармен алысып жүргенде, халықтың сауатын ашып, сəждеге
жығу дегенді кім ойлап көріпті. Өзі жасынан қалада өсіп, қытайша оқып
кеткендікі ме, бұл жағына тіпті мəн берген емес-ті. Енді ойлап отырса, əр
халықтың тілін сындырып, сауатын ашу да керек екен... Мына Ешен-
Сейіттің кейбір сөздері көңілге қонады. Шынында да, дінсіз, ар-имансыз
жұрттың жабайылардан не айырмашылығы бар? Адамдардың көкірек
қуысы бос жатпай, қалайда бір наным-сеніммен толып тұруы керек қой. Ел
қатарлы мешіт-медіресе ашып, халықты ілім-білімге үйрету дегені де
құлаққа кіреді. Сонда не істеу керек? Неден бастау керек? Демежан ашық
жауаптан жалтарып, Ешен-Сейіттің өзіне салмақ салды.
– Айтып отырғаныңыздың бəрі дұрыс, дамолла. Мен алғашында
басыңыздағы сəлдеңізге қарап, сізді осындағы шүметей кесетін көп
қожаның бірі ме деп қалып едім, — деп бастап келе жатыр еді, Ешен-Сейіт
оның сөзін бөліп жіберді.
– Мен — қожа да, молда да емеспін, Демежан мырза. Мен құдай жолын
қуып, халық қамын ойлаған жай ғана пендемін, — деді кəдімгідей
шамырқанып.
– Кешіріңіз... Соны енді байқап отырмын. Қарындас халқыңыздың
болашағын ойлап, бас қатырып жүрген ізгі жан екенсіз... Сонда бізге не


істеуді бұйырасыз? Ашып түсіндіріңізші.
– Менің сіздерден сұрап отырғаным — қолдан келмес, аса бір қиын
шаруа емес, егер дұрыстап түсіндірсеңіздер, халықтың өзі-ақ атқарып
тастайтын тіпті оңай нəрселер, — деді Ешен-Сейіт. Ең алдымен əр үкірдай
елдің ортасына кемінде бір-екіден мешіт салдыру керек. Мешіт — өзіңіз
ойлап жүрген отырықшылықтың басы, бытырап жүрген халықты бір жерге
топтап, жұма сайын басын қосып тұратын рухани ұйтқысы болмақ... Сол
мешіттердің қасынан медресе-мектеп ашу да қиынға түспейді. Естуімше,
сіздерде осы күнге дейін халықтан ғұшыр-зекет жинайтын арнаулы орын да
жоқ көрінеді. Егер ұқыптап ұйымдастыратын кісі табылса, жаңағы мешіт-
медреселерді халықтан түсетін ғұшыр-зекетпен-ақ қамдап кетуге болар еді.
Бұдан кейін Ешен-Сейіт мұсылманшылықтың тағы бір парызы —
шамасы келетін ауқатты адамдардың Меккеге барып тауап етуі, қажы
атануы қажет екенін де еске салып өтті. Бұл жөнінде Арқадағы Тобықты
елінен шыққан Құнанбай қажыны үлгі қып тартқан. Құнанбай кезінде
қарадан хан сайланған, аға сұлтан болған, аса білікті адам екен. Сол кісі де
егде тартқан шағында Қарқаралы қаласында мешіт салдырыпты. Сонан соң
қажы сапарына барып, Меккедегі кағбатоллаға таяу жерден өз қаржысына
қонақ үй тұрғызған. Мұндай елге мұрындық, басшы болып жүрген кісілер
қазақ даласында емес көрінеді. Меккеге барып қайтқан сондай қадірлі
адамдар қатарында Сайболат елінен Құрман қажыны атады...
– Сонымен бұл мəселе жөнінде сіздің қандай ойыңыз бар, Демежан
мырза? Мен сізден жауап күтіп отырмын, — деді Ешен-Сейіт манағы
əңгімесіне қайта оралып.
Демежан санасы сан саққа жүгіріп, қалың ойдың қамауында отыр еді.
Əсіресе Ешен-Сейіттің: «мешіт — отырықшылықтың басы, халықтың
рухани ұйтқысы болады» деген сөзі мұның өз мақсатымен үйлесім
тапқандай, көкейіне қона кеткен. Ру-руға бөлініп, басы бірікпей жүрген
алты бақан, ала ауыз көшпелі жұртқа шынында да осындай бір орталық
керек сияқты. Бұл ел шеттен келген осындай бір қазіретке ұйымаса, бірін-
бірі тыңдауды қойды ғой. Ақикөз ағайындар адамнан айбынбаса да,тым
құрыса құдайдан қорқып жүрсін... Олар надандық құрсауында сəждеге
басы тимей осылай жүре берсе, бара-бара нағыз керең құлақ, тас маңдайға
айналуы мүмкін ғой. Ендеше, Ешен-Сейітті бұл іске пайдалану керек. Осы
байламға берік бекіген Демежан:
– Сіздің талабыңызды түгел болмағанмен, жарым-жартылап болса да
орындауға тура келетін шығар, — деді дамоллаға бұрылып. — Несін
жасырайын, біздің ел — дін жолы, шариғат заңынан тыс жатқан, керек
десеңіз, бес уақыт намазын да дұрыстап оқымайтын тым қараңғы. Соларды
сəждеге жығып, шариғат жолына салып берсеңіз, мен тіпті қуанар едім, —
деп сəл кідірді де, есіне бірдеңе түскендей жымиып күлді. — Біздің бір
атамыз үйінде намаз оқып жатса, кемпірі ұнатпай ұрсып отыр дейді:
«Аллауакбар деп жүріп, аз ғана қойды құрттың. Дəрет алам деп жүріп,


дамбалдың ауын жырттың. Қияғалассала деп жүріп жалғыз түйені қиядан
құлаттың. Енді екі жағына кезек қарап, қылғынғанды тауып алған екенсің.
Бала-шағадан аулақ, өз басына көрінсін!» депті... Көріп отырсыз ғой, біздегі
жағдайдың қандай екенін?
Мына əңгімені естігенде, жұрт қыран-топан күлкіге қарық болды.
Əсіресе, Ыбырай күлегеш жігіт екен, бүйірін басып жатып қалыпты.
Көпшілік жапа-тармағай оқыранып бара жатқан соң, амалсыз Ешен-
Сейіттің өзі де күліп еді.
– Əне, көрдіңіз бе, адамдар қандай міскін күйге түскен? Əлгі кемпір
байғұс намаздың не екенін білмей өтті ғой дүниеден... Қандай күнə! Қандай
надандық?! — дей берді.
– Сондықтан халықты бұл бетінде қоя беруге болмас. Таяу жылдардың
ішінде Төртуыл ортасынан бірнеше мешіт салдыруды мен өз мойныма
алайын, — деді Демежан үй ішіндегі дабыр-дұбыр басылған мезетте. —
Мешіт салу қиын емес, оған кəміл сене беруіңізге болады. Ал медресе-
мектеп дегеніңіз біз үшін сəл ертерек шығар. Өйткені біздің қазақ медресе
түгіл, өз басына үй тұрғызуға құнты жетпей жүрген халық қой, — деп аз
ойланып қалды да, сөзін қайта жалғады. — Былай етсек қайтеді? Сізге
арнап бір мешіт пен медресені алдымен осы қаланың өзіне салсақ болмас
па? Сол медресеге мен қыр елінен бала жинап берсем, оқытар ма едіңіз?
– Неге оқытпаймын, əлбетте, оқытамын, — дегенде Ешен-Сейіттің өңі
жылына түсті, — Мен хадимша ғана емес, жəдитше білім беруді де
жақтайтын адаммын. Медреседе оқыған балалар мұхтасар мен қалам-
шарипті ғана тамамдап қоймас, жаңаша хат танып, жазу-сызуды һəм
меңгеріп шығады.
– Онда осы бəтуаға тоқтайық: сізге алдымен осында мешіт салып
береміз, медресе сол мешіттің қасында болады. — Демежан соны айтып,
қасындағы татар байларына бұрылды. — Сіздер қарсы емессіздер ғой?
Ортамыздан салынатын мешіт құрылысына сіздер де үлес қосады деп
ойлаймын.
– Оған сөз бар ма?
– Бұл ортақ ниетке жеке біз емес, мына Хасен ақсақалдың қарауындағы
бүкіл саудагерлер қауымы тегіс қосылады, — десті отырғандар.
Ендігі мəселе — орталықтан мешіт салуға ыңғайлы жер табыла ма? Осы
жөнінде біраз əңгіме болды. Бабалық манадан бері үлкендердің сөзін зейін
қоя тыңдап, бар ықыласымен беріліп отырған-ды. Бір кезде есік жақтан
қопаңдай көтерілді де:
– Айналайын, аталар, осы бір игілікті істің басқа жерде емес, менің
мына шағын шаңырағымда сөз болғаны қандай жақсы еді. Өз басым соны


үлкен жақсылыққа жорып отырмын. Егер мешіт салуға орын қажет болса,
менің осы ауламда жер жетеді. Соның қақ жарымын сол құтты мешіт құдай
үйіне атағаным, — деп салды.
Бұл сөзге отырғандар тегіс елең етіп:
– Ой, бəрекелді!
– Міне, болашақ мешіттің орны да белгілі боп қалды.
– Иншалла, бұл іс сəтімен аяқталады екен, — десіп дуылдасып жатыр.
– Егер осыған тоқтасаңыздар, мен де бір жал-құйрықсыз, жалқы жігіт
едім, сауабы тиер ме екен, бəтихаңызды беріңіз, Қазірет! — деп Бабалық
қолын жайған.
Ешен-Сейіт те бөгелген жоқ:
– Саған Алланың рақметі жаусын, шырағым. Дəл іргеңнен мешіт үйі бой
көтерсе, оның шарапатынан сен де құр қалмассың. Жаңа жалғызбын дедің
ғой. Илайым, осы шаңырақтың асты үбірлі-шүбірлі ұл-қызға толатын
болсын. Аллауакбар! — деп бетін сипады.
Ары тарт, бері тарты жоқ, іскер адамдар арасында шаруа да тез бітеді
екен. Осы кеш Бабалықтың шағын дастарқанында бұдан кейін ел өмірінде
елеулі із қалдырған біраз мəселенің басы қайрылып қалып еді.
ІІІ
Құлыстай өңірін мекен еткен Төртуыл елінің көші-қоны көктем мен
күзде алыс сапар шегетін жыл құстарының жолымен орайлас келуші еді.
Қоңыр күз аяқталып, қараша туған мезгілде қалың ел күзектен дүрк
көтеріліп, түстіктегі Барлық тауына қарай бет түзейді. Аспанда қайтқан
қаздар тізбектеліп, көк тұңғиығына үш бұрыштана, сынадай қағылған
тырналар тырауласа, жерде сол құс керуенінің астында қора-қора мал
шұбырып, үздік-создық түйелі көштер түстікке қарай бұйда созады. Барлық
— күнгейінде қар жатпайтын, бұл елдің құт мекені атанған жылы тау.
Қалың ел бара салысымен көктемнен бері мал тұяғы тимей, сонысы
жапырылмай, желкілдеп тұрған қалың қауға тұмсық тығып, қыс бойы сай-
саланы сүр жамбастай кертіп жейді.
Содан наурыз айында қар көбесі сөгіліп, көктемнің шеті жылт етісімен,
көшпелі ел қыстаудан қайта көтеріліп, жыл құсымен бірге енді терістікке
қарай бағыт алады. Сол бетінде буаз малдың бұйығы-мимырт жүрісімен
баяу жылжып отырып, дарияның мұзы бұзылмай тұрғанда, Емілдің бергі
бетіне өтіп алады да, Саржиектің сары даласына, Өбісін, Жарсуға келіп қой
қоздатады. Бұл төңіректе төл аяқтанғанша аз күн аял жасайды да, одан
Боздақ, Шəша, Арқарлы жазығындағы өз көктеу-қоныстарына келіп


жайғасады. Былтыр күзден бергі осы айтылған жеті-сегіз ай, шаруа баққан
малшы қауым үшін бейнет-машақаты мол, жан алып, жан беретін қарбалас
тірлікпен өтеді. Көшпенділердің арқасын кеңге салып, уһ деп тыныс
алатын бір шаты — жаздың үш айы, көк жайлаудың үсті ғана. Қазақ атаулы
сол үш айда ауыр бейнеттің зорығын, сүйекті қармаған қыс ызғарын
бойдан қуып, жыл бойы қатал табиғатқа кеткен есесін осы мезгілде бір
қайтарып қалады.
Биыл да сол үрдіс айна-қатесіз қайталанды. Маусым айының орта
шенінде уəделесіп қойғандай көктеу қоныстарынан айналасы бір аптаның
ішінде дүрк көтерілген малшы қауым қатпарлы қалың тау Тарбағатайдың
сай-саласын қуалап, арғы жонға тартып берген. Əр рудың өз жайлауы,
өзінің көш жолы бар. Кедей демей, бай демей, бейне ана омырауына
жармасқан нəрестедей, тау төсіне қарай өрмелейді. Бұл мезгілде адам түгіл,
мал екеш малды да ойда ұстап тұру қиын. Тұмсықтарын тау қойнауынан
ескен салқын самалға тосып, өздерінің үйреншікті жолымен айдау тілемей-
ақ заулап береді.
Демежан соңдарынан қуып жеткенде, Керімбай ауылдары бөктерден
жылжи көшіп, жұрт жаңалай отырып, арғы алыс жайлауларға барып қалған
кезі еді. Қалың Байғара-Жауғаш Ойжайлау мен Балажайлауды алып жатса,
қалған Қарақұрсақ пен Ақболат, Шөтік жағы Жуантөбе мен Қайрақтыға
ошарылыпты. Одан шығысқа қарай Төртуылдың тағы бір жуан табы
Қараменде мен Жұмыктоғас, Баймұрат пен Құтымбет бауыр басқан
қоныстар: Ақирек, Бөкенбай, Қаражал, Ақтас жайлаулары жалғасып жатыр.
Бұдан біраз жыл бұрын тартылған шекара сызығын дəл қазір ешкім
күзетіп тұрмаса да, суық айбары анадайдан айқын білініп тұр. Өкіметтің
бірдеңесін көрсе пəлесі тиер деп аулақ жүретін қазекең ала бағандарға
оншалық жақындамай, берірек серпіле қонғаны байқалады. Бұрынғыдай
емес, арғы бет пен бергі беттің жаз бойы мидай былығып, қоян-қолтық
араласып жататыны да азайыпты. Етекбасты Еженханға қарағанда, Ақ
патша адуын, ширақтығын танытып, өзіне қараған жұртты бері қарай көп
жақындатпай, өз үйірін шақар айғырдай қайырып əкеткен секілді.
Құйрығын тілерсектен шорт кескен шолақ аттарына мінген орыс
солдаттары оқта-текте шекара бойлап жүріп өтетін көрінеді...
Үй салудың əлегімен біраз уақыт ыстыққа ұрынып, қажыңқырап келген
Демежан бірнеше күн бойы ауылдан ұзамай, Бибінің отауында, ағайын-
туыстың қасында болды. Келген күннің ертеңінде іргелес отырған үлкен
ауылға барып, əке-шешесіне сəлемдесіп шыққан. Керімбайдың өңі сұсты,
қабағы қатулы көрінді. Баласынан қаланың жаңалығын, ұлықтардың қалай
жүріп жатқанын тиіп-қашып сұрастырды да, одан өзге шаруа жайын
қазбаламады. Демежанның жаз бойы ойда қалып, Боздақта үй салдырып
жатқанын біле тұра, оған мəн бермеген, елемеген сыңай танытты. Былайша
түс жыртып ештеңе айтпағанымен, баласының қыруар мал сатып, айдалаға
зəйімке салмақ болған оғаш тірлігін онша ұната қоймаған-ды. Онысын


артық əуре, қазаққа жараспайтын жат қылық деп біледі. Өткен қыста
əкесінің алдынан өтіп, өзіне тұрақты мекен салу жайын ақылдасқанда,
Керімбай қостамайтынын анық сездіріп:
– «Қазақ байыса қатын алады, сарт байыса там салады» деуші еді. Осы
сенде сарттан жұққан бірдеңе бар-ау деймін, балам, — деп мұртының
астынан күлген де қойған. Содан қайтып екеуінің арасында бұл туралы
əңгіме болған емес. Демежан өз төтелі əрекет етіп, ойына алған ниетін
орындай берген.
Бүгін де əке қабағы ашыла қоймады. Тілімді алмай өз бетіңмен кеттің,
қасымда жүріп сүйеніш, қалқан болудың орнына өзінше бір машақаты көп,
өнбейтін шаруа тауып, қараңды көрсетпей қойдың деп, қыжыртып
отырғаны белгілі. Оның есесіне Ажар бəйбішенің жаны қалмай, баласының
үстіне түсіп, бəйек болып жүр. Қымыз ішіп отырғанда, Демежанның жүзіне
əлсін-əлі көз салып, бір аналық уайыммен қарап қалды да:
– Балам-ау, өзін биыл шаруа басты боп, күнге қақталып, əбден жүдеп
кетіпсің ғой. Өзіне ыстық өтіп кеткен жоқ па, күнім? Əлгі салып жатқан
үйін не болды? Жуық арада бітетін түрі бар ма? — деп жөн сұраған сол кісі
болды.
Демежан да анасын өз шаруасынан мол хабардар етіп, байыппен жауап
қайырған:
– Жоқ, апа, ондай ауру-сырқаудан аманмын. Жай шаруада жүріп,
шаршағандікі ғой, — деп езу тартып күлді де, əдейі əкесі естісін дегендей,
қызып жатқан жұмыс жайын төндіре, құлшына əңгімеледі. — Ол үй биыл
бітеді, апа. Жəне үй болғанда қандай! Жай қатардағы үй емес,тұтас бір
зəйімке болайын деп тұр. Қабырғалары əлдеқашан қаланып, төбесі
жабылып болған. Енді тек іші-сыртының сылағы мен есік-терезесін
орнатуы ғана қалып тұр. Осы жолы қаладан тағы бір топ ұсталар əкеліп,
мал қоралары мен қосымша қойма-складтар салдырып жатырмын.
Құрылысқа қажетті ағаш-тақтай, терезе-кəсектеріне дейін түгел түсіртіп
беріп кеттім, — деді өзі де көңілдене түсіп.
– Е, оның дұрыс болған екен. Үйіңнің іші құтты болсын, жарығым. Енді
қартайғанда көк жұлын боп көше бермей, сондай бір тұрақты, жылы мекен-
жай тұрғызып алсақ бəрімізге де теріс болмас еді, — деп Ажар бəйбіше
өзінің аналық ақ тілеуін айтып жатты.
Керімбай бұл жолы да жіби қоймады. Бəйбішесіне ажырая бір қарады
да:
– Жылы орын керек болса, балаң қоржа
24 
салдырып жатқан жоқ па.
Сонда барып саялап жатарсың, — деді, қостағаны əлде кекеткені белгісіз.
Мұндайда «е, несі бар, жатсам барып жатам» деп шап ете қалатын əйел —
Ажар емес қой. Күйеуінің жүзіне салқын раймен қарап, іштен тына


күрсінді де, өз шаруасымен айналысып кетті,
Жасы жетіп қажығандікі ме, əлде ағайын арасының алты бақан, ала ауыз
болып, діңкеге тигендігінен бе, əйтеуір соңғы жылдары əке мінезінде көп
өзгеріс бар. Басына тау құласа да былқ етпейтін баяғы қалың пұшпақ, сыр
бермес, сырбаз Керімбай жоқ қазір. Жоқтан өзгені көңіліне дық алатын,
күйгелек, қазымыр шалға айналып бара жатыр. Сақал-шашының қырауы
барған сайын молайып, əжім айғыздаған өң-шырайы қуқыл тартып,
шүңеттеу келген қос жанары кісіге қарағанда салқын ызғар танытады.
Айналасындағы ағайынға да, туыс-бауырға да тым қатал. Ырықтан шығып,
құрық əкететін содыр-сойқанға ғана емес, көңілінен шықпаған жай
кісілерге де айып-анжыны мол кесіп, кейде дүреге жатқызудан да
тайынбайтын болып жүр. Осының бəрі жетіскендіктен емес, əрине. Өзекті
өртеген ішкі қыжылдың, соныңа ермей, жетекке жүрмей қор еткен
бəтуасыз елге деген кекті ашудың сыртқа шыққан бұлқынысы.
Демежанның кейде əкесіне жаны ашиды. Кеше кəрі зəңгі Сымайылдың
барында, тоз-тозы шығып бытырап жүрген осы Төртуылды бір жерге
жинап, бастарын қосып ел еткен — сол екеуі еді. Тарбағатайдың күн
шалған төскейі мен Барлықтың қалың қатпарынан тандап жүріп қоныс
əперген де осылар болатын. Бірақ соның қадірін біліп, алғыс айтар ағайын
бар ма бұл күнде? «Ағайынға қадірім жоқ — күнде көрер бетімді, қатынға
қадірім жоқ — күнде көрер етімді» деген осы... Енді, міне, қоластындағы
Төртуылдың əр зəңгісі əр жаққа тартып, сайда саны жоқ саяқтың үйіріндей
бытырап бара жатқан түрі мынау. Керімбайға қарасты екі зəңгі ел:
Кенжеғұл мен Шоқан сонау Барлықты мекендеуші еді. Олар да қанына
тартып, қара көбейтіп, бері қисаюдың орнына, жер шалғайлығын желеу
етіп, іргелес отырған Мəмбетке қарай ойысып барады. Олардың да көмейі
белгілі: Төртуыл үкірдайына қараймыз деп, не Мəмбетке бағынбай, жеріміз
шалғай деп, не Керімбайға шылбырының ұшын бермей, екі аралықта шөре-
шөремен күн кешпек.
Жарайды, алыстағы мойны қашық елді былай қойғанда, күнде бет
көрісіп жүрген осы төстегі Төртуылдың іші оңып тұр ма? Кəрі зəңгі
Сымайылдың көзі жұмылғалы, осындағы Дəулетей əулетінің басы бірікпей,
пышырап 
кетті. 
Жуан 
ата 
Бұқадан 
тарайтын 
Қараменде 
мен
Жұмықтоғастың қазіргі зəңгісі — Олжабайдың Көксегені еді. Кейінгі кезде
ол да өзінің жуандығына басып, Керімбайдың сөзін бірде тыңдаса, бірде
тыңдамайтын болып жүр. Қарамендемен ыңғайлас жүретін Баймұрат пен
Құтымбет жағынан да Керімбайға деген керенаулық байқалады. Ақболат
пен Шөтік жуандарының да айтқанға көніп, айрандай ұйып отырғаны
шамалы. Керімбайдың қасында ең соңына дейін қалса, аз ауыл Байғара мен
Жауғаш қана қалатын түрі бар. Осындай бас-басына би болған берекесіз
елмен қалай ғана қыр асарсың, қайда барып оңарсың? Дəл төбеңнен төніп,
үйелменіңмен ұйпаймын деп ұлық отырса, бір бүйірінде қанжардай
қадалып халдайлар жүр. Шіркіндер, өзгені ойламаса да, соны неге
ескермейді екен? Атқамінер ел пысықтарының жатса-тұрса ойлайтыны —


халықтың қамы емес, қапысын тауып Керімбайды құлату, мұның орнына
үкірдай болу. Кейінгі кезде олардың тым қалашыл, ұлық жағалағыш болып
кеткені де содан. Кейбіреулері аймақ əміршісі Ши-амбыға бата
алмағанымен, қулығына құрық бойламайтын əккі зымиян Шихалдайды
төңіректеп жүрген көрінеді. Төртуыл жуандарына шырға тартып,
қолтықтарына су бүркіп жүрген — сол сұмның өзі ме, кім білсін...
Əрине, мұндай жағдайда төңірегі сұйылып қалған сұңғыла əкенің
Демежаннан күтері көп. Керімбайдың кіндігінен тараған өзге балалары
Сағымжан, Сүйежан, Əбдірасылдар бір төбе де, Демежан бір төбе. Күні
ертең өзі олай-бұлай болып кетсе, орнын осы Демежан басатынына сенеді.
Бірақ бұл баласы құлашты тым кеңге тастап жүр. Ағайын арасының ала
ауыздығына мəн бермей, исі қазақтың жарғысына түсіп, жоғын жоқтағысы
келеді. Шамасына қарамай, азуы алты қарыс халдайлармен тіресетін ойы
бар. «Аяз əліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегенді ескермейді. Əйтпесе,
халдайлар кім? Бұл кім? Халдайлар — Еженханның сүйген құлы, осы
өлкеге өз қолымен əкеліп отырғызған сенімді тірегі. Ал Демежан болса —
əзірше тағдырдың бұйрығымен бас сауғалап жүрген осындағы көп
қазақтың бірі ғана. «Арыстан айға шауып мерт болыпты» дегенің осы емес
пе? Керімбай өз баласының үй салып, егін егіп, отырықшы ел болам
дегеніне қарсы емес-ау. Оның ағайын арасындағы айтыс-тартысқа бел
шешіп кіріспей, қайдағы бір ұсақ-түйекпен айналысып кеткені ішіне
сыймайды. Қалың қазақтың көшін бастау үшін, алдымен өз табаның берік
болуы керек қой. Бүкіл ел сенің көсемдігіңді мойындап, еңіреген ерім,
асқар белім деп, екі тізгін, бір шылбырын қолына сеніп тапсыруы керек. Ал
айналаңда аш қасқырдай анталап, сенің өліміңді күтіп жүрген тойымсыз
тобырға жақсылық жасадың не, жасамадың не?! Қазір олар Керімбай
əулетіне ұлықтың көзі түзу болған соң, ашық алысуға бата алмай жүр. Ал
егер, жаман айтпай жақсы жоқ, кəрі Ши-амбы бір күні апиынға уланып,
қылжиып қалса, бұл жұрттың нендей мінез шығаратынын бір құдайдың өзі
білсін.
Дəл қазір іргедегі биік сүйек төсекке арқасын сүйеп, аю терісінің үстінде
үнсіз мүлгіп отырған Керімбайдың басындағы ой осы еді. Оны Демежан да
жазбай таныды. Жас кезінен əкесінің, қас-қабағын бағып өскен жігіт,
көбінше оның ішіне үңілуге, кейде тіпті онымен жарысып ойлауға
дағдыланған. Əкесінің көп тұжырымын мақұлдай тұра, оған айтар дауы да
жоқ емес-ті. Түбінде сондай бір қиын əңгіменің де боларын іші сезеді.
Алайда дəл бүгін əкесімен түс жыртысып, қойма ақтарысып жатқысы
келмеді.
Оның есесіне, əкесіне ұнайтын басқа бір жаңалық айтып, көңілін
аулағысы келген. Сонысы дұрыс болып шықты. Демежан осы жолы
Шəуешекте Ешен-Сейіт деген дамоллаға жолыққанын, сол кісінің қыр
елімен байланыс жасағысы келетінін, қалада қазақ балалары оқитын
медресе ашып, қыр елінде мешіт салдыруға үндеп жүргенін баяндаған. Бұл
бастаманы қаладағы өзбек, татар байларының да қатты қуаттап отырғанын


айта келіп, алдағы күзден бастап сол істі қолға алуға өзінін уəде беріп
шыққанын да жасырған жоқ.
Мына əңгімені естігенде, соңғы жылдары құдасы Құрман қажының
əсерімен дінге бой ұрып, бірадарлау болып жүрген Керімбайдың өңі
жылынайын деді.
– Е, мына сөзін құлаққа кіреді, — деді əкесі тез жадырап. — Осындай
бір ой менің де басыма келіп жүруші еді... Ата жолын, адамшылық жолын
ұмытсақ та, құдай жолын ұмытуға қақымыз жоқ. Бұл жұрт енді құдайдан
қорықпаса, адамнан именуді қойды ғой, түге. Ел етекке түскен соң менің
есіме салшы: əр зəңгі ел өз ортасында бір-бір мешіт салатын етіп,
міндеттеп қоялық.
Бірақ бұл да бір сəттік қана босаңсу екен. Сəлден соң Керімбай қайтадан
мысасына мініп, қатайып алды. Өзі біреулерді күтіп отырған сияқты. Ел
ішінің бір дауын бітіру үшін, таңертең Тыныбай зəңгіге кісі жіберген екен.
Көп кешікпей үй сыртынан ат дүбірі естіліп, біреулердің түсіп жатқаны
байқалды.
Аздан соң соза-соза сəлем берісіп, үйге қамшыларын сүйреткен екі адам
келіп кірді. Алдыңғысы — қырықтың ішіне жаңа ілінген, кесек, сұлу жүзді,
түр-тұлғасы, киім реті де ажарлы Тыныбай зəңгі болатын. Жауғаштың
Керімбайдан кейінгі бетке ұстар бір азаматы осы... Оның қасындағы
көнетоз түйе жүн шекпені бар, мосқалдау еркекті де Демежан таниды.
Бұларға алыс атадан қосылатын, Байғара ішіндегі Құрамыс деген момын
шаруа. Бірақ өзі əлдебір қылмысы бар адамдай өң-түстен айрылып, үкірдай
жаққа жапақтап қарай береді.
Тыныбай үкірдайдың денсаулығын, үй ішінің амандығын сұрап, аз-кем
отырған соң, Демежанға бұрылған. Қаладан қашан келгенін, ол жақтағы
жаңалықтарды, тақ бір сол үшін қатты алаңдап жүргендей, салынып жатқан
үйдің жағдайын сұрап, біраз əңгіме қылды. Оныкі де дəтке қуат, суға кеткен
тал қармайдының кері сияқты. Керімбайға бата алмай, қаһарын жұмсарту
үшін, əңгімені əдейі ұзаққа созып отырғаны белгілі. Бірақ онысына
Керімбай жібермеді. Шүңеттеу, өткір көзімен Құрамысқа жалт етіп қарады
да:
– Ал енді сен сөйлеші. Ел-жұрттың аманында не бүлдіріп жүрсің? Айт
кəне жаныңның барында! — деп ақырып қалды.
Құрамыстың дəл осы сəттегі бет-əлпетіне қарау кімге де болса ауыр еді.
Бет құбылысы не күлгенге, не жылағанға ұқсамайтын бір кейіпке еніп,
шоқша сақалы дір-дір етіп, сөйлей алмай қылғынып сəл отырды да, бір
мезгілде:
– Не дейін... Менен бір оқыс нəрсе өтті, Үкірдай. Құдай қара бастырып...
Көші-қон кезінде жағдайымыз болмай... Олардың сізге бүйтіп шағым


айтатынын кім білген, — деді үні жер астынан шыққандай құмығып.
«Апыр-ай, бұл байғұс не бүлдіріп қойды екен?» Демежанның ойын
əкесінің қатқыл даусы бөліп жіберді.
– Ау, сен сонда атам қазақтың салтын ұмытқаның ба? Қасым салған
қасқа жол, Есім салған ескі жол қайда? — деп алып, Керімбай бұдан ары
Тəуке ханның жеті жарғысын таратып кетті. — Қазақтың бірден-бір қасиеті
— қонақжайлылығы. Қазақ үйге кірген жыланның басына да ақ құйып
шығарады. Ол — халықтың шашпалығы емес, адамгершілігі, көңілінің
кеңдігі. Бұл салтты қазақтың көшпелі тұрмысы, қатал табиғат, бекетсіз,
қаласыз, ұшы-қиырсыз кең даласы тудырған. Сондықтан да қазақ
қауымының бір табақ еті мен бір шəугім шайының еншісі бөлінбеген.
Қонақтың өзі түгіл, астындағы аты аш қалса, үй иесі айып төлеуге тиіс.
Егер қыстың қақаған аязында қасқыр ішік киген адамның қасында əлдекім
үсіп өлсе, ішік иесі оның жарты құнына жығылады... Жаугершілік заманда
кез келген кісі жасынын үлкендігіне қарамай, жарақты жауынгерге сəлем
беруі керек!.. Сен осыны білесің бе?
– Біз енді қараңғы адамбыз ғой, Кереке... Оның бəрін қайдан біле
берейік. Бір иттік өтті. Кінəлымын. Бір жолға кешірім...
– Жоқ, кешірім деген болмайды. Егер менің қорама түсіп, қойымды
ұрласаң кешірер едім. Ал мұндайда аяушылық жоқ! — деп Керімбай бір-ақ
кесті. — Қазақтың ата салтын бұзып, қонақ қуғаның үшін, жəне əнеугүннен
бері шақырғанға келе қоймай қашып жүргенің үшін, осы қазір ат-шапан
айып төлейсің, не қырық қамшы дүре... Қалауыңды ал!
Демежан істің мəнісіне енді түсіне бастады. Сөйтсе, мəселе былай
болған екен. Осыдан жарты ай шамасы бұрын басқа бай ауылдар арғы алыс
жайлауларға асып кеткенде, қашанда ауқатты ағайыннан көлік алып
көшетін Құрамыс бергі орта қоныстардың бірінде кейіндеп қалып
қойыпты. Дəл сондай күндердің бірінде, апақ-сапақта мұның ауылына
Жұмықтың жоқ қарап жүрген екі-үш адамы қоналқы сұрап келген көрінеді.
Күн сілбіреп жауып тұрған мазасыз кештердің бірі болса керек. Алдағы
елге көлікке жіберген адамы келмей, шекесі тырысып отырған Құрамыс
əлгілерді қондырмай жібереді. Иен тау ішінде басқа қонатын жер таппаған
жолаушылар қалың жаңбырдың астында қалып, көп сандалады. Үсті-
бастары малмаңдай су болып, ақыры таң атқанша бір тастың қуысын
паналап шығады. Жоқ қарап жүргендер — көршілес Мəметектің беделді
ақсақалдарының бірі екен. Ертеңінде суық тиіп ауырып қалғанына
қарамастан, Керімбайды іздеп тауып, түнімен көрген қорлығын айтып,
Құрамыстың үстінен шағым етеді. Мұндай сұмдықты аяқсыз қалдырмай
жазалауын сұрап, өз үкірдайы Еңсеге де айта баратынын мəлімдейді...
Сол күннен бері-ақ Керімбайдың Құрамысқа тісі басулы болатын. Ертең
ел келесінде осы мəселенің алдынан шығарын ойлағанда, одан ары
зығырданы қайнай түскен. Ертеңінде шабарманын жіберіп шақыртқанда,


Құрамыс көші-қонды сылтауратып, үкірдайдың алдына қашқалақтап
келмей жүрген. Өзінше, ұмыттырып жібергісі келіп еді. Бірақ ондайды
ұмыта қоятын Керімбай ма: бүгін осы елдің зəңгісі Тыныбаймен қосып,
алдына əдейі алдыртып отырған беті еді.
Айтылар үкім айтылды, енді оны қайтарып алу қиын. Үкірдайлар
қылмыскерге тек өлім жазасын ғана кесе алмайды. Одан басқа қандай жаза
бұйырамын десе де ерікті. Алынатын айып-анжы өз алдына, кейде
қаладағы Маншың ұлықтарының үрдісі бойынша, дүре соғып тастайтын да
кезі болады... Құрамыстың да қазір басы қатып отыр. Не істеу керек? Егер
жұрт көзінен таса, оңаша жер болса, ол екі құйрықты құдайға тапсырып,
ат-шапанды олжа қып кетуге пейіл еді. Бірақ мына шимаңдай елдің ішінде,
бала-шаға, келін-кепшіктің көзінше бөксесін жалаңаштап, дүреге қалай
жатпақ? Ол ары ойлап, бері ойлап, ақыры айып төлеуге келісім берді.
Тыныбай зəңгі мінезі жұмсақ, майысқақтау кісі еді. Сол шырық
бұзбайтын момындығына қарап, жеңгелері оған «майға өтпес» деп ат
қойған. Ол қазір де Құрамысқа жаны ашып, өзінше ара түскісі келді.
– Үкірдай аға, ағаш та ұстаған жерден сынбайды. Құрамыстың шама-
шарқын білесіз ғой, бір жолға кешірім етсеңіз қайтеді?—деп майдалап келе
жатыр еді, Керімбай оның сөзін аяқтатпай, шорт кетті:
– Əй, жауырға қонған ала қанат сауысқанша сен неге шықылықтап
отырсың? Ендеше қарауындағы жұртты бетімен қоя бергенің үшін сен де
құр қалма. Саған да бір атан түйе айып кесіледі! — деді бет қаратпас суық
ажармен.
Тыныбайдың сасқаны болар, аға ашуын бойға дарытпай, сылқ-сылқ
күлген болды.
– Əй, қу Құрамыс-ай, құрттың-ау! Осыған ара түсіп нем бар еді. Өзіме де
сол керек! — деп мойнын бір жағына бұрып əкетті.
Осымен сөз бітті дегендей Керімбай орнынан тұра берген. Үлкендер
далаға шығып кеткенде, Құрамыс іште қалып қойып, Ажар бəйбішеге бар
мұңын шағып, жалынып жатқаны байқалды.
– Жеңеше-ау, енді не істеймін? Құрамыстың құрыған жері осы болды
ғой... Үкірдайдың көңілінен шығатын атты қайдан табам? Шапанды қайдан
алам?
– Не істеуші ең, бар болғыр? Еркек емессің бе амалын тап..., — деді
Ажар оның бетіне күле қарап. — Сорлы .... бар ғой: шəбелеңген жаман
қатыныңнан аса алмай,... қуды деген не сұмдық ол? Үкірдай сенің ат-
шапаныңды ... қабырғасын жаппас, елге сабақ болсын деген шығар.
– Жалғыз шолақты белдеуіне байласам да, атты бірдеме қып табармын-


ау, ал шапанды не істеймін? Сенсеңіз, біздің үйде шапан түгіл, бір жапырақ
жаңа шүберек жоқ...
Ажар іштен тына күрсінді де, төрдегі сандыққа қарай бет алды. Үлкен
сары ала сандықтың кілтін қоңыраулата бұрап, қақпағын ашты да, ішінен
мəуті жағалы, су жаңа барқыт шапан алып берді.
– Мə, мынау шапаның болсын... Сорлы-ау, жалғыз шолағыңды айыпқа
бергенде, өзін қалай күн көресің? Одан да біздің жылқышыларға мен
жіберді деп бар да, жылқыдан бір жарамды ат ұстап əкел. Бар, жөнел! —
деді Құрамысты бұдан ары ұстап тұрғысы келмей.


