Шерхан Мұртазаның редакторлық қызметі
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекеніндегі Талапты ауылында дүниеге келді. Ол Талаптыдағы жеті жылдық мектепте оқып, он жылдықты Тараз қаласындағы қазақ-интернат мектебінде бітірді.
Шерхан Мұртаза 1963 (4 маусым) – 1970 (6 қазан) жылдары «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) 28-ші бас редакторы болды. Ол бас редакторлық еткен біраз жылдар ішінде «Лениншіл жас» газеті жарияланымдарының пәрменділігі, айдарлары мен тақырыптарының тапқырлығы ерекше деңгейде көрініс тапқандығын байқар едік. Газеттің 1963-1970 жылдар арасындағы тігінділерін парақтағанда сол жылдардағы «Аққу» эстетикалық клубы, «Күмбез» археологиялық клубы, «Арай» студент және уақыт», «XX ғасыр. Халықтар. Әдет-ғұрыптар», «Өркен» жоғары класс оқушылары үшін», «Замандас келбеті», «Әдебиет беті», «Ғылым дүниесінде» т.б. арнайы беттері мен тұрақты айдарлары жастардың әлеуметтік-қоғамдағы тыныс-тіршілігін, төл әдебиетіміздің өзіндік бет-бейнесін, балалар мен жасөспірімдер тәрбиесін тақырып арқауы етіп, жеріне жеткізе жазып отырды.
Кез келген редактордың жемісті еңбегі шығармашылық пен ұжымды басқара білу қабілетінен көрінеді. Шерхан бас редактор ретінде ұйымдастырудың үш міндетін көрсете білді деп айта аламыз, олар: біріншіден, Шерхан қарамағындағы тілшілердің, журналистердің баспасөзде қоғамдық ақпаратты, әлеуметтік мәні бар мәселелерді дер кезінде дұрыс көрсете білуіне басты көңіл бөлді; екіншіден, газет ұжымы алдына да, өзіне де: «қайтсе газет (болмаса журнал) жақсарады?» деген сауалды қойып, өзінің редакторлық шеберлігі мен тәжірибесін қазақ баспасөзінің өркендеуіне аямай жұмсап отырды; үшіншіден, бас редактор ретінде қолынан жазу келетін жастарға ағалық қамқорлық жасай отырып, елді елең еткізетін, оқырманға әлі белгісіз соны құбылыстарды көрсету қажеттігіне бағыт-бағдар сілтеді. Бұл «Редактор – газеттегі жетекші журналист. Әрбір материалдың мазмұны мен сапасына баға беру, газеттің өрнектелуіне зер салу – редактордың тікелей міндеті» екендігін көреміз (80 б, Т. Ыдырысов, 1977).
«Жалын» альманағының алғашқы бас редакторы жазушы Өтебай Қанахиннен кейін 1971 жылғы № 1 -ші нөмірінен бастап Ш. Мұртаза бас редактор ретінде қол қоя бастады. «Жалын» альманағының әрі «Жазушы» баспасының жастар мен балалар әдебиеті жөніндегі Бас редакциясының бас редакторы ретінде Шерхан Мұртаза ең алдымен, әдебиет сынына кең өріс ашты. Баспасөз бар жерде әдеби сын да бар. «Жалын» альманағы кемшіліктерді батыл айтып, әдебиет тағдырына байланысты туған сын мақалаларды батыл жариялады. әдеби басылым «Жұлдыз» журналының (№ 1 1973 – № 5 1975) бас редакторлығы кезеңі еді. Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен жылдары «Жұлдыз» журналында «Публицистика және очерк» айдарында көркем публицистикаға, очерк жанрына кеңінен орын беріліп, онда республика өміріндегі елеулі өзгерістер мен табыстарының тынысын, еңбеккерлердің қажырлы күресін, еңбек үлесін, шаруашылықтар мен еңбек ұжымдарының экономикалық және әлеуметтік сыр-сипатын ашып көрсетуді басты мақсат етті. Бір ғана 1973 жылғы жылдық санының өзінде прозада – 36 шығарма, поэзияда – 35, очерк, публицистикалық мақалалар – 23, өнер, ғылым саласына арналған – 11 жарияланым, әдеби сын – 26, жаңа кітаптар туралы – 29 рецензия жарық көрді. Осылардың ішінде көркем публицистика, очерк жанрында жазылған Ұ.Бағаевтың «Франция әсерлері» (№ 3, 1973), Ф. Оңғарсынованың «Мұнай мұхиты» (№ 5, 1973), Ғ. Жұмабаевтың «Жер асылы – Жезқазған» (№ 6, 1973) тағы басқа публицистикалық жарияланымдарды ерекше атап кетуге болады.
Шерхан Мұртазаның ең көп уақыт және тұп-тура жариялылық пен қайта құру кезеңі басталғандағы редакторлығы «Қазақ әдебиеті» газетінде (1980 жыл 10 қазан-1989 жыл 10 қараша) өтті. «Қазақ әдебиеті» газеті – әдебиет пен өнердің газеті. Әдебиет те, өнер де – киелі тәрбиеші, қасиетті тәлімгер, руханиятымыздың үлкен жанашыры, рухани дүниелеріміздің жоқтаушысы әрі насихатшысы, ұлттық тарихымыздың түгендеушісі.
Қаламгер Шерхан Мұртаза 1989 жылдың 11 қарашасында «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. Бас редактор ретінде ол ең алдымен, газеттің «Социалистік Қазақстан» атын (1991 жыл, 18 маусым) жаңаша атауды көздеді. Газет баяғы партиялық, марксизм заманынан бері көнтерідей сіресіп қалмай келген «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген қасаң ұраннан арылып, «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» ұранын көтерді.
Шерхан бас редактор болған «Социалистік Қазақстан» газетінде сол жылдары «Жансарай» әдебиет пен өнер беті, экологиялық «Талбесік» беті, «Алыста жүрген ағайын», «Сөз сыры», «Өзекжарды өткір сөз», «Даму тізгіні– дербестікте», «Жариялылық мінберінде – жазушы», «Жазылған жайдың жаңғырығы», «Ақжаулық» – ата-ана мен балалар клубы», «Жігер – спорт клубы», бөбектерге арналған «Алтын сақа», «Қайта оралған қандастар», «Атың барда жер таны», «Ауылдың әлеуметтік әлемі» сынды арнайы беттері мен тұрақты айдарлары өзіндік ерекшеліктері мен тапқыр көріністері арқылы оқырмандар ықыласына бөленді. 1990 жылдың қаңтарынан бастап газеттің сенбілік санының екі беті «Жансарай» деп аталатын әдебиет пен өнер бетіне арналып, сенбі күні сегіз бет болып шыға бастады. «Жансарай» арнайы бетінде «Дидарғайып», «Өнер қонған ел едік», «Әзіл, оспақ, сын-сықақ» бөлімдері мен арнайы бұрыштары оқырман көңілінен шығып, тұщымды дүниелер беріліп отырды. Сонымен бірге, ақын-жазушылардың прозалық, поэзиялық шығармалары, өнер, мәдениет қайраткерлері туралы естелік мақалалары жиі көрініп тұрды.
1992 жылдың 19 қыркүйегінде «Қазақстан» мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып қаламгер Шерхан Мұртаза тағайындалды. Компания төрағасы болған күннен бастап ол өзінің бар күшін, біліктілігін қолға алды. Бұл – бір журналистиканы, өнерді білуді, бейнелеуді кино көзімен қарауды ғана талап етпейтін, көптеген мамандардың (редактор, режиссер, оператор, әуезші, суретші, түрлі саладағы инженерлер т.б.) шығармашылық бірлігін қамтамасыз етіп қана қоймайтын, бұған қоса техникадан, экономикадан хабардар болуды да қажетсінетін жұмыс.
1992 жылдың 14 желтоқсанынан бастап журналист Шерханның бастамасымен қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Таңшолпан» ақпаратты-сазды, публицистикалық бағдарламасы көрермендерге көрсетіле бастады. «Таңшолпан» бағдарламасы халықтық қасиетке, ұлттық санаға байланысты хабарлар, бірыңғай саяси емес, әртүрлі ақпаратты-сазды, публицистикалық болып келді. «Таңшолпан» бағдарламасы «Зейнеп апайды тыңдасақ», «Иман» сабақ», «Қойшыбайтегінің бизнес мектебі», «Заң және біз», «Ән жолдасам деп едім», «Қазақ, ағылшын тілін үйрету сабақтары» т.б. айдарларында келіндерге кеңес, имандылық, мұсылмандық, оның шарттары, нарықтың ғылыми негіздерін түсіндіру тәрізді мәселелер сөз болды. 90-шы жылдардың басында өз бастамасымен «Шарайна» ақпаратты бағдарламасын, «Тайқазан», «Хан тәңірі» жарнама агенттіктерін құрды. Әсіресе, «Шарайна» бағдарламасы көгілдір экран көрермендерін жұмыс күні басталғанша өткен күннің соңғы жаңалықтары мен бүгінгі күннің ақпараттарына қанықтырып отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |