9.2 Қадағалау түрлері, формалары және әдістері
Оқу процесіндегі қадағалау әртүрлі, көп формалы бола келіп, сан қилы әдістермен атқарылады. Педагогикалық тәжірбиеде қадағалаудың бірнеше түрін атауға болады: алдын-ала, ағымдық, мерзімдік, тақырыптық, қорытынды және өтілген материал ізімен.
Алдын-ала қадағалау - әдетте, диагностикалық міндеттерге орай жүргізіледі. Ондағы мақсат – оқушылардың оқуды бастауға дейін игерген білім, ептілік, дағдыларының деңгей, дәрежесін анықтау. Бұл жұмыс жыл басында не тақырыпты өту алдынан өткізіледі. Алдын-ала қадағалау нәтижесінің негізінде мұғалім оқу жұмыстарының тиімді түрлері мен формаларын таңдастырады.
Ағымдағы (күнделікті) қадағалау – оқу барысында ұйымдастырылып, білім, ептілік және дағдылардың қалыптасу дәрежесін, сонымен бірге игерілген материалдың қаншалықты терең және берік бекігенін анықтау үшін қолданылады.
Бұл қадағалаудың тиімділігі – оқушылар біліміндегі кемшіліктер мен олқылықтарды дер кезінде байқап, бағдарлама ақпараттарын меңгеруде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Күнделікті қадағалаудың дұрыс жолға қойылуы оқушылардың әр сабаққа мұқият әрі тыңғылықты дайындалып жүру жауапкершілігін арттырады.
Мерзімді қадағалау – белгілі уақыт аралығындағы жұмыстардың қорытындысын алуға пайдаланылады. Ол не тоқсан не жыл жартысы аяғында жүргізіледі.
Тақырыптық қадағалау – тақырып, бөлім материалдары өтіліп болған соң өткізіледі.
Қорытынды қадағалау – оқу процесінің соңғы нәтижелерін жинақтау үшін қолданылады. Ол пән бойынша бүкіл білім, ептіліктер мен дағдылар жүйесін қамтиды.
Өтілген материал, тақырып ізімен қадағалау – тақырып, курс, бөлім өтіліп, бірқанша уақыт озған соң қалдық білімді анықтау үшін қолданылады. Мерзім үш айдан жарты жылға дейін не одан көп созылуы мүмкін. Мұндай қадағалау оқу процесінің тиімділігін соңғы нәтиже бойынша пайымдау талаптарына сәйкес келеді.
Қадағалау әрқилы формада жүргізілуі мүмкін. Формалық жағынан мұндай жұмыс жеке-дара, топтық және сыныптық болып бөлінеді. Қадағалау барысында әрқилы әдістер де қолданылуы мүмкін. Қадағалау әдістері дегеніміз – бұл оқушылардың оқу танымдық іс - әрекеттері мен мұғалімдер жұмыстарының нәтижелілігін айқындауға жәрдемші жол, тәсілдер.
Педагогикалық практикада ауызша, жазбаша, тәжірибелік, компьютерлі (машынды) қадағалау және өзіндік қадағалаулар қолданылуда.
Ауызша қадағалау – оқушыларға ауызекі сұрақ қоюмен орындалады. Ол шәкірттердің білім, ептілік және дағдылар деңгейін айқындауға, сонымен бірге оқушының материалды баяндау қисынымен танысуға, меңгерген білімдерін процестер мен төңіректе болып жатқан оқиғаларды түсіндіре алу ептіліктерін байқауға, өз пікірін білдіру мен дәйектеу және қателікті көзқарастарға қарсы тұрып, дәлел келтіре алу ұқыптарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жазбаша қадағалау – жазба бақылау тапсырмаларын (жаттығулар, бақылау жұмыстары, шығармалар, істелген жұмыстар бойынша есеп беру ж. т. б.) орындау формасында жүргізіледі. Мұндай қадағалау әдісі барлық оқушылар білімін бір уақытта тексеруге мүмкіндік береді, алайда жазба жұмыстары көзден өткізіліп, бағалау көп уақытты талап етеді.
Тәжірибелік қадағалау – оқу, тұрмыс және өндірістік ептілік, дағдылардың қалыптасуын не қозғалыс, қимыл дағдыларының орнығуын анықтауда пайдаланылады.
Ақпараттық технологиялардың дамуымен компьютерлі қадағалау ен жаюда. Мұндай машынды қадағалау оқытушының да, оқушының да уақытын үнемдеуге көп көмегін тигізеді. Компьютерлі қадағалау арқылы білім деңгейін өлшестіру
мен бағалауға бірыңғай талаптар белгілеу мүмкін. Бұл қадағалауда оқу нәтижелерін статистикалық талдау мен өңдеу өте жеңіл. Білім бағалаудағы мұғалім субьективизміне машын шек қояды.
Машынды қадағалау қолданумен өзіндік қадағалауды да оңтайлы ұйымдастыруға болады, дегенмен өзіндік қадағалауды қарапайым жолмен де өткізу мүмкін. Бірақ бұл үшін оқушыларды өз бетінше қателіктерін байқауға, танымдық міндеттердің қате шешілу себептерін талдауға, оларды болдырмау, түзеу және реттеуге үйрету қажет.
Әртүрлі қадағалау әдістерінің бірге қолданылуы аралас (тығыздалған) қадағалау деп аталады. Әдетте, мұндай тексеру ауызша және жазба сауалнамалар беру түрінде өтеді.
Оқу процесіндегі қадағалауларға төмендегідей педагогикалық талаптар қойылады:
– қадағалаудың даралықты сипаты. Әр оқушы жұмысы, оның жеке оқу іс-әрекеттері өз алдына қадағаланады. Бір шәкірттің оқуындағы нәтижелерді ұжымдық жұмыстар қорытындыларымен не керісінше алмастыруға болмайды;
– жүйелілік қадағалаудың оқу процесі барша кезеңдерінде үздіксіз, ретімен өтіп тұруы;
– қадағалау формаларының әртүрлігі. Осыдан қадағалаудың оқыту-үйрету, дамыту және тәрбиелеу қызметтері қамтамасыз етіледі;
– қадағалаудың жан-жақтылығы. Қадағалау баланың теориялық білімдерін, ақыл-ой парасаттылығын, тәжірибелік ептіліктер мен дағдыларын тексеруге мүмкіндік береді;
– қадағалаудың шынайылығы. Қадағалауда субъектив және қателікті пікірлер мен қорытындыларға жол берілмеуі тиіс;
– жекелестірілген бағыт-бағдар. Оқушылардың жеке-дара тұлғалық сапа-қасиеттері ескерілуі тиіс;
– мұғалім тарапынан болған талаптардың бірыңғай болуы.
Соңғы кездері тестік қадағалау көптеп қолданылуда. Мұндай тексерудің негізгі құралы – тест тапсырмалары. Өлшестіру, анықтау нысаны тұрғысынан педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік – психологиялық, мәдени – эстетикалық таным тестері ажыратылады.
Оқушылардың үлгерімін бақылау нәтижесі бағалау арқылы көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |