Жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық оқуды енгізу (1930).1930 жылдың 14 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру туралы қаулы қабылдады. Онда одақтың барлық жерінде балаларға жаппай бастауыш білім беруді жүзеге асыру талап етілді, 8-9 жасар ер және қыз балалар мектепте білім алуы міндетті деп белгіленді.
1930-1931 жылдан бастап бастауыш мектепте оқу, төрт сынып көлемінде білім алу міндетті болып белгіленді. Осы оқу жылынан бастап 11-15 жас арасындағы балаларды жаппай оқыту белгіленді.
1930/31 оқу жылынан бастап өнеркәсіпті қалаларда, аудандарда, жұмысшы бекеттерінде жетіжылдық мектеп көлемінде білім беру жүйесі енгізілді. 1930 -1935 жылдары ұлттық республикаларда жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық білім беру күшті қарқынмен жүргізілді.
Осы кезеңдегі мектеп жұмысы жайындағы қаулыларда мектептің оқу жұмысында орын алып келген кемшіліктер мен бұрмалаушылықтар (лабораториялық-бригадалық әдіс, сынып-сабақ жүйесін жете бағаламау, т.б.) ерекше аталып көрсетілді.
Отызыншы жылдардың басында “Жалпыға бірдей бастауыш білім беру” туралы Заң (1930, тамыз) қабылданып, “Бастауыш және орта мектеп” (1931, қыркүйек), “Бастауыш және орта мектептегі оқу бағдарламалары мен режимі” (1932, тамыз) тарихи қаулылардың қабылдануы Қазақстандағы ағарту жүйесінің дамуына тікелей әсер етті. Қазақ АССР Халық ағарту комиссары С.Меңдешев 1932 жылы мектептерде пәндік оқу жүйесіне көшу басталғанын, осы мақсатта жаңа оқу бағдарламаларының жасалып, талқылауға жіберілгенін хабарлады. Осы жылы болып өткен Халық ағарту қызметкерлерінің өлкелік конференциясында қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды талдауға айырықша көңіл бөлінді.
Сол кездегі бірқатар мемлекеттік құжаттарда, халық ағарту саласының қызметкерлері мен ғалым-педагогтардың сөздерінде білім беру, тәрбиелеу үрдісін жетілдіре түсу үшін арнайы ғылыми-әдістемелік орталықтың қажеттігі айтылды. Сонымен, 1932 жылы Алматыда Ғылыми-педагогикалық кабинет құрылды.
1933 жылдың қаңтарында Республикалық Халық ағарту комиссариатының қарамағындағы Ғылыми-педагогикалық кабинеттің негізінде Педагогикалық ғылыми-зерттеу институты құрылды. Алғашқыда оның құрамында небары үш сектор және әдебиет оқулықтарының кабинеттері болды. Институттың басты міндеті – институт айналысатын мәселелерді анықтау, өзін мамандармен қамтамасыз ету, ғалымдарды, әдіскерлерді оқу бағдарламалары мен төл оқулықтар жасауға жұмылдыру болды. Бұл жұмыстардың басында институттың тұңғыш директоры – Ш.Әлжанов, ғылыми қызметкерлері С.Балаубаев, Қ.Жұбанов, Ә.Сытдықов, С.Логинов сияқты белгілі ғалым–педагогтар тұрды.
Оқытудың негізгі формасы – сабақ, ол белгілі кестемен, тұрақты құрамы бар сыныппен жүргізілуі керектігі айтылды. Оқытушының жаңа сабақты жүйелі түсіндіруі, оқушылардың оқулық және кітаппен өздігінен жұмыс істеуі, оқушылардың жазу мен сызу жұмыстары, лабораториялық жұмыстар, тәжірибе көрсету және экскурсия жүргізу талап етілді.
Мектептегі тәрбие жұмысын жақсарту – пионер ұйымының ең негізгі міндеті, ол оқушыларды оқуға, еңбекке және қоғам жұмысына коммунистік рухта тәрбиелеуі қажет деп саналды.
Әр сыныпта тәрбие жұмысын басқару үшін жетекші белгіленді. Олар 1934 жылдан бастап сынып жетекшілері деп аталынды. Жүзеге асырылған осындай шаралар кеңес мектебіндегі жалпы білім беру сапасын айтарлықтай көтеруге мүмкіндік берді.
Мектеп және мектептен тыс тәрбие мекемелері (пионер сарайлары, балалар клубтары, т.б.) көркемөнерге, эстетикалық тәрбиеге едәуір көңіл бөлді. Республика астанасында және кейбір облыстық қалаларда балаларды көркемөнерге тәрбиелеу үйлері құрылды. 1934 жылдан бастап көркемөнер олимпиадалары өткізіле бастады.
Партия мен Халық комиссарлар кеңесінің 1934 жылғы қаулысында мектептің бірыңғай жүйесі: төртжылдық бастауыш мектеп (1-IV), жетіжылдық орталау мектеп (I-VII сынып) және онжылдық мектеп (I-X сынып) белгіленді.
1935 жылы “Бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібі және оларда оқу жұмысын ұйымдастыру туралы” қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша оқу жылының басы 1 қыркүйек болып белгіленді, оқу жылы төрт тоқсанға бөлініп, оқу жылының аяқталу мерзімі анықталды. Осы қаулыда оқушылар білімінің сапасының төмендігі, үй тапсырмаларының шамадан тыс берілуі, жаңа материалдардың сыныпта пысықталмауы, т.б. мектеп жұмысында орын алған кемшіліктер көрсетілді.
Ұлттық республикаларда мектеп оқушыларының саны жылдан жылға артты. Оларға ана тілінде мектеп ашу үшін оқулықтар даярлау қажет болды. Одақ халықтарының тілінде әліппе және басқа оқулықтар баспадан шығарылды. 1928 жылы Одақта 70 тілде, ал 1934 жылы 104 тілде кітаптар баспадан шығарылды. Ұлт мектептерінде оқитын балалар үшін латын алфавиті орыс алфавитімен ауыстырылды. Біріншіден, бұл оқушылардың орыс тілін меңгеруін жеңілдетсе, екіншіден кеңес үкіметінің басты саясаты, барлық халықтарды бір тілде сөйлетіп басқаруды көздеді, осының салдарынан біртіндеп ұлт мектептерінің қоғамдық өмірдегі маңызы әлсіреді.
Қазақстанда 1940 жылы латын алфавитынан кириллица алфавитына көшу туралы Қазақстан Жоғары кеңесi қаулы қабылдады. Осыған орай 1941 жылы қазақ мектептерi төл және орыс тiлiнен тәржiмаланған оқу құралдарымен қамтамасыз етiлдi.
Сонымен, 30 жылдардағы мектепті қайта құрудың жетістіктері мынадай:
білім беру жүйесінің құрылымы (бастауыш мектептен жоғары мектепке дейін) пайда болды;
реттелген пәндер жүйесі, оқу жоспары қалыптасты;
сабақ беру тәртібі бекітілді;
міндетті бағдарламалар мен оқулықтар енгізілді.
Осы жылдары енгізілген оқу жүйесінің өзіндік кемшіліктері де болды. Мәселен, білім нәтижесі есепке алынбады, оқыту мазмұны мен оны ұйымдастыру әдістері бір сарынды болды, саралап оқытуға мән берілмеді.
Дегенмен, жалпы жетіжылдық білімді ұйымдастыру халықтың білім деңгейін көтеруге себеп болды. Сол кезеңдегі сауатсыздықты жою үкімет алдындағы басты мәселелердің бірі болды.
1939 жылы Одақтың он жастан асқан әрбір бесінші азаматы оқу мен жазуды меңгермеген еді.