– Ой, рақмет, жеңешетай... Бала-шағаңның игілігін көр! Осы
жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаспын-ау! — деп Құрамыс есіктен
шыққанша алқап бара жатты.
Бұл — Ажар бəйбішенің сан рет қайталанған, басына іс түскен осы
Құрамыс сияқты талай жарлы-жақыбайды құтқарып жүрген, былайғы ел
Керімбайға сездірмей іштей біліп қана қоятын, көп жақсылықтарының бірі
еді. Бір қызық нəрсе, өзі көбінше ат үстінде жүріп, мал-жанның есебін
бəйбішесі Ажар мен інісі Майлықтан ғана сұрайтын Керімбай əлі күнге
дейін өз малын өзі түстеп танымайтын-ды. Айыпқа жығылған қолы қысқа
ағайын осы Ажардың ақылымен Керімбайдың өрістегі түйесін, сəйгүлік
аттарын өзіне жетелеп əкеп берсе, үкірдай оның түрі-түсіне қарамай-ақ, көп
малға қайтадан қостыра салатын... Соның нəтижесінде, ағайын арасында
Ажар бəйбішенің беделі Керімбайдан асып түспесе, кем соқпайтын.
Күйеуінің артық-кем кеткен жерін білдірмей жамап-жасқап, үкірдайдың
қаһарынан ығысқан елді маңайына қайта жинап отыратын да — осы «Ажар
апаң» еді.
Керімбай биыл ел жайлауға көшерде, Демежанның еншісін бөліп, бөлек
ауыл етіп шығарған-ды. Мұның үлесіне бір қора қой, екі айғыр үйір жылқы
тиді. Оның сыртында бір ауылдың көшіне жететін түйе, атан өгіз, сауын
сиырлар бөлінген. Демежанға табиғы малшы-қосшы, көрші-қолаң да
өздігінен іріктеліп қалып еді. Олардың көбі Керімбайдың қолтығын
паналап, сырттан көшіп келген кірме ағайындар... Ел жайлауға қарай
беттегенде, Демежан қалада қалып қойды да, кеш тізгінін Бибі өз қолына
алған-ды. Əйеліне разы болатыны, Бибі алғашқы жылы Керімбайдың өз
ауылынан тым қара үзіп кетпей, үлкен ауылға қанаттас, төбесін көріп
отыратындай жақын жерге қондырыпты.
Сонымен, əзірше «Демежанның ауылы» дейтін атағы жер жарып кетпесе
де, биылғы жылы бұл өңірде жаңа бір ауыл пайда болған. Ақ үйлері, ақ боз,
қоңыр үйлері, абылайша, күркелері аралас он шақты үйдің сорабы. Қазақта
отау көтеру, жеке үй болу қиын емес. Ал жеке ауыл дегеніңіз күнде туа
бермейді. Ауыл болу үшін бес-алты үйдің жай бас құрауы жеткіліксіз,
ауылдың жұрт таныған басшысы, өздеріне тиесілі өріс-қонысы болу керек.
Қазірше мына үйлер шоғыры Керімбай ауылдарының бір бұтағы саналып
жүреді де, бара-бара «Демежан ауылы» дейтін дербес атаққа ие болады.
Демежан алғашқы бірнеше күнде өзінің кішкентай ауылын қызықтаумен
болды. Қотанда үлкен бір қора қой жатыр. Ауыл сыртындағы тепсеңде он-
он бес бие байлаулы тұр. Сол малды бағып-қағып, ауылдың бар тірлігін
тындыратын малшы-қосшы, сауыншы, жалшы бар... Демежан бұрын көп
жайды ескермейді екен. Əлгі адамдардың бүкіл күнкөрісі, аштық-тоқтығы
өзіне қарап тұрғанын ол енді ғана пайымдағандай болды. Əрқайсысының
үйіне кіріп, күй-жайын, мұң-мұқтажын сұрастырған. Көршілерінің бəрі де
тепсе темір үзетін жас адамдар екен. Кейбіреулерінің ғана қолында бағып
отырған кəрі-құртаң, кемпір-шалы бар. Алатын ақы жайын сұрастырып еді,


осы төңіректе жалпыласқан ел бағасы болып шықты. Одан арғыны тіпті
дəметпейді де... Демежан Бибіге айтып, көрші-қолаңға бөлінген сауын
санын молайттырды. Қыстық көже қатығың деп, əр екі үйге бір қарадан
соғым атады. Күнкөріс үшін қолтығын паналаған адамының беделді,
қайырымды, кең болғанын кім жек көрсін, Демежан келгелі малшы-
қосшының да иығы көтеріліп, арқаланып қалып еді.
Бұған дейін кішкентай ауылдың қожасы — Бибі екен. Малшы-жалшы
атаулы жас əйелдің айтқанын екі етпей, аяқтарының ұшымен басатыны
қызық. Демежанның бір таң қалғаны, Бибі бар шаруаны дөңгелек
айналдырып, меңгеріп алыпты. Қанша дегенмен көргені бар емес пе, ол да
оз əлінше Ажар енесіне ұқсағысы келеді. Көршілердің тілін тауып, сыйлай
да, сыйлата да білетіні көрініп тұр. Ең бастысы, ауылда ұрыс-керіс, айғай-
сүрең, ақыру-жекіру жоқ. Демежанға өз ауылы бір бейбіт, жылы ұядай
жақсы əсер қалдырды.
Бұл күнде жасы отызға таяп қалған Бибінің сырт мүсіні де ерттеулі аттай
жұмырланып, ажарлана түскен. Басына қыр елінің салтымен, оқалы жағы
бар, аппақ шатырдай кимешек-шаршы тартатын болыпты. Тобығына
түсетін қос етек көйлек, қатипа қамзол киіп шыққанда, қыпша белі
солқылдап, қызыл күрең жүзінде тоқшылық, жастық нұры ойнап, еріксіз
көз тартады... Алайда қатал тағдырдың адамға кейде басқанын бəрін үйіп-
төгіп берсе де, əйтеуір, бір нəрседен қысып қоятын əдеті ғой. Демежан
екеуінің отасқандарына он шақты жылдай өткенімен, Бибі əлі күнге дейін
бала көтермей келеді. Бəлкім, ақжолтай болар, соңынан бір қарайған ерер
деп, ана жылы көп балалы Сүйежанның бір баласын бұлар туа салып
бауырына сап алған. Қазір сол кішкентай Олжабайдың өзі беске келіп
қалды. Бірақ оның соңынан ерген ешкім бола қойған жоқ. Былай қарағанда
төрт түлігі сай көрінетін ерлі-зайыптылардың оңаша қалған кездегі бір
уайымы осы еді.
Бұрын үлкен ауылдың бір отауы болып отырғанда, ырду-дырдумен
білінбейді екен. Ал қазір өздері бір ауылдың бас шаңырағына айналған
кезде, от басында үш-ақ адамның шошайып отыруы көңілді құлазытып,
əлдебір қаяу түсіргендей болады. Демежан байқап жүр: Бибі көбінше осы
олқылықты сездірмеуге тырысады. Күн сайын қазанға асты молырақ
салдырып, түннің бір уағына дейін көрші-қолаңды таратпай, дуылдасып
отырғанды ұнатады.
Бүгін əлдеқалай көршілер ертерек тарап, іңірде өздері оңаша қалған-ды.
Ерлі-зайыптылар 
біразға 
дейін 
қуыршақ 
ойнағандай 
кішкентай
Олжабайдың тілін қызықтап, өздерінше мəре-сəре болысты. Қаны сыртына
тепкен, топ-толық, қара домалақ бала бір ауылдың басынан құс ұшырмас
еркесі атанып, жақсы өсіп келеді. Биыл жазға салым сүндет парызын өтеп,
тұңғыш рет ашамайға мінуі дүрілдеген той болып өтті. Бешпетінің екі
иығына, бас киіміне қадалған сондағы үкілер əлі алынған жоқ. Кейде əдейі
шолжыңдап, «р» дыбысын дұрыс айтпайтыны болмаса, Олжабайдың тілі


пысық, сайрап тұр.
– Олжабай, сен осы кімнің баласысың?
– Демежанның баласымын.
– Кімнен тудың?
– Бибіден тудым.
– Нағашың кім сенің?
– Нағашым — Құйман қажы. Ойыс жейінде...
Күніне əркімнің аузынан сан рет қайталанатын бұл сұрақтарға бала
мүдірмей жауап қайтаратын болған. Екеуі шай ішіп отырғанда кінəсыз
сəбидің тəтті тілін тағы бір рет тыңдап, мəз болысты. Бұларға керегінің өзі
сол. Олжабай «мен — Демежанның баласымын» деп жүрсе болғаны.
– О, құлыным сол! Балдай болған тіліңнен айналдым сенің! — деп Бибі
баланың екі бетінен шөп-шөп сүйіп, өліп қала жаздайды.
Не үшін екен, Демежан балаға салқын, өйтіп өліп-өшіп тұрмайды.
Олжабайды өгейсіткені емес, құдайдың жаратқан мінезі. Тек Бибінің көңілі
үшін ғана, кейде баланы алдына алып, айналып-үйірілген болады. Бибі осы
Олжабайды бауырымызға салып алайық дегенде де, бұл онша құлап түскен
жоқ-ты. Құдайдың бермесіне жармасқандай, əлдебір көрсе-қызарлықтай
көрінген. Бірақ əйелінің көңілін қимады. Мейлі, жақсы ниетпен ырым етіп
отыр екен, осының-ақ тілегі болсын деген де қойған.
Ата-ананың ортасында əрнені былдырақтап сөйлеп отырған Олжабай
əлден уақытта манаурап қалғи бастаған. Бибі оны көтеріп апарып, төсегіне
жатқызды. Үй-ішін тағы да марғау тыныштық басты. Қотанда күйіс
қайырған қойлардың баяу ыңыранып тыныстағаны, əлдеқайдан тұсаулы
аттың пысқырғаны, бел астындағы үлкен ауылдан маң төбеттердің əупілдеп
үргені естіледі. Оқта-текте қой күзеткен жігіттердің «Шəйт- шəйт!.. Бұл
кім, ей?» деген оқыс айқайы шалынады.
Бибі далаға шығып, түндік жауып келді де, үндемей жүріп төсек сала
бастады. Он жаққа биік кереует тұсына ұсталатын бір кездегі қызыл-күрең,
үкілі шымылдықты ауыстырып, оның орнына шаршаулы, қызғылт сары
түсті басқа шымылдық құрылыпты. Бұл ерлі-зайыптылардың тым
үлбіреген жас емес, ересек тартып қалғанын білдіреді... Бибі өзін қанша
көңілді ұстағысы келгенмен, қабағында сейілмей жүрген бір мұңды
көлеңке бар. Кейде өзі де аңғармай, көкірегінен ыстық жалын атып,
күрсініп қалады. Шамасы, күйеуіне айтайын деп, көмейіне іркіп жүрген бір
сыр бар ма, қалай? Сол сырды қалай сыртқа шығарудың ретін таппай
қиналған, шарасыз жанның қалпы байқалады. Бүгін төсекке жатқаннан


кейін де, шырмауықтай оратыла кететін күндегі қызу құштарлықтан бой
тартып, салқын сабыр танытты.
– Демежан, осы сен нешеге келдің? — деді бір заматта баяу тіл қатып.
Демежан жымиып күлді.
– Сен не, Олжабайдың орнына енді мені сөйлетейін дедің бе?
– Жоқ, шын айтам. Сұрағыма жауап бер.
– Ал жарайды, отыз екіге шықтым... Қартайып қалды деп ойлап па едің
мені?
– Қартайсаң мен саған мұндай сұрақты қояр ма едім. Сен əлі жассың
ғой, — деді Бибі тақ бір мұның жастығына өкінген адамдай.
– Иə, не боп қалды? Айтсайшы, кісіні күпті қылмай.
Бибі біразға дейін үндемей қалды. Қырынан аунап түсіп, шалқасынан
жатқан Демежанның кеудесіне қолын артты.
– Мен саған бір сөзді көптен айта алмай іркіліп жүрмін... Сен мені дұрыс
түсін, Демежан. Ашуланба... Саған енді уақыт оздырмай тоқал алу керек.
– Тоқал? Мəссаған! — Мұндайды күтпеген Демежан сасып қалды.
Аузына қапелімде сөз түспей: — Сен не, түсіңнен шошыдың ба?—деді
жастықтан басын көтере беріп. — Байына тоқал ал деп жалынған қатынды
сенен көрдім.
– Жоқ, сен өйтіп қалжыңға айналдырмашы. Осы бір ой мені көптен бері
мазалап жүр. Мен сенің бақытыңды жандыра алмадым ғой... Артыңнан
еретін тұяқтың қамын ойла, — дегенде Бибінің үні қалтырап кетті.
Əйелінің көзінен қат-қат тамған жасты Демежан қараңғыда көре алған
жоқ.
– А-а, сенің ойың арыда жатыр екен ғой, —деп жастыққа қайтадан бас
қойды. — Өзің білесің, мен онша балажан адам емеспін ғой. Менің басқа
уайымым да жетіп жатыр... Кейде осы жүрген жұрттың бəрі менің балам
сияқты болып көрінеді.
– Ол айтқаның дұрыс қой. Бірақ баласыз үйдің күні құрсын да... Бала
керек адамға. Бала болғанда, ешкім аузына салып үйретпей-ақ, «Мен —
Демежанның баласымын» деп өздігінен айтатын, сенің өз қаныңнан
жаралған бала керек. Кім біледі, құдайдың рақымы түссе... Егер екінші
əйелін бір «шикі өкпе» тауып берсе, мені күндестік жасайды деп ойлама.
Мен оны өмір бойы төбеме көтеріп жүруге бармын.
«Апыр-ай, мынау тіпті шындап барады ғой, — деп ойлады Демежан, —


əлде абысын-ажын арасында мұны табалап, ширықтырған біреу бар ма
екен? Немесе əйел затының өз назын өткізгісі келген көп еркелігінің бірі
ме? Не болмаса, осының не ойлағаны бар деп, мені өзінше сынаған түрі
ме?» Осы соңғы ойдың əуенімен:
– Əлгі «жан қимақ болса дағы, жар қимақ жоқ» дейтіні қайда? Сен мені,
шынымен-ақ, біреудің құшағына қия саласың ба? — деп əйелін бауырына
тартып құшақтамақ болып еді, Бибі ырқына көнбеді.
– Қойшы, жаным... Егер мені жəй нəпсінің құлы, жар төсегін қорыған
көп ақ жаулықтың бірі деп ойласаң, ренжимін, — деп Демежанның қызу
аптығын тез басып тастады. — Жастық шақ басымызда қанша тұрар
дейсің. Ол да көрген түстей өтер де кетер бір күні. Ажарыңнан, базарыңнан
айырып, кəріліктің де ауыл-үй қонатын кезі болар... Ұрпақ, тұяқ деген,
міне, сол кезде керек адамға. Сол шақта сенің өзегіңді өкініш жайлап, аһ
ұрып қапалануың мүмкін ғой. Бірақ ол кезде тым кеш болады ғой, жаным...
Дұшпаның да аз емес. Күндердің күнінде солардың бірі болмаса біреуі
баласыздығыңды бетіңе салық етіп, табаламас дейсің бе. Шындықтың жүзі
қашанда өткір, қиып түсер қылыштай. Өзгеге дес бермесең де, осы бір
мініңді айтқанда, сен лажсыз тоқтарсың...
– Бибі, құдай тілеуіңді берсін, қойшы енді! — деп жалынды Демежан
бұдан ары тыңдай беруге дəті шыдамай.
– Жарайды, сөзімді бөлмеші, ағатай. Ар жағын тыңдашы... Сен
тумысыңнан үстем жаралған жансың. Өмірде де жүзің жарық, ештеңеден
кемдік көрмей, үстем болып өтуге тиіссің. Мен сенің тауың шағылып,
меселіңнің қайтқанын, дұшпаныңның табасына ұшырап, жертезек
болғаныңды көргім келмейді, жаным... Егер екі дүниеде мен разы болсын
десең, осы тілегімді орында. Айтшы: орындаймын деші!
Демежан тіл қатқан жоқ. Арыстай кеудесін көріктей керіп, терең тыныс
тартты. Бұл дүниенің шер-шемен, қайғы-мұңынан қалай құтылуға болар
екен? Əй, бұл тірлікте құтылу жоқ шығар. Жетекке жүрмей жер табандап,
білек талдырған берекесіз елдің гөй-гөйі анау: соларды бір сəт болса да
ұмытып, өзіңнің кішкентай қуысында жан шақырайын десең, от басыңның
тірлігі мынау... Қайда барып паналауға болады?
– Неге үндемейсің? Бірдеңе айтсайшы, — деді Бибі оны кеуде тұсынан
баяу сілкілеп.
– Не айтайын? Құдайдың бермесіне адамның амалы қайсы? — дегенде
Демежанның даусы қаттырақ шығып кетті. — Ал тоқал алдым дейін, оның
етегінен жарылқай қоярын қайдан білдің? Егер қатыгез тағдыр тағы да
шөміштен қысқанын қоймаса, кілең қысырақ баққандай, нағыз масқара
сонда болмаймын ба? Осыны ойладың ба сен?
– Ол жағын уайымдама. Не бопты, құдай бірдеңе берер, — деді Бибі


ыстық демі бет шарпығандай болып. — Кінə менен болып жүр ғой,
жаным... Жасымда ұлша киініп, ашық-шашық жүрген, еркек-шора сорлы
емеспін бе мен. Сол бетімде еркек болып неге кетпедім екен?! Бір шүйкебас
алшы: тіпті көзі соқыр, аяғы ақсақ болса да бірдеңе тапсын... Жақында осы
ауылға келген дуанаға бал аштырғанмын. Сол бəрін қолмен қойғандай
айтып отыр: «Күйеуің екі некелі болады екен. Екінші əйелінен ай мен
күндей бір ұл, бір қыз сүйеді екен» дейді.
Демежан еріксіз күліп жіберді.
– Əй, Бибі-ай, кейде бала сияқтысың-ау. Дуана мен тəуіптің сөзіне сеніп
жүрген... Жарайды, ұйықтайық. Қажет болса қатынды да алармыз. Қос
қатын алған қазақтың алды-арты мен емеспін ғой. Тек өмір болсын де...
Кейде мен жасыма жетпей, ерте өлетін сияқты бір сезімде жүрем. Осынау
аядай дүниеде мен сыятын орын жоқ сияқты көріне береді.
– Құрысын, айтпашы ондайды, — деп Бибі бəйек болды. — Ал менің
жаңағы айтқанымды қалжың деп ойлама. Ол — менің бейуақта түн
жамылып айтқан имандай зар тілегім...
Осыдан кейін ешқайсысы үн қатқан жоқ. Бірақ екеуі де бірден ұйықтап
кете алмай, түннің бір уағына дейін дөңбекшумен болды. Айнала-төңірек
құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Анда-санда ауыл сыртындағы тоғайдан
жылқышы құс ысқырып, сонымен жарыса оқта-текте тау көкегі
сұңқылдайды. Өздерінше, тіршілікті мадақтап жырлағаны ма, немесе
осынау өмірдің қысқалығын сезіп, шер төгіп зарлағаны ма, кім білсін.
Соның бəрін де жайлау түні қараңғылық құшағына алып, қымтана түседі.
IV
Осылайша, жайлау тірлігі қыза түсіп, қайғы мен қуаныш кезек алмасып
жатқан бір күндері Демежан ауылына жан-жақтан қонақтар келе бастады.
Қазақта «Үлкен үйдікі — ортақ, кіші үйдікі — бұлтақ» деген сөз бар. Əлде
сол сөзге жүгінгені ме, немесе бұл ауылды біреу мойындаса, біреулер əлі
мойындамай жүр ме, əйтеуір алыстан келген сый кісілер де, ауыл арасының
қымыз аңдыған қыдырмашылары да көбінесе Керімбайдың өз аулына
ошарылып, бұл жаққа бұрын ат басын бұра бермейтін-ді. Бибінің əдейілеп
тіккен қонақ үйі ілуде бір болмаса, көбінше-ақ бос тұратын. Енді, міне,
соның есесін қайырғысы келгендей, тұс-тұстан жас қонақтар құйыла
бастады.
Осыдан бірер күн бұрын, əнеугүнгі уəде бойынша, қасына екі-үш
жолдасын ертіп, Шəуешектегі татар мырзасы Ыбырай келіп түскен. Бұлар
қоржындарына салып, мойындарына асып алған гармонь, скрипка,
мондалин сияқты асай-мүсейі мол, өздерінше бір қызықтап еді. Бұл өлкеде
бұрын естілмеген татар жырын шырқап, əндете, гулете келді. Мұның
сыртында жайлаудағы елге базарлық деп, бір атқа бөлек артып алған қант-
кəмпит, өрік-мейізі тағы бар. Ыбырай келе салысымен ауылдың қатын-


қалашы мен бала-шағасына сол базарлығын үлестіріп, алғашқы күні-ақ
осындағы кəрі-жастың сүйіктісіне айналып кетті.
Бүгін солардың үстіне төстегі Төртуылдың бір топ жігіт-желеңін ертіп,
Сымайылдың Күдерісі келіп қосылды. Демежан ауылға оралды дегенді
естіп, əдейі сəлем бере келіпті. Өздерінше баяғы заманның сал-серісіне
еліктеп, əлем-жəлем киінген, шетінен əнші-күйші өнерлі топ. Бұлар
Қаражалдан шыққан беті жол-жөнекей Қайрақтыны басып, Шөтік ішін
аралай келген екен, сол елден Қызылбаланың Ысқағы ілесіпті... Сөйтіп,
біркелкі марғау тірліктен іштері пысып, той-думан аңсап жүрген Демежан
мен Бибі аяқастынан өнерпаз, жас қонақтарға жарыды да қалды.
Күдерінің жасы бұл күнде он сегізге толып, ел аузына ілініп қалған кезі
еді. Кеше бүкіл ел ардақтаған қара шаңырақта, кəрі зəңгі Сымайылдың
орнын жоқтатпай, өз қатарына сыйлы, жақсы азамат болып өсіп келеді.
Бірақ əзірше арқасына ер батып, ауыр жүк арқалай қойған жоқ. Əлі де
болса бозбалалық, жастық дəуренмен қоштаса алмай, қайда той-думан,
өлең-жыр болса сол жерден табылып, серілік құрып жүрген жайы бар.
Өзінің домбыраға қосылып, бебеулеп тұрған бір сыдырғы даусы, жанынан
өлең шығаратын бір қақпай ақындығы да бар екен. Қала мырзасы Ыбырай
мен дала серісі Күдері бір-біріне бап қосылып, бұл ауылда жақсы табысты.
Үлкен ақ үйде, мол дастарқан бастарында қазақ əні мен татар жыры кезек
шырқалып, жайлаудың тынық аспанында тынбай қалықтады да тұрды.
Демежан мен Бибі өнерпаз жастарды бірнеше күн бойы жібермей,
жақсы қонақ етті. Өз алдарына жеке ауыл болғалы күтіп алған алғашқы
қонақтары болғандықтан, өздерінше ырым етіп, бірінші күні қысырдың
тайына бата жасатқан. Содан ары жалғасқан мол дастарқан күндіз-түні бір
жиылған жоқ... Демежан осы топтың ішінен тек бір адамды ғана
ұнатыңқырамай қалған. Ол — Қызылбаланың Ысқағы. Қанша бауырына
тартайын десе де, жүрегі құрғыр иімей, əлдебір бөтендікті сезінеді.
Ысқақ — қазір жиырма бестерге келген, үйлі-баранды, ересек жігіт. Бұл
да əкесі секілді орта бойлы, қызыл шырайлы, жанары шатынап тұратын,
алакөздеу азамат болып өсіпті. Соған орай, мінезі де тым шадыр,
əпербақан, жанжалға жуықтау ма, қалай? Кейінгі кезде қытайша тіл
үйреніп, қаладағы ұлықтарды жағалап жүреді. Қалада Шихалдайдың
қасынан бір-екі рет көргені бар. Ондайда Демежанға жоламай қашқалақтап,
із жасырған болады. Соңғы бірер жылда зəңгінің шабарманы болып, аз
ауыл Шөтікті «қырып» кете жаздап, шулатып жүреді екен деп те естіген.
Ал оның мына жастар тобына қалай қосылып қалғаны белгісіз.
Демежан Ысқақты іштей ұнатпаса да, ауылына келген қонақ болған соң,
сырттай сыр алдырған жоқ. Бар зейіні татар мырзасы Ыбырай мен өзінің
жақсы көретін інісі Күдеріге ауды да, біраздан кейін оны мүлде ұмытып
кетті. Ыбырайдың қасында гармоньшы, жыршы жігіт Зəки мен Рифхат
деген скрипкашы бар. Зəки шарға бойлы, қаршығадай ғана шымыр жігіт
екен. Оның кіп-кішкентай кеудесіне соншалық зор дауыстың қалай сыйып


тұрғаны таң қаларлық еді. Кейде бір қымызға бөртіп алған тұстарда,
гармоньды құлашын кере құйқылжытқанда, қос тілді қара гармоньның
карталары үзіліп, екі басы екі қолында кететін шығар деп ойлайсың. Сол
гармонь үнімен мінсіз жымдасып, кейде шырқап, кейде үздігіп шығатын
əсем сазды дауыс қандай! Жайлаудың тынық кештерінде «Ғалия бану»,
«Бала мискин», «Сандуғаш», «Сарман» тəрізді татардың халық əндері тау-
тасқа жаңғырығып, дүние бірнеше күн бойы күйсандықтай күмбірледі де
тұрды.
Татар əуені бұл елге бұрын көп тарай қоймаған, таңсық нəрсе. Бірақ,
ешкім жатырқаған жоқ. Қайта Зəкидей жез таңдай жыршының, айтуында
бітімі бөлек, бөгде өнерді жұрт тез ұғып, тез бауырласып кетті. Əлде кең
сахарада етек-жеңі жиналмай тым алыстан, шырқау биіктен қайрылатын,
көбінесе қам-қайғысыз салқар-сал тірлікті жырға қосатын қазақтың төл
əндеріне қарағанда, шер-мұңға, шемен-сырға тұнып тұрған татар өлеңі
халықтың дəл осы тұстағы көңіл ауанына дөп келді ме екен, əйтеуір
тыңдаушысын бірден баурап əкетті. Кеш батса-ақ төңіректегі ауылдардың
қыз-қырқын, жігіт-желеңі осылай қарай ағылып, сауық-сайран түннің бір
уағына дейін толастамайтын болды.
Бұл күндері ауыл сыртына алтыбақан құрылып, жарық айлы түндерде
қазақтың өз əндері де аз айтылған жоқ. Əсілі, Төртуыл ортасы өнер
оздырып, əн түзеген, бəлендей сауықшыл ел саналмайтын. Күдері сияқты
əн мен жырдың соңына түскен бірен-саран өнерпаз жастар осы бертінде
бой көрсетіп жүр. Бұлардың да айтып жүргені — көбінесе Арқадан ауысып
келген əндер. Небір жақсы əндерді Қоянды жəрмеңкесіне мал айдап, сауда
істей барған жүргіншілер үйреніп қайтады. Сондай жолдармен бұл өлкеге
соңғы жылдары атақты Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырай мен
жаяу Мұсаның əндері де жете бастаған... Биыл солардың қатарына жаңа бір
жас өнерпаз қосылып тұр.
Мына іргедегі шекараның ар жақ босағасынан, Мұқаншы, Көктұма
бойынан тағы бір жас пері шыққан көрінеді. Руы — Арғын, Найманға жиен
деседі. Аты-жөні — Əсет Найманбайұлы... Қазір жасы жиырма беске
толып, нағыз жалындап тұрған шағы дейді. Өткен жылы Барлықтағы
Мəмбет ішіне келіп қайтқан екен, жайлаудағы қалың елді əнмен «қырып»,
естерінен тандырып кетіпті. Сол Əсет:
«Арғынмын, атым Əсет арындаған,
Ақын боп əн сала ма дарымаған?» —
деп, өзінің ата жұртын, бойындағы тасып-төгілген өнерін айтып, бір
шалқыса;
«Тауықпын тары терген Найман шалдан.
Найман ел, айың туды маңдайшадан...» —


деп, өзінің нағашы жұртының да аруағын асырып, жасырмай жариялап
жүретін көрінеді. Биылғы жайлау үстіндегі елдің гу-гу еткен əңгімесінің
бірі сол Əсет туралы еді. Бұл маңайда оның өзін керген əлі ешкім болмаса
да, ақынның атағы бұл елге өзінен бұрын жетіп жатқан. Ғашықтық, жастық
сырын жария ететін «Мақпал», «Ардақ», «Қаракөз» əндерімен бірге бұл
төңірекке ақынның атын əсіресе қатты шығарған дүниесі — «Əсет пен
Ырысжанның айтысы». Бұл айтысты Күдері жақында біреуден жазып
алып, домбыраға қосып жатқа айтып жүр екен. Жастар жиналған
отырыстарда сол сөз сайысы сан рет қайталанып, ауыздан-ауызға көшіп
жатты.
Демежан өз ауылында басталған ойын-тамашаны тежемей, жарты ай
бойы сауық құрды. Өнерпаз жастар ортасында Бибінің де көңілін көтеріп,
езі де дүниенің кір-қоқысынан тазарғандай бір серпіліп қалып еді. Бұл
күндері Демежан қасындағы өнерлі жастарды маңайдағы дəмелі қыз-
жігіттер өз ауылдарына шақырып, жайлау қызығын одан ары жалғастыра
түскен. Бұрын мұндай жыр-думанға бой ұра бермейтін Керімбайдың өзі де
жас қонақтарды үлкен ауылға шақыртып, бірер күн солардың өнерін
қызықтады... Сонымен биылғы жайлау үстін жас дауысқа, əн мен жырға
бөлеген қадірлі қонақтардың қош-қош айтып, тарайтын мезгілі де
жақындап еді.
Қызылбаланың Ысқағы желіккен жастармен бірге əулігіп жүре бергісі
келмеді ме, əлде Демежанға көрсеткен қыры ма, осыдан бір апта бұрын
рұқсат сұрап, өз аулына қайтып кеткен. Оның əлде бір тығыз шаруамен
жүргені рас болды. Аттанар алдында Демежанды оңаша шығарып, өзінің
əдейі келген бұйымтайын айтты. Ысқақ мансап сұрай келіпті: Аз ауыл
Шөтіктің қазіргі зəңгісі Желдібай деген біртоға, момын кісі еді. Соны
орнынан түсіріп, зəңгілікті маған алып беріңіз деп, қатты қадалып отыр.
Бірдемеге шұғыл кіріскенде шырайы сұрланып, екі көзі шоқтай жанып
кетеді екен. Осы жолы сұрағанымды бересің, не ағайындықтан кетісеміз
деп, салмағын сала, аманатын арта келген адамның сиқы.
Демежан таңданып қалды. «Осылар бесіктен белі шықпай жатып, шен-
шекпенге неге сонша құмартады екен?—деп ойлады ішінен. — Сонда не
істемек? Халқына қандай өнер шашпақ?» Сол ойын ақыры сыртқа
шығарды.
– Ал, Ысқақ, сен ертең зəңгі болдың делік. Сонда не істемек ойың бар?
— деді оның шеке тамыры білеуленген, шұғынықтай күрең жүзіне қарап
отырып. — Сол елге ала-бөтен істейтін жақсылығың, мазалап жүрген
мақсатың бар ма?
Ысқақ сөз төркінін түсінбеді ме, таңданғандай мұның бетіне ажырая
қарады:
– Не істеуші ем? Сол Желдібайдың атқарып жүрген шаруасы менің де
қолымнан келеді. Қайта оған қарағанда, менің білімім, хат сауатым бар.


– Білім, сауатын да, пысықтығын да жетіп тұр, оған дауым жоқ. Алып
кел, шауып келге жарайтын жігіт толып жатыр қазір... Бірақ біздің халыққа
қазір не керек? Соны білесің бе? Осы елдің жыртығына жамау, талған
өзегіне талғажау бола аласың ба?
– Алдымен қолыма билік беріп көрсеңізші. Сонан кейін сынап
байқарсыз, — деді Ысқақ сызданыңқырап. — Шихалдай қарсы емес... Тек
үкірдай мен сіздің келісіміңіз болса жетіп жатыр.
Бұлар үй сыртындағы көгалда малдастарын құрып, оңаша отыртан-ды.
– Халдайға жағу — халыққа жағу емес қой, шырағым, — деп Демежан
етегін қағып тұрып кетті. — Билік екі жүзді қылыш сияқты, оны ұстай
білетін адам болмаса: не өзі арандайды, не елді арандатады.
– Бəсе, осылай деріңізді біліп ем... Біліп ем! — деп Ысқақ та қанын
ішіне тартып, орнынан тұра берді. — Кісі кейде ағайыннан береді деп
сұрамайды, бетін ашып алу үшін əдейі сұрайды. Міне, бетіміз ашылды...
Сенгеніңіз — Ши-амбы ғой. Ол да мəңгі тұрмас. Мың асқанға бір тосқан
табылар.
– Дүниені мүйізімен тіреп тұрған көк өгіз сен болсаң, қайтейін, менің
үстіме тастап жіберерсің, — деді Демежан да райынан қайтпай. —
Шихалдайына айта бар: ши арасынан су жүгіртіп, ел ішіне бүлік салғанын
қойсын. Бұл елге қандай зəңгі керек екенін Шихалдай шешпейді, халық
шешеді.
Арадағы əңгіме осымен бітті де, Ысқақ сол күні қош айтпастан аттанып
кетті. Ішіне қара қазандай кек жинап, жауласып кеткені белгілі. Сонымен
тағы бір бүлік басы, айықпас араздық жон көрсетті. Таразының халдайлар
жақ басына тағы бір тастың түскені анық...
«Демежан менен тəуір қызметті қызғанады. Зəңгілікке қолы жетсе, кейін
үкірдайлық орынға таласады деп қорқады, — деп ойлады Ысқақ былай
шыға бере. — Біздің қазақты көктетпей жүрген — осы қызғаныш, осы
іштарлық қой... Өзінше, артына қарамай, Шихалдаймен тіреспек. Қарай
гөр... «Ажалы жеткен тышқан мысықтың құйрығын шұқып ойнайды»
дегеннің кері де мұныкі. Осы бетім дұрыс. Мен мұнын артына
Шихалдайды салып көрейін. Халдайлардың бетін бері қаратып алсам, қара
қазақ қайда барады?»
Ал өзі осы сəтте Демежанды атарға оқ таппай, керемет жек көріп кетті.
Ысқақ оны бұрын да жек көретін. Тіпті Демежанның əлі беті-жүзін көрмей
тұрғанда, оған бала кезінен-ақ жауығып алған. Олай болуына осы жүрген
ел кінəлы, өз əкесі Қызылбала кінəлы... Бəрінің де аузының суы құрып,
мақтайтыны — Демежан. Екі сөздерінің бірінде «шіркін, Керім-байдың
қаладағы ұлы-ай! — деседі. — Ұлықтың оң қолы, Ши-амбының оң тізесін
басып отырған ең беделді көмекшісі екен, — деседі. — Тусаң солай ту, ұл


боп ту... Ел үшін еңіреп туған азаматым, асыл затым — сол Демежан! —
деседі. — Ертең ел тұтқасын ұстап, бүкіл қазақты билейтін де сол Демежан
болады» деседі... Аяғын қылдан тайып кетсе, сол Керімбай баласын үлгі
етеді. Əкесі Қызылбала қит етсе Демежанды айтып, мұның миын шұқиды.
Демежанның қасында басқалар бейне адам емес, жай бір жем теріп жүрген
жəндік сияқты...
Ысқақ мұндай сөзді осыдан көп жыл бұрын тіпті бала күнінен естіп
келеді. Демежан туралы көп айтылатыны сонша, бұл оған басында сырттай
жауығып жүрді. Оның қандай адам екенін көрмей-білмей тұрып-ақ қаны
қатып қалған. Демежанға зығырданы қайнап, ыза буған кезде: «Əй, сол
немені бір көрсем-ау»дейтін. Көрді. Алғаш рет осыдан жеті-сегіз жыл
бұрын, түңғыш үкірдайлар сайлауы кезінде көрген... Бірақ іштегі мұзы
бəрібір жібімеді. Демежанның білім-беделін былай қойып, сырт тұлғасы
өзінен əлдеқайда биік, екі иығына екі кісі мінгендей, нар жігіт екенін
көргенде, қаны басына шауып, ішінде алай-дүлей боран соғып өткендей
болған. «Иə, жұрттың айтқаны рас екен, бұл барда бізге күн жоқ екен» деп
ойлаған ішінен... Сол күннен бастап оны бұрынғыдан арман жек көріп
кетті. Жек көру деген аз, қырсық жауым, қызыл көз пəлем осы деп, мүлде
өшігіп алды. Сол іштей арбасу, іштей өшігу күні бүгінге дейін созылып
келеді.
«Қой, мен бұл бетімде ауылға бармайын, — деп ойлады Ысқақ бір-екі
қырқаны асып түскен кезде. — Үйдің іші мені қазір Демежанның аулында
жүр деп ойлайды. Осы пұрсатты пайдаланып, мен неге қалаға тартып
кетпеймін? Демежанның əнеугүннен бергі айтқан сөзін, істеген қылығын
Шихалдайға неге жеткізбеймін?»
Ол, шынында да, солай істеді. Атынын басын кері бұрып алды да,
Қараүңгір аңғарын бойлап, Шəуешекке қарай шоқырақтап шаба жөнелді...
Ал Ысқақтың ішінде осындай «ит өліп» жатқанын Демежан да ішкі бір
түйсікпен аңғарғандай болушы еді. Арадағы осы əңгімеден кейін өзін
біртүрлі жайсыз сезініп жүрді. Бүйрегінде тас байланған адамдай қабағын
кірбең шалып, шытына береді. Дүниеде өзіңді шын жақсы көретін бір
адамның барын сезіну қандай рахат болса, өзіңді өлердей жек көретін
біреудің жер басып жүргенін мойындау да сондай ауыр еді... Ал маңайында
өзін қорғап-қоршайтын, жағаттас адамдардың мүлде аз екенін ойлағанда,
көңілі тіпті құлазып кетті. Рас, қазір аюдай ақырған əкесі бар қасында. Сол
кісінің ығында жүріп, көп нəрсенің байыбына бара бермепті ғой бұл. Ертең
əкелер дəурені өтіп, өз басы жаңағы Ысқақтармен алысатын күн туғанда,
ең ақырына дейін табаны таймай, қасында қалатын кім бар?
Жастар тобы ертең қайтамыз деген күні, Демежан Күдеріні оңаша
шақырып алып, əңгімеге тартты. Ел ішінін бүгінгі жағдайына, ағайын
арасының ала ауыздығына тоқтала келіп, сөз аяғын мұндайда ер-азаматтың
алдында қандай мақсат болуы керек дегенге тіреген.


– Сенің қазіргі əнің де, сəнің де жақсы-ау, жігітім. Өз еліңе өнермен үлгі
шашамын, көзін ашамын дегеніңді де құптаймын. Шіркін, ел іргесі бүтін
болып, уайым-қайғы жоқ болып, басында қой үстіне бозторғай
жұмыртқалаған мамыржай заман тұрса, сəн түзеп, сауық құрғанға не
жетсін, — деп аз бөгеліс жасады. — Бірақ дəл қазір сен маған салған
əніңнен гөрі бір елдің бас көтерер азаматы, соңымыздан ерген іні-серік
ретінде көбірек қажетсің... Өзің болсаң күні кеше бүкіл ел ардақтаған
қасиетті қара шаңырақта отырсың. Осының өзі-ақ ер жігітке қандай міндет
жүктейтінін білесің бе?
– Толық біліп кетпесем де, сезетін сияқтымын, — деді Күдері сəл езу
тартып.
– Сезсең тіпті жақсы. Мен саған азамат бол дегенде, білек сыбанып
билікке талас, ана Ысқақ сияқты шер құмарың шен-шекпен болсын деп
отырғам жоқ. Жігіттің басы сыйлы болса, атақ-дəреже өзі келіп табады. Ер-
азамат ең алдымен адамгершілік, ізгілік жолын қуса жарасады. Шамаң
келсе, өз еліне зəредей болса да жақсылық жасаудың қамын ойла... Сенің
əкең Сымайыл зəңгі, міне, осындай адам болатын. Ол кісінің баяғыда
Қайыңбайдың еншісіне мал алуға да, алтын-күміс алуға да қызықпай, Ши-
амбыдан бір тоған су сұрап алғаны қандай көрегендік десейші! Қалай, қазір
зəңгі əперген сол суға егін салып, игілігін көріп жүрген ешкім бар ма?
– О не дегеніңіз, Демежан аға. Біздің ел жер тырмалауға əбден төселіп
алды, — деді Күдері барынша байсалды сөйлеуге тырысып. — Жыл сайын
Арқарлы мен Үштөбенің кең жазығына қырық-елу қос егін салынады. Мен
өзім де биыл екі қос жерге дəн септіріп тастағанмын. Қазір егіннің алды екі
рет су ішіп, қар суымен ерте салынғаны бас жарып, мойын соза бастады.
Демежан разы боп қалды. Жас жігіт ештеңені ойламай, есерлікпен ел
қыдырып кетті ме деп еді. Жоқ, олай емес, шаруашылық жайын да бес
саусақтай біліп тұр. Күдерінің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеуі өте орнықты,
жақсы туыс белгісін танытады.
– Оларың жақсы екен, — деді Демежан өз ойын сабақтай түсіп. — Сол
кəсіптен енді айрылмаңдар. Мал сауғаннан жер сауған озатын заман келді
ғой қазір. Естіген шығарсың: Боздаққа мен де зəйімке салдырып, егін
ектіріп жатырмын.
– Естідім. Қалың ел бұл күнде тек сізді əңгіме қылады, — деді Күдері.
— Мен де ел ішіне Ыбырай ноғайды əдейі шақырып отырмын. Ел-жұрт
көрсін, озық халықтан өнеге алсын... Оның да түбі біздің жаққа зəйімке
салатын ойы бар.
– Мейлі, сала берсін... осы елді отырықшылыққа бастайтын əрекеттің
бəрін де құптау керек. Биылдан бастап əр зəңгі елдің ортасына бірден
мешіт салдырсақ па деп отырмыз. Сібетеге салынатын мешітті сен өз
міндетіне алсаң қайтеді.


– Жарайды. Ыбырай маған шет жағасын айтқан, — деді Күдері. — Ол
тіпті «мешіт салсаң, имам жағын уайымдама. Татар молдасының бірін
қолынан жетектеп əкеліп беремін», — деп отыр.
– Ендеше, осы шаруаға өзің мұрындық бол. Бəрі де кейінгі ұрпақтың
қамы ғой... Бəрі өтеді, бəрі тозады. Егер күндердің күнінде «Күдері мешіті»
деген белгі қалса, ең үлкен ескерткіш сол болады, —деп Демежан жас
жігіттің арқасынан қағып, көтермелеп қойды.—Беу, айтпақшы, сенің осы
келіншек алатын ойың бар ма? Əлде осылай салдық құрып жүре бермексің
бе?
Күдері əлденеден қысылғандай, көзін төмен салып, қызарып кетті.
– Соның реті келмей тұр-ау, Демежан аға.
– Неге? Саған лайық қыз жоқ па бұл маңайда?
– Қыз көп қой... Бірақ менің аяғым шырмаулы болып, діңкені құртып
тұрған жоқ па. Əкеміз ертеректе біреуге құда түсіп, қалың малын төлеп
қойған екен. Көзінің тірісінде ол келінін түсіре алмай кетті ғой.
– Онда не бөгеліс бар? Қалың малы төленсе, қалыңдығың оң жақта
бойжетіп отырса, ондай келіңді зарықтырмай, алып келмейсің бе?
– Бірақ сол қалыңдығы түскір бүркіттің ұясындай қол жетпес қиын
жерде қалып тұр ғой, Демежан аға...
– «Қол жетпегені» қалай? Бермейміз дей ме?
– Береді ғой... Қайын жұртымыз шекараның ар жағында еді, кейін қоныс
аударып, Зайсан төңірегіне көшіп кетіпті.
– Сол да сөз бе екен? Ауыл арасы алыстап кетті деп, жетіп отырған
жесірімізді қоя беруіміз керек пе? — деді Демежан қызуланып. —
Төртуылдың мырзасына қыз бермейтін ол кім екен соншалық? Қай ру еді
өздері?
– Жұмық қой. Жұмық ішінде Сайболат. Ол жаққа бару үшін консулдан
қағаз алу керек дей ме, əйтеуір машақаты көп. Сол қызды құдайға
тапсырып, осы жақтан бірдеңе қарастырайық десем, апам көнбейді.
– Жоқ, бұл болмайды екен. Апандікі дұрыс... Жесірімізді жіберсек, ертең
сүйекке таңба түсетінін біліп отыр ол кісі, — деп Демежан енді əлденеге
бел байлағандай істі жеделдетіп жіберді. — Айтолқын апама, ауылдағы
басқа үлкендерге менен сəлем айт: амандық болса осы күзде құдаларға
барып, келінді алып қайтамыз. «Əкесі болса өлді, жетім бала жесірін іздей
қоймас» деп құдалар жағы əдейі созып жүрген болды ғой, шамасы.
Ерегескенде, бас құда боп соларға өзім барамын.


– Əлгі рұқсат қағазды қайтеміз?
– Оған қам жеме. Консулмен сөйлесіп, қағаз əперуді мен-ақ мойныма
алайын.
– Рақмет, Демежан аға! — жас жігіттің өңі кіріп, иығы көтеріліп қалды.
– «Рақметті» қоя тұр. Оны кейін келіншек алған соң айтасың ғой, — деп
Демежан көңілдене күлді.
Сол күні Бибінің отауында соңғы рет отырыс жасап, қоштасу кешін
өткізген жастар ертеңінде жан-жаққа тарайтын болды. Ыбырай қасына
ерген жолдастарымен Шəуешекке қайтса, Күдері өз нөкерімен тау
қырқалап, Қаражалға қарай тіке тартпақ. Күдері мен Ыбырай осында
келгелі бір-біріне қатты бауыр басып, достасып кетіп еді. Күдерінің еркіне
салса, Ыбырайды осы жолы өз еліне ертіп кетпек болатын. Бірақ татар
мырзасы қалада тығыз жұмыстарының барын айтып, зорға рұқсат алды.
Демежан дəл жүрер алдында бұл екі жігіттің əрқайсысына бір-бір ат
мінгізген.
– Сен де бір атанын баласы едің. Сөге жамандамай, нағашы жұртыңа
разы боп қайт, — деп Ыбырайды қолтығынан алып өзі аттандырды.
– Рақмет, Демежан əпенді. Бибі жеңгей мен сіздің алдыңызда бек
қарыздармын. Қандай құрмет, қандай сый көрдік сіздерден... Енді шаһарға
келсеңіз, басқа жаққа бұрылмай, тура біздің қораға түсесіз, — деп Ыбырай
да ризашылығын айтып тауыса алмай жатыр.
Бұл кезде Күдеріні қоршаған жастар ортасында Бибі жүр еді. Аттанарда
жас жігіттің шылбырын өзі ұстап, күміс ер-тоқымды күрең жорғаны
көлденен тарта берді.
– Асыл қайным-ай, жанымыз жабырқап, жүдеу тартып жүрген кезімізде,
əніңмен, сəніңмен келіп, ағаң екеумізді бір сергітіп кеттің-ау... Қайда
жүрсең аман бол, айналайын, жолдасың қызыр болсын! — деп қолтығынан
демеп атқа қондырды.
Күдері де осынау аға-жеңге, дос-жаранмен қоштасар қимас сəтте
томағасын алған бүркіттей дүр сілкініп, шын шабыт үстінде тұр еді. Ат
үстіне қона бере, бөгелместен бір ауыз өлең айтты:
Қуаныш — құйып өткен ол бір нөсер, Бұл дəурен баста тұрмас, əлі-ақ
көшер. Бибідей асыл жеңге ақ тілеуі — Болса екен қайнысына тұсау кесер!
Күдері осыны айтқан соң көп кідірген жоқ. Күрең бестісін тайпалтып,
топ алдына түсті де, ауыл сыртындағы көк жотаны бауырлап, шығысқа
қарай тартып бара жатты. Былай шыға бере өнерпаз топ тағы бір əн
бастаған болар, үй сыртында əлі де тарамай алағызып тұрған жұрттың


құлағына еркелеген бір əсем саз жетті. Қосылып айтқан көп дауыс тау-
тасқа жаңғырығып, алыстан жеткен сағыныш сарынындай жүрек
сыздатады. «Ардақ» — Əсеттің Ардағы.
Жайлауға ел қондырып, қозы сойып, Күн бар ма Ардақжанмен
табысатын, —
деген қайырмасы үздік-создық, талып жетіп тұр.
Жүргіншілер бел асып, көрінбей кеткенше, ауыл адамдары көз жазбай
қарап тұрды. Бұл өмірдің əні де, сəні де сол сауықшыл жастармен бірге
кетіп бара жатқандай, ұзатып салушылар əлден уақытта ес жинап: «Е,
шіркін дүние, уайым-қайғыны ұмыттырған аз күнгі қызық-думан да артта
қалды-ау ақыры» десіп, құлази күрсініп, үй-үйлеріне тарап бара жатты.
V
Қырық күн шілде аяқталып, жайлау сары жұрт бола бастаған мезгілде
қазақтың «ұзын құлағы» тағы бір жайсыз хабар жеткізді. Қыр елінен
алынатын алман-салықтың жаңа түрлері шығып, қаладан соны жинайтын
арнаулы адамдар аттанған көрінеді.
Бұл хабар көшпелі қауымға жұт жылы қыбыладан соққан ақ түтек
бораннан кем əсер еткен жоқ. Соның өзінен гөрі алыстан жеткен дүмпуі,
алып қашты дақпырты арқаны аяздай қарып, ел сүрепетін ұшырып жіберді.
Ауыл арасы гу-гу əңгіме:
– Ойбай, «қара шығын» дейтін пəле шығыпты дейді...
– Малының бар-жоғына қарамай, қарайып жүрген халықтың бəріне
түндік басы салық түсетін болыпты.
– Əлдеқашан сойып жеген, жұттан өлген тышқақ лағына дейін хаттап-
шоттап, орны жоқ малға да қан бажы төлететін көрінеді.
– Айналайын өкімет-ай, əйтеуір алуға келгенде, ат қойып, айдар тағуға
шебер-ақ қой...
– Салық жинайтындардың қасында аламан əскері бар екен, бермегеніңді
күшпен тартып алады дейді.
Осындай алып қашты əңгімелер нөсер алдындағы дауылдай талай үйдің
түндігін желпілдетіп, шаңырағын шайқалтып бір өтті. Осыдан арада он
шақты күн өтер-өтпесте, «құлақ естігенді көз көреді» дегендей, жайлаудағы
елге салық жинайтындардың өздері де келіп қалып еді.
Демежан бұл хабарды Сарқырамадағы Құтымбет жайлауында жүріп
естіді. Осында əкесінің жұмсауымен көптен шешілмей жүрген бір дауды
бітіру үшін келген-ді. Бұл да оңайшылықпен шешуін таптырмайтын, ұшы-


киыры жоқ лаңның бірі. Төртуыл іші бұрын ұрлықтан таза сияқты еді,
ақыры ол да жеті ағайынды жұттың бірі боп келіп, түп етектен ұстаған
секілді... Көктемде жоқ қарап жүріп, Құрамыстың үйіне қона алмай, оны
айыпқа жығып кететін Жұмықтың шалы бар емес пе. Солар жоғалған
жылқысының өкше ізіне түсіп жүріп, ақыры осы елдің ішіне əкеліп
індетіпті. Даулайтыны — ұсақ-түйек тай-байтал емес, сайдың тасындай
іріктелген он екі жылқы. Жайлауға шығарда көшке мінеміз деп ауыл
маңында ұстап отырған сəйгүлік аттары бір түнде ұшты-күйді жоқ болып
шыққан. Сол жылқының ізі Төртуыл ішінен, онда да анау-мынау емес, осы
елдің бетке ұстар, белді бір азаматы Байсеркенің аулынан шығып отыр.
Бұл — баяғы Отыншының асында Керей палуаны Қарашты жығып,
Төртуылға абырой əперетін атақты Байсеркенің өзі... Басында Демежан
сенбеген. Байсеркеге əдейі жабылған жала шығар деп ойлап еді. Шамасы
келсе бұл жаладан ел ішін арашалап, аулаққа қуып тастау жағында
болатын. Бірақ соңында сойдақталып жатқан ізден, даусыз дəлелден
бұлтаруға келмей қалды. Масқара болғанда, жоғалған он екі аттың бірі —
кекілінің астында танадай ғана төбелі бар жирен жорға Байсеркенің
қорасынан табылып отыр. Байсерке оны Дөрбілжіндегі бір бай кірекештен
сатып алдым деп, өзінше бұлтарып көріп еді, бірақ мал иесі онысына көне
қоймады. Жирен жорға — құлын күнінен қолда өскен, баласының бəсіресі
екен. Аттың таңдайындағы басқа ешкім байқамаған түймедей қалыңа
дейін, тай күнінде тамағына сақау шығып, соны жарғаннан қалған
болымсыз тыртығына дейін танып, мойнына мөлдіретіп қойып берді...
Танығаны бір ат болса жарасы жеңіл ғой, Жұмықтың жырынды шалы
теріскейдегі Мұрын ішінен басқа жылқының да ізін шығарып келіп отыр.
Олардың да өкше ізі Байсеркеге келіп тіреледі.
Енді ақталатындай ештеңе қалған жоқ еді. Демежан мен Көксеген ортаға
алып, екі жақтап қысқан кезде, Байсерке ақыры шынын айтты. Көктемгі
көші-қонның əлегінде жүрген Жұмықтың көш аттарын тиіп алып, бір түнде
Мұрынға өткізіп жібергені рас екен. Соған қарағанда, Мұрынның
ұрыларымен көптен байланысы бар секілді.
– Амал қанша, «сауысқан сақтығынан өлмейді, сұқтығынан өледі» деген
осы! Жирен жорғаны жүрісіне қызығып, қолымда ұстап қалып едім...
Тұтылған жерім осы болды, — деп Байсерке бармағын шайнады.
Осыдан кейін Жұмықтың малын алдына салғаннан басқа не шара бар.
Ұрланған он екі аттың басына қосар, құйрығына тіркеу айыбымен,
Байсерке жиырма төрт жылқы төлейтін болды. Оған өткен қыстан жұтап
шыққан аз ауыл Бөрінің шамасы келмейтін болғандықтан, ағайын-анжы
жылу қосып, бүкіл Қараменде бөліп төледі. Шығынға шыққан бір үйір
жылқы ештеңе емес-ау, Төртуылдың ұры атанғаны жанға батады. Қара
күшпен болса да ел намысын қорғайтын азамат деп, Демежан бұрын
Байсеркені сырттай мақтан етуші еді. Енді, міне, тағы бір үміті селге
кеткендей, көңілі құлазып қалды.


Осы дауды бір жайлы етіп, енді елге қайтам ба деп отырғанда, артынан
ат сабылтып, Керімбайдың шабарманы Рақымбай келіп жетті. «Ауылға
салық жинайтындар келіп жатыр, тез қайтсын» деп əкесі сəлем айтыпты.
Демежан бөгелген жоқ, сол күні-ақ Рақымбайға ілесіп, Ойжайлауға қарай
бет түзеді.
Елге келсе, шынында да, Керімбай аулының үсті ас беріп жатқандай
опыр-топыр. Қаладан келген ұлықтарға арнап, бірнеше үй тіктіріпті. Зəңгі,
старшын, елубасы дегендер түгел сабылып осында жүр. Сойыс қамдап, лау
аттар дайындап, аяқтарының ұшымен басады. Демежан алдымен əкесіне
келіп жолықты. Керімбай біраздан бері белінен шойрылып, ешқайда шыға
алмай ауырып жатқан-ды. Қат-қабат түсіп жатқан салық онсыз да тозығы
жеткен елдің тобақазығына тақайтынын сезсе де, істер айла таппай, үкірдай
əбден торытып отыр екен.
– Өзің барып сөйлеспесең, мен ештеңе түсінбедім. Өкіметтің дəл
бұлайша бірден аяздай қысып кететін жөні жоқ еді, — дей береді əлсін-əлі.
Баласынан Байсерке жайын естігенде, Керімбай жаралы жолбарыстай
ыңыранып, одан арман ызаға булықты.
– Төртуылға ендігі жетпегені ұрлық еді. Жұмыққа қанды мойын ұры
атанып, жығылып келдім десейші... Былайша тақымға салып, күш бермей
кетуге болмады ма?
– Оған келтірмеді ғой, көке. Жылқының ізі сойдақталып аулыңа кеп
отырса, қалай ғана көз жұмбайға саларсың. Тек пəленің алды-арты осымен
тынсын деңіз.
– Қап, мына белі құрғырдың қозғалтпай жатқанын көрдің бе?! Əйтпесе
əлгі Байсерке қуды көкала қойдай, көк торғайдай етіп, дүреге бір жығып
алу керек еді...
Демежан енді əкесінен шыққан бойда, аулаққа тігілген төрелер үйіне
қарай бет алған. Ауылдың сырт жағына екі ақ үй, бір қоңыр үй, үйме-
жүйме бөлек тігіліпті. Демежан төр жақтағы үлкен ақ үйге барып түсті.
Ұзын-ырғасы жеті-сегіз адам ортаға дөңгелек үстел қойдырып, қымыз ішіп
отыр екен. Есіктен кірген Демежанды көріп, бірнешеуі орнынан қопаңдай
көтерілді. Араларында бір кезде Ши-амбы кеңсесінде бірге істеген
Дабынтай, Əсенажы секілді таныс жігіттер де бар көрінеді. Қалғандары —
бажы 
мекемесінің 
қызметкерлері, 
атарман-шабармандар. 
Алдымен
ұмтылған Дабынтай:
– Пəлі, бізге көмектесетін кісінің түрін қара! Аулыңа бүкіл Шəуешек
көшіп келіп жатса, сенің ел қыдырып кеткенің қалай, жігітім-ау? — деп,
бұған соқтыға сөйлейтін ежелгі əдетімен, өзінше əзіл айтқан болды.
– Ештеңе етпес. Менсіз де жағдайларын жаман көрінбейді ғой, — деді


Демежан отырғандарға жағалай қол беріп жатып.
Жалпы аймақтық өкіметтен кейін, Шəуешектегі ең беделді, тіректі орын
— осы бажы мекемесі. Аймақта қыр қазағынан салық жинап, ең жиі
байланыс жасайтындар да — осылар. Дабынтай — қазір сол бажы
мекемесіндегі əжептəуір бастықтардың бірі. Демежан мен төрде отырған
төрелерді бір-біріне таныстырып, өзінше екі араға дəнекер болып отыр.
Демежан туралы айтқанда, əдейі көпшік тастағансып, мұның көп жыл Ши-
амбының қолында оқып, тəрбие алғанын, аймақ əміршісінің осы өлкедегі
ең сүйікті адамы екенін қыстырып жіберді.
Осы сəт Демежанның көзі есік жақта сары ала қылыш асынып алған
біреуге түсіп, таңданғаннан аңырып қалды... Ысқақ па мынау? Иə, дəл
соның өзі. Осыдан бір айдай бұрын бұған өкпелеп, көрместей боп кеткен
Қызылбаланың Ысқағы... Иығына айқыш-ұйқыш қайыс асынып, басына
қарға қауырсынын қадаған шошақ төбелі қалпақ киіп алыпты. Демежан
мырс етіп күліп жіберді де:
– Оу, сен ЬІсқақпысың? Сен мұнда неғып жүрсің? — деді қапелімде
аузына басқа сөз түспей.
– Мені Ысқақ мырза деп атауыңызды сұраймын. Мен қазір үкімет
адамымын, — деді ол көзінің етіне дейін қызара түсіп.
– Кімсің сонда? Құдай емес шығарсың...
– Білгіңіз келсе, мен қазір Шихалдайдың шабарманымын.
– Е-е, жөн-жөн... Орныңды енді тапқан екенсің!
Демежан соны айтты да, Ысқақты елеусіз қалдырып, төрдегі төрелермен
сөйлесіп кетті. Биылғы алман алудың ережесі қалай екенін, бұл заңды қай
жерде кім бекіткенін сұрастырған. Сірə, топ бастығы сол болуы керек,
мұның сұрағына əскери шені бар, егде тартқан, көзілдірікті маньчжур
ұлығы жауап беріп отырды. Оның айтуынша, қазақтан бұлайша қос-қабат
салық жинау — Құлжадағы жаңжұң кеңсесінен шыққан бұйрық көрінеді.
Оның арғы себебі мемлекеттің қазіргі ішкі-сыртқы жағдайынан туған.
Бірақ оқымаған қараңғы халық соны түсінбейтін сияқты. Алым-салықты
ауырсынып, қазірдің өзінде арыз айтып келіп жатқандар бар. Сондықтан
Демежандай қолында билігі бар, көзі ашық адамдар өкімет саясатын
бұқараға түсіндіріп, салық жинауға көмектесуі керек.
– Əй, бұл жолы сіздерге менің септігім тие қояр ма екен, — деді
Демежан басын шайқап. — Егер өкіметтің салығы əділетті, ақылға
сыйымды болса, одан ешкім де бас тартпайды. Өйткені жер бетінде
қарауындағы халықтан алман жинамайтын мемлекет жоқ. Ал мынадай қат-
қабат келген ауыр салықты жұртшылық өз еркімен, ың-жыңсыз төлей
қояды деп, өз басым кепілдік бере алмаймын.


– Қалайша? Сіз оны неге сүйеніп айтып отырсыз? — деді Маншың
төресі бұған көзəйнектің астынан тесіле қарап. Өзі ішкеріден жаңадан
келген адам болуы керек. Жергілікті жағдайды біліңкіремейтін секілді.
– Себебі, сіздер жинағалы отырған салық шамадан тыс ауыр, əрі тым
əділетсіз. Бүйте берсеңіздер, халықтан наразылық тууы мүмкін.
– Сеніңше, сонда мемлекет қазақтан алым жинауды тоқтатуы керек пе?
— деді Дабынтай бір бүйірден сөзге араласып.
– Неге? Мен əсте олай деп отырғам жоқ. Бірақ менің ойымша, салықтың
жарым-жартысын қысқартуға тура келеді. Бір кезде, қазақтар Еженханға əлі
толық қарамай тұрғанда, жер майы үшін «сары ноқта» салығын төлеп
келді. Ал енді шекара белгіленіп, біздің халқымыз Цин өкіметінің өз
тұрғынына айналған соң, «сары ноқта» салығы күшінен қалуға тиіс емес
пе. Сіздің бұған айтар дауыңыз бар ма?
– Иə, бұл айтқаныңыз қисынға келеді, — деді ұлық орнынан
қозғалақтап.
– Ал бертінде шыққан «шөп бажыға» қазақ қарсы емес. Малынын
басына қарай бұдан кейін де төлей беруге мақұл. Бұған енді «қан бажы»
дегенді əкеліп қосақтау — мүлде шектен шыққандық деп білемін. Өзіңіз
ойлаңызшы, бір жыл ішінде сойып жеген, не жұттан өлген, орны жоқ малға
салық төлеу əділет пе? Бұл — кім де болса, қазақ тұрмысын білмейтін
біреудің ойлап тапқаны.
– Ал «Қара шығын» ше? — деп қалды ұлық бұл туралы да Демежанның
не ойлайтынын біліп алғысы келгендей.
– Шаңырақ басы жиналатын «қара шығын» да өкіметке абырой
əпермейді. Кедейдің астындағы жалғыз атын, не сауып отырған жалғыз
сиырын сыпырып алғанда, олар топырақ жейді деп ойлайсыз ба? Бұрын
қолындағы дəулеті он қараның сомасына толмайтын жарлы адамдардан
салық алынбай келген. Меніңше, сол заңды күшінде қалдыру керек.
– Ал сіз айтып отырған орны жоқ малды қазақтар базарға апарып сатып,
пайдасын көрді деп ойлауға болмай ма?
– Иə, көшпелі халықтың жылына бір рет, ел жайлаудан түсе, базарға мал
айдайтыны рас. Бірақ бəрі емес, кейбір ауқаттылары ғана. Ал қыр елінде,
өзіңіз білесіз, мал сатып алатын бір пенде жоқ. Егер алда-жалда сатылған
малдан бажы алу керек болса, онда бұл істі Шəуешектегі мал базарында-ақ
жүзеге асыруға болар еді ғой.
Алды-артын орап, тұйыққа апарып тыққан дəлелді сөзге маньчжур
ұлығы мəнерлі жауап айта алмай, ыңыранып отырып қалды. Тек əлден
уақытта:


– Айтқан пікірлеріңізді теріс дей алмаймын, Демежан мырза. Бірақ бұл
жоғарыдан келген бұйрық қой. Біз — сол бұйрықты орындаушылармыз, —
деді шарасыздығын білдіргендей екі иығын бірдей көтеріп. — Ертең
бірнеше топқа бөлініп, ел-елге аттанайық деп отырмыз.
– Ол жағын өздеріңіз біліңіздер. Мен айтарымды айтып, алдарыңыздан
өттім. Мен енді бұл шатаққа араласпаймын. Ертеңгі күні бірдеңе шыға
қалса, мына Дабынтайлар менен көре кетуден тайынбайды. Сондықтан
мені қалыс қалды деп есептеңіздер, — деді де Демежан қоштасып шығып
кетті.
Сол бетінде үйіне келді де, оқиғаның барысын сырттай бақылап, тым-
тырыс жатып алды. Жөн сұраған əкесіне де, арыз айтып, ақыл сұрай келген
басқа адамдарға да айтқаны мынау болды.
– Ежелден қалыптасқан «сары ноқта» салығы мен «шөп бажысын»
төлеп құтылыңдар. Бұл негізінен ауқатты адамдарға түсетін салық қой,
одан бас тартуға болмайды. Ал «қан бажы» мен «қара шығынды» төлеу-
төлемеу ез еріктеріңізде. Мұнысы — ұлықтар тарапынан жасалып отырған
көрінеу қиянат, — деген-ді.
Ертеңінде салық жинаушылар төрттен-бестен топқа бөлініп, əр зəңгі
елге тарап кеткенін естіді. Демежан үйде жатып, ұлық пен халықтың
аңысын андып, хабар күтумен болды. Ондағы ойы — халық əлі де болса
асаулық танытып, мінез көрсете ме, жоқ əлде қара тұяқтан хал кетіп
болдырған жылқыдай, кессең — міне, басым деп, арқасын тосып тұра бере
ме, соны сынап көрмек еді. Сол үшін сенімді деген жігіттерді ауыл-ауылға
аттандырып, ел ахуалынан күнбе-күн дерек алып тұрды.
Көп күттірген жоқ, арада үш-төрт күн өтпей-ақ, жан-жақтан жайсыз
хабарлар келе бастады. Қай ауылға барса да қалың бұқара «қан бажы» мен
«қара шығынға» қарсы өре түрегеліпті. Зəңгілер мен елубасылар өрекпіген
көпшілікті баспақ болып қанша күш салса да, қолдарынан ештеңе келмепті.
Салық жинаушы ұлықтар жұртшылық ырыққа көнбеген соң, қоқан-лоқы
көрсетіп, күшке кеткен. Ашық қарсылық білдіріп, бүлік басы аталған
кейбір адамдарға жұрт көзінше дүре соқтырыпты. Арнайы ертіп шыққан
шерік-шабармандарын жұмсап, кедей-кепшіктің қолындағы азын-аулақ
малын зорлықпен тартып алып та көрген. Бірақ мұндай қатал шаралар да
бұқара халықтың наразылығын үдете түспесе, баса алмаған көрінеді.
Жігіттердің айтуынша, жұрттың басына əңгір таяқ ойнатып, қынадай
қырып бара жатқан — Шихалдайдың шабарманы Ысқақ деседі. Ол аямас
жаулық, қаталдыққа келгенде, тіпті маньчжур-қытай төрелерінен де асып
түссе керек. Жазықсыз жандарға бірден дүре соғуға басқалардың дəті
шыдамай тұрғанда, Ысқақтың ғана қолы барыпты... Демежан осыны
естігенде, көкірегін ыза кернеп, əнеугүні сол топпен бірге ел ішіне өзінің де
ере шықпағанына қатты өкінді.


Бүгін естілген мына бір хабар тіпті сұмдық, ешкім күтпеген жағдай еді.
Жанағы Дабынтай мен Ысқақ бастаған бір топ Төртуылдың арғы алыс
жайлауы Сарқырамаға барады ғой. Ақирек пен Сарқырамада қалың
Қарамендемен бірге аз ауыл Баймұраттар отыратын. Баймұрат — исі
Төртуылдың ұраны, кезінде Қабанбаймен үзеңгілес шыққан əруақты
батырлардың бірі. Сол арғы аталарына тартқан ба, бұл ауылдарда мықты,
намыскер жігіттер аз болмайтын. Мал мен басқа асып тұрмағанымен,
ешкімге есесін жібермейтін, тас түйін, берекелі əулет еді.
Сол елдің ішіне барысымен, теріс азу, тентек топ ежелгі əуеніне қайта
басыпты. Тал түсте əр ауылдың малын қорасына иіріп қойып, санақ
жүргізіп, өкіметке тиесілі дегендерін өз қолдарымен таңдап ұстатып,
жылқысын матап, қойын қосақтап тастайды. Онымен қоймай, «қара
шығын» төлеуге шамасы келмейтін жарлы мен жалшыны күшпен айдатып
əкеліп, шетінен дүреге жығады... Жалпы, бұл елде жазықты деген кісіге өз
бетінше дүре соғу — соңғы жылдары Маншың ұлықтары мен
халдайлардың əдетіне айнала бастаған. Ел арасында: «ұлық «да
25
» десе,
құдайдың бергені, құйрығыңды төсей бер» деген ажуалы əңгіме де осыдан
тараған. Қалада көргенін Ысқақ, Дабынтайлар тобы енді ел ішінде де
қолдана бастайды.
Қазақ мұндай қорлыққа қалада, ұлық алдында шыдаса шыдар, ал қалың
елдің ортасында бөксесін жалаңаштап, дүреге жатқаннан гөрі өлгені артық
емес пе. Бұл жағдай онсыз да жұқарып жүрген Баймұрат жігіттерінің
намысына қатты тиеді. Осындай сұмдық екінші рет қайталанған күні,
жігіттер алдын ала сөз байласып қояды да, ұлықтарды сол арада тарпа
бассалып, байлап алады. Əрқайсысына, қолдарының қышуы қанғанша, енді
дүрені бұлар соғады. Сонан соң сол төңіректе жиын отырған бес-алты ауыл
əлгілерді байлаулы күйінде иен жұртқа тастайды да, өздері апаш-құпаш
үйлерін жығып, мал жанымен шекараның ар жағына өтіп кетеді.
Осы хабарды айтып, Керімбай мен Демежанға қос атпен кісі шаптырған
— Баймұраттың зəңгісі Берікбол:
– Біздің елде жағдай осылай ушығып тұр. Өкіметтің адамын соққыға
жығып, айықпас пəлеге қалып отырмыз. Егер іс бұлай асқына берсе, күнгей
елінен тігерге тұяқ қалмай, түгелімен орыс жеріне асып кететін түрі бар. Не
істейміз? Ақылдарын айтсын, — деп қадағалап қатты тапсырыпты.
Демежан мына хабарды алғаш естігенде, бір жағынан шошынып
үріккендей болса, екінші жағынан Баймұрат жігіттерінің кесек қимылына
сүйсініп те қалып еді. Өзінің күткені де осындай бір оқыс оқиға, оқшау
əрекет пе, қалай? «Əй, халқым əлі де бар екен ғой... Ұнжырғасы түсіп,
жүнжіп, жуасып кетпеген екен ғой» деп шиыршық атып, отырған орнынан
тұрып кетті. Мұндай бассыздық осылай ұшығына жетіп, маңдайы тасқа
тиіп барып басылмаса, жуық арада тоқтау-тыным болмайтынын өзі де
іштей сезіп жүрген. Ол дереу əкесімен ақылдасты да, Берікбол зəңгіге қатаң


бұйрық түрінде астыртын сəлем жолдады.
– Берікбол үрікпесін де, қорықпасын. Болар іс болды. Ұлықтар өш алады
деп сескенсе, өзі де елмен бірге шекараның ар жағына барып, паналай
тұрсын. Бірақ елді тым ұзатпасын. Ар жағын реттеуді мен өз мойныма
алам, — деп шабарманның қасына кісі қосып, шүйлеп айтып жіберді.
Біраздан бері ауру айналдырып, орнынан тұра алмай жатқан Керімбай
жайлаудағы ел жан-жаққа бытырап көшіп жатыр дегенді естігелі, қатты
мойып, жүдеп қалған. Мертіккен арыстандай төсегінде дөңбекшіп жатып:
– Шаған-кеген жорығынан кейін сайда саны, құмда ізі қалмай, тентіреп
кеткен Төртуылды Смайыл зəңгі екеуміз тезектей теріп, басын зорға қосып
едік. Қайран ел тоз-тозы шығып, тағы да қор болды десейші, — деп аһ
ұрып, күрсіне берді.
Келесі бір сəтте ол қасында отырған Демежанға бұрылып:
– Сен енді бұл жерде отырма. Не көрсең де, сол соры қайнап, сорпасы
төгілген елмен бірге көр. Бар сол елдің ортасына. Боранды күнгі жылқыдай
бет ауған жаққа ығып кетіп жүрмесін. Жеткіз менің осы сəлемімді ағайын
жұрттың бəріне! — деп қатал бұйрық етті.
Демежан екі ойлы еді: алдымен бүлініп жатқан елге барғаны жөн бе,
əлде ол оқиғаға араласпай-ақ, қаладағы үлкен ұлыққа төте тартуы керек пе?
Осы арасын анық ажырата алмай, əлі де болса ел жақтан жаңа деректер
күтіп отырған-ды. Бірақ күтпеген жағдай бұл мəселені мүлде басқа арнаға
бұрып жіберді. Сол күні кешке таман қасында екі-үш адамы бар, салық
жинайтын топтың бастығы — əнеугүнгі Маншың төресі Гаугаңның өзі
жетті ауылға. Бұрынғыдай емес, жүні жығылып, қыры сынып қалыпты.
Алыс жайлаудан тау асып, тас басып, өте асығыс суыт жүріп келгені
байқалады. Бибінің қолынан бір аяқ қымыз ішіп, жан шақырған соң ғана,
тіл қатуға жарады.
– Сіз əнеугүні дұрыс айтыпсыз, Демежан мырза. Бізде, шынында да,
шалағайлық болған екен. Біз барған ауылдар салық төлеуі былай тұрсын,
өзімізді итше ұлытып жұртына тастады да, өздері бір түнде əлдебір жаққа
зым-зия көшіп кетті. Сенсеңіз, кешеден бері нəр татпадым деуге болады,
ашпын... Енді өзіңіз көмектеспесеңіз, біздің мүлде далада қалатын түріміз
бар, — деді маньчжур төресі бар шынын ақтарып.
– Қасыңыздағы өзге жолдастарыңыз қайда?
– Олардың қазір атқа отыратындай шамалары жоқ. Əлгі қарғыс атқан
қақтығыс-жанжал шыққан күні ауыл жігіттері солардың құйрықтарынан
бір қабат таспа тіліп алды-ау деймін, — деп Гаугаң еріксіз езу тартты. —
Ондай тықыр маған да тақалып еді, мен бір ақсақалдың қолтығына
тығылып, əупіріммен жаным қалды.


– Ауыл азаматтары қонаққа бүйтіп қол жұмсамаса керек еді ғой. Бəлкім,
алдымен қамшы үйірген сіздің жігіттердің өздері шығар? — деді Демежан
жорта білмегенсіп.
– Оныңыз рас,бəрі өзімізден болды... Мен ішкеріден жаңа келген
адаммын ғой. Бұл елді мұндай асау, ұйымшыл деп кім ойлаған. Оның
үстіне қасымыздағы адамдар да шаш ал десе бас алып, мəселені тым
асқындырып жіберді. Əсіресе, Дабынтай... Сонан кейін əлгі біреудің аты
кім еді? Əлгі Шихалдайдың шабарманын айтам...
– Ысқақ па?
– Иə, сол... Халықты өзімізге қарсы қойып алуда сол неменің қырсығы
көп тиді. Тіфу! Тіпті айтудың өзі ұят, — деп, əбден ыза болған маньчжур
ұлығының аузынан осы тұста қағаз көтермейтін əлдебір боқтықтар шығып
кетті.
– Ал, құрметті Гау мырза, енді не істемек ойыңыз бар? — деді Демежан
ұлықтың жүзіне барлай көз жіберіп.
– Соны өзім де білмей тұрмын. Бір нəрсенің басы ашық — мына
қалпымызда бұл жолы елден салық жинай алмаймыз. Енді, амал жоқ,
қалаға қайтуға тура келеді. Бұл науқанды құлатқаным үшін, Ши-амбы
менің маңдайымнан сипай қоймас. Тіпті қаһарына ұшырап кетем бе деп
қорқып та отырмын... Сіз, Демежан мырза, осы оқиғаның басы-қасында
болған куəгер адам ретінде, менімен бірге қалаға жүрсеңіз қайтеді?
Демежанның да күткені осы еді. Бірақ бірден лоқ етіп түсе қалғысы
келмеді.
– Мен қалай куə боламын? Сіздер ел аралап кеткенде, менің бұл шатақ
шаруаға араласпай, үйде жатқанымды білесіз ғой.
– Жоқ, дегенмен сіз осы елдің өз адамысыз. Сіздің сөзіңіз елге де, Ши-
амбыға да өтіп тұр. Мені мына шырғалаңнан тек сіз ғана құтқарып
алуыңыз мүмкін, — деп Маньчжур ұлығы жалынғандай болды.
– Жарайды, барайын. Ши-амбының мұндайда тым қатты кететіні
болушы еді... Дегенмен бара көрейік, — деді Демежан ұлықтың көңілін
орнықтырып. — Бүгін осында жатып демалыңыз. Қалаға ертеңгі
салқынмен жүріп кетерміз.
Ол қиракездеу басталған қиын шаруаның ақыры бұлайша сəті түсіп,
оныңа айналғанына жəне о баста мөлшерлеген болжамының дəл
шыққанына риза еді. Өзінің іргелі ел екенін, кесек мінезін танытқан мұндай
халықтан енді аянып қалары жоқ. Сол күні түнде Берікбол мен Көксегенге
қайтадан кісі шаптырды: «Енді үрейленетін ештеңе жоқ. Ұлықтардың тауы
шағылып, қалаға қайтып барады. Ертең солармен бірге мен де жүргелі


отырмын... Əр жақта із жасырып жүрген ауылдар енді өз қоныстарына
қайта берсе де болады» деген астыртын бұйрық жөнелтті.
Ертеңінде бұлар ауылдан ертерек аттанып кетті де, араға бір қонып,
келесі күні түс ауа Шəуешекке жетті. Аймақтың əміршісі Ши-амбы да,
басқа ұлықтар да Төртуыл жайлауындағы оқиғадан хабар тауып отыр екен.
Салық жинаушылар мен бұқара халық арасында қақтығыс басталған
алғашқы қарбалас сəтте амалын тауып құтылып кеткен жанкешті Дабынтай
тізгін ұшымен шапқылап отырып, кеше кеште осында жетіп үлгеріпті.
Жəне жай келмей, бүкіл қаланы басына көтеріп, аттан сала, шу көтере,
дүрліктіре келіпті.
– Қазақтар салық төлеуден бас тартып, бүлік шығарды. Өкімет
адамдарына қол көтеріп, бірнешеуін соққыға жықты. Өздері түп қопарыла
үркіп, орыс жеріне көшіп жатыр, — деп болған жайдың өңін айналдыра,
ушықтыра жеткізіпті.
Сөйтіп, Демежандар келгенде, қала ұлықтары қатты қарбалас үстінде
еді. Алда əлдеқандай заман болады деп, ескі жамбылдың ішіндегі шағын
гарнизонды мұздай қаруландырып, сапқа тізіп қойыпты. Халдайлар əскер
міндетіндегі сібе-солаңға хабар таратып, арнаулы орынға тез жиналу
жөнінде тығыз бұйрық жөнелткен көрінеді. Қала аяқ астынан салқын қабақ
танытып, əскери түс алып қалған. Шихалдай бастаған топ қыр еліне
жазалаушы əскер жіберейік десе, Ши-амбы Іле жанжұңының рұқсатынсыз
шекара бойында мұндай қатерлі тəуекелге бара алмайтынын айтып, əлі де
бір шешімге келе алмай, басы қатып отырған кезі еді.
Дəл осындай қысылтаяң сəтте өзінің қабылдау бөлмесіне алым-салық
жинайтын топтың бастығы Гаугаң мен Демежан келіп отыр дегенді
естігенде, Ши-амбы іздегенін енді тапқандай орнынан атып тұрып:
– Шақыр мұнда ол екеуін! — деп ышқына айқайлап, үстелді қалай
қойып жібергенін өзі де аңғармай қалған.
Демежан қасындағы маньчжур ұлығын алға сала, өзін барынша сабырлы
ұстауға тырысып, ішке кірді. Өмірінде Ши-амбының дəл мұндай қатты
қаһарға мініп, ашуланғанын көрген емес еді. Аймақ əміршісі өзінің төрдегі
орнында, екі көзі қанталап, сиректеу сақал-мұрты тал-тал болып тікірейіп,
жеміне атылғалы тұрған кəрі жолбарыстай шақшия қарап тұр екен.
Əншейінде езуінен кетпейтін жымысқы күлкінің ізі де жоқ, тұла бойы
аяздай қарып, ақпандай үскіріп тұр. Кейде ұзақ уақыт алдарқатып, жымиып
күліп тұрып, аяқ астынан азу тісін ақсита қоятын бүкіл Цин өкіметінің
бейнесі тұр бет əлпетінде...
«Ойпыр-ай, шамына тисең мыналар сұмдық екен ғой! — деп ойлады
Демежан ішінен. — Жолбарысты сипасаң да ашуланады деген осы-ay.
Жыртқыштан қай жері кем мынаның?!»


Əміршінің мына кейпін көргенде, алым-салық төресі Гаугаңның
бойынан жан кетіп қалып еді. Бөлменің орта тұсына дейін соқыр адамдай
сенделектеп барды да, Ши-амбының алдына төрт тағандап жата кетті. Енді
ол тұр деген бұйрық болмайынша, сол жерде жатуға тиіс.
Демежан бұл арада өзінің жөні де, жолы да бөлек екенін сездіре, əлгіден
аулағырақ барып тұрды:
– Сау-саламат жүріп жатырсыз ба, ұлы мəртебелім?—деді ұлыққа сəл
иіле түсіп.
Бірақ Ши-амбы оның сəлемін алатындай халде емес еді. Бетіне жалт етіп
бір қарады да, қанталаған сілеусін көздерін жерде жатқан өз қызметкеріне
қарай аударып əкетті. Əлдебір нəжіске көзі түскендей жирене, осқырына
қарап тұр. Аздан соң əлгінің қасына таман жақындап, ұлтаны қалың, қайқы
бас, жібек шоқайымен Гаугаңның желке тұсынан теуіп қалды.
– Тұр, хайуан! Айт, кəне, жаныңның барында! Не бүлдіріп келдің?
Алым-салық төресі орнынан сүйретіліп зорға тұрды. Бірақ оның дəл осы
сəтте бірдеңе айтуға шамасы жоқ еді. Тоңған адамдай қалш-қалш етіп,
төмен тұқырған күйі үнсіз тұра берді.
– Сөйле деймін, иттің баласы! Неге үндемейсің? Ел қайда? Жинап
əкелген салық қайда?
– Кінəлымын, ұлы мəртебелім... Мені осы арада өз қолыңызбен атып
тастаңыз, — деуге Гаугаңның тілі зорға келді.
– Сендей есекке қолымды былғап жүрсем-ау, ə? Дəмесін қарай гөр, өзі
тағы кісі қолынан өлгісі келеді — Ши-амбы мырс етіп күлгенде, ызадан
бет-аузы қисайып кетті. — Саған бір ғана жаза бар: сен мынадай
масқарадан кейін өзіңді өзін, өлтіруің керек!
Алым-салық төресінде өң-түс қалмай, қу шүберектей бозарып кетті.
Жан шіркін кімге де болса тəтті ғой. Сорлыға ажал сағатының төніп
тұрғаны анық еді. Өзін-өзі өлтіру — Маншың чиновниктерінің арасында
император сарайынан бастап, шеткері аймаққа дейін жалпыласқан
жазалардың бірі. Жоғарыдан сондай үкім шыққан екен, одан бас тартатын
ешкім болмайды. Жазықты кісі у ішіп, не өзін-өзі асып өлтіруі керек...
Мына байғұс осындай бір қауіп боларын алдын-ала сезген екен ғой.
Демежаннан көмек сұрап, қолтығына кіріп паналаған себебі сол екен.
«Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады» демеуші ме еді. Сонда мұның
жансыз бұта құрлы болмағаны ма?
Демежанның осы сəт алым-салық төресіне жаны ашып кетті. Аты кім
еді осыныі? Гаугаң ба еді?.. Ол да бұдан жəрдем күткендей бір-екі рет
жапақтап қарады. Демежан енді не де болса ара түсіп, бірдеңе айтуы керек.


Əйтпесе кеш қалады... Соны сезіп, тамағын кенеп алды да:
– Ұлы мəртебелім, сізге бір ауыз əділет сөзін айтуға рұқсат па? — деді
тағы да сəл иіле түсіп.
Ши-амбы онысын ұнатыңқырамай, бірақ тыйым да салмай, мұнын
бетіне ажырая қарады.
– Менің ойымша, елге барған төрелердің ішінде өзін біршама дұрыс
ұстағаны да жəне сіздің тапсырмаңызды мүлтіксіз орындауға барынша
мүдделі болғаны да — осы Гау мырза. Жанжалдың шығуына кінəлы — бұл
кісі емес, басқалар. Осыны сіздің құзырыңызға мəлімдеуді өзімнің
азаматтық борышым деп білем, ұлы мəртебелім.
Ши-амбы бұрынғысынан сəл жұмсарған қалып танытып, бір езулеп
кекете күлді.
– «Азаматтық борыш...» Бұзақы елін жөнге салмай, Керімбай үкірдай не
бітірді? Сен қайда жүрдің ол кезде? — деді ашулы көзін бұған қадап.
– Керімбай үкірдай белінен шойырылып, төсектен тұра алмай ауырып
жатыр. Ал мен бұл іске о баста араласпай, қалыс қалған болатынмын.
Сенбесеңіз мына тұрған Гау мырзаның өзінен сұраңыз.
Бұл кезде Гаугаңның бетіне ептеп қан жүгіріп, тіріле бастаған-ды. Енді
ол да тілге келіп:
– Рас. Демежан мырза біз бара салысымен-ақ, салықтың шектен тыс
ауыр екенін, бұл істің жақсылықпен бітпейтінін айтып, науқанға қатысудан
алдын ала бас тартқан болатын. Біз ел аралап кеткенде, бұл кісі ешқайда
шықпай аулында жатты, — деді шындықты жасырмай.
– Ал жанжал неден шықты? Бүлік басы болып, халықты еліктіріп,
соңынан ертіп жүрген кімдер?
Бұл сұраққа Гаугаңның алдын орап, тағы да Демежан жауап берді.
– Рұқсат етсеңіз, істің мəн-жайын мен түсіндірейін, ұлы мəртебелім.
Менің естуімше, ел адамдары бірінші болып қол көтермеген. Салық
төлеуге шамасы келмейтіндерді таяққа жығып, жұрт көзінше дүрелеген —
алым-салық жинайтын төрелердің өздері. Содан соң намысқа шыдамаған
бұқара халықтың қарсы көтерілгені рас... Солай емес пе, Гау мырза?
– Солай, — деді анау да бұлтара алмай. — Бізден сондай бір қателік
кеткені рас, Кейбір ұрда жық қызметкерлердің кесірінен істі бүлдіріп,
халықты өзімізге қарсы қойып алдық. Көп ауылдардың шекараға қарай
үркіп көшуіне де солар себепкер болды.
– Кімдер олар?


– Мəселен, Дабынтай, Ысқақ сияқтылар...
– Тұра тұрсын иттер! Көрсетермін мен оларға дүре соққанның қандай
болатынын! — Ши-амбы тісін қайрап, шабына түсті. — Ал арғы бетке
қарай көшкен елдің мөлшері қанша деп ойлайсыңдар?
– Нақты дерегін біле алмадым, ұлы мəртебелім, — деді Гаугаң бұл
сұрақтың өзіне қаратылғанын сезіп. — Біз барған ауылдардың көбі-ақ
жүктерін артып, əлдебір жақтарға көшіп кетті. Ал Берікбол зəңгінің елі
түгелімен шекара асып кетті деген сөз бар...
Ши-амбының шымбайына батып, ең қиын тиген жері де осы болуы
керек. Қытайдың мықты боқтықтарының бірнешеуін қабат айтып, жерге
бір түкірді де, шыдай алмай орнына қайта барып отырды. Күміс табақшада
манадан бықсып жатқан имек трубкасына темекі толтыра бастады.
– Сен қалай ойлайсың? Төртуылдар біртоға жуас ел еді ғой... Аяқ
астынан бұлай неге тулап кетті?—деді əлден уақытта Демежанға бұрылып.
– Айтайын, ұлы мəртебелім. Бірақ, рұқсат етсеңіз, мен өз ойымды сізге
оңаша жеткізсем бе деп едім, — деді Демежан.
Ши-амбы манағы орнында сүмірейіп тұрған Гаугаңға қарады. «Осыған
не істесем екен» дегендей аз ойланып отырды да:
– Сен боссың. Бара бер, — деді ол түнерген қалпында. — Мына
Демежанның ара түскені үшін, бір жолға өміріңді қидым. Бірақ есінде
болсын, қызметің бір саты төмендейді.
Гаугаң байғұстың қуанғаны сонша, қайта-қайта рақметін айтып, басын
үсті-үстіне иіп, артымен шегіншектеген күйі есіктен шығып кетті. Ши-
амбы осы кезде ғана манадан түрегеп тұрған Демежанға «отыр» дегендей,
қарсысындағы орындықты нұсқады.
– Ал сен сөйлеші: тек ешкімге бұрмай турасын айт. Сен, шынында да,
бұл жолғы салық ауыр болды деп ойлайсың ба? —деді мұны көзімен ішіп-
жеп.
Демежан да «енді аянатын ештеңе қалған жоқ. Алысатын, айтатын
жерім осы» деп, тас-түйін дайын отырған-ды:
– Дəл солай, ұлы мəртебелім. Өзіңіз ақылға салып көріңізші: халыққа
төрт бірдей салықты бір мезгілде өтеу оңайға түседі деп ойлайсыз ба?
Əсіресе түндік басы төленетін «қан бажы» мен «қара шығын»
жұртшылықтың қабырғасына қатты батқаны рас, — дей келіп көңілінде
жүрген ойларын бүкпей түп-түгел баяндап шықты.
Бұл реткі науқанның басқа халықтардан алабөтен, тек қазақтың басына
төнген төтенше зауал болғанын да жасырған жоқ. Сөзінің соңында Ши-


амбының өзі білетін осал пернелерін барынша дөп басуға тырысты.
– Сіз осындағы халықтың қамқор қожасы, мейірбанды əкесісіз ғой, ұлы
мəртебелім. Көктің ұлы Еженханның төтенше өкілісіз. Өз қол астыңыздағы
жұрттың күйзеліп, қайыр тілеп кеткенін қаламайсыз ғой, солай емес пе? Сіз
сияқты бір аймақтың əміршісі түгіл, жай бақташы да бағып жүрген
малының күйлі болғанын тілейді... Қыр елі бұл жолы айрықша
асаулығынан, не сіздің мəртебеңізге шəк келтіргенінен тулап отырған жоқ,
əбден шымбайына батып, жаны алқымға тірелгендіктен, осындай
жанкештілікке еріксіз барып отыр. Бүйте берсек халықтан айрылып
қалуымыз мүмкін, ұлы мəртебелім. Қазақтарға бір-ақ күнде дүрк көтеріліп,
шекарадан асып кету деген түк емес, — деп мұндай қаталдықтың ақыры
неге апарып соқтыратынын да еске салып өтті.
– Иə, бұл сөзіңнің жаны бар, — деді Ши-амбы мойындағандай. — Сонда
не істеуіміз керек? Көшкен елді қайтарып əкелудің жолы қайсы? Соны
айтшы маған.
– Ол үшін «Сары ноқта» салығын күшінен қалдырып, «қара шығынды»
əзірше қоя тұрған дұрыс болар. Ал егер «қан бажы» алу керек болса, оны
тек базарға сатуға əкелген мал басынан ғана алу жөнге келіңкірейді. Егер
осылай істесеңіз, қазақтардың өкпесі тарқап, тең хұқықты бодан ел ретінде
өзіңізге деген құрметі арта түскен болар еді.
Ши-амбы ойланып қалды. Қыр елінде арқа сүйейтін адамдарының бірі
— осы Демежан ғой. Осы жігіттің сөзінде біраз шындық бар сияқты.
Халыққа да, өкіметке де жанашырлықтан туған əділ сөз осынікі болар. Ал
осындағы қаптап жүрген көп кеңесші-көмекшілердің базар бағасын
қымбаттату мен салықты үстемелей түсуден басқа тауып берер ақылы жоқ.
Өткенде осы алман-салық мəселесі сөз болғанда, жан-жақтан кеу-кеулеп,
ойсыраған мемлекет қазынасын толтырудың оңай жолын таба қойған солар
болатын. Алды-артын ойламай, қыздырманың қызыл сөзіне еріп кеткен
кінə өзінде, əрине. Енді, міне, соның арты шатаққа айналып, қарауындағы
халықтан айрылу қаупі туып отыр. Мұны жоғарғы жақта отырғандар
естісе, аймақ əміршісіне жақсы атақ əпермейді. Ана жылы өз қолымен
шекара жүргізіп, мемлекет іргесін бекітуден алған абыройын айрандай
төгуі мүмкін. Енді қартайғанда Ши-амбының көрейін деген құқайы осы ма
еді?! Айтты-айтпады, қазақтың несі кетіп бара жатыр. Бүйтіп қитығына тие
берсең, бір түнде түйесін қомдайды да, Арқадағы өзінің ата-жұртына
көшеді де кетеді... Жоқ, халықпен қалайда бітімге келіп, шығайын деп
тұрған өрттің алдын алмаса болмайды екен.
– Жарайды, мен Іледегі жаңжұңмен сөйлесіп көрейін,—деді бір мезетте
басын көтеріп. — Егер осы айтқан талаптарыңды орындасам, шекарадан
аса көшкен елдің қайтатыны анық қой?
– Қайтады, — деді Демежан нық сеніммен. — Мен білсем, қазір ол
ауылдар шекарадан ары көп ұзамай, сіздің жауабыңызды күтіп отыр... Мен


осылай қарай аттанарда, əкем Керімбай үкірдайдың да сізге айта бар деген
сəлемі осы еді.
– Мақұл, мен келістім. «Сары ноқта» салығын да, «қара шығынды» да
алып тастаймыз. Тек «шөп бажыны» қалдырып, «қан бажыны», сен
айтқандай, базарға əкеп сатқан малдан ғана алатын боламыз. Мен ертеңнен
қалдырмай басқа үкірдайларға да осындай бұйрық жөнелтемін. Ал сен көп
бөгелмей еліңе қайт та, үркіп кеткен ауылдарды тезірек қайтаратын бол.
Келістік пе?
– Жарайды, ұлы мəртебелім. Мен бүгін-ақ жүріп кетуге əзірмін, — деп
Демежан орнынан тұра беріп еді, Ши-амбы сəл күте тұр дегендей ишара
білдірді.
Бұл кезде аймақ əміршісінің манағы долы ашуы тарап, жылмиған бет-
пішіні бұрынғы қалпына келе бастаған болатын. Қысылғанда қасынан
табылып, қиыннан жол тауып берген Демежанға разы боп қалған сыңайы
бар.
– Сенін өкімет пен халық арасына осындай дəнекер болып, бұзыла
жаздаған дүниені қайта түзеуге ат салысқан еңбегің əрқашан есте болады,
— деді Ши-амбы қарттарға тəн мінезбен, кəдімгідей көңілі босап. — Жəне
менің үмітімді ақырына дейін ақтайтыныңа сенемін.
– Рақмет, ұлы мəртебелім. Мен де сіздің алдыңызда ұятқа қалмауға
тырысамын, — деді Демежан да шын көңілден.
– Қазір Керімбай үкірдайдың денсаулығы қалай? Ол кісіге соңғы кезде
ел басқару қиынға түсіп жүрген жоқ па?
– Ескілікті шойырылмасы ғой. Сəл суық тисе, жатып қалатын болып
жүр... Ал кəрілікке жендірер түрі жоқ.
– Жақында маған Жұмықтың үкірдайы Еңсе келіп кетті, — деді Ши-
амбы. — «Өзім болсам қартайдым. Енді құдай жолын қуып, қажыға
баратын ойым бар. Менің орныма үкірдайлыққа балам Таңғытты
қойсаңыз» деген тілек айтты... Керімбай үкірдайдың ондай қажыға баратын
ойы жоқ па?
– Жоқ, ұлы мəртебелім, Керімбай үкірдай ондай ештеңе айтпады, — деді
Демежан сəл қызарып. — Жəне мен көзі тірісінде əкемнің орнын бəрібір
баса алмас едім.
– Неге?
– Керімбай — Төртуылдың алғашқы үкірдайы ғана емес, бүкіл рудың
көсемі. Төртуылды жан-жақтан жинап, ел қатарына қосқан — сол Керімбай
мен Сымайыл зəңгі болатын. Сондықтан көзі тірісінде оның орнын ешкім


де баса алмайды.
– Солай ма? Дегенмен ойлан, жігітім. Қазақта «Ат тұяғын тай басар»
дейтін бар емес пе еді... Жарайды, ол туралы кейін тағы сөйлесерміз... Ал
сау бол. Керімбай үкірдайға менен сəлем айт.
Демежан қоштасып шығып кетті. Бойын кернеген жеңіс қуанышы бар
еді. Сол қуанышын артында күтіп отырған елімен, қаптаған қазақ
жұртымен бөлісуге асығып барады.
Арада екі-үш күн өткенде, Демежан əкелген жақсылық хабар төңіректің
төрт бұрышын шарлап кетті. Жайлауда отырған қалың ел, жыртық тонды
жарлы-жақыбай бір-бірінен сүйінші сұрап, өздерінше еңсе көтеріп,
ержеңдесіп қалды. Ел іші гу-гу əңгіме.
– Қаладан Демежан келіпті...
– Ши-амбының өзімен сөйлесіп, қалың қазақты алман-салықтан
құтқарыпты.
– «Егер менің елімді жұрт қатарына санамайтын болсаң, халқымды
соңымнан ертемін де, Ақ патшаның құзырына көшемін де кетемін» деп
үлкен ұлықтың екі аяғын бір етікке тығыпты.
– Түбі, Төртуылдың тізгінін осы Демежан ұстап қалатын шығар, —
десіп, əсірелей, асқындыра сөйлейтіндер де көбейіп кетіп еді.
Сөйтіп қыр елінде ойламаған жерден өрт шығара жаздаған оқыс оқиға
ақыры халыққа біраз жеңілдіктер əкелумен сəтті аяқталды. Бұл кезде
əлдеқалай сақтық ойлап, шекарадан аса көшкен ауылдар да өз қоныстарына
қайтып оралған-ды. Бұл жеңіс тек Төртуыл ішінде тана емес, Құлыстайда
жасайтын төрт үкірдай елге түгел Демежанның атын шығарып, беделін
қатты көтеріп кетіп еді.
VI
Ел жайлаудан түсіп, Тарбағатай бөктеріндегі күзек жұрттарына келіп
қонғанына да біраз уақыт болған. Осы қоныстарда көшпелі қауым ай
жарымдай аял жасап, қыс дайындығын өткізеді. Күзем жүндерін қырқып,
киім-кешегін, киіз үйлерін бүтіндейді. Егіншілікті кəсіп еткен сібе-солаң,
ұйғыр, дүнген қоржаларына жарамды, семіз малдарын сатып, қыстық азық-
түлігін, шай-тұздарын қамдап алысады. Содан қараша айы туып, қараша
қаздар қайтқанда, көшпелі елдің алысқа мал отарлататын ауқатты, əлділері
Барлық тауына қарай бет түзейді де, ондай ұзақ көшке ілесе алмайтын
шабан-шардақ, 
жарлылары 
осы 
Құлыстайдың 
қуыс-қуысындағы
қыстауларына тарайды. Көпшілігі Тарбағатай тауының, күнгейін сағаласа,
енді бір бөлігі Еміл бойындағы қалың қопа қамысты паналайды.


Биыл Демежан жылдағыдай Керімбай ауылдарының салқар көшіне
қосылмай, өзіне қарасты аз үймен Боздақтағы егіс басына ертерек көшіп
түскен-ді. Ондағы ойы — осында салынып жатқан қора-жайының ендігі
қалған шаруасына өзі бас-көз болып, суық түскенше қалайда бітіріп алу еді.
Өзіне арналған көп бөлмелі, саңғыраған үлкен үйдің асты-үсті
тақтайланып, есік-терезесі орнап, енді іші-сыртын ақтау, сырлау
жұмыстары ғана қалыпты. Мал ұстайтын қыстық жылы қоралар мен соған
жалғас көрші-қолаңға бөлінген үйлердің де төбесі қусырылып, бітуге
жақын тұр.
Бір жақсысы, егіс басындағы Диқанбайдың өрен-жараны мен тағы басқа
егінші-сушы жігіттер де жаз бойы қарап отырмай, бала-шағасына жетерлік
басқалқа тұрғызып алыпты. Демежан жыл басында солардың бəріне де
құрылыс материалын үлестіріп, үй салып алуды өздеріне тапсырған
болатын. Сол сөзінің аяқсыз қалмағанын көргенде, көршілеріне іштей разы
боп қалды. Қазір айналасына қараса, ұшы-қиырсыз ақ селеулі Боздақ
даласында ұзын-ырғасы он шақты үйден құралған аумақты зəйімке пайда
болыпты.
Осыдан бір ай шамасы бұрын, жазда Ли-шансың таныстырған екі қытай
отбасы да осында көшіп келген-ді. Олар да өздеріне биылша қыстайтын
жеркепе қазып алып, міндетті жұмыстарына кірісіп кетіпті. Бау-бақша
шебері Жаң да, оның інісі де шаруаға піскен, қаражон, еңбеккер жандар
көрінеді. Қарасу бойында келесі көктемде егілетін көкөністердің орнын
дайындап, енді зəйімкенің ту сыртына ағаш отырғызудың қамында жүр.
Сол үшін Шəуешекке неше дүркін барып, əртүрлі жеміс ағаштарының
көшеттерін тауып əкелген. Баудың іш жағына алма-өрік аташтарын
отырғызып, оның сыртын айналдыра қарағаш, шынар егіп тастамақ.
Жаң байғұс бұрын құла дүзге келгендей құлазыңқырап жүр еді, үстеріне
Демежандар көшіп келгенде, баладай мəз болып, өзінің алдағы ой-
жоспарларымен таныстыра бастады.
– Лауия
26
, мен сізді ұятқа қалдырмаймын. Жер-судың молшылығына
қолым жаңа жетті ғой. Бар білген өнерімді өзіңізден аямаймын. Енді бір-екі
жылда бұл маңай гүлге айналады. — дегенді нық сеніммен айтады. — Тек
есіңізге салатын бір нəрсе, жеміс-жидек, бау-бақша егілген жерлерді мал
таптап кетпеу үшін, төңірегін дуалмен қоршап тастау керек.
– Бұл тілегіңіз де орындалады. Алдымен мына үй-жайды реттеп алайық,
— деді Демежан оның көңілін жықпай.
Жаңның тіршілікке қажетті мұң-мұқтажын сұрап көрген. Қытай адамы
ешкімнен көже қатық, сауын сиыр талап етпейді екен. Демежан
Диқанбайға айтып, екі үйіне бір қой сойыс бергізіп еді, Жаң соның өзін
көпсініп:
– Ой-я, мұны біз қайуақта жеп тауысамыз? Бізге тауықтың еті де жарап


жатыр еді ғой, — деп зорға алды.
Жұмыс жүріп жатқан жерге қара-құраны көбейтпеу үшін, Демежан өз
ауылын зəйімкеден алысырақ, екі-үш шақырымдай аулаққа апарып
қондырған-ды. Бірақ соған қарамастан жайлаудан түскен ел осылай қарай
үздіксіз атылып, жаңа салынған қора-жайды тамашалаумен болды. Көшпелі
қауымға мұндағы нəрсенің бəрі таңсық. Зəйімкенің түбінде қызып жатқан
қызыл қырманның өзі олар үшін той-думанға бергісіз. Қырманның
айналасы текшелеп жинаған мая-мая астық, енді бір жағында күзем
жүніндей күпсіп жатқан ақ ұлпа сабан. Пар ат жегілген түйенің беліндей
екі шаңтас күн бойы тыным алмай, зыр қағып айналып жүр... Бұрын
мұндай қырман бұл өңірде тек халдайларда ғана болушы еді. Көшпелі жұрт
соны алыстан қызықтағаны болмаса, қасына барып көруге де жүрексінетін.
Енді қарап тұрса, егін салып, қырманда астық бастыру қазақтың да
қолынан келеді екен. Бұдан өткен қызық бола ма?!
Демежан жайлаудан түскелі ешқайда ұзамай, ойдағы жұмыстың басы-
қасында болды. Өзі бастаған игіліктің жемісін көру оған да бір түрлі рахат
еді. Күндіз құрылысшы-шеберлердің қасында жүріп, кейде жұмыс қолы
жетпей қалғанда, өзі де білек сыбанып араласып кетеді. Құдай берген күш-
қайрат жетеді, бой жағы да баршылық, бөрене көтеру, арамен тақтай тілу,
балта ұстау дегеніңіз ол үшін онша қиынға түспейді... Ал кешкі мезгілді
қырман басында өткізген қандай тамаша! Кеш сайын қырманшы
жігіттермен бірге борық жинасып, егіс басынан тасылып жатқан бау-
бидайларды маялайды.
– Демежан шырағым-ау, үсті-басыңды былғап, əуреге түсіп қайтесің.
Өзіміз де жетісеміз ғой, — деген Диқанбайдың сөзін тыңдамай, бір шетінен
бұл да кірісіп кеткенді ұнатады.
Биыл егін бітік шықты. Өнімнің өте жақсы екенін кəнігі егінші
Диқанбайдың түрінен де аңғаруға болатындай. Диқанбайдың жүзінде қазір
ешкімді менсінбейтін бір асқактық, тəкаппарлық бар. Еңбек сүйініші, өз
өнерінің жемісіне деген заңды мақтаныш... Осынау мол дəулеттің иесі —
Демежан емес, соның өзі секілді. Көңіліне жақпаса, мұның өзін де шаруаға
араластырмай, аулаққа қуып тастайды.
Кеш батып, үркер көтерілген шамада терістіктегі Тарбағатай төсінен
біркелкі аңқылдаған алтын күрек самал еседі. Ай астында тұрып, сол
самалға қызыл ұшырған қандай керемет! Азаматтар екі шетке бөлініп тұра
қалып, күрекпен көсіп алған қызыл борықты жел өтіне қарай кезектесе
сермегенде, ақ күректер ай нұрына шағылып, бейне ақ маржаннан шашу
шашып жатқандай болады... Демежанның жан салып, сүйсініп істейтін бір
жұмысы — осы қызыл ұшыру. Бірақ Диқанбай: «дəңге топан араластырып
жібересің» деп, мұндай жоғары шеберлікті талап ететін шаруаға оны
көбінше жолатпайды.
Анада ел етекке түскен күні Бибі осында əдейі келіп, жаңа салынған


үйге де, қырман басына да шашу шашып қайтқан. Содан бері ауылдың қыз-
келіншектерін ертіп, осында жиі келіп тұрады. Құр келмейді,əрине, табақ-
табақ етін, саба-саба қымызын ала келеді. Бибінің келуі — құрылысшы,
қырманшы жігіттер үшін бір мереке, етке тойып, қымызға қанып, жырғап
қалады... Жаңа қора-жай жас əйелдің көңілінен шықты. Қазірдің өзінде ас
үй, қонақ үй, жатын бөлмесі дегендерге алдын ала белгі тағып, енді
соларды қала үлгісімен жасандырудың қамында жүр. Қажетті жасау-
жиһаздың тізімі жасалып болған. Енді тек Демежанды ертіп барып,
қаладағы ІІІəнішев байдың қоймаларын ақтару ғана қалып еді.
Бұл кезде Керімбайдың өз ауылдары да жайлаудан жылжи көшіп,
төменгі Сарыөлең маңындағы күзекке барып қонған-ды. Демежанның
салып жатқан зəйімкесі саңғырап дайын тұр деген хабар үлкендердің
құлағына да шалынса керек. Арада бірер жұма өткенде, көл-көсір шашуын
алып, бір-екі түйеге сойысы мен сабасын артып, Керімбай мен Ажар
бəйбішенің өзі де келіп қалды. Үкірдай бұл маңға былтырдан бері ат ізін
салған емес еді. Бұл жолы оны зорлағандай атқа қондырып, əдейі ертіп
келген Ажар апаң секілді.
Көз көрмеген соң қайдан білсін, бұрын өздері білетін сайын далада
саңғыраған сəнді сарай бой көтерді деп екеуі де ойламаса керек. Кенет
қарсы алдарынан биік қақпалы, қызыл шатырлы, самсаған көп терезелі,
алыстан көз тартып тұрған, аппақ шағаладай, еңселі үй шыға келгенде,
үлкендер ертегі дүниесіне еніп кеткендей таңданысып қалды. Керімбайдың
да жаңа мекен-жайға ықыласы ауып, қатты құлағаны белгілі. Бірақ бірден
лоқ ете қалуға сүйекке біткен сырбаздығы жібермеді. Ал Ажар бəйбішенің
қуанышында шек жоқ. Аттан түсіп, қақпадан кіре берген сəтте-ақ,
қасындағы күтуші келіншекке қоржынның аузын шештіріп, жаңа үйге өз
қолымен шашу шашты.
– Үйлеріңнің іші құтты болсын, шырақтарым! Осы босағадан той-
мереке үзілмесін! Алла-тағала абыройларыңды үстем етіп, əмісе өз
құрбыларыңның алды болыңдар! — деп əуелете шашқан қант-кəмпитке
жұртты қарық қылып тастады да, Демежан мен Бибіні құшақтап беттерінен
сүйді.
Үлкендердің бұл келісіне Демежан да разы боп қалған. Оны қазір дəл
осы сəтте жаңа киім кигенде көрінгенге көрсетіп байғазы сұрайтын жас
баланың мақтанышындай бір сезім билеп алды. Əке-шешесін ертіп, əлі сыр
иісі кетпеген жаңа үйдің бөлмелерін, ас үй, қойма, қыста ет ілетін тошалаға
дейін қалдырмай аралатып жүр. Үлкендер бəрін де шын ұнатып келеді.
Əсіресе кең аулаға жапсарлас салынған ат қора, түйе қора, қой қораларын
көргенде, Керімбай сүйінішін жасыра алмай, мақтау сөздер айта бастады.
– Құтты болсын! Жақсы екен... Өте-мөте малдың орнын мықтаған
екенсің. Сенің мына мал қораларын біздің қыстауымыздан тəуір ме деп
қалдым ғой, — деп мұртының астынан жымиып күліп қояды.


Ата-ананың көңілі астық бастырып жатқан қырман басына барғанда,
тіпті марқайып өсе түсті. Керімбай бұрын баласы Абдыраның төменгі
аңғарынан шағын тоған алып, егін салдырып жатқанын білсе де, одан
бірдеңе өнеді-ау деп, бəлендей мəн бере қоймаған-ды. Кезінде осы маңға
Диқанбай сияқты жалшы-жатақтардың үймелегенін де ұнатпай:
– Осы сен-ақ төңірегіңе онан-мұнан қашқан кірме-сіңбені талғамай
жинай береді екенсің. Осындағы Төртуылдың аш-арығы аздай, енді келіп
қайдағы бір тексіз төлеңгіттерді тойындырайын дедің бе! — деп
Демежанды бір-екі рет қыжыртқаны да бар.
Қазір қырман басындағы мая-мая астықты, тынымсыз қызып жатқан
қарбалас тірлікті көргенде, қатал əке бұрынғы райынан қайтып қалған
секілді. Алдынан шыққан қырманшы жігіттердің сəлемін хош алып, жылы
шырайман амандасты.
– Қырман толсын, жігіттер! Диқан бабаның рухы қолдай берсін! — деп
бұрын өзі қырын қарап жүрген Диқанбайға да оң тілегін арнады.
Қырманның бас-аяғын айналып шығып, əлі ұраға көмілмей, қоймаға
құйылып үлгермей, бір шетте тау боп үйіліп жатқан əр бидайдың аппақ
дəнін тамашалап біраз тұрды. Кіршіктей ақ маржанды алақанымен көсіп
алып, танауына апарып, құшырлана иіскеді.
– Жарықтық-ай! Өзінен күн иісі аңқып тұр екен-ау, — деді рахаттана
түшіркеніп. — «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» дегенді
бұрынғылар тегін айтты дейсің бе. Мынауың молшылық көзі ғой, балам.
Сенің мына тірлігіңді көргенде, Бахалдай мен Дохалдайдың іші жарылып
кетпей қалай шыдап жүр екен?!
– Бұл — биылғы өнімнің бір бөлігі ғана ғой, көке. Астықтың алдын
қыста бір-ақ ашайық деп, сабанға бөлеп, ұраға көміп тастадық, — деді
Демежан да мақтанышын жасыра алмай.
Керімбай разы болған пішінмен баласына қарап күлді де:
– Сенің ол есебінде менің жұмысым жоқ. Əзірге айтарым: Жақында
қомдаулы екі-үш түйе жіберемін. Мына бидайдың бірнеше қабын
Қарақабақтың тиірменіне тарттырып, Барлыққа көшерде біздің үйге
жеткізіп бер. Биылша маған атаған кеусенің
27 
сол болсын, — деді.
– Жарайды, көке. Мен бұл астықты сатып, пайда көрер дейсіз бе... Маған
əзірше ағайынның аузын ақ нанға тигізіп, егіншілікке дəніктірсем болғаны.
– Биыл сенен кеусен сұраушылар аз болмас. Табан ет, маңдай термен
жиналған дүниені көні кепкен көпшіліктің қайсысының аузынан табасың?
— деді Керімбай артық шашылғанды ұнатпайтын əдетімен.


Демежан үндеген жоқ, күлді де қойды. Керімбай қазір басын көтеріп,
атқа мінуге жарағанымен, науқастан ада-күде айығып кетпеген секілді.
Қырманмен екі ортаға біраз жаяу жүргенге белі сіресіп, қиралаңдап қалды.
Соны сезген Демежан əкесін енді үйге қарай ертіп жүрді. Бұлар жаңа үйге
əлі көшіп түспесе де, Бибі үлкендердің келетінін естіп, бір-екі бөлмеге
төсек-орын, текемет, кілем жайғызып, алдын ала əзірлетіп қойған-ды. Бүгін
қонақасыны əдейі осында сойғызып, жана үйде бірінші рет дастарқан
жасатып, үлкендердің батасын алмақ. Қазір аулада мал сойып, бауырсақ
пісіріп жатқан адамдардың қарбалас тірлігі сол алдағы мол қуаныштан
хабар бергендей.
Алыс жолдан ат соғып келген Ажар бəйбіше саңғыраған салқын үйде,
жаңағы жасаулы бөлмелердің бірінде демалып жатыр екен. Керімбай да
қиралаңдап келіп, кемпірінің қасынан орын тепті.
– Мұндай самаладай жарық үйлер бұрын қаладағы татар, өзбек
байларында ғана болушы еді. Ал қазақтың маңдайына біткені осы-ақ
шығар, — деді ол қос-қабат көрпенің үстіндегі құс жастыққа шынтақтай
беріп.
– Көше-көше көк жұлын болып біттік қой. Тым құрыса қыста отыратын
сен де осындай бір үй салдырсайшы, — деп Ажар бəйбіше де шалын
қыспаққа алып жатыр.
Демежан үлкендерді оңаша қалдырып, өзі Əбдірасыл деген кіші інісімен
бірге далаға беттеді. Əбдірасыл — жасы он үшке биыл келген, ата-ананың
сүт кенже еркесі. Үлкендер бір жаққа шықса қасынан қалмай еріп жүреді.
Балалықтан құтыла алмай, бозбалалыққа жете алмай, əрі-сəрі боп жүрген
кезі... Демежан оны есік алдына ертіп шығып, бұлай сенделіп бос
жүргенше, қалаға барып оқу жайын айта бастаған.
– Ол қандай оқу? Қытайша ма? — деді баланың көзі шоқтай жайнап.
– Өзін қайсысын оқығың келеді?
– Көкем мені қытайша оқытпаймын дейді. Қара шаңырақтың иесі, мал-
жанға қожа болып, қасымда отырасың дейді.
– Пəлі, сонда қара шаңырақтың иесі хат-сауатсыз қалуға бола ма екен?
Ендеше мұсылманша оқы. Ешен-Сейіт деген кісі қазақ балаларына арнап
медресе ашқалы жатыр... Егер қаласаң, сол қазіретке өзім-ақ ертіп
апарайын.
– Алдымен көкеммен сөйлесіңіз,—деді Əбдірасыл кетəрі емесін сездіріп.
— Əйтпесе, олардың не ойлап жүргенін құдай білсін. Жақында апам екеуі
біреудің қызына құда түсейік деп, күңкілдесіп отырғанын естіп қалдым...
– Сен не, үйленгің келмей ме? — Демежан інісінің тілін қызық көріп


əдейі сұрап отыр.
– Онысы Бибі жеңешем сияқты сұлу болса екен-ау. Əншейін көзі
бадырайған қара тəмпіш бірдеңе...
– Қалыңдығыңды көрген екенсің ғой?
– Былтыр апаммен ілесіп, Сыдық қажының ауылына барғанда көргем.
Апамның немере сіңлісі ғой... Құда түсіп, сүйек жаңғыртамыз дейді. Мен
бір соны ала қоятындай.
Демежан мырс етіп күліп жіберді. Інісін иығынан қағып, өзінше
жұбатқан болып жатыр.
– Саспа. Сен əлі оқуың керек қой. Медресе ашылғанда өзім
хабарлаймын. Көкеңмен де сөйлесермін... Əлгі «қара тəмпіштің» қолына
түспей тұрғанда, қалаға тартып кетсейші.
Бесін ауып қалған кез еді. Кенет қақпаның алдында аттан түсіп жатқан
біреулерді көзі шалды. Алыстан келген сый кісілер емес, кеусен сұрап
жүрген осы маңайдағы өз ағайындары екен. Үйде Керімбай барын естіген
олар ішке кіруге бата алмады да, аман-сəлемнен кейін Демежанға ілесіп,
қырманға қарай бет алды.
Кейінгі кезде мұндай кеусен дəметіп келушілер аз емес-ті. Əсіресе, ел
етекке түскелі. қоржадан астық сатып алуға қауқары жете бермейтін осы
төңіректің 
аш-аламан, 
жоқ-жітігі 
Демежанның 
қырманына 
қарай
ағылатынды шығарған. Өздерінше қырманға береке тілегенсіп, қазаққа
таңсық кəсіпті əншейін қызықтағансып келеді. Өздері жəне асықпайды;
аттарының ауыздығын алып, қырман шетіндегі шашылған жемге қоя береді
де, күн батқанша осы маңайда айналсоқтап жүріп алады. Жасы үлкен
кəрілері бала-шаға қуырып жейтіндей азын-аулақ астық сұрай келгенін
шет-жағалап сездірсе, тымақ сері жасандау біреулері өздерінше намысқа
тыртысып, бұйымтайларын жасырған болады. Бірақ олардың нендей
шаруамен жүргенін қанжығасына шиыршықтап бөктерген ала қаптарының
өзі-ақ айтып тұрады...
Осылардың көпшілігі тепсе темір үзетін азаматтар. Бірақ жаз бойы бұта
басын сындырмай, қолындағы он шақты ұсағы мен екі үш қарасын
сылтауратып, қоңыржай салқын жайлауды қызықтап қайтқандар. Енді,
міне, жайлау қызығы, жаз жəрмеңкесі тарады. Бай ауылдың шетінде
отырып ішкен сорпа-суы мен тегін қымыздың тоғы басылайын деді.
Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанда, қызыл қарын жас баланың қамы
үшін, енді əркімге бір телмендеп, қап сүйремеске амалдары жоқ.
Демежан жыл бойы құр қыдырыспен күн өткізетін ағайындарының
осыншама дəрменсіз, жалқаулығына қайран қалады. Кейде ашуға булығып
күйінетіні сонша, осындай кеусен сұраушы келімсектерді маңайына


жолатпай, қуып тастағысы келеді. Олардың қап сүйретіп, қайыр сұрап
жүргені ештеңе емес-ау, жоқтық не істетпейді, диқаншылықты кəсіп деп,
еңбек деп бағаламайтынына, бұл да табан ет, маңдай термен өнеді-ау деп
ойламайтынына ыза болады. Даладағы тік астықты орып үлгермей, ал
қырмандағысын бастырып бітіре алмай жанталасып жатқанын көре тұрып,
мына байғұстарға болысып, қол ұшын берейікші деген ой біреуінің басына
келмейді-ау шіркіндердің! Қамшыларын екі бүктеп қолдарына ұстап, не
белбеулеріне қыстырып алып, ертеден кешке дейін қырманның маңайында
сенделіп жүргені... Бірақ не істейсің, өз қолыңды өзің кесесін бе? Қазақты
отырықшылыққа баулимын, егін егуді үйретемін деп, осы бейнетті басына
тілеп алған өзі. Маңдайыңа жазылған сорлы жұртың сол болған соң
көнбеске амалын қайсы?! Кеусен сұрай келгендердің əрқайсысына,
Диқанбайдың тыжырынып тарынғанына қарамастан, екі-үш пұттан астық
салып беруге тура келеді.
Алайда Демежан соңғы күндері ала қаптардың бүйірін ғана тоғайтып
қоймай, кеусен сұраушылардың басына бірдеңе құйып жіберетін тəсіл
тапты. Кешке таман жаңағылардың басы құралды-ау деген мезгілде, бəрін
бір жерге жинап алады да, ойындағысын актарып, өзінше бір шер
тарқатады. Бүгін де сол көрініс айна-қатесіз қайталанды. Алдымен ала
қаптарды жинап алып, əрқайсысына екі пұттан бидай салдырып қойды да,
сонан соң өздерін ұлпадай ақ сабанның үстіне алқа-қотан отырғызып, сөз
бастады.
– Ал, ағайындар, қазаққа ақы төлемесек ақыл тыңдауға да ерінеді... Енді
біраз сөз тыңдауға қалайсыңдар?—деді отырғандарға жағалай көз жүгіртіп.


Кеусендері қапқа түсіп, көңілденіп отырған жұрт:
– Айта бер, шырағым.
– Құлағымыз сенде...
– Тегін ақылды тыңдамай, құдай ұрып па бізді? — десіп қопандасып
қалды.
– Тегін ақыл емес, сол үшін сендерге ақы төлеп отырмын ғой? — деді
Демежан езу тартып. — Ал айтыңдаршы: осы алған кеусендерін қаншаға
жетеді деп ойлайсыңдар?
– Е, бала-шағаның бірер ай тіске басарына жетіп қалар, — деп жыртық
шекпен, жұлма тымақ киген біреуі тісінің арасынан шырт-шырт түкіріп
қойды.
– Сонан кейін қалай күн көресіңдер?
– Таңғы нəсіп тəңірден, тағы бір мəнісі болар. Айран-қатығы, құрт-
ірімшігі бар дегендейін... Қыстық соғымның етімен ілдебайлап көктемге
бір ілігіп алсақ, аузымыз аққа тиген соң ары қарай өлмейміз той, — деді
жаңағы жұлма тымақ тағы да көптің атынан жауап беріп. Өзі бір сөз
баққан, бірді-бірге соғып жүретін сүйкімсіздеу кісі еді. Демежан қанша
ойласа да атын есіне түсіре алмады.
– Түсінікті. Демек, жылда көретін құқайларың осы ғой? Ал бұдан гөрі
сенімдірек кəсіп істеп, қарын тойдырудың басқа бір амалын ойластыруға
болмас па? Қысы-жазы ел қарасына ілесіп, текке көшіп жүргенше, өздерің
неге жер тырмалап, егін екпейсіңдер? Көктемде қотан аумағындай жерді
өңдеп, соған бір тақия тары шашып тастасаңдар, жыл бойы мұрттарыңды
балта кесер ме еді?!
– Ой, шырағым Демежан-ай, ол қиын шаруа ғой: оған алдымен көлік
керек, соқа-сайман керек, сонан соң ала жаздай əлгі аз егінді торғайдан
қорып, күзетіп отыру керек,—деді кетік тісінің арасынан тілі жылтыңдаған
шоқша сақалды бір шал.
– Ал өздерің ше? Сол егінді күзетпегенде өздерің не бітіресіңдер?
Мəселен, осы қырмандағы астық тер төкпей, еңбек етпей, босқа келді деп
отырсыңдар ма?
– Мол егіннің жөні бөлек қой. Аз астыққа бола жаз бойы бала-шағаны
ыстыққа қақтап, шыбынға талатып, ел қатарлы жайлауға шықпай қалай
отырамыз, — деді манағы жұлма тымақтағы да сөзге араласып.
«Қап, мынаның ызасын-ай, ə?! Мыналарға ақыл айтып, сөз шығындап
отырған мен де ақымақ екенмін, — деп ойлады Демежан зығырданы


қайнап. — Апыр-ай мына жұртқа не істеуге болады? Əлде қаптағы
астықтарын төгіп тастап, өздерін енді бұл маңайға келмейтіндей етіп, қуып
жіберсе ме екен?».
Сол ойына нық бекініп, қасында тұрған Диқанбайға бұйрық беруге
оқтала бергені сол еді. Осы кезде арт жақтан үстінде шүкірге бояған жарғақ
тоны бар, қапсағай ірі денелі, қауға сақалды бір кісі белгі беріп, орнынан
тұра бастады. Былайша өңі таныс секілді, бірақ Демежан кім екенін есіне
түсіре алмады. Сол кісі бақандай үлкен қолымен жайқап, «ау, қойындар,
түге» деп дабыр-дұбыр сөйлесіп отырған жұртты су сепкендей тыйып
тастады да:
– Шырағым, Демежан, тыңдар құлақ, ұғынар көңіл болса, жеткізіп-ақ
айтып жатырсың-ау. Керең құлақ, керенау елін сөзіңді ұқпаса да, соқырға
таяқ ұстатқандай мына ісіңді көрмес деймісің. Сол жігіт халыққа қамқор
сөзді көп айтады деп сыртыңнан талай естуші ем. Бүгін соған көзім анық
жетіп отыр. Анада қалың қазақты «Қара шығыннан» құтқарып қалған
жақсылығың тағы бар... Сөзіне де, ісіңе де құлдық айналайын азаматым! —
деп бір тоқтады. — Байқап отырмын, дайын асқа тік қасық болып, осы
келісіміздің өзі бəлендей жарасып тұрған жоқ. Бірақ амалымыз қанша?
«Піскен астың күйігі жаман» деп қызыл қырман, қара қазаныңа көзімізді
сатып, келіп отырған жайымыз бар... Басқаны білмеймін, мен өзім ердім
сенің соныңнан. Кəне, қай жаққа бет түзейсің? Басташы мына соры
қайнаған, сақалды сəби жұртыңды!
«Апыр-ай, жүзі иманды, сөзі сындарлы бұл кім еді? Мынаның көмейінде
бұрын айтылмаған бір жаңа лебіз жатыр ғой» деп Демежан елеңдеп қалды.
– Ақсақал, сізді тани алмай қалдым-ау... Атыңыз кім еді? — деді ақыры
амалсыздан.
– Көптен көрмегенге есіңнен шығып қалғаным ғой. Мен — Бөке ағаң
емеспін бе... Бөке палуан дегенді естуің бар ма еді?
Сол сəтте Демежанның көз алдына көп көріністер жамырап қоя берді.
Иə, айтпақшы, бұл Бөке екен ғой. Атақты Бөке палуан... Ана бір жылы
Отыншы бидің асына барғанда, өзі күреспей жолын Байсеркеге беретін
Бөке ше? Онда бұл нар тұлғалы, атпал азамат еді. Аз жылдың ішінде қалай
қартайып, шөгіп кеткен?!
– Кешіріңіз, Бөке аға. Танымай қалғаным үшін алдыңызда айыптымын,
— деді Демежан ыңғайсызданып.
– Оқа емес... баяғы палуан Бөке жоқ қой қазір. Кейінгі жастар қайдан
танысын. Бойымда күш-қайраттың барында осы елдің намысын жыртқан,
үкілеп арысқа салар азаматының бірі едім. Қазір күш қайтты, ауру
айналдырған көп күйкі шалдың бірі болдым. Енді мен кімге керекпін? —
деп Бөке көмейіне кептелген өксікті басып, аз бөгелді. — Оны қойшы,


сенің алдына шағынайын деп келгем жоқ, Демежан қалқам. Осы өзің
бастаған жана тірлікке біз қалай кірісеміз, соны сұрайын деп келдім.
Сақалыңды сатпа, еңбегіңді сат, несібені көктен тілеме, жерден тіле дегенің
көкейіме қонады. Бірақ егін салатын жер, оны көгертетін су керек қой. Оны
бізге кім беріп тұр? Ойға түссең ойратың, қырға шықсаң халдайың қысады
екі бүйірден. Арқырап жатқан екі өзен — Абдыра мен Қараүңгірдің
алыстан сарынын естігеніміз болмаса, халдайлар оның суынан бізге бір
тамшы татырмайды... Сонда біз егінді қайда саламыз?
Мұның айтып отырғаны — жаңалық емес, Демежанның да көптен
жазылмай, шилі боп жүрген жарасы ғой. Сол жараның аузын біреу қанын
шығара тырнап алғандай, қабағын кіржитіп, төмен қарап кетті. Не деу
керек? Аңғарлы Бөке шындықты айтып отыр. Айтты-айтпады, қазаққа ең
алдымен құнарлы жер бөліп бермей тұрып, жаңағы өзендерден тоған толы
су алып бермей тұрып, құр егін сал деп қыстағаннан не түседі?
Демежанның көздегені де — əркімнің əр сайға жүрдім-бардым шашып
тастаған, таздың шашындай ойдым-ойдым егіні емес, бүкіл халықтың осы
кəсіпке тұтас ден қойып, бет бұруы емес пе еді. Ендеше бұл елдің жітігі
мен саяғын жекелеп қуам деп сандалмай, үйірімен, тобымен қайыру керек
екен-ау!
– Мəселенки, менің өз басым қолғанатқа жарлы адам емеспін, — деді
Бөке оның ойын бөліп. — Бірақ, керегі не, үш балам үш жерде байдың
малын бағып, күн көріп жүрген жайы бар. «Жаман да болса ұлың зор
тусын» деп, солардың үшеуі де өзіме тартқан, қара күш жағына ешкімнен
сорлы емес. Егер маған жер-су тиіп, балаларымның басын қосып, егін
салдырсам, қартайғанда бүйтіп қап арқалап жүрмей, қолымды жылы суға
малып отырмас па едім. Қайтейін, «іш қазандай қайнайды, күресуге дəрмен
жоқ» дегеннің кері біздікі.
Шыны ма, əлде жай ел қарасы ма, оның сөзін басқалар да қостап,
қуаттаған болып жатыр.
– Бөке-ay, ондай күн туса қара жердің қыртысын айналдырмаймыз ба?
– Онда бүйтіп көрінгеннен кеусен сұрап жүрер ме едік?
– Сол егін салатын жер мен суға ділгір болып отырған жоқпыз ба, —
десіп жамыраған дауыстар əр тұстан естіліп қалды.
Бұл кезде Демежан да əлдебір тəуекелге бекіп, оқыс бір шешімге бел
байлағандай еді.
– Егер армандарын жер мен су болса, ол жақын жылдарда қолдарына
тиеді, — деді отырғандарды жағалай шолып өтіп. — Бірақ жеме-жемге
келгенде осы сөздеріңнен айнып кетіп жүрмейсіңдер ме?
Жұрт тағы шу ете қалды.


– Құдай сақтасын. Өз несібемізден қашатын жын ұрып кетті дейсің бе
бізді?!
– Тек «мына жер сенікі» деп көзімізге бір көрсетші. Ар жағын өзімізге
қоя бер.
– Шіркін-ай десейші, біздің де бір ақ нанға бүйіріміз шығып, тоятын күн
болар ма екен?! — десіп гулесіп кетті.
– Ендеше, сертіміз осы болсын. Келесі жылы көктемде Абдыраның
жоғарғы алқабынан егін салып, тоған қаза бастаймыз. Жұрт осы бастан
себетін тұқымын. құрал-жабдығын сайлап, əзір отырсын. Қардың шеті
жылт етісімен бүкіл ел болып осы шаруаға кірісеміз. Менің бұл сөзімді
өздеріңдей жоқ-жітік ағайынға осы бастан құлақтандырып, айта жүріңдер,
— деді Демежан.
Жиналған жұрт көңілдене дабырласып, орындарынан тұра бастаған.
Бөке қабын бөктеріп, атына мінгелі жатыр екен. Демежанмен қоштасып
тұрып:
– Сенін, жақсы лепес жарлығыңды бүгіннен бастап жалпақ елге
жаямын, шырағым. Жаман ағаңның осы атқа мінгені — мінген... Ендігі
қалған ғұмырымды сенің жаршың, қостаушың болып өткізермін, құдай
бұйырса! — деп азамат сертіндей бір оқшау сөз айтты.
Демежан кеусен алуға келген ағайындарын таратып, үйге қарай бет
алған. Жол бойы жаңағы Бөке туралы ойлаумен болды. Соған байланысты,
Байсерке түсті есіне. Төртуылдың маңдайына біткен екі палуанның екі
түрлі жолға түскеніне қайран қалды. Бөкенікі ештеңе емес-ау, кедейлік ер
жігіттің қолын байлады, ауру меңдетті. Тұрмыстың тауқыметінде жүріп,
көзін енді ашқан секілді... Ал енді Байсеркенікі не сонда? Ұрлық-
барымтамен қайда барам, не бітірем деп жүр екен? Əнегүні арманда
қалғанын айтып, өкінуіне қарағанда, одан жақын арада ұрлықты қоятын
кісінің түрі байқалмайды. Жұмыққа жығып бердің деп, анада бұған қырын
қарап қалып еді. Содан бері бұл жаққа ат ізін салуды қойды... Ал жаңағы
Бөкеге берген уəдесі ертең қазақтың «ұзын құлағы» арқылы дүйім елге
жайылатыны сөзсіз. Ендігі сын салмағы мұның өзіне түседі... Тəуекел!
Түбінде осы жер мен су үшін халдайлармен бір айқаспай қала алмас. Ал
айқасатын болсаң, халықтың құлдыққа əлі еті үйренбей тұрғанда, асау
кезінде қимылдап қалу керек...
Ол қақпаға кіре бергенде байқады: үйге алыстан тағы біреулер келген
секілді. Ауланың ішіне жүкті түйе шөгеріліп, күміс ер-тұрманды аттар
байланып қалыпты. Демежан «бұлар кім болды екен» деп, қазан-аяқ
маңында жүрген қызметші əйелден сұрап еді, ол да жарытып жауап айта
алмады.
– Білмедім. Осы жаңа ғана қасында екі-үш адамы бар, бір дəу бəйбіше


келіп түсті. Үкірдайдың өзі алдынан шығып, қолтығынан сүйеп түсіргеніне
қарағанда, өте сыйлы адам болуы керек, — деді ақырын үн қатып.
Демежан ішке кіріп, төргі үйде қымыз ішіп отырған көп адамды
көргенде бір-ақ білді. Келген қонақ — Сымайылдың бəйбішесі Айтолқын
екен. Қасында баласы Күдері, тағы басқа бұл жете танымайтын екі-үш
адам бар. Еркектер жағы жапырлай орнынан тұрып, қол беріп амандасты
да, төрде Керімбаймен тізелес отырған ақ бөрте семіз бəйбіше Айтолқын
қасына келген Демежанды қоғадай иіп əкеліп, маңдайынан сүйді.
– Дені-қарның сау, аман-есен жүрсің бе, айналайын? Көтерген жаңа
шаңырағын маң далада тым алыстан көрінеді екен. Еңсесі əмсе биік
болсын! — деп аналық тілек айтты.
Айтолқын — исі Төртуыл сыйлайтын үлкен шаңырақта отырған қадірлі
адам. Бұрын да еркек орнында жүретін, аса адуынды кісі еді. Сымайыл
зəңгі өлгеннен бері бүкіл билікті өз қолына алған қалпы бар. Керімбайдан
жолы үлкен, жеңге есебінде болған соң, қазір де ештеңеден тайынбай еркін
сөйлеп отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын қалаға мал айдатып барып, содан
оралып келе жатқан беті көрінеді. Ел жайлаудан түсе Күдерінің алыстағы
қайын жұртына кісі жіберген екен. Олар да сондай бір хабарды көптен
күтіп отырса керек: «Біз дайынбыз, енді көп соза бермей, аманатын алсын»
деп сəлем айтыпты. Содан құдаға апаратын жыртыс, тағы сол сияқты
толып жатқан керек-жарақты түгендеп алып келе жатқан жайы бар.
Еркексіз жесір əйелдің көрген күні құрсын да... Бала-шаға, ағайын-туыс
жағы болғанымен, олар айтқанды ұқсата алмас деп, қалаға əдейі өзі
барыпты.
Айтолқын осының бəрін асықпай баппен баяндап келді де, ақырында
қасында отырған Керімбайға салмақ сала сөйледі.
– Біз де қарға да болса халықпыз. Қападан қайтар жолда өзіңмен
ақылдасайын деп əдейі бұрылғаным... Енді сол келінді ел Барлыққа
көшкенше алып келсек деген ойымыз бар... Біздің де қарап отырғанымыз
— осы бір жалғыз бала. «Шын жыласаң соқыр көзден де жас шығады» деп,
жаугершілікте екі баладан бірдей айрылып, аңырап қалғанда, қырық тоғыз
мүшелімде құдай бере салған құлыным ғой бұл. Осы баланың тойын ел-
жұрт болып бірге өткізейік. Зəңгі болса бұл қызыққа жете алмай кетті.
Ендігі елдің иесі де, басшысы да өзіңсің. Мына Ажар екеуін бас құда боп
барып, менің келінімді қолыма түсіріп беріңдер, — деді əр сөзін мірдің
оғындай шегелеп.
«Мына апамыз жас кезінде қандай кербез кісі болды екен?! — деп
ойлады Демежан Айтолқынның бұл өлкеде жоқ киім үлгісіне, əлі еті қаша
қоймаған жұмыр білегіндегі күміс білезік пен осы күнге дейін саусағынан
тастамай жүрген алтын сақиналарына көз жіберіп. — Бəсе, Күдерінің
бойындағы даналық əкесінен жұқса, ақындық пен сұлулыққа құштарлық
анасынан дарыған екен ғой. Егер осындай ел аналары болмаса, біздің


əкелеріміз не істей алар еді?».
Қонағының сөзін қалт етпей, зер сала тыңдаған Керімбай оның бұлай
міндет арта сөйлегенін бекер дей алған жоқ. Алдындағы қымыздан жұта
түсіп, аз ойланып отырды да:
– Жөн-жөн... дұрыс-ақ, жеңеше. Бұл келісінде де, айтқан сөзінде де қапы
жоқ. Бүйтпесең, сен Айтолқын болармысың?! — деді шын сүйінген
раймен. — Бірақ бұл мəселе жөнінде өз айналаңа, жақын қайындарыңа
ақыл салдың ба? Көксеген зəңгі не айтады? Жақын жанашырың тұрғанда,
мына жақтан біздің барып кіріскеніміз олардың шамына тиіп жүрмей ме?
Бұл Керімбайдың ағайын арасындағы ала ауыздықты еске алып, кейін
қалың Қараменденің өкпесіне қалмау үшін əдейі арылып алғысы келгені
еді. Бірақ Айтолқынның жауабы əзір екен, бөгелместен сөйлеп кетті.
– Е, тəйір деген... Айт пен тойда ақсақал атанып, жау келгенде жас бала
болып қалатын ағайын көп қой қашанда. Оларды көрмей-білмей отыр
дейсің бе. Бəрі де, кезінде Сымайылға сеніп кеткен көрбала той өңшең.
Былайша мал жинауға пысық болғанымен, сөз ұстап, суырылып шығар
біреуі жоқ... Арғы беттегі құдаларға бару үшін, осындағы орыс елшісінен
қағаз алу керек екен. Менің əлгі Көксеген қайным сол қағазды алып
бермей, əлі күнге дейін созып жүр.
Мына сөзді естігенде, Демежан қысылып қалды. Қап, тарс есінен
шығып кетіпті-ау. Сол қағаз жөнінде Күдеріге берген уəдесі бар еді.
Шаруабасты болып жүріп, ұмытып кеткенін қарашы.
– Жақсы апа, — деді Айтолқынды жалпы жұрттың қойған атымен атап.
— Консулдан ол қағазды алу менің міндетім еді. Мен ұмытып кетіппін ғой.
Оған қам жемеңіз. Алла бұйырса, енді екі-үш күнде қолдарыңызға тиеді.
– Рақмет, айналайын... Кеше өзіңмен тел қозыдай жарасып бірге жүрген
Қайынбайым тірі болса, мен бұл жетімдікті көрер ме едім, — деп
Айтолқын көзіне жас алды.
Керімбай манадан бері бəйбішесі Ажармен қас-қабақ арқылы ұтысып,
сөз арасында бірер қайырым тіл қатысып отырған-ды. Ақыры бір шешімге
келгендей бойын тіктеп, соңғы байлауын айтты.
– Көп уайымдама, жеңеше. Кешегі Сымайыл зəңгінің аруағы разы болу
үшін, аянып қалар жайымыз жоқ. Бұл тойға біз де бір кісідей ат салысайық.
Не қызметіне де əзірміз, — деп Айтолқын жаққа еңсеріле бұрылды да, —
бірақ сенің көзіне жас боп көрінгенімізбен, Ажар екеуміз де шау тартып
қалдық қой. Былтырдан бері науқас айналдырып, менің де мəнісім болмай
жүр... Қызық жастардікі екен, жолды сол жастарға берейік. Біздің
орнымызға мына Демежан мен Бибі барсын, бас құданың бірі болып. Той-
думанға шал-шауқанды сүйрелеп қайтесің. Түбі осы жігіттің етегінен


ұстасаңдаршы, — деп ендігі салмақтың Демежанға түсетінін аңғартты.
Сонымен, бұл мəселе де шешіліп қалған. Əкесінің ұйғаруы бойынша,
Демежандар аяқ астынан жол жүретін болды. Айтолқын сол күні жаңа үйге
айтып сойылған малдың етінен жеп, Керімбай мен Ажардың қасында
өткен-кеткенді еске алып, шер тарқатып жатты да, ертеңінде асығыс
аттанып кетті. Сымайылдың ауылы қазір Арқарлыда, күзекте отыр екен.
Енді бір жұмадан кейін бəрі сол ауылда бас құрамақ болып, уəде байласты.
Сол күні түс əлетінде Керімбай мен Ажарда Сарыөлендегі ауылға
қайтуға жиналды. Ал Демежанның орыс консулы Борнеманға жолығу үшін,
бүгін кештетіп Шəуешекке жүруі керек еді. Сонымен, бəрі бір мезгілде
аттанбақ болып, еркектердің киініп далаға шыққанына да біраз уақыт
өткен. Əйелдер жағы ырғалып-жырғалып қозғалғанша, əкелі-балалы екеуі
əрнені əңгіме қылып, лапастың астындағы аласа орындыққа барып отырды.
Керімбайдың баласына айтпақ сөзі бар секілді. Мұз астындағы ағыс тəрізді
іштегі арпалысқан ой толқыны жүдеу жүзінен ап-айқын білініп тұр.
– Жас кезімізде осынау өмірдің шет-шегі жоқ, тіпті таусылмайтындай
көрінуші еді. Сөйтсек, оның өзі қамшының сабындай, екі айналуға
келмейтін тым қысқа нəрсе екен ғой, — деді Керімбай əлден уақытта терең
тыныс тартып. — Ойлап отырсам, сол келте ғұмырдың өзі алды-артына
қарайлауға мұрша бермей, рахат-тыным таптырмай, алыс-жұлыспен өтіпті.
Осы елді қалай қатарға қосамын, қалай абырой табам, қалай жұрт билеймін
деп жүргенде, уақыт шіркін озып, бір күні кəрі қасқырдай шоңқиып
қалғаныңды бір-ақ біледі екенсің. Енді қанша су ішерлігіміз бар, ол жағы
құдайдың еркінде... Өзің де іштей сезетін шығарсын, мен олай-бұлай боп
кетсем, ендігі жүк ауыры саған түседі. Соған осы бастан мойындап, етек-
женіңді жинай бер, балам.
Демежан бірдеме айтуға оқталып еді, əкесі сөзімді бөлме дегендей
қолын көтеріп, тоқтатып тастады. Тереңнен тебіреніп шыққан, құлаққа
жағымды, күмбірлеген қоңыр үні тыңдаушысын еріксіз ұйытып əкетердей.
– Адам қартайған сайын өмірден сырт буын тартып, жана заман, жаңа
ықылымның көп қитұрқы-қалтарысын дəл аңғара бермейді екен. Қарт
адамның бағыт-бағдардан тез жаңылатыны да содан. Бұрын сенің кейбір
қылығыңды ата салтына жатпайтын, оғаш, жат көруші ем. Шалыс
басқанымды енді байқап отырмын. Бет алысын түзу екен... Заманына қарай
адамы. Бəлкім, бұл заманның тілін сен табарсың. Қараңғы халқыңды жана
бір қырқаға сен шығарарсың. Илайым солай болғай! — деп ой шылбырын
шумақтағандай аз-кем бөгелді. — Бірақ сенің жолың да тым оңай болмас.
Əркім өз лағын текешік қойғысы келетін, алты бақан, ала ауыз елің —
мынау. Ежелгі салты бойынша, қазақты адам орнына санамайтын, керауыз,
керден халдайларың — анау. Түбінде осы екі оттың ортасында шыжықтай
шыжғырылатын сен боласың ба деп қорқам... Бұрын мен əкелік
айбарыммен болса да, саған қалқан сияқты едім. Қорыққанын сыйлайтын
жұрт Керімбайдың баласы деп, сенен де ығып жүретіндей еді. Менің көзім


жұмылса, тағдырдың талқысына сен қаласың ба, қайдан білейін?! Əке
малы балаға мал болмаса, əке ақылы да балаға ақыл болып жарытпайды.
Құдай өз көкірегіне берсін. Тек, бір ғана айтарым: найзаның ұшына
алдымен ілініп, оққа кеудеңді алдымен тосып, тым қызбаланып кетпе. «Бай
— бір жұттық, батыр — бір оқтық» деген сөз бар... Өзіңді сақта, балам...
Осы мансабы құрғырға да тым бой ұрып кетпеші. Мен, шынымды айтайын,
сол мансаптан ешбір рахат көргем жоқ.
– Қасымда халық бар ғой. Тағдырдың басқа салғанын сол халықпен
бірге көремін де, — деді Демежан.
– Сол халқың қорған болуға жараса... Халық кейде үріккен жылқы
секілді, жолында тұрсаң өзіңді таптап өтуі мүмкін... Ағайын арасы
бұзылды ғой. Күңкілдеп жүрген күншілдердің де төбесі көрініп қалды. Не
дейін, алдыңа қойған мақсатыңа ақылын мен айлаң сай болсын, балам.
– Жарайды, көке... Осы айтқан сөзіңіз өмір бойы жадымда болар, — деді
Демежан. Одан ары тағы бірдеңе айтқысы келіп еді, тамағына əлдебір
түйіншек кептеліп, сөйлеуге мүмкіндік бермеді.
Көп кешікпей Сарыөлеңге қайтатындар мен қалаға жүретіндер қатар
атқа қонып, екі айрық жолға түсті. Бұл əке мен бала арасындағы ақырғы
əңгіме, соңғы бір сырласу екенін осы сəт екеуі де білген жоқ еді.
VII
Арада бір жұма өткенде, Жұмыққа құдалыққа баратын Төртуыл кісілері
ұзақ салқар топ құрап, Арқарлыдан аттанып кетті. Ер-əйелі, басшы-
қосшысы аралас ұзын саны қырық-отыздан кем болмас. Демежан, Көксеген
бастатқан елдің атқа мінер ер-азаматтары бір лек болып алға түссе, соларға
құйрық тістесе: Айтолқын бастаған бəйбішелер, Бибі, Мөржандай жас
əйелдер келе жатыр. Ең соңында қызылды-жасылды киінген жігіт-желең —
күйеулер тобы бір бөлек. Күйеу жолдастарының арасында Шəуешектен
шыққан бірнеше татар жігіттері де бар еді. Өзінің гармоньшы, жыршы
серіктерін бастап келген — Күдерінің досы Ыбырай байбатша. Бір келкі
сəнді киініп, сəйгүлік аттар мінген осы соңғы топтың салтанаты тіпті
ерекше болатын.
Қазақ салтында құдалыққа бару жасанып жауға аттанудан кем түспейді.
Ол — екі жастың жай ғана өте шығатын той-думаны емес, бүкіл елдің
мерекесі. Оның ар жағында ел намысы, ру арасындағы бəсеке, бақталастық
жатыр. Қазекең өмір бойы тірнектеп мал жиып, дəулет құрап жүреді де,
осындай ас пен тойда ағыл-тегіл бір шашылады. Қалыңсыз қыз болса да
кəдесіз қыз жоқ. Қазақта «жетім қыздың тойындай» деген де сөз бар.
Демек, жетім қыздың да өзіне лайық тойы болады... Ал мына тойдың жөн-
жосығы тіпті бөлек. Кезінде бір рудың көсемі, түгел Төртуылдың құрметті
ақсақалы атанған Сымайыл зəңгінің əлпештеген жалғыз ұлы Жұмықтың
атақты биі Тасболаттың қызын алғалы бара жатыр. Оның үстіне, жай ауыл


арасы емес, кəдімгідей шекара асып, өзге бір патшалыққа келе жатқаны
тағы бар.
Бұл құдалықтың да өзіндік тарихы бар еді. Осыдан он шақты жыл бұрын
теріскейдегі Жұмық пен Ертіс Төртуылы арасында үлкен бір қақтығыс
болады. Жесір дауынан басталған араздықтың аяғы екі жақтың кезек
барымта алысуына соғып, көршілес екі елдің арасы қатты шиеленіседі.
Ақыры екі жақ бітімге келер тұста Ертіс Төртуылының дауын Жапабай
болыс қуғанда, Жұмықтың сөз тізгінін осы Тасболат би ұстаған екен. Содан
екі жаққа да бұрмай, əділ төрелік айтатын төбе би керек болады да, екі
елдің ортақ ризашылығымен, күнгейден ара ағайын ретінде Сымайыл
зəңгіні шақыртыпты. Басында Тасболат билікті Сымайылға берерін берсе
де, қанына тартып кетпес пе екен деп, төбе биге сеніңкіремей жүрсе керек.
Алайда Сымайылдың қара қылды қақ жарған əділ үкімін естігенде, Жұмық
жағы қатты разы болады. Дау біткен соң Тасболат Сымайылды өз аулына
қонаққа шақырып, мол сый-сыяпатпен аттандырған екен. Тіпті онымен де
қоймай:
– Біздің қазақ бұрын «қанына тартпағанның қары сынсын» деуші еді.
Сен сол үрдісті бұздың, Сымайыл зəңгі. Атаның ғана емес, адамның ұлы
екенсің. Көптің көңілінен шыққан бұл əділдігің кейінгі ұрпаққа үлгі боп
қалар... Бұдан былай қанымыз араласып, түбімізді сүйек айыратын болсын,
— деп өзінің жеті жасар кенже қызы Айжанды Сымайылдың сол кезде
сегізге кеп қалған жалғыз ұлы Күдеріге атастырыпты.
Кейін екі жақ құдандалы жақын адамдар ретінде алыс-беріс жасап
тұрады. Сымайыл келінімнің қалыңмалы деп, Тасболат ауылына бірнеше
дүркін жылқы айдатады. Бірақ Күдері он төртке толып, енді баламды
қайнына ұрын жіберем, есік көрсетем деп жүргенде, Сымайыл ол арманына
жете алмай дүниеден өтеді. Тасболат құдасының орнына бір келіп құран
оқып қайтқан соң, бұл жаққа ат ізін салған жоқ. Əлде араға түскен
шекарадан қорынды ма, соңғы жылдары құдалардың барыс-келісі азайып,
аралары тіпті суысып бара жатқандай еді... Енді, міне, құдалық қайта
жаңғырып отыр. Бұл жолы екі жақ қыз ұзату тойын, ұрын бару, есік көру
секілді бұрын өтелмей қалған, толып жатқан ырым-тойларды қоса қабаттап
бір-ақ өткізуді ұйғарысқан. Жұмық қызының қалыңмалы əлдеқашан
төленіп бітсе де, Айтолқын бəйбіше осы жолы да құдаларына құр барғысы
келмей, тағы бір үйір жылқы айдатып, екі атан түйеге ілу, киіт, жыртыс
артып, мол жоралғы, қапысыз дайындықпен келе жатқан себебі де сол еді.
Бұлар Тарбағатай жонымен тіке асатын төте жолды жақсы білгенімен,
қазір тау үстірті елсіз йен екенін, əрі биік асулардың суытып кеткенін еске
алып, бұрыс та болса жазықпен, ел ішімен жүруді қолайлы көрген.
Салтанатты, дулы топ тау бөктерімен шығысқа қарай суыт жүріп отырып,
ара қонып Күзуінге жетті де, үшінші күні кіші бесін шамасында, Шіліктіде
отырған Тасболат аулының тура үстінен шықты. Барып қаламыз-ау деген
күн мөлшері алдын ала белгіленіп, осыдан он бес күндей бұрын құдаларға


жаушы жіберілген-ді. Кезеңге шыға бергенде-ақ, ойпаңдағы қалың
ауылдың күтініп, дайын отырғаны белгілі боп қалды: қаз-қатар тігілген ақ
үйлер, сол үйлердің арасында аттылы-жаяу сапырылысқан адамдар.
Сірə, жан-жағын биік таулар қоршаған қазан шұңқыр Шілікті жазығы
түстіктегі 
Тарбағатайдан 
құлаған, 
батысындағы 
Маңырақ 
пен
шығысындағы Сауыр-Сайқан жайлауларынан түскен қалың елдің күн
суытқанша бір-екі ай отыратын тұрақты күзек жұрты, жайлы қонысы болса
керек. Айнала төңіректе көз жетер жерге дейін ығы-жығы қонған аппақ
ауылдар, құжынаған қой, үйір-үйір жылқы көрінеді. Алда келе жатқан
үлкендер ауылға бір шақырымдай қалғанда ат басын тежеп, алды-артын
жинап алды да, күйеулер тобын бір кезең астында қалдырып, өздері
қарбаласып жатқан қалың ауылға қарай тіке тартты.
Мана өрісте кездескен жылқышылардың бірі сүйінші сұрау үшін
ауылына шаба жөнелген-ді. Сол барып хабарлаған болар, бұлар жақындай
бергенде алдарынан екі салт атты шығып, қонақтарды басқа үйлерге
қарағанда сəн-салтанаты бөлек, оқшауырақ тігілген ақ үйлерге қарай
бастап жүрді. Ат байлайтын керме басында да кілең бір əлекедей жаланған
жас жігіттер тұр екен. Əрқайсысы құдалардың шылбырынан ұстап,
қолтығынан демеп, қошеметпен түсіріп жатты.
Үлкендер үйге кіруге бет алғанда, алдарынан үкілі шымылдық керіп,
қызылды-жасылды киінген бір қызық шоғыр ауылдан ұзай берген. Бұлар —
күйеулерді қарсы алуға шыққан қыз-келіншектер тобы еді. Демек, күйеу
сорлыға дайындалған сын-сағаттар басталды деген сөз. Енді күйеудің
атына міну, күйеу атымен күл тасу, қоржын сөгу, қалыңдықпен қол
ұстатып, шаш сипату секілді таусылмайтын ырым-кəделерден жастар жағы
көз ашпайды.
Айтолқын бастатқан үлкендер құдаларға арнап тіккен ою-өрнекті, мол
жасаулы, сегіз қанат, екі ақ үйге бөлініп түскен. Алыстан ат соғып келген
жолаушылар аяқтарын соза көсіліп, төрдегі жүк үстінен құлатылған құс
жастықтарға шынтақтай жайғасты. Тас түскен жеріне ауыр. Енді бұлардың
міндеті осымен аяқталды десе де болады. Бұдан былайғы той тауқыметі,
қонақ күту — үй иелерінің мойнында. Əрине, бұл ел де намысты қолдан
бергісі келмейді. «Шіркін, пəленше-екеңнің қыз ұзатқан тойының
салтанаты-ай» дегізіп, өздерінше бір көсіледі.
Естулерінше, Тасболат — үш ұлы үш ауыл болып отырған, жал-қүйрығы
бүтін, өрен-жаранды, дəулетті кісі. Тек осыдан екі-үш жыл бұрын
бəйбішесі қайтыс болып, үлкен шаңырақтағы кіші ұлының қолына қарап
қалған көрінеді. Өзінің алғыр шешендігімен, ел берекесін ойлаған қамқор
қорымалдығымен өз ортасына жаққан, халықтың қадірлі адамы деседі.
Сымайыл өлген соң, бидің ержеткен ұлдары бұрынғы құдалықты
мойындағысы келмей, бір қиырда жатқан жетім күйеуді олқысынып,
қарындастарын осы маңдағы жуан ауылдардың біріне ұзатқысы келгенде,
балаларына қатаң тыйым салып, ақ батаны аттамай сертте тұрып қалған —


Тасболаттың өзі екен. Соны естігелі Айтолқын бастатқан Төртуыл
кісілерінің сырттай кəрі биге деген ықылас-құрметі тіпті арта түсіп еді.
Қонақтар жайғасып болып, күтуші жігіттер енді қымыз құюдың қамына
кірісіп жатқанда, кенет есік жақтағылар кейін серпіліп, жол босатып, «Би
келе жатыр» деген сыбыс естілді. Көп кешікпей киіз үйдің есігі серпе
ашылып, ішке бір топ адам кірді. Ең алдында ұзын бурыл сақалды, еңсегей
ірі денесі сəл еңкіш тартқан, басына пұшпақ бөрік киіп, үстіне мəуті шапан
жамылған Тасболат бидің өзі. Соңында ер-əйелі аралас тағы бірнеше
жастау адамдар бар. Қонақтар да жапа-тармағай орындарынан тұрған.
Тасболат ең алдымен құдағиы Айтолқынды құшақтап, сонан соң Демежан,
Көксеген қатарлы жігіттермен де төс түйістіріп, амандасып шықты.
Соңына ерген ұлдары мен келіндері де соны қайталады.
Бұл — алғашқы бет көрісу салтанаты ғана. Қазақтың көш-құлаш аман-
сəлемі жайғасып отырған соң барып басталады. Бұл жолы да солай болды.
Тасболат самбырлап қатты сөйлейтін адам екен. Айтолқынның сол жақ
қатарынан орын алып, үй ішіне жағалай көз салып өтті де:
– Қалай, қадірлі құда-құдағилар, алыс жолдан арып-шаршамай, аман-
есен жеттіңіздер ме? Ел-жұрт, ауыл-аймақ, бала-шаға тегіс аман ба? — деп
ұзақ шұбыртып, қонақтардан амандық сұрады.
Төртуыл кісілерінің арасында Айтолқыннан үлкені жоқ. Жол да, сөз реті
де — сол кісінікі.
– Шүкір, ел-жұрт аманшылық, сол өзіңіз көрген қалпында, Биеке. Біздің
елдің игі жақсысы өзіңізге дұғай-дұғай сəлем айтты, — деп Айтолқын көп
атынан жауап қатты да, — сіздің үйде қойып кеткен қоймамыз, аманат
қалдырған алтынымыз бар ғой. Енді, міне, дəм бұйырып, сол
алтынымызды алғалы келдік, — деп бұйымтайын қоса айтып, жадырай
күлді.
– Жөн-жөн... Айтқаныңыздың бəрі жөн, құдағи. Аманатқа қиянат
жасамай, біреудің адамын бағып отыру бізге де оңай дейсіз бе.
Келгендеріңіз дұрыс болған, —деп Тасболат та күле сөйлеп, жылы шырай
танытты.
Тек, осы тұста бет-əлпеті əкесінен аумайтын, жас мөлшері қырықтар
шамасындағы, бидің үлкен ұлы Рақыш əзілге сүйеп бір сөз тастады:
– Кейінгі жылдары сіздер жақтан тырс еткен дыбыс естілмей, хабар-
ошарсыз кеткенге құдалар бұл жақтың жолын ұмытқан шығар деп, алаңдап
жүруші едік. Қайта шекара асып, жол тауып келген екенсіздер, — деген.
Былай қалжың түрінде, зілсіз айтылса да, астарында ептеген кекесін, өкпе
жатқаны да байқалып қалды.
Жасы кіші буынмен Айтолқынның айтысып жатар қисыны жоқ. Бірдеңе


айтсаңдаршы дегендей жалт етіп, төрде отырған серіктеріне қараған. Мына
жақта Демежан да дайын отыр екен:
– «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме бұрынғылар. Құдаларыңыз екі
күннің бірінде ат сабылтып, екі ауылдың арасын тоздырмаса, алтынымыз
сенімді қолда деп сенген шығар. Миуа бағы бабымен пісіп жетілсін деп
күтіп жүріп, үзіп алатын кезде ғана келген шығар. «Құда мың жылдық»
дейді ғой, Рақа. Сіз бен біздің араласатын да, сыйласатын да кезіміз əлі
алда емес пе, — деді Рақышқа жылы жүзбен күле қарап отырып.
Бұл сөз Тасболаттың да құлағына жағып кетті білем, қарқылдай күліп,
масайрап қалды.
– Əй, бəрекелді! Жақсы айттың, құда бала. Сөз жүйесін тапса, мал иесін
табады... Қарындасты ұзату оңай дейсің бе, менің балаларым əлден-ақ
ұрынарға қара таппай, іштері қоңқылдап жүр, — деп кəрі тарлан
баласының тіктеу айтылған жаңағы сөзінен де зіл қалдырмай жуып-шайып
жіберді.
Сонан соң құдаларына қасында отырған ұлдары мен келіндерін бір-
бірлеп таныстырып шықты. Бидің Рақыш, Қабыш, Əбіш деген үш ұлы бар
екен. Бəрі де көкжал бөрідей еңселі, ірі жігіттер. Ал олардан төменірек
жайғасқан ажарлы, жас əйелдер — келіндері.
– Ауыл арасы шалғай. Бұрын көп араласпағанға, таныссын, білсін деп
жатырмын. Мені қойшы, мен осы отырған бəріңе де қонақпын ғой... Жаңа
айтылған мың жылдық құда-құдағиларыңыз осылар... Түбінде, сұрап
келген бұйымтайларыңызды да осылар тындырады, — деп үй ішін ду
күлдірді.
Осы сəтте Айтолқын бəйбіше де өз тарапынан қасындағы серіктерінің
аты-жөндерін атап, жөн-жобасын түсіндіріп жатты. Манадан бері келген
құдалар арасында көрінекті ақсақал кісі болмағанға үй иелері ептеп
олқысынып отырған сынайлары бар еді. Демежанның аты аталғанда, бəрі
де селт етіп, бастарын көтеріп алды. Қазақтың «ұзын құлағы» оның атын
бұл елге де жайып болған сияқты. Тасболаттың өңі жыли түсіп, жөн сұрау
қайтадан басталып кетті.
– Е-е, жөн-жөн. Керекеңнің баласымын де... Алыстан жақсы атыңды көп
естуші ек, ел-жұртқа аңыз боп жүрген Демежан құда сен екенсің ғой...
Керімбай үкірдайдың дені-қарны сау, күйлі-қуатты жүріп жатыр ма? — деп
кəрі би айрықша ілтипат білдірді.
– Əкеміз аман-есен. Сізге дұғай-дұғай сəлем жолдады. Өзі ел ішінін
жұмыстарынан босай алмай, орнына мені жіберді, — деді Демежан да
шешіле түсіп. — Күйеу балаңыз Күдері — исі Төртуылдың қара
шаңырағында отырған бала ғой. Мына Бибі екеуіміз сол ініміздің
қуанышын атқарысуға əдейі келдік.


– Жөн-ақ. Рақмет, шырағым. Өзің құдалығыңның сыртында, біздің елге
əрі күйеу емессің бе. Бибі де — біздің қызымыз ғой. — деп төменірек
отырған Бибіге назар аударды. — Қалай, қажының аулымен хабарласып
тұрасыңдар ма?
– Өте жиі болмағанмен барыс-келісіміз бар. Қажының өзі биыл жайлау
үстінде келіп қайтты, — деді Демежан.
Бұл 
кезде 
қонақтардың 
алдына 
көлдей 
дастарқан 
жайылып,
сылдырмақты үлкен күміс тегенеден қымыз құйыла бастаған. Дастарқан
үстінде аткөпір бауырсақ төгіліп, бірнеше жерден сары май, жент, ірімшік
қойылыпты. Күрең бауырсақтың арасында шақпақ қанттар мен сықпа
құрттар ағараңдайды. Алыс жолдан қарындары ашып, оптығып келген
қонақтар жүрек жалғап, шөл басып дегендей, қунап қалды. Тасболат
қасындағы Айтолқынның кесесін өзі əперіп, қызмет көрсетіп отыр.
– Əңгімелеріңіз жарасып, сіздің бабыңызды табатын үлкен құдағиыңыз
болса жоқ. Байғұс «Айжанымның қызығын көрсем-ау» деп жүруші еді,
оған жете алмай кетті. Неге асыққанын білмеймін, мені артына тастады да,
жеңсіз көйлек киіп алып жөнелді, — деді би бір сөздің кезегінде. — Бір
есептен сіздің алдыңызда кеткен Сымайыл зəңгіде арман жоқ, Айеке.
Жалғанда ер адамға қартайғанда қосағынан айрылып, сопайып жалғыз
қалған қиын болады екен.
– Неге? Осыншама бала-шағаңыз тұрғанда, сізді жалғыз деп кім айтады?
— деп Айтолқын өзінше жұбаныш айтқан болды.
– Шүкір, бала-шаға бар ғой. Бірақ олардың өз тілеуі өзінде. Қас-
қабағына қарап, жарым сөзден жай түйетін, өзіңнің ата жолдас, қу кəріңдей
қайдан болсын, — деп Тасболат бір сот нарау тартып, баяу күрсінді. —
Менің бабымды табатын бас күтушім — Айжан шырағым еді ғой. Оны да,
міне, маңдайыма сыйдырмай алып кеткелі отырсыңдар.
Жұрт қымыз ішіп болып, дастарқан жиыла берген мезгілде есіктің
көзіне қысырдың бір семіз жабағысын əкеліп, қонақтардан бата сұраған.
Осыдан кейін Тасболат көп бөгелген жоқ:
– Тойымызды алдағы сəрсенбінің сəтіне қалдырып отырмыз. Оған дейін
əлі үш-төрт күн бар. Осында қонақасыларыңызды жеп, сауық-сайран
құрып, аунап-қунап жатыңыздар... Ал мен ауыл-аймақты бір шолып
келейін, — деп далаға шығып кетті.
Бұл кезде кеш батып, қонақтар отырған үйге аспалы ондық шамдар
жағыла бастаған. Үлкендер арасында бір сəт байсалды тыныштық орнады.
Бүгінгі кештің думан-тамашасы күйеулер түскен отау үйлер жаққа аунаған
секілді. Сол маңнан көңілді күлкі, ер-əйелдің жамыраған жас дауыстары
естіледі. Оқта-текте гармонь үніне қосылған əнде шырқалып қалады. Бұл
отырғандардың ішінде əлі келінді көрген ешкім жоқ. Осыдан біраз жыл


бұрын, онда Сымайылдың тірі кезі, Айтолқын қасына Күдеріні ертіп,
болашақ келініне үкі таға келгенде, Айжан əлі онға да толмаған ойын
баласы еді. Күдері де сол шамалас-тұғын. Болашақ күйеу мен қалыңдық —
екі үйдің еркесі асыққа таласып, қырқысып қалғанда, бүкіл ел екеуінің
мінезін қызықтап, мəз болып күлгені бар еді. Қазір сол Айжан да бойжетіп,
он сегізге толып, толықсып отырған шығар. Қандай боп өсті екен? Көру
керек еді.
Айтолқын үйдегілерге осыны айта келіп, бір мезетте төменірек жастар
арасында отырған Бибіге бұрылды да:
– Келін, сен қанша дегенмен осы елдің қызысын ғой. Төркін жұртында
саған емін-еркін жүре беруге болады. Сен барып білші, отау үйлерде не
болып жатыр екен? Біздің Күдежанды балдыздары мен жеңгелері түйебас
қып, байғұс баланың есін шығарып жіберген жоқ па, оның да жайын біле
кел... Сонан соң ана қыз жеңгелерімен тілдес: бүгін менің көңілімді
тындырсын, келінімді көрсетіп, көрімдіктерін алсын, — деді.
Бибі де манадан бері отау үйлер жақтан шыққан əр дыбысқа құлақ түріп,
елеңдеп отырған-ды. Айтолқын бəйбішенің бұйрығын ести салысымен,
лып етіп орнынан көтерілді де, қасына күтуші келіншектердің бірін ертіп,
үйден шығып кетті.
Отау үйлер жаққа барысымен, күйеу жағынан шыққан бас жеңге ретінде,
той басқарып жүрген жұлымыр қатындармен тез тіл табысып, бірден үйіріп
əкеткен. Ендігі көп кəделер осы жеңгелер арқылы бітетіні белгілі. Олар
бүгін күн кешкіріп қалған соң, қалыңдықты үлкендерге көрсетуді ертеңге
қалдырып отыр екен. Айтолқынның тілегін естігенде, көрімдік алатын
сəттің тездегеніне қуанбаса, қарсы сөз айтқан ешкім болмады. Қайта үлкен
бəйбіше қатындар:
– Қайтсін-ай, ана байғұс шыдамаған ғой!
– Келінін бүгін көріп, құдағиымыз көңілін біржола тындырайын деген
екен ғой, — десіп, қостау сөздер айтып жатты.
Қыз жеңгелері қалыңдықты енесіне көрсетуге дайындағанша, Бибі
күйеулер отырған отауға кіріп шықты. Осы ауылдың қыз-қырқын, жігіт-
желеңі түгел осында екен. Күйеу жолдастары домбыраға, гармоньға
қосылып, кезек-кезек əн шырқап, жастар сауығын қыздыра түсіпті.
Əсіресе, Зəки, Рифхаттар шырқаған татар жыры бұл елге де қатты таңсық
болса керек, ішке сыймағандары үйдің босағасынан, жабығынан сығалап,
өліп-өшіп тыңдап қалыпты... Бибі жұрттың арасынан сығылысып, зорға
дегенде ішке кірді де, бір сəт күйеудің қасына тізе бүкті. Күдері салт
бойынша басындағы үкілі тымағын көзіне түсіре киіп, қалың қыздың
ортасында пысынап зорға отырған секілді. Бибіні көріп қуанып қалды.
– Ал хал қалай, мырза жігіт? Қайныңа аман-есен жетіп, көңілін орнықты


ма? — деді Бибі сыбыр етіп.
– Əйтеуір, шет-шегі жоқ бір əуре-сарсаң басталды ғой. Бұл азаптың
қашан бітерін бір құдайдың өзі білсін,—деп күлді Күдері.
– Қалыңдығыңды көргенше сабырын қалмай, жанын шығып отыр-ау, қу
бала. Сол шыдасаң оған да қолын жетер...
– Ақыры бұлай қаңтарып қоятыны бар, тым құрыса сол екеумізді бірге
қамаса нетті. Мұндай да зорлық болама екен, жеңеше?
– Сендерден келінді барып көрген ешкім бар ма?
– Тіпті сол жаққа бастырмай отырған жоқ па. Біздің жігіттер баспалап
барған екен, бүгін рұқсат жоқ деп, жеңгелері маңайына да жолатпапты.
– Ендеше, сендерден бұрын қалыңдықты біз көретін болдық. Жеңгелері
Айжанды апама көрсеткелі жатыр, — дегенді ақырын айтты да, Бибі
жылыстап шығып кетті.
Бұл кезде Рақыштың əйелі Нұрбүбі бастатқан осы ауылдың басты
əйелдері Бибіні сыртта күтіп тұр еді. Барлығы дуылдаса шұбырып барып,
қонақ үйден Айтолқын бəйбішені ертіп шықты. Сол беттерінде қонақ
құдағилар сылқым жеңгелер қоршауында қалыңдық отырған ақ отауға
қарай бет алған. Бұлар келердің алдында бала-шаға, қыз-қырқынды
уақытша далаға шығарып, отауды оңашалап қойған екен. Айтолқын,
Бибілер ішке кіргенде, төр алдында бірнеше сыйлы бəйбішелер ғана
қалыпты. Оң жақта шаршауына үкі таққан қызыл күрең патсайы
шымылдық керулі тұр. Дидарын бір көруге зар еткен қалыңдық сол
шымылдықтың ар жағында... Құдағилар түгел кіріп болды-ау деген
мезгілде манадан бері шымылдықтың екі жақтауын ұстап тұрған жеңгелер:
– Ал көрімдік, құдағи! Көрімдік бермесеңіз келініңізді көрсетпейміз, —
десті.
– Алыңдар, шырақтарым. Сендерден бүгін аяп қаларым жоқ. Тек
алдымен баламды көрсете көріңдер! — деді Айтолқын.
Дəл осы сəтте патсайы шымылдық қақ жарылып, баяу толқып ашыла
берген. Ар жағынан біркелкі киініп, қатар тізіліп тұрған топ қыздың
дидары жарқ ете қалды. Қалыңдық дəл ортасында тұр. Үстіне қос етекті
көк торғын көйлек, кестелі қызыл қатипа қамзол, басына асыл тыстары
шам нұрына шағылған, ақ жібек кіреукелі, биік сəукеле киген Айжан мен
мұндалап, көзге оқшау шалынады. Ат жақты, пісте мұрынды, ақ сарының
əдемісі екен. Енесі қасына жақындағанда танадай көзін жалт еткізіп бір
қарады да, ақ жүзіне қызыл арай теуіп, кірпігін төмен түсіре қойды. Сүйегі
нəзік, бойы ортадан гөрі аласалау ма, қалай? Бірақ онысын дəл қазір биік
өкшелі көксауыр етік пен сəнді сəукеле білдіре қоймайды.


«Ештеңе етпес. Біздің қайнымыз да тым бойшаң жігіт емес қой. Екеуі
жақсы жарасады екен» деген ой келді Бибіге. Айтолқын шын аналық
мейірмен Айжанды құшақтап, екі бетінен алма-кезек сүйді.
– Бақытты бол, балам... Өркенің өссін! Қосағыңмен қоса ағар! — деп
батасын берді.
Осыдан кейін құдағилар төрден орын алып, өрекпіген жүректерін басып,
аз-кем аял жасады. Шымылдық қайта жабылған жоқ. Айжанды ортаға ала
қыздар тобы да тізе бүкті. «Ал енді не айтасыз?» дегендей, екі босағада
самсап жеңгелер тұр. Айтолқын бəйбіше асығар емес. Қасыңдағы күтуші
əйелге көтертіп келген қоржынның аузын сөктіріп, əлден уақытта
жеңгелерге көрімдік үлестіре бастады. Бас жеңге Нұрбүбіге тайтұяқ
жамбы, қалған əйелдерге түгел бір-бір көйлектік қытай жібегін ұсынды.
Жеңгелер ғана емес, төрде отырған бəйбішелердің алдына да бір-бір
киімдік мəуті, лəмбүк, қатипа тəрізді асыл бұлдар тастады... Мұндайда бір-
бір шаршы мата, бірер күміс сақина да жоралғыға жүре беретін. Ал
мынадай кесек жомарттықты бұл жұрт көптен көрмесе керек, əйелдер
таңданғаннан естері шығып, ауыздарын ашып қалды...
Үй толы əйелдер дуылдасып жатқанда, Бибінің оларда ісі болған жоқ.
Ол манадан бері қалыңдықтың оң жағында отырған ақ құба қыздан
жанарын тайдыра алмай, қарап қалып еді. Мана патсайы шымылдық
үлбірей толқып ашылған сəтте-ақ, оның көзі қалыңдықтан кейін бірден осы
қызға түскен-ді. Сол сəтте жүрегі əлденеден солқ етіп, төмен тартып
кеткендей болған. Міне, қазір де əлдебір сиқырлы күш байлап қойғандай
сол жаққа қарай бергісі келеді. Тəңірім-ау, мұндай да адам баласы
жаратылады екен! Тал бойында бір міні жоқ. Қыздың уыз жастығы өз
алдына, түр-əлпетінде сұлулықтың қазақы ұғымынан басқа, тіл жетпейтін
өзгеше бірдеңе бар. Аққудай иілген мойны, жаңа туған айдай иіле біткен
жіңішке қасы, жазық маңдайынан тура түскен əсем мұрны, ителгінің
тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын
нұрлы жүзі, бəрі-бəрі қолдан ойып жасалғандай. Бойы Айжаннан гөрі
сұңғақтау. Денесі тым ашаң, нəзік те емес, қамзолының кеуде тұсы қаз
омырауланып, көрер көзге тап салып, айқын білініп тұр... Əрі-беріден соң,
ол да ештеңе емес, бұл қыздың кереметі екі көзінде екен: сəл нілденіп
тұратын ұялы, нəркес көзінің жауын шайған қарақаттай қаралығы сонша,
қою кірпігінің айналасына көгілдір көлеңке түсіп тұр.
«Ойпыр-ай, мұндай да ару болады екен! — дей берді Бибі ішінен. —
Аты-жөні, ата-анасы кім болды екен? Шіркін-ай, мынадай перизат та
біреуге пенде болып кетер ме екен? Мынау осында отырған қыздардың
бəрінен де сұлу ғой. Тіпті менің өзімнен де...»
Айтолқын отауда көп бөгелген жоқ. Осындағы бəйбішелермен, білікті
жас əйелдермен танысып, əңгімелесіп аз отырды да, қайтатын ыңғай
білдірді. Бұлар орнынан көтерілгенде, ізетпен ұшып тұрған болашақ
келініне тағы да тəңір жарылқасын айтып, барлығы қонақ үйге қарай бет


алды. Бибі есіктен шығар кезде жаңағы қызға жалт етіп тағы бір қарап өтті.
Жолда келе жатып та, қонақ үйге келіп жайғасқаннан кейін де, сол қыз көз
алдынан кетпей қойды. «Апыр-ау, маған не болды? — дей берді өзіне-өзі.
— Еркек болсам бір сəрі, əйел басыммен əлгі қызға ғашық, боп қалғаннан
саумын ба?»
Бұлар жоқта Тасболат би қонақ үйге қайта оралған екен. Айтолқын өз
орнына келіп отырар-отырмаста, құдасы сұрақ қойды.
– Келіндеріңізді көріп, көзайым болдыңыз ба, құдағи? Балаңыз
көңіліңізге жақты ма?
– Тіфа-тіфа! Тіл-көзден аман болсын. Сіз өсірген баланың жаманы
болушы ма еді?! — деп Айтолқын да ризашылық білдірді.
– «Келіні қайың ененің пейіліне бітеді» деген сөз бар ғой. Иншалла,
сізден өнеге алса ол бала жаман болмас. «Сымайылдай жақсының
босағасына бара жатырсың. Сол киелі шаңыраққа лайық бол, балам» деп
мен де талай құлағына құйғанмын, — деді Тасболат. — Не дейін, екі жас
бақытты болсын! Айжанымның алды сіздерге, арты бізге қайырлы болғай!
Кешікпей құдаларға табақ тартыла бастаған. Ет артынан шай ішіп, одан
қалған жерді қымызға сіреп болғанша, күздің едəуір ұзақ түні ауып,
шығыстан құланиектеніп таң да білініп қалып еді. Осыдан кейін алыс
жерден ат соғып келген жолаушылар жатып тыным алудың қамына
кіріскен.
Ертеңінде қонақтар жайырақ тұрды. Той болатын ауылдың дабыр-
дұбырынан оянбаса, жата беретін түрлері бар еді. Дегенмен, бəрі де ес
жиып, тыңайып қалыпты. Таңертеңгі шай үстінде Бибі отаулар жаққа
барғысы келіп, елеңдеумен болды. Есіне кешегі қыз түскен. Соны күндізгі
жарықта тағы бір рет көргісі келді. Шай дастарқаны жиналысымен ауыл
əйелдеріне ілесіп, қыз отауына қарай бет алды.
Айжан бүгін кешегідей емес, ұялғанын қойып, Бибіні ескі таныстарша,
өзімсіне қарсы алды. Түбі өзім баратын жердің адамы ғой, осы бастан
танысып-білісе берейін дейтін сияқты. Қыздар бірінің шашын бірі өріп,
бірін-бірі киіндіріп, жасанып жатыр екен. Бұлар бүгін тобымен атқа мініп,
ел аралауға шықпақ. Қазақ мұны «қыз таныстыру» дейді. Ұзатылатын қыз
өз нөкерімен ауыл-ауылды аралап, үлкен шаңырақтардан соңғы рет дəм
татып, ел-жұртымен қоштасады. Үлкендерді, өзінің құрбы-құрдастарын
тойға шақырады. Сондықтан оны «қыз таныстыру» емес, «қыз қоштасуы»
деп атаса да болғандай.
Бибі бүгін бір əредікте өзінің «ғашық» қызымен де тілдесіп қалды. Аты
— Ырысқан екен. Айжанның туған бөлесі. Жұмық ішінде Саты, Бұтабай
болыстың ауылынан. Осыдан бір жұма бұрын шешесімен бірге осы тойға
алыстан арнайы келіпті. Кеше ала көлеңке шам жарығында қыз сəулеті бар


бояуымен толық ашылмаған екен. Ырысқанның бүгінгі көркі тіпті ерекше.
Ақ жүзі күн нұрымен бірге балқып, таң шұғыласындай қызыл арайланып,
жымиып күлген кезінде, болар-болмас бет шұқырында əлдебір сиқырлы
сағым ойнағандай болады. Кешеден бері өзіне көз сүзіп, көп қараған
сылқым келіншекті қыз да жақсы аңғарып қалса керек, жатырқамай бірден
шүйіркелесіп кетті.
– Бибі тəте, сіз де атқа мініп, бізбен бірге жүріңіз, — деді Ырысқан
қиыла өтініп. — Біздің елді, жерді көресіз... Келініңіздің шашбауын
көтеріп, қызығын бірге тамашалаңыз.
Оның сөзін Айжан да қостап жатыр:
– Сөйтіңіз, Бибі тəте... Өзіңіз бөтен емес, маған əпке болады екенсіз.
Соны естігелі жат жерден туыс таптым-ау деп, кешеден бері мен де қуанып
жүрмін. Мені өзіңіз қыдыртыңыз, Бибі тəте!
– Үлкендер рұқсат етсе барайын, — деді Бибі де мына дүрмектен
қалғысы келмей. — Елдің ғұрпына қалай келеді екен? Мені түбі осы елдің
қызы дегеніңмен, қазір жат жұрттық болып кеттік қой, сіңлім-ау.
– Күдері жақсы ақын дейді ғой. Жанынан өлең шығарғанда бір таңға
таусылмайды дейді... Сол рас па? — деді ЬІрысқан Айжанның «айтпа» деп,
аузын жапқанына қарамай.
– О-о, менің ол қайнымда өлең де, өнер де жетеді. Біздің елде одан асқан
ақын жоқ, — деп Бибі Күдеріні көтермелеп қойды. — Қалай, қыздар,
күйеуді көрдіңдер ме өздерің? Ұнады ма сендерге?
Бұл сұраққа Ырысқан жауап берді. Бір жағы Айжанды келекелеп, күле
сөйлеген:
– Мына байғұс отыр ғой, бір көруге зар болып... Ал мен кеше кеште
қасына барып, біраз отырып қайттым. Түр-тұлғасы маған ұнады. Екі көзі
шоқтай жайнаған, қызыл шырайлы, əдемі жігіт екен. Бірақ өзі тым паңдау
ма, қалай, кісімен шешіліп сөйлеспейді.
– Əзірше күйеусініп, қысылып отырғаны ғой. Əйтпесе біздің елде одан
ашық, одан шешен жігіт жоқ.
Ырысқан өзінің сұлулығына қарамай, керенау кербездігі жоқ, кісінің іші-
бауырына еніп тұратын, сөзуар, ашық қыз секілді. Бибімен үйірлесе келе
тағы бір сөздің шетін шығарды.
– Үлкендер отырған үйге батып кіре алмасақ та, босағадан сығалап,
сіздің үйдегі жездемізді де көріп алдық, — деді сыңғырай күліп. — Бұрын
алыстан Демежан деген атағын естігенде, сақалы сапсиған шал ма деп
ойлаушы ек, жап-жас кісі екен ғой өзі... Бірақ жездеміз күйеулігін ұмытқан


сияқты, төр алдында шіреніп отыр.
Бұл сөзге Бибі де қосыла күлді:
– Əй, қу қыздар-ай, бəрін де көріп-біліп қоясыңдар-ау! Жарайды,
сендердің сындарыңды айта барайын жезделеріңе. Ол қазір бас құда ғой,
шіренбеске амалы қайсы.
Осы сəт Бибінің басында бір қызық ой қылаң еткен. Бірақ ақырына дейін
ойлап үлгермеді, ішке кірген ауыл жігіттерінің бірі қыздарды асықтыра
бастады.
– Қыздар, дайынсыңдар ма? Аттарың ерттеулі əзір тұр. «Баратын ауыл
көп. Ерте күнді кеш қылмай тез аттанып кетіңдер» деп Би-атам ұрсып
жатыр, — деді аптыға тіл қатып.
– Бізбен бірге Бибі тəтем де баратын болды. Бұл кісінің де атын
ерттеңіздер, — деді Айжан əлгі жігітке бұйрық етіп.
Қыздар киінгенше, өз адамдарынан рұқсат алып шықпақ болып, Бибі
асығыс қонақ үйге қарай жөнелген. Бұл ел Бибінің төркін жұрты болған
соң, əрі Айжанның да тілегін ескеріп, үлкендер оның бұл талабына қарсы
болған жоқ, оңай көнді. Тек, Демежан ғана əйеліне əзілдеп:
– Сен өзін төркініне келіп, оң жақтағы кезіңдей қайтадан бұлғақтай
бастадың ғой. Байқа, сені бұл ел маған екінші рет тағы ұзатып жүрмесін, —
деп өзі де күліп, жұртты да ду күлдірген.
Бірақ мұндағылар Бибіні көп бөгеген жоқ. Дереу өзінің сыралғы атын
алдырып, сүліктей қара жорғаға күмістеген сəнді ер-тұрманын салдырып,
бұл кезде атқа қонып қалған аққу қыздар тобына оны да қосып жіберді. Ал,
шындығында, өңі алтайы түлкідей құлпырып, бал-бұл жанған Бибідей
арудың қазіргі салтанаты ешбір қыздан кем емес еді.
Көп ұзамай оқшауырақ тігілген қалыңдық отауының жанынан қызылды-
жасыл киінген қыз-келіншектер шоғыры дүрк қозғалып кетті. Қастарында
тай-құнанға мінген жасөспірім балалар, жол бастайтын, ат ұстайтын бірен-
саран атқосшы жігіттер бар, жиын саны жиырмадан кем болмас. Бұл өзі
қарауға көз тоймайтын қызықта, сəнді топ еді. Күн нұрына шағылған күміс
ер-тұрманды, кілең сəйгүлік ат мінген үкілі қыздар — бейне көл бетінен
көтеріліп ұшқан аққулар секілді. Олар екі-екіден сап түзеп, шеру тарта
жөнелгенде, Тасболат би мен Айтолқын бастатқан үлкендер де тайлы-таяғы
қалмай сыртқа шығып, тамашасына қарап тұрды.
Бұл мезетте үлкен ақ үйдегі күйеулер тобы да далаға шыққан. Жас
жігіттер, əсіресе, мұндай салтанатты бұрын көрмеген Ыбырайдай татар
мырзалары аузын ашып қарап қалыпты. Осы топтың ішінде Күдерінің өзі
де тұр еді. Əлі күнге дейін беті-жүзін анықтап көре алмаған, қазір күміс ер-


тұрманды ақжал жиреннің үстінде тайпалтып бара жатқан қалыңдығы
Айжанды басқаларға ұқсамайтын өзгеше сəнінен, басындағы биік
сəукелесінен ғана шырамытқандай болды. Оған мына аққу қыздар ешкімді
шеніне келтірмес, тым тəкаппар, асқақ көрінді. «Бізді айдын көлден үркітіп
ұшырған сенсің. Сен айыптысың осының бəріне» деп, бұған əдейі қыр
көрсетіп, кінəлап бара жатқандай.
Қыздар тобы ауылдан шыға бере əн бастаған. Бұл қазақ дəстүрінде
«сыңсу» деп аталатын, өзінің əні, сөзі бар бір əсем саз еді. Кейде өнерпаз
жастар сөзін өз жандарынан шығарып, құбылтып та айта береді. Бұл — жат
жұртқа ұзатылып бара жатқан қыздың туған жер, өскен елмен, ата-ана,
құрбы-құрдаспен қоштасу жыры. Даусы ашық өнерпаз, əнші қыздар
қалыңдықты ортаға ала, қатар үн созып, сыңсып бір шырқағанда, сахарада
соны ести тұрып, «əттең дүние-ай!» деп күрсінбейтін, көңілі босап
егілмейтін бір пенде болмайды. Қазір де Айжан, Ырысқан бастатқан алты
қыз топ алдында сап түзеп, сондай ескілікті əндердің бірін бастап кетіп еді.
«Туған жер — алтын бесік, сен аман бол! Кеше ғана құшағында асыр
салып, сай-салаңнан бүлдірген терген бүлдіршінін бүгін өзіңнен қол үзіп,
жат жұртқа, тым алысқа кетіп барады. Май тоңғысыз мамырдағы қырмызы
қызғалдақтай оң жақта үкі тағып бұлғаңдаған аз күнгі қызық дəурен,
шалдуар шақтарым осымен аяқталды. Не жазығым бар еді? Өз құшағында
əлі де болса аялап, əлпештей тұрсаң нетті? Жылатып жатқа қиярын, шетке
шығарар шермендең мен бе едім? Құлын-тайдай тебісіп, тел қозыдай тең
өскен құрбы-құрдас, сен де қош аман бол. Шуақты-нұрлы жазым, ерке-
жастық назым өздеріңмен бірге қалып барады... Келіңдер қасыма. Өз еліне,
от басына сыймаған мұңды бейбақты қолтығынан демеп, өз қолдарыңмен
аттандырып салыңдар. Бұл менің туған жердегі ақтық тойым, қысқа бір
қызығым ғой. Соған бəріңді шақырғаным... Ақ сүтін берген ата-ана, ата-
бауыр, асыл жеңге, сендер де разы қош болыңдар! Қош бол, балалығымның
куəсі — кəрі қойтас, жасыл жайлау, қарлы шыңдар... Қош, қош, қош!»
Аққу қыздар осылайша əн салып, ауыл сыртындағы қоңыр белден асып
көрінбей кеткенше, ауылда қалғандар қалт етпей тыңдап тұрды. Үлкендер
жағы көңілдері босап, көздеріне жас алды. Мұндайда көбірек сыр беретін
қартаң əйелдер:
– Əттең, дүние-ай! Алысқа ұзатылған қыз байғұстың көрген күні осы да.
– Осы шер-шемен өмір бойы кетер деймісің қыз сорлының көкірегінен,
— десіп, жаулықтарының шетін көздеріне апарысты.
Қонақ үйдің алдында танысқан қыздарды тамашалаған көп адамның
арасында Айтолқын бəйбіше де жылап тұр екен. Соны көрген жақын
қайнысы Көксеген кəрі жеңгесіне бір қызық əзіл айтты:
– Айеке-ау, бұл ауылдың жылағаны жөн-ақ болсын. Бұлар Айжанды
кетеді деп жылап тұр ғой. Ал сіздікі не? Осы бала түбінде біздің ауылға


барады-ау деп жылап тұрған жоқсыз ба? Қайта қуанбайсыз ба?! — деп
көпшілікті ду күлдірген.
Бұл əзілге жұртпен бірге Айтолқынның өзі де күліп жіберді. Дереу бетін
Көксегенге бұрып:
– Е, тəйір деген... Жер үстіндегі ақ жаулықтының мұңы бір емес пе. Мені
бір қыз болып өспей, осы қалпымда қауқиып түсе қалды дейсің бе. Сорлы
қыздардың мұңын тыңдап, менің де қай-қайдағым қозғалып тұрған жоқ
па?! — деді көз жасын сүртіп жатып.
Бұл сəтте отау үйлер маңында жас жігіттер күйеуді қолға алып тұр еді.
Алдымен сөз бастаған Күдерінің татар досы Ыбырай болатын.
– Əй-й, Күдері, синдə тіпті иман жоқ екен. Осындай да бек қатты, тас
жүрек болармысың... Біреудің жап-жас қана туташ баласын аламын деп,
осыншама жамағатты жылатқаның не синің? Осының бəріне бір өзің
виноват бола тұра, көзіңе тағы бір тамшы жас алмайтының ғажап! — деп
Күдеріні қажай түсіп, құрбы жігіттерге біраз əңгіме тауып берген.
VIIІ
Танысқан қыздар тобының осылайша сəн-салтанатпен ел аралауының
өзі екі-үш күнге созылды. Ұзатылатын қыз мұндайда көңіл жетер алыс-
жақын ауылдың бəріне баруы шарт. Кейбір ауылдарда жай аттан түсіп,
əйелдермен көрісіп, дəм ауыз тиіп аттанса, енді бір қимас туыстардан
түстік, қонақасы жейтін кездері де болады. Əдейілеп барған жақын-жегжат
ауылдар танысқан қызды құр қол қайтармай, көзімдей көріп жүр деп,
кілем-кілше, оюлы сырмақтан бастап, сақина, сырға, білезік, кемер белдік
секілді естелік заттар беретіні тағы бар.
Бұл жолы Айжан да өз нөкерлерімен талай ауылдарды аралады. Талай
жерде қоштасу жырын айтып, сахара қазағының сай-сүйегін сырқыратты.
Арада үш күн өтіп, төртінші күні бұлар ауылға қайтқанда, жиналған жасау-
жабдыө, сый-сыяпаттың өзі бір-екі түйеге жүк болып еді.
Бұл күндері тұс-тұстан тойға əкеліп тіккен үйлердің қатары да бірте-
бірте молайып, Тасболат аулының аумағы қанатын кеңге жая түскен. Оңаша
тігілген ас үйлер маңында жер-ошақтар қазылып, той малдары да сойыла
бастаған. Əлденеше ту бие, семіз тайлар жығылып, құйрығын тарта алмай
жүрген небір еркек қойлардың да терісі осы арада сыпырылды.
Сəрсенбінің сəтіне сол көптен күткен той да басталып кетті. Желініп
жатқан ет пен ішіліп жатқан қымызда есеп жоқ. Ас — аттынікі, той —
тондынікі болғанда, мұндайда ойын-тамаша көріп, бір тойып қайту
сыбағасы жарлы-жалшы, кедейлерге тиеді. Жұмық ішінде, əсіресе
Сайболат жағы өте сауықшыл, сері келеді. Жұрт ас ішіп болған кезде ат
бəйгесі, палуан күресі, көкпар, теңге ілу секілді ойындарға кезек берілген.


Демежан, Көксеген бастатқан Төртуыл кісілері де бүгін атқа қонып, ел
азаматтарымен бірге əртүрлі ойындарды тамашалады. Олар бұл жолы неше
күннен бері ешқайда шықпай, отауда қамалып отырған күйеулер тобын да
тегіс атқа мінгізіп, қастарына ертіп алған-ды. Бүгін бұлардың қасында той
сылтауымен Төртуыл кісілеріне əдейі амандаса келген осы төңіректегі
Жұмықтың ел билеген игі жақсылары да аз емес еді. Сонау Тарбағатайдың
теріскейінен Құрман қажының үлкен ұлы Қыдырмолла, Сатының қазіргі
болысы — Бұтабайдың Зейнолласы,тағы басқа Тəуке, Қараша, Қожанның
атқамінер дəмелі жігіттері де осында болатын. Əсіресе бұл күнде отыздың
ішіне енді ілінген, беделді жас болыс Зейнолла кешеден бері Демежанға
қатты іш тартып, ұзақ-ұзақ əңгіме-дүкен құрысқан-ды. Сол ықылас-
пейілдің белгісі ретінде, той өткен соң өз аулына қонаққа шақырып отыр.
Құдалар мен күйеулер тобы ат үстінде ойын-сауықтың қызып жатқан
жерлеріне барып, Жұмықтың той өткізу салтын тамашалап біраз жүрді де,
ақыры «жар-жар» айтылатын шамада ауылға қайтып оралды.
Бұлар келгенде қыз отауының маңында «жар-жар» айтысы қызып жатыр
еді. Алты қанат ақ отаудың іші-сырты адамга сыймайды. «Жар-жар»
айтатын жігіттер ат үстінде, əйелдер іште отыр. Екі топ бірін-бірі анық
көріп отыратындай етіп, отаудың оң жақтағы үзігін түріп, жабықты түгел
ашып тастапты.
Бүгін таңертеңнен бері: «Айжанды айттырғысы келіп, бірақ басы
байлаулы қызға қолы жетпей өкініште жүрген Сатының бір мырзасы бар
екен. Сол жігіт өз нөкерімен осы тойға əдейі келіпті. Айжанның «жар-
жарын» өзім айтам деп, ағаларынан рұқсат сұрапты» деген бір сыбыс
шыққан. Сірə, сол жігіттер болуы керек, өңкей сəйгүлік мініп, сəнді киінген
төрт бозбала ақ отаудың жалаңаш жабығына ат үстінен төне түсіп, «жар-
жарды» ерекше құлшыныспен екілене айтып тұр. Іште қалыңдықты ортаға
алған қыз-келіншектер əлгілерді тыңдап алады да, сөз ретіне қарай
кезекпен жауап қайырады.
Əзірше екі жақтың да айтып жатқаны — ұзатылатын қыздың ел-
жұртына, құрбы-құрдасқа арнаған соңғы назы мен артындағы ер-азаматтың
қарындасқа айтар жұбанышы, ақ тілегі төңірегінде. Ауыл бозбаласы
əлдебір арманды қызғанышпен артық сөздер айтып қала ма деп, үлкендер
жағы басында қауіп ойлап еді. Жоқ, жігіттер əзірше əдептен озбай, біркелкі
төселген дауыспен, бұрыннан айтылып жүрген ескі сарынды ғана қайталап
тұр.
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар, Сан кісінің ақылы ханда
болар, жар-жар. Жат ауылға кеттім деп жылай көрме, жар-жар, Жақсы
болсаң қайын атаң онда да бар, жар-жар, —
деп жігіттер қалыңдықты жұбатып, тағдырдың басқа салғанына көнуге
кеңес берсе, іштегі қыздар тобы іле-шала əн созып:


Ауылымның қонғаны майдан болсын, Ақ жүзімді көргендей айнам
болсын, жар-жар-ау! Алақанда əлпештеп бақса дағы Айналайын əкемдей
қайдан болсын, жар-жар-ау! —
деп өксік ата шер төгіп, артта қалып бара жатқан ата-анасына қимас,
ыстық сезімдерін арнайды. Келесі бір сəтте əн ырғағы, сөз мəнері басқа
арнаға ауысқан. Жігіттер екілене түсіп, енді ата салтын, қатал тағдыр
бұйрығын еске салғандай еді.
Келін боп түстін бұйырса, бикем, Сөз тыңда жасын тыйылса, бикем.
Мал берген жерің қоймады-ау бірақ, Тұрсын да деп ек биылша, бикем.
Үлкенді сыйла үйге енсе, бикем, Жастыққа басың тигенше, бикем. Өксіп
бір өксіп жыларсың талай, Əлдилеп бала сүйгенше, бикем...
Осылайша табиғаттың бұлжымас заңын, ата-ананың жоралғысын айта
келіп, егер атаң күйеу, анаң келін болмаса, езің қайдан өніп-өсер едің деген
мəңгілік сауалды көлденең тартады. Мұндайда осы төңіректен етегінен
ұстар ешкім таппағандай, алысқа шығандап бара жатқан қызға осындағы
бозбаланың айтар өкпесі, қағытпа қалжыңы да болмай тұрмайды. Енді
болары болды, бояуы сіңді, ештеңені түзету, орнына келтіру мүмкін емес
дегенді əдейі сездіріп:
Құдалар жағы тым қатты, бикем, Күйеуде сабыр қылмапты, бикем...
Атасы басқа жау-женге өңшең, Отауға салып тыңдапты, бикем, —
десіп, жігіттер: «сенде де, бізде де кінə жоқ. Бар пəле осы құдалар
жағынан келді» дегендей, сөз арасында екі жақты жалғастырушы
жеңгелерді де аямай түйреп кетеді.
Тілде тиек, ерінде сүйек жоқ. Бүгін де осындай өкпе-наздың біразы
айтылды. «Бас кеспек болса дағы, тіл кеспек жоқ» деп түсінетін қазекең
мұндайда орнымен айтылған сөзді кек көрмейді. Тек əдептен озып, арадан
өрт шығарып алмаса болғаны. Ақыры үй ішінде отырған жеңгелер өз
«кінəларын» мойындағандай далаға шығып, жігіттерге өз қолдарымен сый-
сыяпат ұсынды.
Сонымен «жар-жар» да айтылып бітті. Бұл, негізінен, үлкен тойдың
тарқағанының белгісі еді. Сол күні кешке таман тойға тігілген үйлердің
көбі жығылып, қалың жиын жан-жаққа тарай бастаған. Тойға келген көп
қыз-бозбала қалыңдыққа соңғы рет қош-қош айтып, топ-тобымен ауылдан
шыға əн шырқап, бел асып бара жатты. Олар да өтіп бара жатқан жас
дəуренді, қайта оралмас қызық күндерді жырға қосады. Біреулері «жиырма
бес қайта айналып келмес саған» — деп үзілдірсе, екінші бір тобы «қыз
кеткен соң ауылдан қызық кетер», — деп өкінішпен өртенген жігіт көңілін
паш етеді. Осыған орай жауап ретінде айтылатын опалы қыздың назы
қандай:


Тез ұшар қызғалдақтай қыраңдағы, Беліміз аз ғана күн бұраңдады.
Арасы екі ауылдың шалғай тартса, Қайтейін, айтқан сертте тұрам-дағы...
Осылайша, тойдан тараған жастар кеш бойы ұзақ-ұзақ əн шырқады.
Кешкі ымыртта айнала-төңірек жас дауысқа толып, оған тілсіз тау, қожыр
қойтас үн қосып, бүкіл жайлау үсті күй сандықтай күмбірлеп тұрды... Бұл
тойда көптен көрісе алмай ішқұса боп жүрген талай асық жар сағыныш
сарығын басып, өртенген жүректерге дəру тапты. Олар енді осындай
думан-кештерден тапқан рахат-қызықтарын ұзақ күндер, айлар бойы талған
көңілге талғажау етері хақ.
Негізгі қалың жиын тарағанымен, алда неке қияр, қол ұстатар, шаш
сипатар секілді тойдың ырым-кəдесі əлі көп еді. Бірақ бұлардың бəрі де
құдалардың шағын тобы мен жұлымыр жеңгелердің араласуы арқылы
жеңіл бітетін жұмыстар... Оның есесіне, соңғы күндері Бибі — ЬІрысқан
арасында шешуі қиын төтенше түйіндер пайда болып еді.
Бибі əнеугүні қыз таныстырып, ел аралаған күндері Ырысқан сұлумен
жұп жазбай үнемі бірге болған. Екеуі шүйіркелесіп сөйлесе келе, шын
сырлас достарға айналып еді. Сөйтсе, сыртқа сыр алдырмай, көркімен көз
тартып жүргені болмаса, Ырысқанның да мұны бір басына жетерлік екен.
Көрші ел Қожан ішінде жастан құда түскен жері бар. Əлі күнге дейін
ұзатылмай отырған себебі, алғаш атастырған күйеуі осыдан екі жыл бұрын
көкпар тартып жүргенде аттан жығылып, оқыста мерт болыпты да, «аға
өлсе іні мұра» деген қазақтың салты бойынша, мұны он екі-он үштер
шамасындағы кішкентай қайнысына қаратыпты. Құдаларының көңілін алу
үшін, қайын жұрты үстемелеп тағы да қалыңмал айдатып, қыз басына
киілген ноқтаны бұрынғыдан ары қос-қабаттап бекіте түсіпті. Қазір
құдалар жағы əлгі жас баланың бəлиғыға толып, есеюін күтіп жүрген
көрінеді... Ырысқан бір оңашада осының бəрін Бибіге баяндай келіп:
– Маған енді бұл тірлікте ол бұғауды үзіп шығу жоқ қой. Сол
жұдырықтай жас балаға қосақталып, өмірім өксумен өтетін шығар. Бұл
маңайдағы көп бозбаланың құр көркіңе қызығып, сырттай тамашалап
тамсанғаны болмаса, жеме-жемге келгенде əкемді райынан қайтарып,
Қожанның құрығынан құтқарып алуға шамасы келетін біреуі жоқ...
Мұндайда адамның басына қай-қайдағы келеді ғой. Кейде қайғыдан
қапаланып, ішқұса болған кезімде: «шіркін-ай, ертегідегі Ер Төстіктей
ғайыптан біреу пайда болып, мені жеті қат жер түбіне неге алып кетпейді
екен» деп те армандаймын, — деп ұзақ-ұзақ мұң шаққан-ды.
Бұған Бибінің де қабырғасы қайысып, тілектес көңілмен қатты
қамыққан.
– Қайтесің, құдай төмен етекті қып жаратқан соң, қыз байғұстың көрген
күні осы да. Жастай басына бұғау түсіп, қол-аяғы байланбаған қазақтың
қай қызы бар? — деп өзінше жұбату айтқан.


– Бірақ сол құдалықтың да бəрі бірдей емес қой, — деген Ырысқан
күрсініп. — Мəселен, қыздың бəрі — Айжандай, атастырған күйеуі —
Күдерідей болса арманың не? Енесі қандай келіскен кісі... Ал құдалар ше?
Бейне өзге бір дүниеден келген адамдар секілді, бірінен-бірі өтеді...
Бибі осы əңгімеден кейін, əнеугүннен бері «сүйтсе қайтер еді» деп, жай
қиял түрінде ойлап жүрген бір іске біржола бекігендей болып еді. Кез
келген əйел затының қолынан келе бермейтін бір оқшау тəуекелге бел
буған. Ондағысы — «осы Ырысқанды өз күйеуім Демежанға əперсем
қайтеді» деген ой еді. Демежан тұяқсыз өтем демесе, түбінде бір үйленуі
керек қой. Бұл — Бибінің көптен ойластырып, шешіп қойған мəселесі. Ал
күйеуі екінші рет үйленетін болса, оған мына Ырысқаннан артық адамды
іздеп табу қиын. Бибі де түбінде басқа бір əйелмен жар төсегін бөліссе,
Ырысқандай арумен ғана бөлісе алады. Анау-мынау ақ жаулыққа
Демежанның да құты түсе қоймайтыны анық. Бұрын елде жүргенде Бибі
күйеуіне тəуір деген бірнеше қызды сырттай нұсқап көрсеткені барды.
Солардың ешқайсысына Демежан мойын бұрмады. Шыны ма, əлде оңай
құтылғысы келіп қашыртқаны ма: «Егер мен екінші рет үйленетін болсам,
тым құрыса сенен пышақ сырты артық біреуді алар едім. Бірақ ондай
перизат бұл дүниеде жоқ қой»,—деп артын əзілге айналдырып жіберген.
Ал мына Ырысқанды көрсе, олай деп айта алмаса керек.
Бибі өз ойын Демежанға айтпас бұрын, алдымен қыздың аужайын түйіп,
арадағы сөзді пысырып алғысы келді. Екеуі тағы бір оңаша қалған сəтте,
Ырысқаннан ештеңесін жасырмай, бұл да өз мұңын майдалап отырып
жеткізген-ді. Өздерінің бір перзентке зар екенін, сондықтан отбасына
үшінші бір серік іздеп жүргенін де бүкпелемей ашық сездірген. Қыз
бастабында таң қалды. Өз құлағына өзі сенбегендей, көз шарасы үлкейіп,
сілейіп отырып қалыпты. Əзіл шығар дейін десе, оның қисыны жоқ.
Бибінің имандай сыры екені бүкіл болмысынан көрініп тұр.
– Əпке-ау, мен не естіп отырмын? Шыныңыз ба бұл?— деген аузына
басқа сөз түспей.
– Шыным да, сырым да осы, айналайын сіңлім. Бір Демежан үшін мен
өзімді құрбандыққа шалуға əзірмін. «Жан қимақ болсадағы, жар қимақ
жоқ», — депті ғой бұрынғылар. Бірақ өмірде жар төсегінен де қымбат
нəрселер болады екен... Егер осы тілекті қабылдасаң, сенің күндесің емес,
дос-туысың болып өтуге менің ерлігім жетеді, — деді Бибі нық сеніммен.
Ырысқан, сірə, мұндай ұсынысты күтпесе керек, біразға дейін үнсіз
қалды. Жөпелдемеде нендей жауап қайтарарын білмей, басы қатып
отырғаны белгілі. Тек көп бөгелістен кейін, жанары жасқа толып, басын
көтеріп алды да:
– Айтқаныңыз жөн ғой, əпке. Жездемнің алтын басын кемітер мен бе
екем. Ондай азаматқа бір емес, нешеуін алам десе де, қыз табылмас па... Сіз
отырған ақ орданың босағасы бұйырса да, мен бейбаққа аздық етпес еді.


Бірақ мен өз еркім өзімде жоқ, басым байлаулы сорлымын ғой. Осының
жайы қалай болады? — деген шын сырын айтып.
Бұл сөз де Бибіні алған бетінен қайтара алмады. Қайта қыздың кетəрі
емесін білген соң, ерленіп, батылдана түскен.
– Өзің осы сөзде анық тұрасың ғой? Арғы жағын менің өзіме қоя бер...
Осында ел бар, жұрт бар, ағайын арасының дауын бірдеме қып
тындырармыз, — деді қыздың көңілін орнықтыра сөйлеп.
Енді Ырысқанға да шегінетін жер қалған жоқ еді:
– Не дейін... Егер ата-анамды разы етіп, құдалардың қиқуынан құтқара
алсаңыздар, мен байғұс шырық бұзып қайда барам, — деді ол да тəуекелге
бет байлағандай. — Бірақ бұл əзірге сіздің ғана ойыңыз ғой. Еркектің не
ойлайтынын қайдан білдіңіз?
– Е, шырағым-ай, əйелдердің ақылы бір жерден шықса, еркек қайда
барар дейсің?! — деп Бибі жымиып күлді. — Ол жағын уайымдама...
Демежан бұл шаруаның билігін маған беріп қойғалы қашан.
Той тарқаған күні кеште Тасболаттың үлкен шаңырағында неке қияр
салтанаты болды. Күйеу мен қалыңдық үлкендер отырған үйге кіріп,
шымылдық ішінде бірінші рет бет көрісті... Ырысқан бұл күні үлкендердің
үстіне емін-еркін кіріп, əйелдерге қолғабыс етіп жүрген-ді. Сондай бір
əредікте Бибі қасында отырған Демежанға Ырысқанды сыртынан көрсетіп:
– Мына бір құдашаға көз қырынды салшы. Əдемі қыз ғой, ə? — деді,
жай келді-кеттісі жоқ əңгімедей, ақырын сыбыр етіп. Бибінің қазіргі
қылығы — қыран бүркітті зар күйіне келтіре баптап əкеліп, Алтайы
түлкінің үстінен түсірген жырынды аңшыдан бір де кем емес еді.
Демежанның ойында ештеңе жоқ, Бибі нұсқаған қызға бірінші рет
түстеп қарады да, бірден еден етті.
– Айтары жоқ... Ғажап екен! Ойпыр-ай, мынау — бет біткеннің сұлуы
ғой... Кімнің қызы екен өзі?! — деп таңданысын жасыра алмай қалды. —
Бұл Сайболаттың қыздары шетінен өңді бола ма деймін.
– Ендеше, осы қызды көңіліне түйіп қой. Əңгімесін кейін айтам, — деп
Бибі күйеуінің білегінен ақырын қысып қойды...
Айтқандай-ақ, неке қияр аяқталып, үлкендер өздері түскен қонақ үйге
қарай бет алғанда, Бибі Демежанды оңаша шығарып алып, қызбен арадағы
əңгімені бастан-аяқ баяндап берді. Ырысқанның басы байдаулы екенін, оны
босатып алу үшін, көп күш-жігер, қыруар мал керек болатынын да
жасырған жоқ. Ең соңында қыздың да тəуекелге бел байлап отырғанын, ал
Бибінің өзі Демежан екеуінің атынан серт ұстап, уəде бергенін айрықша


қадап айтты. Күйеуінің алды-артын орап тіпті бұлтаратын жер
қалдырмаған.
Қап, мына Бибінің істеп жүргенін-ай, ə?! Не күлерін, не ашуланарын
білмей, күтпеген жаңалықтан Демежанның басы шарадай болды. Уыстан
шыға жаздаған Жұмықтың бір қызын қолға əрең түсіріп отырғанда, енді
басы даулы екіншісіне ұрынбақ па? Ал Ырысқанның аса көрікті, шын сұлу
қыз екенінде дау жоқ!
– Қыздың өзі келісімін анық беріп отыр ма? Менімен тілдеспей тұрып,
ол қыз мұндай тəуекелге қалай баруы мүмкін? — деді Демежан екі ұдай
күйге түсіп.
– Ырысқан да сені ұнатып қалыпты, — деді Бибі күле тіл қатып. —
Қыздардың іші қу ғой, біз байқамағанмен олар есік-тесіктен сығалап, сені
сыртыңнан көріп жүрген көрінеді.
– Ал керек болса! Əй, бəйбіше-ай, сен де жоқ жерден шаруа тауып
жүресің-ау! — Демежан күрсінді. — Бірақ мен бəрібір Ырысқанның өзімен
сөйлеспей тұрып. мұндай қиын іске бара алмаймын.
Бибіге Демежанды қызбен жолықтыру да қиынға түскен жоқ. Бүгін кеш
тойдың абыр-сабыры басылып, адам аяғы сиреп қалған-ды. Неше күнгі
қарбаластан қажыған жұрт бүгін ертерек тыным алып, жеңгелер жағы
отауда қалыңдықпен күйеуді табыстыру қамында жанталасып жүрген. Бибі
осы əредікті пайдаланып, Демежанды ауыл сыртындағы бір түп ұшқаттың
қасына əкеліп қойды да, көп кешікпей сол жерге Ырысқанды ертіп келді.
Екеуін оңаша тастап, өзі сытылып тұра жөнелмек болып еді, бірақ Демежан
оны жібермей ұстап қалды.
– Жоқ, сен кетпейсің, бəйбіше... Осы əңгімені бастаған өзің екенсің,
ендеше ақырына дейін басы-қасында боласын.
Қазан айы орталап, күз кеші салқын тартып қалған шақ. Ырысқан
басына үкілі құндыз бөрік киіп, қос етек көйлек, жеңсіз қамзолының
сыртына патсайы жеңіл шапан жамылып алыпты. Жарық айлы бозғылт
кеште ақ жүзі бұрынғыдан да ағара түсіп, көзін төмен салып, үнсіз тұр.
Əлде түн ызғарынан, əлде ішкі толқыныстан тұла бойының сəл қалтырап
дірілдегені байқалады...
Демежан сөзді неден бастарын білмей, аз ойланып тұрды да:
– Ал, Ырысқан... Өзіңді балдыз дейін бе, əлде құдаша дейін бе, бөтен
адам болмадың ғой, — деп тағы іркілді. — Біз мына Бибі екеуміз жай ғана
ерлі-зайыпты емес, мұңымыз да, сырымыз да бір адамдармыз. Осы Бибі
өзіңмен сөйлесе келе араларыңнан бір сыр туған екен. Айыпқа
бұйырмасаң, соның мəнісін өз аузыңнан естиін деп тұрмын.


Осы сəтте асыл тасты алтын сырғасы ай нұрына шағылып, қыз селт етіп
басын көтеріп алды. Дəл қазір ез тағдырының шешілгелі тұрғанын, сол
үлбіреген тағдыр таразысына қаймықпай тура қарайтын сəттің туғанын ол
да түсінген тəрізді. Енді қысылып, қымтырылуды қойып, сəл діріл
араласқан нəзік үнмен байыпты жауап қатты.
– Не дейін, Демежан аға?! Сізді де жезде, не құда демей-ақ, аға дегенім
дұрыс шығар... Мен де бар сырымды жасырмай, Бибі тəтеме айтқанмын.
Сол сөзім — сөз. Мен тұрымтайдың тобынан үркіп, қолтығыңызға келіп
тығылған бір торғаймын ғой. Паналатасыз ба, əлде келемеждеп күлкі етесіз
бе, ендігісін өзіңіз біліңіз.
Демежан əлі толық байыбына барып үлгірмесе де, өзінің енді қайтпас,
бұлтармас бір тəуекелге бел байлауы керек екенін, ер жігіттің басына сын
болардай бір қиын сəттің туғанын анық түсінді. «Бəлкім, тағдырдың өзі
итермелеп, осыған əкеліп тұрған шығар» деп ойлады ішінен.
– Барды айттың, жақсы айттың-ау, Ырысқан. Сен де бір мұңлық екенсің-
ау! — деп қыздың қолынан ұстаған. Нəзік саусақтарынан дір еткен бір
толқын сезілгендей болды. — Осы сөзін үшін бар бедел, бақ-дəулетімді
аямаспын. Қолдан келмей қалса амал жоқ, қолдан келсе Бибі екеуіңнің осы
жұбыңды жазбауға тырысармын.
– Рақмет, айтқаныңыз келсін! — Ырысқан əлдебір жеңілдік тапқандай
қалтырай күрсінді. — Осылай деріңізге сеніп ем... Мені ылғи да ғайыптан
бір күш келіп құтқаратындай көрінуші еді. Сол құтқарушы періштем сіз
боларсыз, Демежан аға.
– О, жаратқан, жүрегім енді орнына түсті ғой! — деді Бибі де жадырай
түсіп.
Демежан Бибінің де қолын қармап, қыз қолының үстіне қойды да,
күректей əлуетті алақанымен екеуін бірдей қысып ұстап тұрды.
– Бəлкім, əу баста пешенемізге осылай кездесуді жазған болар. Айлы
кеште қыз бен жігіт ұшырасып жүріп, осылай үшеу ара сыр бөліскен
жандар болды ма екен?! Бұл да менің ешкімге ұқсамайтын айрықша
тағдырым шығар, — деді толқи тіл қатып. — Тек мына бір бейуақта түн
жамылып тұрып, сендерден сұрар бір ғана тілегім бар. Табысқан өздерің
ғой, екеулерін апалы-сіңлідей əмісе осылай тату-тəтті өмір сүрсеңдер
болғаны...
Негізгі сөз осымен біткен-ді. Аздан соң үшеуі бір үйдің адамындай
шүйіркелесіп, ауылға бірге қайтып келе жатты. Айлы түнде Демежанның
онсыз да биік бойы ұзара түсіп, Бибі мен Ырысқанды екі қолтығына алып,
қаусыра құшақтап келеді. Көңілі көтеріңкі, кімнің алдында болсын
жасқанып, қуыстанары жоқ, ары таза, жүзі жарық еді. Соған шүкірлік етеді.
Мұны жалғыз деп кім айтады? Қазақтың екі бірдей ару қызы бар қасында...


Жас əйелдер салқын кеште балапандай бүрісіп, оның кең қолтығына
тығыла түседі. Бастарына пана, жандарына жылылық іздейтін тəрізді.
«Мейлі, осы əйелдердің-ақ, айтқаны болсыншы, — деп ойлады ол
ішінен. — Басқаға шамам келмей-ақ қойсын, осы екі əйелге қорған бола
алсам, мен үшін аз олжа ма? Кім біледі, осыдан кейін отбасы бүтінделер...
Əйел қырық шырақты дейтін еді. Соның бір шырағы менің үйімде де
жанар».
Қонақ үйге келіп, төсекке жатқаннан кейін де, талайға дейін кірпік
айқастырмай, жаңағы Ырысқан жайын ойлаумен болды. Айтылар сөз
айтылды, енді тайсақтаудың орны жоқ. Тағдырын сеніп тапсырған
қорғансыз аруды қалайда қолға қондыруы керек. Соның əртүрлі жолдарын
іздестіріп көрді. Ары ойлап, бері ойлап келгенде, үміт отын тұтатар бір ғана
жол бар екен. Ырысқанның басын шырмаудан босатып, бұған қосуға
көмектесе алатын бір ғана адам бар. Ол — кеше тойға келіп, өзін қонаққа
шақырып кеткен Бұтабайдың Зейнолласы. Енді сол ауылға қыдырып
барып, бұл іске Зейнолланы араластырғаннан басқа амал жоқ. Кешегі
ықылас-пейіліне қарағанда, ол бұған қол ұшын беруден бас тарта қоймас.
Осындай алуан ойдың шырмауында жатып, таң алдында көзі ілініп
кеткен екен, содан күн көтерілгенде бір-ақ ояныпты. Басқалар ерте тұрып
кетсе керек, қонақ үйдің төрінде бір өзі жалғыз жатыр. Көзін алғаш ашып
алғанда сезінгені — кеше мұның өмірінде бір үлкен өзгеріс болған сияқты.
Бір ғажап қуаныш құшқан тəрізді еді... Кенет Ырысқан есіне түскенде,
көңілі шалқып сала берді. Алда үміт пен күдік тайталасқан қарбалас
күндер күтіп тұрғанын ойлағанда, тағаттан айрылып, орнынан атып тұрып
киіне бастады.
Таңертеңгі шай үстінде Демежанның басында «Тасболат бимен
ақылдассам қайтеді?» деген бір ой қылаң берген. Бірақ ол ойынан тез
қайтып қалды. Қазір шау тартып, үйде жатқан, оның үстіне қызын ұзатып
қамкөңіл боп жүрген қарт адамды жастық желікке араластыру бір түрлі
ыңғайсыз көрінген. Оның орнына оңаша шығарып алып, бидің үлкен ұлы
Рақышқа ақыл салды. Рақыш — жасы құрбы азамат, əрі Ырысқанның туған
бөлесі ғой. Ол да бұл құдалықтың аса шырғалаң, қиын шаруа екенін айта
келіп, айналып келгенде Зейноллаға тоқтады.
– Қыз əкесі — Зейнолланың аталас ағайыны. Жақын қарындасын кімге
ұзатам десе де, дəл қазір оның қолын ешкім қақпайды. Қоластындағы
Қожанның да тілін табатын сол. Айтпақшы, бүгін сол ауылға қонаққа
бармаймыз ба? Екі жақтап салмақ салып көрейік, — деді сөзінің ақырында.
Сəскелік қымыздан кейін Демежан, Рақыш, Көксеген бастатқан он
шақты кісі атқа қонды. Бұл жолы əйелдер жағы ілескен жоқ. Жастар да
қосылмады. Кілең ел ісіне араласып жүрген сайдың тасындай жігіттер ғана
іріктеліп шығып еді.


Бұтабай ауылдары онша қашық емес, Шіліктінің шығыс бетінде,
Шағаноба түбіндегі күзекте отыр екен. Салт атты жүргіншілер киіз бетегелі
кең жазықпен суыт жүріп отырып, түс ауа бір өңкей ақ ауылдардың үстінен
шықты. Сатының басты адамы Бұтабай — кезінде аға сұлтан болып, бүкіл
Зайсан уезін уысында ұстаған кісі. Кейін аға сұлтандық жойылып, ру-руға
бөлінген болыстық тəртіп шыққанда, жаңа мансап тайға мінгендей
тақымына толмады ма, ат үсті билігін ержеткен ұлдарына өткізіп, өзі
соларды сырттай бақылап отыратын болған. Былайша бой бағып үйінде
жатыр дегені болмаса, рулы ел əлі де Бұтабайдың ырқында еді.
Зейнолла болыс қазір əкесінен еншісін бөліп, жеке ауыл боп отыр екен.
Бірақ екі ауылдың арасы алыс емес, бір-бірінің түтінін көріп отыратындай,
қос қора қатар жайғасыпты. Жас болыс өз қонақтарын жақсы ілтипатпен
құрақ ұшып қарсы алды. Бұл ауылдың сəн-салтанаты тіпті бөлек: ақ
үйлердің сыртқы ою-өрнегі, ішкі жасау-жиһазы жаңа байыған біреу емес,
жеті атасынан қоры үзілмеген, қаракөк бекзаттықты танытады. Төртуыл
жігіттері үлкен ақ үйге кіргенде, керегенің басы, уықтың қарны,
шаңырақтың күлдіреуішіне дейін күміспен күптеліп тастағанын көріп,
таңданысып қалды. Мұндай салтанат Құлыстай елінде кезіге бермейтін-ді.
Қонақтар қымыз ішіп отырғанда, екі жігіт құлақтан басып тұрып,
қысырдың құла қасқа тайына бата жасатты. Кеш батқанша əлі біраз уақыт
бар. Салт бойынша, бұлар енді үлкен ауылдағы Бұтабайға сəлем беруі
керек болатын. Қымызға қанып алған соң, барлығы атқа қонып, солай
қарай бет алды.
Бұтабай бұл күнде жетпістің ішін аралап кеткен, ер мұрынды, мол бурыл
сақалды, алпамсадай ірі кісі екен. Кіші ауылда қонақ барын естіп-біліп
отырса керек, жас жігіттерді олқысынбай, оң қабақ танытып, жылы
шыраймен қарсы алды. Алғашқы аман-сəлемнен кейін əрқайсысының аты-
жөнін, ру-тегін сұрастырған. Бергі жағын айтсаң болды, арғы жағын өзі
сайрап біліп тұр. Күнгейдегі Төртуыл ішін жетік білетіні байқалады.
Баяғыда Сымайыл зəңгімен, Керімбаймен дəмдес, табақтас болған сəттерін
еске алып, өзі танитын үлкендердің аман-саулығын сұрастырды.
Сымайылдай қарттардың қайтыс болғанын естігенде:
– Дүние шіркін бір қалыпта тұрмайды ғой. Буын ауысады, кəрінің орнын
жас ұрпақ басады. «Көп жасаған кəрінің құрдасы қалмайды» дегендей,
ойлап отырсам, біздің де қатарымыз сиреп қалған екен-ау... Біз базардан
қайттық, сендер ентелеп енді келе жатырсыңдар. Мəңгі тарқамайтын өмір
базары деген осы! — деп сол жүдеу тартып, көкірегін қарс айыра күрсінді.
Аздан соң қайта серпіліп, Еженханға қараған қазақтардың қазіргі
жағдайын сұрастыра бастаған. Күнгейдегі Жұмыққа кезек келгенде, езуіне
ойнақы күлкі үйіріліп:
– Біздің Еңсенің халі қалай? «Ұры қартайса сопы болады» деп, кейінгі
кезде үкірдайлығын баласына өткеріп, өзі Меккеге жүргелі жатыр деп еді,


онысынан бірдеңе шықты ма? — деді əдейі сыр тартқысы келгендей.
Бұл — əрине, шалдың жай аңқаусырағаны. Əйтпесе үрген иттің даусы
естіліп жатқан бір кезең астындағы өз ағайындарының күй-жайын білмей
отыр дейсің бе. «Біздің Еңсе» дегені де əшейін мекерлік. Енсе мен бұл екеуі
қандас, туыс бола тұра, бастары бір қазанға сыймайтын, қатты араз кісілер.
Əсіресе шекара сызығы тартылып, ел екіге бөлінгенде, осындағы
Жұмықтың талай ауылдарын Еңсе күнгейге көшіріп əкеткеннен бері, бірін-
бірі атарға оғы жоқ болатын. Іргелес отырған бұл екі елдің жер дауы, жесір
дауы, барымта-сырымтасы да бір біткен емес.
Осыны жақсы білетін Демежан үй иесінің тұзағына түсіп қалмай,
байыппен ғана жауап беріп отырды. Бұл кезде төр алдына дастарқан
жайылып, қымыз құйыла бастаған-ды. Күміс шытыралы үлкен қоңыр
тегенедегі күздің қоп-қою, сары қымызы сапырған сайын көбігі сынып,
айналаға жұпар иісін аңқыта түседі.
– Жөн-жөн, Демежан шырағым. Əдейі бұрылып, сəлем бергеніне көп
рақмет! — деді Бұтабай қымыз құйылған сырлы аяқтар екінші рет
қайталанған шамада. — Өзіңді бұрын көрмегенмен, атыңды сырттай
естуші едім. Төртуылдың ендігі бір үмітті азаматы сол деп, өзіңді жұрт
жақсы атайды. Абыройың асып, мəртебең көтеріле берсін, қарағым.
– Рақмет, айтқаныңыз келсін! — деп Демежан да өз тарапынан
ризашылық білдірді. — «Жақсы əкенің аруағы жаман баланы қырық жыл
сүйрейді» дейді ғой. Бəріміздің де ел аузына ілініп жүргеніміз, бір жағы,
əкелеріміздің арқасы шығар.
Бұтабай бұл сөзді ұнатып қалды:
– «Атадан ұл туса еді, ата жолын қуса еді» деп бұрынғылар неге тіледі
дейсің. Ұлдың өзі тумайды, келін өзі келмейді. Бəрі де атаның күші, ананың
сүтінен тарайды, — дей келіп, өзінің замандасы Құнанбайға байланысты
бір əңгіме айтты. — Қазір Арғын ішінде мойны озып тұрған азамат — Абай
ғой. Сол бір жолы əкесі Құнанбаймен сөз таластырып отырып: «əке, мен
сенен асып кеттім» деген екен. Сонда Құнанбай іле жауап беріп: «оның
күпірлік болар, балам. Сен менен асу үшін, əуелі мен сияқты өзіңнен асқан
бала тудырып ал» депті... Сол Құнекең айтқандай, əкеден озып туатын да,
азып туатын да бала болады. Тек күн өткен сайын ұрпақ ұсақтап, пейіл
тарылып, ата салтынан айнып кетпесе болғаны да.
Бұл сөзді жауапсыз қалдыруға болмайтын еді. Сондықтан Демежан күні
түсіп отырған шалға көпшік тастап, көтермелеп қойды:
– Адамды заман билейді дейді. Біздің сорымызға қарай, заманымыз
тарылып кетті ғой, ақсақал. Араға шекара түсіп, бір қазақ екіге бөлінді.
Сіздер бұрын терең теңізде еркін жүзген жайын сияқты едіңіздер. Ал біздің
таяз судағы шортанға ұқсап, кейде тыпырлап қалатын да кездеріміз бар.


Егер көрер көзге ұсақтап бара жатқандай көрінсек, оған мына Зейнолла
екеуіміз кінəлы емес, тереңіне жібермей, шыжыммен ұшырып, шырғамен
қондыратын тар заманымыз кінəлы шығар, — деген Бұтабайдың кесек
тұлғасына қарап отырып.
Бұл сөз де шалыңның құлағына жағып кетті білем, төменірек отырған
баласы Зейноллаға қарап:
– Байқайсың ба, мына Төртуылдың аяқ тастасы кесек жатыр-ау өзі! —
деп шын сүйінгенін білдірді.
Осыдан кейін Бұтабай жас қонақтарды көп ұстаған жоқ, қымыз ішіліп
болып, дастарқан жиналған соң:
– Апыр-ай, өздерін бір əңгімелесуге татитын жігіттер екенсіңдер... Бірақ
сендер мені іздеп келген жоқсыңдар, мына Зейнештің қонағысыңдар ғой.
«Тең — теңімен, тезек — қабымен». Заман сендердікі дедік қой жаңа.
Осылай өзара сыйласып, араласып тұрғандарың жақсы. Енді маған
қарайламай сол кіші ауылға барып, емін-еркін сауық құрыңдар, — деп
жастарға рұқсат етті.
Сол күні кешке таман Демежан мен Рақыш екеуі Зейнолланы ортаға ала
отырып, Ырысқанның жайын ақылдасқан. «Бар сеніп келгеніміз — өзіңсің»
деп қатты қолқа салып, қадала өтінген. Бірақ мұның өзі айтарға болмаса,
оңай шаруа емес секілді. Бастабында Зейнолланың қабағы күрт түсіп кетті.
Ырысқанды айттырып қойған жері — осындағы Қожанның бір қырыс
жуаны екен. Ондай адам алғалы отырған жесірін оңайлықпен жібермейтіні
белгілі. Мұндайда қалыңмалды екі еселеп қайтарып, қатты шашылуға тура
келеді.
– Жазған құлда шаршау бар ма. Мал жағын бірдеме қып өтерміз, — деді
Демежан. — Тек ағайын арасы жауықпай, татулықпен бітсе болғаны.
Зейнолла өз міндетін жеңілдеткісі келді ме, осы тұста тағы бір ұсыныс
айтты.
– Қызды арғы бет асырып əкетіп, соңынан келген керді бір-ақ көріп
алсаң қайтеді! — деген. Бірақ бұған Демежан келіспеді.
– Сіз бен біз қыз алып қашатын жастан өтіп кеттік қой, Зеке. Азамат
басымызға арттағы елді шулатып, лаң тастап кеткеніміз жараспас. Жəне
ата-анасын ренжітпеуді Ырысқанның өзі де тілек етіп еді.
– Қыз əкесі қолда ғой. Ол — өзіміздің жақын ағайынымыз... Ал
Қожанды тоқтату қолдан келе қояр ма екен? Бұл жағын біздің əкей ғана
реттей алады, — деді Зейнолла шынын айтып.
Кешке қарай Зейнолла қасына Рақышты ертіп, қайтадан Бұтабайға


кеткен. Екеуі сол жақта көп айналып, не заманда қабақтары ашылып,
қуанып қайтты. Бұтабай Қожанды көндіруді өз міндетіне алыпты. Сол
арада қыз əкесі Жанғазыны да шақырып алып, төрт көздері түгел
отырғанда, Ырысқанды Демежанға ұзататын болып, сөзді біржола пісіріп
беріпті... Демежанның көңілі жайланып сала берген. Жігіттер бүгінгі
отырыстың соңын ойын-сауыққа айналдырып, есте қалатындай бір тамаша
кеш өткізіп еді.
Ертеңінде ауылдан аттанарда, Демежан қасына Көксеген мен
Зейнолланы ертіп, Бұтабайға арнайы барып қоштасып шықты. Қысылтаяң
кезде өзіне қамқор болып, қол ұшын берген ел ағасына шын ризашылықпен
рақмет айтқан. Осы отырыста қыз əкесімен танысып, арадағы əңгімені өз
құлағымен естіп, егжей-тегжейіне толық қанғандай болды.
Бір аңғарғаны, Бұтабай қолдағы Қожаннан гөрі күнгей елімен
қатынасын нығайта түскісі келетін сияқты. Сөйтіп, езінің ежелгі бақталасы
Еңсенің тынысын тарылта түсу үшін, оның ар жағында отырған
Төртуылды өз тарабына тартып, екі жақтан қыспаққа алмақ. Түбі Төртуыл
жігіттерін күнгейдегі Жұмық жуандарына қарсы шүйлеп салатын ойы бар
ма, қалай? Бұтабай алдағы құдалықтың бар ауыртпалығын өз мойнына
көтеріп алғанда, оның артында осындай ауыр салмақ жатқаны да белгілі
еді. Бірақ Демежанның дəл қазір оның бəрін тектеп-тексеріп жатуға
мұршасы жоқ тұғын. Бұтабайдың аузынан Қожанға қайтаратын
қалыңмалдың мөлшерін білді де, туар айда сол малды үйірімен айдап
əкеліп, Ырысқанды біржола алып қайтатын болып келісті...
Арада тағы үш-төрт күн өткенде, Төртуыл кісілері Айжанды ұзатып
алып қайтты. Тасболат кенже қызынан ештеңесін аяп қалған жоқ, басына
отау тігіп, мол жасау-жиһазбен қапысыз аттандырды. Қыз жасауының өзі
жеті-сегіз түйеге жүк болып, бір сəнді көш түзеген. Айжанды апарып
салуға Рақыш, Нұрбүбі бастатқан бір топ адам ілесті. Басында осы топқа
Ырысқан да ілесетін болып, қатты жінігіп еді. Қожандар əлдебір сыбысты
естіген бе, қыз аттанатын күні аңдығандай осы ауылға топырлап келіп
алды. Содан араны ушықтырмау үшін, Ырысқанды амалсыз қалдыруға тура
келген.
Дүниеде қыз ұзатып, думан-тойы тарқап, құлазып қалған қазақ аулынан
көңілсіз не бар екен? «Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер» дегенді жұрт
осындайда айтқан болуы керек. Айжан атқа мінер алдында қарт əкесімен,
артта қалған аға-бауырымен қоштасып көріскенде, көзіне жас алып
босамаған ешкім қалмады...
Демежан да артына қарай-қарай жолға түсті. Өйткені сол ауылда
көңілдері қоңылтақсып, жылап-сықтаған жұртпен бірге, мерзімді уақытын
күтіп, Ырысқан сұлу да қалып бара жатыр еді.
IX


Бұл жылы Құлыстай өңірінде қыс өте қатты болды. Көне көз қарттардың
айтуынша, бұл өлкеге мұндай қалың қар көптен жаумаған көрінеді. Қараша
мен Желтоқсанның өларасында апта бойы сілбілеп жаңбыр жауып тұрды
да, арты күрт суытып, тұсардан келетін қалың қар бірден басып салған.
Оның ақыры ақтүтек боранға, ақырған аязға ұласты.
Сонан кейін де күннің көзі көп көрінбей, төрт түліктің бетіне қарап
отырған малшы қауым боран-шашыннан көз ашқан жоқ. Алғашқы аяздан
кейін-ақ жер беті тоң боп қатып, көк тайғақ мұзға айналған-ды. Қазір сол
құрсау мұз қар астынан нəр татырмай, тебіндегі малдың тұяғын тоздырып,
тоба қазығына жетіп барады. Егер қыс аяғы осылай созыла берсе, тағы бір
ақсүйек жұттың төбесі көрініп тұр.
Күн сайын дүмпілдеп естіліп жататын қазақтың «ұзын құлағы» да оңды
хабар айтпайды. Тарбағатайдың шұрайлы қорық-қойнауын, жылы сай,
күнгей беттерді сағалаған ел болмаса, далалы жерді қыстаған шабан-
шардақ көп ауылдардың халі тым мүшкіл деседі. Бұрынғы жылдары
Емілдің қалың қопа-қамысын паналаған жұрттың малы қыстан күйлі
шығушы еді. Биыл апталап соққан Ебінің желі ол елдің де құтын қашырып,
қатты күйзелтіп тұрған көрінеді. Ал түстіктегі қатпарлы қалың тау —
Барлыққа мал отарлатып кеткен ауқатты ауылдардан əзірге нақты дерек
жоқ. Ендігі үміт — сол Барлықта. Мұндағы қалың қауым өздерінің қолы
жетпесе де, тым құрыса сол жақта тігерге тұяқ қалса екен деп тілеседі.
Бүгін аспан əлемі ашық болғанымен, шаңытқан бозғылт мұнар арасынан
күннің көзі шелденіп, көк бет қатындай жылусыз бедірейіп тұр. Ауада бет
шымшыған үскірік аяз бар. Ұлы сəске шамасында қос қара көкті парлап
жеккен, артында арқалығы бар, қорапты жеңіл шана Шəуешектің шығыс
қақпасынан шыққан беті, біркелкі бүлкек желіспен қырға қарай жылдам
сырғып келе жатты. Шананың арт жағында Демежан мен Ырысқан иық
сүйесіп, қатар жайғасыпты. Алда ат айдаушы, жас көшір жігіт Сапар отыр.
Жолаушылардың киімі жылы. Демежанның үстінде қасқыр ішік, түлкі
тымақ, мол саптама етігі бар. Ал басына түбіт шəлі бүркеніп, жылы қамзол,
түлкі ішік киген Ырысқанның суық сорған екі беті қызара түсіп, бал-бұл
жанады. Келіншектің аяғын текеметпен қымтап, оның үстіне сеңсең ішік
жауып, орап тастаған. Соның өзінде денені тоңазытқан аяз ызғары айқын
білініп тұр.
Ырысқанды өткен күзде, сол уəделі уақытында қалыңмалы мен тағы
басқа көп кəделерін тобымен бір-ақ айдап апарып, айналасы он шақты
күннің ішінде ұзатып алып қайтқан-ды. Содан бері де төрт-бес айдың жүзі
болды. Жас келін ұзақ уақыт үйден шықпай, желек астында қамалып
отырып қалған. Тіпті қарыс жердегі Шəуешекті көруге де мұршасы
болмаған. Осыдан бір апта бұрын қаладағы татар мырзасы Ыбырай
бұларды арнайы қонаққа шақырып, сол сапардан ауылға енді қайтып келе
жатқан беттері еді.


Қала тірлігі Ырысқан үшін таңсық болатын. Қаладағы татар, ұйғыр
байларының тұрмысын көріп, өзге бір дүниеге еніп кеткендей айрықша
əсер алды. Ең ғажабы, Ыбырай байбатша осы жолы өзінің досы Күдеріге де
шана жіберіп, келіншегімен екеуін арнайы алдырған екен. Бұлар ойламаған
жерден жаңа үйленген сол жастармен ұшырасып қалды. Ырысқан жат
өлкеде көз жазып қалған бөлесі Айжанмен жылап көрісті. Желек
астындағы мұндас келіншектер бір-бірінен ажыраса алмай, қашан кетер-
кеткенше жұп жазбай бірге болды. Татар мырзасы Ыбырай да жас
қонақтарынан сый-құрметін аяп қалған жоқ. Қаланың бар қызығын
көрсетіп, армансыз аралатты. Маңайына гармоньшы-жыршыларын жинап,
бірнеше күн бойы сауық-сайран, мереке жасады.
Ырысқан қазір де сол көңілді əсерден арыла алмай келеді. Демежанға
деген еркелігі үдей түсіп, күміс сыңғыр күлкісін де түзеп алған. Жолдың
жалтыр қиясынан шана табаны тая сырғанап ауытқыған кезде, жас
келіншек сыңғырай күліп, күйеуінің құшағына жиі-жиі құлай береді.
Бірақ бұлар үлкен күре жолдан шығып, Боздаққа қарай бұрылысымен,
бұрынғы екпіндерінен айрылып, жүрістері шабандай түсті. Қар қалың,
жаяу борасын жол тағанын үрлеп тастапты. Аттар қасат қарға аяғын сұғып
алып, аттамалап əрең жүріп келеді. Оның үстіне мынадай омбы қарда
қарсы алдыңнан жүкті шана, не аты болдырған біреулер кездеспесін де.
Кездесе қалса, ол да бір құдайдың пəлесі. Жолаушылар бір-біріне:
– Сен бұрыл.
– Жоқ, сен бұрыл...
– Сенің жүгің жеңіл, атың əлділеу екен. Сен бұрылсайшы, — деп тар
жолдың табанында саудаласып тұрғаны.
Демежандар жол бойы осылай аты болдырып келе жатқан, немесе қалаға
қарай шөп тартқан, отын тиеген талай шанаға жол беріп, омбы қарды бұзып
өтуге тура келді. Əйтеуір, парлап жегілген қос қара көк етінің семіздігімен
ғана сыр бермей, ат бауырлап қалатын қалың қасатты малтытып жүріп
зорға тіліп өтеді.
Күн еңкейіп, кіші бесінге таман ауып қалған мезгілде, қарсы алдарынан
салдыртып қатты келе жатқан тағы бір пар атты шана кезікті. Ол
басқалардай кезек сұрап тұрған жоқ, аттары қалың қарды бауырдай тіліп,
жанамалап өте берді де, кілт тоқтай қалды. Демежанды таныған болар,
пұшпағына сүйретілген ұзын сеңсең ішігі бар əлдекім шанадан түсіп,
қорбаңдап жүгіріп келеді. Қастарына таяғанда барып таныды — Бабалық
екен.
– Ассалаумұғалайкум, Демежан аға!
– Əликумассалам! Бабалықсың ба? Иə, жол болсын!


– Өздеріңіз де ат-көлік аман қайттыңыздар ма? Ой, кезіккеніңіз мұндай
жақсы болар ма, Демежан аға. Мен жол-жөнекей сіздің ауылға соғып,
қалаға кетті деген соң, енді неде болса сол жақтан табармын деп келе
жатыр едім, — деді Бабалық аузынан шыққан демі бұрқ-бұрқ етіп.
– Иə, не боп қалды? Аманшылық па, əйтеуір?
– Аманшылық... Мойынталдан оралып келе жатқан бетім. Отын тиеген
керуенді Өбісіннің жолымен қалаға тіке қоя бердім де, өзім бері бұрылып
кеттім.
Бабалықтың өзін не шаруамен іздеп жүргенін Демежан енді ғана
пайымдағандай болды.
– Қалай, уəделі отын кесіліп дайын тұр ма екен? Осы жолы қаншасын
алып қайттыңдар?
– Гəптың өзі сонда боп тұр-ау, Демежан аға, — деп Бабалық көңілсіздеу
күлді. — Мойынталға бұл жолы он бес шанамен барып едік. Дайындаған
тал мен қамыс соның өзіне үпі-тəпі əрең жетті. Сізге бұрылған себебім де
осы еді.
– Ал ол жақта отын дайындап жатқан біреулер бар ма?
– Ондай ешкімді көре алмадым-ау, Демежан аға. Шөтік пен Ақболат
жағынан он шақты кісі келген екен, əнеугүнгі қатты боранда олар да
ауылдарына қайтып кетіпті.
Демежан əлденеге ширыққандай қабағы түсіп, үнсіз түйіліп отырып
қалды. Əй, ағайындар-ай, өмірі сөзін мен ісін бір жерден шықпай-ақ өтер
ме екенсің?! Істің мəнісі былай еді: өкіметтің жыл сайын жұрттан жиып
алатын «отын салығы» дейтін пəле бар. Төртуыл үкірдайы жыл сайын
қаладағы өкімет кеңселеріне жүз шана отын түсіруге тиіс болатын. Сол
отын қыс қатты, қар қалың деген желеумен бертінге дейін түсірілмей
келген. Биыл қаладағы жұрт та қоңторғай, кеңсе үйлері жылымай, ұлықтар
бүрісіп тоңып отыр. Соңғы жолы осы мəселе сөз болғанда, Демежанның:
«отынды бір айдың ішінде түгел жеткіздіріп берем» деп, Ши-амбыға берген
уəдесі бар-тұғын. Мұндайда зəңгілерге сеніп қарап отыру қиын, əрине.
Сондықтан ол басқадай сенімді жолын қарастырып еді. Əр зəңгінің
адамдары Мойынталдан ағаш дайындайды да, оны тасып жеткізу ат-көлігі
сай, жауапты біреуге жүктеледі. Сонда алдымен ойға алған адамы — осы
Бабалық болатын. Келісім бойынша, Бабалық Мойынталдан жүз шана
отынды қалаға жеткізіп береді де, сол еңбегі үшін келер жазда Төртуыл
елінен жүз қой ақы алады.
Міне, көрдің бе, «отынды əлдеқашан дайындап қойдық» деген зəңгі-
елубасылардың сөзі балша шығып отыр. Ал солар кезінде қуана-қуана
келіскен-ді. Өздері белдеріне балта қыстырып тоғайға барғаннан гөрі,


несиеге қарайтын жүз қойды жеңіл санаған... Енді осы Бабалықтың өзіне
жалынғаннан басқа амал жоқ.
– Көріп тұрсың, қыс көзі қырауда елден енді адам жинау қиын. Сол
қалған отынды сен өзің дайындасаң қайтеді?—деді ол жас жігіттің жүзіне
тура қарап.
– Ой, Демежан аға, ол үшін қосымша адам жалдау керек қой...
– Адамыңды жалдай бер. Отынды өзің дайындағаның үшін, алатын
ақыңа тағы елу қой қосамын. Оған алаңдама: ел жайлауға шығарда
зəңгілердің желкесінен сығып отырып, жүз елу қойды алдына салып
беремін. Қалай, келістік пе?
Бабалық желкесін қасыды:
– Əй, қиын ғой... Дегенмен тырысып көрейін. Тек сіздің көңіліңіз үшін,
Демежан аға. Əйтпесе мұның өзі оңай шаруа көрінбейді.
Осымен сөз бітіп, əрқайсысы өз шанасына отырды да, қош айтып жүріп
кетті. Ырысқан Бабалықты бұрын танымайтын-ды.
– Бұл жігіт кім? Өзі жүзіктің көзінен өтердей жұлынып тұр ғой, — деді
күйеуіне қарап.
– Бұл — Бабалық дейтін қаланың алыпсатар саудагері. Бір кезде арғы
беттен кəсіп іздеп келген, қорғансыз жетім бала еді. Қазір сауда
саласындағы белгілі адамдардың бірі. Шаруаның көзін танитын, еті тірі
пысық жігіт. Көрдің ғой, бір үкірдай ел атқара алмаған жұмысты бір өзі
тындырып жүргенін...
Осы сөзі өзіне қамшы болып, Демежан іштей ширыға түсті. Қазақтың
шаруаға қырсыздығын, еңкейіп бұта басын сындырғысы келмейтін
керенаулығын қазыла ойлап келеді. «Тəңірім-ай, не жер жыртып егін егуге,
не үй салып қор жинауға икемі жоқ, дүниеден бос қалған осындай да халық
болады екен-ау! — дейді өз жанын өзі жей түсіп. — Қарап отырғаны төрт
түлік мал екен, сол малдың өзін ұқсатып батып отырған жоқ қой. Малына
жылы қора салып, бір қысқа жетерлік шөп үйіп алса, мынадай жұтқа
ұшырар ма еді. Шіркіндер тым құрыса соны неге ойламайды? Не істеу
керек бұл жұртқа? Қайран ел, осылайша қор болып, құрып кеткенің бе?!»


Осындай қалың ой құрсауында отырған Демежан бір мезгілде өз
аулының іргесіне жақындап қалғанын аңдады. Айнала көз жетер жерге
дейін бұдырсыз жазық дала, сіреп жатқан аппақ қар. Дүние кебін кигендей
сұлық түсіп, көңілге суық ызғар əкеледі. Сол қар жамылған иен түзде
адасқан қаздай болып, мұның жалғыз аулы тұр. Бірде қалың қар көшкініне
көміліп кішірейе түседі де, енді бірде күн батар шақтағы толқындаған аяз
сағымына оранып, ертегі дүниесіндей ұлғайып, биіктеп кетеді... Айнала
сірескен өлі тыныштық. Тек ауыл үйлерінің төбесінен көтерілген көгілдір
түтін ғана тіршілік тынысын танытып, көңілге жылы леп əкеледі. Өткен
күзде ауылдың сыртын қоршай қаз-қатар балапан талдар отырғызылған-ды.
Қазір белуардан қар кешіп ойнаған балалардай қылтиып əрең көрінетін сол
тал-шыбықтар түктене қырауытып, бейне жерге шанышқан күміс қадаларға
ұқсап қалыпты.
Көз ұшынан бұлдырап көрінген жалғыз шананы ауылдағылар да байқап
отырса керек. Қораға жақындай бергенде, алдарынан бір топ баланы бастап
Олжабай шықты. Басында Бибі апасы тігіп берген түлкі малақай, үстінде
шүкірге бояп, өңірін жұрындаған қып-қызыл тоны бар. Құлдыраңдап
жүгірген беті шанаға алдымен жеткен сол болды. Бұлар атты тоқтатып,
балаларды түгел мінгізіп алған. Олжабай өзінің ежелгі еркелігіне басып:
– Кіші апа, маған не əкелдің? Кəмпитің, тəтті тоқаштарың қайда? — деп
Ырысқанды тінткілей бастады.
– Қазір-қазір... Алдымен шанадан түсейікші. Сендерді əлі кəмпитке
қарық қыламын, — деп кіші апасы баланы зорға көндірді.
Есік алдында Бибіні ортаға алып, Диқанбай, Қараман, Қабыш бастатқан
біраз көрші-қолаң жиналып тұр екен. Бəрі қаумаласып жолаушыларды
шанадан түсіріп алды. Бибі қол-аяғы сіресіп ұйыңқырап қалған Ырысқанды
құшақтап:
– Иə, қалай барып қайттыңдар? Тоңып қалған жоқсыңдар ма? Мына
құдайдың күні қақап кеткенге, сендер суыққа ұрына ма деп зəрем ұшып еді,
— деп келіншектің асты-үстіне түсіп, бəйек боп жатыр.
Бəрі ұбап-шұбап ішке кірді. Бұл үйде қыс ызғары жоқтай. Ыстық лебі
бетті шалған жып-жылы бөлмелер. Демежан оны-мұны жүктерімен
Ырысқанды өз бөлмесіне жіберді де, өзі Бибіге қарасты үлкен үйге келіп
шешінді. Шаршаулы шымылдық құрылған биік төсек алдындағы өз орнына
жайғасқан соң, ауыл-аймақтың амандығын сұрастырды. Бəрінің атынан мол
бурыл сақалды, əлі қайраты қайтпаған, төртпақ, мығым денелі Диқанбай
жауап беріп отыр.
Оның айтуынша, əзірше қыс қаталдығын елемей күйлі отырған жалғыз
осы ауыл демесе, ойды қыстаған астырттағы қалың ел қатты шығынға
ұшырап, жұтап жатқан көрінеді. Мал азығын ерте тауысып, ішіп-жем,


отын-судан да тарығып отырғандар бар. Мына Ілушін, Дөңгөлекши
маңындағы бір ауылдарды күні-түні соққан қатты боранда үстерінен қар
басып қалған екен, жеркепе үйлерінің терезесінен тесіп шығып, қорадағы
малы мен бала-шағаларын қар астынан зорға ашып алыпты... Таң атса-ақ
шанасын сүйретіп, арқан-жібін бөктеріп, бірер арқа шөп, сабан сұраушылар
көбейіп кеткен. Диқанбай шөп-жоңышқа жағына қолы батпаса да,
сондайлардың талайына қырман басынан сабан-топан беріп қайтарыпты.
Сонан соң, қазір күйеуінің қасына кеп жайғасқан Бибінің бір бөліп
айтқаны, биыл Барлыққа көшпей, Сарыөлеңді қыстаған үлкен ауылдан
кешелер арнайы кісілер келіп қайтыпты. Үкірдай ескі науқасы қайта
қозғалып, жақыннан бері төсек тартып жатып қалған көрінеді. Бұл жолы
бірден ыстығы көтеріліп, тіпті қатты жығылған деседі... Бибі осы хабарды
жүзінен уайым табы білініп, аса бір жүдеген кейіпте жеткізе отырып:
– Ол жаққа біз де көптен қатыса алмай кеттік-ау. Енді күн өткізбей аға-
екемнің көңілін сұрап қайтқанымыз жөн болар, — деді күйеуіне қарап.
Қос-қабат жайсыз хабарлар Демежанның еңсесін езіп, көңілін
құлазытып жіберді. Əсіресе əкесінің ауырып қалғаны жанына қатты батқан.
Мұның өз əлегі өзінде болып жүріп, биыл қыс бойы ол жаққа ат ізін
салмағаны есіне түсті. Керімбай былтыр жыл аяғында, Ырысқанды ұзатып
əкелген тұста, қасына Ажарды ертіп, бір келіп қайтқан-ды. Содан кейін жүз
көрісе алған жоқ. Демежан дімкас адамды мазаламай, өкімет жұмысын да,
ел ішінін ұсақ-түйек дау-шарын да биыл бір өзі атқара берген. Қазір ауру
əкесі еске түскенде: «Апыр-ай, осы бір дерті құрғыр айналдырып кетті-ау...
Аман болса екен!» — деп тіледі ішінен.
Бұл кезде үйдегі адамдар басқа бір əңгімеге айналып кетіп еді. Қалаға
барып қайтқан кісіден ауылдастары базарлық дəмететін əдеті. Оның үстіне
Ырысқандай жас келін мұндай сапарға бірінші рет барып отыр. Енді, міне,
сол мырза келін өз бөлмесінен шығып, үй толы көршілер мен бала-шағаға
қант-кəмпит, өрік-мейіз, қаланың тəтті тоқаштарын үлестіріп жатыр екен.
– Тəңір жарылқасын, айналайын келінжан.
– Қосағыңмен қоса ағар!
– Барған сапарыңнан əмсе осылай олжалы қайтатын бол, — десіп,
Диқанбайдың əйелі Ұлбосын сияқты қартаң əйелдер алғыс жаудырып
жатыр.
Көршілер базарлықтарын алып, енді осы сыйымызбен қайтайық
дегендей, орындарынан тұра бастап еді, Бибі оларды жібермеді.
– Қайда барасыңдар, асықпай отырыңдар. Қазанға ас салдырып қойдым.
Бүгін Ырысқанның «тоқымын қағып», сол астан бəріміз ауыз тиейік, —
деген.


Сірə, көршілердің де күткені сондай бір мезіреті болуы керек.
— Иə, айтпақшы, солай екен-ау,—десіп орындарына қайта жайғасты.
Бақуатты мол дастарқаннан дəмді тамақ ішіп, жүрек жалғау өз алдына,
көршілерге осы бір шаңырақтың астындағы егіз қозыдай жарасып жүрген
екі бірдей сұлу келіншекке қарап отырудың өзі бір мереке сияқты еді.
Қазақта қос қатын алғандар аз емес, бірақ солардың өмірі көбінше ырың-
жырың, ұрыс-керіспен өтеді. «Күндестің күлі де күндес» дегенді
бұрынғылар соған қарап айтқан. Өткен жылы Ырысқанды ұзатып
əкелгенде, көрші-қолаң бір жағы, той-томалақтың көбейгеніне қуанса, арғы
көңіл түкпірінде: «отбасының берекесі кетіп, бəріміз қарап отырған ер-
азаматтың басы əңкі-тəңкі болар ма екен» деген күдік те жоқ емес еді. Тіфа-
тіфа! Əзірше бұл əйелдерден ондай өрескел қылық байқалмайды. Бірі үшін
бірі отқа түсердей бəйек болып жүргені.
Əсіресе Бибінің өз күндесі Ырысқанды туған сіңлісіндей мəпелеп
күтетіні бұл күнде аңызға айнала бастаған. Екеуінің күні бойы əңгімесі
таусылмайды. Тіпті бəсекеге түскендей бірінің көйлегін бірі тігіп, бірінің
шашын бірі өріп отыратынын қайтерсің. Соны көрген Ұлбосындай аналар
өз үйлерінде отырып:
– Біздің Бибі — əулие ғой. Өзі сұлу, өзі жуан атаның қызы бола тұра, жас
басынан осындай ақыл-сабырды қайдан алды екен? Соқыр құдай сол
пейіліне қарамастан, бір «шыр еткенге» зар қып қойғанын көрмейсің бе, —
деп алқаудан бір танбайды.
Осындай əңгімелер кейде Демежанның өз құлағына да жетіп жатады. Ол
да өз əйелдерін қай күні ши шығарар екен деп, сырттай бақылап жүретін-
ді. Сонда көзі жеткені, Бибіні, шынында да, əулие деуге болады екен.
Бибінің тіпті өз басын ұмытып, бар тілеуі Ырысқанға ауып кеткеніне
қайран қалады. Əсілі, «күндес» деген сөз о баста күн бөлісуден, төсек
бөлісуден шықса керек қой. Əдетте əйелдердің дауынан аулақ болғысы
келген еркек мүмкіндігінше төсек кезегін дұрыс сақтауға тиіс. Демежан да
солай етуге тырысатын. Ырысқандай сұлудың уыз жастығы көзді арбап,
көңілді баурағанымен, бұл күнде зипа бойы жұмырланып, толықси түскен
Бибінің де кісі қимайтын өз тартымдылығы бар еді... Бірақ сол Бибінің өзі
соңғы кезде кезегімен санаспай, күйеуін отауға қарай бейімдей беретіні
қызық. «Отау» деп осындағылар Ырысқанның бөлмесін атайтын. Бибі
кейде үлкен үйге келіп шешіне бастаған Демежанға:
– Бар. Отауға бар... Ол əлі жас қой. Бір үйде құлазып қалай жатады?
Қойшы, мені жаңа көрдің бе?.. Құдай енді сол байғұстың етегінен
жарылқасын, — деп қарсы бөлмеге қуатыны бар...
Бибі əкесі Құрман қажыдан алған тəрбиесі бойынша, бұрын да дін
жолына өте берік еді. Биыл мүлде құдайшыл, сопы болып алды. Былайғы
жұрт көзіне əйгілемей, оңашада намаз оқитын болып жүр. Бір күні


Демежан аңдаусызда бір қызық көріністің үстінен түсті. Ырысқанның
төсегінен ертерек көтеріліп, бір жаққа бару керек болды да, қамшысын алу
үшін үлкен үйге кірген. Есік ашық тұр екен. Ішке ене беріп, төрде жайнамаз
шетінде жүгініп отырған Бибіні көрді. Таңғы намазын оқып болған сияқты.
Енді қол жайып, дұға бағыштауға кірісіпті. Жай дұға емес, былайша
айтқанда, құдайға жалбарынып, тікелей «тілдесіп» отыр екен. Төрде, киелі
зат ретінде, Керімбайдың əкесі Жапалақ батырдың ескі күміс кісесі ілуді
тұрушы еді. Сол кісені мойнына салып, қолын көкке жайған күйі:
– О, жасаған, адал құлың едім ғой, осы тілегімді бере гөр! Ер-азаматтың
бағын жандырып, осы шаңыраққа бір перзентті қия гөр... Ол үшін
Ырысқанға денсаулық, таупық бер, Алла. Ең болмаса сол сорлыны
жарылқа!. Құдыреті күшті құдай-ау, біз бейбақты рақым-шапағатыңнан құр
қалдырма! — деп күңірене күбірлейді.
Демежан дыбысын білдірмей, босағада қатып тұрып қалған-ды. Мына
сөздерді естігенде, жүйе-жүйесі босап, көзінен жас ыршып кетті. Сол беті
қамшысын да алмастан, бұрылып жүре берген.
Сол күннен бастап Демежанның көз алдында Бибі мүлде биіктеп кетті.
Оны опалы əйел, адал жар ғана емес, шын əулие, жанашыр досым деп
білген. Дүниеде өз еріне шын берілген əйел заты аз болмас. Ал Бибінің
мінезі мүлде бөлек еді. Мұнікі — ешбір қарымта тілемейтін таза
құрбандықтың өзі. Онда, тіпті, Демежанның мерейін қайтсем үстем етем
дегеннен басқа ой-арман жоқ тəрізді. Егер əзірейіл келіп: «күйеуіңнің
орнына өлімге сен барасың» десе, Бибі ойланбастан-ақ шыбын жанын қия
салар еді. Сондай əйелдің басқа бір жерде емес, өз үйінде отырғаны қандай
бақыт?! Бибі күндесі Ырысқанды да осы Демежан үшін жақсы көреді. Осы
шаңырақтың шырағын жандырып, от басын базар ететін сол деп түсінеді.
Ырысқанды қатты-қайырым шаруаға жолатпай, бəйек боп үстіне түсіп
жүретіні де сондықтан. Жас келіншек əлдеқалай «басым ауырды», не
«тамаққа тəбетім болмай тұр» дей қалса, Бибінің жаны шырқырап кетеді.
Соның өзін əлдебір жақсылыққа жорып:
– А, құдай, өзін бере гөр! Жаңа түскен жас əйелде сондай болады
дейтін... Көңілін бірдемеге ерекше тартып тұрған жоқ па? Егер əлдебір асқа
аңсарын ауып, жегің кеп тұрса, ұялма. Құстың сүті болса да бірдеме қып
табармыз, — деп Ырысқан байғұстың есін шығарады.
Бірақ «ашқа тартқан — кешке тартады» деп, жас келіннің бойынан
əзірше ондай өзгеріс байқалмайды. Күн өткен сайын сұлуланып, құлын
мүшесі көз тартып айқындала түскен Ырысқан бауырынан жараған ұшқыр
бедеудей жүйткіп жүр...
Бұл күні де көрші-қолаң қолы ашық Бибінің мол дастарқанынан дəм
татып, Диқанбайдың інісі Қараманға «Мың бір түннен» ертек айтқызып,
түннің бір уағына дейін дуылдасып отырды.


X
Ертеңінде Демежан қайтадан ат жектіріп, таңы екі шанаға астық-ұн
тиетіп, кешегі Ырысқанның орнына Бибіні отырғызып алды да,
Сарыөлеңдегі Керімбай ауылына қарай аттанып кетті. Ылдиға тіке
тартатын төте жол жоқ. Сондықтан жол-жөнекей елді мекендерді шиырлап,
біраз ауылдарды басып өтуге тура келген. Жол жиегіндегі кейбір
қыстауларға əдейі бұрылып, адамдарымен тілдесіп, күй-жайларын сұрап
келеді.
Бірақ кіммен тілдессе де көңіл жұбанарлық ештеңе таппады. Сол баяғы
сүреңсіз тірлік, «шықпа, жаным, шықпа» деп шиқылдап отырған ел. Қысқы
азық қорын жинамай, жылдағыдай өріске сенген көп ауылдар малдан
шығын бере бастапты. Əзірше аман дегендері де қаншаға шыдары белгісіз,
мал атаулы ыңыршағы айналған көтерем күйге жетіп, сүйегіне қарысып
əрең тұр. Сол мəлкілдеген арық-тұраққа күрекпен тебін ашып, қияқ пен ши
орып беріп, арпалысып жүрген адамдар. Бірақ, амал не, солардың бəрі де
əбден қыл мойынға тақағанда, тым кеш қимылдап жатыр. Егер осы
көрсеткен қайраттарын жазда шығарып, бір қысқа мойымайтын шөп жинап
алса, мұндай тығырыққа тірелер ме еді.
Демежан жолда ұшырасқан Байғара, Жауғаш, Ақболат ауылдарының
жөн білетін кейбір үлкендерінен:
– Адамдар не күйде? Жұрт азық-түліктен қиналып жатқан жоқ па?
Аштықтан, өлім-жітімнен аман ғой, əйтеуір? — деп дамылсыз сұрап келе
жатқан. Бұл жөнінде де көңіл көншитін жауап ести алмады.
– Адамдар қайтушы еді... Малсыз адамның күні бар ма? Əзірше тісін-
тісіне қойып, сүйегіне қарысып отырғанымен, қыс аяғы бұлай созыла
берсе, түбі неге апарып соғары белгісіз, — дейді біреулері.
– «Жұт жеті ағайынды» дейді ғой. Мұндайда ауыршылық жалғыз келе
ме? Ел ішінде аштыққа қоса ауру-сырқау көбейіп тұр. Ішінара шетінеп
жатқандары да бар, — дейді екіншісі.
Демежан басқа лаж таппай, ондайларға мынадай кеңес берді.
– Жілігі татитын, сорпалығы бар малдарыңды сойып алыңдар. Жұрт
көже-қатықсыз аштыққа ұшырап жүрмесін. Қолда бар ағайын жоқтарына
қарайлассын. Бас аман қалса, мал табылар...
Мұнысы да жай дəтке қуат далбаса ғой. Демежанның көңілі құлазып,
еңсесі түсіп кетті. Əкесі қатты науқастанып, əл үстінде жатыр дегенді
естігелі, онсыз да көңілі жарым боп, күйзеліп келе жатқанда, жығылған
үстіне жұдырық тигендей тіпті жүдей түсіп еді. Ел ішін биыл бір
ауыртпалық, апат жайлағаны анық. Қазір төсек тартып, ақтық сағатын
күткен өз əкесі ғана емес, ел-ана, халық-əке қоса ауырып, қатар қиналып


жатқандай. Бірақ қолдан келер не бар? Тұла бойын дəрменсіздік билеп,
өксік буып, кейде төңірегін түнек басып алғандай болады.
Айнала сіреп түскен қалпы сепсімей жатқан аппақ қар. Ақ суық кебінге
оранғандай. Дүниені түгел аяз шеңгеліне алып, бозғылт мұнар арасынан
шелденіп зорға көрінетін қыстың жылусыз бедірейген шегір күнінің өзі
қалтырап тоңып тұрғандай. Жүргіншілер, осылайша, ауыл-ауылдың
арасындағы сыңар аяқ соқпақ жолмен ілбіп отырып, күн екіндіге
еңкейгенде Сарыөлеңдегі үлкен ауылға ат басын зорға тіреді. Керімбай
бұлар ойлағаннан гөрі де қаттырақ ауырып жатыр екен. Науқасының жанға
батқаны сонша, аз күннің ішінде қу сүйекке айналып, қатты жүдеп кетіпті.
Жүдеу жүзінде қан-сөл қалмай, зағыпырандай сарғая түскен. Оқта-текте
белінен шойрылып қалатын ұстамалы құяңы бара-бара асқынып, ақыры
қуықтың тұтылуына əкеліп соққан көрінеді. Соған қарағанда дерттің бір
ұшы екі бүйректе жатқаны анық. Бірақ оны бұл маңайда айырып, біліп
жатқан кім бар? Тіпті білген күннің өзінде, мұндай науқасты емдеп жазу
бақсы-балгердің қолынан келер ме?! Қазақ мұндайда «құдай өзі рақым
қылсын» дегеннен басқа ештеңе айта алмайды.
Осы науқастан ада-күде айығып кетем деп, Керімбайдың өзі де
үміттенбейтін секілді. Асатынан келген ажалға анық мойынсұнып, бел
байлаған қалпы бар. Əнеугүннен бері маңайына жиналып, ызыңдап
мазасын алған бақсы-балгер, құшнаш-тəуіп атаулыны осыдан екі-үш күн
бұрын қасына келтірмей қуып тастапты. Өзінің бұл дүниелік емес екенін
əлдеқашан біліп, ағайын туыспен арыздасып-қоштасып та қойыпты.
Демежандар келгенде, Керімбай оң жақтағы үлкен сүйек төсектің
үстінде шалқасынан түсіп, сұлық жатыр екен. Бибі екеуі ішке кірген бойда,
сырт киімдерін асығыс шеше салып:
– Көке, жағдайыңыз қалай?
– Тəуірсіз бе, аға-еке? — десіп бірден науқасты қоршап қалған.
Керімбай біразға дейін тіл қатқан жоқ. Баласы мен келінінің қолдарынан
ұстап, еңкейген маңдайларынан иіскеді. Сонан соң күш жинап алғысы
келгендей қабағын қинала шытынып, тағы да сұлық қалды. Сырттай сыр
бермегенімен, науқасының қаншалық жанға батып жатқанын, оған
шыдаудың өзі сұмдық күшке түсетінін аңғару қиын емес еді. Əлден
уақытта көзін қайта ашып:
– Өздерін амансыңдар ма? Суыққа ұрынбай жақсы жеттіңдер ме? — деді
əлсіз үн қатып. — Біздің хал осылай болды, балам... Бүйтіп азап
тартқызғанша, Алла-тағаладан «тезірек ал» деп тілеп жатқан жайым бар.
Үйде бөтен ешкім жоқ. Ажар бəйбіше мен Демежанның Майлық,
Сатымжан, Сүйежандай ағалары, жас інісі Əбдірасыл ғана отырған. Бəрінің
де бет-əлпеттерінде ауыр қайғымен бірге неге де болса көнген, мойын


сұнған шарасыздық бар... Керімбай «мойныңды бұр» дегендей, Демежанға
ишара жасады.
– Саған айтар көп сөзім жоқ, балам. Ұзақ тірлікте ұғар көңіл, естір құлақ
болса, өзім білген өнегені айтқан шығармын. Ал айтып үлгермеген ақылды
соңғы сағатта сөз етудің не орны бар... Тек мына отырған туыстарыңның
көзінше айтарым: артта қалған ел-жұртқа өзін ие бол. «Ендігі басшыларын
Демежан болады. Соны тыңдасаңдар аштан өліп, көштен қалмайсыңдар»,
— деп мына ұлдарыма да өсиет қалдырдым, — деп сəл үнсіз жатты да,
кеберсіген ернін жалап, қайтадан тілге келді. — Осыдан бір апта бұрын, əл-
қуатымның барында, Ши-амбыға хат жазып жібергем. Ел туралы, сен
туралы... Басқа не айтайын, қабырғаларын қатты, еншілерің бөлінген. Тек
орталарында қалып бара жатқан жалғыз шешелеріңді ренжітпеңдер!
Осы сөздер тұсында Ажар бəйбіше шыдай алмай:
– Арыстаным, арысым-ау, не айтып кеттің? Осындай сөздерді естимін
деген ойымда бар ма еді... Мені аңыратып артында қалдырғанша, өзіңмен
бірге ала кет! — деп үн салып жылай бастап еді, науқас адам «жылама»
дегендей, басын шайқады.
Керімбайдың соңғы рет шешіліп сөйлегені осы ғана. Осыдан кейін өмір
мен өлім шекарасында, есі кіресілі-шығасылы күйде тағы екі күн жатты да,
үшінші күні таң алдында дүние салды. Сөйтіп кəрі зəңгі Сымайылмен
бірге, түгел Төртуылдың басын құраған алғашқы үкірдайы Керімбай да
алпыс жеті жасында бұл өмірден өте шықты. Бұдан арғысы белгілі: жылау,
жоқтау, күңірену... Қыс құрсауынан есеңгіреп, жұтпен жағаласып жүрген ел
ішін енді қайғының қара топаны келіп басты.
Науқастың беті бері қарамасын сезген соң-ақ, Керімбай əулеті ауыр
қазаның артын күту қамына кіріскен. Жыл асқан аш-арық мезгілде соятын
семіз малдарын іріктеп, берілетін садақа, үлестіретін сиытқа дейін əзірлей
бастаған-ды. Керімбай қайтыс болған күні таң атысымен, Барлықтағы елге,
одан бергі Еміл, Өбісін, Жарсу бойын қыстаған қалың Байғара Жауғаш пен
төстегі Қараменде, Шөтік арасына арнайы адам шаптырды. Бірақ
Керімбайдай атақты адамның қазасы тек ағайын арасымен бітпейді. Осы
Құлыстайды мекендеген төрт үкірдай ел түгел хабарлануы керек.
Сондықтан шығыстағы Керей мен Жұмыққа, батыстағы Мəмбетке қос-қос
атпен хабаршылар кетті. «Жаназа-жаназа!» деген жүрек қаритын суық сөз
сол күні-ақ ауыздан-ауызға көшіп, ат жетер алыс-түкпір ауылдарға дейін
түгел тарап болып еді.
Уақыттың қиындығына, жолдың ауырлығына қарамастан, жан-жақтан
«ой, бауырымдаған» жұрт топ-тобымен келіп жатты. Ат жалын тартып
мінуге жарайтын исі Төртуыл түгел жиналды десе де болғандай.
Кешетөстегі Қараменде, Құтымбет, Баймұраттан: Айтолқын бəйбішені
орталарына алып, Көксеген, Күдері, Байсерке, Берікболдар келіп түскен.
Бүгін Еңсе, Мамырбек, Жалбағай, Түйеші бастатқан Жұмық, Керей,


Мəмбет кісілері де үлкен-үлкен топ болып, ошарылып келе бастады.
Бұлардың бəрі де күні кеше Керімбайдын үзеңгі қатысқан замандастары.
Қазақта ағайынды өкпеге қиса да, өлімге қимайтын бір мінез бар. Көзі
тірісінде бірде тату, бірде араз болып жүргенімен, өлгеннен кейін оның
бəрін ұмытып, марқұмға жұрт қатарлы топырақ салулары керек. Ал
жаназаға келмеу — мүлдем кетіскен, бет көріспес ашық жаулықтың белгісі
болмақ.
Сонан соң, қай заманда болсын, жаназаға жиналған жұрттың өлікті
құрметтеуі өз алдына, артында қалған тірілермен санасып келетіні тағы
бар. Күні ертең бет көрісетін ағайын осындай қайғылы қаза үстінде төбе
көрсетпесе болмайды. Керімбайдың ізбасары кім? Төртуылдың ендігі
үкірдайы кім болмақ? Оны да осы жиында танып, біліп кетулері керек.
Төртуыл ішінде қазір үкірдайлықтан дəмесі бар, бұрын зəңгі боп ел
басқарған, еті тірі жігіттер аз емес. Демежанды қоспағанда, Жауғаштан —
Тыныбай, Қарамендеден — Көксеген, Ақболаттан — Қыдыш, Кенжеғұл,
Шоқаннан — Ежебай, Мəжендерді атауға болады... Осылардың қай-
қайсысы да ертең Керімбайдай арыстың орнын жоқтатпай, ел тұтқасы
болам деп жүрген азаматтар. Дəл қазір кімнің үкірдай болатынын анық
білмесе де, шеттеп келген сый кісілер алдымен осыларға көңіл айтуы
керек.
Бүгін дəл сүйекті шығарарда, Барлықтағы мал отарынан бір топ адамды
бастап, Қызылбаланың Ысқағы келіп жетті. Аз ауыл Шөтіктен шыққан
ендігі бір пысық — осы жігіт. Мұның келісі тіпті бөлек: топ кісінің
алдында жердің ойлы-шұқырына да қарамай, астындағы құла жорғаның екі
бауырына кезек ауытқып, «ой, бауырымдап» дара шауып келді. Ет-бауыры
езіле шын қайғырған, анық азалы адамның қалпы бар. Соған қарағанда, бұл
жігіттің де үкірдайдықтан үміті жоқ деп айту қиын...
Алыс рулардан келген сый кісілер, міне, осының бəрін есепке алып, қалт
жібермей бағып тұр. Əйткенмен, содардың көпшілігі бұл күндері
Демежанның маңына көбірек үйіріле бастап еді. Мамырбек, Еңсе,
Жалбағайлар да алдымен Демежанға көңіл айтып, қазаның артына қайыр-
береке тілескен. Төртуылдың болашақ үкірдайы кім болады дегенде,
Демежанға деген жұрт ықыласына қоса, оның жеке басының алғырлығы,
үлкен ұлық алдындағы айрықша бет-беделі де безбенге түспей қалған жоқ.
Оның үстіне дəл осы күндері: «Керімбай өлерінің алдында Ши-амбыға хат
жолдап, өзінін орнына Демежанды қоюды тапсырып кетіпті», — деген де
сөз тарай бастаған. Осының бəрін таразылап келгенде, сырт ағайын дəл
қазір Төртуыл ішінде Демежанның алдына түсе қоятын ешкім жоқ деген
тұжырымға тоқтап еді.
Керімбай қайтыс болғаннан кейін, алыс-жуықтан, қала-даладан келетін
жұрттың жиналуын күтіп, сүйекті үш күн үйге сақтады да, төртінші күні
қалың қазақ қауымы болып, Төртуылдың тұңғыш үкірдайын қайтпас
сапарға аттандырып салды. Сонымен азаға жиналған бөгде жұрт тарап,


қаралы ауылда Төртуылдың əр руынан шыққан басты адамдары мен ет
жақын туыстары ғана қалып еді. Бұлар енді марқұмның жетісін өткеріп,
бір-ақ қайтпақ.
Ажар бəйбіше мен Керімбай балаларын ішке алған отырыста өліктің
артын күту жайы сөз болды. Марқұмның қырқы, асы берілетін уақыт
мерзімі белгіленді. Керімбай қазасына арнап қара тігіліп, ат тұлданады.
Жоқтау, «дауыс» айту жыл бойы тоқтамайды. Ең соңыңда төрт үкірдай елге
түгел сауын айтылып, үлкен ас беріледі. Басқа мəселелердің бəрі оңай
шешіліп келді де, осы ас беру мерзіміне келгенде, əр алуан пікір туды.
Асты шариғат заңы бойынша жыл уағын толтырып беру керек пе, əлде
жағдайға қарап одан бері де өткізе беруге бола ма, деген сауал біраз талас
тудырған. Егер жыл уағын толтыру міндет болса, ас келер жылы осы
уақытта, қыста беріледі. Бұл мал арыған, ел еркін көсіле алмайтын, ауа
райының ең қолайсыз кезі... Ақыры Ежебай, Тыныбай секілді ескі салтқа
жүйрік ел адамдары ақылға сыйымды көп дəлел айтып, бəрі бір ауыздан
асты жыл уағын күтпей-ақ, үй тігіп, қонақ қабылдауға ең қолайлы уақыт —
қоңыр күзде, ел жайлаудан түскен соң өткізейік деген бəтуаға тоқтады. Ас
берілетін орын—түгел Төртуылға тең орта саналатын кең қоныс — Боздақ
даласы болсын деп келісті.
Енді ел азаматтары үшін кейінге қалдыруға болмайтын, талайдың
көңілін күпті еткен басты бір мəселе бар. Осыдан тараған соң ауыл арасы
шалғай тартып, бас қосу қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан Керімбайдың
жетісіне дейін оны да бір жайлы ету керек. Ол — үкірдай сайлау мəселесі...
Алдымен осындағы зəңгі, елубасылар өздері бір тоқтамға келіп алып, үлкен
ұлықтың алдына тас түйін дайындықпен бару керек. Бұл жай əркімнің-ақ
тілінің ұшында тұрса да, өліктің беті жасырынбай жатып, ол туралы бірден
ашық сөз қозғауға ешқайсысының батылы бара қоймаған. Тек əр рудың
адамдары жеке-жеке бас қосып, күбір-сыбыр молая бастады. Қазір күн
ұзарып қалған кез, күндіз əрқайсысы өз тобымен көрші ауылдарға барып,
«қазан шегелеп» қайтады да, кеште тағы қонақасыларын жей отырып,
өзара əңгіме-дүкен құрады.
Демежан бұл күндері атқа мінер ел жуандарының күбір-сыбыр көп
сөзіне араласқан жоқ. Əке өліміне шын аза тұтып, көкірегін буған бір
шерден арыла алмай жүрген-ді. Қазаның артын күту жөнінде əңгіме
болғанда да, билікті ағайындарға беріп, өзін бір түрлі тұйық ұстады. Оны
алаң еткен басқа да шаруа жайы аз емес-ті. Қыстан күйсіз шыққан
Сарыөлеңдегі мал атаулы сойысқа жарамсыз, арық болған соң, Боздақтағы
өз ауылына Диқанбайды неше дүркін шаптырып, бордақыда тұрған
əлденеше ту бие, семіз қойлар алдырды... Атқа мінер ру басылардың
көмейіндегі күлкілді күндік жерден таныса да, алдағы сайлауда мені қолдай
көріңдер деп, ешқайсысына жəреукеленіп жалынғысы келмеген.
Қаралы ауылдан қайтпай, осында ошарылып жатқан ағайынның күніне
бір уақ сəске кезінде өлік шыққан үлкен шаңыраққа кіріп, аруаққа құран


бағыштайтыны бар. Осылайша Ажар бастатқан əйелдердің зарлы жоқтау
жырларын тыңдап қайтады. Сол үрдіс бүгін де қайталанды. Күдері осында
келгелі Керімбай қазасына арнап, ұзақ жоқтау шығарған екен. Қазір соны
Бибі, Ырысқан бастаған қыз-келіндер қаралы əнге қосып, ah ұрған азалы
үнмен, келістіре жақсы айтып отыр.
Емілдің бойын жайлаған, Жағалай бие байлаған. Ел шетіне сөз келсе,
Халқының қамын ойлаған.
Опасыз мына жалған-ай! Мамырбек, Еңсе, Жалбағай... Төрт үкірдай ел
бас қосса, Көкемнің орны толмады-ай!
Осылайша, зарлы-мұңды жырменен Керімбайдай арыстың өмір жолын,
халыққа жасаған жақсылығын айтып, оның күні кеше қатар жүрген үзеңгі
жолдастарын бір тізіп өтсе, келесі сəтте марқұмның артында қалған ізбасар
інілерін, ержеткен ұл-қыздарын еске алып, ел-жұртқа тоқтау-сабыр тілейді.
Жүректі қайғы жаралап, Халқың бір келді қамалап, Артында қалған ел-
жұрты, Демежан, саған аманат!
Жұртыңның көңілі жайғасар, Тіршілік қамын ойласар. Шүкірлік етіп
тоқтайын, Ат тұяғын тай басар.
Бұл əлі көпке тарай қоймаған, кешеден бері ғана айтылып жатқан жаңа
жоқтау жыры болатын. Жарым сөзден жай түйетін, тор алдында отырған
Тыныбай, Көксеген, Ежебай, Ысқақ секілді əр рудың атқамінерлері бірінің
бетіне бірі қарап, өзара ұғынысқандай болды. Не дейді мына əйелдер?
Мыналар Керімбайды кемеліне келтіре жоқтап қана қоймай, оның орнын
кім басатынын осы бастан əйгілеп, жалпақ елге жайып отыр ғой. Тіпті «ел-
жұртың саған аманат» деп, бар билікті Демежанның қолына өткізіп,
меншіктеп беріп те қойған жоқ па? Бұл жырдың басқа емес, үлкен
шаңырақта отырған, жас та болса аузының дуасы бар Күдеріден шыққанын
естігенде, 
жүректерінің 
басы 
қарайып, 
жас 
жігіттің 
осыншама
аңғырттығын кешіре алмай, бəрі де іштей тыжырынып қалды.
Ертең Керімбайдың жетісін береміз деген күні ел жуандары таяу
маңдағы Тыныбайдың ауылында түстеніп отырған. Бұл жолы əр рудың
сорпаға шығар белді адамдары қастарына бөгде кісі қоспай, өздері ғана
іріктеліп қалып еді. Демежанды бұл келеге əдейі шақырмай, шағын топ бір
оңаша жиын ашқан-ды. Төртуылдың болашақ үкірдайы осы отырыста
қалай да анықталуға тиіс.
Бүгінгі сөзді осылардың көбінен жасы үлкен, жорға тілді Ежебай бастап
отыр:
– Ал, ағайын, осында Төртуылдың төрт көзі түгел жиналған екенсіңдер.
Арысымыз құлады. Жоқтап-жылап жатырмыз. Бірақ онымен қайран
Керімбай қайтып келер ме, хан тағына қайтып мінер ме?! Қайғыны


қайратқа жеңілдірейік. Басшысыз ел, қосшысыз ер болмайды. Кəне, не
білген ойларың бар? Сонымен ендігі ел басшысы деп кімді танисыңдар? —
деген-ді.
Жиналғандар біразға дейін үн қатпай, тым-тырыс отырып қалды.
Осылардың қай-қайсысының да үкірдайлықтан үміті бар. Бірақ бір-бірінің
аңысын аңдыған ру басылары «мен болайын» немесе «пəленшекең
болсын» деп, суырылып шыға қоймады. Бүгін көзі жұмылды дегенмен,
бетін топырақ жауып үлгермеген Керімбайдың бет-беделі əлі де өз күшінде.
Дəл қазір оның əулетінен билікті тартып əкету кімге де болсын оңайға
түспейді. Былайғы қара халықтың да ықыласы, ұлықтың да емеуіріні
Демежан жағында екенін бұл отырғандар жақсы біледі. Ертең Ши-
амбының көмейін қанша тығындағанмен, бұлардың сөзін ілтипатқа алса
жақсы. Ал егер ұлық бір беткей тоңмойындыққа басып, үкірдайлыкқа
Керімбай баласын бекітіп жіберсе, қарсыластары ел алдында қас масқара
болмай ма? Бəрінін де көкірегін жегідей жеп, екі дай күйге түсірген жағдай
осы еді.
Осылардың ішінде басқалардан гөрі үкірдайлыққа көбірек үміт артып
келгені —Қараменденің қазіргі басты адамы Көксеген болатын. Жақында
Керімбай қатты науқастанып жатыр дегенді естігенде, халдайлардың
атаманы Шихалдай: «Төртуылдың келесі үкірдайы сенсің» деп оған
ашықтан-ашық уəде берген. Бірақ Шихалдайға сеніп, шырық бұзу тағы
қиын. Жеме-жемге жеткенде оның қолынан ештеңе келмей қалуы да
мүмкін ғой. Кеше оңаша сырласқанда мəлім болды. Шихалдай көк соққан
осындай «уəдені» Тыныбайға да беріпті. Соған қарағанда, оныкі жай
шырға, араларына сүйек тастап, қазақты итше таластырып қоюдан басқа
ештеңе емес сияқты.
Ал Ежебай болса — елдің шетін, желдің өтін жайлаған аз ауыл
Кенжеғұлдың адамы. Өзіне ешқашан үкірдайлық тимесін біледі.
Сондықтан өзге рулардың ішінде ара ағайын сияқты еді. Ол əркімнен сөз
күтіп, үй ішін көзбен шола жағалай қарап шықты да:
– Үндемей қалдыңдар ғой... Ендеше маған құлақ салыңдар, — деді
қайтадан сөз бастап. — Кешегі ел-жұртқа тұтқа болған марқұм
Керімбайдың аруағын бұл жолы күңірентпейік, ағайын. Билік əзірше осы
шаңырақта қалсын... Шындыққа жүгінейікші: осы отырғандардың ішінде
ұлыққа да, халыққа да беделді Демежаннан асатын кімің бар? Төртуылдың
жаңа үкірдайы етіп осы Демежанды сайлайық. Бұған не айтасыңдар?
Үй ішін тағы да өлі тыныштық басты. Ежебайды қолдаған да, қарсы сөз
айтқан да ешкім болмады. Демежанның өз басын ешкім кеміте алмайды,
əрине. Бір басына білімі де, ақыл-парасаты да, алғырлығы мен батылдығы
да жетеді. Халықтың қамын ойлап, халдайлармен ашық алысып жүрген де
— осы Демежан. Тіпті соны мұқатайын, кемітейін десең де, тілге тиек
болатын ештеме жоқ екен. Ақиқаттың жүзі — алмас қылыштай. Оған көпе-
көрінеу қалай қарсы шабарсың?! Тек ана бір жағдай ғой — бұл жұрттың


діңкесін құртып тұрған... Əттең, сол бір міні болмаса, шынында да,
Демежанның алдына кім түсер еді?! Ал оны ашып айтайын десе, ертең бет
көрісер ағайынның ауыздары жəне бармайды.
– Ау, жігіттер, неге сонша бөгеліп отырсыңдар? Бірдеңе айтсандаршы,
— деп Ежебай қузай түскен.
Тек осы кезде ғана қатар отырған Көксеген мен Тыныбай бұдан ары
үндемей қалуды лайықсыз көріп:
– Сол жөн ғой, Ежеке...
– Керімбайдың да мұрагерім деп атап кеткен адамы екен. Сол Демежанға
тоқтайық, — десті.
Бірақ бұл да көкіректі жарып шықпаған, жай ерін ұшымен амалсыз
айтылған сөздер еді. Дегенмен осында отырған ру басылары бұл жолы неде
болса жабулы қазанды сол жабулы күйінде қалдырып, Ежебай айтқан
бəтуалы сөзге тоқтайтын ыңғай білдірген.
Дəл осы сəтте манадан бері босаға жақта тықыршып əрең отырған
Ысқақ орнынан атып түрегелді.
– Əулие болса түйенің өзі əулие, оның құмалағы да əулие ме? Мен
Демежанға қарсымын, — деді ол безгегі ұстағандай қалш-қалш етіп. —
Егер билік басына Керімбай əулетінен біреу отыру керек болса, оның басқа
балалары жоқ па? Үкірдайлықты Демежанға тықпалағанша, соларға неге
бермейсіңдер?
– Иə, деймін-ау... Не болмаса осы отырған өздеріңнің біреулерін
болыңдар. Төртуылда Демежаннан басқа жігіт құрып қалып па? — деп оны
төменірек отырған Байсерке де қостады.
Біреу тынық суға тас лақтырғандай, бəрі аңтарылып əлгі екеуінің бетіне
қараған. Аздан соң бұлардікі қиястықпен айтылған қисық сөз екенін
аңғарып, отырғандар дабырласып қалды. Ежебай, Тыныбайлар қатар үн
қатып:
– Шырағым-ау, Керімбайдың өзге балалары тіпті үкірдайлықтан дəметіп
жүрген жоқ қой.
– Əбдірасыл болса жас... Ал Сағымжан мен Сүйежан маңсаппен
жұмысы жоқ, жай шаруа баққан бейуаз жандар емес пе, — десіп жатты.
Осы кезде Ысқақ екі көзі қызара түсіп, өні өрт өшіргендей түтігіп алды
да, манадан бері басқалар аузы барып айта алмай отырған сол бір сұмдық
сөзді түйеден түскендей етіп, ақыры айтып салды.
– Ой, тəңір-ай, көрмей-білмей отырғандай несіне мүлəйімси қалдыңдар?


Демежан — Керімбайдың өз қанынан тараған қайбір бел баласы еді?
Тəңірдей табынғандарын — ойнастан туған шата емес пе... Төртуылдың
өзінен ұл тумағандай, шылбыр-тізгініңді қайдағы бір қаңғырған Керейге
ұстатайын дедіңдер ме?!
Жиналғандар Ысқақтан өзгені күтсе де, дəл мына сөзді күтпеген секілді.
Біреу бастарына қамшымен осып жібергендей, сілейіп отырып қалды.
Кейде жариялауға жатпайтын да шындықтар болады. Ысқақтың көйітіп
отырғаны — сол айтылмайтын шындық еді... Манадан бері бəрінің де
сыртқа шығара алмай, көмейінде қалдырған күлкіл осы болатын.
Керімбайдың тұсында бұл жайды біреу ауызға алмақ түгіл, солай деп
ойлаудың өзі күпірлік саналатын, аса құпия сыр еді. Енді, міне, жасқанатын
Керімбай болса кетті. Құлыптаулы қойманың аузын аша беруге болады.
Демежанның жай қатарда жүрген кезінде еленбей келген міні енді мойны
озып, билікке отыратын тұста қалайда алдынан шығуы керек.
Дегенмен, Ежебай, Берікбол сияқты үлкендер жаңағы сөзден қатты іш
жиып, үркіп қалып еді. Ежебай екі қолын алға соза, шалқалай беріп:
– Тəйт, не дейді мына кəпір?! Мал құлағы саңырау, бұл сөз қалсын
осында... Демежандай арысты өкпеге қисаң да, өзгеге қалай қиясың?
Керімбайдан тумаса да, кеше ол Ажардай бəйбішенің ақ сүтін емген бала
емес пе еді. Төртуыл болмаса, қыздан туған жиенің — бөтенің бе еді? —
деп Ысқақтан түңілгендей қатты кейіп, ұрсып тастаған.
Осы бір сөздің түбі жарыққа шыққанын іштерінен ұнатып қалса да,
Көксеген мен Тыныбай да сыпайылық салтынан аттап кете алмай:
– Қой, Ысқақ, мынауың нағыз жаудың айтатын сөзі ғой. Бұл сөзді ертең
Демежан естісе, тірідей көрге көмгенің ғой...
– Жұрт Демежандай азаматты қолдан жасай алмай отырса, сыртқа
тепкенің не қылғанын? — десіп Ысқақтың сөзін өрге бастырмай, əр жақтан
кеу-кеулеп сөккен болды.
Дегенмен, жаңағыдай бейбастақ сөзі үшін Ысқақты ешкім жазаға
тартпай, жай домбытып қана қоя салғандай көрініп еді. Соны анық сезген
Күдерінің көзіне жас толып, ызадан жылап жібере жаздады. Ол осы топтың
ішіндегі ең жасы болатын. «Ата тұрғанда іні сөйлегеннен без» деген
тəртіппен біразға дейін шыдап отырды да, бір кезде қасындағы Ысқақтың
бетіне жирене қарап:
– «Ақымақ басқа адырайған көз бітеді» деп, осы сенің түріңнен
шошушы ем. Неткен оңбаған едің?! Осырақ қоңыздай нəжіс сөзіңмен бүкіл
үйді былғадың-ау! — деп орнынан тұрып кетті.
Бірақ айтылған сөз — атылған оқпен тең. Ауыздан шыққан соң оны
қайтарып ала алмайсың. Ысқақтың сөзі əр жүректе өшпес дық қалдырғаны


анық. Осыдан кейін көп əңгіме болған жоқ. Жиналғандар Тыныбай үйінен
сыбағаларын үнсіз отырып жеді де, араларынан тағы бір өрт шығып кетпей
тұрғанда, тезірек атқа қонуға асықты. Басқалары бір топ болып, Керімбай
ауылына қайта бет алғанда, Ысқақ қасына Байсеркені ертіп, Сарыжиектегі
өз еліне қарай тартты.
Күдері бала күнінен Демежанды өзіне үлгі тұтып, қатты сыйлайтын-ды.
Оның дүниеге келген төтенше тағдыры, сəби шағы туралы ел аузынан еміс-
еміс құлағы шалғанымен, соның егжей-тегжейіне мəн беріп, көңіл
аудармаған екен. Қайтар жолда Ежебайды оңашалап, жаңағы Ысқақ сөзінің
мəнісін сұрады. Сөйтсе мəселе былай болған екен ғой.
Түбін қуып келгенде, Демежан — Керімбайдың өз баласы емес,
Гулдерайым деген жалғыз қарындасынан туып қалған жиені екен. Осыдан
отыз үш, əлде отыз төрт жылдай бұрын Керімбайдың аулына Керейдің
Меркіт руынан бір жалқы жігіт келіп сіңеді. Онда Керей елінің бір бөлігі
Алтайдан ауып, Тарбағатайға жаңадан қоныс аударып жатқан кезі. Əлгі
жігіт өз елінде əлдеқалай істі болып, бой тасалап жүрген біреудің
əлпештеген жалғыз ұлы екен. Білетіндердің айтуынша, Алтайда елге жəбір
көрсеткен Маншыңның бір төресін мерт қылыпты-мыс деген сөз бар... Не
керек, аты-жөнін өзгерткен сол қашқын екі-үш жылдай Керімбайдың
жылқысын бағады. Өзі өте сымбатты, көрсе көз тоятын сұлу жігіт болса
керек. Қысқасы, сол жігіт үйренісе келе, Керімбайдың оң жақта жетіп
отырған қарындасы Гүлдерайым сұлумен астыртын көңіл қосады ғой...
Арада айлар өтеді. Ал Гүлдерайымның айттырып қойған жері болса да,
болашақ күйеуін менсінбей бұлғақтап жүрген кезі екен. Жылқышы жігіт
қызды көз көрмес, құлақ естімес тағы бір жаққа əкетпек болып, екеуі уəде
байласады. Егер аман тұрса уəдесін орындауы да мүмкін еді. Бірақ екі жас
ол армандарына жете алмайды. Қашқынның соныңа түсушілер оның қайда
жүргенін біліп қалады да, бір күні аяқ астынан қарулы шеріктер сау ете
түсіп, əлгі байғұсты ұстап əкетеді. Артында пұшайман күйге түсіп,
Гүлдерайым қалады еңіреп... Өйткені қыз ауыр аяқты еді. Қыздарының
нендей халге ұшырағанын үй-іші сонда бір-ақ біледі.
Ғашығынан айрылып, масқара күйге түскен Гүлдерайым суға да кетпек
болады, жартастан құлап, не асылып өлмек болып та талпынады. Бірақ
қызды күндіз-түні аңдып, соның бəрінен қорғап қалған — Ажар жеңгесі
еді. Ол Гүлдерайым қашан жүгінен арылып болғанша, ауыл-үйдің тіпті
ағайын-туыстың да көзіне көп түсірмей, оңаша үйде жасырып ұстайды.
Бұлар сол жылы қыста Барлықтағы мал отарында, ел ортасынан шалғай,
аулақта жүрген кезі болатын. Онда Ажардың да жас босанып, осы күнгі
Сүйежан деген ұлды емізіп жүрген кезі. Егер қайын сіңлісі аман-есен
босанып, қол аяғын бауырына алса, Ажар нəрестені өз бауырына салып,
өзім туып алдым десе де, оған сенбейтіндей көлденең көз жоқ еді.
Күткеніндей-ақ, Гүлдерайым көктемге жақын, ел Барлықтан қайтарда,
айы-күні жетіп босанып қалды. Көрсе көз тоятын, шекесі торсықтай ұл


тапты. Ажар баланын кіндігін өзі кесіп, жерден көтеріп алған беті
бауырына салып алды. Атын Сүйежанға ұйқастырып, Демежан қойды.
Баланы қалай асыраймын дейтін емес, омырауынан сүт саулап тұрған жас
əйел бір жастан асып қалған Сүйежанды емшектен шығарды да, оның
орнына Демежанды емізе берді... Кейін отардан мал қайтып, елге ел
қосылғанда, «Ажар емшек сүтімен көтеріп, Барлыққа барғанда тағы бір ұл
тауып алыпты», — десті жұрт. Маңайдағы ел «бауы берік болсын» айта
келіп, оның аяғы үлкен той-шілдеханаға ұласып кетіп еді.
Меркіт жігіті сол күйі хабар-ошарсыз кетті. Артынан көп кешікпей
Алтай мен Тарбағатайды шарпыған дүрбелең соғыс болып кетті де, оны
тектейтін де ешкім болған жоқ. Ал Гүлдерайым байғұстың толғағы ащылау
болып, туыт кезінде қансыраған жағдайы бар еді. Оған ғашық жігіттің
қайғысы қосылып, сүлеленген ауруға шалдықты да, сол беті оңала алмай,
келесі жылы қайтыс болды.
Сөйтіп, ерекше тағдыры бар күнəсыз сəби Керімбай мен Ажардың
бауырында қала берген. Екеуі оны өз балаларынан кем көрген жоқ. Тіпті
ықыластары соған көбірек ауып, көздерінің қарашығындай мəпелеп өсірді.
Істің ақиқатын ағайын арасы сезді, əрине. Бірақ соны білген адамдардың
өзі. Керімбай мен Ажарды сыйлағандықтан, бұл сырды сыртқа шығармай,
көкірек түкпірінде тас бекітіп, тығып тастаған болатын. Жылдар өте келе
белгісіз Меркіт жігіті де, Гүлдерайым да естен шығып, алыста қалған сол
бір тарих мүлде ұмытыла бастаған-ды. Енді, міне, көп жылдан кейін су
бетіне қалқып шыққан өкпедей сол қайғылы оқиға қайта жаңғырып отыр.
Мана Демежанды таза Төртуыл емес, Керей деп кемсіткенде, Ысқақтың
көкейінде тұрған түйіншек осы еді...
Мына əңгімені естігенде нəзік жанды Күдерінің ет жүрегі елжіреп,
Демежанға керемет жаны ашып кетті. Көз алдынан Меркіттің жұмбақ
жігіті мен бағы ашылмаған Гүлдерайым сұлу, екі ғашықтың арасынан туып
қалған жас нəресте кетпей қойды. «Апыр-ай, өзі бір дастанға сұранып
тұрған оқиға екен» деп ойлады Күдері. Бұрын Демежан бұған ылғи да
құдай бəрін бере салған, төрт құбыласы тең адамдай көрінуші еді. Сөйтсе,
ол кісінің де тағдырдан таршылық көрген жері көп екен ғой. Жаратушы
оған басқаның бəрін қиғанда, Төртуылдықты не қып қимады екен? Сол
үшін Демежан кінəлы ма? Төртуылдан туған кісі ұшпаққа шығатын болса,
жүр ғой осында ит те, құс та сол атты иемденіп... Солардың қайсысы қыр
асып, ел-жұртқа олжа салып жатыр? Төртуыл туын көтеретіндер — жаңағы
бас бұзар Ысқақ пен барымташы Байсерке ме? Адамдар бір рудың ғана
сойылын соғып, бір рудың ғана кісісі болып, өздерін неге сонша
кішірейтеді екен? Кімде-кім Төртуыл болудан бұрын, алдымен адам, азамат
болуы керек қой.
Жас жігіт, осылайша, көп ойланып, көп толғанды. Осы толғаныс үстінде
өзінін жүрер жол, ұстар бағытын да белгілеп алғандай болып еді... Ауылға
келсе, Демежанның ойында ештеңе жоқ, ертеңгі қонақ күту қамымен


жігіттерге қысқа-қысқа бұйрық беріп, өз бетінше қарбаласып жүр. Күдері
жақсы көретін ағасына іштегі шер-шеменін ақтарғысы, сыртта құрылып
жатқан тор барын ескерткісі келіп бір оқталды да, бірақ соны қалай
айтудың ретін таппай, бой тартып қалды.
Керімбайдың жетісін өткізуге қарап қалған Айтолқын бəйбіше де қазір
осында еді. Сезімтал ана бір əредікте баласының қасына келіп:
– Күдежан, бүгін қабағың пəс қой? Бір жерін ауырып жүрген жоқ па,
балам? — деген-ді.
Күдері бұл кісіге де шешіле қоймады:
– Апа-ай, бұл дүние неткен тар еді?! Ел дегеніміз — ел емес, жанып
тұрған тозақ, өз етін өзі жеген жыртқыш аң мекені екен ғой! — деді де, ары
қарай жұмған аузын ашпады...
Ертеңінде Керімбайдың жетісін беретін күні, анада жаназаға жиналған
жұрттың бəрі болмағанымен, біразы қайта құйыла бастаған. Түске қарай
бұлар күтпеген қызық жағдай болды. Аймақ орталығы Шəуешектен бірінің
артынан бірі екі үлкен топ келіп түсті. Керімбай қыстауының алды
аяқастынан кілең бір арғымақ аттар жегілген су жаңа, күймелі шаналарға
толып кеткен. Бұлардың алдыңғысы — Шəнішев бай, Мұрауыт бай, Хасен
ақсақал, Ыбырай байбатша, Ешен-Сейіт дамолла бастатқан қаладағы татар-
өзбектің білікті адамдары еді. Бұлар жəне жай келмеген, Шəуешектегі орыс
консулы Борнеманның жұмсауымен, Демежанға арнайы көңіл айту үшін
келген көрінеді.
Екінші топ — Шихалдай бастатқан жергілікті Маңшың төрелері. Қазақ
салтына жүйрік Ши-амбы қыр еліне осыларды əдейі жұмсай отырып,
Керімбайдың бата оқырына деп, өз атынан атан түйе, тайтұяқ жамбы
бастатқан бір тоғыз ақтық салыпты. Бұған қосымша, аймақ əміршісі сайлау
өткенше Төртуылдың бар билігі Демежанның қолында болатынын айтып,
өз қолымен грамота-хат жолдапты.
Мынаны көргенде атқамінер ел жуандарының көздері атыздай болып,
жүректері қол бойы төмен түсіп кетті. Мұның бəрін Ши-амбы жайдан-жай
істеп отырған жоқ, əрине. Мынадай қысылтаяң шақта Демежанның
бақталастарына əдейі қыр көрсетіп, «аяз əліңді біл, құмырсқа жолыңды
біл», — дегенді ишаралап ұқтырғаны. Өзгені қойшы, əшейінде Демежанды
атарға оқ таппай жүретін қызыл көз Шихалдайдың жетіп келуін көрмейсің
бе?!. Ол күні кеше Төртуыл жуандарының арасына жік салып, əрқайсысына
«ендігі үкірдай сенсің» деп жеке-жеке уəде беріп, жегі құрттай жеп жүрген
белгілі Шихалдай емес пе еді. Ол жəне жалғыз емес, артында айдары
тоқпақтай халдайлардың тұтас тобы бар. Ысқақтың қолтығына дым бүркіп,
Демежанға қарсы шүйлеп салып жүрген де — сол халдайлар... Бұл
жағдайды Ши-амбы сезбей отыр дейсің бе, жеті қырдың астындағыны
болжайтын көреген құмалақшыдай, ол да бəрін алдын ала екшеп біліп


отыр. Осы жолы Шихалдайды əдейі шақырып алып: «Керімбай аулына
менің орныма сен барасың» деп күштеп жіберген де — сол үлкен ұлықтың
өзі болатын.
Оны былай қойғанда, аттары бүкіл аймаққа мəлім қала байларының
мына келісінің өзі неге тұрады?! Əрқайсысы жеке-жеке таразыға түссе,
қазақтың тұтас бір руын басып кетпей ме, өздері жəне жай келмей, орыс
консулының сəлемін жеткізіп отырса... Ендеше, дəл қазір Демежанды
алатын жау жоқ екен. Оған оқ атып, қылыш сермегеніңмен ештеңе
дарымайды.
Төртуыл зəңгілерінің ішінде, тілге шешен болмаса да, табанының бүрі
бар алымдысы Көксеген еді. Сол бір əредікте құрдасы Тыныбайды
оңашалап:
– Байқайсың ба, істің беті қалай-қалай бұрылғанын? Біздің əнеугүннен
бергі əрекетіміз құр тұлыпқа мөңіреген, жай далбаса болып шықты ғой.
«Шалатын баланың бөксесі қисық келеді» деп, ұлықтың аузы қалай
қисайғанын енді аңғарған шығарсын? — деген-ді.
– Иə, несін айтасың, Керімбай баласынын бағы асып тұр екен, — деді
Тыныбай қызғанышымен бірге сүйінішін де жасырмай. — Өмірі басы
сəждеге тимеген кесіксіз Шихалдайдың өзі бата оқырға келіп отырса, ар
жағын сөз етіп керегі не?
– Төбесіндегі тоқпағы мықты боп тұр ғой. «Тоқпағы мықты болса, киіз
қазық жерге кірелі» дегенді естуін бар ма? — деп күлді Көксеген.
Расында да, бəрі де сол жұрт күткендей болып шықты. Керімбайдың
қырқы берілген соң, көкек айының ортасында Шəуешекте Төртуыл елінің
төтенше сайлауы өтті. Бұл кезде желдің қай бағытта соғарын аңдап қалған
ру басылары Демежанның маңайына қайтадан үйіріле бастаған-ды. Бұл
жолы жеңістің қолдан шығып кеткенін, оны ештеңемен түзетуге
болмайтынын жақсы түсінген зəңгі-елубасылар əзірше сыр алдырмай,
үкірдайлыққа бірден-бір кандидат — Демежанға амалсыз дауыс берді.
Бірақ аймақ əміршісі Ши-амбы олардың жəшікке салған шарларын
санаған да жоқ. Дауыс беру рəсімі өткен соң мінбеге көтерілді де, бүгіннен
бастап Төртуылдың жаңа үкірдайы Демежан деп жариялады. Дүйім елдің
көзінше оның басына өз қолымен Маңшың өкіметінің Уаң
28 
дəрежелес
шенін білдіретін, көк тасты дулығасын əкеп кигізді.
Алайда ел жуандарының ішінде қат-қабат қатып жатқан мұзды бұл да
еріте алған жоқ. Олар бəрібір өз үкірдайларының таза Төртуыл болмай,
бойында Керейдің қаны араласып жатқанын кешіре алмаған күйі тарады.
Нағыз айықпас жаулық, айқасар кезең алда тұр еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет