Кабдеш Жумаділов. Тагдыр



Pdf көрінісі
бет4/5
Дата12.04.2023
өлшемі2,44 Mb.
#174394
1   2   3   4   5
Байланысты:
Тағдыр. Қабдеш Жұмаділов-1
№7 дәріс бойынша тест Неке-отбасы құқығының негіздері, ОСНОВЫ БИОСТАТИСТИКИ
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ДАР АҒАШЫ
I
Уақыт мамыр айының соңы, ұлы сəскенің кезі болатын. Көк жүзінде
теңгедей бұлт жоқ. Зеңгір аспан жаңа ғана жуылып, таза сүртілген жасыл
шыныдай мөлдіреп тұр. Кеше кеште жауып өткен мол жаңбырдан кейін
дүние шаң-тозаңнан арылып, айнала төңіректен бір жасандық, балғындық
білінеді. Бетеге мен жусан, селеу мен изен аралас жүз түрлі шөп өскен
Боздақ даласы көктем шуағына кеудесін тосып, бусана бөртіп жатыр. Сəл
жел тұрса болғаны, жаңа жетіле бастаған жердің түгі құндыздай құлпырып,
бірде жасыл, бірде сұрғылт түске енеді.
Соңғы бір айда Демежанның атқа мініп, ауылдан ұзап шыққаны осы еді.
Көктемнің өз күшіне еніп, дүниенің түлеп жасарғанын енді аңғарғандай,
айналасына мұңды көңілмен таңырқай қарап, көкірегін кере бірнеше рет
терең тыныс тартты. Тампыс табиғаттың мəңгі бір қалыпты тұрмай, тез
алмасып, бірін-бірі ұмыттырып отыратыны ғажап-ау. Осыдан бірнеше ай
бұрын бұл өлкені қалың қар басып жатпаған, үскірік аяз қыспаған, мынау
байтақ далада ақ түтек боран ұйтқымаған секілді. «Күн жаманы кетеді,
адам жаманы қалады» дегенді қазақ осындайда айтқан болар.
Қазір Демежан көкірегінде əлі сейіле қоймаған бір қапалы мұң бар.
Осыдан бір жарым айдай бұрын Ажар анасы қайтыс болған. Сол кісінің
қырқы өткенше, Бибі екеуі Сарыөлеңдегі үлкен ауылда болып, қазаның
артын күтісті. Бертінге дейін өзін тың ұстап келген Ажар бəйбіше ауырмай-
сырқамай, кенеттен дүние салды. Жасих намазын оқып отырып, сəждеге
басын қойған күйі жүріп кетіпті. Молдалардың айтуынша, мұндай өлім өте
сирек, құдай тағала өзінің ілуде бір сүйген құлына ғана жіберетін көрінеді.
Ажар көзінің тірісінде жан баласына жақсылық етуден танбай, тек алғысқа
бөленіп, əдемі өмір сүріп еді, жарық дүниеден де еш қиналыссыз, азап-
михнат тартпай, əдемі қалпында өтті.
Ойламаған жерден, дайындықсыз келген қаза Демежанға өте ауыр тиді.
Тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп, іштен жарып шықпаса да, Ажар
оның ақ сүтін емген анасы еді ғой. Осылай жер басып жүргені үшін, ол тек
бір-ақ адамға, сол анаға қарыздар болатын. Мына бір қамсауы жоқ, өгей
өмірде өзгеден таппаған мейір-шапағатты сол кісіден тауып еді-ау. Өзіңнің
ең жақын адамың дүниеден өткенде, сенің де тірлігіңнің бір бөлшегі
сонымен бірге кететін сияқты ма, қалай? Ажар анасын қайтпас сапарға
ұзатып салғаннан бері, Демежан көңіліне де алғау түсіп, жалпы өмір, өлім
туралы көп ойлайтын болып еді. Адам өмірі қандай қысқа?! Бірақ тірі
пенде соны ойламауға тырысып, өзін алдарқату үшін неше түрлі қарбалас
қам-қарекет, бітпес, таусылмас ермектер тауып жүреді. Ал шындап ой


жіберсең, тірліктегі қызық-қуаныш, талас-тартыс, жеңіс-жеңіліс дегендерің
— өзіңді-өзің емексіткен, жай күн өткізудің амалы сияқты. Осыны
ойлағанда, Демежан бұл бес күндік жалған дүниеден табан тірер дəнекер
таппай, өмірден суына түсуші еді.
Демежан ұзақ уақыт қаралы қазаның соңында жүріп, Боздақтағы өз
ауылына кеше ғана оралған-ды. Бұл аттан түсіп, үйге кірер-кірместе, ала
шапқын, беймаза тірлік қайта басталды. Астындағы атын қара терге
түсіріп, бүкіл ауылдың итін шулатып, қаладан Шихалдайдың шабарманы
жетті. Қолында бүкіл үкірдай-зəңгілер ертеңнен қалмай Шəуешекке жетсін
деген шақыру қағазы бар. Сонысын табыс етті де, тізгін ұшымен ілгері
кетті. Бүгін Демежанның қасына інісі Əбдірасыл мен шабарманы Рақымды
ертіп, қалаға асығыс аттанып бара жатқан себебі сол еді.
Қалаға апаратын күре жол өз зəйімкесінің дəл түбінен өтеді. Бұл күнде
«Демежан қарағашы» атана бастаған қалың тал сонадайдан көз тартып,
көгеріп тұр. Осыдан он шақты жыл бұрын шаншылған балапан шыбықтар
қазір көкке бой созып, жап-жасыл ну орманға айналған-ды. Өз қолымен
өсірген сол саялы бақты көргенде, көңілі селт етіп, сəл сергігендей болды.
Көптен көріспеген Диқанбайдан шаруа жайын білмек болып, ат басын
солай қарай бұрған.
Осы зəйімкеде қысы-жазы көшпей, егіс басында отыратын он шақты
үйдің сорабы бар. Баяғы Ақшоқыдан көшіп келетін егіншілер əулеті түгел
осы жерді мекендеп қалған. Жаз бойы егін суарып, пішен шауып, қазір
Демежанның бар шаруасын дөңгелетіп тұрғандар — солар. Тұрлаулы
еңбекке сүйенген тұрақты кəсіп неге жаман болсын, сол адамдар аз
жылдың ішінде тез ес жинап, қатарға қосылып кеткен. Бұл күнде əр үйіне
əлденеше ірі қара, он-он бестен ұсақ бітіп, осы төңіректегі ең күйлі, тоқ
тұратын ауылдардың біріне айналған. Қазір сонау көк жазықта шұбартып
көрінген ірілі-уақты бір табын мал да осы қорадан өрген-ді. Мұндағы бар
билікті Диқанбайдың қолына өткізіп берген Демежанның жазғытұрым
қыстаудан көшкеннен бері өз зəйімкесіне ат басын тіреп тұрғаны осы.
Бұлар келгенде, Диқанбай кең ауланың ішін ағаш жаңқаларына
толтырып, əлдебір сынық арбаға жаңадан жəрендік салып жатыр екен.
Өздерінің қамқор қожасын көріп, қалбалақтап алдынан шықты.
– Жақсы келдіңіз, үкірдай. Үйге түсіп шай ішіңіз, — деп шылбырына
жармасты.
– Жоқ, рақмет. Асығыс қалаға кетіп бара жатырмын, — деді Демежан
аттан түсе қоймай. — Жол-жөнекей пысықтығым ұстап, шаруа жайын
білейін дегенім ғой... Иə, өздеріңде не хал болып жатыр?
Өз ісіне мығым Диқанбай асып-сасуды білмейді. Жұмыс барысын
қолмен қойғандай етіп, тəптіштеп баяндауға кірісті.


– Хал жаман емес. Бізде күш-көлік жағы қыстан күйлі шықты ғой.
Өзіңізге қарасты егінді жердің дымы кеппей тұрып, ерте көктемде-ақ егіп
үлгіргенбіз. Биыл біраз тың көтеріп, егіс көлемін едəуір ұлғайттық. Ал,
оның есесіне, көп жылдан бері үзбей жыртылып келе жатқан ескі
аңыздарды демалдыру үшін жоңышқа сеуіп тастадым. Қазір қар суымен
айдалған алғашқы астық тегіс көктеп, тақта бетін жасырып қалды. Биыл,
құда қаласа, тəуір өнім алатын жылымыз, — деп Демежанның көңілін
орнықтыра нық сеніммен сөйлейді.
– Бəрекелді, Дықа! Жақсы болған екен. Биыл мен де сізге септігімді
тигізе алмадым. Біздікі — сол өзіңізге сеніп жатқан.
– Е, мұнда біз бармыз ғой... Сіз келгенде не бітірер едіңіз? — деп күлді
Диқанбай. — Балалар ержетті. Басқа жігіттер де егіс жұмысына əбден
машықтанып алды.
– Бала демекші, осы ауылда баланың басы біраз бар емес пе? — деді
Демежан есіне əлдене түскендей.
– Е, шүкіршілік... Əр үйден бес-оннан қара сирақтар өреді. Оны неге
сұрадыңыз?
– Біз енді осы ауылдан мектеп ашуымыз керек, — деді Демежан. —
Біздің Назарбек те мектеп жасынан асып барады... Қаладан үй салатын ұста
алдырсам, биыл соны көптеп-көмектеп бітіре аламыз ба?
– Е, бітірмей... Қазір жігіттердің қолы бос. Жұмыстың ара-арасында
жабылып кетпейміз бе.
– Онда осы жағын ескеріңізші, Дықа. Жігіттерге əредікте кірпіш
құйдыра беріңіз. Ауырсынбасын, үстеме ақысын өзім төлеймін.
– Шырағым, Демежан-ау, сенің ойлап жүргенің — біздің қамымыз емес
пе. Өз балаларымызды оқытатын мектептен немізді аяйық. Қайта,
ашылсыншы сол мектеп. Өзіміз əліпті таяқ деп білмесек те, тым құрыса
ұрпағымыз қара танып қалсын, — деп Диқанбай ар жағын айтқызбай, өзі
билеп кетті.
Демежан мұнда келген шаруасын бітіріп, енді қоштасып жүруге
ыңғайланған.
– Айтпақшы, жоғарғы жатақ ауылдардан хабарласқандар бар ма? Биыл
Бөкенің күйі не болып жатыр екен? — деді дəл жүрерде.
– О, ол кəрі шөңгенің мұртын биыл балта кесетін емес, — деп Диқанбай
көңілдене күлді. — Жақында сол жаққа барып қайттым. Жатақ кедейлері
өзара серіктесіп, кəдімгідей тың көтеріп жатыр. Былтырғыдай емес, егіс
жұмысына да төселе бастаған. Жаңадан малшы-жалшы көп үйлер көшіп


келіп, іргелі елге айналыпты.
– Биыл халдайлар тарапынан құқай көрсеткен ешкім болмап па, əйтеуір?
— деді Демежан езу тартып.
– Халдайлар əзірше тыныш көрінеді. Қазірдің өзінде тоғандарында
сарқырап су ағып жатыр. Жазда пəйек жақсы шықсын деп, артық суларын
тіпті шабындыққа салып қойыпты... Бөкенің екі езуі екі құлағында.
– Апыр-ай, жақсы болған екен! — деді Демежан шын қуанып. —
Дегенмен олар əлі бастықпай жатыр ғой. Қашан көштерін түзеп алғанша,
анда-санда барып, бас-көз бола тұрарсыз.
Демежан соны айтып, атының басын бұра берген-ді. Кенет мал қора
жақтан осылай қарай жүгіре басып келе жатқан біреуге көзі түсті.
Жақындағанда таныды, өзінің бағбаны Жаң Шули екен.
– Лауия
33
, сəл тұра тұрыңызшы, — деп сонадайдан қолын ербеңдетіп,
жүгіріп келеді.
«Е, бұл байғұсты мүлде ұмытып кетіппін-ау. Бұған не керегім болды
екен?» деп, Демежан атының басын тежеп күтіп тұрды. Қасына келгенде,
бағбанға жылы шырай білдіріп, жай-күйін сұраған. Жаң өз ахуалынан
қысқаша ақпар беріп жатыр. Айтысына қарағанда, оның шаруасы да жақсы
жүріп жатса керек. Өзіне қарасты жерін өңдеп, көкөністерін түгел
отырғызып болыпты. Енді соған інісі екеуі мал қораларынан көң тасып
апарып, тыңайтқыш төгіп жүрген көрінеді... Жаң соңғы кезде ептеп
қазақша сөйлейтінді шығарып еді.
– Мұнда жер де тола, су да тола... Тыңайтқышқа пұл керек емес. Бəрі
хау... жақсы! — деді ол бас бармағын көрсетіп. — Лауия, біз сізге разымыз.
– Басқа қандай мұқтажың бар? Керегің болса мына кісіге айтып тұр. Ол
бəрін орындайды, — деді Демежан қасында тұрған Диқанбайды нұсқап.
– Қазір ештеңе керек емес. Керек болса мен айтады... Біздің жонту
34
жақсы кісі, — деп ол Диқанбайдың да мақтауын жеткізіп жатыр.
Сонан соң, келген шаруасы енді есіне түскендей, қалтасын актара
бастаған. Бешпетінің, шалбарының жыртық-тесігін тінтіп жүріп, бір
уақытта тілдей қағаз тауып алды.
– Ой-я, сіздің кезіккеніңіз қандай жақсы болды. Əйтпесе мен өзім іздеп
барайын деп жүр едім, — деді баладай мəз болып. — Осыдан екі-үш күн
бұрын қалаға барып қайтып ем. Мына хатты сізге Ли-шансың беріп
жіберді.
Демежан қағаздың бүктеуін ашты да, таныс жазуға жылдам көз жүгіртіп


шықты: «менің жағдайым мəз емес. Науқастанып қалдым. Қалаға келсең,
маған бас сұғып шығарсың» депті Ли-шансың.
– Оған не болды екен? Білмедіңіз бе? — деді ол.
– Ой-я, Ли-шансың қазір науқас қой. Сізге айтатын сөзі бар секілді...
Осы хатты ұмытпай сізге табыс ет деп қатты өтініп еді.
– Жарайды. Мен өзім де қалаға бара жатырмын. Ли-шансыңға міндетті
түрде кіріп шығам, — деп Демежан орнынан қозғала берді.
Жаңға жолыққан сайын осы бір қытай шаруасының адалдығынa,
еңбекқорлығына таң қалады. Бұлардың мұнда келгеніне де он шақты жыл
болды. Сонда байқағаны, жылда көктем шығысымен ала таңнан қара кешке
дейін бір тыным көрмейді ғой байғұстар. Қашан көрсең, қолынан тесесін
тастамай, жер шұқылап жүргені. Бұларға ұшан-теңіз көп жердің де қажеті
жоқ. Ауыл іргесіндегі екі тақта жерден қыруар өнім алады. Жəне сол аз
егісті қалай баптайды дейсіз ғой. Топырақтан бір түйір іртік қалдырмай,
жерді кəдімгі теріше илейді. Жаз ортасында бір келіп қарасаң, бұлардың
жері жай егіс емес, гүл алаңы, немесе қолдан тіккен кесте сияқты.
Көкөністің өніп шықпасына қоймай, құлағынан тартып өсіретіндей... Ал
күздігүні əлгі жерде қауын-қарбыз дейсің бе, помидор, қияр дейсің бе,
картоп, капуста, пияз дейсің бе, жеуге ауыз табылмай үйіліп қалады.
Сондықтан олар кейінгі жылдары алған өнімдерінің бір бөлігін базарға
апарып сататын болған. Басында көлікті Демежанның айтуымен Диқанбай
беріп тұрушы еді. Арада бірер жыл өтпей, өздері ат-арба сатып алды.
Ағайынды екеуі жылдан-жылға қоттанып, байып бара жатыр. Күздік өнім
жиналып болған кезде, жыл сайын Демежанға да əжептəуір ақша əкеліп
беретіні бар. Аз емес, кемінде үш-төрт қараның сомасы. Демежан алғысы
келмесе, Жаң тықпалап əлекке түседі.
– Лауия, мұныңыз жарамайды. Біз ту баста табысқа ортақ боламыз деп
келістік қой. Сол уəде күшінде қалуы керек, — деп бəйек болады.
Өткен жылы Демежанға: «осыларды мен жіпсіз байлап жүрген жоқпын
ба» деген ой келіп, бір рет сыр тартып көрген-ді.
– Жаң, сенің басына қиыншылық түскенде, саған аздап қол ұшын
бергенім рас. Бірақ онымды міндет етпеймін. Егер өзіңе қолайлы жер
тапсаң, қай жаққа, қашан кетем десең де еріктісің, — деп əңгімесін бастай
беріп еді, Жаң арғы жағын айтқызбады.
– Лауия, сіз өзіңіз қумасаңыз, біз ешқайда кетпейміз. Мен өлсем, інім
мен балаларым жұмыс істейді осында. Мұндай құнарлы жерді, мол суды,
сіздей қайырымды қожайынды қайдан іздеп табамыз? — деп басы жерге
жеткенше иіліп, əбігерге түскен-ді.
Содан қайтып бұл жайында əңгіме болған жоқ. Қарапайым қытай


адамдары тату көрші, адал жұмыскер ретінде өз қалауларынша тұрып
жатыр.
Демежан өз ауылынан ұзап, қалаға таман жақындаған сайын, оны
арттағы шаруадан гөрі, алда өзін күтіп тұрған жайлар көбірек алаңдата
бастап еді. Бұл аймаққа осы күнге дейін жаңа əмірші тағайындалмай, Ши-
амбының орны бір жылдан бері бос тұр. Уақытша қолына таңба ұстап, іс
басқарып отырған Шихалдай сол атағының өзіне мəз болып, ел жұмысына
бой салып араласуды қойған-ды. Сірə, бірдемені бүлдіріп алармын деп
қорқатын секілді. Жиын ашып, жарлық шашуға да жүрегі дауаламай,
қырдағы ру-тайпа басшыларын да өз беттерімен қоя берген. Енді оған
аяқастынан 
жан 
бітіп, 
үкірдай-зəңгілерді 
бұлайша 
тығыз 
түрде
шақыртуына не себеп болды екен? Демежан қанша ойланса да, соның
мəнісін нақты біле алмай келеді. Əлде аймаққа жаңа əмірші келе жатыр ма?
Шихалдайды шырқыратқан сондай бір дөкейдің дүмпуі ме? Əй, солай
шығар... Маншың өкіметі қанша етекбасты, жайбасар дегенмен, сонау алыс
астанадан түкпірдегі Тарбағатай аймағына бір ұлықтың келіп жететін
уақыты болды емес пе?!
Ши-амбы өткен жылы Ілеге барған сапарынан күзге салым қайтып
оралған. Шəуешекте тағы екі-үш ай билік құрып, тек желтоқсан айының
басында ғана артынып-тартынып, Құлжаға біржола көшіп кетті. Қызметі
төмендемеген, қайта өлке бастығының орынбасары болып жоғарылапты.
Ілеге ішкеріден жаңа жаңжұң—жас генерал-губернатор келген екен.
Сондай жас əміршіге Ши-амбы секілді елдің-жердің жағдайын білетін
тəжірибелі қарттардың бірі көмектесуі керек болыпты-мыс.
Ши-амбының аз уақытқа болса да қайта оралуы Демежанға жаман
болған жоқ. Ол келісімен, былтырғы тоған басындағы оқиғадан кейін
намысқа шауып, қатты дүрліккен халдайлардың кеудесін тез басып
тастады. Кінəлы Демежан емес, керісінше, қолдарында өкімет берген
заңды қағазы бар қазақтарға қарсы бүлік шығарған Дохалдайдың əрекетін
сотқарлық, басбұзарлық деп тапты. Сөйтіп ол бұл елмен қоштасып бара
жатып та, Демежанға шарапатын тигізіп кетті.
Тарбағатайда тұрған отыз жылдың ішінде маньчжур ұлығы біраз байлық
жинаған екен. Тірі малды есепке алмағанда, қоймадағы мүлік-
мүкəмалының өзі əлденеше арбаға жүк болып, тұтас бір керуен құраған.
Демежан оны қала ұлықтарымен бірге түстік жерге дейін ұзатып салды.
Қаладан едəуір ұзап шығып, Қараүңгірдің көпірінен өткен соң, Ши-амбы
күймесін тоқтатып жерге түсті де, артында бұлдырап қалып бара жатқан
Шəуешектің қалың талынан көз алмай, ұзақ қарап тұрды. Əлден уақытта
орамалын алып, буланған көзəйнегін сүрткіледі:
– Қайран Шəуешек! Құт қонған, қасиетті жер еді. Қимаймын... Мен бұл
қалаға қылшылдаған қырық жасымда келіп ем, жетпістен асқанда кетіп
бара жатырмын. Енді қайтып көре алмаспын, сірə да!.. Өмір деген сол,
мырзалар. Бір күнгідей болмай ете шықты, — деп іштен тына күрсінді.


Ұзата шыққандардың көпшілігі осы арада қоштасып қайтып кетті де,
Демежан біраз адаммен Дамылтам бекетіне дейін еріп барды. Бұл оның
ұзақ жыл дəмдес болып, тəрбиесін көрген, өз тағдырына шешуші ықпал
еткен маньчжур ұлығына деген ең соңғы құрметі еді. Екеуі айрылысарда
құшақтасып қоштасты. Демежанның қарсы алдында сол сəт бір аймақтың
қатал əміршісі емес, томардай ғана қаусаған шал тұр еді. Ши-амбының
өмірі көзіне жас алып, босағаның көргені осы. Айрылысар сəтте лықсып
келген жасты тоқтата алмай, кəдімгідей жылады.
– Уақыт шіркін қалай тез өтеді?! Сен менің қолыма келгенде он екі
жасар бала едің, — деген мұның бетіне қарап. — Ұзақ жыл дəмдес-тұздас
болдық. Өз басым, шамам келгенше, саған жай бағынышты қызметкер
емес, балам ретінде қарауға тырыстым. Тағдырға не шара, енді, міне,
айрылысатын кез жетті. Бəріміз де пендеміз ғой... Бір-бірімізді сөге
жамандамай, жақсы көңілмен еске алатын болайық.
Сол сəт Демежанның көзінен де еріксіз жас шығып кеткен. Екі еркек
айдалада, үлкен жолдың үстінде тұрып, бір-бірімен осылай жылап
қоштасты. Қазір ойлап отырса, ол Ши-амбының жалғыз бұған деген
ықыласы емес, осында өткен өмірімен, қайта оралмас жастық шағымен
қоштасуы екен ғой. Əлде секемшіл қарт көңілі сонда-ақ бірдеңені сезді ме
екен? Осыдан барған соң көп ұзаған жоқ. Арада үш ай өткенде Ши-амбы
қайтыс болды деген хабар келді. Сөйтіп, Құлыстай елінің өмірінде елеулі із
қалдырған атақты маньчжур ұлығы да бұл дүниеден өте шықты. Əсілі,
кісінің қадірі көзі жұмылған соң білінеді ғой. Бұл күнде Тарбағатай
жұртшылығы «баяғы Ши-амбының тұсында» дескен бір ауыз сөзбен ол
марқұмды да оқта-текте еске алып қояды.
Қазір Демежан өзінің сол бір империя өкілімен ара қатынасын еске
түсіріп, ой сарабына салса, нақты жіп тағуға болмайтын, қайшылығы мол,
қос-қабат сезімге бөленеді. Соған қарағанда, өмір дегенің дайын қалыпқа
зорлап сыйдыруға келмейтін, өте күрделі нəрсе болса керек. Дүниеде қатып
қалған ештеңе жоқ, жақсылық та, жамандық та салыстырмалы. Ал əрбір
адам — өз алдына жатқан бір əлем. Соңғы кезде Демежанның көзі жеткен
бір шындық, адамдар: қытай, маньчжур, қазақ, қалмақ деп əртүрлі ұлтқа
немесе бағындырушы-бағынушы, бай-кедей деген тапқа ғана бөлініп
қоймай, жақсы адам, жаман адам болып та жіктелетін сияқты...
Адамдардың ұлтқа, тапқа айрылуы — көзге көрініп тұрған сыртқы қабығы
ғана. Олардың орнын алмастыруға, өзара теңестіруге де болар. Ал
жақсылық пен жамандықтың шекарасын жою қияметтей қиынға түсер-ау!..
Аймақтағы ұлықтардың алмасуына қарай, ел жуандарының Демежанға
деген қатынасы да қырық құбылып, өзгерумен келе жатыр. Əсіресе,
былтырғы тоған басындағы оқиғадан кейін досы да, дұшпаны да бұдан
қатты сескеніп, үркіп қалғандай еді. Айдарынан айрылған Дохалдай төбе
шашы қайта өсіп жетілгенше, алты ай бойы жұрт көзіне көріне алмай,
үйінде құсаланып жатып алған-ды. Тек айдары ұзарып, өріп қоюға жараған


соң ғана, қайтадан атқа мінген. Демежанға кеткен кегін, əрине, ұмытқан
жоқ. Бұрын ол көбінше өлкедегі Ши-амбыдан жасқанып жүретін-ді. Ол
өлді деген хабарды естігенде, үйінде отырып кішігірім той жасапты.
Осыдан кейін-ақ көп бөгелмей, қойны-қоншын ақшаға, алтын-күміске
толтырып алып, Құлжаға жүріп кеткен-ді. Іле жаңжұңына шағым айтып,
шамасы келсе, Демежаннан өш алмақ деседі. Ол кеткелі де, міне, екі-үш
айдың жүзі болды, сол сапардан əлі оралған жоқ.
Осының артынан іле-шала былтырдан бері абақтыда жатқан Байсерке де
бір түннің ішінде ізім-қайым жоқ болып шықты. Білетіндердің айтуынша,
оны да түрмеден қашырып жіберген — халдайлар көрінеді. Көп кешікпей
Байсеркенің де Құлжаға қарай бет түзегені мəлім болды. Жалғыз кетпей,
Бөрінің бірнеше жігітін қасына ертіп алыпты. Олар Құлжаға барғанда
қажет болатын жол қаражатын да алдын ала ойластырса керек. Жол-
жөнекей Мəмбеттің алыс отарда жатқан жылқысына тиіп, ірі-ірісінен
таңдап жүріп, алпыс жылқыны айдап кетіпті... Қазір Дохалдай мен
Байсерке Құлжа қаласында бас түйістіріп, Демежанға қарсы астыртын іс
қозғап жатыр деген сыбыс бар.
Қазір Төртуыл ішінде де дауыл алдындағыдай бір алдамшы тыныштық
орнаған. Əншейінде Демежанның орнына таласып, қырқысып жататын əр
рудың атқа мінер жуандары да əліптің артын бағып, байғыздай бұғып
қалған-ды. Нені күтетіні белгісіз,əйтеуір бəрі де ғайыптан келетін бір
өзгерісті сарыла тосып жүр. Əлде осы пəледен аулақ жүрейік дегені ме,
бұрынғыдай ашық қарсылыққа бармай, қасына да жоламай, суық түсе інге
тығылған суырдай, үй-үйлерінде тың тыңдап жатқан жайы бар...
Осылайша бірінен-бірі туып балалаған қалың ойдың құшағында,
қасындағы серіктеріне де бір ауыз тіл қатпаған күйі, Демежан шалқар түс
шамасында Шəуешекке кірді. Қаланың шетіне ілінгенде, Əбдірасыл
қатарласа беріп:
– Демежан аға, біз бүгін қай үйге түсуші ек? — деп қалды бірінші рет
дыбыс беріп.
Демежан селт етіп басын көтеріп алған. Бұл туралы ойланбапты ғой...
Айтты-айтпады, кімнің қорасына бұрылғаны дұрыс? Бұрын көбінше
Ыбырайдың үйіне түсуші еді. Бірақ ол үйден қонақ арылмайды, ырду-
дырдуы мол. Сол ойланып қалып:
– Бабалықтың қорасына тарт. Соның үйі тыныштау болар, — деді
інісіне. Сонан соң қасындағы Рақымға бұрылды да: — сен Шихалдайға
барып білші, жұрт жиналды ма екен? — деп шабарманын жұмсап жіберді.
Бұлар жамбылдың ішін қақ жарып, сыртқы қақпадан шыға бергенде,
Рақым соңдарынан қуып жетті.
– Үкірдайлардың алды келе бастапты. Тек Керейдің үкірдайы


Тұрысбекті күтіп отырған көрінеді. Түстен кейін сағат үште кеңсеге
жиналу керек екен, — деді ол мəн-жайды түсіндіріп.
Демежан төс қалтасынан сағатын алып қарады да:
– Онысына əлі көп уақыт бар. Жүріңдер, оған дейін шайға қанып
алайық, — деп атын тебініп, алға түсе берді.
Бабалық ауласында жүр екен. Қақпадан кірген Демежанды көріп, құрақ
ұшып алдынан шықты. Өзі алыстағы Керей ішінен кеше ғана оралыпты.
Апарған саудасы күсет болып, ырғын пайда түсірген секілді. Кең ауланың
қора, қойма жақ бұрышы үйір-үйір малға, тай-тай жүн, тері-терсекке толып
кетіпті. Сол маңда бірнеше жігіт арбадан жүк түсіріп, қарбаласып жүр.
Демежандар аттан түскен соң бірден үйге кіре қоймай, аулада сəл кідірістеп
қалды.
– Біздің тірлік осы, — деді Бабалық қойма маңында жүргендерді иегімен
нұсқап, — Қазақтың қорасында шіріп жатқан жүн мен теріні қалаға тасып
əкелеміз. Оны тиын-тебенге, бұл-шай, бұйымға айналдырамыз да,
соқырдың өз бидайын өзіне қуырып бергендей қырдағы елге қайта апарып
өткіземіз. Əйтеуір, қу жанға бір тыныштық жоқ.
– Тіпті сенің осының дұрыс. «Есектің артын жу да, мал тауып кел» деп
Абай тегін айтқан ба. Қазақтың жатып ішер жалқаулығына əбден зығыры
қайнағанда шыққан сөз ғой бұл, — деп Демежан оны көтермелеп қойды.
Бабалық ауласының бір жақ қапталына Ешен-Сейіттің мешіті салынған-
ды. Қазір ұшар басына ай орнатылған, биік мұнаралы көк мешіт күн
нұрына шағылып тіпті асқақтап көрінеді. Демежанның есіне осыдан он
шақты жыл бұрын дəл осы үйде Ешен-Сейітті алғаш көргені, болашақ
мешітке орын таңдағанда, Бабалықтың өз жерінің жартысын бөліп бергені
оралды.
– Қазірет қалай, жүріп жатыр ма? — деді ол мешіт жақты иегімен
нұсқап.
– Е, ол кісінің ұпайы түгел ғой. Қазір бір «аллауакбары» бір қой боп
маңырап тұрған жоқ па, — деп Бабалық қулана күлді. — Кəне, үйге
кіріңіздер... Шəкет, қайдасың? Қонақтарға көрпе сал!
Бұл күнде бірнеше баланың анасы болып үлгірген, ұзын бойлы, ақ сары
Шəкет төр алдына көрпе жайып, көпшік тастап, қонақтарды ізетпен қарсы
алды. Төрт-бес жастағы кішкентай қыз бен аяғын апыл-тапыл басқан екі-
үш жасар ұл бала етегіне оралып бірге жүр. Өзі тағы ауыр аяқты ма, қалай,
талдырмаш, ашаң денесі жуантықтау көрінді. Шəкеттің Демежанды көптен
көріп тұрғаны осы еді. Жас əйел үй-ішінің амандығын сұрай келіп, бір
сабырлы, ибалы жүзбен Ажар анасына көңіл айтты.


Ал Əбдірасыл бұл шаңыраққа тіпті жақын болатын. Үш жыл бойы
іргедегі Ешен-Сейіттің медресесінде оқығанда, бұл үйге күнде кіріп-
шығып, өз адамындай сіңісіп кеткен. Шəкет қазір соны еске алғандай
Əбдірасылға қарап, жымиып күлді де:
– Қазір енді үйлі-баранды болып, үлкен шаңырақты ұстап тұрған өзің
ғой. Балалы болды деп естідік. Кішкентайларыңның бауы берік болсын! —
деп жас жігітке құтты болсын айтты.
Демежан бұл түскі отырыста көп бөгелген жоқ. Бабалықтың бір малына
бата істеді де, шайға қанып алған соң атына мініп, жамбылдың ішіндегі
үкімет кеңсесіне қарай бет алды. Басқа үкірдай-зəңгілер де осында екен.
Əзірше ішке кіре қоймай, кең ауланың ішін қазақы үнге толтырып, төрттен-
бестен қораланып сөйлесіп тұр. Демежан атынан түсіп, қастарына
таяғанда, үкірдайлар тобы жапырласа сəлем берісіп, кішілік ізет көрсетісті.
Бұлардың бəрі де бұрыннан үзеңгі қағысып келе жатқан сыралғы
жігіттер. Бұл топқа жаңадан қосылғаны — Керейдің жас үкірдайы
Тұрысбек қана. Мамырбек төре Керей жуандарының қатты тулап
қарсыласқанына 
қарамай, 
өткен 
қыста 
үлкен 
ұлы 
Тұрысбекке
үкірдайлығын өткізіп беріп, көңілін біржола тындырған-ды. Түр-тұлғасы
əкесіне келетін, жасы отызға жаңа ілінген қара сүр жігіт Демежанға
айрықша ілтипат білдіріп, иіле сəлемдесті.
Қазір осында тұрған бес үкірдайдың ішінде жасы үлкені — Демежан
мен Шəйі екен. Əзілкеш, шақпа тілді Шəйі өздерінің осы тұрыстарынан
шығарып, бір қызық қалжың айтты. Үкірдайлардың Демежаннан басқасы:
Таңғыт та, Мадан мен Тұрысбек те, Шəйінің өзі де орта бойлы, шəкене ғана
жігіттер болатын. Жеке жүргенде атақ-абыройлары көтеріп білінбегенімен,
қазір еңсегей ірі денелі Демежанның қасында солардың бəрі шөгіп,
аласарып кеткендей еді. Жасы құрбы Шəйі, Демежанмен əзілдесе беретін
əдетімен, бұған шалқалай қарап алды да:
– Қайран нарым-ай, қадіріңді білмей жүр екенбіз-ау! Өзін келгелі
айдынымыз асып, топанымыз толып қалғанын қарашы... Бар кінəң —
мезгілінен кеш туғаның ғой. Əйтпесе Қабанбай атамыз секілді қол бастаған
батыр болар ма едің, қайтер едің?! — деп топтанып тұрғандарды ду
күлдірген.
– Бұл кісіні қазір батыр емес деп кім айтады. Дохалдайдай долының
айдарын кесіп алу үшін де біраз жүрек керек шығар, — деді қалмақ
үкірдайы Мадан сөзге араласып.
Демежан езу тартып, аз бөгелді де, жаңағы Шəйі сөзінің орайына ол да
бір əзіл айтты.
– Сен өйтіп қортық жаралғаның үшін қорланбай-ақ қой, Шəйі. Өзің
айтпақшы, батырлардың дəурені өтті емес пе. Қазір сен сияқты


орташалардың заманы. Бұл күнде өзгеден артық бойың да, ойын да көзге
шыққан сүйелдей көрініп тұрады... Қазір жылағаныңмен, түйенің құлағына
шығып, жыл басы атанған тышқандай, түбінде осы сен озасың, — деп
қолтығынан ғана келетін құрдасын құшақтап, арқасынан қағып қойды.
Бұлар əрнені əңгіме етіп, күлісіп тұрғанда іш жақтан кеңсе
қызметкерлерінің бірі шығып:
– Мырзалар, ішке кіріңіздер. Сіздерді халдай күтіп отыр, — деп
хабарлады.
Далада тұрғандар дабырласа шұбырып, кең ауланың төріндегі кеңсеге
қарай бет алды. Сол беттерінде ұзын дəліздің бір жақ қапталын алып
жатқан, бір кезде Ши-амбы отыратын кең залға өтті. Шихалдай төрдегі
үстел басында шошайып жалғыз отыр екен. Əккі неме бұларды көре сала
орнынан күле түрегеліп, қарсы жүрді.
– О, аймағымыздағы қазақ-қалмақтың игі жақсылары, тегіс амансыздар
ма? Ел-жұрттарыңыз бақуат, бақытты, бейбіт тұрмыс кешіріп жатыр ма? —
деп мұндайда тек аймақ əміршісі ғана айтатын ресми сөздерді тізбектеп,
қол беріп амандасып жатыр.
Егер оның орнында шын губернатор-амбының өзі отырса, оған
қайтарылатын жауап та салтанатты, ресми болар еді. Онда бұлар да:
«Патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженханның қамқорлығында...» деп
бастап, біраз көсілер еді. Үкірдайлар қазір ондай көтеріңкі, бипаз сөзге
бармады. Əлде еттері үйреніп кеткен Шихалдайды бойларына тоғытпады
ма:
– Шүкір, аманшылық.
– Өзің де сау-саламат жүріп жатырсың ба, халдай? — деген сөздерді жай
ерін ұшымен ғана айтқан болды.
Демежанның бірталайдан бері Шихалдаймен бет көріскені осы еді.
Уақытша болса да қолына билік тигелі халдайдың өңі майға бөрткен
бидайдай жылтырап, жасаңғырап алыпты. Өмірі шыр бітпейтін тарамыс
денесі балғын тартып, толыса түскен бе, қалай... Жасы алпыстан асып кетті
дейтін емес, селеудей селдіреген сақал-мұртында бір тал ақ жоқ. «Осы да
сайтан сияқты қартаймайды екен, — деп ойлады Демежан оның бетіне
қарап отырып. — Біздің бала кезімізде осындай еді, əлі сол қалпы».
Бірақ қазір Шихалдайдың бүкіл болмысынан бір сенімсіздік, əлденеден
жүрексінген қобалжу бары байқалады. Əкесінің қалпағын киіп алған
баладай қанша қоқиланғанымен, мына кең кабинетті де, мəртебелі, биік
үстелді де толтыра алмай отырғаны сезіліп тұр. Сонысын өзі де білетін
секілді, бейне мыналар əлдебір ұрлығының үстінен түскендей өзінен-өзі
қуыстанып, қибыжықтап біраз отырды да, бірден негізгі шаруасына көшті.


– Ал, құрметті мырзалар, сіздерді мен мұнда аса бір маңызды хабар
айтуға шақырып отырмын. Ши-амбы кеткелі біздің аймақтың басшысыз
қалғанын өздеріңіз білесіздер. Енді, міне, сол күткен сəт те келіп жетті.
Тарбағатайға жаңа əмірші келе жатыр, — деді ол салтанатты түрде.
Отырғандар бірінің бетіне бірі қарап, қозғалақтап қалды да, «ол кім
болды екен» дегендей, қайтадан халдайға еңсерілді.
– Келетін жана əміршіміз — Матен-амбы деген кісі, — деді Шихалдай өз
сөзін ары қарай сабақтап. — Ол бүгін-ертең Құлжадан аттанбақ көрінеді.
Ұзаса он шақты күнде біздің аймақтың шекарасына жетіп қалуға тиіс.
Мəртебелі ұлықты қай жерден, қалай қарсы аламыз? Енді соның жайын
ақылдасайық.
Халдайдың жаңалық хабары бұл отырғандардың санасына əлі толық
жете қоймады ма, бірден дүрлігіп қостай жөнелген ешкім болмады.
– Сонда ол төре қай жерден келе жатыр? Ішкеріден арнайы жіберген
адам ба, əлде осы өлкенің өзінен шыққан ұлық па? — деді шапшаң мінезді
Шəйі шыдай алмай.
– Матен-амбы — Іленің тұрғылықты адамы. Ұлты — сібе, халдайлар
əулетінен, — дегенде Шихалдайдың жүзі жайнап қоя берді. Əсіресе
«халдайлар əулетінен» деген сөзді ерекше екпінмен, астын сызып тұрып
айтты. — Бұрын ол көп жыл бойы Күредегі шекара əскерін басқарып
тұрған. Еженханға шын берілген, ер жүрек офицерлердің бірі. Алдын ала
айтып қояйын, мінезі тым қатал, анау-мынау қылжаққа көнбейтін адам...
Біздің аймаққа сондай бір азулы басшы болмаса, кейінгі кезде тым
жайылып кеттік емес пе, — деп мысық мұртының астынан жымиып күліп
қойды.
Жаңа əміршінің алыс астанадан, Еженханның өз қасынан келмей,
таяудан табылғанына жəне таза қанды маньчжур де емес, осы төңіректегі
көп халдайдың бірі болып шыққанына мына отырғандардың көңілі орта
түсіп, бір сəт қоңырайысып қалды. Ал Демежан ендігі желдің қай жақтан
соғатынын сезіп, іштен тына күрсінді. Бұдан былайғы жұрт кеңесіне
араласпай, бойын жинап, тұйықтала түсіп еді.
Мəртебелі Матен-амбыны қай жерден қарсы аламыз дегенде, бəрі
ақылдаса келіп, аймақ орталығынан үш-төрт күншілік жердегі Майлының
жонын лайық деп тапты. Сол маңдағы бекеттер Керей жайлауымен тұспа-
тұс келеді. Үй тігу, сойыс қамдау да қиынға түспейді. Ұлықты Ұты
бекетінен, не Қарағайтының асуынан қарсы алып, көк жайлау, əсем табиғат
аясында бірнеше күн еркін көсіліп жатуға болады.
– Бұл жолы біздің жас үкірдай Тұрысбек мырзаның желі оңынан тұрды-
ау деймін, — деп Шихалдай шықылықтап күлді. — Сол араға он шақты үй
тігіп, қонақасы, сойыс қамдау Керей еліне қиынға түспес деп ойлаймын...


Бізден əкеңіз Мамырбек төреге сəлем айтыңыз. Қонақты қалай жөнелтуді
ол кісі бəрімізден жақсы біледі. Ал ел ішінен табылмайтын азық-түліктің
кей түрлерін біз қаладан ала барамыз.
Бұл ұсынысты Тұрысбек те қуана қабылдады. Алыстан келе жатқан
бейтаныс əміршіні бірінші рет күтіп алу абыройы өзіне тигенін тағдырдың
ерекше сыйындай көріп еді.
– Ол жағына алан болмаңыз, халдай. Бəрі өзіңіз айтқандай болады, —
деді ол өңі балбұл жанып.
– Ендеше, келесі жетінің басында бəріміз Дөрбілжінде табысатын
болайық. Бұл сапарға өздеріңізден басқа зəңгі, елубасы, старшын, билерді
де ертіп алыңыздар, — деді Шихалдай.
Осымен сөз бітіп, барлығы далаға қарай бет алған. Бірақ бірден тарап
кете қоймай, келе жатқан əміршіге сырттай тон пішіп, əрқайсысы əртүрлі
жорамал айтып, аулада əңгімелесіп тұр.
– Апыр-ай, мына келе жатқан жаңа ұлықтың үскіні тым қатты деді-ау...
Келмей жатып қорқытты-ау! — деді былай шыға бере Таңғыттың жүзінен
мазасыздық білініп.
Бірақ талайды бастан өткерген Шəйі сияқты көне көздер айылын
жиятын емес:
– Е, тəйірі, «мен тимеген бай бар ма» депті ғой баяғыда бір қатын. Сол
айтқандай, көрген ұлығымыздың алды-арты осы дейсің бе... Білдіңдер ме,
сол ұлықтың тамағы тесік пе екен? — деген Таңғытқа күле қарап.
– Ит біліп пе... Тамағы тесік болмаса, аштан өліп қалмай ма, — деп
Таңғыт қалтасынан шытыралы шақшасын шығарып, насыбайға қол созған.
– Ендеше, шұрқ етпе. Сол тамақ өткен тесіктен үйір-үйір жылқы, қора-
қора қой да өтеді. Ал қой өткен жерден сен екеуіміз де бірдеме қып
өтерміз... Одан да насыбайыңды əкелші, — деп Шəйі иегін қатып қойып,
қулана күлді.
Ал Демежан болашақ əміршінің халдай əулетінен екенін естігеннен бері
алда бұл үшін өте қолайсыз, қиын күндер келе жатқанын бүкіл
болмысымен сезінгендей болып еді. Сондықтан үкірдайлардың қысыр
кеңесіне араласпай, олармен қош айтысып, атына қарай беттей берген.
Мадан мен Шəйі соңынан қуып жетіп, азғана аял жасауын өтінді.
Бұл екі үкірдай да Байсеркені іздеп жүр екен. Мадан осыдан екі жыл
бұрын барымтада өлген қалмақтың құнын жоқтаса, Шəйі биыл көктемде
ұрланған Мəмбеттің жылқысын даулайды. Ал Байсерке болса жоқ,
абақтыдан қашып шыққан бойы ұшты-күйді ғайып болған. Бірақ ұры қолға


түспей кеткенмен, артында елі-жұрты бар. Сол ұрланған жылқы мен кісі
құнын Демежан қалай өндіріп береді? Соның жайын білмек.
Демежан даугерлердің сөзін тыңдап бола бере, қарқылдап күліп жіберді.
– Əй, сен екеулерің əлі бала екенсіңдер ғой, — деген екі үкірдайдың
бетіне кезек қарап. — Сендерге Байсеркені түрмеден қашырып жіберген
адамды айтайын ба? Онда ана отырған Шихалдаймен сөйлесіңдер. Ұрыны
құтқарып, қолына құрық ұстатып жіберген солар. Ал Байсеркенің өзі керек
болса, ол қазір сен мен менің қолымыз жетпейтін жерде, Дохалдай екеуі
Құлжада, Матен-амбының қасында жүр... Олар да ұлықпен бірге қайтатын
шығар, алдарынан шығып күтіп алыңдар! — деді де бұрылып жүре берді.
Екі үкірдай бірінің бетіне бірі қарап, аңырып тұрып қалған. Демежан сол
күні алдағы жол сапарын қырдағы зəңгі-елубасыларға хабарлау үшін,
Рақымды елге қайтарды да, өзі Бабалықтың үйінде қонып қалды.
ІІ
Ұлық кеңсесінен Демежанның қабағын кірбең шалып, жабығыңқырап
қайтқанын Бабалық бірден аңғарды. Бірақ артық сұрау беріп мазалаған
жоқ. Төргі бөлмеге көрпе төсеп, жастық тастады да:
– Шаршаған шығарсыз. Осында азырақ демалыңыз, — деп далаға
шығып кетті.
Демежан терезесін қараңғылап қойған салқын бөлмеде көз шырымын
алып, бір сағаттай ұйықтап тұрды. Манағыдай емес, тұла бойы сергіп,
жеңілейіп қалыпты. Күн кешкіріп қалса керек, қабырғаға қиғаш сəуле түсіп
тұр. Демежанның оянуын күткендей, осы кезде сырттан үй иесі де оралған.
Енді, міне, қонағын ауыр ойдан сейілткісі келгендей əртүрлі əңгімелер
айтып отыр.
Бабалықтың сауда бабымен бұл Құлыстайда шарламаған жері жоқ.
Іргедегі Төртуыл мен Мəмбет іші ғана емес, сонау шалғайдағы Жұмық,
Керей ортасы да мұның емін-еркін араласатын өз аулындай болып кеткен.
Қай ел, қай ру болмасын басқаны жатырқаса да саудагерді сыртқа теппейді.
Арбасын сүйретіп аулына барса болғаны, бала-шағасымен өздері-ақ
алдынан шұбырып шығады. Оның үстіне бұл жігіт жай бақалшы көп
саудагердің бірі емес, өзінің еті тірлігінің арқасында, əр елдің сорпаға
шығар азаматтарымен жақсы араласып, оларға тек саудасын өткізіп
қоймай, сөзін-назын өткізетін дəрежеге жетіп қалған. «Өзің би болмасаң да,
би түсетін үй бол» демекші, қырдағы үкірдай-зəңгілердің өзі қалаға келсе,
осы Бабалықтың үйіне ат басын тіреп, аунап-қунап жататыны бар.
Үй иесі өз табысын мактан қып, ашып айтпаса да, соңғы жылдары тасы
өрге домалап, байып келе жатқаны байқалады. Қазір ол баяғы жалғыз атты
саудагер емес, өзіне көмекші бірнеше адам ұстайтын болған. Айналыстағы


ақша мен сауда-саттық бұйымдарының сыртында, төрт түліктің əр түрінен
біраз мал да жинап тастаған көрінеді. Егер ел іргесі тыныш болып,
балалары қолғанатқа жарайтын күн туса, түбі қырға көшіп шығып, шаруа
бағып кететін ойы бар.
Бабалық өз жағдайын осылайша сыпайылап жеткізді де, бір мезгілде
Демежанға бұрылып, өзінше бір сыр айтты.
– Көп елді аралап, талай жердің дəмін татып жүрміз ғой. Сонда бір
байқағаным: сіздің даңқыңыз төрт үкірдай елге түгел жайылып кеткен екен.
Əр елдің еңбек соңында жүрген қарапайым қара шаруасы өз үкірдай-
зəңгілерінен гөрі сіздің есіміңізді көп айтады. Жарлы-жақыбайдың
жоқшысы, қара қалды қақ жарған əділ қазы деп, сыртыңыздан арқа тұтып
жүреді екен. Əсіресе, ана жылғы осы елге Абдырадан су əперіп, тентек
халдайды жуасытқаныңыз ел ішінде аңызға айналып кеткен.
Əрине, өзі туралы жылы сөз естігенді кім жек көрсін, Демежан да
мерейленіп қалды. Сонымен бірге Бабалық осы сөздердің бəрін мұның
көңілін көтеру үшін, бүгін əдейі айтып отырғанын да жақсы пайымдады.
– Бірақ жұрттың бəрі олай емес шығар. Басқаша сөйлеп, сырттай
қыжыртып жүретін теріс азу, қисықтары да аз болмас, — деді оның бетіне
күле қарап.
– Сол ғой — менің де айтайын деп келе жатқаным, — деп Бабалық
əңгімесін ары қарай жалғады. — Жаңағы өзіңізді пір тұтатын қалың бұқара
қауымнан басқа, сіз дегенде қаны қатып қалған, қарадай өшігіп жүретін
тағы бір пəле қуған топ бар. Олар — көбінше, қырыс, надан байлар мен
атқамінер, ел пысықтары. Əлгілер сіздің атыңыз шыққан жерде кірпідей
жиырылып, ұсақ-түйек, пыш-пыш өсекке жем еткісі келеді. Қорқайын ба,
реті келгенде ондайлардың талайымен айтысып та қалдым. Тіпті сіздің
беті-жүзіңізді көрмеген біреулері сыртыңыздан даттап жүреді-ау. Сондай
кездерде: «əттең, еңбегі еш, тұзы сор болып жүрген, қайран Демежан ағам-
ай!» деп сізге жаным ашып кетеді.
Демежан Бабалықтың еш бүкпесіз, ағынан жарылған сөздерін тыңдай
отырып: «осы мен, шынында да, жұрт мүсіркейтіндей дəрежеге жеткен
болуым керек» деп толғанды ішінен.
– Бұл дүние тарылып бара жатыр-ау, бауырым. Қайда барып сияр
екенбіз? — деп көкірегін қарс айыра күрсінді. — Мына келе жатқан Матен-
амбы дегені халдайлар əулетінен көрінеді. Ол да намысқа шаппас, ескі
кегін қумас деймісің.
Бабалық бір сəт үнсіз қалды. Іштей қабырғасы қайысып, қатты аяп
отырғаны белгілі. Бір-екі рет Демежанның жүзіне барлай қарап алды да, өз
басына келген тағы бір ойды айтты.


– Бұл елдің енді сізде қарызы жоқ. Білетін кісі болса, өгіздей-ақ өрге
сүйредіңіз ғой. «Торғай жаңбыр жауса балапанын қорғайды, бұршақ жауса
басын қорғайды» деген сөз бар. Осы халдайлардың да, тағы басқа ел
жуандарының да сізге көп көріп, қимай жүргені — үкірдайлық болса,
құрысын, сол мансабын қызыққан біреуіне өткізіп беріп құтылмайсыз ба?
Құдайға шүкір, дəулетіңіз жетеді... Ал егер алда-жалда ел тірлігінен
жалықсаңыз, қолдағы малды сатыңыз да, қалаға келіп шалқаңыздан түсіп
жатыңыз. Біріңізді екі етіп, көбейтіп беруді мен-ақ міндетіме алайын, —
деген-ді.
Демежан үй иесінің шын достық пейіліне разы бола отырып, баланың
сөзін қызықтағандай қарқылдап күліп жіберді.
– Əй, Бабалық-ай, сенің таза көңіліңді түсініп отырмын. Бірақ мен ол
қалыпқа сыймаймын ғой... Менен енді Рамазан Шəнішев шыға қоймас, —
деп ойланғандай аз уақыт үнсіз қалды. — Ал мансап-билік жөніне келсек,
сол ажырықты дəл қазір менен ешкім алмай отыр емес пе. Мойныма əдейі
қыл арқан сүйретіп жіберіп, түбінде сонымен шалып, жықпақ ойы бар ма,
кім білсін...
Бұл кезде күн кешкіріп, үй іші ала көлеңке тарта бастаған. Шəкет ауыз
үйден шишалы шам жағып əкеліп, төр алдындағы дөңгелек үстелдің үстіне
қойды да, күйеуіне «бері шығып кетші» дегенді қабағымен ұқтырып, майда
жүріспен есікке қарай беттеді.
Демежан бір сəт төргі үйде оңаша қалған-ды. Шам жарығымен
самаладай жайнап көрінген үй ішінде бір тазалық, кірпияздық байқалады.
Қам-қайғысыз, бейбіт тірлік ұясындай. Шашау шығып, шашылып жатқан
бір сабақ жіп жоқ, əр нəрсе өз орнында, бір-біріне көрік беріп, көз
қуантады. Қай жағына қарасаң да, табыскер азаматтың ғана емес, соны
ұқсатып отырған ұқыпты, ісмер əйелдің қолтаңбасы айқын сезіліп тұр.
«Адам бақытты болу үшін, оншалық көп нəрсенің керегі жоқ екен-ау! —
деп ойлады Демежан айналасына бажайлай көз жіберіп. — Ол үшін сау
басыңды дауға салып, ел билеп, ұлық болудың да қажеті жоқ шығар. Соның
ішінде, əсіресе, осы Бабалықтың таңдап түскен жолы дұрыс-ау. Ең
бастысы, ешкімге тəуелсіз, еркіндік бар ғой басында... Бұл үшін ру жігі,
партия, топ деген ұғым жоқ. Қала мен даланың ортасында емін-еркін,
қаздай қалқып жүргені. Төрт үкірдай елдің ішінде осы жігітті қас көретін
кісі табыла қояр ма екен?!»
Бүкіл өмірі көз алдында өтіп келе жатқан Бабалықтың өзге қазаққа
ұқсамайтын оқшау тірлігі Демежанға бір түрлі қызық көрінуші еді. Бір
мезет оның көз алдына осыдан жиырма жылдай бұрын Рамазан байдың
делбесін ұстап жүретін, жасөспірім атшы бала келіп тұра қалды... Егер көз
көрмей, басқа біреу айтса, нанбас еді. Бір кезде өзі талай рет қол ұшын
берген қорғансыз, жетім жігіт енді мұның өзіне пана болғысы келеді. Біреу
озып, біреу тозып жатқан заман...


Осы кезде біреулердің далада дабырласып сөйлескені естілді де, іле-
шала төргі үйдің есігі ашылып, бір топ кісінің ішке кіріп келе жатқаны
байқалды. Алдымен əлдекімнің аппақ сəлдесі көрінген. Ешен-Сейіт қазірет
екен. Қасында Əбдірасыл мен Бабалық, бұл танымайтын тағы бір-екі адам
бар. Сірə, жаңа ғана ақшам намазын өтеп, мешіттен шыққан беттері болса
керек.
Ешен-Сейіт даусын соза шаңыраққа сəлем берді де, босағада сəл кідіріп
қалды. Демежан орнынан тұрып, қол беріп амандасты.
– Сау-саламат барсыз ба, Қазірет? Кəне, жоғары шығыңыз.
– Ə, үкірдай, сіз осында екенсіз ғой, — деген Ешен-Сейіт салқындау
сəлемдесіп төрге озды.
Бұл күнде жасы елуге таяп қалған қазірет соңғы жылдары жақсы
толысып, өңейіп алыпты. Қас-кірпігі қою, үлкен көздері, иірілген орақ
тұмсығы мен сопақша жүзіне жарасып тұратын, қысқа тұжырылған,
мөлідей қара сақалы кіршіксіз ақ сəлденің фонында тіпті айшықтанып
көрінеді. Баяғы əркімнің аузына бір қарап отыратын жалтаң көз, жасық
молда емес, үні ажарлы, сөзі өктем. Алғашқы аман-сəлемнен кейін,
Демежанға бұрылып:
– Құтты мешіт — құдай үйінің дəл іргесіне келіп отырып, намазға
кірмегеніңіз қалай, Демежан мырза? — деп кəдімгідей кінə арта сөйлеп
отыр.
Демежан жауап беруге асықпай, мұртының астынан жымиып күлді. «Ал
саған керек болса!.. Мұны сынап-мінейтіндер аз еді, енді қазірет келіп
қосылды ма?»
– Біз жұмыс басты адамбыз ғой, қазірет. Өне бойы мешітке барып
жүрмеген соң, анда-санда төбе көрсеткен не болады? Бірақ көңіліміз хақ,
ниетіміз түзу. Сыртта жүрсек те, біздерді бəтихаңыздан тастамассыз, —
деген сөз аяғын əзілге сүйеп.
Бірақ қазіреттің оған тоқтайтын түрі жоқ, Тықсырып əкетіп барады.
– Міне, көрдіңіз бе, сіздер күнделікті жұмысты, қолдарыңыздағы билікті
көлденең тартасыздар. Алайда сіз қанша лауазымды болсаңыз да, Ақ патша
мен Еженханнан үлкен емессіз ғой. Сол патша ағзамдардың өзі əр жексенбі
сайын құдайға құлшылық етуді естен шығармайды.
Демежан осындай қысылшаңда бір ойнақы мінез табушы еді. Сол
əдетіне басып, бір ащы мысқыл айтты.
– Бізді Ақ патша мен Еженханға салыстырып қайтесіз, қазірет. Патшалар
бір құдайға табынса, оның есесіне, олар өз құзырына миллиондарды


табындырып отырған жоқ па. Тіпті солар оқта-текте шіркеуге кіргенде де,
жұрт алдында өздерінің ұлылығын сезініп, поптарды шұлғыту үшін
баратын болуы керек, — деп лекіте күлді.
Ешен-Сейіт Демежанның мына сөзінен əлдебір уытты ашуды сезіп,
тіксініп қалған. Бірақ райынан қайтар емес:
– Дегенмен, дін жолына бұлай немқұрайды қарауға болмайды, үкірдай
əпенді. Былайғы жұрт сіздерге қарап үлгі алады. Ел ағасы, сіздер күлкіге
айналдырсаңыздар, кім келеді бұл мешітке?
– Шүкірлік етіңіз, қазірет. Адам баласына алдымен қанағат керек, —
деді Демежан, тым асып бара жатқан дін өкілінің өткенін есіне түсіріп. —
Осыдан он шақты жыл бұрын, дəл осы Бабалықтың үйінде сізбен алғаш
танысқанымыз есіңізде бар ма? Сол кезде жағдайыңыз қандай еді? Сіздің
қолыңызда мынадай үлкен мешіт түгіл, намаз оқитын баспанаңыз да жоқ
болатын... Содан бері сіз бен біз қанша жұмыс бітірдік. Мұсылманшылық
жолынан аянып қалған жеріміз бар ма? Шамамыз келгенше, осы мешітті
тұрғызуға ат салыстық. Оның қасынан медресе ашып, қыр елінен бала
жинап бердік. Қазір, қалада ғана емес, Төртуылдың өз ішінде бес бірдей
мешіт бар... Қалай ойлайсыз, осылардың сауабы құдай алдында менің
күнəмды аз да болса жеңілдетпес пе екен?
Бұған келгенде Ешен-Сейіт тез мойындап, күрт түсіп қалды. Қысылғаны
болар, ақсары, сұлу жүзі қызарып кетті.
– Оны білем, Демежан мырза. Мен сіздің ол еңбегіңізді ешқашан
ұмытпаймын, — деді тұтыға, жылдамдата сөйлеп. — Шынын айту керек,
ол кезде сіз бен біздің жолымыз өте сəтті түйілісті ғой. Онда сіз, əрине, тек
құдай жолын ғана ойлаған жоқсыз, қыр сахараға мешіт салдыру сіздің елді
отырықшылыққа айналдырсам деген мақсатыңызға дөп келе кетті...
Айтыңызшы: сіздің де дəл содан зиян тартқан жеріңіз болды ма?
– Олай деп күнəға батар жайым жоқ. Көшпелі халықтың бір жерге орын
теуіп, тезірек тұрақтауына мешіттердің ұйтқы болғаны рас...
– Міне, көрдіңіз бе, дін исламның адамдарды түзу жолға салғаннан басқа
еш залалы жоқ, — деді Ешен-Сейіт. — Жарайды, мешітке келмей-ақ
қойыңыз, бірақ, сіз үйіңізде де ораза ұстап, намазға жығылмайды дейді ғой.
Сол рас па?
– Рас, — деді Демежан бірден мойындап. — Мен көпшіліктің қамы үшін
өз басымды ұмытқан адаммын. Керек десеңіз, бес уақыт намаз оқып, өз
күнəмнан арылуға да мұршам бола бермейді. Сіз осыған сенесіз бе?
– Əлбетте. Халыққа қызмет ету, адам баласына жақсылық жасау — ол да
сауапқа жатады... Бірақ махшар күнінде əркім өз ісіне өзі жауап беруі керек
қой.


– Сіз көктегі құдайды айтып қорқытасыз. Ал мен болсам жердегі
халдайлардың əлегінен құтыла алмай жүрмін, — деп күлді Демежан. —
Сіздердің де осы дүниеге бет бұрып, адамдарға қол ұшын беретін
кездеріңіз бола ма?
– Біздің қузайтынымыз — жалған ісі емес, ақиреттің ісі... О дүниеде
қияметтің қыл көпірі, тозақ оты бар. Осыны ұмытпаңыз, үкірдай.
– Амал не, жазмыштың басқа салғанын көреміз де. Бірақ Алла-тағала
Маншың ұлықтарындай емес, əділетке қарайтын шығар. Бұл дүниеде күйік
тартқан пендесін онда тағы күйдірмес.
– Астапыралла! Мынауыңыз көрінеу күпірлік қой, үкірдай, — деп
қазірет жағасын ұстады. — Тез тəубеге келіп, Аллаға жалбарыныңыз...
Демежан бұдан ары қазіретпен дауласып жатқысы келмеді. Айтыса
берсе əңгіме ұлғайып, аралары ушығып кететін түрі бар. Оның үстіне,
Ешен-Сейіт — Бабалықтың қатты құрметтейтін адамы. Арадан от шығып
кете ме деп, оның да қыпылдап отырғаны байқалады. Сондықтан сөз аяғын
əзілге сүйеп, жуып-шайған болды.
– Кешіріңіз, қазірет. Əлі қартайып тұрғамыз жоқ. Мүхаммет
Ғалаиссаламға да пайғамбарлық қырық жасында қонған деседі ғой... Осы
жолы мына халдайлардың қаһарынан аман қалсам, өзім де құдай жолына
біржола түсейін деп жүрмін, — деп отырғандарды ду күлдірді.
Осыдан кейін бұл тақырыпта сөз болған жоқ. Ешен-Сейіт басқа əңгімеге
айналып, қонақасыға сойылған малдың етін бірге отырып жеді де, үйіне
қайтып кетті.
Ертеңінде Демежан қалаға Əбдірасылды ертіп шығып, бала-шағаға
базарлық алып берді де, өзі түске таман жаяу аяндап, қытай базарындағы
Ли-шансыңның үйіне қарай бет алды. Құжынаған қалың адамның арасынан
иық қағысып, зорға жол тауып келеді. Қайыршылық, жоқшылық табы бұл
көшеден тіпті айқын сезілетін-ді. Айналадан қуырылған жуаның, шіріген
шөп-шаламның, зығыр майының иісі шулығып, қолқанды қабады.
Ол көшенің екі қапталындағы үйме-жүйме жаймалардың арасынан өтіп,
қалтарыстағы таныс үйдің алдына келген. Есік кілттеусіз бос тұр екен,
ақырын ашып ішке кірді. Ауыз үйде ешкім жоқ. Тамағын кенеп дыбыс
берді. Сол кезде ғана түпкі бөлмеден əлдебір тықыр білінді де:
– Бұл кім? — деген таныс дауыс естілді.
Демежан шиден тоқылған ысырма пердені көтеріп, табалдырықтан
аттаған күйі, өз көзіне өзі сенбегендей аңырып тұрып қалды. Жатаған
қамыс креслода əлдебір кітапқа үңіліп, Ли-шансың емес, соған ұқсайтын
біреу отыр. Мұны көріп, орнынан созалаңдап көтеріле берді.


– Ой-я... Демежансың ба? Келгенің қандай жақсы болды! — деді жан
дəрмен мұның қолына жармасып. — Жүр, кеңірек жерге шығайық.
Екеуі ауыз үйге шығып, ас ішетін биік үстел басына қарама-қарсы
жайғасты.
– Иə, халіңіз қалай? Сізді науқастанып қалды деп естідім бе?—деді
Демежан үй иесінің жүдеу жүзіне барлай көз жіберіп.
– Солай боп тұр... Осы көктемнен бері шабағы түскен шарқыш арбадай
сыр бере бастағаным.
Ли-шансың сұмдық арып кетіпті. Онсыз да қырым еті жоқ, қатпа денесі
бұрынғыдан ары қатып-семіп, сіңіріне ілініп əрең тұр. Көк тамыры
білеуленген тақыр құйқасы мен қатпар-қатпар əжім басқан бет-жүзі
шытынай жұқарып, болаты қайтқан көз жанары шүңірейіп ішіне түсіп
кеткен.
– Дəрігерге көріндіңіз бе? Олар науқастың бетін айырған болар?—деді
Демежан даусын сергек шығаруға тырысып.
– Дəрігердің қолына түссең белгілі ғой: қайдағы пəленің бəрін
үймелетеді, — деп Ли-шансың езу тартып күлген болды. Олардың сөзіне
сенсең, менің ауырмайтын жерім жоқ: жүйке жұқарып, жүрек əлсіреген.
Өкпе қабынып, бауырдың қызметі нашарлаған. Санай берсең толып
жатыр... Жаң Шулиден хат жазып жіберіп едім, алған екенсің ғой.
– Иə, сіздің ауырып қалғаныңызды содан естідім.
– Сенің қалаға неге қатынамай жатқаныңды мен де сол Жаңнан
ұғындым. Анаң қайтыс болыпты, қайғыңа ортақпын. Өмір деген сол ғой,
көзді ашып-жұмғанша өте шығады. — Ли-шансың соны айтып, аз-кем
бөгелді. — Иə, өз жағдайың қалай? Дүниеде не болып жатыр?
Демежан сөзді неден бастарын білмей ойланып қалды. Бұрын шешуі
қиын небір түйіншекті бірге талқылап, шер тарқатысып, ішкі сырды бүкпей
емін-еркін сөйлесетін адамы — осы Ли-шансың еді. Оның өзі мынадай
күйге түсіпті. Жайсыз, ұзақ əңгіме қозғасам, ауру адамды қажытып алып
жүрмес пе екем деп, аз бөгеліп отырды да:
– Жаңалық көп, Ли-шансың. Шихалдай қыр еліндегі үкірдайларды түгел
шақырған екен. Кеше соның қабылдауында болдық, — деді.
– Иə, не айтады? Қазір аймақтың тізгінін ұстап отырған сол ғой, — деді
Ли-шансың ентелей түсіп.
– Сіз əлі естімеген екенсіз ғой. Аймаққа жаңа əмірші келе жатқан
көрінеді.


– Солай ма! Иə, кім келеді екен?
– Матен-амбы деген Іленің тұрғылықты сібесі дейді. Халдай əулетінен.
Күреде əскер бастық болған дей ме? Тегінде, сібелерді мұндай жоғары
қызметке қоятын ба еді? Мен осы жағын түсіне алмадым, — деді Демежан.
– Шынында да, қызық екен! — Ли-шансың да ойланып қалды.
– Сонда бізге таза қанды маньчжур ұлығын қимағаны ма?
– Қимағаны емес, жетіспеген шығар, — деді Ли-шансың. — Өзің ойлап
көрші: өзінен жүз есе, мың есе көп хань ұлты мен тағы басқа бұратана
халықтарды басқару үшін, қанша маньчжур чиновнигі керек? Тіпті аздаған
хат сауаты бар маньчжур атаулының қолына түгел таңба үлестірген күннің
өзінде де тапшылық етуі мүмкін ғой. Оның үстіне қазір аласапыран, қуғын-
сүргін болып жатыр... Сонан соң өздеріне бір табан жақын сібелерге арқа
сүйемегенде қайтеді.
Демежан біраз жайға осы əңгіме үстінде қаныққандай болды. Қайран
Ли-шансың-ай! Аурудан жүдеп-жадап өлгелі отырса да, көкірегі шам
жаққандай сайрап тұр. Қиян шетте жүріп те, Цин сарайының əр қимылын
тамыршыдай болжап, қалт жібермей бақылап отырғаны.
– Е-е, солай деңіз... Сонда Матен-амбы қандай саясат жүргізуі мүмкін?
Ол өзінің халдайларына арқа сүйейді ғой, əрине?
– Оған соз бар ма, — деді Ли-шансың ойланбастан. — Тегінде тақ иесі
маньчжур əкімдерінен гөрі осындай билік басына кездейсоқ келген
кірмелер қиын болады. Олар өз қожаларына жағыну үшін, əртүрлі
қатыгездікке бара береді... Мəселен, біздің хань ұлтынан шыққан, жақында
қызметі өсіп, астаналық өлкенің бастығы болып тағайындалған генерал
Юань Шихай, қазір өз халқына опасыздық жасау жағынан, маньчжур
билеушілерінен де асып түсіп отыр.
– Демек, Матен-амбы да біздің елге қырсықтан басқа ештеңе əкеле
қоймас, — деді Демежан торыққандай төмен қарап. — Ол келе салып,
маған тісін батыра ма деп қорқам.
– Қалайша? Сен оны бұрыннан білетін бе едің?
– Жоқ. Жүрегім бірдеңені сезеді. Матен Іленің тұрғыны болса, ол сөз
жоқ, қазақтармен ежелден атысып-шабысып келе жатқан неме ғой. Ой-өрісі
де белгілі... Мұнда келісімен осындағы ағайындарының кегін қумас дейсіз
бе. Оның үстіне, Дохалдай менің үстімнен шағым жинап, осыдан екі-үш ай
бұрын Құлжаға кеткен. Ол да тегін жүрген жоқ, ендігі сондағы ұлықтармен
ауыз жаласып жатқан шығар.
– Жалпы халыққа ештеңе істей қоймас. Ал сенің басына бұлт үйірілуі


əбден мүмкін, — деді Ли-шансың оны қостап.
– Өзіңізге ішкеріден келген хат-хабар жоқ па? Орталықта қазір не болып
жатыр?
– Бəлендей өзгеріс жоқ. Ихэтуаншылар дүрбелеңінен кейін, жесір
патшайым Цыси Цин тағына қайта келіп орныққан. Ал император Гуансюй
байлаулы бұзаудай əлі соның тұтқынында отыр. «Бір əйелдің айласы қырық
есекке жүк болады» дейтін бе еді қазақтар? Кəрі мыстан Цыси өз өмірін
ұзарта түсу үшін ымыраға келіп, реформашылардың кейбір талаптарын
қабылдайтын болыпты.
– Демек, сіз бен бізге жуық арада атайын деп тұрған таң жоқ десеңізші,
— деді Демежан баяу күрсініп. — Сіз өткенде тегеуірінді, жас күрескер
Сунь-Ятсен туралы үмітті сөздер айтып едіңіз. Олардың əрекетінен де
ештеңе шығатын емес пе?
Ли-шансың қазан-аяқ басындағы бір шөлмекке шөп дəрі тұндырып
қойған екен. Содан орта кесе құйып алып таңдайын жібітті.
– Өзегімді өртеген бір шөл кетпей-ақ қойды, — деді ол шағынғандай
болып. — Жаңа не туралы сөз етіп ек? Иə, Сунь-Ятсен жайында екен ғой...
Мен жақында ғана оның «Қытай проблемаларының шешімі» деген
кітапшасын оқып шықтым. Мұнда ол Цин династиясын аударып тастаудың
айқын программасын ұсынады. Мынадай төрт иероглифтен тұратын - Тянь
минь у чань» («көктің мандаты да мəңгілік емес») деген сөзді бізде Сунь-
Ятсенге дейін ешкім де айтқан емес. Ол өзі құрған «Тунмэнхой»
ұйымының алдына үш үлкен міндет қойыпты! Маньчжур үстемдігін құлату,
республика құру, ел ішінде аграрлық реформалар жасау... Бұл ұйымның
беделі қазір ішкі өлкелерде күннен-күнге күшейіп келеді.
«Е, бұлардікі де əлі тумаған сиырдың уызындай бірдеме болды ғой» деп,
Демежан тағы да марғау тартып, басылып қалды. Бұрын Ли-шансың
азаттық туралы осылай төндіре сөйлегенде, бұған Маншың өкіметі қыл
үстінде тұрғандай, əне-міне құлайтындай көрінуші еді. «Ашқа тартқан —
кешке тартады» деп, ол үміт те құйрығын ұстатпай алыстап барады.
– Цин үстемдігі көп ұзамай күйрейді, оған ешқандай күмəның болмасын,
— деді Ли-шансың оның ойын оқып қойғандай. — Оны сен өз көзіңмен
көресің. Ал мен, өкінішке қарай, сол бір арманды күнге жете алмайтын
шығармын. Мына науқастың беті жаман, түбі алып жемей тынбас, — деп
көзіне жас үйіріліп, мұңайып отырды.
Демежан да оны мазалағысы келмей, бір сəт үнсіз қалған. Ли-шансың
əлден уақытта қайта сергігендей болды:
– Əттең, аз уақытқа, тіпті бір ғана сəтке жарық дүниеге қайта оралып,
сол бір азат елге көздің қиығымен болса да қарар ма еді! — деді өңі балбұл


жанып. — Міне, менің жасым биыл алпыс жетіге толды. Соның қырық
жылын азаттық жолындағы күреске арнаған екенмін. Адам болып жаралған
соң, құр ішкен-жегенге мəз болмай, белгілі бір идеялар үшін алысқанға
жететін не бар бұл тірлікте?! Тіпті сол жолда жан қиып, басынды берудің
өзі рахат емес пе. Онда өлім де қорқынышты емес, қайта бүкіл өміріңе
мағына беріп, сəн кіргізіп тұрады. Шіркін, ер жүрек күрескерлердің алғы
сапында жүріп, кеудесін оққа төсеп өлген адамда да арман бар ма екен?
Енді, міне, шалғайдағы шағын қаланың бір бұрышында төсектен тұруым
мұң болып, аш иттей бұралып жатқан түрім мынау. Ешкімге қажеті жоқ,
арам өлім ғой — мұның аты...
– Сіздіңше, адам баласы, міндетті түрде, оқтан өлуі керек пе? — деді
Демежан оның сөзін бөліп.
– Неге? Мен былайғы бейуаз жандарды айтып отырғам жоқ. Əңгіме бұл
арада Маншың үстемдігіне қарсы қырық жыл күрескен кəрі қақсал — мен
туралы болып отыр ғой, — деді Ли-шансың күйіне дауыстап. — Өзің
сенген, əділет деп тапқан күрес жолына бүкіл өміріңді арнай тұрып, соның
нəтижесін көрмей кету қандай өкінішті?! Бұл жағынан, маған қарағанда сен
бақыттысың, Демежан.
– Қалайша?
– Өз халқыңды отырықшылыққа баулып, бір қыр асырсам деп едің, оны
орындадың. Абдыра өзенінен жұртқа су əперсем деп едің, əпердің.
«Халдайлардың бірінің кеудесіне мініп отырып, айдарын кесіп алсам»
дегенді көп айтушы ең, оны да істеп тындың. Бір адамға осының өзі аз
жеңіс пе? Шын айтам, сен өз қарызыңнан құтылдың, Демежан!
– «Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы». Біздікі —
асқандықтан емес, сасқандықтан істелген, құрып кетпеудің амалы да баяғы.
Бірақ Маншың ұлықтары соның өзін көп көріп отырған жоқ па. «Айғыр
құтырса ат болады, ат құтырса ет болады» деуші еді. Соның кебін киіп
жүреміз бе, кім білсін?!
– Пəлі, сол да сөз бе екен? — Ли-шансың қолын сермеді. — Қайта
шайқастың шиеленісе түскеніне қуанбайсың ба. Егер мен сен сияқты денім
сау, тепсе темір үзетін жас жігіт болсам, күрестен ешқашан шайлықпас
едім... Мен жақында орыс жазушысы Максим Горькийдің «Дауылпаз
туралы жыр» деген əңгімесін оқыдым. Ғажап дүние!.. Сұрапыл дауылдан
тек май басқан гагар үйректер мен шаңқылдақ шағалалар ғана қорқады
депті жазушы. Ал шын дауылпаз қырандар сол ұлы сұрапылдың
ортасында, найзағайдың қасында жүрмек!
Соны айтқанда, Ли-шансың бір сəт бойын жеңген дертті ұмытқандай,
қайта қатайып, жігерлене түсті. Не сиқыры барын кім білсін, осы кісімен
тілге келсең болғаны, өзімен бірге сені де еліктіріп əкетеді. Өзіңді шарыққа
ұстағандай, мұқалған жүзің жетіліп, қайралып шыққаныңды бір-ақ


білесің... Егер Ли-шансың олай-бұлай боп кетсе, мұның күні не болмақ?
Қаптаған қалың жаудың ортасында сүйенішсіз жалғыз қалғаны ма?
Демежан бір сөздің кезегінде өзінің осы мұңын айтып еді, Ли-шансың
онысын құптай қоймады:
– Сен неге өзіңді жалғызбын деп ойлайсың? Артында елің-жұртың бар...
Сол халқыңмен бірге бол! Сен оларға халқадарыңша жақсылық істедің.
Олар да сені қорғауға тиіс.
Демежан ұстазына өзге сырын айтса да, өзінше намыс етіп, ел ішінің ала
ауыздығын көп шағына бермеуші еді. Бұл жолы да өз жарасын өзі
тырнағысы келмеді:
– Мəселе сол етекбасты елде боп тұр-ау. Өз халқыңның құдай сүйер
қылығы жоқ, бірақ жақсы көрмей тағы тұра алмайсың... Таяз суда
шоршыған балықтай, қорлықпен өткен күн де біздікі, — деп қысқа
қайырды.
Манадан бері дамылсыз көп сөйлегендікі ме, науқас адамның сыр
алдырып, шаршап қалғаны байқалды. Сонысын өзі де сезген болар, енді
Демежанға айтар шаруасына көшті.
– Жаңа айттым ғой, сырқатымның беталысы жаман. Мен, сірə, көп
ұзамайтын шығармын, — деді Ли-шансың. — Өзің білесің, менің артымда
қалып бара жатқан мүкамал-байлық жоқ. Өмір бойы тірнектеп жазған
дүниелерімді жақында екі-үш том етіп түптедім де, Пекиндегі мемлекеттік
архивке жолдап жібердім. Дүние бұл қалпында тұрмас. Келер ұрпақтың
кəдесіне жарап, біреу болмаса біреудің көзіне шалығар... Сонан кейінгі
менен қалатын мұра — жүздеген том кітап. Көпшілігі — еш жерден
таптырмайтын, сирек ұшырасатын кітаптар. Кім көрінгеннің тісі де бата
бермейді. Əрі ойлап, бері ойлап келіп, мен сол кітаптарды саған қалдыруды
ұйғардым. Сен менің ең сүйікті шəкіртімсің ғой. Егер осы өлкеде менен
əлдебір тəлім, із қалса, ол сенің бойында қалып барады. Сол кітаптарды
қабыл ал! — деп орнынан тұрып түпкі үйге кіріп кетті де, қолына бір парақ
қағаз ұстап қайта оралды. — Міне, ол туралы өсиет те жазып қойдым. Бір
данасы сенде тұрсын. Мен көк тəңірісіне сапар шегіп кеткеннен кейін,
көлік жіберіп алдырарсың.
Демежан біразға дейін ештеңе айта алмай, тамағына кептеліп тұрып
алған түйіншек тарағанша үнсіз отырды да, тек əлден уақытта:
– Рақмет, қадірлі Ли-шансың. Кітаптарыңызды көзімнің қарашығындай
сақтап, сіздей ұстазым болғанын əркез мақтан етіп жүрермін, — деді
тебірене тіл қатып. — Жиі келіп, халіңізді біліп тұрармын. Сізбен əлі талай
көрісеміз.
Осыдан кейін Демежан қоштасып шығуға айналған. Есікке таман жүре
берді де, артына қайта бұрылды. Қалтасын ақтарып еді, күмəжнигінде бір


буда кесек ақша жүр екен. Соны алып үстелдің үстіне қойды.
– Мынаны əзірше дəрі-дəрмекке жаратарсыз. Тағы басқа мұқтажыңыз
болса, Жаңнан жіберіп тұрармын, — деп Ли-шансыңның сыпайылық
көрсетіп, қарсы сөз айтуына үлгертпей, жылдам басып шығып кетті.
Бұл өзіне ұзақ жыл ақылшы-ұстаз болып, əміріне өшпес із қалдырған
осы бір зиялы қытай адамымен ең соңғы кездесуі екенін дəл осы сəтте
Демежан білген жоқ еді.
III
Майлы мен Жəйір тауларының бір-біріне ентелесе еңкейіп келіп, өзара
тұмсық түйістіретін бұл тұсы аласа қыратқа айналып, сүйірленіп барып
бітетін-ді. Үрімжі мен Құлжадан шығып, Құлыстайға құлайтын күре жол
екі таудың шекарасындағы осы мойнақты басып өтеді. Бірақ сол қатпар-
қатпар тау үстіртінің өзі ары-бері өткен атты кісіге бір күншілік жол еді.
Осы аралықта Ұты жəне Жаманты аталатын екі бірдей бекет бар. Сол
бекеттердің бел ортасында жағасы көк майсалы, көкорай шалғынды боп
келетін «Көлденең» атты мөлдір суды өзен ағып жатыр. Алыс жолдан шаң
жұтып, шалдығып келе жатқан мəртебелі ұлықты күтіп алу үшін, дəл осы
Көлденеңнен қолайлы жерді іздеп табу қиын.
Күре жолдан сəл бұрыстау бұлақ бойына жақында он-он бес үй тігіліп
қалған. Кілең бір шаңқандай ақ үзікті, ою-өрнекті, сəнді отаулар. Сол
үйлердің ту сыртындағы көк жасаңда жиырма-отыз бие байлаулы тұр. Қазір
бұл ауыл ұлан-асыр той дайындығындай қарбалас тірлік үстінде. Жаңағы
ақ үйлерден аулағырақ тігілген қараша үйлер маңында мал сойылып, қазан
асылып, танауына су жетпей абынып жүрген адамдарды көресін.
Мамырбек төре мен оның ұлы Тұрысбек үкірдайдың бұл жолы
ештеңесін аянып қалмай, өздерінше, армансыз бір көсілгені байқалады.
Бұрын үнемі қиыр жайлап, шет қонып келген Керейдің өзге жуандары да
қала ұлықтарымен қоян-қолтық араласа алмай, өздеріне есе тимей
қалғанын содан көріп, көптен арманда болып жүретін-ді. Енді, міне,
əншейінде қолдары жетпейтін, шақырып келтіре алмайтын мəртебелі
ұлықты алғаш күтіп алу абыройы өздеріне тигенін бастарына қонған
ырыстай ырымдап, қатты дүрлігісіп қалып еді. Үй тігу, сойыс қамдау, тағы
басқа дастарқан жабдығын да ауырсынбай, құлшына, таласа мойындарына
алып, аянбай шашылып жатқан. Ұлықтың көзіне түсіп, жақсы танылып,
аузын алып қалатын жолымыз осы деп, ұжымдаса, өлермендене кірісіп еді.
Сонымен бірге жайшылықта бұл жаққа ат басын бұра бермейтін өзге рудың
адамдарына қыр көрсетіп, естерінен тандырып жіберейік деген үркеппе
мақтаншақтық та жоқ емес.
Майлы-жəйірдағы Керей мен Уақтың үкірдай, зəңгі, елубасылары
бірнеше күннен бері қонақ күту қамымен осында жүрсе керек. Бұлардың
үстіне топ-тобымен алыстағы Мəмбет, Төртуыл, Жұмық кісілері келіп


ошарылды. Олардың соңын ала өздерінің тігетін үйін артып, соятын малын
айдап, қасында бір топ адамы бар, қалмақ үкірдайы Мадан келіп түсті. Ең
соңында, кеше түс əлетінде қала ұлықтары мен халдайларын ертіп,
Шихалдайдың өзі де жетіп еді. Əрқайсысы өздеріне тігілген бөлек-бөлек
үйге түсіп, мына бір салқын самалды көк жайлауда еркін тыныстап жатқан.
Ел жуандарының қазір ет пен қымыздан ауыздары босамайды. Одан қалт
етсе, əртүрлі қысыр əңгімені, рулар арасындағы дау-шарды ермек етеді. Ат
дүбірі естілсе, бəрі күре жол жаққа елеңдеп, хабар күтеді. Осыдан бір көш
жердегі Ұты бекетіне арнаулы адамдар қойылған. Ұлықтың төбесі көрінген
сəтте, солар тізгін ұшымен келіп хабарлауға тиіс.
Төртуылдан келген қырық-отыз адам екі үйге бөлініп түскен-ді. Қазір
Демежан қасында Көксеген, Тыныбай, Берікбол, Ежебай, Əбділда, Мəжен
сияқты зəңгі, елубасылар бар. Бірақ солардың бəрі де Демежанның қас-
қабағын бағып, онша шешіле қоймай бұйығы тарта береді. Өзді-өзі жеке
бөлініп шүйіркелескенде болмаса, жиын отырғанда айтатын əңгімелері жай
ауыл арасының ұсақ-түйек күйбеңінен ұзай қоймаған. Соған қарағанда,
үкірдайлық мансаптан үміті бар, дəмелі жігіттердің көңіліне тағы да құрт
түскені белгілі. Міне, аймаққа жаңа əмірші келе жатыр. Ал кез келген ұлық
өз қалауынша біраз ауыс-күйіс жасамай қоймайды. Жаңа əміршінің
халдайлар əулетінен екені рас болса, Демежанды қырына ала келетіні
айтпаса да түсінікті. Қазір Төртуыл жуандары сырттай бейбіт көрінгенімен,
іштері толған есеп-қисап, теке тірес, аңдысу болатын. Бұлардың бəрі де —
дойбы тақтасына үңілген сұңғыла ойыншыдай бірнеше жүрісті алдын ала
ойлайтындар.
Дохалдайға ілесіп Құлжаға кеткен Байсерке сол ұзақ сапардан əлі
оралған жоқ. Бəлкім, ол мына ұлықпен тіл табысып, бірге келе жатқан
шығар... Оның да аңысын андау керек. Ал Ысқақ болса өз үйірінен бөлініп,
қазір халдайлардың қасында жүр. Ол əнеугүні бұларға ілеспей əдейі
кейіндеп қалған-ды. Кеше Шихалдаймен бірге келді. Өзі Демежанға
ашықтан-ашық қыр көрсетіп, алыстан ойқастап өтетінді шығарыпты. Əлде
желдің қай жақтан соғарын сезе ме, қазір атқамінерлер жағы сол Ысқақты
төңіректей бастаған. Аулаққа шығып, бас түйістіре қалса, күбір-сыбыр
əңгімелері бітпейді... Осыны анық сезген Демежан да «ойбай, мені қолдай
көріңдер» деп ешқайсысына жалпуыштай қоймады. Ежелгі паң, сырбаз
қалпынан айнымай, қаладан ала шыққан əлдебір қытайша кітапқа үңіліп,
төр алдында шалқалап жата берді.
Оның есесіне, осында келгелі Демежанды Керей жуандары жиі
төңіректеп кетті. Мұның арғы тегі Төртуыл емес, Керей екенін
мұндағылардың бəрі білетін-ді. Ана бір жылдары арнайы кісі салып, елге
де шақырып көрген. Жақыннан бері сол ниеттерін қайта жаңғыртып жүр.
Меркіт, Жастабан, Шеруші руларының басты адамдары кеше мұны
орталарына алып, оңаша үйде қонақасы берді. Кейінгі кезде Демежанның
басына бұлт үйіріліп жүргенін, Төртуыл ішіндегі күбір-сыбырды бұлар да
естіген секілді. Біраз бойлары үйренген соң, Көбен, Отаршы, Шөкібай,


Өтегендер өздерінін бұған туысқан екенін ашық айта бастаған. Əсіресе,
Демежанмен рулас саналатын, Меркіттен шыққан Отаршы зəңгі бір
сөзінде:
– Алыста жүрсең де асылдың сынығы — арысымызсың. «Жалғыз
баласы атқа шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысады» демекші,
сыртыңнан атақ-абыройыңды естіп, тілеулес боп отырмыз. Сені нағашы
жұртында қақпай көріп, бірдеңеден тарығып жүр демеймін... Бірақ артында
ата жұртын — қалың Керей барын ұмытпа. Əлдеқалай басыңа жалғыздық
түсіп, сүйеніш, тірек қажет болғанда, мына бізді еске алатын бол, — деп
мұны бауырға тартып, өздеріне меншіктегендей болып еді.
Демежан бұл жолы ел басшыларының ықылас-пейіліне тойтарыс
жасамай, күле тыңдап, алғыс айтқан да қойған. Өзімен қандас, рулас
аталатын адамдардың ортасында болу оған да бір түрлі қызық еді. Сол
жерде отырып, басына неше түрлі ой келді: «Ал мен Керей-ақ болайын.
Міне, өзіммен рулас кісілердің қасында отырмын. Сонда біздің арамызда
қандай жақындық болуы мүмкін? — деген өзіне-өзі сұрақ қойып. —
Түріміз, мінезіміз ұқсас па? Əлде қанымыз бірдей айналып, жүрегіміз
біркелкі соға ма? Немесе ой-пікіріміз, арман-тілегіміз бір жерден шыға ма?
Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мыналардың сол біздің елдегі Тыныбайдан,
Көксегеннен, Ысқақтан қай жері артық? Егер Керей қаны бірін-бірі
магниттей тартып тұратын болса, бұлардың өздері неге ру-руға бөлініп,
қырық пышақ болып, қырқысып жатады? Тіпті бір руды қойып, бір əкеден
туған ағайынды адамдар неге көрместей болып араздасады? Соған
қарағанда, қан, ру бірлігі деген — жай алдамшы түсінік. Адамдарды шын
туыстыратын — қандастық емес, мүлде басқа нəрсе. Оның не екенін дəл
қазір кесіп айта алмайды.
Əсілі, ру-тайпа дегеніміздің өзі — күнкөріс қамы үшін өзара
қауымдасып, бірлікте көшіп-қонып жүрген адамдардың белгілі бір тобы
емес пе. Бəлкім, ертеде солай өмір сүру қажет болған шығар. Малын,
жерін, қонысын, намысын қорғау үшін қажет. Əр адамды өз бауырына
тартатын, ұйып отырған ұлты, меншікті мемлекеті болмаған соң, əркім
жеке-жеке, кіші-гірім топқа бөлініп жан бақпағанда, өз құқын қорғамағанда
қайтеді? Жік-жікке бөлінген рушылдықтың осы күнге дейін құрымай келе
жатқаны да сондықтан... Сол күні өткен ескі тəртіп бұл күнде қазақтың
сорына айналып отыр. Алайда бұл халық қашанғы осылай бытырап жүре
бермек? Бұлардың да ортақ ұранға шауып, бір тудың астына жиналатын
уағы болды емес пе?!»
Дастарқан жиналып, көлденең адамдар тарап, Демежанмен оңаша
қалған бір сəтте, Көбен, Отаршы, Шөкібайлар өздерінің ақтық тілегін
айтты. Бұлардың қай-қайсысы да ұзақ жыл бойы Мамырбек төремен
үкірдайлыққа таласып, бірақ жеме-жемге келгенде, ол əрекеттерінен
ештеңе шықпай əбден қажыған адамдар. Соңғы жолы бəрі ұтылай соңына
түсіп жүріп, Мамырбекті сүріндіргендей болып еді. Алайда əккі төре есебін


тауып, басындағы мансабын баласы Тұрысбекке өткізді де, бұлар тағы да
тақырға отырып қалды.
Батыр бітімді, кең, кесек жүзді, бұл күнде шар тартып қалған, қайтпас
қайсар Көбен осылардың бəрін тұтанған ызамен баяндай келіп, Демежанға
бұрылды да:
— «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды», «Кісі елінде сұлтан болғанша,
ез еліңде ұлтан бол», — дейді қазақ. Ауылдағының аузы сасық деп, біз сені
ұлтан қыла қоймаспыз. Төреге қиған төрімізді саған қимаймыз ба?
Қашанғы шетте жүре бересің, өз ортамызға бір оралсайшы. Басындағы
бағыңмен, мансабыңмен-ақ орал... Дохалдай диюдың айдарын кесіп тұл
еткеніңді естігенде, сыртыңнан мақтанып, бір дүрлігіп қалғанбыз. Енді
бізді мына төбемізде ойнаған төрелердің тепкісінен құтқаршы, айналайын.
Осы отырған бəріміз бір сенің қызметінде болайық, хан көтеріп алайық! —
деп қатты қолқа салған.
Демежан қазақтың жікке, руға бөлінген ескі салтына бүкіл болмысымен
қарсы бола тұра, дəл қазір одан тысқары өмір сүре алмайтынын осы арада
бірінші рет мойындағандай болды. Бұл елде русыз, иесіз адамға орын жоқ.
Сен не Керей, не Төртуыл, не Жұмық болуың керек. Төртуылдар мұны
бүгінге дейін құрығанда сол елдің жиені болғандықтан, кешегі
Керімбайдың мұрагері атанғандықтан сыйдырып жүр. Ал Керейлер болса,
мұның бойында біздің қанымыз бар деп бауырына тартып отыр. Осы
екеуінің бірі болмашы, онда сенің аузыңнан сөз орнына алтын саулап тұрса
да, ешкім керек қылмайды. Апыр-ай, дүние неткен тар еді?!
Демежан бір ауық өзінін Төртуыл елімен қоштасып, Керейге көшіп келе
жатқанын көз алдына елестетіп көрді. Тіпті ақылға сыймайды екен ғой.
Мұның бүгінге дейін бастаған ісі, өсірген жемісі бар емес пе? Оны қайда
тастамақ? Күні кеше Керімбайдың өзіне өсиет еткен елін кімге қалдырмақ?
Аруақты қалай аттамақ? Бір басына тыныштық тілеп, халдайлардан қашып
келгенде, табатын олжасы төрелермен тіресу ме? Бұл елге əбден бауыр
басып, сіңісіп алған Мамырбек оңайшылықпен орын босата қояды деп кім
айтты? Жиырма жыл бойы жеке билеп келген төренің осында жағынып
жүрген жақтастары аз дейсің бе?! Тағы сол тартыс, тағы да ұрыс-керіс...
Жарайды, Мамырбекпен майдандасып, ру басылардың көмегімен бұл
Тұрысбектен үкірдайлықты тартып алсын-ақ. Сонан кейін не болмақ?
Төрелерден құтылып, арқа басы кеңіген соң, мына отырған ағайындарының
қандай мінезге басатынын кім біліпті. Керей ішіне келіп орныққан соң,
мұның енді Төртуыл исі шығып жүрмей ме? Сырттан бас сауғалап келген
кірме, сіңбе атануы да мүмкін ғой... Қой, жер ортасына келгенде, байдан
шыққан қатындай жылы орнын суыту — басқаға жарасқанмен, Демежанға
жараспас. Тас түскен жеріне ауыр. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар», —
дегенді де қазақ айтқан. О баста тағдыр маңдайға соны жазған екен,
құдайдың басқа салғанын не де болса көріп алады.
Осы ойға берік бекіген Демежан өзінен жауап күтіп отырған


руластарына бұрылып қарады да:
– Қаны бірге туыс деп, жатсынбай бауырға тартқандарыңа рақмет,
ағайындар. Бұдан кейін бұл елді түбі бірге төркінім, өрде жатқан өрісім деп
білермін. Мен үшін бəрін бірдейсің. Нағашы жұрт, ата жұрт деп бөліп
жатар елім жоқ. Егер Керей-Найман мені сыйдырса, менің құшағыма соның
екеуі де сияды... Керейдің ауылына бір түтін келіп қосылғанмен, одан
ешкім көбеймес те, азаймас. Бəріміздің де бас еркіміз өзімізде сияқты
көрінгенмен, бар билік көкте құдай, жерде ұлықтың қолында.
Араларыңызда осыны ойлаған жан бар ма? Əне, алыстан айбат шегіп жаңа
əмірші келе жатыр. Оның қандай қырға салатынын кім білген? Тегінде,
Керей мен Найман əрқайсысы жеке шауып бəйге алмайды. Бəрі береке-
бірлікке келіп, қазақ деген бір тудың астына жиналса ғана, ел қатарына
ілігіп, есеге қолы жетеді. Міне, менің орталарына тастайтын ұраным осы.
Мен бір басымды сүйегім — Керей, етім — Төртуыл деп бөліп-жармай-ақ,
бəріңізге ортақ Демежан болып қала тұрайын да, — деген-ді айналасына
жағалай көз жіберіп.
Оның бұл сөзін қостаған да, теріске шығарған да ешкім болмады. Бəрі
үнсіз аңырып отырып қалған. Соған қарағанда, мұндай ойды ұғынуға бұлар
əлі дайын емес секілді. Айқайласаң жартас та жаңғырығушы еді,
мыналардан ондай да жауап қайтпады. Əлде Демежанның қазақ тілінде,
адамзат тілінде айтылған ойларын Керей тіліне аудару керек болды ма,
əйтеуір, екі жақ ұғыспаған, табыспаған күйі тарады.
Қарсы алушылар өздері түскен үйлерде түстік астарын жеп, оның соңын
қымызбен жалғастырып отырған-ды. Кенет, сыртта жүрген біреулердің
абыр-сабыр дауыстары естілді.
– Келе жатыр!
– Күре жолдан бері бұрылды...
– Күймемен келеді. Соңынан ерген нөкерлері бар, — десіп жатты.
Жұрттың бəрі дүрлігіп далаға шықты. Шынында да, пар ат жегілген
қоңыраулы күйме кезеңнен асып, тігілген үйлерге таяп қалған екен. Күйме
жалғыз емес, соңында сəукілдеп желіп келе жатқан төрт-бес салт атты бар.
Бірақ бұлар күткен ұлыққа ұқсамайды. Құйрығын тілерсектен шорт кескен
кілең шолақ ат мініп, бастарына едірейген қалпақ, үстеріне сары ала
түймелі жасыл бешпет киген салт атты солдаттардың да түрі бөтен...
Қоңыраулы күйме салдыртып келіп қастарына таяғанда мəлім болды. Бұл
келген — Шəуешектегі орыс консулы Соков болып шықты. Борнеман
кеткен соң, оның орнын биыл жыл басында Сергей Васильевич Соков
деген біреу басқан-ды. Соның ұлықты қарсы алуға шыққан беті екен.
Үстіне сұрғылт шұғадан тігілген костюм, басына сол түстес шляпа
киген, сақал-мұртын дөңгелете тұжырған, жасы елулер шамасындағы жаңа


консул күймеден жеңіл секіріп түсті де, өзін күтіп тұрған қала ұлықтарына
қарай бет алды. Қасында қолына имек таяқ ұстап, екі елі қалмай жүрген,
көзілдірікті қазақ тілмашы бар.
– Иə, ұлықтан əлі хабар жоқ па? — деді консул Шихалдайға қол беріп
жатып. — Сіздер ертпей кетсеңіздер де, мінеки, соңдарыңыздан біз де келіп
қалдық.
– Сізді осылай салтанатпен күтіп алу үшін, біз əдейі бұрын келдік қой,
— деп мысық мұрт Шихалдай езуі жайылып күлді. — Бірақ ештеңеден құр
қалған жоқсыздар, консул мырза, мəртебелі ұлық кешігіп жатыр.
– Мен алдыңғы күні Шəуешектен шығарда, Құлжамен телеграф арқылы
тілдескем, — деді Соков. — Олардың жолға шыққанына бір жұмадан
асыпты. Бүгіндер осы тұсқа келіп қалуға тиіс.
Ұлықтар консулды ортаға алып, өздері отырған үйге енгізіп əкетті.
Манадан демдерін ішіне тартып, үнсіз тұрған жұрт дабырласып қалды.
– Консул келді ғой, енді ұлық та кешіге қоймас.
– Орыстар біледі ғой. Біз сияқты босқа сандалмай, ұлықтың нақ келетін
кезінде дəл жеткенін көрмейсің бе.
– Құлжамен бірдеме арқылы сөйлестім деп тұр ғой. Онысы не керемет
екен?
– Біздің ұлықтарда ондай құрал болмағаны ма? Олар неге алдын ала
сөйлесіп, уақытын дəл біліп алмаған? — десіп гу-гу етеді.
– Біздің қалалардың арасында телеграф байланысы жоқ. Ондай хабар
Ресейді айналып, Шəуешекке Бақты арқылы жетеді, — деді əлдекім
білгішсініп.
Далаға бір шығып қалған соң, жұрт енді ішке кіре қоймай, əр жерде
қораланып сөйлесіп тұр. Үй сыртындағы көк майсаға алқа-қотан жайғасып
жатқандар да бар. Осындай бір əредікте Демежанның қасына Мамырбек
келіп, былай таман оңашалай берді. Төренің жасы алпыстан асып кетсе де,
əлі ажары таймаған, ақбөрте, толысқан шағында. Неше күннен бері Керей
жуандарының Демежанды ортаға алып, құпия кеңес құрғаны оған да жетіп
жатқан сияқты.
– Қалай, үкірдай, өз бауырларыңның ортасына келіп, аунап-қунап
дегендей, жақсы тынығып жатырсың ба? Біздің ел өте бауырмал, əрі тым
қаншыл келеді... Өз арасында қырқысып жатқанымен, сыртқа деген
сыпайылығы жетеді, — деді əдейі сыр тартқандай болып.
Демежан да көп күттірмей, іле жауап қатты.


– Оған сөз бар ма, Мəке. Керейлер — қанша дегенмен, төренің алдын
керген, тəртіпке түскен ел ғой, —деді кекеткені, əлде көпшік тастағаны
белгісіз. — Ал мен болсам бұл елге қонақпын. «Қонақта ерік жоқ, май
берсе де жей береді».
– Бірақ бұл елдің май асатып отырып, сүйегі мен сіңірін қоса жұтқызып
жіберетіні де болады. Абайлау керек, — деп күлді Мамырбек.
– Оны қалай түсіндік, Мəке?
– Өзінде шет-жағасын естіп жатқан шығарсың. Мені бұл ел қажытып
болды, — деді Мамырбек шағынғандай. — Осындағы ру басылары
өздерінің ата салтынан айни бастады. Бейне менің бесінші атам Əбілпейісті
бір кезде он екі Абақ Керейдің игі жақсылары Абылайдан қалап алып,
өздеріне хан көтермеген секілді. Содан бері жүз елу жыл бойы бұларды
төре билемеген секілді... Олар өздерінше заман озды, заң тозды деп
топшылайды. Бекер. Заманның да, заңның да сырт қауызы өзгергенмен,
дəні сол қалпында. Күн орнынан шығады, ай орнына батады... Керейді төре
билесе, қалың қытайды үш ғасыр бойы мəнжу билеп келеді. Төреге қарсы
шыққаны — Еженханға келтірген күпірлік екенін біле ме бұл сығырлар?!
Демежан оның сөзін бөлмей, үнсіз тыңдай берді. «Осының бəрін маған
неге айтып тұр?—деп ойлады ішінен, — Əлде Төртуылдың түртпегіне
шыдамай, ата жұртына арқа тіресе, орнымды тартып алады деп
қауіптенгені ме? Менің жолыма кесе-көлденең тұрма, жылы орныңды
суытпа, мен тамырымды тереңге жайған адаммын деп күш көрсеткені ме?»
– Өз басындағы жай ғой... Сен түсінеді деп айтып тұрмын, — деді
Мамырбек даусын барынша жұмсақ шығаруға тырысып. — «Айлас қатын
— мұңдас». Сенің де жағдайыңды естіп жатырмын. Керейдің маған
жасайтын доңайбатын сен Төртуыл жуандарынан көріп жүрсін.
Жалғыздығ, кіріптарлық таңсық болмас саған да... Ит үреді, керуен көшеді.
Бір-бірімізге қорғаныш, сүйеніш болып жүрейік. Сенің де, менің де
жүгінетін жеріміз — ұлық қой. Сол ұлық алдында жүзіміздің жарық
болуын ойлайық.
– Ал ұлыққа жағу үшін не істеуіміз керек? — Демежан мұртының
астынан жымиып күлді.
– Білем, сен халдайлармен ұстасып жүрсің. Мына заманда соның қажеті
бар ма? Ел-жұрт дейміз. Ертең басыңа күн туса, сол елдің қайсысы ара
түсуге жарайды? Егер қарсы болмасаң, мен сені халдайлармен
татуластырсам деген ойым бар... Бұған қалай қарайсың?
Түсінікті. Демек, Мамырбек мұның Төртуыл ішінде біржола орнығып
қалуын қалайды екен. Бір-біріміздің жолымызды кесіп өтпей, алыстан
сыйласайық. Жырақта жүрсең — досыңмын, жақынға келсең — қасыңмын
дегені ғой бұл. Демежан төренің көмейіндегі күлкілден осыны таныды.


Қырық қалталы, күлбілте есеп-қисапты ұнатпайтын əдетімен, не де болса
барды айтып, араларын ашып алуды жөн көрген.
– Айтар ойыңызды аңғарғандай болдым, Мəке. Қалағаныңыз береке-
бірлік болса, мен де соны іздеп жүрген адаммын. Менен бір қиянат болар-
ау деп қауіп ойламай-ақ қойыңыз. Орманның іші шытырман шиырға толы
болса да, арыстан жүрген ізбен жолбарыс жүрмейді деген сөз бар... Сіз бен
біз жемтік басында емес, жеңіс жолында ұшырассақ нетті?! — деген-ді.
Бұл сөздің астарын Мамырбек те қалт жібермей жақсы ұқты. Қара сұр
жүзіне қан жүгіріп, арқасы кеңіп қалғандай болды.
– Міне, бұл білген адамның сөзі. Осылай деріңді өзім де сезім ем, —
деді өңі балбұл жанып. — Бірақ, ұлықтар жөніндегі сұрағыма жауап
бермедің ғой. Халдайларды не істейміз?
– Ұлықтар дейсіз бе? — Демежан қабағын шытып ойланып қалды. —
Билік-мансапты айтасыз ғой? Біздің қолымызда сол билік бар ма, өзі?
Тақтадағы дойбының тасындай, қазір қайсымызды қайда апарып қоям десе
де, ұлықтың өзі шешіп жүрген жоқ па? «Қой асығы деме, қолына жақса
сақа қой», — дейді екен. Ал біз ұлықтың қолына жаққан, салмақты сақа
болғымыз келеді. Үйіргенде алшы түсіп, кенейлердің тобын бұзғанымызға
мəз боламыз... Егер билік пен мансап адамға сол үшін керек болса, маған
оның құны көк тиын. Соған бола халдайлардың алдында құлдық ұрып,
кешірім сұрар жайым жоқ, — деп кесімін бір-ақ айтты.
Мұндай ойды ұғынуға Мамырбек те дайын емес еді. Əр сөздің астарына
қанша үңілсе де, байыбына бара алмай, аңырып тұрып қалды. Демежан
оның қарымы жете бермейтін алыс қиырға тартып кеткендей. Мұның
бетіне жапақтай қарап сəл тұрды да:
– Ол жағын өзің біл. Менікі — жай ағалық ақыл ғой... Бір күн де болса
қарап отырған ханымыз. Осы ұлықтарсыз күніміз бар ма? — деп сөз аяғын
жуып-шайған болды.
Күн екіндіге таман еңкейіп қалған кез болатын. Демежан біраз адаммен
үйге кіріп, аяқ суытып отырғандары сол еді. Даладан тағы да:
– Ойбай, келіп қалды! — дескен шу естілді.
«Келетін ұлығы келіп, осы бір мағынасыз сергелдең тезірек тыңса екен»
деп, Демежан да орнынан көтеріле берді. Далаға шықса, астындағы аты
қара терге малынып, ілгерінді-кейінді кеткен əлдекім қамшысымен күре
жолды нұсқап, көпшілікке самбырлап сөйлеп тұр екен. Бейне ұлықты өзі
көтеріп əкелгендей танаурап, жұртты аузына қаратып алыпты. Демежанның
ұққаны — ұлық өз нөкерімен Ұтыдан бері шыққан көрінеді. Көп кешікпей
осында келіп қалуға тиіс.


Айтқандай-ақ, арада бір шай қайнатымдай уақыт өткенде, күре жолдан
ұбап-шұбап бері бұрылған арбалар тізбегі көрінді. Ең алда пар атты, үстіне
жасыл березенттен күн қағар күрке тігіп қойған жеңіл фаэтон, оның
соңында үлкен доңғалақты, қос-қос атты дашай арбалар. Олардың да
үстінде қамыстан тоқылған бойра күркелері бар. Алдыңғыларына адам
отырып, артқыларына бірыңғай жүк тиеліпті. Соған қарағанда, жаңа əмірші
бала-шаға, жасау-жабдығымен біржола көшіп келе жатқанға ұқсайды.
Əне-міне дегенше, жолаушылардың алды қаз қатар тігілген ақ үйлердің
маңына келіп те қалды. Күтіп алушылар екіге жарылып, араларынан үлкен
көше жасап, анталасып тұр. Алдыңғы фаэтон арқан бойы жерге тоқтады да,
ішінен екі-үш адам түсті. Үстінде сұрғылт түсті, қымбат шұғадан тігілген
əскери киімі бар, бойы ортадан гөрі жоғары, дембелше, иықты келген,
қысық көз, жуан қара күймеден түскен беті оң қолын жоғары көтеріп,
көпшілікке сəлемдесу ырымын жасады да, жұртты қақ жарып, төр жақта
тұрған халдайлар тобына қарай бет түзеді.
Сірə, бұл елдің неше күннен бері албарынды болып, сарыла күткен
мəртебелі ұлығы — осы болса керек. Бір аймақтың əміршісі деген үлкен
лауазымды əлі бойына сіңірмегені, əскери формасын шешіп үлгермегені
көрініп тұр. Бұрын үнемі үлде мен бүлдеге оранып отыратын Ши-амбыға
көзі үйренген жұрт бешпенті тізесіне жетпейтін қара шолақ офицерді
көргенде көңілдері толмай, бастабында сəл тосырқап қалған. Бірақ
полковник Матеннің олармен ісі болған жоқ. Аяғын қадап басып, төрдегі
қалың топқа жақындай берді де, оң қолын күн қағарына апарып, қалт тұра
қалды.
Сол ақ мұң екен, төр жақта қаз қатар тізіліп тұрған халдайлар əулеті
намазға жығылғандай, ұлықтың аяғын құша төрт тағандап жата-жата
кетісті. Маньчжур-қытай салтында бас ұрып, құрмет көрсетудің ең жоғарғы
түрі осы. Жаңағылардың қасында тек орыс консулы Соков қана сорайып
жалғыз қалып еді. Ол өзінің мына тұрысына ыңғайсызданғандай, жан-
жағына жалтаңдай қарап алды да, екі-үш қадам алға шығып, өзін ұлыққа
таныстырып жатты.
– Сіздің алдыңызда тұрған — ұлы Ресей империясының Шəуешектегі
хұқықты консулы Сергей Васильевич Соков. Цин империясының
Тарбағатайдағы төтенше өкілі, губернатор Матен мырзамен жүз
көріскеніме қуаныштымын! — деді ол əр сөзін нақпа-нақ, шегелей сөйлеп.
Екеуі қол алысып көрісіп жатқанда, халдайлар тобы да орындарынан
түрегелген. Олар өз əміршісіне құтты қадам тілеп, сəлемдесу мүмкіндігіне
енді ғана ие болып еді. Шихалдай бір адым алға шығып:
– Алыс жолдан шаршап-шалдықпай, жақсы жеттіңіз бе, ұлы мəртебелім?
Тарбағатай аймағындағы ер жүрек халдайлар əулеті мен тағы басқа қазақ,
қалмақ сияқты бұратана жұрттың өкілдері сіздің алдыңызда тұр, — деді ол
да өзінің шіңкілдеген жіңішке дауысын қаттырақ шығаруға тырысып.


Сонан соң қасында тұрған қала əкімдері мен Бахалдай, Кехалдай,
Тухалдай дегендерді жағалай таныстырып шықты. Халдайлардың екі
езулері екі құлағында. Жаңа əміршіге өз тілдерінде бірдеңе айтып,
қауқылдасып жатыр.
Міне, осыдан кейін ғана сол қанатта тұрған қазақ, қалмақтың үкірдай-
зəңгілеріне кезек тиіп еді. Шихалдай қазір баяғы майысқақ, майда мінезін
қайта тауыпты. Ұлықтың алдында құрдай жорғалап, əрқайсысының тұсына
таяғанда, үкірдайлардың аты-жөндерін айтып, бір шеттен таныстырып
келеді.
– Біз қазір қазақтың Керей тайпасының қонысында тұрмыз, ұлы
мəртебелім. Мына кісі — сол Керей елінің байырғы басшысы Мамырбек
төре. Қасында тұрған — оның баласы Тұрысбек үкірдай.
– Ал мына кісі — Тарбағатайдағы қалмақ-ойрат жұртының билеушісі —
Мадан үкірдай...
Қастарына келгенде байқады: Матен-амбы бұлар көріп жүрген
маньчжур-қытай əкімдерінің көбіне ұқсамайтын, сақалын қырып тастап,
таңқы танауының алдына едірейтіп мұрт қойған кісі екен. Дүрдиген қалың
ернінің астынан алтын тістерін көрсете салқын жымиып, үкірдайлардың
қолын алған сайын, түс тоқтата қарап өтеді.
– Ал, мына кісі — бұл аймақтың ең байырғы тұрғыны саналатын
Төртуыл елінің басшысы — Демежан үкірдай!
Матен-амбы Демежанның қолын ала беріп, оның бетіне шаншыла қарап
тұрып қалды. Қанын ішіне тартып, едірейген мысық мұрты жыбыр ете
түскендей болды. Өзі қазақша таза сөйлейтін неме екен.
– А-а... Демежан — сіз екенсіз ғой. Танысқаныма өте қуаныштымын, —
деді жағы қарысып қалғандай əр сөзін тісінің арасынан сыздықтата
шығарып.
Демежан оның сөзін жауапсыз қалдырғысы келмеді. Мұндайда
айтылатын ресми тəртіп бойынша:
– Патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженханның елімізге жіберген
төтенше өкілін қарсы алып тұрғаныма мен де бақыттымын, ұлы
мəртебелім, — деді таза қытай тілінде.
Матеннің бойы Демежанның иығынан ғана келеді екен. «Мынаны қарай
гөр!» деп таңданғандай, оның жүзіне шалқалап бір қарады да, қатарында
тұрған Шəйіге қарай өте берді.
Осылай ұлықты қарсы алу, танысу салтанаты біразға созылған. Кезек əр
елдің зəңгі-елубасыларына келгенде, Шихалдай оларды бас-басына


таныстырып жатпады. «Мына-лар — керейдің игі жақсылары», «мыналар
— Төртуылдың атқамінерлері» деп, бөлек-бөлек топтасып тұрғандарды
қолымен жайқап көрсетті де, Матен-амбыны арнайы тігілген оқшау ордаға
қарай бастап жүрді.
Ұлықпен сапарлас болып бірге келе жатқан адамдар тобы да едəуір екен.
Матеннің əйелі, ер жетіп қалған ұлы мен қызы, олардың қасына ерген
нөкерлерінен басқа, шені төмен төрелер, күзет міндетін атқаратын шеріктер
бар. Сол адамдардың арасынан кенет Дохалдай мен Байсеркені көргенде,
қарсы алушылар қатты таңырқасып қалды. Дохалдай сəл ысылып, жүдеу
тартқанымен, мерейі тасып, көңілді жүргені байқалады. Желкесіндегі
айдары бұрынғыдай ұшасына түсіп тұрмағанымен, қазір өруге жарап,
едəуір ұзарып қалған. Бір сəт Демежан екеуінің көздері түйісіп қалды да,
Дохалдай жанарын тез тайдырып əкетті.
Ал Байсеркені бұл кезде Төртуыл жуандары қоршап алған-ды. Көксеген,
Ысқақ, Тыныбайлар оны тақ бір қажыдан келгендей қарсы алып,
шұрқырасып жатыр... Қазір олар үшін сонау алыс сапардан əміршінің
өзімен бірге келген Байсеркеден беделді кісі жоқ. Əлде, өздерінше
Демежанға көрсеткен қыры ма, Ысқақ бастаған бір топ самбырлай сөйлеп,
қатты даурығысып тұр. Байсерке Демежанға бұрылмады, көрмеген,
елемеген сыңай танытып, қасынан ойқастап өте берді.
Бұл кезде Матен-амбы мен консул Соковты ортаға алған қала əкімдері
арнайы тігілген қонақ үйге кіріп бара жатқан. Ұлықтар тарапынан ешкім
мезіреті жасап шақырмаған соң, əлі сырын алмаған əміршінің үстіне баса-
көктеп кіріп баруға ешқайсысының батылы бармай, үкірдайлар далада
иіріліп қалды. Асқақ ұлықтың бұларды адам қатарына санамай, ертпей
кеткені жандарына қанша батса да, сырттай сыр бермеген, елемеген болып,
əрнені əңгіме етіп тұр. Дегенмен, сол жақтан бір хабар бола ма деп, қонақ
үйдің есігіне оқтын-оқтын көз тастап қояды... Бір кезде іш жақтан Ысқақ
пен Дохалдай шығып, əлі де Төртуыл кісілерінің арасында тұрған
Байсеркені шақырып алды. Үшеуі манағы жүкті арбалардың бірінен
түсірген əлдебір сандықты қолдаса көтеріп, қонақ үйге қайтадан еніп кетті.
Тек осы кезде ғана мінезі шапшаң Шəйі үкірдай шыдай алмай:
– Қап, бəріміз жиналып, иманын сатқан Ысқақ пен баукеспе Байсерке
құрлы болмадық-ау! Ит өлген жерден шабылып алдынан шыққанда,
ұлықтан көрген сыйымыз осы ма? — деген намыстан тұтанғандай болып.
– Тіпті итпісің, кісімісің демеді-ау. Келмей жатып кеудесімен басып,
таптап өтті-ау! — деп Таңғыт та ширығып тұр.
Демежан өзімен қатты ойнайтын Шəйіге жалт етіп бір қарады да:
– Əттең, құрдас-ай, бала екенсің-ау! Атаң Отыншы өмір бойы
осылармен неге алысып өтті дейсің? Жасың қырық беске келгенше соны


түсінбегенің бе? —деп лекіте күлді. — Есіктен қашан сүйек лақтырады
екен деп тұрамыз ба осылай? Жүріңдер, үйге кіріп отырайық.
– Бізге жүріңдер, бүгінгі қонақасыларын менің мойнымда болсын, —
деді Шəйі қасында тұрған үкірдайларға қарап.
Барлығы дабырласа сөйлесіп, ортадағы бос үйлердің біріне бұрыла
берген. Бірақ ішке кіріп үлгермеді. Кенет арт жақтарынан əлдекімнің
шаңқылдаған, сүйкімсіз даусы естілді. Бұрылып қараса, ұлықтар үйінен
шыққан Шихалдайдың шабарманы қолындағы бір қағазды дауыстап оқып
тұр екен.
– Мамырбек төре, Керейдің үкірдайы Тұрысбек, Жұмықтың үкірдайы
Таңғыт, Мəмбеттің үкірдайы Шəйі, қалмақ үкірдайы Мадан... Сіздерді ұлы
мəртебелі Матен-амбы өз дастарқанына шақырады.
Бəрі таңданғандай бірінің бетіне бірі қарады. Тізімде Демежанның аты-
жөні жоқ болып шықты. Басында жаңсақ естідім бе, немесе шабарман
жаңылып айтпай кетті ме деп ойлаған. Жоқ, бəрі ап-анық, қағазға жазылған
дүниеде жаңылыс болушы ма еді. Аты аталғандардың бірден еңсесі
көтеріліп, Шəйінің де, Таңғыттың да өңдері гүл-гүл жайнап шыға келді.
Олар қонақ үйге қарай бет алғанда, Демежан сол орнында жалғыз сопайып
тұрып қалған. Шəйі ыңғайсызданғандай арт жағына жалт-жалт қарап,
жаңағы шабарманға Демежанды көрсетіп, əлденені сұрап жатты. Анау
қолындағы қағазға қайта үңілді де, бірдеңе деп басын шайқады...
Демежан олардың сөзін ақырына дейін күтіп тұра алмады. Қаны ду етіп
басына шапты да, ештеңені естімеген, көрмеген күйі теріс айналып жүре
берді. Енді бəрі де түсінікті. Матен-амбы мұны тізімге əдейі қоспаған
болды. Келе салып кескен алғашқы жазасы, кімді қырына алатынын осы
бастан жалпақ елге жариялағаны... Демежан қашан өзі түскен үйге
жеткенше, артымнан біреулер дауыстап шақырар, не қуып келер деп
дəмеленген. Бірақ іле-шала сондай пендешілікке барғаны үшін, өзіне қатты
ыза болып, қызарып кетті. «Бəсе, осылай болса керек еді. Бəсе...» дей берді
ішінен.
Енді бұл арада бір минут кідірудің өзі жан төзгісіз азап еді. Бұдан өткен
қорлық болмас. Өз үйлерінің қасына келсе, əншейінде сынаптай сусып
тоқтамайтын Төртуылдың жуандары, қас қылғандай, түгел осында тұр
екен. Барлығы ауыздарын ашып қарап қалыпты... Ақ иық қыран аюмен, не
қасқырмен айқас үстінде қапыда қанаты қайрылып, қансырап жатқанда,
жарымес жапалақтар мен талапсыз тазқаралар, құлқыны жаман құзғын мен
күншіл күшігендер осылай айнала қоршап, тасқа қонып отырар еді... Мұны
аяған, мүсіркеген, таңданған, қыбы қанған, табалаған көп көздер
Демежанның өңменінен өтіп кете жаздады.
– Неменеге тесірейе қалдыңдар? Сүйектеріне басқан қорлық, құлдық
таңбасын тамашалап тұрсыңдар ма? «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе»


деп, сол халдайлармен табақтас болмай-ақ қойдым. Жан алғыш əзірейілім
сол болса, Матеннен келген керді көріп-ақ алдым. Тартыңдар аттың басын!
— деді ол шабармандарына ақыра əмір етіп.
Күн кешкіріп қалған-ды. Арада жарты сағат өтпей, Демежан ұлықтарға
тігілген ақ үйлерді артқа тастап, аттанып бара жатты. Қасында шабарманы
Рақымнан басқа Күдері мен Берікбол ғана бар. Төртуылдың өзге жуандары
басында қопаңдап аттарын ерттегенімен, жеме-жемге келгенде бірге жүріп
кетуге тəуекелдері жетпей, ұлықтың төңірегінде айналсоқтап қалып қойды.
IV
Іледегі шекара əскерінің полковнигі, Күре бекінісінің бұрынғы бастығы
Матен-амбының Тарбағатайға əмірші болып орныққанына да бір жылдай
уақыт өткен. Ол алғаш Шəуешекке келіп, Ши-амбының кілем мен жібекке
оранған абажадай кең кабинетіне кіргенде, «осының бəрі өңім бе, əлде
түсім бе» деп, өз көзіне өзі сенбегендей мəңгіріп қалып еді. Осыдан бірер
жыл бұрын ойы түгіл түсіне кірмеген кездейсоқ бақыттан басы айналып,
біразға дейін есеңгіреп жүрді де, кенет ұйқыдан шошып оянғандай, өз
міндетіне ашқарақтана кірісіп кетті.
Ақыры, ол бірте-бірте ес жинап, осының бəрі көктен түсе қалған бірдеңе
емес, еңбекпен алған үлесім, заңды сыбағам деп, өзін-өзі сендіре бастаған.
Бұл жөнінде өзін ақтайтын дəлелдері де жеткілікті еді. Асыл текті
маньчжур қанынан жаралмай, сіңбе халық сібеден шыққаны болмаса, бұл
да жерде жатқан біреу емес, халдайлар нəсілінен... Мұның арғы тегі
Сохалдайлар əулеті шекара күзеті үшін сонау Қиыр Шығыстан көшіріп
əкелген сібе жұртының ішіндегі ең білікті адамдардың бірі болатын.
Империяның адал құлы, шын берілген жауынгері атанды. Маншың
өкіметінің осы өлкеде орнығып қалуына жан-тəнімен қызмет етті. Арғы,
ертедегі еңбектерін былай қойғанда өткен ғасырдың алпысыншы
жылдарындағы Іледегі ұйғыр-дүнген көтерілісі кезінде империя үшін
қасық қаны қалғанша аянбай алысқандардың қатарында ер жүрек Сохалдай
ұрпағы да бар еді. Матеннің өз əкесі мен екі атасы сол соғыста қаза болды.


Əкесі өлгенде, Матен əлі қабырғасы қатпаған, он бес жастағы
жасөспірім бала болатын. Ол кезде қолынан ештеңе келмесе де,
көтерілісші-бүлікшілерге деген өшпенділік мəңгі жібіместей, көкірегінде
мұз болып қатып қалып еді. Бірақ «жалған ісі ақиретке кетпейді» деген рас
екен. Кейін Матен сол қанды кектің қарымтасын неше есе қып қайтарды
ғой. Маншың өкіметі жетпісінші жылдардың басында Шыңжаңға қайтып
оралғанда, жиырмадағы жас жігіт өзі тіленіп, жазалаушы əскердің сапына
қосылған. Матеннің аямас қаталдықпен көзге түскен кезі де осы тұс еді. Не
керек, қайқы қылышын көтерілісші дүнгеннің, ұйғыр мен қазақтың қанына
армансыз суарды ғой. Кəрі демей, жас демей, тіпті бесіктегі балаға дейін
найзаға шанши бергені есінде... Сол жанкешті ерлігі Іле жаңжұңының
ілтипатына ілігіп, айрықша алғысқа, бағалы сыйлыққа ие болды. Көтеріліс
кезінде талауға түсіп кеткен əкесінің жер-суын, тағы басқа иеліктерін өзіне
қайтарып алды.
Көп кешікпей Матенді Тяньцзиндегі офицерлер дайындайтын əскери
мектепке оқуға жіберген. Ол осында үш жылдай оқып, майор шенімен
бітіріп шықты. Жақсы оқыған қабілетті офицер ретінде, ішкі өлкедегі
император армиясының құрамында ебін тауып қалып қоюына болушы еді.
Бірақ ол өзі туып-өскен Жоңғарияның кең байтақ даласы мен əкесінен
қалған мол дəулетті қимай, Ілеге қайтып оралды. Бір есептен, сонысы
дұрыс та болған екен. Орталықтағы өр көкірек маньчжур офицерлерінің
арасында көз түрткі болғанша, мына кең сахарада қонышынан басып, еркін
жүргені жақсы емес пе? Кейін ол полковник шенін алды, бекініс бастығы
болып көтерілді. Бұдан арғыны өзі де дəметпей, сол жеткен дəрежесінің
өзіне шүкірлік етіп, байлық пен мансаптың рахатын көріп жүріп жатқан-
ды. Бұлайша аяқ астынан басына бақ қонып, еңістегі тасы өрге домалайды
деп кім ойлаған?!
Содан бері өлкеде талай əкімдер ауысып жатты. Біреулері Матенді
қолдаса, енді біреулері мұны қырына алып, шет қақпай жасаған кездері де
болды. Əсіресе Іледен былтыр ауысып кеткен кəрі жаңжұң бұл дегенде
қабағы жараспай, кірпідей жиырыла қалатыны бар-тұғын. Ол мұны осыдан
екі жыл бұрын Бежінге баратын қауіпті сапарға жібергенде, шен алып,
шекпен киіп қайтсын деп емес, барса келмеске жұмсағандай басқа бір ойда
болғаны анық.
Іле жаңжұңы өзіне қарасты бүкіл Шығыс Түркістан өлкесінен жиналған
алым-салықтың есебінен император сарайына жыл сайын мол сыйлық-
сыбаға жіберіп отыратын-ды. Сыйлықтың басы — мың сан сəйгүлік аттар,
жəшік-жəшік жамбы, алтын-күміс, асыл тастар болса, одан ары бағалы аң
терілері, өз алдына үлкен керуен құрайтын азық-түлік, астық түрінде
жалғаса беретін. Сол астанаға жөнелтілетін мол байлық соңғы кезде ішкі
өлкедегі ихэтуаншылар көтерілісіне, ел ішіндегі аласапыран жаугершілікке
байланысты, бір-екі жыл жіберілмей бөгеліп қалған. Жол үстіндегі əр
қалада бүлік шығып жатқанда, мұндай мол қазынаны алмағайып алыс


сапарға шығаруға осындағы ұлықтардың жүрегі дауалай қоймаған. Бірақ
жоғарғы жақтан үсті-үстіне бұйрық келіп, сұрау сала берген соң, кідіріп
қалған керуенді ақыры жөнелтуге мəжбүр болып еді.
Қандай сайтанның түрткенін кім білсін, алыс та қауіпті сапарға
аттанатын керуенді кім басқарады дегенде, Іле жаңжұңының есіне Матен
түсе кетіпті. Амал жоқ, бұйрыққа бойсұнуға тура келген. Міндет ауыр.
Керуен деген аты болмаса, мұның өзі ондаған арба, жүздеген түйеге
артылған ұзақ салқар көш еді. Оның сыртында айдап апаратын мыңдаған
жылқы мен ірі қарасы тағы бар. Жалпы сомасы миллиондаған лян тұратын
осыншама мол дүниенің тізімін Матенге ұстатты да, оны қорғауға елудей
ғана қарулы жасақ берді. Не осы байлықты шып-шырғасын шығармай
император сарайына апарасың, не сол жолда басыңды бересің. Екінің бірі.
Əлде бұған көк тəңірісінің көзі түзу болды ма, Құлжадан көктемде
шығып кеткен керуен жолда төрт ай жүріп, қоңыр күз түскенде астанаға
аман-есен жетті-ау, əйтеуір. Талай рет қолға түсіп, тонауға да ұшырай
жаздады. Кейде жолдағы бүліктің басылуын күтіп, кей бекеттерде апталап
жатқан кездері де болды. Дегенмен жырынды Матен жолдағы өкімет
орындарынан көмек ала отырып, өлдім-талдым дегенде, Бежінге жетіп
жығылған.
Бұл — ихэтуаншылар бүлігі кезінде жесір патшайым Цыси мен
император Гуансюйдің бір жарым жылдай бас сауғалап қашып жүріп,
астанаға жаңадан оралып жатқан кезі болатын. Император сарайы аяусыз
тоналып, соғыста жеңілгені үшін шет мемлекеттерге қисапсыз көп айып
төлейтін болып, Цин өкіметінің нағыз күйзеліп тұрған шағы еді. Дəл
осындай қысылшаң кезеңде ит арқасы қияндағы Шығыс Түркістаннан
осыншама мол қазынаның келе қалуы тағдырдың төтенше сыйындай
көрінген. Көктен тілегендері жерден табылғандай, император сарайының
разы болғаны сонша, осы керуенді еш пəлеге ұрындырмай аман-есен алып
келген ер жүрек офицерді жесір патшайымның өзі қабылдайтын болыпты...
Бұл хабарды естігенде, Матеннін зəре-иманы ұшып, «ой, құрыған жерім
осы шығар» деп ойлаған. Өйткені оның қолы таза емес-ті. Əкеле жатқан
алтын-күмістен жол-жөнекей қым-қырғаны, меншіктеп басып қалғаны бар
еді. Сол ұрлығым ашылған екен деп, есінен танып қала жаздаған. Не керек,
түбі қайыр болды ғой, əйтеуір.
Сарайдағы қабылдауды Матен өле-өлгенше ұмытпайды. Шалғай
түкпірде туып-өскен қарапайым халдай ұлының император сарайынан бір-
ақ шығуы, шынында да, адам айтса нанғысыз, таң қаларлық жағдай еді.
Əтек құлдардың бастауымен салтанатты сарайдың табалдырығын
аттағанда, Матеннің есі шығып, көзі ештеңені көріп жарытпады. Əйтеуір,
алтын тақта əлдекімнің отырғанын біледі. Өзінің сол тұсқа таяу барып,
етпеттеп жығылғанын біледі. Жан дəрмен маңдайын үш мəрте жерге
тигізіп, бір заманда сүлдесін сүйретіп түрегелген... Сонда ғана байқады:
жесір патшайым небəрі бес-алты қадам жерде бұған мейірлене қарап отыр


екен. Жасы жетпіске таяп қалды дейтін емес, бет-ажарында бір тал əжім
жоқ, ұзаса қырықтағы əйел сияқты. Матеннің абдырап сасқанын қызық
көрді ме, əлде мұның келіскен, төртпақ тұлғасына қарап, мұндай еркекті
құр жібермейтін өзінің жастық шағын еске түсірді ме, жесір патшайым сəл
жымиып күлді. Сол жылы шырайын бұзбай, керуеннің Шығыс
Түркістаннан қашан шыққанын, жолда қарақшылардың қолына түсіп
қалмай, алыс жерден қалай жеткенін сұрастырды. Матеннің əскери шенін,
қандай қызмет атқарып жүргенін де тəптіштеп біліп алды. Сонан соң
мұның бетіне қадала қарап аз отырды да:
– Саған алғыс жариялаймын, полковник, — деді баяу тіл қатып. — Сенің
бұл еңбегіңді император сарайы əрқашан ескеретін болады. Сен сияқты
Цин тағына шын берілген адал жауынгерлердің астанада ғана емес,
шалғайдағы Шығыс Түркістан өлкесінен де табылғаны өте сүйсінерлік, —
деп сəл бөгелді де, қасында əмір күтіп тұрған көмекшілерінің біріне
бұрылды: — Бұйрық жаз: полковникке бүгіннен бастап Уаң атағы берілсін.
Жəне Шығыс Түркістандағы бір аймаққа амбань болып тағайындалсын!
Мəңгі естен кетпейтін, бас-аяғы он-ақ минутқа созылған осы бір сəт
Матен өмірінің ең биік шыңы еді. Шіркін, адам қолында шексіз билік болу
деген қандай ғажап!.. Тақ құдыреті деген осы екен ғой. Жесір патшайым
бұған бір ауыз сөз айтып, сиқырлы таяқшасын сілтеп қалып еді, бұл
қарапайым халдай ұлынан — уаңға, қатардағы полковниктен — амбаньға
айналды да шыға келді...
Сөйтіп, Матен былтыр жыл аяғында астана сапарынан осындай мол
олжамен оралған. Жесір патшайым Цысидың бұйрығын ешкімнің өзгертуге
қақысы жоқ. Бұл енді бірден жоғарылап, Шығыс Түркістанды уысында
ұстап тұрған жаңжұңнан кейінгі үш губернатордың бірі болуы керек.
Матен, əрине, Тарбағатайды таңдады. Осы аймақты отыз жыл билеген Ши-
амбыны жылы орнынан қозғаған да — сол жарлықтың дүмпуі болатын.
Сөйтіп, Матеннің бақкүндестері оның көзін құртамыз деп жүріп,
төбелеріне қалай шығарып алғанын өздері де аңғармай қалды.
Матен-амбы жаратылысынан əскери адам болғандықтан, бұл аймақтағы
алғашқы жұмысын армиядан бастады. Қала гарнизонын қайта құрып,
оларды тегіс осы заманғы от қарумен жарақтандырды. Ши-амбы
тұсындағы кəрі-құртаң, иі жұмсақ офицерлерді ауыстырып, олардың
орнына жігерлі, жас командирлер тағайындады. Жыл сайын əскери
дайындықтан өтіп қайтатын сібе-солаң, қалмақ-чахар жастарының биылғы
жаттығуын да өз қолына алып, қатаң тəртіпке салды.
Ол аймақтағы толып жатқан мекеме-кеңселерді де қайта қарап, олардың
санда бар, санатта жоқ, керексіздерін қысқартып, оның орнына жаңа
кеңселер құрды. Солардың бірі — мемлекет қауіпсіздігін қорғайтын
басқарма. Оның өзі қазір қол астында жүздеген жансызы, мыңнан астам
іріктелген жазалаушы əскері бар, өте пəрменді, беделді мекемеге айналған.
Бұл тəртіпті ол өткен жылы ішкі өлкелерден көріп, көңіліне түйіп қайтқан-


ды. Бұдан былай өкімет жұрттан түсетін арыз-шағымды, дау-шарды ғана
күтіп отырмайды, ел ішінде не болып жатқанын күнбе-күн еститін болады.
Бұл Маншың империясында «баужа жүйесі» деп аталады. Баужа — үлкен
қалаларды ғана емес, əр ауыл, əр шаңыраққа дейін қамтитын, жан-жаққа
тармақталып жатқан өрмекшінің торы тəрізді өте күрделі нəрсе.
Оны қазақ ортасына əкелгенде, былай болып шықты: ру басылары өз
қарамағындағы əр ауылға, ауыл ақсақалы қоңсы отырған əрбір шаңыраққа,
отағасы өз үйінің əрбір адамына жауап беруге тиіс. Кімде-кім заңға қайшы
қылмыс істесе, не өкіметке қарсы сөз айтса, қасындағы кісі тиісті орынға
қолма-қол мəлімдеуі керек. Оны істемесе, сол қылмыскердің жақтасы,
сыбайласы ретінде ол да қоса жауапқа тартылады. Сөйтіп, бір сөзбен
айтқанда, Баужа жүйесі — адамдарды бір-біріне аңдытып қойған
жансыздардың ұясы секілді бірдеңе еді.
Бала жасынан Іле өңіріндегі қалың Қызайдың, Албан-Суанның арасында
арбасып өскен Матен-амбы қазақтың тілін ғана емес, тұрмыс-салтын,
мінез-құлқын да жақсы білетін-ді. Тарбағатайдағы ел өмірімен таныса келе,
мұндағы жұрттың Іле қазақтарынан ешқандай айырмашылығы жоқ екеніне
көзі жетті. Жаратылысынан сөзге үйір, өсек-аян десе құлақтары елеңдеп
тұратын мұндай елдің арасына жансыздар мен салпаң құлақтарды күпінің
битіңдей өргізіп жіберу тіпті де қиын емес еді. Əншейінде бірінің үстінен
бірі арыз жазып, бірін-бірі мұқатып, қырқысып жүретін қазекең өрмекшінің
торына тіпті оңай шырматылды. Қазір мүлде рахат: сонау шалғайда жатқан
əлдебір ауылда əлдекім қаттырақ жөтеліп қойса да, жансыздар арқылы
Матеннің құлағына күнбе-күн жетіп жатады.
Осы жұмыстарды түгел тындырып, ретке салып алғанша, Матен-амбы
бір жыл бойы қаладан аттап шықпады. Қыр елін билеп отырған үкірдай-
зəңгілердің де ешқайсысына соқтықпады. Ұлық үндемеген сайын ел
жуандарының одан арман үрейі ұшып, қаупі күшейе түскен. Өзара
бəстескендей кезек-кезек тарту-таралғыларын əкеліп, əміршінің көмейін
тығындаумен жүр. Ежелден ішіп-жеп үйренген Матеннің өңеші де өлшеусіз
кең еді. Алдына келгенін қайтармай, тамағыма қылқаны кетер деместен,
алтын-күміс, асыл жамбыны, төрт түлік малды үйір-үйірімен қылғытып
жұта берді... Матен осында келгелі Мамырбек төремен майлы қасықтай
араласып кеткен. Сол Мамырбектің ақылымен, Майлының күнгей бетіндегі
Майқабақ деген жерден қыстау салдырды да, былтырдан бері жиналып
қалған көп малды сол жаққа апартқызып тастады. Бұл жер əрі көзден таса,
əрі Құлжа мен Үрімжі базарына мал айдатып тұруға өте ұрымтал еді...
Жаңа əмірші күндегі əдетінше бүгін де кеңсеге ерте келді. Ол жақында
ғана Шихалдайдың кіші қызы Маху сұлуға үйленген. Жергілікті маншың
төрелері өз əйелінен басқа тағы үш канизак ұстауға ерікті болатын. Шар
тартып қалғандікі ме, қазір Матенді өзге жұмыстан гөрі сол жас канизактар
көбірек титықтатып жүр. Оның үстіне, Маху деген де бір желімдей
жабысқан, тойымсыз пəле, шырмауықтай оратылып, қан-сөліңді сығып


алады. Бүгін де əміршінің жүзінде сондай бір жан рахатынан туған
бақытты шаршау бар.
Бұл күнде Матен-амбы бұрынғы əскери формасын тастап, байырғы
Маншың ұлықтарынша, жібек қамзол, көлкілдеген жібек желең киетін
болған. Асықпай маңғаз басып келіп, өз орнына жайғасты да, көмекшісіне
ішке ешкімді кіргізбеуді бұйырып, үстелінің үстінде жатқан əлдебір
папкаларды аударыстыра бастады.
Былтырдан бері Матен-амбы Баужа жүйесі арқылы қазақтың атқамінер
ру басылары туралы мол-мол материал топтап, олардың кісілік қалпын,
мінез-құлқын түгел анықтап болған-ды. Кім қорқақ, кім батыр, кім жомарт,
кім сараң, үкірдайлардың елі ішіндегі бет-беделі қандай, өкіметке шын
беріліп, адал қызмет істейтіні қайсы, кімнің ішінде қыжыл, қарсылық,
бүкпе бар — осының бəрі қазір əміршінің алақанында. Рулар арасындағы
дау-шар, өштік, араздықты да зейін қоя зерттеп, тəптіштеп біліп алған.
Үкірдайлар мен зəңгілердің əрқайсысына жеке-жеке ашылған папка бар.
Матен-амбы қазір соларды қарап отыр.
Сол папкаларды өзара салыстырып, салмақтап келгенде, «бізге керек
адам» деп, ең алдымен бөліп алғаны — Мамырбек төре болды. Иə,
Мамырбекке сенуге болады. Арғы тегі — ақсүйек, хан тұқымынан... Олар
қашанда көне тəртіпті жақтайды. Басқалар сияқты төрелердің арт жағында
тіреп тұрған рулы елі, қорғаныш тірегі жоқ, өз үстемдігін сақтап қалу үшін
амалсыз өкіметті жағаттайды... Ал Керейдің өзге ру басылары онымен өмір
бойы билікке таласып келе жатқан көрінеді. Мейлі, талассын, алыссын.
Мамырбектің де мазасын май ішкендей кетіріп, үнемі қыл үстінде
қыпылдатумен болсын. Оларды да есек дəмемен емексітіп қою керек.
Қазақтың айдай алмай жүрген көп малын аяйсың ба, сайлау сайын
ұлықтың көңілін табамыз деп, шашылсын да жүрсін. Ал шынтуайтқа
келгенде, бізге керегі —төре тұқымы. Олар бағынышты жұртын қалай бір
шыбықпен айдаса, өзінен жоғарғы ұлыққа да қалай жағынуды біледі...
«Демек, дəл қазір бізге Керей ішінен төрелерден қолайлы одақтас табу
қиын» деп, Матен сыртында «Мамырбек—Тұрысбек» деген жазуы бар
папканы былайырақ алып қойды.
Оның астында жатқан екінші папканы қолына алып еді, бұл əкелі-
балалы Еңсе мен Таңғыт туралы анықтамалар екен. Еңсе — Жұмықтың
тұңғыш үкірдайы, Меккеге барып келгелі Еңсе қажы атанады. Осы беттегі
Жұмықтын басын құрап, Еженханға бағындыру жөнінде көп еңбек сіңірген
адам. Кейінгі кезде үкірдайлығын баласы Таңғытқа өткізіп, өзі үйінде
құдай жолын ұстанып жатқанымен, ел ішіндегі беделі арта түспесе кеміген
жоқ... Ал Таңғыт жас болғанымен, өзінің өлер жерін білетін, өкіметке
қарсы ашық айқасқа бармайтын, қазақ үкірдайларының ішінде аса айлалы,
сақ жігіт. Сірə, атадан балаға жалғасып келе жатқан бұл кішкентай
династияны да əзірше қозғамай, орнында қалдыра тұрған жөн болар.


Папканы аударыстырып отырған Матеннің көзі кенет əлдебір қағазға
түсіп, мұртының астынан жымиып күлді. Еңсе билікті баласына өткізерде
мынадай өсиет айтыпты: «Ел басқару деген оңай емес, балам. Оған байлық
пен қара күштен басқа, ақыл мен айла да керек. Тұтас Жұмықты уысымда
ұстаймын десең, Қошқарбайдың ұрлығын тыям деп əуре болма,
Мəметектің екі жақсысының басын бір жерге қоспа, Шотай мен
Əлмəмбеттен дастарқаныңды аяма. Сонда қалмақпен іргелес отырған Саты
мен Қараша өзі-ақ келіп қолтығыңа тығылады» деген екен... Өз елінің
аужайын түйіп болған, рулардың тамырын дəп басып біліп отырған, нағыз
тісқаққан адамның сөзі ғой бұл. Мейлі, Таңғыт та орнында қала тұрсын.
Əкесінің өсиетін орындап, езінің Мəметек, Қошқарбай, Шотайымен
аңдысып жүре берсін.
Келесі папка Мəмбеттің қазіргі үкірдайы Шəйіге арналған еді. Шəйі —
бұл елдің үшінші үкірдайы. Басқалар сияқты тұқым қуалаған династия
емес. Бүгінге дейін билік Мəмбеттің екі жуан руы Тоғалақ пен Туматайға
кезек ауысып отырыпты. Шəйінің атасы Отыншы би — осыдан қырық жыл
бұрынғы дүнген дүрбелеңі кезінде Цин өкіметіне қарсы қолына қару алып
күрескен кісі. Ал мұндай адамның ұрпағы билік басына қалай келіп жүр?
Матен ойланып қалды. Шəйіні үкірдайлыққа көтерген кəрі тарлан Ши-
амбының басында қандай есеп болды екен? Əлде күшігінде таланған,
жазықты адамның баласы енді қайтып бас көтермейді, жалтақ, жасық
болады деп ойлады ма? Кезінде солай қаралуы да мүмкін-ау. Демек, кезінде
өкіметке қарсы оппозицияда жүрген адамдарды осылайша бауырға тарту,
көңілін аулау керек болған ғой... Ал Шəйінің өз басы былай жаман жігіт
көрінбейді. Ійі жұмсақ, елгезек адам сияқты. Өзінің қолы да ашық екен: əр
жолы қалаға келген сайын «отырған орнына көрімдігім, келген жолына
ерулігім» деп, сый-сыяпат ала келуді ұмытпайды... Дегенмен, оған онша
сеніп те кетпей, əр қадамын аңдып отыру керек болар.
Келесі бір папкаға көзі түскенде, əміршінің қабағы күрт түйіліп, ауруы
жанына батқан адамдай тыжырынып қалды. «Бұлардың бəрі де ештеңе
емес-ау, басқаларының жарасы жеңіл. Бəрінен де мына Төртуылдың
үкірдайы Демежаннан құтылу қиын боп тұр-ау» деп ойлады Матен, əлдебір
жарылғыш затты ұстағандай əлгі папкаға қолын еппен апара беріп.
Бұл папка басқаларынан гөрі қомақтылау еді. Демежанның өмірбаяны да
қызық: Өзі таза Төртуыл емес, бұл елге жиен екен. Төртуылдың тұңғыш
үкірдайы Керімбайдың қарындасынан туыпты. Əкесі Керей ішінен шыққан
бір бұзақы көрінеді. Баяғы көтеріліс кезінде өкіметке қарсы қылмысы үшін
жазаға тартылған... Демек өкіметке қарсылық оның қанында жатыр деген
сөз... Бірақ өзі қаршадайынан Керімбайдың тəрбиесінде өсіпті. Кейін Ши-
амбының қолында аманатта жүріп оқыған. Қытайша жақсы біледі. Ши-
амбының еркесі, ең жақын көмекшілерінің бірі болыпты. Керімбай өлген
соң, Төртуыл жуандарының қарсылығына қарамай, үкірдайлыққа соны
күшпен бекітіп жіберген. Сол үшін ру басыларының көбі Демежанға өш.
Өз үкірдайларының бойында Керейдің қаны жартылай тулап жатқанын


кешірмейді.
Бірақ өзін қанша сыртқа тепсе де, Демежан бұл елден қасарысып кетер
емес. Өз руластары — Керейлер неше дүркін кісі салып, «ортамызға кел,
Мамырбектің орнын алып берейік» деп қанша шақырса да бармаған. Өз
дегені болмаса ырыққа көнбейтін, бір беткей, өр мінездің адамы... Ел
ішіндегі ру жігін мансұқ етіп, өзінше қазақты бір тудың астына топтағысы
келеді. Бірақ онысынан əзірше ешбір нəтиже шықпапты... Ал
көшпенділерді отырықшылыққа үндеп, егін салуға баулығаны жеміссіз
емес. Қазір тау өзенінен тоған тартып, қазақтар да егін еге бастаған.
Халдайларға қаны қас. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Абдыра аңғарындағы су
таласы кезінде Дохалдайды күшпен басып отырып, айдарын кесіп алған.
Демежанның халдайларға бұлай өшігуі жайдан-жай емес, оның ар жағында
Маншың үстемдігіне деген зілді қарсылық жатқаны өзінен-өзі түсінікті.
Жансыздардың астыртын мəліметі бойынша, Демежан жүрген жерінде
тым кесек сөйлейтін көрінеді. Маншың өкіметінің күні санаулы екенін,
ендеше империяның итаршысы халдайлардың да үстемдігі көп ұзамай
құлайтынын шаршы топтың алдында бірнеше рет қайталап айтыпты...
Сонда оған не жетпейді? Ши-амбыдай мəртебелі ұлықтың тəрбиесін
көрген, мансап-биліктен кенде емес, ауқатты бай адамның бойындағы
мұндай мінезді қалай түсінуге болады? Демек, Демежан мемлекеттің ішкі-
тысқы жағдайынан мол хабардар деген сөз. Ол жалғыз емес. Оның сауатын
ашып, өкіметке қарсы айдап салып, желіктіріп жүрген тағы біреулер бар...
Ол кім сонда? Саяси қылмыстары үшін ішкі өлкеден жер ауып келген
бұзақылар болушы еді. Əлде ішкеріде бықсып жатқан өрт ұшқынын əкеліп,
əр жерге от тастап жүрген — солардың ісі ме?
Матен-амбы осы сұрақтың шешуін тапқанша тыным көрмей, жансыздар
арқылы Демежанның қала мен даладағы байланысты адамдарын түгел
сүзіп шыққан. Ақыры жіптің ұшығы шықты-ау бір жерден. Қалың
шиырдың арасынан соқыр сүрлеудің сорабы мен мұндалап көріне кетті...
Демежан гимназияда оқып жүргенде, саяси сенімсіздігі үшін ішкі өлкеден
Шығыс Түркістанға жер аударылған Ли-шансың деген біреуден сабақ
алыпты. Сонан кейін де бұлар ұстаздық-шəкірттік байланысын үзбей, ұзақ
жыл достық қатынаста болған. Екеуінің жақындығы сонша, əлгі Ли-
шансың өлерінің алдында өзінің өмір бойы жинаған том-том кітаптары мен
жасырын жазбаларын, басқа біреуге емес, Демежанға қалдырыпты.
Анықтай келгенде, оның жалғыз Ли-шансың ғана емес, ішкеріден жер ауып
келген басқа да қытай босқындарына бүйрегі бұратыны мəлім болды.
Саяси жағынан күмəнды, ағайынды Жандардың үй-ішін өз зəйімкесіне
көшіріп апарып, ұзақ жылдан бері ұстап отыруы да — соның бір дəлелі.
Демежанның заңға сыймайтын іс-əрекеті туралы Матен-амбы мұнда
келмей тұрып-ақ естіген. Оның үстінен ұлыққа шағым айта барған
Дохалдай мен Байсерке Құлжада жүрген кезінде де, кейін ұзақ жолда
сапарлас болған шақта да мұндағы жағдайды екі жақтап, құлағына құйып


болған-ды. Демежан туралы даттау сөздерді көп естігені сонша, Матеннің
көз алдына əлдебір құбыжық елестеген. Алғаш рет Демежанды Майлының
кезеңінде көрді ғой. Былай барлап қараса, ондай қорқынышты ештеңесі
жоқ, түр-тұлғасы келіскен, аса ажарлы қазақ екен. Кеудесін ешкімге
бастырмайтын өр екені, тəкаппар екені байқалады... Сол жолы ет қызумен
бұл оның қырын сындырмақ болып, əрі сынап көру үшін, басқа
үкірдайларды дастарқанға шақырғанда, Демежанды əдейі қалдырып кетті.
Онысы үшқарылық болды, əрине. Жауды бірден секем алдырып, үркітудің
қажеті жоқ еді. Демежан, бұл ойлағандай, аяғына жығылып, жалбарынған
жоқ, өзінің қайтпас қайсарлығына басып, тамам елдің көзінше мұны
жұртқа тастады да жүре берді.
Бұл Шəуешекке келгеннен кейін де: «Демежанды қолға алып, абақтыға
жабыңыз. 
Тіпті 
болмаса 
үкірдайлығын 
тартып 
алып, 
биліктен
тайдырыңыз» деп қолқа салушылар аз болған жоқ. Демежанға қаны қас
халдайлар да, үкірдайлықтан дəмелі оның өз руластары да топ-тобымен
келіп, осындай тілекті көп айтқан. Бірақ Матен-амбы асықпады.
Демежанның сары ізіне түсіп, бүкіл қылмысын жіпке тізіп алғанша,
ешкімге тіс жарып, сыр бермеді. Өйткені əміршінің көздегені оны
мансаптан тайдырып қана қою емес, реті келсе империяның жауы ретінде,
көзін біржола құрту болатын. Тек, соның шартын əлі де болса толтыра түсу
керек... Түлкінің қызылдығы — өзінің соры. Қайта, Демежанның əзірше
билік басында жүре тұрғаны жақсы. Бақталастарының күндестігін
қоздырып, ру басшыларымен арасы əбден ушығып, түзелместей асқына
берсін. Қазақтың сыры белгілі ғой. Бір күні өздері-ақ келіп, «мына
Демежаннан бізді құтқара гөр» деп жалынатын болады.
Матен-амбы папканың ішіне тігілген əртүрлі қағаздарды аударыстырып
ұзақ отырды. Былай ойлап қараса, Демежанға деген тор жайылып, тұзақ
құрылып болған екен. Енді тек орайы келгенде жіптің ұшын саумалай
тартып, шырмап жығу ғана қалыпты. Төртуыл жуандарын іске қосатын,
осындағы үкірдай-зəңгілердің қолымен от көсейтін кез келген сияқты... Ол
алдында жатқан шымшық торғайдай ғана жез қоңырауды қақты да, есіктен
бас сұққан көмекшісіне:
– Маған Шихалдайды шақыршы, — деді қысқа бұйырып.
Көп кешікпей ішке аяғын мысықша басып, Шихалдай кірді. Ол қазір де
осындағы бас халдай саналатын. Əміршінің алдына келіп, сəл иіліп тəжім
етті де, таяу тұрған орындыққа жайғасты. Бұрынғы Ши-амбының
кезіндегідей емес, өзін қазір еркінірек сезінеді. Билік басында құлағына
қыл апартпайтын маньчжур бекзадасы емес, өз ұяласы — халдай əулеті
отыр. Ал биыл əміршіні өзіне күйеу бала етіп алғалы, оның мерейі тіпті
тасыңқырап жүрген.
Өз ойының əсерімен ширығып отырған Матен сөзді ұзаққа созған жоқ,
бірден іске көшті.


– Егер Демежанды орнынан түсірсек, Төртуылдың үкірдайлығына кімді
лайық көресіз? — деді ол қайын атасының жүзіне барлай көз жіберіп.
Осы əңгімені Шихалдай да көптен күтіп жүрсе керек, бірден елең етіп,
бойын тіктеп алды.
– Иə, дұрыс айтасыз, ұлы мəртебелім. Ол қарақшыны алшаңдатып
қоймай, аяғын аспаннан келтіретін кез жетті, — деді қиық көзі шоқтай
жайнап. — Егер біздің ісімізге шын берілген, елгезек адамды іздесек, ол
орынға Ысқақтан дұрысы болмас.
– Ысқақ дейсіз бе? — Əміршінің қабағы түсіп, көңілі толмай қалғаны
байқалды. — Ол тым ұшқалақ, əрі өз еліне сүйкімі жоқ жігіт қой. Бізге дəл
қазір ел ішінде беделі бар, орнықты адам керек. Тағы кімдер бар? Еске
түсіріңізші.
Шихалдай ойланып қалып, бірнеше зəңгілердің атын атады. Олардың
ішінде Көксеген, Тыныбай, Берікбол, Түсіптер бар еді.
– Осылардың арасында жуан атадан шыққан, басқаларды соңынан ерте
алатын біліктісі, əсіресе, Демежанға тісін басып жүргені қайсысы?
– Бұлардың жуан атадан шықты дейтіндері — Көксеген мен Тыныбай
ғой. Үкірдайлық орыннан дəметіп, Демежанмен тайталасып келген де —
сол екеуі. Тыныбайдың руы — Жауғаш. Сол жағынан ептеп солқылдақтық
жасайтыны бар. Бірақ бұларда бəтуа жоқ қой. Үкірдайлықтан
үміттендірсеңіз, Демежаннан бір-ақ күнде тайқып шыға келуі мүмкін, —
деп Шихалдай мардамси күлді.
– Онда сол екеуінің біріне тоқтармыз, — деді Матен. — Демек, жаңағы
атаған зəңгілеріңіз Демежанның үстінен шығарылған үкімге қол қойып,
мөрлерін басады ғой?
– Оған күмəныңыз болмасын, ұлы мəртебелім. Демежанның өз руы
Керей екенін білесіз. Төртуыл жуандары өз тізгіндерін жат қолына ұстатып
қойғанын сүйегімізге түскен таңба деп, қатты қорланып жүр... Ал
Ысқақпен Байсеркенің Демежанды атарға оғы жоқ.
– Байсеркенің де сүттен ақ, судан таза болып тұрғаны шамалы-ау. Оның
өзі барып тұрған барымташы, баукеспе ұры екен ғой...
– Ол рас. Бірақ оның ұрлығынан қазақтардың өзіне болмаса, өкіметке
келетін зиян жоқ... Байсерке — атқан оқ, суырған қылыш. Ол кез келген
уақытта біздің қажетімізге жарауы мүмкін.
– Жарайды, Байсерке де, Ысқақ та біздің назарымызда болады, — деді
Матен-амбы орындыққа шалқая түсіп. — Жаңағы зəңгілер таяу күндерде
менің алдыма келетін болсын. Тек жұртқа дабыра қылмай, елеусіз əкеліп,


жеке-жеке жолықтырыңыз.
– Түсіндім, ұлы мəртебелім.
Шихалдай осыдан кейін көп бөгелмей, өзінің мысық табан, майда
жүрісімен есіктен шығып кетті де, Матен-амбы əзірше өзіне ғана белгілі
құпия жоспарын ойлап, өз орнында отырып қалды.
V
Ел жайлаудан түсіп, күзекке келіп қонғанына да бірталай уақыт болған.
Шөп сарғайып, ши шашағы, селеу басы қуаң тартып, айнала төңірек
сұрғылт-сары түске еніпті. Аспан айдынындағы ұзақ сапарын қысқарта
түскен күн көзі де қазір қайырлаған кемедей қиыстау жүзетін болған. Дала
төсінде бұрынғыдай шегіртке шырылдамайды, көбелек ұшпайды. Ертеден
кешке дейін жағы бір сембейтін əнші торғайлар да жыр төгуін тоқтатқан.
Көк жүзінде тек қайтқан қаздар мен тырналар тізбегі ғана үн салып өтеді.
Құстардың қоштасу əні адам жүрегін сағынышты мұңға толтырып, жаз
жəрмеңкесінің тарағанын, шуақты, жылы күндердің артта қалғанын еске
салғандай.
Бұл күндері Демежан аулы өз қыстауларына таяу келіп, Боздақтағы
күзек жұртында отырған-ды. Ұлы сəске кезінде бір топ салт атты сол
ауылдан шығып, көз ұшында қалың талы бұлдырап көрініп тұрған
зəйімкеге қарай бет алды. Қазір Демежан қасында өгей ұлы Олжабай мен
шабарманы Рақымнан басқа, толып жатқан бала серіктері бар. Олар — он
жасар ұлы Назарбек, биыл жетіге толған кішкентай қызы Назым жəне
соларға ілесе шыққан көрші-қолаңның балалары. Бүгін жас бүлдіршіндер
мойындарына əртүрлі матадан, киізден тігілген қалта-сумкаларын асып,
қағаз-қарындаштарын алып, бірінші рет мектепке бара жатыр.
Түр-түлғасы əкесіне келетін, мелжемді, бойшаң Назарбек астындағы
қара жал құла құнанын жайтаң қаққызып, мына шұбырынды жұрттың
жүрісіне іші пысқандай, кейде топтың алдына түсіп, озыңқырап кетеді.
Бибі апасы бойына шақ етіп тігіп берген шибарқыт бешпент-шалбары мен
көк торғынмен тысталған елтірі тымағы оны баладан гөрі жас өспірім
бозбалаға ұқсатады. Ал басында кішкентай үкілі бөркі бар, қызыл қатипа
қамзолының екі өңірінде күміс түймелер үймелеген, ақ үрпік қыз Назымды
жүрісі сағыз, жуас аттардың біріне мінгізген екен. Қазір астындағы атын
үсті-үстіне қамшылап, балалардың соңында қалып қойғанына қорланып
келеді.
– Көке, ана Назарбекті қараңызшы: ол мені ылғи да өстіп артқа тастап
кетеді, — дейді əкесіне шағынғандай.
– Мейлі, олар əзірше оза тұрсын. Ал мектепте сабақ оқығанда, сен
бəрінің алдына түсесің, — деп Демежан қызын жұбатып қояды.


Құрылысы былтыр басталған екі кластық мектеп үйі биыл жазда зорға
біткен-ді. Өткен жылы медресе бітірген бір жас мұғалімді осында көшіріп
əкелгеніне де біраз уақыт болған. Сабақ басталатын кез өтіп барады.
Демежанның өзі Төртуыл мен Мəмбет арасындағы қыстаулық жер дауымен
жақында Барлыққа кетіп, сол жақта он-он бес күн айналып қалды да, жас
мұғалім Ғазиз бұл келгенше өздігінен сабақ бастай алмай, тықыршып күтіп
отыр екен. Содан кешеден бері маңайдағы балалардың басын құрап, сол
мектепті ашып беру үшін, бүгін ауылдан əдейі шыққан беті еді.
Ол оқта-текте мойын созып, балалардың ала-шабыр тобына қарайды.
Бұлардың жас мөлшері, киім реті, мінген көліктері де əр қилы.
Кейбіреулері тай-құнанға, жуас, мінгі өгіздерге екі-екіден мінгесіп алыпты.
Көпшілігі — өз ауылындағы малшы-жалшының күс табан, қара сирақ
балалары. Бірақ бүгін бөрінің де жүзінде бір алабұртқан қуаныш бар. Бұл
өңірде мектепке бару, қолға қағаз-қарындаш ұстау деген — əлі ешкім естіп
білмеген жаңалық. Сол жұмбақ ғажайыптың есігін ашып, ішіне кіріп
көргенше тағат таппай, асығып келе жатқандары байқалады. Осынау
сұрғылт тартқан, күзгі қуаң далада гүлдей құлпырған балалардың мына
кескіні бір оқшау , жасыл аралдай əсер етіп, жүдеу көңілге жылу құйғандай
болады.
Бұлар келгенде, зəйімкенің шет жағындағы, іші-сырты аппақ шағаладай
мектеп үйінің алдында үлкен-кішісі аралас көп адам күтіп тұр екен. Қазір
«Демежан қарағашы» аталып кеткен бұл ауылда да он бес-жиырма түтіннің
басы құралып қалған. Бəрі де қысы-жазы ешқайда көшпей осында
отыратын егінші, шөпші жатақтар. Бұлар да оқу жасындағы балаларының
тілін сындырмақ болып, осы мектептің ашылуын күтіп жүрген. Мұғалім
Ғазиз балаларды бойына қарай сапқа тұрғызып, есебін алып жатыр екен.
Оларға енді ауылдан келгендер қосылып, айнала мəре-сəре шуға толып
кетті. Кішкентайлары əке-шешелерінің етегіне оралып, айрылар емес.
Қағылез жас мұғалім қозы бөлгендей зыр жүгіріп, балаларды үлкендерден
зорға ажыратып алды.
– Санадың ба? Бүгін қанша бала келіпті? — деді Демежан Ғазиздің
қасына жақындап.
– Əзірше отыз екі... Бала көбейіп кетсе, түбі екі класқа бөлетін
шығармыз.
– Бөлмең жетеді. Оған неге қысылып тұрсың?
– Орын жетеді-ау. Онда маған көмекші керек қой, Демежан аға. Мен екі
класқа қалай жетісем?
– Көмекшіні өзін тап. Тіпті болмаса, саған биылша Əбдірасылды
қосармыз, — деді Демежан. — Алдымен оқуды бір бастап алайықшы.
Қалғаны толыға жатар.


– Не істейміз? Бастаймыз ба, Демежан аға?
– Əрине. Бүгін сəрсенбінің сəті... Қадамдарың құтты болсын!
Ғазиз мұғалім балаларды шұбыртып, ішке енгізіп əкетті. Диқанбай мен
Ұлбосын бүгін мектепке екі бірдей немересін əкеліп тұр екен. Қарттардың
қуаныштары қойнына сияр емес. Диқанбай кəдімгідей көзіне жас алып:
– Айналайын, Демежан-ай! Ұзақ жыл еліңнің аузын ақ нанға тигізем деп
əлекке түсіп ең. Бүгін, міне, қараңғы халқыңның ортасына əкеліп, өз
қолыңмен шырақ жаққандай болдың-ау!.. Осы қадіріңді де білмес пе екен
бұл ағайын жұртың?! — деп қуаныштан жылап жіберіп еді.
Демежан да іштей қатты толқып тұрған-ды. Қарттың сөзіне мерейлене
күлді.
– Əттең, Дықа-ай, сен екеуіміз қай еңбегімізге қарымта дəметіп едік?
Ағайыннан қайтпаса, ұрпағынан қайтар. Əйтеуір, бір дəн болса да осы елге
себе берейік те.
Балалар орналасып болды-ау деген мезетте, Демежан, Диқанбай
бастатқан біраз үлкендер ішке кірді. Бұл іші-сырты тап-тұйнақтай əктелген,
ерсілі-қарсылы екі бөлмелі, еңселі үй еді. Терезелері самаладай жарық,
қарсы алдында қара тақтасы, отыратын партасы бар. Парталары əлі
сырланбаған, осындағы ағашшылардың қолынан шыққан, сəл дөрекілеу.
Əйтсе де алғашқы қадам үшін жарап тұр. Балалар бойларына қарай, əзірше
бір бөлмеде зорға сиып отыр. Ең алдыңғы қатардың бірінен өзінің қызы
Назымды көргенде, Демежанның көзіне жас үйірілді. Не үшін екен, кейінгі
кезде жоқтан өзгеге көңілі босайтын болып жүр... Сонысын сездіргісі
келмей, балаларға қағаз-қарындаш таратып жүрген Ғазиз мұғалімге
бұрылды да:
– Ал, іске сəт! Мектептерің құтты болсын, айналайындар! Жақсы
оқыңдар. Өздерің үшін де, бір кезде əліпті таяқ деп білмей, қара танымай
қалған əке-шеше зəузаттарың үшін де оқыңдар... Талаптарыңа нұр жаусын,
менің кішкентай бүлдіршіндерім! — деп Назымның маңдайынан иіскеді де,
тез бұрылып шығып кетті.
Далаға шыққан соң Диқанбай екеуі қырманға қарай бет алған. Мұнда
жұмыс қызып жатыр. Тік астықты əлдеқашан орып, қырманға тасып
алыпты. Ауа райы осылай ашық боп тұрса, енді біраз күнде астық
бастыруды аяқтап қалатын түрі бар. Өнім мөлшерін сұрағанда,
Диқанбайдың жауабы да сенімді шықты.
– Биылғы астық түсімі жаман емес. Тұқым басына алды жиырма бестен,
арты жиырмадан айналып жатыр, — деді ол саспай сөйлейтін əдетімен.
Одан арғысын Демежан да қазбалап сұрамады. Диқанбайға ақыл


үйрететін емес. Ұзақ жыл дəмдес боп келе жатқан қарттың адалдығына
сенеді. Қайта алынған өнімді қалай орналастыру жайын Диқанбайдың өзі
сөз етіп келе жатыр.
– Келер жылдың тұқымы мен жыл бойы жететін азықтық астықты
қоймаға құйып алғанбыз. Енді бір бөлігін сабанға бөлеп, ұраға көміп
тастадық, — деді ол қырманның бір шетінде тау боп жатқан дəн үймегінің
қасына келгенде. — Ал қалған өнімді не істейтінімізді өзіңмен
ақылдасайын деп едім. Біразын сатып ақшаға айналдырамыз ба, əлде бұл
астықты да ерте-жарықта ұралап тастағанымыз жөн бе?
– Сіз əлі өкіметке ляң
35 
төкпейтін бе едіңіз? — деді Демежан оның
бетіне қарап.
– Е, оның жарасы жеңіл ғой. Оны мына бастырылып жатқан астықтан-ақ
төкпейміз бе? — деді басқарушы арқасын кеңге салып. — Екі қос егінге
түсетін салық алпыс пұттан аса қоймас.
Ендеше, мына астықтың жартысын базарға апарып сат та, қалғанын
ұраға көміп таста. — деді Демежан. — Алдағы қыстың қалай боларын кім
білген. Бұл ел ашықпай, жұтқа ұшырамай жүре ме, сондай қиын-қыстау
күндерде бір қажетімізге жарар.
Диқанбай көп сөзге жоқ адам. Құп алғанын білдіріп, басын изеді де
қойды. Баяғы Ақшоқыдан көшіп келетін диқандар əулеті Демежанға құт
болып қонғаны анық. Бұлар барда ештемеге алаңдамайды. Егіні орылып,
шөбі шабылып, бар шаруасы дөңгеленіп жүріп жатады. Бұл елге жаңа
кəсіптің үлгісін шашып, көшпенді қауымға егіншіліктің қыры-сырын
үйретуші де — осы Диқанбайлар. Сондықтан Демежан осы бір үндемейтін
біртоға қарттың алдында өзін үнемі қарыздар сезінуші еді. Бүгін əлдебір ой
түсіп, жақсы көршісімен арылып бір сөйлескісі келді.
– Осы сіз бен біздің дəмдес болғанымызға неше жыл болды, Дықа?
– Жиырма жылдан асты ғой... Оны неге сұрадың? — Қарт диқан
таңданып тұр.
– Солай екен-ау, ə?! Өтіп бара жатқан заман... Сірə, бір-бірімізге сəтті
күні кездескен шығармыз. Содан бері ішəй десіп, түс жыртысқан жеріміз
жоқ. Басқалар сияқты есеп-қисапқа да барыспаппыз. Егіннің иесі өзіңіз
болдыңыз да, сіз өсірген дайын нанды жеп жүре беріппіз... Дегенмен
айтыңызшы: маған еңбегіңіз, есеңіз кетіп жүрген жоқ па? Қалауың,
сұрауың бар шығар. Алдымызда əлдеқандай күндер тұр? Мойныма қарыз
болмасын, — деген-ді.
Диқанбай мұндайды күтпесе керек, қатты сасып, абыржып қалды.
– Апыр-ай, Демежан шырағым-ай, мұндай сөзді неге айтып тұрсың


маған? Əлде бұл қарттың өлер шағы жақындады деп арыздасқанын ба? —
дегенде үні қарлығып, бурыл сақалы дірілдеп кетті. — Егер олай ойласаң,
осы бастан айтып қояйын: саған екі дүниеде мен разы. Қысылғанда
қолтығыңа алып паналатқаннан басқа, сенен зəредей зəбір көрсем не
дейсің. Келімсек, кірме дегізіп, ешкімге көзтүрткі қылған жерің жоқ. Енді,
міне, ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, бізден бай, бізден тоқ
ауыл бар ма бұл өңірде?! Ұзақ жыл ақ дəніңді сапыртып, қоймаңның кілтін
ұстатқанда, менен бір есеп алып көрдің бе екенсің. Айрандай аптап,
күбідей пісіп жүргенім қайда ен байлықтың ортасында?! «Ас ұстағанның
азабы қатты» дейді. Қайта ала жібіңді аттаған жерім болса, сен кеш мен
бейбақты... Жақсылығың менен қайтпаса, баламның баласына тапсырып
кетермін! — деп əншейінде сөзге сараң Диқанбай қатты күңіреніп,
жыларман күйге жеткен.
Ақыры ойда-жоқта шыққан əңгімені Демежанның өзі зорға басқандай
болды.
– Жарайды, ақсақал, көңіліңізге ауыр алмаңыз. Кəрі өле ме, жас еле ме,
оны кім білген. Менікі жай сөз сырағысы ретінде айтылған бір сыр ғой, —
деп қартты құшақтап, көңілдене күлді. — Дегенмен кісінің алдынан өтіп,
арылған деген жақсы ғой. Менің де көңілім жайланып қалды. «Бал ұстаған
бармағын жалайды» дейді. Егер əлдеқандай мұқтажын болса қысылмай,
базарға астық сатып, үй-ішінің керек-жарағын бүтіндеп ал.
Шалқар түстің кезі. Қырманда жұмыс қыза түсіпті. Дəл ортаға үйілген
бидай маясын, пар ат жеккен алып шаңтас зыр қағып айналып жүр. Ұзын
делбенің бір ұшын қолына ұстаған жас жігіт ортада тұрып, анда-санда ұзын
шыбыртқысын шартылдата сермеп қояды. Қырманның шетінде əлі мұрты
бұзылмаған əлденеше астық маялары тұр... Диқанбай тыныш тұра
алмайтын əдетімен қолына айыр алып, шаруаға араласып кетті де, Демежан
бір шетте күзем жүніндей көпсіп жатқан сабан үймегінің үстіне барып
жантайды.
Ой, рахат-ай! Ақ ұлпа сабан —былқылдаған мамық төсектей. Танауыңа
күн иісі, дəн иісі келеді. Сол арада дүңкілдеген шаң тастың үнін тыңдап,
Демежан көзін жұмған күйі ұзақ жатты. Сонау бір жылдардағы алғашқы
қырманды есіне алған. Ол кезде астық бастырып, қырман қызылдау
дегеніңіз көшпенділер үшін ертегідей қызық көрінуші еді. Қазір бұл кəсіп
те таңсық болудан қалып, ел тұрмысына дендеп еніп барады. Бұрынғыдай
емес, қап сүйретіп, кеусен сұраушылар да азайыпты. Бұл күндері Абдыра
мен Қараүнгірден алынған жаңа тоған бастарында осындай əлденеше
қырманның қызып жатқаны сөзсіз... Биыл Бөкелердің астығы қалай екен?
Диқанбайдан сұрау керек еді.
Бір мезетте қасына келген біреудің тықырын естіп, көзін ашып алды.
Өзінің бағбаны Жаң Шули екен — келіп тұрған. Байғұста өң-түс қалмай,
əлденеге қатты абыржып тұрғаны байқалады. Бұған қайта-қайта иіліп,
тоңқаңдап тəжім етті де:


– Лауия, сіз осында екенсіз ғой. Мен сізді іздеп ауылға барғалы тұр едім,
— деді əлдекім естіп қала ма дегендей жан-жағына алақтай қарап.
– Иə, не боп қалды? — Демежан əлденеден секем алғандай орнынан
көтеріле берген.
– Жағдай қиын, лауия... Жүріңіз, оңаша шығып сөйлесейік.
Бұлар қырманның сыртын айналып, əлі бастырылмаған арпа маясының
далдасына келіп тоқтады.
– Хал жаман, лауия... Ой, қандай жаман?! — деді Жаң жаңағы сөзін
қайталап. — Біз ойда жоқта өкіметтен қуғын көріп жатырмыз. Əнеугүні
Гунанжуйге
36 
апарып, өзімді бір тергеп еді, кеше қалада інімді ұстап
апарып дүреге жығыпты.
– Иə, мынау қызық екен... Сонда не кінə қояды сендерге? — деп
Демежан оның бетіне таңырқай қарады.
– Бұл жеке бізге келген пəле емес. Мəселенің бір ұшы сізге жалғасып
жатыр, — деді Жаң. — Былтыр өліп қалған Ли-шансыңды сұрайды. Сол
марқұм мен сіздің араңызда қандай жақындық барын білгісі келеді...
– Солай де... Олар енді маған саяси айып тақпақ екен ғой! —
Демежанның қаны қашып, сұрланып кетті.
– Солай-ау деймін... Былтыр мен арбаға тиеп өзіңізге əкеп берген Ли-
шансыңның кітаптары бар емес пе? Соның жайын қазбалай береді... «Ішкі
өлкеден келген тағы кімдермен байланысы бар» деп шұқшияды.
– Інің қайда? Қамауда жатыр ма?
– Жоқ, үйде... Есінен тандыра соққыға жығып, көшеге шығарып тастаған
жерінен түнде арбамен алып келдім.
– Жүріңіз, халін білейік.
Жаң інісімен екеуі бау-бақша егісіне тақау, шет жақтағы жатаған
үйлерде тұратын-ды. Бұлар солай қарай аяндады. Жалғыз ат-арбадан басқа
үрерге иті жоқ, кəдімгі қытай шаруасының мекен-жайы. Мұнда да
қуырылған шөптің, зығыр майының иісі шығады. Босағада кетпен-
күректің, арам шөп отайтын теселердің түр-түрі сүйеулі тұр. Бұлар ішке
кіргенде, абысынды екі əйел балаларын ертіп далаға шығып кетті де,
еркектерді оңаша қалдырды.
Жас жігіт төргі бөлмедегі жер төсекте етпетінен түсіп жатыр екен.
Үстіне жұқалтаң көрпе жауып қойыпты. Демежанды көріп, басын көтермек
болды да, жарасын ауырсынғандай ышқына ыңыранып, қайтадан жата
кетті. Жон арқа мен екі құйрықтан сау жер қалмаған секілді.


– Жата бер, қозғалма, — деді Демежан аласа орындықтардың біріне
жайғасып жатып. — Иə, əңгімеңді айтшы: мұндай азапқа қалай ұшырап
жүрсін?
Кіші Жаң бірден тіл қата қоймады. Оның орнына ағасы жауап берді:
– Мұның мінезі тым қызба ғой. Ұлықпен дұрыстап сөйлеспей,
қарсыласқан көрінеді, — деді інісін кінəлай сөйлеп. — Əйтпесе қырық
қамшы дүрені кім көрінгенге соға ма?
Демежан бөлмені көзімен шолып өтті. Үй іші тым жұпыны: төсек-орын,
үстел-орындықтан басқа еш мүлік жоқ. Оң жақ бұрыштағы аласа үстел
үстінде Жаңдардың ата-бабасының аты жазылған ағаш тақта тұр. Бұл
қытай салтында «аруақтар бұрышы» деп аталады. Мереке-мейрам күндері
сол үстелге түрлі тағамдар қойып, өліктерге арнап өздерінше «құрбандық»
шалады...
– Бізге енді бұл жерде қалуға болмайды, қожайын. Əйтпесе жаман
болады, — деді бір кезде кіші Жаңға тіл біткендей. — Меніңше, сізге де бір
жаққа тая тұру керек шығар. Олар, əсіресе, сізге өшігіп алған.
– Тая тұр дейсің бе? — Демежан еріксіз езу тартты. — Мен туралы не
айтады сонда?
– Мен таяқтан есім ауып жатқанда, тергеушілер өзара əңгімелесіп
отырды. «Демежан үкірдайдың да дүре тақтайына керілетін кезі алыс емес»
деді біреуі... Олар сізді ұстайтын секілді.
Демежан күтпеген жағдайдың байыбына əлі де толық бара алмай,
ойланып отырып қалған-ды. Сөзге үлкен Жаң араласты:
– Ой-я... Заман қалай бұзылып барады?! Сіздің адамдарға жақсылық
еткеннен басқа жазығыңыз жоқ қой. Сақ болыңыз, Лауия.
– Олар бұдан былай сендерді мазалай қоймас. Енді күз түскенде
ешқайда көшпей-ақ осында отыра беріңдер, — деді Демежан. — Ұлыққа
керегі мен екем ғой. Олармен өзім сөйлесермін.
Соны айтып, орнынан көтеріле берген. Кіші Жаң шынтақтай басын
көтеріп, қинала тіл қатты.
– Олар мені қанша ұрып қинаса да, сіз туралы бір ауыз жаман сөз айтқам
жоқ, қожайын. Сізді ақтайтын куə керек болса, біз дайынбыз...
Демежан рақметін айтты да, қоштасып шығып кетті. Ол өз басына төніп
келе жатқан қауіп бұлтының аумағы мен зіл салмағын енді ғана айқын
сезінгендей болды. Бəсе, Матен-амбы былтырдан бері мұны мазаламай,
неге жым-жылас жатып алды деп еді, буған айнала ор қазып, жан-жағын
тіміскілеп жүр екен ғой. Ұлықтардың қуып жүргені — кесілген айдардың


кегі, Абдыраның суы да емес, одан гөрі əлдеқайда тереңде жатыр екен.
Мұның іс-əрекетін жай халдайлармен арадағы қақтығыс деп қарамай, оған
басқаша түс бергісі келеді. Демек, ұлыққа Демежанды тек орнынан алып,
биліктен тайдыру аз, мұны өкіметке қарсы саяси қылмыскер ретінде, ауыр
жазаға тартпақ. Баяғыда жаны жай тапқан Ли-шансыңмен ағайынды
Жаңдарды бұған əкеп тіркеп отырғаны содан... Əй, бұл Матен-амбыдан
зұлымдық артылмас. Ли-шансың байғұстың ертерек өліп кеткені де дұрыс
болған екен-ау. Əйтпесе оны да əрі-бері сүйрелеп, азапқа салар ма еді,
қайтер еді.
Демежан сабақтан шығатын балаларды күтпестен, атына мінді де,
қасына ешкімді ертпей, жалғыз жүріп кетті. Басына қиын іс түсіп, ауыр
ойға батқан кезде осылай оңаша қалатын əдеті. Осы бетінде бірден ауылға
да бармай, бояуы қашқан сұрғылт далада жападан-жалғыз сенделіп көп
жүрді. Түстен кейін күн райы күрт бұзылып, аспан төрінде қорғасын түсті,
қазбауыр бұлттар жөңкіле бастаған. Құбыла жақтан сүйекті қапқан
ызғырық жел үріп тұр. Мына дүниенің тарлығын, өзінің шын жалғыз
екенін енді сезініп келеді. Тұла бойын құрсаған ашу-ызамен қоса, əлдебір
дəрменсіздік билеп алған. Осындайда қасынан табылып, ақыл қосатын
жанашыр дос та қалмаған екен-ау. Əншейінде төңірегінен шырқ үйіріліп
шықпайтын көп жандайшап, зəңгі-елубасылар да тым-тырыс, хабарласып
хал сұраған біреуі болсашы. «Неткен қатал жаза еді?! Не жазығым бар
еді?» — дей берді өзінен-өзі шиыршық атып.
Бір мезгілде маңайына барлап көз жіберсе, бұл Абдыра аңғарын өрлеп,
жоғарғы тау бөктеріне қарай шығып кетіпті. Мұнда қалай келіп қалғаны
белгісіз. Қозы көш жерде жатақ ауылдары, олардың астық маяларымен
көмкерілген қырмандары көрінеді... Басында оған Бөкеге барып
əңгімелесіп, шер тарқатысып қайтсам ба екен деген бір ой келген. Алайда
біраз жер жүргеннен кейін, ол райынан қайтып қалды. Ол қауыммен де біте
қайнасып кетпеген, əлдебір бөтендікті сезінді. Онда барғанда не бітіреді?
Ондағылар мұны асқар белім, сүйеніш-тірегім деп біледі. Оларға басына іс
түсіп, құты қашқан, жалғыз қалған біреу емес, таудан-тастан қайтпайтын,
құдырет күші қолында тұрған, мықты Демежан керек. Мына сүмірейген,
сынған қалпында олардың көзіне түсіп, жұрт жігерін жасытқанда не
мархадам табады? Бейшаралар мен қорғансыздар жатақ ауылдың өзінде де
толып жатыр. Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді. Бұл енді ешкімге пəлесін
жұқтырмай, неде болса, тағдыр салған тауқыметті өзі көтеруі керек.
Ол жатақ ауылға қол созым жер қалғанда, ат басын кері бұрды. Бұл кезде
қорғасын бұлттар жер бауырлап, төмендей түсіп, сіркіреп жаңбыр жауа
бастаған. Арқан бойы жерден ары ештеңе көрінбей, айналаны тұман
тұмшалап алған. Желмен ерегескен суық жаңбыр бірте-бірте күшейіп,
сабалап бетке ұрғандай болады. Ауыл қай жақта қалды? Оның да бағдарын
біліп келе жатқан жоқ. Тізгінін бос ұстап, астындағы торы төбелді еркіне
жіберді. Арада қанша уақыт өткені белгісіз. Бір мезгілде қою тұман
жыртығынан ақ жолақ тартқан батыс жақтағы бозамық сəулеге қарап,


күннің кешкіріп қалғанын аңдады.
Ол осындай бұлыңғыр тұман арасында иесіз, жолсыз даламен тағы ұзақ
жүрді. Əйтеуір астындағы торы төбел алған бетінен жаңылмай тура келе
жатқан секілді. Жол-жөнекей не бір жүргінші, не ауыл қарасы көрінсеші.
Осынау тұманды, суық, сұрғылт дүниеде Демежанның бір өзі адасып
қалғандай. Қайда құрып кеткен бұлардың бəрі? Əншейінде кең далаға
сыймай қырқысып жүретін, иін тірескен ел қайда? Бəрі мұны жұртына
тастап, бір жаққа ауа көшіп кеткеннен аман ба? Бар ғой, қайда кетті дейсің.
Іргесіз ел тұманды күні көзге түсуші ме еді... Сай-сайда, жылға-жылғаның
бойында жауыннан қорғалап, үйлерінде отқа қақталып отырған шығар.
Бүгін нағыз қара қазанның қасында, бүлкілдеп қайнаған жас сорпаның
иісін сезініп, үйден шықпай отыратын күн. Бұған қарағанда, олардың
жағдайы əлдеқайда жақсы... Қайран ел дəл қазір өз үкірдайларының осынау
қалың жаңбырдың астында бас сұғатын пана таппай, қаңғырып жүргенін
білер ме екен?!
Бір мезетте кеш хабары білініп, айналаға кеугім түсе бастаған. Жауын
басылар емес, сорғалап үдей жауып тұр. Жер бедерін болжау да қиынға
айналып барады. Демежан барар бағыттан адасып, мүлде теріс кеткен
шығармын деп ойлаған... Жоқ, адаспапты. Əлден уақытта алдынан ит үрді.
Қою ымырттың арасынан от жылтылдап, дүңкиген киіз үйлердің сұлбасы
көрінді. Иə, торы төбел ауылды тура тауып келіпті. Далада ешкім жоқ, бəрі
де малдарын қоралап болған соң жаңбырдан қорғалап, ішке кіріп кеткені
байқалады.
Торы төбел қотанның төріндегі үлкен ақ үйлердің бірінің белдеуіне
тұмсық тіреді. Демежан аттан түсті. Өне бойының малмаңдай су болып,
сіресіңкіреп қалғанын сол кезде ғана байқады. Ат дүбірін естіп, іштен
шапан бүркенген бір əйел жүгіріп шыққан. Ырысқан екен. Мұның
қолындағы торы төбелдің шылбырын алып, белдеуге байлады. Қап, шын
адасқан екен-ау... Өзінің үлкен үйге түспей, отауға бұрылып кеткенін
Демежан енді білді.
– Көкесі-ау, мына қалың жаңбырдың астында қайдан жүрсіз? — деді
Ырысқан сыңғырлай үн қатып.
Демежан үндеген жоқ. Киіз үйдің есігін серпе ашып, ішке кірді.
Ырысқан мұның үстіндегі су киімдерін шешіп, тымағын, қамшысын алып,
жаны қалмай жүгіріп жүр. Дереу шам жағып, ақ отаудың ішін жайнатып
жіберді. Дəл ортадағы кішілеу қазан астында қу тезектің шоғы маздайды.
Демежан үстінен буы бұрқырап, отқа жақынырақ келіп отырды да,
алақанын қақтады.
– Балалар келді ме? — деді алаулаған қызыл шоқтан көз алмаған күйі.
– Е, олар келгелі қашан. Балалар жауынға ұрынбай ерте келді, — деді
Ырысқан қазан астына жаңадан тезек қалап жатып. — Апасы бүгін ұлының


оқуға барғанын қуаныш етіп, мал айтып сойған. Ауыл адамдары сол үлкен
үйде отыр-ау деймін.
«Апасы» деп отырғаны — Бибі ғой. Ырысқанның өз күндесі туралы
бұлай жылы-жылы сөйлеуі — татулыққа шақырғаны... Барлықтан келгелі
Демежанның бұл үйге бас сұғып отырғаны осы еді. Ырысқан соны əлдебір
жақсылыққа жорыса керек. Сырттан кірген күтуші əйел Сақыпқа қысқа-
қысқа əмір беріп, аяғының ұшымен басып елпек қағады. Еңкейіп
қозғалғанда шолпысы сылдырап, алдына оратылып түсе берген тоқ
бұрымын арқасына қарай серпіп қояды. Бұл күнде жасы отыздың ішіне
енді ілінген, бəденді, жас əйелдің нағыз толысқан шағы еді. Сұңғақ келген
сұлу мүсіні жұмырлана түсіп, ақ құба, нұрлы жүзі алабұртқан ішкі сезім
əсерімен балбұл жанып, қазір тіпті ажарлана түскендей.
Демежан тоқалының көзді арбаған зипа бойына бір-екі рет ұрлана қарап
өтті де, назарын басқа жаққа бұрып əкетті. Көп қарай берсе көңілдегі
қыжыл, күдік-кірбеңнің бəрі ұмытылып, жүрегі құрғырдың майдай еріп
жүре берерін сезгендей, қайтадан тас бекініп алды.
Соңғы жылдары Ырысқанмен екі арасына бір салқын сызат түскен-ді.
Сол сызат бірте-бірте ұлғайып, өткел бермес, терең жарға айналып барады.
Алғаш қосылған кездегі тату-тəтті күндер, Бибі мен Ырысқан арасындағы
аңызға айналған сыйластық бұл күнде келмеске кеткендей. Обалы кəнеки,
Бибі байғұста кінə жоқ, пендешілік осы кіші əйелден шықты. Екі бала
дүниеге қалай келді солай, баяғы бет моншағы төгіліп тұратын, ибалы
Ырысқан күрт өзгеріп, бір күпірлік, астамшылыққа бой алдырып еді. Əлде
осы маңайдағы абысын-ажынның араға от салып, күш-күштегенінен болды
ма, жас əйел ауыл-аймақтың əлпештеп алақанға салғанын көтере алмай
қалды. Ырысқанның ойынша, от басының бүкіл билігі тек соның қолында
болуы керек. Бибінің жеке шаңырақ ұстап, байға да, балаға да ортақ
болғанын кешірмейді... Бəлкім, таразы басын тең ұстай алмаған
Демежаннын өз кінəсы да аз емес шығар. Əйелдердің əp қадамын аңдып,
үнемі бала-шағаның қасында отыруға мұның мұршасы болды ма. Қалың
елдің қамы деп жүріп, отбасын ойдан шығарып алыпты. Енді, міне, соның
сазайын тартып жүр. «Бақпаса мал кетеді, қарамаса қатын кетеді», — деген
осы.
Көп кешікпей күтуші əйел ас үй жақтан самауыр көтеріп əкеліп, төр
алдына дастарқан жасай бастаған. Жаңбыр астында қатты жаурап тоңып
келген Демежан үнсіз отырып шай ішті. Ырысқан оны əңгімеге тартқысы
келіп, мектептегі алғашқы сабақтың жайын сұрастырған. Оған да шешіле
қоймады, əйелінің сұрағына қысқа-қысқа жауап беріп, қабағын жазбаған
күйі отыра берді. Сол салқындықты Ырысқан да сезгендей. Мұндайда
оның да қылт ете қалатын əдеті. Тəкаппар, жас тоқал енді бұрынғыдай
елпілдеуін қойып, қанын ішіне тартып, безеріп алды. Өзің келіп
еңкеймесең, мен де саған оң шырай бере қоймаспын деп, егеске кеткені
белгілі.


Демежан Ырысқанның осындай безбүйрек қаттылығына қайран қалады.
Адамды адамға жақын ететін көңіл екен ғой. Көңілде жылу қалмаған
жерде, қойныңдағы əйедің де тас кесектей суық тарта береді. Тіпті жүрек
қызуы, тəн лəззаты да жан жақындығына кепілдік бере алмайды. Төсек
қызығын, əсіресе, əйел заты тез ұмытады. Мына Ырысқан — сондай
ұмытшақ əйелдердің бірі. Бұл байғұстың осал жері — төсек... Күн аралап
келетін өз кезегін тағатсыз көңілмен шыдамсыздана күтіп жүреді. Ел
жатып, шам сөнісімен желімдей жабысып, шырмауықтай оратылады. Сені
құшағына алып аймалаудан, тəн рахатын, төсек қызығын бөлісуден
жалықпайды. Өліп-өшіп, жеп қоя жаздап жатқан кездегі сөздерін естісең!..
Осыдан кейін тас жүрегі жібитін шығар, тіпті сен үшін жанын қиып,
құрбан боп кетер ме екен деп ойлайсың. Жоқ, олай емес, ертеңінде қарасаң,
өткен түннен белгі жоқ, бедірейген бетпақты көресің. Иə, мұндай əйелдің
саған бала тауып беруі де мүмкін. Бірақ ол да ерлі-зайыптының арасын
жақындата қоймайды. Құрсағындағы бала аманатқа қойылған зат сияқты.
Сол аманаттан құтылған күні қайтадан бостандыққа ұмтылады. Оған
қашанда өз басы қымбат. Сен үшін азап тартар, құрбандыққа барар жайы
жоқ.
Ал Бибі ше? Ол байғұстың жөні бөлек қой. Ол — өз басын ұмытқан,
күйеуі үшін бүкіл тірлігін пида қып шалған адам. Бибі — мұның өзі, əйел
бейнесіне айналып кеткен Демежанның екінші жартысы... Ал Ырысқан
бұған мүлде жат адам. Жан жүрегі, ет-бауыры араласпайтын, бүтіндей
бөлек дүние. Амалсыз тұтқынға түскен, орайы келгенде сенен өш алып,
қашып құтылудың жолын ойлап жүрген жаудың тұқымы секілді... Ал
осындай əйелдің өз еріне ең ақырына дейін адал боп қалуы мүмкін бе?
Осыны ойлағанда, Демежан бүйірінен шаншу ұстаған адамдай кіржің етіп,
тістеніп қалды. Əлдекім мұнын жүрегін шеңгеліне алып, аяусыз мытып,
қысып жіберген сияқтанды.
Осыдан он шақты күн бұрын, бұл Барлықта жүргенде, осы ауылға
Мамырбектің ұлы Тұрысбек үкірдай қонып кетіпті... Екі-үш жолдасымен
Шəуешектен шығып, еліне кетіп бара жатқанда жол-жөнекей соқса керек.
Демежанның ауылда жоқ екенін білмеді дейсің бе, күні бұрын естіп-біліп,
əдейі бұрылғанында күмəн жоқ. Жəне Бибі отырған үлкен үйге түспей, ат
басын бірден Ырысқанның отауына тіреген. Осында қона-түней жатып,
ертеңінде шалқар түсте аттаныпты. Сылтауы — Мамырбек аулы
Ырысқанға түп нағашы боп келеді-мыс... Қайран Бибі осыны көре тұра, бұл
келгенде тіс жарып ештеңе айтпады ғой. Демежан бұл хабарды жай сөз
арасында басқа біреуден естіп қалды.
Ал енді осыдан кейін қойнында жатқан əйеліңе сеніп көр! Күдіктің жегі
құрты жүрегіңді кеміріп, мүжімей көрсін!.. Тұрысбектің мұнда келісі де
тегін емес. Əншейінде мұнын айбатынан ығып, маңайын баса алмайтын
бота тірсек төренің бұл қай басынғаны? Демек оның да қаладағы
ұлықтардың аужайын түйіп, ауыз жаласып, əлдебір жемтік иісін сезгені
ғой... Қор болған жерің осы екен, Демежан!


Кенет оның басына тағы бір жат ой сап ете қалды. Мына отырған
сұмырай қатын да мұнын басына бұлт үйірілгенін сезіп, өзіне болашақ
қоныс, өріс іздеп жүрмесін... Мына қылығына қарағанда, солай болуы да
ғажап емес. Жарайды, еркектің көңілі ауды делік. Егер жат ойы болмаса,
оны Ырысқан неге қондырады? Қазақ қанша қонақжай болғанымен, үйінде
еркегі жоқ жас əйелдің сыпайы сылтау айтып, жолаушыны қондырмай
жіберуге қақысы бар. Ертең сөз болады, күйеуімнің бетіне шіркеу келеді
деп жасқанар еді. Демек, Ырысқанның ештеңеден ығып, тайсалмағаны ғой.
Ал білгеніңді істеп ал деп ашыққа кеткені.
Дастарқан жасап берген соң күтуші əйел кетіп, отбасында екеуі ғана
қалған-ды. Демежан кеседегі шайды қолына ала беріп, Ырысқанның жүзіне
тағы бір рет қарап өтті. Бет-əлпетінде түк өзгеріс жоқ, ақ жібек орамалын
шекесіне қиғаш тартып отырған тəкаппар да кербез қалпы. «Əйел заты
ағып жатқан су сияқты. Оның үстінен бірлі-жар мал өтпек түгіл, рулы ел
көшіп өтсе де із қалмайды» деп ойлады Демежан ішінен. Осы үйге
жақында ғана бөтен еркектің қонып аттанғаны есіне түскенде, зығырданы
қайнап, өз əйелін арам астай жек көріп кетті. Бүгінше сыр бермей, үндемей
кетермін деп ойлаған. Бірақ шыдай алмады.
– Мен жоқта бұл үй əрі-бері өткен жүргіншінің түнеп аттанатын бекетіне
айналыпты ғой? Не болды? Кəне, шыныңды айт! — дегенде, даусының
қалай қатты шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.
Осы сөзді манадан бері Ырысқан да күтіп отырса керек, бұған жалт етіп
қарады да:
– Нақсүйерін жеткізген екен ғой... Мені қарауылдағаннан басқа ол қубас
қатынның бітірері бар ма? — деді үлкен қой көздері шыныдай шытынап.
– Бибінің обалына қалма. Ол мұндай дүние сөзін сөйлемейді, — деді
Демежан. — Демек, Тұрысбектің қонып кеткені рас қой?
– Рас... Қуыс үйге қонақ келмеуші ме еді?!
– Иə, сонан кейін не болды? Қонақты немен сыйладың?
– Не болушы еді... Бүркіттің алған жеміне бір қарақұс қонды да кетті.
– Солай де... Қарақұстардың қашанда дайынды торитын əдеті ғой. Бірақ
жат тұмсығы тиген жемтікке бүркіттің қайта оралмайтынын ойладың ба?
Ырысқан үндей алмай, көзімен жер шұқып отырып қалды. Демежан өз
бойынан əлдебір жеңілдікті сезінгендей болды. Жанын жегідей жеген
күдіктен гөрі, ащы да болса шындық артық еді... Бұдан ары бұл үйде бір сəт
те бөгелгісі келмеген. Орнынан баяу көтерілді де, керегенің басында
сорғып тұрған киімдерін алып киіне бастады. Енді қамшысын таппай
тұрған-ды. Ырысқан ірге жақта жатқан қамшыны алып, қолына ұстатты.


– Мə, ұр мені! Аямай сабашы... Ашуың басылсын. Арқамда сенің
қамшыңның табы қалсын.
Демежан бойын кернеген долы ашуды күшпен зорға тежеп, ызалана езу
тартты.
– Жоқ. Ұрып қайтейін. Мен шырылдатып қатын сабайтын қазақ емеспін
ғой... Дəметпей-ақ қой: сен тіпті ұруға да татымайсың. Сен о баста беті
жылтыраған тексіз қар едің. Есіктегі басынды төрге сүйресем де, сол қар
күйіңде қалдың... Қош бол!
Соны айтып есікке қарай бет алған. Ырысқан қуып жетіп, иығына
асылды.
– Демежан-ау, енді мен не істеймін? Одан да мені өз қолыңмен өлтіріп
кет!
– Білмеймін... Бүгіннен бастап сен азатсың. Төркініңе кетесің бе, төреге
тиесін бе, əлде балаларыңды бағып, осында отырасың ба, ол жағын өзің
шеш. Бірақ мені қайта оралар деп күтпе!
Есікті жұлқа серпіп далаға шыққан. Жаңбыр басылыпты. Түн аспанын
құрсаған бұлт қабаты тозған текеметтей ыдырап, соның жыртық-тесігінен
жалғыз-жарым жұлдыздар сығалайды. Ауада салқын сыз бар. Демежан
көкірегін кере, терең тыныс тартты. Қазір оның бойын ашу да, кек те емес,
өзекті өртеген өкініш, дəрменсіздік билеп алған. Өзін бір түрлі аяп кетті.
Неткен еңбегі еш, тұзы сор адам еді?! Біреуге жасаған жақсылығың тек
жамандық болып қайтатыны несі? Осынау тірлікте бұл қимайтын, бұл
қымбат санайтын не қалды өзі? Бір есептен осынын өзі дұрыс болды ма,
кім білсін. Бұған енді əрқандай жаза, тіпті өлімнің өзі де қорқынышты
емес. Өлгеннен кейін артым не болады деп қиналмайды, оның да төбесі
көрініп қалды.
Ол ауылдың сыртына шығып, жаңбыр суына малшынған боз жусанды
кешіп, тағы біраз жүрді. Ойлап қараса, бүкіл өмірі бір ұзақ түс тəрізді, бұл
əлі қалың ұйқыда жатқан секілді ме, қалай? Сол ұйқыдан оянса бəрі де
бұрынғы баз қалпына келетіндей... Айналаны бетке жұққандай қою
қараңғылық тұмшалап алған. Ауыл адамдары тағы да ұзақ ұйқыға бас
қойған сияқты. Тек, Бибі отырған үлкен үйдің іргесінен түн түнегін жарып,
жалғыз сəуле от жылтырайды. Демежан сол отқа қарай аяндады.
Ертеңінде түске таман ауылға күтпеген жерден Бабалық келіп түсті.
Арбасын жегіп, жай сауда істеген адамның кейпінде жүргенімен, келген
жұмысы басқа екен. Оны төтенше тапсырмамен қаладағы Ыбырай
байбатша жіберіпті.
– Қазір ұлықтардың беталысы жаман. Кеңсе маңындағылардың сыпсың
өсегіне қарағанда, көп кешіктірмей Демежанды ұстайтын секілді. Матен-


амбының тырнағына бір ілінсе, одан құтылып шығу қиын. Демежан
уақытша алыс бір жаққа бой тасалай тұрғандай бола ма, əйтеуір, қапыда
қалмасын, — деп татар досы дұғай-дұғай сəлем жолдапты.
Демежан өз басына төніп келе жатқан əлдебір қауіп барын сезгенімен,
бірақ істің беталысы дəл бұлай жеделдеп кетер деп ойламап еді? Не істеу
керек? Бой тасалау дегені не пəле тағы да? Бір сəт тығырыққа тірелгендей
торығып отырып қалды. Бұл əңгіме үстінде қастарында Бибі ғана бар еді.
Байғұс əйел дыбысын шығармай, үнсіз егіліп жылап жіберді.
– Ұлықтың да, көре алмаған көп ағайынның да көзіне күйік болып
жүргені — үкірдайлық мансап қой, сол құрғырын өздеріне өткізіп беріп,
құтылсаң қайтеді — деген көзінің жасын сүртіп отырып. Демежан
күрсінді.
– Əй, бəйбіше-ай, мансабын алам десе, ұлықтың қолын кім қағыпты.
Олардың ойы арыда жатыр ғой. Мені абақтыға бір сүңгітіп алмай,
көңілдері тынар деймісің?!
Үй ішін бір сəт үнсіздік билеген. Барар жер, басар тау жоқ, айнала тас
қамау, өткелсіз шыңырау құз тəрізді. Қара көзі жасқа толып, боталап
отырған Бибі осы тұста ешкімнің есіне келмеген тағы бір ой айтты.
– Онда, орныңнан түсетінің туралы арызыңды жазып жібер де, арғы
беттегі менің төркініме тартып кет. Сенімен бірге мен де кетейін... Ол ел Ақ
патшаға қарайды ғой, ұлықтың құрығы жете қоймас.
Бабалық ауыр хабарды жеткізерін жеткізсе де, содан шығатын жол
таппай, қабырғасы қайысып, қатты қиналып отырған. Мына сөзді
естігенде, селт етіп басын көтеріп алды.
– Бибіштің осы ақылы менің де көкейіме қонып тұр. Айтты-айтпады,
ұлықтың арыны қайтқанша, қайын жұртыңызға бара тұрсаңыз қайтеді.
Кейін ел іші тынышталып, ап-сап басылған соң, қайта ораларсыз, — деген
ол да Бибіні қостап.
– Сен не, маған қашқын бол демексің бе? — Демежан оның бетіне
ажырая қарады.
– Қашып кетпеңіз, қайын жұртыңызға амандаса барыңыз... Қажыға
сəлем бермегелі де көп болды емес пе сізге?
Бірақ Демежанның бұл ақылға көнетін сыңайы көрінбеді. Аққұба кесек
жүзі күреңітіп, намыспен тұтана түсті де:
– Жоқ, Бабалық, оның жөні келе қоймас, — деді басын шайқап. — Бибі
екеуін мені қайындататын кезді тапқан екенсіңдер. «Өз жұртын сыншыл
болғанда, қайын жұртың міншіл» деген қайда?.. Суыр сиған қуысқа қасқыр


сия бермейді. Жолбарыс жымында жатып өледі. Сайболатқа сауға сұрап
барғанша, абақтыда шірігенім артық емес пе.
Өзінің аңғырттау айтып қалғанын Бибі де енді түсінгендей, қайтып
қолқаламады. Басында қалай ойламаған? Басыма іс түсті екен деп, əйелінің
етегіне жармасып, қайын жұртына барып тығылатын жігіт — Демежан ба?
Мұның күйеуінің орны тым биікте ғой. Өлсе де сол биікте тұрып өледі.
– Кешір, жаным. Менікі — жай əйелдікпен айтылған бір сөз де.
Шынында да, қашайық дегенім — қай сасқаным? — деді өзінің
жеңілтектігіне өкінгендей.
Ал Демежан өзінің ақтығына, заң алдында өзін ақтап алатынына сенімді
еді. Адамды абақтыға қамап, жазаға тарту үшін де, біраз дəлел керек емес
пе. Сондықтан арқасын кеңге салып:
– Меніңше, өйтіп қорқып-сасатындай ештеңе жоқ. Мен бір кісі өлтірсем
екен, почта тонасам екен... Қиын қылса үкірдайлығын алар, асып бара
жатса абақтысына қамар... Тіршілікте оны да бір көрелік, — деп Бибі мен
Бабалықтың көңілін орнықтыра, қарқылдап күлді.
Осыдан кейін Бабалық көп бөгелмей, бір шай ішті де аттанып кетті. Ал
Демежан тағдырдың басқа салғанын күтіп, үйінде қала берген. Бірақ бұдан
кейінгі оқиғалар ол ойлағаннан гөрі əлдеқайда жедел, əрі тым дөрекі түс
ала бастап еді.
Биыл күз ерте түсіп, жауын-шашын молайып, бала-шаға қоңторғай
болып тона бастаған соң, Демежан аулы қыстауға көшіп алған-ды. Бұл
ауылдағы биылғы үлкен жаңалық —мектеп. Сабаққа жақын жерден
баратын болғанына балалар да қуанып қалған. Кішкентай ұл-қыздары əліп-
биден сауатын ашып, солардың дүрмегімен үлкендер қоса оқып, соған
бүкіл ауыл мəре-сəре болысып, кəперсіз жүріп жатқан-ды...
Осындай сүреңсіз күз күндерінің бірінде, қазан мен қарашаның
өліарасындағы айсыз қараңғы түнде пар ат жегілген бір арба Демежанның
зəйімкесін бетке алып, салдыртып келе жатты. Үлкен пірешкенің үстінде
қаладан шыққан бес-алты шерік бар. Шеріктердің бірі ат айдап, қалғандары
арт жақта мылтықтарын құшақтап үнсіз отыр. Бəрі де мұрттары енді
тебіндеп келе жатқан балаң жігіттер. Киімдері жұқалтаң екен, күздің суық
желінен ықтағандай, бір-біріне тығыла түседі.
Бұларға бүгін түс кезінде ғана тығыз бұйрық берілген-ді. Қаладан кешке
қарай шығып кетіп, межелі жерге түн ортасы ауа жетеді де, шырт ұйқыда
жатқан Демежан үкірдайды ұстап, кері қайтады. Тапсырма онша жеңіл де
емес, бірақ қаруы бар бес-алты адамға ауыр деп айтуға да болмайды. Бұрын
мұндай жорыққа қатыспаған жас шеріктер не де болса сол ауылға тезірек
жетіп, бұйрықты орындап, қазақ үкірдайын байлап алып қайтуға асығып
келе жатқан.


Əзірше бəрі де, сол бастықтардың айтқанындай, мүлтіксіз жақсы өтіп
жатыр. Түн ортасы ауып, ел ұйқыға кетті-ау деген мезгілде, бұлар Демежан
зəйімкесінің іргесіне де келіп жетті. Ауылға таяған соң жүрістерін
бəсеңдетіп, арба сықырын естіртпеуге тырысып, баяу ілбіген аяңға көшті.
Қара жол ауыл сыртындағы қалың қарағаш пен шынар өскен үлкен бауды
айналып, қоршау-дуалдың түбін жанап өтеді екен...
Кенет, сол тұсқа келгенде, бұлар күтпеген оқиға болды. Қараңғы түн
құшағынан əлдебір адамдар атылып-атылып шыға келді де, арбаның
үстінде бейқам отырғам шеріктерді тарпа бассалды. Айқайлауға да,
мылтық атуға да мұршаларын келтірмеді. Дереу қолдарын артына қайырып
байлап, ауыздарына шүберек пе, киіз бе, бірдеңелерді тығып тастады.
Сонан кейін шеттерінен жерге жығып салып, ал кеп тепкіле... Қамшының
астына алып, ал кеп саба!..
– Сендер Демежанды ұстауға келдіңдер ғой, ə? Демежан деген — мына
мен... Ал, мықты болсаңдар, ұстап көріңдерші, кəне! — деп шықпыртады
басында шошақ тымағы бар, еңгезердей біреуі.
Əне-міне дегенше шеріктердің бəрі өлімші күйге түсіп, естерінен танып
қалды. Əлгі адамдар тым асығыс сияқты. Ыңыранып, талықсып жатқан
шеріктерді сол байлаулы күйінде арбаның үстіне лақтыра бастады.
– Ей, Байсерке, мынаның біреуі өліп қапты той. Оны не істейміз? —
деген дауыс естілді.
– Үндеме. Демің ішінде болсын... Өлгенін бақтың ішіне көміп кетеміз,
— деді екіншісі.
Осынын бəрі тым тез, айналасы бес-он минуттың ішінде болып еді.
Əлгілер шеріктердің мылтығын тартып алып, тірілерін арбаға тиеді де, сəл
есі барлау біреуіне тізгін ұстатып, қалаға апаратын қара жолға салып
жіберді. Ал өлген шеріктің денесін бақшаның ішіне енгізіп, асығыс шұқыр
қазды да, бетін жасырып көмген болды. Сонан соң белгісіз адамдар талдың
арасына байлап қойған аттарына міне-міне салып, алыс бір жаққа
тасырлатып шаба жөнелді.
Түн жамылған қанды қол қарақшылардың бұл ісін қала мен далада
жаңағы шеріктерден басқа көрген куə жоқ. Дəл іргедегі ауыл адамдары да
ештеңені сезбей, шырт ұйқыда жата берген. Əдейі ұйымдастырылған бұл
қастандықты осы сот аймақтың əміршісі Матен-амбы мен оның
айналасындағы бірен-саран адамдар ғана біліп отыр еді. Оның есесіне, бұл
оқиға ертеңінде-ақ бүкіл аймаққа мəлім болды. «Демежан ауылына барған
шеріктерді көкала қойдай етіп сабап, біреуін ұрып өлтіріпті» деген хабарды
ұлықтардың өзі асығыс жариялады да, одан қазақтың «ұзын құлағы»
арқылы ауыздан-ауызға көшіп, тарап жатты.
Матен-амбыға керегінің өзі де осы еді. Келесі күні таң ата қала


жандармы қырық-елу əскермен келіп, Демежанның аулын қоршады.
Өздерінше тінту жүргізген болып, кешегі өлген шеріктің сүйегін де, тақ бір
бірге көміскен немелердей, оп-оңай тауып алды.
Сонымен, «қылмыс» анықталып, Демежанды қолға алудың шарты да
толып қалып еді. Арада бірер сағат өтпей, ұлардай шулаған ауылды артқа
тастап, жазалаушы əскер тобы қалаға қарай бет алды. Алды-артын бірдей
қоршаған қарулы күзеттің ортасында пар атты арба кетіп барады. Арбаның
арт жағында, ат айдаушыға арқасын беріп, қол-аяғына кісен салынған
Демежан отыр.
VI
Əзірше о дүниеге барып қайтқан пенде жоқ. Бірақ «Адам баласы үш
күннен кейін көрге де үйір болады» дегенді, о баста кім айтса да, тауып
айтқан. Түрме тірлігіне бірте-бірте Демежан да көндіге бастап еді. Оның
қараңғы қапасты мекен етіп жатқанына да, міне, үш айдан асып барады.
Оған қазір ұшы-қиырсыз кең даладан тиген енші — ұзындығы алты аттам,
көлденеңі төрт аттам тар камера. Төбесінде төңкерілген тұңғиық көк
күмбезінен бұйырғаны — темір торлы терезеден тілкімденіп көрінетін
зеңгір аспанның кішкентай қиығы ғана. Бір кезде өр қиялы бүкіл Құлыстай
өлкесіне сыймай жүретін азат ер қазір аюдың апанындай сол тар қуысқа
амалсыз сыйып жатыр.
Ойлай-ойлай ой-қиял да сарқылуға айналған. Адам санасы сыртқы
дүниемен күнбе-күн қатынасқа түспеген соң, ешбір бұлақ-бастау
құймайтын тұйық көлдің суындай сортаң тарта береді екен. Кейде жел
шайқап, толқын тұрып, өзінше буырқанғанымен, бəрібір арнасынан аспай,
көпіршіп барып басылады. Көкірегін кернеген ащы запыран шығар жол
таппай бұлқынатыны бар. Мұндайда Демежан өзінің ақын болып
тумағанына өкінеді. «Егер менің орнымда Əсет сияқты ақын жатса, не
түрлі өлең-жыр, таусылмас дастан-хикая туар еді-ау» деп ойлайды ішінен.
Ақын қиналса тілінен бал тамады. Ал əкімді қинағаннан не шығады?
Басындағы бағын, бағынышты жұртын тартып алып еді, мінеки, көп
жабының бірі болып қала берді.
Демежан күндіз-түні ой соңына түсіп сарылғанда, табан тіреп тоқтағаны
мынау болды. Тас түрме - түңілетін де, таңданатын да нəрсе емес, өз
өмірінің заңды жалғасы, қорытындысы сияқты соңғы бір асуы екен. Тіпті
оны жұрттан алабөтен, мұның басына ғана төнген төтенше зауал деуге де
болмас. Мұның басына кигені де — бүкіл халықтың пешенесіне жазылған
темір ноқта. Тек басқалардың ноқтасы басында түрулі жүр. Ал Демежанды
ұстап əкелді де, тұқыртып байлап қойды. Айырмашылығы — сол ғана.
Басында ноқтасы түрулі жүрген кезін бұл да бостандығым, азаттығым деп
ұғыпты. Енді бұған қалғаны — қапаста өткізетін өмірдің ақтық күндері,
яғни өлімнің дайындығы. Бұдан былай тіршіліктің толып жатқан қам-
қарекетінен мұның басы азат. Оның бəрі артта қалды. Ендігі мақсат — өзі
шыққан биігінде дұрыстап өле білу керек. Ал биікте тұрып өлу — ел


қатарлы өмір сүруден əлдеқайда қиын.
Адам баласы не үшін өмір сүреді? Жалпы, адам тірлігінің мəні неде?
Демежан осы сұрақтар төңірегінде қанша қазылып ойланса да, өзін
қанағаттандыратын жарытымды жауап таба алмады. Бұл дүниенің
жалғандығы, опасыздығынан басқа қазақтың көне қисындары да
мардымды ештеңе айтпапты. Содан ол біраз уақыт, жақында түрме бастығы
əкеліп берген Конфуцийдің трактаттарына үңілген. Бірақ осыдан жиырма
бес ғасыр бұрын өмір сүрген қытайдың ұлы ойшылы да бұған дайын
ештеңе ұстата қоймады. Оның айтқандарының көбі көңілге қонғанымен,
діттеген жерден шықпай, əйтеуір бірденесі жетпей тұрғандай əсер
қалдырды.
Конфуций адамгершілік тəрбиесін бес салаға бөледі: адамды сүю, парыз,
мінез-құлық нормалары, білім, адалдық... Адамды сүю дегенде оның
ұсынатын тағы бес принципі бар: қайырымдылық, кішіпейілдік, махаббат,
жанашырлық, шыншылдық. Мұның үлгілерін ол қашанда көне заманнан
іздейді. Ертеде өткен Яошунь сияқты əулиелерді кейінгі ұрпаққа өнеге қып
тартады... Демежанның бір таң қалғаны, Абайдың: «талап, еңбек, терең ой,
қанағат, рақым ойлап қой, — бес асыл іс көнсеңіз» дейтіні, жаңағы
Конфуцийдің бес принципімен үндес келеді екен. Абай оны қалай білген?
Əлде аудармадан оқыған ба? Немесе ұлылардың ойлау деңгейі бірдей бола
ма? Ол жағын ажырата алмады...
Ал мінез-құлық нормаларын сөз еткенде, Конфуций адамдар арасындағы
қатынасты тағы беске бөліпті: бастық пен бағынышты арасындағы, əке мен
бала, аға мен іні, ер мен əйел жəне достар арасындағы қатынас. Сонда
айналып келіп айтатыны: баласы əкеге, інісі ағаға, əйелі еріне, төменгі
ұлық жоғарғы ұлыққа бағыну керек те, бəрі жиналып императорға
құлшылық етуі қажет. «Хань ұлты — бір шаңырақ. Күллі халықтың əкесі
де, шешесі де — император» депті ол бір сөзінде.
Əрине, Конфуций де жер бетінде əділетсіздік, теңсіздік барын
мойындайды. Алайда бұл қайшылықтар түптің түбінде адамдардың іштей
түлеуі, адамгершілікті пір тұтуы, бірте-бірте кемелдену жолымен шешіледі
деп санайды. Оның бұл тұжырымына Демежан қосыла қоймады. Адамдар
өздігінен өсіп, ондай əулиелік, тазалыққа жеткенше, түйенін құйрығы
жерге түсіп, ешкінің құйрығы көкке шықпай ма. Сірə, Конфуций бұл
қағидаларын сол кезде дəуірлеп тұрған хань ұлтының жағдайынан, өз
заманының шындығынан алып жазған секілді. Болашақта хань ұлты өз
дербестігінен айрылып, неше ғасыр бойы маньчжурлерге бағынатынын, сол
империяның құрамында қазақ деген көшпенді халық болатынын, күндердің
күнінде оның азаматтарының басына қандай іс түсетінін ұлы ойшыл
қайдан білсін?!
Əлі кемеліне келіп болмаған бұл қым-қуыт дүниеде жалпыға бірдей
ортақ ұғым, тұтас түсінік жоқ. Бір халықтың мүддесі тұрғысынан ізгілік,
ерлікке баланған нəрсе, екінші бір қауымның көзімен қарағанда,


бұзақылық, қарақшылық болып шығады екен. Ақырында Демежан адам
өмірінің мəнін іздестіруді қойды. Оны білудің енді бұған қажеті де шамалы
еді. Қайта одан гөрі: адам не үшін құрбандыққа барып, елден ерек жан
қиюға тиіс? Өз ажалынан бұрын келетін өлімнің мəні неде? Осы жөнінде
ойланса, оның жөні басқа... Бірақ өлімде мағына бола ма? «Өлдің, Мамай,
қор болдың» — сонымен бітті емес пе? Əйтсе де, адамдар тірлікте түрліше
өмір сүретіні сияқты, өлімнің де түр-түрі бар ғой. Ит өлім, ешкімге қажеті
жоқ бейкүнə өлім, ерлік өлім бар. Бұларды қалай ғана бір қатарға
қоярсың?!
Оның есіне ұстазы Ли-шансыңның, өлеріне жақындағанда сыр ғып
айтқан бір сөзі оралды: «Тірі пендеге бір өлім хақ. Сондықтан өзін дұрыс
деп тапқан белгілі бір идеялар үшін күрес майданында жүріп, кеудеңді оққа
төсеп өлгенге не жетсін», — деп еді-ау мұнымен қоштасып жатып. Өзі
əбден əл-қуаттан айрылып, қаусаған шағында, жайдан-жай жан тапсыратын
болғанына қатты өкінбеп пе еді сол жолы. Соған қарағанда, өмірдің мəні
күрес болғаны ма? Солай шығар... Ендеше, өлімнің мəні де — күрес. Сонда
өмір мен өлім ажыраспайды. Өлім — өмірдің заңды жалғасы болып, бірін-
бірі толықтырып тұрады. Ажал — тіршіліктің жолында аранын ашып, кесе-
көлденең жатып алған тажал, не басқадай қорқынышты бірдеңе емес, қайта
өмірдің мəнін айқындайтын табиғи таразыға айналмақ.
Демежан бұл байламының дұрыс-бұрыстығына көзі анық жетпесе де,
соған өзі сенгісі келді. Осы ойын үлкен бір олжадай көріп, іштей қуанып
қалды. Өзінен əлдебір жеңілдікті сезінген. Шынында да, Демежандай
адамға өлім жастығына көптің бірі боп, құрдан-құр бас қоя салу күнə ғой...
Оған қайта осындай тұтқынға түсіп, жауларынан ауыр жаза күту жарасатын
сияқты ма, қалай?
Адамды адам тар қапас, тас зынданға қанша қамағанымен, сонау бір
төбедегі терезе торындай сыртқы дүниемен жалғастыратын бір саңылау
бəрібір табылады екен. Сондай бір жарық сəуледен тағдыр Демежанды да
мақрұм қалдырған жоқ. Мұны осынау сызды, суық камераға əкеліп қамаған
күннің ертеңінде, қасына қарауылдарын ертіп, түрме бастығы кіріп
шыққан. Жасы алпыстың ішін мол аралап кеткен, көзілдірікті, кəрі
маньчжур бұған жылы шыраймен амандасып, өзінше аяғандай түр
байқатты. Аяғындағы кісенін алдырып, ішіне сабан салынған кенеп
қанардан өзге лыпасы жоқ тақтай төсектің үстіне жұмсақ төсеніш, жылы
көрпе бергізді. Демежанға түрме бастығының түрі таныс, бір көрген адамы
сияқты. Бірақ қанша ойласа да, нақты есіне түсіре алмады.
Түрме бастығының күнде таңертең камераларды аралап шығатын əдеті
екен. Ертеңінде ол тағы келді. Бұл жолы қасында ешкім жоқ, жалғыз өзі.
Есіктен кірген бойда күле жақындап, қол беріп амандасты.
– Халіңіз қалай, Демежан мырза? Мені танымадыңыз-ау деймін? — деді
мұнын бетіне барлай қарап.


Демежан ыңғайсызданып, иығын көтерді.
– Сізді бір жерден көрген сияқтымын. Бірақ есіме түсіре алмай тұрмын.
– Мен — Гаугаңмын ғой... Есіңізде ме, баяғыда сіздің елге алым-салық
жинай барғаным? Сол жолы ел ішінде бүлік шығып кете жаздаған жоқ па
еді?
Бұдан он бес жылдай бұрын болған оқиға Демежанның есіне енді түсті.
Иə, мынау сондағы топ бастығы екен ғой. Екеуі жайлаудан қалаға қайтып
келісімен, Ши-амбының алдына бірге кіргені бар еді-ау.
– Кешіріңіз. Одан бері көп жыл өтіп кетті ғой. Онда менің əкем Керімбай
үкірдайдың өзі тірі болатын...
– Иə, уақыт деген қалай зымырап тез өтеді?! Сондағы Ши-амбының өзі
жоқ бұл дүниеде, — деді Гаугаң тақтай нардың шетіне тізе бүгіп жатып. —
Содан кейін де сізбен бір жолықсам деп талай оқталдым. Бірақ соның сəті
түспей жүретін.
– Енді, міне, жолыға алмай жүрген адамыңызды тағдыр айдап,
алдыңызға алып келді, — деді Демежан езу тартып.
– Есіңізде ме, Демежан мырза, мен сіздің алдыңызда мəңгі қарыздармын
ғой, — деді Гаугаң. — Сіз болмасаңыз, менің сүйегім ендігі қурап қалар ма
еді, қайтер еді.
– Қалайша?
– Ой-я... Сіз ұмытып қалған екенсіз ғой. Ши-амбы мені жайлаудағы
бүліктің бас күнəкары деп тауып, сол үшін өзімді-өзім өлтіруге үкім еткен
жоқ па еді. Сіз ара түспегенде, мен сол күні у ішіп, не асылып, көк
тəңірісіне сапар шегуге тиіс болатынмын.
Əлдеқашан ұмыт болған көріністер Демежанның көз алдында енді ғана
қайта тірілгендей болып еді.
– Иə-иə... енді есіме түсті. Сол жолы Ши-амбы қаһарына мініп, тым
қатты кетіп еді.
– Сіз, əсілі, қайырымды адамсыз ғой. Біреуге еткен жақсылығыңызды
жіпке тізіп жүрмейсіз, — деді Гаугаң қалтасынан алған орамалымен
көзілдірігін сүрткілеп отырып. — Ал мен сол бір күнді əлі ұмытқаным жоқ.
Мойнымдағы қарызды қалай қайтарам деп, анда-санда сізді еске алып
қоятынмын.
– Рақмет, Гау мырза! Жақсылықты ұмытпау да кім көрінгеннің қолынан
келе бермейді, — деді Демежан. — Сіз алым-салық мекемесінде едіңіз ғой.
Мұнда қалай келіп қалғансыз?


– Сол өзіңіз білетін жайлаудағы бүліктен кейін менің қызметімді
төмендетті емес пе. Біраз жыл қалаға əкелген малдан қан бажы алатын
базар бастығы болдым. Ал жаңа жамбылдың құрылысын аяқтап, мына
түрме салынып біткенде, басқа адам таппағандай, мені осында жіберді.
– Е, жөн-жон... Сізбен қайта ұшырасқаныма қуаныштымын. Бірақ көріп
тұрсыз ғой... — деді Демежан аузына ыңғайлы сөз түспей. — Бұлай
кездесеміз деп кім ойлаған.
– Оқасы жоқ. Дүние деген сол: бір күн бетін берсе, бір күн сыртын
береді...
Ойда жоқта ескі танысы Гаугаңмен ұшырасуы Демежанның қапалы
көңілін сəл де болса сергіткендей болып еді. Соған қарағанда, адамға
жасаған жақсылық қайтпайды деп, үміт үзуге де болмайды екен. Əйтеуір,
бірде болмаса бірде алдыңнан шығады... Содан бері де Гаугаң күн аралатып
келіп, мұнымен əңгімелесіп тұрады. Қалада не болып жатқанын, алыс
астанадағы жаңалықтарды жасырмай айтып тұратын да сол. Кейде қойнына
тығып, əртүрлі кітап əкеліп беретіні бар. Тар қапаста жалғыздық зарын
тартып жатқан адамға соның өзі де үлкен медеу.
Сол Гаугаңның астыртын көмегімен соңғы бір айда Демежанға елден де
адамдар қатынай бастаған. Жақында қасына Диқанбай мен Бөкені ертіп,
Бибі келіп кетті. Əйтеуір Гаугаң байғұс қараңғы түсе əлгілерді түрменің тар
есігінен енгізіп алып, өз кабинетінде мұнымен оңаша жолықтырған. Бибі
көзінің жасын тыя алмай, қашан кетер-кеткенше егіліп жылаумен болды...
Сонан соң аз уақыт ішінде қатты жасып, қартайып кеткен — Диқанбай
екен. Демежанға қараса болды, көңілі босап, аман-саулық сұрағаннан басқа
ештеңе айта алмады. Оған қарағанда, қарт Бөке өзінің жуан сіңір
қайраттылығына басып, күш қоса, жігер бере сөйлеген:
– Басыма мұндай іс түсті деп, тым жасып кетпе, Демежан шырағым. «Ат
жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр», — депті бұрынғы
аталарымыз. Бəлкім, болашақты болжағаннан айтылған сөз шығар. Қамау-
қапас, айдау-сүргін дегеніңіз өзіндей ер-азаматтың ғана басына түседі.
Жалғызбын, жалқымын деп ойлама, артында тілеуіңді тілеген қалың бұқара
халқын бар. Солар Абдыра даласында өскен ақ дəнді аузына салған сайын,
өзіңді алғыспен еске алады. Сол еңіреген ел-жұртың, жарлы-жақыбай көп
жатағың өзіңе дұғай-дұғай сəлем жолдады... Басқа қолдан келер не бар,
құдайым көлденең қатерінен, патшаның кəрінен сақтасын! — деп тоқтаған.
Сырттай сыр бермегенімен, Бөкенің де көңілі босап қоңқылдап тұрғаны
белгілі. Қайтсін, осылай жақсы тілек айтып, қабырғасы қайысқаннан басқа
қолдарынан келер дəрмен жоқ. Бəрі де жетім баладай жаутаңдап:
– Бұл тергеу-тексерудің шет-шегі бар ма? Сыңайы, қашан босататын
сияқты? — деп мұның өзінен сұрайды. Демежан амалсыздан:


– Сəл шыдайық. Мені абақтыда қашанғы бағып отырар дейсің. Жазға
қарай қоя беретін шығар, — деп оларды жұбатқан болды.
Бірақ мұның бұл сөзіне Бөке мен Диқанбай иланғанымен, Бибі сене
қоймады. Ол күйеуінің көңіл күйін сөзінен емес, қас-қабағынан, дауыс
ырғағынан танып дағдыланған. Уақыт бітіп, қоштасар мезгіл жеткенде,
байғұс əйел Демежанның мойнынан тас қып құшақтап айырылсашы.
Қасындағы қарауыл шеріктен де, жол серік шалдардан да тартына
қоймады. Өлім есірігі тигендей ышқына дауыс салып:
– Білем... Сен мені алдап тұрсың ғой, Демежан-ау! Жүрегім бір
сұмдықты сезеді... Сені тірі қоймайды бұл жауыздар. Енді сенің алтын
жүзіңді көру жоқ қой бізге!.. Босағанда жатып өлейін, мені өзіңмен бірге
алып қал! — деп зар еңірегенде, Демежанның да, қасындағы қарттардың да
сай сүйегін сырқыратқан. Бөке мен Диқанбай екі жақтап:
– Қой, Бибі, сабыр ет. Ондай жаман ырымды бастама.
– Абақтыға түскен қазақтың алды-арты Демежан дейсің бе. Бұл да ер
басына келген ұшық шығар. Амандық болса, əлі-ақ босанып шығады, —
десіп Бибіні зорға жұбатты.
Бұл кездесудің ауыр тигені сонша, Демежан бірнеше күнге дейін өзіне-
өзі келе алмай жүрді. Кейін келген Əбдірасыл мен Диқанбайға Бибіні бұдан
ары қалаға əкелмеуді тапсырған. Қазір байғұстың күні не болып жүр екен?
Бибіні ойласа болды, жүрегі қан қақсап қоя береді. Ол тек Бибінің алдында
ғана өзін кінəлы санайтын.
Сонан кейін араға апта салып, Күдері мен Бабалық келіп кетті. Əзірше
атқа мінер ағайыннан төбе көрсеткені — сол екеуі ғана. Олар да Гаугаңмен
астыртын тіл табысып, қарауылдарды паралап, қараңғы түсе жасырынып
келіпті. Ел ішіндегі біраз жаңалықты Демежан солардан естіп-білді.
Жақында Төртуыл елінде төтенше сайлау өтіп, Демежанның орнына
үкірдайлыққа Көксегенді бекітіпті. Дəл сайлау қарсаңында ел іші тағы да
жікке бөлініп, дауысқа Көксеген, Тыныбай, Ысқақ үшеуі қатар түскен екен.
Матен-амбы бұл жолы Көксегенді қолай көріпті. Бірақ сайлауға дейін
əлгілердің бəрін дəмелендіріп, əрқайсысына жеке-жеке уəде беріп жүріп,
Демежанды қаралайтын қағаздарға түгел мөр бастырып алған көрінеді.
Күдері осы жайларды айта келіп:
– Ел жуандарының сізге көп көргені үкірдайлық еді, оларын алып,
армандарына жетіп тынды ғой. Енді сізге ұлықтар бұрынғыдай шүйіле
қоймас, — деген əлденеге үміт арта сөйлеп.
– Е, ұлықтан не қайыр сұрайсың. Қазақтың өз қолымен өзін буындырып
өлтіруге келгенде, бұлар алдына жан сала ма, — деді Демежан күрсініп. —
Ұлықты қойшы, бəрінен де үкірдай, зəңгілердің жиналып басқан мөрі қиын
болып тұр. Оқысаң жаның түршігеді. Маған жапсырмаған пəлесі жоқ.


– Басқа елдің үкірдайлары да мөр басып па?
– Түгел. Бастығы Мамырбек, Тұрысбек болып, Таңғыт, Көксегенге дейін
тегіс қол қойған. Тек Шəйінің ғана қолы жоқ. Бір жыл туған төл еді...
Қадірін жаңа білдім азаматтың.
Сол жолы Күдері бұған тағы бір жаналық хабар жеткізген. Демежанға
бір септігі тиеме деп, қуана, аптыға тұрып айтып еді.
– Айтпақшы, өткен жылы сіздің ауылға барған шеріктерді соққыға
жығып, біреуін мерт қылған — Байсерке мен Ысқақтың жігіттері болып
шықты, — деген өңі балбұл жанып. — Бірге барған адамдардың кейбіреуі
істің мəнісін кейін түсінсе керек. Солардың өзі-ақ жұртқа жайып жүр.
Бұл Демежан үшін аса қажет факті еді. Қуанғанынан Күдеріні құшақтай
алған.
– Бəсе, өзім де солай шығар деп ойлап едім. Маған құрылған қақпанның
ең қауіптісі осы еді ғой... Ал сен осы деректерді қағазға түсіріп, айғақ
куəлардың қолын қойдырып бере аласың ба?
– Сол нəрсе өзімнің де ойымда бар, — деді Күдері. — Əуелі өзіңізбен
ақылдасып алайын деп едім. Сол түнгі оқиғаның əдейі қастандықпен
істелгенін растап, аяғына көп адам қол қойып, Іледегі ұлыққа жіберсек пе
деп отырмыз.
– Бұларың да дұрыс екен. Бірақ соз бұйдаға салып жүріп алмай,
тездетіңдер, — деді Демежан тағатсызданып.
Күдері мен Бабалық екеуінің бұдан басқа да жасап жүрген тірліктері бар
екен. Олар Рамазан Шəнішев, Ыбырай байбатша, Мұрауыт бай сияқты
қаланың беделді адамдарын орыс консулына салып, ұлыққа сол арқылы
ықпал етуді ойластырған көрінеді. Консул Соков қазір Шəуешекте жоқ,
Батыс Сібір шекара басқармасының шақыртуымен, Омбыға кетіпті.
Сол келісімен жаңағы кісілер кіріп сөйлеспек. Егер орыс консулы
шындап араласса, Матен-амбының оны тыңдамасқа шамасы қайсы деп,
жігіттер соны көңілдеріне көп аужал тұтады екен. Бұл жай Демежан
көңілінде де үміт ұшқынын тұтатып, еңкейген еңсесін бір көтеріп тастаған.
Содан бері қала мен даладан бірдей тағатсыз хабар күтіп жүрген жайы бар.
Қазір наурыз айы туып, күн ұзара бастаған. Демежан жатқан камераға
жылу мен жарық молырақ түсіп, көктемнің жақындап қалғанын
сездіргендей. Кейде терезе торына шымшық торғайлар, момақан кептерлер
келіп қонады. Құс екеш құс та қос-қостан жұптасып жүретін болыпты.
Олар да өздеріне ұя салып, ұрпақ қалдырудың мəңгілік қамына кіріскен.
Шамасы, түс мезгілі болып қалған шығар. Бір кезде есік сыртындағы


қара құлыптың ашылғаны, белдік темірдің салдырлап босағаны естілді.
Іле-шала түрме бастығы Гаугаң мен бір қартаң қарауылдың кіріп келе
жатқаны байқалды. Қолдарында шелекке салған, дастарқанға ораған
буыншақ-түйіншектері бар. Біреулер сырттан тамақ əкелген секілді.
Қарауыл көтеріп келген заттарын бұрыштағы жатаған үстелдің үстіне
қойып, келген ізімен шығып кетті де, бөлмеде Гаугаң кідіріп қалды.
– Ал ыстықтай тамақ алыңыз, Демежан мырза. Өзі бір дəмді тағам-ау
деймін, иісі мұрынды жарып барады, — деді ол күле тіл қатып.
– Кім əкелді екен, білмедіңіз бе?
– Оны мына хаттан оқырсыз, — деп Гаугаң қалтасынан бүктеулі қағаз
алып ұстатты.
Хат ұйғыр досы Əсенажыдан екен. Ішінде қарындашпен асығыс
сүйкектете жазылған бес-алты ғана сөйлем бар. Демежанның ойда-жоқта
мынадай қиын жағдайға тап болғанына үй ішімен қатты қынжылатынын,
бірақ түбінде іс оңына келіп, амандықпен бет көрісетініне сенімді екенін
жазыпты. «Мынау Ауаханның саған арнап пісірген тағамы еді. Біздің үйдің
дəмі тартар ма екен деп ырымдап, өзіңе əдейі жіберіп отыр» депті хаттың
аяғында.
Демежанның көзіне жас үйірілді. Бұл — баяғы Ши-амбының алдында
тілмаш болып, мұнымен бірге қызмет істеген, кейін алым-салық
мекемесіне ауысқан Əсенажы ғой. Демежан қалаға келгенде кейде соның
үйіне түсіп, олар да қырдағы мұның аулына келіп, жиі араласып тұратын.
Үй ішімен қонақжай, қазағуар, жақсы адамдар. Демек, ескі достардың
мұны əлі ұмытпағаны ғой. Əсенажы мына отырған Гаугаңмен де қызметтес
болған, жақсы таныс кісілер...
– Əнеугүннен бері бір байқағаным, — деді Гаугаң, ыдыстағы
тағамдарды үстел үстіне қойып жатқан Демежанға қарап. — Сізді өз
туыстарыңыз ғана емес, қаладағы ұйғыр, өзбек, татар ағайындар да
төбесіне көтеріп, қатты сыйлайды екен. Күн құрғатпай тамақ əкеліп
жатқандары. Кезінде оларға да көп жақсылығыңыз өткен ғой, шамасы?
– Солардың бəрін жарылқап тастадым деуге болмас. Бірақ тіршілікте сол
адамдармен де осы өзіңіз сияқты жақсы сыйласқан едік, — деді Демежан.
— Ал, Гау мырза, сіз де тамаққа келіңіз.
Тоңазыған ет, табаққа салынған ыстық манты, сарымсақтап пісірген
тəтті қалаш дейсіз бе, шағын үстелдің үсті сыймай кетті. Мұндай ас-судың
соңғы кезде Демежан атына жиі келіп жатқаны да рас еді. Ауылдан
Əбдірасыл мен Диқанбай кезектесіп əкелетін мол азықтың сыртында,
қаладағы Бабалық, Ыбырай секілді таныс-білістерден де апта сайын
осындай сый табақтар кіріп жататын. Жалғыз адам соның бəрін жеп
тауыспайды, əрине. Асып қалған мол тағам көбінше түрме қарауылдарына


бұйырады. Гаугаң қазір соны еске алып:
– Мына қалпында бүкіл түрмені асырайтын түріңіз бар-ау, үкірдай.
Менің қарауылдарымның əбден дəнігіп алғаны сонша, сізге сырттан тамақ
келе жатқанда, аш иттей құйрықтарын бұлғаңдатып тұрады, — деп
рахаттана күлді.
Əрине, Гаугаң да өзін асыл текті маньчжур нəсіліненмін деп есептейтін.
Ішкі сырын түгел ақтарып айтпаса да, жаңа əмірші Матен-амбыны
жаратпайтыны сезіледі. Оның сібе жұртынан шығып, мынадай жоғары
шенге ие болуын ақылға сыйымсыз, кездейсоқтық деп біледі. Халдайларды
тұрпайы, надан деп, алымсынбай отырады. Егер билік басында Матен-
амбы сияқты біреу емес, асыл текті маньчжур əкімі отырса, Демежандай
азаматты бүйтіп қорламас еді. Бəрі де халдайлардың білімсіз, дөрекілігінен
туып отыр дегенді сөз арасында айтып та қалады.
Гаугаң қазір де өзінің тектілігіне бағып, табақтағы мантыдан бірер мəрте
алды да, өзге асқа сұғына қоймады. Ол манадан бері Демежанның асықты
жіліктің ойынды етін қасқырша қалай жұлып жегеніне таңдана көз салып
отырған.
– Міне, нағыз көшпенділер əулеті деп сізді айтуға болады, — деді
сүйінішін жасырмай. — Сізге қарап отырып, кісінің тəбеті ашылып кетеді
екен.
– Осының бəрі сіздің арқаңыз ғой, — деді Демежан. — Айтыңызшы, Гау
мырза: сіз адамгершілік парызын өтеп маған жəрдем қолын созып жүрсіз.
Осы қылығыңызды жоғарғы ұлықтар сезіп қалса, өзіңізге кесірі тиеді деп
қауіптенбейсіз бе?
– Маған не істейді? Қиын қылса қызметімді тағы бір саты төмендетер,
— деп күлді Гаугаң. — Мені Ши-амбының қаһарынан құтқарып, өлімнен
алып қалған өзіңіз емес пе едіңіз. Ендеше, менің қалған өмірім —
түгелімен сіздікі...
Осыдан кейін Гаугаң көп бөгелмей шығып кеткен. Аздан соң манағы
қарауыл келіп, қалған тамақ пен ыдыс-аяқты жинап əкетті. Демежан тоқ
басу үшін камераның ішінде сенделіп біраз жүрді де, ақыры төсегіне барып
қисайды.
«Жақсылық жасасаң жақынға емес, жатқа жасау керек екен ғой, — деп
ойлады ол жаңағы Гаугаңды еске алып. — Айтқан сөзінде тұратын, тəрбие
мектебін көрген адамдар. Асыл тектіміз десе дегендей. Ең бастысы,
мінездерінде құлдық, жағымпаздық жоқ... Ал бала жастан бірге өскен, ұзақ
жыл үзеңгі қағысып қатар жүрген Төртуылдың атқамінер пысықтары бір
рет келіп, төбе көрсетуге де жарамады-ау! Соны ойлауға кісілігі, мəдениеті
жетпеді. Құлдықтың тақия таңбасы бастарынан əлі кетпегені ғой... Ұлыққа
жақсы көрініп, шен-шекпен алып қалу үшін, қиын-қыстау күндерде мұны


бəрі сатып кетті. Құдықта жатқан құр бақалар мына дүниенің шын келбетін
танып-білмей-ақ өтер ме екен?! Ана жылы баукеспе ұры Байсерке
ұрлықтан ұсталып, түрмеге түскенде, бəрі тұс-тұстан шапқылап, өліп қала
жаздап еді. Ал бүгін өз үкірдайларына қол ұшын беруге де жарамады... Иə,
айтпақшы, Байсерке — олардың өз бауырлары, Төртуыл екен ғой. Ал
Демежанның кім екенін бір құдайдың өзі білсін. Демек, олар бүкіл
халықтың өкілі болу дəрежесіне əлі көтерілген жоқ. Адам деген ардақты
атты иелену былай тұрсын, оларды қазақ деп айтудың өзі обал. Бəрі де —
кішкентай төртуылдар, кішкентай керейлер...»
Осындай шырма-шату ой құшағында жатып, Демежанның көзі ілініп
кетіпті. Қанша ұйықтағаны белгісіз, салдыр-гүлдір еткен əлдебір жат
дыбыстан оянды. Бір кезде есік ашылып, ішке біреулердің кіріп жатқаны
аңғарылды. Демежан көзін ашып алғанымен, əлі де ұйқыдан айыға қоймай,
сол қисайған күйі жатқан-ды. Кенет босағада тұрған Матен-амбыны көріп,
басын көтеріп алды. Қасында түрме бастығы Гаугаң жəне əнеугүннен бері
мұны сұраққа алып жүрген тергеуші төрелер бар. Матен бөлменің
ортасына таман жақындады да:
– А-а, Демежан мырза, сіз осында екенсіз ғой? Беймезгіл келіп,
ұйқыңызды бұзып жіберген жоқпыз ба? — деп езуі жайылып күлді.
«Бұл ит тімтініп мұнда не іздеп жүр екен?» деген бір оймен Демежан
орнынан көтерілді. Тергеу-сұрақ аяқталған сияқты еді. Матен бұған бұрын
да бірнеше рет келіп кеткен. Бірақ онда камераға кірмейтін, түрме
бастығының кабинетіне, не сұрақшылар бөлмесіне шақыртатын-ды. Не де
болса жөнін білгісі келіп, Матеннің қасына таяп келді де:
– Иə, əміршім, жай серуендеп жүрсің бе? Əлде мыналар сені де осында
қамағалы айдап əкелді ме? — деді оған жоғарыдан төне қарап.
Мұндай тіке шабуылды күтпеген Матен сасып қалды:
– Қалайша? Мен, шынымен-ақ қылмыскерге ұқсаймын ба? — деп иығын
көтеріп күлген болды.
– Кім білсін. Қазір қалай деп болады... Император Гуансюйдің өзі мырза
қамақта отырғанда, қарапайым халдай ұлының түрмеге түсуіне таңданатын
не бар?!
Мына сөзді естігенде əміршінің шашпауын көтеріп жүрген кіші
төрелердің көзі шарасынан шығып, адырайып кетті. Бірақ Матен сыр
берген жоқ. Қайта жаны кіріп, көңілдене түскен сыңай танытты.
– Көрдіңіздер ғой, мырзалар. Бұл Демежан үкірдаймен сөйлесудің өзі
дүниенің рахаты, — деді қасындағыларға қарап. — Сіздер бара
тұрыңыздар. Біздің екеуара, оңаша айтысатын əңгімеміз бар.


Басқалар аяқтарының ұшымен басып, далаға шығып кетті де, іште екеуі
ғана қалды. Қарауылдардың бірі сырттан екі орындық əкеліп қойды.
– Отырыңыз, Демежан мырза, — деді Матен сол орындықтардың біріне
жайғасып жатып. — Шынында да, бір емін-еркін отырып əңгімелесейікші.
Өзіңіз білесіз, бұл түрме дегеніңіз тек қылмыстылар жайлаған, өте көңілсіз
жер ғой. Шынымды айтсам, осында келгенде сізден басқа сыр ашып,
сөйлесетін де ешкім жоқ.
«Мына неме бүгін тым шалқып отыр екен. Үйіргені алшы түсіп, тағы бір
жерден ұпай алып шыққан-ау» деп ойлады Демежан. Матеннің қатарына
келіп, жаңағы орындықтардың біріне ол да тізе бүкті.
– Сен болсаң қылышыңнан қан тамып, түу деген түкірігі жерге түспей
тұрған мəртебелі ұлықсың. Мен болсам қамауда жатқан тұтқынмын. Біздің
арамызда қандай əңгіме болуы мүмкін?
– О-о, мұндай кішіпейілділіктің керегі не? Сіз кешегі үкірдай, бір елдің
көсемі емессіз бе. Мерзімінен сəл кештеу туып қалғаныңыз болмаса, күллі
қазаққа хан болатын-ақ адамсыз.
«Ит-ай, адамды осылай мазақ етіп, қорлайтыны жаман ғой!» Демежан
қамауға алынғалы, оны дүреге жатқызып, не ұрып-соғып қинаған ешкім
жоқ. Бірақ оның есесіне, Матен-амбының анда-санда осылай келіп,
тышқанды домалатып ойнаған мысықтай, сөзбен шымшып, тəлкек ететіні
бар. Таяқ еттен ғана өтсе, сөз сүйектен өтетінін жақсы біледі иттің баласы.
Демежанның қорланғанын, ызаға булыққанын көріп, содан кəдімгідей
лəззат алады. Тұтқыннан жауап алу — оның қолы бос кезіндегі ең сүйікті
ермегі. Мұндайда Демежан да ештеңеден тартынбай, екеуі, көбінше, ашық
кететін.
– Түрмеде жатқан қалай болады екен, Демежан мырза? Кісінің іші
пыспай ма? — деді Матен ала көлеңке камераның ішін көзімен шолып
отырып.
– Қызығып тұрсаң, менің қасыма келіп біраз күн жатсайшы. Абақтының
не екенін сонда білесің.
– Бізді қойшы, біз мұндай төрт дуалға бойымыз үйренген жандармыз
ғой, — деді Матен оның сөзін елең қылмай... — Сіз сияқты киіз үйде туып,
самалды салқын ауада, кең сахарада еркін өскен көшпенділерге қиын ғой.
Əсіресе, астына жүйрік ат мініп, қыран құс салып, ұшқыр тазы жетелеп,
дүниенің қызығын белшеден кешіп жүрген сіздей адамның мынадай тар
қапаста отыруы обал-ақ... Сізге жаным ашиды, Демежан мырза. Сіз
қайткен күнде де бұл азаптан құтылуыңыз керек...
– Өзінше маған ақыл айтып, жол сілтеуге келген екенсің ғой.


– Жоқ, шын айтам... Бүкіл қылмысыңызды мойындап, өзіңіздің оңбай
қателескеніңізді айтып, өкіметтен кешірім сұраңыз. Егер шын жалбарынып
өтінсеңіз, құдіреті күшті Еженханның рақымы мол ғой, кешіруі де мүмкін.
– Еженхан деп отырғаның кім сенің? Құсадан дертке шалдығып,
бейшара, міскін күйге түскен император Гуансюй ме? Əлде Цин сарайымен
бірге туған жиенінің де түбіне жеткен жесір патшайым Цысиді айтасың ба?
– Сізге бəрібір емес пе? Тақта кім отырса — сол Еженхан! Немене, бүкіл
Цин империясы шекеңізге тар келіп тұр ма?
– Əй, сол империяның да күлі көкке ұшып, шаңырағы ортасына түсетін
кезі алыс емес-ау!
Мейманасы тасып, мардамсып отырған Матеннің бұл жолы күлуге
шамасы келмей қалды.
– Ол жағын уайымдамай-ақ қойыңыз, үкірдай. Цин үстемдігі құласа да,
сіз сияқтылардың талайын табанына салып барып құлайды. Əйтеуір, сізден
гөрі өміріміздің ұзақ болатынына еш күмəн жоқ, — деді қызарақтап.
«Мына сұм дұрыс айтып отыр, — деп ойлады Демежан ішінен. —
Өкінішке орай, марқұм Ли-шансың сияқты мен де Маншың өкіметінің
күйреген кезін көре алмай өтетін шығармын».
– Сонымен не істейтін болдыңыз, Демежан мырза? Өз қылмысыңызды
мойындап, өкіметтен кешірім сұрайсыз ба, əлде осы қасарысқан күйі
дүниеден өте шығасыз ба? — деді Матен-амбы қайтадан жайдары қалыпқа
түсіп.
– Маған жаққан жала-күйең жұқпаған соң, енді өзімді көмекке
шақырайын дедің бе, зəлім неме?
– Басқа бір мəдениетті жұрттың өкілі болса, аймақтың əміршісіне «ұлы
мəртебелім» деп сөйлесер еді. Сіздерге сөгіс жоқ қой бірақ...
– Олай деп бағынышты құлдарын айта жатар. Ал мен сенің билігіңді
мойындамаймын.
– Демек, бұл сіздің түзелмеске бет алғаныңыз ғой... Алда өзіңізді қандай
жаза күтіп тұрғанын білесіз бе?
– Сен мені өйтіп қорқытпа. Мен əділет жолында өлімнен де
тайсалмайтын адаммын.
– Бекер... Бекер олай ойлайсыз, — деді Матен-амбы басын шайқап. —
Сіз əлі жассыз ғой. Қырық жеті жас деген не, тəйірі. Ер жігіттің нағыз
толысқан шағы... Біз жақында Тұрысбек үкірдай екеуіміз сіздің ауылға
барып қайттық. Əйелдеріңіз қандай! Бірінен бірі өтеді...


Демежан тіл қатқан жоқ. Біреу жарасының аузын қанын шығара тырнап
алғандай, қан қақсап отырып қалды.
– Мен əлі де сізді босатып алу жағында жүрмін. «Өткен іс өтті, енді кек
қумай-ақ қойыңдар» деп халдайларды да басып тастадым, — деді Матен-
амбы сөзін жалғастырып. — Бірақ маған сіздің өз ағайындарыңыз қиын
болып тұр. Үкірдай, зəңгі-елубасылар «Бізді Демежаннан құтқара гөр!» деп
мөрлерін басып, жоғарыға арыз жөнелтіп жатыр... Айтпақшы, сіз Төртуыл
емес, Керей екенсіз ғой? Олар өздерін ұзақ жыл жат біреудің билегенін
қатты намыс қылады екен.
– Саған керегінің өзі сол емес пе? Қазақтың алты бақан ала
ауыздығынан зиян шегіп отырмаған шығарсың, — деді Демежан езу
тартып. — Айтпақшы, сен де маньчжур емес, сібесін ғой. Маншың өкіметі
сені қалай билік басына қойып отыр?
– Маньчжур мен сібе ағайынды халықтар ғой. Олар кейде бірінің орнына
бірі жүре береді, — деп Матен-амбы жаны жай тапқандай, рахаттана күлді.
— Ал мына қазақтың арасы қиын екен. Əр ру өз алдына жатқан бір
мемлекет! Өз шекарасынан қия бастырмайды.
«Мына сұмырайдың айтып отырғаны рас. Зəлім неме қазақтың осал
жерін қалай дəп басып біліп алған?» деп ойлады Демежан. Матеннің
жүзіне жирене қарап, аз отырды да:
– Сен манадан бері маған артылатын ең ауыр күнəні неге ауызға алмай
отырсың? Сірə, соның түбінде бір шикілік бар-ау, шамасы? — деп
келемеждей күлді.
– Нені айтасыз?
– Ұмытып қалдың ба? Əлгі Байсерке мен Ысқақтың қолымен
құрбандыққа шалып, біздің бақшаның ішіне көмдіріп тастайтын шеріктің
өлігі ше? Адам өлтіру ең ауыр қылмыс саналмайтын ба еді?
Матен мұндайды күтпесе керек, өңі қара қошқыл тартып, аузына сөз
түспей, мүдіріп қалды. Тек əлден уақытта:
– Ол жағын əлі анықтау керек. Айғақ-куəлар бар ғой... тексереміз, —
деді тура жауап беруден жалтарып.
Тұла бойын ашу кернеп, қалшылдап кеткен Демежан осы тұста өзін
ұстай алмай қалды. Қарсы алдында отырған Матеннің жағасынан бүркіттей
бүріп ұстады да, табанын жерге тигізбей тік көтеріп алды. Анау жан дəрмен
айқайлап, көмек шақырмақ болып еді, оған мұршасын келтірмей, күректей
қолымен тамағынан қыса қойды:
– Дыбысыңды шығарма, иттің баласы! Əйтпесе қарауылдарың жетіп


үлгіргенше, жаныңды жаһаннамға жіберемін, — деді зеки тіл қатып. —
Неткен арам, не деген суайт едің, оңбаған сұмырай?! Тұрған бойың толған
нəжіс, нағыз мерез екенсің ғой. Осыдан кейін де адаммын, ұлықпын деп,
жер басып жүрсіңдер, ə?.. Іріп-шіріген Маншыңның ең соңғы өлексесі,
жұртына байлап кеткен бұралқы төбетісің сен! Ал намысты неме болсаң
жарылып өліп кетші, кəне! Сен ит алалдында кім отырғанын ұмытқан
екенсің. Бəлем, осы тұрған жерінде Дохалдайдың артқы аяғын құштырып,
мына шұбатылған айдарыңды тұтамдап тұрып жұлып алайын ба?! Жоғал
көзіме көрінбей! Бұдан кейін бұл жаққа аяқ басушы болма... Тіфу, қандай
жиіркенішті едің?! — деп ұлықтың алқымынан қолын босатты да, бетіне
былш еткізіп түкіріп жіберді.
Маньчжур, қытай салтында, бетке түкіру — таяқпен ұрғаннан əлдеқайда
ауыр. Ол абыройдан айрылып, біржола қара бет болғанның белгісі.
Есеңгіреп қалған Матен дереу қалтасын сипалап, қолына ештеңе түспеген
соң, шұбатылған жібек шапанының жеңімен бетін сүртті. Бұл жолы
Демежаннан оңбай жеңілгенін сезіп тұр. Бірақ қанша сүрткілесе де,
бетіндегі қара таңба енді қайтып тазармастай, мəңгі қалып қойғаны анық
еді.
– Енді тірі қалам деп ойлама. Сенің тағдырың менің қолымда! — деді
Матен есік алдына барып алған соң айбат шегіп.
– Оу, саған тағы тіл бітейін деді ме? Бері келші өзің! — деп Демежан тап
берген.
Доңайбатын сыртына салып, жай жүнін қорбитып жүргені болмаса,
Матен жаратылысынан сұмдық қорқақ болатын. Есіктен лып етіп қалай
шығып кеткенін бұл тіпті аңғармай да қалды.
VII
Түрме камерасында өткен сол оқиғадан бері де екі-үш айдың жүзі
болды. Əрқайсысы жылға бергісіз, тасбақадай тырмысқан, ұзақ айлар. Бұл
уақыт түрмеде жатқан тұтқыннан гөрі, Матен-амбының жанына қатты
батып еді. Күн өткен сайын əміршінің жүйкесі жұқарып, ұйқы-күлкіден
айрыла бастаған. Көзі ілініп кетсе болды, түсіне Демежан кіреді. Əлдебір
əлуетті қолдар алқымынан сығып, буындырып жатқандай, қара терге түсіп,
шошып оянады. Күнде жатар алдында бұрышта тұратын қуыршақ
құдайына сиынып, қанша жалбарынса да, осы бір халден арыла алмай-ақ
қойды. Қасында ақ сазандай керіліп жатқан Маху сұлуға да бұрылуға
мұршасы болмай, аз күннің ішінде аурудан тұрғандай жүдеп кетіп еді.
Матен-амбы қанша асыққанымен, Демежан ісі əлі сол күйінде қозғаусыз
жатыр. Бұл оның бар қылмысын хатқа түсіріп, аяқ жағына бүкіл үкірдай-
зəңгілердің мөрін бастырып, Құлжаға жөнелтіп жібергеніне де, міне,
бірнеше айдың жүзі болды. Содан əлі хабар жоқ. Мұндағылар Демежанға
өлім жазасын сұраған-ды. Ал мұндай ауыр жазаны тек өлкедегі үлкен


ұлықтың өзі бекітуі керек. Іле жаңжұңы Шығыс Түркістанға жаңадан
келген, ел жағдайын жетік білмейтін, қорқақтау адам еді. Сірə, сол өзінше
сақтық істеп, істі əдейі кейінге созып отыр ма, кім білсін.
Көңіліне бір тоқ санайтыны, үкірдай-зəңгілер Демежанға сырттай
жауыққанымен, жеме-жемге келгенде тайқып кете ме деп қорқып еді, жоқ,
олай болмады. Мансап десе ішкен асын жерге қоятын, ұлықтың ыңғайын
баққыш ел жуандары жеке-жеке ұрланып келіп, үкім-арызға мөрлерін
басып берді. Кейбіреулері өздері келмей, арнайы барған Байсерке,
Ысқақтардан мөрін беріп жіберіпті. Тым құрыса өз қолымыз таза қалсын
деп, далбасалаған түрлері... Тек, Мəмбеттің үкірдайы Шəйі ғана мөрін
беруден бас тартқан.
– Арыстан туған Демежанның халық үшін қандасып, жұрт үшін жарғыға
түскеннен басқа жазығы бар ма еді?! Екеуіміз бір жыл туған төл едік...
Нақақ қанға қолымды матырып, обалына қалар жайым жоқ, — деп мөрін
өзі де баспай, сөзін тыңдайтын кейбір зəңгілерді де айнытып тастапты.
Содан бері Шəйі үкірдайға Матеннің тісі басулы болатын. Қол
астындағы жандарм басқармасына Шəйінің атасы Отыншы биден бастап,
арғы-бергісін қазбалауды тапсырып та қойды. Қазір ел ішінде өріп жүрген
жансыздар арқылы Шəйінің папкасы да қалыңдай түсіп еді.
Басқасы ештеңе емес-ау, Матен-амбыға бəрінен де мына Демежанның
əуресі қиынға түсіп тұр. Күн озған сайын оған құрған тұзағы үзілуге
айналып, жайған торы сетінеп барады. Демежанды тіл тартқызбас деген ең
ауыр қылмысы — аулына барған шерікті «өлтіруі» еді ғой. Уақыт өте келе
оның да шикісі шыға бастады. Қазақтың аузына сөз тұра ма, шерікті
мүрдем кетірген Демежан емес, Ысқақпен Байсеркенің жігіттері екенін сол
түнгі жорыққа қатысқан адамдардың өздері-ақ жұртқа жайып жүрген
көрінеді. Ал ел ішінде Демежанды жақтайтын кейбір кісілер соларды куəға
тартып, Іле жаңжұңына арыз жөнелтіпті деген сөз бар. Егер ол факті
анықталса, Матеннің өз жағдайы қиынға айналмақ. Өздерінің қандас
бауыры Демежанды сатқан Ысқақ пен Байсерке мұны аяр дейсің бе, қатты
қыспаққа алып сұраса, соның бəрін ұйымдастырып жүрген Матеннің өзін
ұстап берері хақ. Апыр-ай, алды-артын ойламайтын неткен ақымақ еді?!
Соларға сеніп, одақ құрып жүрген мұның өзін де атып өлтіретін кісі жоқ.
Демежан қазір Матеннің мойнына байланған тас секілді. Тезірек көзін
құртып құтылмаса, өзімен бірге мұны да су түбіне ала кетуі мүмкін.
Биыл жаз ерте шыққан-ды. Мамыр айы туысымен ыстық түсіп, аспаннан
бір тамшы жаңбыр жаумай, тіршіліктің тандыры тартылып тұр. Əсіресе,
айналасы биік дуалмен қоршалған жамбылдың іші тіпті қапырық, не үп
еткен жел соқпайды. Үміт пен күдік аралас неше алуан ойдың құрсауында
отырған Матен-амбы тынысы тарылғандай одан ары қапалана түседі. Ыза
мен ыстық қабаттасып, зықысын кетіргені сонша, үстіндегі көлкілдеген
жібек желеңін шешіп, бір бұрышқа атып ұрды да, піл сүйегінен істелген
желпуішке жармасты.


Дəл осындай қиын-қыстау кезеңде, ішке өзінің көмекшісі, жас сібе жігіті
кіріп, Құлжадан келген құпия пакетті ұсынғанда, Матен-амбының қандай
күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Есі шығып қуанғаны сонша, пакетті
қолына алған соң, салт бойынша Бежін қаласы орналасқан түстік-шығысқа
қарай тəжім етуді де ұмытып, бірден ашып оқуға кіріскен... Бірақ үміті
ақталмады. Оқыған сайын қаны қашып, бозара түсті. Демежанды дарға асу
туралы дайын үкімді оқимын ба деп дəмеленіп еді, оның орнына бұған
арты күмəнды, көп машақат жұмыс тауып беріпті.
«Мамыр айының жиырмасында Демежан жөніндегі арыз-шағымдарды
тексеруге Құлжа қаласынан заң істерін басқаратын үлкен сановник
шығады. Сол Шəуешекке барып, жергілікті орында іспен танысқан соң,
кесімін соңынан бір-ақ айтады...» делінген құпия хатта.
Мə, саған керек болса! «Тілеп алған аурудың емі табылмайды» дегендей,
өзіне де сол керек. Халдайлардың жыртысын жыртам деп, айдалада жүрген
қыр қазағы Демежанмен айқасып не жыны бар еді?! Бұл ақыл білсе, о баста
соны бауырына тартуы керек еді ғой. Демежанды ұзақ жыл қолға ұстап
келген Ши-амбы ақымақ дейсің бе, сол кəрі тарлан бірдеңені білген ғой.
Матен-амбы от алып қамысқа түскендей қатты қапаланды. Іледе отырған
ұлықтардың солқылдақтығына, жетесіздігіне ыза болған. Бірнеше айдан
бері сөз бұйдаға салғаны аз болғандай, енді оны жаз бойы бітпейтін, ұзын-
сонар жырға айналдырмақ қой. Бүйтіп, өздерін де, мұндағы елді де əуреге
салғанша, үкім-арыздың шетіне «өлім жазасы берілсін» деген үш сөзді жаза
салуға батылдары жетпегені ме? Содан бүліне қоятын не бар? Не деген бос
белбеу, не деген иіс алмас кеще еді?! Осыдан кейін бұл өкіметті кім
басынбайды, кім төбеңе шығып ойнақтамайды?!
Осы сот оның көңілінде неше алуан күдікті ойлар қылаң берді. Əлде
жоғары жақта отырғандардың бұл жолы Демежанға емес, мұның өзіне
шүйілетін ойы бар ма? Бұл Тарбағатайға əмірші боп бекігенде,
қызғаныштан іші күйгендер, тіпті ашық қарсы шыққандар да көп болған.
Тек астанадан əкелген жесір патшайымның бұйрығын бұза алмай, амалсыз
көнген-ді. Əлде сондайлар жаңжұңның басын айналдырып, Матенді
сүріндіру үшін əдейі тырнақ астынан кір іздеп отыр ма екен? Солай болуы
да мүмкін-ау. Қалай болғанда да жақсылық емес, əйтеуір. Егер тексеруші
ұлық Матенге тісін басып келетіні рас болса, онда көп қойманың беті
ашылады. Тергеу-тексеру кезінде Демежан да, айғақ-куəлар да сұраққа
тартылмай қалмайды. Ал Демежанға сөз тисе, ұлықтың басын шыр
айналдыруға оның тілі жетіп тұр. Басында бəрі ап-айқын, оп-оңай сияқты
еді, қалай-қалай қиындап кетті бұл дүние?
Жоқ, бүйтіп қол қусырып қарап отыруға болмайды екен. Өршігелі
тұрған өрттің алдын алу керек. Ең абзалы — тексеруші ұлықты бұл
аймаққа келтірмеу, Демежанмен де, өзге айғақ-куəлармен де тілдестірмеу...
Бірақ бүгін-ертең жолға шыққалы тұрған ұлықтың алдын қалай тосарсың.
Енді тек осындағы ел жуандарын шошытып алмай, өз сөздерінде


тұратындай етіп дайындағаннан басқа амал жоқ. Ең тиімдісі — келетін
ұлыққа қазақтардың өзін қайрап салу... Жеке бұл ғана емес, үкірдай-
зəңгілер де өз мөрлері үшін жауап беруге тиіс қой. Солар сөзінде нық
тұрса, Матенге бəлеңдей салмақ түсе қоймас.
Ал келе жатқан ұлық кім? Мəселе сонда. Хатта жазылғанындай,
«жоғарғы сановник» дегеніне қарағанда, ол ішкеріден келген дөкейлердің
бірі болуы да мүмкін. Кім де болса, оны осы қалада күтіп отыруға
болмайды. Аймақ шекарасына ілінбей тұрғанда, бірнеше күншілік жерден
қарсы алу керек. Ұлықтың аужайын ел ортасына келмей тұрғанда, аулақта
түйген жөн. Оны күтіп алуға, əрине, Матен жалғыз бармайды, осындағы
Төртуылдың атқамінерлері мен бүкіл үкірдай-зəңгілерді түгел ертіп алады.
Олар өз арыздарын мұнда емес, сол жақта, жол үстінде айтатын болсын.
Кім біледі, сəті түссе... Жол Керей жайлауының үстінен өтеді ғой. Ана
жылы мұның өзін қарсы алған бекетке көп үй тігілсін деп, Мамырбек
төреге осы бастан хабарлау керек. Мамырбек сенімді адам. Ол бəрін де
реттейді.
Сол сағаттан бастап, Матен-амбы өлкеден келе жатқан ұлықты қарсы
алудың қамына кірісті. Жəне бұл дайындықты ел-жұртқа дабыраламай, өте
құпия түрде, жіңішкелеп жүргізуге тырысқан. Арада бір жұма өткенде ат
төбеліндей іріктелген шағын топ, Керей ішіндегі бір жиынға қатысамыз
деген сылтаумен, Шəуешектен елеусіз аттанып кетті...
Ал бұл кезде Құлжа қаласынан шығып, Шəуешекке қарай бет алған
князь Дуань ұзақ жолдың тең ортасынан енді ғана асып еді. Бұл өлкеге
жақында келген мəртебелі князь басында ел көру, жер көру мақсатында, əрі
ұлықтардың қеу-кеулеуімен осы сапарға шығуын шығып қалса да, жол
азабы жанына батқан сайын, өзінің желөкпе жеңілтектігіне іштей өкініп
келе жатқан-ды. Күн болса əуе айналып жерге түскендей ыстық.
Жоңғарияның елсіз, сусыз шөл даласы таусылар емес.
Əлде алғашқы арынның басылмаған кезі ме, жолдың бірінші жартысы
білінбей тез өткен сияқты еді. Елді мекендер жиі орналасқан, бау-бақшалы,
салқын-саялы Іле өңірі оған көп қиындық келтірген жоқ. Одан бері
Еренқабырғаның батыс сілеміне ілініп, биік асуға көтерілген кезде де князь
Дуань бəлеңдей қинала қоймады. Қайта тау іші, əсем табиғат көріністері
көздің жауын алып, көңілін желпіндіре түскен. Талқының кезеңінен асып,
биік тау үстіндегі жап-жасыл Сайрам көлдің жағасына келгенде, ұлықтың
мүлде есі шығып кетті. Табиғаттың арда сұлулығын қиып кете алмай, көл
жиегіне шатыр тіккізіп, бір-екі күн демалды.
Жолдың нағыз қияметі таулы өлкені артқа тастап, Тақия қаласынан
өткеннен кейін басталды ғой. Айнала көз жетер жерге дейін бұдырсыз
құмайт дала. Керуен сарайы аталатын бекеттерге мерзімінде жетіп
жығылмасаң, жол-жөнекей су тауып ішудің өзі өте қат екен. Сөйтіп,
Құлжадан шыққандарына он шақты күн өткенде, Шиху шаһарына өліп-
талып зорға жетіп еді. Қала деген аты демесең, бұл да ойпатқа орналасқан,


аса қапырық, ыстық жер болып шықты. Дегенмен сол қалада бірер күн
демалып, жергілікті өкіметтің сый-сыяпатын көріп, жан шақыруға тура
келген. Азапты ұзақ сапарды қайтадан жалғастырғаны бүгін ғана.
Білетіндердің айтуынша, баратын жерлері əлі алыс, Шəуешекке дейін
кемінде төрт жүз шақырымдай жол жүру керек көрінеді.
Князь Дуаньның бұл жүрісінің өзі жинақы, жеңіл де емес, əлденеше
көліктер тізбегін құрайтын ұзақ-салқар көш тəрізді. Ең алда көсемдеп үш ат
жеккен, үстінде жібек шатырлы балдаханасы бар, қос доңғалақты дашай
арбада мəртебелі ұлықтың өзі келе жатыр. Оның соңында күзет əскері мен
балдахана көтеретін жүкші-құлдар орналасқан, жол шатырлары мен азық-
түлік артқан, ат жемін тиеген тағы бірнеше арбалар бар. Қос-қостан
жегілген, шетінен семіз, күйлі аттарды cap желдіріп, жер өндіріп, қатты
айдап кетуге болар еді. Бірақ император əулеті саналатын, мəртебелі
маньчжур бекзадасына ондай асығыс, суыт жүріс жараспайды. Сəн-
салтанатты бұзбай, біркелкі мимырт аяңмен баяу жылжып отыруы керек.
Мұның сыртында жүргіншілердің жүгін ауырлатып, жолын бөгейтін
тағы бір қосымша машақат бар. Елді қоныстардың, қыстақ-ауылдардың
тұсынан өткенде, арба үстіндегі ауыр балдахананы жерге түсіріп,
бекзаданы он шақты адам жаяу көтеріп жүруі шарт. Тек ел көзінен ұзаған
соң ғана қайтадан көлікке отыруға болады. Онда да амалдың жоқтығынан,
жолдың қашықтығынан... Жол-жөнекей қалаларға соққанда, балдахананы
сол қаланын жергілікті ұлық-төрелері көтереді. Шихуға келгенде де солай
болды. Бүгін шағын қаланың кішкентай төресымақтары князь Дуаньді көш
жерге дейін көтеріп келіп, жаңа ғана қош-қош айтысып, ұзатып салған-ды.
Осылайша, салтанатты шерумен қападан ұзап шыққанша жаяу шұбырған
жүргіншілер енді ғана көліктеріне қайта отырып, аздап тыныс алған кездері
еді.
Князь Дуань қырыққа жасы жаңа ілінгеніне қарамастан, денесі ашыған
қамырдай қабарып тұратын, былқылдаған, ақбөрте, семіз кісі еді. Өмірі күн
тиіп, жел қақпаған аққұба, балғын жүзі қазір ыстықтан быршып, күреңіте
түсіп, жібек күркелі балдахананың ішінде көзін ашып-жұмып зорға отыр.
Үстінде бірінші дəрежелі сановник екенін білдіретін, екі өңіріне тырна
бейнесі зерленген, мол пішілген жібек желең, айдарлы басында жақұт
тасты, шошақ төбелі, айыр қалпағы бар. Жібек желеннің ұзын жеңінен
зорға көрінетін сояу тырнақты қос қолынан желпуіші түспей, дамылсыз
желпініп келеді. Қапырық ыстықта тілі аузына сыймай, шөл қысып бара
жатқан соң, қасында тұрған жез шөлмектен қайнаған су құйып ішті.
Іш пыстыратын ұзақ жолда қиялдан басқа серік жоқ. Қазір князь
Дуаньнын өзі мұнда отырғанымен, ой-қиялы астанадағы сəнді сарайларды
шарлап жүр. Кейде өзінің осы халін ажуалағандай, езуін қисайта, жымиып
күліп қояды. Сонау алыс Бежіндегі алтынмен апталып, күміспен күптелген
император сарайы мен осынау күн қақтаған Жоңғар даласының арасында
қандай байланыс болуы мүмкін? Соған танданады. Тағдыр шіркіннің адам


баласына жасайтын зорлығы көп екен ғой. Қолында құдіреті барлар бұдан
құтылғысы келіп, зеңбірекке салған доптай шымырата атып жіберіп еді,
бұл байғұс бұрын атын естігені болмаса, түсіне де кіріп көрмеген,
шалғайдағы Шығыс Түркістаннан бір-ақ шықты. Қазір оның мына түріне
қарап, князь Дуаньді күні кеше Цин сарайында алшаң басып жүрген
жоғары шенді сановник деп кім айтар? Қаршадайынан император
Гуансюймен бірге өскен, бір үстелден ас ішкен бекзада, асыл текті
император əулеті деп кім айтар?!
Маньчжурлер үстемдік еткен Цин династиясы билік құрып тұрғанына,
міне, екі жүз алпыс төрт жыл болған екен. Содан бері атадан балаға мирас
болып келе жатқан алтын таққа тоғыз император отырыпты. Солардың ұл-
қызынан бұтақталып өрбіген ұрпақтың өзі қазір алты мыңға жетеді. Ал
князь Дуань — сол алты мыңның жай ғана біреуі емес, қазіргі император
Гуансюйге төрт атадан қосылатын ең жақын туысы. Мұның əкесі де, атасы
да өздері таққа отырмағанымен, Цин сарайынын тірегі боп келе жатқан
білікті адамдар болатын.
Осыны ойлағанда, князь Дуань өз тағдырына шағынғандай, іштен тына,
қалтырай күрсінді. Көз алдына жесір патшайым Цысидің қанын ішіне
тартқан, сұп-сұр бейнесі елестеді. Сарай маңындағы басқа да көп
сановниктер сияқты бұл да оны бала жасынан жек көруші еді. Бірақ, амал
қанша, бір ауыз қарсы сөз айтуға дəрмені жоқ. Мінеки, сол қылдан тайып
кетіп еді, ақыры не болды? Шығыс Түркістанның құла дүзіне қаңғыртты да
жіберді... Япырым-ай, отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, мұндай
да жұлдызы оңынан туған əйел болады екен. Император Сяньфанның
кешегі канизагі күйеуі өлген соң талай бақталасының басын жойып,
жиырма жеті жасында билік басына келіп еді, міне, қырық бес жыл бойы
табан аудармай тақта отыр. Небір аузымен құс тістейтін, азуы алты қарыс
сановниктер еркек бастарымен осы бір шүйкедей əйелге шамалары жетпей-
ақ қойды.
1862 жылдың көктемінде император Сяньфан қайтыс болып, оның
орнына алты жасар ұлы Тунжи таққа отырғанда, оған ешкім таңданған жоқ.
Өйткені ол өлген императордың бірден-бір мұрагері болатын. Ал
мұрагердің шешесі Цыси, сарай салты бойынша, регентша — бас уəзір
болып тағайындалды. Бірақ Тунжидің өмірі ұзаққа барған жоқ. Небəрі он
тоғыз жасында, артына ұрпақ қалдырмаған күйі көк тəңірісіне сапар шекті.
Дəл осы тұста жесір патшайым Цысидің билік басынан таятын-ақ жөні бар
еді. Жұрттың бəрі солай деп ойлаған. Жоғарғы ақсүйектер кеңесі,
император Сяньфанның өзге баласы жоқ болғандықтан, оның ағасынан
туған немере інісі, жиырма жасар Пу-Лунды тақ иесі деп ұйғарып та
қойған.. Бірақ, керегі не, жесір патшайым олардың бұл жоспарын іске
асырмай, тас-талқанын шығарды. Күшпен тізеге салып отырып, император
Сяньфанның інісі ұлы князь Чун мен өзінін сіңлісі Дэфаннан туған төрт
жасар Гуансюйді тақ мұрагері етіп тағайындады. Ал жесір патшайым сол
бұрынғыдай өз жиеніне регентша болып қала берді.


Қазір сарай маңында Гуансюй туралы «Таққа жылап келіп отырған
император» деген сөз бар. Олай дейтіні, тақ мұрагерін төрт жасында ата-
анасының бауырынан күшпен ажыратып, алғаш сарайға алып келгенде, ол:
«менің император болғым келмейді. Мені мамама жіберіңдер» деп қолды-
аяққа тұрмай жылап, үйіне қарай қашқан көрінеді. Бəлкім, сонда сəби
жүрегі бірдемені сезді ме, ол байғұстың да бүкіл өмірі нағашы апасының
езгісінде қайғы-қасіретпен өтіп келе жатыр ғой.
Князь Дуаньның император Гуансюйден екі жас үлкендігі бар. Бірақ,
соған қарамастан, екеуі сарай маңындағы бекзадаларға арналған мектепте
бірге оқыды. Гуансюй жасынан дімкəс, ілмиген арық бала болатын. Оның
үстіне, ата-анасының бауырынан ерте ажырағандікі ме, оқуға ынтасыз, тым
беймаза, тентек болды. Мұғалімнің тапсырмасын орындау қаперіне де
келмей, класта өзінің ойыншықтарымен əуреленіп отыратын. Салт
бойынша, сабақ оқымайтын тəртіпсіз шəкіртке дүре соғылуға тиіс еді.
Мұғалімдер қанша тістерін қайрағанымен, болашақ императорды жазалауға
батылдары жетпей, оның орнына дүреге кезекпен басқа балаларды
жатқызатын-ды. Бала кезінде князь Дуань да көктің ұлы Гуансюйге
арналған бамбук таяқтың дəмін талай татып көрген. Тағдыры маңдайына
жазған сол ащы сордан бұл əлі күнге дейін арылған жоқ. Император
Гуансюйдің басына бұлт үйірілсе-ақ болғаны, мұның арқасына ылғи да
əңгір таяқ ойнаумен келеді.
Император Гуансюй тақ иесі деген аты болмаса, нағашы апасының
шеңгелінен өмірі босап көрген жоқ. Жетесіз, ынжық неме тым құрыса
өзінің болашақ əйелін де еркімен таңдап алмады-ау!.. Князь Дуаньның əлі
күнге дейін есінде: 1888 жылы қазан айында он жетіге толған мұрагерге
қалыңдық таңдау салтанаты өтіп жатты. Бұл ең соңғы, үшінші сұрыптау
болатын. Бұл таңдауға сұлулардың сұлуы деп іріктеліп алынған, маньчжур
ақсүйектерінің отыз қызы қатысты. Қолдарындағы тақтайшаға аты-жөні,
ата-тегі, жасы жазылған арулар алтын тақта қатар отырған жесір патшайым
Цыси мен мұрагер Гуансюйдің алдына келіп, бір-бірден көрініс берген.
Əттең дүние! Кімдер жоқ дейсің бұлардың арасында?! Үлде мен бүлдеге
оранған небір қарақат көз, қыпша бел сұлулар болашақ императордың
көңілі қайсымызға ауар екен деп, бұрала басып өтіп жатты. О баста жас
мұрагердің назары басқа бір қызға түсіп еді. Бірақ онысынан ештеңе
шықпады. Өйткені жесір патшайым оған деген қалыңдықты күні бұрын
ойластырып қойған-ды. Жаңағы отыз қыздың арасында Цысидың туған
ағасы, генерал Гуй Сяньның қызы Лун Юй бикеш те бар-тұғын. Ол асып
бара жатқан ештеңесі жоқ, орташа ғана өңі бар, жай қатардағы көп
қыздардың бірі болатын. Жесір патшайым мұрагердің өзінше тулап,
қарсыласқанына қарамай, ақыры оны сол Лун Юйге үйлендірді.
Соның артынан көп кешікпей, 1889 жылдың көктемінде он сегізге
толған император Гуансюй ресми таққа отырды. Жас императордың өз
тізгіні өзіне тигендей, жесір патшайым біраз уақыт биліктен шеттетілген
сияқты болып та көрінген. Император Гуансюй реформашы Кан Ювэйдің


ықпалымен мемлекет басқару ісіне кейбір өзгерістер енгізбек болып та
талаптанған. Сол жылдары императорды қолдаған жаңашыл жастар
қатарында осы отырған князь Дуань да бар еді... Бірақ ол дəурен ұзаққа
созылмады 
ғой. 
Генерал 
Юань 
Шикайдың 
сатқындығынан
реформашылардың сарай төңкерісін жасау жөніндегі бар құпиясы əшкере
болды да, жесір патшайым бар билікті қайтадан өз қолына алды... Міне,
император Гуансюйдің мырза қамаққа алынып, қатаң бақылау астында
отырғанына да он жылға жуықтап қалыпты. Байғұс құсадан ауруға
шалдығып, қазір күн өткен сайын сарғайып, сөніп бара жатыр деген сөз
бар. Ал жетпіс үш жастағы жесір патшайымды өткен жылы паралич соғып,
бет-аузы қисайып кетті деп еді. Бірақ ол мыстан император Гуансюйді
жалмап жұтпай тұрып, одан бұрын өле қоймас.
Князь Дуань жесір патшайым Цысидің сарайдағы сұмдықтарын еске
алса, осы күнге дейін арқасынан сұп-суық тер шығады. Дүниеде мұндай да
қолы қанды, жолы зарлы адам болады екен. Осы бір əйелдің қолынан
қаншама жазықсыз жандар о дүниеге аттанды. Ол өз билігіне қауіп
төндіреді-ау деген адамдардың бəрін аяусыз құртып отырды. Цыси ең
алдымен өзінің күндесі, император Сянфанның заңды əйелі Цыаньның
көзін жойды. Өзінің туған келіні, император Тунжидың əйелі Алтуэ
күйеуінен екі қабат қалып еді, болашақ мұрагердің дүниеге келуіне
мүмкіндік бермей, сорлы əйелді у беріп өлтірді. Өйткені, Алтуэ ұл табатын
болса, ол заңды түрде мұрагердің регентшасы деген атақ алып, Цысидың
сарайдан шығып қалуы мүмкін еді.
Жесір патшайым өзінің қастандық əрекеттерін бас əтек Ань Дэхай мен
Ли Лянин арқылы жүзеге асырып отырды. Ал император сарайында не көп,
піштірілген əтек құлдар көп. Цыси билік басында отырған кезде сарайдағы
əтектердің саны үш мыңға жетті. Түгелімен дерлік қытай ұлтынан шыққан
бұл мүгедек жанкештілердің бойында қалыпты адамдарға деген аяусыз
өшпенділік жатушы еді. Олардың қолына шексіз билік берілгені сонша,
жаңағы Ань Дэхай мен Ли Лянинның алдында жоғарғы сановниктердің өзі
дірілдеп тұратын. Жесір патшайымды көңілі түскен еркектермен
жалғастыратын да — сол əтектер ... Иə, Цыси ханым өмірдің лəззатын бір
кісідей-ақ татып бақты ғой. Ол алтын тақта əулиемсіп отырып-ақ, екі мəрте
некесіз бала тапты. Біреуін өзінің ежелгі ашынасы генерал Жун Луден,
екіншісін Бежін театрының əншісі, жас жігіт Яо Баошаннан тапты деген
сөз бар. Бірақ сол екеуінің де жымын білдірмеді ғой. Көп ұзамай жаңағы
əншінің де, одан туған нəрестенің де көзін жойып жіберді де, ал генерал
Жун Луден туған қызы əкесінің қолында бойжетіп, өсе берді. Ақыры ол қыз
да далада қалған жоқ. Осыдан бес-алты жыл бұрын император Гуансюйдің
інісі — екінші ұлы князь Чунге ұзатып, құтты орнына қондырып та қойды.
Жесір патшайым Цыси уақытының көбін жаздық сарай — Ихэюаньда
өткізеді. Оның туған күні астанада жыл сайын үлкен мереке болып
тойланады. Сол күні жаздық сарайға он мың кептер ұстап əкелініп, жесір
патшайымның ұзақ өмір сүруі үшін, қолдан ұшырылады... Ал сарайда


тұратын ондаған суретші неше жылдан бері жесір патшайымды əр
қырынан бейнелеп, бітіре алмай келеді. Сонан кейінгі бір ермегі — айырым
бөлмеде сақталатын асыл тастар, əртүрлі əшекейлер. Мұнда арнайы
қорапқа салынған лағыл, меруерт, жақұт, гауһар тастардың алты мыңдай
түрі бар. Кейде көңілі түскен қонақтарына соларын көрсетіп тамашалайды.
Бір бөлмеде — дүние жүзінде жасалған сағаттар коллекциясы. Сол сағаттар
алуан түрлі үн шығарып, жесір патшайымның ақтық минуттарын санайды.
Бежіннің батыс солтүстігіндегі əсем табиғат аясына алтынмен аптап
салдырған мавзолейдің де өз иесін күтіп тұрғанына əлденеше жыл болды.
Сірə, жесір патшайым өзінің де, император Гуансюйдің де ұзаққа
бармасын сезетін болуы керек. Жақында болашақ тақ мұрагерін де алдын
ала белгілеп қойыпты. Император Гуансюйде бала жоқ... Ал бұдан кейінгі
Цин тағының иесі кім болады дейсіз ғой? Жаңағы Цысидің некесіз
қызынан туған екі жасар жиені — Лy И. Ал баланың əкесі ұлы князь Чун
бас уəзір — регентша болып тағайындалыпты.
Əрине, князь Дуань дəл қазір өз көзімен көрген, жақсы білетін жайларын
ғана еске алып отыр ғой. Болашақты кім болжай алған? Осыдан тура алты
ай өткенде, яғни 1908 жылдың 15 қарашасында жесір патшайым Цысидің
де бұл өмірмен қоштасатынын, бірақ өзі жан үзерден бір күн бұрын
император Гуансюйге у бергізіп өлтіретінін ол қазір білген жоқ еді. Жалғыз
жесір патшайым Цыси ғана емес, бүкіл Қытайды үш ғасырға жуық билеген
Цин династиясының да небəрі үш-ақ жылдық өмірі қалғанын қазір
мөлшерлеу қиын еді. Сол сияқты, жаңағы өзі менсінбей отырған Лу И атты
екі жасар бала Сюаньтун деген девизбен Маншыңның ең соңғы
императоры атанып, бес жасқа толмай тақтан мəңгі таятынын, кейін ол
ержете келе жапондардың қолына өтіп, он бес жыл бойы Қиыр Шығыстағы
Манжуго аталатын қуыршақ мемлекетті басқарып тұратынын дəл қазір
князь Дуань қайдан білсін.
Ал осыдан жиырма жыл өткенде жесір патшайым Цысидың моласының
басында сұмдық оқиға боларын да əзірше ешкім білген жоқ еді. 1928
жылдың жазында Гоминдан армиясының генералы Сунь Дянии əскери
жаттығу өткізем деген сылтаумен сол маңайға баратынын, мавзолейдің
астын кеулеп, жесір патшайымның табытын тонайтынын, сөйтіп жалпы
сомасы жеті жүз елу миллион доллар тұратын асыл тастарды үптеп
кететінін, ал қырық бес жыл бойы табан аудармай тақта отырған дүние
қоңыз Цыси тағдырдың тəлкегіне ұшырап, ақыры өз қабірінің басында
жалаңаш қалатынын кім болжай алған?!
Князь Дуань бір сəт қиял дүниесінен селт етіп оянғандай, бүгінгі
болмысқа қайта оралды. Борпылдаған шаңды жол қанша жүрсең таусылар
емес. Жүргіншілер борбастау келген шөл далаға барған сайын ішкерілеп
ене түсіпті. Жолдың екі қапталында шанжау-шанжау өскен жыңғыл мен
жиде, алыстан сағым көтеріп, ормандай ұлғайып көрінетін шоқ-шоқ
тораңғы тоғайынан өзге көзге түсер ештеңе жоқ. Түстіктегі Ереңқабырға


сілемдері бірте-бірте алыстап, мұнарға батып, қалып барады. Ал бұлардың
маңдай алдында көкжиекпен астасқан тағы бір көгілдір белдеу бар.
Шамасы, Майлы-жəйір таулары болуға тиіс. Бірақ ол да бүгін-ертең жеткізе
қоятын жер емес.
Маншың төресі əлденеден тағатсызданғандай портфелінде жатқан
Шығыс Түркістанның картасын алып қарады. Шихудан шыққан соң
күншілік жерде Шепейзі деген тағы бір бекет бар екен. Соның дəл қасынан
Жырғалаң өзені ағып өтеді. Бүгін кешке қарай сол өзен бойына жетіп
жығылса да жаман болмас еді. Мына ыстықта одан басқа жерден пана табу
да қиын болар. Жергілікті жұрт осы маңай жөнінде: «Тозақ жетеу,
Шепейзімен сегіз», — дейді екен. Сол сөз тегін шықты дейсің бе?! Бүгін
таң атқалы князь Дуаньді əлденені сылтауратып, осы арадан кейін қайтып
кетсем бе деген бір ой мазалап келеді. Шынында да, «денсаулығым
көтермеді, ауырып қалдым» деуіне болады ғой. Бірақ олай өтірік айтуға
ақсүйектік намысы жібермеді. Не де болса, ілгері жылжи беруден басқа
амал жоқ. Шəуешек — осыдан тура бір жарым ғасыр бұрын Цин
армиясының атының тұяғы жеткен жер ғой, бұл да бірдеме қып жетер.
Тағдырдың тəлкегі деген осы екен. Бұрын тек картадан ғана көріп,
империя иелігіне кейін қосылған жерлерге жай мақтанышпен қарағаны
болмаса, күндердің күнінде Жоңғарияның шөл даласында өстіп
сандалармын деп кім ойлаған?! Мұны əдейі жазасын тартсын деп жіберді
ғой бұл меңіреу түкпірге. Ендеше бəріне төзуге тура келеді.
Бұрыннан реформашылар жағында жүрген князь Дуань, осыдан бірнеше
жыл бұрын ішкі өлкелерде ихэтуаншылар көтерілісі бұрқ ете қалғанда,
соларға тілектес болғаны рас. Жеке бұл ғана емес, жыл сайын қабындап
бара 
жатқан 
шетел 
капиталының 
қыспағынан 
құтылу 
үшін,
көтерілісшілерді сановниктердің көбі-ақ қолдап шықты. Тіпті халық
қаһарынан қаймыққан жесір патшайымның өзі де не істерін білмей, екі
ұдай күйге түсті. Бастабында шетел адамдарын жаппай қыруға бұйрық
беріп, мəселені асқындырып жіберген сол мыстанның өзі емес пе еді. Кейін
жағдай өзгергенде, бұлт етіп, бұрынғысына мүлде қарсы бағыт ұстады. Не
керек, осындай екі жүзді тұрлаусыз саясаттың салдарынан көтеріліс
жеңілді ғой, əйтеуір... Цин өкіметі шетелдіктерге жүз миллиондаған лян
айып төлеп, кешірім сұрауға мəжбүр болды. Бірақ əбден асқынып алған
еуропалықтар оны да қанағат тұтпады. Кезінде көтерлісшілерге бүйрегі
бұрып, қол ұшын берген жоғары шенді əкімдерді шетінен жазалауды талап
етті. Мұндай құрбандыққа жесір патшайым да көп қинала қойған жоқ,
қайта өз қарсыластарынан құтылып қалудың тиімді жолы деп білген. Сарай
маңындағы он екі министрді аяусыз, ауыр жазаға тартты. Сол оққа
байланған он екінің бірі — осы отырған князь Дуань.
Жазаға кесілгендердің арасында тікелей император əулеті саналып, сары
белбеу буынып жүретін, не бір марқасқа бекзадалар бар еді. Ал князь Цзай
Сюнь — император Гуансюйдің, жатыры бөлек демесең, бір əкеден туған


ағасы-тұғын. Жесір патшайым осылардың бүкіл лауазым-шендерін жұрдай
қып сыпырып алды да, «өзін-өзі өлтіруге» үкім шығарды. Көп ұзамай Цин
сарайындағы ішкі істер палатасының бастығы Чжо Шуцяо мен Сандуң
өлкесінің губернаторы Юй Сянь да əлгілердің кебін киді... Солардың
ішінде тірі қалғаны — осы князь Дуань ғана. Мұның алған əйелі жесір
патшайымға немере туыс боп келетін. Əлде соның шарапаты тиді ме, мұны
бір жолғы ажалдан арашалап, барса келмес алыс өлке — Шығыс
Түркістанға жер аударды. Əрине, князь Дуань басында, қатты қорланып,
өзіне-өзі қол жұмсай жаздаған кездері де болды. Өйткені қытай-маньчжур
салтында, адамның өзін-өзі өлтіруі қорлық емес, құрбандық, ерлік
саналатын... Əйтсе де, көп ұзамай мұның бойында тіршілік рухы белең
алып, жесір патшайымға ерегескенде, əлі де болса жер бетінде жүре тұруды
жөн көрген. Бұл қазір де сол қақпастың өлімін күтіп жүр. Соның көзі
құрып, əкімшілік ауысқандай болса, өзінің бұл өлкеде бір күн тұрмай,
астанаға қайта оралатынына сенімді. Бұл туралы басқалар да солай
ойлайды. Іле жаңжұңының да князь Дуаньға жер ауып келген адам ретінде
қарамай, мұның алдында кəутек қағып, сыйлап тұратыны сондықтан.
Князь Дуаньды Шығыс Түркістанға келген соң, тым құлдыратып
жібермей, оған өлкедегі заң жүйесін басқаруды ұсынған-ды. Қызметтің аты
— қызмет. Бір күнде болса күнің түсіп тұрған соң, өзіңе жүктелген міндетті
атқармаса тағы болмайды. Енді, міне, қиян түкпірдегі көшпенділердің
мекенін іздеп, сандалып келе жатқан түрі мынау. Естуінше, Тарбағатай
аймағында кілең бір бүлікші, сотқар қазақтар тұратын көрінеді. Бұл осы
сапарында өкіметке қарсы бас көтерген Демежан деген сондай бір
бұзақының қылмысын тексеріп, үкімін шығарып қайтуы керек. Былай
қарасаң, күлкің келеді: Ішкі өлкелерде, астанада, тіпті Цин сарайының
өзінде небір көкжал бекзадалар сотсыз-сұрақсыз өлім құшып жатқанда,
қайдағы бір ереуілші қазақтың ақ-қарасын анықтау кімге керек болды
екен?! Қылмыс істеді ме, басын қағып таста да қарап отыр.
Бұл осы ойын сапарға аттанбай тұрғанда Іле жаңжұңына ашық айтты да.
Бірақ жоғарғы ұлыққа сол Демежан деген адамды қаралаумен бірге
ақтайтын қағаздар да көп түсіп жатқан көрінеді. Үкім айтар алдында соның
анық-танығын дұрыстап тексеру керек. Бұратана халықтар тұратын
шекаралық өлкеде мұндай ұсақ-түйекке мəн бермесе болмайды деседі.
Мұндағы ұлықтар онсыз да ілдебаймен əрең бағынып отырған жабайы
жұрттың арасынан тағы бір өрт шығып кете ме деп қауіптенеді.
Князь Дуаньның керуен-көші ол күні Шепейзіге жете алған жоқ. Межелі
жерге ертеңінде түске қарай əрең жетіп, Жырғалаң өзенінің жағасында
бірер күн еру болды.
VIII
Ал мəртебелі ұлықты қарсы алуға шыққан ел адамдары осыдан үш-төрт
күн бұрын Керей жайлауына ішкерілей еніп, Көлденеңге келіп тоқтаған-ды.
Бұл мұрнағы жылы Матен-амбыны күтіп алатын саялы, салқын қоныстың


дəл өзі еді. Мамырбек төре мен оның ұлы Тұрысбек үкірдай биыл да сол
араға əлденеше үй тіктіріп, қапысыз дайындалған екен. Матен-амбы
бастаған үкірдай-зəңгілер өздеріне арналған қонақасыларын жеп, сол жерде
екі-үш күндей күтіп жатты.
Бірақ келетін ұлықтың төбесі көрінер емес. Ұты бекетіне жіберген
шолғыншылардан да еш хабар жоқ. Матен-амбы Құлжадан бергі өзі жатқа
білетін бекеттерді қанша санағанымен, ұлықтың мына жүрісі оның есебіне
бағынбаған секілді. Ұлық кешіккен сайын, Матен де сабыр-тағаттан
айрылып, мазасыздана бастады. Ол аймақ орталығынан аттанарда,
қасындағы үкірдай, зəңгі-елубасыларға:
– Біз не осы жолы Демежанды біржола қаралап, келмеске кетіретіндей
етіп, үкімін бекіттіріп алып қайтамыз да, не оны ақтап, жала жапқанымыз
үшін су түбіне өзіміз кетеміз. Бəріңнің де басып берген мөрлерің бар...
Ұлықтың алдына барғанда солқылдамай, сөздерінде тұрыңдар! — деп
əбден жетесіне жеткізіп, шүйлеп алып шыққан-ды.
Не үшін екен, Көлденеңге келгелі, ел жуандары сол алғашқы арыннан
айрыла бастаған секілді. Егер мына арада өстіп ұзақ жата берсе, елден
шыққанда-ақ екі ұдай күйде неғайбылданып зорға ілескен Төртуыл
кісілеріне əртүрлі ой түсіп, райдан қайтып қалатын түрі бар. Əр жерде
күңкіл-сүңкіл əңгіме, күдікті бас қосулар көбейе бастаған... Бұлардың бұл
жүрістерінің мəнін осы төңіректе отырған Керейлер əлі біле қойған жоқ.
Егер біле қалса, оның арты да жақсылыққа соқпауы мүмкін. Қанша
дегенмен, Демежанның сүйегі — Керей. Ағайын-қарындас қанға қызбас
деймісің. Осындай бір қауіп барын кешелер Матеннің есіне салған
Мамырбек еді.
Осыны естігеннен кейін-ақ ұлықтан маза кетті. Ақыры Мамырбек екеуі
оңаша ақылдасқанда, бұл жерден тезірек көтеріліп кету керек деген бəтуаға
келді. Бұлар енді көп бөгелмей жолға шығып, қажет болса Шихуға дейін
баруға бел байлаған.
Осы тəуекелмен бұлар бірнеше киіз үйлерді, абылайша-қостарды түйеге
артқызып, жеткілікті жол азығы мен сойыс малын алып, бүгін күн шыға
Көлденеңнен аттанып та кетіп еді. Атты кісіге жер алыс па, арбамен
итырықтап екі күн жүретін жолды салт аттылар бір-ақ күнде басады. Бұлар
сол күні-ақ екі бекет жер алып, Ұланбұлаққа жетіп қонған. Осы арада
аттарын тынықтырып, жетектегі бір тайдың жылы-жұмсағына тойып алды
да, таңғы салқынмен тағы да жолға шығып кетті. Олардың да ойлары —
бүгін не де болса Шепейзіге жетіп жығылу.
Жəйірдің күнгейіне бір ілінген соң, жол ыратөмен еңістей беретін. Жиын
қарасы елу-алпысқа жуық адам біркелкі бүлкек желіспен суыт жүріп келе
жатты. Матен-амбының өзі алда, астындағы қақпан бел қара жорғаның
тайпалған жүрісімен топ бастап, бөгелмей тартады да отырады. Ол тіпті
істің осылай бет бұрғанына, мəртебелі ұлықты неғұрлым ел ішінен


жырақта қарсы алып, шаруаны оңаша жерде бітіретін болғанына қуанышты
еді. Матен-амбы бұл жолы іс қағаздарын реттейтін заң орнының бір екі
адамынан басқа қала ұлығын да, мұндайда қасынан екі елі қалмайтын
халдайларды да əдейі ертпей, бұл сапарға бірыңғай қазақтарды ғана алып
шыққан. Өйткені бұл іске өзгені араластырмай, ұлыққа айтылар арыз-
шағымды қазақтың өз аузымен жеткізуді жөн көрген.
Қазір оның қасында өзімен ымы-жымы бір Мамырбек төреден басқа,
үкірдайлардан: Көксеген, Таңғыт, Тұрысбек бар. Тек Мəмбеттің үкірдайы
Шəйі ғана сол мөрін баспаған, райынан қайтпаған күйі, ауырып жатырмын
деген сылтаумен бұл жолы да жырылып қалып қойды... Ал топтың негізгі
құрамы —Төртуыл кісілері. Берікбол, Күдері сияқты Демежанды ашық
жақтайтын бірен-саран адамдар болмаса, қалған зəңгі-елубасы, ақсақал,
билердің көбі осында еді. Матен-амбы бұл жолы солардың бас-басына кісі
шаптырып, əдейі қосып алған. Жыл басында осылардың талайы
Демежанның үстінен жазылған шағымға қызды-қыздымен мөр басып
қалды да, енді сол үшін жауапты болып, мына сапарға еріксіз ілескен
жайлары бар.
Матен-амбы бүгін үкірдайлардың əрқайсысын кезек-кезек қасына алып,
əртүрлі əңгімемен алдарқатып келеді. Емексіткен жылы-жылы сөздер
айтып, шырға тастап, өз жағына тарта түспек болады. Жеме-жемге
келгенде айнып кетпесін, солқылдақтық жасап жүрмесін дегені... Əзірше ең
ақырына дейін қасымда қалады деп қатты сенген адамы — Мамырбек қана.
Ал өзге үкірдай-зəңгілердің ел шетінен ұзаған сайын табаны тайғанақтап,
əpтүрлі мінез көрсетіп, қысқа күнде қырық құбылып келе жатқаны рас еді.
Төртуылдың қазіргі үкірдайы Көксеген де бұл сапарға онша бой сала
қоймай, селсоқтау аттанды. Оның ұзақ жыл бойы Демежанмен бөлісе
алмай жүргені үкірдайлық мансап болса, оған қолы жетіп тынған. Демежан
биліктен ғана айрылып қоймай, абақтыға қамалып, пұшайман, мүшкіл
күйге түсті. Оған артылған қылмыс-кінəраттың көбі өтірік жала екенін де
іштері сезеді. Ұзында өші, қысқада кегі кетсе де, ағайын көңілі осымен
тынса керек еді. Маншың ұлығына қолжаулық болып жүрген ендігі əрекеті
Көксегенге де артықтау көріне берген. Ұлыққа сенім бар ма? Өгізге туған
күн бұзауға тумасына кім кепіл. Ертеңгі күні ел-жұрт не айтады? Соның
алды түйілген ашу-ыза түрінде, мол дүмпумен жетіп те жатқан. Осылай
қарай аттанар алдында, Қараменденің өзінен кейінгі басты адамы, ағалас
інісі Күдері келіп, бұған ауыр-ауыр сөздер айтты:
– Ұрлыққа аттанған немедей түксиген түрлеріңнен түңілдім-ау.
Ағайынды өкпеге қисаң да, өлімге қалай қиясыңдар? Демежан — жел
жағында панамыз, күн жағында саямыз емес пе еді. Осы жұрт ел болсын,
халық қатарына қосылсын дегеннен басқа жазығы бар ма еді? Жабылып
жүріп жарға жығып, алар мансаптарыңды алдыңдар. Қыр соңынан қалмай,
құлғанадай қуатын енді не əкелеріңнің құны бар? Ел намысы қайда?
Сүйекке таңба түсіріп, өз беттеріңе жуса кетпейтін күйе жаққыларың келе


ме? Ертеңгі ұрпаққа, келер нəсілге не айтасыңдар?.. Байқаңдар, ертең-ақ
ұрлықтарың ашылады. Ұлыққа ерген адамның ұлы жолдың үстінде ұлып
қалатын да кезі болады... Егер осы жолы қолдарыңды қанға матырсаңдар,
ендігі ісім сендермен, мына тұрған сенімен болады, Көксеген! — деп
ызамен өртене тұрып, ел атынан ауыр салмақ салып еді.
Жасы кіші болғанмен, Күдері қазір түгел Төртуылдың сөзін ұстап
жүрген беделді билердің бірі. Үлкен шаңырақта отырған, кешегі кəрі зəңгі
Сымайылдың ұрпағы. Көксеген үкірдай атанғанымен, ел ішінің көп
шаруасы осы Күдері төңірегінде шешіліп жататын. Егер ол теріс бұрылып
кетсе, Қараменденің қақ жарылатыны анық. Сонымен, Көксеген қазір ел
адамдарының да сөзін аяққа баса алмай, Матен-амбының да бетін
қайтаруға тəуекелі жетпей, екі ұдай күйде басы қатып келе жатқан-ды.
Осы сапар үстінде бір-екі рет өзінің ендігі бақталасы — Тыныбаймен
тілдесіп, сыр тартып көріп еді, бірақ ол:
– Бауыр өзіміздікі екені рас. Алайда біздің қолда тұрған не бар? Обалы
болса — ұлыққа болсын! —дегеннен басқа ашып-жарып ештеңе айтпады.
Тыныбайдың да көмейі белгілі: Демежаннан құтылса, бір табан
жақындай түсетін үкірдайлық мансапты былай қойғанда, тым құрыса
Жауғаш ішінде өзінің бірінші адам болып қалатынын жақсы біледі.
Осы топтың ішінде ара ағайын саналатын Жұмықтың үкірдайы Таңғыт
болса керек еді. Қазір ол көлденең көзге Төртуылдың ішкі ісіне
араласпайтын сырт адам секілді, өзін тым бейқам ұстап келеді. Бұл сапарға
Шəйінің ермей қалуы оған да біраз ой түсірген. Бірақ əлі де бір жағына
анық беттей алмай, əрі-сəрі күйде жүр. Былай ойлап қараса, Демежаннан
ашық қиянат, зорлық көрген жері жоқ екен. Оның жұрт алдында тым асқақ
көрініп, басқа үкірдайларды бойымен басып тұратыны ғана көңілге аздап
құрт түсіргендей болады. Оның үстіне, Демежан соңғы жылдары
Таңғыттың басынан аттап, теріскейдегі Жұмықтың Құрман қажы, Бұтабай
сияқты басшыларымен алыс-беріс жасап, қоян-қолтық араласып кетті.
Сонысы ұнамайды... Əйтпесе, Демежан өлімге қиятын адам ба?! Істің беті
қалай бұрылса да, ақы иесі Төртуыл кісілерінің өзі шешсін. Оған бола
Таңғыттың аймақ əміршісі Матен-амбымен түс шəйісіп, араздасатын жайы
жоқ.
Ал бұлармен салыстырғанда, Мамырбек төренің ой-пікірі мүлде айқын
еді. Ол Демежанның басқа қасиеттерінен гөрі, Керейлігінен қатты
сескенеді. Керейдің ру басылары төрелермен ұзақ жыл айқасып, ақыры
қолдарынан ештеңе келмеген соң, Демежанды бауырға тарта бастағанын
бұл да талайдан бері сезіп-біліп жүр. Рас, кезінде Демежан өз руластары
қанша қолқалап шақырса да, өзінің жылы орнын суытқысы келмеген. Ал
осы жолы абақтыдан құтылып шығатын болса, өзін өкпелеткен Төртуыл
ішіне бір күн де тоқтамай, бірден ата жұртына тартуы мүмкін... Демежан
Керей ішіне келді дегенше, төрелерден билік кетті дей бер. Соны көре


тұрып, қарсыласын қанды қақпаннан қалай босатуға болады? Енді
қартайғанда Мамырбекке де тыныштық керек. Шүкір, əзірше үкірдайлығын
үлкен ұлы Тұрысбекке өткізді. Келесі кезекте кіші ұлы Қызыр, немере інісі
Омар тұр... Əлі де болса Керейді ұзақ жыл билейтін ұрпақ бар артында. Өз
əулетіне қауіп төндіретін мықты бақталастың жер басып жүргені бұған
тіпті де тиімді емес. Мамырбектің былтырдан бері Матен-амбымен тез тіл
табысып, майлы қасықтай араласып кету себебі де содан болатын.
Ал жас үкірдай Тұрысбектің жағдайы бұлардың ешқайсысына да
ұқсамайды. Бұл күнде оның есіл-дерті бақ-дəулет те, мансап та емес, бір
көргеннен естен тандыра ғашық еткен Ырысқан сұлуда. Қазір ат үстінде,
ұзақ сапарда келе жатқан кезінде де жас əйелдің ақ борықтай балғын жүзі
көз алдынан бір сəт кетпейді... Тұрысбек Ырысқанды алғаш рет осыдан
үш-төрт жыл бұрын, Жұмыққа төркіндеп барған жерінде көрген. Бұл да сол
елдегі бір асқа барып жүріп, сонда кездейсоқ ұшырасып қалды. Екеуі қас-
қабақпен ұғысып, келіншектің кетəрі емесін сезсе де, жолаушылап
жүргенде оңаша кездесудің ретін келтіре алмаған. Бірақ беті жылтыр
əйелден меселі қайтып көрмеген төренің жас мырзасы сол жолы жүрегіне
от түсіп, қатты бүлініп қайтып еді. Ырысқан төркінінен қайтып келгеннен
кейін де, Тұрысбек онымен тағы бір жолығудың сəтін көп іздестірді. Бірақ
ол кезде арыстандай ақырған Демежан аулының маңына қалай
жанасарсың.... Содан былтыр күзде Шəуешекке бір барған сапарында,
Демежанның жақында Барлыққа аттанып кеткенін естіп, не де болса
тəуекелге бел байлаған. Қасына екі жылпос жігітін ертіп, əдейі кештетіп
барып түсіп еді. Əлде ұстараның жүзіндей ауытқып тұратын ерке тоқалдың
байына жасаған бір қысасы ма, Ырысқан бұл жолы ештеңеден тартынбады.
Ол да мұны көптен аңсап күтіп жүргенін сездіріп, түні бойы от құшағында
өртеп, жандырғандай болған. Тұрысбек өз өмірінде талай сұлу-
сылқымдарды көріп жүріп, дəл мына сияқты жалындай шарпыған, сұрапыл
əйелді жолықтырған емес-ті... Қайран Ырысқан! Қолға келіп қонар ма
екенсің бір күні? Демежан тірі тұрғанда, сенен аспандағы бұлт жуық қой.
Бірақ, кім біледі, үміт таңы атып келе жатқан секілді. «Құдайдың өз
жанынан берері жоқ, біреудікін біреуге аударып береді» деген де сөз бар...
Осыны ойлағанда, Тұрысбек ат үстінде келе жатып, өзінен-өзі жымыңдап
күле береді. Қалай болған күнде де, осы сапар мұның өміріне де елеулі
өзгеріс енгізуі мүмкін...
Осылайша, жітікке саяқ қосылған, мысық тілеулі, ат төбеліндей шағын
топ дəл маңдайдан шақырайған күнді де елең қылмай, межелі жерге
жеткенше асығып келеді. Олар шалқар түс шамасында Тұзкөл бекетіне аз-
кем аял жасап, ат шалдырып, сусын басып алды да, тағы да жолға шықты.
Осыдан былай бетегелі, боз жусанды тау үстірті артта қалып, сортаң шөл,
құмдауыт дала басталады. Қазылып кеткен күре жол борбас, май топыраққа
айналып, жүргіншілер қалың шаңның астында қалатын болған соң, жол
тағанын тастап, тың даламен төте тартып келеді. Осы үрдіспен талмай
жүріп отырса, кеш бата Шепейзінің де қарасын көріп қалармыз деген
үмітпен, əлі де белін босатып шалдыға қоймаған жарау аттарды одан арман


қысай түседі.
Күн кіші бесінге тақағанда, көз ұшынан будақтаған бозғылт мұнар
көрінді. Бас-аяғы жинақы, шоқ жүргінші емес, ұбақ-шұбақ шүйкеленген
мол шаң. Асықпай баяу жылжып келе жатқанына қарағанда, жүкті арбалар
керуені сияқты.
Бұл көп көлікпен алыстан шеру тартып келе жатқан ұлық екеніне Матен-
амбы шүбə келтірмеді. Осы арада атының басын тежеп, шұбырған салт
аттылардың алды-артын жинап алды. Тек мəртебелі ұлықпен əлдебір
бекетте, не қалада ұшыраспай, шөл далада, шаңды жол үстінде бетпе-бет
келгеніне сəл ыңғайсызданып тұр. Бірақ болары болды, енді шегінетін жер
жоқ. Салт атты қазақтарды маңайына шоқтай иіріп алды да, алдағы
кездесудің тəртібін түсіндіре бастады...
Бұл кезде князь Дуаньның арбалары Шепейзіден он шақырымдай ғана
ұзап шыққан-ды. Кешеден бері Жырғалаң өзенінің жағасында еру болып,
ес жинаған жүргіншілер бүгін түс ауа көлік жектіріп, өздерінше, кешкі
салқынмен жолға шыққан беті еді.
Бірақ күн аптабы əлі қайта қоймапты. Дала төсінде үп еткен жел жоқ,
əуе айналып жерге түскендей қапырық ыстық буып тұр. Ол да ештеңе емес-
ау, кешеден бері бұлттай ұйысқан сары маса пəле боп жабысты. Қадалған
жерінен қан алатын мұндай да өлермен жəндік болады екен, шаққан тұсын
удай ашытып, дуылдатып əкетіп барады. Өмірі мұндай сұмдықты көрмеген
князь Дуань қазір екі қолына дамыл бермей, өз етін өзі жұлып жеп, тыр-
тыр қасынып келеді.
Жолдың екі қапталында жағалауына тұз шөгіп қалған сортаң көлдердің
сұлбасы көрінеді. Сол тұсқа қалың қоға, кеупая қамыс өсіпті. Жол
бастаушылар: «Масаның ұясы — осы қопалы көлдің маңы. Ертеңдер
үстіртке ілінген соң бұл пəледен құтыламыз» деп ұлықты жұбатқан болады.
Əй, бірақ оған дейін де масасы құрғыр кісіні қасқырдай талап бітіретін
шығар.
Осылайша, ыстық пен масадан қабат қорлық көріп, тірідей тозаққа түсіп
келе жатқан бір мезгілде, қарсы беттен көтерілген бір түйдек шаңды алда ат
айдап келе жатқан князь Дуаньның адамдары да байқап қалып еді. Олар
бірден ұлыққа мəлімдеді. Ұлық балдахананың пердесін ысырып, алдағы
шаң шыққан жаққа сəл қарап отырды да, дереу жүрісті тоқтаттырып, артқы
арбадағы күзет бастығын шақырып алды. Күзет бастығы дүрбі салып
көріп, жаңағы іртік-іртік қою шаңның арасынан қылаң берген кілең салт
аттылар екенін анықтағанда, князь Дуаньның көңіліне кəдімгідей қауіп кіре
бастап еді. Не деп болады: көшпелі тағы жұрт мекендеген бейтаныс өлкеде,
иесіз жапан түзде топтанған ұры-қары, қарақшылардың жортып жүруі де
мүмкін ғой. Əлде мұның келе жатқанын біліп қалып, əдейі жол үстінде
құртып жіберу үшін сайланып шыққан, əлгі қылмыскердің адамдары ма,
кім білсін!


Күзет бастығы да бұған жарытып жауап бере алмады. Бар бітіргені,
қарауындағы он шақты шерікті қаруын асындырып, қатарына тізіп
қойыпты. Ақыры алдағы қалың нөпірдің кім екенін білу үшін, жол
бастаушы сібелердің бірін атқа мінгізіп, шолғыншылыққа жіберуге тура
келді. Көліктің тоқтауы мұң екен, ызындаған сары маса да той жасағандай
жабылып берген. Арбаның үстінде төзіп отыру мүмкін болмаған соң, князь
Дуань балдахананы жерге түсіруге бұйырды.
Бұл кезде қарсы беттегі салт аттылар да оқ бойы таяп қалған-ды.
Шолғыншы көңілдегі күдікті бірден сейілткен жақсы хабар əкелді. Бұл келе
жатқандар — ұры да, қарақшы да емес, мəртебелі ұлықты қарсы алуға
шыққан Тарбағатай елінің адамдары екен. Матен-амбының өзі бастаған сол
елдің үкірдай-зəңгілері.
Князь Дуань таңданып қалды. Алыс жолдан арып-ашып, масаға таланып
келе жатқанда, бейтаныс жабайы жұрт бүйтіп неше күншілік жерден
алдынан шығады, қошемет-құрмет көрсетеді деп кім ойлаған?! Бұл жолы
да бір қатерден қалғанын сезініп, керемет қуанып кетті. Бірақ сырт көзге
сыр алдырған жоқ. Өзінің ақсүйектік, ұлықтық инабатын қайта тауып,
маңғаз пішінде балдаханаға келіп отырды да, салтанатты шерумен ілгері
жылжуға бұйрық берді. Дереу барабан қағылып, керней тартылды. Біркелкі
киінген он екі адам балдахананы иықтарына салып, қарулы күзет
қоршауында, аттыларға қарай жаяулап жақындай берді.
Бұл сəтте қарсыдағы қалың топ та аттарын аулаққа қалдырып, өздері
жаяулап келе жатқан. Бəрі де қаптал шапанды, шошақ тымақты қазақтар.
Мына ыстықта ана киіммен пысынамай, тұншығып кетпей, қалай шыдап
жүргендері таң қаларлық. Сапқа тұрмай, тəртіп сақтамай, қоралаған қойша
шұбырып келеді. Аралары арқан бойындай жақындағанда, салтанатты
шеру тоқтап, жүкшілер балдахананы жерге түсірді. Сол-ақ мұң екен,
жаңағы шошақ тымақтылар есік пен төрдей жерге жақындап келді де,
бейне намазға жығылған мүриттердей, борбас топырақтың үстіне төрт
тағандап жата-жата кетісті.
«Жоқ, мыналар қанша жабайы, жыртқыш болғанымен, қолға үйретілген
аң сияқты екен» деп ойлады князь Дуань көңілі орнына түсіп.
Балдахананың алдыңғы пердесін ысырып тастап, астындағы жұмсақ
креслоға шалқайыңқырап отырды.
Төрт тағандап, құлдық ұрып жатқан топтың ең алдында осыларды
намазға ұйытқан михрабтағы имамдай Матен-амбы жатыр еді. Ол тəртіп
бойынша, маңдайын жерге үш мəрте тигізді де, орнынан тез түрегелді.
Сонан соң екі қолын қусырып, көзін төмен салған күйі баяу тіл қатты.
– Патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженханның туысы, император
əулетінен тараған ұлы мəртебелі бекзада, асыл текті князь, алыс жолдан
шаршап-шалдықпай аман-есен жеттіңіз бе? Тарбағатай аймағында
жасайтын бұратана жұрттың игі жақсылары сізге бас ұрып, құрмет


көрсетуге келіп тұр! — деді аса бір мүлəйім кейіпке кіріп.
Бір ғажабы, — оның қасындағы шошақ тымақтылар əлі де орындарынан
қозғалмай, бүк түсіп, етпеттеген күйі жатыр еді.
– Рақмет, амбань! Бұларыңызды император Гуансюй мен жесір
патшайым Цысиге көрсеткен құрмет деп білем, — деді сол басын изеп.
Сонан соң: — аналарыңа айтсайшы: орындарынан түрегелсін, — деп езу
тартып күлді.
Матен-амбы: «менен бұйрық болмайынша, ұлықтың алдында тыпыр
етпей жата беріңдер» — деп үкірдай-зəңгілерге жол бойы үйретіп келген-ді.
Ол бір-екі қадам алға шықты да:
– Ұлы мəртебелі князь, сіз қазақтарды білмейсіз ғой... Бұлар —
айтқанынан қайтпайтын, өте бірбеткей, қайсар халық... Ел басшыларының
өзіңізге айта келген арыз-арманы бар. Сол тілектерін орындамайынша,
бұлар осы жерде қозғалмай жата береді, — деді мұның да миығына
жымысқы күлкі жүгіріп.
– Ол не арыз? Кəне, өз ауыздарымен айтсын.
Матен-амбы жаңағы қазақтардың бəрін емес, алдыңғы қатарда жатқан
Мамырбекті ғана орнынан тұрғызды. Ол тымағын қолына алып, ұлыққа
тағы бір рет бас иіп тəжім етті де, біркелкі төселген дауыспен іркілмей
сөйлеп кетті. Құлжадан ере шыққан сібе тілмашы оның сөздерін ұлыққа
қолма-қол аударып тұр.
– Уа, ұлы мəртебелі бекзада! Алдыңызда жатқан Керей-Найманның игі
жақсылары сіздің құзырыңызға бір ғана тілекпен келіп отыр. Арамыздан
Демежан деген бүлік шықты. Ұлыққа өш, халдайға қас. Қарсы келген
халдайдың айдарын кесіп алады, аулына барған шерікті өлтіреді. Ол ол ма,
тіпті бəріміздің əкеміз, қасиетіңнен айналайын Еженханның дəргейіне шəк
келтіріп, бүкіл елді оған қарсы үгіттеп жүр... Бізді сол қарақшыдан
құтқарыңыз. Сізден мына жұрттың сұрайтыны осы ғана! — деп тоқтаған.
– Ол тілектеріңіз орындалады, — деді князь ойланбастан. — Бірақ мына
келгендер кімдер? Соны білуім керек.
Матен-амбы қазақтарға өз тілінде бірдеңе айтып еді, төрт тағандап
жатқандар етектерін қағып, орындарынан түрегелді. Сонан соң князь
Дуаньға оларды бір-бірден таныстыра бастаған. Осында тұрған үкірдайлар:
Көксеген, Таңғыт, Мамырбек, Тұрысбектен бастап зəңгі-елубасыларға
дейін қайсысының қай рудан келгенін айтып, тегіс атап шықты. Ешкім
қалмаған сияқты. Күллі Құлыстай елінің ру көсемдері алдына түгел келіп
тұр.
Князь Дуань ойланып қалды: «Егер Тарбағатайдағы қазақ руларының бір


ауыздан айтар арыз-арманы осы болса, менің сол үшін ит арқасы қияндағы
Шəуешекке баруымның не қажеті бар? — деген ой келді оның басына. —
Демежанға деген үкімге осы арада-ақ қол қойып беріп, Құлжаға қайта
бермеймін бе?!».
Ол солай істеді. Демежан шын қылмысты ма? Ол өзі қандай адам? Бұл
мəселеге бұқара халық, қалың еңбекші қауым қалай қарайды? Бұл туралы
Маншың төресі бас қатырып, ойланып жатпады. Қайта ендігі қалған жол
азабын тартпай, істің осылай тез тынғанына қуанып еді. Папкасын
актарып, алдын ала дайындап қойған үкімді тауып алды да, текстің
соңындағы əдейі ашық қалдырған жерге: «Төртуыл тайпасының бұрынғы
үкірдайы Демежан Керімбай баласы ел ішіне ірткі салып, Цин өкіметіне
қарсы қастандық əрекеттер жасағаны үшін, аймақ халқының өтініші
бойынша, өлім жазасына кесілсін! Үкім дарға асу арқылы орындалсын!»
деп жазып, аяғына қол қойып, таңба басып берді.
– Егер сонша жерден келгенде бар айтар тілектеріңіз осы болса, ол
жұмыс осымен бітті, — деді ол таңбалы қағазды Матен-амбының қолына
ұстатып жатып. — Мен енді сіздердің елге бармай-ақ осы арадан кері
қайтып кетсем деп отырмын.
Мына сөзді естігенде, Матеннің тұла бойы ду етіп, қуаныштан есі
шыққаны сонша, қолы қалтырап, таңбалы қағазды жерге түсіріп ала
жаздады.
– Өзіңіз біліңіз, ұлы мəртебелі князь... Дегенмен біздің өлкемізді өз
көзіңізбен көріп, ақыл-кеңесіңізді айтып қайтқаныңыз дұрыс болар еді, —
деді жай сыпайылық үшін.
– Шəуешекке дейін енді қанша жер қалды?
– Əлі де жеті-сегіз бекеттей болып қалар.
– Рақмет!.. Онсыз да жолда көп бөгеліп қалдым. Ең бастысы, жұмыс
бітті ғой. Мен енді, сіздерден рұқсат болса, Ілеге қайтып кетейін, — деді
масадан мазасы кетіп, бет-аузын сипалап отырған князь.
Осыдан кейін ол көп бөгелген жоқ, көліктің басын кері бұруға əмір
берді. Ұлықты қарсы ала шыққандар, енді оны Шепейзіге дейін ұзатып
салуы керек еді. Сол жерде үлкен қонақасы беріп, Маншың төресін мол
сый-сыяпатпен разы қып аттандырмақ.
Асыл текті бекзаданың жұрт көзінше көлікке мінбейтін əдеті. Оны енді
бесіктегі баладай зузаға салып, жаяу көтеріп жүруге тура келеді. Біреуді
көтермек түгіл қарыс жерге жаяу жүруге ерінетін қыр қазағы үшін, бəрінен
де осынысы қиын болды. Бірақ не істейсің, тəртіп солай. Алыстан келген
асыл текті ұлыққа құрмет көрсетпесе тағы болмайды. Тарбағатайдан
шыққан алпыс адам он-оннан бөлініп, балдахана көтеруге кезекке тұрып


қалды.
Алғашқы кезек Мамырбек, Көксеген, Таңғыт, Тұрысбек бастаған
үкірдайлар мен бірнеше көрнекті зəңгілерге тиіп еді. Көлік біткенді арт
жақта қалдырып, əлгілер табыт көтерген адамдардай алға түсті. Бұлардың
бəрі де қаптал шапан, саптама етік киген, етті-жеңді, семіз кісілер болатын.
Балдаханасы құрғыр да зілдей ауыр екен. Есілген май топырақты
толарсақтан кешіп, зорға жүріп келеді. Май басқан семіз денелерінен
тарам-тарам тер кетіп, аз уақыт ішінде көресіні əбден көріп еді.
Көксеген мен Таңғыт балдахананың ұзын жақтау ағаштарын иықтарына
салып, ең алда қатар келе жатқан. Бір мезетте Таңғыт танауының астынан
мырс етіп күлді де:
– Құдауанда, «бас ақымақ болса, аяқ босқа шаршайды» деген рас екен
ғой. Осыншама азапқа түсетіндей не басымызға күн туды екен? — деп
қалды қасындағы серігіне.
Көксеген де терісіне сыймай, мына қорлыққа зорға шыдап келе жатса
керек, іле жауап қатты.
– Айтпа. Ит өлген жерден осы азапты өзіміз іздеп келген жоқпыз ба.
«Төреге ерген ер-тоқымын арқалайды» деп, ұлыққа ілескенде ұшпаққа
шыққанымыз осы ғой... Өзімізге де сол керек! — деген ызамен күңк етіп.
Бұлар сол күні табандарынан таусылып, Жырғалаңның жағасына қас
қарая зорға жетті. Өзен бойына үй тігіп, шатыр тұрғызып, əрең дегенде ес
жинаған болды. Ертеңінде жетектеп келген ту биенің бірін сойып, сабадағы
қымызды қотарып, ұлыққа қонақасы берді. Ру басы үкірдай-зəңгілердіңң
Матеннің тапсыруымен əдейі ала шыққан жорға аттары, тайтұяқ, қойтұяқ
жамбылары бар еді, соларын тарту етті.
Келесі күні таңертең князь Дуань бір адамды құрбандыққа шалғаны, бір
басқан таңбасы үшін, бір үйір жылқыға, қоржын толы күміс жамбыға ие
болып, Құлжаға қарай бет түзеді. «Ұлы империяның мəртебесі үшін, оның
қарауында осындай аңқау, аңғырт, жабайы жұрттың болғаны да теріс емес
екен-ау!» — деп ойлады ол өзінің жібек шатырлы балдаханасына жайғасып
жатып.
Сол күні ұлықтың көңілін тауып, ұпайын түгендеген Матендер тобы да
аттарының басын кері бұрып, терістікке қарай суыт жүріп кетті.
IX
Абақты ішіндегі бірінен-бірі туғандай ұқсас күндер баяу жылжып өтіп
жатты. Таң атса кеш батпайтын, жылдай сарылған жаздың ұзақ күні тұтқын
үшін тіпті ұзара түскендей.


Кейінгі кезде Демежаннан ұйқы қаша бастаған. Ертеден кешке дейін
камераның ішінде бос сенделіп, тордағы барыстай аласұрады. Кейде уақыт
өткізу үшін көк бұршақтан құмалақ салып, жоқтан өзгені ермек ететіні бар.
Оның да оңып тұрғаны шамалы. Құмалақты қанша тартса да, өз босағасы
жалаңаштанып, қанжығасына ештеңе ілінбей, жүрек тұсы ылғи да төрт
бұршақтан топтанып түседі де, маңдай алды тұйықтала береді... Бұл
құмалақтың тіліне сенбейді, əрине. Бірақ үнемі қайталана берген соң,
көңілді күпті етіп, əр алуан ойға салады.
Соңғы күндері көрген түстері де кісі қуанарлықтай емес. Əкесі Керімбай
мен Ажар анасы кіреді түсіне. Əке қабағы салқын, ызғарлы. «Өзіңе аманат
етіп қалдырған аз ауыл Төртуылды қолыңа түгендеп ұстай алмадың-ау.
Елің қайда? Жерің қайда? Аядай қуысқа тығылып мына отырысыңның аты
не?» дейтін тəрізді. Ал Ажар анасы сол тірі кезіндегідей мұны аялап,
қолынан дəм татырып, қымыз ұсынып жүреді. Бұл өзінің шаршап-талғанын
сездіріп, Ажардың жұпар иісті омырауына балаша бас қоятын секілді...
Білетіндер тірі адамның түсінде өлі аруақпен бірге жүріп, бір аяқтан ас
ішуін жақсылыққа жорымайды. Демежан жүрегі бір сұмдықты сезгендей,
күн сайын қорқынышты хабар күтеді. Қас қылғандай, соңғы бір айда
Матен-амбы да, басқа тергеуші-сұрақшылар да төбе көрсетуді қойды.
Жақында бір рет түрме бастығы Гаугаңнан қала жаңалығын сұрағанда,
ол аймақ əміршісінің қазір Шəуешекте жоқ екенін, əлдебір алыс сапарға аяқ
астынан шұғыл жүріп кеткенін айтқан. Матен-амбы сонда қайда кетуі
мүмкін? Əлде төтенше жағдай болып, Іле жаңжұңы шақыртып кетті ме?
Бірақ Гаугаң əміршінің Құлжаға кетпегенін, əйтеуір осы аймақтың
жеріндегі ел ішінде жүргенін айтады. Одан арғысын ол да біліңкіремейді.
Демежан əрі ойлап, бері ойлап, бұл жұмбақтың шешуін таба алмай қойған-
ды. Ақыры оның шын дерегін осыдан бір жұма бұрын Күдеріден естіді.
Күдері қасына Бабалықты жəне Ыбырай байбатшаның інісі Ғарыпты
ертіп келген екен. Үшеуінің де иықтары салбырап түсіп кетіпті. Əкелген
хабарлары да тым жайсыз болып шықты. Матен сұм бұл жолы да қулығын
асырыпты. Құлжадан Демежанның ісіне байланысты арыз-шағымдарды
тексеруге арнайы ұлық шыққан екен. Матен-амбы қасына əр рудың
үкірдай-зəңгілерін жинап алып, алыстан келе жатқан сол ұлықтың алдынан
шығып кетіпті. Жəне бұл сапарын ешкімге дабыра қылмай, ел көзіне
түспей, түнге қарай ұрланып аттанған. Аңғары, тексеруге шыққан төрені
мұнда келтірмей, сұрқия сұмдықтарын оңашада тындырып, реті келсе орта
жолдан кері қайырмақ секілді... Күдері осы жайларды ызалы қасіретпен
күйіне тұрып жеткізді де:
– Осылайша, қырдың қасқыры мен ойдың шие бөрісі ұлып табысып,
ылыққан итше үйірімен бірге аттаныпты. Бұл жұрттың ындыны жаман,
Демежан аға. Қара ормандай халқым бар деп жүргеніміз ықтасыны жоқ
селдір селеу құрлы болмады ғой. Түк таппай тұйыққа қамалдық-ау.
Шынымен-ақ, амал-айланың құрығаны ма? — деп қатты күңіреніп еді.


Демежан қанын ішіне тартып, сұп-сұр болып кетті де, жалын ата,
қалтырай күрсінді.
– Бəсе, өзім де солай болар деп ойлап ем. Бəрі жер жұтқандай жым-
жылас жоғалып кетіп еді, ұлықтың да ұрлығы бар екен ғой. Менің
жаназамды елден аулақта, шетте шығарып жүр екен ғой!
Былтырдан бері бұған ара түсіп, ақтап аламыз деп жүрген аз ғана топтың
да қолынан ештеңе келмей, қапыда қалғаны енді аңғарылды. Күдеріден
кейін Ғарып пен Бабалық бірін-бірі толықтыра кезек сөйлеп, тағы бір
үміттің кесілгенін баян етті.
Демежанды қиянатқа қимай, құтқарып қалсақ деген тағы бір əрекет
Шəуешектегі шетел мұғажырлары саналатын татар-өзбек саудагерлерінің
арасында да жүріп жатқан-ды. Олардың тобында Демежанмен ұзақ жыл
араласып, жақсы сыйласқан Рамазан Шəнішев, Ыбырай байбатша,
Мұрауыт бай, Ешен-Сейіт дамолла сияқты белгілі адамдар бар-тұғын.
Солар осындағы орыс консулы Соковтың сапардан оралуын күтіп жүріп,
жақында соның қабылдауында болыпты. Бірақ, амал не, үміттері
ақталмаған. Консул Ресей саудасына еңбегі сіңген адамдарды қанша
құрметтегенімен, Маншың өкіметінің ішкі ісіне қол сұғып, мұндай
шырғалаңға араласа алмайтынын өте сыпайы түрде жеткізіпті... Иə,
Соковты да түсінуге болады. Өйткені көршілес екі империя арасындағы
қатынас үлкен есептерге құрылған ғой. Жекелеген адамдардың тағдырына
бола бір-бірімен сөзге келісіп, түс жыртысып жата ма?
Оның үстіне, консул Соков соңғы кезде Шəуешекте көп тұрақтамай,
біресе Петербургқа, біресе Омбыға сапар шегіп, үнемі ат үстінде жүрген.
Өз жұмысы да бастан асып жатыр.
Консулдың көңіл күйі де қазір кісі қызығарлық емес еді. Осыдан екі жыл
бұрын ғана аяқталған орыс-жапон соғысында патша əскері масқара болып
жеңіліп қалды. Соған ілес көтеріліп, патша тағын шайқалта жаздаған
бірінші орыс революциясының дүмпуі əлі басыла қойған жоқ.
Петербургтағы «қанды жексенбі» аталатын қайғылы оқиға да патша
чиновниктерінің бетіне түскен қара дақтай, қалың бұқараны одан арман
ашындыра түскен. Бунтарьлар мен бүлікшілер Ресейдің өзі ішінде де
көбейіп барады. Дəл осындай жағдайда консул Соков кімге жөн айтып,
кімдерге рақым-шапағат ойлағандай?!
Осының бəрін оймен шолып өткен Демежан түн жамылып, жасырынып
келген достарын көп ұстамай, қайтарып жіберді.
– Шыдайық, жігіттер. Бəрінің қызыққаны менің басым екен ғой. «Еркек
тоқты — құрбандық» деп, ол басқа бəйге тігілгені қашан... Неде болса
ұлықтың хабарын күтейік. Бəлкім, біз шошитындай қатерлі ештеңе бола
қоймас, — деген-ді.


Бірақ жігіттерді осылай жұбатқанымен, өзі əлдебір зауалдың жақындап
қалғанын ішкі бір түйсікпен аңғарғандай болып еді. Соған өзін көндіріп,
іштей дайындала бастаған... Дегенмен, кейде алыстағы түн түнегінің
арасынан жылтыраған əлсіз оттай, əлдебір үміт-сəуле қылаң береді. Бəлкім
өлкеден шыққан ұлық қара қылды қақ жарған əділ біреу болып, бұған
азаттық берер. Төрінен көрі жуық, қалт-құлт етіп əрең отырған Маншың
өкіметі бұл ойлағандай қаталдыққа бармас. Халықтың қаһарынан, шу-
айбарынан жасқанар...
Кешікпей сол көңілді күпті еткен сұмдық хабар да келіп жетті. Оны
əкелген — Демежанның түрмеден тапқан досы Гаугаң еді. Күн батып,
ақшам үйіріле бастаған апақ-сапақ мезгілде сол Гаугаң камераның есігін
ашып, асығыс кіріп келді де, босағада сілейіп тұрып қалды. Ала көлеңке,
əлсіз жарықтың өзінде-ақ өңі өрт өшіргендей түтігіп, қатты абыржып
тұрғаны байқалады.
– Не болды? Не хабармен келдің? — деді жүрегі аузына сыймай
атқалақтап кеткен Демежан орнынан атып тұрып.
– Жағдай қиын, достым... — Гаугаң тура қарай алмай, көзін тайдырып
əкетті. — Ұлықтар бүгін кешке таман қалаға қайтып оралды. Сізге сұмдық
жаза кестіріп əкеліпті.
– Ол не? Өлім ғой — айтып тұрғанын?
– Иə... «Дарға асылсын» делінген. Жаңа ғана үкімнің көшірмесін маған
əкеп беріп кетті. Оған дейін күзетті екі есе күшейту туралы бұйрық бар.
Ең алдымен Демежанның өзегін өртеген ыстық толқын көтерілді де, іле-
шала жон арқасы мұздап, тұла бойын бір суық ызғар тіліп өткендей болды.
Көз алды қарауытқандай, ештеңені көрмей қалып еді. Сірə, бір сəт нық
басып тұра алмай сенделіп кеткен болар, Гаугаң қолтығынан сүйеп,
төсегіне отырғызды.
«Бұл не? Қорқыныш па? — деп ойлады ол ақыл-есін тез жинап алуға
тырысып. — Мұнда тұрған не бар? Мен осындай біp хабарды көптен күтіп
жүрген жоқ па едім?»
– Тыңдаңыз, сізге ертеңге қалуға болмайды, үкірдай. Бүгін түнде
қалайда қашуыңыз керек, — деді Гаугаң асыға тіл қатып.
– Қайда?.. Қалай? — Демежан оның бетіне аңырая қарады.
– Түрмеден құтқару — менің мойнымда. Ол жағын ойластырып
қойдым...
– Қашқанда қайда барам? Қайда барып сыямын? — ол əлі де өзіне-өзі
келе алмай, аласұрған бір күйде отыр.


– Бостандыққа бір шықсаңыз, дүние кең, жер өзіңіздікі ғой, бір пана
табылар. Əлде шекара асып кеткендей боласыз ба...
– Ал сіз ше? Сіздің күніңіз не болады? Мен үшін басыңыз кетеді ғой.
– Маған алаң болмаңыз. Осы түрмені өмір бойы күзетіп отырар дейсіз
бе, мен де бұл арадан кетемін, — деді Гаугаң. — Өзіңіз білесіз, мен сіздің
алдыңызда қарыздар едім ғой... Сол қарызымнан құтылатын сəт туған
тəрізді.
Қазір ұзақ толғанып отыруға уақыт жоқ. Не де болса бір жағына тез
шығуы керек. Тағдырдың арнап жіберген ажалын күтіп осында отыра ма,
əлде бір күн де болса бостандыққа шығып, жарық дүниеде қала тұрғаны
жөн бе? Не істеу керек?
Демежан сол сұраққа жауап іздегендей аласұрып, түрменің торлы
терезесіне қараған. Терезеден күлгін аспанның қиық шеті, құбыладан жаңа
туған əлдебір жарық жұлдыз көрініп тұр екен. Алып аспан шырақтарынан
көзіне түскені - жалғыз жарық жұлдыз ғана. Көз қысып белгі бергендей,
бостандыққа ымдап шақырғандай болады. Жарық дүние мұнымен сол
жұлдыз арқылы тілдесіп тұрғандай. Соған қарауы мұң екен, еркіндікке
ұмтылған тіршілік рухы бірден белең алып, ереуілдеп қоя берді. Өлім қайда
қашады? Аранын ашып тұрған ажал тұзағына еш қарсылықсыз асыла
кеткенше, бір күн де болса жарық дүниеде жүргені, тым болмаса алысып
өлгені артық емес пе?! Ар жағын ойлап жатуға мұршасы болған жоқ, бір
көзсіз тəуекелге бел байлады.
– Жарайды, мен келістім, — деді ол Гаугаңның бетіне қарап. — Бірақ
мына неше қабат қоршаудан қалай шығамыз? Елден келген ешкім бар ма?
– Бүгін түстен кейін сіздің балаңыз келіп кеткен.
– Қайсысы?
– Үлкен ұлыңыз ше? Аты — Олжабай емес пе еді? Бүгін келіп
Əсенажының үйіне түсіпті. Ертең сізге тамақ əкелмек.
– Солай ма? Онда, тəуекел! Ұстадым сіздің етегіңізден! — Демежан
ширыққандай орнынан тұрып кетті.
Гаугаң да қуанып қалған түр байқатты:
– Міне, бұл дұрыс болды. Мен де көк тəңірісінің алдында өз күнəмнан
арылатын болдым,—деп, Демежанға қайрат бергендей оның иығынан
қағып қойды. — Киініп дайын отырыңыз. Мен күзетшілерді орналастырып,
ел ұйқыға кетті-ау деген мезгілде ораламын.
Гаугаң шығып кеткеннен кейін де, Демежан əpтүрлі ой құрсауында
мелшиіп ұзақ отырды. Көкірегінде күдік пен үміт кезек алмасып,


аласұрады. «Түрме бастығының осы айтып келген хабары анық па?
Ұлықтар мұны абақтыдан əдейі қашырып, қуғын үстінде мерт қылайын деп
жүрген жоқ па?» деген де бір күмəнды ой қылаң берген. Жоқ, Гаугаңның
алдауы мүмкін емес. Өзінен де, сөзінен де ондай ештеңе байқалмайды.
Тіпті, қалай болған күнде де, мұның Гаугаңға сенбеске амалы жоқ,
қарманғанда қолына ілігер ең соңғы үміт талшығы — сол ғана. Мұндай
мүмкіндіктен айрылуға Демежанның жүрегі дауаламады.
Айтқанындай-ақ, арада бір ет асым уақыт өткенде, Гаугаң қайтып
оралды. Есікті салдырлатпай үнсіз ашты да, май шам жарығында отырған
Демежанды қасына ымдап шақырып алды.
– Ал қозғалайық! — деді сыбыр етіп.
Есікті тықырын білдірмей қайта құлыптап жапты да, қараңғы дəлізбен
бүкеңдей жөнелді. Демежан да оның соңынан екі елі ажырамай ілесіп
келеді. Ай қорғалап қалған өліараның кезі, айналаны қою қараңғылық
басқан. Тек аспан төріндегі жыпырлаған жұлдыздардан ғана əлсіз сəуле
түсіп тұр. Гаугаң далаға шыққан соң, тың тыңдағандай күзетші тұрған
қақпа жаққа мұқият қарап алды да, мысық табандап еңкейген күйі ауланың
төріне қарай бастап жүрді.
Темір қақпалы, төңірегін биік дуалмен қоршап тастаған қара түрме —
бекініс ішіндегі бекініс сияқты, жамбылдың шығыс солтүстік бұрышын
ала, оңаша салынған-ды. Түрме дуалынан секіру бұларға көп қиындық
келтірген жоқ. Гаугаң күні бұрын осы маңға шумақталған кендір арқан əкеп
қойған екен. Бірінің иығына бірі аяқ қойып, дуалдың үстіне шықты да,
жаңағы арқанмен саумалап, ар жағына оп-оңай асып түсті.
Демежан түрме қоршауынан құтылғанымен, енді асу бермес биік қорған
— жамбылдан қалай шығамыз деп, соны уайымдап келе жатқан. Кенет
Гаугаң оны таң-тамаша қалдырып, бекіністің қалаға шығатын батыс
қақпасына қарай бет алды.
– Тезірек жүріңіз. Қақпа жабылып қалмай тұрғанда, қалаға өтіп кетейік,
— деді ол алқына сыбырлап.
– Қалай өтеміз? Онда күзет бар емес пе? — деген Демежан серігіне
таңырқай қарап.
– Жүре беріңіз. Олар түнге қарай бекініске кіргендерді ғана тексереді.
Сыртқа шыққандарға жол ашық.
Шынында да, солай болды. Айнала тастай қараңғы. Бұл кезде қала
көшелерінде адам аяғы мүлде сиреп қалатын. Бұларға жол-жөнекей ешкім
кезікпеді. Жамбылдың сыртқы кіре берісінде сығырайған жалғыз фонарь
ілулі тұр екен. Екі шерік он жақ босағадағы орындықта өзара сөйлесіп,
темекі тартып отыр. Түрме бастығы оларды танитын секілді, Демежанды


ық жағына алып, əлгілерге «қайырлы кеш» айтып қолын көтерді де,
тұсынан өте берді... Он шақты қадам ұзағанша, арт жақтан шығар əмірлі
дауысты, не аттандаған ысқырықты күткен- ді. Бірақ ондай ештеңе
естілмеді. Екеуі аяқтарын жіті басып, əне-міне дегенше түн қойнына сіңіп
кеткен.
Жамбыл бекінісі мен қаланың «Жаңа махалла» аталатын шығыс шетін
бөліп жатқан екі жүз метрдей ашық алаң бар. Осы арадан үлкен қарасу
ағып өтеді. Бұлар көпірге дейін тура жүріп келді де, сол қарасуды бойлап
терістікке қарай бет түзеді. Екеуі лəм-мим тіл қатпастан жіті аяңдап, тағы
он минуттай жол жүрген. Тек су бойындағы қалың шіліктің ішіне кірген
соң ғана, демдерін бір-ақ алды. Гаугаң осы арада қоштасып қалып қоятын
сыңай танытты.
– Бізге енді айрылысуға тура келеді, — деді ол Демежаннын қолын
алып. — Жолыңыз болсын! Ертең сəскеге дейін қуғын бола қоймас. Бұл
қалада тұрмай, неғұрлым ұзап кетуге тырысыңыз.
– Рақмет, Гау мырза! Сізге қандай алғыс айтарымды білмей тұрмын.
– Ештеңе етпейді. Өмірде адамға жасаған бір жақсылығым қайтты деп
санасаңыз болғаны. Сізге қол ұшын беру көк тəңірісінің алдындағы
борышым еді, соны өтегеніме қуаныштымын.
– Баяғыда мен сізге ара түскенде, менің басыма төнген ешқандай қауіп
жоқ еді. Ал сіз мен үшін өзіңізді қатерге байлап тұрсыз ғой, — деді
Демежан толқи тіл қатып.
– Оқа емес. Жақсылықта есеп-қисап болмайды... Тек түбі қайыр болсын
деңіз! Осыдан құтылып кетсеңіз, менің еңбегімнің өтелгені.
– Ал өзіңіз қайда барасыз? Қолға түссеңіз, сізді оңдырмайды ғой, — деді
Демежан оның қолын əлі де жібермей.
– Ол жағына алаң болмаңыз. Мені жасыратын адамдар бар...
Демежан Гаугаңның қаңғажақтай қағылез денесін мол құшағына алып,
қимай қоштасты. Осыдан бірер сағат бұрын ол туралы күдік ойлағанына
іштей ұялып тұр. Міне, айтқан сөзінде тұратын жəне жасаған жақсылығына
ешқандай қарымта тілемейтін нағыз ер деп мына Гаугаңды айтуға болады.
Осы адамда да бір жұмбақ сыр бар-ау. Əңгімелесуге уақыттың тар
болғанын қарашы!..
Сəлден соң Гаугаң жаңағы келген ізімен кейін қайтты да, Демежан
қаланың терістік жағындағы Қарадөң махалласына қарай аяңдап жүріп
кетті. Бұл арадан Əсенажының үйі онша қашық емес-ті. Жаңағы Қарасуды
жағалап келіп, қалың шынар өскен көлденең көшеге бұрылды да, өзіне
таныс үйді тез-ақ тауып алды.


Мұндағылар əлдеқашан жатып қалған секілді, терезелерінде шам
жарығы байқалмайды. Демежан қақпанын түбіне келіп, өзі білетін тар
есіктің тиегін ағытты да, тықырын білдірмей ішке кірді. Тұрғын үйлері
ауланың төр жағында болатын. Есіктері жабық, іштен іліп қойыпты.
Демежан ентігін басып, есік алдындағы жатаған орындықта біраз отырды
да, бір мезетте шеткі терезенің əйнегін қақты.
Əлден уақытта далан үйде шам жанып, əлдекімнің кебісін сырпылдатып
келе жатқаны байқалды. Іле-шала есік ашылып, ар жағынан шүйкедей кəрі
кемпір — Əсенажының шешесі көрінді. Ала көлеңкеде сақал-мұрты өсіп
кеткен Демежанды тани алмай, үдірейіп тұр.
– Бұл кім? Сізге кім керек?
– Мен ғой, мамай... Демежанмын, — деді бұл ақырын тіл қатып. Қарт
əженің шырайы бірден жылып қоя берді.
– Демежан? Жаратқан-ау, не дейді... Құданың мұнысына да шүкір. Сізді
босатқан екен ғой?
– Босатты... Əсенажы қайда?
– Ол үйде жоқ. Осыдан үш-төрт күн бұрын Дөрбілжіңге кеткен... Балам-
ау, босағада не қып тұрсың? Ішке кірсейші.
Демежан дəлізге кіргенде, ар жағынан Əсенажының əйелі Ауахан
көрініс берді. Жолаушылап кеткен күйеуім келіп қалды ма деп ойласа
керек, ашық-шашық шыта келген бəденді жас əйел тез кері шегініп кетті...
Олжабай осында екен, бір бөлмеден көзін уқалап ол да шығып келеді.
Əкесін танып, мойнына асыла кетті.
Демежанның бар сеніп келген адамы Əсенажы болатын. Үй иесінің
болмағанына қатты өкініп тұр. Ол асығыс еді. Алғашқы қауышу, дүрлігу
сəті өтісімен, қасына Əсенажының əйелі Ауахан мен Олжабайды алып,
оңаша кеңес құрды. Түрмеден қашып шыққан халін осыларға ғана
хабарлаған. Өз басының қазір қауіп астында екенін айта келіп, бірер күн
осында қала тұруға Ауаханнан рұқсат сұрады. Ауахан күйеуімен бірге
Демежан аулымен ұзақ жылдан бері араласып жүрген, ақылына көркі сай,
аса меймандос, мейірімді əйел еді. Тіпті сөзге де келместен:
– О не дегеніңіз, Демежан-ака. Осындай қысылғанда пана болуға
жарамасақ, адамшылығымыз, сізге деген достығымыз қайсы. Бұл үйде
қанша жатам десеңіз де, төріміз сіздікі, — деді ұйғыр əйелдеріне тəн
биязылық танытып.
– Рақмет. Бірақ мен бұл үйде ұзақ жата алмаймын ғой. Ұзаса ертең
кеште қалайда кетуім керек,—деді Демежан мəн-жайды түсіндіріп. —
Менің мұнда келгенім туралы ешкімге тіс жарып, сыр беруші болмаңыздар.


Əжейге де, балаларға да осыны қатты тапсырып қойыңыз.
Сонан соң өзінің өгей ұлы Олжабайға бұрылды. Ол да қазір жасы
жиырмадан асып, соқталдай жігіт болған. Жасынан тым ерке-тəйтік
өскендікі ме, əлде жатырына тартып кетті ме, мінезінің ептеген аусарлығы
бар еді. Əкесі қолды болғаннан бері ес кіріп, байсал тартқаны байқалады.
Демежан осы баласының жүзіне сынай қарап сəл отырды да:
– Сен қазір атынды ерттеп мін де, түнделетіп елге жүріп кет! — деді
бұйыра тіл қатып. — Бірақ шу шығармай, жүрісіңнен секем алдырмай,
ауылға ақырын барып түс. Болған жайды тек шешеңе, Бибіге ғана хабарла.
Басқа бір пенде білмесін. Сонан соң менің өз атым — торы төбелді ерттеп
қосағыңа ал да, ертең кешке қарай осында жет. Ұқтың ба? Айтпақшы,
Бибіде менің алтыатар наганым бар, соны ұмытпай ала келерсің.... Ал
отырма, жөнел! — деді баласынын иығынан қағып.
Олжабай қорада байлаулы тұрған атына ер салып, сол сəтте-ақ аттанып
кеткен. Бірақ Демежан сонан кейін де бір жерде байыз тауып отыра
алмады. Ауахан қонақ үйге төсек салып қойған екен. Алайда ол үйде
қалғысы келмей, сақтық ойлап, сыртқа жатуды жөн көрді. Ауланың түкпір
жағында əртүрлі жеміс ағаштары егілген саялы бау бар-тұғын. Баудың бір
бұрышында құрылысқа жарату үшін жентектей буылып, маяға салып
қойған қамыс болушы еді. Сол маяның төбесін үңгіп өзіне ұя жасап алды
да, киімшең күйі қисая кетті.
Шіркін, азат-еркін дүние-ай! Сенің бір ғана сəтіңе пара-пар келетін не
бар екен?! Абақтысыз, айдаусыз, бақылаусыз, байлаусыз, бостандықта
жүрудің, мына бір қара күлгін аспанда қоламтаның шоғындай қозданып
көрінетін жұлдыздар шоғырына бір мезгіл осылай қарап жатудың өзі рахат
екен ғой. Баданадай ірі жұлдыздар бүгін тіпті жерге жақындай түсіп, тамып
кетердей мөлтілдеп тұр... Анау — кəдімгі Темірқазық, мына біреулері —
соған арқандаулы ақ сары атты айнала торып жүрген Жеті қарақшы. Сонша
жыл көк күмбезінің астында емін-еркін сайраңдап жүріп, осыларға анықтап
бір қарауға да мұршасы болмапты-ау! Күндердің күнінде жұлдызды ашық
аспанға, бір жұтым таза ауаға зар болармын деп кім ойлаған?!
Көп уақыт қапаста жатып тұншыққан Демежан мына бір қамыс қуысына
қолы жеткеніне жайлауға шыққандай жырғап қалды. Демек, қашқынның
өмірі тұтқынның тірлігінен гөрі бір мысқал тəуір болғаны ғой. Бұл енді
бүгіннен бастап қашқындыққа үйренуі керек. Бұл қалада, қала түгіл бүкіл
аймақта енді бұған орын жоқ. Сонда қайда кетеді? Қайда барып күн
көрмек? Өткен жылы бұлай қашу түгіл, жай бой тасалаудың өзін қатты
намыс көріп, бас тартқан жоқ па еді?.. Ендігісі ұят-намысқа жатпай ма?
Бірақ онда бұл əлі бостандықта жүр еді ғой. Алда қатер барын
сезінгенімен, дəл қазіргідей аранын ашып, ажал төне қоймаған. Енді
жағдай өзгерді. Қапастан қашу, анық өлімнен бас сауғалау ер-жігітке айып
болып саналмайды. Бұл түгіл дəнішпан Қорқыттың өзі ажалды адастырып
кетудің жолын іздеген... Сонда бұл қайда барып жан сақтайды?


Əрі ойлап, бері ойлап келгенде, Демежанның алдында екі ғана жол бар
екен. Біреуі — өткен жылы Бибінің өтінгеніндей шекара асып кетіп, қайын
атасы Құрман қажының ауылына барып тығылу. Бірақ бұл ер жігітке
абырой əперетін жол емес, жай бой тасалау, жан бағудың ғана əрекеті. Бұл
тіпті қайын жұртына бас сауғалап баруға арланбас еді. Бірақ өздері біреуге
кіріптар боп отырғанда, олар кімге пана боп, қанатының астына алғандай?
Егер Маншың өкіметі шындап қолқа салса, патша əкімдері ұстап алып,
қайта өткізіп беруі де мүмкін ғой.
Екіншісі — айқын күрес жолы. Маншың өкіметімен өле-өлгенше
алысып өтудің бастамасы. Демежан қасына бірнеше сенімді серік ертеді де,
ешқайда бұрылмастан, тура Алтайға тартады. Алтайдағы Абақ Керейдің
ішінде өкіметке бағына қоймай, тау сағалап, түзде жортып жүрген
жолбасар жігіттер көп дейтін-ді. Соларға барып қосылады... Əттен,
соңында сайдың тасындай іріктелген бес жүз сарбазы болса, Маншың
төрелерінің əуселесін көрер еді! Ал ондай сарбазды жиып алу қиын емес.
Қазір не көп — ұлыққа қарсы уыттанып жүрген жігіт көп. Ереуілдеп ерге
қонған Демежанның даңқын естісе, өздері-ақ тұс-тұстан ағыла бастайтыны
анық. Алдымен шағын бір қаланы басып алып, сондағы от қаруды қолға
түсірсе, ар жағы қопаға тиген өрттей өзі-ақ лаулап жөнеледі... Маншың
өкіметі өз ішінен іріп, басы қатып жатқанда, бұл бір шетінен тиіп берсе
ғой, шіркін! Осындағы Матен-амбымен, халдайлармен сол кезде бір
жүздесіп көрсе...
Соңғы бірнеше түндерін мазасыз оймен кірпік ілмей өткізген Демежан
осындай тəтті қиял құшағында жатып, таңға таяу талығып ұйықтап кеткен.
Бір қызығы, жаңа ғана арман еткен ойының жалғасын түсінде көріпті... Бұл
өзі қол бастаған батыр екен дейді. Үстінде торғай көзді ақ сауыт, қолында
күн нұрына шағылған, сегіз қырлы ақ найза, соңына ерген мың-сан қол бар
сияқты. Боздақ даласынан бері өтіп, Шəуəшекке қарай шабуылдап келе
жатқандай... Жау əскері жамбылдың ішіне тығылып қалған секілді. Шойын
қақпа жабық. Босағада тұрған екі шерік ешкімді жолатпай, айбат шегеді.
Демежан əлгілерге «қақпаны аш» деп ақыратын тəрізді. Бірақ, не үшін
екен, даусы шықпайды. Бұл атын тебініп, шеріктерге қамшы сілтемек
болады. Енді бір қараса, қолында қамшы емес, біреудің өрілген айдары
жүр. Дохалдайдың айдары.. Сасқанынан маңайына көз жіберсе, қасындағы
қалың қолдан бірде-бір адам жоқ. Қақпаның алдында бір өзі жалғыз
қалыпты... Жаңағы екі шеріктің бірі ұзын найзаның ұшын мұның
өндіршегіне тіреп тұрған сияқты. Сəл қимылдаса өңменінен өтіп кетердей.
Демежан арт жағынан жəрдем күтіп, жан ұшыра айқайлайды. Бірақ даусы
шықпайды...
Осылайша, бастығырылып жатып оянып кеткен. Айнала самаладай жап-
жарық, күн ұясынан едəуір көтеріліп қалыпты. Аңдап қараса, шынында да,
тамағының астына бір нəрсе қатты қадалып тұр екен. Əлдебір қамыстың
түбірі... Өзінің қайда жатқанын енді ғана пайымдағандай болды. Басын
көтермек ниетімен сəл-пəл қозғалып еді, астындағы қамыс үймегі түгел


сылдырлап қоя берді. Демежан селк ете қалған. «Қоянды қамыс өлтіреді»
деген осы екен ғой. Өзінің сол қылығына намыстанғандай орнынан ұшып
түрегелді. Бақшаның іші жым-жырт, аула жақтан да тырс еткен дыбыс
естілмейді. Маяның үстінде тұла бойымен көрініс беріп, сорайып сол
тұрды да, өзінің қазіргі халіне налығандай орнына қайта отыра кетті.
«Апыр-ай, əлгі Олжабай ауылға аман-есен жетті ме екен? Айтқанды
орындап, ат алып келсе жақсы болды-ау! — деп ойлады ішінен. — Одан
гөрі естиярлау біреудің қолға түспегенін көрдің бе. Бала неме бірдемені
бүлдіріп алмаса жарады».
Түнде бұдан бір қателік кетіпті. Сол Олжабайдың атына міне салып,
ауылға өзі неге тартып кетпеді? Сол жақтан ат ауыстырып мініп, қуғыншы
келіп жеткенше, ұзап кетер еді ғой. Абыр-сабырда оп-оңай нəрсенің еске
келмегенін қарашы. Мына құдайдың ұзақ күнін енді қалай батырады?
Ұлы сəске кезінде Ауахан келіп дыбыс берді. Ас ішуге шақыра келіпті.
Демежан жерге түсіп, беті-қолын жуды да, ұрлана басып ас үйге кірді.
Қазағуар əйел кəдімгідей ет асып, сорпа істеп қойған екен. Бірақ асқа төбеті
шаппай, əрқайсысынан тиіп-қашып ауыз тиген болды. Осыдан кейін
Ауаханды қалада не болып жатқанын біліп келуге жіберді де, өзі орнына
қайта келіп жатты.
Түске қарай Ауахан қайтып оралған. Оның айтуынша, бүгін таңертеңнен
бері қала көшелеріне əскер толып кетіпті. Жамбылдың іші-сыртын, соған
таяу махаллаларды түгел тінтіп жатқан көрінеді. Аңқау əйел бұл оқиғаның
қауіпті астарын енді аңғарса керек, өң-түстен айрылып, үйіне əрең жетіпті.
Демежан да оны аяп кетті.
– Егер жаман айтпай жақсы жоқ, осы қораға қуғын келіп, мені қолға
түсіргендей болса, сіз мені көрдім-білдім демейсіз. Мен мұнда сіздерге
білдірмей, өзім келіп тығылған боламын... əйтеуір, сіздерге пəле
жұқтырмауға тырысармын, — деді ол Ауаханды жұбатып.
Олжабайдан əлі хабар жоқ. Тым құрыса ел жақтан басқа біреулер келіп
қала ма деп, Демежан күні бойы алаңдаумен болды. Кеш батып, іңір
қараңғылығы түскенше, еш дерек болмады. Енді үмітті күдік жеңіп, қауіп-
қатер қайта күшейе бастаған. Əлгі Олжабай сорлы бір пəлеге ұшырамаса не
қылсын. Егер ол ел жатқанша келмесе, бұл жерден қоныс аударуға тура
келеді...
Ал Олжабай бұл кезде əкесін құтқарып қалатын халде емес еді. Жас
жігіт аңдаусызда енді құтылмастай болып, ұлықтардың қақпанына мықтап
түсіп қалған-ды.
Демежанның қашып кеткенін түрме қарауылдары таңертең күзет
ауысқан кезде бір-ақ білген. Күндегі əдеттері бойынша, кезекші қарауыл
бір құман қара шай мен күріш ботқасын жəне жарты қалаш нанын көтеріп


камераға кіргенде, тұтқын өз орнында болмай шықты. Содан ол есінен
танғандай аңырып сəл тұрды да, қарауыл бастығына аттандап тура жүгірді.
Арада жарты сағат өткенде, бұл оқиға сатылы түрде жоғарғы ұлықтарға
дейін жетіп, бүкіл бекініс аяғынан тік тұрып еді.
Бұл кезде алыс жолдан ат соғып келген Матен-амбы əлі төсегінен тұра
қоймай, Маху сұлудың қасында керіліп-созылып жатқан-ды. Барлау
басқармасының бастығы апалақтап жүгіріп келіп, Демежанның ұшты-күйді
ғайып болғанын хабарлағанда, аймақ əміршісі жынданып кете жаздады.
Өйткені ол кеше келе салысымен, жұртшылық құлақтанбай тұрғанда,
үкімді бүгін орындап жібермек болып, жамбылдың сырт жағындағы қарасу
бойына дар ағашын құру туралы бұйрықты беріп те қойған... Енді келіп
өңшең маубастың айтып тұрған сөзі мынау!
Қитар көзі шатынап, орнынан атып тұрған Матен асығыс киіне салып,
бірден түрмеге қарай ұмтылды. Өз көзімен көрмесе сенбейтіндей. Келіп
қараса, шынында да, Демежан жатқан камера қаңырап бос қалыпты. Кеше
жолдан келе салысымен күзетті екі есе күшейту жөнінде түрме бастығына
бұйрық бергені есіне түсіп, дереу Гаугаңды іздеттірген. Егер қазір қолына
түссе, түтіп жеуге бар еді. Алайда ол кəрі сайтан түрменің іші-сыртында,
тіпті үйінде де жоқ болып шықты. Түсінікті, екеуі тіл табысып, бірге кеткен
болды.
Осыдан кейін-ақ бүкіл қала соғыс кезіндегідей суық түс алған. Дереу
қала гарнизонына дабыл қағылып, жазалаушы топтың жаланған
жасауылдары бекіністің іші-сыртын, таяу маңдағы көшелерді тінтуге
кірісті. Енді біреулері қалада бұрын Демежан түсіп жүрген үйлерге барып,
астын-үстіне келтіріп ақтарып жатты. Тек қаланың шет жағындағы
Əсенажының үйі ғана ешкімнің есіне келмепті.
Тағы бір түсі суық, айбынды топ Боздақта отырған Демежанның аулына
қарай аттанып кеткен. Қасына жиырма шақты шерік ертіп, бұл топты
бастап барған Ысқақ болатын. Ол қазір Демежанның түрмеден қашып
кеткеніне Матен-амбыдан кем күйініп жүрген жоқ. Былтыр күзден бері
Ысқақтың айы оңынан туғандай, мейманасы тасып, өзін керемет бақытты
сезініп жүрген-ді. Тіпті əлденеге жаны кейіген сəттерде, Демежанның
қамауда отырғаны есіне түссе болғаны, өңі жадырап сала беретін. Оған
осылай дүниенің асты-үстіне, басы-аяғына келіп төңкерілгені, қалыптасқан
ұғымдардың өзгергені керек. Көрсін бұл жұрт кімнің кім екенін!.. Күні
кеше көптің аузынан түспейтін, ел қамқоры, жұрт жақсысы атанған
Демежан кім? Содыр, сойқан аты қалмай, сүйкімі кетіп жүрген Ысқақ кім
болды қазір? Кейде осыны ойлағанда, көңілі босап: «ой, айналайын өкімет-
ай, түптің түбінде əркімді өз орнына қойып, артық-кемді естіп бір
теңестіретінің бар-ау?» деп қуаныштан жылап жібере жаздаушы еді.
Ал жақында Шепейзі сапарына қатысып, ұлықтың Демежанға шығарған
үкімін көзімен көргеннен бері, Ысқақ өз ойына бұрынғыдан ары беки
түскен. Өзінің таңдаған жолының дұрыс екеніне тағы бір рет көзі


жеткендей болып еді. Көңілінде титтей аяушылық, не арының алдында
қымсыну да болған жоқ. Қайта өз басына өте қолайсыз адамның жер
бетінен өшіп кететінін ойлағанда көңілі жайланып, марқая түскен. Ысқақ
үшін Демежан қашан да оның кім екенін əйгілеп тұратын тəңір таразысы
секілді еді. Енді одан құтылады. Егер дүниеде бүркіт деген қыран құс
барын жұрт білмесе, қарақұстарды бүйтіп қорламас еді ғой... Демежан
оның жолында кесе көлденең жатып алған зіл қара тас сияқты. Соны
қалайда аударып тастау керек. Осы жұрт кейінгі кезде азаттық, еркіндік
дегенді текке айтып жүр дейсің бе. Ысқаққа да азаттық керек. Ең бастысы
— Демежандардан азат болу. Адамның қоғам алдындағы теңсіздігі, бір-
біріне көрсетер қорлығы мен зорлығы ештеңе емес-ау, оны түзеуге болады,
ең қиыны — құдай жаратты дейтін артықшылықтарды жою. Тумысынан
ақылды, тапқыр, шешен атанып жүрген асыл тектілер құрыса, Ысқақтарға
жол ашылады. Демежансыз өмір — бұл үшін бүркіті жоқ аспан, арыстаны
жоқ орман, жайыны жоқ теңіз іспетті.
Осындай ойлармен уыттанған Ысқақ көп əскермен барып, түс əлетінде
Демежанның аулын қоршады. Үй басын қалдырмай астан-кестеңін
шығарып, жүктің арты, буылған тең, үйілген жүнге дейін түгел қарап
шықты. Бірақ іздегенін таппады. Ауыл адамдары ештеңеден хабарсыз,
бейқам екені байқалады. Демек, Демежан ауылға жетіп үлгермеген,
қаланың бір жерінде тығылып жатыр деген сөз. Ақыры қанша ақтарса да,
жұртты қанша қысып сұраса да, ештеңе таппай, əскерді ертіп кейін
қайтқан.
Бірақ қалаға жақындай бергенде, Ысқаққа тағы бір ой түсті. Демежан
қайда бет алса да, аулына бір соқпай, хабарласпай кетпейді. Екі арада
қалайда бір байланыс болуға тиіс. Ал қала мен ауылды қосатын жол біреу-
ақ. Ендеше, осы жол бойын торығаннан тиімдісі жоқ. Сондықтан ол
Қараүңгірдің аңғарына дейін суыт жүріп келді де, қасындағы əскерді
қайтарып жіберіп, өзі екі-үш қана адаммен өзен бойындағы қалың талдың
арасында жасырынып қалып қойды. Осы арадан өзенге салынған жалғыз
көпір де, əрі-бері өткен жүргіншілер де алақанға салғандай көрініп тұрады.
Бұлар күн батқанша талдың арасынан баспалап, қарайғанды қалт жібермей
бақылады да отырды.
Бұл мезгілде қаладағы тінту де тоқтаусыз жүріп жатқан-ды. Бірақ он
мыңдаған халық тұратын қаладан жасырынған адамды тауып алу қалың
шөптің арасынан ине іздегенмен бірдей еді. Осыны жақсы сезінген Ысқақ
та сол орнында тапжылмай жата берді.
Бір мезгілде жаздың жылдай сарылған ұзақ күні де өзінің алыс сапарын
аяқтап, батыстағы Бақты тауының желкесіне барып қонақтауға айналған.
Сөдегей жүрісті адам, əрине, күндіз жүрмейді, апақ-сапақ кешкі ымыртты
бетке алады. Ақшам үйіріліп, көз байланар шақта тосқауылда жатқандар
талдың арасынан шығып, енді жарқабақтың астындағы көпірдің дəл аузына
келіп тұрды. Аттарына мініп, қаруларын сайлап, қашатын біреу болса, қуа


жөнелуге дайын тұр.
Жырынды Ысқақ жағдайды қапысыз, нақ болжаған екен. Көп күттірген
жоқ, сам жамырап, төңірекке кеугім түсе бастаған кезде, торы төбел атты
қосарына алган Олжабай дəл көпірдің үстінде бұларға айқаса кетті. Ысқақ
жас жігітті де, жетектегі атты да бірден таныған. Төртеуі жан-жағынан
қоршап тұра қалды да, шылбырынан шəп беріп ұстай алды. Одан ары тілге
де келтірген жоқ. Олжабайдың қолын артына қайырып байлап, аяғын аттың
бауырынан тас қылып таңып тастады да, ортаға алып шапқылаған күйі
жамбылдың ішіне кірді. Сол беті еш жерге бұрылмастан, əлі ашуы
тарқамай, кеңсесінен қайтпай отырған Матен-амбының үстіне енгізді.
Ал күні бойы қаланы асты-үстіне келтіріп, қанша тінтсе де ештеңе
таппай, мойнына су кетіп, ызадан жарыла жаздап əрең отырған Матен
тағдырдың жіберген төтенше сыйын көргенде, қуанғанынан ЬІсқақты
құшақтап, бетінен сүйіп алды. Мақтауын да жеткізіп жатыр. Өзгесінен
бұрын барлау басқармасының бастығына қарап тұрып:
– Бəрің жиналып, бір Ысқақ құрлы болмадыңдар-ау. Міне, империяға
шын берілгендік, нағыз ерлік деп осыны айт! — деді-ау шаршы топтың
алдында.
Ысқаққа əміршінің аузынан шыққан осы бір ауыз сөздің өзі-ақ жетеді.
Бұдан артық сый-сыяпаттың керегі жоқ. Қатал ұстаздан мақтау естіген
баладай өңі балбұл жанып, көзінен жас шығып кетті.
Бұдан арғысы белгілі: Олжабай байғұсқа тергеу-сұрақ, қинау-қыспақ
басталды. Алғашында біразға дейін ол да қасарысып, ештеңе айтпады.
Бірақ жасынан бұла боп өскен нəуетек мырзаның жаны тым тəтті, əрі
қорқақ болатын. Жəне онысы тез арада-ақ мəлім боп қалды. Матен-амбы:
«егер шыныңды айтпасаң, осы қазір атып тастаймын» деп, алты-атарын
кеудесіне тірегенде-ақ, Олжабайдың көзі жыпылықтап кетті... Содан кейін-
ақ қысымды күшейте түскен. Жігітті дүреге жатқызып, ұлпадай аппақ
арқасына бес-алты қамшы тиген кезде-ақ, таяққа шыдамай, бар шынын
ақтарып салды.
Ұлыққа керегінің өзі де осы еді. Осыдан кейін бір минут бөгелген жоқ.
Олжабайды қолы байлаулы күйінде алдарына салды да, жазалаушы топтың
бастығы Бужыңха мен Ысқақ бастаған жүздей шерік Əсенажының
қорасына қарай лап қойды...
Олжабайдың кешіккеніне қарап, бір сұмдықтың болғанын Демежан да
сезіп еді. Бүгін түнде жұрт аяғы басылған соң, қаладан қалайда шығып
кетуге бел байлаған. Ауахан əртүрлі сылтау айтып, маңайындағы
көршілерінен ат сұрап барып еді, ештеңе таппай қайтты. Біреулері үйінде
жоқ, кейбіреулері көліктері бола тұра бергісі келмеген. Енді жаяу кетуден
басқа амал жоқ. Жол-жөнекей бұт артар бірдеңе табылар. Бүгін түн
қараңғысын жамылып, Абдырадағы жатақ ауылға бір жетсе, одан арғысы


қиынға түспес еді...
Бірақ «жазмыштан озмыш жоқ» деген рас екен. Демежанның бұл
ақырғы үміті де іске аспады. Ел орынға отырып үлгірер-үлгірместе,
Əсенажының корасын қалың əскердің қоршап қалғаны мəлім болды. Бір
тобы үйдің ішін асты-үстіне келтіріп, қолдарына фонарь ұстаған тағы бір
бөлігі ауланың ішін, бақшаның бұрыш-бұрышын тінтіп жүр. Айнала
дабыр-дұбырға толып, біреулердің қытайша ақырып боқтағаны, əйелдер
мен балалардың шыңғырып жылағаны естіледі.
«Міне, осымен бəрі де бітті! — деп ойлады əлі де қамыстың арасында
жатқан Демежан бармағын шайнап. — Əттең, дүние-ай! Өстіп өкіндірумен,
сан соқтырумен-ақ өттің-ау!»
Аулада тапырақтап жүгірген аяқ дыбысы əлі басылған жоқ.
– Бəрін қарап болдық. Енді мына бір қамыстың арасында жатпаса, —
деді əлдекім енжар үн қатып.
– Бұл қорада кешеден бері байлаған адам тұра ма. Ендігі басқа бір жаққа
ұзап кеткен шығар, — деді екіншісі.
Көп адамның осылай қарай беттегені байқалды. Біреулері қамыс
үймегінің əр жеріне аша сұғып, тексеріп жүр.
– Қамысты бау-бауымен алып, түгел қопарыңдар! — деп бұйырды
əлдекім əмірлі дауыспен. Бұл — Бужыңха еді.
– Осыған қолды былғап, əуре болып жүреміз бе. От қоя салсақ қайтеді?
— деді тағы біреуі.
– Өрт ұлғайып, басқа үйлерді алып кетіп жүрмей ме?
– Е, мейлі, жан керек болса, өздері өшіріп алады.
Осы сəтте басқаларды тоқтатып қойып, бір адам бұған арнап қазақша тіл
қатты.
– Əй, Демежан, сені қан тартып тұр екен... шық бері қасарыспай! Өрттің
ішінде қалып, тозақ отына тірідей үйтіліп кетіп жүрме... Бауырындағы
балаң ұстап бергенде, сені кім аяйды деп тұрсын?!
Демежан анық айырды: бұл — Ысқақтың даусы. «Ит-ай, жаны неткен
сірі еді... Сары ізіме түсіп жүріп, түбіме осы жетті-ау, ақыры!»
Əлден уақытта бықсыған түтін исі шығып, қамыс маясының бір шеттен
сытырлап жана бастағаны байқалды. Не істеу керек? Осы арада тапжылмай
жатып, күлге айналу керек пе? Жоқ, əлде... Бірақ жер бетінде қабірің
қалмау деген сұмдық қой!


Үй иелерін де осы маңға əдейі айдап əкелсе керек. Əрі ұлғая бастаған
кезде, Ауаханның жан ұшыра «Демежан!» деп шыңғырған даусы естілді.
– Мына қатынды да отқа тастаңдар! Байы келгенде, ойнасымен бірге
жатып өртеніп кетті дерміз, — деді Бужыңха қатаң бұйрық етіп.
Сол сөздің ауыздан шығуы мұң екен, жасауылдар əйелдің ышқына
аласұрып қарсыласқанына қарамай, жанған отқа қарай сүйреп келе
жатқаны аңғарылды. Бұдан ары бөгелуге болмайтын еді. Кенет жалын
шарпыған қамыс үйіндісі жан біткендей теңселіп кетті де, соның бір
бұрышынан Демежан жолбарысша атылды. Ойы — Бужыңханың, не
Ысқақтың алқымына қолы бір іліксе, жастығын ала жығылу еді. Бірақ
қамалап тұрған көп шерік оған үлгіртпеді, тұс-тұстан шие бөріше жабылып
кетті де, қол-аяғын лезде байлап алды.
X
Небəрі бір тəулікке созылған қашқындық өмір осылай сəтсіз аяқталды.
Демежанды бұрын өзі жатқан камераға қайта əкеліп қамаған. Еш нəрсе
өзгермеген, сол бұрынғы тас түрме, тақтай төсек, жұлдызды аспанның
қиығы ғана көрінетін торлы терезе... Тек күзет күшейе түскен. Бұрынғы
қарауылдардың орнын жаңа адамдар басыпты. Түрме күзетшілері емес,
жазалаушы топтың жасауылдары. Ұзын дəлізде аяқ тықыры молайып,
қарулы шеріктердің есік алдынан кетпей тұрғаны байқалады.
«Міне, осымен бəрі де аяқталды, — деп ойлады Демежан əрі-сəрі
күйден құтылғандай, өз бойынан əлдебір жеңілдікті сезініп. — Өмірдің
бітпес, таусылмас қам-харакеті, қайсысына түсем деп бас қатыратын тарау-
тарау жолдары артта қалды. Енді мұның алдында бір ғана жол тұр. Əрі
қысқа, əрі төте өлім жолы. Ажалдың құтқармас құрығы...»
Өмір-тірлік енді бұл үшін өз мəнін жойып, жай екінші қатардағы нəрсе
боп қалған. Осы сəттен бастап ол тағы да өлімнің мəнін ойлауға көшті. Ал
өлім атаулыда мəн-мағына бола ма? Болғанда қандай!.. Егер мұның
өлімінде ешқандай күн болмаса, өкімет сол үшін бір жылдан бері ақ тер,
көк терге түсіп, сабылар ма еді? Өлім — өмірдің сірге жияр қорытындысы.
Өмірдің нəрі мен сөлі кейде оның соңғы нүктесінде жатуы да мүмкін.
Адам баласының жарық дүниеге келу-келмеуі — кездейсоқтық. Ал
дүниеден өтуі — міндетті заңдылыққа жатады. Мəселен, осы Демежанның
өмірге келмей қалуы да ықтимал еді ғой. Сол бір Алтайдағы Меркіттің
қашқын жігіті басына іс түсіп, Керімбайдың қолтығын паналамаса, осында
жүріп Гүлдерайым сұлумен ұшыраспаса, бұл шырылдап жерге түспес еді.
Кейін ат жалын тартып мініп, ел ағасы — Демежан үкірдай атанбас еді...
Соның бəрінің қисыны қалай келген десейші?!
Демек, бұл жалама жартасты жарып шыққан бір түп шыршадай, ешкім
күтпеген қисынсыз жерден дүниеге келіпті. Аз ба, көп пе, жер бетінде


қырық жеті жыл тіршілік кешіпті. Осынау кең сахарада жал-құйрығын жел
тараған жүйрік аттарға мініп, оңды-солды талай шаңдатыпты. Таңдап
жүріп жар сүйіпті. Қаракөз арулардың біреуін емес, нешеуін қос-қостап
құшыпты. Кеш те болса бала сүйіп, артына ұрпақ қалдырыпты. Бақ-
дəулеттің, мансап пен биліктің де қызығын бір кісідей татып көріпті. Өз
еркі өзінде жүрген кезінде, қара қазақ түгіл, қылышынан қан тамған
халдайға да дес бермепті... Ер жігітке бұдан артық не керек? Бұл артын
көрмеген, бұл дəмін атпаған, бұл қимайтындай не қалды бес күндік
дүниеде? Енді бұған тек дұрыстап өле білу керек. Досы да, дұшпаны да
көрсін —Демежанның ажалды қасқайып тұрып қалай қарсы алғанын! Бұл
тірлікте мұны көре алмайтындар, іштарлық етіп, басындағы бағын
қызғанатындар көп еді. Енді ақтық зауал шағында да мұның қайтпас қайсар
өлімін көріп, іштері күйсін!
Рас, Демежан мұндай тағдырды өзі қалап алған жоқ. Жарық дүниемен
қоштасуға асығып, бұл тірлікті тəрк еткен жері бар ма? Ойлап қараса,
өмірінде ыңқ етіп ауырмаған жан екен. Табиғат бұған күш-қайратпен қоса,
денсаулықты да аямай берген-ді. Егер кездейсоқ қатер кезікпегенде,
сексенге тіпті тоқсанға дейін жасай беруі мүмкін еді. Бірақ оған жеткізбеді
ғой... Аспандағы ай да, күлімдеген күн де мұны кешірер. Осынау жарық
дүниеде жүре тұруы үшін бұл не істемеді? Ақтық сағатында тас түрмені
бұзып, қашып та көрді. Қашқындық — қорлық, намыс болса да, қараңғы
көрден бір күндік жарықты артық санады. Бірақ дəм-ыризық біткен соң,
амал не? Өмір бұған өгейлік көрсетті. Алғаш шыр етіп жерге түскенде, тар
құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен өз анасының ақ сүті бұйырмай,
несібесін басқа əйелдің омырауынан тауып еді. Қатыгез тағдыр сол
қаталдығынан бір айныған жоқ. Өмір бойы жалғыздық зарын тартты. Туған
ел де өгей, ағайын-жұрт та өгей, өкімет те өгей, тіпті бағып-қағып есірген
бауырындағы бала да өгей болып шықты... Осындай ортаға қалай ғана
сыйып, сонша жыл қалай жер басып жүргеніне қайран қалады.
Адам өмірі қысқа. Ерте келер, кеш келер, түбінде күтіп тұрған бір өлім
бары хақ. Сол өлімнің өзі өмір бойы қыр соңыңнан қалмай аңдып
жүргенімен, өз нысанасына əртүрлі жолмен келеді екен. Біреулер асарын
асап, жасарын жасап, əбден жасы жеткенде, өлім жастығына армансыз бас
қояды. Екінші біреулер ем қонбас дертке ұшырап, көп уақыт төсек тартып
жатып, əлсіреп барып үзіледі. Ал үшінші біреулер оқыста аттан жығылып,
не соғыста, барымтада кісі қолынан мерт болады. Бұлардың барлығы да
Алланың ақ өлімі, немесе ажалына тура келген тағдырдың жазуы деп
қаралатын, жұрттың еті үйренген, күн сайын болып тұратын қазалар.
Ал Демежанның күтіп жатқаны — қазаның жанағы үш түріне де
келіңкіремейді. Мұныкі — ажалына тура келген ақ өлім де, не адасқан
оқтан, содырдың сойылынан болатын оқыс қаза да емес. Дəл мұндай күні
бұрын дайындайтын, сол үшін бүкіл өкімет, заң орындары айлар бойы
əбігерге түсетін, өз үкімдерін құдайдың бұйрығындай қағазға түсіріп,
хаттап-шоттап əкелетін өлімді бұл өлкенің қазағы əлі бастан кешіріп көрген


жоқ. Сонда, мұныкін қандай өлім деп атауға болады? Ел-жұрт, мешіттегі
имам-қазіреттер бұған қалай қарайды екен? Осы тұста өткен жылы Ешен-
Сейіт қазіретпен дауласқаны есіне түсті. Əттен, сол дамолламен осы кезде
бір жолығып сөйлесер ме еді?!
Дегенмен мұның о дүниеге аттануына бүкіл мемлекет араласып,
өкіметтің өзі көмекке келіп отыруына қарағанда, бұл да осал өлім
болмағаны. Соған қарағанда, кейін бара-бара кімнің қанша өмір сүретінін,
кімнің қашан өлетінін көктегі құдай емес, жердегі өкіметтің өзі басқарып
отыруы да мүмкін-ау. Мəселен, қазақтың байлары қандай малды өсімге
алып қалып, қайсысын сатып, қайсысын соятынын күні бұрын мөлшерлеп
қоймайтын ба еді. Бұл да сол секілді бірдеңе... Демек мұның өлімі
құдайдың бұйрығы емес, өкіметтің ісі болды. Адам мен адамның, патша
мен бағыныштының арасындағы кезекті құрбандық. Тағдыр бұған ешкімге
ұқсамайтын, бұлтарыс-бұралаңы көп, ерекше өмір сыйлап еді, өлімнің де
бұл өлкеде жоқ, төтенше түрін жібергенін көрмейсің бе?!
Осылайша, ой артынан ой туып, көпке дейін кірпік айқастырмаған
Демежан тек таң алдында ғана талығып ұйықтап кеткен-ді. Содан камера
ішіне жарық түсіп, түрме қарауылы таңертеңгі асын əкелген кезде бір-ақ
оянды. Тəбеті тартып тұрмаса да, əл жинау үшін бір тостаған шай мен
жарты қалашты түгін қалдырмай соғып алды. Бəлкім ақырғы атау кересі,
соңғы дəмі...


Қарауыл ыдыстарын жинап аларда, оған қара киімді, құлу бас, кəрі
дүнген ілесе кірген. Қолтығына қысқан төртбұрышты айнасы, қолында
шылапшын, шəугімі бар. Шаштаразы екен. Əлгі байғұс қарауылдардың
көзінше Демежанның өсіп кеткен шашын алып, сақал-мұртын басып берді.
– Бұл не? Матен-амбы мені тойға апарайын деп жасандырып жатқан жоқ
па? — деді Демежан оның бетіне күле қарап.
– Мен ештеңе білмеймін. Менің міндетім — тек шаш алу.
– Бас алатындар — басқалар демексіз ғой?
Шаштараз тіл қатқан жоқ, шəугімін, шылапшынын көтеріп, келген
ізімен қайта шығып кетті.
«Бұл да бір біткен іс болды, — деп ойлады Демежан, жеңілейіп қалған
қауғадай басы мен сақал-мұртын сипап тұрып. — Қанша дегенмен,
ежелден мемлекет басқарып келе жатқан, мəдениетті, ұқыпты халық қой.
Осындай ұсақ-түйекке дейін мүлт жібермейді».
Арада бірер сағат өткенде, тағы да кілт сылдыры естіліп, есік ашылды.
Алып кетуге келген жендеттер шығар деп ойлаған. Жоқ, басқасы емес, бас
жендет — Матен-амбының өзі екен. Бұл жолы жалғыз кіруден жасқанып,
жасауылдарын ерте келіпті. Бүгін таңертең жамбылдың сырт жағына дар
ағашын орнаттырып қойып, бір сəтке Демежанды көріп қайтуға кірген беті
еді. Үкім орындалар алдында тұтқынмен соңғы рет сөйлесіп, өзінше бір
рахаттануға келген. Əбден жеңіліп, жер тезек болған жауының жүні
жығылып, жасығанын көру — Матен үшін мерекеден кем емес. Бүгін өзі
тіпті көңілді екен.
– Хал қалай, Демежан мырза? Бүгін шырайыңыз жақсы ғой. Сірə,
ұйқыңыз қанып тұрған-ау деймін?—деді орсақ тісін көрсете, ырсындай
күліп.
Демежан орнынан тұрмастан, төсекте отырған күйі жауап берді:
– Иə, ары таза, арамдығы жоқ адам қашанда алаңсыз, тəтті ұйықтайды.
Бүкіл бір аймақтың ұлығы мен төресі мен үшін шапқылап жүргенде,
алаңдайтын не бар?
– Бəсе, мен де солай болар деп ойлап ем... Осы сізді жақында түрмеден
қашып кетіп, қайтадан ұсталып қалды дей ме? Ол не сөз?
– Иə, солай болды... Егер құтылып кеткенде, сенімен басқаша жағдайда
кездесетін едім.
– Апыр-ай, о... Онда дер кезінде ұстап алғанымыз дұрыс болған екен.
Əлгі балаңыз келіп мəлімдемегенде тіпті құтылып кете жаздапсыз-ау! —


деді Матен тақ бір сол үшін өкініп тұрған адамдай. — Дегенмен
қашқаныңыз бекер болған. Мен сізді мұндай қорқақ деп ойлаған жоқ едім.
– Құдай білсін, кімнің қорқақ, кімнің батыр екенін, — Демежан мырс
етіп күлді. — Қаптаған əскер, осыншама билік қолыңда тұрып, сен де мені
жетіскеніңнен қамап отырған жоқ шығарсың.
– Амал не, тəртіп солай. Өзіне күпірлік келтіріп, қарсы шыққан бұзақыға
Цин өкіметінің заңы өте қатал, — деді Матен өзінше қиналған түр
байқатып. — Мен сізді құтқарып қалу үшін қаншама күш салдым. Бірақ
оған заң рұқсат етпеді...
Ұлықтың монтаны сөзін аяқтатпай, Демежан кенет қарқылдап күліп
жіберді.
– Қандай арамсың, иттің баласы?! — деді оның бетіне қарап тұрып. —
Сонау Шепейзіге мені құтқару үшін барған екенсің ғой. Келе жатқан
ұлықты да сол үшін жол ортадан қайтарып жібердің бе? Сен сияқты екі
жүзді оңбағандарды қара жер ойылып кетпей қалай көтеріп тұр екен?
Матеннің мейманасы тасып, арқасын кеңге салғаны сонша, əлгі сөзге
титтей де ашуланбады.
– Бірге барғаным болмаса, бұл іске менің титтей араласым жоқ. Өз
бауырларың не тілесе, ұлық соны бекітіп берді, — деді ол бұрынғыдан ары
жайдарылана түсіп. — Тым құрыса сізге біреуі ара түспеді-ау. Қазақтарды
мұндай безбүйрек, берекесіз ел деп кім ойлаған?!
– Халықта жұмысын болмасын. Ал сатқындар қай елден болсын
табылады.
– Ал балаңыз ше? Балаңыздың өзі сатып кетті ғой сізді... Айналаңыздың
бəрі жау болғаны ма сонда?
Демежан үндеген жоқ, жүрегі сыздай ауырып, бетін бұрып əкетті. Матен
сұм мұның жан жарасын тауып, соны əдейі тырнап тұр. Демежанды қатал
жазамен де, өліммен де қорқыта алмасын сезіп, оны азаптаудың осындай
жаңа тəсіліне көшіп еді.
– Айтпақшы, сізге əлі үкімді жарияламаған екен ғой. Сіз бүгін, амандық
болса, дарға асыласыз, — деді Матен, осы сөзімнің əсері қалай болар екен
дегендей, оның бетіне тесіле қарап. — Қанша батыр болғаныңызбен,
өлімнің түсі суық қой, қорқып тұрған жоқсыз ба? Сын сағатта күш берейін
деп, сізге əдейі бұрылдым.
– Бекер əуре болғансың, мен өлімнен қорықпаймын, — деді Демежан. —
Өлімнің ең қиын жері — ажалмен жекпе-жек алысып, жалғыз жатып жан
үзуде ғой. Ал Маншың өкіметі осыншама əуреге түсіп, салтанатпен


аттандырайын деп жатса, соның өзі қызық емес пе?!
«Тү-у, мынаған дауа жоқ екен! — деп ойлады Матен шарасы
таусылғандай. — Шынымен-ақ, қыры сынбай, жүні жығылмай кеткені ме?
Өлім алдында да алған бетінен қайтпайтын мұндай да қайсар адам болады
екен?!»
– Өкінішті-ақ!... Сізбен əбден достасып кетіп едім. Қимай тұрғаным, —
деді ол қабырғасы қайысқандай қипақтап. — Сіз сияқты өз ойын ашық
айтатын адам да қалмай барады ғой... Амал не, дар басында кездескенше
сау болыңыз.
Матен-амбы соны айтып бұрыла берді де, есікке таман барып, əлдене
есіне түскендей қайта оралды.
– Бұл мəселенің енді бəлендей мəні де жоқ. Дегенмен, айтыңызшы: əлгі
біздің Гаугаң сорлыны қай қуысқа тығып кеттіңіз?
Демежан Гаугаңның қолға түспей кеткенін біліп, көңілі көтеріліп қалды.
Байғұс аман құтылған екен ғой.
– Сен не, басқа жалаң аздай, оның қанын да маған артпақсың ба? — деді
кекете езу тартып.
– Əлбəтта. Оны азғырып алып кеткен сіз емес пе?
– Гаугаң — адал адам ғой, оған қай жерден болсын бір кісілік орын
табылады. Аспан астының бір қуысында адамдарға азаттық тілеп жүрген
шығар.
Түкке түсінбеген Матен басын шайқап сəл тұрды да, нөкерлерін ертіп
шығып кетті. Осыдан кейін-ақ оқиға барысы күрт жеделдей бастаған.
Əншейінде орнынан жылжымай жатып алатын тасбақа уақыт бүгін шапқан
аттай зымырап, тым тез өтіп жатқан сияқтанды.
Түс ауа дəлізден топырлаған аяқ дыбысы жиі естіліп тұрды да, бір
мезгілде салдыр-гүлдір есік ашылып, ішке қару ұстаған он шақты шерік
кірді. Бəрінің де түстері суық, жау түсіргендей сұстанып алыпты. Əлгілер
Демежанның қол-аяғына кісен салып, қаумалап далаға алып шықты. Сол
қамалап қоршаған күйі түрме ауласында жегулі тұрған пар атты арбаға
əкеліп отырғызды.
Демежанның үстінде қала сəнімен тігілген шибарқыт бешбент-шалбары,
басында күрең қатипадан оюлап сырған қазақы тақиясы, аяғында көнетоз
хром етігі бар. Ақ көйлегінің омырауын ағытып қойыпты. Көптен күн
көзіне 
шықпай 
қапаста 
отырғандықтан, 
əлде 
іштегі 
алай-дүлей
толқыныстан, қазір оның өңі əдеттегісінен ақшыл тартып, бір түрлі
бозарып шалынады.


«Я, Жаратқан ием! Я, атаның аруағы, өзің жар бола гөр! — деп тіледі
арба орнынан қозғала бергенде. — Бойға қуат, ойға сабыр бер. Досқа күлкі,
дұшпанға таба қыла көрме!.. Мен — шейітпін! Шейіт кетіп барамын...»
Абақтының ауыр, қара қақпасы қақ жарылып ашыла берген. Бұларды
есік алдында аттылы адамдар тобы күтіп тұр екен. Көпшілігі — қара атқа
мініп, қара киім киген халдайлар. Шихалдай бастатқан Дохалдай, Бахалдай,
Кехалдайлар түгел осында жүр. Олар үшін бүгін ұлан-асыр той. Жылына
бір келетін «Көк шыбық» мерекесі де мұндай болмас. Шіренгенде үзеңгі
бауларын үзіп кете жаздап, дауыл алдындағы ұзақ қарғадай шуылдасып,
дарақылана қарқ-қарқ күліседі... Демежан сол қалың топтың арасынан
Ысқақты көріп қалды. Соңғы оқиғадан кейін оның халдайлар арасындағы
беделі тіпті арта түскен. Қазір де бүгінгі күннің бар ауыртпалығы соған
түскендей, астындағы атын танау қақтырып, арбаға жол ашып, көшедегі
бейсауат елді қуып жүр.
Алды-артын қаумалаған қалың əскердің қоршауында пар атты арба
жамбылдың батыс қақпасына қарай бет алды. Олардың соңынан жаңағы
аттылар ілесіп келеді. Бірнеше шерік арбаның үстіне шығып, тұтқынның
иығынан, желкесінен басып ұстап алыпты. Кілең шибая шеріктердің
ортасында ертегінің алыбындай болып Демежан отыр. Сырттай қараған
адамға бұл көрініс Гулливерді ұстап əкеле жатқан лилипуттарды еске салар
еді...
«Мен қазір қан майданға, ұрыс алаңына аттанып бара жатырмын, — деп
сендірді Демежан өзін-өзі. — Күш тең емес, əрине. Жау — қарақұрттай
көп, мен — жалғызбын. Менің бұл шайқастан аман қайтуым екіталай... Көп
дұшпан мені қорлап, азаптап өлтіруі де мүмкін. Бірақ жау алдында қолым
қалтырамас, тізем бүгілмес. Қастықпен келген ажалды қасқайып тұрып
қарсы алармын!»
Салтанатты, қаралы шеру жамбылдың батыс қақпасынан шығып, қарасу
бойына келді де, кілт төмен бұрылды. Осы арада, қаланың «Жаңа махалла»
аталатын шеткі көшелері мен бекіністің екі ортасында ашық алаң бар-
тұғын. Қарасу бойындағы сол жасыл алаңда қаптаған адам шоғыры
көрінеді. Жолдың екі қапталында да тізіліп тұрған көп халық.
– Келе жатыр...
– Демежанды əкеле жатыр!
– Жүріңдер, дардың қасына барып көрейік...
– Құрысын, бала-шағаның жүрегі ұшып кетіп жүрер, — дескен сөздер
ауыздан-ауызға көшіп, ала-шабыр, құранды топ өзінше дуылдасып тұр.
Əскер қоршауындағы пар атты арба жаңағы қалың жиынға жетпей
тоқтады да, Демежанды жерге түсірді. Сонан соң қарулы шеріктер оны


ортаға алып, сонадай жерде көпшіліктен оқшау, бөлегірек тұрған ұлықтарға
қарай алып жүрді. Демежан енді байқады: жиналған жұрттың дəл қарсы
алдында, арқан бойындай жерге биік дар құрылыпты. Оны да кешелі-бүгін
орнатса керек, жуан бөренеден қиылған дар ағашы əлі кір шалмаған
күйінде, көгалды жазықта шаңқандай болып, алыстан көзге ұрып тұр.
Бұл маңда да қарулы жасақ жеткілікті екен. Қала гарнизоның түгел
осында əкелген сияқты, əскердің бір тобы дар ағаштың қасында,
қалғандары жиналған жұртты кейін ысырып, алдыңғы қатарда тізіліп тұр...
Жалпы мына жиында еңсені езген үреймен қоса, айрықша сұсты
салтанаттылық бар. Əлден уақытта əскер арасында барабан ұрылып, керней
тартылды. Үкім шығарудың дайындығы. Адамды жазалауға, үкім
орындауға келгенде, бұл елде ежелден қалыптасқан үрдіс, бұлжымас тəртіп
бары көрініп тұр.
Матен-амбы да бүгін дар басына мереке кезіндегідей жасанып, шен-
шекпенімен келіпті. Үстінде алтын зерлі жібек шапан, басында шошақ
төбесіне козалы асыл тас орнатылған айыр қалпақ. Өзі əлденеге асығулы
сияқты. Ол жұрттың алды-арты жиналып болды-ау деген мезгілде,
тақтайдан қиылған биік мінбенің үстіне шығып, үкім оқи бастады. Оның
қытай тілінде оқыған сөздерін сібе тілмашы Дабынтай қолма-қол
қазақшаға аударып тұр. Сан рет қайталанған ежелгі жарапазан, ойдан
шығарылған «қылмыстардың» тізбегі...
Демежан оның сөзіне құлақ қойған жоқ. Бір сəт қарсы алдында үріккен
қойдай ұйлығып тұрған көпшілікке назар салды. Өз аулынан, жақын-
туғандарынан біреулер келді ме деп қанша тінтіп қараса да, көзіне ешкім
ілікпеді. Жалпы, мына тұрғандардың арасында қыр қазағы жоқтың қасы.
Бəрі де осы қаланың қытайы, дүнгені, ұйғыры, қазағы аралас, əр алуан
кəсіп істейтін құрама жұрты. Қыр елі қазір жаппай жайлауға көшіп жатыр.
Оның үстіне, олар ұлықтардың бүгінгі ісінен хабарсыз болатын. Матен-
амбы қыр қазағының қалаға көп қатынамайтын, осындай қарбалас кезін
əдейі таңдап алған.
Қырық құрау қара тобырдың сырт жағында атқа мінген бір шоғыр
адамдар көрінеді. Демежан оларды жазбай таныды: Төртуылдың қазіргі
үкірдайы Көксеген бастатқан осы елдің зəңгі-елубасылары. Сол топта
Байсерке, Ысқақ, Тыныбайлардан басқа, Мамырбек, Тұрысбек, Таңғыт
үкірдайлар да тұр екен. Бұлар — əнеугүні Шепейзі сапарына қатысып,
Демежанға қырық рудан тас атқандай, үкіміне мөр басып, ұлыққа құлдық
ұрып қайтқандар... Демежан күні кеше өзімен бірге жүрген ру басыларына
əдейі көз тоқтатып, бірнеше рет сүзіле қарады. Бірақ олардың
ешқайсысының бұған бұрылып қарауға жүзі шыдамады. Бəрі де
тымақтарын көздеріне түсіре киіп, төмен тұқыра береді.
Үкім оқылып болған сияқты. Тағы да керней тартылып, барабан
дүңкілдеді. Жасауылдар Демежанның қол-аяғындағы кісенді алып, дар
ағашына қарай бейімдей берген... Кенет бəрі тына қалысты. Өйткені дəл


осы мезетте арт жақтан қоңыраулы күйме келіп тоқтап, одан қасында екі-
үш адамы бар, орыс консулы Соков түсіп жатыр еді.
Демежан да əлдебір үмітпен сол тұсқа жалт бұрылды. Бала кезінде
естіген көп ертегілерде тазша баланы, не жиһангез батырды осылай дарға
асқалы жатқанда, ғайыптан əлдебір күш келіп, құтқарып алатыны болушы
еді. Аяқ астынан сондай бір өзгеріс бола ма деп, бұл да дəмеленіп қалған.
Бірақ ол ертегі ғой, өмірде ондай ғажайыптар кездесе бере ме... Соков
Матен-амбының қасына келіп, жылы жүзбен қол беріп амандасып жатыр.
Жан-жағын жіті шолып шыққан консулдың мына азиялық жабайылықты
ұнатпай тұрғаны байқалды. Демежан оның əр сөзін қағыс жібермей, бар
зейінімен тыңдап тұрған. Соков аймақ əміршісіне қарап:
– Дəл осындай аумалы-төкпелі кезеңде мынадай ауыр жаза кесу міндетті
ме? Жəне оны тамам елдің көзінше жария түрде орындаудың не қажеті бар?
— дегендей бірдеңе айтты.
Бірақ оған Матен-амбы қысылатын емес, əзілмен күле тұрып жауап
қатты.
– Енді не істейміз, консул мырза? Сіздер сияқты ауыр қылмыстыларды
айдап жіберетін Сібіріміз, Итжеккеніміз жоқ. Империя жауларын о дүниеге
аттандыра беруден басқа амалымыз қайсы? — деген-ді.
Осыдан кейін консул де ештеңе айтпай тоқтап қалды. Енді тұтқынды дар
астына апарып, үкімді орындау ғана қалған-ды. Бірақ көңілі жайланып,
мерейі тасып тұрған Матен-амбы өзінің қасақы жауымен соңғы рет тағы
бір тілдеспей қала алмады. Ол күзет қоршауында тұрған Демежанның
қасына келді де:
– Ал, Демежан мырза, енді не айтарыңыз бар? Көріп тұрсыз ғой, сізден
ештеңені аяп қалып жатқанымыз жоқ, — деген масаттана күліп тұрып.
– Айтары жоқ, бəрі өз дəрежесінде өтіп жатыр... Тіпті сен өлгенде де
мұндай құрмет көрсетіле қоймас, — деді Демежан да езу тартып. — Бірақ
сен əділ ұлық болсаң, менің ақтық тілегімді сұрамайсың ба?
– Иə, не тілегің бар?
– Мен мұсылманмын ғой. Тым құрыса дəрет алып, екі рахағат намаз
оқып апайын.
Шығыс елдерінің салтында айыпкердің ақтық тілегін орындау деген əдет
бар. Сол үрдістен Матен де аттап кете алмады.
– Жарайды, болсын, — деді кең пейілділік көрсетіп. Сонан соң
жасауылдарға бұрылды да: — Тұтқынды су жағасына апарыңдар! — деп
бұйырды.


Он шақты шерік Демежанды қамалаған күйі су жағасына таман əкелді
де, не істер екен дегендей, сыртынан бақылап тұрды.
Ал Демежанның дəл қазір дəрет алып, намаз оқитын ойы жоқ-тұғын.
Өмір бойы сəждеге басы тимегенде, енді құдайға сиынды не, сиынбады
не?! Оның қазір бар ойлағаны — бес минут болса да осынау жарық дүниені
ұзарта түсу болатын. Сұлудың көзіндей мөлт-мөлт еткен қарасудың
жағасына барып, жүремел отырды да, асықпай беті-қолын шайды. Су сап-
салқын екен, денесі ширап, жеңілейіп қалды.
Бұлақтың ар жағында ұсақ балалар ойнап жүрген. Жасы жеті-сегіздер
шамасындағы, кəзекейінің өңіріне үймелетіп теңге-моншақ таққан,
кішкентай қазақ қызы бұған тақау келіп, тамашалай қарап тұр. Мына
қаптаған қалың елдің назары осы адамда екенін сəби жүрегі сезетін секілді.
Қыз тіпті сүйкімді екен. Өзінің Назымы сияқты... Балаға не берсем екен деп
қалтасын қарманып еді, қолына күміс баулы сағат ілікті. Бір жыл бойы төс
қалтасында жатып, мұның жүрек соғысын, ақтық күндерін санаған жалғыз
серігі еді.
– Мə, ала ғой, қызым! — деп сағатты арғы жағадағы көк шөптің үстіне
тастады. Қайран тірлік кінəсыз сəби қыз бейнесінде мұнымен қоштасып
тұрған тəрізді.
Ол жуынып болған соң, намаз оқыған адамның кейпіне түсіп, еңкейіп
бара жатқан күнге қарап біраз тұрды... Есіл өмір-ай, қандай қысқа едін
сен?! Көзді ашып-жұмғандай бір сəтте зымырап өте шыққаның ба? Күнің
түнге, түнің күнге ұласып, уақыттың мына қарасудай тегін өтіп жатқан
кезінде, сенің қадіріңді кім білген. Енді, міне, таусылар, сарқылар шағында,
сенің бес минутыңды жан алғыш əзірейілден зорға сұрап алды-ау! Бар-
жоғы бес-ақ минут. Мұның өмірі бес минутқа ұзарды...Өзінің мына
тұрысына қарап, кенет Демежанның есіне Əсет ақын айта беретін «Ағаш
ат» қиссасы түсті. Сол қиссада хан баласы Қасен өзін дарға асқалы
жатқанда, ағаш аттың тетігін бұрап, аспанға құс боп ұша жөнелетіні барды.
Əттең, дүние-ай! Мұның да сондай ағаш аты, ұшар қанаты болар ма еді?!
Демежанның көңілінде қазір өлімнен тайсалып қорқу да, өзегін өртеген
өкініш те жоқ. Тек өмірге деген өкпе, өзіне деген аяныш қана бар. Ит те,
құс та тырбанып тірлік етіп жатқан осынау қым-қуыт дүниеге бір басының
сыймағанын ойлағанда, өзін қатты аяп кетіп еді. Жат жерде жүрсе бір сəрі,
өз еліне, өзінің туған топырағына сыйдырмады ғой... Көз алдынан бүкіл
өмірі жалт-жұлт етіп, жылдам көше бастаған. Бəрі емес, əрине, естен
кетпес шоқ-шоқ көріністер... Ақыры соның бəрі тұтасып, бірігіп кетті де,
бір дара бейнеге айналды. Ол — Бибі бейнесі. Бибінің қара көзі боталап,
адамға бір жаудырап қарайтыны болушы еді. Тура сол қалпында көз
алдына келіп тұрып алды... «Бақыл бол! — деді Демежан сол бейнеге қарап
тұрып. — Мен сені бақытты ете алмадым. Қос қатын алып қорлағаным
аздай, орта жолда аңыратып тастап кеттім-ау. Қарғама... Кешіре гөр!..»


Бұдан арғысы бұлыңғыр. Өзінің жендеттер қоршауында дар ағашқа
қарай кетіп бара жатқанын біледі. Əлденеге асыққандай ешкімге бұрылып
қараған да жоқ, қаптап тұрған халыққа бір ауыз тіл де қатпады. Дар
ағаштың астындағы құламалы көлденең тақтайға өзі секіріп шықты.
Денесіне жендеттің арам қолын тигізбей, кендір арқан ілмегін де мойнына
өзі киді...
Бір қарағанда тура маңдай алдында мыс табақтай балқыған қып-қызыл
күн тұрған сияқты еді. Келесі сəтте табаны жерге тимей қалды да, дүниенің
бар салмағы мойнына түскендей, тынысы бітіп, əлгі күн сөніп бара жатты.
Айнала-төңірек əп-сəтте қап-қара түнекке айналды. Мезгілінен не ерте, не
кеш туған, өмірге екі келмес есіл Демежан дүниеден осылай өтті...
Өз жұмыстарын тындырған соң, ұйлығып тұрған ұлықта, қаптаған
қалың əскер де жарықтан қашқан тарақандай лезде ғайып болды.
Демежанның жансыз денесі көптің қолына енді ғана тиіп еді. Жұрт əлі
денені аспақтағы арқаннан босатып алып жатқанда, жамбылдың сырт
жағындағы қара жолды шаңдатып, тасқын селдей болып, қалың нөпір салт
аттылар келіп жетті. Бұлар — Абдыра аңғарыңда егін салып, күн көрген
жатақ ауылдардың Бөке бастатқан азаматтары еді. Бүгін сəске кезінде бұл
сұмдық хабарды оларға Диқанбай жеткізіп барған. Содан бір-бір
шолақтарын ерттеп мініп, қолдарына сойыл, шоқпар, айырларын алып,
шауып жеткен беттері осы болатын. Бірақ, амал не, кеш қалды. Егер осыдан
бірер сағат бұрын жеткенде, өздерінің сүйікті көсемдерін құтқарып алмаса
да, өкімет əскерімен бір айқасып қалар ма еді, қайтер еді?!
Бұл тірліктің шаруасы бітіп, енді өлікті о дүниеге аттандырудың əңгімесі
басталғанда, бейне жерден шыға келгендей, дін иелері: имам, қазіреттер
қаптап кетті. Ешен-Сейіт бастаған бұл дуалы ауыздар Демежанды жат
қолынан өлген шейіт, иманды кісі деп бағалады. Сүйекті сол күні Ешен-
Сейіт өз мешітіне апарып түнетті де, ертеңінде Жауыртамдағы
мұсылмандар зиратына арулап жерледі. Жаназаға бүкіл қала жұртшылығы
түгел жиналған. Онда да ойлағандары — өз қамдары. Өйткені шейіт болған
адамға топырақ салудың өзі асқан сауап көрінеді...
Осынын ертеңінде Боздақ даласында адам айтса нанғысыз тағы бір
сұмдық оқиға болды. Демежанға шығарылған үкімнің екінші тармағында
оның қора-жайын, жер-суын өкімет мүсəдіра
37 
қылып, төрт түлік малын
«хан талапайға» салу туралы айтылған-ды. Бұл Матен-амбының өз
қылмысын жеңілдетіп, қазақтардың да қолын былғай түсу үшін, əдейі
ойлап тапқан айласы еді.
Сол күні ұлы сəске кезінде жайлауға көшуге қамданып, жиын отырған
қалың Байғара-Жауғаш аттылы-жаяу қаралы ауылға қарай ағыла бастады.
Бұлар — өлікке құран оқу немесе тірілерге көңіл айту үшін емес, кешегі өз
үкірдайларының аулын талап алғалы келе жатқан жанкештілер. Бұл топтың
ішінде Байғара-Жауғаштың өз адамдарынан басқа, Ысқақ, Байсерке секілді


өзге рулардың атқамінер пысықтары, баукеспе барымташылары да бар еді.
Жиналған қара тобыр ең алдымен төрт түлік малды өрістен айдатып
əкеліп, пышақ үстінен бөліске салуға кірісті. Біреу жылқыға, біреу түйеге
жармасса, енді біреулері он-жиырмадан қой қосақтап жатыр. Атан өгіз,
сауын сиырлар да кім көрінгеннің қолында жүр. Бұлардың бəрі Демежанға
ақысы кеткен, еңбегі сіңген біреулер болса екен-ау, иесіз малдан қамтып
қалуды, талап-бұлауды олжа көрген аш көз ағайындар. Сұрауы жоқ, иесі
жоқ, тегін дүниенің ту-талақайын шығарып, əне-міне дегенше тып-типыл
етті.
Бұл күнде жасы сексенге таяп қалған, өзін осы малдың иесімін деп
санайтын қарт Майлық əлі тірі еді. Сол байғұс əркімнің қолына бір
жармасып, жан ұшыра көп таласты. Ақыры онысынан ештеңе өнбейтін
болған соң, қаңырап бос қалған бие бау басында өкпесі күйіп отыра кетті.
– Шабыңдар!.. Талаңдар! Ой-пой, шеттеріңнен жау түсіргіш, неткен ер
едіңдер?! Тал түсте талапайға салатындай не жазығым бар еді?!. Керімбай
мен Демежанның аруағы атар-ау сендерді! — деген сақалынан алты тарам
жас ағып отырып.
Еліріп алған есер жұрт мұнымен де тынған жоқ. Кешеуілдеп келіп,
малдан үлес тимей қалғандары енді ақ үйлерді талауға кірісті. Жайлауға
көшер алдында буып-түйіп қойған тендерді талқандап, қолға іліккен асыл
бұйым, киім-кешекке дейін бөлісіп əкетіп жатыр. Енді біреулері тақ бір
дүниені бірге жиысқандай, кілем-кілше, түс киіз, текеметтерді де сүйреп
барады. Əбден ақ көзденіп алған ашқарақтары ең соңында ақ үйлердің
үзіктерін сыпыра бастаған. Бейне алыс бір өлкеден аямас жау келгендей.
Баяғы Жоңғар жорығы қайта басталғандай...
Бибі неше күннен бері қатты жылаулар күйде, ауыр қайғы үстінде еді.
Байғұс əйел кеше кеште Демежан қазасын естіген сəтте-ақ, қара шашын
жайып жіберіп, əлі нұры таймаған ал-қызыл, сұлу жүзін тырнағымен осып,
қан жоса еткен. Содан бері үздіксіз жылау үстінде жиі-жиі талып кетіп,
қасындағы Бөке, Диқанбай сияқты үлкендер су бүркіп, зорға тірілтіп алып
отырған-ды. Бүгін таң атқалы бұл ауылдың жау шапқандай халге ұшырап,
мал-жанның талауға түсіп жатқанына да Бибі көңіл аудара қоймаған... Тек,
сырттан əлдекімдер түсірлете шауып келіп, өзі отырған сегіз қанат ақ
орданың артқы үзігін сыпырып алған кезде ғана, оған ес кіргендей болды.
Əуелде түкке түсіне алмай, жартылай жалаңаш қалған басындағы
шаңыраққа қарап аз отырды да, сонда да ештеменің байыбына бара алмай,
жүгіріп далаға шықты. Маңайда мал қуып жүрген жұртты, дүние-мүлік
көтеріп бара жатқан адамдарды көргенде ғана, санасына бірдеңе жеткендей
болды. Қорғансыз əйел тек осы кезде көпшілікке қарап дауыс салып, зарлап
қоя беріп еді.
– Елім-ау!.. Жұртым-ау! Бұл не қылғандарың? Бұл шаңырақ— бəріңнің
басыңды қосып, осы елді ел қылған шаңырақ еді ғой. Осы үйде адал


асымды ішіп, қолымнан талай дəм татып едіңдер ғой... Не беттеріңмен
талап жатырсыңдар? Тым құрыса, «бүлінгеннен бүлдірге алма» деген атам
қазақтың салтын ұмытпасаңдаршы!.. Не болды сендерге? Маған жандарың
ашымаса да, аруақ-құдайдан ұялсаңдар нетті?! — деп əр топтың қасына бір
барып, осы сөздерді зарлап айтумен болған.
Бірақ дəл қазір оның зарын ести қоятын құлақ жоқ еді. Дүниеге көзі
тұнған жұрт қолына іліккенді қалдырмай, талап, теңдеп əкетіп жатыр.
Өзара малға, мүлікке таласып, төбелесіп, қырқысып жатқандар қаншама...
Бибі жылауын кілт тоқтатты да, əлдене есіне түскендей, қайтадан үйге
кірді. Төр алдында үстіндегі жүгі шашылып қалған, үлкен сарыала сандық
тұр еді. Соның кілтін қоңыраулата бұрап ашты да, ішінен əлдебір жібек
матаға оралған бүктеулі қағаз алып шықты. Бұл — Абдыра мен Қараүңгір
өзендерінен Демежан атына берілген екі тоған судың таңбалы құжаты
болатын. Бибі соны ұстай шықты далаға. Қотан ортасында тұрған аттылы-
жаяулы адамдарға жақындап барды да:
– Əй, дом атқырлар-ау! Демежанның өмір бойы ойлағаны сендердің
қамдарың емес пе еді. Бүгін көзі жұмылмай жатып, соның бəрін
ұмытқандарың ба? Малды ғой талап алдыңдар, ал мынаны не істейсіңдер?
Бұған қайсыларын ие боласыңдар? — деп əлгі қағазды бұлаңдата жоғары
көтерген.
Бірақ Бибінің бұл сөзіне де құлақ асқан ешкім болмады. Өйткені бұл
жүргендер — егін егіп, жер емшегін емген еңбекші жұрт емес, төрт түлік
малды ғана байлық деп санайтын кəдімгі көшпенділер, оның ішінде де
шаруаға қыры жоқ, жай қосақ арасында күн көріп жүрген, тойымсыз тобыр
болатын. Олардың қағазға қарауға да мұршасы келмей, əрқайсысы
жетектегі жылқысымен, қосақтағы қойымен əуре болып, өз беттерімен
күйбеңдесіп жүр... Бибінің тұла бойын ыза кернеді. Кенет жерошақта
жанып жатқан отқа көзі түсті де, солай қарай бұрылды.
– Ал ендеше!.. Сендерге жер-судың керегі жоқ екен ғой. Демежанмен
бірге мұның да күлі көкке ұшсын! — деп қағазды отқа тастауға ұмтыла
берген.
Осы сəт манадан бері қаралы əйелдің əр қимылын аңдып тұрған Бөке,
жан ұшырған күйі тұра жүгірді де, Бибінің жолын бөгеп, құшақтай алды.
– Алда, Бибі шырағым-ай! Сəл сабыр етші, айналайын... Ашу үстінде
қарап отырған барымыздан, аузымыздағы нанымыздан айыра жаздадың-ау!
Бұл Демежандай ерімнің қанша жыл халдайлармен алысып жүріп, əрең
алған қағазы емес пе еді. Есіл ер күні кеше сол үшін басын берген жоқ па?!
Қолында жиғаны, көңілінде иманы жоқ, көп тоғышарды қайтесің. Маған
бер бұл қағазды! Демежаннан қалған бұл мұраны иман-шартымдай,
құранымдай сақтармын! — деп Бибінің қолындағы қағазды алды да, аса бір
киелі затты ұстағандай, ерніне апарып тəуеп етіп, көкірегіне басты.


Енді біраздан кейін мыңғырып жатқан бай ауыл көшкен елдің
жұртындай қаңырап бос қалып еді. Демежанға қарасты үйлерден
шағылмаған, тоналмаған бірі жоқ. Тек Ырысқанның ақ отауы ғана қол
тимей бүтін тұр. Оны да Мамырбек төренің адамдары қорғап қалған.
Мамырбектің ұлы Тұрысбек Ырысқанды мал-жанымен көшіріп əкетуге
ұлықтан рұқсат ала келіпті. Үлкен бір қора қой мен бір үйір жылқы да жас
тоқалдың еншісіне тиіпті... Енді, міне, ұзатқан қыздай əлденеше түйеге
жүгін артып, аттарын ерттеп, олар да орнынан қозғалайын деп жатыр.
Күн екіндіге таман еңкейгенде, бір-екі көлікке ұсақ-түйек жүк теңдеген
тағы бір шағын көш олардан бөлініп, тау жаққа қарай бет түзеді. Бұл —
Абдыра аңғарындағы Бөкенің жатақ ауылына бара жатқан Бибінің көші еді.
Байғұс əйел қайғыдан бүгіліп, ат жалын құшып, əрең жүріп келеді.
Бақытым, барым деп есептеген сүйікті жары Демежаннан өлі айрылса,
бауырындағы баласы Назарбектен тірі айрылып, қос-қабат жаза шеккендей,
қан жұтып қалған жайы бар.
«Керейдің ұрпағын жат жұртта қалдырмаймыз» деп, Мамырбектің
адамдары он екіге келген ұл баланы байлағандай етіп алып қалды.
Назарбектің «апатайлап» шырылдаған үні Бибінің құлағынан бір сəт кетер
емес.
Артта қаңырап құлазыған Боздақ даласы қалып барады. Дүниеде
Демежан деген адам болмағандай. Оның айбынды ақ ордасы осынау өлкеге
қонбағандай.


ЭПИЛОГ
Содан бері де арада бес-алты жылдай уақыт өткен. Арман мен үмітке
жүкті жаңа жиырмасыншы ғасыр бірте-бірте күш алып, адамзат тарихына
жыл сайын жаңа беттер қосуда. Бұл мерзім ішінде қашанда дүние жүзі
халқының бестен бірін құрап келген ұлы Қытай мемлекетінің өмірінде де
өзгерістер аз емес-ті.
Соның ең бастысы — осыдан екі жыл бұрын бұл елді екі жүз алпыс жеті
жыл бойы үздіксіз билеген Цин династиясы тақтан тайдырылып, монархия
жойылды. Сөйтіп, марқұм Демежан мен оның ақылшы ұстазы Ли-
шансыңның жете алмай кеткен өзекжарды армандары кеш те болса жүзеге
асқандай болып еді. Бірақ бұдан олар ойлағандай қалың еңбекші бұқараға
азаттық таңы атып, еркіндік тие қойған жоқ. Сунь Ятсен бастаған
революциялық қозғалыс монархияны құлатып, жеңіске қолы жеткенімен,
оның жемісін кертартпа, оңшыл күштер пайдаланып кетті. Былтырдан бері
жаңа құрылған республиканың президенті болып, билік басына бір кездегі
Цин сарайынын жалдамалы құлы — генерал Юань Шихай келіп отырып
алды.
Шығыс Түркістанда құрылған жаңа өкімет те соның айна қатесіз
көшірмесі тəрізді. Іледегі бұрынғы жаңжұң ауысты да, оның орнына Янь
Цян-Цин деген біреу келіп отырды. Бұл да заты қытай ұлтынан шықты
дегенің болмаса, Маншың өкіметінің байырғы чиновниктерінің бірі еді.
Бəлкім, 
монархияның 
құлауы 
ішкі 
өлкелердегі 
қалың 
қытай
жұртшылығына игілікті əсерін тигізсе тигізіп те жатқан шығар. Бірақ
Шығыс Түркістандағы бұратана халықтар үшін, бұл өзгерістің келіп-кетері
шамалы болды. Тек қожайындар ауысты да, құлдар бұрынғы қалпында қала
берді.
Дегенмен, өмір бір орында тұрып қалмай, жаңарып, жалғасып жатыр
еді. Ер-азаматты атып-асып құртқанымен, аналар ұл табуын тоқтатқан жоқ.
Ат тұяғын тай басып, кешегі қу бұтақтың орнын жас өскіндер жауып тұр.
Тарбағатай мен Барлық тауының екі ортасында қайтқан құспен жарысып,
əлі де қаздай тізіліп ел көшеді. Əйтседе, жыл өткен сайын аттың жалы,
түйенің қомында жүретіндер азайып, Құлыстай елінің бір бөлігі
отырықшылыққа ойыса бастаған. Баяты Демежан салдырған мешіт-
медреселер маңында, тоған-егістік бастарында там үйлі қоржа-зəйімкелер
қатары молая түскен. Демежан аты ұмытылған жоқ. Қайта өзі өлгеннен
кейін азаматтың өp тұлғасы бұрынғыдан ары биіктеп, іріленіп кеткендей.
Ол туралы айтылатын аңыз-əңгіме, өткенді өксік ата еске алатын жоқтау
жырлар қаншама.
Уақыт мамыр айының соңы, шалқар түстің кезі болатын. Сары жиектен
шығып, Шəуешекке қарай бет алған бір топ жүргіншінің де қазіргі əңгімесі
сол Демежан төңірегінде. Топтың дəл ортасында, қара жал құла жорғаның


үстінде Əсет ақын келе жатыр. Қасында өз атқосшысынан басқа Күдері,
Бабалық жəне Шөтіктің жас зəңгісі Бөлекбай бар.
Əсеттің бұл күнде жасы қырық бестерге келіп, жігіт ағасы атанған шағы.
Қара торы, қоңырқай жүзі қазір ақ сұр тартып, толыса түсіпті. Үстінде кең-
мол тігілген жасыл жібек шапан, басында құндыз бөрік. Артына бөктерген
үлкен ала қоржынның бір басында үкілі домбыраның құлағы көрінеді.
Атақты əншінің біраз уақыт Еміл бойында, Барлықтан қайтқан елдің ішінде
болып, енді қалаға оралып келе жатқан беті еді. Əлі де асықпай жата
беретін сыңайы бар-ды. Бірақ жақында арғы беттегі елден «тез қайтсын»
деген шұғыл хабар келген. Осы жазда Ақ патша əулетінің таққа
отырғанына үш жүз жыл толып, соған байланысты жер-жерде үлкен
мереке-той өткізілмек екен. Əсетті Жетісу өңірінде өтетін сол тойға
шақырып жатқан көрінеді.
Бұл топтың ішінде қазір жасы үлкені де, көп елді, көп жерді аралаған,
көне көз білгірі де Əсет саналады. Мына жағы Семей, Қарқаралы, түстігі
Жетісу, Балқаш, шығысы Алтай-Сауыр, Тарбағатай, Барлық болып, ол
дəмін татып, суын ішпеген жер кемде-кем. Кейінгі жылдары Құлыстай
өңірі де оның жыл сайын келіп, əн шалқытып қайтатын құт мекеніне
айналған.
Бұл өлкенің жер жадысын жақсы білетін Əсет Сарыжиектен ұзап, Боздақ
даласын баса, қалаға төте тартып келе жатқанда, алыстан көгеріп шалынған
қалың талды жазбай таныды. Бірден елең етіп, басын көтеріп алды да:
– Мына көрінген Демежанның қарағашы емес пе? — деді серіктеріне
қарап. — Əлде мен жаңылып тұрмын ба?
– Жоқ, дұрыс айтып келесіз.
– Сол қарағаштың дəл өзі...
– Бұл өңірде Демежан зəйімкесінен басқа мұндай қалың талды, саялы
жердің өзі де жоқ қой, — десіп қасындағылар іле қостады.
Бұдан былайғы бір алуан əңгіме осы сөзден басталып кетіп еді. Əсет сəл
томпақтау біткен үлкен қой көздерін сол алдындағы шоқ талдан алмай, бір
сəт үнсіз қалды да:
– Қайран қарағаш!.. Сенің саянда да талай аунап-қунап жатып, əн
шалқытып едік-ау! — деп көріктей кеудесін сілкіндіре, терең тыныс
тартты. — Мен Ақ патша мен Еженханға қарайтын қазақтың екі ұлысын
бірдей, кезек аралап жүрмін ғой. Сонда бір байқағаным, халқым деп қан
жұтып, елім деп еңіреген, тіпті сол жолда басын берген Демежандай
азаматты өте сирек ұшыраттым. Марқұм жігіттің төресі еді ғой. Тиген
жерін ақ алмастай тіліп түсетін ондай ерлер қайда-а қазір?


Бұл күнде жасы отыздың жуан ішін аралап, Төртуылдың бүгінгі белді
адамына айналған Күдері би де оның бұл сөзін жақсы ұғынып, іштей
құптап келе жатқан.
– Дұрыс айттыңыз-ау, Əсет аға. Қайран Демежан тар дүниеге, тайқы
маңдайға сыймай кетті ғой. Кезінде ол осындағы бүкіл елге пана болып еді,
ал біз оған пана бола алдық па? Қадірін білмей, соңынан ермей, қор еткен
өзіміз ғой! — деп ол да іште жатқан шер-шеменің тарқатқандай болды.
– Демежан айрықша жаралған жан еді. Соған орай тағдыры да ерекше
болды ғой, — деді Əсет ойын ары қарай сабақтап. — Арқа мен Жетісу
жерін аралап жүргенде, мен ішінара Ақ патшаға жақпай қалып, сонау Ібір-
Сібірге, Итжеккенге айдалып кеткендерді білуші ем. Ал ондай ел ағасының
бұлайша қатаң жазаға тартылып, шаршы топтың алдында дарға асылғанын
көрген де, естіген де емеспін... Нақақ кетті ғой қайран сабаз!
Манадан серіктерінің сөзін тыңдап, үнсіз келе жатқаны болмаса,
Демежан туралы көп ойлап, көп қайғырған адамның бірі Бабалық еді.
– Біздің сорымызға, дəл сол тұста Матен-амбыдай қызыл көз пəле тап
келмеді ме, — деді ол осы кезде əңгімеге араласып. — Халдайлардың
намысын жыртып, осы елдің содыры мен сойқанын Демежанның соңына
салып қойған — сол залым емес пе... Бірақ нақақ төгілген қан жібермейді
екен ғой. Ақыры сол Матен де қор болып, іріп-шіріп өлген жоқ па?!
Матен-амбыға жұрт жиренішпен қарап, жек көріп кеткені сонша, оның
атын атамай, ұмытуға тырысушы еді. Амал жоқ, Демежан сөз болған жерде
ол да еріксіз ауызға алынады... Осыдан екі-үш жыл бұрын, Маншың өкіметі
құлардың алдында, Матен де қайтыс болған. Əлде кездейсоқтық, əлде
тағдырдың жіберген жазасы, — Демежан өлімінен кейін көп ұзамай, ол
құлғана дейтін дауасыз дертке шалдығып еді. Цин династиясы тақтан таяр
алдында Матеннің жүйкесі сыр беріп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан
айрылған-ды. Көзі ілініп кетсе болғаны, түсіне Демежан кіреді. Жəне жай
көрініп қана қоймай, қолындағы шашақты найзасымен əміршінің денесін
сұққылап жатады. Ояна келіп қараса, жаңағы найза сұққан жер іріңдеп ісіп
шыға келеді. Содан, не керек, жыл уағына жетпей, Матеннің өне бойы
шұрқ тесік мерезге айналған. Үсті-басын ірің кеулеп, ақыры төсек тартып
жатып қалған-ды. Содан көп ұзамады ғой. Өзі соңғы рет сойылын соғып,
қызғыштай қорыған Маншың үстемдігімен бірге ол да іріп-шіріп, жарық
дүниеден өшіп кетті...
Əсет Матен жайын бұрын естімеген екен. Шың таңданып басын
шайқады:
– Мынау бір ғажап нəрсе екен! Қан қарызы қарғыстай тиген екен-ау...
Кейде өлі аруақтың да осылай өш алатыны болады, — деді сүйінішін
жасырмай. — Айтпақшы, қазір Бибі қайда? Сорлы сұлу не күйде жүр?


– Бибі байғұс тірі... Қазір Абдырадағы жатақтар ауылында, Демежанның
отын өшірмей, өз алдына түтін түтетіп отырған жайы бар, — деді Күдері
жауап беріп. — Əкесі Құрман қажы да, атасы Қыдырмолда болыс та
бірнеше рет келіп, арғы бетке көшіріп əкетпек болып еді, төркініне
қайтпай, отырып қалды ғой, бейшара.
Əсет қабағын кірбең шалып, ауыр ойға батқандай біразға дейін үнсіз
келе жатты.
– Иə... Əйел затында өз еріне шын берілген, нағыз асық жар деп айтуға
болатын, сондай бір текті жандар сирек те болса кездеседі, — деді əлден
уақытта. — Ал мен өткен жылы Мамырбектің ауылына барғанымда,
Ырысқанды көрдім. Ол сылқымның ойына ештеңе келетін емес. Төсекпен
бірге көңіл де жаңғырған сияқты. «Əйел қырық шырақты» дейді ғой, бірі
сөнсе, екіншісі жаңа береді... Тұрысбектің нақсүйер тоқалы тіпті
бұрынғысынан да құлпырып, жайнай түскен бе деп қалдым, — деп ақын
аз-кем аял жасады да, ойын ары қарай жалғап əкетті. — Бұл кездесу одан
гөрі маған ауырлау тиді. Ырысқанды көрген сайын, Демежан есіме түсіп,
алай-дүлей ұйытқыған көңілді баса алсамшы... Кейде өліп қалған жақын
адамыңның мініп жүрген атын, не бір сүйікті затын бөтен біреудің қолынан
көрсең, көңіліңді мұң басатыны бар ғой. Мен де сондай күй кештім.
«Опасыз жалған-ай, бір күні көзің жұмылса, осылай телім-телім боп,
көрінгеннің қолында кетеді екенсің-ау» дедім ішімнен.
Бұл кезде біркелкі бұлаң құйрықпен суыт жүріп келе жатқан
жолаушылар Демежан қарағашына таяп қалған-ды. Күре жол зəйімкенің
желкесінен сəл қиыс өтеді екен. Сол тұсқа келгенде, Əсет серіктеріне
бұрылып:
– Зəйімкеге соға жүрейік. Осында біраз ат шалдырып, аруақты еске
алып, бəйіт оқып аттанайық, — деді баяу тіл қатып.
Бұл зəйімкеде ежелден орын теуіп қалған кейбір көрші-қолаң болмаса,
Демежанның өз туыстарынан қазір ешкім жоқ болатын. Мүсəдіраға ілініп,
қазына қарауына өткен қора-жай, егістік, шабындық жерлер басында бірер
жыл иен тұрды да, кейін жергілікті өкімет оны қытайдың бір бай
саудагеріне сатып жіберген. Қазір маңайында жыртылған жер, көктеген
егіннен басқа қыбыр еткен тірі жан көрінбейді. Иесіз, өлі дүниедей
қаңырап бос қалыпты.
Жүргіншілер зəйімкенің өзіне соққан жоқ, ауыл сыртындағы қалың
қарағаштың саясына келіп тоқтады. Бау-бақшаның қоршау-дуалдары құлап,
көрінген жерінен көлікті кісі өте беретіндей, андыз-андыз жолға
айналыпты. Ағаш арасындағы жіңішке арықта сылдырап су ағып жатыр
екен. Жолаушылар сол арада аттарының ауыздығын алып, аз-кем аял
жасады. Төңіректе азан-қазан бір шу бар. Көкке бой созған зəулім шынар,
қара ағаштардың басына қалың қарға ұя салған екен. Солар қарқ-қарқ етіп,
маза берер емес.


– Осы ағаштардың бəрін Демежан марқұм қаладан екі бағбан əкеліп, өз
қолымен ектіріп еді, — деді зəйімкенің салыну тарихын жақсы білетін
Бабалық. — Аз жыл ішінде ну орманға айналып, құлпырып өсіп кеткен.
Мұны да сəнінен айырып, селдіретіп жіберіпті ғой.
– Демежаннан белгі қалдырмаймыз деп, түгел өртеп, жойып
жібермегеніне шүкіршілік ет, — деді Күдері айналасына барлай көз
жіберіп. — Обал-ай! Еккен адамның өзі жоқ, тал-теректер өніп-өсіп тұр.
Адам өмірінің ұзақтығы ағаш құрлы болмағаны-ау...
Əсет бұлардың əңгімесіне үнсіз құлақ қойып, су жағасындағы көгалда
малдасын құрып отырған-ды. Есіне өткен күндер оралды ма екен, өңінде
өлеңге толғатқан кезіндегідей бір ширыққан мазасыздық бар.
– Нөкербек, қалқам, менің домбырамды əпере салшы, — деді бір мезетте
қасында атқосшы боп еріп жүрген жас жігітке бұрылып.
Домбыраны қолына алғаннан кейін де, құлақ күйін іздегендей, қос
ішекті сабалай шертіп тағы біраз отырды. Өзі жиі айтатын «Қисыметтің»
белгілі əуені жүр-жүрлеп, ішекке орала береді. Осылайша азырақ арқа
қоздырып, шабыт шақырып алды да, өзінің шырқау биік даусымен алғашқы
«аха-ау-ды» жеріне жеткізе бір қайырып тастап, мамырлаған майда бүлкіл,
желіске басты.
Керілген кер бетеге, қайран Боздақ, Жатушы ең қойың қоздап, түйең
боздап. Бұл күнде қара қарғаң маза бермей, Қайғыны көңілімдегі кетті-ау
қозғап.
Көрінген сонадайдан, беу қарағаш, Көзіме сені ойласам келеді жас.
Күзелген шолақ байтал құйрығындай, Қалыпсың, жапан түзде жап-
жалаңаш.
Дегенде, беу қарағаш, сəнің қайда, Тербеткен төңіректі əнің қайда?
Алыстан көзді арбаған ақ үйлер мен Төрт түлік өріп жүрген малың қайда?
Көшкенде жүк артатын түйең қайда? Саяңда байлап қойған биең қайда?
Жайылып төрт тарапқа данқы кеткен, Кешегі ер Демежан иең қайда?!
Əсет осы үрдіспен іркілмей ұзақ сілтеді. Қасындағы жолдастары да
қыбыр етпей, ұйып тыңдап қалған. Ақын жанды Күдерінің көңілі бос еді,
көзіне іркілген жасты көрсетпей, теріс айнала берді. Əсет сөз нөсерін төгіп,
желдіртіп барып басылғанда, шын сүйінген алғашқы сөзді де сол айтып еді.
– Қайран, Əсет аға-ай! Жеріне жеткізіп жақсы айттыңыз-ау. Кезінде
Демежанды əн жырымен, сəн-салтанат бабымен дұрыстап жоқтай да
алмаған едік. Шын жоқтаушысына, өнерпазына жолықпай жүр екен-ау.
Мына жоқтау бəйітіңіз оқыған құраннан кем болды ма? Осы дұғамыз
жетсе, марқұм орнынан бір аунап түскен шығар-ау! — деген күңірене тіл


қатып.
– Иə, Демежан өзіңізді өмір бойы қадірлеп өтіп еді. Достық қарызынан
бір құтылдыңыз.
– Мынау бір жаттап айтып жүретін, жұртқа жаятын сөз болды-ау! —
десіп Бабалық, Бөлекбайлар да қостап кетіп еді.
Бұл шақта Əсеттің өзі де жаңағы шабытты қызу қалпынан əлі арыла
алмай отырған. Өңі қара қоңыр тартып, термен жылтырап, нұрлана түсті
де:
– Демежанның қай қылығын, қай жақсылығын айтып тауысарсың. Оның
өмірі он ауыз өлең емес, ұзақ дастан-жыр жазуға татиды, — деп аз бөгеліп
барып, Күдеріге қарап бір ағалық кеңес айтты: — Күдері, сен де өлеңнен
жүген ұстап жүрген жан емессің ғой. Осы жөнінде бір толғанып көрсең
болмай ма. Жылдар өтер, топырақ тозып, тас та мүжілер. Қарағаш та қурап
жайына қалар... Дүниеде тозбайтын, көнермейтін бір-ақ нəрсе бар. Ол —
арттағы ұрпаққа қалатын асыл сөз, өлең-жыр. Шамаларың келсе,
Демежандай дегдарға өлеңмен ескерткіш соғыңдар!
Осыдан кейін жолаушылар бұл жерде көп бөгелген жоқ. Тұсаулы
күйінде ұзаңқырап кеткен аттарын ұстап мінді де, қалаға қарай асығыс
жүріп кетті...
Дəл осы жаз күндерінің бірінде Шəуешектің Жауыртам жақ шетіндегі
қалың зираттың ішінде де біз білетін біраз адамдар жүр еді. Көп төмпешік,
ала-құла бейіттердің арасында тікшелеу етіп тұрғызған төрт құлақты
шағын зират тұр. Бұл — Демежан зираты. Ал бір сəт топ адамнан
оңашаланып, сол зираттың қасында тұрған əйел — Бибі болатын.
Бибі бүгін үстіне қоңырқай көйлек, қара қатипа қамзол киіп, басына қара
бөртпе шəлі жамылыпты. Əр жолы зират басына келген сайын осылай қара
жамылып, аза тұтатын əдеті.
Кеше Демежанның азаппен өлтірілгеніне тура бес жыл толған. Сол
қаралы күн қайта айналып соққан сайын, Бибі бір малын сойып, шек беріп,
құран оқытады. Соның ертеңінде, міндетті түрде, зират басына келіп
қайтады. Кеше де жатақ ауылдың кəрі-жасы Бибінің үйіне жиналып,
Демежанды еске түсірген. Бүгін таңертең Бөкенің кіші ұлы Жұмабекке ат
жектіріп, көп адам қабір басына арнайы келген беттері еді.
Бибінің жасы əлі елуге іліне қоймаса да, өңі солғын тартып, күрт
қартайып кетіпті. Бір кездегі таң арайындай шапақ атып тұратын сұлу,
нұрлы жүзіне ұсақ əжімдер түсе бастаған. Қалың қара шашына да күміс
жалатқандай ақ талдар араласыпты. Қасірет тұнған нəркес қара көздерінде
мəңгі арылмайтын бір тұңғиық мұң бар.


Қазір ойлап отырса, Демежан екеуі жиырма бес жыл бойы бір
шаңырақтың астында жұп жазбай өмір сүрген екен. Бибінің кешкен
тірлігім, көрген қызық дəуренім дейтіні де — сол қайта оралмас бақытты
күндері. Ол бұрын да тек Демежан үшін өмір сүріп еді, ендігі қалған
тірлікте де соның түтінін түтетіп, рухына дұға оқыту үшін ғана жүрген
сияқты. Демежан қазасы кезінде Бибі де өзіне қол жұмсап, күйеуінің
соңынан аттанып кетуді көп ойластырған. Бірақ онысы құдайға күпірлік,
шариғатқа қайшы келетін болды. Жасынан діндар, сопы боп өскен Бибінің
көңілінде қазір медеу тұтар бір ғана жұбанышы бар. Ол ана дүниеге
барғанда, таңда махшар күндерінде Демежанмен қайтадан қауышам деп
ойлайды. Өзін соған қалтқысыз сендіріп қойған. Ол үшін құдай алдында
бетке шіркеу болатын бірде-бір қате жібермей, аяғын шалыс баспай,
пенделік, жұбайылық парызын адал атқарып баруы керек.
Сорлы əйел зират басында əлі де ұзақ тұра берер ме еді, қайтер еді, арт
жағынан Бөке келіп дыбыс берді.
– Шырағым Бибі, күн кешкіріп барады, қозғалайық. Мұнда қанша
сарылып тұрғанмен, есіл Демежан енді бізге оралар ма?! Қабір басында
бұлайша көп күңірену аруаққа ауыр, құдай алдында асылық болады деседі
ғой. Ендігі қалған аят-дұғамызды үйге барып оқиық, — деген Бибінің
қолтығынан сүйемелдеп.
Бұл күнде жасы жетпістің ішін мол аралап кеткен Бөке де сақал-шашы
селеудей ағарып, ұлғайған қартқа айналыпты. Дегенмен, табиғат берген
күш-қуаты сарқыла қоймаған, жүріс-тұрысы ширақ. Əлі күнге дейін баяғы
Демежан тоғанының кілтін ұстап, өзімен күні бір, кəсібі бір егінші қауымға
ақылшы аға атанып, Бибідей жесірге сүйеніш боп, жүріп жатқан жайы бар.
Күн еңкейе барлығы арбаға отырып, Абдырадағы ауылға қарай бет алды.
Қала сыртындағы қала тəрізденіп, арт жақтарында қалың мола қарауытады.
«Бүгін жер басып жүргеніңмен, тіршілікте қанша асып-тасқаныңмен,
түбінде кеуде тосар кермең, тоқтайтын тұрағың осы ара» дегендей,
аруақтар мекені батар күннің кешкі сағымына бөгіп, ұзаған сайын ұлғая,
қомақтана түседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет