Кабдеш Жумаділов. Тагдыр



Pdf көрінісі
бет3/5
Дата12.04.2023
өлшемі2,44 Mb.
#174394
1   2   3   4   5
Байланысты:
Тағдыр. Қабдеш Жұмаділов-1
№7 дәріс бойынша тест Неке-отбасы құқығының негіздері, ОСНОВЫ БИОСТАТИСТИКИ
ҮШІНШІ БӨЛІМ
УАҚЫТ КЕРУЕНІ
I
Жылдар жылжып өтіп жатты. Арындап шапқан атты да, көздеп атқан
оқты да, тіпті арқырап аққан асау өзенді де ауыздықтап тоқтатуға болар.
Бірақ болашаққа қарай үдере жол тартқан уақыт керуенін кідірту ешкімнің
қолынан келмес. Ай артынан ай, күн артынан күн өтіп, жылдардың
жылжығаны өз алдына, əншейінде таусылмастай, бітпестей көрінетін тұтас
ғасырдың да өтетін, ауысатын кезі болады екен. Біреулерге алтын ғасыр,
енді біреулерге салқын ғасыр боп келсе де, жалпы тарих көшін тағы бір бел
асырып тастаған он тоғызыншы ғасыр да аяқталуға жақын еді. Алда сыры,
сыны бөлек, адамзатқа қандай сый тартары белгісіз, үміт пен арманға
жүкті, жаңа жиырмасыншы ғасыр есік қағып тұр.
Осы екі ғасырдың өларасында, яғни Ғайсаның туғанына 1900жыл, ең
соңғы Цин императоры Гуансюйдің таққа отырғанына 25 жыл толу
қарсанында, Шəуешек шаһары бір үлкен тойға дайындалып жатты. Той
иесі — жай əлдебіреу емес, Тарбағатай жəне Алтай аймақтарының əміршісі
Ши-амбының өзі. Биыл оны маңызы жағынан бір-бірінен кем түспейтін екі
бірдей мереке күтіп тұрған. Оның бірі — əміршінің жасы биыл жетпіске
толса, екіншісі — салынуы ширек ғасырға созылған қаладағы жаңа бекініс
— жамбылдың құрылысы осы көктемде аяқталып еді. Бұл бекіністің
мемлекет қорғанысына қаншалық қызмет ететінін кім білсін, əйтеуір
осынау шеткері аймақта «мынау бəлен ғасырда салынған» дейтіндей, бір
белгі боп қалатыны анық.
Былайша ешкімге тіс жарып, айта бермесе де, Ши-амбының да көкірегін
жарған үлкен-үлкен арманы болушы еді. Соңғы жылдары жүрегі нашарлап,
əртүрлі ауру айналдырып кеткендіктен, ол өзінің денсаулығын қатты
уайымдап, «тым құрыса жаңа ғасырға жетіп жығылсам-ау» дегенді көп
ойлайтын. Сонан кейін жатса-тұрса ойынан шықпай, үнемі алаң етіп келген
бір нəрсе — өзі бастаған қамал құрылысын жол ортада қалдырмай, қалайда
аяқтап шығу еді. Енді, міне, сол екі тілегі де орындалды. Сондықтан өз
өмірінің қорытындысы ретінде, осы мерекелердің басын қосып, бір үлкен
той өткізуді ұйғарған. Бірақ өзінің мүшел жасын онша дабыраламай,
көңілінде бүгіп қалды да, тойды негізінен жаңа жамбылдың бітуіне
арнамақ болды.
Көпті көрген көне көз Ши-амбы, қазір ойлап отырса, бір кісідей-ақ
бақытты өмір сүрген екен. Уақыт қалай тез өтеді?! Ол Шығыс Түркістанға
алғаш қызметке келгенде, қырықтың қырқасына жаңа ілініп, қылшылдап
тұрған жігіт еді. Ол кезде (тіпті бертінге дейін) астанада жүргендер үшін,
Шығыс Түркістан деген бейне бір жердің түбі, барса келмес құбыжықтай


көрінетін. Сондықтан бұл өлкеге көбінше сарайдағы сановниктерге ұнамай
қалған, не болмаса əлдеқалай жаза шеккен, жазықты адамдарды жіберетін-
ді. Ол жылдары император Сяньфан өліп, жас мұрагер Тунжи таққа
отырған, ал жесір патшайым Цыси мұрагердің бас уəзірі-регентша болып
тағайындалған кез. Ши-амбы сарайдағы сыртқы істер палатасында, ұлы
князь Гунның (император Сяньфанның атасы) қарамағында қызмет істеп
жүріп жатқан. Бір күні бұл да қылдан тайып қалды. Ұлы князь Гунге
біреулер мұның сыртынан жамандап, жаңа əкімшілікке наразы адамдардың
бірі деп көрсетіпті. Содан ұлы князь бұған қандай жаза берсем екен деп сəл
ойланыпты да, көп басын қатырмай-ақ, Шығыс Түркістанға қызметке
баратындардың тізіміне қоса салыпты.
Сол жылы бұл өлкеде əлденеше жылға созылған ұйғыр-дүнген
дүрбелеңі басылып, көтеріліс тұсында бас сауғалап қашып кеткен Маншың
əкімдері енді-енді қайтадан оралып жатқан-ды. Солармен ілесіп, Ши-амбы
да Шығыс Түркістанға келді. Онда да мұны Үрімжіде, не Құлжада
қалдырмай, көшпенділер мекен еткен қиян түкпір Тарбағатайға жіберді-
ау!.. Ши-амбының шошығаны сонша, «əй, құрыған жерім осы-ақ шығар»
деп ойлап еді. Қашан бұл билік басына отырып, бойы үйренгенше,
осындағы жабайылар қай күні етімді тірідей кескілеп, істікке шаншып
пісіріп жер екен деп зəресі ұшып, күтіп жүргені есінде... Сөйтсе, мұндағы
жұрт мұның етіне зəру болып, аш жүрген адамдар емес екен, алдындағы
малын айдай алмай жүрген, дүниедегі ең бай, əрі қой аузынан шөп алмас,
ең аңқау, жуас халық боп шықты. Қайта, керісінше, жаңа əміршінің
қаһарына ілігіп кетпейік деп, олар бұдан қорқып жүріпті. Қазір ойласа
соның бəрі көрген түс сияқты. Бұл қазақ ортасына келіп, жарым патша
атанып, ел билеп тұрғанына да, міне, отыз жылға жуық уақыт өтіпті.
Бəлкім, көк тəңірісінің бұған берген абыройы шығар, содан бері бұл
өлкеде бірде-бір қақтығыс, не елең етер ереуіл болмапты. Қой үстіне
бозторғай жұмыртқалаған, мамыржай бейбіт жылдар өтіпті...Ал осы уақыт
ішінде ішкі өлкелерде, сарай маңында қалған Маншың ұлықтарының
көрген күнін итке берсін. Олар содан бері өзара қырқысқан билік
таласынан, қан төгіс соғыстан, шет мемлекеттерден масқара болып
жеңілуден, соның айыпкер кінəлысын іздеп, бірін-бірі аттырып-
шаптырудан көз ашқан жоқ. Айдарынан жел ескен небір көкжал төрелердің
басы жаңғырықта қалды... Ши-амбы қазір сол алмағайып, аласапыран
дүниеден өзін дер кезінде алып кетіп, осынау тыныш түкпірден бір-ақ
шығарған тағдырына дəн риза болып, күніне неше мəрте тəубе келтіреді.
Қазір астанадағы сарай маңында да кісі қызығатын ештеңе қалған жоқ.
Жесір патшайым Цыси билік жүргізген соңғы отыз жылдың ішінде
Маңшың өкіметінің беделі күрт құлдырап кетті ғой. Уақыт өткен сайын
Цин сарайы шет ел капиталының алдында тізе бүгуден көз ашпай,
мемлекет тізгінін ұстаудан да қалып бара жатыр. Əсіресе 1894-1895
жылдардағы қытай-жапон соғысында Маңшың əскерінің тас-талқан болып
жеңілуі зиялы қауым арасында күшті наразылық тасқынын тудырған. Көзі


ашық оқығандар монархиялық өкіметтен мүлде күдер үзіп, реформа
ұранын көтере бастады. Соңғы жылдары оқымысты философ Кан Ювэй
бастаған реформашылар қозғалысының тез етек алуы да осыдан болатын...
Бірақ бұл реформашылар істі төменнен бастауға халықты оятып алудан
қорықты да, өз идеяларын императордың көмегімен жүзеге асырмақшы
болды. Олар қытай үшін бірден-бір дұрыс жол деп конституциялық
монархияны таңдады. Кан Ювэйдің ұраны қызық еді. Ол: «Маньчжурлар
мен қытай ұлтының бірлігі, монарх пен халықтың бірлігі» деп жар салды.
Ал оның идеясының түп-төркіні осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өткен
Конфуций ілімінде жатыр еді.
Ал Конфуций ілімін ұстанушылар Қытайдың алтын ғасыры өткен
тарихта қалды деп біледі. Адамдардың моральдық жағынан ең ұстамды
кезі, халықтың тұрмысы мен адамгершілік ақыл-ойы бір-біріне сайма-сай
келетін ең кемел шағы көне заманда жатыр деген ұғым бертінге дейін
үстемдік етті. Сондықтан да бүкіл қытай ұлты жылдар бойы жалтақтап
артына қараумен келе жатыр ғой... Кан Ювэйдің де бұл үрдісті аттап өтуге
мүмкіндігі жоқ. Бірақ ол Конфуций ілімін құрмет тұта отырып, оны жаңаша
түсіндіруге, оның прогресті жоққа шығармайтын тұстарын өз саясатына
пайдалануға тырысты. Еуропа елдерінің үлгісін мысалға ала отырып,
Қытайдағы оқу-ағарту жүйесін өзгертуге, қатып қалған «Багу стилін»
күшінен қалдыруға, ел ішінде өнеркəсіпті өркендетуге шақырды.
Бұл идеялар, əрине, жасы жиырма жетіге енді толып, ел тізгінін енді-
енді қолға ала бастаған император Гуансюйге де əсер етпей қойған жоқ. Ол
жапондардан жеңілген масқара бітімнен кейін, ел ішінде өрши түскен
наразылықты қалайда бірдеңемен басуы керек еді. Өз үстемдігін сақтап
қалудың бірден-бір жолы реформашылармен одақ құру екенін ол да сезіне
бастаған. Император реформашы Кан Ювэймен достасып, жесір патшайым
Цысиге білдірмей, екеуі жасырын кездесіп жүрді.
Ақыры император Гуансюй осыдан екі-үш жыл бұрын, яғни 1898
жылдың жазында реформаны қабылдайтынын жариялап, едел-жедел
бірнеше дүркін жаңа указдар шығарды. Бұлардың ішінде: ағарту жүйесін
өзгерту, Багу стилін күшінен қалдыру, əскерді шет ел үлгісімен
қаруландыру, өндіріске кең жол ашу, шетел кітаптарын қытай тіліне
аударту, жас қыздардың аяғын таңуға тыйым салу... тағы басқа толып
жатқан мəселелер бар-тұғын. Бұл жаңалықтар бұқара халықтан жаппай
қолдау тауып, ел ішінде аз да болса серпіліс туғызған.
Өзі Цин сарайының сойыл соғар сүйеніші, таза қанды Маньчжур бола
тұра, бір қиырда жатқан Ши-амбы да реформаның əр қадамын бақылап,
кейбір өзгерістердің қажеттілігіне бұл да ден қоя бастап еді. Оның мұндай
көзқарасты жақтауына күнделікті өмірдің өзі, əсіресе, дамыған өнерлі ел
Ресеймен көрші отыруы игі əсерін тигізген. Қазір бұл басқарған Тарбағатай
өңіріне өркениеттің көп-көп жаңалықтары шығыстан емес, батыстан,
орыстардан келіп жатыр. Орыстар осыдан үш-төрт жыл бұрын Шəуешекке


телеграф əкеліп орнатты. Бұрын айлар бойы хабар-ошар ала алмайтын өз
астанасымен Ши-амбы қазір Ресей арқылы күнбе-күн тілдесетін болды.
Орыс саудасы мынау — жыл өткен сайын Шыңжанды керіп бара жатқан...
Міне, осының бəрі өз елінің патриотымын деп жүрген Маньчжур ұлығына
əсер етпеуі мүмкін емес-ті. Осындай кейбір реформалық өзгерістер
енгізбейінше, Цин династиясының өмірі ұзаққа бармайтынын Ши-амбыдай
сұңғыла саясатшы шалғайда жатып-ақ жақсы сезінген.
Бірақ, өкінішке орай, жарқ етіп жақсы басталған бұл жаңалық та ұзаққа
бармады ғой. Қытай тарихында «реформаның жүз күні» деп аталатын бір
қысқа кезең болды да, қала берді. Оның мəнісі былай болып еді.
Реформашы Кан Ювэй император Гуансюймен араласа жүріп, жаңа
идеяларды кедергісіз жүзеге асыру үшін, алдымен жесір патшайым Цысиді
биліктен тайдыру керек екенін талай рет дəлелдеп айтып жүрген. Өзіне
тізгін бермей, əлі де қысым жасағысы келетін нағашы апасынан ретін
тауып құтылу императордың өз ойында да болса керек. Тек соның амалын
таппай жүретін. Ал Кан Ювэй жесір патшайымның жаздық сарай Ихэюань
мен өзінің болашақ мавзолейін тұрғызуға қанша қаржы жұмсағанын
есептеп əкелгенде, Гуансюйдің төбе шашы тік тұрды. Осыдан кейін-ақ
император Гуансюй жесір патшайымнан қатты түңіліп, оны сарайдан
кетіруге, не болмаса «мырза қамаққа» алуға мықтап бел байлаған-ды.
Алайда жесір патшайым да оңай жау емес еді. Оны еті мен сүйегіне
дейін монархист, қарт сановник Ли Хунчжан мен армияның бас
қолбасшысы, əрі өзінің ежелгі ашынасы генерал Жун Лу қолдайды.
Бұлардың екеуі де ел ішінде өте беделді, қолдарында күш тұрған адамдар.
Ли Хунчжан — сарайдағы сыртқы істер палатасы мен астаналық Чжили
өлкесін қоса басқарып отырған нағыз көкжалдың өзі. Бұл —
дипломатиялық жұмыспен дүниенің төрт бұрышын талай шарлаған, 1894
жылы Екінші Николай таққа отырғанда Петербургқа барып, Ақ патшаға
құттықтау грамота тапсыратын Ли Хунчжан ғой баяғы. Сонда Қыстық
сарайдағы қабылдауда бүкіл қауым орындарынан тұрып, «Патшаны құдай
сақтай гөр!» деген өлеңді хормен айтқанда, былқ етпей орнында отырып
қалатын қызыл көз қырсықтың тап өзі... Ал Жун Лу болса бүкіл армияны
уысында ұстап отыр. Жесір патшайымды тақтан тайдыру үшін, алдымен
осы Жун Лудың көзін құрту керек еді.
Ол үшін император армиядағы тағы бір дөкейді өз жағына тартуы қажет.
Армиядағы білікті генералдардың арасында реформаны жақтайтын кім
бар дегенде, император Гуансюйдің назары ең алдымен Юань Шикайға
түсті. Бұл — көптен армия қатарында келе жатқан, өзі қытай ұлтынан
шыққан санаулы əскер басылардың бірі болатын. Алғаш рет Кореядағы
көтерілісті жаныштауда көзге түсіп, біраз жыл сол өлкенің билеушісі
болған. Кейін қытай-жапон соғысында жеңіліске ұшырап, Корея
жапондарға қарап кетті де, өлке бастығы астанаға абыройсыз оралған-ды.
Бірақ ол өзінің қамқоршысы Ли Хунчжанның көмегімен қайтадан санатқа


ілініп, осының алдында ғана жаңадан жасақталған төрт армияның біріне
қолбасы болып тағайындалған. Өзінше, ол да ел ішінде өнеркəсіптің
ұлғаюын жақтап, теміржол салуға, көмір кендерін ашуға капитал-қаржы
қосып жүретін. Ең бастысы, Юань Шикайдың тегі маньчжур емес, қытай
еді. Осының бəрін есепке алғанда, реформаны біреу жақтаса, сол Юань
Шиқай жақтайтын шығар деген бір үстірт ой белең алған.
Ақыры, 1898 жылы 14 қыркүйекте Тяньцзиннен арнайы шақыртылған
Юань Шикай император Гуансюйдің қабылдауында болады. Жесір
патшайымнан жасырын өткен осы бір оңаша кездесуде реформаның негізгі
мақсаты да, алдағы сарай төңкерісінің құпия жоспары да жан-жақты
талқыға түседі. Мұнда Юань Шикайға жүктелген міндет — Тяньцзинге
қайтып барысымен, бас қолбасшы Жун Лудың көзін жою, сонан соң көп
эскермен тез Пекинге оралып, жесір патшайым Цысиді тұтқындау болатын.
Егер осы тапсырманы мүлтіксіз орындаса, император Гуансюй оны
астаналық Чжили өлкесіне бастық етуге уəде беріп, соның белгісі ретінде
алтын құндақты қылыш тарту еткен... Тілі майда, əккі генерал
императордың алдында құрдай жорғалап, ертеңнен бастап іске кірісетінін
айтып, ант-су ішіп аттанып еді.
Бірақ ол былай шыға бере-ақ, император Гуансюйді сатып кетті. Сол
бетінде асығыс Тяньцзинге жетті де, арадағы əңгімені Бас қолбасшы Жун
Луге хабарлады. Генерал Жун Лу сасқанынан сол күні кеште пойызға
отырып, ертеңінде Пекинге келді де, астыртын дайындалып жатқан сарай
төңкерісінің жай-жапсарын Цысиге мəлімдеді... Одан ары не болатыны
белгілі: мына хабарды естігенде, алпыс үштегі жесір патшайым қаһарына
мініп, арыстанның қаншығындай шабынды. Ол дереу өзінің жеке
гвардиясына бұйрық берді де, 21-қыркүйек күні император Гуансюйді
қолға алды. Императордың бар қолынан келгені — өзінің досы Кан Ювэйді
Пекиннен қашырып үлгірген. Сөйтіп, реформаның бүкіл жоспары іске
аспай, жөргегінде құрып кетті.
Сол күннен бастап сарайдағы өкімет билігі қайтадан Цысидің қолына
көшіп еді. Қазір император Гуансюй Пекиндегі Наньхай көлінің ортасында,
шағын аралда мырза қамақта отыр. Тек император деген аты ғана
сақталған. Салтанатты қабылдау кездерінде, не жоғарғы император кеңесі
шақырылғанда сарайға келіп, жесір патшайымның қасында құр сүлдері
қалқайып отырады да, басқа уақытта əлгі аралдағы Иньтай деген жұпыны
сарайда қатаң күзет астында болады. Жесір патшайым оны өлтіріп те
тастар еді. Бірақ, амал не, маньчжур-қытай салтында əйелдің император
болуға қақысы жоқ...
Осының бəрін ойлағанда, Ши-амбының мұндағы өз жағдайына шүкірлік
етпеске əддісі жоқ еді. Қалай дегенмен, дəл қазір мұның халі император
Гуансюйдің жағдайынан гөрі əлдеқайда жақсы ғой. Мұнда билікке
таласып, атысып-шабысып жатқан ешкім жоқ. Бүкіл Шығыс Түркістанға
үкімі жүріп тұрған Іледегі жаңжұңнан кейінгі, Құлжа, Қашқар, Шəуешекте


билік құрған үш əміршінің бірі — осы Ши-амбы. Тек жатса-тұрса көк
тəңірісінен жалбарынып тілейтіні, ендігі қалған аз өмірін осынау шалғай
түкпірде пəле-жаласыз, тыныштықпен өткізсе болғаны.
Ши-амбы ішкі жақтағы кейбір достарынан хат алып тұрады. Солардың
айтуына қарағанда, Пекиндегі сарай маңын жағалаган, немесе орталық
өлкелерде басшы қызмет атқарып жүрген маньчжур əкімдерінің жағдайы
қазір де кісі қызығарлық болмаса керек. Үкімдар төрелердің бірталайы
кезінде реформашыларды жақтағаны үшін қудалауға ұшырапты. Аман
қалғандарының өзі ай сайын құбылып тұрған саяси науқандардың
қайсысына ілігіп кетеміз деп, қыл үстінде қылпылдап жүрген көрінеді.
Реформашылардың əлегінен енді құтылдық па деп жүргенде, император
сарайы тағы бір айықпас пəлеге душар болды. Сол 1898 жылдың күзінде
бүкіл Қытайды қамтыған Ихэтуаншылар көтерілісі бұрқ ете түсті.
Бастарына кілең қызыл орамал байлап, белдеріне қызыл баршадан белбеу
буынған шаруалар тұс-тұстан тасқын селдей қаптап, астанаға қарай
жорыққа аттанды. Көтерілістің басты мақсаты — Қытайдың ішкі
қалаларын керіп бара жатқан шетел капиталының тасқынын тоқтату
болатын. Баяғы 1840 жылғы «Апиын соғысынан» кейін-ақ, Еуропадағы ірі
мемлекеттер сауданың түр-түрін ұлғайтып, бүкіл ішкі Қытайды өз
тауарларымен жаулай бастаған-ды. Ал сексенінші жылдардағы қытай-
француз соғысы мен тоқсаныншы жылдардағы қытай-жапон соғысынан
кейін, шет ел капиталистері бұл елдің қыр желкесіне біржола мініп алған.
Теңіз жағасындағы ірі порттар мен жол торабындағы үлкен қалалар
солардың қарауына көшті. Еуропалықтар Қытайдың экономикасын ғана өз
шеңгеліне алып қоймай, саяси-əлеуметтік, моральдық жағынан да қысым
көрсете бастап еді. Ірі қалаларда шіркеулер салынып, христиан дінін
уағыздаушы миссионерлер қаптап кетті. Оған қоса ел ішін ашаршылық
жайлап, сол жылы жеті ағайынды жұт қатар төнген. Осының бəрі жиналып,
жас шаруалар мен зиялы қауымның қатты қарсылығын туғызып еді. Олар
ең əуелде Шаңдун өлкесіндегі екі неміс миссионерін өлтірді де, сол
ұшқыннан лаулаған өрт кешікпей бүкіл Орталық Қытайды шарпыды.
Цин сарайы тағы да екіге жарылды: Маншың əкімдерінің бір бөлігі
көтерілісшілерді жақтаса, екінші бір тобы шетелдіктермен қатынасын үзгісі
келмеді. Олар осылайша бірлікке келе алмай, екі ұдай күйде отырғанда,
көтерілісшілер Пекинге басып кірді. Шетелдік шіркеулерді қиратып,
дүкендерді өртеп, шеттен келген бұйымдарды үйіп қойып отқа жақты.
Қолдарына түскен шет ел адамын да тергеусіз, сұраусыз өлтіре берді.
Пекиндегі əртүрлі елшіліктердің адамдары мен христиан дінін қабылдаған
қытайлар Америка елшілігінің қорғанына қашып кіріп, бас сауғалауға
мəжбүр болды. Əрине, мұны көрген шет мемлекеттер де қарап қалған жоқ:
ағылшын, француз, орыс, жапон, американ солдаттарынан құрылған қырық
мыңдай əскер жағалауға түсіп, Қытай астанасына қарай шап-шаң жылжып
келе жатты.


Бұл кезде екі оттың арасында қалған император сарайындағылардың да
бастары қатып болған-ды. Жесір патшайым Цыси, басында жағдайды анық
мөлшерлемей, көтерілісшілердің күшімен шет ел капиталынан құтылуды
ғана ойлап, христиан дініндегі адамдарды ер-əйел, кəрі-жас демей, түгел
қыруға əмір берген. Ал одақтастар армиясының астанаға таяп қалғанын
естігенде, мүлде басқа əуенге көшіп, енді ихэтуаншыларды жаныштау
жайында жаңа бұйрыққа қол қойды. Арасына ай түспей іркес-тіркес
шыққан бұл екі бұйрықтың қайсысын орындарын білмей, əр жердегі əскери
құрамалардың да миы айналып кетіп еді.
Жақсы жарақталған шет елдің одақтас армиясын көтерілісшілер де,
өкіметтің тұрақты əскері де бөгей алған жоқ. Олар өткен жылы 14маусымда
Тяньцзинді, 16 тамызда Пекинді басып алды. Жесір патшайым Цыси содан
бір-ақ күн бұрын қасына сарай адамдарын алып, астанадан қашып шыққан-
ды. Қуыршақ император Гуансюйді де қалдырмай, өзімен бірге ала кетті.
Олар сол қашқаннан батыс-терістіктегі Тайюан қаласына келіп, əзер
дегенде ес жинаған. Жесір патшайым өз нөкерімен осы қаланы қыстап,
шетелдіктермен бітім жасалғаннан кейін, астанаға осы таяуда ғана оралған
көрінеді.
Маншың өкіметі кейінгі кезде кіммен соғысса да, одан жеңілмей, сол
үшін айып төлемей кеткен жері бар ма. Бұдан бұрын да талай масқара
бітімге қол қойған кəрі дипломат Ли Хунчжан бұл жолы да он екі тармақты
тағы бір əділетсіз келісімге көнуіне тура келді. Бұл бітім бойынша Цин
сарайы тағы бірнеше теңіз портын капиталистік елдерге арендаға берудің
сыртында, соғыс шығыны үшін, жүз миллиондаған лян айып төлеуге тиіс
болды. Бар шығын ақшамен бітсе ештеңе емес-ау, соғыста үстем шығып,
əбден дандайсып алған шетелдіктер енді осының алдында ихэтуаншыларға
бүйрегі бұрған сановниктерді шетінен жазалауды талап етті. Амалы
құрыған жесір патшайым бұған да көніп, сарай маңындағы ондаған
бекзадаға қатал үкім шығаруға мəжбүр болды. Император əулетінен
саналатын небір ақсүйек князьдар мен уандарды «өзін-өзі өлтіру»
жазасына кесті. Əлгілердің ішінен тек князь Дуаньді ғана тірі қалдырып,
шығыс Түркістанға жер аударып-ты. Өзінің туған атасының қызын алып
отырған күйеу баласын қорғап қала алмағанына қарағанда, жесір
патшайымның қолында да бəлендей күш қалмағаны айтпаса да түсінікті.
Осы хабарды алғаш естігенде, Ши-амбының төбе шашы тік тұрып, жаны
түршігіп кеткен. Өзінің мынадай аумалы-төкпелі, жаугершілік заманда
орталықта болмағаны үшін, тəңіріне мың да бір алғыс айтып еді. Жаңағы
жазаға тартылған уандар мен князьдардың біразын бұл сырттай жақсы
білетін-ді. Кейбіреулерімен қызметтес, табақтас болғаны да бар. Бір кезде
солардың қай-қайсысы да тастары өрге домалап тұрған, беттеріне жан
қаратпайтын, шетінен көкжал төрелер болатын. Сол ақсүйек бекзадалардың
басына бұлт үйіріліп, өз жандарын қорғай алмауы — демек империяның да
басынан бақ тайып, құрып бітуге айналғаны ғой. Егер мұның жұлдызы
оңыннан туған шын бақытты жан екені рас болса, империяның күйреп,


шаңырағы ортасына түскен сол бір қаралы күнді көрмей-ақ, ертерек жолға
түскені жөн...
«Демек, шалғайдағы Тарбағатай аймағы — менің жай қызмет орным
ғана емес, тұтас тағдырым екен-ау? — деп түйді Əмірші өзінің кабинетінде
оңаша отырып. — Дүниеде Ши-амбы деген біреу барын орталықта
отырғандар əлдеқашан ұмытқан шығар. Енді мені жақсылайтын да,
жамандайтын да, өлгеннен кейін жылы көңілмен еске алатын да — осы
аймақтың адамдары болмақ. Сондықтан өз өмірімде бір той өткеріп, əл-
куатымның барында осы елмен жақсылап бір қоштасқаным дұрыс болар».
Ұзақ жыл көшпенділер ортасында өмір кешкендіктен, Ши-амбының
бойында қазақтан жұққан да көп мінездер бар еді. Оның ағыл-тегіл той
жасап, бір шашылғысы келуі де — сол қазақы мінездің нышаны. Осы елдің
өз байлығын өзінен аясын ба, жұрт қалағанынша ішіп-жеп, сауық-сайран
құрып, кейін айта жүретіндей бір көңілді жиын болсын деген.
Бүгін ол алдағы салтанатқа шақырылатын адамдардың тізімін қарап
отыр еді. Қырдағы төрт үкірдай ел қазақ пен бір үкірдай ел қалмақтың игі
жақсыларына түгел сауын айтылмақ. Олардан басқа осы маңайдағы
маньчжур мен сібе-солаңның басты адамдары — халдайлар, қаладағы орыс
консулы бастатқан ресейлік ірі саудагерлер қатысады. Дастарқанға
отыратындардың жиын саны мыңнан кем түспес... Мерекенің өту тəртібі
қазақтың ас пен тойына ұқсап кетіп жүрмей ме? Мейлі, солай-ақ болсын.
Тойды басқаруды үкірдайлардың өздеріне тапсырады. Ал бас асабалыққа
Демежаннан ыңғайлы ешкім болмас. Төртуылдың бұл үкірдайы қазір өте
көңілді жүр... Бет-бедел жағынан бұл аймақта оның алдына түсетін кім бар,
шынында?!
Тізімнің аяқ шенінде жаңа байып, қоттанып келе жатқан бірнеше қытай
саудагерлері тіркеліпті. Ши-амбы солардың тұсына келгенде сəл ойланып
қалды да: «Мейлі, түптің түбінде ел иесі осылар ғой. Бұлардың да
қатысқаны жөн» деп шешті ақыры. Ешкімнің де бұған өкпе-наласы
болмасын... Сөйтіп отырғанда есіне əлдеқалай Ли-шансың орала кетті.
«Ой-я, бұл байғұсты мүлде ұмытып кете жаздаппын-ау! Қазір соның күйі
не болып жүр екен өзі?» деп ойлады ішінен. Тізімнің ен соңына үш
иероглифтан тұратын Ли-шансыңның атын бадырайтып жазды да, қағаздың
аяғына өзі қол қойды.
II
Жердің көгі жетіліп, ел жайлауға шығар алдында, Шəуешек қаласы
жасыл нуға оранып, жас арудай жасанып тұрған бір шақта, жұрт аузында
көптен сөз болып жүрген сол тойдың да өтетін мерзімі жетіп еді.
Той негізінен жаңа жамбылдың ішінде өтуге тиіс. Əр қабырғасының
ұзындығы бір шақырымнан асатын, үстінен жүкті арба еркін жүре
беретіндей, қалың дуалды, мықты бекініс қазір саңғырап дайын тұр.


Батысы мен шығыс кіре берісінде қарулы күзет тұратын ауыр шойын
қақпалары, 
бұрыш-бұрышында 
қарауыл 
мұнаралары 
мен 
айнала
дөдегесінде атыс ұялары бар, айналасы ат шаптырым алып қорғанның дəл
ортасын жаңағы қақпалардан кіретін күре жол жарып өтеді. Сол жолдың
теріскей жақ жартысына үкімет кеңселері, ұлықтар тұратын үйлер түскен-
ді. Жақында Ши-амбы бастатқан аймақ əкімдері жаңа қонысқа көшіп те
алған. Солардың қауіпсіздігін сақтайтын қала гарнизоны мен қорған
ішіндегі қорған сияқты, қоршауы бөлек, темір қақпалы түрме де бекіністің
осы жақ қапталында.
Ал қорғанның түстік жағы əзірше ештеңе салына қоймай, теп-тегіс
жасыл алаң күйінде бос жатыр еді. Той қарсаңында сол алаңға қаз-қатар
көше тəріздендіріп, қырық-елу үй тігілді. Бұлардың бəрі де əр үкірдай
елден таңдап əкелінген ою-өрнекті, əлі қылау шалмаған аппақ отаулар.
Қала мен даладан шақырылған құрметті қонақтарын аймақ əміршісі, міне,
осы арада күтіп алмақ.
Жұмсалып жатқан қаржы, төгіліп жатқан дəулетте есеп жоқ. Қазір
мемлекет қазынасы қайсы, Ши-амбының өз меншігі қайсы, ажырату қиын
боп, ара-жігі қосылып кеткен. Сонша жылдан бері тұс-тұстан науалап
құйылған ең байлықты аясын ба: осында əнеугүннен бері əлденеше ту бие,
ту сиыр, көп-көп қойлар сойылып, соны пісіріп-түсіруге қала мен қырдың
бармағынан бал тамған небір шебер аспаздары келіп орнағанына да едəуір
уақыт болған.
Белгіленген мерзімде тойға шақырылғандар қалаға топ-тобымен
ошарылып келіп жатты. Төрт үкірдай ел қазақ пен бір үкірдай ел
қалмақтың зəңгі, елубасы, старшын-билері тайлы-таяғы қалмай түгел
келіпті. Ши-амбыдай ұлықтың тойына барудың өзі бір үлкен дəреже
секілді. Жəне солардың бəрі де құр қол емес, жаңа жамбылдың көрімдігі,
əміршінің қуанышына қосқанымыз деп, тоғыз-тоғыздан сый-сыяпат, тарту-
таралғы əкеліп жатыр. Айғыр үйірімен жылқы, тайтұяқ жамбы, сəйгүлік ат
əкелгендер қаншама. Кіріс-шығысты шағып есептесең, сырттан құйылып
жатқан тойлық-сыйлықтар той шығынын он есе орап алатыны даусыз еді.
Той дегені жай сылтау, мұның өзі жеп қалудың, асап қалудың амалы десе де
болғандай. Халықтың сүт бетінде қаймағын, қолындағы жылтырағын
сыпырып алғысы келгенде, хан-төрелердің осылай той өткізе қоятын əдеті
емес пе.
Қазіргі үкірдайлардың дені кейінгі буыннан шыққан жас жігіттер. Жас
буыннан билікке алдымен келген Демежан еді. Соның артынан көп
кешікпей, Жұмықтың үкірдайы Еңсе көзінің тірісінде-ақ өз орнын баласы
Таңғытқа түсіп берген. Бұл күнде үкірдайлардың ең жасы да — жиырма
беске жаңа келген сол Таңғыт болатын. Мəмбеттің тұңғыш үкірдайы
Жалбағай өлген соң, оның орнына екі-үш жылдай Түйеші отырып еді.
Өткен сайлауда билік басына баяғы Отыншы бидің немересі Шəйі келіп
орнықты. Ал Тарбағатай өңіріндегі он сұм ойраттың тізгіні соңғы жылдары


қағылез жас жігіт Маданның қолына өткен. Бұл жас үкірдайлар да ұлыққа
жағып қалатын, көрініп қалатын тұсым осы деп, мол-мол сыйлықтармен
келген.
Бұлардың арасында ауыспай ескіден келе жатқаны — Керейдің үкірдайы
Мамырбек қана. Бұл күнде жасы алпысқа таяп қалған Мамырбек төре кілең
жастардың арасында бір түрлі одағайланып, оқшау көрінеді. Оның да
билікті басқа біреулер тартып алмай тұрғанда, өз орнын үлкен ұлы
Тұрысбекке өткізетін ойы бар секілді. Бірақ олай етуге əзірше ел ішіндегі
қырқысқан билік таласы мүмкіндік бермей жүр. Қазір төре десе құлдық
ұрып тұратын баяғы момын Керей жоқ.
Жуан ата Жантекей, Шеруші, Меркіттен шыққан: Көбен, Отаршы,
Шөкібай сияқты азулы атқамінерлер үкірдайлық мансап Мамырбектің
тақымынан сəл босаса болғаны, қапысын тауып, жұлып əкетуге дайын тұр.
Дегенмен, арыдан ойлайтын əккі төре осы жолы ұлықтың пейілі түсіп
тұрған көңілді шағын пайдаланып, өзінің көптен ойында жүрген сол
шаруасын тындырып қайтуға бел байлаған. Əр қадамын аңдыған Керейдің
бақталас жуандарын секем алдырмау үшін, осы тойға келгенде көзге
түсетін ештеңе əкелмей, ұлыққа деген сыйлығын жасырын жолмен
жіңішкелеп өткізіпті. Бодауына кейін жүз елу жылқы беретін болып,
қаладағы Ыбырай байбатшаның қоймасынан елу күміс жамбыны санап
алыпты да, Ши-амбыға өз қолымен тарту етіпті. Жамбыны арбаға тиеп,
астыртын əкелісіп берген адам — Бабалық екен. Сол кеше той басталар
алдында Демежанға жолығып, осының бəрін сыр қылып айтып еді.
Қазір Мамырбекте сондай бір астыртын əрекет бары рас секілді. Бұрын
үнемі салқын қабақ танытып, сырттай сызданып жүретін төренің бұл жолы
Демежанға деген шырайы да түзеліп қапты. Жасы, жолы үлкен болса да,
кеше бұған жалбарақтап, өзі келіп амандасты.
Өткен қыста Демежан салбурынмен Барлыққа бүркіт сала барғанда,
Мамырбектің «Көкбалақ» аталатын атақты қыранына көзі түсіп, сол
бүркітін сұрап кісі салған-ды. Онда да құсбегілердің қыздырмасымен,
бүркітті берсе берер, бермесе арамыз күлбілтеленбей ашық жүрсін деген
оймен, жəй немкетті сəлем жолдаған. Бірақ Мамырбек қыранын қимай,
«баламның бəсіре құсы еді» деп, жіберген адамын құр қайтарыпты.
Демежан сол үшін көп күйінді болмай, оны əлдеқашан ұмытып та кеткен.
Енді, міне, сол қылығына кешірім сұрағандай, бүркіттің жайын
Мамырбектің өзі еске салып тұр.
– Биыл «Көкбалактың» бабы ойдағыдай. Амандық болса күзге дейін
түлектен өткізіп, зар күйіне келтіремін де, өз қолыңа табыс етемін. Ол
қыранның ендігі қызығын өзің көресің, — дейді арада ештеңе болмағандай.
Демежан бұл арада көп шешіліп сөйлеген жоқ, төреге жай алғыс айтты
да қойды. Мамырбектің де арғы ойы белгілі: ұлықтың көмейін қанша


тығындағанымен, өз ұлының үкірдайлық орынға Демежансыз өтпейтінін
біледі. Ши-амбы өз жұмысын жеңілдету үшін, соңғы жылдары қазақ
арасының көп билігін Демежанға беріп қойған-ды. Сайланатын үкірдай,
зəңгі, елубасылар алдымен осының мақұлдауынан өтуі керек. Сондықтан
қазір жалғыз Төртуыл ғана емес, былайғы Мəмбет, Жұмық, Керей
жуандары да Демежанмен санаспай тұра алмайды. Ши-амбының бүкіл
қазақ, қалмақ, сарт-ноғай, сібе-солаң қатысқан мына тойдың тізгінін басқа
емес, Демежанға ұстатуы да жұрт алдында оның, атақ-абыройын асыра
түскен.
Бірақ дəл қазір Демежанның рухын үстем етіп, мерейін, тасытып тұрған
— шексіз билік те, шен-шекпен де емес, мүлде басқа қуаныш. Осы
жақында ғана көптен жанын жегідей жеп, маза бермей жүрген бір арманы
орындалды. Ши-амбының өзіне деген ерекше ықыласын, биылғы мереке
қарсаңындағы шадыман шағын пайдаланып, Абдыра мен Қараүнгір
өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаң-жұңына
бекіттіріп алды. Көп қиындықпен, ұзақ жылғы айтыс-тартыспен қолға
түскен сол құжат қазір мұның омырау қалтасында тұр. Осы сəтте
Демежанның көкірегін ду-ду қыздырып, көңілін көкке ұшырған сом
олжасы, үлкен қуаныш-жеңісі де сол құжат-қағаздар болатын.
Той мерекесі кешелер басталған. Кеше қыр елінен келген сый кісілер
осында өздеріне бөлінген үйлерге түсіп, қонақ-асыларын жеп, дуылдасып
жатты да, бүгін таңертеңнен бастап, қаланың батыс жағындағы Бəйге-
төбеге барып, ат шабысы, палуан күресі, жамбы ату, теңге ілу секілді
əртүрлі ойындарды тамашалады. Ішкеріден аспалы арқанның үстінен
жорғалайтын, маймыл ойнатып, жылан билететін сиқыршылар келген екен,
көпшілік қауым солардың өнерін көріп есі кетті. Енді, міне, түс ауа
қонақтар жаңа жамбылдың ішіне қайта жиналып жатыр. Осы арада
ұлықтың салтанатты дастарқанынан соңғы рет дəм татып, тойтарқар
отырыс жасамақ.
Демежан қазір қасына Шəйі, Таңғыт, Мадан сияқты жас үкірдайлар мен
сібе-солаңның басшысы Шихалдайды алып, тойға келген əp рудың
адамдарын қарсылап тұрған-ды. Осындағы көмекші-даяшы жігіттерге
қысқа-қысқа бұйрық айтып, ел-елден келген қонақтарды өздеріне бөлінген
үйлерге жеке-жеке түсіртіп жатыр. Бұлардың сыртында қаланың бай
саудагерлері, орыс елшілігінен шақырылған кісілер, халдайларын алдына
сала келген сібе-солаң əулеті де бар. Оларды да отыратын орны, ішіп-
жейтін ас суына қарай бөлек-бөлек жайғастыруға тура келеді... Ши-амбыға
қолы жетпегендер алдымен Демежан бастаған осы топқа сəлем беріп, тойға
«құтты болсын» айтып, сонан кейін ғана үй-үйлерге беттеп барады.
Мəмбеттің үкірдайы Шəйі Демежанмен құрдас, екеуі қатты қалжыңдаса
беруші еді. Сол Шəйі тілін шайнаңқырап, баппен сөйлейтін əдетімен осы
арада тұрып, бір оқшау əзіл айтты.
– Кешеден бергі ұлы жиын өзінше бір ас сияқты болды-ау.IV.Бұл


Құлыстайда исі қазақ қана емес, өзге де ұлт-ұлыстардың басын қосқан
бұрынды-соңды дəл мұндай дүбірлі той болды ма екен?.. Ши-амбы саған
екі дүниеде разы шығар, Демежан. Осы сен өкіл əкеңнің асын көзі
тірісінде-ақ өткеріп жіберейін деп тұрған жоқсың ба?! — деп өзі де күліп,
басқаларды да ду күлдірген.
Бұл сөздің төркінінде: «Ши-амбыға бізден гөрі сен жақынсын. Соның
тəрбие-тəлімін сен көп көргенсің» деген астарлы ажуа да жатыр еді.
Демежан сөз уытын бойына дарытпай, іле жауап қатты.
– Ши-амбы маған өкіл əке болғанда, сенің де бөтенің емес-ау, Шəйі.
Бөтенің болса Мəмбеттің қалың көкала жылқысын айдап, дəл бұлай
шабылар ма едің? — деп бір күліп алды да, Шəйінің қызарып кеткенін
сезіп, сөз аяғын əзілге сүйеп, жуып-шайған болды. — Бірақ, не десең де,
осы шалдың қадірін өлгеннен кейін бір-ақ біліп жүрмейік. «Қайран, кең
қолтық атам-ау» деп нағыз жылайтын кезін, əлі алда, — деген-ді.
Оны қасында тұрған қалмақ үкірдайы Мадан іле қостады.
– Рас айтасыз. Осы шалдың қадамы əзірше қазақ-қалмаққа құт болып
тұр-ау. Мұның орнында əпербақан, ұрда-жық біреу отырса қайтер едік, —
деп түрі қалмақтан гөрі қазаққа келіңкірейтін, шарға бойлы, ақ құба жігіт
өзінше бір ой тастады.
Осы кезде бұлардың қасына қаптал шапанды, шошақ тымақты бір топ
адам жақындап келе жатты. Төртуылдың ру басы зəңгілері. Араларында
Ежебай, Көксеген, Тыныбай, Мəжендерден басқа, Ысқақ, Байсерке сияқты
жас атқамінерлер де бар. Бұл келгендер өзге үкірдайларға қол беріп,
амандасты да, Демежанды өзімсініп оңашалай берді. Өздері жеке бір топ
болып, өзге жұртқа бір жөн көрсетіп қалу үшін əдейі келген сияқты. Қарт
Ежебай басқалар естісін дегендей, саңқылдай сөйлеп:
– Ал той құтты болсын, Демежан шырағым! Ши-амбыға біздің қолымыз
жете бермес. Бірақ бұл тойдың бас иесі де, ұлықтың оң көзі де өзін боп
тұрсын ғой қазір. Қайырлы болсынды саған айтсақ та жетер... Бұл да
атаның аруағына, біздің Төртекеңе қонған бір бақ шығар. Илəйім, құдай-
тағала осы абыройдан айырмасын! — деп өзінше бір шүкірана сөз айтып,
бата бергендей болды.
– Аумин, айтқаныңыз келсін. Бірақ бұл менің қуанышым емес, ұлықтың
тойы ғой, Ежеке-ау, — деп Демежан жымиып күлді. — Біздікі жай тік
тұрып қызмет көрсету ғана...
– Е, тəйірі, бəрібір емес пе. Бұл күнде Ши-амбы екеуіңді бөлетін кім
бар? — деп Ежебай өз тобын бастап киіз үйлерге қарай бет алды.
Соңғы жылдары Төртуыл іші өзара ымыра-бітімге келгендей бір
дүмбілез күйде еді. Демежанның қарғыс жетпес, тым биікке көтеріліп


кеткенін сезген ел жуандары оның артынан жұдырық түйіп, күңкіл-күбір
өсек таратуды азайтып, амал жоқ, оның қанатының астына қайта жинала
бастаған. Ана жылы Керімбай өлімі үстінде Ысқақ аузынан айтылған
ғайбат сөз кейін біраз əңгіме болып, оның ақыры Ысқақты əкеліп мұның
аяғына жығумен тынды да, бұдан ары Демежан да артық-ауысты жіпке
тізіп, кек қуалап жатпады.
Оның есесіне, Демежан енді шындыққа кетіп еді. «Адам баласы дүниеге
келгенде өз руының, ата-анасының кім болатынын таңдап алмайды ғой.
Бұл да менің, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай, елден ерек бір
болмысым шығар» деп өз тағдырына біржола мойын сұнған-ды. Жалған
намысты былай жиып қойып, өзінің бұл елге жиен екенін, Төртуылдың
қызынан туғанын жұрт алдында қасақана айтып жүретін болды. Осыдан
көп жыл бұрын, бұл ес білмей тұрғанда қаза тапқан бақытсыз анасы
Гүлдерайымның қабірін тауып, басына əшекейлеп тұрып күмбез
орнаттырды. Қазір Қараүңгір өзенінің аңғарында тұрған сол биік күмбез
«Қыз бейіті» аталады.
Демежан тіпті онымен де тоқтамай, өзінің дүниеге келуіне себепкер
болған баяғы белгісіз Меркіт жігітіне де сұрау салып, көп іздестірген. Бірақ
ол тірі қалмаған екен. Алтайға қайтып барған соң, алпысыншы
жылдардағы дүрбелеңде жау қолынан қаза тапқаны анықталды... Ақиқатты
тыққыштамай ашық айтқан жерде, сыпсың сөз, өсек-аяң да жайына қалады
екен ғой. Қазір Демежанның ата-тегі, руы жөнінде неше алуан лақап
тарататын ең желім ауыз өсекшінің сөзі де жаңалық болудан қалып, ешкім
тыңдамайтын болып еді.
Бұл ағайындар да қызық қой. Төртуыл жуандары мұны Керейсің,
кірмесің деп кемсітіп, шетқақпай, қысым көрсетіп жатқан сол бір тұста,
Майлыдағы Керей ішінен Демежанға арнайы елші келіпті: «нағашы жұрты
сыйдырмаса, өзімізге келсін. Қандас туысымызды далаға тастар жайымыз
жоқ. Төртуылдың ішінде көзтүрткі болып жүргенше, өзіміздің Керейге
келіп үкірдай болсын. Бізді тек мына Мамырбек төренің тепкісінен
құтқарса болғаны...»деп Керейдің игі жақсылары сəлем айтыпты.
Бірақ Демежан бұған да еліге қоймады. Алыстан іздеп келген
туыстарына: «мен тіпті Төртуыл да, Керей де емеспін. Мен — бар болғаны
адам баласымын. Ұлтым — қазақ, соны ғана білемін. Қолымнан келсе исі
қазаққа жақсылық жасағым келеді. Менде қазір одан басқа ұран да, ұғым да
жоқ» деп сыпайы жауап қайтарған. Содан бері ол жақтағы ел де Керей
ұранын шақырып, мазалағанын қойды...
Енді біраздан соң, қонақтар киіз үйлерге тегіс орналасып болған кезде,
алдарына той сыбағасы — əртүрлі тағамдар тартыла бастаған. Не жоқ
дейсің бұл дастарқан басында: қытайдың неше алуан қуырдағы мен сəйі,
қазақтың қазы-қартасы, ұйғыр-өзбектің мəнтісі мен палауы қатар түзеп, бас
түйістіргендей болып еді. Ақтарылып ішіліп жатқан саба-саба қымызда
есеп жоқ. Қаланың қара таяғы мен бай саудагерлер, маньчжур, сібе-солаң


түскен үйлерде арақ-шарап шөлмектері де сапқа тұрып, бір шетінен босап
қайтып жатыр.
Өзге үйлерден оқшауырақ тігілген, сəн-салтанаты ерекше, айналдыра
биік үстел қойылған, сегіз қанат ақ үйде осы аймақтың басты адамдары
отыр еді. Қақ төрдің төбесінде — той иесі Ши-амбының өзі. Оң жағында —
орыс консулы Борнеман, сол жағында — Шихалдай. Солардың тізесін баса,
екі жақ бүйірден Мамырбек, Демежан, ІІІəйі, Таңғыт, Мадан үкірдайлар
жайғасса, осыларға қарама-қарсы Бахалдай, Дохалдай, Кехалдай сияқты
айдарлы алпауыттар орын алған. Рамазан Шəнішев, Мұрауыт бай, Хасен
ақсақал, Ыбырай байбатша секілді қаланың ірі бай саудагерлері де осы
ұлықтар қасында болатын. Жаңағы аталған ас-судың ең жылы-жұмсағы
мен тəтті-дəмдісі алдымен осы үйдегілердің алдына тартылып, басқа
үйлерге сонан кейін ғана кезек тиіп жатыр.
Ши-амбы соңғы жылдары сақал-шашы түгелге жуық ағарып, қатты
толып, семіріп кеткен-ді. Іркілдеген төртпақ денесі ашыған қамырдай
қабарып, оған бұғақты қысқа мойын тұтасып, шар тəрізді домаланып
қалған. Бүгін ол үстіне салтанат кезіндегідей екі өңірі мен етек-жеңіне
қырғауыл бейнесі зерленген, көлкілдеген қызыл, сары жібек желең киіп,
басына қызыл жақұт тасы бар, алтын зерлі, шошақ төбелі, айыр қалпақ
қондырып алған екен. Мына қалпында қолдан үйіп, балшықтан соғып
алған осы елдің пұт-құдайын еске салады. Ол қазір май басқан бітік көзін
ашып-жұмып, алдындағы тамаққа да бой салып кіріспей, қонақтардың
қошемет-қолпаш сөздеріне үнсіз құлақ қойған кейіпте, бір тəкаппар күйде
отыр.
Ал Ши-амбының қасындағы сыптай денесіне ақ көйлек, қара фрак
киген, биік жал тұмсығының үстіне алтын жиекті пенснесін қондырып,
оқтау жұтқандай сіресіп отырған консул Борнеман қазір мына топтың
арасында мүлде бөлек, бейне басқа планетадан келген адам тəрізді. Оқта-
текте той иесіне жылы шыраймен жымия түсіп, жай тіл қатқаны болмаса,
ол да сүйекке біткен сырбаздықпен паңдана керіліп, əйелдің қолындай
салалы, аппақ саусақтарын алдындағы тағамға сирек созады.
Əсем өрнекті қытай хрусталынан жасалған əдемі ыдыстарға шарап
толтырылып, қонақтардың алдына түгел тарап болған кезде, Ши-амбы
орнынан тұрды да, дастарқанның беташары ретінде, қысқаша сөз сөйледі.
Ол екі империяның шекарасында тұрған осынау шалғайдағы Шəуешек
шаһарының жыл өткен сайын көркейіп, өсіп келе жатқанын баяндап келді
де:
– Бірақ, өздеріңіз білесіздер, біздің салтымызда бекініссіз қала —
сауытсыз сарбаз секілді немесе əшекей тағынбаған əйел сияқты ма, əйтеуір,
бірдеңесі жетпей тұрады. Міне, құрылысы ұзаққа созылып, көп күттірген
бекіністе салынып бітті. Енді Шəуешекті де нағыз қытай қаласы деп
ұялмай айтуға болады. Мен сол қамалдың алғашқы іргетасын өз қолыммен
қойып, соңғы кірпішін өз қолыммен қалағанымды мақтаныш етемін. Жəне


өзімнің жана ғасыр табалдырығына аман-есен жетіп, осынау той мерекесін
сіздермен бірге тойлап отырғаныма өте бақыттымын! — дей келіп, осы бір
түкпірдегі шағын қалаға айрықша көңіл бөліп, көз қырын салып отырған
Еженхан мен Ақ патшаның денсаулығына тост көтертті.
Сонан кейінгі соз кезегі консул Борнеманға тиіп еді. Ол да екі ел
арасындағы достықты, тату көршілік қатынастың күн санап дамып келе
жатқанын, құдіретті Ресей қашанда өз достарына қол ұшын беруге əзір
екенін тəптіштей келіп, соның бір айғағы ретінде, былтыр ішкі өлкелердегі
ихэтуаншылар бүлігін басуға орыс əскерінің де белсене атсалысқанын еске
салып өтті. Сонан соң қасында отырған той иесіне қарап сəл иілді де:
– Кəнеки, мына тосты Еженханның осындағы төтенше өкілі, Тарбағатай
жəне Алтай аймақтарының əміршісі, ширек ғасырдан бері қол астындағы
барша халықтың қамқор əкесі боп келе жатқан біздің аяулы досымыз, ұлы
мəртебелі Ши-амбы мырзаның денсаулығы үшін көтерейік, — деді сөзінің
соңында.
Соны айтып, əлі де бұл елдің салтына ене қоймаған бір тəртіппен,
қолындағы бокалды жұртпен жағалай сыңғыр-сыңғыр соғыстырды да, өзі
тамшысын қалдырмай тартып жіберді. Басқалар да жапа-тармағай
орындарынан тұрып, əркім алдындағы шараптан қалағанынша ауыз тиіп
жатты.
Бұдан кейін де той иесі Ши-амбыны мадақтаған, жаңа жамбылдың
бітуімен құттықтаған қошемет сөздер көп айтылды. Халдайлар əулетінен
Шихалдай, қазақтар атынан Мамырбек, қалмақ жұртынан Мадан, қала
байларының арасынан Рамазан Шəнішев сөз ұстаған. Дастарқан басқарып
отырған Демежан осыдан кейін ресми сөздерді доғарса да болар деген ойға
келіп еді. Бірақ дəл қарсысына күбідей боп қонжиып алған Дохалдай қайта-
қайта сөз сұрап, қылқылдап қоймады. Ол қазір өзіне арнайы сөз бермеген
той иесі Ши-амбыға да, асаба Демежанға да иттей жыны келіп отырған.
Сол іштегі қыжылмен алдындағы ақырған қытай арағын бірнеше рет түбіне
дейін тартып жіберген-ді. Дохалдай өзіне кезек келгенде əжептəуір қызу
болатын. Төбе шашын тоқпақтай қып өріп тастаған, еңгезердей шойын қара
өз сөзін маньчжурше бастап, одан қытайшаға ауысып, оның да иінін келтіре
алмаған соң, ақыры қазақтың жалпақ тіліне көшіп еді. Бұл өз буына өзі
піскен, қырыс надан, əрі тым жанжалқой, ұрыншақ адам болатын. Сол
мінезіне қарай, қазақтар оны «тентек халдай» атандырып жіберген. Ол
бүгін бір кезде халдайлардың үстіне батып кіре алмайтын қазақ, қалмақ
сияқты бұратана жұрт өкілдерінің дастарқан басында өзінен жоғары
отырып, бұдан бұрын сөйлеп кеткеніне қатты ызалы еді. Сол ыза шарап
қызуымен еріксіз сыртқа шыққан.
Дохалдай, өзінше жаңалық ашқандай, қытайды екі жүз елу жеті жылдан
бері маньчжурлердің билеп келе жатқанын айтты. Сол ерекше жаралған
ақсүйектер əулетінің бір өкілі ретінде Ши-амбыға көпшік тастаған болды.
Жуық арада тоқтайтын түрі жоқ, сол ежелгі əуен, ескі сарын. Осынау


Шығыс Түркістанды ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қаратып алған
да, содан бері бір жарым ғасыр бойы осы жерге ие болып, қорғап келген де
— халдайлар дегенді айтады. Ендеше, олармен терезе теңестіріп, хұқық-
билік бөлісуге ешкімнің қақысы жоқ, əркім өз жолын, шама-шарқын білуі
керек. Бірақ осында Еженханның қамқорлығын, Ши-амбы мырзаның кең
пейілін пайдаланып, құдайын ұмытып жүргендер бар дей келіп:
– Мен мына тосты біздің ер жүрек бабаларымыз үшін, Еженханның
сенімді сарбаздары халдайлар əулеті үшін ішкім келеді, — деп бір-ақ
тоқтады.
Бірақ оның сөзін қолпаштап қолдаған ешкім бола қоймады. Той иесі
Ши-амбының өзі де мұндай бас қосуда көңіл жарастығын, тыныштықты
сүйетін адам. Дохалдайдың жұрт шамына тиетін, əсіре қызыл, көпірме
сөзін ұнатпай тыжырынып қалды: «Апыр-ай, сол баяғы ескі əуенді жырлай
беруден бұлар да жалықпайды екен, — деп түңіліп отыр ішінен. — Уақыт
өтіп, заман өзгергенін аңдамай ма екен бұл иттер? Халдайлар түгіл,
Еженханның өзі тағында қалт-құлт етіп əрең отырғанда, бұл қайдағы бір
сүйегі қурап қалған ата-бабасын айтады ғой...»
Сол оймен алдындағы бокалды аузына таман апара беріп, қайтадан
орнына қоя салған. Басқалар да соның ыңғайына батып, Дохалдайдың сөзін
елеусіз қалдырды. Ал Демежан алдындағы ыдысқа қолын да созбастан,
сірескен күйі отырып қалып еді. Соны байқап қалған тентек халдай кімге
соқтығарын білмей булығып біраз отырды да, дəл қарсысындағы
Демежанға дүрсе қоя берді.
– Сен не, битті қазақ, біз берген шенге мастанып, шекпенді көтере алмай
отырсын ба? Халдайларға арналған тосты неге ішпейсің? — деді оның
бетіне ажырая қарап. — Есіктегі басын төрге жетіп, бізбен қатар
отырғанына қуанбайсың ба қайта?!
Үй ішін бір сəт əлденені күткен үнсіздік биледі. Қазақша айтылса да сөз
астарын жақсы аңғарып қалған Ши-амбы да қатты ыңғайсызданып, өз
тарапынан Дохалдайға тоқтау-тыйым салып, ұрсып тастауға оқтала берген.
Бірақ дəл осы сəтте бұл күтпеген жағдай болды. Демежан жаңағы сөзді
бойына дарытпай, жұртты таң қалдырып, қарқылдап күліп жіберді. Ендігі
жерде жұрт назары соған қарай ауып еді. Ол күлкісін тыя бере, тамағын
кенеп алды да:
– Атың — Дохалдай, атағын дардай. Бірақ кейде саудың асын ішіп,
ақымақтың сөзін сөйлейтінін бар-ау! Алпамсадай бойың бар, ішін неге
сонша тар жаратылды екен осы сенің? Ақсүйекпін, алпауытпын деп,
баяғыда жермен-жексен боп кеткен атаңды айта бергенше, өзін де бір
кеңдік, бекзаттық көрсетпейсің бе?!. Бір заманда жаңағы аталарың қу
тізесін құшақтап, ұрпақсыз қалатын болған соң, байғұс əжелеріңді осы
өлкеге қапқа салып əкелді деуші еді. Əлде сол жатырыңа тартып кеттің бе
екенсің?! — деп үйде отырған жұртты ду күлдірді.


Бір кезде шекара күзетуге қалдырған осы Дохалдайдың сұр бойдақ
аталары ішкеріден əкелген жесір əйелдердің тəуіріне таласып, бірін-бірі
қан қылатын болған соң, «қалыңдықты» амалсыз қапқа салып үлестіргенін
осында отырғандардың көбі білетін-ді. Бұл жайға Ши-амбы да қанық еді.
Ұлықтың өзі бастап, рахаттана ұзақ күлді.
– Əй, Дохалдай, тым шошаңдап кетіп едің. Өзіңе де сол керек!
Демежанға соқтығып нең бар еді... Қарап отырмай бүкіл тегіңді
қазбалаттың-ау! — деп орамалын алып көзінің жасын сүртті.
Тек консул Борнеман ғана бұл күлкінің мəнісін түсіне алмай, тілмаш
арқылы сұрастырып жатқан. Ақыры сөз төркінін пайымдағанда, ол да
қосылып кетті. Абыр-дабыр басыла берген бір əредікте, Ши-амбы:
– Сонда мына Шихалдайдың əжесі де қаптың түбінде жатты-ау көзі
жылтырап! — деп жұртты қайта күлдірді.
Ішінде ит өліп жатса да сездірмейтін əккі Шихалдай, Демежанның сөзі
шымбайына батып кетсе де, ұлықтың ыңғайына батып:
– Қайтеміз енді... Сондай бір оқиғаның болғаны рас. Дохалдай
екеуіміздің жер басып жүргеніміз сол қап түбіндегі əжелердің арқасы ғой,
— деп ол да қосыла күлді.
Ал тоң мойын, долы Дохалдай өзінің бірбеткей нойыстығына басып,
шабына от түскендей одан əрмен тулады. Ырық бермес ызалы ашу үстінде
ол енді Ши-амбының өзіне ауыз салған.
– Не айтып кеттіңіз, ұлы мəртебелім? Осы сіз-ақ құл-құтанды басқа
шығарып болдыңыз ғой... Көрермін осы қарақшылармен ұшпаққа
жеткеніңізді! — деп өзінше доң айбат көрсетіп, есіктен шыға жөнелді...
Осыдан кейін басқалар да көп отырмай, далаға бой жазуға шықты. Жаңа
үлкен ұлық пен халдайлардың көзінше сыр бермей, сабыр сақтаған
көпшілік енді Демежанды ортаға алып, кеу-кеулеп құттықтап жатыр.
Алдымен келіп арқасынан қаққан Шəйі мен Мадан еді.
– Жарайсың, Демежан!.. Ауыздықсыз кеткен асау халдайды оңдырмай
омақастырып, тура алдымызға əкеп, бір жығып бердің-ау. Мұндай жауапты
сен ғана айта аласың... Сенің үлкен ұлық алдындағы беделін айтқызып тұр-
ау! — деді Шəйі сүйінішін жасырмай. Іштей қызығып та, қызғанып та
қалып еді.
Ал ешкінің асығындай қағылез Мадан қазақша мүдіріссіз сөйлеп:
– Қанша дегенмен, қазақ-қалмақ — ағаш уықты, киіз туырлықты, бір
елміз ғой. Ақ алмастай тіліп түскен өткір сөзіне іштей қатты сүйсініп
отырдым, — деп шын тілектестігін білдірді. Бұл кезде бұлардың қасына


Таңғыт та келіп тұр еді.
– Сендер бақыттысыңдар ғой, — деді Демежан алдындағы үш үкірдайға
кезек қарап. — Елдерін бір ыңғай... Дəл қастарыңда қастығын сайлап
халдай отырған жоқ қой, əйтеуір. Ал мен бұлармен алысқалы қай заман.
Құдай маған, сорың арылмасын деп, бұл қызыл көз пəлелерді ірге жау етіп
берген жоқ па. Өстіп анда-санда сасық кеуделерін басып қоймасаң,
тойтаңдап төбеге шығып кетуден тайынбайды.
Бұлар далада бой жазып, жаңа жамбылдың ішкі құрылысын тамашалап
біраз жүрді де, арада жарым сағаттай өткенде жаңағы үйлеріне қайта кірді.
Алғашқы отырыста ар жақтарына ел қонып қалған қонақтар бұл жолы
дастарқанға көп сұғынбай, қымыз іше отырып, бір сəт ойын-сауыққа кезек
берген. Қазақ əншілері, татар жыршылары домбыраға, гармоньға қосыла
алма-кезек əн шырқап, той-думанын қыздыра түсті. Мамырбек пен Шəйі
үкірдайлардың Керей, Мəмбеттен ерте келген суырып салма, зар жақ
ақындары бар екен. Солар жарысқа түскендей Ши-амбыны мадақтап, біраз
көсілді. 
Табан 
астында 
суырып 
салып, 
жанынан 
шығарғандай
көрінгенімен, айтатын өлеңдерін іштей жұптап, алдын ала дайындап
əкелгендері көрініп тұр. Бəрі де сыпыра мақтау, көтере дəріптеуге құрылған
көпірме сөздер еді. Дегенмен өз атына айтылған жылы сөзді, əсіресе
ақындардың аузына іліккенді, қай ұлық жек көрсін, Ши-амбы соның өзіне
де қатты разы болып, масайрап қалды.
Демежан бұл жағын ескермеген екен. Мұндайда ел қатарынан қалмай,
Ши-амбы шалға көп атынан бір-екі ауыз жылы сөз айта салса теріс болмас
еді. Төртуыл кісілері түскен үйден Күдеріні тауып алып, соған бірдеңе
айтасың ба дегендей емеуірін жасаған. Бірақ жас жігіт топ алдына шығудан
азарда-безер бас тартты.
– Құдай берген жел сөздің арқасында бес-алты ауыз өлеңді қиыстыру
қиын емес-ау. Бірақ сенсеңіз, сол ұлықтарды мақтауға менің құлқым жоқ,
— деді ол шынын айтып.
Сонымен «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, дақпырты
бүкіл аймаққа жайылып, қатыса алмай қалған талай жұртты арманды етіп,
аузының суын құртқан Ши-амбының тойы да күн еңкейе тарай бастап еді.
Қыр қазағы аттарына мініп, қаладағы жұрт жеңіл тірəшпенке арбаларына
отырып, жан-жаққа бытырап кетіп жатыр. Демежан той иесі Ши-амбымен
қош айтысып, енді қасындағы серіктерімен бірге аттанғалы жатқан. Ол
кешкі қоналқыға Ыбырайдың үйіне баруға тиіс болатын. Шабарманы
жетектеп əкеліп, алдына көлденең тартқан торы төбелдің үзеңгісіне аяғын
сала бергенде, кенет топ кісінің арасынан Ли-шансыңды көзі шалып қалды.
Ол да мұны көріп, осылай қарай беттеп келеді екен.
– Сіз қашан келгенсіз? Мен күні бойы сізді көрмедім ғой, —деді
Демежан аман-саулық сұрасқаннан кейін.


– Ши-амбыға тəңірім таупық берген шығар. Тойға шақырылғандардың
тізіміне ұмытып кетпей мені де қосыпты, — деп Ли-шансың жымиып
күлді. — Менімен біраз жерге дейін бірге жүруге қалайсың? Мынадай
молшылықтан кейін тоқ басып, жаяу қыдырған теріс болмайды.
Демежан сөзге келген жоқ, атын Ыбырайдың қорасына апара бер деп
шабарманына ұстатты да, өзі қарт ұстазымен əңгімелесіп, жаяулап жүріп
кетті.
Бұл күнде алпыстың ішін мол аралап кеткен Ли-шансың да ептеп еңкіш
тартып, қартая бастапты. Өткен жылдары айдауда жүрген адамдарды
жауапты қызметке қоймау туралы жоғарыдан нұсқау болған ба, қазір ол
гимназияның мүдірлігінен
29 
түсіп, жай қатардағы мұғалім ретінде тарихтан
сабақ беріп жүрген. Үстіндегі киімі де тым жұпыны: көк шиямпудан
тігілген тік жағалы бешпет-шалбар, аяғына сырма табан, шүберек шақай
киіп алыпты. Сонысын өзі де сезгендей:
– Сен қазір үлкен ұлық боп кеттің ғой. Көшеде мен сияқты жай адаммен
бірге жүруге арланбайсың ба? — деді Демежанның бетіне күле қарап.
Қатарында келе жатқан Демежан, əлдебір кедергіге жолыққандай, қалт
тұра қалды.
– «Адамды байлығына, мансабына қарай емес, алдына қойған
мақсатына, ақыл-парасатына қарап бағалау керек» деп үйреткен өзіңіз емес
пе едіңіз?
– Жай айтқаным ғой. Ренжіп қалдың ба?
Бұлар жамбылдың батыс қақпасына жақындағанда, күтпеген көріністің
үстінен шықты. Бүгін мұнда күшейтілген күзет қойылыпты. Соған
қарамастан, қақпаның алды иін тіресіп, құжынаған халық. Той өтіп жатқан
биік қамалдың ішіне кіре алмай, ауыздарының суы құрып, телміріп тұрған
қала мен даланын кедей-кепшігі, ішкі өлкеден ауып келген босқындар. Осы
жақтан көңірсіген түтіннің, мол тамақтың иісін сезіп, айналсоқтап кете
алмай тұрған аш-арықтар. Араларында шоқпыт киімді, буыншақ-түйіншек
дорба асынған қайыршылар да ұшырасады. Солардың бірі бұлардың
жолын бөгеп, алақанын жайып еді, Демежан қалтасынан ұсақ күмістер
алып ұстатты.
– Дүние мұндай да кереғар жаратылар ма?! — деді Ли-шансың
қамалаған жұрттың арасынан сытылып шыға берген кезде. — Біреулер анда
той тойлап, кекірігі азып, думандатып жатыр. Ал мұнда ішер ас, киер
киімге зар болып, жоқ-жітік, қалың қауымның қамалап тұрғаны мынау.
Шіркін, жаңағы мол тамаққа мыналарды бір жіберіп алар ма еді!..
– Ол жағы əлмисақтан бері солай ғой. Оған енді не шара? — деп
Демежан иығын көтерді.


– Теңсіздіктің төркіні тым арыда жатқаны рас. Бірақ оның да шет-шегі
болуы керек қой, — деді Ли-шансың өзінің діттеген ойын айтпай
тынбайтын əдетімен. — Мəселен, осы қамалдың өзін ұзақ жыл бойы
қанын, терін төгіп жүріп, еңбекші қауым салды ғой. Бірақ бүгінгі тойға
солардың бірде-бір өкілі қатысып, дастарқан шетіне отыра алды ма? Қайта,
керісінше, той қызығын осы қамалға бір күрек топырақ салмағандар көріп
шыққан жоқпыз ба... Өзің ойлап көрші: Осы да əділет пе?
Демежан тіл қатқан жоқ. Ұстазының сөзіне үнсіз құлақ қойып, екеуі
адам аяғы сирек, көлденең көшелердің бірімен аяңдап жүре берді.
– Қазір Ресейде, тағы басқа Еуропа елдерінде адамдар арасындағы
теңсіздікті жою жөнінде түрлі идеялар етек алуда, — деді Ли-шансың. —
Олар байлар мен кедейлерді тапқа бөледі, таптық күресті уағыздайды. Кім
біледі, ондай өміршең идеялар түбінде өз жемісін беруі де мүмкін... Ал
біздің еліміз əлі ұйқыда жатыр ғой. Ондай əлеуметтік, таптық мəселені
көтеру былай тұрсын, қаусаған Цин династиясын тақтан тайдырудың өзіне
қол жетпей отыр.
Осы арада Демежанның есіне мана дастарқан басында айтылған сөздер
оралып, соның мəнісін сұрады.
– Айтпақшы, ихэтуаншылар деген кім? Соларды жаныштауда Ақ патша
əскерінің де көмегі көп болды деп, мана консул Борнеман Ши-амбыға
міндет арта сөйлеп тұрды ғой. Соның жайын түсіндіріңізші, — деген.
Ли-шансың оған аз сөзбен жауап берді. «Ихэтуаншылар» деген шетел
монополиясына қарсы күреске аттанған отаншыл зиялылар мен жас
шаруаларға қойылған жалпы ат екенін, олардың соңғы екі жылда ішкі
өлкелерде үлкен дүрбелең тудырғанын, ақыры шетелдік одақтас армияның
тегеуірініне шыдай алмай қанға боялып, жеңілгенін айтып өтті.
– Ыза мен кекке суарылған бір жанкешті күресті сол ихэтуаншылар
бастап еді. Сарай маңындағы сатқындар мен шет мемлекеттердің біріккен
жазалаушы армиясы оның да дымын шығармай, жөргегінде құртып жіберді
ғой, — деді Ли-шансың сөзінің соңында.
– Сонда бұл елде жылт етер жарық сəуленің қалмағаны ма? Жаңа
жиырмасыншы ғасыр өзімен бірге біз үміт етер еш жаңалық əкелмегені ме?
— деді Демежан ұстазының бетіне қарап.
Ли-шансың көзін сығырайтып, қулана күлді.
– Ши-амбы екеуіміз сүлдемізді сүйретіп, жаңа ғасырдың табалдырығына
жетуін жеттік-ау. Бірақ күллі мешеулік пен кереғарлықтың бастау көзі
болып отырған Цин сарайының құлағанын көре алмай өтетін шығармыз, —
деп баяу күрсінді. — Бір ғана үміт бар. Түбі содан бірдеңе шығуы мүмкін.
Оңтүстік өлкелерде зиялы жастардың «Туңмэнхой
30
» атты жаңа астыртын


ұйымы құрылыпты. Сунь Ятсен деген табанды, алғыр басшысы бар дейді.
Мамандығы дəрігер екен. Мұнда қолға түсіп қалу қаупі туған соң, осыдан
төрт-бес жыл бұрын Жапонияға өтіп кетіп, ұйымға сол жақтан басшылық
ететін көрінеді... Сунь Ятсеннің Жапонияға барысымен не істегенін білесің
бе? — деді Ли-шансың мұның бетіне күле қарап. — Жапон портына жетіп,
кемеден түсе салысымен, өзінің айдарын кесіп алып, теңізге атып ұрыпты.
Мұнысы жай Цин əкімшілігіне көрсеткен қарсылығы ғана емес, түбінде
монархияны құлатпай қоймаймын деген анты да болса керек.
Бұлар əртүрлі əңгімемен тағы бірнеше көшеден өтіп, орталыққа таман
жақындады. Бұл кезде күн екіндіге таман еңкейіп, қарасу бойларынан
салқын самал есе бастаған. Демежан əлдене есіне түскендей қалт тұра
қалып, қалтасынан етектей таңбалы қағаз суырып алды. Бұл — тау
өзендерінен алатын екі тоған судың құжат-қағазы еді.
– Алыстағы Цин сарайына біздің қолымыз жете бермес. Əзірше менің
жеңісім осы! — деді ұстазының алдында бойын мақтаныш билеп.
Ли-шансың қағазды қолына алып, жылдам көз жүгіртіп қарап шықты.
– О, мынауың, шынында да, тамаша болған екен. Үлкен жеңіс...
Құттықтаймын! — деп шын қуанышын білдірді. — «Жыланнан түк тартсаң
да олжа» дейтін бе еді? Демек, бұл империяның əлсіреп, халықпен амалсыз
санаса бастағаны. Бəлкім, реформаның да өсері болар. Ұлықтың рұқсатын
алыпсың. Енді тек халдайлар бөгет болып жүрмесе...
– Халдайлар — үйреніскен жау ғой. Олардың бір амалын табармыз, —
деп күлді Демежан.
Екеуі Ойбазардағы төрт көшенің түйілісіне келіп қоштаса бастады.
– Қазір мектеп тарады ғой. Жазда не істейтін ойыңыз бар? — деді
Демежан.
– Соны өзім де білмей тұрмын. Əлде сенің зəйімкеңе барып, Жаңның,
бау-бақшасына қолғабыс етсем бе, — деп Ли-шансың бөгеліп қалды. —
Жаң Шули жақында келіп, қонаққа шақырып кетіп еді. Өздерінің
тұрмыстары түзеліп, қатарға қосылып қалыпты. Сол үшін де саған көп
рақмет!
Демежан өзінің бағбандарын еске алып, аз бөгелді де, қайтадан Ли-
шансыңға бұрылды:
– Жаңға да барарсыз... Бірақ далалы жер тым ыстық қой. Жақында ел
жайлауға көшеді. Одан да біздің ауылға келіп, біраз күн қымыз ішіп, бой
жазып қайтпайсыз ба, — деген қарттың жүдеу жүзіне қарап тұрып.
– Иə, солай етуге де болады екен-ау... Айтты-айтпады, мына өмірден


қажығанда көне тарихтың куəсындай əлі қылпы құрамай тұрған қазақ
аулына барып, неге саяхат жасап қайтпасқа?! — деп Ли-шансың күле
қоштасып, тік көшемен төмен түсіп бара жатты.
Демежан сол орнынан қозғалмай, өз өміріне өшпес із қалдырып, əлде
бағына, əлде сорына кездескен осынау қытай адамының қарасы үзілгенше,
ұзақ қарап тұрды.
III
Күні бойы құрттай құжынап, сапырылысып жатқан қала тірлігі кешке
қарай сабасына түсіп, адам аяғы сиреп қалған кез еді. Ұзақты күн ін
аузынан ұзамай бастарын қылтитып отыратын саршұнақ суырдай, күні
бойы дүкендерінің алдынан кетпейтін, сартап саудагерлер де жаймаларын
жауып, үйлеріне қайта бастапты. Таяу маңдағы мешіт мұнарасынан ақшам
намазына шақырған азан үні естіледі.
Демежан, көптен жаяу жүрмегендікі ме, Ли-шансыңмен қоштасқаннан
кейін екі балтырының сыздап, сыр алдыра бастағанын аңдады. Күні бойы
тойдың əлегімен жүріп, дел-сал боп шаршағанын да енді сезіп келеді. Көк
көпірдегі Ыбырай қорасына дейін əлі бір қауым жер бар. Сондықтан
көшеде кетіп бара жатқан бержебайлардың бірін тоқтатты да, ары қарай
арбамен тартты.
Ол қақпадан кіре бере əлденеден секем алғандай аңырып тұрып қалған.
Кең ауланың іші ию-қию, қайшыласып жүрген адамдар. Аттары
доғарылмай, иін тіресіп тұрған жеңіл тірəшпенке, фаэтондар... Мана тойдан
тараған Рамазан Шəнішев, Хасен ақсақал, Мұрауыт сияқты ірі байлардың
да біразы осында жүр. Бəрінің бет əлпетінде əлденеге өрекпіген қызыл
танау қарбаластық бар. Демежан бастабында: «əлде Ыбырай бірдемеге
ұшырады ма» деп қатты үркіп қалып еді. Келесі сəтте көпшіліктің абыр-
сабыр сөзіне, көңілді, жарқын күлкілеріне қарап, ондай қорқынышты
ештеңе жоқ екенін аңғарды.
Кешікпей бəрі де мəлім болды. Алдынан жүгіріп шыққан Күдері мен
Ыбырайдың інісі Ғарып мұндағы жаңалықты кезектесе, аптыға тұрып
баяндады.
– Сіз қайда кеттіңіз, Демежан аға? Ши-амбының тойы ештеңе емес,
жаңалықтың көкесі мұнда болайын деп жатыр, — деді Күдері қан ойнап
тұратын қызыл күрең жүзінен əлдебір абыржу білініп.
– Иə, не боп қалды?
– Ыбырайды тоқтатсаңыз қайтеді. Менің абиым елде жоқ ырымды
бастап, ақшамен шай қайнатқалы жатыр, — деп түр əлпеті ағасына келетін
жиырмадағы жас жігіт Ғарып та қатты қамығып тұр.


– «Шай қайнатқаны» қалай? — Демежан түкке түсінбей қарсы сұрақ
қойды.
– Осындағы орыс көпесі Сорокинді білесіз ғой. Сол біздің байбатшамен
бəстесіпті. Екеуі қазір ақшамен самауыр қайнатып, жарысқа түспек.
– Не дейді? Мыналар жынданған шығар... Ыбырайдың өзі қайда?
– Əне тұр. — Күдері ауланың оң жағындағы топ адамды нұсқады.
Демежан енді көп бөгелмей, солай қарай бет алған. Іс мəнісін əлі толық
түсінбесе де, əйтеуір, ақылға сыймайтын бір оқшау оқиғаның болғалы
тұрғаны анық. Бұл кезде ақшам үйіріліп, көз байлана бастап еді. Ауланың
бірнеше жеріне самаладай жарық фонарьлар ілініп қойыпты. Ыбырай бір
шетте өзі құралпы татар-өзбек саудагерлерінің қоршауында тұр екен.
Балбұл жанған бет ажарынан қызу бəсеке алдындағы алабұртқан
тағатсыздық байқалады. Бұл күнде жасы əлі отызға іліне қоймаған сері
жігіт бəйгеге шабатын бесті аттай тықыршып, əлсін-əлі қақпа жаққа қарай
береді... Демежан солардың қасына жақындады да:
– Ay, халайық, бұл не жиын? Ненің құрметіне топтанып тұрсыңдар? —
деді қабағын аша қоймай.
Оның бұл сұрағына көпшілік атынан Рамазан Шəнішев жауап берді:
– Төрлетіңіз, Демежан əпенді. Жақсы келдіңіз... Осы қазір ғасырда бір
болатын тамашаны көресіз. Орыс көпесі Сорокин мырза мен біздің
Ыбырай байбатша «самауыр жарысына» түскелі жатыр.
Мыналардың айтып тұрғаны қалжыңсыз, рас сияқты. Сол маңға қаз-
қатар орындықтар тізіліп, аузы ашылған кішілеу сандық шығарып
қойыпты. Сандық толы ақша. Кəдімгі «сəрі» деп аталатын, Маншыңның
бума-бума бопыр ақшасы... Енді тек жөпелдемеде үлкендігі бір келкі, бір
зауыттан шыққан, су жаңа самауыр табылмай, біреулер Шəнішевтің
дүкеніне шауып кеткен екен. Бəрі тықыршып, солардың келуін күтіп тұрған
көрінеді.
Жаңағы Ли-шансыңның əңгімесінен кейін, өзіне əртүрлі ой түсіп,
уыттанып қайтқан Демежан еріккен байлардың мына қылығын қостай
қоймады. Ол жақтырмаған қатулы қабақпен Ыбырайға бұрылып:
– Байбатша, мынауың барып тұрған ессіздік қой. О заманда, бұ заман
ақшаны отқа жақты деген не сұмдық?! Қой, қызбалықты таста... Əлі де
болса ақылға келейік, —деген өзінше тоқтау салғысы келіп.
Бірақ дəл қазір Ыбырайдың райдан қайтар түрі жоқ. Өзінің осы
қылығына сүйсінген адамдай сақ-сақ күлді де:
– Ештеңе етпейді, үкірдай. Айтылар сөз айтылып кетті, енді одан


қайтуға болмайды ғой. Бұл ақшаны отқа жағып құмардан шықпасақ, басқа
қызығы қалмай барады-ау! — деді сындардай сұлу денесін кере, мықынын
таянып.
Жас мырзаның шашпауын көтеріп, жел беріп қостаушылар да аз емес
екен. Солар тұс-тұстан кеу-кеулеп:
– Е, тəйірі, ақша деген қолдың кірі емес пе.
– Бəрінен де атағын айтсайшы!
– Мұндайды Атымтай жомарт та істемеген шығар...
– Ақша табылар, намысты қолдан бермесін!
– Біздің Ыбырай ақшамен шай қайнатып, байбатша деген атақты
біржола жеңіп алғалы тұрған жоқ па, — десіп, қасындағы жас жігіттер отқа
май құйғандай, одан ары қыздыра түседі.
Демежан татар мырзасы Ыбырайдан өзгені күтсе де, дəл мынадай
сұрқылтайды күткен жоқ еді. Əсілі, Ыбырай — табиғатынан өткір сезімнің,
күшті құмарлықтың адамы. Жас жігіттің қолы ашық жомарттығын, кейде
артықтау кететін шашпалығын да бұл жұрт жақсы білетін-ді. Маңайына
кілең гармоньшы, жыршы жігіттерді жинап, сауық-сайран құратын серілігі,
ат құмарлылығы да көптен белгілі еді. Кейде бір қыздың қалыңмалын
төлеп, жорға-жүйрік аттар сатып алатыны, іші пысса ат бəйгесінен бастап,
палуан күрестіру, қошқар сүзістіру, қораз таластыру секілді түрлі ойындар
ұйымдастырып, сол үшін қыруар қаржы шығаратыны, кейде көшедегі
қайыршыларға қонақасы беріп, өзі солардың ортасында мəз болып
отыратыны да ел ішінде аңыз боп айтылып жүретін... Ал ақшамен шай
қайнату — бұл өлкеде бұрынды-соңды болмаған нəрсе. Демежан мына
желіккен топтың қызық бəсекені аяқтамай тынбайтынын сезді де, не де
болса істің ақырын күтті.
Ол енді Рамазан Шəнішевпен əңгімелесе жүріп, ауланын екінші
жағындағы тағы бір дүрмек топқа қарай аяндады. Мұнда бір сандық
ақшаның үстінде орыс көпесі Сорокин отыр. Бұрын сырттай атын естігені
болмаса, Демежанның оны көріп тұрғаны осы еді. Бұл да іргелес екі
мемлекетті қабат жайлап жүрген, Омбыда, Семейде, Шəуешекте сауда
дүкендері бар, жыл сайын Қоянды жəрмеңкесіне қора-қора мал айдайтын,
қалталы, ірі байлардың бірі десетін. Жасы елудің ішін аралаған, қаба
сақалды, еңгезердей зор адам екен. Өзі бүгін Ши-амбының тойынан
қызыңқырап шыққан ба, қалай, қызғылт сары жүзі мен қоңқақ танауы
күйген кірпіштей күреңітіп, бұғыдай жуан мойны жағасына сыймай
талаурап тұр. Ол да алдағы сайысты тағатсыздана күтіп отырған сияқты.
Ортан қолдай қып орап алған темекісін үсті-үстіне қомағайлана сорып,
əлсін-əлсін төс қалтасындағы күміс баулы сағатына қарағыштай береді.


Шəнішев бай сөз арасында күле түсіп, Демежанға бұл бəсеке егестің
қалай, неден басталғанын айтып берді. Сорокин мен Ыбырай жəне оның
ағасы Ысқақ та бірін-бірі бұрыннан білетін, сауда жолында талай
ұшырасып қалып жүрген, ежелгі бақталастар екен. Семей. Омбы, Ірбіт
арасын қосып жатқан сауда бəсекесінде кейде тепе-тең түсіп, кейде бірінің
жолын бірі кесіп, сан соқтырып кететін қалта күндестігі ерте басталыпты.
Соңғы жылдары ежелден егеске түскен екі бай саудагер шалғайдағы
Шəуешекте тағы да бетпе-бет келіп, тар көпірдің үстінде кездескендей
тіресіп қалады. Тағы да бірінің несібесін бірі қағып кететін сауда «ойыны»
басталады... Ыбырай өткен жылы осында картадан ұтылып, шоңқиып
қалтаң бір ұйғыр байының қора-жайын сатып алмақ болғанда, Сорокин
əлгіге үстеме баға қосып, танауының астынан тартып əкетіпті... Бірақ
Ыбырай да көп кешікпей қарымта қайтарып үлгерген. Сорокин Қоянды
жəрмеңкесіне мал айдатып, Хиуаның бір атақты саудагеріне бес жүздей өгіз
өткізбек болған екен. Ыбырай соны біліп қалыпты да, мал бағасын
қасақана арзандатып, əлгі саудагердің алдына өз өгіздерін салып жіберіпті.
Ал Сорокин апарған малын өткізе алмай, сол жолы көп зиян тартса керек.
Осылайша, аралары асқынып, көптен теке тіресте жүрген сауданың екі
көкжалы бүгін Ши-амбының тойында бір дастарқан басында тұмсық
түйістіріп қалмасы бар ма. Екеуі шарап қызуымен сол арада ауыр-ауыр
сөзге келісіп, ақыр-аяғында байлық, сома салыстыруға дейін барып еді.
– Мен бұл өлкеге пайда табу үшін келгем жоқ. Шүкір, бір басыма ақша
да, алтын да жетеді... Мен осында əдейі Ыбырайдың адымын ашырмай,
саудадан жығу үшін жүрмін, — дейді Сорокин.
– Ендеше, екеуіміздің біріміз ғана қалармыз бұл қалада. Сені
Шəуешектен ұлыған иттей қып, көк тиынсыз қуып тастамасам, мен де əкем
Мұзаппардан тумай кетейін, — дейді егескенде екеу болып кететін
Ыбырай.
Сонымен, сөз ұлғая түсіп, оның ақыры бүгінгі бəске келіп тіреліп еді.
Бəстің шарты тым ауыр: екеуі бүгін қатар отырып, ақшамен самауыр
қайнатады. Кім самауырды бұрын қайнатса, қарсыласынан екі жүз
жылқының пұлын алады да, жеңілген жақ осыдан кейін бұл өлкедегі
сауданы тастап, Шəуешектен біржола кететін болады... Осы келісім шарты
қағазға түсіп, екі жақ қол қойып, мөрлерін басыпты. Рамазан Шəнішев,
Хасен ақсақал жəне Ботвиник деген орыстың тағы бір бай саудагері бас
төреші болып белгіленген. Сол үшеуі қазір самауырлар келісімен іске
кіріспек.
Бəстің шарты, шынында да, тым қатал екен. Көптен араласып, осы елдің
бір адамындай болып кеткен Ыбырайға қазір Демежанның жаны ашып тұр:
«өзі бір ер мінезді, аңқылдаған, мəрт жігіт еді. Өз өмірін осыншама қатерге
байлайтындай не басына күн туды екен. Бүгін, қара басқанда, бəстен
ұтылып қалып, бəрімізбен қош айтысып жүрмесе жарады» деп іштей
абыржи бастаған.


– Бір есептен осының өзі дұрыс болды. Бұлар бəрібір түбінде бір
шайқаспай қоймайтын еді, — деді Рамазан оның ойын бөліп. — Естуіңіз
бар шығар, Еуропа елдерінде дуэль дейтін болады. Олар көбінше өштескен
адамымен жекпе-жекке шығып атысады, не семсерлеседі... Мыналардікі де
— сол дуэльдің бір түрі. Бірақ бұл — қылыш, мылтық сайысы емес, ақша
сайысы.
Көп ұзамай дүкенге самауырға кеткендер де келіп қалды. Түрі-түсі,
көлемі, бұрандалы шүмегі, шілтерлі оттығына дейін бірдей, бір зауыттан
шыққан, абажадай екі үлкен жез самауыр əкеліпті. Төрешілер екі
самауырды да аударып-төңкеріп көрді де, иығына келтіріп бір мөлшерде су
құйды. Сонан соң су толы самауырларды көтеріп апарып, жарысқа түскен
екі байдың алдына қойды.
Осыдан кейін төрешілер екі жақтың сандықтағы ақшаларын да тексеріп
шықты. Ондағысы — ақшаның арасына тыққан қағаз, не ағаш жаңқасы
болмасын дегені еді. Қатталған ақшаның сомасы біркелкі. Екі жағы да бір
теңгелік, не үш теңгелік ұсақ ақшалар əкелуге тырысыпты. Əзірлік жұмысы
əбден бітті-ау деген мезгілде, бас төреші Шəнішев бай ортаға таман шықты
да:
– Ал бастаңдар! — деп жоғары көтерілген қолын сермеп қалды.
Жалғыз Демежан емес, басқа да көп кісілер Ыбырайға тілектес болып,
соның қимылын бақылап тұр. Ыбырай алғашқы бір түйдек ақшаны
шиыршықтап алып, бір ұшын қасында тұрған кəресінге матырды да,
сіріңкемен тұтатып, самауырдың оттығына тастап та жіберді. Кəресінді
пайдалану, пайдаланбау əркімнің оз еркіне берілген. Сорокин кəресінге
тиген ақша тез жанып кетеді деп, одан бас тартты да, Ыбырай тамызыққа
пайдаланатын болды.
Бұл кезде іңір қараңғылығы қоюланып, көз байлана бастағанымен,
бірнеше жерге самсатып ілінген фонарьлар аула ішін самаладай жарық етіп
тұр. Əлгінде ғана ауыз жаппай дуылдасып тұрған жұрт бір сəт тым-тырыс
тына қалды. Тек сытырлап жанған ақшаның ғана дыбысы естіледі. Адамдар
сол отқа жанған ақшадан көзін алмай, сілейіп қатып қалыпты. Өмірі көз
көріп, құлақ естімеген сұмдық көріністен естері шығып, мəңгіріп
тұрғандары белгілі. Қалай дегенмен, басқа емес, ақша ғой — жанып
жатқан... Оқта-текте іштен тына күрсінген, тұншыға тыныстаған ауыр
дыбыстар білінеді. Бұрын ақша деген итті отқа жағып кім көрген?! Отқа
тисе ол дағы кəдімгідей лапылдап тұрып жанады екен. Банкіден шыққалы
мың сан адамның қолынан өтіп, біреулерді қуанышқа бөлеп, енді
біреулерді қайғыртып қапаландырған қайран ақша отқа тигенде шырпыдай
лап ете қалады да, қызыл жалыны сумаң-сумаң етіп, лезде қарауытып күлге
айналады... Ыбырай енді неде болса ештеңеден тайынар емес, ақшаның
түтінін үзбей, бірінің артынан бірін үстемелеп, самауырдың көмейіне
тотығып жатыр. Түр əлпетінен бəлендей жүрексінген, не қобалжыған
ештеңе байқалмайды. Оның мына отырысы əлдебір қызық ойынға кіріскен


шалдуар баланы еске салар еді.
Демежан енді бір ауық Сорокиннің қасына барып, соның қимылына көз
жіберді. Ыбырайдай емес, орыс көпесі ақшаны үнемдеп жағатындай
көрінді. «Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» дегендей,
қайтсін байғұс, өмір бойы жанын жалдап, тентіреп жүріп жиған қазынасы
ғой. Ақшаны самауыр оттығына саларда жұп-жуан саусақтарының сəл-пəл
дірілдегені байқалады... Сонан кейінгі бір байқағаны, бұл кісі ақшаны
шиыршықтамай, қыры сынбаған бүтін күйінде, қаттауымен салып жатыр.
Кейде алдыңғы шектің жанып бітуін күтем деп, бірер мəрте отын өшіріп
алып, қайта тұтатуға тура келді.
«Дегенмен, мынаған қарағанда, Ыбырай отының жалыны молырақ, —
деп ойлады Демежан. — Ол ақшаны көбірек жағуы мүмкін. Бірақ шайды
бұрын қайнатарында күмəн жоқ».
Демежан қайта оралғанда, Ыбырайдың самауырынынан болар-болмас
ызыңдаған бір əлсіз дыбыс білініп қалған екен. Байбатшаға тілектес қазақ
жігіттері кəдімгідей көңілденіп:
– Иə, аруақ!
– Біздің сары аттың қолтығы терлей бастады...
– Енді бір ышқынса, көмбеге жетіп жығылады — десіп дуылдасып тұр.
Əр тұстан қыстыға шыққан күлкі, əзіл-қалжыңдар естіледі. Əр нəрсе өз
орнында бағалы деген осы. Бір сандық ақшаның дəл қазір екі-үш кесек
ағаш жаңқасы құрлы қауқары жоқ. Жігіттер соны əңгіме қылады.
– Бұл ақша деген итің тек қалтада жүргенде ғана мықты екен ғой!
– Шіркін, мына шайдан ішкен де арманда, ішпеген де арманда!
– Осы шайдың əр кесесі бір-бір жылқыдан айналады-ау деймін, —
дескен күбір-күбір сөздер естіліп қалады.
Əрқайсысы сағатқа бергісіз ауыр минуттар өтіп болар емес. Ақша
иелерінің өздері қалай шыдап отыр екен, табандап жатып алған тасбақа
уақыт жай қызықтаушылардың төзімін тауысып, жүйкесін жұқарта
бастаған. Бірақ бүйірлі келген жез самауыр əзірше жай ызыңдағаны
болмаса, жуыр маңда қайнай қоятын түрі жоқ. Уақыт өткен сайын сандық
түбіндегі ақшаның қабаты азайып, ойсырап бара жатқан тəрізденеді.
Дəл осы мезетте, қайдан шыға келгені белгісіз, көшеде ит жетектеп
жүретін Молдақ деген қайыршы болушы еді, Ыбырайдың қасына сол пайда
бола кетіпті. Өзінің жас мөлшері, қай ұлт екені мəлім емес. Буыншақ-
түйіншектерін арқалап, əр көшенің бұрышында далиып отыратын-ды.
Ыбырайға үйірлігі бар, жауын-шашында осы қораға келіп түнеп кетіп


жүретін... Қазір сол Молдақ отқа жылынғысы келгендей самауырға төне
түсіп, сытырлап жанып жатқан ақшадан көз айырмай қарап отыр. Бұл
дүниенің кереғарлығына не дауа. Сандық толы ақша мен баспанасыз
қайыршы таразының екі басын теңестіріп тұрғандай...
Бір мезгілде Молдақ ышқырын ағытып, шалбарының қайдағы бір
қалтасына қолын сұғып жіберді де, жұлым-жұлымы шығып илектеніп
қалған бір уыс ақша алып шықты.
– Қорықпа, байбатша. Егер ақшаң аздық етсе, мына біреулерді де қоса
жағып жібер, — деді əлгісін ЬІбырайдың алдына таман жақындатып.
Мұнысы — өзі жақсы көретін мырзаға қиыншылықта қол ұшын беріп,
көмектескен түрі еді.
Ыбырай мырс етіп күліп жіберді.
– Рақмет, Молдақ!.. Сен екеуміз екі жақтап мына самауырды қалайда
қайнатуымыз керек, — деді қайыршының бетіне үңіле қарап. — Сірə, сенің
ұтысқа жарналас болғың келеді-ау деймін. Егер осыдан ұтып шықсам,
саған бір аттың пұлын беремін. Ұтылсам, ертең сенің қатарыңа қосыламын.
– Маған ақшаның да, аттың да керегі жоқ, — деді Молдақ басын шайқап.
– Дегенмен, сен маған көмектес. Ана сандықтағы ақшаның бумасын
ағытып, мына сияқты шиыршықтап, тездетіп беріп тұр.
Молдақ ЬІбырайдың сөзін екі етпей, сандықтағы ақшаны біртіндеп
шиыршықтауға кірісті. Байғұстың өңі қашып,тоңған адамдай ақшаға
жанасқан қолдары дір-дір етеді. Бірақ сөзі мірдің отындай:
– Жақ, өрте... Аяма атаңа нəлетті! Менің де өмірде жек көретін нəрсем
— осы ақша. Сенің орнында болсам, мен де осыны істер едім, — деп
қояды.
Дүниеде кереғарлықтың екі басы қашанда бір-біріне жақын тұрады ғой.
Осы топтың ішінде Ыбырайды тек Молдақ қана түсінетін сияқты.
Бірақ байбатшаның дəл қазір Молдақты тыңдап отыруға мұршасы жоқ.
Умаждап шиыршықталған ақшаның бір ұшын кəресінге матырып алады да,
жалын тілі жалаңдаған оттыққа үстемелеп тастай береді. Ақша жағу жанын
жай таптыратын бір сүйікті ісі сияқты. Анда-санда мойнын созып, Сорокин
жаққа қарап қояды... Бұл кезде самауырдың сырылы бірте-бірте күшейіп,
гүжілдеп əндеткендей бір жағымды үн шығара бастаған. Ыбырайдың
үстінен бір батпан жүк түскендей терең тыныс тартты. Өмірі əн тыңда, жыр
п тыңдап жүріп, дəл мынадай əсем сазды естімеген шығар-ау. Арқасы
кеңіп, жадырай түсіп, қолындағы шыбықпен самауырдың оттығына толып
кеткен күлді көсеп-көсеп жіберді де, ақшаны жентек-жентегімен тоғыта
берді.


Жиналған жұрт екі самауырдың ызыңдаған əніне алма-кезек құлақ
тосып, екі ортада тынымсыз сенделіп жүр. Басында бəрі қызық
көрінгенімен, қазір Дəмежан өзінен-өзі ыңғайсызданып, ойда-жоқта осы
бір оспадарлыққа тап болғанына іштей өкініп тұр еді. Ол да екі аралықта
мағынасыз сенделіп, енді қарсы жаққа қарай бет алды. Сорокиннің
самауыры да екі иінінен дем алып, ақшаға толғатқандай бебеулеп, гүжілдей
бастаған екен. Көпестің өзі сабыр тағаттан айрылып, үйелмендей денесімен
самауырға төне түсіп, ақшаны ол да аямай өртеп жатыр.
«Ыбырайдың жөні басқа. Жастығы, албырттығы, атаққұмарлығы бар,
қызба мінезді, ұрыншақ жігіт... Ал мына жасы егде тартқан, өзі қиыр
жайлап, шет қонып жүрген, түріне қарасаң бап-байсалды орыс адамы
мынадай жанкештілікке қалай барды екен? — деп ойлады Демежан
самауырдың жалын сумаңдаған оттығынан жүзіне қызғылт сəуле түсіп
тұрған сақалды кісіге қарап қойып. — Бұлардікі не сонда? Егес пе,
баққұмарлық па? Сірə, мұның да құмар ойыны секілді біз түсінбейтін
бірдеңесі болу керек. Демек, шектен тыс байлық та адамға тыным-рахат
таптырмағаны ғой...»
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, кенет арт жағынан кешкі тымық
ауаны дар-дар айырған қалың шу көтерілді.
– Самауыр қайнады...
– Бəйге — Ыбырайдікі!
– Ыбырайдың самаурыны тасып жатыр, — дескен көтеріңкі дауыстар
естілді.
Сол шу шыққан мезетте Сорокин селт етіп басын көтеріп алған. Қолына
енді ала берген бір буда ақшаны сандыққа қайтадан атып ұрды да, орыстың
қағаз көтермейтін мықты боқтықтарының бірін əлдекімге бағыштап,
орнынан атып тұрды. Сонан соң жолындағы адамдарды киіп-жарып, қарсы
жаққа қарай тұра ұмтылды. Ол келгенде сары самауыр иығындағы
тесіктерінен бу атқылап, сарқылдап қайнап жатыр еді. Қасында екі бүйірін
таянып, мерейі тасыған Ыбырай тұр... Сорокин оқ тиген адамдай сенделіп
сəл тұрды да, арт жағындағы орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетті.
Аулада айғай-шу, көңілді күлкі. Көпшілік аттары бəйгеден келгендей
Ыбырайды ортаға алып, дуылдасып жатыр. Осы сəттен бастап оның
ақшамен самауыр қайнатқан атағы бүкіл өлкеге жайылатыны сөзсіз. Атақ-
абырой адам басына əртүрлі жолмен келіп қонады ғой. Ал Ыбырай
байбатша бұл атаққа өзінін байлығымен жетті. Бірақ бұл арада мəселе тек
байлықта ғана тұр ма екен? Мұндай дəулетті кісілердің қайсысы ақшамен
шай қайнатыпты. Оның ар жағында адамның ерлік тəуекелі, мəрттігі, кесек
мінезі жатқаны даусыз. Дəл қазір байлық жағынан Ыбырайды он орап
алатын Рамазан Шəнішевтің өзі оның бұл атағына қызыға қарап тұр.


Топтың арасынан біреу, əлде жағынғаны, əлде шын білгісі келгені,
Ыбырайға мынадай сұрақ қойды.
– Байбатша, айтыңызшы: бір самауыр шайды қайнатуға мөлшермен
қанша ақша кетеді екен?
– Білмеймін, санағам жоқ... Ертең бухгалтерлер анықтайды ғой, — деді
Ыбырай. — Бірақ мен оған өкініп тұрғам жоқ. Сірə, менің өмірімде
орнымен жұмсалған бір ақша осы болды-ау деймін.
Бұл кезде Сорокин де орнынан тұрып, Ыбырайдың қасына келген.
Байғұстың иіні түсіп, алпамсадай денесі шөгіп, кішірейіп кеткендей
көрінді.
– Ал енді ризасың ба, Байбатша? Тағдырға не шара?! Сен жеңдің. Бұл
жолы бақыт құсы сенің жағында болды, — деді бақталасына қолын
ұсынып. — Қош бол! Менің орныма егін егетін болсаңдар, мен енді бұл
қарғыс атқан қаладан кетемін. Екі жүз жылқының ақшасын ертең мына
Шəнішевтің қолынан аласың.
Сорокин соны айтты да, көп бөгелген жоқ, аулада тұрған арбасына
отырып, алды-артына қарамай тұра жөнелді.
– Дегенмен бұл да ер екен, қайыспады ғой! — деді əлдекім сүйсінгендей,
орыс көпесі қақпадан шығып бара жатқанда.
Жиналғандар үйлеріне қайтуға асықпай, аулада топ-тобымен əңгіме
соғып, жаңағы төтенше оқиғаның əсерінен əлі де арыла алмай тұр.
Шəнішев бай қасында тұрған Демежанға бұрылып:
– Сорокиннің қателігі: ақшаны оттыққа саларда шиыршықтамай, не
тамыздыққа матырмай, бүтін күйінде төпей берді, — деді əлде күйінгені,
əлде ЬІбырайдың тапқырлығына сүйсінгені белгісіз. — Ақшаға сіңген
кəресіннің өз қызуы бар ғой. Ана байғұс соны ескермеді.
– Енді соны əңгіме қып қайтеміз, — деді Демежан күле тіл қатып. —
Бізге қайта Ыбырайдың жеңгені дұрыс болмады ма. Мен, шынымды
айтсам, қашан самауырдан бу шыққанша, ақ көңіл досымыздан айрылып
қаламыз ба деп қыпылдап тұрдым.
Дəл қастарынан дуылдаған күлкі естілді. Көп кісінің ортасында Молдақ
тұр екен. Ыбырай оған манағы уəде бойынша бір буда ақша ұсынған
көрінеді. Бірақ қайыршы азарда-безер болып, ақшаны алмай тұр.
– Алмаймын. Керегі жоқ... Мен бұл ақшаны алсам, біреулердің
қызғанышын оятуым мүмкін. Одан да осылай тыныш жүргенім жақсы. —
дейді кері шегіншектеп. — Бүгін ақшаның отқа қалай жанатынын көріп,
құмардан бір шықтым ғой. Сол да жетеді.


Ыбырай да қазір өз өмірінің ең биік сатысында тұр еді. Бір мезгілде
оның саңқылдаған даусы естілді:
– Кəне, құрметті меймандар, үйге кіріңіздер. Бəріміз бірге отырып,
жаңағы қымбатқа түскен самауырдан шай ішейік!
Жұрт топырлап үйге кіре бастады. Бұлар сол күні Ыбырайдың жеңісін
тойлап, бүгін көрген қызықтарын айтып тауыса алмай, түннің бір уағына
дейін дуылдасып отырды.
IV
Абдырадан алынатын тоғанның іс қағаздарына, одан кейін Ши-амбының
тойына қарайлап, қалада он шақты күндей бөгеліп қалған Демежан
Шəуешек сапарынан бүгін ғана қайтып еді. Астындағы торы төбелдің
тайпалған жорғасымен топ алдына түсіп, жол-жөнекей еш жерге кідірмей,
Көкжайдақта отырған өз аулына тура тартып келеді. Сырттай сыр
алдырмағанымен, аз күн ішінде үй ішін, кішкентай бүлдіршін балаларын
қатты сағынған-ды.
Бұл күнде Демежанның жарым көңілі бүтінделген. ЬІрысқаннан туған
Назарбек деген ұлы, Назым деген қызы бар. Əсіресе бес жасар Назарбектің
тілі шығып, тəтті қылықтар көрсете бастаған кезі. Əкесіне тартқан сұңғақ
бойлы, балпанақтай ұл бала қазір Бибінің бауырында, бір ауылдың үкілеген
еркесі, ермек-қызығы болып, күн санап өсіп келеді.
Тұңғыш баланы Ырысқан да үй ішін, жақын-жуықты əлдеқандай
уайымға салып, көңілдерін күпті етіп, екі-үш жыл кешігіңкіреп барып
көтерген. Жас келіншек ауыр аяқты болған кезде ауыл-аймақ, көрші-көлем
соның үстіне түсіп, тілеуін тіледі. Ал бұл кездегі Бибінің қуанышын сөзбен
айтып жеткізу қиын еді. Қашан Ырысқан қол-аяғын бауырына алғанша,
қатты-қайырымға араластырмай, мəпелеп күтумен болды. Баланы табуын
Ырысқан тапқанымен, толғатуын Бибі толғатты десе де болғандай.
Кішкентай нəресте шыр етіп жерге түскенде, Бибі «ақсарбасын» айтып,
етегіне орап алған. Сол сəттен бастап жас босанған анаға салмақ түсірген
жоқ. Тек емізетін кезде ғана, онда да уызға жарымай қалмасын деп,
нəрестені Ырысқанның бауырына салады да, қалған уақытта баланын бар
күтімін өз мойнына алды.
Сөйтіп, күндесінен байды қызғанбаған Бибі баланы қызғанатын əдет
тапқан. Ырысқанның əлдеқалай Назарбекті құшақтап, иіскеп жатқанын
көрсе, онысын ұнатпай:
– Сен, келіншек, менің құдайдан тілеп алған балама бұдан кейін өйтіп
мекірене бергеніңді қой. Бала керек болса, жассын ғой, тағы біреуін тауып
ал, — деп зілсіз зекіп ұрсып тастайды.
Дегенмен «құдай екен» Бибінің ол тілегін де орындады. Ырысқан емшек


сүтімен көтеріп, арада екі жыл өткенде тағы бір қыз тауып алды. Сонымен
бала жөніндегі талас бітіп, ақыры екі ананың да көңілі жай тапқандай
болып еді...
Бір топ салт атты ауылға таяп қалғанда, үлкен ақ үйдің сыртына көп
адамдар шығып қарап тұрған. Кенет ер-əйелі аралас жанағы топ кісінің
арасынан бір кішкентай нұқат бөлінді де, бері қарай құлдырандай жөнелді.
Бұл — əкесін танып, көш жерден жүгіріп келе жатқан Назарбек еді.
Демежанның жан-жүйесі босап, кеңсірігі ашып қоя берген... Шыбын-
шіркей болып, ентігіп жеткен баласын ат үстінен іліп алды да, көкірегіне
басты. Тершіген бетінен, көзінен сүйіп, аймалап жатыр. Əттең, дүние-ай!
Бұрын осы балалар тумай, көрінбей тұрған кезде қалай өмір сүріп келгені
белгісіз. Бұрын ол өзін балаға қаталмын, тас бауырмын деп ойлаушы еді.
Онысы бекер, бала бітпей, басына түспей тұрғанда жай айтыла салған сөз
екен. Енді, міне бойында өз қаны, өз нəсілі соғып тұрған кішкентай ұл мен
қызын қолына алса болғаны, тамыр-тамыры иіп, майдай еріп сала береді.
Қазір ат үстінде, əкесінің алдында отырған Назарбек əрнені бір айтып,
топ адамды күлдіріп келеді. Баланын тілін қызықтап, əртүрлі сұрақ қойып,
сөйлетіп келе жатқан Жауғаштың зəңгісі Тыныбай болатын.
– Назарбек, осы сен кімнің баласысың?
– Демежан үкірдайдың баласымын.
– Кімнен тудың?
– Бибі апамнан тудым...
– Е, жөн-жөн... Айтпақшы, Ырысқан деген тағы біреу бар ғой. Ол сенің
кімің болады?
– Ол менің тəтем емес пе. Назымның шешесі...
– Бибі апаң жақсы ма, əлде Ырысқан тəтең жақсы ма?
– Бибі апам жақсы. Құрт-май, қант-кəмпиттің бəрі Бибі апамның
қолында.
Ат үстіндегілер қыран-топан күлісіп жатыр. Əсіресе Тыныбай зор
даусымен маңайды басына көтеріп:
– Əй, мынаның іші қу екен. Майлы-жайлы кісіні бұл да біледі.
Шешесінің басынан құс ұшырмай келе жатқанын көрдің бе?! — деп ат
байлайтын кермеге жақындағанша рахаттана күліп келді.
Үй сыртында ер-əйелі аралас көп адам бұларды сырттай тамашалап
тұрған-ды. Бұл кезде жасы отыз бестерге келіп, нұрлана толықсыған кербез
Бибі күйеуінің атын өзі ұстап, əкесінің алдындағы Назарбекті түсіріп алды.


– Иə, ат-көлік аман, есен-сау жеттіңіздер ме? Кешіктіңіздер ғой...
Бəрінен бұрын «көкем қашан келеді?» деп, мына балаң-ақ мазамды алып
бітті, — деді ол үй ішінің сағынышын аз сөзбен сездіріп.
Бəрі аттан түсіп, үйге қарай беттегенде, топ адамның ішінен жарқ етіп,
екі жасар Назымды көтерген Ырысқан сұлу да көрініс берді. Түр-əлпеті
шешесінен айнымайтын ақ үрпек, кішкентай қыз екі қолын жайып жіберіп,
сонадайдан талпынып келеді. Демежан əлі сүт иісі арылмаған сəбиді
қолына алып, құшырлана иіскеді... Қазақтың еркегі жұрт көзінше əйелін
құшақтап, өліп-өшіп жатпайды ғой. Бірақ баласын құшақтап, еміреніп
бетінен сүюі — оның шешесіне деген сағынышын да білдіріп жатады.
Соны Ырысқан да жақсы сезіп, бір аналық мақтанышпен масайрай күліп
тұр. Жасы жиырма бестен жаңа асқан, қылықты жас келіншек осы тұрған
болмысымен-ақ: «мен туралы ойламай көр, сағынбай көр!» дейтіндей.
Демежан алыс жолдан келгенде, қашанда Бибі отырған үлкен шаңыраққа
түсетін-ді. Сол əдетімен серіктерін бастап, ортадағы еңселі ақ үйге қарай
бұрылды. Көрші-қолаң, қоңсылары мол, мыңғырып жатқан бұл ауыл
əлдеқашан «үкірдай ауылы» атанып, Керімбайдың басқа балаларынан
бөлек қонатын болған. Үйге кіріп жайғасқан соң, Демежан маңайдағы өзге
ауылдардың амандығын, қара шаңырақтағы Ажар анасының күй-жайын
сұрастырды. Оған көп атынан жауап беріп, есе сөйлеп отырған — осы
ауылдың ендігі үлкені Майлық ағасы.
– Бəрі де өзің көргендей аман-есен. Осы жақында ғана өзімізге қарасты
ауылдарды тағы бір рет сүзіп шықтым. Жұрт көлігін қамдап, арқан-жібін
есіп, жайлауға көшуге дайын отыр. Жайбасарлау үйлердің жындарын
қағып, ширатып кеттім, — деді ол шоқша сақалын саумалай түсіп.
Майлық — Керімбайдың туған інісі, Демежанға бір жағы əке іспетті.
Ауылдың бүкіл мал-жанына, көші-қон, шаруашылығына, көбінше осы кісі
бас-көз болып жүреді. Бұрын ол Керімбайдың тұсында əлі бөлінбеген мол
дəулеттің бас иесі саналушы еді. Кейін Керімбай өлген соң, аға
балаларымен сыйыспай, Демежанның, қарауына көшіп алған. Мінезі əпенді
шалыс, өте бір қызық адам. Ептеген еспе, мақтаншақтығы тағы бар.
Майлықтың: «Түгел Төртуыл Керімбайға бағынса, Керімбай маған
бағынады. Сонда бұл елдің шын үкірдайы кім?» деген сөзі кезінде дүйім
елге жайылып кеткен... Қазір де Демежанды арқаланып, ауыл-аймақты
шашау шығармай уысында ұстайды. Əр ауылға осындай бір айғайшы,
бақырауық байбай шал керек қой деп, Демежан да бұл атасын көп тежемей
еркіне қоя берген. Айыбында, ептеген күйгелек боқтампаздығы болмаса, ар
жағында зілі жоқ, көптің бір қормал қарты еді.
Көңіліне келген сөзді кімге де болса ірікпей айтып салатындықтан, бала-
шаға, келін-кепшік, малшы-қосшы Майлықтан сырттай ығып жүреді. Ерте
тұрып түндік аша қоймаған, малды уағында саумаған келіндер қатал
қайнағадан сөз естіп, жаза тартып қалатыны бар. Қырсық шал көңіліне
жақпаса Бибі мен Ырысқанды да аямайды... Ана жылы осы Ырысқанның


тұңғыш баласына екі қабат болып, ел-жұрт бетіне қарап, алақанға салып
отырған кезі ғой. Бір күні сол Ырысқан ерте тұрып түндік ашпай, күн
көтерілгенше отауда ұйықтап жата берсе керек. Соны бие бау жақта жүріп
байқап қалған Майлық ауылға атпен шауып келіпті де:
– Шырағым келінжан-ау! Түске дейін түндік ашпай шалжиып жатып
алған бұл не сұмдық?! Осы жұртқа жай бала емес, тіпті Мəді
31 
тауып
берсең де, төсектен тұратын кезің болды емес пе? — деп үй сыртынан
айғай салыпты.
Қорыққанынан орнынан атып тұрған Ырысқан əлгі сөзді көңіліне ауыр
алып, біразға дейін жылап-сықтап, қатты бүлінген-ді. Тек ауыл-аймақ
жабылып жүріп, бақырауық атасының бұдан да өткен сорақы қылықтарын
айтып, қожанасыр мінезін түсіндірген соң ғана өкпесі тарап, сабасына
түскен...
Сол Майлық ағасы қазір де аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей, есіп
сөйлеп отыр. Бірақ, обалы нешік, бұл өңірде төрт түлік малдың, көші-қон,
өріс-қоныстың жағдайын дəл Майлықтай білетін адам жоқ. Дүниеде
малдан өзге тіршілік, кəсіп бар, қызық бар деп ойламайтын кісі.
Мыңғырған көп малды жаз жайлауға көшіріп, қыста Барлыққа отарлатып,
тышқақ лақ шығын бермей бағып қайту да — осы Майлық ағасының
мойнында. Енді, міне, ел жайлауға шығарда жабағы жүнді қырыққызып,
тай-құнанды таңбалатып, көш көлігіне дейін əзірлетіп қойыпты. Малсақ
ағасы осының бəрін тəптіштеп айта келіп:
– Айтпақшы, мына жабағы жүн дегенің тау-тау боп үйіліп қалды ғой.
Оны не істеуші едің? Қыстағы соғымның терілері мен көп-көп елтірі де
қаттаулы күйінде жатыр, — деді ол сауда-саттық жағына шорқақтығын
сездіріп.
– Ол жағын уайымдамаңыз, Мəке. Ертеңдер осында Бабалықтың
арбалары келеді. Қолдағы жүн-терінің бəрін соған артып жіберіңдер, —
деді Демежан.
– Ендеше, осындағы бойдақ мал мен жылқыны, кейбір қой отарларын
ертеңнен бастап жайлауға қарай беттете беремін. Енді мұнда ыстыққа
қақталып отырудың түк орны жоқ, — деп қашанда шаруабасты боп жүретін
Майлық жұртпен бірге екі-үш кесе қымыз ішті де, асығыс шығып кетті.
Кешікпей Демежанның қаладан келгенін естіп, маңайдағы əр ауылдың
үлкендері, ағайын-туыс жинала бастаған. Келгендер қала жаңалығын, Ши-
амбы тойының қалай өткенін білгісі келіп, тұс-тұстан сұрақ жаудырып
жатыр. Əңгімені қыздырып отырғандар — осы төңіректегі қалың Байғара-
Жауғаштың ірі байлары, Демежанның аталас ағайындары. Соңғы жылдары
бұл адамдарда басқа руларды бойларына теңгермейтін үр-кеппе
мақтаншақтық, кеуделеріне нан піскен астамшылық байқалатын-ды. Өз
бастарына билік қонбаса да, соның шоғына жылынып, буына пісіп


жүргендер... Керімбай мен Демежан дəурен сүрген соңғы он бес-жиырма
жылда үкірдайлық мансаптың Жауғаш ортасынан кетпеуі бұл рудың талай
атқамінер, пысығын қатты тасытып, желіктіріп жіберген. Тіпті кейбіреулері
іштерінен: «осы біз, шынында да, жұрттан ерек, айрықша асып туған ел
болармыз. Төртуылдың сүт бетінде қаймағы, үкілеген тайлағы біз
шығармыз» дегенді кəдімгідей ойлай бастаған.
«Бір кісі таққа мінсе, жүз туысы атқа мінеді» деген рас екен. Демежан өз
ағайындарының қолына əдейілеп құрық бермесе де, осылар шетке шықса
болды, мұның атын сатып, ұпайларын түгендеп жүреді. Кейінгі кезде бұл
елдің кейбір жуандары басқа руларды оп-оңай ығыстырып, мол сулы, кең
өрісті жайлаулар мен шұрайлы жайлы қыстауларды өздіктерінен иемденіп
алатынды шығарған. Осыдан кейін өзге рулар Жауғашқа жауықпай,
өшікпей қайтушы еді. Мұндайда таяқтың бір ұшы Демежанға да тиіп
жатады. Төртуылдың өзге бұтағынан шыққан көп бақталас атқамінерді
бұған қарсы қойып, қырбай ететін де — осындай ел арасын ушықтыратын
пəле басы, ақкөз ағайындар. Демежан бұл жайды берітінге дейін ескермей
келіпті. Алдымен өз маңайындағы телі мен тентекті, зорлықшы, жуан
жұдырықты тізгіндеп, тыйып ұстамайынша, бұл елде береке-бірлік
болмайтынына көзі енді жетіп жүр.
«Ши-амбының тойын Демежан өз қолымен өткеріпті. Қазақ-қалмақ,
сарт-ноғай, сібе-солаң бас қосқанда, таңдау соған түсіпті» деген
алыпқашты хабар ел ішіне дүпілдеп бұрын жеткен көрінеді. Қазір қалың
Байғара-Жауғаш сол тойдың аруағын асыра, көпірте сөз қылып жүр екен.
Ши-амбы бейне бұлардың сарсүйек құдасы, не нағашысы секілді, үлкен
ұлықты бел көріп, өзімсіне, дабырайта ауызға алысады. Керімбай аулына
аталас, туыс боп келетін Қоқыш деген көке мылжың жамағайын болушы
еді. Қазір ешбір жөнге келмейтін, оспадар, сорақы əңгіменің бір алуанын
сол көйітіп отыр.
– Садағаң кетейін, Ши-амбы біздің Жау-атаңа мейірімі түсіп, оң көзімен
жақсы-ақ қарап тұр ғой. Құдай сол ұлықтардың жанына жамандық
бермесін! — деп салды бір сөздің кезегінде.
Оны төр алдында тізелес отырған Жауғаштың тағы бір үлкені Тезекбай
іліп əкетті.
– Ши-амбының өзі — Еженханның туған бөлесі көрінеді ғой. Оны мұнда
жарым патша қылып, қолына шексіз билік беріп қойғаны сол екен... Несін
айтасың, құдай-тағала төрт құбыласын сай етіп-ақ жаратқан жан ғой.
Демежан осы тұста шыдай алмай, мырс етіп күліп жіберді.
– Сол Ши-амбы біздің Жауғаштың бірдеңесі емес пе екен? Ол жағын
білген жоқсыздар ма? — деген ағайындарын ажуалай күліп.
Бірақ, оны сезетін Тезекбай мен Қоқыш па. Сөз астарын түсінбей шын


дəмеленіп қалды. Қоқыш:
– Сол ұлықтың өзі тым қазағуар дейді. Əй, соның бізге бір шатасы бар,
— десе, Тезекбай оны қостап:
– Иə, бұл айтқаның қисынға келеді. Ертеде шабынды жылдары
ішкеріден келген ғаскерлер біздің елден қыз олжалап əкетіпті десіп
жүретін... Не деп болады? Ши-амбы сол қыздардың бірінен туып қалды
ма?! —деп тіпті төндіріп келеді.
Жұрт кеу-кеулеп, қысыр əңгімені қыздыра бастағандай еді, Демежан
суық қабақ танытып, туыстарын тыйып тастады.
– Жə, жетер!.. Осындай бос сөздің керегі не? Қасындағы қандас
бауырыңды жарылқап тастағандай, айдаладағы мəнжу ұлығының тілеуін
тілеп, өзіңе үш қайнатса сорпасы қосылмайтын Ши-амбының құлағын
шулатқандарың не, түге?! — деген зілді қабақпен зеки тіл қатып. —
Сендерге шын олжа, табыс керек болса, мен осы жолы Қараүңгір мен
Абдыра өзендерінен бұрып алатын екі тоған суға қағаз жасатып əкелдім.
Əне, соны қуаныш етіңдер! Келер жылдан бастап осындағы қалың, қазақ ел
қатарлы егін салып, жаңа бір белге шығайын деп тұр.
Отырғандар бұл жаңалықтың тереңіне бойламаса да, бірден елең етіп,
дуылдасып қалды. Енді Демежанның, ығына жығылып, қошемет-қолпаш
сөздер айта бастаған.
– Иə, мынауың бір үлкен абырой болған екен!
– Ата ұлына келген бұл да бір мол сыбаға десейші...
– Талауға түспей тұрғанда жер шұрайын, су тұнығын алдымен ойып біз
алуымыз керек қой.
– Е, қазір Жау-атаңмен таласатын кім бар дейсің?
– Төстегі Бұқа əулеті Сымайыл зəңгінің арқасында ақ нанға ауыздары
бұрын тиіп, танауларын көтере беруші еді. Олардың əуселесін енді көреміз,
— десіп бірі атып, бірі қағады.
Бұлардың қуанышы да өзгешерек. Байғара мен Жауғаш бұл екі тоған
суды Сүйіндік ортасына келген төтенше сый-сыбаға деп қабылдап отыр.
Басқаларды ішке кіргізбей, мол жер-суды өздері ғана үлеске салып,
бауырларына басып қалмақ. Соны сезген Демежан осы бастан мəселенің
басын ашып алғанды жөн көрді.
– Əрине, алдағы жер-су бөлісінен осы отырған сіздерге де сыбағалы
үлес тиеді. Бірақ, естерінде болсын, бұл тек Сүйіндік баласы: Байғара мен
Жауғашқа ғана тиетін енші екен деп ойлап қалмаңыздар, — деді рулас
ағайындарына жағалай көз жіберіп. — Егістік жер мен су ешкімнің руына,


ата тегіне қарамай, кім ерінбей еңбек етсе, соған беріледі. Оның ішінде
көшке ілесе алмай жатақта қалып жүрген жарлы-жақыбай, кедей-кембағал
бірінші кезекте үлес алады. Осыны жақсы ұғынып алыңдар.
Жұрт бұл сөзді естуін естісе де, манағыдай емес, қоңырайысып, үндемей
қалды. Демежанның соңғы сөзін ұнатпай, іштерінен қыжыртып
отырғандары белгілі. Қоқыш, Елеусіз, Тезекбай сияқты жуандар жасы
үлкендігін пайдаланып, шын наразы екендіктерін жасырмай, айтып та
қалды.
– Е, тəйір-ай, елге келген енші ме десем, ұстағанның қолында,
тістегеннің аузында кететін берекесіз бірдеңе десейші.
– Ағайын келесінен аттап, тал түсте талапайға түскен дүниеде не қасиет
болушы еді?
– Келімсек, кірме, есіктегі құл-құтанның сыбағасы болды ғой...
Солардың арасына кіріп, егін егіп, етек жаппай-ақ қойдым, — десіп,
біреулері теріс айналып, енді біреулері қамшысын сүйретіп үйден шығып
кетті.
Демежан бұл кеткендердің ешқайсысын тоқтатқан жоқ. «Ойбай, əке, жер
ал, егін сал» деп ешқайсысына жалынғысы да келмеді. Аталас атайын деп,
сүйеніш, ес көріп, бауырға тартсаң, қашанда істейтіндері осы. Жуандық
көрсетеді. 
«Ит 
ұяласынан 
қорықпайды» 
деп, 
бұған 
туыстығын,
Жауғаштығын, Байғаралығын бұлдайды. Солар болмаса мына дүние қараң
қалатын секілді. Олардың ойынша, Төртуылдың үкірдайы Жауғаштан
сайланған екен, демек, ол ең алдымен осы рудың сойылын соғуы керек.
Жіліктің майлы басы тек осылардың алдында жатсын. Сонда ғана сені өз
қаным, азаматым деп танымақ. Əйтпесе, бұлт беріп теріс айналады, көпке
дейін, қырына алып жүреді.
Өрекпіген асқақ көңілі су сепкендей басылып қалған Демежан, ақшыл
өңі сұрлана түсіп, іштен тына күрсінді. Бір сəт өзіне жаны ашып кетіп еді.
Шетке шықса, бетіне жан келтірмес ұлықты аузына қаратып, төрт үкірдай
елді өзіне табындырып, бел алып қайтатын Демежан, Төртуылдың өз ішіне
келсе болғаны, осылайша алтын басы кішірейіп, көп Жауғаштың біріне
айналып кетеді...
Қазақтың осы бір алтыбақан, ала ауыздығын қалай жоюға болар екен?
Осы қалпында ру-руға бөлініп, тарыдай шашылып, басы бірікпей өтер ме
екен дүниеден? Əттең, мұның қолында құдыретті күш, шексіз билік жоқ
қой. Əйтпесе, осында жүрген небір теріс азу тентекті, қыңыр мен қисықты
тезге салып, жіптіктей етіп шығарар еді. Өсекшіл, жікшіл содыр-
сойқанның жонынан таспа тіліп,тілін кесер еді. Сонда ырыққа көнбей
құрық əкетіп жүрген талай тоңмойын томырықтар иі қанған қайыстай
есіліп шығар еді-ау! Бірақ ондай құдірет жоқ қой мұның қолында. Ру
тартысына тыйым салып, халықты береке-бірлікке шақыратын өкіметтің


сиқы мынау. Қайта əрекенің отына май құйып, жікшілдікті қоздыра түсіп,
ортасынан пайда тапқысы келеді... Əйтсе де, Демежан өзге дүниені өзгерте
алмағанымен, ақ көз ағайынның шылауына ілесіп, жетегінде кете алмас.
Билігі, мүмкіндігі жеткен жерге дейін өзі тандап түскен əділет жолында
қалар. Басқаға күші жетпесе де, егістік жер мен су мұның еркінде ғой. Сол
үшін өкіметке жаманатты, халдайларға қас болып жүріп, екі тоған суға
қағаз алған өзі. Ендеше ол жерді қалай бөліп, кімдерге берем десе де,
ықтияры өзінде емес пе?


Бір мезетте басын көтеріп қараса, басқалардың бəрі тарап, үй ішінде
Бибі екеуі ғана қалған екен. Əйелінің қабағында əлдебір кірбең бары
байқалады. Əрдайым арайланып шалынатын сұлу, нұрлы жүзі солғын
тартып, ұялы, нəркес көздеріне мұң көлеңкесі түсіп тұр. Демежан оған
еңсеріле бұрылып, үрке қарап қалып еді.
– Бибі, сен ауру-сырқаудан амансың ба? Шырайын бір түрді пəс қой...
Əлде біреу ренжітті ме? Жөніңді айтшы, — деген əлденеден секем
алғандай.
Бибі бірден жауап қата қойған жоқ. Биыл жайлауға көшкенде Назарбекті
ашамайға мінгізбек болып, соған тепкішек тігіп отырған. Сонысын
қолынан тастамаған күйі, қалтырай күрсінді де:
– Ауруы несі?.. Шүкір, ондайдан аманбыз, — деді күйеуінің жүйрік
көңіліне разы болғандай, жадырай жалт етіп, — саған солай көрінген
шығар.
– Бүкпелеме... Мен жоқта бір сұрқылтай болған ғой. Өзін жасырғанмен,
көзің айтып тұр.
– Соны сұрамашы, жаным. Қатын сорлының көзінен жас, көңілінен мұң
кетуші ме еді. Сол көп гөй-гөйдің бірі де — сыр беріп қалған...
– Сол күндестік пе баяғы? Сұғын қадап, сұмдығын таяп, отбасына ол да
жеткен екен ғой... Айт көне, не жетпей барады екеуіне? — деген қатты
ызамен түйіліп отырып.
Бибінің көзінен боталап шыққан екі моншақ жас ақша жүзінен жарыса
сырғанап келді де, қолындағы кестелі тепкішекке тамды.
– Күйінбеші, сабыр етші, жаным! Осы бір іштегі шер-шеменді саған
сездірмейін деп, тісімді-тісіме қойып, шыдап-ақ келіп ем. Сенің жаныңа да
жара салдым-ау ақыры... Арадағы қызыл тіл адам пендесін айнытпай,
аздырмай қоя ма?! Ырысқанды күндестіктің дертіне шалдықтырмаспын
деуші едім. Ол қолымнан келмеді. Сақтай алмадым... Семіздікті қой ғана
көтереді. Əзəзілдің тіліне еріп, бұзылды ғой байғұс бала, — дей келіп, Бибі
бұл жоқта екі əйелдің арасында болған бір ұнамсыз жайды айтып берді.
Соңғы жылдары, əсіресе балалы болғаннан бері, Ырысқан мінезіне бір
асқақтық, менмендік ене бастаған. Көп жағдайда Бибіні елең қылмай, өз
бетінше əрекет етуге бейім тұрушы еді. Жас келіншекті азғырып, күндестік
отына май құйып жүрген абысын-ажын да аз емес-ті. Солар: «Ұлды қатын
— бұлды. Осы үйдің отбасын балаға толтырып, шырағын жандырып
отырған сенсің. Ендеше, байдың да, байлықтың да билігі сенде болуы
керек. Күндесіңді басыңа шығармай, осы бастан қысып ұста. Ол қатын өз
жөнін біліп, сенің отыңмен кіріп, күліңмен шығатын болсын» десіп,


Ырысқанды үнемі Бибіге қарсы айдап салатын-ды... Тамшылаған су тасты
теседі. Адамның тіліне аспандағы бұлт айналады. Əлгіндей уəсуəлі,
азғырынды сөз қайталана берген соң, Ырысқан да тілге еріп, əртүрлі жат
мінездер көрсете бастаған.
Бибі осының бəріне көніп, көпке дейін сыр бермей, шыдап келген-ді.
Осыдан бірер жұма бұрынғы бір оқиға мұның да тілін шығарып, ақыры екі
əйел ұрсып тынған көрінеді. Ұрыстың шығу себебі былай болыпты. Қой
қырқымы жүріп жатқан кезде, Бибі киіз үйлері тозыңқырап кеткен
осындағы кейбір көршілерге: «осыдан киіз басып, үйлеріңді бүтіндеп
алыңдар» деп, өз қолымен біраз жүн таратыпты. Малшы-қосшының шал-
кемпір, қатын-қалашы Бибінің бұл қайырымдылығына қатты разы
болысып, шын алғыс, рақметтерін жаудырады.
– Жаның жамандық көрмесін. Қосағыңмен қоса ағар, айналайын
келінжан!
– Бала-шағаңның игілігін көр!
– Сенің осы пейіліңе берген ғой — осынау құт-береке, мол дəулетті, —
деген сөздер жыртық қос, шоқпыт үйлер маңында көп айтылып жатады.
Осы сөздерді естіп қалуы мұң екен, Ырысқан талағы тарс айрылып,
аяқастынан бүлініпті. Жұрттың бар алғыс, ақбаталарын Бибіге арнағанына
шыдай алмай кетсе керек, сол арада білегін сыбанып, бүйірін таянып
қотанның ортасына шығады да, жаңағы көршілердің көтеріп бара жатқан
жүндерін түгел тартып алады. Бұрын үлгіріп, үйлеріне кіріп кеткендерге де
қызметші, малай жігіттерді жұмсап, апарғандарын қайта алғызады.
Көршілерге ұрсып жерлегенімен қоймай, ара түскен Бибіге де тілі тиіп,
ащы, ауыр сөздер айтып тастайды.
– Судың да сұрауы бар. Тал түсте қолдағы байлықты көрінгенге тарата
алмаймын. Талатпаймын. Дүние саған керек болмаса, маған керек, менің
балаларыма керек... Сенің нең кетіп барады, жұртқа жақсы аттанып, бата
алып, байға жақсаң болғаны. Осы сенің батамен көгергенің белгілі еді ғой...
Бүгін несіне жəркелеңдеп, жарамсақтана қалдың? — деп жер-жебіріне
жетеді.
Ақыры Бибі «пəледен машайық қашыпты» деп, үйге кіріп кетіпті де,
үндемей құтылыпты. Бұрын ондайын кім көрген, Ырысқан қатты
долыланып ұрысқан кезде саз беттеніп, көгеріп кетеді екен. Ауыл адамдары
бір ауыз сөз айта алмай, үйді-үйлерінде бұғып, бүрісіп қалыпты...
Бибі осының бəрін көзінің жасын төге отырып, аз сөзбен баяндап келді
де:
– Міне, сен жоқта, құдай қара бастырып, екі қатын ел алдында осындай
абыройсыздыққа тап болдық. Қайтейін, бұл менің саған айтатын сөзім бе


еді. Сенің бір басынды қорғай алмай, сергелдеңге салғанша, өлгенім артық
еді ғой... Не кінəм бар еді? Сол Ырысқанды бойжеткен қызымдай, туған
сіңлімдей əлпештеп күткеннен басқа жаза басқан жерім бар ма? Тек, осы
қылығымызды құдай күпірлікке жазып, түбі таудай бір пəлеге ұшыраймыз
ба деп қорқам... Біздің қырсығымыз саған тимесе болғаны. Ендігі бар
тілегім, зар тілегім осы ғана! — деп егіліп барып тоқтаған.
Демежан торыққандай болып, үнсіз мелшиіп отырып қалды. Дүниенің
дау-шарынан, үскірік-ызғарынан қаға беріс, жалғыз ғана жылы ұясы бар
еді. Сүйекті қапқан күздің суық, мазасыз желіндей салқын ызғар бұл оттың
басын да шалған екен ғой. Мұнда да тыным-рахат таптырмағаны да. Қайда
барып күн көреді?.. Ол Бибі сөзінің адалдығына еш күмəн келтірген жоқ.
Сорлы əйел шын сырын, зар иманын айтып отыр. Ырысқанда сондай бір
қаттылық, дүниеге жақын тұратын іштарлық бары рас. Жүрегінде ешкімге
алдырмайтын, түкпірге тыққан бір қатты беріш бар. Демежан сол үшін бар
дəулетін, бар пейіл-ықыласын үйіп-төксе де, сылқым сұлу жібімеді ғой. Тас
қиынына тығылған қырқар қызыл түлкідей алдырмаған, берілмеген күйі
келе жатыр. Үйленгеннен кейінгі жар қызуы басылмаған алғашқы екі-үш
жыл жылдам сырғып өте шықты да, оның орнын кілең бір арбаса
аңдысқан, салқын тірлік басты. Бала тапқан əйелдің дүниенің кең-
тарлығымен ісі болмай, балбырап бір иіитін кезі болушы еді. Не үшін екен,
Ырысқан олай болмады. Қайта ауыл-аймақ əлпештеп, алақанға салған
сайын, суық тартып, қатая түскен.
Демежан бұл арада қос қатынға төрелік айтып, бірін ақтап, бірін кіналап
жатқысы келмеді. Ұзын қара мұртының шалғысын қайыра тістелеп, үнсіз
түйіліп отырды да, Бибіге көз тоқтата қарап:
– Мен не істейін? Қос қатын алам деп, қолқа салған мен бе едім? «Сұрап
алған аурудың емі жоқ». Осы іске мені бастаған өзің едің ғой... Енді соның
сазайын тартасың! — деп аз бөгелді де. — Байға, байлыққа кенде боп, ішер
ас, киер киімге жарымай отырсаңдар, мен өзімді кінəлы санар ем. Бар
байлық қолында отырған байбалам бəйбіше мен тойып секірген тоқалға
енді қандай ем істейін? Аз ауыл Төртуылдың басын қоса алмай жүргенде,
маған ендігі қалғаны — екі қатынның арасына бітімге жүру еді?! — деп
томырылған ашу үстінде теріс бұрылып, артындағы қос жастыққа жантая
берген.
Бибі бұдан ары күйеуін мазалаған жоқ. Өз дерті өзінде, іштен тына
күрсінді де, ақырын басып далаға шығып кетті. Осы сот үй сыртынан ат
тұяғының дүбірі естіліп, біреулердің түсіп жатқаны байқалды. «Үкірдай
үйде ме?» деген əлдебір дауыс та шығып еді. Кім де болса алыстан суыт
жүріп келген кісілер. Көп ұзамай соза-соза сəлем берісіп, ішке жұпыны
шекпен, жұлма тымақ киген бес-алты адам кірді. Топ бастап келе жатқан
қапсағай, ірі денелі Бөкені үй иесі бірден танып, басын көтеріп алған.
Қасындағылары — сол Бөкемен бірге тау бөктерінде егін салып, еңбекпен
күн көріп жүрген əр рудың қолы қысқа, жұпыны-жуас адамдары.


Демежан осыдан бірер күн бұрын қалада сол жатақ ауылдың бір жігітіне
жолығып, Бөкеге арнайы сəлем айтып, екі тоған суға қағаз алғаны туралы
қуанышты хабар жолдаған-ды. Сол хабарды естісімен, үйлерінде шыдап
отыра алмай, шапқылап жеткен беттері болса керек. Бұл күнде алпыстың
жуан ішін аралап, сақал-шашы бурыл тарта бастаған Бөке төр алдына
жайғасып, аман-саулық сұрасып болған соң, бірден шешіліп сөйлеп кетті.
– Қаладан қайтыпсың, Демежан шырағым. Жəне бұл жолы жай қайтпай,
бас бəйгеңді алып, мол олжамен оралыпсың. Баяғыда бір кісіні жығып,
басынан күш алып кететін бізді де бұл жұрт палуан атандырған. Ендігінің
күрес тəсілі білекте емес, білімде қалды ғой. Сол жаңа заманның ұлығын
ұйпап, халдайын қапы кетірген нағыз палуан, міне, өзіңсің. Əмісе осылай
абыройың асып, мəртебең өсе берсін, асыл азаматым! — деп тілек-батадай
бір оқшау сөз айтып еді.
Манадан бері өз ағайындарының керенау-керден мінезін көріп, оған үй-
ішінің көңілсіз, күйкі тірлігі қабаттасып, іштей жабырқап, жасыңқырап
отырған Демежан бірден серпіліп сала берді. Көңілін аспандатқан —
қарапайым қара шаруа Бөкенің аузынан шыққан бір ауыз сөзі еді: «Міне,
келді ғой — жер-судың нағыз иелері. Соған шын қуанып, қадірін біліп, өзі
іздеп келіп тапты ғой» деп толғанды ішінен. Сол көтеріңкі көңілмен
жадырай түсті де:
– Рақмет, Бөке аға. Көп жылдан бері сіздердің алдарыңызда ұятты болып
жүр едім. Ақыры сол арманды еткен Абдыра мен Қараүңгірден екі тоған
суға қағаз алып қайтқан жайым бар. Əзірше сендерге əкелген базарлық-
сыйым да, қолдағы барым да осы! — деген-ді.
Бұл сөзге отырғандар тегіс мерейленіп, дуылдасып қалды. Бөкенің
қасындағы Қараман, Күркебай, Есбол сияқты қартаң адамдар жамырай үн
қатып:
– Шырағым-ау, біз үшін бұдан үлкен сый бола ма?!
– «Соқырдың тілегені — екі көзі» деп, сол суға қолымыз жетпей, бұл
күнде бұлдырық болып отырған жоқпыз ба?!
– Осының бəрі бір сенің арқаң ғой, Демежан-ау! Сол жер мен суды
арыстанның аузынан, түрікпеннің түбінен күшпен тартып алғаныңды
көрмей-білмей отырмыз ба?! — десіп, шын ризашылық сөздерін айтып
жатыр.
Серіктерінің дабыры басыла бергенде, олардың сөзін Бөке жалғастырып
əкетті.
– Ана жылғы өзіңнің ақыл-кеңесіңмен тау бөктеріндегі бұлақ бастауды
сағалап, жылға-жылғаға дəн сеуіп, күн көріп отырған бір қауым ел бармыз
ғой. Осы хабарды естігелі, сол қара шаруа халқын үлкен қуаныш үстінде.


Бүгін барып көрсең, əр ауыл «ақсарбастарын» айтып сойып, кішігірім той
жасап жатыр. Көп жырлап қайтейін, қазір еңбекші еліңнің тілеуі бір сенің
үстінде, Демежан шырағым, — дей келіп, төстегі елдің кейінгі кездегі
шаруа-күйін əңгімелеп кетті.
Осыдан бес-алты жыл бұрын, Демежанның қырманынан кеусен алып
қайтқан соң-ақ, осы Бөке бастаған аз үйлі кедей ауыл Ашылының аңғарына
қыстау салып, жаңа бір тірлік бастаған-ды. Дəл іргесінде арқырап атып
жатқан Абдыра өзенінен халдайлар нəр татырмайтын болған соң, жылға-
сайлардан ататын кішігірім бастау-бұлақтарға тоспа жасап, соның суымен
шұқанақ шағын егіндерін суарып, күзде бала-шағаның ене көкірек
несібесін жинап алатын. Көп кешікпей біреуден-біреу өнеге алып, тұрақты
кəсіпке дең қоюшылар көбейе бастайды. Бұрын байлардың көшіне
ілескеніне мəз болып, сіңірін босқа созып жүрген еті тірі талай кедейге ой
түсіп, жер тырмалап, егін салуға кірісіп еді. Жалғыз Ашылы емес, енді
іргелес жатқан Абдыра, Қызбейіті, Күжібай өңірінде де осындай егінші,
жатақ ауылдар пайда бола бастаған. Қазір сол бөктердегі қаз-қатар
қоныстанған жеті-сегіз ауылда диқаншылықтың дəмін татып, соқаның
сабын ұстауға төселіп қалған жүзден аса түтін бар көрінеді. Енді солардың
қолына құнарлы жер, нəрлі су тисе, кəдімгідей іргелі ел болып кететін түрі
бар... Бөке осы жайларды байыппен баяндай келіп, Демежанға мол
денесімен еңсеріле бұрылды да:
– Осының бəрі — өзіңнің ақыл-кеңесін, көрсеткен үлгі-өнегең ғой,
Демежан шырағым. Қалың қазақ қауымына түбінде тұрақты кəсіп керек
екенін сөзбен айтып та түсіндірдің, өзің бастап егін салып, іспен де
дəлелдедің. Тақ бір көр кеуде, керең құлақ біреу болмаса, ұтатын
уақыттары болды ғой. Енді, міне, қолымызды есеге жеткізіп, ортадан ойып
жер-су əперіп отырсын. Будан артық не істейсің бұл етекбасты, шабан-
шардақ жұртыңа?! Жасаған жақсылығын бізден қайтпаса құдайдан, келер
нəсіл, ұрпақтан қайтар. «Ел бағына туған азаматым, асыл бегім, аман бол»
дегеннен басқа не бар біздің қолымызда? — деп аз сөзбен ел алғысын
жеткізді.
Демежан да қазір ақшыл, кесек жүзі нұрлана түсіп, қарт сөзіне
мерейленіп отырған.
– Рақмет, барды айттың, Бөке. Байқап отырмын, еткен еңбек, төккен тер
текке кетпеген екен, — деді толқи тіл қатып. — Бірақ бұл əлі қағаздағы
дүние ғой. Енді соны тездетіп іске асыруымыз керек. Сіздерді шақырған
себебім де сол еді.
– Не бұйырсаң, біз дайын.
– Тек жол бастап берші, арғы жағын өзімізге қоя бер, — десті
отырғандар.
– Ендеше, сөз бұйдаға сала бермей, Абдырадан алынатын тоғанға жақын


арада кірісіп кетейік. Осы жұмысқа дəл қазір қанша адам шығара
аласыздар?
Бұл сұраққа Ақболаттан шыққан намысты, ер кедей Күркебай жауап
берді.
– Осы жаңа ғана сай-сайда шашылып отырған жүз үйлі жатақ бармыз
дедік қой. Солардың көбі-ақ балалы-шағалы, ер-азаматы сай адамдар. Тіпті
шаңырақ басы бірден дегенде, жүз жігітті қолма-қол жинап беруге болады.
– Онда тіпті жақсы. Сіздерге үш күн нəубет беремін. Жігіттерің кетпен-
күрегін, тесесі мен қайласын алып, сақадай сай тұрсын. Алдағы
сəрсенбінің сəтіне Абдыра өзенінің аңғарынан табысайық.
Осы сөз байлау болды. Бөкелер осыдан кейін көп бөгелген жоқ, қымыз
ішіп, қонақасыға сойылған малдың етінен ауыз тиді де, асығыс атқа қонды.
Қуаныштары қойнына сыймай, бұл жаңалықты төстегі қалың елге тегіс
жеткізбек болып, кешкі салқынмен жүріп кеткен.
V
Уəделі күн жеткенде, қасына бір топ адам ертіп, Демежан да ертелетіп
атқа қонған. Бұлардың ішінде осы елдің зəңгілері Тыныбай мен Түсіптен
басқа, егіншіліктің, тоған қазудың жайын білетін Диқанбай бастатқан өз
аулының біраз жігіттері де бар. Ойдағы елдің жаппай жайлауға көшіп
жатқан кезі еді. Бұл күндері бүкіл Сарыөлең, Көкжайдақ, Боздақ,
Қырыққұдық, Өбісін өңірі түгел қозғалысқа келіпті. Қай жағыңа қарасаң
да, тауға қарай бет алған үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, баяу ырғалған
түйелі көштер ұшырасады. Таңертеңгі ерте салқынмен атқа қонған салт
аттылар сондай көштердің талайын басып озып, сəске түс шамасында
Ашылыға жетті.
Демежандар келгенде, Абдыра өзенінің тау шатқалына таяу оң жақ
қабағында жүз қаралы кісі шоғырланып күтіп тұр еді. Атқа мінгені, өгізге
мінгескені, жаяуы бар, ала-шобыр қызық топ. Тақымдарына қысқан,
иықтарына салып бос ұстаған кетпен-күректері күнге шағыла жарқ-жұрқ
етіп, бұл өлкеде бұрын болмаған өзгеше көріністен дерек бергендей. Той-
думанға, желік-тамашаға жиналған қызық құмар қыр қазағы емес, қалың
қайрат танытып, іске жұмылған еңбек тобы. Бəрінің алдында, сол
ұжымдасқан қауымның қолбасы сардарындай болып, биік қоңыр аттың
үстінде Бөкенің өзі тұр.
Сөзі мен ісі бір жерден шыға бермейтін, етекбасты жұртының енжар
мінезінен əбден запы болған Демежан, қашан тау бөктеріне жеткенше,
көңілін жайлаған бір күдіктен арыла алмай келе жатқан. Кенет қарсы
алдынан қауымдасқан елді, неге де болса дайын, тас-түйін топты көргенде,
арқасы кеңіп сала берді. Астындағы төртөбелді тайпалта жорғалатып, өз
тобынан озыңқырап келді де, күтіп тұрған көпшілікке тақай бере:


– Уа, орта толсын, халайық. Іске сəт! — деді жарқын жүзбен саңқылдай
үн қатып.
– Кемдігі өзіңмен толып, тақия төбе болсын, Демежан шырағым!
Серкесіз судан өтпейтін қоралы қойдай ұйлығып тұрған халқың бар. Екі
тізгін, бір шылбыр өз қолында. Бастай бер! — деді Бөке де күркіреген зор
дауыспен.
– Онда не тұрыс бар? Тарт аттың басын — алынбас қамалдай боп келген
Абдыраның суына!
Сол сөздің ауыздан шығуы мұң екен, топтанып тұрған қалың қара шаруа
шуылдап, қостап кетті.
– Күткеніміз — өзің ғой.
– Баста!
– Ердік соңыңнан...
– Су алатын көмейді көзімізге бір көрсетші! — десіп, жақпар тасты
жаңғырықтыра, ен даланы бастарына көтерді.
Бұл маңайдың жер жадысы Демежанға жақсы таныс болатын. Түбінде
тоған алып, су шығарғандай күн туса, өзен аңғарының қай тұсы қолайлы
болар екен деп, бұрын да бірнеше рет келіп қайтқаны бар-ды. Қасына Бөке,
Тыныбай, Диқанбайды ертіп, топ алдына түсе берді.
Төменде, биік жарқабақ астында, тастан-тасқа соғылып, күркірей
арындап, Абдыра өзені ағып жатыр. Қарсы бетте, арнаның шығыс
қапталында, тал-теректері көгеріп, Бахалдай мен Дохалдайдың зəйімкелері
көрінеді. Олардың ендеп кеткен егіс алқабы, егінге су алатын тоғаны да сол
қарсы жақта. Ал өзеннің батыс беті əлі игерілмеген тың дала, түгін тартсаң
майы шығатын, қара топырақты, боз жусанды кең жазық болатын. Тау
етегіне жақындаған сайын шалғын шөбі, қараған-тобылғысы молайып, жер
құйқасы қалыңдай түседі. Жатақ ауылдар биыл көктемде осы бөктерге
соқамен тырмалап, біраз егін салған екен. Қазір сол егіндері тақта бетін
жасырып, қаулап өсіп қалыпты. Алынатын тоған алдымен осы егіндікті
басып өтуге тиіс. Бірақ өзен аңғары тым терең, биік қабақтың астында
жатыр. Тоған көмейін едəуір жоғарыдан алып, қабырғалатып əкелмесең,
дəл тұспа-тұстан су шығара алмайсың. Сондықтан олар əлі де төрт-бес
шақырым жоғары өрлеп, тау шатқалына ішкерілеп ене түсті.
Бұлардың ішінде егіншіліктен хабары мол, көзі қарақтысы Диқанбай еді.
Сол өзен арнасын көзбен шолып, жіті қарап шықты да, қасындағы Демежан
мен Бөкеге бұрылып:
– Əсілі, бас тоғанның көмейіне өзен ағысының тебіндеп келіп, жақсы


серпінмен соққаны дұрыс болады. Сондықтан арнаның кең жайылмай,
қысылып аққан жəне осы жағаға мол аунаған ұрымтал тұсын таңдап
алайық, — деген ақыл айтты.
Басқалар да соның сөзін құп көріп, əлі де біраз өрлей түскен. Тіпті қарсы
беттегі халдайлар тоғанының көмейінен де жарты шақырымдай өтіңкіреп
барып бір-ақ тоқтады. Бұл өзен ағысының лықсып келіп, бергі жағаны
жуып жатқан қысаң тұсы болатын. Əрине, жаңа тоған тау беткейін керлеп,
кең жазыққа көтерілгенше, едəуір жер қазуды, көп еңбекті керек қылады.
Бірақ, оның есесіне, су баратын егіс алқабы ұлғая түспек.
Осы араға келгенде бəрі аттан түсіп, жағалауға қарай бет алды. Жұрт
көңілді. Жігіттер кетпен-күрегін оңтайлап, жұмысты бастап кетуге
құлшынып дайын тур. Əр тұстан қысылмай шыққан емен-жарқын күлкі,
əзіл-оспақ сүйінішті лебіздер естіледі.
– Көкте құдай, жерде халдай билеуші еді. Абдыраның мөлдір тұнығына
біздің де қолымыз жетті-ау ақыры!
– Халдайлар арықтағы суынан ат суарсаң ашуланып, құты кеткендей
болушы еді. Енді не істер екен?
– Өзгесін не қылайын, бір пұт бидайын бір қойға бұлданып əрең беруші
еді-ау. Енді біздің де аузымыз ақ нанға тиетін шығар, — дескен уытты
сөздер ұшқын атады.
– Ал, бастаймыз ба? — деді Бөке əлі де өз көзіне өзі сенбегендей,
Демежанға қарап.
– Бастайық! — деді Демежан. Сонан соң көпшілікке бұрылды да: — Ал,
халайық, біз бүгін ата-бабамыз істеп көрмеген жаңа бір тірлікке кіріскелі
тұрмыз. Осы тоғанды бітірсек, асау өзен Абдыраны ауыздықтап, алты құлақ
су аламыз. Ол су Ашылы мен Нұраның кең алқабын қалай көгертем десең
де жетеді. Қалай ойлайсыңдар, осыны орындау біздің қолымыздан келе ме,
— деген дауыстай үн қатып.
Жиналғандар тағы да тау жаңғыртып, шуласып кетті.
– Келгенде қандай!
– Халдайлардың да аяғы аспаннан салбырап түспеген шығар. Олар да
өзіміз сияқты пенде...
– Тек жер-судың қожасы демесең, белін ауыртып, бұта басын сындырған
халдай бар ма? Соларға малайлыққа жалданып, бар шаруасын атқарып
жүрген — тағы өзіміздің сорлы қазақ, — десіп шиыршық атқан намысты
үндер естілді.
Демежан жұрттың гуілдеген дабыр-шуының басылуын күтіп аз кідірді


де:
– Ендеше осы жұмыс аяқталғанша, сіздерге тоғанбасы — шаңия етіп,
Бөке ағамызды тағайындаймын. Бұған не айтасыңдар? — деген. Көпшілік
оны да қостап:
– Жөн-ақ!
– Бөке болсын.
– Бізге Бөкеден басқа шаңияның тіпті қажеті жоқ, — десіп жатты.
– Олай болса, бүгіннен бастап шаңия-мұраптарың — осы Бөке. Тоғанға
адам шығару, кезегімен ауыстырып отыру осы кісінің қолында болады...
Ал, кəне, іске кірісейік!
Бірнеше адам қанжығада байлаулы жүрген арқандарын шешіп əкеліп,
болашақ тоғанның тас табанын белгілей бастады. Бұларда жер деңгейін
өлшейтін арнаулы аспап жоқ, көз мөлшері ғана. Бірақ жер жадысын жақсы
білетін Диқанбай, Бөке сияқты көкірегі даңғыл үлкендер мен сахарада мал
көздеп, аң аулап өскен қырағы, мерген жігіттер мүлт кетер емес. Тоғанның
бас көмейін су екпіндеп еркін соғатындай сəл еңістеу жерден алып, содан
ары арқан керіп, əр жерге белгі соғып, қазық қағып бара жатыр.
– Ал қалғандарымыз қарап тұрмай, бастай бермейміз бе? — десті
тықыршып тұрған жігіттер алақандарына түкіріп.
Бұл кезде Бөке қол астындағы адамдарды он-оннан топтап, əрқайсысына
қазықтардың арасын бөліп беріп жатқан-ды. Жігіттердің күш-қайратына,
құрал-сайманына қарай араластыра іріктеп жүр. Əлден уақытта
Демежанның қасына келді де, таңдап алған жақсы күректің бірін қолына
ұстатты.
– Ал, Демежан, халқыңның қамын ойлап, осы бір жаңа көшті бастап
жүрген өзің едің ғой. Ырым болсын, алғашқы күректі сен салшы, өзің
басташы, — деді шын ықылас білдіріп.
Демежан сөзге келген жоқ, үстіндегі шапанын шешіп лақтырып тастады
да, іске кірісіп кетті.
– Ay, пірім, диқан бабаның аруағы, өзің қолдай гөр! — деп күректі
табанымен басып, жерге ұңғысына дейін енгізді де, алғашқы топырақты
атып жіберді.
Осыны күткендей, манадан бері қолдары қышып əрең тұрған жігіттер де
қауырт жұмысқа араласып кетті. Қиыршық құмға, шағыл тасқа тиген
сүйменнің, кетпен-күректің жүзі шақыр-шұқыр етіп, Абдыра аңғарын лезде
еңбек дүбіріне толтырып жіберді. Жүз қаралы кісі кемінде жарты
шақырымдай жерге шеп жайып, қолтығын жаза, құлаштай сермеп жатыр.


Тоғанның көмейге жақын тіремесіне Бөке өзінің: Қадырбек, Садырбек,
Жұмабек дейтін үш ұлын қатар салған екен. Əкесіне тартқан өңшең ірі
денелі, атпал азаматтар қолы тиген жерін ойып түсіп еңсеріп барады.
Демежан сүймен ұстаған сол үш жігіттің қимылына біразға дейін қарап
тұрды. Əсіресе Садырбек пен Жұмабек көйлектерін шешіп, белуарына
дейін жалаңаштанып алған екен. Ауыр сүйменді көтере соққанда,
саптыаяқтай қар еттері бұлт-бұлт ойнап, тиген жерін опырып, ойып
жібереді. Жеке олар емес, жасөспірім баладан еңкейген кəріге дейін шама-
шарқынша күш салып, қимылдап-ақ жатыр. Демежан бірнешеуімен
тілдесіп те көрді. Осылардың көпшілігі бұрын байлардың есігінде,
халдайлардың жалшылығында күн көріп, бала-шаға бағып жүрген жандар
екен. Соңғы жылдар жатақ аулындағы жаңа кəсіпке ден қойып, əр жақтан
бас құрай бастапты. Ата тегі, ру жөні де əртүрлі: Байғара-Жауғаш та,
Қараменде мен Баймұрат та, Ақболат, Шөтік те араласып жүр. Тіпті бұл
Төртуылға жатпайтын Қарақұрсақ, Мəмбет, Жұмық та, қиырдағы Тума-
тоқпақ, Мұрын да ұшырасып қалады. Алайда ру сұрасып, салмақ
салыстырып, жікке бөлініп жүрген ешкім жоқ. Бұларды біріктірген
қандастық, руластық емес, ортақ тағдыры, күнкөріс кəсібі табыстырған,
тұрмысы туыстырған жандар. Ру-ру боп жөңкіле көшіп жүрген былайғы
көп қазақтан бөлініп қалған аралдай. Əр рудың арасынан сығылып шыққан
нəр-сөліндей.
«Бытырап жүрген қазақтың басын қосатын — айдағанның алдында
кететін өрістегі малы емес, осындай тілеуі бір тұрақты кəсіп қосатын екен-
ау! — деп ойлады Демежан, иық сүйесе қатар қимылдаған көп қауымға
қарап тұрып. — Əлде біздің халықтың ұйтқы-мəйегі осылардан басталар
ма? Сірə, солай шығар... Мынау — бұрын байқалмаған жаңа нышан, өзгеше
бірлік белгісі ғой».
Бөке мен Диқанбай екеуі жер қазып жатқан əр жігіттің қасына барып:
– Сызықтан ауытқымай тура қазыңыздар. Тоғанның ені екі кез. Биіктігі
бір кезден артпасын. Топырағын алысқа шашпай, еңіс жағына қоянжондап
үйіп қойындар! — деп қадағалап жүрген-ді.
Əлден уақытта Беке Демежанның жанына келіп, көк шөптің үстіне
жамбастап отыра кетті. Шаршаған сияқты, мата белбеуінің бір ұшымен
маңдайының терін сүртті.
– Осы қарқынмен тынбай қимылдаса, тоғанның қазылуы қаншаға
созылуы мүмкін? — деді Демежан да оның қатарынан орын алып.
– Кім білсін, бұрын кім тоған қазып көріпті?—деп Бөке езу тартып
күлді. — Бүгін алғашқы күн болған соң, жұрт дүрмекпен көп жиналды ғой.
Үнемі бұлай бола берер деймісің. Дегенмен жұмыс басынан қырық-отыз
адамды үзбейтін шығармыз.


– Иə, аяқ жағы қожырап, сиыр құймышақтанып кетіп жүрмесін. Жұрт
шөпке, егін-тегінге араласып кетпей тұрғанда, бітіріп алғандарыңыз жөн
ғой.
– Өзім де соған белді буып отырмын. Жан ұяда болса, жаз ортасына
дейін бітіріп қалармыз. Тіпті осы тоғанды ертерек іске қосып, бөктердегі
егінді бірер мəрте суарып қаламыз ба деген де ойымыз бар, — деді Бөке
нық сеніммен. — Ал бұл елге егістік жерді қашан бөліп бересің?
– Ол жағына алаң болмай-ақ қойыңыз, — деді Демежан да Бөкенің
көңілін орнықтыра сөйлеп. — Жер ең алдымен осы тоғанды қазуға
қатысқан еңбекқор қалың бұқараға тиеді. Тоған қазылып бітсін. Амандық
болса күзге таман осылай бас қосамыз да, жерді адам санына қарай
арқандап бөліп аламыз.
– Илəйім, соған жеткізсін. Құдай бұйырса, келер жылғы егіске қапысыз
дайындаламыз ғой. Соқа-сайманды, тұқымдық астықты да ерте қамдап,
сақадай сай отырамыз.
Демежан тоған жүлгесін бойлай жер қазып жатқан жігіттерді көзбен
шолып біраз отырды да:
– Онда мен қайтайын, Бөке ата. Ертең біздің ауылдар жайлауға көшуге
тиіс еді. Мұндағы шаруа өзіңізге аманат, — деп етегін қатып түрегелді.
Тыныбай, Түсіптер бұрынырақ атқа қонып, үкірдайды күтіп тұрған.
Демежан аттанар алдында, əлдене есіне түскендей, Бөкеге қайта бұрылды:
– Сіздерде сойыс, сауын жағы қалай? Ауыр еңбек үстінде азық-түліктен
қысылып қалмайсыңдар ма?—деді оның бетіне барлай қарап. Бөке
күмілжіп қалды.
– Жұрттың ене көкірек айран-шалабы бар ғой. Бірдеме қып күн көрер...
Демежан оның сөзін аяқтатпады:
– Өзіне жаздай сауып ішуге екі құлынды бие, топ ортаңа сойысқа деп
бір-екі ірі қара мен он шақты қой бөлемін. Жайлауға мал айдағанда, осы
маңнан күтіп тұрып, жолдан алып қалыңдар.
– Апыр-ай, шырағым Демежан-ай, бізге осы істеген жақсылығың да аз
емес. «Түйенің танығаны жапырақ» деп, бір сені қарақтай бергеніміз қалай
болар екен? — деп Бөке желкесін қасып, шын ұялып тұр.
– Ештеңе етпес. «Мың сіз-бізден бір шыж-мыж артық» деген бар ғой.
Бұл менің тоғанға қосқан үлесім болсын, — деді Демежан атына мініп
жатып.
Соны айтып, орнынан қозғала берген-ді. Кенет өзеннің арғы қабатынан


бері құлдилап келе жатқан төрт-бес салт аттыға көзі түсті. Өңшең тоқжарау,
семіз ат мінген, қара киімді, ыздиған біреулер. Оларды Бөке де байқап
қалған екен.
– Үкірдай, сəл күте тұрасың ба, қайтесің. Мыналар тегін кісілер емес.
Сырт пошымдарына қарағанда, осылар бізге əдейі келе жатқан сібелер
болып жүрмесін,—деді арт жақтан қобалжи дауыстап.
– Иə, солай болды... Ана бір қара атқа мінген, дөңгелек қалпақты жуаны,
дəуде болса, Дохалдай мен Бахалдайдың бірі. Осылар шұрқан шығармаса
жарады, — деп Тыныбай да секем ала сөйлеп тұр.
Демежан үндеген жоқ. Түгі сыртына шығып, күреңітіп кетті де,
қасындағы шағын топпен тоған қазып жатқандардан аулағырақ барып
тұрды. Не де болса жұртты алаң етпей, оңашада күтіп алмақ.
Кешегі жаңбырдан кейін Абдыра өзенінің түсі бұзылып, тасыңқырап
жатқан-ды. Əлгілер ат құйрығын бұратын мол судың жайылмалау тұсына
аттарын қамшылап қойып-қойып кетті де, бергі жағаға кешіп өте шықты.
Алдыңғы қара атқа мініп, қара қалпақ кигені — шынында да, Дохалдай
екен. Əнеугүні Ши-амбының тойында Демежанмен шəлкем-шалыс кеп
қалатын қиямпұрыс, тентек халдайдың өзі. Айдынын сыртына салып,
астындағы қара аттың ақпа жорғасымен тебіндеп келді де, топ кісінің
арасына сұғына кіріп тоқтады. Халдайлардың өздігінен ешкімге сəлем
бермейтін əдеті. Демежан да үнсіз сазарып қалды.
– Үкірдай, бұл не қылған адамдар? Бұл жұрт мұнда не істеп жатыр? —
деді Дохалдай аң-таң болған пішінде. Білмегенсіп, жорта сұрап тұрғаны
белгілі.
– Көрмей тұрсың ба? Қазақтар өз егініне су апару үшін, тоған қазып
жатыр.
– «Тоған қазғаны» қалай? Осы маңда қара-құра көбейгенге көшкен ел ме
десек... Əй, мыналар, расында да, бірдеңені шұқылап қазып жатыр, — деді
ол ат үстінен қопаңдай мойнын созып. — Сонда суды қайдан алмақсыңдар?
– Абдырадан! Жаңа ғана өзің кешіп өткен Абдырадан аламыз, — деді
Демежан қамшысымен өзен жақты нұсқап.
– Ол судың иесі бар емес пе. Абдыра өзені түгелімен халдайларға
қарайтынын білмейтін бе едіңдер? — Дохалдайдың жүзінен кекесін күлкі
жүгіріп өтті.
– Халдайлардың бір жақтан ағызып əкелген суы жоқ шығар. Абдыра
өзені жер жаралғалы осылай арқырап ағып жатқан жоқ па.
– Бірақ менің қолымда Еженханның өзі бекітіп берген таңбалы қағазы


бар ғой. Сонда бұл өзеннің қожасы кім екені ап-анық айтылған.
– Сен Еженханның ұлы болғанда, біз құлы ғой деп пе едің? Дүние
қағазға қарап тұрса, ондай таңбалы құжат бізде де бар.
Дохалдай бұл жаңалықты əлі білмейтін болса керек. Езуі жайылып,
мардамси күлді.
– Қағаз дейсің бе? Оны кім беріп жүр сендерге?
– Сенбей тұрсың ба? Mə, жақсылап көріп ал ендеше! — Демежан
бешпетінің ішкі қалтасынан қызыл ала таңба басылған етектей бір парақ
қағазды суырып алды да, халдайдың танауының алдына тосты. — Қалай,
көзің енді жетті ме?
– Мүмкін емес, — деді Дохалдай өз көзіне өзі сенбегендей. — Қазаққа
қор болған бұл қайдағы қағаз?
– Дұрыстап оқысайшы. Хат танитын шығарсың... Сонан соң астындағы
таңбаға қара!
Тентек халдайдың тау құлатардай боп келген алғашқы арыны басылып
қалды.
– Бұл заңды құжат емес. Алжыған Ши-амбының істеп жүргені ғой...
Сендер мұны параға сатып алғансыңдар, — деді иегі дір-дір етіп.
Демежан қағазды бүктеп, қалтасына қайта салып қойды да, халдайды
ашық ажуалап, қарқылдап күліп жіберді.
– Əй, сен өзің халдаймын, ақ сүйекпін деп шіренгенің болмаса, басында
тауықтың миындай да ми жоқ екен ғой, — деді ат үстінде еңсесін көтере
түсіп. — Біліп қой: халдайлардың баяғы заманы өткен. Қазақ кеше өзінің
ата-қоныс жерін бір алса, бүгін ортадан ойып суға ие болды. Қара
халықтың осы жеңгені — жеңген. Ана тұрған жұрт енді саған есе береді
деп тұрсың ба? — деп арт жағында тоған қазып жатқан қалың көпшілікті
нұсқады.
Дохалдайдың қара қошқыл жүзі бір ағарып, бір сұрланды. Ызадан
жарыла жаздап, бірақ дəл қазір көпке топырақ шаша алмасын сезіп, діңкесі
құрып тұрғаны белгілі.
– Жарайды, тоғанды қаза беріңдер. Бірақ, қашан айттың деме,
еңбектерін зая кетеді, — деді өзін зорға тежеп. — Мен өзім де осы бетке
тоған шығарғалы жүр едім... Дайындап бергендерін қайта жақсы болды.
– Оны уағында көрерміз!
– Көрсек көрерміз!


– Бар. Сенгенің ұлық болса, арызыңды айта бер.
– Осы Абдырадан қазаққа бір тамшы су татырсам, халдай атым өшсін!
– Сенін атың өшер. Бірақ ана жүрген қалың ел осы бетінен қайтпас.
– Отпен ойнама, Демежан!.. Басын кетеді, — деп Дохалдай атының
басын бұра берді.
– Қай қазақтың басы қанжығаңда жүр еді?! Өзін де айдарына сақ бол! —
деп дауыстап қалды Демежан, сырт айнала берген Дохалдайдың жөн
арқасында шұбатылып бара жатқан жуан өріміне көзі түсіп.
Халдайлар тобы жаңағы келген ізімен өзеннен өтіп, өздерінің
зəйімкесіне қарай бет алды.
– Мына кəпірдің беті жаман ғой. Бұл ит енді маза берер деймісің, — деді
Бөке шын қобалжыған түр байқатып. — Тоғанды қаздырмай, шырқымызды
бұзып жүрмесе жарады.
Демежан да халдайлардың оңайшылықпен есе-теңдік бермесіне көзі
жетіп, іштей қауіп ойлап қалып еді. Бірақ сырттай сыр бермеді.
– Бұлармен сөйлесетін де, алысатын да — мен ғой. Сендер жұмысты
тоқтатпай жүргізе беріңдер, — деді Бөкеге қарап. — Бірақ тым бейқам да
болмаңдар. Азаматтар ат-көлігін сайлап, сойыл-шоқпарын тақымында
ұстайтын болсын.
– Бұлар бізге не істей қояр дейсің. Қайта, өзін сақ бол, Демежан
шырағым. Жаңағылар əрқандай қастықтан тайынбайды. — деді Бөке.
Демежандар аз байыр қалып тұрды да, халдайлардың қарасы батты-ау
деген мезгілде, орындарынан қозғалып кетті. Алда қиян-кескі қиын тартыс
күтіп тұрғаны белгілі еді. Демежанның басына айықпас дау ілінгені, жеме-
жемге келгенде шын теперішті сол көретіні қазір кімге де болса анық
болатын.
VI
Дохалдай өзі-өз болғалы, дəл бүгінгідей қорланып, намыстанбаған
шығар. Тентек халдай қатты долырып, ашуланған кезде түгі сыртына
шығып, қитар көзі шатынап, шабынған бурадай екі езуінен көбік ағып
кететіні болушы еді. Бүгін де сондай күйге түсті.
Бұлай болар деп кім ойлаған?! Қанша елемейін десе де, жанағы
Демежанның 
мұны 
ажуалап, 
асқақтай 
күлгені, 
соншалық 
бір
тəкаппарлықпен таңбалы қағазды танауының алдына əкеліп тосқаны көз
алдынан кетпей қойды. Мұның өзі адам ақылына сыймайтын заңсыз
зорлық, сұмдық қиянаттай көрінген. Сенбейін десе, қазақтарға Абдыра мен


Қараүңгір өзендерінен екі тоған су берілгені туралы өкімет бұйрығы
маньчжур жəне қытай тілдерінде мөрдей бадырайып жазулы тұр. Аяқ
жағына Іле жаңжұңының өзі қол қойып, таңба басқан... Бұл не? Өкімет
осындағы халдайларға берген артықшылықтарын қайтып алғаны ма сонда?
Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Көктің ұлы Еженхан өз сертінен таймауға
тиіс. Мұнда бір гəп бар. Түбі шикі, əйтеуір... Осының бəрі — бергі жақтағы
Ши-амбының істеп жүрген қитұрқысы. Ол қазақтардан көп пара алып,
жаңағы екі өзенді біздің сыртымыздан сатып жіберуі де мүмкін ғой. Əй,
солай шығар. Соңғы жылдары Демежанмен тым əмпей боп кетуі жаман
еді... Жоқ, бұл қорлыққа өзге көнсе де, Дохалдай көне алмас. Сол үшін Іле
жаңжұңына, тіпті сонау Бежіндегі императордың өз құзырына барса да, бұл
мəселенің анық-танығына жетпей тынбас.
Бұрын осындағы халдайлар қазақ үкірдайы Демежанның Боздақта қора-
жай салдырып, Қарасу бойларына егін еге бастағанын көргенде, «е, мейлі,
бір адам не бүлдірер дейсің» деп бəлендей мəн бере қоймаған-ды. Кейін өз
үкірдайларына еліктеп, қазақ кедейлері тау бөктеріндегі Ашылы, Күжібай
сияқты кішігірім өзен-бұлақтарды пайдаланып, жер тырмалап, егін сала
бастағанда да, халдайлар айылын жиған жоқ. Əлгілердің таздың басындай
ойдым-ойдым егінін көріп, сырттарынан сылтың қып, күліп жүретін... Ал
саған күлкі керек болса! Енді, міне, «елемеген ауру жаман, ескермеген дау
жаман» деп қазақтардың өздері айтқандай, бұратана жұртың бірте-бірте
басқа шығып бара жатыр. Бүгін Абдыраға келіп ауыз салған көшпенділер
ертең қолындағы мал-мүлкіңді, қатын-балаңды талап алудан тайына ма?!
Осы ойлар басына келгенде, Дохалдай жын буғандай одан арман
құтырына түсті. Астындағы қара жорғаны бауырлата тартып жіберіп, егін
арасындағы суыртпақ жолмен зəйімкесіне қарай ағыза жөнелген. Сол
бетінде еш жерге тоқтамай, бау-бақшалы, салқын-саялы өз қақпасына
келіп, ат басын бір-ақ тіреді. Аттан қарғып түсіп, шылбырын қасында
сөлкектеп шауып жүрген малайына ұстата салды да, ауланың төріндегі
имек шатырлы, кіре берісіне əртүрлі аң бейнелері салынған үйіне қарай
ұмтылды.
Дохалдайдың бұрынғы əйелі қайтыс болып, осы былтыр ғана
Кехалдайдың жетіп отырған сұлу қызына үйленген-ді. Əлі төсек қызуы
басылмаған сол жас иіс есіне түскенде, кейде уақсыз уақытта оқыранып,
осылай асығыс үйге келетіні болушы еді. Ерке тоқал күйеуінің бұл
қарбалас жүрісін де сондай жақсылыққа жорыса керек, құлын мүшесі көзге
ұрып тұратын қынама бел, тар көйлектің ұзын, жырық етегінен аппақ
санын жарқылдатып, бұрала майысып, алдынан шыға берген... Бірақ
Дохалдайдың дəл қазір оған қарауға мұршасы жоқ еді. Бұраңдап жолын
бөгеген жас тоқалдың жұмсақ жерінен қамшымен шып еткізіп бір тартты
да, лəм-мим тіл қатпастан, төргі бөлмеге қарай өте шықты. Алқынған күйі
бұрыштағы үлкен қара сандықтың қасына келген. Өз жанынан тастамайтын
кілтімен дереу əлгі сандықты ашып, əртүрлі қорапқа салынған асыл тастар
мен қаттаулы ақша бумаларының арасынан өзіне таныс таңбалы қағазды


алып шықты. Сол қағазды көргенде ғана, атқақтап ойнақшыған жүрегі
орнына түскендей болды.
Бұл — осыдан жүз жиырма жылдай бұрын, император Цяньлунның
тұсында, мұның бесінші атасына берілген грамота еді. Міне, осында
Абдыра мен Қараүңгірдің суы Дохалдай мен тағы басқа халдайлар əулетіне
баласының баласына дейін мұра боп қалатыны туралы тайға таңба
басқандай жазулы тұр. Цяньлун — алпыс жыл бойы (1736— 1796) билік
құрған, Цин династиясының төртінші императоры. Содан бері арада бес
бірдей император ауысса да, бұл грамота күшін жойған жоқ. Дохалдай
əулеті осындағы жер-судың қожасы атанып өркен жайып келеді... Тек баяғы
алпысыншы жылдардағы қазақ-дүнген көтерілісі кезінде, онда бұл он үш
жасар бала еді ғой, мұның марқұм əкесі Ресей жеріне бас сауғалап барып,
Сарқантта бес-алты жыл тұрып қайтқаны болмаса, басқа уақытта осы
өлкеден табан аударған емес. Ал арада сонша заман өткенде, неше атаңнан
бері бауырына басқан меншігіңе тал түсте біреулер келіп қол сұғып отырса,
оған қалай төзуге болады?
Көрші бөлмеден жазықсыз жəбір көрген ерке тоқалдың қыңсылап
жылағаны естілді. Күйеуінің келіп жұбатуын, аймалап бауырға басуын
күтіп жатқаны түсінікті. Іші құрғыр қоңқылдап-ақ тұрса да, Дохалдай оған
бұрыла алмады. Бүйірдегі шағын бөлмеде ғибадат құжырасы бар-тұғын.
Мұнда ата-баба тізімі жазылған аруақтар тақтасы, будда мүсіні жəне
əртүрлі аңдар кейпіндегі пірлер бейнесі тұрады. Ол құдайларға жағалай
құлшылық етіп келді де, түлкі пірінің алдына жүгініп отыра кетті.
Маньчжур, сібе салтында, Түлкі — жебеуші əулие, бақ-дəулет, лауазым пірі
болып есептеледі. Сібелер түлкіні өлтірмейді. Тіпті түлкі қуып келе жатқан
аңшыларға кезіксе, сол түлкінің неше есе құнын төлеп, аман алып
қалатыны бар. Қазір Дохалдай сол түлкі пірінің алдында қаттаулы
алақанын маңдайына тигізіп, сиына күбірлейді.
– Уа, тəңірім, өзін жар бола гөр! Аталарыма сыйлаған атақтан, бақ-
дəулеттен мені де мақрұм қалдырма... Діні жат жабайылардың қаскөй
пиғылынан өзің қорғап-қоршай жүр!
Ол мана ашу үстінде таңбалы қағазын алып, бірден Ши-амбыға тартып
кетермін деп ойлаған. Қазір құлшылық кезінде көңіліне таупих кірді ме,
онысы тым ұшқалақтық сияқты көрінді. Бұл тек Дохалдайға ғана келген
зауал емес, бүкіл халдай атаулыға төнген қатер ғой. Сондықтан алдымен
сол ағайындарымен ақылдасып, бір түйінге келіп алған соң, Ши-амбыға
сонан кейін, халдайлар тізе қоса отырып, сес көрсеткен дұрыс болар... Осы
байламға бекіген Дохалдай сыртқа шығып, шабарманын тауып алды да, тез
тізгін ұшымен барып, Бахалдай мен Кехалдайды, Тохалдай мен
Техалдайды, тағы басқа солардан тараған əулетті түгел шақырып келуге
бұйырды. Ал бəрінің басшысы Шихалдай болса — Шəуешекте, үлкен
ұлықтың қасында отыр. Оны қалаға барған соң да қосып алуға болады.
Басқа халдайлардың мекен-жайлары да бəлендей қашық емес-ті. Бəрі де


осыдан жиырма-отыз шақырым төңіректегі Ашылы, Қарақабақ, Абдыра
өңіріне шоғырланған. Кешке қарай солардың əрқайсысы өрен-жаранымен
өз алдына бір жуан топ болып, Дохалдайдың үйіне келіп түсіп жатты.
Жалпы бұл аймақтағы сібе-солаң жұрты сан жағынан онша көп
болмайтын. Осындағы төрт-бес халдайдың төңірегіне топталған, ұзаса үш
жүз түтін шамасында. Бірақ оның есесіне қолдарында мол байлық, шексіз
билік бар. Маншың өкіметі тарапынан берілген көп артықшылық,
жеңілдіктер бар. Сібе-солаң жұрты алым-салық төлемейді. Əйелі ұл тапса,
он сегізге толғанша өкіметтен сауға алып турады. Өздерінің шен-шекпені
де көп. Екінің бірі халдай, шекара күзетуші хорылдайлар... Жер-су
молшылығы солардың қолында. Əрине, сібе-солаң атаулы ол байлықтың
игілігін бірдей көре бермейді. Олар да тапқа бөлініп, ірілері ұсақтарын
жұтып, бай, кедей, орташаға жіктеле бастаған. Өз алдына дербес кəсіп
істеуге шамалары келмей, алпауыт халдайларға жалданып жүргендері
қаншама. Алайда, соған қарамастан, бұлардың бəрінің басын біріктіретін
бір ортақ мүдде бар. Ол — өкімет берген артықшылықтарды сақтап қалу
мүддесі. Өз ішінде қайшылықтары болғанымен, сыртқа келгенде сыр
алдырмай, бөріше бірігіп кететіні де сондықтан. Өйткені халдайлардың
қатардағы атарман-шабарманы, тіпті есіктегі малайының өзі басқа жұрттан
əлдеқайда үстем екенін жақсы біледі.
Сонымен бірге баяғы атам заманында өз туған топырағынан қол үзіп,
өмір бойы шекара күзетіп, шетте жүрген бұл қауымның өз салт-санасынан,
тілінен, дінінен айрылып, бірте-бірте жай құранды тобырға айналып бара
жатқаны да көзге ұрып тұрушы еді. Бұлардың қазіргі мекен-жайлары да —
қалың қазақтың ортасындағы шағын арал іспетті. Сыртқы қысым күшейген
сайын бұлар да өзінен-өзі тұйықталып, тар шеңберге сығыла түсетін. Басқа
халықтармен қан араластыруға қатаң тыйым салғандықтан, алыс-жуық
демей бірінің қызына бірі үйлене береді. Жас жігіттері жылына бір ай
казармаға жиналып, оқ атып, қылыш шабуға жаттыққаны болмаса, одан
өзге оқуы, хат-сауаты тым шамалы еді. Тіпті халдаймыз, ақсүйекпіз деп
шіренетін алпауыт байларының өзі дүниеде болып жатқан өзгерістердің
көбінен хабарсыз, меңіреу, топас жандар болатын. Тек өкімет берген шексіз
хұқық-билік пен қолдарындағы қару-жарақ қана бұларды құрып кетуден
сақтап келе жатқандай.
Ал топастық пен надандық ұя салған жерде құр кеуде мен қара күш қоса
жүретін əдеті. Халдайлар сол күні Дохалдайдың үйінде отырып, ұзақ
дуылдасты. Бəрі де Абдыра өзеніне қол сұққан қазақтардың бүгінгі
əрекетін адам төзгісіз сұмдық ретінде қабылдаған. Бахалдай, Кехалдайлар
тарапынан əртүрлі ұсыныстар айтылды. Кер ауыз Кехалдай ежелгі
омыраумен күшке кетіп, тоған қазып жатқандарды бықпырт тигендей етіп,
сойылдап қуып тастайық деп өзеуреді. Бірақ оған Бахалдай қосыла
қоймады. Ол сан жағынан сібе-солаңды он есе орап кететін қазақты қара
күшпен жеңу қиынға түсетінін айтып, өзінше сақтық жасаған. Ал бұл жолы
өкімет қол ұшын береді, əскер шығарады деп сенім артуға тағы болмайды.


Демежанның қолына таңбалы қағаз ұстатып, күшейтіп отырған аймақ
əміршісінің өзі емес пе? Сонда Ши-амбының бұл қылығын қалай түсіну
керек? Аймақ əміршісі параға сатылды дейін десе, қағазға қол қойып, таңба
басқан Іле жаңжұңының өзі... Аймақ, өлке əкімдері жең ұшынан жалғасып,
ымыраласып кетті деуге ауыздары тағы бармайды.
Бəрі айналып келіп, қазақ үкірдайының қолындағы таңбалы қағазға
тіреле берген. Соны қайтпек керек? Қолдарында өкімет қағазы тұрғанда,
көшпенділердің күш бермейтіні белгілі. Бұған келгенде халдайлардың
кейінгі жас мырзалары тіпті қызулық танытты.
– Егер бар мəселе Демежан үкірдайға тіреліп тұрса, отан жалғыз оқ
жалынсын. Оны жайратуды мен-ақ мойныма алайын, — деді Дохалдайдың
немере інісі Бужыңха.
Ол əншейінде ұрынарға қара таппай жүретін нағыз содырдың өзі
болатын. Осы қазір бар десең тайынатын түрі жоқ. Оны мұндай қатерлі
жолдан үлкендердің өзі зорға тоқтатты. Жиналғандар олай-бұлай ырғасып
көріп, ақыры ертең қалаға жүретін боп келісті. Сол жерде Шихалдаймен
ақылдасып, бəрі бірлікте Ши-амбыға кірмек. Алдымен аймақ əміршісінің
аужайын түйіп, не істеу керектігін сонан кейін біржола шешпек болды.
Ертеңінде олар уəделі жерде бас қосып, шалқар түс шамасында
Шəуешекке келген. Түстері суық, қабақтары қатулы. Сібелердің маньчжур-
қытайдан бір ерекшелігі, шетінен шомбал, ірі келетін-ді. Бүгін бəрі де
мереке күндеріндей астарына сəйгүлік аттарын мініп, үстеріне жібек
шапан, төбесіне қауырсын қадаған, көк тысты, қара қалпақтарын киіп,
жасанып шығыпты. Қазір кілең қара киінген, айдары тоқпақтай асау топ
мына қалпында жемтікке үймелеген қалың қарақұс, күшігендерді еске
салады.
Бұлар жаңа жамбылдың ішін қақ жарып өтіп, өздерінің атамандары
Шихалдайдың қақпасына ат басын бір-ақ тіреді. Шихалдай үйінде, түскі
тамағын ішіп отыр екен, жерлестерінің топтанған мына жүрісін көріп,
таңырқап қалды.
– Иə, жол болсын. Сендерді қандай жел айдап келді? — деді ол
халдайларға жағалай көз жіберіп. — Кəне, үйге кіріңдер.
Бірақ олар үйге кірмеді. Жүрістерінің асығыс екенін айтып, биік лапас
астындағы көлеңкесіне саялады. Осылардың ішінде жасы да, жолы да
үлкені Бахалдай болатын. Ол ашулы қабақпен түйіле отырып, соңғы
күндері Абдыра аңғарында болып жатқан оқиғаны аз сөзбен баяндап келді
де:
– Абдырадан тоған алуға қазақтардың қолы қалай жетті? Қазақ үкірдайы
Демежанға таңбалы қағазды кім алып берді? Танауымыздың астында
істеліп жатқан астыртын əрекетті біздің білмеуіміз қалай? Сен болсаң


ұлықтың оң тізесін басып, дəл қасында отырсың. Осының бəрін сезіп-біле
жүріп, бізден жасырғаның қалай? Осы да адалдық па? — деп атаманның
өзіне шүйлікті.
Шихалдай бұл істің басы-қасында өзінің болмағанын айтып, ант-су ішті.
Аймақ əміршісі бұл жолы өз ойын қасында отырған бұған да сездірмей, бар
шаруаны астыртын ұйымдастырған көрінеді. Қазаққа егістік жер-су беру
туралы таңбалы қағаздың Іледен бекітіліп келгенін бір-ақ біліпті. Ол осы
жайларды айта келіп:
– Болар іс болды. Жоғарының бұйрығына бойсұнбасқа амалың қайсы?
Дөйдалаға ағып жатқан Абдыраның мол суын аяйсың ба? Қазақтар да бір
шетінен пайдалансын, — дегендей сыңай танытқан.
Бірақ өрекпіген ашулы топтың бұл мəмілеге тоқтайтын түрі жоқ.
Дохалдай мен Бахалдай екеуі екі жақтан:
– Ендеше бізді Ши-амбының алдына бастап бар. Мұның қандай заңға
сиятынын үлкен ұлықтың өзі түсіндірсін!
– Иə, ендігі əңгімені сол жақта жалғастырайық. Қазақтың қолына қағаз
ұстатып, күш-күштеп айдап салып отырған сол Ши-амбының өзі екен ғой.
Ендеше соның алдынан бір-ақ қайтайық, — деп өкірештеп болмады.
– Жарайды, келіп қалған екенсіңдер, барып көрейік, — деді Шихалдай
онша құлшына қоймай. — Бірақ содан бірдеме шыға қояр ма екен? Мен де
осы мəселе жайында əміршімен бір рет сөйлескенмін. Ұлықтың беталысы
маған ұнамады...
Түстен кейін бəрі бас құрап, ұлықтың кеңсесіне келген. Əншейінде тау
құлатардай болып жүретін халдайлар, бұл рет бастарына іс түсіп келгендікі
ме, Ши-амбының қабылдау бөлмесіне жақындағанда екпіндері басылып,
жуасып қалды. Қастарындағы сойыл соғар серіктерін Шихалдайдың
бөлмесінде қалдырып, үлкен ұлыққа төрт халдайдың өздері ғана кірмек
болды. Бірақ, қас қылғандай, Ши-амбы да бүгін бұларды бірден қабылдай
қоймады. Осының алдында ішке орыс консулы Борнеман кіріп кеткен екен.
Сол шыққанша сарылып ұзақ отырды.
Не заманда бұлардың да кезегі келді-ау ақыры. Бүгін Ши-амбының
ажары келіспей, қабағы қатыңқырап отыр екен. Халдайларды сол түйілген
қалпында, салқын қабылдады. Бұлар кең залдың орта тұсына келіп, екі
қолдарын маңдайларына қойып, иіліп тəжім еткен кезде де орнынан тұра
қоймай, «отырыңдар» деген ишараны иегімен ғана нұсқады.
– Иə, төртеулерін қаздай тізіліп не қып жүрсіңдер? — деген бұлар
бүйірдегі орындықтарға жайғасып болған мезетте.
Ыңыранған, сызды дауысынан онша хош ала қоймағаны білініп тұр.


Бірақ «шешінген судан тайынбас» дегендей, халдайлар да енді шегінбеске
бел байлаған. Бұл жолы да Бахалдай алға түсіп, маньчжур, қытай тілдерін
араластыра, бөгелмей сөйлеп кетті. Халдайлар əулетінің Цин империясына
сіңірген еңбегін, оларға берілген хұқық-праволарды, өкіметпен арадағы
келісім-шарттарды таратып айтып келді де:
– Соңғы кезде дүниеде не болып жатқанын біз түсінуден қалдық, ұлы
мəртебелім. Империяның сүйікті сарбаздары халдай қайсы, осындағы мал
бағып жүрген қаймана қазақ қайсы, ара-жігі жойылып барады. Абдыра мен
Қараүңгір — қос озен осы отырған халдайлар мен жалпы сібе-солаң
жұртының меншігі екенін өзіңіз жақсы білесіз. Енді, міне, сол өзендерге
қазақтар да жарналас болып, жармасып жатқан көрінеді. Рас-өтірігін кім
білсін, Төртуылдың үкірдайы Демежанның қолында екі тоған судың рұқсат
қағазы бар дегенді айтады... Мұны қалай түсінеміз, ұлы мəртебелім? Күні
кешеге дейін кірме саналып келген бұратана жұрт халдайлармен терезе
теңестіріп, тал түсте төбемізге ойнап, тонауға кіріссе, сонан кейінгі
тіршілікте не қызық қалды? Мұны заманның азғаны, заңның тозғаны
дейміз бе? Осы сұмдықты көзіміз көрсе де, көңіліміз сенбей, соны өз
аузыңыздан ұғынайық деп келдік, — деген-ді.
Оны Дохалдай да іле қостап, көмейіндегі ашулы сөзін ірікпей айтып
қалды.
– Иə, соны түсіндіріңізші, ұлы мəртебелім. Қазақтар Абдырадан тоған
алмақ болып, кешеден бері қорыс-қопасын шығарып қопарып жатыр.
Өздерін қызыл ала қан қылып, айдап тастайық деп бір оқталдық та,
алдымен сіздің алдыңыздан өтейік деп келдік.
Ши-амбы ұрты салбырап, май басқан бітік көзін ашып-жұмып, енжар
тыңдап 
отырған-ды. 
Дохалдай 
сөзінің 
тұсында 
баланың 
сөзін
қызықтағандай, танауының астынан мырс етіп күлді.
– «Бұратана, кірме жұрт» деп отырғандарың кім сендердің? — деді
Бахалдайға қарап. — Көктің ұлы Еженханның құзырында бұратана жұрт
деген болмайды... Ол — жер жүзіндегі барша халықтардың қамқор əкесі.
Бұл — көпке белгілі, Конфуций іліміндегі императорға берілген
анықтама болатын. Бірақ қазір Ши-амбының қолдануында əдейі мазақ үшін
айтылған кекесін сияқты болып естілді. Бахалдай қипақтап:
– Ол жағы солай ғой... Дегенмен асыл текті мəнжу ұлтымен
салыстырғанда, қазақты енді кім деп айтуға болады? — деп əлдебір қисын
айтып келе жатыр еді, Ши-амбы оның сөзін бөліп жіберді.
– Салыстырып көр!.. Тарбағатайда сібе-солаң жұртынан қанша адам
бар?
– Үш жүз түтіннің шамасында...


– «Үш жүз түтін...» Ал бұл аймақтағы қазақтардың саны қазір он бес
мың түтіннен асып кетті. Ендеше аймақтың негізгі халқы қазақтар деп
білуіміз керек... Байқайсыңдар ма, кімнің кірме, кімнің байырғы жұрт
екенін əлі анықтауға тура келеді.
Мына сөзді естігенде долы Дохалдай жынданып кете жаздады. Безгегі
ұстағандай қалш-қалш етіп, аузынан көбігі бұрқырап, орнынан атып тұрды.
– Түсінбедім, ұлы мəртебелім! Онда аймақ əміршісі амбаньды да
қазақтан қоятын шығармыз?! — дегенде екі көзі жасқа толып кетті. Енді аз
болса еңкілдеп жылап жіберуге шақ тұр.
– Иə, күндердің күнінде солай болуы да ғажап емес, — деді Ши-амбы
ештеңе болмағандай халдайдың кескініне сүле-сала көз жіберіп. —
Дүниеде бір орында тұратын ештеңе жоқ, бəрі өзгереді... Бұдан былай
қазақтар мал өсіріп қана қоймай, егін салып, мемлекетке астық өндіруі
керек.
Халдайлар: «мына ұлықты бірдеңе шалып кеткен шығар» дегендей,
бірінің бетіне бірі үрейлене көз салып өтті. Дохалдай енді шыдай алмай, ең
соңғы дəлелге жүгініп, қалтасынан баяғы атасына берілген көлдей қызыл
ала қағазды суырып алды.
– Ал, мынаған не айтасыз, ұлы мəртебелім? Осында Абдыра мен
Қараүңгір өзендерінің кімге қарайтыны ап-анық жазылған ғой, — деп
орнынан тұрып барып, таңбалы құжатты Ши-амбының алдына тастады.
Қалған халдайлар да соның ісін қайталап, қалталарынан дəл сондай
қағаз шығарып, ұлықтың алдына жайды. Ши-амбы асыққан жоқ. Алтын
жиекті көзілдірігін баппен киіп, əлгі қағаздарды бірінен соң бірін бажайлап
қарап шықты да, былайырақ алып қойды.
– Мұнда тұрған не қайшылық бар? Бұл құжаттарда Абдыра мен
Қараүнгір өзендері халдайларға біржола, басы бүтін берілсін деген сөз жоқ
қой. «Осы өзендерден пайдалануға ерікті» делінген... Мархамат, сол
суларды бұрыңғыдай қажетке жаратып, егін салуларына кім қарсы болып
отыр? — деді екі алақанын бірдей жайып. — Естеріңде болсын, бір кезде
сендерге мол жер-су сыйлаған империя қажет кезінде оны қайтарып алып,
бөліске салуға да ерікті.
Бұл мəселеде, əйтеуір, бұлар түсінбейтін бірдеңе бар, не халдайлар
əбден жабайыланып, түк сезбейтін көр соқырға айналған да, не болмаса
біреулер мына отырған ұлықтың басын айналдырып, дуалап кеткен.
– Түкті түсінсем бұйырмасын. Апыр-ау, бұл дүние не боп барады, ұлы
мəртебелім? — деп Бахалдай торығып отырып қалды.
– Дұрыс айтасың. Сендер дүниені түсінуден қалғансыңдар, — деді Ши-


амбы жаңағы таңбалы қағаздардың бірін қолына қайта алып. — Мінеки,
бұл құжатты сендердің бабаларыңа табыс еткеннен бері арада бір ғасырдан
астам уақыт өтіпті. Осы ұзақ мерзім ішінде ештеңе өзгермеді деп
ойлайсыңдар ма? Ол кезде қасиетті Цин империясы оң қолын Тынық
мұхитқа, сол қолын шығыс Түркістанға артып, дəуірлеп тұрған шағы
болатын... Ал империяның қазіргі жағдайы қалай? Осы туралы бас
қатырып, ойланған біреу бар ма сендердің араларында? Əй, білмеймін,
ондай ешкімді көре алмадым-ау! Бəрін де баяғы аталарыңның еңбегін
сатып, өмір бойы жатып ішкілерің келеді. Қалталарыңды қалыңдатып,
баюдан басқа бір түйір ой жоқ бастарында. Сендердің ұлы империяға
сүйеніш-тірек болып, адал қызмет еткендерің осы ма?
Халдайлардың аптығы басылып, жым-жырт отырып қалған. Ешқайсысы
бір ауыз уəж айтуға батылы бармай, не де болса ұлық сөзінің ақырын күтті.
– Ал сендер — халдайсындар ғой. Бар құдырет қолдарында тұр екен.
Барлық ескі тəртіпті қаз қалпында сақтағыларың келеді екен... Мықты
болсаңдар, империяның бұрынғы иеліктерін өзіне қайтарып беріңдерші! —
деді Ши-амбы отырғандарға жағалай көз салып. — Осыдан он бес жыл
бұрын француздар тартып алған Үндіқытайды, небəрі бес-алты-ақ жыл
бұрын Жапонияның қарауына өтіп кеткен Кореяны қайтарып алыңдар.
Өткен жылғы ихэтуан көтерілісі кезінде шет елдіктермен қақтығысып
қалғанымыз үшін төрт жүз елу миллион лян айып төлегелі отырмыз. Оны
да болдыртпай тастаңдар... Шет мемлекеттер бүкіл сыртқы сауданы,
маңызды теңіз порттарын өз шеңгеліне алудың сыртында, Германия Циндау
қаласын, Англия Гуаңжоуды (Гонконгті) тоқсан тоғыз жылға арендаға алып
отыр. Оны азырқансаң, жаңа осында орыс консулы Борнеман келіп айтып
кетті. — Ши-амбы кекете езу тартты. — Соның айтуынша, қиыр
шығыстағы Люйшань (Порт-Артур) мен Далянь порттары да ұзақ мерзімге
Россия қарауына беріліпті. Соңғы бітімде орыс саудасынан алынатын кеден
салығы екі есе азайтылыпты... Біз өз елімізде телеграф болмағандықтан,
орталықтан келетін осындай хабарларды орыс елшілігі арқылы еститін
болғанбыз. Оны білуші ме едіңдер?.. Ал бар құдырет сендердің қолдарында
тұрса, осы өзгерістердің бəрін болдырмай, баяғы заманды қайтадан орната
қойыңдаршы!
Халдайларда үн жоқ. Мойындарынан су кеткендей бастары салбырап,
мелшиіп отырып қалды. Тек осы тұста Дохалдай ғана басын көтеруге
жарап:
– Ал біздің өкімет қайда? Əскеріміз қайда? Ұлы император осының
бəріне жол беріп қойып, қалай шыдап отыр? — деді даусы жер астынан
шыққандай қарлығып.
Ши-амбы бұл кезде аз бөгеліс жасап, алдындағы имек трубкасына
темекі толтырып жатқан-ды. Күлгені, əлде күйінгені белгісіз, еріндері
салбырап, бет-пішіні қисайып кетті.


– А-а, сендер императорға сеніп отыр екенсіңдер ғой? Император
Гуансюйдің қолынан билік кеткелі қашан. Ол қазір Наньхай көлінің
ортасындағы шағын аралда жартылай тұтқында отыр. Батыр көрінесіңдер
ғой, барып босатып алыңдар! — деді трубкасын қомағайлана сорып. —
Қазір бар билік жесір патшайым Цысидың қолында. Императорға бүйрегі
бұрған, реформашылар мен ихэтуаншыларды жақтаған өкімдердің көбі
жазаға тартылып жатыр. Император əулеті, ұлы князь Дуань Шығыс
Түркістанға жер аударылып, қазір Құлжада отыр... Сендер осыны
білесіңдер ме? Білмейсіңдер. Ештеңені сезбей-білмей жүресіңдер де, біз
халдаймыз деп шіренесіңдер. Императордың оң қолы князь Дуаньның
қасында кімсіңдер сендер?.. Шама-шарыққа да қарау керек қой. Қазір
Шығыс Түркістандағы жергілікті халықтармен санаспаса болмайды.
Қолымызға ұстап қалған ендігі өрісіміз — Шыңжаң өлкесі мен Моңғолия
ғана. Егер осындай аумалы-төкпелі, аласапыран заманда Шығыс
Түркістанның жергілікті жұрты бас көтерсе, дəл қазір ол бүлікті кім баса
алар еді? Сендер ме?.. Солай, құрметті халдайлар. Абдыраның суына
таласамыз деп жүріп, бұл күндеріңе зар боп қалып жүрмеңдер.
Бұл айтылғандардың көбін халдайлар бірінші рет естіп отыр еді. Ел
ахуалын ұғынған сайын, өздерін əлдебір үрей билеп, сүрепеттері ұшып
кетті. Əншейінде жалы доғадай болып, айдарынан жел есіп тұратын
алкеуде алпауыттардың қыры сынып, лезде жуасып қалған. Осылардың
бəрін қоздырып, бастап келген доңайбатты Дохалдайдың да бұрынғы
арыны жоқ еді... Ал манадан бері əңгімеге араласпай, бой бағып қалған əккі
Шихалдайға осы кезде ғана тіл бітіп, «мен бұлардың ішінде жоқпын»
дегенді сездіре, Ши-амбыға бұрылды да:
– Осы жайды сіздің алдыңызда мен де ескертіп едім. Бірақ бұлар мені
тыңдағысы келмеді, — деді шын қиналған түр байқатып. — Сонда бұл
кісілерге не бұйырасыз, ұлы мəртебелім? Бұлар енді Абдырадан тоған алып
жатқан қазақтарға таршылық жасамауы керек қой?
– Əлбəтта. Қазақтың қолына рұқсат қағазы сол үшін беріліп отырған жоқ
па? — деді Ши-амбы. — Демежан үкірдаймен ойнамаңдар: ол осы отырған
қай-қайсыларыңнан əлдеқайда сауатты. Заманның ағымын да, заңды да
жақсы біледі. Демежан мұндай жеңіске менің арқамда жетті деп
ойласаңдар, қателесесіңдер. Ол ұзақ жыл күресіп жүріп, жер-суға деген
правоны өз күшімен жеңіп алды, — деп аз бөгелді. — Қазақтардың
отырықшылыққа айналып, егін салуына қазір мемлекет те мүдделі болып
отыр. Əйтеуір, кімнің қолымен болса да осы өлкеде мол астық өндірілуі
керек! Түсінікті ме?
Сөз осымен аяқталып, халдайлар қош айтысып, шығып бара жатты.
Ұлықтың сөзіне амалсыз мойындап, сырттай көнген рай танытқанымен,
іштей көп нəрсеге келіспей, көңілдеріне қыжыл жинап кеткені белгілі.
Анық ұғынған бір жайлары: империяның басынан бақ тайып, күш-
қуатынан айрыла бастаған екен. Демек халдайлардың да қолынан билік


кетіп, заманы тарыла түседі деген соз. Өздері оңаша шығып ақыл қосқанда,
осыны ашық мойындады. Ендеше жағдайға қарай бейімделіп, ендігі күрес
тəсілін де өзгертуге тура келеді.
Соңғы бір байламды Шихалдай айтып еді. Бұл аймақта қазақтың көп
екені рас. Бірақ басы бірікпейтін берекесіздігі тағы бар. Ендігі жерде
халдайлар ұстанатын бір амал — қазақ руларын іштей іріту, атқа мінер ел
жуандарының арасына от жағып, бір-біріне айдап салу. Сонан соң, реті
келсе, пəле басы боп жүрген ең қауіпті жау — Демежанның көзін құрту
керек. Оны да ашық істемей, өз ағайындарының қолымен от көсеуді
ойластырған жөн. Бəрі бір ауыздан осы бəтуаға тоқтады....
Осыдан бір апта өткенде, Абдыра аңғарын қабақтап, ұбап-шұбаған бір
түйдек көш кетіп бара жатты. Бұл — Шағыждағы қонысынан кешеулей
қозғалып, жайлауға қарай бет алған Ысқақтың көші еді. Олар жылдағы
əдеті бойынша таудың тірмесінде көліктерінің белін суытып, итарқа-
жаппаларын тігіп, бірер күн еру болды.
Дəл осы маңайда қалың жатақ ауылдары жабылып тоған қазып жатқан-
ды. Күтпеген көріністен Ысқақтың көзі алақандай болып, жүрегі тоқтап
қала жаздаған. Бұрын иен жататын бөктердегі шұрайлы алқапты онан-
мұнан құралған белгісіз бір адамдар иемденіп алыпты. Бір өңкей
қолдарына сойыл-шоқпар ұстаған сойдауылдай жігіттер көшкен елдің
жолынан егіндерін қорып, маңайына барған малды жолатпай қуып
тастайтын болыпты. Ысқаққа да солай істеді. Мұның ендеп жайылған көп
жылқысы көк егіннің шетін басып кеткен екен, үш жігіт қорасына
тырқырата қуып келіп, ауыр-ауыр сөздер айтып тастады. Екі сөздерінің бірі
— Демежан. Мұндағы қалың жатақ соны қатты бу көріп, арқа тұтатын
көрінеді. Аузындағы ұраны, сиынатын құраны — сол Демежанның ұлықтан
əперген таңбалы қағазы.
Ысқақтың өзегіне өрт кетіп, ызадан жарыла жаздап отырғанда, тағы бір
пəлеге ұшырады. Осында келе салысымен қалай тез тіл табыса қойғанын
кім білсін, мұның малын бағып, отын жағып жүрген кедей-кепшік
жалшыларының бірнешеуі сол күні кешке таман қара қостарын жығып,
жатақ ауылға көшіп кетті. «Қыршаңқы мен жауыр қасынысып табысады»
деген осы екен. Ысқақ өмірінде мұндай қорланып, аяқасты болмаған
шығар. Ақыры осынау пəлелі жерге жақын келіп қонғанына өкіне бастаған.
Бұл дүние не боп барады, япыр-ау?! Аттап басса алдынан Демежан
шығады. Ел де соныкі, жер де соныкі, су да соныкі. Елге шашқан үлгі-
өнеге, атақ-абырой да соныкі... Сонда Ысқақ қайда барып күн көреді? Осы
бір індеттен құтылатын күн бар ма, жоқ па?!
Осылайша, өз сақалын өзі жұлып, жалшы-қосшыларын сабап, олардан
қалған өшін екі қатынынан алып, күйіп-пысып отырған күннің ертеңінде
мұның ауылына Дохалдай келе қалды. Жай келмеген. Іргесіне келіп қонған
Ысқақты үй ішімен ерулікке шақыра келіпті.


Бұл мүлде күтпеген жағдай еді. Əншейінде бүйтіп қонаққа шақырмақ
түгіл, берген сəлеміңді дұрыстап алмайтын Дохалдайдың өзі құрмет
көрсете келгенде, Ысқақ кешеден бергі барлық ашу-ызасын ұмытып, төбесі
көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Түс мезгілінде қасына əйелдерін, ерен-
жаранын ертіп, қозы көш жерде көрініп тұрған халдайдың зəйімкесіне
қарай беталды.
Дохалдай бақшасының ішіне арнайы үй тіктіріп қойған екен. Бұларды
аса сыйлы қонақ ретінде əспеттеп, хан көтере қарсы алды. Қой сойылып
жатыр, қымыз құйылып жатыр. Жасынан қала жағалаған Ысқақтың арақ-
шараппен де, апиын мен де əуестігі бар болатын. Осы жолы Дохалдай екеуі
оңаша үйде кəйіп боп отырып, талай-талай əңгімеге барысты.
Ысқақ та іш пікірін жасырған жоқ, Дохалдай досына ішегінің
қырындысына дейін ақтарып салды. Көбінше, Демежаннан көрген қорлық-
зорлығын айтқан. Өзінің мұсылманша хат сауаты бар, қытайша да тəп-тəуір
тіл біледі. Бірақ, соған қарамастан, жолы болмай, тым құрыса əлі күнге
дейін зəңгілікке қолы жетпей жүр... Оның ұлық алдында бет-бедел алуына
мүмкіндік бермей, жүрер жолына шөккен нардай болып көлденең жатып
алған — Демежан екен. Ысқақтан мансапты да, абырой-атақты да
қызғанатын көрінеді. Төртуыл ішінде үкірдайлыққа жармасатын бірден-бір
бақталасым осы деп қорқады. Ал Ысқақтың ұлыққа, халдайларға деген
ықылас-құрметі ерекше. Демежан мұны сол халдайларға жақындығы үшін
ұнатпайды, ел ішінде сүтке тиген күшіктей етіп, үнемі шетке қағып жүреді.
Үй иесінің де күткені осы болатын. Екеуі бірінің қышыған жерін бірі
қасып, тез тіл табысып кетті. Дохалдай да ештеңесін жасырмай, өзінше
ағыл-тегіл «сыр» ақтарды. Өзі қазақты керемет жақсы көреді екен. Оның
ішінде бала жастан бірге өскен Төртуыл кісілеріне деген сый-құрметі тіпті
басқаша. Осы күнге дейін ешқайсысымен іщəй десіп, тілге келген жері жоқ.
Тек сондай тамаша жұртты, өздерінен бір ұл тумағандай, Демежан сияқты
қаны бөтен, қайдағы бір кірменің билеп отырғанына бұл да қатты
қорланатын көрінеді. Халдайлар үшін қазақты кім билесе де бəрібір ғой.
Бұл тек Төртуыл жігіттерін аяғандықтан, жаны ашығандықтан айтып
отыр... Рас, Демежанды аймақтың əміршісі Ши-амбы сүйейді. Əрқандай
ұлықтың жергілікті жұрттан шыққан сондай бір адамға сүйенетін əдеті ғой.
Бірақ олар да қанша тұрар дейсің. Ши-амбы қазір ауру, төрінен көрі жуық
десе де болады... Демек үкірдайлық мансап Төртуылдың өз азаматтарына
тиетін кезі де алыс емес. Сонда болашақ үкірдай кім болмақ? Бұл туралы
халдайлар өзара ақылдасып, осы Ысқақ мырзаға тоқтапты. Бұдан басқа
лайық кім бар, шынында? Тыныбай болса — жалтақ, Көксеген болса — бір
беткей, нойыс... Сонда үкірдайлыққа Ысқақтан артық адамды қайдан іздеп
таппақсың?!
Демек, қазақтың игі жақсыларының да, халдайлардың да ортақ жауы —
Демежан. Содан неғұрлым тезірек құтылса, небір талапты азаматқа жол
ашылмақ. Демежанның ойлап жүргені — бұл елдің қамы емес, өз мүддесі.


Өзі кірме болған соң, Төртуыл үшін бас қатырып қайтеді?.. Əне, маңайына
кілең өзі сияқты жоқ-жітік, кірмені жинап алып, Абдырадан тоған
қаздырып жатыр. Ондағы ойы — кедей-кепшіктің қарнын тойдырып,
қолтықтарына дым бүркіп, осы елдің ер-азаматына, ру басыларына қарсы
айдап салмақ. Төртуылды көпе-көрінеу ыдыратып, қайдағы бір көлденең
көк аттыларға жем етпек... Демежанның кəрі Ши-амбыны жай алдап
жүргені болмаса, Маншың өкіметіне деген адалдығы да тым күмəнды.
Оған дəлел — ішкеріден жер ауып келген сенімсіз қытайлармен əмпей
көрінеді. Қаладағы Ли-шансың деген саяси қылмыскермен көп жылдан бері
үйірлігі бар. Оны азырқансаң, осында айдауда жүрген екі қытайды өз
зəйімкесінде жасырын ұстап отыр. Бұл жайды жоғарғы ұлықтар білмейді
ғой. Білсе, Демежанның маңдайынан сипамайды.
Осы сөздердің бəрі де Ысқақтың құлағына майдай жағып еді. Апиынға
елтіген екі дос қайта-қайта төс түйістіріп, бұдан кейін мəңгі ажырамасқа
серт байласты. Қонақтар қайтарда үй иелері Ысқақтың бала-шағасына бір-
бір киімдік жібек үлестіріп, мол сый-сыяпат көрсетті. Тарту-таралғының ең
үлкені аттанар кезде мəлім болды. Дохалдай осы елге аты шыққан, үстінен
су төгілмейтін, əйгілі қара жорғаны жетектеп əкеліп, көлденең тартқанда,
Ысқақтың мүлде есі ауып қала жаздады.
– Дохалдай досым-ау! Мынауың тіпті бұл өлкеде жоқ сый болды-ау...
Мұның қолқасын қалай қайырам? — деген қуанғанынан жылап жібере
жаздап.
– Екеуіміз төс қағысқан дос-тамыр болдық қой. Жақын достар арасында
нелер ауыспайды дейсің. Ер мойнында қыл арқан шірімес. Тірі жүрсең бір
қайтарарсың, — деді Дохалдай да қатты толқыған адамның кейпіне түсіп.
Бірақ халдайдың қолқасы көп күттіретін, тым алыстағы нəрсе емес екен.
Басқалар атқа мініп жатқанда, екеуі қара жорғаның «құйрығын майлау»
үшін ішке қайта кірген. Бұлар төргі үйде бір-бір тостаған қытай шарабын
тартып жіберген соң, Дохалдай бұрыштағы темір сандықтан су жаңа
алтыатар наган алып, Ысқақтың қолына ұстатты.
– Бұл заманда қарусыз жүруге болмайды. Дос бар, дұшпан бар... Осы
қарумен досыңды қорғап, жауыңды жайрататын бол!.. Ата білмесең иенге
барып, аң атып жаттығарсың, —деп наганға қоса бір қорап оқ ұсынды.
Ысқақ наганды алды да, шапанының ішкі қалтасына сүңгітіп жіберді.
Көп сөз айтып шашылған жоқ:
– Түсіндім, тамыр... Ар жағын өзіме қоя бер! — деді бар болғаны.
Дүниеде жақсылық атаулы асыл тас сияқты сирек ұшырасқанмен,
жамандықтың қашанда үйірімен жүретін əдеті ғой. Олар бірін-бірі иісінен
сезіп, күншілік жерден іздеп келіп табысады. Қара ниетті халдай мен
ындыны жаман Ысқақ та бір-бірімен бейуақта осылай табысып еді.


VII
Жылдағы дағдысы бойынша жайлауға қарай үдере көшкен ел өздерінің
байырғы мекен-қоныстарына келіп орныққанына да бірнеше күндер
болған. Бетегелі беттер мен қау боп өскен қалың қияқтың, бүргенді,
тоғайлы сай-саланың сонысы əлі басыла қойған жоқ. Өзен бойларындағы
кейбір шүйгін қоныстарда барақы, биік қаудың арасынан құлын мен
торпақтың жоны зорға қылтылдаса, жүгіріп өткен иттің, қозы-лақтың
қылпы көрінбей, сусылдаған сыбысы ғана білінеді. Ойдың қара отынан
жеріп, балбыраған балаусаны аңсап келген көп жылқы қалың уқорғасынды
ашырқана асап, ауыздарынан ақ көбік аққанша мелдектеп бір тоятын шақ.
Ал уқорғасынға жайылған жылқының уыз қымызын ішіп көрсең ғой!
Жұпар иісі кеңсірік жарып, шал-шауқанды шалқасынан түсіргендей, көбігі
сынып, шамырқанып тұрады.
Биыл иығынан бір батпан жүк түскендей болып, Абдырадан алынатын
жаңа тоғанның жұмысын бастап беріп келген Демежанның да бір көңілді
шағы еді. Биылғы жаз бел шешіп бір демалатын, берекелі, бейбіт жазым
болар деп, жайлауға да жақсы ниетпен келген. Жылдағыға қарағанда биыл
биені де мол байлатып, жаңа жұртқа бір өңкей ою-өрнекті, ақ шаңқан үйлер
тіккізіп, елге де, өзіне де қызық бір салтанатты жаз өткізбек болатын. Бибі
бес жасқа толған Назарбектің тайға мінген тойын да осы жайлау үстінде
жасамақ болып, ауылдың жігіт-желең, қыз-қатыны қазір сол алдағы
мерекенің дайындығында жүрген.
Осындай мəре-сəре бейбіт кештердің бірінде ауылға ат-көлігі де, сырт
пошымы да бөтен, бір топ қонақ келіп түсті. Кілең күміс ер-тұрманды, қаба
жалды, жатаған аттар мінген, қызылды-жасылды, жырық етек сырма
шапандары тобығына түсіп, бастарына шошақ төбелі айыр қалпақ киген
еңгезердей ірі кісілер. Əлгілердің жаңағы елден ерек киім үлгісімен бірге,
аяқтарындағы қалың ұлтанды, бітеу бас, оюлы етіктері де ауыл адамдарына
бір түрлі қызық көрініп, қонақтар аттан түсіп үйге кіргенше бала-шаға
үдірейісіп, үлкендер ауыздарын ашып қарап қалған-ды... Алыстан ат
терлетіп, əдейі келген бұл бес кісі — Дөрбілжінге қарайтын Орқашардың
қалмақтары еді.
Демежан бұл хабарды ауыл сыртындағы төбе басында отырып естіген.
Бір қиырдағы қалмақтардың жай жүрмегені белгілі. Жүрегі бір
жамандықты сезгендей, тыжырынып қалды. Дегенмен қонақ үйге түскен
жат жұрттық жолаушыларды көп күттірмей, өзі келіп амандасты.
Айтқандай-ақ, төр алдында бедірейіп бес қалмақ отыр. Бесеудің бірі —
өз үлгісінде сəнді киінген, отыздар шамасындағы жас жігіт те, қалғандары
— жасы ұлғайған егде кісілер. Өздері шетінен қазақшаға судай екен.
Көшпенділердің салтымен, ауыл-аймақтың амандығын, үй иесінің сау-
саламаттығын жездей қақтап сұрастырып жатыр... Бəрінің басшысы —
ортада отырған жаңағы жас жігіт болса керек. Демежан оның өңін
шырамытқандай болып, «осыны қайдан көрдім» деп ойланып қалып еді.


Жігіттің өзі еске салды: көктемде Ши-амбынын тойында Мадан
үкірдайдың қасынан көрген екен. Бұл — Тарбағатайдағы қалмақтың
Маданнан кейінгі тағы бір бетке ұстар белгілі адамы — Қолқа зəңгі еді.
Демежан кеш батпай тұрғанда бір малға бата жасатып, алыстан сусап
келген жолаушыларға тез қымыз əкелуге бұйырды. Қонақтар əзірше көп
шешіле қоймай, сұраққа ғана жауап беріп, бұйығы отыр. Қазақ салтында
үйге түскен қонақтың өзі бастап айтпаса, келе салып бұйымтай сұрау
əдепсіздік болады. Ол жағы кейін жата-жастана, не аттанарда сөз болуға
тиіс. Сондықтан «осынау бес бірдей ойрат əулетін біздің жаққа қандай жел
айдап келді екен?»... деген сұрақ Демежанның көкейінде тұрса да, сыртқа
шығаруға асықпады.
Қолқа тілінің аздап білінетін мүкістігі болмаса, қазақша атылып шешен
сөйлейтін, қазақ-қалмақ үрдісіне аса жүйрік жігіт екен. Демежанды
сырттай жақсы білетінін, оның ел ішіндегі беделі қалмақ жұртына да
кеңінен мəлім екенін жорта тілмен əдемі жеткізіп отыр.
– Қазақ деген іргелі, үлкен халық қой. Біз сіздерді өзімізге үлгі тұтамыз,
— деді ол бір сөзінде. — Қазақ-Қалмақ — бір атадан тараған, киіз
туырлықты бір елміз. Ежелгі ерте заманда, Гун деген ұлы қағанат тұсында
бұл ағайынды екі халық үнемі бірге көшіп жүрген екен. Бір тілде сөйлепті,
бірдей тұрмыс кешіріпті... Содан күндердің бір күнінде əлгі халықтың бір
бөлігі: «Біз енді кең далаға барамыз. Сол ұлан-байтақ далада емін-еркін
көшіп жүретін қазақ боламыз» деп, Алтай тауларынан асып, батысқа қарай
көшіпті де, екінші бөлігі: «Біз ешқайда көшпейміз. Осында мəңгі
қалмақпыз» депті. Сөйтіп жаңағы ауа көшкендер «Қазақ» атаныпты да,
көшпей қалғандар «Қалмақ» атаныпты... Бірақ екеуі де төрт түлік малдың
сүмесін ішіп, етін жеп, бұрыңғыдай көшпенділікпен өмір сүріпті. Егер
біздің арғы аталарымыз сол жолы тартпақтамай бірге көшіп кеткенде, біз де
қазір қазақ болып жүреді екенбіз, — деп Қолқа рахаттана күлді.
Демежан бір сөздің кезегінде қалмақтардың бұл Шығыс Түркістанда
тағы қай жерлерде қоныс теуіп отырғанын сұраған. Қолқа бұл жағынан да
мол хабардар екен. Қалмақтың бұл аймақтағы негізгі мекені Орқашар мен
Қобық болса, Ұранхай аталатын тағы бір бөлігі Алтай өңірінде көрінеді.
Сонан соң сан жағынан молырақ орналасқан бір жері — Бұратола, Іледегі
Монғолкүре ауданы... Естуінше, Қашқариядағы алты шəрі жақты мекендеп
қалғандары да бар деседі.
– Бірақ жаңағылардың бəрін жинағанда, сан жағынан осындағы
қазақтың ширегіне де жетпейді, — деді Қолқа. — Солардың бəрі баяғы
өзіңіз білетін Жоңғар хандығы талқандалып, шаңырағы ортасына түскенде,
əр жерде шашылып қалған орданың сынығы, ойрандалған ойрат ұрпағы
ғой бытырап жүрген. Сайда саны, құмда ізі жоқ... Сірə, басымыз бір жерге
қосылмай, осылай өтетін шығармыз дүниеден.
Алайда бұл жұмбақ жолаушылар шаруа жайын ертеңге қалдырмады.


Шай дастарқаны жиналып, ет піскенге дейінгі оңаша қалған бір əредікте,
Қолқа түсін суыққа сала отырып, əдейі келген бұйымтайларын жеткізді.
Сөзінің арты зілді, салмақты жатыр. Бұлар осы жақында ғана бір үйір
жылқы жоғалтып, соның ізіне түсе келген жоқшылар екен. Алдырғандары
аз емес, ат-айғыры, ту биесі аралас қырық-отыз жылқының сорабы. Сол
жылқы бергі Қорымсу бойынан Орқашарға көшеміз деп отырғанда, бір
түнде жоқ болып шыққан. Ұрылар күні бұрын торуылдап, ұрымтал мезетті
күтіп жүрсе керек. Басқа жылқышылар ауылға ас ішуге кеткенде, өрісте
қалған екі күзетшіні сойылмен бір-бір қағып, оп-оңай түсіріпті де, топ
жылқыны бөліп алып, дүркірете қуып əкеткен.
Ертеңінде қалмақтар із кесіп жүріп, қолды болған жылқының күнгейдегі
Төртуыл жағына кеткенін шамалайды. Сол маңда бір атақты жауырыншы
бар екен, ол да жауырынға қарап жіберіп, ұзап бара жатқан жылқының
бағытын дəл нұсқап беріпті... Содан іле-шала бір топ қуғыншы шығады.
Олар суыт жүріс, қуғын үстіндегі жылқының жас тезегінен, сойдақталып
жатқан із сорабынан жаңылмай, Сібеті өзенінен өтіп, бергі бетте отырған
Төртуыл ауылдарының шетіне дейін келеді. Бірақ бұл жұрт жаппай
жайлауға көшіп жатқан қарбалас кез болғандықтан, ел ішіне ілінген соң
жылқының ізі шиырға қосылып, адастырып кетеді... Осыдан кейін амалы
құрыған қуғыншылар еліне қайтып барып, енді өздерінің даугер
жоқшыларын атқа мінгізіпті.
Қолқа осы жайларды баяндай келіп, қасындағы серіктерін таныстырды.
Манадан бері сөзге араласпай түсін суыққа салып, түйіліп отырған егделеу
екі қалмақ — жоғалған жылқының иелері екен. Ал олардан төменірек
жайғасқан ұзын бойлы, көсе қара — жаңағы ізшіл, жауырыншының нақ өзі
— Бодуха əулие. Сонан кейінгі жастау жігіт жай атқосшы, шабарман
көрінеді.
Жорға тілді Қолқадан сөз артылар емес. Демежанның алды-артын орап,
тұйыққа қамағандай, жығатын жеріне жақындап келеді.
– Алдырған — албырт. Мал ашуы үстінде бұл қалмақтар көрінгенге күйе
жағып отыр деп ойламаңыз, үкірдай. Қолды болған жылқы сіздің елдің
қалың ортасына келіп сіңіп отыр. Кірген із бар да, шыққан із жоқ. Демек,
ұры — басқа жақтан келіп, із тастаған біреу емес, осы елдің өз адамы. Ал
атын атап, түсін түстеп бер десеңіз, ұрымыз — Байсерке. Дəл жылқы
жоғалар алдында Байсеркенің біздің жаққа келгенін көрген адамдар бар.
Айғақ-куəмыз дайын... Соққыға жығылған екі жылқышының бірі қазір əл
үстінде жатыр. «Бас жарылса бөрік ішінде» деп, енді соның аман қалуын
тілеп отырмыз. Егер ол олай-бұлай боп кетсе, Байсерке ұры ғана емес,
қанды мойын құныкерім болып шығады. Осы істі əділ тексеріп, жоғалған
малымызды алдымызға салып берер деген үмітпен өзіңізге жүгіне келген
жайымыз бар, — деп ауыр салмақ сала, зіл тастай сөйлеп отыр.
Осыдан кейін Қолқа өз үкірдайлары Маданның Демежанға жолдаған
сəлем хатын ұсынды. Хат мазмұны да жаңағы айтылған жайларды


баяндайды. Ең соңында Мадан: «іргелес отырған қазақ-қалмақ бұдан кейін
де тату-тəтті тұрғанымыз жақсы ғой. Ел арасы ушығып, егерге айналып
кетпесін» дей келіп, мына барған адамдарды көп сандалтпай, шаруасын
тезірек тындырып беруді өтініпті.
Демежанның қабағы түсіп, науқасы жанына батқан адамдай шытына
ойланып қалды. «Қап, тағы бір айықпас даудың басталғаны ма? Тыным-
тағат таптырар күні болар ма екен бұл елдің. Түзден қашып, үйге тығылсаң,
апанда жатқан аюдай сүңгілеп тұрғызатыны бар-ау... Оңаша от басында
өткізетін аз күнгі жайлау қызығын да көп көргені ме?» деп біреулер
тұнығына тас атып лайлағандай, іштей қатты күйінді.
Қазақтың бойында балтамен шауып тастайтын мін-мерез көп қой.
Солардың ішінде Демежанның өте-мөте жек көретіні — осы барымта мен
ұрлық... Ұрлықты тыйям деп қанша алысса да, көп жылдан бері осы бір
Байсерке деген пəлеге шамасы жетпей-ақ қойды. Демежан оны ұры деп
айыптаса, басқа ел жуандары «батырым, барымташым» деп араға түседі.
Көшпелі қауым əлі батырлық пен ұрлықтың ара-жігін ажырата алмай жүр.
Заманы өткен соң, батыр деген адамыңыз барымташыға, одан ұсақтап
барып, ақыры ұрыға айналып кетеді екен ғой... Ал соны түсініп жүрген кісі
бар ма? Осындағы Төртуылдың көп атқамінері Байсеркені ел қорғайтын
батырымыз, арысқа салар айбарымыз деп қолпаштайды. Олар өзге жұрттан
есе қайтару үшін, басқа елдің ұрылары басынып кетпеуі үшін, осындай бір
баукеспе ұрыны, жалаңтөс жанкештіні қолдарында үкілеп ұстап отырғанды
ұнатады. Байсерке əлдеқалай ұрлықтан ұсталып қалса, сол үшін жығынды
болып, айып төлеуден жалықпайды. Жəне соның ауыр салмағы, көп
шығыны қарапайым халыққа түседі.
Байсерке осыдан үш-төрт жыл бұрын Керейден көп жылқы алып, оның
ауыртпалығы тағы да жұрт үстіне түсетін болған соң, Демежан ол
шығынды төлетпей, ұрыны абақтыға жаптырып тастаған. Соған осы елдің
жуандары көнді ме? «Ойбай, арысымызды қапасқа қаматпаймыз» деп,
Төртуылдың ақсақал, қарасақалы түгел жиналып келіп, салмақ салып
отырып алды. Оларды тыңдамаса, Демежанның қаны бөлек бөтендігі,
ағайынға жаны ашымас, жатбауырлығы саналатын болды. Сонан соң, амал
жоқ, мол шығынды қалың Қараменденің мойнына салды да, Байсеркені
абақтыдан 
босатып 
жіберді... 
Өзінің 
сондағы 
көңіл 
жықпас
солқылдақтығына енді өкініп отыр.
Обалы кəнеки, ұрлықты Маншың ұлықтары да қатты жек көріп, оны
қылмыс атаулының сорақысы деп біледі. Бəлкім, маньчжур-қытай
жұртының да өзіндік кемістіктері көп болар, бірақ аштан өліп бара жатса да
ұрлық жасамайды. Олар ұрлықты адам санасынан мүлдем жойып жіберген
десе де болады. Ежелгі ерте заманда бір қатал император ұрлық қылған
адамның бір қолын шауып тастау туралы заң шығарған екен. Содан бері
қылмыстың бұл түрі тас тыйылған. Қазақ ортасында ұрлық бар жəне
жылқыны ұрлағанда бірлеп-екілеп емес, жүздеп-елулеп бір-ақ айдайды


дегенді естігенде, қытай адамдары жағасын ұстайды. Бұл алғаш үкірдай
сайланғанда, Ши-амбының Демежанға айтқан үлкен өтініші де осы
жөнінде болып еді.
– Басқасын көре жатармыз. Алдымен осы ұрлықты тыйшы. Ұрлық
істеген адамға еш рақым болмасын — деп қатты тапсырған-ды.
Енді, міне, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, бір
Байсеркенің өзі-ақ бүкіл ел атына кір келтіріп бітті. Демежан қазір де
ештемеге көзі жетпесе де, мына жылқыдан Байсеркенің қолы таза емес
екенін ішкі бір түйсікпен аңғарғандай болып еді. Мына қалмақтар жай
жүрген жоқ, бірдеңенің иісін анық сезіп келіп отыр. Əйтсе де, Демежан
бірден жығыла кеткісі келмей, екі ұштылау жауап қайырды.
– Біздің қазақ та малы жоғалса, алдымен құмалақ салып, бал ашады.
Бірақ құмалақтың сөзі оншалық дəл шыға бермейді, — деді қонақтарының
жүзіне күле қарап отырып. — Сіздер жауырынға қарап болжаған
екенсіздер. Кім білсін, оған қаншалық сенуге болатынын. Анықтап көрейік:
егер болжамдарыңыз дұрыс шықса, малдарыңызды айдап қайтарсыздар. Ал
балша шықса, онда бəрімізді əуреге салған жалақор жауырынды отқа
жатуға тура келер.
Қалмақтар бірінің бетіне бірі қарап, əлгі сөзді көңілдеріне ауыр алып
қалғаны байқалды.
– Ұрыны ұстап бермесеңіз, өзіңіз біліңіз. Бірақ біздің Бодуха əулиеге
күмəн келтіруші болмаңыз, — деді төрде отырған мал иелерінің бірі. —
Бодуха — жай жауырыншы емес, əрі құрметті ламалардың бірі. Ол
ешқашан өтірік айтпайды.
Бет-аузында бір тал қылтанақ жоқ, ілмиген, арық Бодуха бірдеңе
айтқысы келгендей тамағын кенеді де, қалмақша түсініксіз əлдебір сөзді
күңк етіп, үнсіз қалды. Демежан бір жағы ермек болсын деген оймен, əрі
қалмақ балгерін сынағысы келіп:
– Иə, айтпақшы, атақты жауырыншының өзі ортамызда отыр екен ғой.
Зəумен келіп қалған екенсіз, маған да бір бал ашып беріңізші, —деген əзіл-
шыны аралас.
– Иə, сөйтіңіз... Үкірдайға бал ашып беріңіз — деп оны Қолқа да қостай
түскен.
Бодуха қиық көзін төңкеріп, Демежанға жалт етіп бір қарады да, қызыл-
күрең қаптал шапанының қойын қалтасынан шүберекке оралған əлденені
алып шықты. Əлгінің қаттауын жазғанда, арасынан сарғыш тартқан
кішкентай ғана жауырын көрінді. Нобайына қарағанда тоқтының, не
ешкінің жауырыны. Өзі өте ақырын сөйлейтін адам екен.


– Бұған енді от керек қой. Азырақ қоламта, шоқ болса да жарайды, —
деді баяу тіл қатып.
Демежан жерошақ басынан от əкелуге бұйырған. Күтуші жігіттердің бірі
бір таба шоқты қышқашпен қысып көтеріп келді де, киіз үйдің ортасына
қойды. Бодуха құйрығымен жылжып, оттың қасына жақындаған. Тоңған
адамдай жаңағы жауырынды шоққа қақтап біраз отырды. Сонан соң
дөңгелек үстел үстіндегі ондық шамды өзіне таман тартып, айнаға үңілген
кербез келіншектей, əлгі жауырынды аударып-төңкеріп, көп сығалады.
– Біз енді балға не түссе соны айтамыз, үкірдай. Айыпқа бұйырмайсын,
— деді əлден уақытта басын кегжең еткізіп.
– Əлбəтта. Біз сізден тек шынды, барды болжа деп отырған жоқпыз ба.
Ақ сөйле! — деді Демежан езу тартып.
Кенет Бодуханың қиық көзі үлкейе түсіп, жауырынға қадалып қатып
қалды. Соның бетінен, шынында да, бірдеңені көріп отырған тəрізді.
Жынымен сөйлескендей ерні жыбырлап, түсініксіз сөздер айтып қалады.
Анда-санда шалқайып шаңыраққа қарап алады да, қу жауырында құты
қалғандай қайта төнеді.
– Апыр-ай, о... Бұл не болғаны сонда? — деп құйрығымен жорғалап,
Демежанның қасына жақындады. — Кəне, оң қолыңызды беріңізші.
Демежан қолын ұсынған. Бодуха алақанға үңіле түсіп, басын шайқап
қойып, кейін шегініп кетті. Əлденеден абыржығандай түсі бұзылып, өз
тілінде серіктеріне бірдеңе айтты.
– Балгерім, сенің қыбыр-жыбырың көбейіп кетті-ау. Балыңа не түссе де
қорғанбай айта бер, — деді Демежан мына əуре-сарсаңның тезірек бітуін
қалап.
Бодуха сол сөзге шамырқанды ма, жауырынға қадалып қараған күйі
сөйлеп кетті.
– Сен, үкірдай, қазақтың қарадан шыққан ханысын ғой. Бас кеспек болса
дағы тіл кеспек жоқ. Маған кейін қаһарыңды тігіп жүрме. Мен əулиенің
берген аянын, тəңірінің көзіме көрсеткен сəуесін айтамын, — деп аз
бөгелді. — Жауырын қуанарлық ештеңе айтпайды. Кілең дау-дамай, атыс-
шабыс көріп отырмын. Биыл жасын қырыққа толған екен, сол аз өмірінде
тыныш өткен бір жылың жоқ. Досын аз, жауың тіпті көп-ақ. Бүгінге дейін
жалмап жұтып қоймай қалай аман қойғанына таңым бар. Дəл қазір басыңа
қиын қатер төніп тұр. Жеті күн, жеті ай, жеті жыл... Нақ кесіп айта
алмаймын. Əйтеуір бір зауалдың бары анық. Жауларыңның саған арнаған
уы, не ататын оғы қалтасында жүр... Сақ болғайсың. Садақаңа сенбе,
сақтығыңа сен! Басқа не айтайын, менің балыма түскен нəрсе осы, — деді
Бодуха.


Мына сөзді естігенде, Демежанның тұла бойы шымыр-шымыр етіп,
арқасы мұздап кеткен. Бірақ сыр берген жоқ, қарқылдап күліп жіберді.
– Апыр-ай, басыма мың бір пəлені бір-ақ үйдің-ау. Жарайды, ақыл-
кеңесің есте болар.. Садақам емес, сыйлығым. Келген жолына менен бір ат
мініп қайт! — деді қалмақ балгері ырза боп кетсін деген оймен.
Осы тұста Қолқа сөзге араласып:
– Кейде балға əртүрлі нəрсе түсе береді ғой. Əйтпесе аймақтағы ең
беделді үкірдайдың басына осыншама қауіп төніп тұр дегенге кім сенеді?!
—деп Бодуханың айтқандарын жуып-шайған болды...
Алыстан келген жолаушыларды ұзақ күттіріп қоюдың орны жоқ.
Ертеңінде Демежан қасына Тыныбай, Түсіп бастатқан төрт-бес кісі ертті
де, қалмақ жоқшыларын бастап, Қаражал, Бөкенбай жайлауларында
отырған Қараменде ауылдарына қарай бет түзеді. Сол елдің үстінде топ
құрып, қалмақтың дауын біржола бітіріп қайтпақ.
Бұлар сол күні Қайрақтыны жайлаған Шөтіктің шеткі ауылдарының
біріне қонды да, жол-жөнекей Бөлекбай мен Ысқақты, Берікболды ертіп
алып, ертеңінде кешке таман Қаражалдағы Көксеген аулына келіп түсті.
Келесі күні-ақ бұлар іске кіріскен. Ең алдымен шабарман жіберіп,
Сартеректі жайлайтын Байсеркені шақыртып алды. Қараменденің қазіргі
биі Күдері мен Жұмабай, Сұлтанай, Мақып сияқты басты-басты
адамдарына түгел хабар бергізді. Сол жерде сойыс қамдатып, үй тіктірді.
Көксеген аулының үсті үлкен жиынға айналды. Қалмақтарды бөлек үйге
түсірді де, алдымен істің анық-танығына көз жеткізіп алу үшін, Байсеркені
оңаша ортаға алып, өздері тергеу жүргізе бастаған.
Бұл күнде жасы қырықтың ішін аралап кеткен палуан Байсерке кейінгі
жылдары күресті мүлде қойып, үнемі ат үстінде, жортуылда жүретін-ді. Өзі
де əбден толысып, еңсегей ірі денесі бұрынғыдан ары мелжемдене түсіп, ат
үсті шайқасында бірнеше кісіге алдырмайтын нағыз көкжалға айналып еді.
Байсерке — Бұқаның кедей табы, аз ауыл Бөріден шыққан жігіт. Бөрі десе
— бөрі, үй басы өре түрегелетін шетінен қолшыл, қара сойыл азаматтары
көп. 
Əсіресе, 
Майшыбай, 
Қойшыбай 
дейтін 
ағайынды 
жігіттер
Байсеркемен тізе қоса қимылдағанда, соңдарына түскен қанша қуғыншыға
да алдырмайды десетін.
Осы Бөрінің жігіттері көптен ұрлықпен айналысып, қыс күндері
Жандыбай бұлатын қыстайтын кедей ауылдардың қазаны үнемі майланып
жататынын осы елдің бəрі-ақ білуші еді. Бірақ олар өз маңайына
соқтықпай, жылқыны ту-ту алыс жақтардан əкелетін болған соң, ағайын
арасы 
көрмеген-білмегенге 
салынатын. 
Білетіндердің 
айтуынша,
Байсеркенің шығыстағы Керей, Уақ, Жұмық арасында, теріскейдегі
Мұрын, Тоғас ішінде өзі сияқты сыбайлас ұрылары бар. Əрқайсысы өздері
алған жылқыны қолға сақтамай, жаңағы сыбайластары арқылы алысқа


асырып, айырбас жасап, тез жытырып отырады. Ұсталмаған — ұры емес,
айғақ-куəсы, не малының көзі болмаған соң, көп ретте жоқшылардың сөзін
өрге бастырмай, қамшыларының ұшын да берместен құтылып кетуші еді.
Демежанның ұрыларға тісін басқаны соншалық, егер осы жолы қалмақ
жылқысы Байсеркеден шықса, аямасқа бекіген. Өзіне ниеттес серік іздеп,
осы жайды Күдеріге айтқанда, ол да мұның сөзін айнымай қостады.
Байсеркенің лаңы Күдерінің де жүрегіне майдай тиіп болған-ды. Қайда
барса да бетіне шіркеу болып, алдынан шығады екен. Ол, Демежан,
Көксеген үшеуі оңаша қалған бір сəтте өзінің басынан өткен бір жағдайды
əңгімелеп берді.
Өткен күзде ол Қошқарбай ішіне екі ел арасындағы бір даумен барып,
ойда-жоқта бір тойға қатысады. Күдерінің ақындығын жақсы білетін жұрт
оны кеу-кеулеп ортаға алып, сол төңіректі тыйған Дəмелі деген ақын
келіншекпен айтыстырмақ болады. Күдерінің айтысатын ойы жоқ екен,
бірақ Дəмелі өлеңмен өзі соқтығып, бастырмалатып бара жатқан соң,
амалсыз жауап қайыруға тура келеді. Алғашында жай сөз қағысудан
басталған айтыс қыза келе ел мен елдің арасын салыстыруға, бірін-бірі
мұқатып, жамандауға дейін барады. Онда да алдымен тиіскен келіншектің
өзі екен. Бір сөздің кезегінде жырынды Дəмелі мұның алдына Байсеркені
көлденең тартыпты:
Байсерке— сенің ағаң залым еді, Зарлатып момын елдің малын жеді.
Сонда да Төртуылға шыр бітпейді, Арамдық жұртқа қашан жағып еді? —
дегенде, мұндайды күтпеген Күдері төбеден ұрғандай отырып қалыпты.
Əлгі сөздің шымбайына батқаны сонша, маңдайынан сұп-суық тер шығып,
қасындағы серігінен насыбай сұрап атқан боп, аз-кем аял жасайды.
Сол сəтте есіне бір сөз түсе қалады. Осы айтыс болады дегенді
естігенде, сол елге ертеректе ұзатылып барған Төртуылдың бір қызы бұған
жаны ашып: «əй, ол көкбет саған жеңдірер деймісің. Дəмелінің өлеңі неше
таңға таусылмайды. Оны сүріндіретін бір ұятты жерінен ұстамасаң күш
бере қоймас. Қайын атасы шайқы-пəнилеу кісі еді, бір күні ұйқысырап
жүріп, келінінің көрпесін ашыпты деген сөз бар. Сол есінде болсын» деп
ескерткені бар-ды. Күдері амал жоқ, жаны қысылғанда, келіншектің сол
осал жеріне жармасып еді.
Дəмелі-ау, жақсы менен жаман тең бе, Жамандап жалпақ елді мұның
жөн бе? Бір өшің кеткендей-ақ шүйлігесің, Атана қол салдырған саған мен
бе?
Осы сөзді естігенде, манадан бері өлеңі өрге домалап, бет қаратпай
отырған Дəмелі:
– Япыр-ай, қай дұшпаным жеткізді екен, — деп еңіреп жіберіп, үйден
шыға жөнеліпті.


Күдері осы əңгімені əлдебір тұтанған намыспен жаңғырта баяндай келіп,
Демежанға:
– Бұл Байсерке күйелі ағаштай бəрімізді былғап бітті ғой. Бір жерге бара
қалғанда, əсіресе, ел келесіне жүріп, тартысқа түскенде, соны қашан
бетімізге басар екен деп, қыпылдаумен күніміз өтетін болды, — деп өзінше
бір мұң шаққандай болып еді.
– Ендеше, Байсерке десе бауырларың езіліп, қорғаштай беруді
қойыңдар. Ұрлық кімге абырой əперуші еді. Ұрылардың ұясын
талқандамай тұрып, бұл елге тыныштық жоқ! — деп Демежан одан ары
ширыға түскен.
Бірақ бұл жолы да оңайшылықпен алдыра қоятын Байсерке көрінбеді.
Үкірдайы, зəңгісі, биі болып, үш жақтан ұтылап қуса да, ол қалмақ
малынан ақпын да саумын деп, екі қолын төбесіне қойып, бет бақтырмады.
Өзін ақтайтын қарсы дəлелі де жеткілікті. Қалмақ жылқысы ұрланатын
тұста Байсеркенің Орқашар бөктеріне барғаны рас екен. Бірақ ол бұл жолы
ұрлықты ойына да алмай, таза ниетпен, көптен қатынай алмай жүрген
Шотай ішіндегі қайын жұртына барыпты. Жəне жалғыз да емес, ер-əйелі,
бала-шағасы аралас, боқташақ бір қауым адам боп барған. Қайын
жұртында он шақты күн аялдап, талай ауылдарда қонақта болғанын сол
елдің бəрі растайды. Ал əйелінің төркінінен ондай үйірлі жылқы емес,
сынық өркеш сары атан мен құла төбел бесті жетелеп қайтқанын осындағы
ағайындар түгел көрген.
– «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дейсіндер ғой. Əйтпесе,
осы жолы, құдай куə, қалмақ жылқысынан қолым таза, — деп Байсерке
ант-су ішіп отырып алды.
Оның бұл соңғы жауабын қалмақ қуғыншылары да естіп отыр еді. Бірақ
олардың да түпке сақтаған өз дəлелдері бар сияқты, Байсеркенің сөзіне
илана қоймады.
– Қайын жұртына жай бардың ба, əлде жылқы торып, жортуылмен
бардың ба, онда біздің жұмысымыз жоқ. Жылқыны өзің алмасаң,
сыбайластарына шығарып бердің. Əйтеуір, түнде жылқыға тиген де,
күзетшіні ұрып жыққан да — сенсің. Егер күзетшінің екеуі бірдей сол
соққыдан өліп кетпесе, қылмысыңды мойныңа қойып берері хақ! — десіп
олар да райынан қайтар емес.
Балгер Бодуха да оқтын-оқтын жауырынға қарап қойып:
– Жылқы алысқа кеткен жоқ, осы елдің ішінде. Алды-арты тұйық бір
қиын жерде тығулы тұр, — дегеннен бір танбайды.
Осылайша алғашқы күнгі тергеу еш нəтиже бермеді. Қалмақтар айғақ-
куəларын алдырмақ болып, өз еліне кісі шаптырды да, Төртуыл кісілері


Бөрі ауылдарына, Шотай ішіне астыртын адамдар жіберіп, қосымша
деректер жинауға кірісті.
Бірақ бұл даудың жуық арада бітетін түрі жоқ, тіпті одан арман асқына
түсті. Арада үш күн өткенде, еліне кеткен қалмақ жоқшысы қасына көп кісі
ертіп, айбынды топ болып оралды. Өздерімен бірге сұмдық хабар ала
келген. Жылқыға жау шапқан күні сойылға жығылған екі күзетшінің бірі
басына қатты тиген соққыдан оңала алмай, өліп кетіпті. Екіншісінің беті
сəл бері қараған екен, оны атқа мінгізіп ала келіпті.
Мына жағдайдан кейін қалмақ жоқшылары мысасына мініп, мүлде
күшейіп сала берді. Төртуыл жағы енді ұрлық жылқының сыртында кісі
құнына қоса жығылмақ. Куəға тартылған күзетшінің сөзі де бұлтартпастай
анық еді. Ол өзі жортуылда көп жүрген, мосқалдау қалмақ екен. Байсеркені
бұрыннан білетін болып шықты. Жылқыға ұры тигенде, «қайт-қайт» деп
қарсы шапқан екі күзетшінің бірі осы. Ай жарығында өзімен бетпе-бет
келіп, сойыл сілтескен Байсеркені ап-анық танығанын айтады. Бірақ екеуі
беттескенде, Байсерке оның сөзін де өрге бастырмады.
– Қой, жарқыным, кісіге өйтіп пəлеңді жаппа. «Қорыққанға қос
көрінеді» деп, мені басқа біреумен шатастырып отырған шығарсың. Саған
тиген менің сойылым болмас. Менімен бетпе-бет келсең, сен бүйтіп сайрап
отырмаған болар едің, — деп əлгі байғұстың өзін ажуаға айналдырды.
Алайда қалмақ даугерлері де қадалған жерінен қан алатын, қайтпас
қайсардың өздері еді. Олар енді Байсеркемен тəжікелесіп жатпай, ауызды
Демежан мен Көксегеннің өзіне салды.
– Өз басын арашалау үшін айыпкер адам не айтпайды. Ұрының сөзіне
ұйып отыратын жайымыз жоқ. Ақ малымызды алған ұры деп те, қанды
мойын құныкер деп те енді өздеріңді ұстаймыз. Ұрланған отыз жылқы
басына қосар, құйрығына тіркеу айыбымен енді алпыс болады. Кісінің
құны — қырық бесті. Сөйтіп дөңгелек жүз жылқыны алдымызға
саласыңдар. Əйтпесе, тұрысатын жерінді айт! Ерегеске барсақ біздің
қалмақ ішінде де сойыл сүйреткен содырлар аз емес, — десіп, тақ бір құда
түсе келген немелердей, Қараменденің зəңгісі Көксегеннің төрінде
шалжиып жатып алды.
Нағыз қиын кезең енді туып еді. Бүйте берсе екі ел арасында барымта,
жарғы басталып, оның ақыры айықпас араздыққа, атыс-шабысқа айналатын
түрі бар. Демежан, Көксеген, Күдері үшеуі Байсеркені орталарына алып,
соңғы рет қысып сұраған.
– Мейлі, жазған құлда шаршау жоқ. Осы жолғы пəлеңді тағы да
мойнымызға көтеріп алайық, не де болса шыныңды айт! — деп сыр тартып
та көрді.
– Шыныңды айтпасаң, өз обалың өзіңе, ұлыққа ұстап береміз де, бар


жауапкершілікті өзіңе артамыз, — деп қоқан-лоқы да жасады.
Бірақ нендей қырға салса да, Байсерке айтқанынан қайтпай, мізбақпай
отырып алды. Дəл қазір оның кесек пішілген, батыр бітімдес, сазарған
суық жүзінен, от шашып, қаймықпай қарайтын үлкен өткір көздерінен сыр
ұшығын аңғару қиын еді. Не бұл жолы, өзі айтқандай, қалмақ жылқысынан
қолы таза, не болмаса із жасырып, құтылып кететініне өте сенімді. Екеуінің
қайсысына табан тіреп отыр екен? Ажырату мүмкін емес... Ақыры Төртуыл
кісілері амалдары таусылып, қалмақ жоқшыларына ең соңғы тоқ етер
жауаптарын айтты.
– Өздерің көріп отырсыңдар, біз қанша тергеп-тексерсек те ештеңенің
анығына жете алмадық. Сендер ұрланған жылқыны Байсеркеден
көресіңдер. Ал ол болса ақпын да саумын деген бір сөзінен танбайды. Не
жоғалған малдың көзі, не ұрыны ұстап алған айғақ-куə жоқ. Бірақ сол үшін
екі елдің арасын егер қылып, атыспайық та шабыспайық. Қалада екі жаққа
ортақ ұлық бар, соған жүгінейік. Біз енді Байсеркеге ара түспей-ақ қойдық.
Ендігі арыздарыңды ұлыққа айтыңдар, — деген-ді.
Бірақ қалмақтардың қаладағы ұлыққа жүгініп, дауды ұзартуға құлқы жоқ
сияқты. Əлде қалаға барса, заңшыл жырынды қазақтар тақымға салып, күш
бермей кетеді деп ойлады ма, өздері жеке шығып ұзақ кеңесті де, тіпті бұл
елдің ойына келмеген қайдағы бір сұмдықты ойлап тапты.
– Жылқының ізі сойдақталып, аулыңа келіп тұрса да, ірге күш көрсетіп,
мойындамай отырсыңдар ғой, ендеше былай болсын, — деді Қолқа бəрінің
атынан сөз ұстап — Тіліміз, дініміз бөлек болғанмен, жаратқан тəңір біреу
ғой. Ұлыққа барып ұйлыққанша, қазақ-қалмаққа ортақ, ата-бабаның ескі
жолына бағынайық. Байсерке «Қара күмəннан» өтсін. «Ұрлық жылқыдан
да, кісі өлімінен де ақпын, адалмын» деп қолына құран ұстап, жанын
берсін де, құтылып жүре берсін. Жылқы — сенікі, жан иманын — біздікі.
Біз де елімізге мал алып қайтпасақ та, тым құрыса бір қазақтың жанын
алып қайтайық! — деген түсін суыққа салып.
Мұнысы жалғыз Байсерке емес, түгел Төртуылға сын еді. «Қара күмəн»
дегенді естігендері болмаса, бұл отырғандардың ішінде ондай сұмдықты
көрген ешкім жоқ екен. Алғаш естігенде қатты шошынып үдірейісіп қалды.
Қалмақтардың да əдейі осындай қиын жерден ұстағаны енді мəлім болды.
Демежан қара күмəнның қалай өту тəртібін сұрағанда, Бодуха лама оның
мəнісін былай түсіндірді.
Бұл — адамның ар-иманына, дін-сеніміне сын болғандай аса қиын шарт.
Көшпенділер арасында көнеден келе жатқан, қазақ-қалмаққа ортақ бір
төтенше жосын екен. Осындай ауыр қылмыс үстінде, кісі өлімі кезінде,
айғақ куəсыз күдікті жағдайда айыпкер қара күмəн ұстайды. Əрине, мұны
орындауда қазақ пен қалмақ салтының өз ерекшелігі бар. Айтып отырса
қалмақтардікі тіпті сұмдық. Айыпкер құдай алдында өзінің ақтығын
дəлелдеу үшін, будда бейнесі алдына жағып қойған «Бурхан шырағын»


дəрет сындырып өшіру керек. Мұндай адам халық алдында қарабет
болудың сыртында, құдайдың жүзін енді көрмейді деген сөз.
Ал қазақтардікі одан гөрі сыпайырақ. Бірақ ол да оңай емес. Жан беретін
адам үстіне кебін киіп, қазулы тұрған көрден аттауы керек. Жəне соның
алдында қолына құран ұстап тұрып: «Егер менің осы қылмысқа титтей
араласым болса, құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті болмай кетейін. Екі
дүниеде имансыз, көпір қауымында өтейін» деп қасам ішуі керек. Бір
сөзбен айтқанда, бұл да құдайдан безген, қауымнан қуылған сұмпайының
өзі болып шығады.


Мына сөзді естігенде, қазақтар қарадай шошып, қатты тіксініп қалды.
Тірідей жан беріп, иманын сатты деген не сұмдық?! Бірақ көнбеске тағы
амалын жоқ. Жан беруден тайсақтасаң, қылмысқа жығынды болғаның. Осы
шешімді естіртпек болып, екі жақ өздері отырған оңаша үйге Байсеркені
шақырды. Ендігі мəселе соның жауабына байланысты.
Байсерке өзіне қойылған шартты алғаш естігенде, өңінде бір тамшы қан
қалмай, күлбеттеніп, бозарып кетті де, есін тез жинап ала қойды. Өзінің
таудан-тастан қайтпаған өр мінезіне басып:
– Жарайды, сендерге керегі жан екен ғой... Жан алғыш əзірейілім сендер
болсаңдар, соны алып тыныңдар? — деді даусы біртүрлі қарлығыңқырап.
Демежан қалмақтардың малдан безіп, неге жанға жармасқанын түсіне
алмай, қалың ойда отыр еді. Байсерке əлгі сөзді айтқанда, селт етіп басын
көтеріп алды. Жүйрік көңілі оның сөзінен емес, үнінен бір сенімсіздікті
шалып қалғандай болды.
– Бұл сенің соңғы сөзің бе, Байсерке? Əлі де ойлансаң қайтеді?.. Қазақ:
«малым—жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деуші еді.
Сен жаныңды ар үшін қидың ба, əлде мал үшін қидың ба? Тек шыныңды
айт! — деп ақырып қалды.
Байсеркенің жауабы да қысқа болды.
— «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деп, бəрін жиылып
қалмақпен қоса шауып отырған жоқсыңдар ма. Қалқан болар халқың, ақтап
алар ағайының болмаса, жалғыз жанды жалдамағанда не істеймін? Болсын.
Тəуекел! — деді ол да қасарысып.
Енді бөгелудің орны жоқ. Сол күні түске таман барлығы атқа қонып,
ойға қарай бет алды. Өйткені «жан беру» рəсімі дін орталығы мешітте
өтуге тиіс болатын. Арқарлыдағы Күдері мешіті ара қонып баратын жер.
Бұлар бүгін жолға шығып кетіп, ертеңгі жұма намазына үлгеруі керек.
Бұл хабар сол күні-ақ жайлаудағы бүкіл елге тараған. Қара күмəн, жан
беру дегендері кімге де болса тосын, бұрын бұл өлкеде болмаған оқиға.
Сондықтан далаға қарай атылған топ-топ адамның ішінде осындай қызық
үшін келе жатқан көлденең көк аттылар да аз емес-ті.
Сондай бір бөлек топ құраған Бөрі жігіттерінің ортасында Байсеркенің
өзі келе жатыр. Қазір ол үлкен семіз торы аттың үстінде төбедей болып,
көзге оқшау шалынады. Көптен ұрлықты кəсіп етіп, жаман аты шығып
қалғаны болмаса, нағыз батырға біткен тұлға. Біреу байлығымен, біреу
мансабымен көзге түссе, мұның еншісіне тигені ұрлық болды.
Батырлықтың күні өткен соң, басында барымташы атанып жүрді де, ақыры
бардың бермесін тартып алатын ұрлықты кəсіпке айналдырған. Сол


жортуылмен жүріп-ақ бір рулы елді асырап келеді. Соған орай ел ішінде
беделі де бар, жұрт еріксіз санасатын елеулі адамдардың бірі.
Қазір Байсеркенің қасында жұп жазбай бірге келе жатқандардың ішінде
Ысқақта бар еді. Бірталайдан бері екеуінің ымы-жымы бір. Жырынды
Ысқақ аңғал батыр Байсеркенің көзсіз ерлігі мен бойындағы мол қайратын
көп пайдаланады. Өзі өштескен адамдарға оны əдейі айдап салып,
түнделетіп жылқы алдырып, алысқа асырып жіберетін кездері де аз
болмайтын... Байсерке осы жолы да ел-жұрттан тыққан құпиясын сол
Ысқақпен қана бөлісіп еді.
Əнеугүннен бері қанша бетбақтыққа салынғанымен қалмақ жылқысынан
Байсеркенің қолы таза емес-ті. Оның əу баста бір топ адаммен Шотай
ішіндегі қайын жұртына барғаны да рас. Ол жағынан ешқандай күдік
тудырмайды. Бұл сəтсіз жорық сол Шотайда жүрген күндердің бір
əредігінде болып еді.
Шотайлар мен Орқашардағы қалмақтың шеткі ауылдары іргелес
отыратын-ды. Бұл қайын жұртына бара жатып, жол-жөнекей өрісте
жайылып жатқан қалмақтың қалың жылқысын жиі ұшыратады. Емін-еркін
өрістеген кілең бір құр аттарды, туырылған ту биелерді көргенде, ұрының
көзі тұнып кетеді. Сол арада шұғыл шешімге келіп, қасына ере шыққан
інілерінің бірін əлдебір сылтаумен кері қайтарады да, елде қалған
жігіттерге тез жетсін деп хабар жібереді. Мұнда кездесетін жер, уақыт
мөлшері де дəл айтылған-ды... Ал өзі олар келгенше қайын жұртына барып,
аунап-қунап жата тұрады. Бір уақ атқа мініп, ел қыдырған болып, жер
жадысын, жылқы өрісін көңіліне түйіп, бақылаумен болады.
Уəделі уақытта арттағы Бөрі жігіттері де келіп жеткен-ді. Олар ел көзіне
түспей түнделетіп келіп, сол маңдағы ұры сайлардың біріне бекінген. Бұл
туралы қайын жұрт та, құдалар аулында жатқан Байсеркенің басқа серіктері
де ештеңе сезбейді. Бұған дейін жігіттерімен астыртын тілдесіп жүрген
Байсерке бір күні ел ұйқыға кеткен соң атына мініп, өз тобына қосылады
да, бейқам жатқан қалмақтың жылқысына тиіп береді. Сол жолы «қайт-
қайт!» деп қарсы ұмтылған екі күзетшіні сойылмен бір-бір ұрып, түсіріп
кеткені де рас болатын. Қараңғыда қара сойылдың қате тиерін кім білген.
Күзетшінің бірі өкіріп барып, аттан ұшып түсіп еді. Сірə, мерт болып кетсе,
кеткен-ақ... Байсеркенің олармен ісі болған жоқ. Жөпелдемеде қолға түскен
қырық-отыз жылқыны серіктерінің алдына салып беріп, біраз жерге дейін
ұзатып келді де, соңдарында қуғыншы жоғын білген соң, өзі таң алдында
Шотай аулына барып, бүркеніп жатып қалған-ды. Оның бұл суық жүрісін
қасында жатқан əйелі ғана сезген. Бірақ əйел күмəны басқада еді. Ол
күйеуін осы ауылдағы бойжеткен балдыздарының бірін оятуға барды ма
деп, өзінше тон пішіп, біразға дейін бұртиып жүрді.
Байсерке бұл жолғы ісінің қапысыздығына қатты сенімді болатын. Өмірі
талай ұрлық істеп жүріп, дəл мұндай із жасырып көрген емес-ті. Қайын
жұртына қыдырып барған адамнан біреулер күдіктенеді-ау, ит арқасы


қияннан іле-шала қуғыншы келеді-ау деп, тіпті кəперіне де алмаған.
Қиыннан қиыстырылған өз жоспарының ешқандай күдік тудырмайтынына
шүбəсыз сенгені соншалық, бұл жолы қолды болған жылқыны алыс бір
жаққа асырып жіберуге де асықпай, көші-қон қарбаласы кезінде Мыңбай
шатындағы бір қиын қуысқа қамай тұрып, ап-сап басылған соң, үй басы
екі-үштен сіңіріп кетерміз деп ойлаған... Бірақ оған жеткізбеді ғой. Іле-
шала арттарынан қуғыншы келіп, адымдарын аштырмады.
Байсерке əнеугүні өзін Демежан мен Көксеген ортаға алып, қатты қысып
сұраған кезде, «осылардан сыр жасырмай не де болса шындыққа келейін»
деп бір оқталған. Бірақ сол ойын Ысқаққа айтқанда, ол мұны қолма-қол
айнытып тастады.
– Демежаннан жақсылық күтпе. Ол саған бар шыныңды айтқызып алады
да, ұлыққа ұстап беріп, көзіңді абақтыда жылтыратады. Ізіңді жақсы
жасырған екенсің, осы бетінде тас бекіп тұрып қал! — деп ақыл берген.
Өстіп жүргенде дау ұлғая түсіп, оған енді өлген күзетшінің құны
қосылды да, жабулы қазан сол жабулы күйінде қала берген. Енді, міне, қара
күмəн деген пəле шықты. Жан беру, қасам ішу қанша қиын болса да,
бұлтаруға мұршасын келтірмеді ғой. Онсыз да былғанып болған күнəкар
жанды беріп құтылудан басқа амалы жоқ. Əзірше ешкім барып келмеген о
дүниенің, азабын уағында көре жатар, алдымен оған мына дүниенің
теперішінен құтылу керек еді...
Бұлар араға бір қонып, ертеңінде түс əлетінде Арқарлыдағы Күдері
мешітіне жетті. Бұл мешітті осыдан төрт-бес жыл бұрын Күдері өз
қаражатына салдырған-ды. Өз ортасына үлгі шашып, қу далаға «құдай
үйін» əкеліп орнатуы жас жігіттің атағын осы атырапқа тез жайып
жіберген. Қазір Мұқырдың биік қабағындағы көрнекті жерге салынған ақ
мешіт сонадайдан көз тартады. Дəл іргесінде Сібеті өзенінен су тартатын
Қайыңбай тоғаны ағып жатыр. Əрі-бері өткен адамдар ат басын бұрмай
кетпейтін Сымайыл зəңгінің зираты да осында. Соңғы жылдары Бұқадан
тарайтын Қараменде мен Жұмықтоғастың көп ауылдары осы Қайынбай
тоғанын бойлай егін егіп, қыстау салып, отырықшылыққа бой ұра бастаған.
Əр жұма сайын маңайдағы қалың ел намазға жиналып, осы мешітте бас
қосып тұрады. Мешіттің имамы — жұрт «ноғай молда» атап кеткен
Пахридден қазірет қаладан алғаш көшіп келгенде, жағына пышақ
жанығандай, ілмиген арық кісі сияқты еді. Айналасы үш-төрт жылдың
ішінде кəдімгідей қоңданып, бұғағы салбырап, семіріп алыпты.
Қасам ішіп, жан беру рəсіміне Пахридден имам жетік болып шықты.
Неше күннен бері осы елдің атқамінер игі жақсылары бітіре алмаған
даудың мешітке келіп, шариғат жолымен шешім табатын болғанына тіпті
қуанып қалған сыңай танытты.
– Міне, бұларыңыз бик сауаблы, абзал іс болған. Адам пендесінің ақылы
жетпейтін ақ пен қара, күнə мен нахақ арасы құдай-тағала уатабараканың


құзырында бітім тапқаны жөн-ақ, — деп өз ісіне құлшына кірісіп кетті.
Ендігі жерде үкірдай, зəңгі, елубасы сияқты ел басшылары былай қалып,
бар билік Пахридден имам мен Бодуха ламаның қолына өтті. Бүгінгі жұма
намазына жиналғаны бар, осы оқиғаны əдейі көруге келген əуесқой жұрт
бар, халық ерепайсыз көп еді. Мешітке адам сыймайтын болғандықтан, жан
беру ресмиеті сырт алаңда, зират маңындағы көк жасаңда өтетін болды.
«Жан беру» дегеніңіз жай құран ұстап, ант-суын іше салу емес. Оның. да
үлкенді-кішілі машахаты көп болып шықты. Мұнда да өлікті жерлеу
кезіндегідей тірі адамға кəдімгідей жаназа шығарылады. Күні бұрын қабір
қазылып қойылады... Қысқасы, жан берген адам бұл тірлікке қош-қошын
айтып, о дүниенің табалдырығына барып қайтады. Бұл іске қалмақ
жағынан араласқан Бодуха дама Қара күмəнның ұсақ-түйегіне дейін
түгендеп, соның мүлтіксіз орындалуын қатты қадағалап жүр.
Пахридден имам ең алдымен Байсеркеге дəрет алып келуді бұйырды.
Сонан соң оның сырт киімдерін шештіріп, бір қабат кебін кигізді де, үлкен
ақ киіздің үстіне көлденең жатқызып, жаназа оқудың қамына кірісті.
Кəдімгі жаназа! «Ассалата жаназа!» деп дауыстай жар салып, жиналған
жұртты сапқа тұрғызып жатыр. Осы көріністің өзі-ақ адамды жаннан
түңілдіріп, бүкіл тіршіліктен бездіріп жібергендей еді.
Намазға кірісер алдында, Пахридден қасам ішіп, жан берудің мəнісін
түсіндірді. Оның айтуынша, қазір намаз оқылысымен, жаназасы
шығарылған күнəкар пенденің жаны өзінен қырық кез алыстап кетеді.
Сонан соң ол қолына құран ұстап, ант суын ішеді де, қазулы тұрған
қабірден аттап өтеді. Егер ол шын күнəкар болса, сол жерде жан үзіп,
қабірге құлап түсуі де мүмкін. Тіпті аман қалғанның өзінде, ар-иманнан
ада, құдай алдында қара жүз, жын-шайтандар қауымына қосылып, о
дүниеде көр ғазабын тартып, тозақ отына күймек...
– Соңғы рет ескертемін: күнəлы пенде Байсерке, сен осыған ризасың ба?
— деді имам сөзінің соңында.
– Ризамын! — деген Байсеркенің үні саңқ етіп тіпті айдынданып естілді.
– Онда намазға кіріселік. Ассалата жаназа! Кəне, мұсылман қауым, тегіс
сапқа тұрыңыздар.
Жалғыз ракағат жаназа намазы артқы қатардың бірінде тұрған
Демежанға жылдай ұзақ көрінді. Жан дүниесін бір ауыр сезімдер билеп,
іштей Байсеркені аяп кетіп еді: «осыншама қорлыққа, ар-ұждан азабына
көнуіне қарағанда, осы байғұстың қолы, расында да, қалмақ жылқысынан
таза болып жүрмесін. Азаматқа ара түсудің орнына текке күйдіріп, обал
жасап отырған жоқпыз ба» деген бір өкінішті ой жүгіріп өткен. Намаз
оқылып болып, Пахридден мен Бодуха Байсеркенің екі қолтығынан сүйеп,
қабір басына қарай алып жүргенде де, Демежанның төбе құйқасы


шымырлап, өзін өте жайсыз сезінді.
Айналаны бір сұсты тыныштық билеп алған. Өлікті жерлеген кезде де
абыр-сабыр тіл қатулар болушы еді. Қазір ондай да ештеңе естілмейді.
Байсеркенің иіні түсіп, нардай тұлғасы шөгіп кеткендей. Үстіне аппақ
кебіндей шұбалаңдаған бөз көйлек киіп алғандікі ме, өзінде өң-түс қалмай,
қу шүберектей бозарып кеткен... Ол қазір қазулы қабірдің жиегінде беті
ашылған құранды қолына ұстап, Пахридденнің аузынан шыққан ант
сөздерін қайталап тұр.
– Мен — құдайдың құлы, Мұхамметтің үмбеті Байсерке — Алланың
атымен ант етемін! Жоғалған қалмақ жылқысынан да, өлген адамынан да
арым таза, қолым пəк... Сол үшін жанымды беремін. Егер осы істе қылдай
қиянатым болса, құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетінен шығып,
дінсіздер қауымында кетейін... Осы арада қыршынымнан қиылып, жан
тапсыруға əзірмін!
Байсерке ант сөзін айтып болып, Пахридден ұсынған қасам суын да ішіп
салған. Енді тек бетіне ақ мата керілген қабірдің үстінен аттап өтуі ғана
қалып еді. Нағыз қиын кезең енді туғандай. Қияметтің қыл көпірі де
мұндай болмас. Жұрт демдерін ішіне алып, сілтідей тынып қалыпты...
Байсерке, не үшін екен, ордан аттауға жүрексінгендей бөгеліп тұр. Біресе
көр аузындағы ақ матаға, біресе басын көтеріп, көгілдір аспанға қарайды.
Мына қалпында қараңғы көрден аттап өтуі екіталай, күмп беріп ішіне түсіп
кететін сияқты... Ол енді не де болса тəуекелге бел байлап, ордан аттауға
бейімделе берген.
Бірақ аттап үлгермеді. Осы сəт артқы қатардан ышқына айғайлаған бір
жат дауыс естілді. Ащы айғайы құлақты жарып, өлі тыныштықты дар
еткізіп айырып жібергендей болған бір адам:
– Ағатай-ай, біз үшін өз жаныңды қинамашы! Сенің орнына қазылған
көрге мен-ақ түсейін... Бермеші жаныңды!.. Уа, тоқтатыңдар, халайық!
Жылқы — менде. Ұрлаған — менмін... Малыңның көзі түгел, осы қазір
алдына салайын! — деп жан ұшыра дауыстап сөйлеген күйі жұртты
кимелеп алға шықты.
Жиналғандар аң-таң болып, енді сол дауыс шыққан жаққа қараған. Бұл
— Байсеркенің немере інісі, сырықтай ұзын бойлы, батыр тұлғалы жас
жігіт Қойшыбай болатын. Ол келген бойда ағасының мойнына асылып,
еңкілдеп жылап жіберді де, оны қабір басынан аулаққа əкеткенше асығып,
қолтығынан ұстап сүйрелей жөнелді.
Байсерке əлі де есін жия алмай, өлі мен тірінің арасында сенделіп
тұрған-ды. Інісінің жетегінде кетіп бара жатып:
– Əй, Қойшыбай-ай, бекер істедің-ау! Қуғыннан құтылуға енді бір-ақ
аттам жер қалып еді ғой, — деді бармағын тістеп.


Сол-ақ мұң екен, манадан бері байлаулы тұрған тіл мен көмейдің тиегі
ағытылып, көпшілік араның ұясындай гулеп қоя берді. Енді əуесқой топ
Байсерке мен Қойшыбайды қоршап, неше алуан сұрақ жаудырып жатыр.
Оқиғаның бұлайша аяқ астынан кілт бұрылуы Төртуыл кісілерін де
қатты абыржытып тастаған. Байсеркенің əнеугүннен бері мойындамай,
қанша жұртты сарсаңға салып, енді келіп ойламаған жерден омақаса
жығылуы сүйекке таңба түсірердей үлкен намыс болып еді. Оның есесіне,
қалмақ жоқшылары айы оңынан туғандай айдарынан жел есіп шыға келді.
Бодуха лама тіпті ашық табалауға дейін барып еді. Ол бір шетте оңаша
тұрған Көксеген мен Демежанның қасына келіп:
– Үкірдай, қалай екен? Менің сəуегейлігіме енді күмəн келтіре
қоймассың. Айтқаным айна-қатесіз дəл келген жоқ па?! — деп əжім
айғыздаған көсе жүзі быт-шыт болып, оқырана күлді.
Демежан онсыз да бойын кернеген ашудан жарыла жаздап тұр еді.
Ламаның бетіне ажырая қарады да:
– Бодауы жоқ бос сөзді қайтесің, Бодуха. Одан да малыңның
табылғанына шүкірлік етіп, аманында ауылыңа қайтсайшы, — деді зілді үн
қатып. — Бізді енді сөге жамандамассың. «Қазақтың ұрысының да иманы
бар екен» деп қайт еліне... Жаңа Байсерке бəрінді жер соқтырып, жер-
ошақтай шұқырдан аттап кетсе қайтер ен?!
– Иə-иə... Сөзіңнің жаны бар, үкірдай. Адамдар бір құдайдан қорықпаса,
бұл дүниені өртеп жібермес пе еді, — деп Бодуха өз сөзін жуып-шайған
болды.
Демежан бұдан ары сөзді ұзаққа созғысы келмеді. Анадай жерде киініп
жатқан Байсеркенің күйбеңін күтіп аз бөгелді де, Бөрі жігіттерін қасына
шақырып алды. Ұрылардың жүні жығылып, жасыңқырап қалыпты. Кісіге
тура қарай алмай, төменшіктей береді.
– Иə, сонымен жылқы қайда? — деді Демежан Қойшыбайға бұрылып.
– Жылқы жайлауда... Мыңбай шатында бекітулі тұр. Алсаң, міне, бас!
Бізден бір қателік өтті, үкірдай.
– Жə, оныңды қоя тұр... Малының көзі түгел ғой, əйтеуір?
– Түп-түгел. Отыз бес жылқы. Бір тайына қол тигізгеніміз жоқ.
– Ендеше, мына кісілерді осы қазір ертіп барасыңдар да, малын түгендеп
алдына саласыңдар. Айып-анжыға тағы он жылқы кесемін. Оны ешкімге
алақан жаймай, жылу жинамай, өз малдарыңнан төлейсіңдер. Ұқтыңдар
ма?
– Ұқтық үкірдай. Айтқаныңызды қалт етпей орындаймыз, — десті


жігіттер құрақ ұшып.
– Ұқсаңдар, жоғалыңдар көзіме көрінбей!
– Апыр-ай, Демежан мырза-ау, кісі құны қалып барады ғой... Оған
қандай билік айтасың? — деген Бодуха осы тұста сөзге араласып.
Демежан ендігі сөзін қалмақ даугерлерінің басшысы Қолқаға қарап
сөйледі.
– Кісі құнын мен бітірмеймін. Оны қаладағы ұлық шешеді. Байсерке сол
істеген қылмысы үшін, бүгін абақтыға айдалады. Ендігі дауды сол қала
ұлығынан қуасыңдар! — деді кесімді сөзін қысқа қайырып.
Қалмақ жоқшылары бұдан ары саудаласпады. Олар уыстан шығып, үміт
үздірген жылқының табылғанына қуанып тұр еді. Өз малынын сыртында
айыпқа кесілген он бестіге разы болды да, атқа қонды.
Бірақ, оның есесіне, Демежан билігіне наразы күңкіл сөздер Төртуыл
кісілерінің өз ішінен шыға бастаған. Көксеген, Ысқақ, Тыныбайлар
Байсеркені абақтыға айдатам дегенін ұнатпай, қырын қабақ танытты.
Көксеген ашық қарсылыққа бармаса да:
– Ит те болса ұяласымыз еді ғой. Арыстай азаматты абақтыға
қаматқанымыз ел атына намыс болып жүрмес пе екен? — деп мəймөңкелеп
бастап еді. Ысқақ оның сөзін іле қостап:
– Бұл — барып тұрған аямастық қой... Байсерке — ел шетінде
қорғанымыз, сойыл соғар айбарымыз емес пе еді. Сүйеніш-тірегі жоқтай,
ел азаматын ұлыққа ұстап берді деген не сұмдық?! Кісі құны қаншаға түссе
де, ел-жұрт болып көтермес пе едік? — деп Байсеркеге бауыры езілгенсіп,
ағайын арасына от тастағандай болған.
Демежан шыдай алмай кетіп:
– Əй, шырағым, жауырға қонған ала қанат сауысқанша беймезгіл
шықылықтағаныңды қойшы. Осы сенен ақыл сұраған кім бар? — деп оны
тыйып тастады. — Қара бұқараның онсыз да арқалаған алым-салығы
аздай-ақ, енді оған «Байсерке шығыны» дегенді қоспақсың ба? Азамат
дегенің — қазан бұзар, үй тентек, ұры ма? Ұяласым, ұрпағым деп, ұры мен
қарыны əуектетіп болдық емес пе. Ұрлаған жылқысының айыбы мен өлген
кісінің құнын үнемі біреу төлеп отырса, Байсерке басқа шықпағанда
қайтеді? Қолымен істеген екен, мойнымен көтерсін. «Арсыз қолым істеді,
арлы бетім ұялды» деп, телі мен тентектің шығынын ел байғұс қашанғы
көтереді? Естерінде болсын, бұдан кейін кім қылмыс жасаса, өкімет заңы
алдында өзі жауап береді. Содыр мен сойқанға, сойыл сүйреткен ұрыға
сонда ғана тыйым болады, — дей түсіп, қатты ширыққан ашу үстінде
шымбайға батар сөздер айтып еді.


Осы сөзден кейін оған ашық жон көрсетіп, қарсы келген ешкім болмады.
Не ойласа да іштерінде. Демежан енді бөгелген жоқ. Ұлықтың атына хат
жазып, қасына өз шабарманы Рақым бастатқан бес кісі қосып, сол күні-ақ
Байсеркені қалаға жөнелтіп жіберген. Сонан соң қалмақтың малын
түгендеп, жолға салуды Көксегенге тапсырды да, өзі Тыныбай, Түсіптерді
ертіп, ауылына қарай тартып кетті.
VIII
Күн кіші бесіннен ауып, екіндіге қарай еңкейген мезгілде, өрістен мал
қайтып, айнала-төңірек төрт түліктің шуына толған шақта ауыл
сыртындағы төбенің басына көтеріліп, өмір-болмысқа биіктен кез жіберу
— Демежанның көптен бергі əдеті еді.
Əсілі, көшпенділер тірлігі шағын шаңырақ астындағы тар аяға сия
бермеген ғой. Баяғы Тəуке ханның тұсындағыдай «Күлтөбенің басында
күнде жиын» болмағанымен, əлі күнге дейін ел ағасының сияз ашып, топ
тарататын, жарлық шашып, билік айтатын «кабинеті» — осы төбенің басы.
Қазақтың «ұзын құлағы» арқылы жететін неше алуан жаңалықтар алдымен
осы төбе басында айтылып, содан ары ауыздан-ауызға көшеді. Ел ішінің
арыз-шағымы, тағы басқа ұсақ-түйек жұмыстары да осында бітіп жатады.
Бүгін Демежан төңірегі ондай опыр-топырдан оңаша еді. Қазір қасында
қарт ұстазы Ли-шансың ғана бар. Оның мұнда келгеніне бір аптадан асып
кетсе де, Демежанның өзі үйде болмай, біраз күн Байсеркенің дауында
жүріп, ауылға кеше ғана оралған-ды. Содан бері де ауыл үсті кісіден
арылмай, енді ғана екеуінің оңаша қалған кезі болатын. Əлде қаладан
келген сый қонақпен алаңсыз əңгімелессін деді ме, мұндайда төбе басына
үкірдайдың соңынан ере шығатын ауылдың ересек адамдары да күндегі
əдеттерінен бой тартып, бұларды бүтін жеке жіберіп еді... Қазір Ли-
шансыңның реңі жақсы. Көптен ешқайда ұзамай, қалада қамалып жүрген
дімкəс адам мына кең дүниеге келгелі, ес жинап, қунап қалғаны байқалады.
Қаладан Ли-шансың ала келген бір үлкен жаңалық — аймақ əміршісі
Ши-амбы осыдан біраз күн бұрын Іле жанжұңының шақыртуымен Құлжаға
жүріп кетіпті. Тез жетсін деген тығыз бұйрықпен асығыс аттанса керек.
Соңынан тарап жүрген қауесетке қарағанда, Ши-амбы үстінен түскен арыз-
шағымға байланысты орнынан алына ма, əлде басқа аймаққа ауыса ма,
əйтеуір Тарбағатайға оралуы екіталай деседі. Кешеден бері Демежанды
қатты алаң еткен бір жай осы еді.
Екеуі қазір көк беттегі киіздей ұйысқан мамық бетегенің үстіне
жамбастай жайғасып, сол жайында əңгімелесіп отыр. Егер Ши-амбы бұл
аймақтан ауысатын болса, оның орнына кім келуі мүмкін деген сұраққа Ли-
шансың екі ұштылау жауап қайырды:
– Кім білсін. Қазір орталықта жүзеге асып жатқан реформа мен сарай
маңындағы тартысқа байланысты, басшы бекзадалар арасында ауыс-күйіс


өзгерістер көп болып жатыр. Сондайлардың талайы шенінен төмендетіліп,
Шығыс Түркістанға жіберілді. Оларға да жайлы орын, жақсы қызмет керек.
Тарбағатай сияқты шалғай түкпірге сондай «жазықтылардың» бірін əкелуі
де ғажап емес. Немесе Іле жаңжұңы өз айналасындағы ұлықтардың бірін
жібере ме, нақты кесіп айту қиын, — деген.
Сонан кейін Ли-шансыңның бір айтқаны: Маншың өкіметі орталықта
ғана емес, шеткері аймақтарда да өзінің темір құрсауын тарылта түсіп
отыр. Айдауда жүрген адамдарға күдік күшейіп, қысым көрсетіле бастауы
соның бір дəлелі. Бірақ мұны Цин сарайының əлденеден бел алып, нығаюы
емес, соңғы жанталас, тұяқ серпуі, өз өмірін ұзартудың амалы деп ұғу
керек. Өйткені азаттық жолында алысып жүрген төңкерісші, зиялы қауым
ғана емес, ел ішіндегі ірі өндіріс иелері, тіпті шетелде тұратын білікті, бай
мұғаджырлар да
32 
династияның билік басынан кетуін талап етіп жатқан
көрінеді. Ал ел тізгініне сырттан қол сұғып отырған шет мемлекеттердің де
монархияның құлауына мүдделі екені белгілі. Қазір жесір патшайым Цыси
Бежіндегі Еуропалық елшілерге күн сайын қонақасы беріп, қанша
жағынғанымен, қиюы қашқан дүниені ұзақ ұстап тұра алмасы анық... Ли-
шансың осы жайларды айта келіп:
– Дегенмен əмірші ұлықтардың ауысуы бұл аймаққа да кейбір ұнамсыз
өзгерістер əкелуі мүмкін, — деді жүдеу жүзінен əлдебір уайым табы
білініп. — Өйткені, Ши-амбының үстінен үздіксіз арыз жазып, оның кетуін
талап етіп отырған — халдайлар ғой... Жаңа келген адам Цин сарайының
ежелгі тірегі — халдайлардың қолтығына дым бүркіп, қайтадан құтырта ма
деп қорқамын.
Демежан тіл қатқан жоқ. Кенет өз жүрегінің əлденеден шымыр-шымыр
етіп, сыздап ауырғанын сезді. Ши-амбының бұлайша ешкімге жөн
айтпастан тым асығыс аттануы — оған да бір тықырдың таянғаны ғой. Иə,
Ли-шансың дұрыс айтады: аймақта əміршінің ауысуы ел өміріне де, мұның
өз басына да көп қиындықтар əкелуі мүмкін. Дүниені теңгеріп тұрған
таразының басына өзгеріс еніп, оған жаңа тастар салынады деген сөз.
Бұрын Ши-амбыдан жасқанып, бұғып жүрген талайлардың енді батыл бас
көтеріп, ашық айқасқа шығатыны айтпаса да түсінікті.
Ол бір сəт төменде, сай табанында алқа-қотан отырған ақ үйлерге көз
жіберді. Осы арадан ауыл сыртындағы бие бауға шоғырланған көп жылқы,
малдың кешкі сауымына кіріскен адамдардың қарбалас тірлігі, көш
жолымен əрі-бері өткен жүргіншілер де алақанға салғандай айқын көрінеді.
Бір мезет оның ойын қотан ортасындағы даңғаза шу бөліп жіберді. Ауыл
иттері əлденеге қырқысып, ұмар-жұмар таласып жатыр екен. Сол иттердің
маңында үлкенді-кішілі бір топ бала жүр. Төбеттердің ортасына сойған
малдың қан-жынын, өкпесін тастап, əдейі қырқыстырып жүрген —
Олжабай тентек сияқты. Жасы он төртке толғанша ақыл кірмей-ақ қойды-
ау, осы балаға... Демежан ер жетіп қалған асыранды ұлы Олжабайдың мына


ісіне іштей қынжылып отырғанда, көп иттің қоршауында жан ұшыра
шайқасып жүрген өзінің сүйікті тазысы Көктұйғынды көріп қалды. Текті
тазы бұлайша барақы иттермен таласпаса керек еді. Оны да қисынын
тауып, төбелеске араластырған — Олжабай, əрине. Қап, жүні жұқа, кірпияз
неме оқыста бір жерін жарақаттап алып жүрер ме екен?
Соны ойлап үлгіргенше болған жоқ, таласып жатқан көп ит құйын
соққандай ұйқы-тұйқы бір күйге ұшырады. Көктүйғын, сірə, ызасы келген
болар, көз ілеспес жылдамдықпен қайқы бел қаншық, бұралқы, шардақ
төбеттерді тұс-тұсқа лақтырып жіберді де, қалың. топырдың арасынан
сытылып шыға берді. Сол беті бүлкілдей желіп, төбе басында отырған
иесіне қарай тартып еді. Басқа иттер соңынан бой салып қууға бата алмай
қыңсылап қала берген.
Көктұйғын жүні тықыр болғанымен, аяқтары сом, əлді келген, сүйекті,
ірі тазы болатын. Кеудесі апайтөс, белі қабысып жатыр. Қашан көрсең де
қаншырдай қатып, бауырынан жараған осы бір қалпынан жазбайды.
Қолдан құйылған өлшеулі асты ғана ішіп, Ырысқанның отауында жеке
төсекте жатады. Тұрған бойы суреттей сұлу, жан-жануардың ішіндегі бір
көріктісі еді. Демежан оның осы əдемілігіне, əрі алғыр құмайлығына
қызығып, өткен жылы бір бестіге сатып алғанды. Бірақ өз құнын
əлдеқашан өтеді. Қыс бойы түлкі мен қоянды қынадай қырып, иесін ырғын
қызыққа батырған.
Көктұйғын Демежанның қасына келіп, шағынғандай бір-екі рет
қыңсылады да, жақсылап керіліп алып, ұшында шашағы бар жұп-жұқа
құлақтарын жалбырата, мойнындағы шытыралы қарғысын сылдырлатып,
дүр-дүр сілкінді. Сонан соң ауыл жаққа бұрылып қарап алды да, иесінің
аяғына басын сүйеп жата кетті.
Ли-шансың бұл тұқымдас аңшы итін бұрын тіпті көрмесе керек,
таңырқай сұқтанып қалды.
– Иттің де мұндай əдемісі болады екен-ау! Өзі жəне қандай есті?!
Жаңағы көп иттен көрген жапасын саған шағынып жатқанын көрдің бе, —
деді басын шайқап.
Демежан да қазір Көктұйғынның құндыздай жылтыраған жонынан
сипап, иттердің тісі батып кеткен жері жоқ па деп, өне бойын анықтап
қарап жатқан-ды. Кенет ол тазының көзінен іркілген жасты байқады.
– Байғұсым-ай, сені аналар əбден жалғыздаған екен-ау! «Көп ит бір жақ,
көк ит бір жақ» деген осы екен ғой, — деді ол баяу күрсініп, — Бұл
бейшараға да өзінің нəсілдестері түп-түгел өш. Олардан артық жаралғаны
үшін, өздеріне ұқсамағандығы үшін жек көреді... Жақсылардың көрген күні
осы ғой қашанда!
Демежан соңғы жылдары қыс айларында ит жүгіртіп, құс салумен


əуестеніп жүрген. Ли-шансыңға сол аңшылық жайын əңгімелеп кетті. Бұл
көріп жүрген тіршілікте саятшылыққа жететін ештеңе жоқ. Дүниенің қам-
қайғысын ойлатпайтын, пендешіліктің кір-қоқысынан аулақ, адамды
табиғатпен туыстыратын жалғыз қызық сол ғана. Өзінің ел келесінен,
ағайын арпалысынан əбден қажығанын, реті келсе басындағы бар билік-
мансапты сол қызығып жүргендерге-ақ беріп, қалған өмірін тыныш
өткізгісі келетінін айтып еді... Келесі бір сəтте арғы беттегі өзінің қайын
атасы Құрман қажыны еске алып:
– Сіз ол кісіні жақсы білесіз ғой. Баяғыда шекара бөліп жүргенде,
аулында болғансыз... Батырлықты да, бақ-дəулетін де бір басына үйіп-төгіп
берген кісі сол Құрекеңдей-ақ болар. Сол кісі соның бəрінен уаз кешіп,
дүниеден неге ерте суынды деп, қайран қалушы ем. Сөйтсем, бұл
жалғанның тұрақсыздығын, байлықта, мансап та ешкімге опа бермейтінін
қажы жарықтық ерте ұғынған екен ғой... Мен ол кісі секілді қажыға барып,
құдай жолын қуып кетпеспін. Бірақ қызыл түлкідей бұлаңдаған қу
дүниенің соңына түсуден тыйылармын. Дəл қазір, шынымды айтсам, менде
бала-шағамның қасында тыныш жатудан басқа арман да, тілек те жоқ, —
деп еді.
Ли-шансың оның сөзін зейін қоя, ойлана тыңдап отырған. Демежан
ойын аяқтаған кезде, сыпайылап қана дау айтты:
– Биліктен де, байлықтан да безінуге болар, бірақ өмірден, күрестен
шегіне алмассың, — деді баяу үн қатып. — Өйткені өмір деп жүргеніміздің
өзі — күрес. Сенің қолыңдағы билік кейде сол күрес үшін қажет болады.
Өзін ойлап көрші: егер сен бір елдің үкірдайы болмасаң, ұлықтар сенімен
санасар ма еді? Қолында билік, күш болмаса, халдайлармен тіресе алар ма
едің? Бұл күнде жай кісінің сөзін кім тыңдайды? Осы жағын ойладың ба?
— соны айтып аз бөгелді де. — Мəселен, мені қазір Ши-амбының орнына
Тарбағатайға губернатор қоямыз десе, ешқашан бастартпас едім, — деп
езуі жайылып күлді.
– Ол жағы солай ғой... Дегенмен жетекке жүрмейтін жетесіз жұртың
білек талдырады екен. Екі тізгін, бір шылбырын өз қолында болмаған соң,
жалтақтаған жарты билік те қажытып бітті... Шаршадым. Бір Байсеркенің
биылғы салған лаңы талай шашымды ағартты білем, — дей келіп, жақында
болып өткен «Қара күмəннің» жайын айтып кетті.
Бұл Ли-шансың үшін де бұрын естімеген, тосын жаналық еді.
Демежанның əңгімесін ықылас қоя тыңдап, оның қалай болғанын егжей-
тегжейіне дейін сұрап, ұғынып отырды да:
– Егер Байсерке сол арада «жанын беріп», қабірден аттап кетсе,
қалмақтар соған иланып, еліне қайтатын ба еді? — деді бұған таңырқай
қарап.
– Қайтпағанда не істейді. Байсеркенің құтылуына бір-ақ қадам жер


қалған. Бірақ жеме-жемге келгенде, сол қазылған ордан аттай алмады ғой.
– Қызық екен... Бұл енді көшпенділер қауымында ғана болатын жай.
Ештеңеден тайынбайтын, қара жүрек ұрының да жан түкпірінде бір
ұшқынының қалғаны ғой. Ал өркениетке жеткен еуропалықтар мұндай жан
беру, қасам ішу дегенге күлген болар еді.
– Адалдық па, əлде надандық па, əйтеуір, біздің халық балалық дəуірден
əлі ұзап кете алған жоқ.
– Сен оған асықпа, — деді Ли-шансың.
– Неге?
– Жылдар өтеді... Сенің халқың да балалық дəуірмен қош айтысады.
Бірақ ол кездегі адамдар қабірді қанша терең қазып қойсаң да, қымсынбай
аттап кететін болады...
Осы сəтте бұлардың назары түстік жақтағы тұмсықтан қылт етіп шыға
келген екі салт аттыға ауды. Кешкі салқынмен суыт жүріп келе жатқан,
бөктеріншегі тоқ, ықшам киімді екі жас жігіт ауылға таман ойысыңқырап
барды да, төбе басында отырғандарға көзі түсіп, осылай қарай бет алды.
Күміс ер-тұрманды, күлте жал құла бестіге мінген өз інісі Əбдірасылды
Демежан сонадайдан танып отырған. Керімбайдың кенжесі, жиырмаға
жаңа келген жас жігіт қазір Ажардың қолында, үлкен шаңырақтың иесі
саналады. Осыдан екі жылдай бұрын қаладағы Ешен-Сейіттің медресесін
бітіріп шыққан. Əзірше осы төңіректің балаларын оқытып, тілін сындырып
жүр. Жақында қалаға осы елдің зекетке жиналған малын айдасып кетіп еді.
Содан оралып келе жатқан беті болса керек.
Екі жігіт арқан бойы қалғанда аттан түсіп, үкірдайдың қасына жаяулап
келді де, дауыстарын соза-соза сəлем берісті.
– Иə, жол болсын. Сен өзің қалада жүріңкіреп қалдың ғой? — деді
Демежан інісіне жылы шырай білдіріп.
– Солай болды. Ұсақ-түйек шаруамен қазіреттің қасында бөгеліп
қалдым, — деді түр-əлпеті Керімбайдан гөрі Ажарға келіңкірейтін келбетті
жас жігіт. — Зекет малынын бас-аяғы жиналғанша едəуір уақыт өтті. Оның
үстіне, қазіретті білесіз ғой, жақында мешітте оқылатын тарауыққа
қатысасың деп, жібермей ұстап қалғаны.
– Жөн-жөн... Қалаңда не жаңалық бар?
– Ештеңе жоқ, сол өзіңіз көргендей. Ши-амбы Іле жақта біраз бөгеледі-
ау деймін... Мұндағы бар билікті уақытша Шихалдайға қалдырыпты деген
сөз бар.
Демежан мен Ли-шансың бірінің бетіне бірі мəністі көз тастап өтті.


Шынымен-ақ, халдайлардың қайтадан атқа міне бастағаны ма бұл?
Шихалдайдың аяқ астынан таққа отыра қалуы, сөз жоқ, соның нышаны.
Бірақ Əбдірасыл осы тұста бұлардың ойын бөліп, тағы бір тосын хабар
жеткізді.
– Айтпақшы, сонан кейінгі бір үлкен жаңалық: қазір Шəуешекке Əсет
ақын келіп жатыр. Ыбырай байбатшаның үйіне түскен екен... Несін
айтасыз, бұл күнде ойын-тамашаның бəрі сол төңіректе.
Бұл хабарға Демежан да бірден елең етіп, қозғалақтап қалды.
– Иə, не дейді-ау... Мынауың бір қуанышты нəрсе екен. Əсетті сен өзің
анық көрдің бе?
– Е, көрмей... Тіпті бір-екі күн қасында жүрдім. Тарауық оқылған күні ол
кісі де мешітке келді. Əсеттің өзі əнші ғана емес, медресе бітірген
оқымысты адам екен ғой.
– Иə, оны қайдан білдің?
– Басында Əсет Ешен-Сейітке қыңырлау сұрақ қойып, екеуі шариғатқа
таласып қалып еді. Артынан ырақайға келіп, достасып кетті-ау деймін.
Əсет сол арада домбырасын ала салып, адам атадан бергі пайғамбарлар
шежіресін өлеңмен қолма-қол жырлап берді.
– Солай де... Ал əншінің беталысы қалай екен? Ол жағын сұрамадың ба?
– Əсет бір сөзінде: «Мамырбек төре шақырып еді. Керей жаққа
жүремін» деп отырды. Бірақ елге апармай қоймаймын деп, біздің Күдері де
қасынан қалмай жүрген.
– Күдері қалада ма еді?
– Ол да жақында келген. Мешіт салдырған адамдарды түгел шақырды
ғой осы жолы.
Демежан ойланып қалды. Бірдемеге қазыла ой жіберген кезінде қиғаш
біткен қою қасының арасында қос сызық пайда болушы еді. Сол
сызықтары тереңдей түсті де:
– Қап, Əсет Керейге өтіп кетпей тұрғанда, осы елге бір əкелуіміз керек
еді. Күдеріге көне қойса жақсы болды-ау! — деді əлден уақытта.
– Көнетін шығар... Күдерінің де ескі жыны қайта қозып, Əсет келгелі
өлеңдетіп жүр.
– Былай етсек қайтеді? — деді Демежан шұғыл шешімге келіп. — Үлкен
əнші іргемізге келгенде үнсіз қалғанымыз ұят болар. Сен ертең қалаға


қайта жүріп кет. Мен Əсетке хат жазып берейін. Соны апарып, ақынды осы
елге қонаққа шақырып кел.
– Барайын, — деді Əбдірасыл сөзге келместен. — Хатыңызды дайындап
қойыңыз. Ертең салқында жүріп кетейін.
Осыдан кейін жігіттер рұқсат сұрап, жүруге ыңғайланған.
– Өздерін ауылға түсіп, қымыз ішпейсіңдер ме?
Əбдірасыл əлденеден ыңғайсызданғандай, қызарақтай күлді.
– Қазір ораза ғой, аға... Күн батып, ауыз ашқанша біз де үлкен ауылға
жетіп қалармыз.
– Ə, солай екен ғой. Біздің Бибі екеулерің-ақ сопысыңдар, əйтеуір. Кейін
сауаптарыңнан бізге де қарасасыңдар ғой,—деп Демежан əзілдей күлді. —
Ал ендеше жолдарың болсын!
Жігіттер аттарына мініп, бір-екі белдің астында отырған Керімбайдың
үлкен ауылына қарай жүріп кетті. Демежан інісіне осы ауылға қона сал деп
айтуға бір оқталды да, таяуда ғана үйленіп, шымылдығы желпілдеп тұрған
жігітті жолынан қалдырғысы келмеді. Əбдірасыл биыл жайлауға шығар
алдында, баяғы өзі қауіптеніп жүретін қара тəмпіш қызға үйленіп тынған-
ды.
Демежан қалашы жігіттермен əңгімелесіп тұрғанда, Ли-шансың белден
асып, ары таман ұзап кетіпті. Бұл да көк тазысын ертіп, солай қарай
аяндады. Бұлар шыққан төбенің батыс жағындағы тау баурайында қайын,
терек, мойыл аралас өскен жыныс тоғай бар-тұғын. Сол тоғайға дейінгі екі
аралық — жарты шақырымдай ашық алаң. Осы тепсеңдегі қалың
балаусаның арасында қып-қызыл шұғынық гүлдер өсуші еді. Ли-шансың
гүл терудің қызығына түсіп, тау етегіндегі тоғайдың шетіне дейін барып
қалыпты. Соңынан келе жатқан Демежанды көріп, ол да бері беттеді.
– Міне, көрдің бе, қаладағы жұрттың егіп өсіре алмай жүрген гүлдері
мұнда өзінен-өзі жайқалып өсіп тұр, — деді қолындағы гүл шоғын
бұлаңдата, сонадайдан дауыстап.
– Ал біздің адамдар осы гүлдерге көз қырын да салмайды, — деді
Демежан.
– Əрине. Өне бойы гүлдің арасында жүрген соң, оны теріп, əуреге түсіп
қайтсін.
Демежан əлі де жаңағы Əсет туралы ойдан арыла алмай келе жатқан.
Қасына жақындаған қонағына сол жаңалықты хабарлады.
– Қуана беріңіз, Ли-шансың. Біздің ауылға жақында Əсет келеді.


– Ол кім еді? — деді ол бұған таңырқай қарап.
– Əсет — қазақтың атақты ақыны, əрі асқақ əншісі. Мекені —
шекараның ар жақ бетінде. Қазір Шəуешекте жүр екен. Ертең арнайы кісі
жіберіп, осы елге шақырайын деп отырмын.
– Оһо, бұл жақсы болған екен. Ондай өнерпаз адам келсе, жайлау өмірі
тіпті қыза түседі десейші.
– Айтпаңыз. Сол əншіні бір көруге көптен құштар едім. Зəумен келіп
қалған екен, оның бұл сапарын үлкен той-думанға айналдырып, сый-
сыяпатымен аттандырсам деген ойым бар.
– Дұрыс болған, — деді Ли-шансың гүл шоғын құшырлана иіскеп
тұрып. — Адам өмірі тым қысқа ғой. Бір уақыт сөйтіп көңіл көтермесе
бола ма. Өзің айналаңа қарашы: мына жасыл жайлау, жақпар тас, жыныс
тоғай сондай бір əнді күтіп, қоса жаңғыруға дайын тұрған жоқ па?!
Бұл кезде күн еңкейіп, батыс жақтағы биік жалдан асып бара жатқан-ды.
Жаңа ғана күн шұғыласы ойнаған сай-сала, теріскей беттерге қоңыр
көлеңке тола бастапты. Қазір тасада қалған ауыл бұл арадан көрінбейді.
Бірақ сол жақтан қой-қозының жамыраған үні, желідегі жылқыны өріске
айдаған жігіттердің қиқуы естіледі.
Кенет Көктұйғын əлденеден секем алғандай, тоғай жаққа қарап бір-екі
рет үрді де, иесінің аяғына оралып, қыңсылап дыбыс бергендей болды.
Оны Демежан да бірден байқап: «мына байғұс əлдебір аңның иісін сезіп,
соған шыдамсызданып тұр-ау, — деп ойлады ішінен. — Жəне мына
аласұруына қарағанда, жай аң емес, мұның жүрегі дауаламайтын қасқыр,
не аю секілді ірі аң болуы да мүмкін».
Бірақ бұл жайды лезде ұмытып кеткен. Оның ойын Ли-шансың бөліп
жіберіп еді.
– Адамды қажытатын — қарттықта, ауыр жұмыс та емес, ешқандай
өзгеріс, жаңалығы жоқ, біркелкі мимырт тірлік, — деді ол жаңағы бір ойын
сабақтай түсіп. — Өне бойы ғылымның, не саясаттың соңында жүрген
кісінің аңқасы кеуіп, миы құрғап кете ме деймін. Өзгені білмеймін, мен
қазір өзімнен сондай бір рухани аштықты сезініп жүрмін... Сен де жаңа
«өмірден қажыдым, шаршадым» дегендей бір сөз айттың ғой. Бұл да
сондай уақыттық торығу... тірліктен суынушылық. Ал жаңағы өзің айтқан
Əсет сияқты өнерпаз адамдар жан жарасын жазып, сынған көңілді
бүтіндейді.
Бұлар əртүрлі əңгімемен тоғайдың шетіне дейін барып, одан кері
бұрылды. Сол маңнан алақанат сауысқандар шықылықтап, əлдебір жат
дыбыстан белгі бергендей болады. Көктұйғын да Демежанның аяғына
оралып, мазасыз қыңсылауын қоймай келе жатқан... «Апыр-ай, мына


байғұсқа не болды?» дегені сол еді. Кенет арт жақтарынан əлдекім қатқан
тулақты сабаумен салып қалғандай, тарс еткен бір дыбыс естілді. Екеуі де
селт етіп артына бұрылған.
– Біреу мылтық атты ғой. Тіпті таяудан шықты өзі, — деді Ли-шансың
əлгі дыбысты тез ажыратып. — Шекара жақын ба бұл жерден?
– Кемінде бес шақырымдай болар...
– Онда осы маңның бірінен атылды. Əлдебіреу аң атып жүр ме екен?
Дəл осы мезетте жаңағы тоғай жақтан тарс еткен мылтық даусы едел-
жедел екі рет шықты да, иесінің қасында келе жатқан Көктұйғын қаңқ ете
қалып, ұршықтай үйірілген беті құлап түсті. Демежан түкке түсінбей,
сілейіп тұрып қалған.
– Жат... жату керек! — Ли-шансың ышқына айғайлап, Демежанды жұлқа
тартып жықты да, оны денесімен жаба, өзі де құлай берді.
– Не? Не болды? — деді Демежан əлі де ештеңенің байыбына бара
алмай.
– Кім де болса бізді көздеп атты. Тоғайда жасырынған біреулер бар...
– Өзіңіз жараланып қалған жоқсыз ба? — Демежан қатты алқынып,
бозарып кеткен Ли-шансыңға қараған.
– Мен аманмын... Олар мені емес, сені көздеп атып тұр ғой, Демежан-ау!
Осы сəт ат тұяғының дүбірі естіліп, біреулер қастарына шауып
келгендей болған. Сауын биелерді өріске беттеткен жылқышылар екен.
Дереу аттарынан қарғып түсіп, екеуін сүйемелдеп орындарынан тұрғызды.
Мылтық даусын олар да естісе керек, бірақ ештемеге түсініп тұрған жоқ.
– Не болды, Демежан аға?
– Мылтық қай тұстан атылды? — деп алақтап айналаға қарай береді.
Дəл қастарында əлсіз ғана бүйірін соғып, сұлап жатқан Көктұйғынға
бұлар енді ғана назар аударып еді. Демежанның тұла бойы шіміркеніп
кетті. Ажал оғының өзін сүйемдей жерден сүйкеп өткенін ол енді ғана
айқын сезінгендей болды.
– Көрмей тұрсың ба? Мына тоғайдың ішінде жасырынып жатқан жау
бар. Тез ауылға хабарла. Бірнеше кісі атқа қонып, осы маңайды түгел сүзіп
шықсын! — деді жылқышыларға жарлық беріп.
Екі жігіттің бірі дереу ауыл жаққа қарай тұра шапты да, екіншісі аттың
басын тоғай жаққа бұрды. Демежан əлі де Көктұйғыннан көз ала алмай


тұрған. Байғұс тазының ет жаны шықпай, біразға дейін денесінен діріл
кетпей жатты да, артқы аяғын соңғы рет болар-болмас серпіп, тынышталып
қалды. Оқ оң жақ қолтығынан тиіп, сол жақ жауырынынан шығып кетіпті.
Қызыл жоса қан шөп басын бояп, қара жерге сіңіп жатыр. Айнала
шашылып жатқан қып-қызыл шұғынық гүлдер...
– Иттер-ай! Есіл жануардың обалына қалды-ау! — Демежан өксік
атқандай зор тұлғасын сілкіндіре күрсінді.
– Ештеңе етпес. Қайта өзіңнің аман қалғаныңа қуансайшы,—деді Ли-
шансың оны жұбатып, — Саған кезелген оқ қой бұл... Иесі үшін мерт
болған, ит те болса киелі жануар екен.
– Бұл —сұмдық қой!.. Кім болды екен? Айтыңызшы: осыдан кейін қалай
өмір сүруге болады?
Демежан əлі де есін жия алмай сенделіп тұр. Ол өзіне қастық ойлайтын
жауларының көп екенін білетін. Бірақ дəл мынадай өлімге қияр деп
ойламаушы еді. Үрейден гөрі таңырқауы басым, түсініксіз бір күйге түсті.
– Алыстан келген жау емес. Бұл, сөз жоқ, халдайлардың ісі, — деді Ли-
шансың. — Ашық жаулыққа көшкенін осыдан-ақ біле бер. Ши-амбы
кетісімен құтырынып шыға келгенін көрмейсің бе?!
Осы кезде айнала-төңірек айғай-сүреңге толып, ауыл жақтан «қайда-
қайда» дескен салт атты жігіттер шауып шықты. Олардың соңынан жаяу-
жалпы шұбырған ер-əйел, бала-шаға көрінеді. Жаңағы жылқышылар
«үкірдайға біреулер оқ атыпты» дегеннен өзге жарытып ештеңе айтпаса
керек, есі шыққан жұрт өрге қарай өкпесі өшіп, жапа-тармағай тырмысып
келеді.
– Қап, əлгілер бүкіл елді дүрліктірген екен-ау! Жүріңіз, алдарынан
шығып көрініс берейік, — деді Демежан.
Аттылар мылтық даусы шыққан жақты бетке алып, тоғайға қарай шауып
кетті де, Демежан мен Ли-шансың алқынып жеткен ауыл адамдарының
қоршауында қалды. Басындағы жаулығын қолына ұстаған күйі құстай
ұшып, алдымен жеткен — Бибі еді. Ол жаңа «Демежанға біреулер оқ
атыпты» дегенді ести салысымен, сөз аяғын күтпей осылай қарай тұра
жүгірген-ді, содан қашан төбе басына жеткенше жан ұшырып, тырбына
берген. Ауыр шолпы таққан қос бұрымы беліне оралып, жүргізбей қойған
соң, жаулығымен қоса қолына жинап алыпты. Демежан алдынан шыға
келгенде, өз көзіне өзі сенбегендей, ессіз аңырып сəл тұрды да, өкпесі
өшіп, сенделектеген күйі күйеуінің иығына асыла кетті.
– Арыстаным-ай! Тірі екенсің ғой... Сені біреу атып кетті дегенде,
сорлаған жерім осы шығар деп, зəре-иманым қалмап еді. А, құдай,
ақсарбас! Бір жолға періштең қаққан екен ғой! — деп тас қып құшақтап,


айрылар емес. Бибінің қолын Демежанның өзі зорға ажыратты.
– Қой енді, жұрттан ұят болады... Əне, қайнағаларың қарап тұр!
Расында да, бұл кезде ауыл адамдары түгел жетіп, бұларды қоршап
алған-ды. Біреулері Көктұйғынның қасына барып, аударып-төңкеріп қарап
жатыр. Бірақ əлі түкке түсінбей, тұс-тұстан сұрақ жаудырып, оған жəне
өздері жауап беріп, тынық кешті бастарына көтерді.
– Мылтық қайдан атылды өзі?
– Тоғайда жасырынып, бұғып жатқан біреулер болған ғой, шамасы.
– Ел аман, жұрт тынышта бұл не деген масқара?!
– Апыр-ай десейші... Көзі қиып қалай атты екен?
– Көктұйғынның ажалына көрінген ғой.
– Бір келген қатер ғой. Бəрінен де үкірдайдың аман қалғанын айтсайшы,
— десіп араның ұясындай гу-гу етеді.
Бұл кезде күн ұясына кіріп, сай-салаға кеугім түсе бастаған-ды.
Демежан жиналған жұртқа жағалай көз салып, кіші əйелі Ырысқанды
іздеген. Бірақ, не үшін екен, сұлу тоқал еш жерден көрінбеді. «Жас неме
қорыққанынан жүрегі қозғалып, бірдемеге ұшырамаса жарады» деген бір
үрей де бас көтергендей болып еді. Бұл ойын сыртқа шығарып, Ырысқанды
сұрауға ыңғайсызданды да, жиналған көпшілікке қарап:
– Ау, халайық, бейуақытта бұл не тұрыс? Қатер деңіз, ұшық деңіз,
əйтеуір бір ажалдан қалғанымыз анық қой. Мына Бибінің жаңа осында
атаған ақсарбасы бар. Одан да үйге барып, соның басын мүжімейміз бе? —
деп өзі де күліп, жұртты да ду күлдірді.
Жігіттер кетпен-күрек əкеліп, өлген тазыны көмуге кіріскенде, басқалар
ауылға қарай бет алды. Қазір Демежан көңілінде, бір қатерден аман қалған
адамдарда болатын, қуаныш пен үрей аралас бір сезімдер алабұртады.
Кенет есіне əнеугүнгі Бодуха ламаның сөзі түсті. Қалмақ балгері бұған бал
ашып отырып, жеті күн, жеті ай, не жеті жылды қатерге санап, шарт еткен
жоқ па еді? Иə, дəл осылай деген... Іштей есептеп көріп еді, жеті емес,
бүгін сегізінші күн екен. Бұл не сонда? Тағдыр ма? Жауырыншының
айтқаны келмесе де, сандырағының дəл шыққаны қалай? Сол қалмақта бір
қасиет бар-ау не дегенмен. Егер оның айтқаны шын болса, ол қатерден бұл
өтті ғой. Илəйім, солай болсын. Басқа төнген пəле-жала осымен тынса
болғаны.
Бұлар ауылдың төріндегі үлкен ақ үйдің қасына келгенде, алдарынан
сылаңдай басып ЬІрысқан көрінді. Өңінде ешқандай үрей-қорқыныштан
белгі жоқ. Ештеңе болмағандай, өзінің əдемілігін бір сəт естен


шығармайтын əдетімен наздана күліп келеді.
– Иə, не боп қалды? Амансыздар ма, əйтеуір? — дейді сыңғырлай үн
қатып.
Демежан қанша сабыр сақтағанымен, көмейінде тұрған сөзді ірке алмай
қалды.
– Сені мұндай дəті берік деп кім ойлаған... Біз мұнда қырылып қала
жаздадық. Ал сенің тіпті бақайыңнан келетін емес қой? — деді даусынан
өкпе сызы аңғарылып.
Бірақ Ырысқанның оған бəлендей қысыла қоятын түрі жоқ. Сəл-пəл
қызарып, соның өзі ақ құба өңіне əдемі рең қосып, сынықси күлді де:
– Назымды ұйықтатайын деп, төсекке қисайғаным сол еді. Амандық
хабарыңды естіген соң, сабыр сақтап отырмыз, — деді ақталғандай болып.
— Не болды өзі? Көктұйғынды біреулер атып кеткен дей ме?
Демежан езу тартып, мұңая күрсінді.
– Иə, солай болды... Кім білген, Көктұйғынға өшігіп жүргендер көп екен
ғой. Иттер жасырынып келіп, есіл тазыны атып кетті, — деді Ырысқаннан
бетін бұра беріп.
Бұл кезде Бибі бастатқан əйелдер абыр-сабыр күйге түсіп, қарбаласып
жатқан. Майлық атасы қорадағы қойдың шетінен бір ақсарбас ісекті ұстап
əкеліп, жігіттердің біріне жəукемдетіп жатыр екен. Бибі Демежанның
қарсыласқанына қарамай, күннің қызыл шапағы тарамай тұрғанда, осы
ауылдағы сексенге келген кəрі əже Сəндібаланы ертіп келіп, жаңа сойылған
қойдың өкпесімен қақтырып, ұшықтатып жіберді.
Ымырт үйіріліп, қас қарайған мезгілде, мана атқа қонып, тұс-тұсқа
шауып кеткен жігіттер де қайтып оралды. Олар ауыл сыртындағы мойылды
сай мен одан арғы қалың жынысты қанша шарласа да, ештеңе таппай
қайтыпты. Біреулері көш жолымен бірнеше кезең асып, биік тұрғыдан
қарауылдап та байқаған екен, таяу маңнан ондай сөдегей-солпы қара-құра
көздеріне түсе қоймапты.
Ал Демежан осы бір үрейлі оқиғаны бұдан ары дабырайтпай, тезірек
басып тастауға тырысты. Бала-шаға, бауыр-туғанды уайымға салып,
қорқытпау үшін, өзін сырттай көңілді ұстап отырды. Көп кешікпей ауыл
адамдары осыдан бірер сағат бұрынғы дүрбелеңді ұмытып, басқа əңгімеге
айналып кетті. Үй иесінен жақында осы ауылға Əсет ақынның келетінін
естіп, соны бір алуан сөз қылды.
Бірақ Демежанның өз ішінде алай-дүлей ұйтқи соққан қара боран əлі
басылған жоқ еді. Басында оған ертең дереу қалаға жүріп кетіп, болған


оқиғаны ұлыққа мəлімдесем қайтеді деген бір ой келген. Бірақ ол ойынан
тез қайтып қалды. Мұны түсінетін, мұндай бассыздыққа тыйым салып,
тізгіндеп отыратын Ши-амбы болса жоқ. Оның орнында қалған
Шихалдайдың алдына мұң шағып, мүсəпірсіп барғысы келмеді. Өзінің
жалғыздығын, шын қорғансыз екенін енді сезгендей. Күздің қара суығында
ықтасын, қамсауы жоқ қара лашықта отырғандай, тіршіліктің жылуы кетіп,
бір түрлі сүренсіз тартты. Əншейінде жарасып тұратын балаларының
еркелігі, ойқастап кіріп-шығып жүрген Ырысқанның əсем сыңғыр күлкісі
де бүгін шаншудай қадалып, соның бəрі əлдебір дарақылық, беймазалық
сияқты көріне берген.
Өз басынан өткен қатердің тым жеңіл емес екенін ол қазір бір-ақ
адамның жүзінен оқығандай болады. Ол — айнымас жары Бибі ғана. Тек
соның ғана боталаған көзінен үрей таңбасы өшкен жоқ. Қайран Бибі,
ерекше жаратылған əулие адамсың ғой сен... Бибінің жаны мөлдір айна
тəрізді, бəрін жасырмай көрсетіп тұрады. Бұл күнде бүкіл ауылдың қамқор
анасына айналған Бибі мол ықылас-пейілімен қонақтарын да риза етіп,
оқта-текте күйеуіне қара көзін тұндыра қарап қоюды да ұмытпайды.
«Егер мен олай-бұлай болып кетсем, басқаларға ештеңе емес, осы
сорлыға қиын тиеді-ау!» деп толғанды Демежан ішінен. Мұндайда өзін
жан-тəнімен түсінетін, бұл үшін жанын қиюға əзір, осындай бір адамның
болғанына да шүкіршілік етіп еді. Бүгінгі түн кезегі тоқалдікі болса да, ол
Ырысқанның отауына бармай, Бибінің қасында қалып қойды...
Ал бұл кезде Ойжайлаудың терең шатқал, ұры сайларының біріне
бекінген екі салт атты ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың арасынан
баспалап шығып, Қараүңгір аңғарындағы көш жолына келіп түсіп еді. Екеуі
де қара атқа мініп, қара киім кигендіктен, бетке жұғатындай қою түн
қараңғылығында бірінің сұлбасын бірі зорға ажыратып келеді. Олар артық
дыбыс шығармай, аттарын баяу бастырып, тың тыңдағандай ұрлана аяндап
келді де, бір-екі тұмсық айналған соң, қатты жүріспен төмен қарай
жарысып кетті.
Қара түнді жамылып, қаралы жолға шыққан бұл екі жанкешті —
Дохалдайдың інісі Бужыңха мен Ысқақ болатын. Бұлар аң қарауды желеу
етіп, тау ішіне осыдан екі күн бұрын шыққан-ды. Содан бері ешкімнің
көзіне түспей, жыныс тоғай, ұры сайларды паналап, бүгін таң ата, жұрт
шырт ұйқыда жатқанда, Демежан аулының тұсына келіп еді. Астындағы
аттарын бір-екі кезең астындағы қалың талдың ішіне матастырып қойып,
өздері ұрымтал жерге бұқпалап, жаяу жақындаған. Ысқақтың қалтасында
алтыатар наган, Бужыңханың қойнында іштен асынған шолақ мылтық бар.
Екеуі үйден ала шыққан азықтарын қажалап, қалың жыныстың ішінде күн
еңкейгенше сарылып ұзақ отырды. Демежанның қазір ауылда екені, оның
күнде кешке таман төбенің басына көтеріліп, осы тоғайдың шетіне дейін
серуендеп қайтатыны күні бұрын зерттеліп, əбден анықталған-ды.
Бұл екеуін мұндай қиын іске айдап салған — Дохалдай болатын. Ол


аймақ əміршісі Ши-амбының Ілеге аттанғанын жəне бұл сапардан қайтар-
қайтпасы неғайбыл екенін ести салысымен, Демежанға деген оқтаулы
мылтықты басып қалатын кезім осы деп шешкен. Əккі халдай таяуда
Байсерке оқиғасына байланысты Төртуыл жуандарының арасына тағы да
іріткі түсіп, ала ауыздыққа ұшыраған жағдайын да естіп-біліп отыр еді. Сол
жиыннан қатты ширығып қайтқан Ысқақ Байсеркені абақтыдан құтқарып
бер деп, Дохалдайды өзі іздеп келген-ді. Құланның қасынуына мылтық
басуы дəл келген осы қолайлы сəтті Дохалдай қолдан шығарғысы келмеді.
Ол тіпті құпиялықты қатаң сақтау үшін, бұл жолы басқа сыбайластарымен
де ақылдаспай, бірден іске кіріскен.
Дохалдай басында бұл қатерлі шаруаға Ысқақты жалғыз жіберуді
ойластырған. Бірақ жеме-жемге келгенде, оның өз басына тағы сеніп кете
алмады. Ұрыншақ, ожар неме бірдеңені бүлдіріп, қапылыста қолға түсіп
қалғандай болса, мұның бар құпиясын əшкерелеп, сатып кетуі де мүмкін
ғой... Сондықтан осындай қара ниетке көптен қолы қышып, құлшынып
жүрген бұзақы інісі Бужыңханы Ысқақтың қасына əдейі қосып еді.
Бужыңханың да ішкі есебі өзінде. Егер Ысқақ əлденеден ши шығарып, істі
бүлдіргендей болса, онда бұл сапардан ол тірі қайтпауға тиіс болатын.
Бəрі де алдын ала ойластырғандай оңына айналып келе жатқан. Бүгін
үкірдай аулында артық қонақ жоқ, ол өзінің күндегі дағдысынан
жаңылмауға тиіс... Иə, дəл солай болды. Демежан күн еңкейе бере төбе
басына көтерілді, қасында көп адам жоқ, сырт қаралдысы шағын, тəштиген
біреу еріп жүр. Сол екеуі тебе басында шошайып едəуір отырды. Одан
төменгі ой жақтан келе жатқан екі салт аттымен əңгімелесіп, тағы біраз
бөгелді... Сонан соң қасындағы қалаша киінген, сидалау серігін ертіп,
осылай қарай аяндады. Тіпті бері жақындап, мойылды тоғайдың шетіне
дейін келді. Екеуінің алды артын орап, бір көкала тазы жүйткіп жүр.
Бастабында бұлар əлгі сүмірейген арық адамның кім екенін біле алмай дал
болып еді, жақындағанда Бужыңха оны жазбай танып, мырс етіп күліп
жіберді. Баларақ кезінде мұның да Шəуешектегі қытай гимназиясында екі-
үш жыл оқығаны бар-тұғын. Бірақ оқуға мойны жар бермей, мектепті
бітірмей кеткен. Сонда өзіне сабақ берген, гимназия мүдірі Ли-шансың ғой
мынау... Араларында талай қызық оқиға болып еді. Ол туралы əңгіме айтып
жатуға қазір мұрша жоқ.
Əлгілердің таяп келгені сонша, түрі-түсі анық танылып, тіпті сөйлескен
сөздеріне дейін естіліп тұрды. Ысқақ пен Бужыңха қия бетте, үй орнындай
қалың аршаның түбінде жатқан-ды. Екеуі де қаруларын ыңғайлап, не де
болса ту сыртынан көздемек болып, аналардың ауылға қарай бұрылуын
күтті... Көк тазы бұлар жатқан тұсқа қарап, бір-екі рет үріп дыбыс
бергенде, жандары шығып кете жаздап, аршаның арасына бұға түскен.
Қайтадан бас көтергенде, Демежандар орнынан қозғалып бара жатыр екен.
Енді аз бөгелсе ұзап кететін түрі бар.
— Aт! — деді Бужыңха Ысқақты бүйірінен түртіп.


Дохалдайдың астыртын тапсыруы бойынша, оқты алдымен Ысқақ
шығаруға тиіс еді. Бужыңха тек анау мүлт кеткен жағдайда ғана қимылдауы
керек. Ысқақ көп қадалып көздегенімен, дəл атуға келгенде көзі жасаурап,
қолы қалтырап берекесі қашты. Бұрын иен далада екеуі талай нысана атып,
жаттыққан болатын. Енді не құдай ұрып тұрғаны белгісіз.
– Атсайшы, иттің баласы, не қып отырсың? — деп Бужыңха бұл жолы
оның бүйірінен қаттырақ түйіп жіберді. Өзі де шолақ бердеңкесін иығына
тіреп, оңтайлай берген.
Ысқақ бір емес, екі рет атты. Бірақ екі жолда да атқан оғы далаға кетті.
Сол кезде Демежан мен Ли-шансың қалт тұра қалып, артына бұрылған. Дəл
осы сəтте қақ жүректің басы деп, көздеп тұрып Бужыңханың өзі шүріппені
басып қалып еді... Одан арғысы бұлыңғыр. Əйтеуір, оқтың біреуге тигенін
біледі. Көктазының шоршып түскенін, сонан соң ана екеуінің де үйме-
жүйме құлағанын көзі шалып қалды. Бұдан ары күтіп тұруға мұршалары
болған жоқ. Өйткені дəл осы мезгілде сол маңнан жылқышылар көрініп,
жаңағы жығылып жатқандарға қарай тұра шапқан. Бұл арада енді бөгелуге
жүректері дауаламай, орындарынан атып тұрып, қалың бүргеннің арасымен
бүкшеңдей жөнелген. Едəуір ұзап барып, арттарына бұрылып қарағанда,
жаңағы жерге біраз адамның жиналып қалғанын көрді. Арттарынан қуғын
шығатыны айтпаса да белгілі. Осы беттерінде бұлар тоғай ішіне бекітіп
қойған аттарының қасына келіп, қашан қараңғы түсіп, көз байланғанша,
сол жерде тырп етпей жатып алды.
Атылған оқтың Демежанға дарымай, қасындағы көк тазыға тигенін
бұлар кейін, қуғыншы жігіттердің сөзінен аңғарды. Екі қашқын бір қараңғы
қалтарыста, беймезгіл кісінеп белгі бермеу үшін тұмылдырық кигізіп
қойған аттарының шаужайынан ұстап, тың тыңдап отырған-ды. Ақшам
үйірілген шамада бір-екі салт атты бұлар жасырынған ұры сайдың
қабағына таман келді де, өзара самбырлап сөйлесіп кетті.
– Қой, көз байланып барады, қайтайық, — деді біреуі. — Оқыста бір
жерден шыға келіп, өзімізді жазым етіп жүрмесін.
– Мейлі, қайтсақ қайтайық. Əйтеуір, үкірдай аман қалды ғой, соған да
шүкіршілік, — деді екіншісі.
– Қайта, ажалы жоқ десейші. Адамға атылған оқтын, адасып барып, итке
тигенін көрмейсің бе?!
Осыдан кейін қуғыншылар аттарының басын кері бұрып, дүбірлері
бірте-бірте ұзап бара жатты. Неше күннен бергі еңбектерінің зая кеткенін
Ысқақ пен Бужыңха осы арада бір-ақ біліп еді. Сол қуыста тағы бір
сағаттай отырып, жер-дүниені қою қараңғылық тұмшалаған кезде ғана
орындарынан қозғалды. Бұл дəрменсіздіктері үшін, Дохалдай екеуінің де
маңдайларынан сипамайтыны белгілі. Қазір бұлар өзара ақылдасып, алдын
ала əзірлеп алған сөздерін іштей қайталап, жаттап келеді.


IX
Қараңғы түн артынан арайлап таң келетіні секілді, қытымыр қыс
артынан жадырап жаз келетіні секілді, бұл дүниеде жақсылық пен
жамандықтың, қуаныш пен қайғының үнемі орын алмасып, кезектесіп
отыратыны ғажап-ау. Осы сүреңсіз оқиғадан кейін арада бір апта өткенде,
Демежан ауылына Əсет келіп түсті. Адамдарды қайғы-мұңнан сейілтемін,
көңілдерде қатып жатқан шер-шеменді жібітемін деп, əнімен, сəнімен
думандата келіп еді.
Ұзақ сарғайып, төсек тартып жатқан науқас өзін құтқаратын тəуіпті
қалай күтсе, немесе қапыда қолға түскен қас батыр соңынан іздеп келер
елшіні қалай күтсе, Демежан да Əсетті дəл солай тағатсыздана күтіп еді.
Ол əнеугүнгі оқиғадан кейін ағайын арасының өнімсіз дауына, қау-көрік
сөзіне де араласпай, арыз айта келгендерді өз зəңгі, елубасыларына жіберіп,
үйден шықпай құсаланып жатып алған-ды... Кіші бесін кезінде ауылдың
түстік жағындағы қоңыр белден бір топ кісі бері қарай құлағанда, Демежан
əшейіндегі пандық, ірілігінен айрылып, үйде отырған жұртты бастап,
далаға өзі шықты. Даяшы жігіттер келген қонақтарды керме басында қарсы
алып, аттарын байлап жатқанда, ол біраз адаммен үй сыртында күтіп тұр
еді.
Басқалардан киім сəні бөлек, көп адамның қолпаш қоршауында келе
жатқан əншіні мұндағылар сонадайдан шырамытып тұрған-ды. Сол
құрметті қонақ жігіттердің қошеметтеп қолтығынан алуын күтпей-ақ, аттан
лып етіп өзі түсті де, шылбырын біреуге ұстата салып, тосып тұрған топқа
қарай аяндады. Басында жасыл төбелі құндыз бөрік, үстінде сол түстес,
мол пішілген, жеңіл жібек шапаны бар, орта бойлы, кең иықты, қара торы
жігіт Демежанды тура бетке алып, аппақ қаладай маржан тістерін көрсете,
ақсия күліп келеді екен. Екеуі ескі таныстарша, үш қайтара төс түйістіріп,
құшақтасып көрісті.
Өңінде тосырқау, не жатсыну жоқ, қайда жүрсе де өзін еркін сезінетін
Əсет бірінші боп тіл қатты. Сəл кейін шегініп, өзінен əлдеқайда биік
Демежанның зор тұлғасына сұқтана қарап алды да:
– Бəсе деймін-ау, мен ойлаған, менің қиялымдағы Демежан осындай
болса керек еді! Ақын қиялы алдамаған екен... Арыстан сынды ағамызға
құшағым толып, бір жасап қалдым- ау! — деп алғашқы əсерін ірікпей
айтып салды.
– Құдай берген бойымызбен құшақ толтыра жатармыз-ау. Ал көңіл
толтыра аламыз ба? Гəп осында ғой, Əсет, — деген Демежан да күле тіл
қатып — Қош келдің елімізге! Ақындық даңқын мен асқақ əнің бұл
Құлыстайды шарлап кеткелі қашан. Тек дидарыңды бір көруге зар едік.
Оның да сəті түсті-ау ақыры.
Əсеттің қасындағы адамдарға кезек енді тиіп еді. Бұл топтың ішінде


Ыбырай байбатша, Күдері, Бабалық бар екен. Олар да тұс-тұстан
жамырасып, бұрыннан білетін ауыл адамдарымен амандасып жатыр.
Бұлардан басқа ақынның қасына еріп жүрген əнші-жыршы жігіттер бар.
Барлығы дуылдасып, Əсетті ортаға ала, күні бұрын дайындап қойған қонақ
үйге қарай бет алды.
Қонақтар сегіз қанат, əсем ақ үйге кіріп, төр алдындағы қос-қабат кілем,
көрпе үстіне жайғасқан соң, аман саулық, жаңалық сұрасу одан ары
жалғасып кетті. Қазір Əсеттің қатарында отырған Ыбырай байбатша өзінің
орып сөйлейтін əдетімен Демежанға күле қарады да:
– Қалай, ауру-сырқау, дерт-дербезе, пəле-жаладан амансыздар ғой?
Көлденең ұшық, қауіп-қатер əмсе солай айналып өтсін! — деді аз сөзге көп
мағына сыйдырып.
Оның сөз лəмінен бұлардың жақында Демежан басына төнген қатерлі
оқиғаны естігені, бұл жолы Əсетке жай ілеспей, бір жағы дос пейілін
танытып, көңіл аулай келгені мəлім боп қалды. Бірақ Ыбырай көңілсіз
жайды одан ары қазбалаған жоқ. Əңгімені бүгінгі құрметті қонақтың
ыңғайына қарай бұрып əкетті.
– Қалаға Əсағаң келгелі, мына Бабалық екеуіміз сауданы да, одан түсетін
пайданы да былай жинап қойып, əншінің шашпауын көтеріп жүрміз... Бір
бес күндік алдамшы дүние ғой. Соның бəрін жинасақ, Əсеттің бір əніне
тати ма?! — деп өзінің серілік мінезіне басып, үй ішін желпіндіре түсті.
Əсет те алғашқы қауышу əсерімен, көңілдес, дос жігіттер ортасында
нұрлана толқып отырған-ды. Ол да іле жауап қатып:
– Иə, Ыбырайдың айтқаны рас. «Бір аймақтың ақшамен шай қайнатқан
байбатшасын өзіне қосшы етіп алған сенде де арман жоқ, Найманбай
баласы» деп кешеден бері мен де күніне үш уақ тəубе етіп келе жатырмын,
— деп көпшілікті ду күлдірді.
Сөз əлпеттеріне қарағанда, бұлардың қапада əлденеше күн бірге болып,
əзіл-қалжыңдары жарасып, тату дос адамдар боп кеткені көрініп тұр. Осы
отырғандардың ішінде Демежаннан жасы үлкені жоқ екен. Жөн сұраса
келгенде, Əсеттің өзі бұдан алты-жеті жас кіші болып шықты. Сүйегі —
Арғын, ежелгі ата жұрты Қарқаралы маңында көрінеді. Бірақ өзі Семей
өңірінде туған. Əкесі Найманбай біраз жыл сол қалада жұмыс істеп, одан
Мəмбет ішіндегі қайын жұртын сағалап, Бақтыға көшіп келгенде, Əсет
небəрі бес жасар бала екен. Бақтыда хат сауатын ашып, кейін Семейде
медреседе оқыпты. Əкесі оны молда болып шығады деп үміттенсе керек.
Бірақ ол əкесінің ол үмітін ақтамай, ер жете келе қолына домбыра алып,
біржола ақындық жолға түсіпті. Атақты Ырысжанмен айтысқанда, бұл əлі
жиырмаға тола қоймаған бота тірсек бозбала екен.
Əсет ашық-жарқын мінезбен көсіле сөйлеп, үй иесіне өз жайын


осылайша баян етіп келді де:
– Ер жігіттің бір елі — нағашы жұрты дейді ғой. Сонымен үйренген
жерді мекен қып тұрып жатырмыз, — деді жадырай түсіп. — Мекен
дегенде, жай түтін түтетіп, от жаққан жерімізді айтып отырмын. Əйтпесе,
сол Көктұма, Бақтыда анық бір ай тұрақтаған кезім болды ма екен? Арқа
мен Алатау, Алтай мен Тарбағатай — осы ұлан өлке ғой — менің мекен-
жайым... Ақ патша мен Еженханның тартып қойған сызығы да маған бөгет
бола алған жоқ. Сол сызықтың біресе он жағына, біресе сол жағына өтіп,
екі елді кезек жайлап жүріп жатқан жайым бар.
Демежан қонағының əңгімесін зейін қоя тыңдай отырып, бір сөздің
кезегінде бұрын оның сонша жерді шарлай жүріп, Төртуыл ішіне ат басын
бұра қоймағанын еске салып өткен. Шамырқанып қалған Əсет үй иесіне
жалт етіп бір қарады да, тез жұмсарды.
– Ол кінə екі жақтан бірдей болар, үкірдай, — деді езу тартып. — Мен өз
аяғымен ел қыдырып, сыпыра сауып жүрген ақын емеспін. «Шақырғаннан
қалма, шақырмағанға барма» деген атам қазақтың қағидасын берік
ұстанған адаммын.
– Онда кінə бізден болған екен... Соның есесін осы жолы айып-
анжысымен қайтарармыз. Біздің елді əлі із түспеген, сонысы басылмаған
өрісім деп білерсің. Өз үніңді бір естуге құштар боп, шөлдеп отырған
халқың бар. Əн аңсаған жұртыңды дүниенің кір-қоқысынан тазартып,
желдетіп бір өтерсің! — деді Демежан да өзінің алғашқы сөзін жуып-
шайғандай болып.
Бұл кезде төр алдына мол дастарқан жайылып, қымыз құйыла бастаған.
Мұндай құрметті қонақтарға қой сою қорлағандық болар еді. Əрқайсысы
бір-бір қойдың басын жеуге лайық сый кісілер бас қосқанда, қазақтың тай
соятын əдеті... Қонақтар қымыз ішіп отырғанда, екі жігіт қысырдың бір
жұнттай семіз, асау тайын есік алдына зорға сүйреп əкеліп, ақыннан бата
сұрады. Əсет қол жайып, бата жасауға ыңғайлана бергенде, қасында
отырған Ыбырай байбатша:
– Əсаға, осы жолы өлеңмен бата беріңізші. Осы арада қолма-қол туған
жаңа сөз болсыншы! — деп қалды.
Əсет көп бөгелген жоқ. Сəл ырғалып, қозғалақтап алды да, жайған
қолын түсірмеген қалпы, тақпақтап шұбырта жөнелді:
Алысқа кеткен даңқың бар, Ағайын берген нарқың бар, Демежан қойып
атыңды, Демесін күткен халқың бар. Азамат-ердің белгісі — Қиын-қыстау
күндерде Ақ алмастай жарқылдар. Жақсы сөз тауып айтпасам, Жабыдан
қандай парқым бар? Қадірлеп мені жатырсың, Қазақ пен ноғай, сартың бар,
Достарым қоршап тұрғанда, Ақ көңіл едім аңқылдар. Айғайға бүгін
басармын, Өлеңмен інжу шашармын, Көңілдеріңді бүгін таппасам, Көк


қасқа тайдың обалын Сол кезде маған артыңдар!
– Аумин, аллауакбар! — деп бетін сипады.
Отырғандар бірден дуылдасып кетті. Əр тұстан ақын өнеріне сүйінген
жұрттың:
– Ой, бəрекелді!
– Міне, қолма-қол суырып салған өлең деп осыны айт!
– Мына батаның өзі бір бестілік болды-ау! — дескен көтерме-қолпаш
сөздері естіледі.
Осылайша желікті көңілмен жақсы басталған бұл мəслихат түн жарымы
ауғанша бір толастаған жоқ. Отырыстың бас кезінде Күдері ғана шешілмей,
кірбең тарта берген. Қызыл шырайлы дөңгелек жүзінен уайым табы кетпей,
бір шытырман ой үстінде отыр еді. Шайдан кейін далаға шыққан бір
əредікте Демежанды оңашалап, қалада Əбдірасылдан естіген оқиғаның
жай-жапсарын сұрастырды.
– Бұл сұмдық қой, Демежан аға. Мен сол жайды естігелі мына дүниеден
түңіліп, өзімді қоярға жер таппадым, — деді ашумен тұтанғандай қызулана
сөйлеп.
Демежан жас досыңа мұң шаққандай күрсіне тіл қатты.
– Иə, ойда жоқта сондай бір іс болды. Соған осы күнге дейін өзім де
қайранмын. Сірə, менің жер басып жүргенім біреулерге ұнамайтын болуы
керек.
– Кімдер соны істеп жүрген? Өзіңіз кімнен күдіктенесіз?
– Бір жақтан жау келді дейсің бе. Халдайлардың ұйымдастырып жүрген
қастандығы да баяғы. Əлде олар Ысқақтың, не өшіккен Бөрі жігіттерінің
қолымен от көсеп отыр ма, кім білсін.
– Бөрі жігіттері дегенде, Байсеркенің өзі абақтыда жатыр. Басқаларының
қолынан ондай іс келе қояр ма екен?
– Сол Байсерке үшін өш алуы мүмкін ғой.
– Олардың беті қайтып қалды ғой. Мұндай іске батылы бара қоймас, —
деді Күдері. — Ал Ысқақ дегеніңіздің жаны бар. Бұл күнде Дохалдайдың
қара жорғасы Ысқақтың тақымында жүр. Екеуі төс қағысып, тамыр болған
деседі.
– Солай де. Ендеше, сол Ысқақтан-ақ келген екен. Дохалдай қара
жорғаны өлсе қолынан шығарар ма. Оның қолқасы да осал болмағаны да,


— деп Демежан да ойланып қалды.
– Олай болса тентекке тыйым керек. Ысқақты ағайын келесіне салайық,
— деген Күдері ширыға түсіп.
Алайда Демежанның дəл қазір ескі жараның аузын тырнап, сол бір
көңілсіз оқиғаны жаңғырта бергісі жоқ сияқты.
– Олай етуге қолымызда нақты дəлел жоқ қой. Əзірше асықпай қоя тұр,
— деді Күдеріге өзі тоқтау салып. — Жүр, одан да қонақтарға барайық.
Мына Əсет аттанып кеткенше, өзге дүниені ұмытайықшы. Əншінің өнерін
тамашалап, біз де бір желпінейік. Ертең Əбдірасыл екеуің осы төңіректегі
өнерпаз жастарды түгел жинаңдар. Əсет үнемі қолға түсе бере ме, тым
құрыса əнін үйреніп, сөзін жаттап қалсын, — деп Күдеріні ертіп, қонақ
үйге қарай бет алды.
Бірақ бұл күні алыстан ат соғып келген жолаушылар қонақасыдан аузы
босамай, көбінше əңгіме-дүкен құрып отырды да, он сауығын бастауға
асықпады. Бұлар бүгін келіп, ертең қайтатын қонақ емес, алда талай қызық
күндер бар. Əсет мана атқосшы жігіт үйге кіргізіп, керегенің басына іліп
қойған үкілі домбырасын алып, қонақ кəдесі ретінде, жай баяу дауыспен
қоңырлатып, екі-үш қана əн айтты да, бүгінше жұрт та соны қанағат тұтты.
Нағыз əн де, салтанатты сауық та ертеңінде басталып еді. Кешеден бері
жайлау үстінде шимандай жиі отырған қалың елге «үкірдай ауылына Əсет
келіпті» деген хабар түгел тарап, жайылып болған-ды. Қонақтар сəскелік
шайларын ішіп, одан қымызға отырған мезгілде, ақынды көріп қалуға
асыққан əн құмар əлеумет жан-жақтан құйыла бастады. Көп кешікпей-ақ
Əсет отырған сегіз қанат, үлкен ақ үйдің іші-сырты халыққа сыймай кетті.
Əншінің шабытын шақырып, арқасын қоздыратын да — осындай ұлы
жиын, қаумалаған қауым болса керек. Əсет те бүгін зар күйіне келіп,
томағасын сыпырған бүркіттей, қырланып сала беріп еді.
Қазір төр алдында отырған əншінің түр-сипаты, киім сəні де өзге
жұрттан ала бөтен. Əсілі, Əсет сал-серінің шұбатылған кестелі киімдерінен
гөрі қала сəнімен жүруді ұнататын. Үстінде жаңа үлгіде сұрғылт шұғадан
тігілген бешпет-шалбар, аяғында су жаңа хром етігі бар. Қисық жағалы,
жасыл жібек көйлегінің басқы түймелерін ағытып тастап, малдасын құрып,
үкілі домбырамен бірге құйылғандай қомданып алыпты. Əлде, қатты
айғайға басқанда шеке тамыры солқылдап, басы зеңіп кетпеу үшін тапқан
амалы ма, əн саларда құндыз бөркін шешіп, бір шаршы жібек орамалмен
кең маңдайын қаусыра, шарт түйіп байлап тастайды екен. Домбырасын
бебеу қақтырып, салалы саусақтары перне бойында əсем жорғалап, əн
тілегендей «жүр-жүрлетіп» алды да, бір мезгілде шығандап, шырқап кетті.
Қайсы əнді айтса да, алдымен, осылайша, ащы айғайға бір басып алатын
əдеті. Сол шақта сəл томпақтау біткен қоңырқай көздерінен от ұшқындап,
шықшытпен тұтасқан жуан мойны ісінгендей қабара түседі. Сол алғашқы
ащы айғай үстінде шырқау көкке шығып алып, біраз қалықтап тұрады да,


содан қайта сорғалап, майда бүлкіл желіске ауысады. Əн сазына балқыған
осындай сəттерінде əншейінде бұжырлау көрінетін қара торы жүзі
нұрланып, бусана жылтырап, ажарлана түседі.
Əсеттің қазіргі айтып отырғаны — ақынның шаршы топқа өз өнерін
таныстырып өтетін əйгілі əні — «Қисымет».
Арғынмын, атым — Əсет арындаған, Арындап əн сала ма дарымаған.
Аспанның аясында əн шалқытып, Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.
Көмекей кек қақпасын əнмен ашса, Төгілтіп меруерт-маржан сауылдаған.
Тұлпармын топтан озған, тосырқаман, Шаршы топ, өр қиям жоқ
шабылмаған. Жорғамын жұрттан озған, жортарманмын. Майдамын, майда
желіс мамырлаған. Жұртымның асау топыр жиынында Бүгінгі əн адыра
салынбаған!
Əн құдіретінің тыңдаушыны ұйытып, бағындырып алғаны сонша, үйде
отырған жұрттың əншейінде əншілерді көтермелеп жататын «ой, пəлі», «не
дейді-ау!» дескен əдеттегі сөзін айтуға да мұршасы келмей, сілейіп қатып
қалыпты.
Бірақ өз əнінің бағасын келістіріп өзі айтып отырған Əсет жұрттың
ондай көтерме қолпашына зəру емес сияқты. Көпшіліктің құлағын
тұндыра, өзінің биік даусын жеткен жеріне дейін шырқатып бір алды да,
тағы да майда желіспен мамырлата жөнелді.
Тауықпын тары терген Найман шалдан, Найман ел, айың туды
маңдайшадан. Қаздай қалқып, үйректей жүрмін жүзіп, Көп елде, көп
жұртымда қыдыр шалған. Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім, Тау өтпес
Тарбағатай, Тяньшаннан. Ойда орыс, қырда қытай қоныстасым, Аулым бар
Ауғанға да таяп барған. Желғабыз осы ортаның заржағымын, Толқытып
тоқсан бунақ əнге салған!
Өліп-өшіп, ұйып қалған қалың қауым тек осы кезде ғана ес жинап, өзіне-
өзі келгендей болып еді. Жұрт дуылдай көтеріліп, мана естілмей қалған
лебіздер енді айтылып жатыр.
– Ой, пəлі!
– Сөз-ақ емес пе?!
– Əн шіркін өз иесін таппай жүр екен ғой.
– Бəрінен де құлақ құрышын қандырып, алпыс екі тамырыңды идіретін
əсем дауысты айтсайшы!
– Ой, көп жаса. Өркенің өссін, өнерпаз азаматым! — десіп тамсана
таңырқаған сөздер естіледі.
Демежан жұрттың өрекпіген гу-гу дабырына араласпай, жаңағы


асқақтаған əн тұсында тұла бойы дуылдап шымырлағандай бір күйге түсіп,
үнсіз мелшиіп отырып қалып еді. Өз өмірінде талай əнші, өлеңшіні көріп
жүріп, нағыз өнер иесін тауып тыңдағаны осы. Бастапқы кезде бұрын
құлағы үйренбеген ұлылықты сана құшағына сыйдыра алмай, бұл да
есеңгіреп қалған. Жалпы, Төртуыл іші əн түзеген, жыр баптаған өнерпаз ел
болмағанымен, думан-тойда «ахау-айдайға» баспайтыны кемде-кем. Соңғы
жылдары бұл елде Əсеттің өз əндерін үйреніп айтып жүргендер де аз емес-
ті. Қазір солардың бəрі мына əншімен салыстырғанда, дарияның қасындағы
шұқанақ су сияқты, тым қораш көрініп еді. Əн дегеннің өзі жай қызық үшін
айтылатын қыздырманың қызыл өңеш айғайы емес, өз алдына жатқан бір
əлем екен ғой. Əн тыңдаушысына əсемдік пен құштарлықты ғана дарытып
қоймай, адам бойына айрықша күш-жігер құятын, сарқылмас қуат көзі
екен. Ол Əсеттің асқақ та, күшті, зор дауысын тыңдай отырып, өз бойына
да сондай бір қуаттың құйылып жатқанын сезінді. Бұрын өзінде жоқ, орны
толмай тұрған кем-кетікті осы əндер толтырғандай. Мұқалған, жасыған
көңілі қайта жетіліп, ұшталып, қайралғандай болып еді.
Ол бір ауық дəл қарсы алдында əн шырқап отырған Əсетке көз жіберіп,
əншінің өз бойында да сондай орасан алып күш жатқанын аңғарды. Бойы
орташа көрінгенмен, сүйегі тұтас, апайтөс, шымыр екен. Шарболаттай
серпінді, асқақ əндер алдымен сол қуатты, кең кеудеде қорғасындай
қорытылып, сонан соң тасып төгіліп, сыртқа шығып жатқандай əсер
қалдырады.
Демежан ауыр ойдан серпіліп, басын көтеріп алғанда, Əсет əн ырғағын
өзгертіп, «Қаракөзді» шырқап отыр екен. Ғашықтық, жастық жырларын да
əнші жеріне жеткізіп, үзілдіре, үздіктіріп айтады. Кейде зор үнді, биік
дауысты керек ететін шырқау əндердің арасында осындай майда желісті
əндерге көшіп, сəл тыныстап алатын əдеті сияқты. Мұнда да өзекжарды
өкініш, қол жетпес арман өксік атады. Əнші келесі бір кезекте өзінің атақты
«Мақпалына» ауысып, қайта оралмас жігіттік дəуренді жоқтағандай
болады. Бұл əннің, əсіресе:
Үкілі қоңырала үйрек секілдім-ай, Кеткен соң қолдан шығып өкіндім-ай!

дейтін қайырмасына келгенде, тіпті аһ ұрып, жалын шашқандай. Үй
ішінде сығылысып отырған қалың жиын осы тұста қопаңдай желпінісіп:
– Ой, жалған дүние-ай!
– Өстіп алдарқатып, тіл ұшынан бал беріп жүріп, бір күні сан соқтырып,
өкіндіретінін бар-ау! — десіп жатыр.
Бүгінгі жиынға еркектер ғана емес, осы маңайдың Бибі, Ырысқан
бастатқан көп қыз-келіншек, сылқым-сұлу əйелдері де мол қатысып
отырған. Əсет енді бір ауық сол арулар тобына көз қиығын сала отырып,
бозбалалық, жастық желікті жыр етіп кетті:


Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда, Тал гүлдеп, шалғын өсіп
оңалғанда. Қарақат, бүлдіргеннің бəрі пісіп, Сай-сайға қыз-келіншек
жоғалғанда. Бір сырлы, сегіз қырлы бозбалалар Ғашығын іздеп табар со
барғанда. Оларға тал — шымылдық, шалғын — төсек, Басына жастық
болар томар да онда, —
дегенде, жігіттер жағы ду-ду күлісіп, жас əйелдер мен үкілі қыздар бетін
басып, ұялысып қалды. «Бетім-ау, көзбен көріп, қолмен ұстап алғандай,
осының бəрін қайдан біле береді екен» дейтін тəрізді.
Əнші өзіне аз тыныс беру үшін, ара-арасында осылайша желдірте
жырлап келіп, келесі бір сəтте атақты «Інжу-маржанды» шырқап кетіп еді.
Бұл əн де осындағы жас-кəрі, үлкен-кішіні бірден ұйытып, баурап əкеткен.
Əнші даусы шырқау биікке аспандап барып-барып, бір мезгілде қанаты
талғандай қайта сорғалады.
Сейпіл-Мəлік, Жамалдай Бейнетіне көңсем-ай Қозы көрпеш, Баяндай
Бір молада өлсем-ай! —
деп үзілдіргенде, талайлар еріксіз күрсініп қалып еді. Жас қыз-бозбала
сондай бір жан қиысқан махаббат таңын алдан күтсе, үлкендер жағы қыз
болып — қалыңдық атанып, жігіт болып — күйеу атанып жүріп, кезінде
сол бір ыстық сезімді қалай қастерлеп, бағаламағанына өкінетін секілді.
Əн аяқталған сəтте Əсеттің домбыра қағысынан көз алмай қарап
отырған Күдері өңі балбұл жанып, еңсесін көтере берді де:
– Алда, айналайын, Əсет аға-ай! Сізге осындай ыстық қимас сөз
айтқызған қызда да арман бар ма екен? Кім екен ақынды сабыр-тағаттан
айырып, пəруана еткен сол перизат?! — деп отырғандарды ду күлдірді.
Осыдан кейін Əсет те аз-кем тыныс алғысы келгендей маңдайының
терін сүртіп, əлгі сөзге өзі де қосыла күліп отырды да:
– Ал енді, «жаман қойшы өрісін бір-ақ күнде тауысады» дегендей,
барымызды бүгін сарқып алмайық. Ертеңге де бірдеме қалсын. Ендігі
кезекті ауылдың алты ауызына берейік, — деп домбырасын жаңа ғана жұрт
назарын өзіне аударған Күдеріге ұсынды.
Күдері мұндайды күтпесе керек, домбыраны қолына аларын алса да,
қапелімде қысылып қалған түр байқатты.
– Апыр-ай, ə... Біздің айтып жүргеніміз — жай ауыл арасының
«əлəулайлімі» ғой. Əсағаңнан кейін дарияның қасынан құдық қазғандай
болам-ау! — деп тартыншақтап еді, Демежан мен Ыбырай екі жақтан:
– Кəне, сен де бірдеңе айт енді. «Əншейінде ауыз жаппас, той дегенде
өлең таппастың» кері келіп жүрмесін.


– Екінің бірі Əсет бола берсе, өнерде қадір қала ма? «Алуан-алуан
жүйрік бар, əліне қарай жүгіреді». Сенің де бір көрініп қалатын жерің осы,
— десіп кеу-кеулеп қоймады.
Күдерінің үні тым биік болмағанымен, əнді нақысына келтіріп айтатын
бір сыдырғы даусы бар, оның үстіне жақсы домбырашы. Домбыраны
құйқылжытып, сан ырғаққа салып, желдірте шертіп отырды да:
– Мен қазір үлкен əншімен жағаласып, əн шырқамай-ақ қояйын...
Ұстанбай кеткенім болмаса, өлең шіркіннің біздің ауылға да бір түнеп
аттанғаны бар еді. Мен одан да Əсет ағаға арнап бір-екі ауыз лебіз
білдірейін, — деп тамағын кенеп алып, осы елге Əсет əкеп енгізген
шығыстың хиссашыл мақамымен əндете жөнелді.
Кез болып біреу қырдан, біреу ойдан, Əсетпен аз ғана күн салдым
сайран. Көрсетіп бір күн бетін, бір күн сыртын, Осылай ете бермек өмір
қайран!
Қайдасың, қайран жастық, кім ұрлады? Жоқты аңсап шіркін жүрек
шымырлады. Шарықтап көк жүзіне бір шыға алмай Шау тартқан бүркіт
болдық тұғырдағы.
Қор болып жылдар өтті жалындаған, Жүйріктей қамау тері алынбаған.
Өтейін алдарында аз желдетіп, Қонғаны рас болса дарын маған.
Ат қосып неге керек озбағасын, Əсаға, бір көтердің сөз бағасын.
Əніңмен əлдилеп кеп ояттың сен, Елімнің жігіт-желең, бозбаласын.
Даңқыңа сырттан талай сыйынып ем, Түрткілеп өлең шіркін бүйірімнен.
Əсаға, сен кетерсің, мен қалармын, Адасқан қаздай болып үйірімнен...
Бұл — ерте қанат қақса да, көк жүзінде шарықтап, еркін ұша алмай
қалған жас өнерпаздың аға ақынға шаққан мұңы еді. Күдері шын тебіреніс
үстінде осы өлеңді іркілмей, түйдегімен тез айтып шықты да:
– Біздің шабатын жеріміз осы ғана, Əсет аға. Аз да болса осыған разы
боласыз, — деп күле түсіп, домбыраны ақынның өзіне қайта ұсынды.
Əсет əлдебір нұқаттан көзін алмай, жас жігітті ұйып тыңдап қалған-ды.
Өлең аяқталған кезде орнынан лып етіп көтеріле берген Күдеріні бауырына
тартып, қатты қысып құшақтады.
– Бəрекелді, бауырым. Сен өзің төгіліп тұрған ақын екенсің ғой.
Мынадай майталманы тұрғанда, Төртуылдың ақынды алыстан іздейтін
жөні жоқ екен! — деп орнына қайта жайғасты да, — Бірақ бесіктен белің
шықпай жатып, «шау қартып қалдым» дегеніңе жол болсын. Мен тек сол
жерін түсінбедім, — деді.
Күдері сəл қызарып кетті де:


– Ертерек шаруабасты болып, ел келесіне араласып кеттік. Өлеңге қол
тие бермейді дегенім ғой, Əсет аға. Сол жайымды сездіріп, өзіңізге шағым
еткенім емес пе—деп жадырай күлді.
Ақындық өнерге Əсет мүлде басқаша қарайды екен. Ол тіпті бұлар
ойламаған жерден шықты.
– Пəлі, сол да сөз бе екен? Билік пен өлең бір-біріне кедергі жасайды деп
кім айтты сендерге? Əлде ақын болған адам тек жалғыз атын сабалап, ел
қыдырып жүруі керек деп ойлайсыңдар ма? Абылай хан тұсында Бұқар
атаң орданың бас жырауы əрі ақылшысы болған. Сол кісі билік пен атақтан
кенде қалып па? Ал бүгінгі қазақта шынжыр балақ, шұбар төс, нағыз
білікті кісі Абайдай-ақ болар. Ол да Құнанбай баласы деген жуандығынан,
мансап пен байлықтан ақындығын артық санаған жоқ па еді. Қазір «қазаққа
қара сөзге дес бермедім» деп өзі айтқандай, ақындық өнерде оның алдына
түсетін кім бар? — деп өз ойларын ерекше қызу шабытпен баян етті.
Осы тұста екі ақынның шарпысуына қызыға қарап қалған Демежан
сөзге араласты. Ол манадан бері Күдерінің өлеңмен айтқан мұңын да,
ақындық өнерді қызғыштай қорыған Əсет ойларын да жақсы ұғынып отыр
еді.
– Мынауың өте орынды сөз болды-ау, Əсет. Бұрын біз ескермей,
біліңкіремей жүрген бір нəрсенің басын жақсы ашып бердің-ау! Бұл елде
бұрын ақындықты ардақ тұтатын ондай үлгі-өнегенің болмағаны ғой.
Ақындықты ел ақтап, байды мақтап жүретін жай өлеңшінің кəсібі деп
қарайды бұл жұрт. Жанынан өлең шығаруды білікті адамға мін санайды...
Жасыратын не бар, бұрын мен де солай ойлайтынмын. Шынымды айтсам,
«өлең-жырды қойып, ел жұмысына аралас, қасымда бол» деп, осы
Күдерінің обалына қалған мен едім. Сол қатемді енді сезініп отырмын. Біз
тіпті көрбала екенбіз-ау. Сол мінімізді бетімізге шыжғырып басқандай
болдың-ау! — деп Əсетке аса бір ризашылықпен сүйіне қарады.
– Əлде де кеш емес, — деді Əсет сабырлы қалпын қайта тауып. —
Күдері, сен қазір нешеге келдің?
– Жиырма жетідемін.
– Əттең дүние... Нағыз дер шағың емес пе. Табиғат сыйлаған дарын
адамдардың басына сирек қонады. Оған тұсау салып, көзін бітеу — күнə
ғой. Шырағым-ау, өлең — сенің қолыңдағы қаруың, қиып түсер қылышың
емес пе. Ер жігіт ақ алмасқа тот жуытпай, бес қаруын бабында ұстайтын
болар... Абай туралы жаңа айттым. Былайғы ел жуандары, бақ күндес
жаулары сол Абайдың ұлықтығынан емес, от ауызды, орақ тілді
ақындығынан қорқады. Бойымдағы мін-мерезді, зобалаң-зорлығымды өткір
тілмен түйреп кете ме деп жандары шығады... Сен өзің құдай берген
қойныңдағы алтыныңды жезге айырбастап жүр екенсің-ау, жігітім, — деп
Күдеріге қарап рахаттана күлді.


Демежанның есіне дəл осы тұста өзінің ескі танысы Əріп ақын түсіп еді.
Соның кейінгі тағдыры не болды екен деп, оқта-текте ойлап қоятын. Бір
сөздің кезегінде Əсеттен сол Əріптің жайын сұрады.
– Осыдан он бес-он алты жыл бұрын Шəуешекте Əріп Тəңірбергенов
деген жігіт біраз уақыт консулдың тілмашы боп тұрып еді. Оның да
əжептəуір ақындығы болатын. Сол Əріптен не хабар білесің? Бар ма өзі? —
деген-ді.
– О-о, білгенде қандай! — деп Əсет көңілдене жауап берді. — Қазір
Сыбаннан шыққан аруақты, үлкен ақынның бірі — сол Əріп. Осы таяу
жылдарда Қазан қаласынан «Зияда-Шамұрат» жəне «Біржан мен Сараның
айтысы» деген екі кітабы басылып шықты. Шəуешектен қайтқаннан кейін
біраз жыл Жетісу, Қапал маңында тілмаштық міндет атқарып еді, қазір ол
жақтан қайтып, өз елінде старшын болып жүр-ау деймін.
Жас шағында біраз уақыт сыйлас, дəмдес болған адамның амандық
хабарын естіп, Демежан кəдімгідей қуанып қалды.
– Апыр-ай, ол байғұс та бар екен-ау! Өзі бір аңқылдаған жақсы жігіт еді,
— деді өткен күндерді есіне түсіргендей.
Бүгінгі отырыс біресе əнге кезек беріп, біресе осылай əңгіме-дүкенге
ауысып, бір үлкен мағыналы мəслихатқа айналып еді. Бұдан кейін де
бірнеше күн бойы Демежан ауылынан опыр-топыр мол жиын арылған жоқ.
Əсетті екі-үш күн бойы қазір Керімбайдың қара шаңырағында отырған
Əбдірасыл қонақ етті. Бұл үрдісті əнші, сері қыз-бозбаласы бар басқа
ауылдар да іле жалғастырып, əн мерекесі күн өткен сайын қыза түскен.
Арада бір жұма өткенде, əншіге ере келген ЬІбырай, Бабалықтар қалаға
қайтып кетті де, Əсет бір-екі жолдасымен өзі ғана қалып еді.
Бұл күндері Əсет өз əндерімен қоса, бұрын бұл ел естімеген Арқаның
атақты əншілері Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай əндерін де көп
айтып жаюмен болды. Бір ғажабы — Əсеттің əншілігі мен ақындығы
бірдей. Екеуіне кезек ауысып, қос қанаты талмай ұзақ самғады. Қаумалаған
қалың елдің қолқалап сұрауымен өзінің Ырысжанмен айтысын əлденеше
рет қайталап, одан басқа: «Ағаш ат», «Нұғман — Нағым», «Мұңлық —
Зарлық» секілді дастандарын да көп айтып, қолма-қол көшіріп алған дəмелі
жастарға үнемі қайталап айтқызып отырды. Өткен жылы Мамырбек
төренің аулына барғанда, Керей ішінен естіген бір аңыз бойынша, «Салиха
— Сəмен» атты тағы бір дастан шығарған екен. Осы сапарында сол
дастанды да кеңіте, жаңғырта жырлап жүрді.
Бұл дастандардың қай-қайсысында да өз теңіне қосыла алмай арманда
кеткен ғашықтар, ер-азаматтың басына түскен ауыр хал, хан мен уəзірдің
опасыздығы, адамның-адамға жасаған қиянат-зорлығы сөз болады.
Демежанның бір аңдағаны, ақын соның бəрінде де үнемі əлсіздер жағына
шығып, əділетсіздікті айыптап, зорлықшының бетіне шақпақ таңбасын


шыжғырып басқандай болады екен.
Сол əндер мен ұзақ дастандар арасында, Əсет қазақ қауымына
қаратылған өткір сын, ғақылия өлеңдерді де жиі айтып жүрді. Əлде қазекең
тіке айтылған кеңесті тыңдамай кете ме деп қауіптене ме, өлеңдеріне дін
уағыздарын, шариғатты да көп қосады. Осынау жалғанның опасыздығын,
бір бес күндік жарық дүниенің əлі-ақ өте шығатынын, о дүниеге барған
танда-махшар күндерінде күнəлы пенде өз қылығы үшін құдай алдында
жауап беретінін дайым еске салып отырады. Мұнысы қараңғы елді тым
құрыса шариғатпен қорқытып, түзу жолға салсам деген бір тілектен туған
тəрізді. Ақынның көп ой-арманы Демежанның да жанын жегідей жеп
жүрген ел мұңымен астасқандай, екеуі сырлас, мұндас күйге түсіп, тез
достасып кетіп еді.
Былайғы қалың көпшіліктің қоршауынан босап, қалт еткен бір
сəттерінде екеуі қастарына Күдеріні ғана алып, ұзақ əңгіме-кеңес құратын
болған. Сондай оңаша отырыстардың бірінде Əсет басындағы бұлар біле
бермейтін тағы бір шершеменнің сыры ашылды. Ол да Күдерінің аға
ақынға қойған бір оқшау сұрауынан туындап кетіп еді. Жас жігіт өзі пір
тұтқан Əсетке тамсана, табына қарап отырып:
– Əсаға, бұл Құлыстайда, Құлыстай ғана емес, исі Найманда дəл қазір
сіздің алдыңызға түсетін, сізді сөзден сүріндіретін ақын бар деп
ойламаймын. Соған қарамастан, сізді Мəмбет ішіндегі бір аста Кəрібай
ақынмен айтысып, содан жеңілген екен деген бір лақап тарап жүр ғой.
Осының мəнісін өз аузыңыздан ұғынайын деп едім, — деген-ді.
Ақынның өңі кенет жүдеу тартып, қоңырайып біраз отырды да:
– Е, бауырым-ай, Əсет ағаңның қай сөзі нысанаға дəл тиіп жүр дейсің.
Естір құлақ, ұғар ми болмаған соң, кейде атқан оғың айдалаға кетіп,
жартасқа тиіп жаңғырығып жатады. «Қыртты езген жеңеді, езгенді
құдайдан безген жеңеді» дейтін бе еді? Мені жеңдім деп жүргендер де
сондай құдайдан безген біреулер шығар, — деп Күдеріге қарап жымиып
күлді.
Содан ары «менің бұл мұңымды біреу ұқса, сен ұғарсың» дегендей,
Демежанға қарап қойып, бір оқшау сыр толғап кетті. Сондай айтыстарда
ақынның құлашын еркін жайдырмай, етектен тартып жүрген бір қырсық
жай бар. Ол — оның жалғыздығы, Найманға кірмелігі. Қазақтың түбіне
жетпей қоймайтын осы жікшілдік Əсет басына да көп шырғалаң салыпты.
Ас пен тойда Əсетпен қағысып қалған ақындар басқа сөз таппай
қысылғанда, ылғи да ірге күш көрсетіп, сол жалғыздығын тілге тиек ететін
көрінеді. «Сен бізге кірмесін... Жалғыз үй Арғынсың. Тегі жарыған біреу
болсаң, əкең екеуің қатынның етегінен ұстап, қайын жұртында неге
қаңғырып жүрсің?» дейді екен. Сонан соң кіммен айтысса да, қайталап
айта беретіндері — Əсеттің əкесі Найманбайдың кедейлігі, алғаш көшіп
келген жылдары бала-шағасын асырау үшін, Көктұмада насыбай үгіп,


шақша сатып күн көргені... Мəмбет ақыны Қалидың да, Мұрын ақыны
Кəрібайдың да Əсеттің бетіне басып, қатты мін қып таққаны осы болыпты.
Мұндайда сөз асылын салмақтап, дəл төрелік айтатын кім бар? Ұранға
шапқан қараңғы қазақ: «Ойбай, біздің ақынымыз жеңді» десіп, əлгілерді
көтермелеп, дабырайтып əкететін көрінеді.
Əсеттің де қатты қорынатын, қорланатын жері осы екен. Келгенде
Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сара қыз айтқандай, өзінің кірмелігін,
жалғыздығын бетіне басқанда, бұл да арқасына ер батқан шилі жауырдай
бүгежектей береді. Бір күн де болса Найманның жерін жерлеп, суын ішіп
отырған соң, көпке топырақ шаша алмай, қарсы жақтың сорақы мін-
мерезіне тісін батырып ештеңе айта алмай, көбінше бой бағып, қаша
соғысады.
Ақын мұң шаққандай осы жайларды сыр қылып айта келіп, сөз түйінін
Күдеріге арнады:
– Солай, жігітім. Кейде сырттай қараған кісіге мен бір төрт құбыласы
сай, армансыз адамдай көрінуім мүмкін. Əнеугүнгі арнау өлеңінде сен
маған солай деп айттың да... Бірақ сыртын күлкімен сылап, əнмен түзеп
жүргені болмаса, сол Əсет ағаңның да бір басына жетерлік мұңы бар. Мен
өp даусымды күллі қазаққа жеткізсем деп əлекке түсіп жүрсем, біреулер
мені бөлгенін, шетке қаққанын қоймайды. «Не ол емес, бұл емес, менің де
күнім — күн емес» деп Абай айтқандай, ит-қорлықпен өткен бір тірлік те
біздікі, — деп Əсет алып кеудесін сілкіндіре, ауыр күрсінді.
Осы сөздерді естігенде, Демежанның да жүрегі сыздап, ауырып
кеткендей болды. Неткен ұқсас хал еді?! Дəл мұның басындағы мұң ғой —
Əсеттің де айтып отырғаны. Құлғанадай қуып, қайда барсаң құтқармайтын
неткен айықпас дерт еді?! Қайран ел, осылай жік-жікке бөлініп, алты бақан
ала ауыз күйінде басын бірікпей өтер ме екенсің? Бүкіл халықтың
сүйіктісіне айналған, өлең айтып, əн шырқап, көңіл көтергеннен басқа
жазығы жоқ, ел еркесі ақынның тартып жүрген зары мынау болса,
басқамызға не жорық?!
– Бұл айтып отырғаның — бір сенің басындағы хал емес, бəріміздің
ортақ мұңымыз ғой, — Əсет. Сен менің қышыған жерімді дөп басқаның
сонша, көнтек болған қотыр тайлақтай жауырынымды тоса бергім келеді...
Қазаққа біткен ақынның да, батырдың да маңдайының соры бес елі екен
ғой. Мен бүгін соны ұқтым-ау! — деді Демежан да аз сөзбен сыр ашқандай
болып.
Осылайша əн мен жырдың, мұң мен сырдың əлдиінде жүріп, бұлар
уақыттың қалай зымырап өткенін де аңғармай қалып еді. Əсеттер бұл елде
жиырма күндей қонақ болып, ақыры рұқсат сұрап қайтатын мезгіл жетті.
Қонақтар ертең жүреміз деген күні Бибінің үлкен шаңырағында қоштасу
кеші секілді соңғы бір отырыс болды. Қонақтар аттанар алдында былайғы
қалың жиын тарап, бір топ көңілдес, жақын адамдар ғана қалған-ды. Бұл


күні ақынға ешкім əн айт деп қолқа салған жоқ. Əсеттің өзі əңгіме үстінде
домбырасын алып, қара сөзге түспейтін кейбір ойларын өлеңмен жеткізіп
отырған. Ел ағасы Демежанға, осы елдің өлең құмар қыз-бозбаласына
ризалығын айта келіп:
– Бір басыңа бақ-дəулет қатар қонған, сөз қадірін білетін, қазақтың бір
азаматы өзіңіздей-ақ болар. Мен сізге разымын, үкірдай. Көрсеткен сый-
құрметіңізге көп-көп рақмет! Жаңа бір өріс, дос таптым деп қайтармын...
Өмірі біреуді мақтап өлең айтқан жан емес ем. Əнеугүннен бергі мына Бибі
жеңешемнің ықылас-пейілі көңіліме өлең болып оралып тұр. Қарыз
болмасын, соны айта кетейін, — деп үй ішін бір желпіндіріп алды да, əнге
қосып бірнеше ауыз жыр айтты.
Ақ құба жарың болса бойы сұңғақ, Қызметке шақырғанда тұрса зымғап.
Даусы «əу» дегенде əрең шығып, Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ.
Қара қас, жазық маңдай, қара көзді, Даусы жіп-жіңішке, жұмсақ сөзді.
Лебізі майға еріткен қорғасындай, Көрсең де ертелі-кеш бір мінезді...
Осылайша ұзақ жырлап келді де, енді Демежанға қарап өз ойын
қорытқандай болып еді.
– Ер жігіттің басына бақыт құсы əртүрлі жолмен келіп қонады. Кейде ол
биік мансап, бақ-дəулет болып та, нұрлы ақыл, талант-дарын болып та,
жақсы жар, сүйікті бала болып та қонуы мүмкін. Барлап отырсам, осының
біразы өз басында тұр екен, Демежан аға. Сол тек ұзағынан болсын деп
тілейік, — деген-ді.
Осы тұста Демежан да қонағына қарап отырып, əнеугүннен бері
көкірегінде түнетіп, кейінге сақтаған бір ойын ортаға салды.
– Қазақ бақытты құсқа теңегенде, соның күндердің күнінде пыр етіп
ұшып кететінін ескерген болар. Шыңдап ой жіберсең, бір күні сенің
басыңнан ұша жөнеліп, басқаға барып қонатын баянсыз нəрсені бақыт
деуге бола ма? Сен жаңа биік мансап, бақ-дəулет туралы айттың, Əсет.
Біреулердің қызғанышын қоздырып, сау басыңды дауға салғаннан басқа
содан менің көріп жүрген рахатым шамалы-ау. Қазір сол азын-аулақ билікті
менен тартып алғысы келіп, тұзақ құрып, торуылдап жүргендер қаншама.
Жақында біреулер сыртымнан баспалап келіп оқ атты... Солар бір күні
қапысын тауып, жарға жықпас, талап жемес деймісің?! Бақыт деп — мына
сенің басындағы өнер бақытын айт! Құдай берген талант пен еңбекті айт.
Ең ғажабы, оны сенен ешкім де тартып ала алмайды ғой... Бай — бір
жұттық, батыр — бір оқтық. Ал ақынның өнері жұтамайды. Тіпті өлгеннен
кейін де ел аузында жатталып, салған əні, айтқан сөзі қалады. Өзін айта
беретін кемеңгер Абай да осы ақиқатты жақсы ұғынған болар-ау. Байлықты
да, мансапты да тəрк етіп, өнерге ден қоюы содан шығар, — деп аз бөгеліп,
ойын жинақтап алды да. — Сен маған осыны ұқтырдың, Əсет. Əніңмен,
өнеріңмен келіп, маңдайға соғып тұрып ұқтырдың. Сен келгелі, мен ашқан


жаңалық осы. Сол үшін де саған мың да бір рақмет! Сен — мəңгі өлмеуге,
болашаққа бет алған адамсың ғой. Сол сапарың ұзақ болсын! Шырқай бер!
—деп шын ықылас пейілін білдірді.
Бұл сөздер тұсында Əсет те бір қызарып, бір ағарып, қатты толқып
отырған-ды.
– Апыр-ай, мені тым қол жетпес биікке шығарып қойдыңыз-ау! Өз
бойыңыз биік болған соң, басқаны да сол деңгейден көргіңіз келгені ғой...
Ел ағасы атқамінерден ести алмай жүрген, мүлде жаңа лебіз болды-ау —
мына сөзіңіз. Төбем көкке жетті-ау! — деп көзіне жас үйіріліп, қайтадан
домбыраға қол созды...


Ертеңінде сəскелік қымыздан кейін қонақтар аттанатын болды. Əсет өз
тобымен жол-жөнекей Қаражалдағы Күдері аулына соғып, содан ары
Жұмақ жайлауын басып, Таңғыт ауылына қарай бет ал мак.
Дəл аттанарда Ажар бəйбіше Əсетке тайтұяқ жамбы ұсынған-ды. Бибі өз
қолымен ақынның иығына құндыз жағалы мақпал шапан жауып, Демежан
үстінен су төгілмейтін күрең жорға ат мінгізді. Қасына еріп жүрген екі
жолдасына да бір-бір құнан жетелетті. Осыдан кейін-ақ Əсеттер көп
бөгелген жоқ, қимай қоштасып, бұл ауылға əлі талай келетінін айтып,
аттанып кетті.
Əсеттер бел асып кеткенше, Демежан үйге кірмей есік алдында ұзақ
қарап тұрды. Көңілі лезде орта түсіп, ай бойы əн мен жырдың ордасына
айналған өз ауылы бірден құлазып қалғандай көрінді. Өмірдің бар қызық
мерекесі сол əншілермен бірге кеткендей, басына тағы жалғыздық түсіп,
көкірегін мұң торлады...
Кенет, оның назары астындағы атын қара терге түсіріп, көш жолынан
бері қарай құйындата құлаған жалғыз жаушы — салт аттыға ауды. Əй,
мынау тегін жүріс емес... Ел ішінде тағы бір бүлік, лаң басталмаса не
қылсын?!
X
Бүгін елең-алаңда ертемен атқа қонған Бөке күн бойы тыным тапқан
жоқ. Тау бөктеріндегі Абдыра, Ашылы өңірін жайлаған жатақ ауылдарды
бір шетінен түре, түгел аралап шықты. Оның бұлай тым суыт жүрген
себебі, осыдан бір апта бұрын қазылып біткен тоғанға бүгін-ертең су
жіберіп, сынақтан өткізу керек еді. Егер тоған жүлгесімен өзен суы
іркілмей жақсы жүріп кеткендей болса, осы қапталға салған егінді тым
құрыса бір мəрте суарып үлгерсек деп асыққан жайы бар.
Ол кеше ғана жатақ ауылдардың серіктесіп салған аз егінін бастан-аяқ
аралап шыққан. Биыл астықтың шығымы жаман көрінбейді. Қар суымен
ертерек егілген бидай бас жарып, мойын соза бастапты. Кешеуілдеп кенже
себілген арпа мен сұлының өзі жапырақ жайып, буазып тұр. Ол да болса
топыраққа сіңген қар суы мен көктемгі жаңбырдың шарапаты. Ал соңғы
бір-екі айда аспаннан бір тамшы нəр тамбай, оның үстіне батыстан аңызақ
жел соғып, жер құрғап бара жатыр. Көк егіннің жапырағы сарғайып,
шөлден қаталап тұр. Ертеден кешке дейін жалыны бір қайтпай өртеніп
тұрған күннің ыстығы мынау. Егер мына бетінде тұрса, бұлардың аз егіні
жер тағандап, дəн алмаған күйі қурап, ұшып кетуі мүмкін. Əттең, не
қыласың, дəл осы кезде бір рет дəн суын беріп жіберсе, егіннің көгі қайта
көтеріліп, дүр ете түскелі тұр.
Жігіттер əнеугүні тоғанның ұзын-ырғасын бітіріп, аяғын егіс алқабына
дейін жеткізіп қойды да, ауылдарына барып келмек болып, Бөкеден екі-үш


күнге сұранып кеткен-ді. Содан бері бір апта өтті, төбе көрсеткен
ешқайсысы жоқ. Өздерінше, тау құлатқандай арқаларын кеңге салып,
қатын-баласының қасында тыр-тыр қасынып жатыр ма, кім білсін.
Ойлағанындай-ақ, жігіттердің көбі əртүрлі тіршілік əрекетімен жан-
жаққа бытырап кетіпті. Біреулері азын-аулақ малына қыстық шөп шауып
алудың қамына кіріссе, екінші біреулері тозып тұрған үй-жайын бүтіндеп
жүр. Ал көк жайлаудың қызығын əлі ұмыта алмай жүрген кейбір тымақ
сері, пысықтары бірер жұма қымыз ішіп, сүйегін ағартып келу үшін,
таудағы елге тартып кетіпті... Көзің тайып, сəл мойны босаса істейтіндері
осы. Бөке айғайды салып жүріп, он шақты адамның басын əрең құрап
алды. Қалғандарын соңымыздан тез келсін деп тапсырды да, қолына
түскендерді егіс басына ертіп келді.
Бөкенің өзі биыл бірнеше жарлы-жақыбай көршілерімен жеке бір ауыл
болып, жаз бойы осы тоғанның басын жайлаған-ды. Əр он күн сайын
ауысып тұратын жігіттерді ауылдарына қайтармай, əдейі жұмыс басында
ұстап, өзі бала-шағасымен соларға ас-су қамдап беріп отырды. Басқаларға
үлгі болу үшін, өзінің қайратты үш ұлын да бір күн босатпай, тоған қазу
жұмысына аямай салып еді. Мінеки, сол еңбегі ақталды. Жаз бойы жағын
жар, тілін кез қылып жүріп, екі ай дегенде тоғанның тас табанын бітіріп
шықты. Бөке қазір бəрінен бұрын Демежанның алдында ұятқа қалмай, өз
уəдесін орындағанына риза еді.
Жігіттер сол күні кеш батқанша егіс басында болып, бас арықтан
тарайтын кіші жүлгелердің көмейін жөндеді. Ағып келген су атызға бірден
жайылатындай етіп, бірнеше жерден құлақ байлап, əзірлеп қойды. Енді тек
көмейге барып, тоғанға су салу ғана қалып еді. Бөке кеше сол үшін егін
суарудың жайын жақсы білетін Боздақтағы Диқанбайға кісі жіберген. Қас
қарая олар да келіп қалды.
Ала жаздай алақандары ойылып, үлкен-кішісі жабыла жер қазып жүріп,
əрең бітірген тоғаннан су ағызу — бұлар үшін бір мереке, той іспетті.
Ертеңінде бəрі бас құрап, көмейге қарай бет алды. Бөкенің қараша аулы
тоғанның дəл бел ортасында, көмейден екі шақырымдай жерде болатын.
Бала-шаға, ер-əйел демей сол екі аралықты шуға толтырып, аттылы-жаяу
шұбырып келеді.
Өзен суын тоғанға бұру үшін, көктемде əдейі қалдырып кеткен екі
құлаштай жерді əлі де қазу керек еді. Көмейді жөндеу қиынға түскен жоқ,
қолдарына күрек, кетпен, сүймен ұстаған жігіттер ақтық күштерін жұмсап,
жаңағы жерді шай қайнатымға жібермей қопарып тастады. Бірақ су
салатын сəт жақындаған сайын, Бөкенің көңілінен бір қобалжу кетпей тұр.
Жас кезінде сан рет күреске түсіп жүргенде де, дəл мұндай абыржып,
жүрексінбеген шығар. Бұл тоғанды қазуын қазып бітірді-ау, енді осыдан су
жүре ме, мəселе сонда. Салған суы ақпай, сонау бір қайқаңға барғанда
көлкіп қайта шалқыса не істемек? Онда жаз бойы ыстыққа қақталған есіл
еңбектің зая кеткені де... Сол ойын Диқанбайға айтып еді, ол мұнын көңілін


орнықтыра сөйледі.
– Көктемде арқан керіп, қапысыз өлшеген сияқты едік қой. Егер сол
ізден ауытқып кетпесеңдер, көп кедергі бола қоймас... Одан да тоғанды
қандайтын бір малыңды дайындай бер! — деп құрдасына иек қатып, лекіте
күлді.
– Аузыңа май! Осы тоғаннан су жүрді бар ғой, сені май құйрыққа бір
тойғызармын.
Көктемде бұлар тоған қаза бастағанда, осы Диқанбайдың ақылымен,
өзен суының оң жақ кемерге мол аунаған иіндеу тұсын əдейі таңдап алған-
ды. Солары дұрыс болған екен. Сырт киімдерін шешіп, балақтарын қара
санға дейін түріп алған əлуетті жігіттер көмейде жатқан үлкен тастарды
сүйменмен қопарып, арнаға қарай аунатып жіберуі мұң екен, өзен ағысы
лықсып келіп, тоғанның көмейін сүйір тілімен бір жалап алды да, содан
ары мол екпінмен лап етіп, жөңкіле жөнелді... Сол сəт бүкіл жағалау
қуанышты үнге, айғай-шуға толып кетті.
– А құдай! Ақсарбас!
– Уа, Диқан бабаның аруағы, өзің қолдай гөр!
– Су-су... Су кетіп барады.
– Біздің де бір тоған суға қолымыз жететін күн болады екен-ау!
– Айналайын, Абдыра-ай, сонша жыл асаудай арқырап ағып жатқанда,
жалыңа қол апартпай қойып ең, сенің басыңа да ноқта салдық-ау! — дескен
неше алуан сөздер, көңілді күлкі, айғай-сүрен бүкіл шатқалды
жаңғырықтырды.
Бір топ бала аққан сумен жарысып, тоғанды жағалай жүгіріп барады.
Бөкенің бəйбішесі Қамқа бастатқан қартаң əйелдер мұндай жақсылыққа
шашуларын да ала келген екен. Солар көңілді жарқын үнмен:
– Уа, су иесі Сүлеймен, өзің қолдай гөр!
– Қара қазан, сары баланың тілеуіне осылай жөңкіліп аға бер,
жарықтығым!
– Жерімізге құт-береке бер! —десіп, дастарқанға түйген құрт-
ірімшіктерін тоған бойлата шашып жатты.
Дəл осы кезде Бөкенің үлкен ұлы Қадірбек осы күнге деп əдейі сақтаған
бір ақсарбас ісек қойды сүйреп əкеліп, тоғанның ернеуіне жықты да, басын
құбылаға қаратып, лөкет пышақпен орып жіберді. Бұл «тоған қандау»,
«қырман қандау» дейтін егіншілердің ескі ырымы болатын. Оның да ел
тұрмысына ене бастағаны ғой.


Ал бұл күнде жасы алпыстан асып кеткен қарт Бөке қуаныштан жылап
тұр еді. Бет-əлпеті күлгені, не жылағаны белгісіз бір қызық түрге еніп,
кеудесін жапқан мол бурыл сақалы құйын соққандай тулап кетті. Қарт
палуанның қапсағай, ірі денесі баяу сілкініп, екі көзден ытқыған ыстық жас
төмен сырғанап келіп, сақалының ұшында мөлтілдеп сəл тұрды да,
тоғанның жиегіндегі жас топыраққа тамды.
Қуаныш үстінде желігіп тұрған құрдасы Диқанбай мен тағы басқа əзілі
жарасқан егде жігіттер енді Бөкені ортаға алып, өздерінің мұраптарын
тоғанға тоғытпақ болған. Бірақ қарттың белі шойрылып жүргенін ескеріп,
аяғын суға тигізді де, тез қайта тартып алды. Ал Бөкенің өзі ештеңеден
тайынатын түрі жоқ:
– Салыңдар! Аямаңдар... Енді өліп кетсем де арманым жоқ! — деп
бəріне көне берген.
Осы сəт дуылдаған қалың көпшіліктің арасынан:
– Бəрі осы шалдың еңбегі ғой.
– Осы тоғанды «Бөке тоғаны» деп атасақ қайтеді? — дескен дауыстар
естілді.
Бірақ жұрттың шуы басыла берген кезде, Бөке қолымен жайқап,
көпшілікті өзіне қаратып алды да:
– Жоқ, жарандар, бұларың қисынға келе қояр ма екен? — деді баяу тіл
қатып. 
— 
Сендер 
нағыз 
жарылқаушыларыңды 
ұмытып 
тұрған
сияқтысыңдар. 
Сонша 
жыл 
ұлықтармен 
ұстасып, 
халдайлармен
қақтығысып жүріп, осы суды бізге алып берген — Демежан емес пе еді?!
Ендеше бұл тоғанды сол азаматтың атымен атайық.
Жиналған жұрт оның сөзін іле қостап, тағы да дуылдасып кетті:
– Иə, айтпақшы, солай екен-ау!
– Табылған сөз!
– «Демежан тоғаны» болсын.
– Қап, бүгінгі мерекеге үкірдайдың өзі қатысса болатын еді! — десіп
жатыр...
Кенет көпшіліктің дабыры су сепкендей басылып, бəрінің назары
өзеннің арғы бетіне ауып еді. Бұлардың су алған көмейінен қиыс төменірек,
қарсы қабақтан Дохалдай мен Бахалдайдың тоғандары басталатын-ды. Сол
тоғанды жағалап жүрген екі салт атты бері таман өрлеп келіп, қазақтардың
мəре-сəре боп жатқан мына тірлігіне таңданғандай, аз-кем қарап тұрды да,
аттарының басын кері бұрып, төмен қарай жорта жөнелді...


– Қап, аналар қожайындарына айтып баратын болды-ау. Дохалдай доңыз
бір кесел жасап жүрмесе не қылсын?! — деді Бөке əлденеден
қауіптенгендей.
– Кесір жасағанда не істейді? Іштері күйсе тұз жаласын! — деді Бөкенің
күреске түсіп жүрген палуан ұлы Жұмабек.
– Иə, біздің қолда да таңбалы қағаз бар емес пе, — десті тағы біреулер
арқасын кеңге салып.
Аздан соң ол да ұмыт болып, барлығы жаңа тоғанның бойымен егіс
басына қарай аяндады. Су көлкімей біркелкі жылдам ағып жатыр. Соны
көріп Бөкенің де көңілі орныға түсті. Олар орта жолдағы қараша ауылдың
тұсына таяғанда, мана атқа мініп, сумен жарыса жөнелген бір жігіт
кетпенін тақымына қысып, қайта шауып келеді екен. Екі езуі екі құлағында,
сүйінші сұрағандай сонадайдан далақтап келеді.
– Су жетіпті... Су егінге жетті! — дей береді əлсін-əлі. — Барған суды екі
арыққа бөліп, егіске қаптатып жібердім.
Осы жерге келгенде, жаяу шұбырған көп қатын-қалаш, бала-шаға
ауылда қалып қойды да, еркектер жағы түгелімен егіс басына қарай тартты.
Шынында да, егіске жете бере екіге бөлінген су екпіндей ағып, арықтың
бетін жуып жатыр екен. Алды тақта-тақта аңыздарға жайыла бастапты.
Бірақ жүрісі баяу, кенезесі кеуіп, қаңсып қалған топыраққа шұрылдай сіңіп
жатыр. Əлі құрыған аш адамның аузына нəр тамызғандай, жаңа ғана
жапырағы сарғайып, бүрісіп тұрған егін су тигеннен кейін лезде өңі кіріп,
тіріле бастағаны байқалады...
– Егер бүгін-ертең су ішпегенде, егіндерің күйіп кеткендей екен. Несін
айтасың, су дер кезінде жетіпті, — деді көзқарақты Диқанбай бір
қарағанда-ақ мəн-жайға түсіне қойып.
Осыдан кейін Бөке екеуі атпен желіңкіреп жүріп, егістің бас-аяғын тез
айналып шықты. Диқанбай атыздарға арық тарту, өңдеу бабын ұнатпай, көп
кемшілік тауып келеді. Қажетті жерде құлақ байланбаған, боразда
тартылмаған. Тебіндеп келген мол судың өзі тақтаға тегіс жайылмай, жыра-
жықпылды қуалап, дөйдала теріс кетіп жатыр... Диқанбай сол маңда
жүрген сушы жігіттердің қасына келіп, біраз кейісті сөздер айтты.
– Шырақтарым-ау, егінді бұлай суармайды ғой. Суды тақтаның басына
қаптатып жіберіп, керек жерді өзің тауып бар деп, қол қусырып қарап
тұруға бола ма екен? Атызда ала қалдырмай, егінге суды жетелеп апару
керек. Бірнеше кісі кетпен-күрегін тастамай, осының ішінде жүруге тура
келеді. Ала тарту, боразда байлау дегенді білесіңдер ме өздерін?
Жігіттер желкелерін қасып күле береді. Осылардың бəрі — кешегі
көшпенділер — мал соңында жүрген: қойшы, түйеші, жылқышылар ғой.


Ішінара сібе-солаң жұртымен араласып, халдайларға малайлыққа
жалданған біреулері болмаса, көпшілігі егін салудың қыры-сырын біле
бермейтін-ді. Бөке соны еске алып:
– Диқанбай-ау, бұлардан оны несін сұрап тұрсын. Осы шіркіндер құрық
пен таяқ болмаса, кетпен-күрек ұстап көрді дейсің бе. Бұлардікі — əншейін
тайыншаның мұрнын жұдырықпен тескендей бір өлермендік те баяғы, —
деп жұртты ду күлдірген.
Диқанбай мыналарға құр сөздің қонбайтынын білді де, дереу аттан
түсіп, етегін шешіп, балағын түріп тастады. Енді ол асықпай сушы
жігіттерге егін суарудың əдіс-тəсілін үйретуге кірісті. Кетпенді қалай ұстап,
суды қалай жетелеу керектігін, егіннің көгіне зақым келтірмей ала тартудың
амалын көрсетіп жүр. Диқанбайдың ептілігі сонша, қолына көз ілеспейді.
Зілдей кетпенді жеп-жеңіл төбесінде ойнатып, майлы қасықтай шырқ
айналдырады. Егін суару — оның бұл жалғандағы ең бір сүйікті ісі сияқты,
мұндайда өңі нұрланып, жасаңғырап кетеді екен. Ол қайда барса, су да
соның табанын жалап, бұйдалаған тайлақтай соңынан елпектеп еріп
отырады.
Күн еңкейе бере бұлар егіс басына екі-үш қана жігіт қалдырды да,
басқалары жоғарыда, жаңа тоғанның жағасында отырған Бөкенің ауылына
қарай бет алды.
Ауыл адамдары көңілді. Дəл іргелерінде — жаңа тоған. Сол тоғанда ұзақ
жыл бойы қол жетпес арман боп келген
Абдыраның суы сылдырап ағып жатыр. Бұдан үлкен қуаныш бола ма?!
«Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Бір кезде ең далаға егін салып, оған
өзен арнасынан су апару деген көшпенді жұртқа қияметтей қиын көрінуші
еді. Ол да, міне, қолдан келетін, үйреншікті іске айналды. Мана тоған
басында айтып сойылған малдың етін жеп, сорпа-су ішіп, беттеріне қан
жүгірген егінші қауым дастарқан жиналғаннан кейін де Бөкенің үйінен
тарамай, көпке дейін дуылдасып отырды. Дəмелі деген жігіттер əн салып,
домбыра тартып, қараша ауылды өздерінше қызық думанға толтырды.
Күн кешкіріп кеткендіктен, Диқанбай бұл ауылдан бүгін де қайтпай
қонып қалып еді. Оның үстіне Бөке де қолқа салып:
– Ісіміздің шалағай екенін өзін де байқадың ғой. Ертең егіс басына
барып, тағы бір рет көріп қайт,—деп оны жібермей алып қалған.
Ел жатарда бұлар аттарын отқа қою үшін далаға шыққан-ды. Ай
қорғалап қалған өліараның кезі болатын. Бір мезгілде төменгі жақтан
əлдекімнің түн тыныштығын бұза, тасырлатып шауып келе жатқаны
байқалды. Қастарына келгенде таныды, мана егіс басында қалған Бөкенің
ортаншы ұлы Садырбек екен. Ол аттан түспеген күйі, ентігін баса алмай:


– Не боп қалды? Тоғанның бір жерін орып кеткен жоқ па? Су мүлде
құрып қалды ғой! — деді абыржи тіл қатып.
Бөке мен Диқанбай да ештемеге түсінбей таңырқасып тұр. Сəлден соң
үшеуі аттылы-жаяу аяндап, қырық-елу қадам жердегі тоғанның қасына
келді. Міне, қызық! Манағы тоған толы су сарқылуға айналып, табанында
болар-болмас бірдеңе жылтырайды.
– Бұл қалай болғаны? Əлде тасқын келіп, тоғанның көмейін бұзып кетті
ме? — деді Бөке таң-тамаша болып.
Диқанбай одан гөрі дəлелдірек пікір айтты.
– Олай болмас. Тасқын келген күннің өзінде де тоғанның суы бұлайша
сарқылмауға тиіс. Мынау адамнан келген іс қой. Біреулер байлап алған
шығар, дəу де болса...
– Кім байлауы мүмкін?
– Кім дерін бар ма... Халдайдың кісілері мана торуылдап жүрген жоқ па
еді. Солардан-ақ келді.
– Жауыздар-ай!.. Құдайдың иен-тегін ағып жатқан суын да аяды-ау
бізден! — деп Бөке күңіреніп кетті.
Қой, бұлай тұра бергеннен не шығады. Не де болса көмейге барып
көрейік, — деді Диқанбай.
Үшеуі атқа қонып, қастарына тағы бір-екі жігіт ертіп, тоғанның басына
қарай аяндады. Диқанбайдың қаупі расқа шықты. Бұлар жақындай
бергенде, сол тұстан аттардың пысқырынғаны, біреулердің дабырласып
сөйлескені естілді. Өздері шылым тартып отыр ма, əр жерде қасқырдың
көзіндей жылтыраған от көрінеді. Олар да кім келер екен деп күтіп отырса
керек, аттылар арқан бойы таяп қалғанда:
– Бұл кім? Жөндеріңді айтыңдар! — деген əмірлі дауыс естілді. Бұлар
тоқтамай жүре берген.
– Жақындамаңдар!.. Атып тастаймын! — деді жаңағы дауыс
бұрынғыдан да қатайып. Əлденені сақырлатып, мылтық шақпағын
қайырып жатқаны байқалды.
– Мынау — Дохалдайдың інісі Бужыңха ғой... Бұл қаныпезер кісі
өлтіруден тайынбайды, — деді сөйлеп тұрған адамды даусынан таныған
Садырбек.
– Өздерің кім боласыңдар? — Алда келе жатқан Бөке атының басын
тежеді.


– Біз халдайдың кісілеріміз... Сендер мұнда не қып жүрген адамсыңдар?
– Біз осында егін суарып жүрген қазақтармыз. Түн жамылып келіп,
суымызды байлап алғандарың не, шырақтарым-ау?
Қарсы жақтың қарасы он шақты адамнан кем болмас. Əлгі сөзді
келемеждеп, оқырана күлгендері естілді.
– Сендер ме егін суарып жүрген? Қазаққа нанның не керегі бар?
Айрандарыңды ішіп, құрттарыңды қажалап жүре бермейсіңдер ме?! Ха-ха-
ха! — Қарқылдаған күлкілері түн тыныштығын бұзып, тау-тасқа
жаңғырықты.
Бөке не істерін білмей дағдарып тұр. Аузына сөз түспей, аз бөгеліп
барып:
– Бұларың көпе-көрінеу зорлық қой, ағайындар-ау! Біздің қолымызда да
өкіметтің рұқсат қағазы бар, — деп тағы да алға таман жүре түскен.
Сол сəт тарс еткен мылтық даусы естілді де, зуылдап ысқырған оқ түнгі
ауаны тіліп өткендей болды.
– Мен не айтып тұрмын? Жақындама деп ескерттім ғой сендерге... Осы
қазір оққа ұшайын демесеңдер, бұл жерден тез тайыңдар!
Қазақтар, амал жоқ, аттарының басын кері бұрды. Бірақ Бөке үндемей
кетуді лайықсыз көрді білем:
– Жарайды, сендермен ертең сөйлесеміз, — деді өзінше айбат шегіп. —
Естеріңде болсын, бұл қылықтарың үшін əлі жауап бересіңдер?
– Сөйлессек сөйлесерміз. Демежан ғой — сеніп отырғандарың. Оны да
көріп алармыз! — деді Бужыңха мардамси күліп. — Сендердің қағаздарын
күшін жойған... Қазаққа қағаз алып берген Ши-амбының өзі қайда кеткенін
білесіңдер ме?
Бұдан ары кермалдасып тұрудың орны жоқ. Жігіттер иіндері түсіп
ауылға қайтты. Манағы тасып-төгілген қуаныш-шаттықтан із де қалмай,
соның бəрі тоғандағы сумен бірге сарқылғандай болып, ауыл үстін
көңілсіздік жайлап алды. Садырбек, Жұмабектей қайратты, жас жігіттер
ызадан жарылардай болып, жаралы аңдай тістерін шықырлата береді.
Бөкенің өзі де істер амал таппай сенделіп тұр.
– Апыр-ай, тым құрыса тағы бір күн шыдай тұрмады-ау! Қураған егіннің
таңдайына енді ғана нəр тамызғандай болғанда, күре тамырымызды қиып
кеткенін қарашы! Диқанбай-ау, енді не істейміз? Ақылыңды айтшы, — дей
береді əлсін-əлі.
Бір қызығы, Диқанбай мұндайда көп ойланып жатпайды. Оған бəрі


айқын, күні бұрын ойластырып қойған тəрізді.
– Бұған не ақыл айтатыны бар. Сен екеуіміздің сөзімізді қыстырайын
деп тұрған біреу бар ма? Дереу Демежанға кісі жіберу керек. Таңбалы қағаз
да үкірдайдың өзінде ғой. Ел атасының өзі келмейінше ештеңе шешілмейді,
— деді ол сабырлы қалпын бұзбай.
Осы түнде, таң атуын күтпей-ақ, Бөкенің үлкен ұлы Қадірбек тың ат
тауып мінді де, жайлауға қарай аттанып кетті. Ол түні бойы тынбай жүріп
отырып, ертеңінде түс кезінде Ойжайлауда отырған Демежан ауылына аты
болдырып əрең жетіп еді. Əсеттер аттанып бара жатқанда, көш жолынан
бері құлаған жалғыз қара осы Қадірбек болатын...
Демежан одан егіс басында болған жайды тəптіштеп көп сұрады.
Қадірбек те көрген-білгенін жіпке тізгендей түгел баяндап, əкесінің айт деп
тапсырған сəлемін қоса жеткізді. Егіннің қурап тұрғанын, жаңа тоғанның
суы егіс басына енді жете бергенде, халдайлардың істеген зорлығын, амалы
құрыған егінші жұрттың үкірдайдан бір жəрдем бола ма деп, төрт көзбен
күтіп отырғанын да жылағандай болып, жасырмай түгел айтып еді.
Демежан бұған бəлендей таңданған жоқ. Алда осындай бір теке тірестің
боларын білген адам тəрізді. Тек қалың ойға батқан кездегі əдетімен,
бірталайға дейін тіл қатпай, мұртын тістелеп отырып қалды.
Иə, халдайлардың қайтадан күш алып, бас көтере бастағаны рас болды.
Бұрын мұндайды тектеп, таразыны тең ұстап отыратын Ши-амбы болса
жоқ, енді не істесек те билік өз қолымызда дегені ғой... Мұндайда не істеу
керек екен? Үндемей қалсаң, қорыққаның болып шығады. Бұға берсең, сұға
береді... Енді аянатын не қалды өзі? Қиын қылса басыңдағы мансабын
алар, бірақ Демежан кеше өзі дем берген еңбекші бұқарасын жылатып
қойып, бастаған ісін орта жолда қалдыра алмайды ғой. Айқасатын адамы
Дохалдай екен. Осы жолы не де болса бір шайқасып көретін шығар.
Бастабында оған сандықта жатқан таңбалы қағазды алып, қаладағы
ұлыққа жүгінсем қайтеді деген бір ой келген. Бірақ ол ниетінен тез қайтып
қалды. Сонда баратын адамы — Шихалдай ма? Бұл əлгі түлкіден қорлық
көріп, қасқырға арыз айта барғанның кері емес пе. Демежан басымен
Бахалдай мен Дохалдайдың үстінен шағым айтып, Шихалдайға барса,
естіген ел артын ашып күлмей ме? Халдайлар қашанда қара күштен
басқаны танымайды. Алысқанда алып ұрып, басынан күш алып кетсең ғана
сенімен санасуы мүмкін. Қазақтың да халық екенін, іргелі, намысты жұрт
екенін көрсететін уақыт жетті емес пе?! Зорлық жасап, заңды бұзып
отырған — халдайлардың өзі ғой. Ендеше бұқпантайлап, қорғана беретін
не бар? Не есеңді жібермей ел қатарлы өмір сүру керек те, не болмаса
құлдардың санын көбейтпей, жер бетінен құрып кету керек қой. Бұдан
басқа жол жоқ.
Ол ең алдымен бір-екі кезең астында тақау отырған Байғара-Жауғаштың


зəңгілері Тыныбай мен Түсіпті шақыртып алды. Бұл екі зəңгі де қанша
бұлан құйрық, майысқақ болғанымен, ел атына мін болар намысқа шаппай
тұра алмады. Бұлар сол күні-ақ Ойжайлау, Балажайлау, Жуантөбе,
Қайрақтыда иін тіресіп отырған қалың Байғара мен Жауғашқа, Ақболат пен
Шөтік ішіне, сонау қиырдағы Қараменде мен Баймұратқа қос-қос атпен кісі
шаптырды. Сол шапқыншы-жаушылар арқылы əр рудың зəңгісі мен
елубасыларына: «əрқайсысы қастарына ат-көлігі, сойыл-шоқпары сай
қырық-елуден қарулы жігіт ертіп, екі күннен қалмай Абдыра аңғарынан
табылсын!» деген тығыз бұйрық жөнелтті.
Астына тың ат беріп, қасына кісі қосып, сол күні Қадірбекті де кері
қайтарған. «Бүкіл ойдағы жатақ ауылдар бұт артар көліктеріне мініп, балта-
найзасын сайлап, айқасқа əзір тұрсын» деп Бөкеге де арнайы сəлем
жолдады.
Ертеңінде қасына жүз қаралы сайдауыл жігіт ертіп, Демежанның өзі де
ойға қарай бет алған. Сол күні бесін ауа тоғанның көмейінде отырған
Бөкенің ауылына келді. Əзірше қасындағы адамдарды ел көзіне түсірмей,
бөктердегі жатақ ауылдарға таратып жіберді де, өзі мұнда оншақты кісімен
ғана келіп еді. Бөкеден мəн-жайды сұрастырғанда, халдайлардың əлі де
көмейге күндіз-түні қарулы күзет қойып отырғаны мəлім болды.
– Мен əлі олармен жүздескен жоқпын ғой. Бір рет Дохалдаймен
сөйлесіп, алдынан өтейік. Тілге көнсе көнді, көнбесе өз обалдары өздеріне!
—деді Демежан жұртқа ақыл сала сөйлеп.
Ол өз тобына Бөкені қосып алды да, сол күні-ақ жақын жердегі
Дохалдайдың зəйімкесіне қарай бет түзеді. Сібе-солаң алпауыттарының
арасында соңғы жылдары ылдидағы тасы өрге домалап, қатты байып бара
жатқаны — осы Дохалдай болатын. Өз меншігінен тыс, інілері мен
балаларының атына салынған əлденеше қора-жайы бар. Абдыраның сол
жақ қапталын алып жатқан ұшы қиырсыз көп егін де осы Дохалдай
əулетіне қарайды. Кейінгі кезде оның төрт түлік малының өзі əлденеше
қораға жетіп, шұрайлы жайлау, қыстауларды да солар иемдене бастаған.
Сонымен ол өкіметтің сүйікті құлы, ақсүйек, алпауытпын деп бір шалқыса,
əсіресе оның кеудесіне нан пісіріп, қатты буландыратын осы байлығы еді.
Демежандар келгенде, Дохалдай бірнеше арбамен егіс басынан
жоңышқа тасытып, малайларына маялатып жатыр екен. Өзі тоқпақтай
айдары арқасында шұбалаңдап, екі қолын артына ұстаған күйі əркімге бір
зекіп, бұйрық беріп тұр. Қастарына келген салт аттылар тобын көрмеген,
көрсе де елемеген сыңай танытып, күжірейген бұқа мойнын бұл жаққа бұра
қоймады. Əдейі намысқа тиіп, қазақтардың қырын сындырып, қорлағысы
келген түрі...
Бұдан ары үнсіз тұра беруге Демежанның да төзімі жетпеді. Қысасқа —
қысас. Бұл да оны көрмеген, көрсе де танымаған болып, ер үстінен сəл
көтерілді де:


– Маған Дохалдай деген керек еді. Көздеріңе түскен жоқ па? — деді бау-
бау жоңышқаны маяның үстіне лақтырып жатқан жігіттерге дауыстап.
«Əлі күнге дейін Дохалдайды танымайтын бұл қайдан жүрген адамдар?»
дегендей, малай жігіттер бұларға таңдана қарап, қасында тұрған
қожайындарын иегімен нұсқады.
– Е-е, Дохалдайдың өзі мұнда тұр екен ғой, — деп Демежан оған енді
ғана назар салған. — Ау, халдай, бері таман келсейші. Сен не, кейінгі кезде
естімейтін, көрмейтін болғансың ба?
Малайларының көзінше айтылған мынадай өктем сөзге Дохалдай, əрине,
шамданып қалды. Қап-қара боп түтігіп, бері таман келді де:
– Кім мені тергеп тұрған? — деді екі қолын артына ұстаған күйі
аттылардың бойынан асыра қарап. — А-а, Демежан, сен екенсің ғой... Не
керек саған? Халдайлардың үкірдайға бағынбайтынын ұмытып қалғансың
ба?
– Мен мұнда шен салыстырғалы келгем жоқ. Сенде сөзім бар. Бері таман
кел, — деп Демежан аттан түсіп, шылбырын шабарманына ұстатты да, өзі
Дохалдайды оңашалай берді.
Халдайлар да қамсыз отырмаған секілді. Кең ауланың ішінде ерттеулі
аттар тұр. Сол маңда жасырып қойған қарулы жасақ бары байқалады.
Демежан соларды көз қиығымен бір шолып өтті де, келген шаруасына
көшті.
– Ал, халдай, сен енді кетеген түйе бастанбай, сөз тыңда. Біздің елдің
ұзақ жыл ізденіп жүріп, бір-екі тоған суға өкіметтен рұқсат алғанын
білесін. Көп жыл көрші отырған ағайынбыз. Қазақтар да осы өздерін
сияқты егін салып, отырықты ел болғысы келеді. Жатақ ауылдар жаз бойы
тоған қазып, енді егіндеріне су жіберейін десе, сенің адамдарын көмейді
тас байлап алып, қарумен қорқытып, маңына жан жолатпай тұрған
көрінеді. Мұны қалай түсінеміз? Мен осының мəнісін өз аузыңнан ұғынып,
əдейі алдыңнан өтейін деп келдім...
– Егер келген шаруаң сол болса, оған бола аузыңды ауыртпай-ақ қой, —
деп Дохалдай оның сөзін бөліп жіберді. — Абдыраған су дəметуші
болмаңдар. Ол — ежелден біздің əулетке басы бүтін тиген енші ғой. Өкімет
қазаққа егін салдырам десе, басқа жақтан жер-су тауып берсін.
– Солай ма? Мұндай егеске бармасақ қайтеді?.. Іргелес отырып,
араздасқанымыз жараспас. Береке-бітімге келейік. — деп Демежан əлі де
татулыққа шақырып көріп еді. Бірақ Дохалдай:
– Жоқ, мұндайда береке болуы мүмкін емес, — деп арғы жағын
тыңдағысы келмей, тағы да орта жолдан киіп кетті. — Қазақтың алдындағы


малы сияқты, жер мен су да — біздің байлығымыз. Мəселен, мен сенің
жылқыңды рұқсатсыз бөліп алып айдай жөнелсем, қалай қарар едің? Бұл да
сол секілді.
– Мал — əркімнің еңбекпен жиған дүниесі. Ал Абдыра — құдайдың
жаратқан өзені ғой, — деді Демежан. — Сен де сол Абдыраның суын түгел
пайдаланып отырған жоқсың. Өзіңнен артылып, айдалаға, құрдымға сіңіп
жатқан суды аяйсың ба?
– Жоқ, сөз осымен бітті... Су берілмейді. Абдыра менің меншігім екен,
мен оны сатам ба, далаға ағызам ба, кімнің қанша шаруасы бар? Бəрі
айтылды ғой. Енді оны қайта-қайта езе бергеннен не шығады? — деп
Дохалдай кетуге ыңғайланған.
– Сен, халдай, шыбындамай тұра тұр! — деді Демежан оның алдын
бөгеп. — Байқа, біз де қарға да болса халықпыз... «Асты қорлама —
құстырады, халықты қорлама — тыштырады» деген мақалды естуің бар
ма? Сен əлі өзін сұрап алған аурудың емін таба алмай жүрме!
– Сен мені өйтіп қорқытпа! — деді Дохалдай кекете езу тартып. —
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дегенді
де қазақ айтпап па еді. Өздерің тəп-тəуір мақал шығарасыңдар да, соған
құлақ аспайтындарың не?.. Шаңыраққа қараңдар: ел кімдікі, жер кімдікі?
Соны біліп барып сөйлеңдер.
– Ақырғы сөзің осы ғой, Дохалдай?
– Осы-ақ!
– Онда өз обалың өзіңе... Тарт аттың басын!
Демежан бұдан ары бөгелген жоқ. Шабарманы көлденең тарта берген
торы төбелге лып етіп тез мінді де, өз тобын бастап жүріп кетті.
Бұлар сол күні Бөкенің аулында аял жасап, арттағы елден хабар күтті.
Жағдай белгілі: екі жақтың бір айқассыз тарамайтыны айқындалып қалған.
Түні бойы жан-жақтан шапқыншылар келіп жатты. Жайлаудағы əр ауылдан
сайланып шыққан жігіттер таяу жерге келіп, үкірдайдан бұйрық күтіп
тұрған көрінеді... Астыртын жеткен хабарға қарағанда, бұл кеште
халдайлар да қарап жатпай, бір-біріне кісі шаптырып, қол жинап жатқаны
мəлім болды.
Ми қайнатқан қырық күн шілденің аптапты ыстық күндерінің бірі еді.
Аспанда теңгедей бұлт жоқ. Күн көзі бүгін де мыс табақтай балқып,
көкжиектен енді көтеріліп келе жатқанда, Демежан, Тыныбай, Бөкелер
қырық-елу адаммен тоғанның көмейіне қарай бет түзеді. Бұлар негізінен
кешеден бері Бөкенің төңірегіне жиналып жатқан жатақ ауылдардың
жігіттері болатын. Араларында бір атқа екі-екіден мінгескендері, өгізге,


тай-байталға мінгендері де бар. Əйтеуір, қолдары құр емес, айыр, балта,
сойыл, шоқпар ұстап алған. Жер үшін жарғыласып, су үшін соғысуға əзір,
нағыз өліспей беріспейтін жанкүйер топ та — осылар... Ал Демежан қыр
елінен жиналған қалың қолды əзірше бұл топқа қоспай, бір белдің астында,
ұрымтал жерге жасырын ұстап отырған-ды. Олар да қазір жота-жотаға
қарауыл қойып, белгі берілсе-ақ болғаны, лап қоюға дайын тұр.
Абдыра аңғарының бұл тұсы иінделіп келген, əр кезде тасқын
домалатып əкелген қорымды-қойтасы мол, кең қойнау болатын. Төменде
тастан-тасқа соғылып, ақ көбігін аспанға атқан тау өзені күркіреп ағып
жатыр. Күндіз-түні бір тынбас сарынмен азан-қазан шу салып, долдана
жөңкіледі. Кешелер арғы жонға қалың нөсер жауған сияқты еді. Бүгін өзен
ағысының түсі бұзылып, лайлана қара қошқыл тартып, арнасынан асардай
молая түсіпті. Асау өзен толқындары кейде азу тісін ақситып атылғалы
тұрған көкжал бөріні еске салса, енді бірде шашын жайып, бетін жыртқан
долыға ұқсап кетеді. Бұл да бұрқ-сарқ етіп, қаһарына мінген тентек
халдайдың ашуындай.
Тоған басындағы күзет кетпепті. Қайта екі-үш есе көбейе түскені
байқалады. Сырт қаралдысы жиырма-отыз адамнан кем болмас.
Демежандар жақындап келгенде, олар да аттарына мініп, қарбаласып
қалды. Он шақты кісінің қолында мылтық бар. Қалғандары айбалта, сүңгі,
шоқпармен қаруланыпты. Бəрінің алдында биік торы аттың үстінде
мылтығын ерінің қасына көлденең салып, Бужыңха тұр. Келе жатқан ала
шобыр, шоқпыт топты менсінбей, мардамсып биіктен қарайды.
Қазақтар іркілмей суыт жүріп келіп, есік пен төрдей жер қалғанда, тізгін
тартты. Мына топтың ішінде Дохалдайлар көрінбейді. Көпшілігі —
Бужыңха тəрізді халдайлардың жас мырзалары, солардың сойылын соққан
сібе-солаңның алкеуде, содыр жігіттері... Демежан бірінші боп тіл қатты:
– Мен кеше сенін ағаң Дохалдайға мəн-жайды түсіндіріп айтқанмын, —
деді ол Бужыңхаға бұрылып. — Мына жұрттын жұмысына кедергі
жасамай, тез кетіңдер бұл арадан. Əйтпесе арты жанжалға айналуы мүмкін.
Бужыңха қасындағы серіктеріне бұрылып, өз тілінде бірдеңе айтып еді,
аналар ашық мазақ етіп, дарақылана күлді.
– Біз жанжалдан қорықпаймыз. Соғысқыларыңыз келсе, қызметіңізге
дайынбыз, — деді Бужыңха алдындағы мылтықты қолымен сипап қойып.
– Төбелес ешқайда қашпас, алдымен тілге келейік. Бəлкім, сойыл
сілтесіп жатпай-ақ бітісетін шығармыз.
– Мен ештеңе білмеймін, — деді Бужыңха. — Бітім керек болса, əне,
халдайлар келе жатыр, солармен сөйлесіңіз.
Демежан жайлап артына бұрылған. Ананың айтқаны рас екен,


Абдыраның ар жақ қабағын кенерелеп, қалың нөпір қол келе жатыр. Бір
өңкей баран атқа мініп, қараң киім киген, сайдың тасындай сайдауыл топ.
Ұзын-ырғасы жетпіс-сексеннен кем болмас. Əлгілер арты қабақтан бері
түсіп, тау өзенінің жайылмалау бір тұсынан кешіп өтті де, осылай қарай
тура тартты. Ең алда түйедей қара арғымаққа мінген Дохалдай, оның екі
жағында үзеңгі қағыстырып, Бахалдай мен Кехалдай, Тухалдайлар келе
жатыр. Халдайлар екпіндей суыт жүріп келіп, өз тобына қосылды да, қарсы
жаққа сонан кейін тана назар салды.
Олардың қазіргі жиыны жүзге жуық адам еді. Көбінің мойындарына
асып алған мылтықтары бар. Жатақ ауылдардың құранды, шоқпыт тобын
көзге ілмей, саңмүйізденіп тұрғаны белгілі. Мейманасы тасып, əспенсіген
Дохалдай бірінші болып өзі соқтықты:
– Иə, үкірдай, тағы келіп қалғансың ба? — деді Демежанға жоғарыдан
мүсіркей қарап. — Кеше саған бəрі ескертілген сияқты еді ғой. Бірдемеге
ұшырамай тұрғанда тарасаңдар қайтеді? Əйтпесе, көріп тұрсың ғой, арты
өте жаман болады.
– Мен сол сөзді саған айтайын деп тұр едім, — деді Демежан. —
Төбелес шықпасын десең мына бөлтіріктеріңді ал да, кет осы арадан...
Өздерің пəле қумасаңдар, біз жанжал іздеп тұрғанымыз жоқ.
– Ал пəле қусақ ше?
– Онда нағыз майдан болады. Бүгін не бел кетеді, не білек кетеді.
– Мыналармен бе?.. Қырарсыңдар! — Дохалдай қазақтардың тобына
қарап, қарқылдап күлді. — Текке қан боласыңдар ғой... Сендерге жаным
ашыған соң айтып тұрмын. Біздің жігіттер бүгін тым ашулы. Біреулерің
оққа ұшып кетсеңдер, қашан айттың деме, мен жауап бере алмаймын.
– Е-е, сен мылтығына сеніп тұр екенсің ғой. Халықтың қаһарына
жолығып жүрме, Дохалдай. Білесін ғой, халық қозғалса қалай болатынын!
Осы кезде манадан бері үнсіз тұрған Кехалдай қалтасынан күміс баулы
сағатын алып қарады да:
– Осылармен тəжікелесіп тұрамыз ба? Естерінен шықпастай етіп сабап,
айдап тастаңдар! — деді ат үстінде шірене түсіп.
Бірақ Дохалдай асығар емес. Əлі де ашық мазақ етіп, қорлай түсуді ниет
еткендей:
– Сенің халық деп тұрғаның — мыналар ғой. Мен мұндай қиынды-
жиындыны халыққа санамаймын, — деді ол Демежанға қарап. — Қазір
сенің соныңнан еретін Төртуыл табыла қояр ма екен? Сен бұл елге
алдымен өз басыңды сыйдырып ал.


– Ауыл иті ала болса да, бөріні көргенде бірігіп кететін. Қапы қалып
жүрме, халдай!
– Мен жаңа айттым ғой: осы қазір оққа ұшайын демесең, мына
жалаңаяқтарыңды жинап ал да, аманыңда жолыңа түс.
– Ендеше өз обалын өзіңе! Мен саған көрсетейін — халық қаһарының
қандай болатынын!
Демежан соны айтып, атының басын бұра берді де, қасында тұрған
Бөкеге ым қақты.
Халдайлар бұларды кетеді деп ойласа керек, өздерінше қорқыттық,
жеңдік деп масайрап қалған-ды. Сол кезде Бөке топтан бөлініп, озеннің
қабатына шауып шықты да, атын ары-бері ойқастатып, атой берді. Бұл —
əр төбенің басында қарауылдап тұрған жігіттерге көрсеткен шартты белгі
еді. Сол белгінің берілуі мұң екен, жерден шыға келгендей, маңайдағы
қырат-қыраттың басынан қалың нөпір салт аттылар көрінді де, таудан
домалаған қорым тастай, осылай қарай лап қойды. Жиыны бес жүз қаралы
кісі аралда тұрған шағын топты жан-жақты қусырып, қоршай шауып
келеді.
– Я, аруақ!
– Қабанбай-Қабанбай!
– Баймұрат-Баймұрат!
– Ұрып таста! Сілейте соқ иттің балаларын! — деген айғай-сүрең құлақ
тұндырады.
Бұл тек Абдыра тоғаны үшін болған айқас емес, ұзақ жылдан бері беріш
боп жиналған ыза мен кектің, халдайлардан көрген қорлық пен зорлықтың
атойлап сыртқа шығуы еді. Халық қаһары дəл қазір жолында не тұрса да
жапырып, таптап кетердей, селдей қаптап, жақындап келеді.
Халдайлар мұндайды күтпесе керек. Қапелімде мылтық атуға да
шамалары келмей, естері шығып ұйлығып қалды. Бұл кезде манадан əрең
шыдап тұрған жатақ жігіттері де таяу жерден жолбарысша атылып еді.
Олар аттылы-жаяу қаптап араласа бергенде, құйындата шапқан аттылардың
алғашқы легі де жетіп, айқаса тиген сойыл-шоқпардың сатыр-сұтыры
естіліп те қалған-ды.
Демежанның да қарап тұруға дəті шыдамай, өгізге мінген бір жатақ
шалының қолындағы қара сойылды ала салып, ұрыстың қызу ортасына
араласып кетті. Бұрын мұндай ат үсті шайқасына қатыспаса да, тұла бойын
кернеген ашу ештемеге қаратар емес. Кекпен сілтенген қарулы қол, əне-
міне дегенше қарсы жақтың бірнеше адамын тізеден қағып, шүйдеден


соғып, ұшырып түсірді... Халдайлар мылтықтарын аспанға атып, құр
доңайбат көрсеткені болмаса, ешкімді көздей атуға жүректері дауаламады.
Тек қалың қоршаудың арасында қалған Бужыңха ғана өз нысанасын жан
ұшыра іздеп жүр еді. Ол бұдан бір ай бұрын қапы кеткен қарымтасын осы
жолы қалайда қайтаруы керек-ті. Алайда қара құрым көп адамның
арасынан біразға дейін Демежанды нысанаға іліктіре алмай қор болды. Бір
кезде қалың қыспақтан жан дəрмен сытылып шығып, Демежанды көзімен
іздеп тауып, ту сыртынан мылтығын кезей берген-ді. Бірақ атып үлгермеді.
Оң жақ қарын қырқа тиген Бөкенің қара сойылы Бужыңханың қолындағы
мылтықты ұшырып түсірді.
Бұл сəтте тұс-тұстан атойлап шапқан ауыл жігіттері түгел жетіп,
халдайлардың шағын тобын селдей жапырып өте шыққан. Қарсыласуға
мұршаларын келтірмей, алдымен мылтық ұстағандарды ұрып түсірді де,
қалғандарын да көзді ашып-жұмғанша ұйпап жіберді. Тегіс аттан түсіріп,
қаруларын тартып алып, қарсыласқандарын тырыстырып байлап тастады...
Демежан осы кезде ғана ес жиып, тыныс алғандай болып еді.
– Бұзыңдар тас бөгетті! Суды өзіміміздің тоғанға салыңдар...
Халдайлардың ет қызуы басылсын, бір-бірден өзенге апарып тоғытыңдар!
— деді ол ат үстінде ақыра бұйрық беріп.
Осы сөздің ауыздан шығуы мұң екен, жұрттың біразы тоғанның
көмейіне қарай ұмтылды да, Бөкенің палуан ұлдары Қадірбек, Садырбек,
Жұмабек бастаған жатақ жігіттері Бахалдай мен Кехалдайды, Бужыңха
сияқты тағы бірнеше сібенің жас мырзаларын қарсыласқандарына қарамай
сүйреп апарып, өзеннің иіріміне тастап-тастап жіберді...
Халдайлардың арасында қара күшке мығым, диюдай қайраттысы
Дохалдай екен. Бірме-бірге келгенде ешкімді беттетпей, жан ұшырып,
қатты қарсыласты. Жігіттер халдайға жабылып кетіп, сүйрелеп өзенге
қарай апара жатқанда ол кенет əлгілерді сілкіп тастап, тура қашты...
Демежан бұл кезде аттан түсіп, сүмірейіп судан шығып жатқан
халдайлардың қызығына қарап тұрған-ды.
– Ұстаңдар Дохалдайды! Бəле басы — сол ғой. Өзін желкелеп отырып
менің алдыма алып келіндер! — деді ол ақыра дауыстап.
Жігіттер қашқын халдайды құтқарған жоқ. Лезде тарпа бассалып, қолын
артына қайырды да, үкірдайдың алдына сүйрелеп алып келді.
– Дохалдай, сен кеше батыр сияқты едің ғой. Бүгін қашып бара
жатқанын қалай? — деді Демежан мұртынан күліп. — Ал сөйлеші, кəне,
халық қаһары қалай екен?
– Сен бізді қапыда алдап соқтың. Бұл адалдыққа жатпайды, — деді
Дохалдай қалш-қалш етіп. — Халдайға қол көтергенің үшін, сен əлі жауап
бересің!


– Солай ма? Ақыры жауап береді екенмін ғой, сенен келген керді бір-ақ
көріп алайын... Жігіттер, жығыңдар мына иттің баласын!
Жұмабек сөзге келген жоқ, Дохалдайды жағасынан сілке тартып, шөке
түсірді де, төрт тағандатып, желкесінен басып тұрды. Демежан желең
шапанның ішінен буынған күміс кісеге қолын апарды да, қында тұрған
болат пышағын жарқ еткізіп суырып алды. Дуылдаған қалың ел бір сəт
тына қалған. Үкірдай ашу үстінде халдайды кеңірдектен орып жібере ме
деп, бəрі де қатты тіксініп қалып еді. Қасында таяу тұрған Тыныбай да
солай ойласа керек.
– Үкірдай, есіңізді жиыңыз! Осы пəленің қанына ортақ болып қайтесіз...
Маған қишы бір жолғы ашуыңды! — деп араша тілегендей көлденеңдей
берді.
Бірақ Демежан оның сөзін тыңдаған жоқ. Тыныбайды қолымен жасқап,
былай таман ысырды да:
– Қорықпа... Арам неменің қанына қолымды былғап қайтейін. Көптен
бері осы иттің айдарына көзім түсіп, қатты қызығып жүруші ем. Мұны
құтыртып жүрген — осы айдар ғой. Мен қазір бұл иттің қарағайдай мүйізін
қағып алайын! — деп Дохалдайдың сəл бурыл тарта бастаған жуан
бұрымын тұтамдап ұстады да, тай күзегендей дəл түбінен борт еткізіп кесіп
алды. Сонан соң қолындағы айдардың өріміне жылан ұстағандай жирене
қарап сəл тұрды да, дəл қасында толқынданып ағып жатқан Абдыраның
суына атып ұрды.
– Бұдан гөрі басымды кескенің артық еді ғой. Енді мені тірі қалдырмай
бауыздап таста! — деді жігіттердің қолынан əлі де босамаған Дохалдай
ышқына қырылдап.
– Айттым ғой: сенің арам қаныңа қолымды былғар жайым жоқ, — деді
Демежан пышағын қынына қайта салып жатып. — Сен кеше тоқал ешкі
туралы мақалды еске салып едің: кімнің тоқал ешкі болғанын енді көрген
шығарсың... Əзірше осы тойғаныңмен бара тұр. Бұдан кейін бұл тоғанның
көмейіне аттап бассаң, басыңнан айрыласың.
Дохалдай сүйретіліп орнынан тұрған кезде, айналаны жаңғырықтырған
күлкі кернеді. Оның мына кейпіне күлмеу мүмкін емес-ті. Осы жаңа ғана
өзіне айбар беріп, доғадай иіліп тұрған жуан айдардың орнында орып алған
шидің түбіріндей үрпиген бірдеңе қалыпты...
Сірə, адам баласы өз өмірінің биік шыңына оқта-текте ғана бір
көтерілетін болуы керек. Дəл қазір Демежан да өзінің сондай биікте
тұрғанын сезінді. Бұдан кейін алда не күтіп тұрғанын кім білсін, əйтеуір
осы сəт көптен жанын жегідей жеп, маза бермей жүрген бір арманының
орындалғаны анық. Сол үшін қандай жаза тартса да разы еді. Артында
осының бəріне куə болып, рухы көтерілген қалың ел қалса, көп бейнетпен


келген мына тоғандағы су енді сарқылмай ағып жатса болғаны. Одан
арғысы күл болмаса, бүл болсын!
– Жігіттер, мыналардың қаруын түгел сыпырып алыңдар да, өздерін
босатып қоя беріңдер. Алар сыбағасын алды ғой... Енді осы тойғандарымен
барсын, — деді ол көпшілікке қарап.
Бір тəуірі, екі жақтан да адам шығыны жоқ екен. Аздан соң халдайлар
тобы соққы тиіп, жеңіл жарақат алған, аяқ-қолынан мертіккен адамдарын
атқа мінгізіп, берекесіз ұбап-шұбап, өз зəйімкелеріне қайтып бара жатты.
Бұлардың өмірде бірінші рет беті қайтып, абыройдан айрылып, қатты
жасып, масқара болғаны осы еді.
Сол күні рухы бір көтерілген қазақ жігіттері жаңа тоғанның басында бір
көкқасқаны айтып сойып, жеңіс қуанышын тойлады. Абдыра аңғарын ұлы
жиын, топыр етіп бірер күн думандатып жатты да, ертеңінде көрген
қызықтарын айтып тауыса алмай, ауылдарына тарады.
Бұл жаңалық арада бір апта өтпей, бүкіл Құлыстай өлкесіне жайылды.
Дос сүйінді, дұшпан күйінді. Демежанның есімі аңызға айналып, ауыздан-
ауызға көшті. Бұрын алақандай егістік жерге, бір тамшы суға зар болып
жүрген жарлы-жақыбай, қалың еңбекші жұрттың Демежанға деген алғыс-
тілегі тіпті бөлек еді.
– Тусаң осылай ту!
– Халық қамын ойлаған азамат осындай-ақ болар.
– Бəрінен де халдайлардың сасық кеудесін басып, еңсемізді бір көтеріп
тастады-ау!
– Құдай енді соның жанына жамандық бермесін! — Пəле-жаладан қағыс
болғай! — деп шын жүректен шыққан тілек-батасын арнады.
Ал осы сəтте Демежанның бақкүндес жаулары бұл оқиғаны өздерінше
жорып, оған сырттай тон пішіп, сан-саққа жүгіртіп жатты.
– Бəлемнің сүрінген жері осы болған екен!
– Енді құтылмастай болып, қанды қақпанға мықтап ілінген екен...
– Халдайлар оны тегін қалдырмас. Енді ұлықтың да сары ізіне түсіп,
ұстасатыны Демежан болар.
– Шоқ-шоқ! Тым асып кетіп еді... Өзіне де сол керек! — десіп, талайдың
қыбы қанып, табалап жатты.
Қалай деген күнде де, осы оқиғадан кейін Демежан басына бұлт
үйіріліп, əлдебір зауалдың төніп келе жатқаны анық еді. Алда немен


тынары белгісіз, алмағайып, ауыр күндер күтіп тұрған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет