«Ежелгі түркі жазба ескерткіштеріндегі ақпарат және оның түрлері
Ежелгі түрік руна алфавитімен бәдізделген Есік Алтын Адамы жанынан табылған күміс тостағандағы жазу мәтінінде (біздің жыл санауымызға дейінгі 5-6 ғасыр), Орхон, Енисей, Талас өзендері бойындағы тас бітіктерде сақталған журналистикға тән белгілер. Білге қаған (683-731), Тоныкөк, Күллі Чор, Мойын Чор т.б. жәдігерлердегі сюжеттер мен оқиғалар желісі, образдар бейнесі мен жер-су атауларына байланысты суреттеулерден публицистік белгілердің нышанын, ақпарат таратудың көшпелілерге ғана тән ерекшеліктерін талдау.
Руна таңбасы – Тәңірдің демі салынған қазақтың рухы, қазақ даналығының өріс жаятын негізі, өсіп-өнетін киелі кеңістігі. Зады, сөз қадірін , ұлттың рухани келбетін таныту үшін ұлттық алфавитке ерекше мән берілуі тиіс. Қазақтың әріп кескінін түземей, ұлттық болмыс қалпын түзей алмасымыз айдан анық.
Руна жазуы – жаһандану дәуіріндегі технологиялық жойқын тасқынның Қазақтың өзіне тән бітім болмысы мен бояу нақышынан, қадір-қасиеті мен тәлім-тәрбиесінен , салт- дәстүрі мен әдет – ғұрпынан жуып – шайып кету қаупіне Берік Қорған, жоғалмауының кепілі, ұлттық рухы мен намысының жебеушісі, құтқарушысы демеушісі.
Енді РУ сөзінің түп – төркініне үңілетін болсақ, Қазақтың көшпелі тұрмыс – тіршілігін , әдет – ғұрпын , салт – санасын көзі көріп өскен академик – жазушымыз Сәбит Мұқанов «ұрығтан» - «ұрық», одан «ру сөзі ұру – ұрық – ұрығ – ұру» болып өзгергенін дәйектейді. Байырғы қабыр басында қойылған эпитафиялық құлыптастардағы әр заманның табы қалған емлелік жазу заңдылығына сәйкес «ру» лексемасының «ұрығ-ұру» пішінінде тұлғаланғаны әлгі пікірлерді құптайды. Яғни , РУ сөзі ұрығ «қ», тұқым, қан, ген ұғымдарымен мәндес.
Руна сөзінің түп-төркінін ғылыми пайымдаған әлемдік лингвистиканың ортақ тұжырымы Еуропаның ежелгі алман, кельт, гот, скандинав, соксон тілдеріндегі «құпия», «сабыр» мағыналарын білдіретін ұғымдармен байланыстырылған топшылауға саяды. Дүниежүзілік жазу үлгілерін жинақтап, шығу тарихын арнайы зерттеген көрнекті ғалымның іргелі еңбегінде: «Ежелгі скандинав пен ағылшын – сақсондарының рун сөзі, бағзы исландтардың рунар мен немістің руна лексемасы байырғы германның ру түбірімен байланысты және готтың «құпия» деген мағынадағы руна, сондай-ақ, ежелгі немістің рунер мен қазіргі тіліндегі раунер «құпия сыбырлау» дегенді білдіреді. Бұл қарастырып отырған жазулардың руна деп аталуының, ықтимал себебі, ежелгі германдардың барша алғашқы қауымның халықтарына тән магиялық күштің құпиясын қару-жараққа, бағалы әшекейлерге, қабір үстіндегі тастарға және т.б.қашап, таңба белгілеріне көшіргені сияқты» - деген қорытындыға келеді. Бір ғажабы, рунологияның туған отаны неміс, өріс жайған мекені бағзы көшпелі түрік елі болғаны соңғы жылдардағы ғылыми елеулі табыс, сенсациялық жаңалық. Бұл жөнінде рунатанудың бірегей білгірі Тайжан Досанов: «Көк төрүктердің тілінде іні сөзі руна құпиясына төмен түсу , яғни терең ой дегенді білдіреді. Ал, Руна концепциясында ой – сананың өте терең қабілеті арқылы графика тілінде кодталған, яки жасырынды бейнеленген орграфикалық композицияны рулық таңба іні деп атауға әбден болады. Сонда руна сөзі ру қосылған іні сөзінің калькасы деп түсінген абзал» - деп түйінді тұжырым жасайды.
1893 жылдың 15-желтоқсанында Дат профессоры Вильгельм Томсен Орхон-Енисей есерткіштерінің құпиясын шешті. Ол тастағы белгілерді салыстыра отырып, дыбыстардың ыңғайына қарай белгілер алдыңғы және артқы қатардағы болып екі топқа бөлінетіндігін айқындады. Бұл түркі тілінің құрылысына тән. Академиктер В.В.Бартольд пен А.Н.Самойлович бұл оқиғаны ХІХ ғасырдың ұлы жаңалығына жатқызды. 1896-1897ж. Қазақстандағы Тараз қаласына жақын жерде көне түркі жазулары түріндегі бес тас ескерткіш табылып, олардың ең ежелгі жазбаларға жататындығы дәлелденді. Көне түркі жазуының түйіні шешілгеннен кейін Монғолиядан - 33, Енисейдің Орхон аймағынан - 85, Шығыс Түркістанда, Талас бойында -12, Ферғана мен Шығыс Еуропада бірнеше көне түркі ескерткіштері табылды. Түрколог ғалымдар С.Т.Кляшторный мен А.Н. Кононовтар оларды 7 топқа бөлді.
Достарыңызбен бөлісу: |