Каренов Р. Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз



Дата25.12.2016
өлшемі117,56 Kb.
#5054
Каренов Р.

Өмірі де, өзі де өнеге еді / Р. Каренов // Орталық Қазақстан.- 2005.- 3 наурыз.
«Ежелден ел тілегі - ер тілегі, Адал ұл ер боп туса - ел тірегі» Бауыржан Момышұлы
Қазақта: «Құдай біреуге берем десе, үйіп-төгіп бере салады екен» деген сөз бар. Евней Арыстанулы Бөкетовті сондай Құдайдың көңілі түскен адамның қатарына қосуға болар еді. Сірә, оның тындырған ісін, оған жасалған және жасалып жатқан құрмет-марапатты он адамға бөліп берсе де, сол он адамның әрқайсысы өмірден өз орнын тапқандардың қатарында жүрер еді. Парасатты, байсалды ғалым, қабырғалы, қабілетті, ұйымдастырушы, белгілі жазушы, дарынды әдебиетші-сыншы, аудармашы, беделді қайраткер, тілті кәдімгі қарапайым пенде ретінде де оқшау тұрған сол адам туралы әңгіме айтудың өзі өте қиын. Оның өткен жолын жай баяндал шығуға да біраз уақыт кетері өз алдына, көп нәрсені айта алмай қалар ең. Бұл өзі асып-тасып жатқан бай өмір.

Евней Бөкетов 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Қызылжар қаласынан самағанда теміржол бойындағы төрт станциядан әрі Мокроусово дейтін шағын қала бар. Осы Мокроусово іргесінде өзен ағады. Жағасында мектеп. Бірінші сыныпта болашақ академик осында оқыды. Малшы шаруаның отбасында сауатын ашып, тұрмыста шыныға жүріп, еркін ой мен еңбек сүйгіштік мектебінен өтті.

Оның балдырған балалық шағы халқымыз бастан кешкен аса ауыр-ұжымдастыру, сталиндік қуғын-сүргін, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Осындай қайғы-қасіретті балалық шағында көп көргеніне қарамай, қысы-жазы тентіреп, әр аймақты торғайдай паналаған өке-шешенің жетегінде, әр жыл сайын әрқилы мектеп табалдырығын аттап жүріп, өзі де жан сақтау үшін ара-тура, тиіп-қашып болса да жұмыс істеп, оныншы сыныпты бірден емтихан беретін төртіппен үздік бітірді. Сондықтан болар, жазушы Жайық Бектуров айтқандай, ғалым өзінің алғаш мектеп босағасын аттаған өңірін, болашақ жемісті өмір жолын өте бір қиыншылық, көшпелі кезде, кіндік қаны тамған жерден бастағанын ерекше елжірей еске түсіріп отыратын.

Евней Арыстанулының аскақ арманы адал қызмет ету болатын. Сондықтан ауылдық орталау мектепте мұғалім болып, бір топ жетімді асырап жүрген жиырма жасар естияр жігіт 1945 жылы аяқ астынан шұғыл бетбұрыс жасап, жастықтың жүйрік тулпарын ерттеп мініп, білім қуып Алматыдағы жоғары оқу орнына аттанды. Ол кезде Қазақ кен-металлургия институтында небары үш-ақ факультет бар еді. Жалпы саны екі жарым мыңдай студент оқитын шағын оқу орны болатын.

Белгілі жазушы, публицист Медеу Сәрсекеев өзінің «Ұстаз тағлымы» эссесінде елуінші жылдарда бұл оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы өте күшті болатын деп көрсетеді. Олардың қатарында әлденеше академик, ғылымға еңбегі сіңірген қайраткер атанған небір саңлақ профессор, ірі білімпаздар барды. Мәселен, металлургия факультетінде В. Пономарев, М.Усанович, Х.Аветисян, М.Стендер, А.Резняков тәрізді өте ірі ғалымдар, жасаң кезінде түсті металл өндіретін алып заводтардың іргесін қалап, әрі жетекші инженері болып жұмыс істеген күшті мамандар дәріс оқыды. Олардың қайсы бірі металлургия оқулықтарының авторлары болатын. Әрине, мұндай ғулама жандардан дәріс тыңдау, олардың мол білімдерінен сусындау кімге болсын, әсіресе, Бөкетовтей талантты жасқа игі әсер еткені сөзсіз.

Студенттік шақтың ұмытылмас қызықтары өз алдына бір төбе. Жоғары оқу орның тәмамдағаннан кейін Евней Арыстанұлы білікті маман болып, еңбекке араласады. Жемісті еңбегінің нәтижесінде ғылыммен айналысуға жолы ашылады.

Ғылым әлемінде алғашқы қадамын өзі түлеп ұшқан Қазақ кен-металлургия институтының аспирантурасына 1951 жылы түсуден бастайды. Зерделі жігіт сирек металдар кенінен молибденді айырып алу және оған химиялық талдау жүргізу проблемаларын зерттеуге бірден жұмылып кетті. Бұл зерттеулер 1954 жылы қорғалған кандидаттық диссертация негізі болды.

Жас ғалым 1954 жылдан 1958 жылға дейін жеңіл және сирек металдар металлургиясы кафедрасында ассистент және доцент болып, ал 1958-1960 жылдары институт директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Нақ осы жылдарда оның қаламынан И.Василенконың «Артемка» повесі, Э.Золяның «Әңгімелері мен мақалалары», И.Вазовтың «Езгілік астында» романы, В. Маяковскийдің «Қандала» пьесасы ақ өлеңмен шебер аударылып, дербес жинақ, кітаптар болып жарық көрді.

Республика Ғылым Академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ұсынысы бойынша Бөкетов 1960 жылдың ақпанында Қарағанды қаласындағы Химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтына директор болып тағайындалды. Сол уақытта бұл ұжымның шаңырақ көтергеніне небары екі-ақ жыл болғанды. Соған қарамастан директорлары екі мәрте ауысып, екеуі де әр жерден құралған жасаң ұжымды басқара алмай, ңақ сол қарсаңда институт зерек басшыға өте-мөте ділгір болып отырған еді.

Институттың қаз тұрып, әрі қарай өркендеуіне жаңа директор күш-қуаты мен білімін аямай жұмсады. Бұл ғылым ошағындағы сан-салалы жұмысы жайында ғалым өзінің «Ғылыми Кызметкердің жазбалары» атты еңбегінде жеткілікті әңгімелеген. Директор болған он екі жылда Евекең тынымсыз жұмыс істеп, өзіне дейін кадрлары тұрақталмай, өсек-аяңмен ұланып, дау-дамаймен тіршілік бастаған жас ұжымды шынайы ғылыми жұмысқа жегіп, академия жүйесіндегі іргелі институттар деңгейіне көтерді.

Басшылық тізгінін ұстай жүріп, Бөкетов мыс-электролит шлактарынан селен мен теллур айырып алудың пиро және гидрохимиялық тәсілдерін жасаумен шұғылданды. Ал, 1966 жылы қорғалған докторлық диссертация көп жылғы іргелі зерттеулердің қорытындысы болатын. 1970 жылы оның Қазақстан Ғылым Академиясына мүше-корреспондент, бес жылдан соң академик болып сайлануы Евекеңнің келелі ғалым ретінде сол кездегі Одаққа және республикаға танылғанын мойындаудың белгісі еді. Ұлағатты ғалым, басшы ретінде аталуы, Орталық Қазақстанның кіндік қаласында ірге ігеп тепкен химия-металлургия мектебінің негізін қалап, оған ғылымды шынайы сүйетін, өндірісте шыңдалған талантты жастарды тартып, көлемді де іргелі зерттеулер жасауға қабілетті ұя ұйымдастыруы да нақ осы жылдарда. Ғалым сирек және түсті металдар өндірісінің физикалық және химиялық негізі болып табылатын теориялық және практикалық зор мәні бар химияның сара бағытын белгіледі. Оның басшылығымен Балқаштың кен-металлургия комбинатында конверторда қайта өңдеу үшін Жезқазған концентратын даярлау тәсілі енгізілді. 1969 жылы осы мекемеде мыс рудаларын кешенді ұсақтаудың технологиясын жасап енгізгені үшін Евней Арыстанұлына бұрынғы КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Электрохимия саласындағы жұмыстар академикке өзінің шәкірті Әбдуәлі Бәйешовпен шламдағы болымсыз фосфордың өзін анықтау әдістемесін жасауға мүмкіндік берді. Бұл жаңалык «фосфор» шламында фосфор деген атпен өнертабыстар мен жаңалықтар жөніндегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік комитетінде ресми түрде тіркелді.

Евекеңнің осы заманғы металлургия технологиясын жасауға қосқан үлесі хақында айтқанда, түсті металлургиядағы шахта пештерін пайдалану және түсті, сирек металдардың гидрометаллургиясы жөнінде зерттеулерін атап өтпеске болмайды. Ол сирек және түсті металдың ұсақталған шикізаттарын күйдіретін түсті металлургия шахта пешін қайта жасап, зерттеу мен игерудің ынтагері болды. Институттың өзі басқарған лабораториясында шағын шахта пеші салынып, құрамында вольфрамы бар концентраттарды өртеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ бұл зерттеу ойдағыдай жүрген жоқ. Сондықтан пештің шикізаты өзгертіліп, молибден концентратымен ауыстырылды. Зерттеу сәтті аяқталып, Балқаш кен-металлургия комбинаты оны өндіріске қабылдап, қыруар пайда тапты.

Бөкетовтің жетекшілігімен шағын фосфориттерді ажыратып, фосфор тұздарын алудың болашағы үшін зор автоклав жасалды. Ғалым марганец рудаларын кешенді түрде қайта өңдеу проблемасын шешуде елеулі үлес қосты. Оның тікелей өзі және шәкірттері электролиттік шақпақтатын, ерітінділерді тиімді ұқсататын және олардан мыс сульфиті мен никель, күкірт қышқылы, мышьяк сияқты бағалы қосындыларды ажыратып алуға арналған сорбционды-экстракциондық процестер мен мембраналық технологияны қолдау тәсілін ұсынды. Академиктің өзінің шәкірттерімен көптеген жылдар бойы шұғылданған іргелі жұмысы — қож (шлак) үймелерінің құрамында қалған металдарды қосымша байыту арқылы қайыра өндіруге технология жасауға арналды.

Евней Арыстанұлы химия және халькогендер мен халькогенидтердің технологиясының жиынтық ғылыми бағытын жасады. Ол Қарағанды қаласында осы мәселе жайында еткізілген Бүкілодақтық бірінші (1978 жыл) және екінші (1982 жыл) кеңестердің ұйымдастырушысы және жетекшісі болды. Бүгінде Евекеңнің есімі халькоген химиясы бойынша республикада ғылыми мектептің негізін қалаушы ретінде аталады.

Академик көмірлі Қарағандының тұргындары үшін Д. Менделеевтің көмірді газға айналдырып, жанар газды құбырмен тасымалдау жөніндегі идеясы ерекше маңызды деп есептеді. Көмірді жер астында газға айналдыру саласындағы орыстың атақты ғалымының еңбектерін және осы замандағы ғылыми ізденістерді барлай келіп, Бөкетов Қарағанды бассейнінің тереңдігі көмір қабаттарын жер астында газға айналдырудың теориялық мүмкіндігін және практикалық мақсаттылығын негіздеп берді.

Өмірінің соңғы кезінде ғалым көмірден мұнай айырып алу жөнінде жаңа лаборатория ашты. Өте беріле шұғылданған ісі-боқаты көп, ең төменгі сортты, бірақ кокстелетін көмірден арнаулы ферробалқымалардың (темірдің қосылыстары) жәрдемімен органикалық синтездеу арқылы арзан бензин алу әдісін ойлап табу болғанды. Өкінішке орай, ол бұл зерттеуін аяқтай алмай кетті.

Евней Арыстанұлының ғылыми бағыттары калыптастыруда ғана емес, сонымен бірге ғылыми ұжымдарды ұйымдастыруда ерекше рөл атқарғанын айтпасқа болмайды. Ол ғажап сезгіштікпен «керек» ғалымдарды тауып, оларға бүтіндей ғылым бағыттарын сеніп тапсырды. Ширек ғасырдай уақытта академик 52 ғылым кандидаты мен үш ғылым докторын дайындап шығарды. Химия және металлургия салаларында Е. Бөкетовтің өз алдына дербес мектебі қапылтасты. Ғалым осы еңбегімен Арқа жерінде зор бедел-абыройға ие болды.

Евекеңнің қаламынан 220 ғылыми еңбек, тоғыз монография және екі оқулық құрал шықты. Шәкірттерімен ынтымақтаса жүріп АҚШ, Канада, Австралия, Швеция, Англия, Финляндия, Германия және басқа шетелдерде 110 өнертабысы мен жаңалықтарына патент алды.

Бөкетов қазақ әдебиеті үшін өте көп іс тындырды. Ол әдебиет саласында сыншы, аудармашы ретінде танылды. Оның Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев және басқа атақты адамдар туралы жазған очерк-эсселері-әдебиеттану ғылымына қосқан сүбелі үлесі. Академик қазақ оқырмандарын Шекспирмен, Пушкинмен, Маяковскиймен, Есенинмен таныстырды. Қарағандының Сәкен Сейфуллин атындағы драма театры ол аударған Шекспирдің «Макбетін» сахнаға шығарды.

1975 жылы қазақ тілінде ғалымның «Атан қомында туған адам» атты кітабы жарық көрді. Ал екі жылдам соң «Шығарманың қырлары» (орыс тілінде) атты көркем проза кітабы қолға тиді. Бұл екі шығармасында республика ғалымы мен мәдениет қайраткерлерінің портреттерін берген автор адам өмірінің өзің тек қана қажырлы еңбегімен ғылым мен өнерде жол сала алатынын, халқына адал қызмет ететінін, оның заңды мақтанышына айналатынын шебер көрсете білді.

Евней Арыстанұлының 1989 жылы «Жалын» баспасы шығарған «Досыма алты хат» кітабына айрықша тоқталуға болады. Досқа хат түрінде жазылған бұл кітапта автордың бейнесі толық әрі жарқын көрсетіледі. Өзі өмірде кездескен әйгілі азаматтар туралы баяндалады. Бұл шығарма ой қайнарымен, сездіру күшімен, болашаққа ұмтылдырушылығымен таңғалдырады. Мұнда автор өмірдегі қымбат та, қасиетті де адамдар достығы жайында сыр шертеді.

Қарағанды мемлекеттік университетін ұйымдастыру мен салуда Евекеңнің еңбегі ерекше зор. Ол университеттің алғашқы ректоры (1972 жылдың наурызынан 1979 жылға дейін) және оның жобасын жасаушы болды. Жобада Орталық Қазақстанның түрлі шаруашылық, ғылым мен мәдениет салалары қажет етіп отырған кең білімді мамандар даярлап шығару керек екендігі көрсетілді. Оның табандылығы мен жігерінің нәтижесінде ҚарМУ-дің алғашқы оқу корпустары, жатақханалары, оқытушылар үшін бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер тез арада пайдалануға берілді.

Е. Бөкетовтің қоғамдық қызметінің ауқымы өте кең болды. Ол бірнеше рет Қарағанды облыстық Кеңесімің депутаты болып сайланды. Мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ «Ерлік еңбегі үшін» медалімен және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұрынғы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік комитеттің «Гидрометаллургия» ғылыми кенесінің мүшесі, Қазақастан ұлттық Ғылыми Академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесінің бюро мүшесі, «Минералдық шикізатты кешенді пайдалану» журналының сарапшылар алқасының мүшесі болып сайланды. 1971 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.

Академик Е. Бөкетов өте кішіпейіл, адамгершілігі жоғары жан еді. Ол үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл табыса алатын. Ешкімнен де қолдан келетін жәрдемін аямайтын. Бір ұлы кемеңгерден «Ғалым адамның негізгі қасиеттері қандай?» дегенде, «Азаматтық және адалдық» деген екен. Осындай асыл қасиеттер Евекеңде мол болатын.

Осыған қарамастан 70-ші жылдың аяғында Евней Арыстанұлы қуғынга ұшыратылды. Бойындағы керемет мол қабілет-күшін, қайрат жігерін республикамыздың мәдени өмірін мерейлендіре түсуге жұмсағанына қарамай, дарынды ғалымға жала жапқан әзәзіл, өсекші бүркемшіктер Қарағандыдан да, пәлеқор, пасық пасквилшілдер Алматыдан да табылды. Ақырында қуғынға ұшыраған академик университетті тастап кетуге мәжбүр болды. Көп ұзамай жүрек талмасының түзағына түскен ақ көңіл, адал, қарапайым адамға жақын тұратын, жылы шырайлы, бала мінезді Евекең 1983 жылдың 13 желтоқсанында 58 жасында дүние салды.



Иә, академик Е.Бөкетов арамыздан ерте кетті. Бірақ осы жерде Сенеканың: «Өмір де мысал өлең секілді: ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» деген сөзі ойға оралады.

Ұстаздан дәріс алмайтын, үйренбейтін кім бар? Ұлы да, ұлық та ұстаз алдынан өтеді. Олай болса жастарға білім мен ғылымның кілтін ашудан, үйретуден. ғылымды насихаттаудан жалықпаған, ұстаздардың ұстазы, есімі бүкіл әлемге әйгілі, ғұлама ғалым Е. Бөкетовтің еңбегі, үлгі-өнегесі мәңгілік. Ол ұшқыр ойлары жанасып кетсе барлығы ғылым болып шыға келетін, ғылым әлемінде терең із қалдырған классик ғалымдар қатарына жатады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет