Сауатсыздықты жою мектептері. 1919 жылы 26 желтоқсанда сауатсыздықты жою туралы декрет жарияланды. Онда 50 жасқа дейінгі азаматтар орыс және ана тілінде сауатын ашуға міндетті болды. 1920 жылы Н.К.Крупскаяның басшылығымен сауатсыздықты жою мақсатында Жалпыресейлік төтенше комиссия құрылды. Одақтас республикаларда да сауатсыздықты жою пункттері мен шала сауаттыларға арналған мектептер ашылды. Мысалы, қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласын “Қызыл керуендер” мен “Көшпелі қызыл отаулар” шарлай бастады. Олардың қызметкерлері сауатсыздар мен шала сауаттылардың есебін жүргізді. Ескере кететін жәйт – латын алфавитіне көшуге байланысты араб жазуын білетін сауатты адамдар жалпы есепке алынбады.
Панасыз балаларға арналған балалар үйі. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары панасыз балалар саны тым көп еді. Жүздеген мың балаларды аштан өлуден және моралдық азғындаудан құтқару керек болды. Осы мақсатпен одақтық республикаларда балалар үйлері құрылды. Мысалы, тек Қазақ республикасында 1921 жылдың басында 5 мыңнан аса балалар үйінде 260 мың панасыз балалар тәрбиеленсе, 1922 жылы балалар үйлерінің саны 7815-ке, ал оларды тәрбиеленетін балалар саны 415 мыңға жетті.
Балалар бақшалары мен яслилері. Әйелдердің шаруашылық, саяси, мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау үшін мемлекет тарапынан балалар бақшалары мен яслилері және ойын алаңдары ұйымдастырылды.
Жұмысшы факультеттері1919 жылдан бастап жұмысшы мен шаруалардың мектеп жасынан есейіп кеткен балалары үшінқұрылды. Бұл оқу орындары 4 жыл мерзімде жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне қажетті орта білім берді.
Бұрынғы жоғары оқу орындары мемлекет қарауына алынып, онда қыздарды тегін оқыту көзделді. Жоғары оқу орындарының саны да тез дами бастады.
Ресей федерациясының Халық комиссарлар кеңесі 1928 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес 1928 жылы Алматыда – республикада мұғалімдерге педагогикалық жоғары білім беретін тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогика институты құрылды. Алғашында Қазақ педагогика институтында кішігірім үш бөлім ашылды. 1928 -1929 оқу жылында осы бөлімдерде 124 студент оқыды, 9 оқытушы (алтауы қазақ), оның ішінде үш профессор болды, белгілі тарихшы, профессор, институттың бірінші ректоры – С.Д.Асфендияров, көрнекті ғалым-тілші – Қ.Жұбанов, әдебиетші профессор – Н.Н.Фатов, тағы бір доцент қызмет етті.
1931 жылы желтоқсанда институт орта мектептерге өзінің алғашқы 59 түлегін ұшырды. 1932 жылға дейін бұл институт педагог мамандар даярлайтын, қазақтың ұлттық зиялыларын қалыптастыратын бірден-бір орталық болды.
1935 жылы институтқа қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Институтта осы кезде көптеген көрнекті ғалымдар істеді. Олар: қазақ әдебиетінің негізін салушы С.Сейфуллин, академик жазушы –М..Әуезов, профессор Ш.Әлжанов, көрнекті ғалым-тілші – С.Аманжолов, академиктер С.Мұқанов, Т.Тәжібаев, С.Кеңесбаев, О.Жәутіков, т.б.