Кейіпкердің психологиясын бейнелеуде Ә. Кекілбаевтің «Аш бөрі» әңгімесінен ұтымды көріністер кездеседі



Дата27.12.2016
өлшемі71,71 Kb.
#6287
Кез келген мәдениет құбылысы секілді психологизм де белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасып, ұзақ даму жолынан өтті. Ш.Әдібаеваның диссертациялық еңбегінде [1] Ежелгі Грек елінде психологизмнің бастамасы, XVΙΙΙ-XIX ғасырларда ғылыми- сыншылық бағыты Т. Блэкуэлл, И. Гердер, Ф. Шеллинг, Р. Вагнер, Ф. Ницщеде, XX ғасырда мифологиялық сын дамып Дж. Фрейзер, К. Юнг, З. Фрейд, Э. Кассирер, Л. Леви-Брюль, К. Леви-Стросс, Р. Барттарда ізденіс болғаны атап айтылған. Психологиялық бейнелеу құралдары көптеген көркемдік тәсілдермен байытылып, ішкі өмірдің заңдылықтарын тереңнен танып, меңгерді. Сөйтіп, өзінің көркемділік құндылығын, маңызын арттырады.

Әлем әдебиетінде он сегізінші ғасырда Лоренс Стерннің «Тристам Шенди, джентельменнің өмірі мен пікірлері» романынан басталған проза жанрындағы психологиялық талдау өнері қазақ әдебиетінде  Ж. Аймауытовтың «Ақбілегімен», М. Әуезов әңгімелерімен, орта буын жазушыларының бірегейі Ғ. Мүсіреповпен танылды. Жазушылар кейіпкер психологиясын бейнелеуде көркемдік тәсілдерді байыта қолданып, ішкі өмірдің заңдылықтарын тереңнен танып білуге, рухани құндылығын, көңіл-күйін, оның себеп-салдарын жан-жақты талдап зерттеуге талпыныс жасайды. Себебі, көркем шығарма арқылы кез келген адам сан мыңдаған кейіпкердің шаттығы мен қуанышын, сан қилы өмір белестеріне көз жеткізіп, кейіпкерді психологиялық тұрғыдан бейнелеудің негізінде анық талдау жасай алады. Сондықтан жазушы кейіпкердің ой әлемін, көңіл-күйін, мінез-құлқын барлық жағынан жеке тұлға ретінде даралай отырып, кейіпкер мінезінің ерекшелік сыр-сипатын көркемдік тұрғыдан ашуға ұмтылады. Яғни шығарма бойында кейіпкердің көңіл-күйі, жан дүниесіне үңілу арқылы терең бойлап шығармаға арқау етіп алады.

Кейіпкердің психологиясын бейнелеуде Ә. Кекілбаевтің «Аш бөрі» әңгімесінен ұтымды көріністер кездеседі.

Соқтықпалы да соқпақты өмір кешкен жолаушы, әрі күйші Құрманғазы. Сібірге айдалудан туған жеріне, кіндік тамған туған еліне оралу сәтіндегі мұңлы күйі және елде жүргендегі болған оқиғалары (елестері), атап айтсақ, көк бөрі қуып, туған елдегі жолдастары, естен кетпес сағынышы, елестері психологиялық тәсілмен баяндалған.

Әңгіме өзегінде Құрманғазының елде жүргендегі көк бөрі қуудағы елесі, елес сюжетіндегі жолдастары, кейіпкер көңілімен үндес аш бөрі баян етілген. Ә. Кекілбаев әңгіменің қиюында Құрманғазыға айтқызып:

«Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан,

Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.

Қазақта талай қатын ұл туғанмен,

Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан» [2, 29],– деп үйлесім жасап психологиялық талдау (кейіпкер толғанысы) қолдануы тақырып пен мұратын анықтатады.

Әңгімеде жазушы кейіпкер психологиясын бейнелеуде кейіпкердің өзімен-өзін, өткен өмірін ғана емес, табиғаттың оғаш құбылыстарын қарама-қарсылықта кіріктіре қалаған. В. Г. Белинскийдің: «Әдебиеттің айрықша мінезіне тән құбылысқа қарама-қарсылықтың жарқ етуі» [3, 101],– деген пікірі әңгімемен ұштастырылса, психологиялық тұрпат пен табиғат ұтымдылығынан әңгіме табысы танылады: «Сібірдің тымырсық аязы жарық жалғанның бар дыбысын жұтып жібергендей. Елеңдетер бірдеңесі болсайшы. Қарқ-қарқ еткен қарғасы да жоқ. Ағаш барақтың қабырғаларындағы шұрқ тесік саңылаулар да сарнамайды. Жел жоқ. Шәңкілдеген жандармдар таңның атысы, күннің батысы ауыз жаппайды. Бірақ, мұндағы жұрттың оған да еті өліп болған» [2, 17].

Жазушының кейіпкерді жан-жақты бейнелеуінде қара домбыра ұлттық өрнегі сәтті суреттелген. Кейіпкердің қара домбыра тарту үстіндегі көріністерін, құдайы қонақ болған үй-ішінің күйшіге деген ілтипатты көзқарастарын бейнелеу тұсы да көп жайды бекітеді: «Таң атқаннан тізгін ұстап, ісініп алған саусақтары икемге әлі келмей жатыр. Үй-іші енді домбыраға қарапты. Мұртты қара шалқалап жатқан жерінен, құс жастығын шынтақтап қырын аударылып түсті. Бәйбіше дастарқан жинала бере, қолына қоңыр топатайын алып, шәйнекте қалған жылы судан құйып, тұз салып, нан илеуге оңтайланып еді ... шай құйған келіншек алдына түскен жаулығының ұшын кейін серіпкен болып, аласы мол нұрлы жанарымен күйшінің жүзін бір шарпып өтті» [2, 24],– жазушының күй құдіретін, күйші құдіретін білдіргісі келген көркем ойларын жинақтаған.

Л. Гинзбургтің:«психологиялық прозаның басы күтпеген маңыздылықтан басталады, кенеттен болатын болмыспен тоқталып қалмайды ... белгісіздік пен күткен жағдай арасындағы арпалыс – өнердің басты шарттарының бірі – әдеби кейіпкердің ішкі дүниесіндегі арпалыс. Ортаның күткеніндей өндірушілік әлеуметтік орны анықтайды» [4, 118],– деген пікірі негізінен әңгіменің көркемдік қуатын екшелесек: «Осында келген соң жасап алған қарағай домбырасы бұрышта тұр. Қолына көп алмайды. Бірақ оған қараса, сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние серпіліп, көкірегіне үн қозғайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі». Кейіпкердің «етіне көк тырнағын шанши салған елестері» ішкі сезімі мен өлі аяздың өзіне жан бітірген. Яғни, жазушы дерексіз заттың жандану тәсілін қолданған.

Кейіпкердің ішкі сағыныш күйі, елестерінің өзі табиғат құбылыстарымен қанаттасады. Автор кейіпкердің еркіндікте өскен, бостандықта ғана қанатын қаға алатын қырандай мінез табиғатын тап басып, шынайы табиғат еркіндігі, тамаша тыныш әуездерімен қатар бейнелей берген: «Осындай табиғат суреті мен кейіпкердің жол үстіндегі туған жаймақоңыр әуез түсті. Ұзын-ұзын салалы перне бойынан қармалап жүріп, ақыры тапты. Әншейіндегідей қыжыртып қаққан жоқ. Үн балқып шықты. Баппен басталған бала әуез баппен өрлеп келеді. Ұйықтай қоймаған тентек немереге кәрі әже айтатын көй-гөйдей жаныңды жайбарақаттыққа шақыратын қоңыр әуез. Құлағыңды құнықтырып, көкірегіңді күмбірлетіп барады. Аспан ашық, маңайын құлпырып гүл-гүл жайнаған әсем күнде алыс жолға шыққандайсың. Төңірегіңнен тек рахат көріп, тек ләззат табасың» [2, 25].

Жазушы кейіпкердің жабығыңқы көңіл-күйіне көретін түсін де серіктес еткен. Г. Пірәлиева: «Бертін келе психологизмнің «техникалық жағы» жан-жақты дами бастады. Мәселен, ішкі әлемді бейнелеу тәсілдері мен түрлері, авторлық психологиялық баяндау, психологиялық деталь, түс көру тәсілдері оны жору-жоралғыларының көптеген композициялық түрлері, психологиялық пейзаж, кейіпкердің сезімдік көңіл-күйін табиғатпен теңестіре суреттеу қолданыла бастады» [5, 53],–деген болса, Ә. Кекілбаев әңгімесіндегі сипаты: «Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез иісі шығады. Қасына Қази келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаңбас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай»,– деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып түсті. Тұла бойы оқыс шімірігіп, көзін ашты. Түсіп кеткен тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік тер иісі шығады екен.

Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүреді» [2, 19]. Автор жолаушы кейіпкерінің ой-қиял тұманына сағынышты түс мұңын қосақтау арқылы Құрманғазы тағдырының ащылығын қоюлата түскен.

Әңгіменің енді бір тұсында күйшінің өзі елтіген, шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез бейнеленеді. Жазушы кейіпкер табиғатына сай әсерлі әуездің өзін кейіпкерге өрімдей әсерлі суреттеген. Әуез бен күй күйшіге айналып, бірігіп кеткендей өнерлілік сырын байқаттырады: «Өне бойыңа шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез өне бойына сіңдіргендігімен қоса, тамшылап таусылып, сылқ құлаған қара домбыраның» өзінен кейіпкердің жан дүниелілік құбылысын аңдатады. Осыны   Л. Гинзбургше түйіндесек: «... кейіпкердің әдеті – іс-әрекетті жүзеге асыруында, сюжет желісінің кез-келген қатысымында, болған оқиғаға араласуына және тіпті кез-келген жан күйзелісінің ауысуынан жинақталады» [4, 90].

Күйшінің түскен үйіндегі адамдардың көңіл-күйі, тыныс-тіршілігі болашақ кейіпкер армандаған тыныштық жағдайымен қабат өрлеген. Әңгіме мұраты да осыдан байқалады. Кейіпкердің басындағы бір түрлі көңілсіздігін тура қарым-қатынасты үй-іші көрінісі сейілткен, тыныш тіршілік: «Нән ошаққа нығыздана жайғасқан тай қазаннан бір әдемі бу ұшады. Сол иіс, таңатқалы жаққан оттың табы жайылып, үй-іші бір түрлі көңілді көрінеді. Күбірсіген тыныш тірліктің иіс лебі» [2, 24],– психологиялық баяндау тәсілі, кейіпкердің күткен жан тілегі.

Яғни, Л. Гинзбургтің: «Тұлға бірнеше «бөлекше адамға» жіктелінеді (Юнгтің терминологиясы бойынша), және қиял тереңіндегі құмарлық сыртқы әлеуметтендірілген дербестенуге әкеледі де өз кезегінде тұлғаның ішкі әлемінен бөлектенеді» [4, 131],– деген пікірі бойынша кейіпкердің ішкі сезімі белгілі өзіндік терең ойлы сезімге толы болуын көрсетеді. Қанша кейіпкер болса, ол кейіпкерлер жеке өзіндік ішкі сезіммен ерекшеленеді. Сол сияқты әңгіменің: «Өне бойына шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез сорғалап келіп, ақыры там-тұмдап тамшылап таусылды» [2, 25],– делінген тұсы жоғарыдағы Л. Гинзбургтің пікірінше «бөлшектенген» кейіпкердің «ішкі сезіміне сіңген әуездің» психологиялық бейнелеу тұрғысын айқын көрсетіп тұр.

Әңгіме бойында жазушы кейіпкерді бірде жолаушы, бірде күйші адам бейнесінде береді. Әр жерде ойы мен ішкі сезімін, жан сезімінен туған ойларын, жолаушылап барған үй ішінің алдында күй орындау қимылы барысының психологиялық сәтінен күйші бейнесі толықтырылған:

«– Жаңағы күйдің аты не?– деген ақ шалдың сауалына:

– Алатау,- деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып» [2, 26].

Күйшінің құбылмалы көңілі мен күннің батуында бір тұтастықтың бар екендігін байқауға болады:«Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып бара жатқан күнді көрді» [2, 30].

«Психологиялық талдау өзіндік мақсат емес, адамның рухани өмірінің бар қиындығын суреттеу құралы» [6, 192],– деп Ш. Елеукеновтің айтқанындай Ә. Кекілбаевтің әңгімелерінде кейіпкерді психологиялық тұрғыдан бейнелеу адам руханиятымен негізделген.

Ә. Кекілбаевтің психологиялық талдау тәсілдерін өрнектеген әңгімесі, әсіресе кейіпкердің ішкі жан дүниесімен ақтарыла берілген сезімдері мен табиғи құбылыстарды жандандырулары арқылы берілген.



Сол сияқты Қ. Жүсіптің: «...табиғатты бейнелеудегі ізденістерін сараптасақ, шеберліктің сан қырлы өрнектерін кездестіреміз. Соның бірі – табиғатқа орталық қаһарманның, көзімен қарау үлгілері» [7, 67],– деген пікірді ескерсек, Ә. Кекілбаевтің Құрманғазысы табиғатты «өз көзімен меншіктеген».

Әдебиетте, әңгіме жанрында өнер адамдары туралы түрлі сипатты туындылар баршылық. Алайда, Ә. Кекілбаевтің Құрманғазысы ұлттық өрнекте, сонымен қатар кейіпкер көңілі мен табиғатты егіз еткен психологиялық бейне ретінде қалыптастырған өзіндік суреткерлік ізденістің нәтижесі.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет