Академик З.Ахметов – абайтанушы
С.Негимов,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Астана
Абай мұрасы – бір халықтың рухани-мәдени өмірінің шарайнасы, жазба әдебиеттің көшбасшы – атасы. Ұлтымыздың ақындық даналығын, өнерпаздық болмыс-жаратылысын мәшһүр еткен озық ойлы кемеңгер тұлға. Ойы мұхиттай толқыған, көкірек көзі көреген, арғы-бергі ғасырлар сырын мінсіз толғаған, халқының ұлттық ой-санасын оятқан Абайдың асыл туындыларының ағыс-толқындарын, астар-қабаттарын, түпсіз тереңдігін жарқырата ашу, шебер сөйлету, дәлелдеп көрсету – қиынның қиыны екені анық. Солай болса да, қазақ өлеңінің құрылыс-жүйесін, құдірет-қуатын, Абай поэзиясының орыс классиктерімен ұқсастығын қажырлықпен тексерген, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихын зерделеген және «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1965), «Өлең сөздің теориясы» (1973) тәрізді күрделі еңбектер жазған академик Зәки Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуі ұлы Абайдың сұңғыла суреткерлігін, асқан ойшылдығын, нәзік сыршылдығын біліктілікпен, білгірлікпен парасаттайды.
Ұлттық поэтиканың, стилистиканың, риториканың майталман зерттеушісі Зәки Ахметов өз еңбегінде Абай шығармаларының адамзаттың рухани-көркемдік тәжірибелерімен, әрі болашақ замана белестерімен дәнекерлікте байланыстырады. Және де әрбір туындының сұлулық табиғатын басқа шығармалармен сабақтастыра, жалғастыра, тұтастықта қарастырып отырады. Яғни тарихи принципті мықтап ұстанады.
Ең алдымен, Абайтану ғылымының тарихнамасына назар аударады. Оның бастауында тұрған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтың, Кәкітай Ысқақұлы мен Ілияс Жансүгіровтың және т.б. ой-пікірлеріне жүгінеді. Әсіресе, Зәки Ахметовтың Абай реализмі хақындағы ой-толғаныстарының орны бөлек. Сондықтан да ғалымның осынау пікіріне құлақ түрейік: «Абай реализмінің көркемдік әдіс ретіндегі ең басты өзгешеліктері, алдымен, айналадағы өмірді, болмысты, қоғамдық құбылыстарды мейлінше кең қамтып, нақтылы бейнелеу, ел тағдырының өміріне қатысты ең маңызды әлеуметтік мәселелерді халықтық мүдде, озат арман-мақсаттар тұрғысынан толғай білу дейміз. Яғни көркемдік, шыншылдық, шынайылық әдебиеттегі халықтық принциппен, озат идеялылықпен ұштасып келетінін атап айтамыз».
Ия, реализм ұғымы – кең ұғым. Ғалымның түйіндеуінше, оған алғырлық, шығармашылық қиял, арманшыл ой, тұспалдап, ишаралап сипаттау, көркемдік шарттылық, көрегендік, ұлттық сана секілді қасиет-белгілер тән.
Академик Зәки Ахметов Абайдың лирикалық поэзиясының ерекшеліктеріне көркемдік-эстетикалық ойдың айрықша өткірлігін, қуатты, күйлі сымбатты құйылатынын, сезімнің барынша нәзіктігін, оттылығын жатқызады. Сондай-ақ Абай поэзиясының лирикалық кейіпкерінің болмысына, тұлға-тұрпатына, ішкі жан дүниесіне, толғаныс-тебіреністеріне, күйініш-сүйініштеріне зер салып, «сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап беретіні» жөнінде ой өрбітеді.
Зерделі зерттеуші «Келдік талай жерге енді», «Жүрегім, нені сезесің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Жүрегім соқпа, кел тоқта», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Ем таба алмай», «Тайға міндік», «Жастықтың оты жалындап», «Жүрегім менің қырық жамау» сияқты сыршыл лирикасының нәзік реңк толқындарын, нақыш-кестелерін, сезім сәулелерін есілте, төгілте жеткізеді. Өз сөзімен айтқанда, «соққан желдей заманның» еркіне көнбейтін қайсар мінезді, өткір тілді текті тұлғаның поэзиясына тұнып тұрған қасиетті ой, мөлдір сезім, мінсіз таза ақыл тән. Ол ғайыпты болжаған, тұңғиықтан сыр тартқан, сұлулықтың сиқырын сезінген көреген абыз іспетті.
Осынау ірі, кесек зерттеуде Абайдың аударма саласындағы үздік өнеріне, сөз таңдау, сөз саптау шеберлігіне, көркемдік ойлау жүйесінің тегеурін-қуатына барынша терең талдау жасайды. Абайдың орыстың классик ақындары Пушкин мен Лермонтовпен иық теңестіріп тұратындығы әрі олардың шығармаларымен бәсекелес, рухтас, тамырлас екендігін, олардың жырларын қазақы әуенмен келістіріп сипаттағанда ерекше еркіндікпен, ұлттық рухани болмысына, эстетикалық қабылдау, дүниетаным ерекшеліктеріне, психикалық табиғатына үйлестіре аударатындығын келісті әңгімелейді. Қыруар салыстыруларды жүйе-жүйесімен келтіреді. Абай Лермонтовты ықыласпен аударғанының себебін ол « ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп өте-мөте бүйрегі бұрылып, ынтасы ауып, жүрегі қалап жақын тұтқанын зерделілікпен таразылап түсіндіреді.
Абай аударған Лермонтовтың «Ой» деген өлеңі жайында «Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға, әбден берілген күйі де, жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан айтқан азулы күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бәрі де осы өлеңнен молынан сезіледі» - деп жазғанында терең тамырластықты, еркіндестікті, сарындастықты аңғарған.
Академик Зәки Ахметов Абайдың әдеби мысал жанрын өрелілікпен өркендеткеніне көркемдік шарттылықты шебер ұйымдастыруына, тұспалдап айту тәсіліне, белгілі бір сюжетті, алуан-алуан тұспал-бейнелерді, алыстан орағытып, қиюластырып жеткізу, сөйтіп ғибратты ойлар ұсынғанына, қоғам өмірі, адам баласының ішкі-дүниесін қалтқысыз ашып көрсеткеніне білім-білігін жұмсайды. Нағыз поэзияның жаны – нәзіктік, құштарлық, сезімталдық, ынтықтық, ұшқыр қиял және адамзат тарихына екшелген, қорытындыланған, жинақталған көркемдік тәжірибелерді асқан ұсталықпен меңгеру, «шабыттың қуатымен тебіреніп еркін сөйлеу, жан-тәнімен сезінген жүрекжарды ой толғамын ортаға салу». Ол жалпы халықтық сөйлеу тілін, байырғы ақын-жыраулар тілін, ұлтының ақындық өнерінің асылдарын бойына жинап, көкірегіне тоқып, қазақ өлеңінің жадағай қыстырма сөздерден, қайталаулардан жауһардай мөлдіретіп, гауһардай құлпыртып, қазақ әдеби тілінің атасы болды. Әр сөздің өмірбаянын жаңалықты мағыналармен толықтырып жетілдірді. Сондай-ақ қазақ өлеңінің ұйқастық, ырғақтық, буындық, бунақтық, тармақтық, шумақтық, интонациялық кестесін бұрын-соңды болмаған өзгерістермен кемелдендіреді. Міне, осы жәйттар аталмыш монографияның «Тіл бейнелілігі», «Өлең өрнектері» бөлімдерінде нақтылы түрде сөз болады. Автор қара сөздердің жанрлық табиғатына ой жіберіп, кейде шешен сөзге, кейде әңгіме-сұхбатқа, бірде діни трактатқа немесе Мұхтар Әуезов пікіріне сүйеніп, сыншылдық, ойшылдық сыр сипаты басым өсиет-толғауға жатқызады.
Асылы, Абайдың қара сөздері ұлттық прозаның, публицистикалық әдеби тілдің кемел дамуына жойқын ықпал жасағанын біліктілікпен баяндайды.
Ол Абайды «ұлы ізашар ақын», мүлде жаңа реалистік жазба әдебиеттің ту ұстаушысы ретінде бағалай отырып, оның ұлылық пен сұлулықтан, ойлылық пен сыршылдықтан, сыншылық пен суреткерліктен құйылған ғажайып шығармаларының, қоғамдық-әлеуметтік, танымдық-тағылымдық, көркемдік-эстетикалық мәндерін егжей-тегжейлі ашып береді. Және де Абай дәстүрінің жанған шырақтай кең тарағанын, әсіресе, Шәкәрімнің ойшылдығын, Мағжанның әсем сыршылдығын, Сұлтанмахмұттың сыншылдығын: Ахметтің мысалшылдығын, тәмсілмен сөйлейтіндігін, Міржақыптың ағартушылық өнегесін сабақтастырғанын байыптайды.
Зерттеуші назарынан ақын шығармаларының текстологиясы да қағыс қалмаған. Ол 1905, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларын ақын туындыларының ең негізгісі, етек-жеңі жинақысы деп санайды. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарияланған мәтіндерді түпнұсқа ретінде қараған жөн деп есептейді.
Академик З.Ахметов 1916 жылы Мұхтар Әуезов бастырған екі томдық академиялық жинақтарға дейін қамтыған. Бұрынғы басылымдар, тарихи-мәдени мәні ерекше қолжазбалар мейлінше ұқыптылықпен салыстырылып тексерілген.
Автор «Абайдың ақындық әлемі» монографиясында Абай аудармаларының түп тамырын іздеуі қуантарлық жәйт. Абайдың Крыловтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңінің негізгі иесі неміс ақыны Р.Левенштейн екен. Мұны академик З.Ахметов Санкт-Петербург кітапханасынан он күн сарсыла іздеп, ақыр соңында Антон Рубенштейн романстарының жинағынан тауыпты.
Немесе «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» өлеңі М.Ю.Лермонтовтың 1891, 1893 жылғы жинақтарында және «Русский архив» журналында (1888, №1, 159-бет) жарық көрген. Сөйтсек, бұл өлең Я.Полонскийдің 1842 жылы «Подземные ключи» жинағында (13-бет) басылғандығын ескертеді.
Қорыта айтқанда, академик Зәки Ахметов ұлы Абайдың ақындық даналығы мен даралығын сонау 1949 жылдан бері қажырлылықпен шұғылданып, зерттеген-ді. Ұлттық поэзия табиғатын, оның ереже-қисындарын, қағидаларын және тарихын жетік, зерек түсінген әрі білім-ғылыммен мұздай қаруланған З.Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» дейтін күрделі монографиясын ойлы, мағыналы қорытындылармен, сөз сұлулығы жайлы әсем талдаулармен ерекшеленетін абайтану ілімі тарихындағы елеулі еңбек
Достарыңызбен бөлісу: |