КІРПІКШЕЛІЛЕР НЕМЕСЕ ИНФУЗОРИЯЛАР ТИПІ - CILIOPHORA Бұл типке көп ұсақ кірпікшелері бар қарапайым жәндіктер жатады, 7000-нан астам түрі белгілі. Бұлардың ерекшелігі - денесінде екі түрлі ядросының болуы - үлкен вегетативті ядро макронуклеус және кішкене генеративті - микронуклеус.
Инфузориялар типі екі класқа бөлінеді. Кірпікшелі инфузориялар - Ciliata және сорғыш инфузориялар - Suctoria. Кірпікшелі инфузориялардың кірпікшелері тіршілік циклының барлық кезендерінде болады, ал сорғыш инфузориялардың даму циклының алғашқы кезеңінде ғана кірпікшелері болады да, содан кейін жойылады.
КІРПІКШЕЛІИНФУЗОРИЯЛАР КЛАСЫ - CILIATA Кірпікшелі инфузориялар тұщы суларда, теңіздерде, планктонды, су түбінде, су өсімдіктерінде немесе теңіз жағасындағы құмның арасында (псаммофильді түрлері) тіршілік етеді.
Паразит инфузориялар да кездеседі. Денелерінің ұзындығы 30 - 40 мкм-нан 1 мм-ге дейін.
Кірпікшелі инфузориялардың денесін (өмір бойы) кірпікшелер қаптап тұрады. Кірпікшенің құрылысы талшықтың құрылысына өте ұқсас. Кірпікшенің ортасында қалың орталық 2 фибрилла, ал қалған 9 фибриллалар екеуінің айналасында орналасқан.
Фибрилдер кинетосомаға жалғасады. Кірпікшелілер жыныссыз және жынысты - конъюгация жолымен көбейеді.
Инфузориялардың көп таралған белгілі түрлерінің біреуі - инфузория туфелька немесе парамеция - Paramaecium caudatum (20-сурет). Ұзынша сопақтау болып келген, тұщы суларда өздігімен қозғалып жүретін күрделі құрылысты қарапайым жәндік.
Денесін кірпікшелер біртегіс жауып тұрады, тек артқы жағында кірпікшелері ұзындау болады. Кірпікшелері қозғалу қызметімен бірге асты ауыз тесігіне жеткізу қызметін де атқарады.
Ауыз ойықтың айналасында толқын тәрізді әрдайым қозғалып тұратын мембранелла орналасқан. Цитоплазмасы эктоплазма және эндоплазмаға бөлінген. Эктоплазма қабаты сыртынан мықты майысқақ пелликуламен қапталынған. Пелликула екі сыртқы және екі ішкі мембранадан құралған. Пелликуланың сыртын алты бұрышты, қатар орналасқан құрылым жауып тұрады, соған байланысты парамеция денесінің пішіні өзгермейтін тұрақты болып келеді.
Пелликуланын, астында бір-бірімен ұштасып жатқан фибрилл торы болады - олар тірек қызметін атқарады. Эктоплазма қабатында қорғаныш қызметін атқаратын қысқа таяқшалар - трихоцисталар орналасқан. Олар тітіркенген кезде ұзын, серпінді жіпше түрінде сыртқа атылады.
Инфузория денесінің алдыңғы жағында ауыз ойығы немесе перистомы болады. Перистомның түп жағында ауыз тесігі - немесе цитостом орналасқан, ол "жұтқыншақка - цитофаринкске жалғасады. Жұтқыншақ цитоплазмаға ашылады. Инфузориялар ұсақ организмдермен қоректенеді (бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен).
Перистом айналасындағы кірпікшелердің қозғалуы нәтижесінде қоректік заттар сумен бірге ауыз тесігіне және жұтқыншаққа түсіп жатады. Жұтқыншақтың түбінде ас қорыту вакуольдері қоректік затқа толып, цитоплазмаға ауысады. Ас қорыту вакуольдері дененің ас қорыту циклозы (айналымы) жолымен қозғалады, ферменттер арқылы асты қорытып, плазмаға өткізіп тұрады. Сіңбеген қалдықтарды арнайы тесігі арқылы (қылаулатқыш) шығарып тастайды. Ac қорыту вакуольдердің құрылуы сыртқы температураға байланысты. Қоршаған ортасы неғұрлым жылы болса вакуольдің түзілуі де тез болады, инфузорияның қоректенуі де жиілейді.
Барлық инфузориялардың жиырылғыш вакуольдері эктоплазма және эндоплазманың арасында орналасқан. Олардың қызметі амеба мен талшықтылардың жиырылғыш вакуольдері сияқты үнемі жиырылып, осмос қысымын реттейді, зәр шығарады және тыныс алады. Бірақ инфузория вакуольдерінің құрылысы күрделі. Оларды вакуольдің өзі немесе орталық резервуар және оны қоршап жатқан жұлдыз тәрізді қосымша вакуольдер құрайды. Орталық резервуар қосымша вакуольдермен түтіктер арқылы және қоршаған ортамен арнайы зәр шығаратын тесік арқылы жалғасады.
Цитоплазмадағы артық сұйық заттар қосымша вакуольдеріне жиналып, түтікшелер арқылы орталық вакуольге немесе резервуарға құйылады. Резервуар жиырылып сұйықтарды арнайы тесікпен сыртқа шығарады. Туфельканың алдыңғы және артқы жағындағы орналасқан вакуольдері кезектесіп жиырылады.
Цитоплазмада екі ядро орналасқан. Үлкен - макронуклеус және кіші - микронуклеус. Макронуклеус хроматинге бай, үрме бұршақ дәні тәрізді, көбеюден басқа денедегі барлық қызметті реттейді, сондықтан да макронуклеус вегетативті ядро деп аталады. Макронуклеустің ойыс жағында кішкене микронуклеус орналасқан, ол тек қана көбею қызметін атқарады, сондықтан ол - генеративті ядро. Парамеция барлық инфузориялар сияқты жыныссыз жолмен көлденең бөлініп, көбейеді.
Жыныссыз жолмен бірнеше рет бөлінген инфузория, енді жынысты жолмен көбеюге көшеді. Жынысты көбею жолы конъюгация деп аталады. Коньюгацияның копуляциядан айырмашылығы - екі ядроның қосылуы.
Конъюгация кезеңі екі инфузорияның бауыр жағымен бірігуінен басталады. Бүлардың пелликулалары аздап ісінеді, сондықтан инфузориялар бір-біріне тығыз жанасып тұрады. Бұндай инфузорияларды коньюганттар деп атайды (21-сурет). Пелликулаларының жанасқан жері еріп, сол жерде цитоплазмалық көпіршік пайда болады. Макронуклеус ядролары да еріп кетеді. Инфузорияның екеуінің де микронуклеусі екі рет бөлінеді, сөйтіп әрқайсысында төрт ядро пайда болады. Олардың үшеуі еріп кетеді, ал қалған төртінші ядро тағы да 2-ге бөлінеді - біреуі үлкен, екіншісі кішкентай. Бұларды пронуклеус деп атайды. Үлкен пронуклеус аналық ядро, жылжымайтын стационарлық, ядро, кіші пронуклеус қозғалуға қабілетті, кезбе - аталық жыныс ядро. Бұдан кейін екі ифузорияның аталық, кезбе ядролары цитоплазмалық, көпіршік арқылы бір-бірімен алмасады, сөйтіп стационарлық аналық ядросымен қосылады. Бұл процесс кариогамия немесе конъюгация деп аталады. Конъюгация нәтижесінде ұрықтанған синкарион деп аталатын диплоидты ядро құрылады, яғни коньюгацияның соңында эр инфузория синкарионға ие болады. Синкарион түзілгеннен кейін конъюгацияға қатысқан инфузориялар ажырап кетеді. Ажырап кеткен инфузорияларды - эксконьюганттар деп атайды. Енді әрбір эксконьюганттың синкарионы 3 рет бөлінеді. Соның нәтижесінде 8 ядро пайда болады, 8 ядроның үшеуі еріп кетеді, ал қалған 5 ядроның біреуі - микронуклеус, төртеуі макронуклеустер. Бұл жағдайда инфузория тіршілік ете алмайды, сондықтан оның денесі екіге бөлінеді. Макронуклеустер бөлінбей екеуден әрқайсысына өтеді, ал микронуклеус бөлініп екі есе кішірейіп әрқайсысына өтеді. Екіге бөліну арқылы пайда болған инфузориялардың әрқайсысында енді екі макронуклеус және бір микронуклеусы болады. Осындай инфузориялар тағы да екіге бөлінеді. Макронуклеустер бөлінбей әрқайсысына біреуден өтеді, ал микронуклеус тағы да бөлінеді. Тек осыдан кейін әрбір инфузорияда кәдімгі ядро аппараты түзіледі, үлкен макронуклеус және кіші микронуклеус. Сөйтіп конъюгация нәтижесінде екі жанасқан инфузориядан 8 жас инфузориялар пайда болады. Бір эксконьюганттан 4 жас инфузориялар пайда болады.
Инфузориялар коньюгациядан басқа жынысты - автогамия жолымен де дамиды. Автогамия кезеңі коньюгацияға өте ұқсас, бірақ инфузориялар бір-бірімен жанаспай, ядро құбьшысы тек қана бір инфузорияда өтеді. Автогамия кезінде бір инфузорияның макронуклеусы ыдырай бастайды да, түгел еріп кетеді. Осы кезде микронуклеус 2 рет бөлінеді. Бұл микронуклеустың бөлінуі мейоз жолымен жүреді. Хромосоманың жиынтығы гагшоидты болады. Микронуклеустың екі рет бөлінуі нәтижесінде 4 ядро пайда болады. Олардың үшеуі еріп кетеді, ал қалған ядро тағы да бөлініп, екі ядро түзейді: біреуі үлкен, екіншісі кішкентай. Бұларды пронуклеус, яғни жынысты ядро деп атайды. Үлкен пронуклеус - аналық ядро, жылжымайтын, стационарлық ядро, ал кіші пронуклеус - аталық, жылжымалы ядро. Аталық ядро осы жерде аналық ядромен қосылып, ұрықтанған ядро - синкарион пайда болады. Осы процесті автогамия деп атайды. Инфузорияның синкарионы үш рет бөлінеді. Соның нәтижесінде пайда болған сегіз ядроның, конъюгация кезіндегідей, үшеуі еріп кетеді, ал қалған бес ядроның біреуі - микронуклеус, төртеуі - макронуклеустер. Конъюгация кезіндегі сияқты, бұдан кейінгі инфузорияның екі рет бөліну кезінде микронуклеустер бөлінеді, ал макронуклеустер бөлінбей жас инфузорияларға тарап кетеді. Сөйтіп автогамия нәтижесінде бір инфузориядан төрт жас инфузориялар пайда болады.